Жертөледегі жазу



бет7/29
Дата19.12.2016
өлшемі5,73 Mb.
#4135
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   29

ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ

СЫРНАЙШЫ, ҚОЙШЫ ҺӘМ САУДАГЕР

1

Вагон iшi бос. Ашық-шашық ыбырсыған купелердiң түкпiрiнде бiрлi-жарым шошайған адам. Жаңа станцияда «Ташкент поезына билет сатпаймыз, мәлiмет берген жоқ, былай барсаң, алып кетедi» деп әуелгiде маңына жуытпап едi, «Студентпiн, жарты билет керек. Былай барсам, әкесiнiң құнын сұрайды ғой!» деп жалынып-жалпайып жүрiп әзер билет алған. Есiк аузынан проводник кес-кестедi. Шалбарының ауы тiзесiне түскен, саба қарын алқам-салқам бiреу. Әрi-сәрi өңiне қарап, шал десең де, жас десең де болғандай. Үстiнде өңiрi жылтырап, жеңi қырқылған темiржолшылардың қырық жылғы пенжагы. Әжетханадан шыққандай бiр түрлi жағымсыз иiс мүңкидi үстiнен.

– Вай, кел, кел, укам! – дедi жылы шыраймен жайраң қағып. – Қай жерге барасың?

– Алматыға. Мiнеки, – деп билетiн ұсынып едi, жадырап, жайнап тұрған кiсi қолма-қол түнерiп, тұлан тұтып шыға келдi:

– Ойларына келгенiн iстейдi оңбағандар! Неге билет сатады? Орынның бәрi брондалған.

– Қай жерден отырушы едi?

– Шудан.

– Алматы Шудың бер жағында!

Шапыраш көзi ақшаң етiп бетiне бақырая қарады да, үндеген жоқ. Әпiгi басылып қалды. Билеттi жарыққа тосып, арлы-берлi шұқшия қарап: – Мынауың жарты билет қой! – дедi.

– Студентпiн.

– Студент екенiң маңдайыңда жазулы тұр ма? Бiрден бермейсiң бе документiңдi! – дедi зiлденiп. Студенттiк билетке үңiлiп тағы шатақ шығарды.

– Мынау сенiкi емес қой!

– Неге менiкi емес?

– Суретi ұқсамайды.

– Қалайша?

– Мынаның мұрты жоқ.

– Былтырдан берi өспей ме екен? Қылтанақ шықпайтын қатын емеспiз ғой!

Қалай қуса да құмалақ түспесiн сездi ме, акасы мырс етiп басын шайқады. Құбылуына көз iлеспейдi. Тырсиып, шытынап тұрған адам лезде терiсi кеңiп, жайдарылана қалды. Лыпыл қағып алдына түсiп, бос купеге әкелiп орналастырды.

– Осында жайғас. Туалеттен жырақ, жақсы орын... Шай мен қантқа үш сом төлейсiң. Төсек-орынға – бiр сом.

«Боғын боталы түйеге пұлдап», өңешiн кең ашып тұрса да саудаласқан жоқ, «ләббәй, тақсыр!» деп сұрағанын ұстатқан.

Сырт киiмiн шешiп, жолқапшығын тақтаның сандығына салып, құйрығының жер иiскегенi сол, тамбурдың есiгi ашық қалды ма, вагон iшiн сарт-сұрт соққан доңғалақтың дүрсiлi кернеп кеттi. Кенет аласапыран у-шудың аруағын басып, сырнай үнi сарнай жөнелдi. «Бұл не» деп үңiлiп едi, жетi-сегiз шамасындағы баланың жетегiнде жалаң қабат көйлек үстiне қаудырлаған сұрғылт түстi брезент плащ киген еңгезердей еркек шелиген жансыз көзiн төбеге қадап, сырнай тартып келедi. Әзиз-Сұлтанның жүрегi бiр бұлқынып аунап түстi: бұл бейшара зағип жан бұған талайдан таныс. Поезға мiнген сайын ылғи көредi. Мiне, осы отырғаннан Ақсуға барып бiр-ақ түседi де екiншi поезға мiнiп, Шұбарға керi қайтады. Қысы-жазы екi ортада арлы-берлi ән айтып, қайыр тiлеп сабылып жүргенi. Естуiнше, станция басында бiр немере iнiсiнiң қолында тұрады екен. Үй-iшiмен қосылып iшiп, қирап жататын, азып-тозған имансыз бiреулер болса керек. Бұған баласын қосып берiп қайыр сұратып, тапқан тиынын сол бойда сыпырып алып, арақ iшiп, бармаймын десе, ұрып-соғып күн көрсетпейтiн көрiнедi. Кейде бетi-аузы көлкiлдеп iсiп, көгерiп жүргенiн де көргенi бар.

Бала зағип еркектi орта тұсқа жетелеп әкелдi де, қабырғадағы қайырма орындықты жазып, сонда отырғызды. Ортан белiнен ұстаған, бойы өзiмен бiрдей шаңғының темiр таяғын тарс еткiзiп бiр бұрышқа сүйей салды. Сонан соң өкшесiн көтерiп, еркектiң қазан басында шошайып тұрған ескi құлақшынды шешiп алды да төңкере ұстаған күйi қатарында қалшиып тұра


қалды. Аяғында жұлығы жыртық үлкен керзi етiк. Өңiрiнде бiр түймесi жоқ ескi қара пальтоның белiн кендiр жiппен таңып алған.Аянышты бейне. Анда-
санда таңқы танауын қолқ еткiзiп бiр тартып қойып, «кәне, қайыр-садақа бермейсiңдер ме?» дегендей, жаутаң-жаутаң қағып, айналасына емiне қарайды.

Әбден етi өлiп үйренiп кеткен машықты iсiн атқарып тұрғаннан соң ба, титтей де қымсыну жоқ бойында. Зағип еркек сырнайын сыңсыта созып-созып алып, жүрек шымшыр мұңлы мақаммен зарлай жөнелдi. Қарлығыңқы қоңырбарқын даусы соншалық жұмсақ, әсерлi. «Әншiмiн» деп күпiнiп жүрген талайларды қалпақпен ұрып алғандай.


– Бiреудiң жалғызымын жаны күйiк,

Көрмедiм жар қызығын, бала сүйiп.

Үйшiктегi итпенен күнiм бiрдей,

Бiр күн тимей қара нан, бiр күн тиiп.

Өзiм – Мұрат, Мүбәрак – әкем аты,

Талайларды шарпыған шапағаты.

Шерiмдi айтып зарланам қиналған соң,

Қорлығы шiрiктердiң жанға батты.

Мендей сорлы бар ма екен жүрген жүдеп,

Тiлiм-тiлiм жылайды ғазиз жүрек.

Төрт жасымда көзiмнiң нұры сөнiп,

Қап-қараңғы айналам болды түнек.

Жалған-ай!

Дүниенiң нұр дидарын бiр көрсем,

Болар ма едi арман-ай!.. –

деп екi-үш шумақтан кейiн дауысы қалтырап өксiктi мақаммен бiр түйiп тастап, ұзақ толғады. Вагондағылар бiрiнен-бiрi қалысқысы келмей қадари-халiнше тиын-тебендерiн апарып берiп жатыр. Көбi басқа халықтың шал-кемпiрi. Қазақтың кәрi-жасы түк сезбеген кiсiше мелшиiп қырау жапқан терезеден керемет бiрдеңе көрiп отырғандай, сыртқа қарасады. Қара баланың екi көзi күлмiң-күлмiң. Қалпақ түбiндегi қағаз ақшаны түскен бойда терiп алып, пальтосының iшкi қалтасына сүңгiтiп жiбередi де, тиындарды сылдырлата шайқап қанағатсыз көңiлмен: «Алла тағала тiлектерiңiздi қабыл қылсын! Қайыр-садақа берiңiздер!» деп жағы сембей сарнап тұр. Әзиз-Сұлтан да үш сом апарып салды. Мына түрiмен Алматыға жеткенше, әке-шешесiнiң аузынан жырып алған бес-он сомы саудагер мен тiленшiлердiң қалтасында кететiн шығар.

Соқырдың iзiн суытпай вагонға бiр топ мылқау кiрiп келдi. Шетiнен үрiп аузына салғандай сүп-сүйкiмдi бозбалалар. Мұрты жаңа қияқтанып шыққан бiреуi он саусағының әр қайсысына үш-төрттен жылтырақ жез сақина тағып алған. Сылдыр-сылдыр, жарқ-жұрқ еткiзiп көз алдыңа тосады қызықтырып. Екiншiсiнiң қолында сырлы қасық, матрешка. Үшiншi бiреуi Иисус Христос, Құдай Ана, үндi артистерiнен бастап порнографиялық оншақты суреттi әр купеге бiр-бiрден таратып, әбден көзайым болды-ау деген сәтте қайта барып жинап алып жүр. Жұрт ынталы боп қатты шұқшиған hәм ең жақсы өткен товар осы болды. Христос, Құдай Ана, артистерден басқасын пышақ үстi талап әкеттi. Проводник ака бiр тыр жалаңаш әйелдiң суретiнен тесiрейiп көз айырар емес. Сатып алуға шығынсынып, қайтарып беруге қимай қиналып тұр. Вагонның қожасы менмiн, сауда жасатпай қуып шықсам қайтер едi. Бәлкiм осы жақсылығымды түсiнiп сыйлай салар деген дәмеден де құр емес. Мылқау жiгiт бiр сом дегендей саусағын шошайтып едi қорқып кеттi ме, «мә» деп суреттi ұстата салды.

– Дома мой баба во! – дедi бас бармағын қайқайтып. Мылқау түсiндi ме, күлмiң қағып, басын шайқап, ол емес, мынау мықты дегендей, қолындағы суреттi нұсқап, бармағын шошайтты. Суреттегi жалаңаш әйелге мойнын созып соңғы рет қараған проводник күрсiне күбiр еттi:

– Бұл дүниенiң қызығын кәпiрлерге берген ғой жүдә!

Арлы-берлi сапырылысқан жұрт аяғы саябырсып, вагон iшi тынши бастаған. Жанға жайлы ырғақпен тербете шайқап арқырап келе жатқан поезд кенет жорғасынан жаңылып, кiбiртiктеп, алып денесiн меңгере алмағандай теңселiп, лықсып-лықсып барып кiлт тоқтады. Тамбурда темекi тартып тұрған Әзиз-Сұлтан не боп қалды деп әйнегi сынған есiктiң терезесiнен басын қылтитып сыртқа қараған. Айдала. Бүйрек жотаның етегiн жиектей иiлген составтың бас-аяғы шұбап қозы көш жерге созылады. Төбесi түтiндеген паравоздың дәл тұмсығының түбiнде «қайда барасың өңмеңдеп, тоқта!» дегендей семофордың қып-қызыл көзi шақырайып тұр. Қарсы келе жатқан поезды күтiп тұрса керек. Алақанымен қабағын қалқалап жол сорабына үңiлiп едi, көз ұшында құрықтай шаншылған жiп-жiңiшке түтiн бұлдырады. Жайдақ жотаның күнгейiнде шашырай жайылған қалың ақ қойды қардан ендi ғана ажыратты. Жартастың қалқасынан шыға келген қойшы астындағы атын үстi-үстiне борбайлап берi қарай далаң қағып шауып келедi. Жапан түзде құлазып зерiгiп отырғанда сөйлесiп, ес боларлық серiк табыла кеткенге қуанды-ау шамасы, қиқу сап айғайлап қояды аракiдiк. Жерге түсiп, вагонның ығында темекi тартып тұрған бұларды қара тұтты ма, бұрылмастан тура осылай қарай төпеп келедi. Астындағы ұзын сирақ құланың тыз етпе желiгi бар болса керек, етi қызып елiгiп алған жануар ырық берер емес, ауыздықты сүзе тартып, қып-қызыл аузын арандай ашып, таптап кетердей төнiп кеп әзер тоқтады. Сонадайдан қимылына, басындағы қисайта киген жұқалтым ескi малақайына қарап балаң жiгiт пе десе, бет-аузы ескi етiктiң қонышындай қырыс-тырыс, бес тал жирен мұрты бес жаққа едiрейген кәртамыс жалқақ сары. Аман жоқ-сәлем жоқ, салған жерден:

– Әй, ағайын, мынау бар ма? – дедi кеңiрдегiн тоңқ еткiзiп шертiп. Көзi кiлмие сүзiлiп, ат үстiнде теңселiп тұр. Проводник ала тақиясын желкесiне қарай бiр ысырып қойып, иығын қомдап, алға шықты:

– Табылады! Қанша керек?

– Үш-төртеу болса... Жұмада енемнiң жылы едi. Қызыңды ұрайын, бастық-мастықтар кеп қалса, тышқан мұрынын қанатпаған ұят қой. Қаншадан?

– Он бес сом.

Қойшының кiлкиген көзi ақшаң етiп төбесiне бiр-ақ шықты:

– Не дейдi? Дүкенде бес сом ғой!

– Онда дүкеннен ал!

Қойшы күйзелiп, жасып қалды. Қойнын қопарыстырып әмиянын алды да көнтек ерiнi жыбырлап ақшасын санай бастады.

– Алсаң, тезiрек ал. Поезд жүрiп кетедi. Әне, встречный таяп қалды, – дедi проводник дiгiрлеп.

– Жетпейдi, – дедi қойшы өзiмен-өзi сөйлескендей басын шайқап, қатты мұңайып, абыржып тұр. – Қап, ендi қайттым. – Кенет ақыл тапқандай дауысы саңқ ете түстi. – Бауырым, бiр қойға төрт бөтелке бересiң бе? Дөнен қой!

Проводник көз қиығында жылт ете қалған ұшқынды сол бойда өшiрiп, ойланған боп, қабақ шытып, қинала келiскен рай танытты:

– Жарайды, қысылып тұр екенсiң, мұсылман баласысың ғой.

– Ой, рахмет, бауырым! – Қуанып кеткен қойшы, атын борбайға бiр салып, далақтап шаба жөнелген. Көзге қораш көрiнгенмен қарулы, ептi екен. Жеткен бойда қалың қойды үркiте ортасына қойып кеттi де ат үстiнен еңкейе бiреуiн артқы сирағынан шап берiп iлiп алды. Қасқағымда алдына өңгерiп, қайтадан берi қарай шапты. «Қырсыққанда қымыран iридiнiң» керi, дәл осы сәтте қарсы беттен жер-дүниенi солқылдатып ышқына боздап келе жатқан жүк поезi жолын кесiп, тұмсығының түбiнен зырқырап өте шықты. Iле-шала бағанадан берi тықыршып жолдың ашылуын күткен бұлардың поезi де орнынан оқыс жұлқынып жүрiп кеткен. Зулаған вагондардың арасынан қылт-қылт көрiнiп ербиiп тұрған бейшара қойшы айдалада бажылдап қала бердi.

2

Поезға мiнсе, араны ашылып кететiн не әдетi екен. Бiр бұл емес, ылғи осы. Жаңа ғана мелдектеген дастарқанға қарамай кекiрiгi азып шығып едi, ендi, мiне, жетi күн ас көрмегендей, жыланы жыбырлап, әкел-әкел деп шыдатпай барады. Титаннан шәугiмге қайнақ су құйып жатып, кезекшi купесiне қараған, қатқан тандыр нанның бiр үзiмiн қытырлатып кемiрiп отырған проводник акасын көрiп аяп кеттi:

– Жүрiңiз, шай iшейiк! – дедi қонақжай көңiлмен аңқылдап. Анау бәлсiнген жоқ:

– Iшсек, iшiп алайық, жаурап кеттiк, – деп елп ете түстi, қантын, шыны-қасығын арқалап, соңынан ердi. Столға газет жайып, қапшықтан целлофан дорба шығарды. Апасы бiр қора адамға жететiндей ас салған екен. Құрт, жент, сары май, жарты қарма, оралған бiр бiлем тоқiшек, жамбас... Үйiлiп дастарқанға сияр емес. Қонақтың екi көзi жайнап кеттi, тағат қылмай, бетiн сипап, «бисмиллә» деп женттiң бiр кесегiн аузына тастап жiбердi:

– Қазақтың жентi осы – жерiк асым!

– Алыңыз, ас болсын! – Әзиз-Сұлтан жамбасты жартылай турап қонағына ұсынды. – Мiнеки. Қазақтың құдасына жамбас ұстататын әдетi. Өзбек болсаңыз, бiзге құда болдыңыз. Былтыр нағашымның қызы осында әскерде жүрген өзбек жiгiтiне тұрмысқа шыққан. Қазiр Шыршықта тұрады.

– Құдадан гөрi бауырлығың жақын шығар, – дедi анау жымсия күлiп. – Мен де қазақпын. Ташкенттiң найманымын.

«Ойбай, ағамыз екенсiз ғой!» деп бас салар деп ойлады ма, мейман езуi жайылып жайраңдай қараған. Әзиз-Сұлтан бiрақ, оның бұл «жаңалығын» жайбарақат қабылдады. Кiмнiң нанын жесе, соның әнiн айтатын саудагерде не пәтуа болушы едi деп, онша илана қойған жоқ. Тiптi оның қазақ болғаны да қуана қоятындай жаңалық емес едi.

– Паспортта кiмсiз?

– Өзбекпiн.

– Неге қазақ болып жазылмадыңыз?

– Күн көру керек, бауырым. Екiншiден, қазақ болу мақтан емес қой!

– Неге олай дейсiз?

– Бiзде «орыс болу үшiн әуелi қазақ болу керек» деген сөз бар. Қайтсем орыс болам деп жанығып, тiлi мен дiнiнен безiнуге асыққан қалың тобырдың санын көбейткеннен не аброй табам!



Қазақ болғанына қазақтың өзi қорланады. Неге олай? «Бәсе, неге олай? Жанға тисе де жалаңдаған шындықты айтып тұр. – Әзиз-Сұлтан көңiлiмен үндескен сырттағы сұрықсыз кең далаға қарап күрсiнiп қойды. – Қазақ кiм-
нен кем, кiмнен сорлы? Неге қазақпын деп мақтанбаймыз? Әкесi – қазақ, шешесi – орыс дүрегей бала қазақ болудан ат-тонын ала қашады; орысша оқиды, орысқа үйленедi... – жан-тәнiмен берiлiп қалай да орыс болуға тырысады. Ол түгiлi, мiне, Ташкенттiң найманының өзi қазақ болғысы келмейдi. Мұның сыртында, дiнiнен безген, ана тiлiн, дәстүр-тарихын бiлмейтiн, бiлгiсi де келмейтiн түрi қазақ, жандүниесi орыс дүбәра ұрпақ қаншама. Бұның бәрiн, мемлекеттiң иесi боп отырған рухы биiк ұлы халықтың мысы басып, соған елiктеп-солықтағандықтың әсерi санайын десе, басқалар неге дәл бұлай құлшынып құлдық ұрмайды? Мәселен, грузиннiң екеуiнiң бiрiнiң шешесi орыс. Бiрақ олар орыс десең шамданады. «Грузинмiн!»» деп кеудесiн қағады. Ал өзiмiздiң өзбектiң даңқын әлемге жайған бишi Тамара ханум – еврей, әйгiлi генерал Сабыр Рахимов, хас суретшi Орал Таңсықбаев – қазақ. Бiрақ солардың барлығы да өздерiн өзбекпiз деп мақтанады. Сонда бұның сыры неде? Әлде бiз ұлттық тұрпатымыз айқындалмаған, өзге түгiлi өзiмiз қорланатындай рухымыз төмен, тұрмыс-салт, мәдениетiмiз мешеу елмiз бе? Жо-жоқ! Мүлде олай емес. Бiзде озық салт-дәстүр де, ұлы мәдениет те, батырлық та – бәрi де бар. Тек соның барлығы тарих шаңының астында қалды, ұмытылды. Қоғам тарихты өңiн айналдырып, өзiне лайықтап кесiп-пiшiп қайтадан жасады. Ғасырға жуық уақыт қоғамдық идеология «сен жамансың, надансың, қорсың» деп санаңа сiңiрумен келедi. Миы шайқалып, «солай екенмiн» деп әбден сенiп қалған мәңгүрт қазаққа ендi, «жоқ, сен ондай емессiң» деп дәлелдеп көр! Қасында сиқырлы дүниенiң есiгiн жарқ еткiзiп ашып, iңiрде соққан қоңыр желдей аңқылдап көне шежiре мен хисса айтып отыратын қордалы көкiрек қариясы жоқ бүгiнгi ұрпақ көр соқыр. Өткенi мен кеткенiн жал-құйрығы күзелген жалған «тарих» арқылы танып-бiледi. Оқулықты ашса, маймылдың аз-ақ алдында жүрген қазақ деген бiр жабайы тобыр ұлы орыс халқының достық көмегiнiң арқасында әлемдiк цивилизацияның пейiшiне топ ете түсiптi. Октябрь таңы атпағанда қайыршы, мешеу тұрмыстың қыспағында биттеп-құрттап, аштық пен әртүрлi iндет жайлап өз-өзiнен құрып бiтпек екен. Жазу-сызуы болмаған. Үй салмаған. Қыста жеркепенiң терезесiне шелдеген қарын керiп қойған. Тымақтары шошайып мал соңында сары даланың бойымен жосылып көше берген. Шаруаның жөнiн бiлмейдi, өмiрге икемсiз. Қыс қатты болған жылы жұтқа ұшырап ауыл-ауыл боп қырылып қалған. Хандары қырық қатын алған! /масқара-ай, қандай тағылық. Үйiрге түскен айғырмен бiрдей ғой!/ Қырық қатыннан туған ұлдар қырық пышақ боп билiкке таласып халықтың берекесiн кетiрген. Ортақ басқару жүйесi жоқ. Жүзге, ру-руға бөлiнiп қырқысқан тайпалық тобыр. Ресей жерiн кеңiткен әйгiлi Ермак батыр бұларды аяусыз қырды. Дұрыс iстедi. Прогресске, мәдениетке жеткiзем деген iзгi ниеттi түсiнбеген тағыларды қырмағанда қайтедi. «Ресейге қосылмаймыз, кең далада малымызды бағып емен-еркiн жүре беремiз» деп қару кезенiп, қарсы шыққан батыр-сұлтандар көп болған. Кенесары сұлтан қазақ даласына қала салдырмаймын, өзiм хан болам деп қылыш қайрап Ақ патшаға айбат шектi. Халқының болашағын ойламаған неткен кертартпалық! Бел жазбай он жыл шайқасты. Жалаң қылышпен күркiреген зеңбiрекке қарсы шабуылдады. Талай рет ойсырата жеңiп ойран салды. Егер оның қолында мұздай құрсанған қару мен соғыс ғылымына жетiк офицерлер болса, не iстер едi? Ойлауға жан түршiгедi. Өмiр бойы халықты тағылық тұрмыстың бұғауында ұстар едi. Тегi – батырақ, кедейден шыққан танымал пролетариат жазушыларының қай шығармасын оқысаң да сол әләуләй: қазақ – надан, қазақ – жабайы, сорлы. Тiптi қазақ арасында айдауда болған ұлы демократ жазушы Тарас Шевченко «Байқұстардың» суретiне дейiн салып көрсеткен. Ендi сенбей көр. Сенi адам қылған, мешеулiктiң қара түнегiнен құтқарған ұлы орыс мәдениетi, Лениндiк партия. Осыдан кейiн қай ұрпақ өзiнiң ата-бабасымен мақтана алады? «Калбит» атанып өзгеге көз түрткi болады. Жасып, қорланады. Осы күнге жеткiзген ұлы халыққа өзiн кiрiптар, борыштар сезiнедi. Шамасы келгенше соған ұқсауға, сондай болуға жан салады».

Екеуi қалжасы жаққандай қара шайды терлеп-тепшiп сораптап отырып ұзақ шүйiркелестi. Аканың аты Әбдiмомын екен. Қыста Ташкентпен ұласып, ұштасып жатқан Ахангаранда, жазда қаладан он екi шақырым жердегi «Кетмен» қишлағында тұратын көрiнедi. Қаладағы пәтерi даңғарадай-даңғарадай бес бөлме. Ал, «Кетмендегi» жайын айтқанда аузының суы құриды: сырлы дарбаза, әрқайсысы төрт-төрт бөлмеден екi қабатты үй. Асты жемiс-миуа сақтайтын үлкен қамба. Монша. Бәрiнен бұрын бау-бақшасын айтсайшы: екi жаңғақ дарағы, он сегiз түп шабдол, он екi түп алма ағашы бар екен. Өрiк, шие, қарақатың есеп емес. «Жаңғақтың әрқайсысы алты-сегiз центнерден өнiм бередi. Демек, бiр жаңғақ жылына – бiр машина деген сөз!» деп желпiнiп ала тақиясын желкесiне ысырғанда төбесiнен бұрқ-бұрқ бу ұшады.

– Әр миуа дарағының түбіне қызыл райхан өсіріп қоямын.

– Неге?


– Бала мен бота сияқты дараққа да тез көз тиеді. Албыраған мәуесі түсіп, бұтағы қурап қалады. Ал қасында гүл өсіп тұрса, адамның назары соған ауып, дараққа онша сұқтанбайды.

«Мiне, өзбектiң өле жатқанының тiрлiгiн қарашы! – дедi Әзиз-Сұлтан қызығуы мен қызғанышы аралас бiр сезiммен толғанып. – Қос-қостан үй-жайы, машинасы, мәуелi бағы бар. Баласынан кейiн бақшасында қанша ағашы бар екенiн айтады. Байлығын, еңбегiн мақтан қылады. Қара бақыр шығаруға қалтырап, өзiнен аяп, қатқан нанды қытырлатып отыратын кей мiнезi сөлекет, сараңдық боп көрiнгенмен, үңiле қарасаң, соның түп төркiнiнде, бәлки, қиындықпен тапқан дүниенiң қадырын бiлгендiк жатқан шығар. Өзбектi ел, милләт қып ұйыстырып, береке-бiрлiгiн пышыратпай дәуiрлетiп отырған осы еңбекшiлдiк, үнемшiлдiк психология. Отырықшының отаны – үйi,


қора-қопсысы, бау-бақшасы. Әр кесек пен миуаның әр түйiрiнде маңдайының ащы терi, аялы алақанының табы жатыр. Бабасынан қалған мұра, көз. Жүрегiнiң бөлшегi. Алақандай аумақтағы осы қолмен жасалған құдыреттiң қожасы да, құлы да – өзi. Егер қора-қопсысына қауiп төнсе, арыстанша алысады, қидаласып, өз табалдырығының түбiнде жанын қияды. Ата-бабасынан берi тiрнектеп жинаған азапты еңбектiң жемiсiн кiмге оңай олжалата қойсын. Ал көшпендi үшiн Отан – абстракция. Оның отаны – кең дала, зеңгiр тау, шалқар көл... – тұтас кеңiстiк. Тау-тас, орман-даласын ол жалпылай сүйедi, жалпылай қастерлейдi. Кiндiгi байланар нақты қазық онда жоқ. Сондықтан бүгiн – мұнда, ертең – анда, ұшарын жел, қонарын сай бiлетiн қаңбақтай төңкерiлiп жүре бередi. «Бұл да туған жердiң бiр пұшпағы!» дейдi бiр қиырдан екiншi қиырға қонып жатып. Несiн қимайды, несiне қиналады. Кең даланың мына шетiндегi жасыл бел, айдын көл ана шетiнде де бар. Ең бастысы малға жайлы: шөбi шүйгiн, суы мол жер болса – болды. Қиындыққа, апатқа табан тiреп қарсыласпайды. Қара жұрттан көшiп, дөң асқанда артына қарай-қарай «Шилi өзен, қамыс-ай, бiздi ойлай жүр, таныс-ай!» деп, көкiректегi аh ұрған шердi әнмен ақтарып сыңсыған күйi бұлыңғыр сағымға сiңiп жөңки бередi.

Көшпендi – жаратушы емес: бау-бақша екпейдi, канал қазып, әсем ғимарат тұрғызбайды... Ол – табиғаттың тұтынушысы: жемiс-жидегiн терiп жейдi, ағашын отқа жағады, аң-құсын аулайды... Дайынға ие. Соны ұқсатып кәдеге жаратушы. Оңай олжаға кiм жомарттық жасамасын. Шетiнен мырза, дарқан: шаша салады, ұстата салады. Өзгенiң бойындағы кiсiлiк, iзгiлiк атаулыға да сол кең-мол өлшеммен қарайды. Отырықшы елдiң маңдай терiн бес сылып тапқан дүниесiн төгiп-шашпай ұқыппен жұмсайтын үнемшiл мiнезiн сөлекет, санап, «сараң, дүние қоңыз» деп мiнеп, мұқатып ағаш атқа мiнгiзедi.Неше түрлі шымшыма әңгіме шығарып, соған тарқылдап күлгенге мәз. «Бір қазақ өзбектің үйіне қонақ боп отырыпты-мыс. Дастарханға қойған жүзімді қазекең қос-қосынан қылғытып опырып бара жатса керек, шыдай алмаған өзбек: – Әй, укам, бізде мұны «үзім» дейді, бір-бірден үзіп жейді! – дейді. Сонда қазақ: – Бізде мұны «жүзім» дейді, бір жегенде жүзін жейді! – деп уыс толтырып бір-ақ асапты!» Пай-пай қандай тапқырлық, неткен дарқандық! Уақыт озып, темiр тозып, заман өзгерсе де, көшпендiнiң бойындағы сол баяғы дарақылық пен даңғазалық сiлiкпесiн сүйретiп әлi келе жатыр».

Даласын, қазағын ойлап едi, жаңағы қойын өңгерiп, поездың қалқасында бажылдап қалған қойшы көз алдына елестедi. «Қазақ деген, мiне, менмiн ғой, менмiн!» деп көңiлiнен кетпей көлбеңдеп тұрып алды.

– Бiздiң Ташкентте үйсiз жүрген өзбектi көрмейсiң! –


дедi қонақ кеудесiн одан сайын қайқайтып. – Көбiнiң екiден пәтерi бар.

– Бiздiң Алматыда үйсiз қаңғып жүргеннiң бәрi қазақ. Есесiне орыстар итiне дейiн жеке бөлме ұстайды.

– Жақсы екен, қонақжай халықсыңдар ғой! – деп Әбдiмомын ака мырс-мырс күлiп алды да түсiн суытты. – Оны бастықтарыңның нашарлығынан көр! Басшы деп, әне Шараф аканы айт. Әттең, өлтiртiп жiбердi ғой кәпiрлер!

– Өз ажалынан кеттi емес пе? Қарақалпақстанға барғанда инфаркттан опат болғанын айтты да, көрсеттi де.

– Әй, бiлмеймiн. Кейде көргенiңе де, естiгенiңе де сенуге болмайды. Күмәнiм бар.

Ақырғы кезде орталық газеттер Өзбекстан туралы жарыса жазып, жамырай жамандауда. Ұйымдасқан қылмыс, парақорлық, коррупция, ұрлық-қарлық мидай араласып әбден былығып бiткен. Осының бәрiне жол берген адамға шаң жуытпай отырғанға Әзиз-Сұлтанның жыны қозды.

– Оны ақтап-мақтайтын дәнеңе жоқ. Жақсы болса, көрiнен қазып алып, басқа жерге көме ме!

– Аруақты өйтiп ғайбаттама, укам! – дедi анау шар ете түсiп. – Iшi күйген дұшпан не демейдi. Милләтiнiң мұң-мұқтажын жоқтаған адам жаман бола ма?

– Ел бастаған көсемде милләт болмайды. Оның ұлты, дос-жараны, туыс-бауыры – тек әдiлдiк қана.

– Өз ұлтының қамын жегендiк – әдiлдiк емес пе? Неге ол өзбек тұрып орыстың жағдайын ойлауға тиiс? Бұдан басқа өзбектiң отаны, барар жер-басар тауы жоқ. Тiлiн, дiнiн, салт-дәстүрiн жоғалтса, отының өшкенi. Орыс отансыз босқын халық па екен? Өзiнiң ұланғайыр өлкесi тұрып неге мұнда ентелейдi? Тар жерге мұрнын тығып неге қыстырылады? Қиналып, қағажу көрсе, кетпей ме өз елiне? Мен сауда жасап Россияның талай түкпiрiн шарладым. Есiк-терезесi үңiрейiп, қаңырап бос жатқан деревнялар қаншама! Айналасы сыңсыған орман, кiсi бойы көкорай шалғын. Түгiн тартса, май шығатын қара топырақты иен-тегiн алқап тұрғанда қумедиен далаға келiп тың игеремiз дейтiндерi қызық... Вай-вай, Шараф ака болмағанда, бiз де Қазақстанның таз кепешiн киер едiк қой!

– Не iстедi сонда?

– Сендердегi сияқты, қажетi болсын-болмасын завод-фабриктердi төпеп салып, келiмсектердi қаптатқан жоқ.

– Есесiне, Қазақстан көркейдi! – дедi Әзиз-Сұлтан сөйлете түспек оймен әдейi шаптан түртiп.

– Қазақстан көркейдi, бiрақ қазақ көркейдi ме? Әлi сол «жарық астауды» құшақтаған қалпы, қу далада ерiнi тiлiм-тiлiм боп қой соңында салпақтап жүр. Сая бақта сайраңдап, сәулеттi үйлерде шалқалап жатқан кiмдер? Бiздiң Шараф ака өз кезiнде әкесiн танытып Ташкенттi өзбектендiрдi. Ештеңеден қорыққан жоқ!

– Ташкент бұрыннан өзбек емес пе?

– Жер сiлкiнiсiнен кейiн «көмек», «екпiндi құрылыс» деген желеумен қаптатты ғой жан-жақтан. Өзбектердi қишлақтарға бытыратып жiберiп, Ташкенттi басып қалмақ болды. Бiрақ олар қырдағыны көрсе, Шараф ака қиядағыны шалады емес пе, айла тауып алдын орап кеттi. Вай-вай, о кiсiнiң кәлләсi жүдә қатты iстейдi ғой, тура машина! Қаптатып ылғи төрт-бес бөлмелi үй салдырды. Жан басы көп кiм? Өзбектер. Ең кемiнде бес-алтыдан бала бар. Демек, кезектiң соңында тұрса да үйдi алатын өзбек. Басқалар шеттеп қала бередi. Мың жерден бiрiншi тұрса да, бiр балаңмен төрт бөлме бер деп қалай таласасың. Заң, тәртiп алдында тырп ете алмайсың... Мiне, соның нәтижесiнен де берекесiн қашырмай, ұлт боп ұйысып отыр. Дiнiн, тiлiн жоғалтқан жоқ. Баламызды орысша оқытамыз, әйтпесе кейiн нан тауып жей алмай қалады деп жанталаспайды. Ал, сендер ше? «Шiркiн-ай, қайтсек орыс боламыз» деп екi етектерiңдi түрiп ап, елдiң алдына түсiп дедектеп келесiңдер. Өз тiлi мен дiнiнен безiнген Сiбiрдегi ана чукча, якуттердiң не күйге душар болғанын неге ойламайсыңдар. Қалай жандарың түршiкпейдi? Ана тiлiн бiлмегендi айып санаудың орнына жетiстiк көресiңдер. Қазақша қазiр даладағы қойшыдан басқа кiм сөйлейдi, айтшы? Қалаға келген кемпiр екеш кемпiрге дейiн немересiнiң бiр сөзiн ұғып, бес сөзiн ұқпаса да орысша шүлдiрлеп, ауылдағы өзi тұрғылас шал-шауқанға «Ой, Алла, менiң пәленшетайым бiр ауыз қазақша бiлмейдi-ау, бiлмейдi!» деп мақтанады.

– Ой, ағасы, қазақтың басына боқты үйдiңiз ғой,
тiптi! – дедi, шындыққа қарсы дау айта алмай қипыжықтаған Әзиз-Сұлтан.

– Бiр сөзiм өтiрiк пе, айтшы? Бәлки, сол көптiң бiрi боп iшiнде жүрген соң саған байқалмайтын шығар. Сырт көз – бiзге бадырайып тұрады. Өйткенi, басқа ортада өмiр кешiп, өзгеше тұрмыс-тiрлiкпен тыныстаған соң, солармен салыстырып, артық-кемдi таразылаймыз. Бауырым болған соң iштегi қыжылды ақтарып жатырмын ғой. Әйтпесе, бөтеннiң алдында өлсем мұның бiрiн айтармын ба, «ой, шiркiн, бiздiң қазақ мынандай ғой» деп кеуде қақпаймын ба!

Үстi лас, бойы пәс акасы көз алдында өсiп биiктеп барады. Iшi жылып бiр түрлi жақсы көре бастады өзiн. Анда-санда ақырын түртiп қойып сөйлеткендi қызық көрiп отыр.

– Сiздердегi осы «Ялла» ансамбiлiнiң аты «Иә, Алла!» деген сөзден шыққан дейдi, сол рас па? – дедi Әзиз-Сұлтан жақында Өзбекстандағы дiншiлдiктi қатаң әшкерелеген орталық газеттегi бiр мақаланы еске алып.

– Иә, ол рас. Iстерiн Алла деп бастағаннан кейiн, әне, дүрiлдеп шыға келдi. Бiз дiн десе тiк тұрамыз. Райкомның секретарына дейiн ала допысын киiп, жұма намазын қаза қылмайды. Исламның тамырына балта шаптық деп қалпағын аспанға атқан қазақтың шыққан ұшпағы қайсы? Көлденеңмен бала тауып, нәрестесiн қоқсықтың арасына лақтырып, не перзентханаға тастап қашып кететiн кiм? Қазақ! Қартайған ата-анасын көзiнен жасын сорғалатып, баспанасыздар үйiне өткiзiп жатқан кiм? Тағы да қазақ! Бүкiл ауылдан аузында иманы бар бiр адам табылмайды. Молланың орнына магнитофон қосып қояды. Өлiктiң басында арақ iшiп, аяғында ән сап, төбелесiп тарқайды. Азып-тозу деген осы емес пе!

– Арақ – орыстан жұққан дерт қой.

– Орыс аузына құйып па, қайтсең де iшесiң деп?

– Өзбекте алкаш жоқ па?

– Жоқ. Арақ iшiп, темекi тартқандар некен-саяқ.

– Үнемшiл, сараң ғой. Арақ iшiп, шылым шегудi шығынсынады.

– Олай деме, укам. Пайғамбарымыздың хадисiнде: «Арақ iшпе, темекiнi аузыңа салма, өйткенi Алла деген сөздiң өзi де сол ауыздан шығады» делiнген. Ендi ұқтың ба себебiн? Су толы шелекке су құйсаң, асып төгiлiп қалмай ма, шүпiлдеп иман ұялаған жүрек те сол сияқты, онда бөтен пиғыл-ниетке орын жоқ. Ал, қазақтың көкiрегi бос, оған шаң-тозаң, жын-шайтан, жақсы-жаманның бәрi кеп ұялай бередi. Сондықтан оған маскүнем болу да, марксшiл болу да, қарақшы болу да оңай.

Екеуi де үнсiз қалды, айтар сөздiң бәрi айтылып болып, iштерi босағандай. Әзиз-Сұлтан үстелдiң үстiн жинастыра бастады. Терезеге телмiрiп, үнсiз ойға батқан қонақ сәлден соң:

– Неткен ұлан-байтақ жер! – дедi өзiмен өзi сөйлескендей күбiрлей күрсiнiп. – Шұқып қалсаң, бұлақтың көзi бұрқ ете түседi, «дәрте ексең, арба өседi». Осындай далиған жерде отырып осындай тыриған кедей болу сорлылық қой. Өзбектiң қолына тисе, иран баққа айналдырар едi-ау. Құмайт шөлдiң өзiн кiлемдей құлпыртып отырған жоқ па. Өзбек диханының кетпенi тиген жерден гүл өседi!

– Тар жерде тақасқанша, өз елiңiзге келмейсiз бе? Жер жетедi.

– Баяғыда бiр жаман: «қайныма барам, қайныма барам» деп желпiлдейтiн көрiнедi, сонда құрдасы: «Е, қайныңа да барарсың, пұшық күйеу атанарсың» дептi ғой. Сол айтпақшы, елге де келермiз, отырсақ – опақ, тұрсақ – сопақ боп, «ой, әкеңнiң аузын ұрайын, жер тырналап жарымаған қу өзбек» атанармыз. Жалғыз ағаш – орман емес. Бiрлi-жарымның үлгi-өнегесiмен ештеңе өзгермейдi. Ол үшiн жалпы халықта ниет, құлшыныс болу керек. Ол жақта жер аз, ынта зор, мұнда жер көп, құлық жоқ. Арыстанды қойдың арасына қамасаң, қой боп кетедi; қойды арыстанның iшiне жiберсең, арыстан болады. Келген ағайынның да кебiн көрiп жүрмiз. Осыдан бiр аз жыл бұрын бiр танысымыз елге барамын деп, туыстарын сағалап Жезқазған жаққа көшiп кеткен. Үйреншiктi дағдысымен ауласына бау-бақша өсiредi. Баптаса, жер жарықтық жомарт қой, алма, өрiк, шие жайқалып шығады. Көршi-қолаң: «ой, мынау тамаша екен, бiз де үйренейiк, өсiрейiк» демейдi. Түйiн сала бастағаннан-ақ тыныштық жоқ. Бала-шаға қара шегiрткедей қаптайды. Мәуесiн жұлып, бұтағын сындырып, түн iшiнде жау тигендей жайпап кетедi. Әке-шешесiне айтса, баласын тыюдiң орнына, «омай, мынаны қара, құдайдың көк шөбiн қориды. Сартпысың деген осы-ау!» деп өзiн күстәналап, жексұрын қылады. Содан бiр жыл өсiредi, екi жыл өсiредi... Қабаған ит ұстаса, ине берiп өлтiрiп тастайды; дуалын биiктетсе, құлатып шыдатпайды. Әбден шаршаған соң қолын бiр-ақ сiлтейдi. Қазiр дарбазасы қисайған, шарбағының iшiне алабота өскен кәдiмгi қазақтың ауласы. Құда да тыныш, құдағи да тыныш. Ел өгейсiмейдi, өзiндей көредi.

– Мұнда келсеңiз тез байисыз ба дегенiм ғой.

– Жер ол жақта да жеткiлiктi: Қойлуқта жалға алған бес гектар егiстiгiм бар. Бақша егемiн. Мына поезда неге iстеп жүр дейсiң. Қыстай жемiс-миуамды, бұрыш-бұршақты ақырындап Новосибирскiге жеткiзiп тұрам, күйеубалам сатады.

– Сонша жердi қалай игересiздер?

– Жетi балам, екi жалшым бар. Бiр қора кiсiге бұйым ба!

– Жалшысы қалай?

– Ташкенттегi «құлбазарды» бiлушi ме едiң?

– Жоқ.


– Бiлмесең, Ташкенттiң бiр қуысында сондай жер бар, жұрт оны «құл базары» дейдi. Үйсiз-күйсiз мүсәпiрлер, қаңғыбас, маскүнемдер жалдану үшiн «балташымын», «үй шаруасын iстеймiн», «қандай жұмыс болса да атқарамын...» деп мойындарына тақтай iлiп ап тұрады. Көбi iшiп кеткен орыс пен қазақ. Пияз еккен корей мен бақша өсiрген өзбектер топ-топ қып апарып, ала-жаздай жұмысқа салып қояды. Тамағын тойғызып, күнiне бiр жарты қызыл берiп тұрсаң – бiттi, оларға басқа ештеңенiң қажетi жоқ...

Қысыр әңгiменiң қызығымен әлi де отыра берер едi, зырқыраған поезд жүрiсiн бiрте-бiрте бәсеңдетiп, желiнi сыздаған iнгендей сызылта боздап кеп кезектi станцияға тоқтады да проводник ака дәм-тұзға рахмет айтып, амалсыз орнынан көтерiлдi. Әзиз-Сұлтан перденi көтерiп, қырау басқан әйнектi демiмен ерiтiп оймақтай жарықтан сыртқа көз тастады. Мұржасынан түтiнi жарыса ширатылып, аязды даланың төсiнде бұйыққан шағын ауыл. Дәл қарсы алдында диназаврдың қаңқасындай алып элеватор қалқаяды. Төбесiнде құжынап шырқ үйiрiлген құс. Қолдарына қап, сөмке ұстаған бiр әйел, екi еркек әр вагонның алдына бiр тоқтап, составты қуалай жүгiрiп келедi. Әзиз-Сұлтан көз алдандырар ештеңе таппаған соң перденi түсiрдi. Таңертеңнен бергi тынымсыз жүгiрiстен қалжыраған екен, бойы зiл тартып, есiней бередi. Астыңғы тақтаға матрац жайды. Кiрлiктi үстiне жаза бердi де жиренiштi бiрдеңе ұстағандай денесi тiтiркеп кеттi. Кiрi онша бiлiнбесе де илектенген, әлдекiмнiң ұзын қара шаштары ирелеңдейдi. Бiреудiң төсенгенiн әкеп берiптi. «Сылдыраған сөзiң бар болсын! – дедi Әзиз-Сұлтан акасына сыртынан кiжiнiп, – ақша үшiн ештеңеден жиiркенбейдi екен-ау бұл иттер!» бiрақ апарып берiп, ұялтуға батылы бармады. Өзi ұялды. Жаңа ғана жайраңдасып шүйiркелескен адамның көңiлiн қимады. Байқамаған шығар. Сол құрғырды төсенбей-ақ қояйын, бес-алты сағатқа нем кетедi деп өзiн өзi алдарқатып сабасына түсiрген болды. Бар қиратқаны – қолындағы кiрлiктi жұмарлап ап, екiншi полкаға бiр-ақ атты, бұрыштағы үйездеген шаң-тозаң бұрқ етiп аспанға көтерiлдi. Сырма желеткесiн бүктеп, басына жастанды да пальтосын жамылып, iргеге қарап киiмшең қисая кеттi. Тыныштық тiлеп қалжыраған тән поездың майда-қоңыр жүрiсiне тәттi тербелiп маужырай бастады.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   29




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет