Жоспар: і-тарау. Ақпан төңкерісінен кейінгі Оңтүстік Қазақстанда демократиялық өзгерістер және қоғамдық-саяси ұйымдардың құрылуы



бет1/3
Дата26.06.2018
өлшемі0,58 Mb.
#44356
  1   2   3
Қазақ төңкерісі қарсаңында Оңтүстік Қазақстандағы саяси-қоғамдық ұйымдар
Жоспар:
І-тарау. Ақпан төңкерісінен кейінгі Оңтүстік Қазақстанда демократиялық өзгерістер және қоғамдық-саяси ұйымдардың құрылуы.

  1. Қоғамдық-саяси ұйымдардың құрылуының алғы-шарттары.

  2. Ақпан төңкерісінен кейінгі қоғамдық белсенділіктің артуы.

ІІ-тарау. Уақытша үкімет тұсында Оңтүстік Қазақстанда қоғамдық-саяси ұйымдардың ұстанымдары, іс-әрекеттері.



  1. Қоғамдық-саяси ұйымдарға қатысты Уақытша үкіметтің жүргізген бағыты.

  2. Қоғамдық-саяси ұйымдардың арақатынасы және олардың қызметі.

Қорытынды.

Сілтемелер тізімі.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі.



І-тарау

Түрік бірлігі мен исламшылдық, жәдидшілдік идеологиясының өлкеде қоғамдық-саяси ұйымдардың құрылуына әсері
Әлемдік өркениеттің ең ежелгі ошақтарының бірі, аты әлемге әйгілі болған – Түркістан өлкесі, ХХ ғасырдың басында Ресей империясының шалғай шеткі отары болды. Жаңа капиталистік нарықтық қатынастар отарлық тәуелділік жағдайында қалыптасу процесі, өлке халықтарының тағдырында мұңды-зарлы, драмалы үлгіде көрініс берді.

Өлкеде бұл кезеңде тым қасіретті жағдай көрініс бере бастады. Сансыз табындарды азықтандыра алатын, суландыру құрылысының кең жазық желісі арқылы бидай, күріш, жеміс, көкөніс, жүзімдердің және т.б. көл-көсір өнімін бере алатын кең-байтақ құнарлы алқап, аса бай табиғи қазбалар қоры, бірақ та, өте ұқыпсыз және олақтықпен пайдаланылды. Және сол уақытта мақта өсіру астық және күріш егісін ығыстыра отырып, біртіндеп жергілікті халықты құлдыққа түсіру құралына айнала бастады. Империялық саясатқа бағыттала отырып, салынып жатқан темір жолдар және барлық инфрақұрылым, Оңтүстікті оны ежелгі көршілерінен бөліп тастады және әлем елдерімен төте, тікелей байланыс жасауға мүмкіндік бермеді. Бұл инфрақұрылымға ашықтан-ашық тек экономикалық қана емес, және әскери-стратегиялық мән берілді. Өлкеде экономиканың аграрлық-шикізаттық сипатының нығая түсуіне баса артықшылық берілді.

Ғасыр басындағы арзан Ресей тауарлары ағынының қаптап келуі салдарынан мыңдаған қолөнершілер кедейленді. Сонымен қатар, тұтас алғанда жаңа капиталистік нарықтық қатынастардың қалыптасуы Оңтүстік өлкесінде ұзақ уақыт бойы «бір орында» тұрып қалды: алғашқы қорлануға ешқандай дерлік қаржы қалмады – оны метрополия алып кетіп отырды.

Осылайша, ескі дүние көбіне жойылып, ал жаңасы пайда болмаған тұстағы парадоксті тарихи ахуал өлкедегі болашақ әлеуметтік және ұлттық толқуларға жағдай туғызды. Ресей империясы отарлық істерді жүргізуде ешқандай ерекшелігімен өзгешеленбеді және, өз «туыстары» іспетті, кейде күшке, ал кейде макиавеллилік «бөліп ал да билей бер» принципіне сенді. Отаршыл саясаттың тағы бір маңызды принципі жергілікті қоғамның кері тартпа күштеріне саналы арқа сүйеу болды, өйткені, тек осындай жолмен ғана жаулап алынған жерлерде тиімді және ауыртпалықсыз басқару мүмкін болып көрінді.

Бірақ бұл саясат өзін жарым-жартылай ғана ақтады және жыл өткен сайын кво-мәртебесін сақтап қалу, әрине, қиындай түсті.

Бірқатар айқын отаршылдыққа қарсы көтерілістерді басқаннан кейін, Ресей самодержавиесі «жергілікті ерекшеліктерге» байланысты сәл-пәл өзгертіп, Түркістанға өзінің әкімшілік-полициялық аппаратын қоса алып келді: жоғарыда генерал-губернатор, одан кейін облыстық губернаторлар, төменде – уезд бастықтары. Ресейдегідей мұнда да патша өкіметі жеке дара басқаруды қолға алды, бұл үшін полициялық-тыңшылық аппаратты пайдаланды: «жергілікті өзін-өзі басқаруға» ең төменгі сатыларда тұрған болыстарды, ауыл старосталары мен казактарды қалдырды. Орыстың сауда және мақта-мата капиталы жергілікті байларды мұсылман қыстақтарында өздерінің өктемдігін жүргізу үшін қолбала етті. Сонымен бірге орыс дворяндары мен әскери қызметшілерінің резервтегі бюрократиялық тобы ағылып келді. Бұлар мұнда ойларына келгенін істеді, зорлық-зомбылықта шек болмады, пара алды, тонады1.

Зорлық-зомбылық пен тағдыр тәлкегіне түскен Оңтүстік өлкесінің халқы болашақта өз отанында мәңгілік бұғауда болуға және «екінші сорттылық» ауыр белгімен өмір кешуге келісе алмады. Өлкедегі қоғамның тереңінде жаңа бір күш пісіп жетіле бастады, ғасырдың басында өлкенің қоғамдық-саяси өмірінде төтенше маңызды міндеттерді атқару оның үлесіне тиді. Бұл күш, жәдидтер қозғалысы ретінде танылып, қоғамның жоғарғы интеллектуалды бөлігін: жаңадан туындаған жас кәсіпкерлікті, ұлттық интеллигенцияны және білімді дін өкілдерін топтастырды. Көпшілігі европалық білім алған прогресшіл жәдидтер, отаршылық шеттеушілік, білімсіздік және төзімсіздік жағдайында рухани оянуды күту, әрине, ақылға сиғысыз екендігін түсінді. XIX ғасырдың аяғындағы көтерілістердің сабақтары ұлттық күштерді сапалық жағынан басқаша деңгейде біріктіру қажеттігін көрсетті. Өз іс-әрекеттерінің алғашқы кезеңінде жәдидтер негізінен ағартушылық жұмыстарын жүргізуге және мұсылман әлемімен тығыз байланыс орнатуға көңіл бөлді.

Бірнеше кезеңдер бойы мұсылман бірлігі идеясы, әрдайым, азаттықты мақсат еткен әртүрлі қоғамдық-саяси күштерді біріктірушілік фундаменті ретінде алынып келді. XX ғасырдың басында Ресейде ресми өкімет жаулап алған территорияларға және ондағы жергілікті халыққа қарсы ондаған жылдар бойы империялық, шегіне жеткен замана шындығына жуымайтын ұлттық саясат жүргізген тұста, мұсылман бірлігі концепциясы жаңадан бір серпін ала бастады.

Бірінші жалпы ресейлік мұсылмандар съезі жалпыресейлік мұсылмандық одақ құру жөнінде шешім қабылдады. («Иттифак-Эль-Муслимин») Одақтың уставы 1906 жылы қаңтарда Санкт-Петербургте өткен Екінші жалпыресейлік мұсылмандар съезінде бекітілді.

Уставта мұсылмандар мекендейтін Ресей губернияларынан 16 ауданды ерекше аудандық орталық ретінде құру қарастырылды. «1) Кавказ ауданында – Баку; 2) Қырымда – Севастополь; 3) Москва және Петербург ауданында – Петербург; 4) Литва ауданында – Минск; 5) Төменгі Еділ бойында – Астрахань; 6) Жоғары Еділ бойында – Казань; 7) Уфа ауданында – Уфа; 8) Орынбор ауданында – Орынбор; 9) Түркістанда – Ташкент; 10) Сібірде – Иркутск; 11) Далалық өлкеде – Орал; 12) Омск ауданында – Омск; 13) Семей ауданында – Семей; 14) Жетісуда – Верный; 15) Ақмола ауданында – Петропавловск және 16) Каспий өңірінде – Асхабад. Осы пункттердің бәрінде аудан бойынша құрылтайшы жиын шақырылады. Бұл жиындар жалпы жиында сайланған құрылтайшыларды бекітеді»2.

Бұл ұйымның қатарына кірген кез-келген адам оның талаптары мен қаулыларына бағынуға міндеттілігі уставта ерекше көрсетілді. Олар өздеріне ұйымның уставы және бағдарламаларындағы талап-тілектердің орындалуын жүзеге асыру барысындағы еңбекті осындай үлгіде қабылдады. Сол 1906 жылы (16-21 тамызда), мемлекеттік Думаның мұсылман фракциясының мүшелерінің бастамасымен Үшінші жалпыресейлік мұсылман съезі өтті, онда «Иттифак» бағдарламасы жасалды және қабылданды. Съезде бағдарламаны қабылдау қажеттігін негіздей келіп, «Казань – Мухбири» газетінің қызметкері және конституциялық демократиялық партияның орталық комитетінің мүшесі Юсуф Акчура былай деді: «Біздің мақсатымыз, Ресейдің көпшілік мұсылмандарын біріктіру, саяси партия құру, орыс партиялары және үкімет алдында күшін, ықпалын және беделін көтеру, сонымен қатар, Болгария мұсылмандары сияқты, өзіміздің ұлттық және саяси құқықтарымыздан айырылмауымыз керек»3.

Съезд 17 тамыздағы отырысында президиумның мұсылман партиясын құру туралы ұсынысын қабылдады. Сайланған Орталық комитет мүшелері мұсылман партиясының бағдарламасын қарады, ол 75 пункттен тұрды және өзінің көптеген ережелері бойынша конституциялық-демократиялық партияның бағдарламасына жақын болды. Оның негізгі ережелерінің кейбірі мынадай: «1) Партия өзінің алдына бірқатар саяси, экономикалық, әлеуметтік, діни және басқа реформаларды өміршең ету үшін Ресейдің барлық мұсылман азаматтарын, өздерінің саяси көзқарастары бойынша пікірлестерін, бірыңғай ортақ практикалық іс-әрекетке біріктіруді мақсат етіп қояды. 2) Азаматтық және саяси өмірде еркіндік, шындық және адамгершілік бастаулары мен жалпы құрылымдық жаңаруларға ұмтыла отырып, партия бұл мақсатқа барлық орыс азаматтарына, соның ішінде мұсылман азаматтарына адам және азаматтық құқықтарды бере отырып және ресей империясының басқару формасын мемлекеттік конституциялық принциптер бойынша іс жүзінде халықтардың қатысуымен мемлекеттік биліктің заң шығарушы функцияларына оның өкілдерін жіберу арқылы қайта құрылымдық өзгертулер жүргізгенде қол жеткізуге болады деп табады»4. Бағдарламада жергілікті жерлерде кең көлемді автономиялық басқару, дін істерінде толық автономия қажеттілігі жөнінде айтылды. Сөзсіз, бұл съездердің жалпы исламдық бірігуге шақыратын шешімдері империяның барлық мұсылмандық региондарында прогресшілдердің көңіл-күйіне тікелей елеулі ықпалы, тұтастай алғанда осы кезеңдегі ұлт-азаттық қозғалыстардың дамуына әсер етпей қоймады.

Сонымен бірге, шығыс елдерінде интеграциялық процестердің күшеюімен қатар біртіндеп діни-реформаторлық қозғалыстар да жандана түсті.

Шығыстағы қалыптасқан революциялық ахуалдың, Үндістанда отаршылдыққа қарсы революциямен (1905-1908 ж.ж.), Иранда конституциялық қозғалыспен (1905-1911 ж.ж.), Түркияда (1908) және Қытайда (1911-1911 ж.ж.) революциямен аяқталуы мұсылман әлемінде қоғамдық-саяси және діни ой-пікірдің даму процесіне қосымша коррективалар енгізді.

«Шығыстың оянуы», әрине, патшалы Ресейдің ресми топтарын селсоқ қалдырмады, «орыс» Түркістанына «зиянды», азаттық идеяларының ену мүмкіндігі оларды алаңдатты.

Патша үкіметінің және Ресей қоғамының Шығыста болып жатқан оқиғаларға байланысты алаңдаушылық білдіргендігіне барлық дерлік ірі орыс газет және журналдарының тілшілерінің жіберілуі дәлел болады.

Бірақ – патша үкіметі жүргізген барлық шектеулер мен тиымдарға қарамастан, Оңтүстік Қазақстан толық оқшаулай алмады және өлкеге көрші елдердегі революциялық оқиғалар туралы хабарлар келіп жатты. Ол Оңтүстік өлкесінің ішкі жағдайына ықпалын тигізбей қоймады, ұлт-азаттық идеяларды қабылдауға орайлы негіз жасады және түркістандықтардың әр түрлі жіктік топтарының қоғамдық-саяси белсенділігіне дем беруші маңызды фактор болды.

Жәдидтер цензура садағына қарамастан ресей империясының шығыс аудандарынан ұдайы әртүрлі газет-журналдар алып отырды. Ондаған жәдидтер осы әдебиеттерді қолдарына алып өлкені аралады, барлық қыстақтарда, қалаларда, шайханаларда және үй жиындарында оқыды. Бұл басылымдарда басылған мағлұматтар, оқушыға мынадай қазіргі заманғы ғылымдар, философия, саяси экономия, халықаралық құқық туралы мынадай институттар, қалалық өзін-өзі басқару: ационерлік қоғамдар, олардың мәні туралы және т.б. жалпы түсінік берді. Оңтүстікқазақстандық оқырмандардың өткендегі көптеген беймәлім құбылыстарды түсінуіне және адамзат прогресінің сипаты туралы, европалық саяси-әлеуметтік институттардың түрлері және мазмұны туралы мәселелер жөнінде ой қозғауына түрткі болды. Күмәнсіз, көбіне бұл елдердің ұлттық қозғалыстарының көсемдерінің қаламдарынан туындаған мақалалар айрықша қызығушылық тудырды. Мақалаларда, авторлар бір кездегі қуатты Шығыс мемлекеттерін батыс әлемінің отарлауына алып келген артта қалу себептерін талдай келіп, өз халқын ұзақ ұйқыдан оянуға және жаңа, тәуелсіз болашақ үшін күреске шақырды. Шығыстың прогресшіл баспасы Ресейдің мұсылмандық аудандарындағы ұлттық интеллигенцияның көңіл-күйіне зор ықпалы, әрине, патша аналитиктерінің назарына ілікпей қалмады.

Алдыңғы қатарлы шығыстық ой-санамен танысу сонымен қатар, жәдидтердің ғылыми-педагогикалық және ағартушылық ізденістеріне дем берді, ынталандырды. Олар өлкеде қысқа мерзімде оку және жазуға үйренуге мүмкіндік беретін дыбыстық жүйелі оқытатын жаңа әдісті мектептер құрудың бастаушылары болды. Ал ескі әріп құрастырушылық әдісі бойынша конфессионалдық мектеп, әрине, аса ұзағырақ уақытты керек етті.

Өзгертулер жаңа әдісті мектептерде оқыту бағдарламаларының өзіне де тиіп, оған тарих, арифметика, география, ана тілі және басқа пәндер енгізілді. Жаңа әдісті мектептердің пайда болуы үкімет орындарының реакциясын тудырды. Жаңа мектептердің қалыптасуы Оңтүстік Қазақстанға азаттық идеяларының кіруі кезеңімен тұстас келді, бұл әлбетте, отаршылдарды жаңа әдісті мектептердің қызметін қырағы қадағалауға мәжбүр етті және мүмкіншілік болса оларды орыстандыру мақсаттарында пайдалануды көздеді. Осыған байланысты халықтық училищелердің бірінің инспекторы И. Беляев былай деп көрсетті: «Келешекте көрсетілген әдістің дамуы барысын қадағалау ләзім: жаңа әдісті мектептер орыс-түзем мектептеріне таралу сатысы болуы және қызмет етуі тиіс, бірақ олар мұндай орыс мәдениетінің жетекшісіне оппозицияда да бола алады...»5.

Еркін мәдени дамуға оңтүстіктіктердің табиғи құқығы емес, метрополия мүддесі үстемдік жағдайда тұрғанда, өлкедегі мәдени істердің ахуалы шын мәнінде, жер-жерлерде артықшылықты, империялық сипатта болды. Білім және мәдениет саласындағы ахуалды өзгертуге бағытталған, жергілікті прогресшіл жәдидтердің ресми билікпен келісілмеген кез-келген әрекеті, айнымас түсінбеушілік және тойтарысқа кез болды. Сонымен, сол кезендегі патша полициясының есебінде былай көрсетілді: «Полиция департаментінің мәліметтеріне қарағанда, соңғы уақыттарда... Орыс мемлекетінің он төрт миллионнан аса мұсылман халқының бүкіл санғасырлық өмір қалпын қаусату қаупін туғызатын және сол халықтардың өмірінде өзгеріске қамдану жөнінде болжауға мүмкіндік беретін тіпті жаңа леп байқалады...»

...Жаңа лептің жақтаушылары өз шығармаларында Ресейдің татар (түркі) халықтарының, мәдениетті және бай болу үшін білімге, қолөнер және өнеркәсіп саласында практикалық біліктілігін арттыруға, шет тілдерді оқып үйренуге шақырды. Сонымен жаңашылдар өз діндестерін бірыңғай жалпы білім беретін мектептерге, сол орыс гимназиялары және жоғары оқу орындарына емес, европалық ғылымның Құранмен байланыстырылуы тиіс, жоғары даналықтың ерекше татарлық оқу орындарына шақырды. Олар дінді ескі нанымнан, молдалардың надандық түсініктерінен тазартып ұғыну және өз халықтығын әдеби, ғылыми және діни салада ана тілінің қолдану аясын кеңейте отырып нығайту және тіпті прогресс жолында Ислам және түркі халықтығы негізінде айналысу қажеттігін көрсетеді. Прогресшілдер өз талпыныстарында жоғарыда көрсетілген мақсаттарымен шектеле ме, немесе, ескі дәстүрлерді жақтаушыларды жеңіп, ілгері бара ма, қазіргі уақытта алдын-ала анықтау мүмкін емес, сол сияқты орыс мемлекеттілігінің мүдделері көзқарасынан нәтижелері қандай болатындығын білуге мүмкіндік жоқ...»6.

Атап өткен лөзім, сол «оянып келе жатқан» Азиядан түрлі әдебиеттердің жаппай ағылып келуі прогресшілдерге жергілікті мерзімді басылымдарды шығаруға және дамытуға шабыт берді. Өлкеде басылымдардың редакторларының және белсенді қызметкерлерінің арасында түркістандық қоғамның аса көрнекті өкілдері болды: Мұстафа Шоқай, Көлбай Тоғысов, Кәрім Нарбеков, Төлеген Қожамжаров және басқалар. Ресми биліктің тарапынан бұл газет-журналдарды жабу үшін жасаған әрекеттеріне қарамастан ұлттық баспасөз ең зор ерік-жігермен сақталынды, және де тиым салынған басылымдардың орнына басқалары пайда болды.

Өлкедегі саяси өмірдің белсенділігінің артуына септігін тигізген тек прогресшіл, ұлттық баспасөз ғана емес, XX ғасырдың алғашқы онжылдығында жәдидтердің Шығыс елдеріндегі революциялық, ұлт-азаттық қозғалыстардың қайраткерлерімен тікелей байланысы айтарлықтай кең тарады. Ұйымдар құрудың бастамалары өз алдына ең алдымен ағартушылық сипаттағы міндеттерді қойды және өлкенің әлеуметтік-экономикалық және рухани өмірін жан-жақты қайта ұйымдастырудың құралы ағартушылық деп білді. Түркия, Ауғаныстан және басқа елдерден оралғаннан кейін жас прогресшілдер белсенді үгіт-насихат қызметін бастады, өз қатарларына ондаған, жүздеген жаңа адамдарды тартты. Олар мынадай қоғамдар және ұйымдарды құрды, «Көмек», «Үміт», «Қайрат» және басқалар. Мұндай қоғамдардың саны әсіресе бірінші дүниежүзілік соғыс жылдары көбейді. Метрополияда және отарларда революциялық процестер кең қанат жайды, отаршылдыққа қарсылық күшейді. Оңтүстік өлкенің алғашқы ұлттық ұйымдары, әлі өздерінің жан-жақты қарастырылған, ақыл-ой елегінен өткен уставы және бағдарламалық құжаттары болмады: оларға көбінесе саяси тәжірибе, ал кейде және қажетті кәсіпқойлық та жетіспеді. Бірақ бұл олқылық, атап өтілгендей, шектес әлеммен белсенді және терең байланыстардың болуымен, сонымен бірге өткендегі болған жалпыресейлік мұсылмандық форумдардың бағдарлары және ұсыныстарымен таныс болуымен толтырылды.

Бұл бағдарларды және ұсыныстарды біртіндеп іс жүзіне асыру, жәдидтердің өте-мөте ағартушылықты ізденістерімен және олардың саяси іс-әрекеттерінің арасындағы шекараның жойылуының біліне бастауына алып келді. Жергілікті прогресшілдер құрған қоғамдар және ұйымдар өзінің өмір сүруінің алғашқы күндерінен бастап ұдайы бақылауда болды. Түркістан аудандық қорғау бөлімінің тыңшылары үшін жұмыс күрт молайды, оны әрдайым игеріп үлгере алмады. Өлкедегі аса күрделі жағдайға байланысты қосымша шаралар қолдану жөніндегі ұсыныстар жиі-жиі естіле бастады.

Осындай ұсыныстардың бірінде, 1914 жылы 26 майда көрсетілді: «Түркістан өлкесіндегі революциялық, әсіресе панисламистік қозғалыстардың дамуы себепті, Өлкеде Ресейдегі Губерниялық құқықта Жандармдық басқарма құру табанды түрде қажетті болып табылады, ол шендегілер Өлкенің Бас Бастығына қамауға алу жөніндегі бұйрыққа қол қою, саяси сенімсіздік көрсеткен күдікті адамдарды уақытша ұстау және басқа ұсақ мәселелерді баяндап ауыртпалық түсірмей... өкімет бекіткен заңдарды пайдалана отырып, өз бетінше, қылмысты іздестіру іс-әрекетінен басқа, және мемлекеттік қылмыстарды зерттеумен айналысқан болар еді, қазіргі уақытта орын алғандай, Түркістан Аудандық Қорғау бөлімінің мүшелеріне мұндай құқықтар берілмеген. Оған тәуелсіз, әрбір ауданға белгіленген Басқарма бастығының көмекшісі болуы, күмәнсіз жергілікті халықтың және қылмыстық элементтердің іс-әрекеттерін бақылауды күшейтеді, сонымен бірге өздерінің тікелей міндеттерін орындау жүктелген уездік әкімшілікті, оларға онша таныс емес саяси қылмысты іздестіру бойынша іс-әрекеттерден айтарлықтай шамада босатады»7.

Бұл және басқа ұсыныстар көңіл аударусыз қалмады және шара қолданылуы себепті (сонымен бірге оған қоса, тыңшылық жұмысқа мамандандырылған филерлерді іздеу және дайындау және т.б. қосымша қаржы бөлінді) түркістандық қорғау бөлімі өлкедегі саяси ахуал жөнінде едәуір толық ақпаратты өз уақытында алып отырды. Қорғау бөлімі қысқа мерзім ішінде жергілікті ұлт өкілдерінің қатарынан өз тыңшыларын таңдап алды және саясатшыл мұсылмандық ортаға енгізді. Ал Ақпан оқиғаларынан кейін, Түркістандық қорғау бөлімі ісін қараған комиссия жұмысы нәтижесінде, көптеген құпия қызметкерлердің аттары және бүркеме аттары (олардың іс-әрекеттеріне байланысты көптеген құжаттардың алдын-ала жойылғанына қарамастан) әшкереленді8. Олардың арасында «Ахмет», «Фролов», «Случайный», «Бала», «Қара», «Беркут», «Красивый», «Белобородый» бүркеме аттарын жамылған аса ерекшеленген қызметкерлер белгілі болды. Қорғау бөлімі дәл солардың жеткізіп отырған ақпарының арқасында өне-бойы дерлік, жергілікті халықтың көңіл-күйлеріндегі, мүдделеріндегі сонымен бірге қалыптасып келе жатқан жас ұлттық қоғамдар және ұйымдардың іс-әрекеттеріндегі болып жатқан өзгерістерге байланысты істерден хабардар болды.

Саяси тіміскілеуде негізгі жұмысты филерлер (тыңшылар) жүргізді. Қорғау бөлімі құпия агенттерге үлкен көңіл бөлді. Олардың мәліметтері ерекше жоғары бағаланды. Олар революционерлер және «саяси сенімсіз»

адамдарға тек Оңтүстік өлкесінде ғана емес, бүкіл Ресей аумағында еріп

жүрді. Оңтүстік өлкесіндегі түркішілдік қозғалыс туралы мәлімет алу үшін филерлер Персияға және Ауғаныстанға іс-сапарларға жіберілді. Қорғау бөлімі штаттағы құпия қызметкерлерден бөлек «кездейсоқ мәлімдеушілерді» де өзіне тартты, олар жеткізген ақпарының маңыздылығына қарай ақшалай сыйақы алды.

Жетісу облысының полиция департаментіне жеткізілген ақпарында (21.12.1911) берілді: «Верный қаласында үкіметке қарсы мақсаттағы мұсылман сарттардың үйірмесі құрылды, бұл үйірменің өз уставы, төрағасы, мүшелік жарнадан түскен ақша есебін жүргізетін қазынашысы бар. Бұл үйірме Ташкенттегі мұсылмандық қауымдастықтың бөлімі болып ғана табылады. Және оның таяудағы мақсаты Жетісу облысының басқа да қалаларында осы іспеттес мұсылмандар үйірмелерін құру болып табылады. Нигматуллин, Исмаил Жабеков, Рахымқұл Әбдірахманов, Ғапыржан Мақсұмов үйірменің ұйымдастырушылары және басқарушылары болып табылады.

Жетісуда «Гәп» немесе «мәшраб» деп аталынатын мұсылман үйірмелері бар. Верныйда мұндай үйірмелердің саны онға жетеді, 17-20 адамнан тұрады. Үйірме мүшелері қатаң тәртіпке сөзсіз бағынады, ақшалай айып 50 тиыннан 10 сомға дейін белгіленген, апта сайын мүшелік жарна 20 тиын. «Мәшрабтардың басшылары жиылып бас қосып тұрады. Түркішіл қырғыз (қазақ) Сыртанов Верный қаласының татарларымен миллионер Құдыс Ғабдул-Уәлиев арқылы байланысып тұрады, және ол Сыртановқа қаржылай және рухани көмек көрсетіп түрады»9.

Ал, қорғау бөлімінің «Красивый» бүркеме атын жамылған жасырын қызметкерінің 1913 жылғы 13 қаңтардағы хабарламасында жазылды: «Жалпы мұсылмандық конгресс 1910 жылы Египетте болады деп белгіленді (пункті белгісіз), бірақ ағылшын үкіметі оның іске асуына кедергі келтірді, конгреске келген мұсылмандар тарап кетті. Келгендердің ішінде орыс мұсылмандары өкілдерінің кейбірі белгілі: 1. Исмаил Гаспралы, Қырымда басып шығарылатын «Тәржіман» газетінің редакторы; 2. Верный қаласынан Құдыс Ғабдул-Уәлиев шақырылды, ол әскери қызметте бола тұра оған қатысудан бас тартады.

Түркістан өлкелік қорғау бөлімі бастығының 1916 жылы 19 желтоқсанда Түркістан генерал-губернаторының атына жазылған хатында, Сырдария облысының әскери губернаторының Мәриям Тоғысоваға сол жылдың 16 шілдесінде Түркістан Өлкесінде қазақ тіліндегі бірінші бейресми «Алаш» атты газет шығаруға №21329 куәлік берілгені айта келе, сол атпен Ташкентте құрылған қоғам туралы және олардың құрушысы туралы жазылды: «Алаш» – «Қырғыз» («Қазақ») сөзі, сонымен бірге көмекке ұран шақыруды білдіреді. Осы «Алаш» атымен қазақтардың тұтас тайпасы белгілі және Ташкентте прогресшіл бағыттағы «Алаш» мәдени-ағартушылық қоғамы өмір сүреді, оған мүшелікке жылына кемі 25 сом ақша төлейтін адамдар қабылданады. Бұл ұйымның құрылтайшысы аталған Тоғысованың ері Семей облысы, Зайсан уезінің қазағы Көлбай Тоғысұлы Тоғысов, соның өзі Төленғұтов, 32 жаста»10.

Қорғау бөлімінің бастығы хатта К. Тоғысовтың бар өмір тарихын, Ташкентке қашан келгендігін, оның барлық істері бойынша айта келе, жазды: «Агентура мәліметтері бойынша, К. Тоғысов іс жүзінде «Алаш» газетінің редакторы және шығарушысы болып табылады, сонымен бірге және осы аттас мәдени-ағартушылық қоғамның іс-әрекетінің басты дем берушісі»11.

«Алаш» қоғамының өз алдына баспа органын шығарып, қазақтар арасында қазақ тілінде баспа өнімдерін: газет, журнал, кітап тарату арқылы, өз халқын қалың ұйқыдан ояту, ғылымға, білімге, мәдени өмірге тарту, барлық қазақтарды ұлт ретінде бірігуге үгіттеу, халықты оятудың, мәдени шаралардың түпкі мақсаты қазақтарға жеке ұлт ретінде автономия әперу екендігі хатта көрсетілді: «Тоғысовтың айтуы бойынша Ресей қазақтардың саны 9 миллионға жуық және ақырғы нәтижесінде тіпті жеке ұлт ретінде автономияға қол жеткізу үшін оларды мәдени жұмысқа және бірігуге ояту қажетті болып көрінеді»12.

Оңтүстік Қазақстан өлкесінің барлық оқыған саналы қазақтары, заңгерлер, дәрігерлер, аудармашылар, студент жастар және басқалар газетке басу үшін мақала жазып қана қоймай, «Алаш» газетін қазақтардың арасына кеңінен таратуға, мәдени-ағарту ісінің және барлық қазақтардың бірігуі қажеттігін насихаттауға тиіс болған. Әрине, «Алаш» қоғамы өзінің игі мақсаттарына қол жеткізуге ұмтылудағы іс-әрекетін қатаң бақылау жағдайында ашық, айқын жүргізе алмады.

Соншалықты орыс үкіметін үрейлендірген, аталған идеялық ағымдар ресейлік (сонымен қатар түркістандық) мұсылмандардың қарсыласу қозғалысының идеологиялық базасын қалыптастыруға қандай дәрежеде ықпал ете алды, олар өзінен нені көрсетті?

Бұл үшін бәрінен бұрын еске түсіру ләзім, «түркішілдік» (егер ол жөнінде айтсақ), XIX ғасырдың 70 жылдары Танзимат кезеңінде пайда болды. Барлық түркі халықтарының ұлттық және мемлекеттік бірігуін өзінің алдына мақсат етіп қойған ілім ретінде көрінді. Түркішілдіктің алғашқы идеологтарының бірі: Зия-паша, Ахмед Вафик-паша, Ахун-заде Мирза Фаттах Гали және басқалар болды.

Айта кету ләзім, алғашқы «түркішілдер» айқын бағдарламаның негізінде топтасқан пікірлестердің саяси бірлесуін көрсете алмады. Олардың тобына негізінен халықтың әр түрлі жіктерімен тығыз байланысы жоқ, аристократтық отбасыларының өкілдері кірді. Және алғашқы кезде олардың идеялары Түркияның өзінде де кең қолданыс таба алмады. Мұны, шамасы, бұл идеологияның бастапқы қалыптасу кезеңінде түріктердің алдында соншалық жалпытүркілік емес, ұлттық-түріктік міндеттері тұрды, және олардың бұл рамкіден шықпауға тырысқандығымен түсіндіруге болады.

Бірақ XX ғасырдың межесінде қоғамдық сананың қалыптасуына «түркішілдіктің» ықпалы едәуір ұлғайды. Сірә, ілімді дәріптеуде жәрдем беретін ашықтан-ашық ынталандырушы себепкер шарт Осман империясы бастап өткізіп отырған, ұлттық мәселедегі дағдарыстың болуы. Бұл процесті империяның аз ұлттары арасында «османизм» идеологиясы жолымен қалай да бәсеңдету әрекеті оң нәтиже бермеді.

Балқан соғыстары империяның түрік емес халықтарының одан әрі өздерін «османдық» деп санауды ешбір қаламайтындығын және тек толық тәуелсіздікке ұмтылатындығын көрсетті.

Осындай нақты-тарихи жағдайларда «түркішілдік», оның идеологтарының айтуынша, түрік қоғамын қамтыған қозу және дүрбелеңді тоқтатып, ұлтты жаңа идеяның төңірегінде топтастыра алады деп есептеді.

Ұлттық саясаттың дағдарысымен байланысты, кейбір мәні жағынан осы тақілеттес ахуал, Ресей империясында да орын ала бастады.

Бұл оқиғалар татар, әзербайжан және түркістандық «түркішілдердің» түрік халықтарымен байланыстарының жандануына түрткі болды.

Ресей «түркішілдері» түрлі ұйымдар құрды, олардың мақсаты жалпытүркілік идеяларды тарату болды. Өз іс-әрекеттерінде олар саяси және мәдени күресте түркі халықтарының күштерін біріктіру идеясын насихаттады және «түркішілдікті» шығыс халықтарының ұлттық оянуының туы ретінде елестетті.

Түрікшіл қиялшылардың алдамшы армандарына және нақты тарихи ахуалға әділ бағасын беру жөнінде Мұстафа Кемал да айтқан болатын: «Әртүрлі халықтарды бір атаумен атап және де бұл әртекті элементтерді сол бір ғана ережелермен, заңдармен басқару бағдарламасы дегенмен де тартымды, бірақ көлгірсіген алдарқатушылық. Тіпті, әлемнің барлық түркілерін қамтуы міндетті біртұтас мемлекет құру идеясы да орындалмайтын арман ғана.

Бірнеше ғасырлар бойы бастан өткізген өте ащы қанды оқығалар бұған дәлел болады. Исламшылдық және тұраншылдық саяси құрылымының жетістікпен ойдағыдай қолданылуын көрсететін бірде-бір дәлел не оқиғаны тарих бізге берген жоқ»13.

Сонымен, саяси ой-пікірдің даму барысында көптеген салауатты идеологтардың түрікшілдік жаңа ұстанымы көптеген түркі халықтарының өзара тығыз экономикалық және мәдени байланыстарды ұстанған бірқатар тәуелсіз ұлттық түрік мемлекеттерін құрудағы ғасырлар бойғы үміт-арманын көрсеткендігін байқаймыз.

«Дәстүршіл түркішілер» біртіндеп өздерінің бұрынғы ұстанымдарын жоғалта бастады (әсіресе, 1917 жылдан кейін) және олардың орнына қозғалыстың жаңа лидерлерінің генерациясы келді. Олардың пікірінше, Түркістан Түркияның басшылығындағы жалпытүркілік мемлекеттің құрамдас бөлігі емес, бұл облыстарды мекендейтін барлық халықтардың ұлттық-мәдени өзін-өзі анықтау бастамаларында құрылған жеке территориялық автономиялық федерация «Түркістан федеративтік республикасы» болып аталуы тиіс болды.

Түркішілдік жөнінде айта отырып, біз исламшылдық ілімінің маңызы және рөлі жөнінде де айтпай кете алмаймыз, ол да, алдыңғысы сияқты, Түркістанға шектес елдерден (Ауғаныстан, Иран, Түркия) келіп кірді.

Мұсылмандарды ортақ жауға – отаршылдыққа қарсы бірігуге және ынтымақтасуға үндейтін, ұлт-азаттық қозғалыстың дамыған кезеңінде пайда болған жаңа ілімнің позитивті рөлін көрсете отырып, біз сонымен бірге осы берілген идеологияның мұсылман халықтарының ұлттық ерекшеліктерін терістеген екі жақты сипатын ескеруге тиіспіз.

Жалпы мұсылмандық бауырластық және әлемдік демократиялық теократия – «Имамат» идеясы, жалпы айтқанда, «түркішілдік» идеологтарының көпшілігінің айрықша сүйіспеншілігін тудырған жоқ. Дегенмен, кейінгілері, өздері мұсылман болғандықтан, ашық қарсылық көрсетпеді және исламшылдармен көбіне қатар жүрді.

Көрнекі Ресей мұсылмандарының өкілдері жалпыисламдық идеяларды насихаттаудың мәні маңыздылығымен қатар, басқа да кейбір мәселелерге көңіл аударды. Оларды есепке алмай және шешімін таппай, тәуелсіздікке және ұлттық өрлеуге қол жеткізуге байланысты басты стратегиялық мақсаттарды іске асыру мүмкін емес деп болжамдады.

Оңтүстік Қазақстанда саяси, әлеуметтік-экономикалық қарама-қайшылықтардың, Ресейде және шектес елдерде революциялық қозғалыстардың күшеюіне қарай жергілікті прогресшілдердің көзқарастары саясаттандырылды. Олар тек отарлық тәуелділікті және зұлымдықты жою; тиімді үкімет құру және парламентті (мәжілісті) шақыру; мәдениетті, ғылымды дамыту және қазіргі заманғы өркениетті тарату; әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету және ұлттық бірлік негіздерін нығайту жағдайында ғана түркістандық қоғамды болашақта құру және ұлттық қайта өрлеу міндеттерін шешу мүмкін болатынын біртіндеп ұғына бастады. Сірә, қарсыласу қозғалысының басшылығында болуға қабілетті, жаңа сапалы ұлттық-саяси ұйымдарды құрмайынша қойылып отырған проблемаларды шешу мүмкін емес екендігі анық болып отыр.


Каталог: wp-content -> uploads -> 2013
2013 -> Ф 7 –007-02 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
2013 -> Мазмұны Кіріспе–––––––––––––––––––––––– 3-9
2013 -> Мазмұны Кіріспе Тарау -I. Кеңестік шығармашылық интеллигенциясы калыптасуының бастапқы кезеңІ
2013 -> Жанғабыл Қабақбаев, Қазақстан Республикасы журналистер Одағының
2013 -> Әл Фараби дүние жүзілік мәдениет пен білімнің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы атанған. Ол данышпан философ, энциклопедист ғалым, әдебиетші ақын, математик. Әл Фараби 870 ж
2013 -> Өмірбаяны ІІ негізгі бөлім
2013 -> Ф 15-07 Қазақстан Республикасының білім ЖӘне ғылым министрлігі
2013 -> Кіріспе. Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Дипломдық жұмысының өзектілігі


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет