Жумадуллаева А. А.,Өтеген Қ. О.,Сыдыкова З. Е. ҚАзақ этнопсихологиясы шымкент 2016


Адамның туыстық қарым-қатынасын білдіретін этнопсихологиялық атаулар



бет8/12
Дата11.02.2018
өлшемі2,48 Mb.
#37507
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12

3.3 Адамның туыстық қарым-қатынасын білдіретін этнопсихологиялық атаулар

Төңкеріске дейін қазақ арасында патриархалық-рулық қатынастың сәлемі сақталып келгенін — олардағы туысқандық қарым-қатынастан да анық көруге болады. Айталық, жеті атаға дейін қыз алыспау, яғни экзогамия заңына негізделген бұл жора олардың санасындағы өте әріге кететін тектік жақындықты ұмытпаушылықты көрсетеді. Жоғарыда айтылған мұрагерлік хақы да туысқандық қатынастың әріге кететінін дәлелдейді. Мәселен, тікелей мұрагері немесе әмеңгері қалмаған жағдайда мал-мүліктің де, жесірдің де, өлген адамға туысқандық жақындығына қарай немере, шөбере немесе аталас және руластарының иелігіне өтуі - қазақ арасында туыстық қатынастың беріктігіне дәлел бола алады.

Туыстық қатынас өлгеннің артында қалған мұраға иелік етуге ғана байланысты емес. Өйткені туысқандық қарым-қатынас бір-біріне әр түрлі жағдайда көмек көрсету кезінде де анық байқалады. Мәселен, қыз ұзату, келін түсіру, енші бөліп беру сияқты қуаныш кезінде, немесе кісісі өлген үйге аза салу, оның жетісі, қырқы, жүзі және жылын беру, яки әр түрлі кездейсоқ апаттарға (жұт, өрт т.б.) ұшырап, мал-мүліктен жұрдай болған туысқа туыстық жақындығына немесе өз шама-шарқына қарай "қосқаным" деп көмек көрсету әдеті бұған дәлел, мұндай көмек қазақ арасында "жылу", "емеурін", "үме" деп аталған. Осындай туыстық, қала берді рулық ауызбірлік, ынтымақтық нәтижесінде "көп жиылса көл" болар деген мақал қалыптасса керек.

Бір-біріне көмек беру әдеті өте ертеде қалыптасқан, яғни оның түп тамыры рулық құрылысқа кететіні даусыз. Сондықтан да ол кездегі әрбір ру мүшесінің қоғамдағы орны, салмағы бірдей болды, келе-келе жеке меншіктің, таптың шығуына байланысты өзара көмектің де мәні өзгерді, таптық сипат алды. Туыстық көмек дегенді желеу етіп, ауқатты, ықпалды адамдар өздеріне көбірек көмек жинаса, яғни оған маңайдағы толып жатқан ел түгел үлес қосса, кедейлерге арналған көмекке қосылатын үлестердің мүшелері де тым шағын болумен бірге, оған азғантай ғана жақын туыстар қосылатын. "Алмақтың да салмағы бар" немесе "Бай байға, сай сайға құяды" деген мақалдың өзі осыны дәлелдейді.

Қазақ арасында рулық қатынастың болымсыз сілемі болмаса, ежелгі замандағы оның қоғамдық берік түрі сақталды деуге болмайды. Қазақ қауымындағы бай мен кедей арасындағы таптық қайшылықтың айқындала түсуі, товарлы ақшалы қарым-қатынастың жедел енуі рулық қатынастардың негізін шайқалтып, оның күйреуіне әкеліп соқты. Ел арасында қалыптасқан "Туыстан жүріс жақын" немесе "Аталастың аты озғанша, ауылдастың тайы озсын" деген мақалдар мұны ашық дәлелдейді.

Қазақ арасындағы туысқандық қарым-қатынас тек ерлер тарапынан ғана болып қоймайды, қыздар ұрпағы, жиендер мен нағашы арасындағы қарым-қатынас та ерекше көңіл аударуды қажет етеді. Нағашыға жиен батыл келеді, халық дәстүрі бойынша нағашысы жиеніне "қырық серкеш беруі" керек. Сондықтан болар, жиен көңілі түскен нәрсесін: жүйрік ат, қыран бүркіт, қаршыға, алғыр тазы, берен мылтық т.б. осы сияқты бұйымтайын нағашысы қолынан бермесе, жиен жолынан алуға ерікті, ол үшін жиен айыпты болмайды. Жиеннің қандай еркелігі болсын, нағашы жұрты көтереді де, оған әрдайым қамқорлық жасап отырады. Сондықтан да халық даналығы жігіттің үш жұртының болатынын айта келіп: "Өз жұртың - күншіл, қайын жұртың — сыншыл, ал нағыз қалтқысыз тілеуқорың нағашы жұртың", дейді. Жиенді баласындай ерекше ардақтау — қазақ халқының қанына сіңген дәстүрі.



Әдетте жиен нағашы атасынан гөрі, нағашы ағаларына (шешесінің туған аға, інілеріне) өте батыл келеді. Олардың әрқайсысындағы мұндай қарым-қатынас аналық рудың қалдығын байқатады. Жиенді қадірлеу - ескі гректер мен герман тайпаларында да ерекше болған. Олай болса, бұл ғұрыптың қазақ арасында осы уақытқа дейін сақталуы, басқа халықтар сияқты, қазақтардың да өз дамуында аналық ру дәуірін өткізгендігін дәлелдейді.

Бір ел мен екінші елдің арасында қыз беріп, қыз алу арқылы құдандалық қарым-қатынаспен бірге, күйеу мен қайын жұрт арасында қарым-қатынас болады. Қайын жұрты күйеуді әр уақытта сый тұтады. Қыздарына дұрыс қарап, жақсы адамгершілік қасиетін білдірген күйеулер қайын жұртына сыйлы, ерке болады. Қайын жұрттың әр шаңырағы күйеудің сыбағасы деп әрдайым төс сақтайды. Күйеуге тартылған табақта төс болмаса, күйеу төсін даулап, жеңгелерімен қалжыңдасып жатады. Тартылған төсті міндетті түрде табақтан күйеудің өзі алып, бөліседі.

Күйеу мен қайын жұрттың арасындағы қарым-қатынастың ұзақтығы — қыздың ұзақ өмір сүруіне, төркінін ұмытпай жиі қатынас жасап тұруына, ақылына, күйеуі мен түскен жұртындағы беделіне байланысты болады. Ал ұзатылған қыз ұзақ жасамаса, оның орнына балдыз беру әдеті орындалмаса, сол жылдан бастап басқа жерден екінші әйел алған күйеудің де алғашқы қайын жұртымен қарым-қатынасы аяқталады. Бірақ бұған байланысты екі елдің арасындағы құдандалық қарым-қатынас тоқтамайды. "Сүйек жаңғыртайық" деп қайта құда болып, бір-бірінен тағы қыз алысып, қарым-қатынас созыла береді. Сондықтан да болу керек, қазақта "Күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық" деген мақал қалыптасқан. Сыйлас құдалар бір-біріне керек болған жағдайларда көмектесіп, бір-бірінің қуанышына бірге қуанысып, ренішіне бірге қайғырысып, біріне-бірі сүйеу болатын.

Әр елге ұзатылған апалы-сіңлілі қыздардың, немере-шөбере, тіпті аталас елдің қыздарының балалары бір-біріне "бөле" боп келеді. Бөлелер арасында олардың аналарының туыстық жақындығына байланысты аса бір сыйласымды, сілетсіз қарым-қатынас болады. Өйткені бөлелердің елдері бірінен-бірі бөлек болғандықтан, ата-аналар арасында бәсекелестік, бірін-бірі көре алмаушылық қызғаныш сезімі тіпті болмайды. Оларды туыстық жағынан жалғастыратын — нағашы жұрты, яғни бұл екі жаққа да бірдей шешелерінің төркіні.

Ал енді бір елге келін боп түскен апалы-сіңлілердің балалары да бір-біріне бөле болып есептелгенмен, олардың әкелері тарапынан туыстық қатынасы жақын болса бөлелік сезім, бөлелік қарым-қатынас жайына қалып, туыстық қатынаста болады. Бөлелердің әкелерінің әрқайсысы бір-бірінен қыз алысатын елдерден болса, олардың шешелерінің бір әке, бір шешеден туған қандас туыстарының өзі бөлелердің неке құруына кедергі болмайды. Өйткені қазақ қауымында қандас туыстық қатынас тек еркектер тарапынан ғана есептеледі. Бір-бірімен қарым-қатынасын үзбей жүрген апалы-сіңлілі туыстар, әсіресе түскен жерлерінде беделді болып, өз балаларының тағдырын шешуге араласа алатындай жағдай болса, балаларын, яғни бөлелерді бір-бірімен үйлендіруді теріс көрмейді. Мұндай мүмкіндік "Аяғын көріп асын іш, шешесін көріп қызын ал" деген мақал мәніне де жат емес.

Сөйтіп, қазақта туыстық және құдандалық қатынастарға байланысты әр түрлі қарым-қатынас, алыс-беріс, өзара көмек сияқты шым-шытырық қатынастар болады. Бұл қатынастардың әрқайсысының өзіне ғана тән, сан қилы әдет-ғұрыптарға байланысты, өзара міндеттіліктері мен жауаптылықтары бар. Оларды әр уақытта орындау әркімнің борышы екенін кез келген қазақ жақсы білетін де, оны бұлжытпай орындауға тырысатын.

Қазақ дәстүрінде бірге өскен жамағайын құрдастар арасындағы қарым-қатынас та көңіл аударарлық жай. Құрдастар бір-бірімен өте қатты қалжыңдасады. Бірінің әйелін бірі "өз әйелім", баласын "өз балам" деп әзілдеп отырады. Бұлардың арасындағы өзара әзіл-оспақты әйелдері де, күйеулері де, тіпті олардың балалары да жақсы түсінгендіктен, қандай ауыр қалжың болса да шамданып ренжімейді, қайта оған қарсы шешендік тәсілге сүйенген әзіл жауап қайтаруға дағдыланады. Осыған орай, "Әкесі құрдастың баласы да құрдас" деген мақал да қалыптасқан. Мұндай әзіл бірге өсіп, бір-бірімен достасқан тату құрдастардың арасында ғана болады. Бұдан әрине, тосын кездесіп танысқан құрдастардың арасында құрбылық әзіл-оспақ болмайды деген ұғым тумайды, қандай жағдайда болсын, құрдастар бір-бірімен, әйелдерімен ұялмай, еш нәрседен қымсынбай еркін, жарасымды, әзілдеседі. Кейбір құрдастар арасындағы қарым-қатынас, олардың туыстық жақындығына қарамай, достыққа айналып, араларында алыс-беріс үзілмей, өле-өлгенше сыйласып өтеді.

Ал осындай құрдастар арасындағы әйел мен бала, үй-жай туралы сөз жүзінде болсын сақталып отырған ортақтық идеясы тегін емес. Мұнда бір көне заманның құпиясы бар сияқты, яғни әйелдері барлық құрбы-құрдастарының бәріне ортақ болған топты неке дәуірінің бізге дейін жеткен сілемі емес пе екен? Сірә, солай болу керек. Төңкеріске дейін қазақ арасында тамыр болып достасу әдеті де кеңінен жайылған. Тамыр болып достасу әр жағдайға байланысты болатын. Кейде әкелері дос-жар болғанда олар балаларын да достастырады, немесе ел басына күн туған кезде мүдде-мақсаттары тоғысып, бір-біріне қадірі өткен адамдар тамыр болып достасады. Ең ақыры бірінен-бірі не мал, не дүние, не қыран бүркіт, жүйрік ат, алғыр тазы сияқтыларды қалап алу үшін де достасып, тамыр болады.

Тамыр болғысы келгендер бұрын қылыш не қанжар сүйіп, бізді тек ажал айырсын деп жұрт алдында бір-біріне ант беріскен. Ал XX ғ. басында қылыш, семсер, қанжардың орнына, достасатындар бір-бірімен үш рет төс түйісіп, айқаса құшақтасатын болған. Достасқан тамырлар қазақ ғұрпы бойынша ешқашан бір-бірінің көңілін қалдырмайды, бір-бірінің қуанышына да, ренішіне де ортақтас болу керек. Ақыр аяғында қимас дос-тамырлардың өзара құда болулары да ықтимал.

Қазақ арасында толып жатқан туыстық және жақындық жүйесіне байланысты қалыптасқан өте көп атаулар бар. Қазақтың туыстық жүйесі классификациялық жүйеге жатады. Мұны біз көптеген этнографиялық әдебиеттерден және ел арасынан жиналған деректерден анық көреміз. Бұл жүйенің классификациялық деп аталу себебі бір атаудың құдандалық және туыстық-жақындық жүйесінің бірнеше тобына ортақ болатындығынан. Мәселен, "аға" деген атаумен айтушының бірге туған ағасы, немере, шөбере, аталас жасы үлкен еркектер, әкесінің інілері аталса, "жиен" деген атаумен айтушының қызынан, бірге туған апа-қарындасынан немесе немере, шөбере және аталас апа-қарындастарынан туған бөлелер аталады. Күйеуге әйелінің әкесі де, әйеліне күйеуінің әкесі де "қайын ата" делінеді. Осы сияқты көптеген туыстық, құдандалық жақындық категорияларына ортақ атаулар көп-ақ. Оның бәрін төмендегі туыстық және жақындық жүйесінің схемасы мен оған жасалған талдаудан анық байқауға болады.

Қазақтағы туыстық және құдандалық жақындық жүйесінің атаулары айтушыға аталушының жасының үлкен-кішілігіне, жынысына қарай жіктеледі. Мұнымен бірге атаулар әке және шеше тарапынан туыстық, құдандалық жақындыққа байланысты жіктеледі.

Қазақстанның байтақ жеріне кең жайылған үш жүзге кіретін барлық тайпалардың тілінде бірнеше диалектілік ерекшеліктер байқалғанмен, туыстық және құдандалық жақындық жүйесіндегі атауларда жергілікті ерекшеліктер мүлдем жоқ деуге де болады. Олай болса, қазақтың туыстық және құдандалық жақындық жүйесіне байланысты қалыптасқан атаулар бүкіл қазақ жұртшылығына ортақ деуге болады. Мұны ел арасынан өзіміз жинаған деректер де, қазақ диалектологтарының 1961 ж. шығарған диалектологиялық сөздігі де толық дәлелдейді. Қазақ арасындағы туыстық және жақындық қатынастарға байланысты қалыптасқан жүйенің мұншалықты кеңдігі мен тұрақтылығы Л.Морганның — қоғамның төменгі сатыдан жоғары сатыға өтіп, өзгеріп отыруына байланысты отбасы да ылғи жаңарып, өзгеріп отыратын болса, туыстық жүйенің, керісінше, мейлінше баяу дамып, тек отбасында болған келелі өзгерістерге ғана байланысты өзгеретіндігі туралы тұжырымдарына шынайы айғақ болғандай.

Біздегі жиналған деректерге сүйене отырып айтушының әкесінің әкесі, шешесі және олардың аталас туыстары мен құдандалы жақындары бірінші топқа кірсе, екінші топқа айтушының әкесі, шешесі және олардың аталас туыстары мен құдандалы жақындары кіреді. Ал айтушының өзі мен оның аталас туыстары және құдандалы жақындары үшінші топқа кірсе, төртінші топқа айтушының балалары мен олардың аталас туыстары және құдандалы жақындары кіреді. Бесінші топқа айтушының немерелері мен олардың аталас туыстары және құдандалы жақындары кірсе, алтыншы топқа айтушының шөберелері мен олардың аталас туыстары, құдандалы жақындары кіреді. Ең ақырғы жетінші топқа айтушының немене не шөпшек деп аталатын ұрпақтары мен олардың аталас туыстары, құдандалы жақын сүйекшатыстары кіреді.

Айтушы ер не әйел жынысынан болуы мүмкін. Сондықтан оларға туыстарының не жақындарының арақатынасына қарай атауларда да өзгешелік болып тұрады. Оны мына схемалардан айқын көруге болады.

Қазақ халқында туыстық есеп еркектер тарапынан жүргізілгендіктен, айтушы еркек болған жағдайда оның бабасынан бастап неменесіне дейін жеті атаға, яғни жеті ұрпаққа толады. Ал жетінші ұрпақты қазақтың "немене" не "шөпшек атандыруы тегін емес. Оның өзіндік мәні бар сияқты. Айталық, "немене" деген атаудың өзі не екені белгісіз деп сұрақ қойып тұрған тәрізді, ал "шөпшекке" келсек, бұл атаудың мәні тіпті анық. Қазақ шөпшек деп ағаштың қурап сынып түскен жіңішке бұтақтарын айтады. Осыған қарағанда, жеті атаға толғанда сегізінші ұрпақтың туыстық мәні жойылып, олардың арасында туыстық қарым-қатынас үзіледі деген үғымды білдіретін тәрізді. Айтушының қызынан туған жиенінің ұрпағы оның бабасынан бастап жетінші атаға толғанда жетінші ұрпағының "туа жат" атануы да жоғарыдағы пікірді дәлелдей түседі. Бұл атаудың мәні — жетінші ұрпақ жат деген ұғымды білдіріп тұр ғой.

Осыған қарағанда, қазақ арасында негізінен жеті атаға толмай қыз алыспау әдетінің мәні өзінен өзі-ақ айқындала түседі.

Енді атаулардың жалпы тізімін жүйе-жүйесімен келтірейік.

Қандай туыстыққа байланысты қалыптасқан атаулар: өз елі бойынша — баба, ана, ата, әке, шеше, аға, іні, апа, қарындас, ұл, қыз, немере, шөбере (шөпшек), немере апа, немере аға, немере қарындас, немере іні, шөбере аға, шөбере іні, шөбере апа, шөбере қарындас; нағашы жұртының ұрпағы бойынша — нағашы ата, нағашы әже, нағашы аға, нағашы апа, нағашы іні, нағашы қарындас, жиен, жиеншар; туажат, неке құруға байланысты атаулар — күйеу (ер, бай, жұбай), әйел (қатын, бәйбіше, тоқал, зайып (жұбай), жезде, балдыз қайын іні, қайын аға, қайын бике, қайын ене, қайын ата, қайын сіңлі, қайны, жеңге, нағашы жеңге, нағашы келін, жиен келін, жиен күйеу, абысын, бажа, бөле; құдалыққа байланысты жақындық атаулары - құда, бауыздау құда, жанама құда, құдағи, құдаша, құда бала т.б.

Бұл атауларды кез келген адам сол күйінде қолдана бермейді. Әркімнің жыныс, жас және туыстық, жақындық қатынасына қарай үлкеннің атын атамау әдетіне байланысты өзгеріп отырады, әркім өз бетімен ат қояды.

Төңкерістен бұрын балаларын ерте үйлендіретіндіктен 17—18 жасар әкелерді олардың балалары әке деп ешуақытта айтпайтын, олар балаларының ағасы тәрізді болатын да, көбінесе әкесін "аға" дейтін. Ал "әке" деп немерелері үлкен әкесін (әкесінің әкесін, бабасын) айтатын. Үлкен әкесінің ағасын үлкен ата, інісін кіші ата десе, өз әкесінің ағасын үлкен аға, кейде ата, інісін аға, көке, ағатай немесе шешесінің оларға қойған атына ағатайды қосу (шырақ ағатай, інішегім ағатай, кенже ағатай); немесе олардың аттарына ағатайды қосу (Смағұл ағатай, Жүсіп ағатай), кейде балалардың өздері ерекше ат қойып, оған ағаны қосу (Тәтті аға) арқылы атайтын.

Үлкен әкесін, яғни бабасын "ата" деп те атай береді. Бірақ әке, баба деген атаулар тікелей туған аталарына тән сияқты да, "ата" деген атау әкесінің, бабасының туысқандарына тән сияқты. Сондықтан арғы аталарымыз дегенде туған атасын да, олардың туыстарын да қосады, ал бабаларымыз дегенде, тек өздерінің туған әкесінің, әкесінің әкесі сияқты жоғарылай беретін тікелей қандастықты көрсетеді.

Үлкен әкесінің не әкесінің апа-қарындастарын көбінесе апай, бәлен апай, түген апай, апатай немесе тәте дейтін. Қыздар бой жетісімен бөтен елге ұзатылғандықтан, оларға көп ат қойып үлгермейді де. Сондықтан оларды көбінесе апай атандыратын.

Қазақ дәстүрінде ат тергеу ғұрпы әсіресе келіндерден қатты талап етілетін. Бұл туралы әдебиетте бірінші рет Н.Ильминский "Күйеуінің туыстарының атын келін ешуақытта атамайтын. Оның - аға-інілеріне, апа-қарындастарына арнайы ат қоятын" деп көрсеткен. Келін тарапынан ат тергеу күйеу туыстарының жасына, жынысына, туыстық қатынасының алыс-жақындығына байланысты. Бұл арада келіннің тапқырлығы, байқағыштығы да оған көп көмек беретін. Өйткені әркімнің әр түрлі сырттай, іштей ерекшеліктеріне, мінез-құлқына қарай ұнамды аттар қоя білу кез келген кісінің қолынан да келе бермейтін.

Жаңа түскен жас келіндер түскен үйдің баласы болып кетеді. Сондықтан күйеуінің үлкен әкесін "әке" не "ата" десе, әжесін "әже" дейді. Ал күйеуінің әкесін оның аға-інілерін "үлкен ата", "ата", "кіші ата" дейді. Күйеуінің ағаларына "үлкен аға", "жақсы аға", "ағакем", "көке" деген аттар қойса, інілеріне "сал жігіт", "молда жігіт", "мырза жігіт", "ортаншым", "те-телес", інішегім", "кенже" т.б. қайын сіңлілеріне "шырайлым", "еркежан", "еркем", "еркешім", "молдақыз", "айдарлым", "кекілдім" т.б ал бұрын ұзатылған қыздарды "апа" деп, не олардың күйеулерінің аттарымен бәлендегі қыз, түгендегі қыз дей салады. Мұнымен бірге жас келіндер күйеуінің бірге туған немере, шөбере туыстарының өздеріне де жоғарыдағыдай ат қоюмен қатар, олардың әйелдеріне, яғни абысын-ажындарына да "үлкен апа", "апа", "кіші апа", "жақсы апа", "жеңеше", "бәлен апам", "түген жеңешем" сияқты атай береді, келіннің түсуінен бұрын туған күйеу ағаларының балаларына ат қояды. Ал өзі келін боп түскеннен кейін туған күйеуінің туыстарының қандай ұрпағының болсын балаларының атын атай береді. Сол сияқты жеңгелерінің келін боп түсуінен бұрын туғандары жеңгелеріне де "жеңеше", "тәте" сияқты аттар қояды.

Әркімнің туыстық жақындығына, туыстар арасындағы жалпы қауым алдындағы алатын орны мен беделіне қарай орынды ат қойғыш келіндерді халық аса ұнатады. Мәселен, би, болыс боп жүрген қайнағаларын "би ата", "би аға", "болыс ата", "болыс аға" дей беретін. Әдепті келіндер ат тергеуге соншалықты мән беріп, сыйлы үлкен адамдардың аттарын атауды өзіне кешірілмес күнә деп есептейтіндері сондай, олар өзі атын атамайтын сыйлы қайын ата, қайын ағалармен аттас бөтен адамдардың да аттарын тура атаудан именіп, айталық — "қажы аттас", "қажы атам аттас", "ағаекем аттас" дейтін.

Қазақ аттары жер, су, аң, құс және төрт түлік мал атауларымен байланысты да қойылғандықтан, ондай атаулардың өзін өзінше өзгертіп айтатын. Мәселен, атын атамайтын адамдардың аттары Сарыбай, Сұлушаш, Бүркітбай, Биеке, Бүйен дейік. Мұндайда келіндер Сарысу өзенін — шикілсу десе, Сұлу төбе деген жерді — әдемі төбе, Бүркітті — қыран, биені - сауар, малдың -бүйенін жуанішек, көтеншегін өрістік деп өзгертіп айтады. Кейде атамайтын кісілермен аттас болған бөтен адамдардың аттарын да өзгертіп айтатын. Айталық, Мәмбетті - Самбет деп өзгертсе, Әліні - Сәлі, Тұрсынды -Мұрсын, Ахметті — Сахмет, Жақыпты — Мақып, Сартбайды — Талқыаяқбай, Ноғайбайды - Абзибай т.б.

Халық дәстүрі бойынша ауылдағы қарт кісілер мен қайнағаларының аттарын атамау үшін оларға мазмұны бір басқа баламалар табатын. Мәселен, Қасқырбайды — Бөрі ата, Қазыбайды - Топ ата, Айтуғанды – Түнгі жарық, Алтынбайды — Бестен артық, Қыстаубайды — Көң ата деп те атай беретін.

Қазақ әйелдері күйеулерінің де атын атамай, оларды "отағасы", "біздің үйдің кісісі", "әлгі" немесе үлкен балаларының атымен бәленнің, түгеннің әкесі дейтін. Күйеуінің құрдастарының атын да атамай, оларды "құрдас" атандыратын.

Келіндердің ат тергеуіне қазақ жұртшылығы көп мән бергендіктен, қойылатын, өзгертілетін аттардың түрі, үлгісі өте көп оның бәрін келтірудің қажеті де жоқ, мүмкін де емес.

Ат тергеудегі қазақ әйелдерінің аса ізгілігі мен тапқырлығын дәлелдейтін, әдеби мұраларда кеңінен тараған бір аңызды келтірейік.

Бір келіннің қайын жұртында Көлбай, Бұлақбай, Қамысбай, Қасқырбай, Қойлыбай, Қайрақбай және Пышақбай дейтін қайнағалары болса керек. Бір күні суға барған келін кішкене бұлақтың аржағында, көлдің бер жағындағы қамыс ішінде қойға тиген қасқырды көріп, шелегін тастай салып ауылға жүгіріпті де, үйге жетер жетпесте атасына көзі көрген жағдайды "Ата-ата! Сарқыраманың ар жағында, жылтыраманың бер жағында, салдыраманың ішінде маңыраманы ұлыма жеп жатыр, жанымаңызды білемеге білеп-білеп алып, тез жетіңіз" деп баяндапты-мыс.

Қазақ дәстүрінде үлкеннің атын атамай, оған арнайы ат қойып, оны өле-өлгенше есінде сақтауды үлкен әдептілік, көргенділік деп есептейтін де, ондай адамдарға барша жұртшылық дән ризалықпен қарайтын. Өйткені кіші үлкенді сыйласа, үлкен өз тарапынан кішінің кішілігін сыйлауы - халқымыздың қанына сіңісті болған абзал әдет.

Сөйтіп, қазақ халқындағы туыстық қарым-қатынас негізінен жеті атаға дейін созылып, одан әргі қатынас құдандалық байланысқа айналды. Бұлай дейтініміз қазақта экзогамиялық тосқауыл ру ішіндегі жеті атаға дейін берік сақталуы, ал сегізінші ұрпақтардың бірімен-бірі некелесуге хақы бар.

Жеті атаға дейінгі туыстық қатынастың қазақ арасында күшті болғандығын классификациялық туыстық жүйенің қазақтағы мол атаулары да дәлелдегендей. Мұндай туыстар арасында бірін-бірі қысылғанда қолдау, өзара көмек әрдайым болып тұратынын да жоғарыда айттық.

Туыстық жүйе атауларымен бірге қазақта құдандалыққа негізделген жақындық атаулары да молшылық. Бірақ бұларға байланысты атау үш-төрт ұрпақтан аспайды да, құдалар арасындағы қарым-қатынас осы шеңбердің көлемінде ғана болып тұрады.
3.4 Қазақ халқының ойын-сауықтары
Оның түрлері көп болған. Мақсаты да әр қилы. Ең алдымен уақытты көңілді өткізу, жастардың басын біріктіру, бірімен-бірін таныстыру. Сонымен бірге әрбір ойын-сауықтың жастарды сергітуден басқа, белгілі тәрбиелік мәні де болған. Әрине, ойын-сауықтың әр халықта да болғаны да, бары да рас. Қашанда еңбек пен ойын-сауық қатар өмір сүреді. Жақсы жұмыс істеу үшін мазмұнды дем алу керек.

Енді қазақ арасындағы ойын-сауықтардың кейбір түрлеріне тоқтамақпыз. 1) Ойын-сауық алдымен елді сергітіп, көңілін көтеруге қажет. «Көтермесең көңілді кір басады» дейді қазақ әндерінің бірінде. 2) Ойын-сауық жастардың талантын саралау үшін де қажет. Кім неге ыңғайлы, кімнің қабілеті өнердің қай саласында, ойын-сауық арқылы соны байқауға болады: өлең айту арқылы кімнің әншілік қабілеті қанша дамыған, дауысы қандай т.б. 3) Ойын-сауық жастарды пайымдаушылыққа, тапқыштыққа үйретеді. Мәселен жұмбақ айту. Тіпті орта ғасырларда дүниеге келген «Кодекс Куманикусте» мынадай жұмбақтар болған. Олар әлі күнге дейін айтылып келеді. Айталық: «Ертемен тұрдым, атып ұрдым» (етік); «Ертемен тұрып, екі аяқ жолға түстім» (шалбар); «Қара сиырым қарап тұр, қызыл сиырым жалап тұр» (ошақтағы қазан мен от); «Аяғы жоқ, қолы жоқ, киімі жоқ, қарны тоқ» (ұра) т.б. Жастар арасында кең дамыған ойындардың бірі — жаңылтпаш айту. Ол арқылы тіл ширатылған. «Аңға шықтым, ілінгенін сіліктім, қайырыла бере қарсақ сіліктім, бір аяғын ақсақ сіліктім» немесе «Қамшы өретін — таспа, үй салатын — таста, тасты деме таспа. Таспаны деме, тас па?!» т.б. Сөйтіп ойды дамыту үшін жұмбақтар, тілді щынықтыру үшін жаңылтпаштар айтқан.

Адамның байқау, пайымдау қабілетін дамыту үшін «ұшты-ұшты» сияқты ойындар болған. Мәселен «ұшты, ұшты, тырна ұшты», — деп хабарлайды ойын жүргізуші.

Отырғандар: жүргізушінің айтқаны дұрыс болса, орындарынан ұшып тұрулары керек. Ойын тәртібі бойынша, мұнда тұрмаған кісі ұтылады. Ал егер, жүргізушінің айтқаны әлгі мысалдағыдай емес, бұрыс болса, айталық, «ұшты-ұшты, тырма ұшты» десе тұрған ұтылады. Өйткені тырна ұшады, ал тырма ұшпайды. Ойын тәртібі бойынша пайымдауы баяу адам ұтылады. Оған қалғандары ду күліп, айыбына өлең айтқызады.

Сонымен бірге табанда кемінде бір ауыз өлең шығаруды дамыту үшін «орамал тастау» ойыны болған. Ойын, тәртібі бойынша, қолында бір ұшы түйілген орамалды қыз болса отырған топ ішіндегі бір жігітке, ал жігіт болса соны бір қызға тастайды. Орамал түскен адам орнынан тұрып, бір ауыз өлең айтып, орамал тастаған кісіден оның күміс теңгесін алады. Ертеде бұл ойынның реакциялық жағы болды. Ол былай болатын: орамал тастаған кісі теңгені тістеп тұрады, ал орамал түскен адам, өлеңін айтып болған соң, әлгі теңгені ауызға тигізіп, тістеп алады. Мұның денсаулыққа зиянды жақтары да болды. Сондықтан, өлеңді кейін былай айтатын: «Орамал келіп түс ыйығыма, көзіңнің қайдан түстім қиығына, шынымен көңіліңіз бізде болса, теңгеңді аузыңдағы, қолыңмен бер». Немесе: «Теңгеңді қолыңдағы аузыңмен бер» деп сүйіскендей етіп алған. Елде құрт ауруы көп болған кезде, бұл ойын арқылы оның жұқпауына кім кепіл еді?

Бір кездерде қазақтарда бұрын «би» өнері болмаған деген ұғым тарағанды. Бірақ ол пікірдің теріс екендігіне археологтардың Шолақ тауда, Таңбалы тас сайындағы тасқа салып қалдырған қыз бен жігіттің биін, сондай-ақ қоршауланып тұрып қол ұстасып, көп адам боп билейтін, биін бейнелеген суреттерді тапқаны айқын дәлел болады.

Адам баласы тарихында қашанда еңбек пен сауық, қасірет пен қуаныш, қайғы мен ойын-күлкі қатар жүргені белгілі. Соның бір дәлелі өлең-жырмен қатар қазақтарда «Қара жорға», «Ор теке», «Қаз қатар», «Қоян, бүркіт», «Өрнек би», «Насыбайшы», «Тепен көк», «Аю би» сияқты билер болған. Қазақ билерінде, олардың аты айтып тұрғандай, күнделікті өмірді бейнелеуден туындаған аңға шығу, жүн сабау, ұршық иіру, кілем тоқу, киіз басу сияқты еңбек тәсілдерін бейнелеген. Оны биден анық байқауға болады. Олар қазақ опералары мен балеттерінде қолданылады.

«Би» деген сөздің этимологиясы да дене кимылымен ел басқару арасында тығыз байланыс болғанын байқатады. Мәселен, «би» деп музыка ырғағына сай дене қимылын жасаумен қатар елге шешім айтатын адамды да «би» деп атады. Өйткені, олардың негізі бір — өнер. Ерте замандардағы тыйымдар, айталық аңға шығу адам өміріне қауіпті болғандықтан, аңшылар дем алсын, күш жинасын деген талаптан туындаса, аңнан олжалы қайтқанда, от жағып, алау маңына жиналып өлең айтып, билейтін болған, көңіл көтерген. Тастағы суреттер содан хабар береді. Өмірдің бір тыйымы, бір еркіншілігі бар, өйткені олар аралас өмір сүрген.

Жастардың бірімен-бірі кездесіп, жарасуы үшін ойынның басқа да түрлері болған. Мәселен «Алты бақан». Қыздар мен жігіттер тербетіліп ойнап, қосылып ән салған. Бұл ойынды көбінесе жаздың, күздің кешкі салқынында ойнаған.

Қыздар үйде, балалар сыртта ойнайтын тағы бір ойын «Асық». Асықты тізіп қойып, қорғасын құйған сақа асықты шүйіріп лақтырып, қалған асықтарға тигізіп, қоршаулы сызықтан шығару. Бұл балалар ойынының ең ерте, ең алғаш шыққан түрі болса керек. Бірақ, ойынға салынып, құмар боп кетпес үшін, қазақ одан қорғануды да жастардың құлағына құйып отырған. «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, көтен жеген озар» деген соның айғағы. Қазір де біреу бильярдты ермек, машықтану үшін ойнаса, енді біреулер, ақша тігіп ойнайды. Асық ойынына да соны айту керек. Әлгі мақал осыны ойға салады.

«Күзет» — ауыл жігіттері мен қыздары түнде таң атқанша от жағып жылынып ойнайды. Сонымен бірге малды қыста да, күзде де күзетеді, өздері де бірімен-бірі кездесіп, мауқын басады.


Каталог: sites -> default -> files -> kitap
kitap -> Л. С. Динашева K. У. Қарабаева Әлемдік өркениеттер тарихы шымкент 2016
kitap -> «Ғылыми педагогикалық зерттеу әдістемесі» пәнінен (дәріс жинағы) Шымкент-2017ж
kitap -> ТҮсіндірме жазба пәнді оқыту
kitap -> ТӨлеген ұ. Ш., Жанысбеков м.Ә. ҚАзақстанның Қазіргі заман тарихы пәнінен студенттердің даярлығын жетілдіру
kitap -> Р. Д. Дарібаева Қазақстандағы педагогика ғылымының дамуы
kitap -> Естественные и педагогические науки
kitap -> Қалмұрзаев қ. С, Орынбасар қ. О., Рахымбаев б. О. ҚАзақ КҮресінің ОҚыту әдістемесі
kitap -> ТҮсіндірме жазба пәнді оқыту


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет