Казнпу им. Абая Доцент Увалиев Т. О. ҰЛАҒатты ұстаз



Дата09.08.2017
өлшемі143,18 Kb.
#23151
КазНПУ им. Абая

Доцент Увалиев Т.О.

ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ

Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының иегері, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетіндегі «География және экология ғылыми-әдістемелік орталығының» жетекшісі, география ғылымдарының докторы, профессор Бейсенова Әлия Сәрсенқызының ерелі еңбегі мен өнегелі өмір жолы жайлы құндылыққа толы деректер мақаламыздың мазмұнына арқау болып отыр. Бүкіл саналы ғұмырын білім мен ғылым саласына арнап келе жатқан құрметті ұстаз, ірі ұйымдастырушы, аталмыш оқу ордасының түлегі, әрі оның аса көрнекті де талантты өкілдерінің арасынан айрықша дараланып көзге түсетін зерделі ғалым, академик апайымыз 85 жасқа толып отыр. Әдетте ғылым жолында үлкен жетістіктерге жеткен және ғылыми-әдістемелік жұмыстарға аса жетік білгір адамға ғана берілетін академик деген мәртебелі атақ ұлағатты ұстаздықпен қатар келген, әмбебап ғалым әрі әдіскер, болмысындағы табиғи дарын мен қажырлы еңбек егіз ұштасқан, отандық экология және география ғылымдарының көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосушы ғалымдардың бірегейі – Әлия Сәрсенқызын бүгінде бүкіл еліміз айрықша мақтанышпен айтады.

Академик Бейсенова Ә.С. – жаратылыстану және қоғамдық ғылымдарды бір-бірімен ұштастырып отырған қазіргі география ғылымының жекелеген салаларымен қатар, онымен тікелей байланысты: экология, экономика, туризм бағытының да өркендеп дамуы жолына зор үлес қосқан әрі осынау игі істерге зор еңбек сіңірген, алыс және жақын шетелдерге аса танымал ғалым. Еліміздің ертеңін ойлай әрі оның болашағын алыстан болжай отырып, экономиканың тың туризм саласын дамыту мен туған жеріміздің экологиялық жағдайына алаңдаған ол – осынау өзекті проблемаларды шешу мәселесін Қазақстан, қала берді бүткіл Орта Азия республикалары бойынша көтерген тұңғыш ғалым-географ. Ең алдымен бұл көкейкесті мәселені жүзеге асырудың өзегі, оларға қажетті кадрлар даярлау ісі деп түйген Әлия Сәрсенқызы, уақыт оздырмай экология мен туризм салалары үшін мамандар дайындау ісіне белсене кіріседі.

Мұның айғағы, Ә.С.Бейсенованың бастамасымен және тікелей ұйымдастыруымен біздің оқу орнымызда сонау 1980-1990 жылдардың тоғысында-ақ «Туризм», «Экология», «Халықаралық туризм» мамандықтары мен «География» мамандығы аясында «География және экология», «География және экономика негіздері», «География және туризм» мамандандыруларының ашылуы арқылы жоғарыда аталған аса зәру мамандықтар мен қосымша мамандандырулар негізінде сол кезде-ақ еліміз үшін таза эколог және туризм мамандары мен олармен шектес қосарлы мамандықтар бойынша педагог-кадрлар даярлау басталған еді. Осыған орай, Ә.С.Бейсенованың жетекшілігімен олардың негіздемелік құжаттары, оқу жоспарлары мен типтік бағдарламалары түзіліп жасалды. Бұларға қатысты тың пәндер мен жаңа арнаулы курстар аталмыш мамандықтардың оқу жоспарларына енгізіліп және олардың жоғары оқу орындарына арналған, әсіресе төл тіліміздегі оқулықтары мен оқу-әдістемелік құралдары жарыққа шығарыла бастады. Бұл бағыттағы осы ұлағатты іс күні бүгінге дейін өз жалғасын тауып, жыл сайын оларды жүзден астам жас мамандар бітіруде. Сол кездері факультет деканы болған профессор Әлия Сәрсенқызының басшылығымен осы мамандықтар мен оның қосымша мамандандырулары бағыттары бойынша маман-кадрларды бейінді дайындау мақсатында жаңа кафедралар («Туризм», «Экология», «Елтану және әлеуметтік-экономикалық география», т.б.) мен зертханалар («Ландшафттар экологиясы», «Жер қойнауын қорғау», т.б.) мен орталықтар («Гид-экскурсоводтар даярлау», т.б.) құрылып, олар тиісінше білікті ғалымдармен және тәжірибелі оқытушылармен жасақталды.

Өткен ғасырдың 70-ші және 80-ші жылдары Абай атындағы ҚазПИ-дің жаратылыстану-география факультетін бітіруші түлектердің естеліктеріне құлақ түрсек, ұстаздық қызметінде Әлия Сәрсенқызы сол кезден-ақ сабақ барысында өзіне де, студенттерге де аса жоғары талап қоюымен ерекше дараланып тұратын тұлға екендігін айтады. Әсіресе ол, студенттер қауымын географияның тектоника, гидрология, климатология, геоморфология, геоботаника, зоогеография, палеогеография тәрізді күрделі салаларын, тарихи география, геология, қазба байлықтардың қалыптасуы мен таралу заңдылықтарын білуге үйретті. Сонымен қатар қолданбалы мәні бар топонимика, рекреациялық және инженерлік география бағыттарынан хабардар болуға, географияның басты құралы – картографиялық нысандармен, топографиялық түсірілімдермен және план-карталармен жұмыс істей білуге, ғылыми ізденістермен айналысуға бейімдеді. Географиялық өлкетанушылық үйірме жұмыстарын тұрақты жүргізіп, маусымдық және алыс кешенді оқу-далалық практикаларына қатыса жүріп, экспедициялық жұмыстарға бағыт-бағдар беретін.

Ә.С.Бейсенованың өмірлік тәжірибесі мен оның білім нәріменен сусындату, оқу-әдістемелік ізденістерді тереңдету бағытындағы еңбектері де сол кезеңдегі жас ізденушілердің шығармашылық көзқарасын қалыптастыруға өзіндік ықпалын тигізді. Сонымен қатар көп қырлы ғалым-апайымыз тәлім-тәрбие жұмысына аса ден қоятын, оны да кезінде факультетімізде Әлия апайымыз басшылық жасап педагогика кафедрасының оқытушыларыменен бірлесе жүргізген «Кел қыздар, сырласайық», «Жас алтынсариншілер» клубтарының, «Білім» және «Студенттердің ғылыми қоғамының» өте белсенді ағымдағы жұмыстарынан көріп-біліп жүрдік. Осынау оқу-білім, ғылыми-зерттеу, тәрбие және қоғамдық еңбектерінің нақты нәтижесі ретінде қазіргі таңда институт қабырғасында табысты қызмет атқарып жүрген оның көптеген шәкірттерін ауыз толтырып айтуға болады. Әлия Сәрсенқызы озат оқыған және қоғамдық жұмыста белсенділік танытқан түлектерді ұстаздық қызметке тарту және аспирантура мен тағлымдамаға жолдамалар беруменен қатар, оларға қолайлы жағдайлар да туғызып отырды. Мәселен, соның бірі – кафедраларымызда ары қарай тағлымдамаларын жалғастыруға немесе жұмысқа қалдырылған жастардың көбісінің пәтерлі болуларына жәрдемдесіп тікелей қолғабыс жасап отырды.

Ендігі жерде академик Ә.С.Бейсенованың өмірбаянына қысқаша шолу жасасақ, ол – 1932 жылдың 25 наурызында Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының Көнек деген жерінде дүниеге келген. 1954 жылы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының география факультетін үздік бітірген. Ол жоғарыда аталған ҚР ҰҒА-ның академигімен (2003) қатар, Қазақстанның «Экология» Халық академиясының академигі (1995), Халықаралық Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі (1996), Қазақстанның білім академиясының академигі (2005), Қазақстан жоғары мектебіне еңбегі сіңген қызметкер (1987) және ҚР Президентінің жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағының иегері (2014) атанды. Сонымен қатар, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты (2001) және «Қазақстан Республикасының атластық картографиялануы» саласындағы ғылыми жұмыстар топтамасы үшін ҚР ғылым мен техника саласындағы 2013 жылғы мемлекеттік сыйлығының иегері. Ол 600-ден астам ғылыми еңбек жазған, оның ішінде монографиялары, оқулықтары мен оқу құралдарының өзі 70-тен асады.

Алпыс жылдан астам уақыттан бері Бейсенова Ә.С. Қазақстан табиғатын зерттеудің тарихымен шұғылданып келеді. Осы тақырыпта кандидаттық (Мәскеу, 1967), докторлық (Баку, 1984) диссертациялар қорғаған, «Қазақстан табиғатын қорғау» (1979), «Қазақстанды физикалық-географиялық тұрғыда зерттеу» (1982), «Алғашқы зерттеушілер» (1987), «Қазақстан табиғатын зерттеу және физикалық-географиялық идеялардың дамуы» (1989), «Қазақстандағы географиялық зерттеулердің тарихи негізі» (2001) атты және т.б. монографиялары жариялаған. Бұл еңбектерде Ә.С.Бейсенова Қазақстан табиғатын зерттеуді тарихи кезеңдер арқылы қарастырып, көне заманнан XX ғасырдың бас кезіне дейінгі табиғаттанудың ұзақ шежіресін жасады. Ол табиғат зерттеу тарихының бүгінгі заман үшін, әсіресе егемендік алған еліміздің табиғи ресурстарын пайдаланудың жолдарын іздестірудегі маңызы мен оның өзектілігін атап көрсетті. Бұл зерттеулер көне дәуір мен орта ғасырлардағы Қазақстан туралы мәліметтерді, Батыс пен Шығыс елдерін жалғастырған алғашқы саяхатшылардың Қазақстан жеріне келуінен қалған деректерді, орыс, қазақ қарым-қатынастары басталған кезден бергі орыс тарихнамасында Қазақстан табиғаты жайлы жиналған материалдарды, Қазақстанның Ресейге бодан болуынан басталған экспедициялардың жұмыстарын жан-жақты қарастырады.

Автор өз зерттеулерінде XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап Қазақстан табиғатын зерттеудің жаңа классикалық кезеңі туғанын, енді зерттеушілердің бұрынғыдай көргенін тізе бермей, Қазақстан табиғатының түзілу мен қалыптасу жолдары, олардың заңдылықтары жайлы ойлаудың және ізденудің басталғанын жаза келе – Л.С.Бергтің, П.П.Семенов-Тян-Шанскийдің, Н.А.Северцовтың, И.В.Мушкетовтың және т.б. Қазақстан жеріндегі зерттеулеріне тоқталып, оларға жан-жақты талдау жасайды. Ә.С.Бейсенованың жүргізген арнайы зерттеулерінде қазақтың тұңғыш географ-ғалымы, саяхатшысы, орыс географиялық қоғамының толық мүшесі – Шоқан Уәлихановтың географиялық мұрасын саралауға кеңінен орын берілген. Бұлардың еңбектері арқылы туған жеріміз табиғатының тарихына байланысты теориялық идеялардан автор Арал-Каспий аймағының геологиялық-географиялық тарихына, Тянь-Шань тау жүйесінің оротектоникасына, табиғатты зоналарға бөлу мен аудандастырудың ұстанымдарына кең тоқталады. Автордың осы бағыттағы монографиясы республиканың географ және тарихшы ғалымдарының зор бағасына ие болып, оған Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығы берілді.

Ә.С.Бейсенованың бұл саладағы еңбектерін, Тәуелсіз мемлекеттер достастығының ғалымдары: Н.А.Гвоздецкий, Ф.Н.Мильков, А.И.Соловьев, Н.Г.Фрадкин, В.А.Есаков, О.Р.Назаревский, А.И.Федосеев, М.А.Мусеибов, Б.А.Будагов, Н.А.Когай, З.М.Акрамов, К.О.Отарбаев, тағы басқалар мен Қазақстан ғалымдары: Г.Г.Муравлев, Н.М.Щукина, А.П.Горбунов, Б.Я.Двоскин, Н.К.Мукитанов, Б.С.Сүлейменов, В.Я.Басин, тағы да басқалары жоғары бағалап, өз ой-пікірлерін жазған. Ә.С.Бейсенова география ғылымы үшін жас ғалым кадрларды тәрбиелеу ісіне де белсене атсалысуда. Ол магистранттар мен докторанттардың ғылыми жұмыстарына жетекшілік етуде. Оның ғылыми жетекшілігімен бірнеше докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғалған. Ол – ұзақ жылдар бойы ҚР Жоғарғы Аттестациялық комитеті сараптау кеңесінің мүшесі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің жанындағы және География институтындағы диссертациялық кеңестердің мүшесі болды.

«Қазақстан табиғатын және оның тарихын зерттеу, оның бұрынғы жағдайларын бүгінгі күйімен салыстыра қарау, Әлия Сәрсенқызын Қазақстан экологиясының мәселелерімен қатар туристік-өлкетану жұмыстарыменен шұғылдануға да алып келді. Оның ғылыми-шығармашылық қызметі еліміздегі министрліктер, әкімдіктер, экологиялық және географиялық бағыттағы ғылыми мекемелермен тығыз қарым-қатынаста өрбіп келеді, көптеген іргелі зерттеулері олардың жоспарларына енген, әрі олардың жұмыстарын сараптау ісіне қатысуда. Ол, сол кездегі «Геология және кен қойнауын қорғау», «Экология және табиғатты қорғау» министрліктерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеді. Оның басқаруымен Білім және ғылым министрлігіне қарасты География институтының жоспары бойынша «Экологиялық тұрақсыз аудандардың ландшафты мен олардың ресурстық мүмкіндігін бағалау», «Қазақстан Республикасы тұрақты дамуының географиялық негіздері» атты ірі зерттеулер жүргізілді. 2006 жылы ҚР айнала қоршаған ортаны қорғау министрлігі мен ҚР ғылым және білім министрлігінің География институты бірлесіп Ә.С.Бейсенованың қатысуымен үш томдық Қазақстанның Ұлттық атласын жасап шығарды. Ол – «ҚР тұрақты дамуының географиялық негіздері», «Шөлді ландшафтардың техногенді әсерден өзгеру заңдылықтарын экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде тұрақты даму стратегиясын қамтамасыз ету үшін зерттеу» атты және т.б. іргелі зерттеу бағдарламасына қатысқан, қазір де «ҚР туристік кластерді қалыптастыру» мәселелері мен «Еліміздегі моноқалалар дамуының экологиялық-географиялық аспектілері» бағытында үлкен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастыруда. Әрі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің география факультеттерінде дәріс оқып, олардағы іргелі ғылыми-зерттеу жұмыстарына да атсалысуда.

Ә.С.Бейсенованың ғылыми-педагогтік қызметінің үлкен бір саласы – Қазақстандағы жоғары оқу орындары мен орта мектептер үшін оқулықтар мен көмекші құралдарын, бағдарламалар мен оқу-әдістемелік кешендер жасау және оны шығару ісімен байланысты. Кезінде, ол аударуға қатысқан оқулықтар ішінде «КСРО-ның физикалық географиясы», «Географияны оқыту әдістемесі», «Практикалық жұмыстар», «Материктердің физикалық географиясы бойынша бақылау жұмыстары» сияқты және орта және жоғары мектептерге арналған А.Н.Лаврищевтің «Экономикалық география», «КСРО-ның физикалық географиясы» атты кітаптар, әртүрлі бағдарламалар мен әдістемелік құралдар да бар. Кейіннен ол – Қазақстан географиясы бойынша оқулықтар жазуға араласты. Оның қатысуымен жазылған (Қ.Карпеков, М.Қалиев, Н.Молдағұловпен бірлесіп) орта мектептің VIII сыныбына арналған «Қазақстанның физикалық географиясы», 1992 жылдан 1999 жылға дейін үзбей басылым көрді. Оны қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр мектептері пайдаланды. 2000 жылдан бастап ол – ҚР орта мектептеріне арналған жаңа буын оқулықтарын жазу үшін авторлық ұжымдар жасақтауға атсалысады. Өзі де бұған белсене қатысып, орта мектептер үшін «Материктер мен мұхиттардың географиясы» (VII сынып), «Қазақстанның физикалық географиясы» (VII сынып), «Экология» (IX сынып), «География. Дүние жүзіне жалпы шолу және ТМД елдері» (X сынып), «География. Дүние жүзіне аймақтық шолу» (XI сынып) атты жаңа буын оқулықтары мен оқу құралдарын жазды және олар бірнеше рет басылым көру арқылы қазір де қолданыста. Әлия Сәрсенқызы еліміздің тарихында бірінші рет «Қазақстанның физикалық географиясы», «Экология», т.б. оқу курстарынан электронды оқулықтар жасауға тікелей атсалысты және бұл оқулықтар да қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр тілдерінде басылым көрген. «Қазақстанның географиялық атласын» да жасады, ал 2002 жылы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланған бұл атлас – мектеп оқушылары үшін ғана емес, жалпы Қазақстан табиғатын білуге құштар көпшілік қауым үшін зор көмек болғаны даусыз. Осы 2000 жылдардан бастап академик апайымыз аса көрегендікпен жаратылыстану ғылымдары бойынша «Қазақша-орысша-ағылшынша-түрікше экологиялық түсіндірме сөздік» пен «Жер туралы техникалық ғылымдар терминдерінің қазақша-орысша-ағылшынша сөздігін жасаудың негізгі проблемалары» деп аталатын іргелі зерттеулерін жүргізу барысында үш тұғырлы тіл саясаты мәселесін жүзеге асыруды қолға алып, нәтижесінде олар жеке басылым ретінде жарыққа шықты.

Бейсенова Ә.С. жастайынан бастап қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысып келеді. Ол бүкілодақтық географиялық коғамның тексеру комиссиясының мүшесі болған, Қазақстан географиялық қоғамының төралқа мүшесі болып сайланған. Қазақ энциклопедиясының география жөніндегі редакциялық кеңесінің мүшесі болды, Ұлттық Білім академиясының география жөніндегі оқу-әдістемелік кеңесінің төрағасы, 1998-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Отбасы және әйелдер істері жөніндегі» ұлттық комиссиясының мүшесі болды, қазір осы комиссияның Алматы қалалық бөлімінің мүшесі. Ел астанасын Ақмолаға көшіру мәселесінде – біраз жұртшылық бұған екі-ұдай, тіптен кейбір қарсы да пікірлер білдіріліп жатқанда, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бұл бастамасын академик Ә.С.Бейсенова алғаш қолдағандардың сапында болып, оның тек географиялық орталық қана емес стратегиялық маңызын да ғылыми тұрғыдан дәлелдей отырып, өзінің тиянақты ойын еліміздің бас газеті «Казахстанская правда» бетінде жариялаған болатын. Ал Әлия Сәрсенқызының соңғы жылдардағы ғылыми-зерттеу жұмыстары географияның экономикамен өзара байланысын зерделеуге, қазақстандық патриотизмді орнықтыру мен «Мәңгілік ел» бүкілхалықтық идеясын «Қазақстан – 2050» стратегиясы аясында жүзеге асыру жолына бағытталған, осы аталған мәселелер бойынша және білім берудің қолданыстағы оқу бағдарламаларына мәңгілік ел құндылықтарын енгізу жайлы да оның қомақты еңбектері жарық көруде.

Елбасымыз әрдайым, өзінің жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында білім мен ғылым салаларын үнемі назарынан тыс қалдырмауда. Мемлекет басшысының кезекті биылғы жылғы Қазақстан халқына жолдауында да, негізгі басымдықтың бірегейі ретінде – адами капиталдың сапасын жақсарту деп атап көрсетілген. Жалпы «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасы, Индустрияландырудың екі бесжылдығы, «Бес институттық реформа» және оны іске асырушы «Жүз нақты қадам» Ұлт жоспары – бәрі-бәрі біздің еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Ұлт жоспарынан туындайтын басты тапсырмалардың бірі – елімізде жаңаша білім беру жүйесін қалыптастыру. Осы орайда білім беру жүйесінің мән-мазмұнын жаңғырту, оқу бағдарламаларын сыни ойлау қабілеттілігі мен өз бетінше іздену дағдыларын дамытуға бағыттау мәселесінде де да академик Ә.С.Бейсенова басқаратын университетіміздегі «География және экология ғылыми-әдістемелік орталығы» өзінің жемісті жұмыстарын жалғастыруда.

Мәселен аталмыш орталық, республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығымен бірлесіп «Жаратылыстану ғылымдары бойынша білімді жаңартылған мазмұн жағдайында оқыту» атты айдармен – география, биология, химия және экология пәндері бойынша мектеп мұғалімдеріне арналған оқу семинарын өткізуді әдетке айналдырған. Атап айтсақ, былтырғы жылдың өзінде жоғарыда аталған пәндердің жаңғыртылған бағдарламасы аясында біздің оқу орнымызда екі (2016 жылдың 5-8 қаңтар және 1-4 қараша аралығында) мәрте республикалық оқу семинары өткізілді. Мұнда, «Назарбаев зияткерлік мектебінің» тәжірибесін ескере отырып, Назарбаев Университеті жанынан құрылған «Педагогикалық шеберлік орталығынан» арнайы дайындықтан өткен университетіміздің белгілі оқытушы-профессорлар құрамы еліміздің түрлі аймақтарынан келген жаратылыстану, экология және география пәндерінің мұғалімдеріне алдын-ала жоспарланып орталықпенен бірлесе дайындалған арнайы бағдарлама негізінде дәрістер оқып, қолданбалы тұрғыдағы сабақтар мен тренингтер жүргізіп, тәжірибе алмасу бағытындағы іс-шаралар өткізді. Жаһандану заманына орай оқытуда дәстүрлі емес әдіс-тәсілдер мен жаңа технологияларды қолдану, осы тәріздес т.б. өзекті мәселелер талқыланып және көптеген соны құндылықтар айшықталынды. Семинар барысында білімді де білікті кәсіби мамандар даярлаудағы бірізділікті орнықтыру мақсатында орта және жоғары мектеп арасындағы өзара тығыз байланыстың өте қажеттілігі айқын байқалынып тұрды. Әрине бұл игі істің ұйытқысы да, әрі ұйымдастырушысы да аталмыш орталықтың жетекшісі – Әлия Сәрсенқызы екені айтпаса да түсінікті.

Ә.С.Бейсенованың ғылыми-педагогтік, қоғамдық еңбегі үкімет тарапынан жоғары бағаланып, бірнеше рет мадақталған. Ол – «Еңбек ардагері» (1987) медалімен, Ыбырай Алтынсарин медалімен (1988), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001) медалімен марапатталған. Сонымен қатар «КСРО Жоғары білім саласындағы үздік табыстары үшін» (1983), «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» (1980), «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жоғары мектеп қызметкері» (1987), «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» (2014) және т.б. құрметті атақтардың иегері. Әлия Сәрсенқызы және «Құрмет» орденімен (1996), «Парасат» орденімен (2007), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» медалімен марапатталған.

Жалпы Әлия Сәрсенқызы Бейсенованың ғылыми-шығармашылық, қоғамдық істері Қазақстан Республикасынан сырт елдерге де мәлім. Ол Мәскеуде, Санкт-Петербургте, Бакуде, Ташкентте, Бішкекте, Киевте, Қазанда және т.б. қалаларда талай рет ғылыми конференциялар мен симпозиумдарға қатысып баяндамалар жасаған. Сонымен қатар алыс шетелдерде, мәселен Ұлыбритания, Египет, Сирия, Ливан, Грекия, Түркия, АҚШ, Италия және тағы басқа мемлекеттерде географияның теориялық және методологиялық проблемалары жайлы ой-пікірін шетелдік ғалымдар арасында талқылаған. Соның бір дәлелі, 1999 жылы АҚШ астанасы – Вашингтонда әйелдер қозғалысының жиынында жасаған баяндамасы арнайы мақтау қағазбен атап өтілді. Қазақстан экологиясын зерттеу саласындағы құнды еңбектері үшін Американың биографиялық институты Ә.С.Бейсенованы «2006 жыл әйелі» деп танып, ол арнаулы медальменен марапатталды.

Тәжірибелі тәлімгер-ұстаз, әрі әдіскер-ғалым Әлия Сәрсенқызы – ғылыми-педагогтік іске аса шынайы берілген, маңайындағы адамдарға өте мейірімді, әрқашан қол ұшын беруден тартынбайтын, адамгершілік қасиеттері мол, жан-жақты жарасымды жан. Қазақ үшін аса қасиетті сан – жетінші мүшелге толып отырған салиқалы апайымыз әлі де тұғырдан түскен жоқ. Осы орайда академик апайымызға ұзақ ғұмыр және шығармашылдық табыстар тілей отырып, шәкірттерінің құрметіне бөлене беруіне шын жүректен тілектеспіз. Әрине, ұлағатты ұстазымыздың саналы өмірінің ғибратқа толы қызметі жайлы еңбекдерегін бір мақала шегінде жан-жақты толықтай қамту тіптен мүмкін емес. Ұлағатты ғалымның жоғарыда аталған оқу-ағарту ісі мен ғылым саласындағы және ұстаз-мамандар дайындаудағы қажырлы еңбектерін, оның еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы аса үздік жетістіктері мен белсенді қоғамдық қызметін ескере отырып, университетіміздің «Жаратылыстану және география» институтының ұжымы және шәкірттері академик Ә.С.Бейсенованы еліміздің ең жоғарғы марапаты – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына лайықты тұлға деп есептейді.


Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің

«Жаратылыстану және география» институты ұжымындағы шәкірттері атынан:

- Институт директоры, г.ғ.д., профессор Каймулдинова К.Д.;

- Директордың орынбасары, п.ғ.к., профессор Сағындықов А.С.;

- «Елтану және туризм» кафедрасының доценті Увалиев Т.О.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет