Кәукен Кенжетайұлы Кенжетаев «Сегіз қырлы, бір сырлы», табиғат ерекше дарын сыйлаған тарлан өнерпаз. Ол әнші, актер, Қазақ сср-нің халық артисі, Ш



Дата28.11.2016
өлшемі436,54 Kb.
#2739


АЛҒЫСӨЗ
Кәукен Кенжетайұлы Кенжетаев – «Сегіз қырлы, бір сырлы», табиғат ерекше дарын сыйлаған тарлан өнерпаз. Ол - әнші, актер, Қазақ ССР-нің халық артисі, Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты, СССР Кинематографистер Одағының мүшесі, режиссер, драматург, аудармашы. И

Кәукен Кенжетаев – алыптар тобынан қалған әлеуетті тұлға. Арқалы артист, ардақты әнші, Ардагер өнер иесі. Халық әндерінің бағын ашып, көрермен құлағының құрышын қандырған атақты баритон.

Әнші Кәукен Кенжетайұлы ағамыздың ән айту манері, даусының қойылу тәсілі ешкімге ұқсамас өзіндік бояумен өрнектелген. Қою дыбысты дөңгелете зәулім залға лықсытқан кезде театр түңлігі төбеңде діріл қаққандай еді. Әншілік һәм режиссура өнерлерін қатар иемденген Кәукен ағамыздың жазушылық, ұстаздық қасиеттеріне тоқталмау – шығармашылық адамының жан-дүниесімен толық санаспау. Операларға жазылған либреттолары, классикалық әлемдік туындыларды төл тілімізге тәржімелеуі оны әдеби салаға да жақын ете түсті. «Алпамыс», «Алдар Көсенің айласы» сынды әдеби либреттоларымен ел-жұрт таныс, ал, «Қалқаман-Мамыр», «Сапар», «Баян жүрек», «Хұсни-Хорлан», «Кемпір мен шал» деп аталатын либреттолары композиторларымыздың мойнын бұрар мезетін күтіп жатқаны жасырын емес. Елуден астам ән, романс, ариялардың мазмұнын өзге тілден өз тілімізге аудару – қыруар бейнетті талап етеді.

Кәукен Кенжетайұлы – ұстаз, музыкалық комедия актерлерін дайындайтын кафедраның тұңғыш ұйымдастырушысы, көп жыл меңгерушісі, беделді профессоры болды.

Үлкен өнер иесінің кино саласындағы еңбектері де мүлдем қомақты. Отыз шақты көркемтаспаларға түскен киноактер Кенжетаевтың рухани тұлғасы қашан да асқақ. «Боранды бекет» фильмінде Қазаңғап ролін сәтті шығарған актер Кәукен Кенжетаевқа Шыңғыс Айтматов атындағы Халықаралық сыйлық берілді. Оның әншілік, режиссерлік, ұстаздық қасиеттері жазушылық дарынға ұласты.

Қазақ өнерінің ірі тұлғаларының бірі, аса көрнекті қайраткер Кәукен Кенжетайұлы Кенжетаев 2016 жылы 25 ақпанда 100 жасқа толады. Осыған орай Жамбыл атындағы мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы өнер саңлағының өмірі мен шығармашылығына арналған «Қазыналы қария, шежірелі ғұмыр» атты әдістемелік құралын ұсынып отыр.

Әдістемелік ұсыныста өнер қайраткерінің өмірі мен шығармашылығы, кітап көрме- галереясының үлгісі, өнердегі еңбегіне зерттеу, замандастар лебізі, өз аузынан шығып нақылға айналған сөздері, арнау өлеңдер, викториналық сұрақ-жауап пен әдебиеттер тізімі берілген.

Бұл әдістемелік құрал бүгінгі жас ұрпақты өмірден өткен дарын иесі мен таныстырып қана қоймай, ой түйерлік мағлұматтар береді.


Алыптар тобынан қалған әлеуетті тұлға

Қазыналы қария, шежірелі ғұмыр

Арқалы артист, ардақты әнші. Ардагер өнер иесі

Ұлттық өнеріміздің дана корифейі

(Қазақ театр өнерінің майталман саңлақтарының

бірі, әйгілі актер Кәукен Кенжетаевтың туғанына

100 жыл толуына арналған көрме-галереясы)


1 бөлім: «Сахна сәні – Кәукен»
(Бұл бөлімде Кәукен Кенжетаевтың өмірі мен әншілік кезі туралы

материалдар, суреттер қойылады)


Дәйексөз: «Кәукен Кенжетаев классикамыз бен әлемдік інжу-маржандарды халқымызға өз деңгейінде таныта білген сахнагер»

Әшірбек Сығай


2 бөлім: «Кино- ұлт мақтанышы»
(Бұл бөлімде Кәукен Кенжетаевтың ірілі-уақты кинодағы ролдері, режиссер ретінде түсірілген киноларының таспалары, суреттер, ұстаздық кезі туралы материалдар қойылады)
3 бөлім: «Ардагер өнер иесі»
(Бұл бөлімде Кәукен Кенжетаевтың әр жылдарда жазылған өз шығармалары (өлеңдері, аудармалары, әріптестерінің әзіл-қалжыңдарынан жиған-тергендері) және Ол (Кәукен) туралы жазылған мақалалар мен фотосуреттер қойылады)

Ескертпе: жоғарыда өткізетін шаралардың атауларының

варианттары беріліп отыр.


Ұлттық өнеріміздің дана корифейі

(Кәукен Кенжетаевтың туғанына 100 жыл толуына

өнер қайраткерінің еңбегіне арналған саяхат кешінің үлгісі)
Безендірілуі:

Көрме-галерея, өнер шеберінің суреттері, кинофильм таспалары, естеліктер қойылады.

Сахна ортасында той иесінің портреті, астында «100 жыл» деген жазу және сахна гүлмен, шарлармен, музыкалық орталық, дауыс үндеткіш, экран, слайд көрсететін құралдармен қамтамасыз етіледі.
Қатысушылар:

Жүргізушілер, бозбала мен бойжеткен, кітапханашылар, оқырмандар, театрландырған үзінділерге қатысатын жас актерлер (колледж, музыкалық мектептің түлектері)


Қонақтар:

Өнертанушылар, өнершеберінің ізбасарлары, әншілер қатысады.


Ең негізгісі: «Ән қанатында», Тұлпар ізі», «Қыз Жібек», «Я помню», «Однажды и на всю жизнь», «Мәншүк туралы ән», «Қызылтас заставасында», «За нами Москва», «Возвращение на землю» көркемфильмдерінен қысқаша сюжет көрсетуге болады. (Әр кітапханашы осы өтетін шараны өздерінің кітапхана қорында бар мүмкіндіктерін ескере отырып, көрме-галереясының, саяхат кешінің аттарын өзгертіп, түрлендіріп алуларына болады).
Кеш басталар алдында Сырбай Мәуленовтың Кәукенге арналған «Қайталанбайтын ән» өлеңі оқылады.
Ақбеттің самал желді күні желпіп,

Тауларды әнге басты ол күңірентіп.

Тыңдады тастар ұйып, көлдер жусап,

Әншінің сықыршыдай үніне елтіп.


Бір өзі Торайғырды шайқағандай,

Әнші тұр тау мен тастан жай таба алмай.

Арнаған туған жерге осы бір ән,

Кетеді-ау, екінші рет қайталанбай.


Салса да барлық әнші қосыла кеп,

Шықпайды енді бұл ән осылай боп.

Ол үшін әнші алдында тұру керек,

Басқа жер Ақбеттау боп, Жасыбай боп.


Кітапханашы: Құрметті оқырмандар!
Опера әншісі, Қазақ ССР-нің халық артисі, көрнекті актер, режиссер, СССР халық артисі, СССР және Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты Кәукен Кенжетаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған саяхат кешіне қош келдіңіздер!
Балалық шаққа арналған аялдама
Кәукен ағаның ролінде бозбала: «Таудың әдемілігін алыстан байқа» дегендей, жастық шақ, өткен өмір жолдары тарихқа айналып алыстаған сайын, оның қимас қадір-қасиеті көз алдыңда елес беріп өтіп жатқандай әсер етеді... Дегенмен, балалық шаққа не жетсін!

Шыбықты ат қып мініп, күні бойы асыр салып ойнап, таңертең кигізген таза киімнің пәре-пәресін шығарып, бет-ауыз, аяқ-қолды қап-қара шаңға бөктіріп, шаршап-шалдығып үйге қайтушы едік. «Ақбеттаудың» терең сайына қойды айдап салып, ойынға басатынбыз. Тастан-тасқа өрмелеп жүретінбіз. Кейде құлап, жығылып тіземізді тасқа соғып, балтырымызды тікен мен бұтаға тырнатып, қызыл ала қан жоса болғанымызша секіретінбіз...


Бойжеткен: Білемісің, жас ұрпақ, Каукендей алып арысыңды. Танимысың, естіп пе ең, топ жарған өнерпаз Каукен Кенжетайұлын! Жә, жас ұрпақ! Бұл отырған кісі – жай ғана қара шал емес, ол – қазыналы қария, шежірелі қарт! Алланың әмірімен ғайыптан қолға түскен сом алтын болғанда да, «самородогі». Ұлттық руханиятымыздың мақтанышы. Қаза берсең, құлашын жаза берер төл өнерінің таусылмас тарихы. Қайсыбірін айтарсыз? Алыптар тобынан қалған әлеуетті тұлға. Арқалы артист, ардақты әнші. Ардагер өнер иесі. Талай халық әндерінің бағын ашып, көрермен құлағының құрышын қандырған атақты баритон.
Бозбала: Ән төресі – «Алтыбасар» болғанда, «Алтыбасарды» Алаш ортасында Кәукен ағадай аңыратқан әнші бар ма екен? Иә, Кәукенше... Кәукен ағадай ән шырқауға, Кәукенше опера қоюға, кітап, либретто жазуға, аударма жасауға, киноға түсуге, ұстаздық құрып, ұрпақ тәрбиелеуге кімдер құмартпады дейсіз, тәйірі?! Тәйірі тағыда да, ой қиялы мөп-мөлдір, бақ ішінде дара көрінген биік қарағайдай, төбесімен көк тіреген, бойы тіп-тік, денесі оқтай түзу, кеудесі шалқақ, еңгезердей, еңселі кісіні тоқсаннан асты деуге сенгің де келмейді. Ал шығармашылық жолы – жетпіс жылға таяу.
Бойжеткен: Жалпы ақпан айы Алаш жұртына, соның ішінде, Айман әулетіне бақ дарытқан, рухани байлық әкелген киелі мезгіл. 1914-ші жылдың 15-ші ақпанында Шәкен (Шаһкәрім) туса, 1916-шы жылдың 25-ші ақпанында Кәукен (Әбдірахім) келген дүниеге.

Аралары екі-ақ жастан тұратын қос бағланның қазақ өнеріне қосқан мол үлесін атан түйе түгілі, тарих таразысы да тарта алмас.


Бозбала (Кәукен аға ролінде): «Ақбеттаудың» бауырын мекендеген азын-аулақ ауыл үшін төрт жылдық мектеп ашылған. Ол мектеп Есжан деген кісінің үйінде болды. Өйткені, оның балшықтан салған бір үйі кеңдеу еді және тау етегін бөктерлей мекендеп, шашыраңқы орналасқан басқа үйлердің балаларының барып-келіп оқуына жақын қақ орта болатын. Мектеп ашылу деген үлкен қуаныш. Ауыл балаларының бірі қалмай оқимыз деп талпынды. Мұғалімдеріміз: Шериаздан, Мәлике, Қасымзада. Кешегі асыр салып, тастан-тасқа лақша секіріп жүрген балаларға оқу деген оңай соқпады. Оқудың оңай емес екендігін біле бастадық. Кейде оқуға бармай қаламыз, кейде сабақ оқымай келеміз. Сонда Шериаздан мұғалім:

  • Қане, тақтаға шық. Мен саған бір есеп беремін, соны шығар – дейді. Тақтаға келіп қолға бор аламыз.

  • Бір аптада неше күн бар?

  • Жеті күн бар.

  • Дұрыс. Ендеше есеп былай – арсызға алты күн мейрам ол аз болса, жұма және мейрам. Сонда арсыз адам неше күн оқиды?

Ойланып тұрып-тұрып, есепті шығарғанға қатты қуанып кетесің. «Арсызға алты күн мейрам, ал жұма және мейрам болса», онда ол тіпті бір апта бойы оқымайды екен ғой...

  • Иә, дұрыс. Міне сол арсыз – сен...

  • Балалар ду күледі. Сенің екі бетің ұяттан өрттей қызарып, орныңа қайтасың.

Бойжеткен: Сөйтіп, қиыны мен қызығы мол оқу жолы басталды.

Баяндағы жеті жылдық мектеп. Содан Қызылжардағы мұғалімдер техникумы, Қарағандыдағы тау-кен техникумы...
(Кәукен аға ролінде): 1934 жылы ағамыз Қажымұрат Алматыға ауысқанда, мені де бірге ала кетті. Алматыда оқып, білім алуға тырыстым. Бірақ институтқа түсу үшін білімім жетіңкіремеді. Сөйткенмен, үш жерге – ауылшаруашылық институтына, байланыс техникумына және мұғалімдер институтына арыз бердім. Ойым – бірі болмаса, біріне ілінермін деген ниет еді. Алдымен ауылшаруашылық институтына емтихан тапсыруға кірістім. Айналдырған үш-төрт сабақтың екеуінен – физика мен математикадан емтиханды өткізе алмай құладым. Бірақ оған қараған мен жоқ, институтқа өткендермен сабақтарға қатыса бердім.

Физика мен математиканың мұғалімі:



  • Сіз менің класымда жоқсыз. Сіз менің сабағымнан «екі» алғансыз – деді.

  • Оны білем, - дедім мен. – Менің оқығым келеді... Мен сіздің сабағыңызды тек қана «беске» оқитын боламын деп сөз бердім.




  • Бұған мұғалім күлді де:

  • Жарайды... Көрерміз, отыра бер – деді. Кейіннен шынында да осы екі пәнді де өте жақсыға «беске» оқыдым.

Бозбала: Кәукен Кенжетайұлы осы институтта екі жыл оқиды, яғни

1936 жылға дейін. Институтта кішкене клуб бар еді. Кәукен аға сондағы көркемөнер үйірмелеріне қатысып, көп пьесалардағы бас рольдерді ойнады. «Көзілдірік», «Бір шалбар» атты пьесалар.
Кітапханашы: «Бір шалбар» пьесасы – студенттер өмірінен алынған. Екі студенттің ортасында бір шалбары болады, оны екеуі кезек киеді. Әсіресе қыздармен кездесуге барарда біреуі ауырған боп төсек тартып жатады да, ал екіншісі жаңағы шалбарды киіп кетеді. Екеуінің де қызы бір-бірімен дос. Жігіттерге жолығу үшін екеуі бірге келеді. Шалбарлы жігіт досының ауырып қалғанын айтады. «Ойбай, мен барып оның көңілін сұрайын» деп екінші қыз кетіп қалады.

Жатақханаға келгенде «ауырып» жатқан жігітін көріп, шын жаны ашып, халін сұрап отырғанда, көзі жігіттің бас жағында ілулі тұрған қағазға түседі. Онда қай күні шалбарды кім киюі керек, соның кезегі жазылған иекен. Сөйтіп жігіт қыз алдында қатты ыңғайсызданып, ұялып қалады.


(Осы пьесаны жас актерлер, немесе көркемөнерпаздар үйірмесінің қатысушылары қойылым жасап көрсетсе, қызықтау болады)
Келесі аялдама «Арман жолын қуған жастар едік...»
Бойжеткен: 1936 жылы Москва қаласындағы П.И.Чайковский атындағы консерваторияның жанынан қазақ студиясы ашылады, Кәукен Кенжетайұлы сонда 1936 жылдан 1941 –ші жылға дейін оқиды. Каникулда Алматыға келгенде ағайын-туғандар алыстан келді деп үйлеріне дәмге шақырады. Кейде үлкен кісілер:

  • Қарағым Кәукен, Москвадан, үлкен жерден келген соң, «Алыстан алты жасар бала келсе, ауылдың алпыс жастағы ақсақалы сәлем береді» деп қазақ атаң айтқандай, әдейі сенің жүзіңді көріп, амандасқалы келдік, - деп, хал-жағдай сұрап өздері үйге келеді. Осындай кездерде амандық-саулықтан соң қайсыбіреуі отырып:

  • Қарағым қайда оқисың? Оқитын институтыңның аты не? – деп сұрайды.

  • Консерваторияда оқимын, аға...

Олар әрі-бері ойланып, аздан соң:

  • Ә, жарайды қарағым, кәнсерві жасайды екенсіңдер ғой, иә, о да керек қой...

  • Иә, әрине кәнсервісіз бола ма, о да жаман мамандық емес, - деп біразы қолдап та қояды. Әрине, консерваторияның қандай оқу орны екенін Кәукен аға айтып түсіндіреді.



Кітапханашы: Кәукен Кенжетайұлына «өмірдегі ең қызықты

күндеріңді айт» десе, ол былай дейді:

- Мен ойланбастан Москвада оқыған күндерімді атар едім. Неге десеңіз: мен Москваны бірінші көрдім. Өмір мектебінің де, өнер мектебінің де тылсым сырлы есігін алғаш ашып, сол өнер шыңында да тұңғыш рет сонда жүргенде қол создым. Ол менің ата-ана құшағынан ұзап шығып, нағыз білім құшағына алаңсыз енген кезім. Ол менің орыстың данышпан жазушылары – Пушкин, Лермонтов, Гоголь, Тургенев, Толстой, Достоевский, Чехов, Горький шығармаларын алғаш өз көзіммен көріп, қолмен ұстаған кезім.

Ол менің Үлкен театрда ұлы әншілер – Нежданова, Обухова, Барсова, Козловский, Лемешев, Пироговтардың әсем даусын тыңдап тұңғыш рет ғаламат сұлу сезімге бөленген бақытты кезім.

Ол талай ұлы музыканттар мен композиторлар, әншілер тәрбиелеп шығарған, данышпан композитор Чайковский атындағы консерваторияның бір партасында менің де отырған кезім. Бұл мәңгілік естен кетпес өмір ғой, шіркін! Ол кезде орыс тілін нашар білетінбіз. Сондықтан да оқу оңайға түскен жоқ.
(театрландырылған қойылымдарға келесі көріністерді көрсетуге болады)
Бозбала: Консерваторияда «Актер шеберлігі», «Әскери дайындық», «Гармония сабағы» пәндері оқытылды. «Актер шеберлігінде» болашақ артистерді өз өнерінің сырына, актердің сахнадағы қозғалысы мен әрекетінің заңдылықтарын, ерекшеліктерін игеруге үйрететін пән. Осы пәннен Үлкен театрдың артисі Остроумов деген кісі сабақ беретін. Бір күні үйге тапсырма береді «Этюд дайындап келіңдер, бірақ не дайындағандарыңды біріңе-бірің айтпаңдар» деп. Келесі күні сабақта:

Остроумов: - «Қане кім не дайындап келді? Кім бірінші көрсетеді?» - деді. – Мен – деді Күлікбаев деген студент.



  • Жарайды, қане көрсет?

  • Күлікбаев орнынан атып тұрды да екі қол, бір аяғын көтеріп тұра қалды.

  • Что делаешь, Күлікбаев?- деді оқытушы.

  • Күлікбаев трамвай поехал – деді.

Студенттер іштерін басып қыран-топалаң күлкіге қарық болды. Бұған таң қалған Остроумов:

  • Неге күлесіңдер. Күлікбаев дұрыс айтып тұр, таңертең трамвайда кісі көп болатыны рас. иОның осылай асылып тұратыны да мүмкін.

«Әскери дайындықта». Мұғалім бір күні: «Кошкинбаев, расскажи свойство фугасной бомбы» деді. Көшкінбаев орнынан тұрды да мұрнын бір сипап жан-жағына қарап тұрып-тұрып, бір уақытта консерваторияның үлкен ауласын нұсқап көрсетіп:



  • Дапөстім, (допустим дегені) от такой дөм упал... – деді де отыра кетті. Біз тағы да класс болып қыраң күлкіге бастық. Сонда мұғалім:

  • Сендер босқа күлесіңдер. Оның айтайын деп тұрған ойы дұрыс, бірақ тілі жетпей жатыр... Шынында фугас бомбасы түссе, бұл үйден түк те қалмайтыны рас – деді.

«Гармония сабағында». Мұғалім Асылбековты тақтаға шақырып, тапсырма берді. Ол аса қиын да тапсырма емес еді – трезвучие, квартет, квинта – осы аккордтардың маңайы.



Асылбеков айтып-айтып келеді, сәлден соң одан әрі шығара алмай тоқтап қалады. Сол кезде қазақшалап сыбырлаймыз: «Си» деген нотаны біз «түзге отыр» деп аударамыз. «Соль» деген нотаны «тұз» дейміз. Оны аңқау, ақкөңіл досымыз сездіріп қояды. Мұғалім сезіп қалып: «Я тебе дам «Туз», я тебе дам «Тузге отыр» деп ашуланады.
«Сұрапыл соғыс жылдары» аялдамасы
Бойжеткен: Соғыс қарсаңында Москва консерваториясына аттанған қазақтың өрімдей бір топ жігіттері ұлттық өнеріміздің дами түсуіне зор тыныс, едәуір екпін қосты. М.Төлебаев, Р.Елебаев, Н.Тілендиев, Б.Досымжанов, К.Кенжетаев және т.б. сынды сан қырлы таланттар шоғыры орыс мәдениетін игеру талабына құлшына бас қойды. Москва консерваториясының ән класына доцент Е.В.Енаховичтің көңіл қойғаны сол, табан астынан соғыс өрті бұрқ ете қалды. Нота дәптерлері жайына қалды. Хабаровск өлкесінің әскери ансамблінің әншісі Кәукен Кенжетаев ария шырқамаған жауынгерлер гарнизоны кемде-кем шығар. Табиғатынан төгіліп жатқан күшті баритон дауысты, көркем жігіттің жағымды тембрі Ресей ормандарын сазбен тербетіп, ақ балтыр ерке қайыңдардың нәзік бұтағын бипаз билетті. Көңілі қабыржыған ержүрек жауынгерлер жас дарынның жарқын келешегіне риясыз бақыт тілеп, талай рет кезекті шабуылдарына түйіле аттанғандары әлі оның көз алдында.
Бозбала: Соғыс дүмпуінен де елге аман оралған әскери әнші Алматы консерваториясын А.М.Кургановтың шеберханасынан 1950-ші жылы бітіріп шықты. Кәукеннің айтуынша, ол ұлттық консерватория әншілер класының тұңғыш дипломды түлегі. Ән саласының арнайы кәсіби мектебінен өткен қабілетті азаматты опера сахнасы жатсынған жоқ.


Келесі аялдама «Театр өнерінде»
Бойжеткен: Каукен Кенжетайұлы қырық жыл бойы көп жанрлы операларда, әлемдік репертуар тізімінен қаншама кейіпкерлер партиялары әнші үлесіне бұйырғаны халқымызға кеңінен аян. Елуден астам опера қаһармандары үлкен сахнамыз төрінен асқақ шырқады. «Ер-Тарғын» операсында – Тарғын, «Жалбыр» операсында – Жалбыр, «Қыз Жібек» операсында – Бекежан, «Алтыншашта» - Хан, «Абайда» - Жиренше, «Аманкелдіде»- Аманкелді, «Князь Игорьде» - Игорь, «Руслан и Людмилада» - Руслан, «Демонда» - Демон, «Трубадурда»- граф ди Лука, «Аидада» - Амансро, «Алекода» - Алеко, «Карменде» - Эскамилио, «Дударайда» - Семен. Аталған операларында басты ролдердің арияларынан аңырата орындағаны өз алдына, ол осы аталған шығармалардың біразын режиссер ретінде сахнаға да шығарған. Кәукен Кенжетайұлы опера өнерінің туған топырағында негізін салған ардагер, аға буын майталмандарымен істес болып, олармен қоян-қолтық араласа жүріп, олардан өлшеусіз тәлім-тәрбие, тәжірибе еншіледі. Әсіресе, ұлы Құрманбек Жандарбековты пір тұтып, ұстаз санады. Тіпті, ол кісінің өнер адамына тән қызу қанды қызық мінездеріне жас Каукен еліктеді де. «Қыз Жібектегі» Бекежан партиясын даярлау кезеңінде Құрманбек Жандарбеков көрсеткен ұлағатты жол, сол кісінің ақыл-кеңестері, Кәукен Кенжетайұлының көпшілікке танымал бола түсуіне үлкенг ықпал жасады. Режиссура ілімінің де құпия қатпарларын түсініп-түйсінуге баулыған аға ықыласын Кәукен Кенжетайұлы қалай ұмытар?! – «Кәукеннің Бекежаны Құрманбектікінен бөлек, оған өзім ризамын» - деген асыл ағаның ризашылық сөзін, кезінде, осы жолдардың иесі Әшірбек Сығай өз құлағымен естіген.
Бозбала: Кәукен Кенжетайұлы Мұқан Төлебаевтың «Біржан мен Сара» операсында Жанбота ролін ойнады. Осы роль театрдағы шығармашылық жолының бастамасы болды. «Біржан мен Сара» операсы ұлттық опера театрымыздың кәсіптік тұрғыдан кемелдену, есею жолындағы аса үлкен белес болған шығарма. «Біржан мен Сара» операсының 1946 жылы алғаш рет қойылған күні өнер сүйер қауым үшін тамаша мереке, салтанатпен өтті. Өнер сүйер көпшіліктің бұл операны ұнатқаны соншама, ол сахнаға қойылған сайын аншлагтан-аншлагқа ұласты. Құрманбек Жандарбеков қойған «Біржан мен Сара» операсы 1949 жылы СССР Мемлекеттік сыйлығын алды. Операның авторы, композитор Мұқан Төлебаевқа музыкасы үшін, операны сахнаға шығарған Құрманбек Жандарбековке режиссерлігі үшін, Александр Ненашевке спектакльді көркем безендіргені үшін СССР Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Шығармашылық аялдамасына келдік
Бойжеткен: Әншілік пен режиссура өнерлерін қатар иемденген Кәукен Кенжетайұлының жазушылық, ұстаздық қасиеттеріне тоқталмау – шығармашылық адамының жан-дүниесімен толық санаспау. Операларға жазылған либреттолары, классикалық әлемдік туындыларды төл тілімізге тәржімелеуі оны әдеби салаға да жақын ете түсті. «Алпамыс», «Алдар Көсенің айласы» сынды әдеби либреттоларымен ел-жұрт таныс, ал, «Қалқаман – Мамыр», «Сапар», «Баян жүрек», «Хұсни-Хорлан», «Кемпір мен шал» деп аталатын либреттолары композиторларымыздың мойнын бұрар мезетін күтіп жатқаны жасырын емес.

«Сильва», «Тыныш шаңырақ», «Фигаро үйленуі» секілді сәтімен аударылған көркем дүниелері әзірге тек театр және кино институты түлектерінің репертуарына енумен ғана шектеліп келеді. Музыкалық драма театрлары назар салса құба-құп. Елуден астам ән, романс, ариялардың мазмұнын өзге тілден өз тілімізге аудару – қыруар бейнетті талап еткені анық.

Кәукен Кенжетайұлының әншілік, режиссерлік, ұстаздық қасиеттері жазушылық дарынға ұласты. «Дархан дарын», «Мәжит Бегалин», «Высокий дар призвания» (орыс тілінде), «Егер сурет сөйлесе...» деген атпен кітаптары жарық көрді. Туған ағасы ұлы актер-режиссер Шәкен Айманов жайлы және екінші кітабының аты айтып тұрғандай-ақ, белгілі режиссер Бегалин жөнінде естелік толғаған жазба иесінің әруақтар алдындағы парызы өтелсе керек. «Өнер жолындасы» баспада жатқалы біраз уақыт. Амандық болса, жұрт қолына ол да тиер.

Кәукен Кенжетайұлы сонау 1979-шы жылдан бері театр және кино институтында ұстаздық қызмет атқарды. Кейінірек құрылған музыкалық комедия актерлерін даярлайтын кафедраның тұңғыш ұйымдастырушысы, көп жыл меңгерушісі, беделді профессоры болды. Р.Рымбаева, М.Ілиясова, Г.Тілеубекова, Қ.Болманов, Е.Шәкеев, М.Дәулетбақова, М.Нұркеновалар – бұл күнде елімізге әйгілі сахна шеберлері. Ұлағатты ұстаздан алған өнер тағылымын, мақтаныш сезімдерін олар көп алдында насихаттауда.


Келесі аялдама «Кино әлемі»
Бозбала: Үлкен өнер иесі Кәукен Кенжетайұлының кино саласындағы еңбектері де мүлдем қомақты. Бас-аяғы отыз шақты көркемтаспаларға түскен киноактер Кенжетаевтың рухани тұлғасы қашан да асқақ. Ш.Айманов, М.Бегалин, А.Қарсақбаев, С.Хожықов, Ш.Бейсенбаев сынды аса талантты режиссерлермен қызметтес болған аға суреткер шертер сыр жеткілікті.
Бозбала (Кәукен аға ролінде): Мен киноға 1939 жылы түстім десем ешкім сенбес. Ал, бұл анық. 1939 жылы Москвада «Волга-Волга» фильмі түсірілген, мен онда... сахнада президиум мүшесі болып отырдым. Былайша айтқанда, столдың басында ұлттық киім киіп көпшіліктің арасында отырдым. Менің барлық ролім осы. Бірақ мен орыстың үлкен артисткасы Любовь Орлова, Игорь Ильинский, режиссер Григорий Александровтардың өнерін көрдім. Орлова мен Ильинскидің ойынын көріп, бір жағынан шын ләззат алсам, екінші жағынан «осылардай болар ма еді» деген үлкен арман ойға оралған. Және бұлар менің жүрегіме өшпестей от қалдырды. Шіркін, киноға түсіп, осылардай роль ойнар ма еді деген арманға 1957 жылы жеттім.
Бойжеткен: Кәукен Кенжетайұлы 1957 жылы Шәкеннің «Біздің сүйікті дәрігер» атты фильміне түскен. Бірақ ондағы ролі аз және өзін-өзі ойнағандай еді. Сөзі аз, тек бір-ақ ән бар-ды. Ал кәдімгідей көрнекті роль алып түскен бірінші кинофильмі М.Бегалиннің «Аспаннан қайтып оралу» кинокомедиясы. Бұл фильмде К.Кенжетаев кинорежиссер ролін ойнады.
(Фильмнен үзінді көрсетілсе тамаша болады)
Бозбала (Кәукен аға ролінде): Бір ғана көрінісіне тоқталайық.

Мен үлкен көпірдің үстінде кино түсіріп жатамын. Фильмдегі басты рольдің бірі – шопан. Оның бір тоқтысы суға ағып бара жатады. Мен – режиссер, шопанның ролін ойнайтын актерге «суға секіріп, тоқтыны алып щық» деймін. Ол жөндеп менің ойымдағыдай етіп секіре алмайды. Сол кезде мен – режиссер: «Ойбай-ау, былай секірмейсің бе» деп оған көрсетпек боп жүріп, өзім суға күмп беріп түсіп кетемін...

Ал мен жүзу білмейтін режиссердің ролін ойнадым...

Суға құлап кетіп, су түбінде жатуым керек. Қашан жоғарыда тұрғандар:

Ойбай-ау, ана кісі малту білмеуші еді ғой, қайсысың барсың... Тездет... Алып шық, - деп малту білетін біреуді тауып алып, ол шешініп суға секіріп түсіп, мені судың астынан тауып алғанша су астында жатуым керек.

Міне, содан өне бойымнан суды сорғалатып мені сүйреп алып шығады...

Су киімді шештіріп, құрғақ киім кигізіп, режиссер (бұл нағыз режиссер) Мәжит «қайта секір» дейді.

Амал не, секіресің. Сонымен, не керек, төрт-бес рет секірдім. Аяғында өліп қала жаздадым... Су жұтып қойдым...


Бойжеткен: 1964 жылы Мәжит Бегалин «Тұлпардың ізі» атты фильм түсірді. Ондағы басты рольдің бірі, қарт шопан Танабайды Кәукен Кенжетайұлы ойнады. Ал 1967 жылы М.Бегалин өзінің ең күрделі бір еңбегі «Ел басына күн туса» атты картинасын жасады. Филь Ұлы Отан соғысының ардагері, полковник, ардақты аға, сүйікті жазушымыз Бауыржан Момышұлы жөнінде болатын. Бауыржанның ролін Кәукен Кенжетайұлы ойнады.

1969 жылы «Мәншүк туралы ән» фильмінде Мәншүктің әкесінің ролін ойнады. Мәншүктің бала кезі. Әкесі оны ертіп баяғы ата-бабасының жатқан жеріне әкеп: «Мұнда ер туып, ел қорғаған ата-бабаларың жатыр, соны естен шығарма».. – дегендей сөз қатады.

Сол сәтте әкесінің ойына өзінің жастық шағы еске түсіп, «мынау шаһит боп жатқандар да бір кезде, осы менің баламдай асыр салып жүрді-ау... Шіркін, жиырма бес-ай!.. Әкесінің құлағына «Жиырма бес» әні естіледі. Бұл атақты Қали айтатын «Жиырма бес». Оның ескі сөзінің орнына жаңа сөз керек болды. Сапарғали Бегалин мынадай өлең жазып берді:

Жиырма бес өттің заулап ескен желдей,

Алыстан көрінесің асқар белдей.

Құлазып көңіл шіркін толғанады,

Қоныстан қопарыла қашқан елдей.

Өмірге ерте туып, асыға өскен,

Дүниеге адам қонақ, түней көшкен.

Ер туып, ел қорғаған, ата-баба,

Солардың ізі жатыр тозаңы өшкен.

Бұл ән Шәкеннің даусымен «Мәншүк» фильмінде жазылып қалды.


Бозбала: 1971 жылы режиссер Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібек» фильмінде Базарбайдың ролін ойнады. Базарбай – хан, бай саудагер, әрі қатаң, әрі қатал, өзінен басқаның айтқанына құлақ аспайтын, айтқанына көнбегеннің басын тымақша қағып алатын хан болды. Бірақ бұл фильмді көрген адамдар мені жақсы көре бермейді. «Мынау не деген қатал оңбаған адам» дейтін болуы керек. Оны өзім естідім де – деп еске алады актер.
Келесі аялдама «Махаббат қызық мол жылдар»
Бойжеткен: Денесі оқтаудай тіп-тік, сырт көз, тоқсан түгіл, алпысыңды да әзер қияр алпамса болмысты сүйегі асыл ағамыз, әне, опера театры ғимаратының маңынан маң-маң баса өтіп бара жатқандай... Қасында жарты ғасыр өмірлік жары, өнерде жұптасы болған халқымыздың құрметке бөленген әнші қызы Шабал Бейсекова болса ғой, қанеки... Қолтықтасқан қос жұбай, қол ұстасып, талай өткен бұл жерден. Көңілдері көтеріңкі еді-ау, әркез.
Бозбала (Қаукен аға ролінде): Шабалмен 1939 жылы Москва консерваториясында танысқам. Орта бойлы, арық, шашы белуарына түскен ақ сары қыз біздің әншілер бөліміне келіп түсті. Даусының әдемілігі соншалық, бәрімізді таңқалдырды. Оны профессор Владимирова өз класына алды. Талай хаттар да жазылды, талай өлеңдер де шықты, күнделік жазысып, талай дәптердің беттері де шимайланған.

1947 жылы Шәкеннің үйінде Шабал екеуміздің үйлену тойымыз өтті. Тойға қазақ әдебиеті мен көркемөнерінің атақты төрт адамы келді: Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Қалыбек Қуанышбаев. Қолымызды алып, бетімізден сүйіп, баталарын берді. Екі бала тәрбиелеп өсіріп, ың-шыңсыз, тату-тәтті отбасын құруымызға сол адамдардың оң батасы өмірлік сәт сапар тілеуінің шапағаты тиген шығар деп ойлаймын.

Екі балам – Ғайни мен Баян екеуі де консерватория бітіріп, фортепианодан музыка үчилищесінде сабақ береді.

Шабал театр сахнасында Күләш ойнаған рольдердің барлығын ойнады. «Екінші Күләш» атанды.

Сөйтіп, асыл әке өсиетін орындап, бүкіл семьямызбен өмірімізді өнерге біржола арнап жүріп жатқан жайымыз бар.
Кітапханашы: Құрметті оқырмандар!

Қазақстанның халық артисі, профессор, ұлттық өнеріміздің дара корифейі Кәукен Кенжетайұлының туғанына 100 жыл толуына арналған саяхат кешімізде соңғы аялдамасына жеткен сияқты.


Соңғы аялдама «Дүние, шыр айналып, өттің-кеттің...»
Бозбала: Қазақ өнерінің бейнебір мәуелі бау-бақша десек, сол көздің жауын аларлықтай бақтың ең көрікті де көркем қос дарағы бірі ерте, бірі кеш құлап түсті. Ол қастерлі қос дарақ – Шәкен мен Кәукен еді.

Жастыққа, жиырма бес жасқа не жетсін... Талай ақындар жиырма бесті жырлаған:

Жиырма бес тотыдайын толғайтұғын,

Қызыққа ертеңді-кеш тоймайтұғын.

Қуарып тамыр біткен тұла бойдан,

Кәрілік келіп қалды қоймайтұғын.

Әуелеген «Алтыбасарды» сан аспапты адуын оркестрмен аңырата шырқайтын абыз әнші дүниеден озды. Амал нешік? Қазақ опера өнері Жанботасының жамбасы жерге тиер сәт келіп жетті. Ұлтымыз ән өнерінің ештеңеге беріспес Бекежанының да қатыгез ажалдың алдында белі бүгілді.
Бойжеткен: Кәукен Кенжетайұлы Кенжетаев тоқсанға текке келмепті. Өмір дастанының қай бетін ашып қалсаңыз да, бұрқыраған дәйек, атой салған дәлел. Өнермен шындап белдескен, шығармашылықпен бел шеше айқасқан руханият алыбын танып-білеміз. Қазақ топырағында тоқсанның төбесін көрген Ж.Шашкина, Х.Елебекова, А.Абдуллина сынды өнерпаз әпкелеріміз баршылық.

Үлкен кісілер өмірден озған сайын әдет-ғұрып әлсіреп, салт-дәстүр селкеу тартқандай күй кешеміз әр жолы.

Ұзақ өмір жасаған кісінің өлімі де өнеге, сабақ. Өйткені, артына өлмейтін ән қалдырған, ізгілікті іс қалдырған, мәйекті сөз бен айшықты із қалдырған, үлкен мұра қалдырған.

Халқына сіңірген еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту», «Парасат», «Отан» ордендерімен және медальдармен марапатталған.


Бозбала: Болашақ өнер мамандарын тәрбиелеп, жастардың ырду-дырду көңілді ортасында жүрген тоқсан жастағы қарт профессордың бозбала көңілі қашанда қунақ. Өзі мүлдем саққұлақ. Қуақы да қысыңқы көздері күлімдеп, қыз-келіншектердің күлкісі естілер тұста ішіп отырған тамағын ысыра қойып, орнынан тұрып кетіп, кеңірдегін соза жан-жағына жұтынып қарайтынын қайтерсіз? Барынша әзілқой. Қалжыңға келгенде алдына жан салмайды. Аяғын санап басып, мүйіз сапты таяғына сырбаз сүйеніп, өзінен кейінгілерге кеңес беруден жалықпайды. «Кәукен ағамыз сахна сырынан бөлек, ұзақ жасаудың да шеберлігін шын меңгерген», - деп әзілдейді әр жолы оның әріптес келіндері мен қарындас-қыздары. – «Оларың рас» - дейді Кәукен ағамыз. – «Тоқсанның салмағын ауырласам, сендермен әзілдесіп не жыным бар? Дегенмен, тым үлкен жастың бір қиындығы – алдыңда апаң не жеңгең болмайды екен, сосын амал жоқ, артыңа бұрылып, сендерге қосылып, жас болудан өзге, өздеріңмен әзілдесіп-әңгімелесуден басқа шараң тағы қалмайды екен», - деп мұңайғандай болады Кәукен Кенжетайұлы.
Кітапханашы: Құрметті өнер сүйер қауым!
Кәукен Кенжетайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған саяхат кешіміздің де соңғы аялдамасына келдік. Осы саяхат кешіне қатысып отырған сіздерге алғысымызды білдіреміз. Кәукен Кенжетайұлы туралы көптеген мағлұмат алды деп сенеміз.

Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясында дәріс оқып, өзінің ізбасарларына тәлім дарытқан данагөй ұстаздың үрдісі де, үлгісі де ұрпақ жадында қалары даусыз.

Кәукен Кенжетайұлының қаламынан шыққан «Элегия» өлеңін сіздердің назарларыңызға ұсынып, саяхат кешімізді аяқтаймыз.
Өмір-ай, неге мұнша сен тар болдың?

Кеше сәби, бүгін ақ бас шал болдым.

Заман өтті, қиындықпен, зорлықпен

Қиянатсыз еш адамға жан едім.


Не істедім, не тындырдым, қалды несі?

Өмірімнің көрініп тұр арғы шеті.

Елеусіз елегізіп кетіп барам.

Бар денем осыны ойлап тербенеді.


О, Алла!

Бұл өмірді не деп бердің?

Не қызығын, мен оның несін көрдім?

Алыс жолға аттанар жолаушыдай,

Жүгім жинап көлігімді күтіп тұрмын...

Туу барда, адамда өлу де бар.

Оны ойласам, жүрегім от боп жанар.

Бүгін барсың, ертең жоқ...

Жаратуға неге сонша болдым құмар?..

Өнер саласында оқып жүрген студенттерге ақ жол тілейміз! Каукен Кенжетайұлының жолын берсін дегіміз келеді!

Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтарының иегері, Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлығының иегері, профессор, ұлттық өнеріміздің дара корифейі Каукен Кенжетайұлы Кенжетаевтың 2016 жылы 100 жасқа келетін мерей тойы қарсаңында әзірлеген әдістемелік ұсыныс өнер саңлағына деген кітапхананың құрметі.
Көріскенше сау-саламат болыңыздар!
Кәукен Кенжетайұлы туралы не білесің?

(Викторина. Сұрақ-жауап ойынының сұрақтары).
1.Кәукен Кенжетайұлы қай жылы туды?

(1916)


2.Кәукеннің шын аты кім?

(Әбдірахім)

3.Шәкеннің әкесінің аты кім?

(Кенжетай)

4.Өнердегі тетелес туған ағасы кім?

(Шәкен Айманов)

5. Кәукен Кенжетайұлының театр сахнасында сомдаған бейнелерін атаңыз?

1. «Біржан мен Сара» операсында – «Жанбота»

2. «Ер Тарғын» операсында - «Тарғын»

3. «Қыз Жібек» операсында – «Бекежан»

4. «Алтыншашта» - «Хан»

5. «Абайда» - «Жиренше»

6. «Руслан мен Людмилада» - «Руслан»

7. «Трубадурда» - «граф ди Лука»

8. «Аидада» - «Аманасро»,

9. «Карменде» - «Эскамилио»,

10. «Дударайда» - «Семен» т.б.

6. Кәукен Кенжетайұлының кинода бейнеленген образдары?

1. «Аспаннан қайтып оралу» фильмі - режиссер ролі

2. «Тұлпардың ізі» фильмі – шопан Танабай ролі

3. «Ел басына күн туса» фильмі – Бауыржан Момышұлы ролі

4. «Мәншүк туралы ән» фильмі – Мәншүктің әкесі ролі

5. «Қыз Жібек» фильмі – Базарбайдың ролі және т.б.

7. Кәукен Кенжетайұлының режиссерлігімен түсірілген спектакльдер:

1. «Аманкелді» операсы

2. «Ер Тарғын»

3. «Жалбыр»

4. «Айсұлу»

5. «Қарғаның мәткесі» т.б.
8. «Боранды бекет» романының авторы кім?

(Шыңғыс Айтматов)


9. Кәукен Кенжетайұлы осы аттас фильмде кімнің ролін ойнады?

(Қазаңғап ролі)


10. Осы ролі үшін Кәукен Кенжетайұлы қандай сыйлыққа ие болды?

(Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлыйғы)


Әзілің жарасса...
Өнер адамдары еркін өскен, ел сүйген, көңілді, ақ жарқын, албырт жандар ғой. Олар қалжың, әзіл, өтірік пен шыны аралас аңыздар, анекдоттарсыз жүре алмайды. Әзілсіз адам – жапырақсыз ағашпен тең емес пе. Әзіл - өмір сәні. Сондықтан оның кімге болса да арқау екеніне күмән болмаса керек. Ал өмірді көңілді өткізгенге не жетсін! Көңіл деген өмір айнасы, тіпті, дәрігерлердің айтуына қарағанда күлкінің өзі витамин «С» деседі ғой.

Осы әдістемелік ұсыныста Кәукен Кенжетайұлы өз көзімен көріп, құлағымен есіткен сол бір асыл ағаларының әзіл-сықақтарын жас ұрпаққа жария етуді көздейді.


Менің мойным емес
Құрманбек Жандарбеков бастаған бір топ артистер елге шығады. Олардың ішінде Әнуарбек Үмбетбаев, Ермек Серкебаевтар бар.

Ермектің жас кезі, қазақ тілін жөнді біліңкіремейді. Үмбетбаев сонда Ермекке:



  • Ана тіліңді жөндеп білмейсің, жалқаусың, үйренбейсің! – деп ұрса береді.

Бір күні осы ұрыс насырға шауып, Ермек Әнуарға қарсы сөз айтса керек. Оны ұнатпаған Әнуар:

  • Сен не деп тұрсың, мойныңды жұлып алайын ба? – деп ұмтылады Ермекке.

Сонда Ермек:

  • Жоқ, Әнеке, жұла алмайсыз, - дейді.

  • Неге? – деп Әнекең одан да жаман ашуланады. Ермекке төніп барады. Сөйтсе Ермек:

  • Бұл мойын менікі емес. Құрекеңдікі (Құрманбек Жандарбеков), сол кісі жұлады, - депті.

«Мойныңды жұлып аламын» деген сөз Құрекеңнің мәтелі секілді, кексіз айтыла беретін.

Әнуарбек Ермектен ондай сөзді күтпеген екен. Ішін басып, көзінен жас аққанша күліпті.



Клизма
Қазіргі М.Әуезов атындағы драма театрында Шәкен режиссер болып жұмыс істеген. Шәкен өз бөлмесінде дайындық үстінде екен. Сол театрдың Шәкенмен құрдас бір артисі Шәкенге келіп:

  • Шәке, айналайын, мына Қарасқа (режиссер көмекшісі) бірдеме

демейсіңдер ме, сахнаға жібермейді, ойнайтын ролімізге шейін бермейді, аузымызды иіскеп, «арақ ішіп келіпсің, саған бүгін сахнаға шығуға болмайды», - деп жібермей қояды. Бұл не пәле, әлде театрдың директоры осы ма еді? – деп ренжиді.

  • Ішіп келгенің рас па?

  • Ішкенде қанша ішті дейсің, бір жолдастың туған күні болып, аздап... тіпті мас емеспін... аузыңнан иісі шығып тұр деп пәле жабады.

Шәкен:

  • Сен, Маке, былай жаса, аузыңнан иісі шықпайтындай бір амал тап.

  • Қалай?

  • Әптекке бар да, бір клизма деген болады, соны сатып ал.

  • Ол қандай пәле?

  • Алмұрт сықылды, резеңкеден жасалған... Сосын ішетініңді соған құй да, құйрығыңнан жібер. Сонда аузыңнан иіс шықпайды, әрі өзің шала дүмбілез жүресің, - депті.


Свиноводство
Қазақтың атақты әншісі Ришад Аюдуллин әдетте газетке жазылмайтын, тек оқта-текте киоскіге барып сатып алатын. Бірде театрда газетке келесі жылға жазылу жүріп жатты. Тек Ришад қана жазылмапты. Газетке жазылу жүргізіп жүрген жігіт:

  • Аға, мына құрдасыңыз еш нәрсеге жазылмайды, айтсаңызшы, болмаса ол үшін өзіңіз бір-екі газетке жазылып жіберіңіз, - деді.

  • Сенде қандай газет-журналдар бар?

  • Міне, көріңіз...

Қарасам «Свиноводство» деген журнал бар екен.

  • Мынау қанша тұрады?

  • Бір жылдығы 2 сом 20 тиын.

  • Ендеше жарты жылға жаз, ақшасын төлейін, - деп Ришадтың адресін бердім.

Бір күні Ришад жәшігін ашып қараса «Свиноводство» журналын көреді де, таң қалады. «Бұл қайдан келді, кім жіберді екен? Деп ойға қалады.

Үйіне келіп әйеліне:



  • Ләлә, бізге біреу мына журналды жазып жіберіпті. Бұл кім болды екен?

  • Ой, анау құрдасың ғой, оңбаған.

Сөйтіп Ришадтың жарты жыл «Свиноводство» журналын алып тұруға мәжбүр болғаны бар.
Мас әнші
Опера театрының директоры Райхан Жумин Айтжан деген артисті арақ ішесің деп театрдан шығарса керек. Сонда Айтжан сасқанынан Сырбай ақынға барып, театрдан шыққан жағдайын айтыпты. Сонда Сырбай Жуминге бір ауыз өлең жазыпты:

Көшесінде Масаншы

Тұрады екен мас әнші.

Бес баласын жылатпай,

Театрға қайта алшы, - деп.
Қолма-қол аударма
Мәскеуден біраз жазушы қонақтар келсе керек. Олжас Сүлейменов бастап демалыс үйіне алып келеді. Бір-екі жазушы биллиард ойнап жатса керек. Олжастың жанындағы бір ақын биллиард ойнап жүрген бір ақынға:


  • Салбырап жүрсе көтенің,

Биллиард сенің не теңің, - депті.

Жұрт ду күледі. Түсінбеген орыс жазушылары Олжастан:



  • Что он сказал? Что он сказал? – деп сұрапты.

Сонда Олжас:

  • Зачем тебе биллиардный бой,

Когда у тебя гемаррой, - деп қолма-қол аударған екен.
Төртінші жүз

Ахат көшеде келе жатса, алдынан бір ақсақал қарияға кез болады.



  • Ассалаумағалейкум, ата,- деп сәлем береді.

  • Уағаләйкумассалам, балам! Қай баласың, қарағым?

  • Атым Ахат, осы Алматыда тұрам.

  • А, қай жүзге жатасың, шырақ?

  • Қай жүзді айтайын, ата?



  • Енді мына үш жүздің қайсысына жатасың дегенім ғой...

  • Мен үш жүзге жатпаймын, ата...

  • Пәле, онысы қалай?

  • Мен төртінші жүзге жатам.

  • Қарағым, төртінші жүзің не? Тәлкегіңді қой!

  • Ой, айналайын, атажан, төртінші жүзді сіз білмейді екенсіз ғой, ол «алкаш» деген жүз болады, жаңадан шыққан, бірақ жас болса да, бұрқырап өсіп келе жатқан дарынды жүз болады, ата, - депті.

Аудармашы Каллекей (Қалибек Қуанышбаев)


Мариям Жагорқызының әнін орысшаны жақсы білетін

Қаллекей былай аударған:
Ащы көл, тұщы көлдің арасы бір,

Басыма камшат бөрік жарасып тұр.

Дудар-ай, келер болсаң тезірек кел,

Орныңа орыс, қазақ таласып жүр, - дейді ғой.


Сладки озер, соленый озер, между ними одиноковый,

На голове исковой шапка, очень нравится.

Дударай, если придешь, то скорей приходи,

А то на твоим месте некоторые мужики скандал строит.


Қап тесер келіп айтты көр тышқанға,

Бір хабар жайылыпты, жер жаһанға.

Күн туды, көз ашылар уақыт туды,

Мысық көпір жазым бопты арыстанға, - дегенді былай аударған:

Мешковая мышка сказал можмею мышку,

Один ослобление бродил на всю землю.

Солнце рождает открывать глаза,

Кошкам кушал тигру.


Бұл өмірге мен қалай тұрақтайын,

Көлге біткен қамысты құрақтайын.

Аузы түкті көпірдің талайларын,

Бақыртып сабаушы едім лақтайын.


Вот этом жизнь, как я буду остановится,

На озере растет одну камыша.

Шерстоной рот вот какой безобрази,

Как козленок поймал, все время бил – уәй.


Хайуандардың әкесі
Қалибек Қуанышбаевты Құрманбек қонаққа шақырса керек.

Дәл уақытында Қаллекей Құрекеңнің есігінің алдына келсе, бір топ балалар ойнап жүр екен.

Қаллекей балаларды шақырып алып:


  • Әй, балалар, әлгі хайуандардың әкесі осы үйде тұрады ма?- депті.

Құрманбек Жандарбековтың балаларының аттары: Ақтоқты, Ақбота

болатын.


Тыңшы
1937-38 сойқан жылдары КГБ Шәкен Аймановты шақырып алып:

- Сіз Ғабит Мүсіреповпен ылғи бірге жүресіз, ол кісіні жақсы білеміз ғой? – деп сұрайды.

- Әрине, ол кісіні кім білмейді.

- Ендеше сізге тапсырма, сол кісі туралы бізге мәлімет керек, сіз бізге соны жеткізіп тұрыңыз.

- Маған тыңшы бол дегеніңіз бе?

- Қалай ұқсаңыз, солай ұғыңыз.

- Ғафу етіңіз, мен оған бара алмаймын. Мен актермін, тыңшы емеспін.

- Байқаңыз...

- Байқасам да, байқамасам да сол, - деп Шәкен шығып кетеді. Сол бетімен Ғабекеңдікіне барып:

- Ғабе, сізге айтатын үлкен жаңалығым бар.

- Ол не?

- Мен жаңа ғана үш қаріптен келдім, енді мен сіздің не істеп жүргеніңізді соларға жеткізіп отыруым керек.

- Былайша айтқанда, тыңшымын де!

- Я, тыңшымын. Сіз бұдан былай менен қорқып, маған бағынып отыруыңыз керек, әсіресе преферанс ойнағанда, ылғи ұтылып отыруыңыз керек, - деді.

Сонда Ғабең:

- Бүгін апарып жаптырып қойсаң да, преферанстан мен саған ұтыла алмаймын, - депті.



Әдебиеттер тізімі
Кенжетаев К. Әзілің жарасса: [Қазақстан халық артисінің өзі көзімен көріп, құтіген әзілдері].- Алматы: Хант,1997.-60 б.
Кенжетаев К. Дархан дарын: [Өнердегі өнегелі өмірлер].-Алматы: Өнер, 1980.-152 б.
Кенжетаев К. Егер сурет сөйлесе...- Алматы: Алаш, 2004.-480 б.

х х х
Кенжетаев К. [Қысқаша анықтама] //Қазақстан Ұлттық энциклопедия. Т.4. /Бас ред.Ә.Нысанбаев.- Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2002.-505-506 б.


Кенжетаев К. [Энциклопедиялық анықтамалық] //Қазақстан Республикасы энциклопедиялық анықтамалық /Бас ред.Ә.Нысанбаев.- Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2001.- 322 б.
Кенжетаев К. [Қысқаша анықтама] //Қазақ өнері: Энциклопедия.-Алматы: Қазақстан даму институты, 2002.-258-259 б.

Күзембай С. Қазақ опералары /Күзембай С., Мұсағұлова Г.,

Қасымова З.- Алматы: Жібек жолы, 2010.-296 б.
Сығай Ә. Сахна әлемі: Екінші том.-Алматы: Ан Арыс, 2009.- 44-55 б.
Сығай Ә. Сахна саңлақтары.- Алматы: Жалын, 1998.- 148-154 б.
Толбаева А. Қазақстан Республикасының 2006 жылы аталып өтілетін және еске алынатын күндері: Ұсыныстық әдебиеттер көрсеткіші.- Алматы: ҚР Ұлттық кітап-сы, 2005.- 23-25 б.
Шапиян М. Қыз Жібек – қазақ аруының символы //Аңыз адам.-2015.-

1-5 б.


Мазмұны
Алғысөз 1 б.
Алыптар тобынан қалған әлеуетті тұлға

(қазақ театр өнерінің майталман саңлақтарының бірі,

әйгілі актер Кәукен Кенжетаевтың туғанына 100 жыл

толуына арналған көрме-галереясы) 2


Ұлттық өнеріміздің дана корифейі

(Кәукен Кенжетаевтың туғанына 100 жыл

толуына арналған саяхат кешінің үлгісі) 3
Кәукен Кенжетайұлы туралы не білесің?

(Викторина. Сұрақ-жауап ойынының сұрақтары) 15


Әзілің жарасса... 16
Әдебиеттер тізімі 21

Құрастырушы: С.А.Момбаева – кітапхананы дамыту және

әдістемелік жұмыс бөлімінің кеңесшісі
Редакторы: Ж.А.Дүйсебаева – кітап қорын сақтау бөлімінің

Меңгерушісі






Каталог: sites -> default -> files
files -> Жамбыл атындағы республикалық жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> Ермұхан Бекмахановқа Сыздайды жаным, мұздайды қаным, жан аға!
files -> Жамбыл атындағы Мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> Қызылорда облысының жер – су атаулары қызылорда, 2013 жыл сыр елі қызылорда облысы
files -> ОҚу курсының каталогы 050117 қазақ тілі мен әдебиеті
files -> Өмірбаяндық деректеме
files -> Жиырма үш жыл бір ғұмыр
files -> Пәнінің мұғалімі Ищанова Эльмира Абайқызы Қазақ әдебиеті ( 6 «б» сынып ) Сабақтың тақырыбы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет