Көркем сөз – жанның сәулесі ( Ғ. Мұстафин)



Дата01.01.2020
өлшемі17,55 Kb.
#55383
Асыл сөз мәңгі жасайды
Бейсембаева Айгүль Абдильманаповна Ғ.Мұстафин атындағы № 83 ЖББОМ

қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі

«Көркем сөз – жанның сәулесі»

( Ғ.Мұстафин)
Әдетте, дарындылық дән секілді құнарлы топырақта ғана өсіп – өнеді дейді. Тегінде құнарлы топырақ деп ұлылар дәстүрін, даналар даңғылын айтар болар. Сарыарқа жері әрқашан даналар мен дарындарға кенде болған жоқ. Солардың бірі – Ғабиден Мұстафин.

Бала кезінде Нұраның тереңіне сүңгіп, айдынына құлаш ұрған қырда асық атып, сақасын алшысынан тұрғызған сары бала туған жерінің табиғатынын қатал мінезін бойына сіңіріп өсті. Арқаның сақылдаған сары аязы мен бұрқыраған борасынында шыңдалды.

Қазақ әдебитінің тарихы мен тағдырын әңгіме еткенде Ғабиден Мұстафиннің есімі бірінші қатарда тұрады. Ол кешкен жол, еткен еңбек , көркем шығармашылық дүниесі, тағылымы – бәрі мол өнеге. Қаламгер ісі мен есімі қазақ әдебиетімен біте қайнасқан, ол кешегі бүкіл совет әдебиетінің ірі қайраткері болды.

Ғ.Мұстафин 1902 жылы Қарағанды облысының Тельман ауданының Сарытөбе ауылында шағын дәулетті отбасында дүниеге келген.

Жазушының туып өскен дәуіріндегі жалғыз оқу – барлық қазақ ауылындағы сияқты молда оқуы болатын. Жас Ғабиден ауыл молдасынан оқып, арабша хат таниды. Ел арасынан көп тараған қиса поэмаларды оқитындай сауаты ашылады. Ескі оқумен алысқа бару мүмкін еместігін түсінген Ғабиден орысша – қазақша мектептің төртінші сыныбына түсіп, бір жылдан соң бітіріп шығады.

Бірақ балалық шағында алған шамалы білімі жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік бермейді де, жоғары сотқа қызметке ауысады. Жазушының көркем әдебиетке деген құштарлығы осы кезеңнен басталады.Сотқа түскен шағымдарда айтылған жапа шеккен адамдардың мұң – шерлері хабарлама, очерк, фельтондар негізінде «Еңбекші қазақ газетінде жарияланып тұрады. Жазушының тұңғыш әңгімелер жинағы «Ер шойын» деген атпен халыққа белгілі. Өзінің алғашқы қадамы туралы «Көргенімді, сезгенімді жазатынмын» дейді.

Ат жалынын тартып мінгенде, еңбек табалдырығына қарапайым жұмысшы ретінде аттаған шығармашылық жолына жұмысшы тақырыбын игеруден бастады. Қарапайым жұмысшыдан облыстық, республикалық газеттердің әдеби қызметкері, жазушылар одағының консультанты, республикалық халық творчество үйінің директоры қызметтерін атқарған өмірі халық өмірімен өзектес. Оның тұңғыш тырнақалды шығармасы да тап жауымен азаттық үшін күресті бейнелейтін әңгімеден басталғаны мәлім. Содан кейінгі жарық көрген қай шығармасын алсақ та шынайы өмірді, социалистік құрылыстың қанат жайған жетістіктерін жан – жақты бейнеледі.

Ғ.Мұстафин екі ғасыр, екі қоғам, екі үрдіс, екі мәдениет тоғысындағы алмағайып кезеңде өмір сүрді. Әлеуметтік кескілестер ортасында ғұмыр кешті. Сөйте тұра, оның қай шығармасынан да сол кезде үстемдік құрған тапшылық өшпенділік пен әлеуметтік кескілестер ортасында салқыны сезілмейді. Ол тарихтың негізгі мазмұны жан – жаққа бөлінген жау жағалас емес, әркім қал – қадірінше еңбек ететін жасампаздық екенін жазбай танып, жаңару мен жақсаруды таңдады. Ол өмірді күрес деп емес, еңбек деп ұқты. Өйткені күрескенін бәрі жеңіске жете бермейді. Ал еңбек еткенін ешқайсы да жеміссіз қалмайды. Сондықтан да ол тек еңбекті насихаттап, еңбекті дәріптеді. Оған дәлел «Шығанағында» сол кездегі таптық тайталастардың қызыл қырғындары мен қызыл қырғиларын дәріптемей, жер тырналап, ырзығын айырып, былайғылардың да күнкөрісіне қарлығаштың қанатымен су сепкендей, өз қолғабысын тигізуден басқаны мұрат етіп көрмеген, қазақтың «иә, құдайлап» өмір кешкен қарапайым шаруа шалының бейнетқор тіршілігін суреттеген. Адалдығы мен мейірмандығына табынып, ыждаһаттылығына сүйсінген. (132б.)

«Қарағандысында» ғасыр тоғысындағы қиян – кескіден азып – тозып, өкпесі өшіп, өзегі талған далалықтар өнбес даудың соңында біржолата құрып кетпей тұрып, жаңа кәсіп пен жаңа талаптың соңына түсіп, жасампаздық жолға жұмыла бастағанына мейірленеді. Байтақ Отанымыздың үшінші көмір ошағы болып саналатын өлкенің еңбек ерлерін, жаңарған бейнесін көркем тілмен әсерлі жеткізе білген.

«Өмір мен өлім» деген атпен жарияланған тұңғыш романы әрі көркем, әрі шыншыл дәрежеде жазылған шығармасы бірден қазақ совет әдебиетінің төрінен орын алып, түрі ұлттық, мазмұны социалистік жаңа өмір әдебиетінің алдыңғы сапынан табылды.

«Миллионер» атты романында сол кездегі совет адамдарының ірі тұлғасын, еңбекқор бейнесін де, қайраткер бейнесін де сомдады. Бұл романда жаңғырған ауыл өмірі көрініс беріп, жұмысшы табының сана сезімінің өсу дәрежесін көрсетеді.

Ғ.Мұстафин қандай шығарма жазса да сол күнгі өмір тақырыбын жырлап келді. Өзінің көз алдында өткен республика тіршілігі, оның болашағы шығармаларында ойлы да, мәнді көркем шешімін таба білді. Тұтас бір дәуірді қамтыған «Дауылдан кейін», сондай-ақ нақтылы деректерден құралған «Көз көрген» сынды мемуарлық туындыларында советтік шындықты, жасампаз өмірдің шындығын шабыттана суреттеді. Қаһарман замандастарымыздың жарқын тұлғасын, ерлік істерін париялық, халықтық тұрғыдан танытты. Осы туындыларды оқи отырып тарихи оқиғалардың келбетін көзбен көргендей әсерде қаламыз. Ең тұңғыш әңгімесі «Ер Шойыннан» бастап соңғы романына дейін оның бүкіл шығармашылығы Совет өкіметі жылдарында қазақ даласында болған ұлы өзгерістерді бейнелеген. (75 б.)

Ғ.Мұстафин осынау арман өмірге сенген қаламгер. Бұл жазушының кінәсі емес. Ол заманын, қоғамын мақтап, мадақтап өтті – соған сеніп өтті. Дегенмен өнер сан қырлы, сан сырлы. Жазушының таза жүрегі, арайлы арманы, елінің, жерінің бақытын аңсағаны – оның мұрасына сәуле төгіп, нұрландырып тұр.

Ғ.Мұстафин мұрасы көрген – білгені көп, өмірлік тәжірибесі мол . Сонымен қатар тамаша сөз зергері, кемел дарын иесі. Қаламгер өмірден алған тәжірибесін халқының алдына төгіп, артына өшпестей асыл сөз қалдырған жазушы. Шығармашылығында ана тілінің байлығын кеңінен пайдаланған, қаламгердің тек өзіне тән бейнелі сөз өрнегі, бедерлі жазу мәнері бар. Халықтың мақал – мәтел, нақыл сөздерімен шектеліп қана қоймай ертеден келе жатқан алтын қорға жаңа астар беретін сөз тіркестерін де өзі жасаған. Мысалы: «Шешендігіңді қайтейін, шиелі түйінді шешпесе, ақ пейілін кімге дәрі, өз еліңе өтпесе»; «Көз көре алмағанды көңіл көреді, көңіл көре алмағанды көз көре алмайды».

Оның дарынды сөздерінен құралған сөйлемдердің кейбіреулері бұл күндері мақал – мәтелге ұқсап кеткен. Мысалы: «Адам жастықтың қызығын өз шағында көріп, бағасын кейін береді екен». «Ақылды ой, алғыр сөз - адамның ең жоғары қасиеті». «Бақ кейде тауып қонады, кейде ауып қонады. Ауып қонса есіртеді, тауып қонсе есейтеді».

Классик жазушы әсіресе ескіріп бара жатқан сөздерді орынды қолдану арқылы қазақ тілінің сөздік қоры қазынасына өз үлесін қосқан қаламгер ретінде танымал.

Ғ.Мұстафин қазақ көркем сөз өнерінің қалыптасу кезеңінен бастап, марқайған әдебиет болғанға дейінгі дәуірді басынан кешкен аса ірі қаламгер, мәдениет қайраткері. Тұтас дәуір шындығын үлкен суреткер ғана айта алады. Көргенін біліп жазған, сүйіп жазған талғампаз қаламгер өмірде де, өнерде де жалғандыққа жол бермей тек шындыққа ғана жүгінген. «Әдебиет ардың ісі» деп білген жампоз жазушының арлылығы мен адалдығына күні бүгінге дейін тәнтіміз. Бір жүзжылдықтан келесі жүзжылдыққа аттаған шырайлы шығармалары, ғабидентану ілімі, есімімен аталған кент пен көше, еңселі ескертіш, естеліктер кітабы мен зерттеулер жинағы – міне бәрі Ғабиден Мұстафиннің ғибратты ғаламы. Дегенмен өнер сан қырлы, сан сырлы. Жазушының таза жүрегі, арайлы арманы, елінің, жерінің бақытын аңсағаны – оның мұрасына сәуле төгіп, нұрландырып тұр. (93 б.)

Алыптар тобындағы тұлғалы ағаның мерейтойы шеңберінде ұлан – ғайыр істер атқарған бүгінгі ұрпақ Ғабиден Мұстафиннің «Ұлтшылдықпен күресіп болдық қой, енді ұлтсыздықпен күресейік» деген ұлағатты өміршең сөзін іс жүзінде қазіргі ұрпақ дәлелдеп жатыр. Сөз соңында:

Халін айтып “Дауылдан кейінгі”елдің ,

“Миллионердің”ауылына дейін келдің.

“Қарағанды”

“Шығанақ”

“Көз көргенде”

Сомдадың сен бейнесін зейінді ердің – деп, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сәбит Бексейіт жырлағандай Ғ.Мұстафин халық қалаулысы, ұлт мақтанышымыз.



Пайдаланған әдебиеттер:
1.С.Қирабаев. Екі томдық шығармалар жинағы. Алматы. «Білім» баспасы, 2005 жыл.
2.Ғ.Мұстафин. Таңдамалы шығармалар жинағы. «Жазушы» баспасы. 1981 жыл.
3.Ғ.Мұстафин туралы естеліктер. Құрастырған: Ж.Ғ.Мұстафина, А.Жақсыбаева.
4. Орталық Қазақстан. 16 қараша, 2002 жыл.
Каталог: files -> loader
loader -> Бастауыш білім беру деңгейінің ОҚу пәндері бойынша үлгілік тақырыптық жоспарлары
loader -> №23 орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі
loader -> Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Сандықтас қонысы көрнекті ақын. Өлеңдері ел ішінде көп тараған. Дулат шығармалары негізінен дидактикалық негізде жазылған
loader -> Сабақтың тақырыбы: Абай шаңырағы Сабақтың мақсаты
loader -> Рассказ. Б. Комеков, С. Утениязов. «Шокан Уалиханов». Рассказ. Ж. Касымбаев. «Абылай хан»
loader -> Сабақтың мақсаты: Оқушыларды ақын өмірбаянымен
loader -> Ануарбек Дуйсенбиев «Зима в лесу»
loader -> Қарағанды тарландары


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет