Үлгермеушіліктің психологиялық себептерінің негізі уразбекова Балжан Базарбекқызы



Дата19.02.2017
өлшемі114,88 Kb.
#10616
ҮЛГЕРМЕУШІЛІКТІҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ СЕБЕПТЕРІНІҢ НЕГІЗІ
Уразбекова Балжан Базарбекқызы

Семей қаласы Шәкәрім атындағы МУ, 2 курс студенті

Ғылыми жетекші: Куребаева Гулнара Ахметовна

Семей қаласы Шәкәрім атындағы МУ, педагогика ғылымдарының магистрі.



Knara07@maіl.ru

Мектептегі үлгермеушіліктің негізі - бір ғана себеп емес, көбінесе бірнеше себептердің жинақталған әсері болып табылады. Солардың ішінен негізгілері ретінде: оқыту әдістерінің жетілдірілмеуі, оқушылардың танымдық іс-әрекетін дамытудағы кемшіліктер, әсіресе ойлау қабілетінің қалыптаспауы, оқушы мен оқытушы арасындағы жағымды қатынастың болмауы, басқалармен салыстырғанда жақсы оқушы болудың қорқынышы, және т.б .

            Үлгермеушіліктің мәнін толық түсіну үшін үлгермеуші оқушылардың ерекшеліктерін анықтап, қарастыруға болады.

Оқушылардың үлгермеушілігін ұзақ уақыт зерттеу- оның түрлі типтік тұрғыда көрінуінен деген қорытындыға тіреледі. Үлгермеуші оқушының түрі (типі) оның оқудағы жетістігін анықтайтын, көп уақыт бойы үлгермеудің нәтижесінде пайда болған тұлғаның маңызды қасиеттерінің өзіндік үйлесімділігімен сипатталады

            Бастауыш сыныпта балалардың білімге құмарлығы, айналасын- дағыларға қызығушылығы, қоғамдық маңызды іс- әрекеттерді орындауға талпыныстары, оқуға деген оң көзқарасты және соған байланысты эмоционалдық мазасыздықты тудырады. Оқуда артта қалу, жаман бағалар көбінесе оларды жылауға дейін апарып, күйзеліске түсіреді. Оқуда артта қалушылық, олар үшін жаман баға алу болып табылады.

           Ал, жасөспірімдердегі үлгермеушілік - бұл оқушының оқу тапсырмасына деген зейіннің аз болуы. Бірақ олардың өмірге деген іс- әрекеттері кеңейеді, яғни спортпен щұғылданады, ойындарға көп барады т.б. көрінеді. Көптеген жасөспірімдер орта мектеп жасында үлгерімі төмендер қатарына ілігеді.

           Жоғары сынып оқушылары оқу сабақтарына, мұғалімдеріне тәуелсіздігін көрсетеді. Олар көбінесе өздері таңдаған мамандыққа керек пәндерге қызығушылық танытады. Егер алған «жаман» бағасы өзінің таңдаған мамандығына қатысты болмаса оған олар мейлінше сабырлылықпен қарайды.

Үлгермеуші оқушылардың бірінші түрі. Үлгермеушіліктің осы түріне жататын оқушылардың бәріне ойлау операциясының төмен деңгейімен байланысты болатын төменгі оқу үлгерімі тән болып келеді. Ойлау процесінің (сараптау, синтездеу, салыстыру, жалпылау және нақтылаудың) нашар дамуы оқушыларда оқу материалдарын игеруде көптеген қиындықтар туғызады да, олар ойланатын тапсырмаларды шешуде жеңіл жол іздестіретін дағды қалыптасады. Осындай жолмен оқушылар оқу тапсырмаларын өздерінің шектеулі мүмкіндіктерімен келістіруге ұмтылады немесе ойлау жұмыстарынан қашқалақтайды, соның нәтижесінде ақыл- ой дамуында кідіріс болып, оқу іс- әрекет дағдылары қалыптаспай қалады.

Оқуда жетістікке жетпеуі және сыныппен бірігіп жұмыс істей алмауы олар үшін моральдық конфликтің көзі болып табылмайды, себебі өздерінің артта қалушылықтарын, жекеленген пәндерден басқалармен бір деңгейде игере алмаушылықтарын танымдық мүмкіндіктерінің шектелуі негізінде екендігін дұрыс түсінеді. Моральдық конфликтінің болмауы оқушы позициясының қалыптасуына және моральдық оң бағыттың қалыптасуына жағдай жасайды, себебі сәтсіздіктердің себептерін түсіну кемшіліктерде жою үшін жақсы стимул болып табылады. Осы типтегі оқушылар, сондықтан да ата- аналар мен жолдастарының көмегін жақсы қабылдайды.

Үлгермеуші оқушылардың екінші түрі. Бұл оқушылар мектепке жақсы интеллектуалдық дайындықпен, жақсы оқимын деген ниетпен келеді. Олардың оқу сапасында тұрақты мотивация болмай-ақ, ең алдымен, өздеріне ұнайтын пәндерін ғана  оқуға үйреніп алғандығы байқалады. Оқу оқығанда бұл оқушылар көбінесе жүйелі және ширығып еңбектенуді қажет ететін пәндерден (тілдер, математика) белсенді ойлау жұмыстарынан қашқақтайды, ауызша пәндерден тапсырмаларды үстіртін меңгереді. Осының нәтижесінде оларда оқу дағдылары, қиындықтарды жеңу әдістері қалыптаспайды. Осымен қатар оларда жұмыс істеуге белгілі бір қатынас қалыптасады: жұмыстарды тиянақсыз орындау, баяу қарқын, т.б.

          Осы типтегі мектеп оқушыларында оқудағы сәтсіздіктер оларды моральдық қақтығыстарға алып келеді. Бұндай қақтығыс (конфликт) олардың біршама кең интеллектуалдық мүмкіндіктері мен сол мүмкіндіктерін жеткілікті қолданбау арасындағы қарама- қайшылыққа байланысты пайда болады да, ал бұл оларда өздігінен жұмыс істеу дағдыларының болмауымен түсіндіріледі.

Үлгермеуші оқушылардың үшінші түрі. Бұл түрге, бірінші түрдегі оқушылардікіндей төмен оқу үлгерімі тән. Ойлау процесінің әлсіздігі оқу материалын меңгеруде әжептәуір қиындықтар туғызады. Оқу тапсырмаларын орындауда бұл оқушыларда сыни көзқарас болмайды. Тіпті олар өз нәтижелерін басқа оқушылардың нәтижелерімен салыстыруға тырыспайды да. Бұл жағдай оқушының оқуды меңгеру қиындығы немесе оқи алмағандығын ғана емес, сонымен бірге оның оқуға деген бейқам көзқарасынан болады. Мұндай оқушылардың ойлау ауқымдылығы да өте тар. Танымдық әрекеттерге деген мотивацияларының әлсіздігі тұлғаның жалпы бағыттылығынан, танымдылық қызығушылығының жоқтығынан көрінеді. Осы қасиеттердің жиынтығы оқуға, мектепке, мұғалімге деген теріс көзқарасты, сонымен бірге оқушының мектептен кетуге деген ұмтылысын білдіреді. Үлгірмеушіліктің осы түріне жататын оқушыларды көбінесе мектептегі денешынықтыру, еңбекке баулу сияқты пәндер қызықтырады.

      Сонымен, үлгермеуші оқушылардың психологиялық ерекшеліктерін сипаттай келе, үлгермеушіліктің негізінде жатқан психологиялық себептердің көпшілігін 5 топқа біріктіруге болады:

1-топ – жүйке жүйесіндегі жекедара психикалық ерекшіліктер;

2-топ – таным әрекетіндегі жетіспеушілік;

3-топ – мотивациялық сфераның дамуындағы кемшіліктер;

4-топ – өзін-өзі бағалау мен талаптану деңгейінің теңсіздігі;

5-топ – оқуға басқалардың әсері.

          Үлгермеуші балалардың ойлауының психологиялық ерекшеліктерін сипаттағанда олардың жас ерекшеліктеріне көңіл бөлу керек. Әрине, жас ерекшеліктері өздігінен үлгермеудің себептері бола алмайды, бірақ ойлаудың жас ерекшеліктерін байланыстылығын ескермесе оқуда қиындықтар мен артта қалушылық болуы мүмкін.

          Жалпы алғанда мектепке алғаш келген баланың көрнекі ойлауы басым болады. Бала неғұрлым кішірек болса, соғұрлым оның түсінігінде қоршаған ортаның тікелей қабылданатын белгілері бейнеленеді. Оның сөйлеуі де жеткілікті дамымайды. Сөйлеудегі кемшліктер де – бастауыш мектептегі үлгермеушіліктің маңызды себептерінің біріне жатады.

           Мектептегі оқу баладан абстрактылы ойлауды және жалпылай білуді талап етеді, ал бұл, әсіресе алғашқы кезде қиынға соғады. Мысалы, бастауыш сынып балалары грамматиканы оқығанда етістік деп етістіктен жасалған зат есімдерді айтады, яғни іс- әркеттерді білдіретіндіктен зат есімдер – «жүгіріс», «жүріс», «оқу» сөздерін ажырата алмайды. Бұндай оқушыларға жекеленген түсініктерді біріктіретін жалпы түсінік табу қиынға соғады. Олар керек емес ұғымдарды алып тастап, керек, маңызды ұғымдарды бөліп ала алмайды, олардың бұл қиындықтары мәтіннің мазмұнын айтқанда, ауызша сабақтарға дайындалғанда, мазмұндаманың жоспарын құрғанда байқалады. Сабаққа дайындалғанда үлгірмеуші балалар маңызды, маңызды емес ұғымдарды айыра алмай, бәрін бірдей есте сақтауға талпынады. Сондықтан ұғымдарды  мағыналық жағынан байланыстыра алмай, кейін тез ұмытылады. Балалардың ойлау әрекетіндегі осы кемшіліктері білімді меңгеруде қиындықтар туғызады

          Балалар ойлауының басқа ерекшелігі – олар затты немесе жағдайларды (ситуация) жан- жақты қарастыра алмайды, берілгендері бойынша есеп шығару үшін бір мезгілде керек шарттармен жұмыс жасай алмайды, талап етілген барлық ережелерді бір мезгілде орындай алмайды. Мысалы, сөйлемдегі қаратпа сөзді бөлгенде, тыныс белгілерді бірде қойса, бір жерінде ұмытады, ауызша жауап бергенде бір ойды айтып тұрып, басқасын ұмытып қалады. Себеп- салдарлық байланысты анықтайтын бірнеше себептерден тұратын жағдаяттарды қарастырғанда бір ғана себебін айта алады, ал егер бір себептен бірнеше салдар туындайтын болса, көбінесе бәрін айта алмай бір- екеуін ғана айта алады. Мысалы, үшбұрыштың тең қабырғалы болатынын айтқанмен, бұрыштарының да тең болатынын айтуды ұмытады, бір затты сипаттағанда оның түсін ғана айтып, басқа қасиеттерін (иісін, салмағын, қолдануын) айтуға қиналады.

Көбіне баладан оқу есептерін шығарғанда белгілі, үйреншікті шарттардан ауытқып, әдеттен тыс, ерекше байланыстар мен қатынастарды қолданып, жаңадан бір нәрсені көру дағдысы талап етіледі. Көбінесе осындай жағдайлар тапқырлыққа арналған логикалық есептерді шығарғанда, мұғалім соңғы тақырыпты сұрап қана қоймай, оны алдыңғы өткен сабақтармен байланыстыруды талап еткенде байқалады. Осының бәрі: «бір жақты» ойлауды жеңе білу, ізденудің жаңа бағыттарын табу, есеп шығарғанда ойдың оралымдылығын пайдалану – шығармашылықпен ойлаудың маңызды қасиеттері болып саналады.

          Бір қалыпты, бір сарынды үйреншікті жұмыс тәсілдерін қайта қарастырғанда, гипотезаларды ауыстырған кезде туындайтын қиындықтар – ойлаудың икемсіздігін көрсетеді.

          Балалардың ойлау әркетіндегі айтылған ерекшеліктер оқушылардың белгілі бір бөлігінің ғана үгермеушіліктеріне себеп бола алады. Оқудағы қиындықтарды жеңе алмау кейде белсенді ойлау жұмысынан бас тартуға әкеліп соқтырады. Ондай оқушылар оқу тапсырмаларын орындағанда әртүрлі дұрыс емес әдістер мен тәсілдерді қолданады, психологтар бұны «айналып өту жолы» деп айтады. Осындай әдіске мағынасын түсінбей материалды жаттап алу да жатады. Олар мәтінді жаттап айтып береді, бірақ сол мәтін бойынша  сұраққа жауап бере алмайды.

Тағы бір сондай «айналып өту» жолына есеп шығарғанда соған дейін шығарылған ұқсас есептерге қарап шығару жатады. Сонымен қатар ойлау әрекетінде кемшіліктері бар балалар ауызша сабақ айтқанда, біреулердің сыбырлап айтып жіберуін қалайды, жолдасынан көшіріп алады, т.б.     Белсенділікпен ойлай алмау және ойлағысы келмеу – бұл қарастырылып отырған үлгермеуші балалар тобына қатысты, кейде оларды «интеллектуалды белсенділік танытпаушылар» (интеллектально пассивные) деп атайды (Л.С.Славина). Психологтар мұндай балаларды дұрыс үйретіп, тәрбиелемегеннен дейді, яғни мектепке дейін бала  ақыл- ой дамуының арнайы кезеңдерінен өтпеген, үйренуге тиісті интеллектуадық икем мен дағдыларды меңгермеген.

Енді үлгермеушіліктің үшінші факторын қарастырайық, ол баланың жеке-дара табиғи психикалық ерекшеліктерінен туындайтын қиындықтар.

           Мұндай оқушылар, психологияда жүйке жүйесінің типологиялық қасиеттері деп аталатын өздерінің тұрақты жекедара психикалық ерекшеліктерін дұрыс қолдана алмағандықтан, танымдық іс- әркеттерінде кемшіліктер туындап, үлгірмеушілер қатарына қосылады.

            Қазіргі заманғы ой- пікірлерге сүйенсек, жүйке жүйесінің қасиеттері генотиптік тұрғыдан қарастырылады және осы тұрғыда адамның мінезіндегі ерекшеліктер көп жағдайларда өзгермейтін, тұрақты деп түсіндіріледі. Осы қағиданы ерекше бөліп көрсетуге болады, себебі бұл қағида баланың жекедара – типологиялық ерекшеліктерімен келіспеуге және педагогикалық процестерде ол жағдайды есепке алмауға болмайтындығын білдіреді.

           Жүйке жүйесінің негізгі қасиеттерінің ішінде мейлінше зерттелген және адамның үйренуіне әсер ететін оның күші мен қозғалғыштығы болып табылады. Жүйке жүйесінің күші оның төзімділігін, жұмысқа қабілеттілігін, кедергіге төтепберушілігін, табандылығын сипаттайды. Күштің қарама- қарсы полюсі – жүйке жүйесінің әлсіздігі. Жүйке жүйесі әлсіз бала жұмыс қабілетінің төмендігімен, күшті және сыртқы қоздырғыштарға босаңдығымен, жоғары сезімталдығымен сипатталады.

           Жүйке жүйесінің тағы бір қасиеті – қозғалғыштығы – негізгі жүйке процестері – қозу мен тежелудің жылдамдық сипатымен анықталады. Жүйке жүйесінің шапшаң, елгезектігіне селсоқтық қарсы тұрады. Жүйкесі селсоқ адам нерв процестерінің баяу өтуімен сипатталады.

            Көбінесе жүйке жүйесінің басқа қасиеттерімен (күшті, елгезек) ерекшеленетін оқушылармен салыстырғанда әлсіз және селсоқ жүйкелік қасиеттерімен ерекшеленетін балалар үлгірмеушілер немесе үлгірімі төмендер қатарынан көрінеді. Дегенмен, сондай қасиеттегі (әлсіз және селсоқ типтегілер) балалардың барлығы бірдей үлгермеушілер қатарында емес. Бұған дәлел, үздік және жақсы оқитын оқушылар арасынан да әлсіз, баяу жүйке қасиеттерімен ерекшеленетін балалар бар екендігі белгілі.

            Кейбір оқу тапсырмаларының әдістерінде және оқу іс-әрекеттерінің түрлерінде жүйке жүйесінің негізгі қасиеттері әртүрлі болып көрінетін оқушылардың әлсіз жақтары да, күшті жақтары да байқалады. Сондықтан да оқудағы жетістік немесе кемшілік субъектінің өзіндік табиғи қасиеттеріне байланысты емес, оқу процестерінің талаптарын орындауға байланысты жекедара әдістері мен тәсілдері қаншалықты дұрыс қалыптасқандығына байланысты. Яғни жүйке жүйесінің ерекшеліктеріне байланысты жекедара типологиялық қасиеттерін дұрыс қолдана алуы. Одан басқа, мұғалімнің балалардың сондай ерекшеліктерін ескере отырып, оқу процесін ұйымдастыру тәсілдеріне де  көп байланысты, себебі мұғалім оқушының оқу жұмысын қалай жеңілдете алса, солай қиындата алады.

           Жоғарыда біз оқушылардың танымдылық  іс- әрекеттерінен туындайтын үлгермеушіліктің үш психологиялық себептеріне байланысты оқушылар ерекшелектеріне тоқталдық. Оқудағы қиындықтар көп жағдайда оқушының тұлғалық қасиетіне кері әсерін тигізетінін айтпасқа болмайды. Бала қиындықтарды сезіне тұрып, олардың себептерін түсіне алмай, оқуға бар ынтасы мен талпынысын салса да, одан қажетті нәтиже шықпағандықтан не істерін білмей, шарасыздыққа түседі. Өзінің күшіне деген сенімділік біртіндеп өше бастайды. Егер осындай оқушыға қиындықтарын жеңе білуге дер кезінде көмек берілмесе, онда ол балада өзіне деген сенімсіздік қалыптасуы мүмкін және өз кезегінде оның тұрақты тұлғалық мінездемесі болып қалуы мүмкін (өзіне сенбейтін бала). Осындай өзіне сенбейтін бала қиындықтарды жеңе алмаймын деп қорқады. Бір тапсырманы орындай алмаған сәтсіздігінің әсерінен басқа тапсырмаларға да шамасы жетпейтіндей көрінеді. Оқуға деген қызығушылығы төмендейді. Үлгірмеушілік мұндай балаларды ұжымнан алшақтатуға әкеліп соқтырады, олардың әлеуметтік статусы нашарлайды. Ақырында мектепті жеккөрушілік сезімі пайда болып, мектепке барудан бас тартуы мүмкін. Осындай кездерде олар мектептен тыс жерлерде достар іздейді, көбінесе теріс бағыттағы балаларға тап болады

           Енді оқушының мотивациялық дамуындағы кемшіліктерге байланысты психологиялық ерекшеліктерін қарастырып өтейік.

           Оқушының оқу іс- әрекетіне тұрақты жағымды мотивациясы қалыптаспауы да оның сабақта үлгірмеуінің себебі болуы мүмкін. Оқудың мотивациялық аумағы оқу белсенділігін анықтайды. Оқу мотивациясы күрделі құрылымды, ол оқушының жекедара және жас ерекшелігіне байланысты даму барысында өзгеріп отырады. Психологтардың пікірінше, оқу іс- әрекеті көпмотивациялы болып келеді және оның негізінде жатқан әртүрлі арнайы құрылымдар мен иерархия құрайды. Мысалы, оқушыларда, танымдық әрекеттерге қажеттіліктен,  оқуға қызығушылықтарынан басқа, өзіне қолайсыз жағдайлардан «қашқақтау» мотиві болуы мүмкін.

          Әдетте бала мектепке оң мотивациямен келеді. Сондықтан баланың  мектепке деген жағымды мотивациясы өшіп қалмау үшін, бастауыш сыныптан бастап оқуға деген қызығушылықтарын қалыптастыру керек.

А.И.Липкина сыныптан сыныпқа көшкен сайын оқушылардың өзін бағалауы төмендейтінін анықтаған. Бірінші сыныптан төртінші сыныпқа дейін өзін өте төмен санайтын үлгермеушілер саны үш есеге өсетінін айтқан. Оқудың ең маңызды ынталандырушы күші – жетістікке жету мотиві – мұндай оқушыларда жойылады. Жаман бағаларға үйреніп алады да, оны міндетті және шешілуі жоқ мәселедей көреді. Үлгермеушілердің бұл психологиясын бір зерттелушінің: «Мен бұрын екіге бола ренжитінмін, тіпті жылап, үйге барғым да келмейтін. Ал, қазір үйреніп алдым. Дәптерімді, күнделігімді алғанда, қарамаймында» деген сөзінен ұғуға болады. Осындай өзін төмен бағалау, өзіне сенімділігін жоғалту оқушының танымдық белсінділігін арттыруға зиянын тигізеді

Осының бәрі оқушының үлгірмеушілігін жеңуді немесе алдын алуды мүмкіндігінше ерте жастан бастауды, яғни әлі де болса оқуда артта қалушылық келеңсіз жайттарғе апармай тұрғанда қолға алуды білдіреді. Егер уақыт өткізіліп алынса, мектеп психологы үлгірмеушіліктің алғашқы себептеріне байланысты жұмыс істеп қоймай, бір мезгілде оның барлық зардаптарынан құтылуға талпыну керек.

Осы жоғарыда қарастырылған деректер мен мәлімдемелер үлгірмеуші оқушыларға тән жалпы белгілермен қатар, үлгірмеуші оқушылардың ерекшеліктерін анықтайтын негізгі белгілерін де білуге мүмкіндік туғызады. Психологиялық-педагогикалық әдебиеттерде үлгірмеуші оқушылардың типтерін анықтауға байланысты, олардың ойлау процестері мен оқу мотивацияларын негіз еткен көптеген көзқарастар (Л.С.Славинаның, А.А.Бударныйдың, Н.И.Мурачковскийдің және т.б.) берілген. Осы критерилерге сүйеніп құрылған үлгірмеуші оқушылардың ерекшеліктерін білу, оларға дер кезінде көңіл бөліп, психологиялық-педагогикалық алдын алу, түзету, дамыту жұмыстарын жасауға мүмкіндік туғызады.




ӘДЕБИЕТТЕР

1.Менчинская Н.А. Мектеп жасындағы оқушылардың үлгермеушілігінің психологиялық проблемасы. М, 1997

2.Петровский А.В. Жас және педагогикалық психология. Алматы, 2008.

3.Асылбеков А. Оқушылардың ынтасын тәрбиелеу. Алматы, 2006.



4.Цетлин В.С. Мектеп жасындағы оқушылардың үлгермеушілігі және оны ескеру. Алматы. 2000.

5.Данилов М.П. Мекептегі үлгерімнің көтерілу жолдары. Педагогика. М, 2005.
Каталог: uploads -> files -> 2016-04
2016-04 -> Махамбет қай жылы туғАН? Тұрлыбай Бақыт Серікқызы
2016-04 -> ҚазақТЫҢ хас батыры -аттила (еділ батыр)
2016-04 -> Баспасөз беттеріндегі фразеологиялық тіркестерді қолдана отырып сөйлеу дағдысын қалыптастыру 411 штқ студенті
2016-04 -> Кескіндеме өнерінің шығу тарихы
2016-04 -> ЖАҢа технологиялар негізінде бастауыш сынып оқушыларының Ғылыми танымын қалыптастыру баятбек Жансая Жанатқызы
2016-04 -> ТӘкен әлімқҰловтың ӘҢгімелеріндегі өнер адамдарының бейнесі жайнарбаева Назгуль Нурланқызы
2016-04 -> Өздік жұмыстар арқылы бастауыш сыныпта еңбек тәрбиесін беру тұрсынбай Е. Р
2016-04 -> РӨлдік ұстанымдардағы бейвербалды қарым қатынастың ерекшеліктері г.Ү. Түйебаева
2016-04 -> Қазақ ауыз әдебиеті мен антикалық Әдебиет дәуіріндегі фольклористиканың Өзара үндестігі
2016-04 -> Орта буын оқушыларының диалогтік сөйлеу дағдысын қалыптастырудағы ауызекі жағдаяттардың рөлі. Мұқан А.Қ


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет