«Ұлы даладағЫ» мемлекеттік жүйелер және «МӘҢгілік ел» ҰҒымының арасындағы тарихи сабақтастықтар мәселесі анарбаев Қ. С



Дата11.01.2017
өлшемі110,36 Kb.
#7509
ӘӨЖ 94 (574). 02|.08+ 930 (574)

«ҰЛЫ ДАЛАДАҒЫ» МЕМЛЕКЕТТІК ЖҮЙЕЛЕР ЖӘНЕ «МӘҢГІЛІК ЕЛ» ҰҒЫМЫНЫҢ АРАСЫНДАҒЫ ТАРИХИ САБАҚТАСТЫҚТАР МӘСЕЛЕСІ
Анарбаев Қ.С. – т.ғ.к., ОҚМПИ доценті м.а., Шымкент қ.

Әуезова Г.Ш.- №84 жалпы орта мектеп мұғалімі, Шымкент қ.
Резюме

В статье рассматриваются проблемы исторической взаимосвязи между государственными системами Великой степи и понятием Мәңгілік Ел

Summary

In article problems of historical interrelation between the state systems of the Great steppe and a concept Mәңгілік are considered Ate
«Мәңгілік ел» ұғымы, бұл - ұлттық идея ғана емес, ұлттық сананың биік шыңы, қазақстандық патриотизмнің нағыз қайнары. Жалпы алғанда, Қазақ қоғамының дәстүрлі қоғам екенін жастарға түсіндіруде, үйретуде ғылыми-методологиялық негізі де жоқ емес деп айта аламыз.

«...Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көктүріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп тәуелсіздікке тіреледі» - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасының сонау Ұлытау төрінде айтқан бұл сөздері әлемдік тарихтағы «халықтардың Ұлы қоныс аударуы» деп айтылып келе жатқан үдерісті тудырған ғұндардың әлемдік тарихтағы тарихи рөліне қатысты ғылыми мойындалған тұжырымдарды одан ары тірілтіп қана қоймай, біздің елдігіміздің, яғни мемлекеттігіміздің тарихын оқып үйренуде үлкен мәнге ие.

Әлемдік тарих ғылымы ғұндардың монголоид нәсілді, басым жағдайда түрік тілдес халық екенін мойындайды. Және оған тарихи деректер де жетерліктей дәрежеде. Алайда, ғұндардан сәл алдыңғы кезеңде, тіпті қатарлас өмір сүрген сақтарға және заманы бір үйсіндер мәселесіне келгенде пікірлер сан тарауларға айрылып кете береді. Әсіресе, сақтардың этникалық және тілдік ерекшеліктеріне байланысты тартыстар көп. Бұндай пікір қайшылықтары бұрыннан бар және тәуелсіздіктің таңы атқан жылдар ішінде де осы тартыс тоқтаған жоқ. Неге?. Өйткені оған сақтардың антропологиясы мен тілі жағынан үнді-арилік ел болғандығы туралы пікірлердің салқыны мен талай жылдарға созылған отарлық саясаттың табы әлі тиіп келеді.

Отандық тарих ғылымында халқымыздың тарихын сол тарихтың мұрагерлері тұрғысынан емес, керісінше отаршылдардан «жеңілген елдің тарихы» ретінде жазылған еңбектерден, қала берсе Маркстік-лениндік методологияға негізделген ғылыми еңбектерден оқып келгеніміз шындық. Бір сөзбен айтқанда, бүгінге дейін халықты өз тарихынан «өгейлендіру» мақсатын көздеген талаптарға лайық жазылған еңбектер басымдығы жағдайында ұрпақ тәрбиесі жалғасып келді. Тіпті, әлі күнге салқыны тиіп келеді. Сондықтан бұл мәселелерге бейтарап қарауға болмайды. Тарих ұлттық сананы қалыптастырудың нағыз қайнар көзі. Соны байқаған 20 ғасырдың басындағы Алаш көсемдері бір біріне жазған хаттарында: «Айнаға қараған ит одан өз бейнесін көріп, оған қарап үреді. Өйткені оны басқа ит деп ұққандықтан солай...Біздің халықтың тарихының бүгінгі күйі де солай болып тұр... » деп ашына жазғаны белгілі.

Әсіресе, өткен жылы ғана 550 жылдығын әлемге таныстырған Қазақ мемлекеттігінің одан арғы дәуірлермен тарихи сабақтастықтарына үлкен мән беру керек. Сонда ғана «қазақтарда мемлекеттіктің кейін ғана пайда болғаны туралы» пікір айтқандар аузына құм құйылады. Ұрпақ санасында ұлттық мақтаныш сезімдер оянады.

Сонау 1996 жылдың сәуірінде Қазақстан Президенті
Н.Ә. Назарбаевтың («Егемен Қазақстан», 1996 жылғы 30 сәуір) аузынан айтылған: «
Бұдан бұрынғы кезде қазақтардың мемлекеттілігі болмағандығы туралы түрлі сыпсың пікірлерге тосқауыл қою қажет», және оның «тарих ғылымының кезек күттірмес міндетінің бірі» деп айтқан ұлағатты сөздерінің мән-мағынасы мен өзектілігі күн санап артып келеді. Отандық тарихшыларымыз да Елбасының тапсырмасын «алып ұшып ұрандап» емес, таза ғылыми деректер арқылы сан қатпарлы тарихымызға қатысты сауалдардың жауаптарын бірінен соң бірін беріп келеді. Осы мақала шеңберінде біз де бүгінгі қазақ мемлекеттігінің терең тарихынан сыр беретіндей ерте дәуір жазбагерлерінің еңбектеріндегі кейбір мағлұматтарды жаңаша пайымдаулар арқылы қайта жаңғыртуды мақсат еттік.

«Мың өліп, мың тірілген қазақ халқының» ерте кезеңдері сақтар тарихымен сабақтасып жатқаны тарихи шындық бола тұрса да, олардың тарихын бұрмалап, ол жөнінде әлем жұрт­шылығына теріс түсінік беруге тыры­сушылықтың тек бүгін ғана пайда болған ойлар еместігі, ондай жат ойларға дем берудің тарихы сонау ерте кезеңдерден-ақ басталған. Мысалы, т.ғ.д.,профессор К.Есмағамбетов сөзімен айтқанда: «...ертедегі әлемдік тарихтың атасы саналған Геродоттың замандастарынан бастау алатын елдерді «өркениетті елдер мен халықтар» мен «жабайылар, яғни тарихы жоқ, одан тыс қалғандар» деп бөліп қарастыратын еуропацентристік пікірлер әлі толастамай келеді. ....Олардың мақсаты - халқымыздың өткеніне тарихи құжаттар негізінде сараптап, өзінің ой-пікірін білдіруді емес, көшпелі елдердің тарихын мансұқтап, бүгінгі еліміздің егемендігіне, ішкі, сыртқы саясатына күйе жағу екендігі байқалып тұрады».

Ал отандық және шетелдік ғалымдар (тарихшылар, археологтар, антрополог және этнологтар) Орталық Азияны мекендеген көшпелі тұрғын­дары ерте заманнан мемлекеттік түзімде өмір сүргенін айтады. Және солай екені археологиялық, антропологиялық, лингвистикалық, тарихи және басқа да материал­дармен қосталып та отыр. Сол зерттеулердің ортақ түйіні де бір арнаға саяды. Ол: «біздің мемлекеттігіміз сонау сақтар кезеңінен бастау алады» деген ортақ тұжырым. Ондай пікірлерді отандық ғалымдарымыз академик К.М.Байпақов, т.ғд., профессор ғалым С.Жолдасбайұлы, академик Б.Е. Көмеков т.б. еңбектерінен байқаймыз. Олардың бұл тұжырымдары жалаң айтылған пікірлер емес, ғылымға, яғни түрлі тарихи деректерге негізделгені анық. Алайда, әлі күнге көшпелі қоғамдар тарихын отырықшылардан төмендетіп көрсету үрдісі тоқтамай келе жатқаны тағы белгілі.

Осы орайда белгілі ғалым В.В.Трепав­лов­тың айтуынша: «Мемлекеттілік дәстүр» дегеніміз бір мемлекеттен екіншілеріне ауысып отыратын мемлекеттік құрылымның қағидаттары мен компоненттерінің, жалпы және маңызды белгілерінің тарихи-генетикалық сабақтастығы болып табылады» деген пікірін мемлекет тарихына көз жүгірткенде ескеру дұрыс сияқты [1, С. 12)]. Ал, «мемлекеттілік» («государственность») терминіне: «Государственность - особый признак, которым отмечено историческое развитие стран (нации, групп национальностей, союза племен и т.п. образований), сумевших создать собственное государство или восстановших утраченное в силу различных причин (утрата независимости, объединение с другой страной) свое государство» деген анықтама беріліпті [2, С. 64)].

Міне, осы тұрғыдан алғанда ежелгі сақтар, үйсіндер, қаңлылар, ғұндар, ортағасырлық Түрік қағандығы мен Алтын Орда мемлекеттерінің мемлекеттік жүйелерінің қазақ мемлекеттігі арасындағы тарихи сабақтастықтар мен ортақтықтарының іздеріне үңіле отырып оқытудың тарихи маңызы айқындалады. Өкінішке орай, бүгінгі тарих ғылымында далалық өркениеттердің тарихи сабақтастық жақтарын зерттеу мәселелері кенжелеп келеді. Тіпті кезінде «Марксизм» аталған ілім көсемдерінің өздері де дала қоғамдарын ерекше зерттеудің керектігі туралы бекер айтпағаны анық.

Біздіңше, сақтар мен ғұндар дәуірінен бастау алып, кешегі Алтын Орда сияқты іргелі империялардың ұзақ өмір сүрулері кейбіреулер айтып жүргендей «қатал жүйелер арқылы басқарылудың» арқасында ғана емес, жоғарыдағы ғалым тұжырымындағыдай этникалық жағынан көп жағдайда біртектіліктің басым болуынан, шаруашылық, мәдениет пен дүниетаным ортақтықтарының тарихи сабақтастықтар тауып жатуымен де мүмкін болғанын естен шығармау керек. Өйткені жазба деректерде айтылғандай Алтайдан (тіпті, одан да шығыс аумақтан) Дунайға дейінгі аралықтағы далалық аумақты сақтар, ғұндар, түріктер, Шыңғыс хан құрған империя құрамын негізінен түрік тектес халықтар құрағаны белгілі. Кейінгі жылдары көптеген дербес елдердің құрамына сіңген оларда ішінара діни сенімдері мен шаруашылықтарында ғана кейбір ерекшеліктер байқалғаны болмаса, әлі де солай ортақтық тұстары көп екеніне тарих куә. Осы орайда Кавказ сияқты кішігірім аумақты мекен еткен түрлі этникалық сипатқа ие халықтар қанша жерден бір мемлекетке, империяға күшпен біріктірілсе де, тілі мен этникалық тұтастану жағынан ондай сабақтастықтар мен ортақтықтар байқала бермейді. Сондықтан Дала тарихының тарихи сабақтастықтарына ерекше назар аудару керек. Солай кешенді және сабақтастықта қарау арқылы білім бергенде ғана мына Ұлы Дала тұрғындарының бүгінгі мұрагерлері арасында кешегі өткен кезеңдердегі ұлттық және мемлекеттік біртұтастықтың болғаны немесе оның жоғалуы туралы ғылыми мағлұматтары молаяды. Сол арқылы бүгінгі жас ұрпақ санасында ұлттық тұтастануға ұмтылушылық пен өз халқының тарихына деген мақтаныш сезімдері оянады. Ұлттық санамызды талай жылдарға созылған отаршылдық зардаптарынан арылтудың басты жолы да осында жатыр деп санаймыз.

«Мәңгілік Ел» идеясы бүкіл түрік тектестердің басын біріктірген Түрік қағандығы дәуірінде тасқа қашалған жазба мұралардан мирас ретінде бізге жетіп, бүгінгі күні ұлттық идеологияның «алтын діңгегі» іспетті сипатта бекерге ауызға алынып отырған жоқ деп санаймыз.

Енді сондай тарихи сабақтастықтардың кейбір іздеріне тоқталатын боламыз. Оның ішінде ең алдымен сонау сақтар заманымен сабақтастықтар табатын кейбір жайттардан сөз қозғайтын жазба деректерден бастағанды жөн санадық. Ал ғылымда сақтар антропологиялық типі, этнографиялық салт-дәстүрі, тілі мен мәдениеті жағынан әр түрлі болғаны туралы пікірлер кездеседі. Біздіңше, олар туралы айтылған мағлұматтар мен бүгінгі қазақтар арасындағы ұқсастықтар мен ортақтықтарға баса назар аударған жөн сияқты. Өйткені түрлі географиялық аумақтарда, түрлі саяси жүйелерде өмір сүрген сақ тайпаларының ортақ тұстарының көп екені және олардың бүгінгі біздерге де тән тұстарының болуы ойлантады.

Грек тарихшысы Геродот өзінің атақты «Тарихында» былай дейді: «Скифтердің ең үлкен және батысындағы өзені - Истр. Ол бүкіл Европаны қиып өтеді», «Скифтер Азияның барлық жеріне билігін орнатты», «Олардың жерінде ормандар аз», «скифтердің жер өңдеушілерінің шығысында көшпелілері мекен етеді», «Сонымен өмірге қажеттінің бәрі скифтерде бар», «Барлық халықтардың ішінде тек скифтер ғана қажетті өнерге ие. Олар еліне шабуыл жасаған бірде-бір жауды тірі жібермейді, егер, өздері мүмкіндік бермесе, оларды ешкім де қуып жете алмайды. Скифтердің не қалалары, не бекіністері жоқ қой, өздерінің үйлерін өздерімен алып жүреді. Барлығы атты садақшылар, жер жыртумен емес, мал шаруашылығымен айналысады, олардың үйі киіз» [3, С.49; 34-35; 45:51; 53)]. Осы айтқандардан сақтардың негізінен Еуразиялық даланың тұрғындары екені анық байқалады. Көшпелі мал шаруашылығы басым, жауынгер ел болған. Ал қазақтардың киіз туырлықты елдің ұрпақтары екенін фольклорымыз арқылы ғана емес, бүгінгі күнге дейін қолданыстағы үйлеріміз арқылы іс жүзінде әлем біледі десек артық емес. Ал Геродот айтқандай «атты садақшы», киізден бұйым жасау үшін сақтарда міндетті түрде мал шаруашылығының басым болғаны айтпаса да түсінікті. Жауынгерлік сипаты атты әскерінің және жетілген қару-жарақтарының болуымен көрінеді. Олардағы өнердің жоғары деңгейіне ежелгі дүние авторларының бірқатары таңданыспен жазған деректері де дәлел бола алады. Оларды гректер өздерімен де салыстырып қарап, кей тұстарда артықшылықтарының болғанын лажсыз мойындағандай сипаттар танытуын бүгінгі ұрпаққа мақтаныш ретінде қарастырудың мүмкіндігі мол.

Мысалы, Геродот пен Фукидиттің замандасы Лесбос­тан шыққан Гелланик «Скифтер» атты еңбегінде «Темірді ойлап тапқан скифтер» деп көрсетеді. Алғашқылардың бірі боп скифтердің дәстүрі мен тұрмыс-салтын үлгі тұтып, мадақтаған да осы адам екенін зерттеушілер айтып келеді. Ал осы деректердің ортағасырлық ашина түріктердің темір өндірушілер ретінде қытай деректерінде көрініс табуымен неге сабақтастыра қарамасқа?. Немесе сол Геродот еңбегінде келтірген гректердің басты құдайларының бірі Зевстің ұлы Гераклға қатысты бір аңызда соңғысының солтүстікке барып пері қызындай сипаттағы (денесі адам басты, балық құйрықты) қызға үйленуі. Олардың үш баласының болуы, соңынан Геракл еліне оралар тұста жарының: «мына артында қалған елге кім патша болады?» - деген сауалына Геракл: «кім менің садағымды тарта алса сол патша болсын» дегені, аңыздың соңында Скиф деген баласы сол билікке ие болғаны, яғни патшалық құдайдың құдіреті арқылы берілгені туралы хабарлары мен ортағасырлық түріктердегі «жоғары да зеңгір аспан, төменде қара жер жаратылғанда, оның арасындағы кісілерге билік етуді Тәңірім менің бабаларыма.... берді» деп келетін жолдардағы идеялық сабақтастықтар тұрғысынан қарастырудың да мүмкіндіктері жоқ емес. Ал кешегі «Көк түріктерміз» деп түріктер өздеріне қатысты айтқанда да осы Көктің, яғни «Тәңірдің түріктерміз» дегені деп пікір айтушы зерттеушілердің пікірлерін ескерген артық болмас еді.

Атақты грек географы Страбон өзінің География атты еңбегінде: «Қымыздан ішімдік жасайтын скифтер әділетті» «Шынында да, біз скифтерді ең ақкөніл, айлакерліктен неғұрлым алыстау, сонымен қатар, неғұрлым үнемшіл және бізге қарағанда, неғұрлым тәуелсіз деп есептейміз» деп біршама сол дәуірге объективті бағасын бергенін ескеру керек.

Ұлы Дала перзенттерінен гректердің арасында болғандары да бар. Жазба деректердегі мәліметтерге қарағанда олардың біріншісі – Тоқсары. Тоқсары шамамен б.д.д.VІІ ғасырдың басында дүниеден өткен. Тоқсары Грек еліне келгенде, жасы отыздар шамасында болатын. Сол Тоқсарының «Біз жақсы адамдарға арнап құрбандық шаламыз. Солардың құрметіне орай ас беріп, той жасаймыз.Себебі, өлі разы болмай, тірі жарымайды. Әрине, мәселе тек оларда ғана емес, біз өлген адамдарға құрмет ете отырып, тірілерге олардың жақсылықтарын уағыздаймыз. Сондықтан да, тірі жүргендердің көпшілігі соларға ұқсап, артына жақсы сөз, өшпейтін із қалдырғысы келеді» – деген сөздері грек жазбагерлері еңбектері арқылы бізге жетіп отыр.

Сол деректер мен бүгінгі түрік халықтары арасында, оның ішінде қазақ халқында қалмай келе жатқан өлген адамға ас-суын беру дәстүрінің тарихи сабақтастықтарының іздері жоқ деп айта алмаймыз.

Тарихтан бізге жеткен, эллада еліне екінші болып аяқ басқан көшпенділер өкілі-Анахарсис данышпан. Анахарсис шамамен б.д.д 620-555 жылдары өмір сүрген. Анахарсис аты аңызға айналған сақтың бірі. Ол ерекше шешендігімен көзге түскен, ежелгі гректердегі «скифтік сөйлеу мәнері», – деген мәтелдің шығуын оның осы қасиетіне байланысты шыққан деген пікірлерді де ескеру керек (Д.Лаэртский). Геродот пен Страбон «жеті ғұла­маның бірі» деп мойындаған Анақарыс туралы Диоген «кеменің зәкірі мен дөңгелекті ойлап тапқан –Анахарсис» деп мойындаса, Страбон өзінің әйгілі «География» атты еңбегінде: «Эфор Анахарсисті данышпан деп атайды, ол өзінің шексіз адалдығымен, тазалығымен және ақылдылығымен жеті данышпанның бірі болды». Анахарсис ұста көрігін, екі табаны бар зәкірді және құмыра жасауға арналған дөңгелек жозыны ойлап тапқан дегенді айтады», – дейді. Ал шын мәнісінде Анақарыс оларды ойлап тапқан жоқ. Бұл бұйымдарды Ұлы Дала ұлдары одан әлдеқашан бұрын ойлап тауып, пайдаланып жүргені анық. Ал Анақарыс тек соларды гректерге үйретуші болған деп ой түюге болады.

Оның үстіне сақтар мен біздерді сабақтастыратын деректерде тілдік деректерде де аз сақталмағаны белгілі. Қазіргі түркі халықтарының тілдерінде «сақ» сөзі жиі ұшырасады. Мәселен, якуттардың өздерін сыха атауы, қазақта сақа адам, сақшы, сақ сөздерінің сақталуы-сақтардың тікелей ұрпағы болып табылатындығының бір дәлелі. Қазақ (хассақ) атауының өзі Сақ атауымен байланысты деген болжам да бар [4, 4 б.)]. Ал сол билеуші сақтардан бізге дейін жеткен ерекше жәдігер Алтын адам киіміндегі бейнелердің өзі сол сақтардың дүниетанымынан хабар беретіндей әсер қалдырады.

Ал ұсталық, темір өңдеу және дөңгелекке қатысты әңгімені XVII ғасыр авторы Әбілғазы шежіресіндегі мағлұматтармен неге сабақтастырып қарамасқа. Онда Оғыз ханның бір жасағы дөңгелекті ойлап тапқан емес пе еді?. Оған Қаңлы есімінің берілуі туралы деректердің ежелгі гректердің жазбаларындағы деректермен оқиғалық желілерінде тарихи сабақтастығы бар екені байқалады. Біздіңше, сол сақ дәуірінде санадағы із қалдырған мәселелер кейінгі дәуірде әртүрлі оқиғалар мен кісі есімдеріне қатысты пайдаланып отырған сияқты сипат танытады.



Әрине, қысқаша мақала шеңберінде осындай сабақтастықтардың бәрін тізіп көрсету мүмкін емес. Оған арнайы кешенді зерттеулер арнау керек. Тек бүгінгі қазақтардың да сол әлемді «таңдандырған» сақтардың бел ұрпақтарының бірі екенін көрсететін деректерді оқып үйренуді қолға алу кезек күттірмес мәселелер. Сонда ғана «Мәңгілік ел» ұғымының қадір-қасиетін ғылыми, әрі тарихи сабақтастықта ұғынатын боламыз демекпіз.
Пайдаланылған әдебиеттер мен сілтемелер.

  1. Трепавлов В.В. Государственный строй Монгольской империи ХІІІ в. (Проблемы исторической преемственности). М., 1993.

  2. Политология. Энциклопедический словарь / Общ. ред. и сост.: Ю.И. Аверьянов. М., 1993.

  3. Великая степь в античных и Византийских источниках. Алматы «Баур» 2005.

  4. Ұлы Дала мемлекеттері. Алматы: «Адамдар» баспасы 2006. – 216 б.

Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет