Ұлттың ұлы ақыны Оған жаңа ұрпақ көзімен қарар кез кеді



Дата05.11.2016
өлшемі162,63 Kb.
#397
Ұлттың ұлы ақыны

Оған жаңа ұрпақ көзімен қарар кез кеді

Қазақ жырының ақ нөсер жауыны, ақ түтек дауылы, «найзағайлы қара бұлттан от алған» өлеңімен өмірінен өлең жасап берген Қасым рухы, Қасым жыры бүгін бізбен бірге Қар­қара­лы­ның қария тауларын, қазақтың қара орман жұртын тербетіп тұр.

Қасымның ақындық болмысын, жүрегінің лүпілін, сезімінің сыңғырын тану үшін оның өлеңбаянына айналған өмірбаянына үңілмей болмайды.

Қалсам бір қаусап мен өліп,

Достарым аңсап өкінбе.

Найзағайлы қара бұлт болып,

Жаңбыр боп жауып өтті де.

Қазақ жырындағы санаулы саңлақтар сана­тында дара дауысы, өршіл үні, қайталанбас қол­таң­басы бар Қасым Аманжоловтың соңында қас­терлі мұрасы қалды. Оның өлеңдері мен поэма­лары, сонеттері мен романс­та­ры, аудармалары мен мақалалары уақыт атты құді­рет­тің көзімен қара­ғанда, өзінің таланты мен дарын қуатын алдаспандай жарқыратса да, тарихтың аласа­пырандарында идеологиялық тізгін шығармашылдық шарықтауға тосқауыл болғанын да аңғару қиын емес. Ақын ғұмыры буырқанған бұлқыныстардан, қарама-қайшылықтан, бақ пен сордан, ақ пен қарадан тұрады. Оның ғұмыры қасірет пен қасиетке толы ғұмыр.



Ұлттық поэзиямыздың Абайдан кейінгі асқар биіктері Ілияс, Мағжан, Сәкендерді жүйесіз жүйе жүндей түтіп, тулақтай қадірін қалдырмай тарих сахнасынан көздерін «жойған» тұста Қасым-жырдың жасындай жарқ етуі қасиетті қара өлең рухының жан дауысы еді.

Меніңше, Қасым – өлең Ана – жұрттың құр­сағынан ғасырда бір туатын ғаламат. Ақын жы­рында Шығыс пен Батыс шайырларының қаламы­нан туған інжу-маржан­дардың жарқылы, жырау­лық поэзияның рухы бар. Отанды да, ортаны да ақын таңдамайды. Бұл өлең сол уақыттың көзімен қарағанда шын мәніндегі құбылыс, сол кезең жайлы жазылған керемет туынды.

Ендеше, «Советтік менің өз елім» деп ақын­ның асқақ пафоспен үн қатуын ХХI ғасыр ұрпақ­тары да алғаусыз қабылдар. Хал-қадерінше ішкі иірімдеріне сүңгір. Туған даласын тап Қасымдай егіліп, төгіліп еміреніп жырлаған ақындар кемде-кем.

«…Қазақстан дейтін менің бар елім,

Жатыр алып жарты дүние әлемін!

Бұл даланы анам жаспен суарған,

Бұл далада атам қолға ту алған.

Бұл далаға жылап келіп уанғам,

Бұл даланы көріп алғаш қуанғам,

Бұл далада өскен жанда жоқ арман!»

Осы жолдарды Қасым жайлы толғанысында мысал­ға алған академик Серік Қирабаев: «Бұл – бүгінгі айты­латын егемендіктің сөзі екен; Қасымның оны уақыты­нан бұрын айта білгені де дау тудырмайды» – деп шешімді де кесімді бағасын айтады.

Жер бетінде шарлаған ізі қалған ақынның қазақтың орманы мен даласын, тауы мен көлін, жазиралы бай­тағын жыр еткенде әруақтанып, рухтанып кететінін, оның болашағына сеніп, барына балаша қуанатынын байқайсың.

Біздіңше, ХХ ғасырдағы қазақ жырын Қасым­ға дейінгі және Қасымнан кейінгі кезең деп бөліп айтуға әбден болады. Қараңғы түннің қойнауын найзағай жарқылымен тілгілеген құдіретті жырлар арқылы ол өз дәрісханасының жұлдызды шәкірттерін молайтты. Ол мектептің аты – Қасым мектебі еді.

Бұл жөнінде қазақтың абыз ақындарының бірі Әбділда Тәжібаев былай дейді: «Әрбір өнердің өзіндік мәдениеті бар. Сол мәдениет поэзияға да тән. Қасымның осы шеберлігін оның қазақ поэ­зиясына берген мәдениеті деп тануымыз керек. Қасыммен осынша шұғылдануымыздың бір себебі: ол өзінің жаңа серпінімен кең тынысты жырлар туғызып қана қоймай, өзгелерге де ерекше ықпал жасады.

Осы күнгі сүйікті ақындарымызға айналған Ғафу Қайырбеков, Ізтай Мәмбетов, Аманжол Шамкенов, Тұман­бай Молдағалиев, Еркеш Ибраһим, Тілеген Шопашев, тағы басқалар ең әуелі Қасымға шәкірт болып бастағандарын жасырмаса керек. Көпке дейін күшті лириктеріміздің бірі Сырбай Мәуленов те шабыт туралы ойларды Қасымша қайталап жүрді. Өз стилі бар, өзіндік орныққан жолы бар кекселеріміздің өзінде де Қасым интонациялары, тіпті оның даяр теңеу сөздіктері де кездесіп қалып отырады.»

Әбділда ақынның өзінің замандасы, тіпті өзінен бір-ер жас кішілігі бар Қасымға қарата айтқан осы бір жүрекжарды лебізін Қасым мектебінің қалыптасуына берілген баға, мойындау деп қабылдауымыз керек.

Замананың заңғар ақыны Мұқағали Мақатаев Қасым ағасын сонша қастерлеп:

«…Жеді… Тынды… Керемет дерттер төніп,

Кең кеудеде кетті ғой кектер сөніп.

Қасым деген қалғыған жанартау ғой,

Жанартау ғой… Жанды да кетті өртеніп.

«Бір күй бар домбырамда» – иесі Қасым.

Қасым солай болмаса, несі Қасым!?

Жыр бәйгеге аттанған адам болса

Сөредегі Қасымын есіне алсын», деп ұлы ақын­ның әруағын аялай отырып жүрек сөзін айтады.

Қазақтың тағы бір тұғырлы ақыны Жұмекен Нәжімеденов:

«…Мезгілім аз қайтпаған, жасымаған,

Ал түңілген кездерім басым одан.

Мазалама Пушкинді, менің үшін

Жетіп жатыр өзімнің Қасым ағам…» деп асқақ­татады.

Бұл ақындардың қай-қайсы да ұлтымыздың жұлдызды шайырлары, Қасым мектебінің дәріскерлері.

Бүгінгі ұрпақтың негізгі ұстанар бағыты – ақынның кісілік келбеті мен асқақ жырларынан қа­лыптасқан ақындық тұлғасы болуы керек. Өкінішке қарай, қай ортада болмасын, Қасым жайлы айтылар сөздің бір ұшы ақынның баспанасыздығы жайлы әңгімеге барып тіреледі. Ақын жайлы «мифке» айна­лып кеткен осынау беделсіз әңгімеге ел-жұрттың өнер адамдарының талайлы тағдыры жайлы алып-қашпа жел сөздерден құралған түсінігін қоссақ, қазақтың көптеген тарлан тұлғаларын кемсітуге апарып соғатын бір бықсық пиғылды аңғара­мыз. Ақын деген «сәл қиялилау, өзге жұрттан пенделік несібесі кемшін, тірлік соқпағының соқтықпалы қияметті тұстары молдау адам» деген түсініктен арылатын уақыт жетті. Мұндай идеологиялық нәрі жоқ әңгімелерден ұлттық тұлға, қазіргі кезеңде жетісіңкіремей тұрған ұлттық азамат, мемлекетшіл һәм мемлекеттік тұлға қалып­тастыра алмасымыз анық. Ал, Қасым жырларынан іздеген жоғымызды таба аламыз.

Қасымды енді жетімдік тағдырынан арылтып, баспанасыздығын да, тірлігінде көлденең кездескен көп кедергімен күресіп шамырқанған адам қал­пында елестетуге негіз жоқ. Қасым – қазақтың өзі, сол қысталаң дәуірдегі әр қазақтың қасиеті Қасым­ның ғұмырынан, жырынан аңқып тұр. Қасымның басынан өткен ауыр тағдыр әр қазақтың басынан өткен жоқ, өтсе де, ердің ері, азаматтың азаматы ғана шыдас берер сынды көтерер бірегей ерлерінің басынан өтті. Сол тұрғыдан қарағанда, Қасым тіршілігінде ұлттың намысы мен арын, тағдырын, өнерін арқалаған ақын еді. Енді арада ғасыр өткенде Қасым әр қазақтың жүрегінде азаттық пен қазақ қасиетінің жыршысы, арман-мұраттардың жаршысы ретінде қайта тууы керек. Әр қазақтың жүрегі Қасым жырына баспана болуы керек.

Қазақтың ұлттық әдебиетінің сан ғасырлық сал­қар көшін саралап қарап отырсақ, сонау Күлтегін, Қорқыт дәуірлерінен бастап-ақ, сөз ұстаған ақын-жырауының асқақ тұлғасы еркін қалыптасқан. Қорқыт ата сегіз ханға уәзір болған, сөзіне жарты жалғанның жұрты иланған әулие еді. Майқы би мен Асан Қайғы, Ақтамберді, Бұқар бабаларымыз сөзіне бұқара халық қана емес, хан-сұлтан бас иген қадірлі ақындарымыз болатын. Абай заманында да, сал-серілер дәуірінде қазақтың басынан жеке мемлекеттігі кеткен соң ұлттық мұрамыз бен өнеріміз, салт-дәстүріміз, қазақтың өз ортасындағы, атырабындағы адам келбетін қалыптаған өзгеше жыр үлгілері дүниеге келді. Ал Қасым туған дәуір де қазақтың басынан жеке мемлекеттік мәртебе алыс болған, мемлекетшілдік рух, ұлттық идея аласталған аласа­пыран кез еді. Соған қарамастан, Қасым және сол дәуірдегі қазақ жырының қаншама жампоздары ұлттық поэзияның туын асқақ ұстай білді.

Қазақтың қай дәуірде болмасын, ақыны – ержүрек батыр, батыры – ақберен ақын болғаны тарихтан белгілі. Ал Қасым басынан өткерген өрт-дауылды ғұмыр кешегі ер етігімен қан кешіп, ат ауыз­дығымен су ішкен қа­зақтың рыцарлық дәуірі­нің жиырмасыншы ғасыр­да­ғы қайталанған көшір­месі. Қасымның майдан жайлы жаз­ған, соғыс тақы­ры­бын толғаған алапат жырлары кешегі Ақ­тамберді сарынының жаңаша ырғағы, Қасым­ның соғыста құрбан болған Абдолла досын жырға қо­суы Махамбеттің Исатайды жырлағанының жаңғырығы.

Абдолла демекші, Қасым Аманжоловтың тек лирик ақын ғана емес, кең тынысты эпик екені де белгілі. «Ақын өлімі туралы аңыз», «Біздің дастан», «Боран», «Жамбыл тойында» атты поэмалары осы сөзімізге дәлел.

Ақын поэмаларының ішіндегі ең шоқтығы биігі – сұрапыл соғыс жылдарында дүниеге келген «Ақын өлімі туралы аңыз» атты поэма. Бұл ақынның атын аспандатып, даңқын көкке көтерген өлмес өлең, тұғырлы туынды.

Осы поэма жөнінде ең бірінші боп «Социалистік Қазақстан», қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінің 1944 жыл­ғы 6 маусымдағы санында пікір айтқан Ғабит Мүсіре­пов ағамыз: «Жалынды сөзбен жауға аттандырар, жан сөзімен жас тамшылатар ақын сөзі өзегін өртеп, жүрегін тербеп шыққан. Шынын айту керек, бұл біздің әдебиетте әлі айтылмаған сөздер», деп бағасын береді. Ал Николай Тихонов болса бұл поэманы: «Қазақ поэзиясының маржаны», деп атады.

Өзі жаужүрек батыр, рухы асқақ ақын, сал-серілігі бір төбе Қасым – қазақ ұлттық ақын­дарының ХХ ғасырдағы жаңаша келбет иеленген жиынтық образы десек артық емес! Оның жауын­герлік жырлары жыраулар поэзиясының заңды жалғасы, рухани ұрпағы, оның азаматтық поэзия­сы Шортанбай, Мұрат, Абай салған ақындық жолдың соны соқпақ, дара даңғылдарға ұласуы, оның лирикасы Мағжан мен Ілияс, Сұлтан­мах­мұт, топырағынан нәр-қуат алған поэзия десек те жаңы­лыспасымыз анық. Сөзімізге дәлел іздесеңіз, қазақ поэзиясының әр дәуірдегі төлтума жауһар­ла­рын Қасым поэзиясымен ұштастыра отырып оқып көріңіз. XV ғасырдағы қазақ жырынан XX ғасырдағы Қасым өлең­дерінің рухын аңғарасыз, XIX ғасырдағы дәуірнамалық жәдігерлеріміздің Қасым жырлары арқылы жаңаша өрнектелуін тану, табу аса қиын емес.

Қасым жырларының рухани қуаты, сол дәуір тұрғысымен салғастыра қарағандағы тосын образдар галереясы, ерекше мінез, жаңа буындық-мәтіндік қа­лып­тар, Қасым аудармаларындағы шы­ғыстық нәзирә дәстүрі де әлі толыққанды зерттелмей келе жатқан тың тақырып.

Қасымның сол дәуірде жазғаны бір бөлек те – денсаулық күйімен, соғыс қасірет-қияметімен, идеология қақпақылымен жаза алмай кеткен дүниелері қанша­ма деуге болатын тәрізді. Бұл – Қасым ізін жалғауға талпынған қазақтың әр ақыны үшін ашық алаң, көкжиегі кең кеңістік емес пе! Мәселен, ақынның «Өзім туралы» атты ғұмырнамалық дүниесі аяқталмаған үлкен шығарманың бізге жеткен ұшқыны ғана! Үзінді іспетті қалпының өзінде әнімен қосыла өріліп, естіген, оқыған жанның жадына тасқа қашалғандай сіңіп кететін, ізін қалдырып кететін осынау классикалық дүние толығымен қолымызға тигенде, заман мұрасына айналғанда қалай болар еді. Әлемнің көзіқарақты салауатты ғалымдары мен ізденімпаз білмекке құштар әр тұрғыны үшін Милос Венерасының иығы тұсынан қырқылған қолы туралы аңыз қандай жұмбақ тылсым болса, Қасым жырының жалғасы да қалам ұстаған қазақ үшін бір құдіретті құпия. Шынтуайтында, Милос Венерасының қырқылған оң жақ қолы қалай сомдалған екен, ол қолына не ұстап тұрды екен – «Өзім туралы» жырдың соңында ақын не айтпақ болды екен?!

Не болмаса, ақынның бала кезгі досы Мекебай Жазы­баевтың жырдай етіп айтатын ақын арманы туралы не білеміз?! Ғұмырының соңында Көкшетауда, Бурабайдың жа­ғалауында кемдікүн сырласып, кешегі өткен балалақ шақ­тың жырын-сырын айтып тауыса алмай кеткен Қасым досына «Қарқаралының қазағы» атты роман жазуға әзір­леніп жүргенін айтып еді ғой. Ол романның «Бос­тандық», «Большевик Садық», «Төбе­лес», «Дүй­сен­нің өлімі», «Ақ­мо­лада», «Кім екенімді ертең түсте білесің», «Өтеу­байды қасқыр талауы», «Ақыжан бүркітші» сынды бөлімдері бо­латынын, әр образдың ерекшелігін сипаттап айтқан естелікті әр естіген сайын көкірегімде өкініш пен арман бас көте­реді. «Қарқаралының қазағы» атты Қасым жайлы жа­зылмай қалған, жаза алмай кеткен туындысын қазіргі қа­зақ жазушысының бірі ақынның аруағына арнап жазып шық­са артық болмас еді! Ақын рухына өлмес ескерткіш болар еді.

Қасым туралы аз жазылған жоқ. Оның өскен ортасы мен адами келбеті, жырларының туу тарихы, жазған дү­ние­лерінің алғышарттары туралы едәуір естелік, сараптама мақа­лалар бар. Қазір Қасымның көзін көрген, со­ңына ерген, сөзін, жырын жаттаған замандастары жоқ­тың қасы. Бүгінгі ұрпаққа сол дәуірден сыр шертетін естеліктерді қайыра ұсы­нып, ақынның азаматтық кел­бетін қалыптастыратын дүниелер жасау ортақ пары­зымыз. Бұл үшін біз ақын жырларын терең ғылыми зерттеуге салып, ғылым көзімен, философия көзімен жаңа заман, ұлттық таным тезімен саралауымыз керек.

Қасымтануға жаңа заман, жаңа ұрпақ көзімен қарар кез келді. Ақын мұрасы – қазақ жұртына ортақ.

Осы тұста қадап айтатын бір дүние ақын шығар­маларының ғылыми текстін жасау арқылы бір жүйеге түсіріп, қолжазбасымен салыстыра келе оның толық­қан­ды академиялық жинағын сауатты түрде түсінік­те­мелерін бере отырып жұртқа ұсынар кез жетті. Осыдан тура он жыл бұрын Ғафаңның, Ғафу Қайырбековтің «Алыс та жақын жағалаулар» атты әдеби портреттер кітабы жарық көрген болатын. Сол кітапта ақын ағамыздың Қасым жайлы ертеректе жазылған естелігі жарияланған. Ғафаң былай дейді: «Қасым туралы осынау жылдарда жа­зылған қаншама мақалалар, зерттеу, монографиялық еңбектер, замандастар айтқан естеліктер, оның ішінде өзімнің жазған әр кезең, әр тұстағы толық­тырылып отырған пайымдауларымның ішінен – қысқасы, бәр-бәрісінен мен әлгі көкейімде көптен ай­тылып келген ұғымның, түйін-қорытындының атын, есі­мін еш кездестірген емеспін. Яғни, бұл ұғым, бұл пай­ымдау кәдімгі туып, ержетіп, өсіп-өнетін адам тірлігінің жо­лындай уақыт кешіп барып, танылатын ұғым, түсінік, концепция екен. Енді бүгін соның атын айтсам – ол «Қа­сым Аманжолов – қазақтың ұлттық ақыны» – деген ұғым екен».

Қасымның жырын жалғап, сырына ортақ болған Ғафаң бұлай деп тегін айтпаса керек. Қасым жырла­рын­дағы ұлттық сарынды кез келген өлеңінен кездестіруге болады. Қай уақытта болмасын «ұлттық» деген анық­тама жазушы-ақын қауымның тақырыбы мен мәтіндік сөз қолда­ны­сынан ғана емес, шығармашылығының ішкі қуа­ты­нан, астарынан, сезімдік әуенінен аңғары­латыны анық. Тағы да сол Ғафаң «…Ұлттық ақын болу үшін, бәл­кім, бір кезде «ұлтшыл» атанған­дығы немесе ұлт туралы аса көп жазғандығы дәлел бола алмас. Виссарион Белинский Пушкинді орыстың ұлттық ақыны дегенде оның «орыс» сөзін қайта-қайта айту үшін емес, орыс рухын, орыс жаны мен көңілін, халық ретіндегі тарихи даму баспалдақтарын, балаң кезі мен дана кезін, тілі мен ділін, мінездегі жайсаңдық пен осалды­ғын – қысқасы, орыстың ұлттық қасиетін қамти­тын, өзгеде жоқ, өзінен бұрынғы да, кейінде де жоқ, тек Пушкинде ғана бар данышпандықтың бір жерге тоғыстыруында – деп айтқан», дейді. Қасым туралы да, оның ұлттық сарындағы жыр­лары турасында осылай деуге болады. Тіпті, жаңа заман әдебиеттану ғылымында кеңестік дәуір­дегі ақындардың ұлттық сарында жазған жырла­рын жаңаша талдау керек болса, ол талдаудың бел ортасында Қасым шығармашылығы тұратыны анық.

Қасым жырларындағы сонылық сарынның бір саласы ақынның Мағжан жырларымен үндесті­гіне келіп тірелетіндей. Мәселен, 1940 жылы жазған «Сұлтан­махмұт туралы балладасының» өзінен Мағжан жырларына тән мистикалық леп еседі.

… Ғажайып, күн күркіреп, етті жалт-жұлт,

Қабырдың бет тақтайы сынды сарт-сұрт,

От шашып екі көзден, «тоқтаңдар» деп

Бейіттен шыға келді Сұлтанмахмұт.

Екеуі тұра қалды есі кетіп,

Мұздай боп тұла бойы, дір-дір етіп,

Қорыққанын екеуінің білгеннен соң

Сұлтекең амандасты жайлап жетіп:

…Өлгем жоқ, иланыңдар, шынымды айтам,

Өлді деп айта берсін кейбір сайтан,

Жүр, баста, Жазушылар союзынан

Мүшелік билетімді алып қайтам.

Сен, жігіт, өсек айтып жүргенше құр,

Моламды мен қайтқанша күзете тұр, –

Деді де қолтықтап ап жас ақынды

Сұлтекең жүріп кетті шырқатып жыр.

Қасым жырлары тұтас бір дәуірдің үні деген сөз артық болмасы анық. Себебі, Қасым сол дәуірде алапат соғысты қазақ топырағында жеріне жеткізе жырлаған еді. Кешегі жаугершілік дәуір­ден қазақ қанына сіңген ерлік рухын отызыншы жылдардың ақсүйек аштық, қызыл қырғыны жойып тастағанымен, соғыс жылдары тағы да сол идеологияның өз бастауымен ата-бабалар ерлігін дәріптеу қайыра қолға алынған болатын. Осы кезеңде кешегі эпостық рухты, батырлық жырлар сарынын Қасым жаңа дәуір поэзиясы биігіне шығарды. Бұл тақырыпты Қасым тек өз атынан емес, тұтас қазақ жауынгері, қазақ азаматы, қазақ патриоты атынан жырлаған болатын.

Енді бір ауыз сөз Қасымның шыққан ортасы, айналасы туралы.

Қасымның туған жері туралы, өскен ортасы туралы қазіргі әдеби-ғылыми айналымда біршама деректер бар. Ақын шығармаларында жазылған сағыныш сазды ой орамдарымен бірге сол жыр­лары мен туындыларын талдаған қауым біршама мәліметтер ұсынады. Жалпы, Қасымның бүтін өмірбаяны оның жырларында таңбаланып-ақ тұр…

Осыдан бірер жыл бұрын Қасым ауылына, Қасым туған топыраққа, қара құдығына, Көшен тауының бөктеріндегі қоржынтам басына барып қайтқан едік. Қоңыр күздің салқын райына қара­мастан, Қасымның шөлін басқан қара құдықтан бір-бір шелек су алып, басымызға құйып едік. Ақынның арлы рухы жұқсын деп, Қасым жы­ры­ның қасиетіне қанықпақ ниетпен. Қызыл тасын қына мүжіген Қасым туған қоржын­тамның жұрты жатыр жермен-жексен боп. Өзге елде болса, әлде­қашан қабырғасын қайыра көтеріп, ақын туған үй деп мәртебелі маңыз беріп, ел-жұрт, алыс-жақын­нан келген қонақ, қыдырымпаз-турист атаулы ат басын тіреп келер үлгілі орынға айналар ма еді!..

Ал, кешегі-бүгінгі естеліктерде, өзге де жазбаларда Қасымның кедей ортадан шыққаны туралы жиі айтылады. Шынымен де солай ма? Ел ішіндегі көнекөз қариялар Қасымның әкесі Рахым­жан­ның сері адам болғанын, ортасының көркі болып, маңын ән-жырға, әңгімеге қандырып жүргенін айтады. Рахымжанның серілігі сондай, мінген атын жібек арқанмен шідерлепті! Кешегі кеңестік көзқарас ауанымен кедейлікті мақтан көрген ұлыс серілікті де сол қатарға жатқыза салған ғой. Рахымжанның ескі жұртына қарап тұрып, Қасым әулеті анау айтқандай сіңірі шыққан кедей деуге болмайды-ау! Есігінен төріне дейін едәуір жер, тамның қыр желкесінде жерге кірермен болған қабырғаның қызыл тасына арқар мүйізін кіргізе жымдастырып, қалап тастапты. Рахымжан сері ел аралап келгенде, осы мүйізге атын байлайды екен-міс…

Ал, сол Қасымның әкесі мен атасы Рахымжан мен Аманжол жерленген, бала Қасым, жетім Қа­сым өгей әке, өктем туыстан қағажу көрген Қасым түн ішінде жылап барып түнеп қалып жүрген бейіт басына Жидебайдағы Абай мен Шәкәрімге, Бөрлідегі Мұхтар Әуезовтің ата-бабаларына, Батыстағы Исатай мен Махамбетке, Жетісудағы Мұқағалидың анасына қойылған ескерткіш кешендер секілді мәңгілікпен сырласар құлпытас – белгі қою да біздің ұрпақтың еншісіндегі киелі іс.

Қасымның бала кезінде ме, әлде кейіндері ме Қарқаралыда Қасым тұрды деген үй бар. Үй қа­быр­ғасында «Бұл үйде Қасым Аманжолов тұрған» де­ген белгі де орнатылған. Бір қызығы – Қасым нақ­ты бұл ескерткіш тақта ілінген үйде тұрмаған, осы үйге жапсарлас шағын ғана үйде болған екен…

Жалпы, Қасым ақын ғұмырбаянына үңілсеңіз әлі де айғақтай, анықтай түсуді қажет етер тұстарға кезігесіз. Мәселен өмірбаяндық анықтамаларда: « 1931 жылы Қасым Ленинград қаласындағы орман шаруашылығы институтына түседі. Бірақ денсау­лы­ғының сыр беруіне байланысты бір жылдай ғана оқып, елге қайтып, Орал қаласындағы «Екпінді құрылыс» газетіне жұмысқа орналасады»,  делінген. Шын мәнінде Қасым Ленинградта оқыған ба? Оқыса неге шығармаларында Ленин­градтағы ғұмы­ры­нан із қалмаған? Оған Есмағанбет Ыс­майылов бастаған ғалымдардың, Тәкен Әлімқұлов пен Әбділда, Сырбай бастаған ақын жазушы­лардың зерттеу мақалаларынан, туған-туысқан­дарының, қызы Дариғаның естелігінен жауап іздеп таба алмадық.

Ал Қасым өмірінің ең бір жемісті де әдемі кезеңі саналатын Оралдағы ғұмыры оның өлең­бая­нын­да тайға таңба басқандай талантты жыр­лары­мен таңба­ла­нып тұр. Ал Семейге балалар үйіне аттанған Қасым­ның жолы қайта айналып Қарағанды, Қарқаралы өңіріне түскен бе? Осы секілді сауалдардың жауабы көкейде. Қасымтану бағыты айқындар мәселе көп. Ең бірінші, жүйелі түрде қасымтанумен шұғылданатын орталық керек шығар, бәлки.

Ақынның биылғы жүз жылдық мерейтойы қарса­ңында қасиетті Қарағанды өңірі ауқымды жұмыстар тындырды. Облыс әкімі Серік Ахметов бас болып азаматтар бір жеңнен қол шығарды. Бірнеше кітаптарды, фильмдерді айтпағанда Қарағандыдағы Қасым ескерткішін, Жезқазған шаһарына қойылған бюст, Қасым аллеясы, «Қасым» журналының дүниеге келуі ұлы ақынды ұлықтаудың жарқын көріністері емес пе?

Әсіресе, Қарағандының қақ төрінен Қасым ескерткішінің бой көтеруі осы тойдың қазақ қоғамы үшін ең жұлдызды сәті.

«Бір жер бар Қазақстан даласында,

Құрбыжан, апарайын барасың ба?

Арқаға Алатаудан ақиықтай

Бір ұшсам, болат топшым, таласың ба!

 

Ол жердің тоңы алтын, түгі торқа,



Қанша алсаң қазынасы түспес орта;

Өшпейтін өміріңе от береді

Жігіті Қарағанды, салсаң қолқа.

 

Қарашы Қарағанды күмбезіне,



Бойлаған мұнарасы күн көзіне;

Құрбыжан, қасиетті ол бір қазына,

Қуантып, тартпас сірә кімді өзіне», – деп жырлаған Қасым ақын аруағына тағзым ете отырып, осы мерей­той­дың ыстығы мен суығының ортасында жүрген ел аза­мат­тарының баршасына Алланың нұры жаусын демекпіз.

Әр мерейтой сайын біз – аталар арманын, ісін жалғауды мұрат тұтқан ұрпақ кешегі өткен әр қаламгер мұраларын сараптап, саралап отыруға бейілдіміз. Кейде қызды-қыздымен бір тұлға төңірегінен жаңалық ашуға құштарлық танытып, бірнеше өнер иесі екендігін анықтап жатамыз. Қасым туралы да сан қырлы дарын иесі ретінде көптеген дүние айтуға болады. Мәселен, Қасым­ның ақындығына оның аудармалары, драматур­гиясы, прозасы, сазгерлігін қосып, өзгеше тұлға­лық қалып жасауға тұрарлық. Бұл анықтауыштың қай-қайсы да Қасым үшін артық болмасы сөзсіз. Бірақ, бүгінгі қазақ танымының басты мұраттары­ның бірі – Қасымның ұлттық ақын, ұлттың ұлы ақыны екендігін насихаттау дер едім. Бұл ғасырлар торабындағы қазақ түйсігі мен танымы үшін ұлттық ақын, ұлттық тұлға, ұлт азаматы атты темірқазық бағыт болуға әбден сыйымды шаруа. Себебі, Қасым жырынан өз дәуірімен бірге, арғы-бергі тарихтағы қазақ арманы, ұлт мүддесі, аза­маттық рух үн қатады. Қасымның жыры да, сыры да қазаққа ортақ, қазаққа етене, сөйте тұра әлем­дік ой өрісімен қапталдас, орайлас бола алады.



Қасым тойы, ел Тәуелсіздігінің жиырма жылдығымен тұспа-тұс келуі тегін болмаса керек! Себебі, әр ақын ел мұратының туын ұстаушы, ел жоғын жоқтап, барын жалпақ ғаламға жария етуші, абыройы мен арының айнасы! Қасым жыры Алаш аспанының арайын аша берсін дейік.

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,  Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары.
Егемен Қазақстан. - 2011. - 7 қыркүйек (№ 418/419). - 5 б.
Каталог: Amanzholov K -> Kasym turaly -> 100
100 -> «Шықшы тауға, қарашы кең далаға» деп басталатын ақынның өлеңі қай тауға арналғанын білесіз бе?!
100 -> Жұртымызда үлкен аға, кіші аға дей­тін ұғым бар. Үлкен ағамен аралықта сырластықтан гөрі сыйластық басым да, кейін­гісімен керісінше келетініне өзімнің де көптен бергі тәжірибем көз жеткерді
100 -> «Қасым» бәйгеге ат қосты
100 -> Өкінбен мен де бір күн өлемін деп, Өкінем ұқсата алмай келемін деп. Күніне мың ойланып, жүз толғанам


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет