М. Н. Баратова Мәшһүр Жүсіп өлеңдерінің жанрлық сипаты Оқу-әдістемелік құрал Павлодар, 2007



бет3/4
Дата05.11.2016
өлшемі0,94 Mb.
#912
1   2   3   4

Мәшһүр Жүсіп.


Сен, Шабдар, қай жағымнан келдің маған,

Кім ығыр ғып осынша мінген саған?

Арқа-басың ошақтай жауыр болған,

Мал сықылды түрің жоқ, сиқың жаман.


Шабдар ат.

«Келдің, - деп, айыптама мені – қайдан?»

Шыққам жоқ жергілікті малды байдан.

Төлеуге Айдаболға келіп тұрмын,

Көк тақым қандыбалақ ұры Алтайдан [22, 283 б.].

Одан әрі аттың жеке өзінің қандай жағдайда келгені ғана емес, сол өлікке қамқор болып жүргендердің басқа да пендешіліктері, тіпті күнәлары сөз болады да, шығарма соңында адам мен ат сөйлесуі тоқталып, ақынның тіке өзі кірісіп баға беруі орын алған:

Арқасы тап ошақтай жауыр болды,

Сойса асқа жарарлығы сауыр болды.

Алтайдан келгендігін ат айтқан соң,

Жетектеп алып кету ауыр болды.


Атанған бала жастан Мәшһүр өзі,

Барғаны Сіләмбектің қырқы кезі.

«Ат олжа емес маған, сөз – олжа!» - деп,

Мәшһүрдің сонда жазып кеткен сөзі:


«Арқаң бар мінгізбейтін ерді салып»,

Шыбын бар қуалайтын мазаңды алып,

«Жаз – жауырдан без!» - деген бұрыңғылар,

Таба ғой жылы орныңды өзің барып.


Мойныңа, бағып жүрсем, сүйек байлап,

Күл-талқан қылар бір күн ит-құс шайнап!»

Жауырына жапсырып бір қағазды,

Жіберген қуып Мәшһүр үйіріне айдап [22, 286 б.].

Міне, мұнда айтысушы атты бір бейне, Мәшһүр Жүсіпті екінші бейне десек, соның бәріне баға беруші лирикалық қаһарманның бар екенін аңғару қиын емес. Атқа тіл қатқан Мәшһүр Жүсіп бір ғана адам, бір ғана бейне болса, Мәшһүр мен ат айтысына баға беруші үшінші бір бейне, яғни әрі Мәшһүр Жүсіпті, әрі сол ақын тәрізділер ойын жинақтап жеткізуші адам, жинақтаушы тұлға ретінде лирикалық қаһарманның тұрғанын байқаймыз. Ендеше ол екеуге, ат пен сауал беруші екінші лирикалық бейне Мәшһүр Жүсіп қана емес, сол ақынды қатыстыра отырып, ақын тәрізді басқа да күрескерлердің сезімін жинақтаушы, оларды әрі қамтыған, әрі олардан биік тұрған үшінші лирикалық қаһарман бар екенін діттесек, біз туындының лирикаға жататынын толық дәлелдей аламыз. Тек осы тәрізді екі адам, не адам мен құс т.с.с. айтысын бере отырып, оның бәріне үшінші бір бейне, лирикалық қаһарман тұрғысынан баға беру үлгісі ақынның басқа да айтыс өлеңдерінде де: «Мәшһүр Жүсіп пен Ғалы Күзембайұлы айтысы», «Мәшһүр Жүсіп пен Жүніс Шалқарбайұлы», «Күйеу мағзұм мен аруақтар», «Мәшһүр Жүсіптің қарғамен айтысы», «Мәшһүр Жүсіптің тырнамен айтысы», «Мәшһүрдің ақындығымен қоштасқаны» орын алған.
1.17 Мәшһүр Жүсіптің хат өлеңдері
Лириканың жанрлық сипатын саралағанда, хат өлеңдерінің орыны бөлек екенін атап өткіміз келеді. «Хат өлеңдері» - дегенде А.Байтұрсыновтың 1926 жылғы «Әдебиет танытқыш» еңбегінде оны «Заман хат» - деп атап, мынадай анықтама бергеніне көңіл бөлеміз: «Біреудің заманында болған тарихи уақиғадан, яки, өз ішінде болған істерден дерек беруі – заман хат деп аталады. Мәдени жұрттың адамында заманында болған көзге түсерлік уақиғалардың, яки өз өмірінде ұшыраған зор істерді жазып, әңгіме ретінде тіркеп отыратын әдет болады. Заман хат шежіредей емес, тәртіпті, жүйелі келеді. Шежірені тек хат білетін адамдар құр тіркей беруге болады. Заман хатты оқымысты адамдар жазады. Сондықтан мұнда құр халық аузында әуезе болып жүрген дәлелсіз сөздер жазылмайды. Заман хатта уақиға уақыт сарынымен жазылмайды, іс сарынымен жазылады. Заман хатта боларлық бір кемшілік мынау:

Уақиғаны болған күйінше жазбай, жазушы өз көңілінің күйіне бояп, реңін өзгертуге ықтимал. Олай ету уақиғаның дұрыстығына кемшілік келтіреді. Заман хат шынға жақын болу үшін жазушы өз көңілінің күйіне түспейтін, яғни достыққа да, қастыққа да қарамайтын адам боларға тиіс, ондай адам табиғаттан тысқары адам болмақ. Адам табиғаттан тысқары бола алмайтындықтан, заман хаттары көңіл күйінің әсерінен аман бола алмайды. Сонда да тарихтан беретін жемінің молдығынан заман хат өте құнды сөздер есебіне қосылады» [15, 214 б.].

Хат үлгілерін пайдалану әлем әдебиетінде, оның ішінде орыс әдебиетінде аз болмаған. Оған А.С. Пушкиннің 1825 жылғы «Өртенген хат», Н.А. Некрасовтың «Ыстықсың-ау, сүйген әйел хаттары-ай» (1845-1855), Сергей Есениннің «Анама хат» (1924 ж.) өлеңдерін мысал ретінде келтіруге болады.

Мәшһүр Жүсіпке дейінгі қазақ ақындарының хат үлгісін қолдануының бір көрінісі – Ақмолла Мұхамедиярұлының «Ақмолланың Есенгелдінің еліне жазғаны» - өлеңі. Хат өлеңдерін Мәшһүр Жүсіп замандастары да пайдаланған. Алысқа бармай-ақ, А. Байтұрсыновтың 1911 жылы Орынбор қаласында шыққан «Маса» кітабына енген: «Анама хат», «Достыма хат» өлеңдері және 1912 жылғы С.Торайғыровтың «Достыма ұмытпастық үшін хат» өлеңдері бұған дәлел бола алады.

Мәшһүр Жүсіп хат өлеңдерін де біраз жазған. Оған 1888 жылғы «Анама хат» және Сыздық Мешімбайұлына жазған екі хаты, «Мәшһүр Жүсіптің Мәдиге сәлемі» (1916), Жүсіпбек Аймауытұлына 1927, 1928 жылдары жазған екі хаты жатады. Бұл хат өлеңдерін жанрлық талап тұрғысынан сараласақ, онда лирикалық қаһарман баға беруімен қатар лирикалық бейне (тікелей Мәшһүр Жүсіп) сезімі аралас отау тігуі үлгісін көреміз.

Бұлай шартты бөлу себебіміз: лирикалық бейне дегенде, тек Мәшһүр-Жүсіптің жеке өз басы сезімі берілсе, лирикалық қаһарман дегенде, ақынның дербес сезімі ғана емес, сол заманда өмір сүрген өзі тектестердің ойын жинақтап беруді қоса қамтимыз. Демек Мәшһүр Жүсіп басқа да ақындар тәрізді өз өлеңінде әрі мыңдардың, яғни өзі тектестердің, әрі жеке өзінің сезімін біріктіріп үйлестіріп отырса, бұл оның хат өлеңдерінде де жүзеге асқанына көңіл бөлгіміз келеді. Мәселен оның «Анама хат» өлеңінде өзінің алыс сапарға, Ташкент, Бұхара қалаларына оқу іздеп бара жатқанын, артында балалары қалғанын ескертеді Мұхаммедфазылдың 1890 жылы туғанын, өлеңнің 1888 жылдары жазылғанын ескерсек, әңгіме оның алдындағы екі ұлы: Мұхаммедшарафи (1886-1935), Мұхаммедәмен (1888-1921) туралы екені анық. Бұл өлең лирикалық қаһарманның оқуға, алыс жолға аттанғанын еске ала отырып, артта қалған анасы, балалары туралы қам жеуін т.с.с. көрсетуге арналған. Ақынның Сыздық Мешімбайұлына жазған бірінші және екінші хаттары лириканың жанрлық сипаты түрлішелігін аша түсуге дәйек бере алады. Екінші лирикалық бейне Сыздықтың сауал беруі алғашқы өлеңде баяндалса, екіншісі соған жауап беруге құрылған:

Жүйрік бар озып жүрген мыңнан, саннан,

Үлгілі бір өрнекті сөйлеп ханнан.

«Төрт асыл, бес береке» - сұрапсың сен,

«Бұл күнде табылады, - деп, - қандай жаннан»?! [22, 267 б.].

Сауалдың адам бойындағы төрт асыл, бес берекені білуге арналғанын ескерсек, екінші хатында Мәшһүр Жүсіп былай жауап береді:

«Құдай бір, хақ, - деп айтса, - баста тілің!»

Шын білсе, тіліңдегі жаны – ділің!

Денеңмең аянбастан қылып ғамал,

Пайғамбар сүннетімен өтсе күнің!
Береке-анық осы бойыңдағы,

Ұғарсың, айтылса сөз ойыңдағы.

Бесінші: екі дүние нұры-ғылым,

Ғамалдан, ұстамасаң, жойылмағы.


Салауат және бірі қайырменен,

Кім білер мұны оқып зайырменен.

Төртінші – сол береке – ғаділ айту,

Құс тілін көңіл ашып майырменен.


Және де рахым – шапағат, сен қайдасың?

Сөзінен әуелгі айтқан ер таймасын!

Бұлардың қатарына қосылмайды,

Ойласа, елді қойып, өз пайдасын!


Төрт асыл, мұныменен береке – бес,

Түсерсің мазмұнына, болса ақыл, ес.

Құраннан аят, дәліл көрсетпесем,

Сұраусыз болсын құным, басымды кес! [22, 269-270 б.].


Осы орайда Мәшһүр Жүсіптің «Төрт асыл, бес береке» - деп аталатын басқа да жеке туындысы бар екенін (ол төртінші томда берілген) ескерсек, ақынның осы ұғымға қайталап назар аударып отырғанына көз жеткіземіз.

Бұл екі хат лирикалық қаһарман талғамына, сезіміне бағындырылып өрілсе, бұл үрдіс оның басқа да хат өлеңдеріне: «Мәшһүр Жүсіптің Мәдиге сәлемі», «Жүсіпбек Аймауытұлына бірінші және екінші хат» өлеңдеріне де тән. Бәрінде де түрлі оқиғалар, деректер лирикалық қаһарман сезіміне бағындырыла сап түзеуімен ерекшеленеді. Қорыта айтқанда, басқа да ақындар тәрізді Мәшһүр-Жүсіптің осы хат өлеңдері көмегімен де қазақ лирикасының жанрлық жетілуіне өзіндік үлес қосты деуге негіз толық.


1.18 Мәшһүр Жүсіп өлеңдерінің жанрлық табиғаты
Өлеңдердің жанрлық табиғатын айқындағанда, онда бір ғана лирикалық қаһарман сезімі жырланатыны, екі және үш кейіпкері бар туынды эпосқа жататыны алдымен ескерілетіні мәлім. Осы орайда лирикада бір ғана лирикалық қаһарман сезімі жырланады дегенде, онда екінші және үшінші лирикалық бейнеге мүлде орын жоқ деуге де болмайтыны анық. Мәселен, ақынның «Иманжүсіп атынан шығарғаны» өлеңін алайық. Онда басты толғаныс Мәшһүр Жүсіптің өз сезімі десек те, соған қозғау салып, әсер еткен екінші бір сезім, яғни екінші лирикалық бейне тебіренісі мүлде жоқ деп айта алмаймыз:

Күн қайда, керуендей жүрген көшіп?!

Оқыс-оқыс кетесің еске түсіп!

Талай қатын қыпшақтан ұл тапқанмен,

Өйткенмен бола алмас Иманжүсіп.
Күнім қайда баяғы таңдай атқан,

Қараөткелдің көшесін тасырлатқан?!

Бидайықтай күндерім кетіп қалып,

Жарқанаттай күнімді көрдің жатқан!


Әкем Құтпан болғанда, ағам – Шоңай,

Адамзатта мендей боп тумас құмай.

Көзім түскен қыздарды ап кетуші ем,

Тоқты мен лақтай тіпті оңай.


Мен жерімде, бозбала, қадден астым,

Менменсіген талайдың көңілін бастым!

Қасыма ерген жігітке олжа салып,

Бір қыста сегіз қызды алып қаштым.


«Алып кетті – деген соң, - Иманжүсіп»,

Қалушы еді ел – жұрты сылқ түсіп.

Қайда кетіп қалғанын білмей жүрмін –

Ұрттап, төгіп жүрген күн, шайқап ішіп?! [22, 304 б.].

Осындағы жекелеген шумақтардың сәл өзгерген күйде Иманжүсіптің өз тума өлеңі есебінде халық арасына кең тарауы да тегін емес. Өлең шынында да тек Иманжүсіптің өзі шығарған өлеңі тәрізді. Әйтсе де белгілі бір шығарма авторлығын анықтауда да алдымен өткен ғасырлардағы жазба деректерге сүйену керектігін, кейінгі ауызша тараған үлгілер сол жазбадан бастау алғанын діттесек, Мәшһүр Жүсіп шығармалары бірінші томында жарияланған мына бір түсінікті теріске шығаруға қандай негіз бар? Мәшһүр Жүсіп шығармалары араб әрпімен жазылып, оны кейінірек түсініп оқушылар кемдігінен және көне мұраға – деген әміршілдік жүйе қыспағы салдарынан ақын өлеңдерінің мұрағаттарда ескерілмей қалуы, жарияланбауы оның ел арасына тараған үлгілерін жатқа айтушылардың жаңылуынан т.б. өріс алған түрлі ауытқуларды да көп туғызды. Соның бір көрінісі – Мәшһүр Жүсіптің «Иманжүсіп атынан шығарғаны» өлеңінің бұрмалануы, өлең қаһарманының кейіпкерлікпен тынбай, шығарма авторына айналып кеткендігі. Туындыны бізге жеткізген Жолмұрат, Мұхаммедфазыл жазбаларында өлеңнің Мәшһүр Жүсіптікі екендігі анық аталып көрсетілген. Мәселен, Жолмұрат: «Иманжүсіп шығарды қылып, Мәшһүр Жүсіп жазғаны», - деп, ап-айқын ескерткен.» [22, 427-428 б.]. Тек Жолмұрат жазбасы емес, шығарманың өзіне үңілсек те, Мәшһүр Жүсіп стилін, сөз саптауы үлгісін қоса көреміз:

Еңбегім, кетемісің текке зая,

Жараттың бейнет үшін, бар Құдая!

Бір Құдайым салмаса көздің қырын,

Пана болып кім тұрар, маған сая!
Сағындым құрбы-құрдас еске түсіп,

Еркімізше сөйлескен желдей есіп.

Тілеулес боп тұра гөр, Ғайып ата,

Сүйіндіктің бұлбұлы – Мәшһүр Жүсіп! [22, 305 б.].

Рас, бұл сөзді айтқан адам Иманжүсіптің өзі. Бірақ ол неге басқаны емес, тек Мәшһүр Жүсіпті бөліп атап өтеді десек те, әңгімені айтушы – Иманжүсіп те, қағазға түсіруші Мәшһүр Жүсіп екені анықталады. Демек мұнда екі сезім қатар өрілген. Оның біріншісі – бастапқы кейіпкер Иманжүсіптің өз ой-сезімдері де, екіншісі – сонымен әсерленіп дамыған Мәшһүр Жүсіптің өз тебіренісі. Қайсысы басым десек, өлеңде қанша дерек келтіріліп, не ойлар айтылса да, бәрі де Мәшһүр Жүсіптің басқа да туындыларында орын тепкен өзекті идеямен сарындас ақынның өз көзқарас, танымына сай бейнеленген деуге негіз толық. Өлеңдегі одан кейінгі мына жолдар да Мәшһүр Жүсіп стилін айғақтай түседі:

Еске түсті жерлерім жатып-тұрған,

Сескенбеуші ем мылтықтан атып тұрған!

Еріксіз айдап келтірген осы жерге –

Дәм мен тұздың бұйрығы татып тұрған.
Жарандар (жаранлар), болмаңыздар Хаққа ғасы,

Заманы жоқ: батырлық-жанның қасы!

«Адам басы – Алланың добы!» - деген,

Не көрмейді ат пенен жігіт басы [22, 305 б.]?!

Осы іспеттес үлгіні «Мәшһүр Жүсіптің Әмен атынан сөйлегені (1916) өлеңінен де кездестіреміз. Мәшһүр Жүсіптің «Иманғали атынан шығарғаны» өлеңнің бұған дейін Иманғали өлеңі болып қате саналып келген кебін бұл туынды да киді. Мәселен, ақын шөбересі Нартай Жүсіповтің 1989 жылы «Жалын» журналында бұл туындыны Әмен Көпеев өлеңі ретінде беруі тегін емес [52]. Ол кезде ҚР ҒА орталық ғылыми кітапханасы, қолжазба қоры 1173 папка ішіндегі Жолмұрат Жүсіпұлы жазбасы Н.Жүсіпов қолына ілікпеген еді. «Онда былай деп ап-анық жазылған: «Мәшһүр Жүсіптің 1916 жылы июнь жарлығымен Мұхаммедәмен деген баласы призывқа алынып бара жатқанда, «Әменнің жазып кеткені» - деп, жазған өлеңі» [53]. Қазір соған сүйеніп бұл туындының ақын шығармаларының төртінші томына енгізілуі, тегін емес. Мәшһүр Жүсіп шығармалары дегенде, бірінші автор қолжазбасы бұлтартпас дәлел болса, одан кейінгі жазбалар ішіндегі ең сенімдісі – Жолмұрат көшірмесі саналуы керек деп ойлаймыз. Себебі Жолмұрат атамыз әрі Мәшһүр Жүсіптің Мәдинадан қарындасынан туған жиені, әрі Мәшһүр Жүсіптен тікелей оқып, өмірін ақын шығармаларын жинап, зерттеуге арнаған. Жолмұрат көшірмелерінің жоғарыда аталған қолжазба қорындағы көлемі ақынның өз қолжазбасынан кейінгі орынды алуы да тегін емес. Сонымен бірге Жолмұрат ескертпесін қабылдай отырып, Әменнің басқа өлеңдері мен осы өлеңін салыстырсақ, кейінгінің жырлау машығы Мәшһүр Жүсіпке ғана тән екеніне көз жеткіземіз:

Алдымен өлеңнің бірінші шумағын алайық:

Қолыма хат жазғалы алдым қалам,

Құбылып толқын боп тұр күллі ғалам.

Қалдырып құрбыларға өрнек үшін,

Кетейін бір сөз сөйлеп, келсе шамам.

Шығарманың соңғы шумағын келтіреміз:

Ажалдай еріксіз айдап, ұшырып жел,

Шегініп ешбір мойын қала алмаған.

Мақал бар: «Аз сөз - алтын, көп сөз – көмір»,

Мұны[мен] сөз аяғын тамамдаған [23, 227, 230 б.].

Зерделесек, басқаны былай қойғанда, өлеңнің бастауы мен аяқталымына ерекше мән беру үлгісі Мәшһүр Жүсіптің басқа өлеңдерінде ұшырасса, Әмен өлеңдерінде оның онша байқалмайтынына көз жеткізер едік.

«Мәшһүр Жүсіптің Мұса Шормановты оның келіні атынан жоқтауы» өлеңіне келсек, жоғарыда айтылған қолжазба қорындағы 1171 папкадағы өлең маңдайшасында ақынның өз қолымен жазылған мына ескертуі орын алған: «Мұса марқұмға шығарылған – Мәшһүрдің – Мұсаның келіні шығарды қылып» [54]. Бір назар аударарлығы: әдетте Мәшһүр Жүсіп өз өлеңін көбінесе, тіпті үнемі дерлік он бір буынды қара өлең ұйқасы өлшемімен жазса, бұ жолы туынды келіннің жоқтап жылау мақамына бағындырылып, 8-9 буынды өлшеммен, шумақтағы тармақ саны біркелкілігі сақталуымен ерекшеленеді:

Бісмілла – сөздің басында

Көрдім бір қасірет жасымда!


Каталог: fulltext -> transactions
transactions -> Казахстан республикасының Ғылым және білім министрлігі
transactions -> Азамат Тілеуберді
transactions -> Қырықбай Аллаберген тарих және баспасөЗ Қазақ мерзімді баспасөзінде тарихтың «ақтаңдақ» мәселелерінің жазылуыбаспасөзінде тарихтың
transactions -> Екінші кітап
transactions -> МӘШҺҮР – ЖҮсіптің лингвистикалық КӨЗҚарастары оқу құралы Павлодар Кереку
transactions -> МӘШҺҮр тағылымы жинақ 2 Том
transactions -> Е. Жұматаева жоғары мектепте оқытудың біртұтас дидактикалық ЖҮйесінің теориясы монография Павлодар 2012 Кереку


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет