Манаш қозыбаевтың Қазақ тарихына қОСҚан үлесін студенттерге жаңа технологиямен меңгертудің кейбір жолдары қошанова Ж. Т



Дата26.06.2018
өлшемі50,5 Kb.
#44218
МАНАШ ҚОЗЫБАЕВТЫҢ ҚАЗАҚ ТАРИХЫНА ҚОСҚАН ҮЛЕСІН СТУДЕНТТЕРГЕ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯМЕН МЕҢГЕРТУДІҢ КЕЙБІР ЖОЛДАРЫ
Қошанова Ж.Т.

(М.Қозыбаев атындағы СҚМУ)

Еліміздегі елеулі өзгерістердің бірі – білім беру үрдісінде жүргізіліп жатқан бетбұрыстар. Қазақстан Республикасының «Білім Туралы» Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы азаматтық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологиясын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу», - деп көрсетілуі әрбір пән иесіне ерекше міндеттер жүктейді. [1] Осыған орай қазіргі қоғамда мұғалімдердің алдындағы басты міндеттердің бірі – оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру. Сондай ізденушілік іс-әрекетке негізделген сабақтың бірі - Манаш Қозыбаевтың қазақ тарихына қосқан үлесін студенттерге модуль-блок жүйесі арқылы оқыту болып табылады.

Модульдік оқытудағы ең басты маңызды нәрсе қажеттілік туғызу, мотив, әрекет, нақты мақсатқа айқындау болып табылады. Мысалы, Манаш Қозыбаевтың өмірі, еңбектері жайында ( 1 - модуль) толық мәлімет беруде басты назар:

- Манаш Қозыбаевтың өмірі тарихпен тығыз байланыстылығы. Ол кісіні оқыған адам Манашты ғана танып болмайды, қазақ елінің сол жылдардағы тарихын да тани алады. Манаш ағамызды тануда, ол кісі жайлы жазған бір деректен ағамыздың жұмыстан соң үнемі үстелінің үстінде, үзілген жұмысын сол сиямен жалғастырып жазу үшін қаламы мен қағазын қалдырып кететін жақсы қасиеті болғанын. Осы жолдарды оқи келе, шын тарихшының ерен еңбекқорлығын, жазған еңбектерін оқи отыра «от тілді, орақ ауызды» ділмар шешен екендігі, көркем сөздің мәйегін түсінер көркем-сөзші екендігін ұғындыру.

- Манаш Қозыбаев ешқашан ескірмейтін және өшпейтін ескерткіш қалдырды. Ол – төл тарихтың қатпар-қатпар қойнауларын ашуға арналған еңбектері, ол – ұлт өркениетін шыңдауға арналған жалынды сөздері, ол – семсердей сермеген ұшқыр да өткір қаламынан шыққан еліне, Отанына деген абзал ниеті, арман-тілектері.

Модулдық оқытуда материалды мазмұнына қарай блоктарға бөліп қарастыру, белгілі бір мақсатқа бағыттай отырып, оқытушы мен әр студенттің іс-әрекетін нақтылай түсуге мүмкіндіктер туады. Мәселен, тәжірибемізде төмендегідей блокқа жіктеу арқылы материалды толық меңгерту айтарлықтай нәтижелер көрсетті.



1. Модульге ену блогы.

Негізгі мақсат студенттердің тақырыпқа қатысты бұрынғы білім деңгейі анықталып, есіне түсіріліп, қайталау сұрақтары беріледі:

а) Тарих ғылымдарының тарланбозы, еліміздің көрнекті қоғам қайраткері, қазақ тарихын зерттеу аясында достық пен ынтымақтастық көшбасшы болған көрнекті тұлға, ғұмырының үлкен бөлігін білімге арнаған тұлға екенін қалай дәлелдейміз.

ә). Манаш Қозыбайұлы «Еліміз тәуелсіздік алды, енді ұлттың рухын жаңғыртуымыз керек. Рухты адамның ойы өрде, тұғыры төрде. Сол үшін аянбай қызмет етуіміз керек» - деп, түйіндей келе, не нәрсені ақылға салу керек дейді. Өзі де осындай өрлеген рухтың, төрдегі орынға лайықты рухтың иесі болды.

б) Ғалымның «Түбін білмеген – түгін білмейді» деген асыл сөздерінен тарихты тамшысына дейін зерттеген адам екендігін аңғарамыз. Осы сөздерде қандай ой, сыр бар?

2. Проблемалық блок.

Мұндағы негізгі мақсат студенттерді проблемалы сұрақтар қою арқылы ойландыру, ғылыми ізденісін дамыту болып табылады. Ғылыми ізденістер үш кезеңде жүргізіледі.

1. Бастапқы кезең. Жаңадан ғылыми ақпараттар жарияланады, тексеріледі, қорғалады.

Проблемалық сұрақтар үлгісі:

а) «Асқан батыр болсаң да, ағайын мен ел керек,

Алтын жағаң болса да, жаға менен жең керек», - деген қазақ даналығы Манаш Қозыбаевтың – ғұлама ғалым ғана емес, сонымен қатар елінің, халқының алдында өзінің азаматтық парызын терең түсінген, осы жолда халқына қалтқысыз қызмет еткен тұлға екенін дәлелдеңіз.

ә) «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі» - деп қазақ халқы айтпақшы, Манаш Қозыбаев елі үшін, жері үшін, халқы үшін жаратылған пенде. Осы орайда, оның өмірінің соңына дейін елім деп, жерім деп өткен, елі үшін аянбай еңбек еткен жан пида азамат екенін қалай сипаттап береміз.

б) «Мен келемін, мен келемін асығып,

Қалам ба деп орта жолда шашылып.

Берерімді елге беріп, халыққа,

Кеткім келед толығынан ашылып», - деп ақынның осы бір өлең жолынан- ақ оның еліне деген сүйіспеншілігін аңғаруға болады.Осыншама өжеттілік, қайраттылықтың бір адамның бойына жинақталған. Осындай елден шыққан ғұламалардың арқасында еліміздің мерейі үстем, болашағы жарқын болатынына еш күмән жоқ. Дәл осындай ғұлама ағаларымыздан білім, өнеге алған жас өркендер еліміздің қорғаны болмақ.

в) Ұлылардың ұлылығы – оның қарапайымдылығы мен асқан кішіпейілділігінде. Оның барлық жан-жақты қасиеттерін, оның өлеңдері сипаттайды. Манаш Қозыбаев – ақын ретінде де белгілі.Оның қалдырған асыл сөздері, аманаттары қомақты мөлшерде. Халқымыз үшін ашқан жаңалықтары бір төбе.Ақынның қай өлеңін алсақ та, я Отанына деген ыстық лебізді, я туған-туыс, достарына деген сүйіспеншіліктің куәсі боламыз. Сондықтан болар, оқырманның құлшынысын оятып, қызықтыра түседі. Ол өз өлеңдерінде шынайы достықты, туған жерге деген сүйіспеншілікті, жақындарына деген қамқорлықты жыр етеді.

«Қостанай аңсап сені сағынамын,

Кәдеңе керек болсам табыламын.

Ісіне ата – баба ел қорғаған,

Шақырып намысымды жарыламын».

-деп ақын туған жеріне, Отанына деген сағынышын, туған еліне деген сүйіспеншілігін өлеңі арқылы жеткізеді.Ақынның бар арман мақсаты, халқына адал қызмет ету еді.

г) Манаш Қозыбаев – кісі еңбегін бағалай білетін, әркімге қол ұшын беруге дайын тұратын азамат болатын. Адамдарды тыңдай да, өзін тыңдата да білетін.Өзі айтқандай бауырмалдық, адалдық, ұлтжандылық, адамгершілік парызы Манаш Қозыбаевтың басты қасиеттерінің бірі еді.Шын жақсыда тарлық жоқ. Манаш Қозыбаев замандастарының арасында сыйлы, шәкірттеріне үлгі тұтар тұлға еді. Ол «Кейде сырымды да, мұңымды да, досқа айтатын назымды да өлең арқылы жеткізгенді ұнатамын» - деп өзі айтқандай, ол жыр арнамаған жақын досы, жекжат жұрағаты, іні – қарындастары жоқ. Ол бәріне жарқын жүзбен қарап, шуақ шашып тұратын жан еді.

«Достығымыз жарасқан,

Күніміз жоқ таласқан.

Сен жүргенде алдымда,

Дауылдарда адаспан»,

- деген келесі өлең жолдарын ақын жақын досы Ырыскелдіге арнайды.Осы өлең жолдарынан-ақ ақынның достыққа адал жан болғандығын аңғаруға болады.Иә, адам үшін жақын достың орны бөлек қой.

д) Академик Манаш Қозыбаев сондай кіршіксіз сезім иесі, яғни жан мен тәні тек тазалықтан, тұнықтықтан тұратын жан еді.

Ер еді біздің Манаш Қабашұлы,

Болдық нық әділеттің жанашыры.

Сірескен сібер емес, ең ғажайып,

Мінездің бітті оған бар асылы-деп,


ақын жырлағандай, ол кісі өте мейірімді жайма шуақ жаны бар, таза сақталған ары бар, ұлтын сүйген қызу қаны бар Манаш ағамыз айналасына жарқыратып нұрын шашып, маңайына ізгіліктің сәулесін молынан төгуші еді.

Проблемалық ситуация тудыру, студенттерге сұрақ қойып, оны шешу ғана емес, ол сұрақтың жауабына өзінше қорытынды жасай алуында. Мұндай жұмыстардың әрбір сатысы белсенді ойлайтын студентті тәрбиелеу, барлық іс-әрекет өздігінен ізденіске бағытталуы керек. Ең бастысы, шығармашылық қабілеттерін шыңдап, өмірмен байланысты күшейтеді.



3. Тереңдету информацин блогы.

а) Мұндағы негізгі мақсат қарастырылып отырған мәселе жайында теориялық білімді информацияны тереңдету, студенттің өздік жұмысына бағыт-бағдар беру, танымдық ізденімпаздығын арттыру. Студенттер бұл блок бойынша Манаштануға байланысты мұрағат материалдарын, т.б. зерттеу материалдарын жинастырып, өзіндік ой-пікірлер тұжырымдар жасайды. Ең бастысы, ізденеді, білуге ұмтылады. Олар ғалым өмірбаянына қатысты, еңбектеріне байланысты деректер жинайды. Әрқайсысына сын көзбен қарап, топтастырады, әртүрлі шешімдер шығара алады. Олар ғалымның қаламгерлік қызметі тек зерттеушілікпен шектелмейтініне көз жеткізеді.

ә) Қазақтың ұлттық болмысына қатысты Манаш Қозыбаевтың көптеген ой-пікірлері бар. Соның бірі - Манаш атамыздың сөзімен сөйлесек дана бабамыз «қулық салып, көз сүзіп, тіленіп, адам саулық-өнерсіз иттің ісі» дей келіп, «әуел құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» - деген ойды өрбіту; Қулық жасап, біреуді алдап оның адал еңбегін жесек, табысқа жеткен жанды көре алмай, біреуді өсектеп, артынан сөз ертіп, жинаған абыройын аяқ астына таптасақ, өзіміздің қолымыздан келмеген нәрсеге біреудің қабілеті жетсе, оған қуанбай сырттан қарғасақ онда біз ойлау қабілетті жоқ ақымақ иттен не айырмашылығымыз бар? «Ұлт болмысымыздың дәрежесі қандай болмақ?»- деп осы надандық іс-әрекеттерден абай болу туралы ой қозғау;

б) Манаш Қозыбаевтың тағы бір зейін салып, талқылаған мәселесі – тіл. Ұлттық тіліміздің қадірін түсіну үшін, ең бастысы оның қалай дамығанын білу керек, қалай жеткенін білу керек. Яғни өзіміздің тарихымызды талдап, ұғыну керек. Осы күрделі мәселені жақсы түсінген ғалым, тарихи еңбектерге тоқталып, мәнін түсіндірген. Сонау қытай деректерінен іздеп, тауып, кішкене болса да жинап, терген.

в) Азамат дегенді халық әр қилы түсінеді, біреулер кәмелет жастан асып, ер жету дейді, енді біреулер ақылын қолға ұстап, елге қызмет еткен жанды азамат дейді. Ал енді Азамат кім? Ол қандай болу керек деген сауалға Манаш еңбектерінен ақпарат жинау.

Манаш Қозыбаевтың жалпы қазақ ұлтының алдындағы сіңірген еңбегі зор. Қазақтың абырой, намысын бетке ұстаған тұлға. Тарихтың ауыр жүгін арқалаған, біртуар талант бұл барлық қасиеттерді бойына тоқып, іс жүзінде қолданады. Алаштың азаматы атанған Манаш бойында азамат сөзінің барлық анықтамасы қамтылған. Бір сөзбен айтқанда Манаш Қозыбаев дарыны дара, қазақ халқының мақтанышы.



4. Қорыту, бекіту блогы.

Мұнда теориялық материалды жинақтап, бірлесе қорыту, бекіту жұмыстары іске асырылады. Осы мақсатта тақырыпқа сәйкес сұрақтар беріледі. Мысалы, төмендегідей сұрақтарды үлгі ретінде ұсынамыз:

1. Әйгілі тарих ғылымдарының докторы Э. Хуршудян Манаш Қозыбаевты «Қазақ тарихының Геродоты» деп атау себебі неліктен деп ойлайсың?

2. Манаш нағыз ұлға. Өйткені тұлға болып тумайды, тұлға болу үшін көп нәрсе істеу керексің. Ал Манаш Қозыбаевтың қазақ тарихына қосқан үлесі шексіз. Сондықтан ол тұлға атағына бір рет емес, бірнеше рет ие екендігін дәлелдеңіз?

3. «Қазақтың ата ұраны болған Алаш,

Алаштың бір данасы болған Манаш.

Тарланбоз, ғылымдағы Колумбымыз,

Халайық бұған етпес ешкім талас...» деген Өмірзақ Шөкеевтің төрт жол өлеңінен, Манаш Қозыбаевтың кім болғанын, қандай адам болғаны туралы ой толғау.

4. «Өмір бұл адамға берілген ерекше сый, бықсымай лаулап жану принципімен өткізу керек»- деген сөздер Манаштың өмірлік ұстанымы болғанын дәлелдей отырып, ой бөлісу.

5. Тапсырма блогы.

Студенттердің теориялық білімдерін іс жүзінде қолдану мақсатында тапсырмалар беріледі. Мұндай тапсырмалар тақырып мазмұнын терең меңгеруге жол ашады.

Үлгі тапсырмалар:

1. Қазақта «Жақсыдан-шарапат» деген мақал бар. Манаш аға үлкен жүректі, қайырымдылығы мол жақсы адам болатын. Ол алдына барған адамның бетін қайтармай, әрқашан көмектесуге тырысатын. Жігерлі, рухы аса берік, жаны таза Манаш адамға деген мейрімділігі мөлдір, сезімі сәулетті, барынша қарапайым, шабатты кісі болды. Өзінің тиянақтылығымен, алғыр зердесімен, кең пейілімен, адамгершілік биік тұлғасымен, абырой- беделге бөленуі жайында мысалдармен дәлелдеу.

2.Манаш Қозыбаевтың халқына, алашына деген сүйіспеншілігін ұлағатты сөздерімен дәлелдеңіз.

3. Манаш Қозыбаев туралы пікірлерді, қанатты сөздерді теріп жазып мазмұнына үңілу.

4. Манаш Қозыбаевтың шығармалары сан ғасырлар бойы ұлт ұраны, ел мұрасы болып қалатыны шындық. Елім деп еңіреген ер Манаш Қозыбаевтың орта мектеп пен ЖОО- ға арналған оқулықтар мен оқу материалдарын, ғылыми еңбектерін тізімдеу.

6. Тексеру блогы.

Мұнда негізгі мақсат студенттердің білім деңгейін, іскерлігін тексеру. Игерген білімнің сапасы анықталады. Бұл мақсатта тест тапсырмалары, бақылау сұрақтары беріледі. Жазбаша тексеру түрлеріне: эссе, шығарма, мақала жаздыру т.б. Мұндай жұмыс түрлері студенттердің бұрынғы білімдерін жаңғыртып, олардың актив ойлауын туғызып, жан-жақты өз бетімен білім алуға ынта-ықыластарын, көркем туындыға деген қызығушылығын арттырады. Студенттердің оқу-танымдық әрекетін қалыптастыруда оқытудың жаңа технологияларын оқу үрдісінде пайдаланудың маңызы ерекше. Солардың бірі модуль негізінде оқыту өз тиімділігін, нәтижесін көрсетуде. Модульдің әр блокқа жіктелуі теориялық материалды терең игеруге, түсініп, талдауға бағыт-бағдар береді.




Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы.

  2. Қозыбаев М.Қ. Тарих зердесі.- Алматы,1968.


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет