Мақсаты: Халқымыз тәуелсіздігін алып, Қазақстан мемлекет атағын алды. Десек те,тарихтың бетінде ақтаңдақтың баршылық екенін түсіндіру. Әлемнің дамыған елдерімен бәсекелесуге қабілетті елге айналғанын баяндау



Дата15.04.2020
өлшемі30,61 Kb.
#62592
Байланысты:
ақтаңдақтар

Мақсаты: Халқымыз тәуелсіздігін алып, Қазақстан мемлекет атағын алды. Десек те,тарихтың бетінде ақтаңдақтың баршылық екенін түсіндіру. Әлемнің дамыған елдерімен бәсекелесуге қабілетті елге айналғанын баяндау.

1986 жылғы желтоқсанда орталықтың әміршіл - әкімшіл солақай саясатына қарсы алғаш рет бас көтеріп демократия жолында құрбан болған ұл қыздарымыздың ерліктері жайында түсінік бере отырып, жастардың алаңға не себепті, қандай мақсатпен шыққандығын жете түсіндіру.

Тәрбиелігі: Өз Отанына, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыра отырып, өз анна тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін сақтай білуге патриоттық сезімге тәрбиелеу.

Дамытушылығы: Әрбір жеке тұлғаның еркін сөйлеп, өз пікірін, ойын айта білу қабілетін дамыту.

Көрнекілігі: интерактивті тақта арқылы ашаршылық жылдар, қуғын – сүргін жылдарындағы ұлы тұлғалардың суреттері, Ұлы Отан соғысының батырлары, Желтоқсан құрбандары мен О.Сүлейменовтың суреттері.

Барысы: Оқытушы сөзі

Құрметті ұстаздар мен оқытушылар! Адамзаттың тарихында қоғам өмірімен, халықпен бірге жасайтын тұғырлы тұлғалар көп болған. Бір орталықтанған әміршілдік – әкімшілдік солақай саясаттың құрбаны болған да – қазақ халқының беткеұстар азаматтары, қарапайым қазақ халқы. Өз елін, жерін, атамекенін тастап кетпей, ел басына түскен ауыртпалықты елмен көтерген де – сол халық.

Бүгін біздің еліміздің сан мың жылдар бойы найзаның ұшымен, ерлеріміздің ерен ісімен, кешегі дүниені дүр сілкіндерген Желтоқсан оқиғасымен келген тарихымызда алтын әріптерімен жазылған тәуелсіздігіміздің22 жылдық мерекесіне орай ұйымдастырылған «Тарих бетіндегі ақтаңдақтар» атты ашық тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!

Ән: «Туған жер» орындайтын Нығмет Исламхан

Жүргізуші:

Большевиктер өкіметі басып алғаннан кейінгі жылдары қазақ жері екі дүркін – 1920 жылдың басымен 1930 жылдары жантүршігерлік ашаршылықты бастан өткерді, қазақ байларын тәркілеу, малшы халықты ұйымдастыру шаралары, осы кезде жіберілген қателіктер мен асырасілтеушілік салдарынан халық ретінде жойылудың аз – ақ алдында қалды.

1 - оқушы:

Көктем туып, бар тіршілік оянған,

Қаумалаған қалың ойдан жеріп көр.

Жер де, міне, жасыл реңге боянған,

Көз алдымда... Мұз құрсанған өліктер.

Кір – қожалақ, балақ биті басқа өрген,

Бірақ оны елемеймін мен тіптен.

Көрген сәтте сорлыларды босқа өлген,

Ет жүрегім жүгірмей – ақ ентіккен.

Сұмдық сурет есте мәңгі сақталар,

Айныдық па адамшылық салтынан?

Ашыққандар шөп –шаламды ақтарар,

«Табам ба» деп, «табам ба» деп жарты дән.

Нөсер шайып, жер кеулеген қар кете,

Шөмелелер аштың көзін арбаған.

Түк таппайды жеткенімен әл кете,

Шірік масақ тышқаннан да қалмаған.

Сүйектері шодырайған тым арық,

Іші деген кеуіп кеткен қампиып.

Жас өркендер түк көрместен қуарып,

Кетіп жатыр өкінішті, жан қиып.

Көз алдымда тұрып алды көлбеңдеп,

Сәбилердің аянышты бейнесі.

Шөмелелер түбінде аштан өлген көп,

Жел жұлмалар өрім – өрім жейдесін.

(Ашаршылық жылдары жайлы деректі фильмнен үзінді көрсетіледі.)

Жүргізуші: 1937 -1938 жылдар тарихта «зобалаң жылдар» деп қазіргі уақытта берілуде. Бұл жылдары елім, жерім деп жүрген азаматтар «халық жаулары» деп атылды. 101 мың қазақстандық ГУЛАГ – қа жабылып, 27 мыңы атылды. Қазірде сол «халық жауларының» 40 мыңы ақталды.

2 – оқушы:

Көрсоқырлар қызғаныпты дарынын,

Беделі мен атақ – даңқын, арынын.

Қолданыпты дақ іздеген пақырлар,

Сталиннің жау іздеген сарынын.

Бұл қазақ – тәңірге зар еткен қазақ!

Қиналып, қанды азап шеккен қазақ.

Әйтеуір қанды азаптан құтқарар деп,

Оқыған азаматын күткен қазақ.

3 – оқушы:

1940 жылдыңаяғында Мәскеу орталығы қазақ халқы зиялы қауымының арасынан ұлтшылдар мен байшылдарды іздеу науқанын басынан кешті. Тіпті М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Қ.Жұмалиев, С.Мұқанов, Қ.Бекқожин, С.Бегалин сынды ірі тұлғаларға тіл тигізушілер табылмай қалған жоқ. Турасын айтқанда 1937 – 1938 жылдардағы орын алған саяси ахуал қайталанды.

4 – оқушы:

1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезінде ерен ерліктің үлгісін көрсетіп Кеңес Одағының орден, медалдарымен марапатталған қазақстандықтар саны – 96638, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қазақстандықтар саны – 603 мың. Соғыстың басынан аяғына дейін қатысып, өзінің батылдығымен жігерін, ерліктің тамаша үлгісін

көрсеткендер тарихта өз бағасын ала алмады. Мысалы, Б.Момышұлы өлгеннен кейін Кеңес Одағының батыры атағын алды.

«Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде»,

Деп жырлар қайран қазақ мен өлгенде.

Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді,

Тарихтың түкпірінен сөз келгенде

Жүргізуші: Елінің ертеңі үшін жанын пида еткен аталарымыздың құрметіне ән шашу қабыл алыңыздар. «Қазақ елі» Саядин Гүлжайна

Жүргізуші: Қазір бұл күн Қазақ халқы үшін ұлы күн, әрі қайғылы, әрі бақытты күн. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы Қазақ халқында бұрын болмаған ең ауыр да, әділетсіз қозғалыстың бірі.

Енді міне, осы Желтоқсан қозғалысына қатысқан ағаларымыз бен апаларымыз үш ғасырға жуық уақыт бойы армандаған тәуелсіздікке қол жеткізді.

Желтоқсанда Алматыда, ақ қарда,

Алма бақтар ак қырауға батқанда,

Күңірене күн күркіреп тау жақтан,

Жайдың оты жалаң қақты шатқалдан.

5 - оқушы:

Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,

Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың.

Айналайын, айналайын жас өркені халқымның.

Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның,

Айналайын, айналайын жас қайраты халқымның.

Темір қолдар қуатты еді алқымыңды қаусырған

Намысыңды жықпай өттің нәубет, дүлей маусымнан.

Жалғыз қалған шақтарымда жігер алдым бойыма

Түрме торын жарып шыққан сенің қайсар даусыңнан

. Өсер елдің қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,

Лаула, лаула, желтоқсанның мұзға жаққан алауы.

Өздеріндей ер намысты жас өркені бар елдің,

Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы!

6 - оқушы:

Жас арудың жанарында – Желтоқсан,

Қанды ғасыр табанында – Желтоқсан.

Қаралы өмір қайыстырған халқымның,

Қара тұман қабағында – Желтоқсан.

Жауыздықты жасқаған да – Желтоқсан,

Жаңа ғұмыр бастаған да – Желтоқсан.

Жазықсыздың көз жасына жуынып,

Абақтыға тастаған да – Желтоқсан.

Намысымның шырағы да – Желтоқсан,

Сұрқай өмір сынағы да – Желтоқсан.

Жігіттердің ұраны да - Желтоқсан,

Жаңа күннің шуағы да – Желтоқсан.

Жүргізуші: Ия, ол күн тәуелсіздіктің туын ең алғаш көтерген әйгілі 1986 жылдың 16 желтоқсан еді. Таңертеңгілік сағат 10.00 да бар жоғы 18 минутта 26 жыл елді үздіксіз басқарып келген Д.А.Қонаев түсіріліп, орнына Г.Колбин ешкімнің пікірінсіз-ақ ұсынылған еді. Осыдан 27 жыл бұрынғы Алматы оқу орындарының бірінің жатақханасының алдындағы оқиға.

Көрініс:

- Қыздар, мен газет әкелдім.

- Не жаңалық шығыпты?

- КОКП Орталық Комитетінің хатшысы Д.Қонаевты алып, орнына В.Колбинді тағайындапты.

- Колбин деген кім екен?

- Қайдан келіпті?

- Колбин Ульяновтан келіпті.

- Қазақстанды өзіміздің қазақстандық азамат басқарсын!

- Біз демократияны талап етеміз.

- Қане жүріңдер, қыздар, жігіттер алаңға кетейік!

7 - оқушы:

Сүймейтұғын болдық қой, сүймей ғұмыр

Көлеңкеміз күннен де тимейді нұр.

Колбин деген кім екен, қайдан келген?

Уа, сыртымыздан қашанғы билейді бұл?

Тәуелсіздік оңайлықпен келмейді,

Бізге оны ешкім аяп бермейді.

Тәуелсіздік – Қайрат, Ляззат, Ерболдың,

Тас көшеде тас-талқан боп өлгені.

жүргізуші: Алаңға шығып өз ойларын айтуға тырысқан қазақтың өрімдей қарусыз жастарына солдаттар мен милиция қызметкері қарсы қойылды. Қыз жігіттерді аяусыз таяққа жықты, түрмеге қамады. Ербол, Ляззат, Сабира сынды жаңа ғана бүршік атып келе жатқан тал шыбықтай жастарымыздың өмірін үзді.

Иә, ізгілік атаулыдан күдер үзіп, ең соңғы үміті, бар сенімі күйреген, рухани езілген балаң жігіт Қайрат. Қайрат есіл ер көзі тірісінде жазған өлеңдері адам жүрегін тебірентеді. Соның бірі «Менің тағдырым».

8 - оқушы:

Өмір бойы жолым болып көрмеді,

Жылап келем бұл дүниеге келгелі.

Қайғы шаңы басты менің денемді,

Түспейді шаң сілкінсем де мен енді.

Жолдаған сәлемімді дос алмады,

Шын ба екен-ау тас керең боп қалғаны.

Айта берем, айта берем қайбірін,

Ауыр менің, ауыр менің тағдырым.

Тағдыр мені аямады, қорлады,

Жалынсам да, жыласамда болмады.

Қараңғы өмір бақытым жоқ, жоқ менің,

Армандаған ақ сәулеге жетпедім.

жүргізуші: Осы өлең жолдары Қайраттың қатты қиналып Қазақстан үшін жанын құрбан еткенін еске түсіруге болады. (Осы кезде Қайрат, Ляззат, Сабира, Ерболдардың суреттері әкелінеді)

Орыны ағалардың бізбен толсын, Сәбилер ағалардың жолын қусын. 1минут үнсіздікпен еске алайық, Аруағы ағалардың ырза болсын.(үнсіздік)

9 -оқушы:

Тұрса да биік өр басың,

Қазаққа бақыт орнасын.

Сексен алтыншы жылғыдай,

Желтоқсан желі болмасын!

Күн кешіп лапылдаған жастарым,

Дүрліктірді желтоқсанның аспанын.

Жерді, дінді, тілді баба дәстүрін

Қорғау үшін көтерді олар бастарын.

жүргізуші: «Шеру ұйымдастыруға қатысы бар» деген жалған айыппен қаншама зиялы азаматтар жазаланды, жұмыстан қуылды. Бірақ ол үшін жауапқа тартылған ешкім болған жоқ.

1986 жылғы 16 желтоқсан күні Д.Қонаевтың орнына Колбин келіп, 17-сі жастар Брежнев атындағы алаңға бейбіт және саяси шеруге шығады. Шеруге шыққан жастарды саперлік күрекпен, дубинкамен, су атқыш машинамен, итпен және т.б. таратады. Ертеңіне 18-желтоқсан Қайраттың үйі.

Көрініс.

(Сахнада Қайрат пен жеңгесі дастархан басында отырады. Үйге милиционер жігіт кіреді.)

Милиция: Біз органнан келдік. Қайрат Рысқұлбеков деген азаматты тұтқындауға келдік. Прокурордың санкциясы бар. Міне!

Жеңгесі: Қайрат, бері кел.

Милиция: Тез жинал, бізбен бірге кетесің.

Жеңгесі: Ойбай-ау бұларың не? Жұдырықтай баланың не жазығы бар еді? Әке-шешесіне не бетімізді айтамыз.

Милиция: Жеңеше, сабыр етіңіз! Бұл жігіт бір төбелеске қатысыпты. Анық – қанығын тексерген соң қайтарып жібереміз. (Осы кезде Қайратты милиционер алып кетеді.)

10 - оқушы:

«Ақтық сөзің не? деген,

Бүгін қойды сот сұрақ.

Айтайын оны халқыма,

Жоқ пиғыл менде жасымақ.

Қорлай да беріп қайтадан,

Титыққа орыс жетпесін.

Туған жердің намысы,

Бөтен қолда кетпесін.

Салт – санадан айырылып,

Арақтан ұрпақ азбасын

. Қызғаныштан тозбасын,

Қолдаушысыз болмасын.

Барлық ұлтпен тең болып,

Ешкімнен көңілің қалмасын.

Ендігі жерде басыңнан,

Бірлік пен бақ таймасын.

Осы айтылған ақтық сөз,

Туың болсын әрдайым.

Мойныма алып жаланы,

Мен болайын құрбаны!

Жүргізуші: Маңдайына жазылған аз ғана ғұмырдың соңғы сағатына дейін мынау алдамшы дүниеден рахым күтіп, күдерін үзбеген сұңғыла жігіттің көңілі кім үшін, не үшін мерт болуға тиіс екенін сезе бастаған тәрізді.

Желтоқсан – майдан, жанжалы деме көшенің,

Желтоқсан – зар, боздағын көмген шешенің.

Сызылған қанмен желтоқсан – ұлы шекара

Бүгінім мен кешенің.

Ер қадірін назардан тасалаудан

Қай ел опа тауыпты?

Иә, ерлікті жасамаудан

Бағаламау қауіпті! – деп Мұхтар ағамыз жырлағандай, 17 – 18 желтоқсан қаралы күн ретінде әр жыл сайын атап өтіліп келеді.

Ән: «Саржайлау» Нығмет Исламхан

11 – оқушы: 1979 жылғы желтоқсанда – Ауғанстан жеріне Кеңес әскерлері енгізілді. Ауған соғысына 21979 қазақстандық қатысты, оның 780 – қаза болды, 393 – мүгедек, 22 – хабарсыз кетті. 1989 жылғы ақпанда Ауғанстаннан Кеңес әскерін әкету аяқталды.

Азаттық ел жүгін атқару ол,

Асулардан аттайтын қатпары мол.

Ауғанның ащы дәмін татқан бауырым!

Алаштың арқа сүйер мақтаны бол!

Жастығыңмен жауға атылдың оқ болып,

Әндететін кезің еді төс керіп.

Жаудың оғы сан мүшеңді төрт бөліп,

Кейбіреуің кеттің мүлде жоқ болып.

12 – оқушы:

Жау дейміз – ау қолдан жасап жауыңды,

Саясаттың солақайы уландырған тамырды.

Бауырыңа бауыздатып балдай ішкен қаныңды,

Заманы еді Кеңестің ол сұрапылды, дауылды.

Отан үшін отқа тостың кеудеңді,

Ерлігіңді, өрлігіңді ел көрді.

Бірге аттаған бауырларың жер жастанды, жерленді,

Жебейді олар аруағымен сендерді

Аналардың көл боп аққан көз жасы,

Жетім – жесір тағдырларын ойлашы.

Сол күндерді көрмесін бұл халқымыз,

Елі үшін құрбан болған ер басы.

Еске алып, құрметтейміз құрбандардың рухын,

Қабірлері нұрға толсын, суық көрлер жылынсын.

Есіл ерлер ескерткішке айналсаң да біз үшін,

Мәңгі бақи тірісіңдер, тірісің!

Жүргізуші: 1990 жылы 25 қазанда Қазақстан Егемендігі туралы Деклорация қабылданды. 1991 жылы Республика жұртшылығы тұңғыш рет Н.Ә.Назарбаевты Президент етіп сайлады.

13 - оқушы:
Тәуелсіздік атып көкке телпегін,
Шаттанған жоқ, мақтанған жоқ ел тегін,
Қазағымның толғайын бір, сомдайын
Өткенін де, бүгінін де ертеңін
Бүгін асқар Алатаудай алыппыз,
Атыраудай терең түйсік - парықпыз
Тағдырының тауқыметін арқалап,
Талай заман сор қайнаған халықпыз.
Кең болғанда кем болмауды ойлап біз,
Ұлан байтақ сахараны жайлаппыз.
Соғыс жылы мылтық үнін естімей,
Бейбіт күнде бомба жарған Аймақпыз.
Кеше нұрлы, бүгін мұңлы даламыз,
Өлсек те осы Даламызда қаламыз.
Ана тілі енді шыққан Ұрпақтан,
Үміт күткен әкеміз бен анамыз.
14 - оқушы:
Ұлттық намыс бастау көзін ашқан – Біз,
Халқымызбен, салтымызбен асқармыз
Сексен алты Желтоқсанын жаңғыртып,
«Қазақ...» - деген «Азат...» деген Жастармыз.
Еңселенген Ақ Ордамыз, бақ - үйіміз,
Болашақтан бақыт кейпін танимыз.
Алақанын Күнге соза талпынып,
Өсіп келе жатқан бейқам Сәбиміз.
Құзырына қол сұқпаймыз көптің біз,
Тұнжыраған түн емеспіз, тек Күнбіз.
Елдігіміз кең әлемге танылып,
Желбіреген аспан түстес Көк Тумыз.
Талай зұлмат сорды бастан кештік біз,
Момын елміз, момын жерде өстік біз.
Ақ ниетпен келгенге де, кеткенге
Айнымасқа қолын созған Достықпыз.


Жүргізуші: Тәуелсіздік - ел мұраты. Бұл біздің ұлан байтақ теңіздей Қазақ тарихының басынан кешкендерінің тамшысы ғана болса да, осы 22жылда Қазақстанның дамып өркендеуін жылдармен өрнектейміз.

1992 жылы Қазақстан Республикасының Елтаңбасы, әнұраны, туы туралы заң қабылданды.

1993 жылы 30 тамызда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды. 15 қарашада төл теңгеміз алғаш реет айналымға түсті.

1994 жылы Ғарышта қазақтың екінші ғарышкері Т.Мұсабев көк байрақты желбіретті.

1995 жылы ұлы Абайға 150 жыл толды.

1996 жыл Жамбыл жылы. Тәуелсіздік монументі орнатылды.

1997 жылы «Қазақстан – 2030» стратегиясы қабылданды.

1998 жылы Ақмола атауы Астана деп өзгертілді. Астанада алғаш рет Бәйтерегіміз салынды.

1999жыл Қорқытқа 1500 жыл тойын Қызылордада тойладық.

2000жылы – Мәдениетті қолдау жылы.

2001жылы18мамырда – Күлтегін ескерткішінің көшірмесін И.Тасмағамбетов Астанаға әкелді.

2002 жылы – Денсаулық жылы.

2003-2005 жылдары Ауыл жылдары

2006жылы - Сыр елі өнер ордасы

2007жылы төл теңгеміз жаңа түрмен айналымға түсті.

2008жылы Қазақстанның бас ордасы Астананың 10 жылдығы тойланды.

2010 жылы 1-2 желтоқсан Астанада ЕҚЫҰ самиті өтті. 56 елдің басшылары қатысты

2011 жылы 30 қаңтар - 6 ақпан VII қысқы Азия ойындары Астана – Алматы қалаларында өтті.

15 – оқушы:

«Елбасына»

Ауыр күнді артымызға тастауы –

Қиын сәтте қиындықтан қашпауы.

Тілім, дінім, ұлтым қайта көгерген,

Елбасымыз Нұрағаңның бастауы Туды ұстап тура жолға түсіріп,

Жас Отанның өмірін де түсініп,

«Елім, жерім» деп ұрандап тайсалмай,

Бір керемет жасады-ау кісілік!

Елбасымыз саған мәңгі разымыз,

Үлкен-кіші, ағайындар – бәріміз.

«Ұлтым, елім» деп қайғырған ұлы жан,

Сіз біздердің піріміз де, әніміз.

Халқым айтқан жер көтерер ел даңқын,

Елім айтқан ел көтерер жер даңқын.

Президентім, елбасы, аман болғай,

Мәңгі жаса, жас қазағым, өр халқым!

Жүргізуші: Төле би сөзімен сынып сағатымызды аяқтаймыз.

Уа, халқым, сөз қадірін білесің.

Жаңбыр жаумаса, жер жетім,

Басшысы болмаса, ел жетім.

Көсіле шабар жерім бар,

Тау көтерген елім бар.

Қол бастайтын ерім бар,

Атадан қалған сара жолым бар.

«Осы тәуелсіз еліміздің намысын қорғайтын, бүгінімізді ертеңіне жалғайтын, қазақ елінің ертеңі, болашағы үшін жауап беретін ұрпақ екенімізді сезінеміз»

Хор : «Атамекен»

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Қызылорда облысы білім басқармасы

Қызылорда инженерлік техникалық колледжі


Тақырыбы: Тарих бетіндегі ақтаңдақтар
Оқытушы: Нәдірбаева Бибігүл Сейлбекқызы

Қызылорда

Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет