Математиканы оқытуда интербелсенді әдістемесінің Қолданылуы



Дата18.02.2017
өлшемі124,43 Kb.
#10097
МАТЕМАТИКАНЫ ОҚЫТУДА ИНТЕРБЕЛСЕНДІ ӘДІСТЕМЕСІНІҢ ҚОЛДАНЫЛУЫ
Омарова Б.Ж., Сарман А.Д.

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, Қазақстан

bibka_78.0214@mail.ru, sarman.a@mail.ru
Бүгінгі Әлем дамуының жаңа ұстанымдары білім беру жүйесінен күн сайынғы экономикалық, әлеуметтік және мәдени өзгерістерге мейлінше бейімделуді талап етеді. Әлем қазіргі күні «білім қоғамын» және «білім экономикасын» құру бағытында. Бұл идея бүкіл білім беру жүйесіне реформа жүргізіп, оны модернизациялауды қажеттейді.

Бұл ауқымды мәселе туралы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев 2011 жылғы Қазақстан халқына «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» Жолдауында былай деген: «Біз білім беруді жаңғыртуды одан әрі жалғастыруға тиіспіз...Біз университететік білім беру мен ғылымды дамытудың жаңа деңгейін қамтамасыз етуге міндеттіміз...Сапалы білім беру Қазақстанның индустрияландырылуының және инновациялық дамуының негізіне айналуы тиіс» [1].

Егер де Қазақстанды 2020 жылы білімді ел, ақылды экономика және жоғары білікті жұмыс күші бар мемлекет деп көргіміз келсе, онда білім жүйесін дамытуымыз қажет екендігі дау туғыздырмайтын мәселе екендігі анық. Ал бұл бағытта, әрине, жоғары мектептің алатын орны ерекше, өйткені құзыретті маман қалыптастыру мәселесі мемлекет саясатының негізгі нысанына арналғандығы Мемлекеттік бағдарламада мықтап көрсетілген [2].

Қазіргі таңда Қазақстанда білім берудің жаңа жүйесі дайындалып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге батыл қадамдар жасалынуда. Білім берудің мазмұны жаңарып, оларды технологиялық-педагогикалық тұрғыдан жетілдіру қажеттігі туындауда. Білім беру деңгейіндегі озық технологияларды пайдаланудың мақсаты – үйрете жүріп, үйрену.

Мұндай мақсатта жоғары оқу орындары бірінші кезекте үйрену мен үйретудің басты әдістемесі мен технологиясы ретінде интербелсенді әдістемені таңдауы қажет. Жоғары мектептерде оқытудың интербелсенді түрлерін қолданудың төрт дәлелі бар: 1)белсенді түрде оқу мен сыни ойлау өмірде қолданыс табатын білім береді; 2)жүйелі ойлау тек қана белсенді түрде ғана сіңіріледі; 3) белсенді оқыту/оқу өздігімен білім алуды дамытады; 4) студенттердің қызығушылығы мен ынтасы оқыту/оқуды белсенді тәсілдерін қолданғанда анағұрлым жоғары болады [3].

Математика пәнінің оқытушылары ретінде сабақтарымызда озық технологиялардың элементтерін қолданып жүрміз. Білім беру саласында озық технологияларды қолдану оқытушының ойлану стилін, оқыту әдістемесін өзгертеді. Математика пәнін оқытуды озық технологияларды пайдалану мақсаты – студенттерге білім беру үрдісінде көмектесу. Математика пәні – студенттердің интеллектін, логикалық ойлауын және шығармашылық қабілеттерін дамытуға ықпал жасайды. Сабақтарда оқытудың озық технологияларын пайдалану студенттердің математика пәніне деген қызығушылықтарын арттырып, шығармашылық қабілеттерін дамытады.



І. Елбасы Н.Назарбаев аталмыш Жолдауда «Өмір бойы білім алу – әрбір қазақстандықтардың жеке кредосына айналуы тиіс» деп бекер айтпаған да болар. Нәтижеге бағытталған білім оқу процесінде студентті бірінші орынға шығаруды талап етеді. Ал бұл ұстаным әрбір оқытушыға студенттерді белсендірілетін оқыту әдістемелерін қолдануды міндеттейді, өйткені бүгінгі күні оқу процесі бұрынғыдай «үйрету», «оқыту», «беру» сынды сыртқы ықпалды білдіретін етістіктерден құралмай, «ұйымдастыру», «жағдай жасау», «бағыт-бағдар беру», «басқару» сияқты ұғымдардан тұрады.

Міне, осы себептерге байланысты оқу процесінің негізін интербелсенді әдістемелер құрауы керек, әрбір педагог интербелсенді құралдар мен тәсілдерді өзінің әдістемесінің төрінен көруі қажет. Ағылшын тілінен келген «interactive» сөзі де осы ұғымды білдіреді. «Inter» дегеніміз «өзара» мағынасында, «act» - «әрекет жасау» дегенді білдіреді, яғни интербелсенді әдістер – үйренуші мен үйретушілердің өзара әрекеттесуін оқытудың негізі деп танитын және сондай қатынасқа жағдай жасайтын әдістер.

Басқаша айтқанда, «интербелсенді» дегеніміз біреумен қоян-қолтық қарым-қатынаста болу, онымен бірлесе әрекет жасау, диалог құру. Ал «интербелсенді оқу» дегеніміз өзара қарым-қатынасқа негізделген оқыту, диалог арқылы үйрету.

Интербелсенді оқыту білім игеру процесін мынадай ұйымдастыруға ынталы:

1. Барлық үйренушілерге бірлескен таным процесіне белсенді араласуға мүмкіндік жасау.

2. Әрбір үйренушінің өзінің үйренгені мен өз білімі туралы түсініктерін ортаға салып, бірлесе талқылап, олар туралы ой толғауына мүмкіндік жасау.

3. Үйренушілер білімді өздігімен құрастыратын орта құру.

Интербелсенді оқыту – әрекет көмегімен және әрекет арқылы үйрету, ал мұндай ұстаным қомақты нәтижелерге жеткізетін ең тиімді жүйе деп есептелінеді, өйткені адамның жадында бірінші мезетте тек өзінің әрекеттері мен өз қолымен жасағаны ғана қалады. Кезінде көне қытай ғұламасы Конфуций былай деген екен: «Маған айтып берсең – ұмытып қаламын, көрсетсең – есте сақтармын, ал өзіме жасатсаң – үйренемін!».

Сол себепті де интербелсенді оқыту үйренушілердің оқу процесіндегі белсенді әрекеттерін үйренудің негізгі құралдары мен тәсілдері ретінде таниды. Сондықтан да интербелсенді оқыту оқу процесінің тиімділігі мен нәтижелігін үйренушілердің есте сақтау дәрежесімен өлшемей, олардың әрекеттерімен бағалайды, тек әрекет арқылы ғана үйрену ықтимал деген қағида ұстанады.

Интербелсенді оқуда/оқытуда келесі шарттарды қадағалау міндетті деп тану керек: жағымды психологиялық орта орнату; үйренушілерде білім игеруге деген қызығушылықты (мотивация, ынта, ұмтылыс) тудыру; білім игеруде үйренушілерді сәттілікке бағыштау; білім игеру үрдісін коммуникативтік процесс деп түсініп, бірлескен әркеттерді қолдану.

Интербелсенді оқытуды ұйымдастыру ережелері. 1.Аудиторияны жұмысқа дайындау. 2.Топқа бөлу. 3.Мақсаттарды және күтілетін нәтижелерді айқындау. 4.Жұмыс ережелерін қабылдау.5.Сенім және жұмыс атмосферасын қалыптастыру. 6.Барлық үйренушілер жұмысқа қатысуы керек. 7.Тыңдай білу: барлық пікірлер тыңдалуы керек. 8. Жазбаша жұмыстар. 9.Кері байланыс.

Интербелсенді оқудың әдістері: интербелсенді лекциялар мен семинарлар; пікірталастар; ойындар (оқу, рөлдік, іскерлік, өндірістік, имитациялық және т.б.); кейс-стади; тренингтер; оқытудың компьютерлік технологиялары.

Әр сабақта келесідей дидактикалық тәсілдерді қолданған тиімді: Ой қозғау, Т-кестесі, Венн диаграммасы, Болжау, Кластерлер, Синквейн, Салыстырмалы диаграмма, Оңай және қиын сұрақтар кестесі, Ойлан, жұптас, пікірлес, Алдын-ала берілген атаулар, Үлкен шеңбер, Қос шеңбер, Атаулар туралы үш сұрақ, Еркін жазу, Білемін, білгім келеді, білдім, Дөңгелек үстел, Үш қадамды сұхбат, Топтық зерттеу, Кең көлемді лекция, Сұрақ қою, қайтадан сұрақ қою, Қос жазба күнделігі, Үш жазба күнделігі, Белгі қойып оқу (INSERT), Жигсо, Қайшыланған пікірталас, Аквариум, Эссе және басқалар.

ІІ. Ұстаз мұнда «білім көзі» емес, ол – білімге апаратын жолды нұсқаушы, ол тек қажет кезде ғана шәкіртіне жәрдемдеседі, сұрақ қояды, тапсырма береді, ақпарат ұсынады.

Дәстүрлі оқыту мен интербелсенді оқудың айырмашылықтары:



  • Дәстүрлі білім беру - білімді жинақтауға негізделеді. Оқыту, үйрету, білім беру.

  • Интербелсенді оқу – білімді өздігімен игеруге негізделеді. Оқу, үйрену, білім алу.

Студенттердің білім-білік дағдыларын жетілдіру үшін интербелсенді оқыту технологиясының элементтерін өз тәжірибемізге енгізудеміз. Қазіргі кезеңдегі кез-келген педагогикалық технология студенттердің белсенді ойлау қабілеттерін дамытуға бағытталған. 

Интербелсенді сабақтарды ұйымдастыруда кең тараған құрылымдардың бірі Дэвид Колбаның эмпирикалық таным циклы. Бұл төрт фазадан тұрады, яғни бірінші фазада нақты проблема немесе тәжірибе белгіленеді, екінші фазада бақылау және ой қорыту жасалады, үшінші фазада рефлексия негізінде жаңа тұжырымдар қалыптастырып, оны төртінші фазада тәжірибеде тексеріп қарайды. Бұл технологияның сабақта атқарылатын жұмыстардың құрылымы: 

1. Мотивация және жаңа тақырыпты хабарлау – сабақтың барлық уақытының 10%-ы;

2. Өткен тақырыпты қайталау, бекіту - сабақтың барлық уақытының 20%-ы;

3. Негізгі материалды оқу - сабақтың барлық уақытының 50%-ы;

4. Бағалау - сабақтың барлық уақытының 10%-ы;

5. Сабақ қорытындысы (дебрифинг, рефлексия) - сабақтың барлық уақытының 10%-ы; 

Сабақ уақытын әр мұғалім сабақ ерекшелігіне байланысты өзгертуіне болады, алайда сабақ құрылымы сақталуы тиіс.

Пәнді оқытуда қолданылатын интербелсендік әдістер: сабақ-презентация, практикум, семинар сабақтар, проблемалық лекциялар, сынақ сабақ, зерттеу, жоба құру сабақтары. 

Өз тәжірибемізде қолданатын оқушылардың белсенділіктерін арттыратын интербелсенді тәсілдер: Миға шабуыл, Блиц-сұрақ, Кластер, Синквейн, Салыстырмалы диаграмма, Пазл, Ойлан, жұптас, пікірлес, Білемін, білгім келеді, білдім, Белгі қойып оқу (INSERT), Жигсо, Эссе, Жұппен, топпен жұмыс, Рөлдік /іскерлік/ ойын, Пікірталастар, Рефлексия, Аквариум, Карусель, Есептер акуционы, Аяқталмаған сөйлем.

Интербелсенді оқыту технологиясының аса көп мөлшері белгілі. Әр ұстаз өз бетінше оқу материалының мазмұнына орай, топтың дайындық деңгейіне орай әртүрлі оқыту әдістерін таңдап алады. Соның ішінде математика сабақтарында қолдануға болатын кейбір интербелсенді әдістерге тоқталғанды жөн көрдік.

«Ми шабуылы», «ми штурмы» («дельфи» әдісі) – бұл әдіс, берілген сұраққа кез-келген студент жауап бере алатын әдіс. Маңыздысы айтылған көзқарасқа бірден баға қоймау керек, барлығын қабылдау қажет және әрқайсысының пікірін тақтаға немесе парақ қағазға жазған дұрыс. Қатысушылар олардан негіздеме немесе сұраққа түсініктеме талап етілмейтінін түсінулері керек. Жұмыстың бұл нысанын кері байланыс алу үшін қолдануға болады.

Шағын топтардағы. Ұжымдық оқытуда топтық жұмыстың орны ерекше. Топ мүшелері әрқашан ауысып отыруы керек. Топқа студенттер өз қалауымен, еркімен кіре алады, не қағаз қиындылары, ұқсас ерекшеліктер, сап түзеу, жағымды сөздер, санамақ, команда таңдау, картамен топқа бөлу, не оқытушы алдандағы мақсаттың ауыр, жеңіліне, оқушылардың білім дәрежесі, іскерлігіне қарай өзі топтастырады. Топтасқан студенттерге бір есепті шешу, дәлелдеу ұсынуға, не әр топқа әртүрлі есептер ұсынуға болады. Бір мәселені әр топ әр жағынан қарастыратын болса, соңынан бірлесіп қорытынды жасайтын іздендіру бағытындағы тапсырмалар жүйесі берілуі керек.

Белгі қойып оқу (INSERT-Interactive Noting System for Effective Reading and Thinkeng– тиімді ойлау мен оқуға арналған белілеудің интербелсенді жүйесі) – жаңа мәліметті игерудің интербелсенді тәсілі. Студенттер дәрісті тыңдағанда жекелей кестені толтырып отыруы тиіс:

Бірінші («қанатша») бағанға студенттер дәрісте кездестірген өздерінің бұрыннан білетін таныс мәліметтерді келтіреді.

Екінші («плюс») бағанға студенттер осы дәрісте өздері үшін жаңа болып табылатын ақпаратты жазады.

Үшінші («минус») бағанға осы дәрісте келтірілген қандай ақпараттың олардың бұрыннан білетініне қайшы келгенін жазады.

Төртінші («мен») бағанға тақырыптың студентке қалай септік тигізіп, қандай пайда келтіретіндігін жазады.

Дәрістің әр бөлігінен кейін студенттердің өз кестелерін салыстырып, өзара талқылау жұргізіп отырғандығы орынды. Ал оқытушы бұл тәсілді шығармашылық түрғыдан қарастырып, оған өзгертулер енгізуге болады.

Мысалы, Алгебра және сандар теориясы пәнінде «Сызықтық теңдеулер жүйесін шешу» тақырыбы бойынша студенттер келесі түрдегі кестені жазуы мүмкін:

v

+

-

мен

«Бұрынан білемін»

«Жаңа ақпарат»

«Менің ойлағаныма қайшы, кереғар»

«Қайда қолдана аламын»

Екі теңдеуден тұратын жүйені шешудің қосу, ауыстыру, жаңа айнымалы енгізу, графиктік әдістер арқылы шешуді.

СТЖ-ін шешудің Гаусс, Крамер, матрица әдістері

Теңдеулер жүйесінің басқа тәсілдері болмайды деп ойлаушы едім, сөйтсем олай болмай шықты. Мен білгеннен де басқа әдістер бар екен.

Математиканың басқа пәндерінде, ғылыми зерттеулерде

Ойлан, жұптас, пікірлес – студенттерге қандай да болмасын сұрақ, тапсырма берілгеннен кейін оларды тыңғылықты орындауға бағытталған интербелсенді тәсіл.

Тақтада сұрақ/тапсырма/есеп жазылғаннан кейін әрбір студент жекеше өз ойлары мен пікірін берілген уақыт ішінде (2-3 минут) қағазға түсіреді. Содан кейін студент жұбымен орындағанын 3-4 минут талқылайды, пікірлеседі. Оқытушы екі-үш жұпқа өз пікірлерін бүкіл аудиторияға жариялауын сұрауға болады. Бұл тәсілді математикадан коллоквиум жүргізгенде қолданған тиімді.



Шағын лекциялар. Шағын лекциялар теориялық материалды ұсынудың тиімді материалдарының бірі болып табылады. Оны бастар алдында алдыда тұрған тақырыппен байланысты, ми штурмын немесе рөлдік ойынды өткізу қажет, ол қатысушылар үшін оның маңызын арттырады, оларды ақпараттандыру дәрежесі мен тақырыпқа қатынасын анықтайды.

Материал қатысушылар үшін ұғынықты тілде мазмұндалады. Әрбір терминге анықтама беру қажет. Теорияны «жалпыдан жекеге» қағидаты бойынша түсіндірген дұрыс. Келесі сұраққа көшер алдында айтылғандардың бәрін жинақтау және сіздің дұрыс түсінгеніңізге көз жеткізу керек.



Кері байланыс. Кері байланыс қатысушылардың талқылап отырған тақырыптарының реакциясын ұғынуға, оқуды ұйымдастыру мен өткізудің кемшіліктері мен артықшылықтарын көруге, нәтижелерін бағалауға мүмкіндік береді.

Қатысушылар (ерікті түрде) өткізілген жаттығулар, ақпараттық блок, нақты күн немесе барлық тренинг бойынша өз ойларын айтуды ұсынады.

Әрқайсысының сезімдері мен қобалжуларына назар аударып отыру маңызды.

Барлық айтылған пікірлер тренерлер тарапынан да, басқа қатысушылар тарапынан да үнсіз, даусыз, түсініктемесіз және сұрақсыз тыңдалуы тиіс. Әрбір сөйлеушіге айтқандары үшін алғыс айтқан дұрыс. Басқалармен тең дәрежеде тренерге де кері байланыс ұсынған дұрыс.



Кластерлер (ағл.Cluster - «жүзімнің шоқтары» деген мағынада) – идея мен ақпараттардың арасындағы байланыстарды айқындауға арналған жазба кестелер. Мұнда негізгі тақырып (тірек сөз, басты идея) тақтаның (дәптердің) ортасына шеңберге жазылады да, одан туындайтын тақырыпшаларды студенттер оның жан-жағына жазып, шеңберлеп бір-біріне қосады да, өз-ара байланыстары туралы әңгімелейді. Кластерлер студенттің жеке орындауынан басталып, одан кейін жұмыс жұпта немесе шағын топта (4-6 адам) жалғасады.

Мысалы, «Математикалық талдау» пәнінен «Анықталмаған интеграл» тақырыбында тақта ортасына «Анықталмаған интеграл» деп жазып қою керек, ал студенттер айналасына білгендерін сөз, сөздер тіркесі түрінде жазады. Олар: алғашқы функция, интегралдаудың үш ережесі, айнымалы ауыстыру әдісі, бөліктеп интегралдау әдісі, алынбайтын интегралдар, рационал функцияны интегралдау, иррационал функцияны интегралдау, тригонометриялық функцияны интегралдау болуы мүмкін.

Мұндай кластерді тақырыпты қорытындылау бөлімінде рефлексия түрінде беруге болады, сонда студенттердің тақырыпты қалай меңгергендіктері байқалады.



Синквейн (ағл. cinquain) – бес жолдан тұратын тақпақ. Мұнда студенке оқу материалын қысқаша түйіндемелеу талап етіледі. Бірінші жолда – синквейннің негізгі мазмұнын құраушы бір негізгі сөз (ұғым); екінші жолда – берілген ұғымды сипаттайтын екі сын есім; үшінші жолда – ұғымның әркетін көрсететін үш етістік; төртінші жолда – автор өз қатысын көрсететін қысқа сөйлем; бесінші жолда – ұғымға қатысты өз сезімін, ассоциясын сипаттайтын бір сөз (көбінесе зат есім).

Мысалы, «Математикалық талдау» пәнінен «Функцияны зерттеу» тақырыбын өткеннен кейін синквейн құрауға болады. Ол келесі түрде болуы мүмкін

Функция. Бірсарынды, жұп (тақ). Өседі (кемиді), анықталу облысын қамтиды, дифференциалданады. Функция анықталу обысының кез келген нүктесінде үзіліссіз. График.

Пазл (ағл. puzzle) – тең емес бөліктерден сурет құрастыратын балалар ойыны.

Бұл әдіс бойынша тапсырмалардың орындалуын ойын түрінде өткізуге болады. оқыту барысында өтілген материал карточкаларға жазылады, бірақ әрбір карточкада келесісін іздеуге бағытталған мәлімет болуы тиіс.

Математика сабағанда есептер шешуде формулалармен жұмыс жасағанда, теоремаларды, анықтамаларды бекітуде, қайталау сабақтарында қолдануға болады. Бұл әдісті оқытудың кез келген бөлігінде қолдануға болады, ол жеке не топтық жұмыс болуы да мүмкін.

Мысалы, «Математикалық талдау» пәнінен «Тізбектің шегі» тақырыбында дәріс сабағының рефлексия бөлімінде «Пазл» ойынын жүргізуге болады. Студенттерге бір теореманың өзі үш карточка арқылы сипатталатын: шектің бірден-бірлігі, жинақтылықтың қажетті шарты, шексіз үлкен және шексіз кіші тізбектер арасындағы байланыс, шексіз аз тізбек туралы лемма, тізбектің шегі туралы 1, 2, 3 теоремалар, теңсіздіктерде шекке көшу сияқты 8 теоремадан 24 карточка дайындауға болады: 1-ші карточкада – теореманың сөйлеммен берілуі; 2-ші карточкада – теореманың шарты мен қорытындысының символдар арқылы қысқа жазылуы; 3-ші карточкада – дәлелдеуінің математикалық жазылуы.

ІІІ. Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше, сауатты, жан-жақты маман болу, математиканы қызығырақ, түсініктірек оқыту мүмкін емес. Жаңа технологияны меңгеру оқытушының интеллектуалдық, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және басқа да көптеген адами келбетінің қалыптасуына игі әсер тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу үрдісін тиімді ұйымдастыруға көмектеседі. Жаңа оқыту технологияларын пайдалану студенттің білімге деген құштарлығын арттыруға ықпал етеді.
Әдебиеттер

1. Назарбаев Н.Ә. Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!/Қазақстан халқына Жолдау. – Егемен Қазақстан, 29 қаңтар, 2011 жыл.



2. 2011-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы.-Астана, 2010. – 45 б.

3. Әлімов А.Интербелсенді әдістемені ЖОО-да қолдану мәселелері. – Алматы, 2013.- 448 б.
Каталог: sites -> default -> files -> conf
files -> Өмірбаяндық деректеме
files -> Жиырма үш жыл бір ғұмыр
files -> Пәнінің мұғалімі Ищанова Эльмира Абайқызы Қазақ әдебиеті ( 6 «б» сынып ) Сабақтың тақырыбы
conf -> Креативтілікті қалыптастыру шығармашылыққа жетелейтін интеллектуалдық үрдіс
conf -> Информатиканы оқытуда білім беру және ақпараттық-коммуникациялық технологияларын интеграциялау әдістемесі
conf -> Білім алушылардың танымдылық белсенділігін электрондық ОҚулықтарды пайдалану арқылы арттыру
conf -> Математикалық пәндерді оқытуда компьютерлік технологияларды қолдану 1
conf -> Co-teaching alesson in chemistry-nis aktobe рсымбетова А. У., Catalina Roncancio
conf -> Электронды тірек дабылдарын оқу процесінде қолдану тиімділігі


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет