Мазмұны Қазақстандағы жоғары білім, Ғылым және МӘдениет



бет3/7
Дата04.11.2016
өлшемі1,21 Mb.
#319
1   2   3   4   5   6   7

Гүлжазира ЕРТАСОВА, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Университеттің ұстанымы – биік, мақсаты – айқын

Ерлан СЫДЫҚОВ, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректорымен сұхбат

Еуразия кеңістігіндегі ірі ғылыми-зерттеу орталығына айнала бастаған Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің дамуына осы оқу орнын басқарып отырған азаматтың үлесі айрықша екені ақиқат. Жаңашыл басшы басқарудың заманауи, инновациялық тәсілдерін шеберлікпен қолдануы нәтижесінде қызу қарбаласқа, жарқын жаңалықтарға толы білім ордасының аты аз уақытта әлемге әйгілі болды.

Ғылыми және инновациялық қызмет білім берумен қатар жоғары оқу орындарындағы басты қызмет түріне айналмақ. Осыған орай аталмыш оқу орнының ректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Бәтташұлы СЫДЫҚОВПЕН сұхбатымызда әңгіме арқауы негізінен ғылыми зерттеулердің жай-күйі мен білім ордасының жаңашылдығы сөз болмақ.

– Ерлан Бәтташұлы, биылғы Елбасы Жолдауының басты ерекшеліктеріне тоқталып өтсеңіз.

– Елбасының әр жылғы Жолдауы тарихи құжат: қайсысын алып қарасаңыз да, стратегиялық маңыздылығы ерекше. Нақты міндеттер мен мәселелердің шешілуін қам­тамасыз етуге бағытталғанын көреміз. «Қазақстандық жол – 2050» де осы тұрғыдан си­патталған: халық пен билікті бір мақсат, бір мүддеге жұмылдырып отыр. Елді индустрияландыру, жасыл энергетикаға көшу, еңбек ету, тіліміз бен дінімізге берік болу, елдің тыныштығын сақтау, көрші елдермен татулық қарым-қатынас жасау, жас ұрпақты бабалар өсиетімен тәрбиелеу, оларға терең білім беру, ғылымды дамыту сияқты өзге де маңызды міндеттер қойылды. Мемлекет басшысы саралап берген құндылықтарымызға қараңызшы: Қазақстанның тәуелсіздігі және Астанасы; қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілк пен келісім; зайырлы қоғам және жоғары руханият; индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсім; Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы; тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы; еліміздің ұлттық қауіпсіздік және бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы. Ұлт Көшбасшысы: «Осы құндылықтар арқасында біз әрдайым жеңіске жеттік, елімізді нығайттық, ұлы жетістіктерімізді еселедік. Жаңа Қазақстандық Патриотизмнің идеялық негізі осы мемлекет құраушы, жалпыұлттық құндылықтарда жатыр», – деп атап көрсетті. Міне, жасампаздыққа жетелеген осы жеті құндылық табыстарымызға ұйтқы болып, еліміздің еңсесін биіктетіп, ғаламдық өркениет өрісіне шығарды».

Жолдаудың басты ерекшелігі – әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу міндетін екі кезеңде жүзеге асыру белгіленді. Біріншісі 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтыса, 2030-2050 жылдар аралығын қамтитын екінші кезең еліміздің ғылыми қамтымды және «жасыл экономика» қағидаттарына негізделмек. Бұл не деген сөз, бұл қуатты өңдеуші өнеркәсіп қалыптастыру және де дәстүрлі салаларда жоғары өңделген өнімдер шығаруға көшу жүзеге асырылады деген сөз. Демек, бұл 2050-дің алғашқы жоспары, алғашқы қадамымыз. Ал 30 дамыған елдің қатарына қосылудың басты факторы – ғылым. Әсіресе, ғылыми қамтымды экономика құру. Өйткені келешекте экономиканың дамуы ғылыммен тығыз, тікелей байланысты: әлем өзінің тарихында үшінші индустриялық «революцияға» келе жатыр. Біз соған әзір болуымыз керек. Бәсекелестік кеңістікте ғылымы дамыған ел ғана алдыңғы орынға шығатынына көзіміз жетті. Елбасы міне, осыны, яғни ғылымды индустрияға жеткізу, ғылымды өндіріске енгізу мәселесін баса айтты. Бұл салада тек ғалымдардың ғана күші емес, өндірістің, индустрия өкілдерінің де күш-қайраты қажет. Олар да ғылымға қарай қадам жасап, екі ортада тығыз байланыс болуы тиіс.

– Өткен 2012-2013 жылдар Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті үшін табысты аяқталды. Оқу орны мәртебелі марапат – Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына ие болды. Сондай-ақ жақында білім беруді бағалау саласындағы көшбасшы Quacquarelli Symonds (QS) халықаралық компаниясы QS Top 50 Under 50 рейтингінің жаңа нәтижесін жариялады. Аталмыш рейтинг құрылғанына жарты ғасырдан аспаған әлемнің ең үздік 50 жоғары оқу орнын анықтады. Осынау бағалау нәтижесінде Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 32-орынға табан тіреді. Бұл мәртебеге университет ұжымы қалай қол жеткізгенінің сырын ашсаңыз.

– Елбасының ықпалымен 1996 жылы іргетасы қаланған білім ошағы бүгінде егемен еліміздің жас астанасымен бірге жасап келеді. Бұл оқу орны аз уақыттың ішінде Еуразия идеясының арманнан ақиқатқа айналғанын ғылым-білім тұрғысынан дәлелдей

алды. Бүгінгі білім алушы және ғылыммен шұғылданушы жастарымыз осыны терең түсініп, елшіл маман болуға жұмылып отыр. Олар алдыңғы буынның білімін сақтап әрі молайта отырып, республикамыздағы ғылыми серпілісті жақсы түсінеді. Елбасының сенімі, елордалық мәртебе және сол сенім мен мәртебеге лайық жауапкершілік біздің қызметіміздің салмағын ауырлата түседі. 2003 жылдың 9 сәуірінде университеттің оқу-зертханалық ғимаратының ашылу сәтінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Элиталық университет болу үшін Еуразиялық университет барлық қажетті талаптарға жауап береді. Қазақстан жоғары оқу орындарының

16

бәрінде Еуразия университетіндегідей оқу базасы жоқ екенін сеніммен айта аламын, ТМД



елдерінде де осы университет тәрізділерді сирек көріп жүрмін. Л.Н. Гумилев атындағы университет ең жоғары сапалы кәсіби маман даярлайтынына үміттенемін және сенемін», – деген болатын. Президентіміздің осы сөзін басшылыққа алған оқу ордасының ұжымы қазір жүйелі жұмыс жасап, көптеген жетістіктерге қол жеткізіп келеді.

Бүгінде қасиетті қара шаңырақта білім алушылар саны жыл сайын артып келеді. Бұл студенттердің білікті маман болып қалыптасуы үшін еңбек ететін ұжымның жемісі деп білемін. Жалпы, қазір білім шаңырағында елімізге танымал тұлғалар, ғылым, білім саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, педагогикалық және ғылыми қызметте тәжірибесі мол атақты ғалымдар, академиктер, ғылым докторлары мен кандидаттары, профессорлар мен доценттер, PhD докторлар мен оқытушылар қызмет етеді. Әлгінде өзіңіз атап өткен мәртебелі марапаттар университеттегі ұжымның қызметтегі жетістігі мен оқу орнында инновациялық зерттеулерді дамытуға ерекше үлес қосқаны үшін берілді деп есептеймін. Елбасының ғылым мен білім беру жүйесіне қатысты қойған талабы аса биік. Біздің университеттің биік мақсат жолында белгілі бір бағытпен жұмыс жасауы басшылықтың сенімінен шыға білді деп ойлаймын.

– Ғалымдарымыз «ғылыми әлемде мәдениеттің оқшау типі ретіндегі еуразиялық өркениет феномені әлі толық зерттеле қоймаған, оны терең талдап, теориялық тұрғыда дәлелдеу қажет» деген пікір айтуда. Сіз қалай ойлайсыз?

– Еуразиялық идеясы теория ретінде өткен ғасырда туғанымен, ол осы ғасырда жүзеге асуда. Сондықтан да ол ХХІ ғасырдың басты идеяларының бірі ретінде танылуда. Ал еуразияшылдықтың негізгі тезисін Л.Н. Гумилев: «...біздер өзімізге достар іздеуіміз керек, ол өмірдің басты құндылығы», – деп түсінген. Бұл тұрғыдан алғанда, Ұлт көшбасшысы, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев бастаған Астана еуразиялық жасампаздықтың, толеранттықтың, демократияшылдықтың, меймандос еуразияшылдықтың орталығына айналды.

Сонау замандарда өмір сүрген Ұлы көшпенділердің ұрпақтары – бүгінгі қазақстандықтар Елбасы айқындаған жедел жаңару, әлемдік қауымдастықтан бастамашыл легінде жүру – қоғамымыздың басым бағыты деп түсінеді. Бұл сөзге дәлел ретінде қазақстандық барлық мекеме, кәсіпорын, шаруашылық, оқу орны жедел жаңарудың субъектісі, әрі объектісі екендігін еске алса да жеткілікті. Елбасы негізін қалаған Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ да бұл жолдағы жауапкершілігін, әсіресе, еуразиялық миссиясын жақсы сезінеді. Н.Ә.Назарбаев біздің университетімізде сөйлеген «Инновациялар мен оқу-білімді жетілдіру арқылы білім экономикасына» деген баяндамасында: «Еуразиялық идеясының Қазақстанның бастамасы бойынша іске асырылған үш киті – бұлар ЕурАзЭҚ, АӨСШК және ШЫҰ. Бұл – бір ғана айтып жеткізгісіз Орталықтың, біртұтас Еуразиялық идеяның іс жүзіндегі үш түрлі көрінісі. Сондықтан да Еуразияның рухани ел ордасы, жүрегі Астана, ал осынау жүректің ең қымбат өзегі – Астанадағы біздің Еуразия университеті бола алады», – деген сөздері университет ұжымын биік белестерге көтерді.

Университетте жаңа заманға лайық білім беру, ғылымды салаландыру және Президент көтерген Еуразия идеясын дамытуда көптеген игі іс-шаралар атқарылды. Ал мемлекет басшысының: «Қазақстан бүгін Еуропа мен Азия арасындағы коммуникациялар легінің түйіскен тұсында тұр. Біздің міндет – осынау бірегей геосаяси жағдайымызды өз еліміз бен халықаралық қоғамдастықтың мүддесі үшін ұтымды пайдалану» деген пікірі де қоғамымызды, оның ішіндегі білім-ғылым саласы қызметкерлері мен студенттерін жаңа бастамалар мен қадамдарға шақырады.

– Ғылым мен білім әр кез мемлекеттің назарында. Әсіресе, инновацияны дамыту, өндірісті ғылыммен ұштастыру жайы өзекті. Осы мәселе жөнінде өзіңіз басшылық ететін университетте қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

– Экономиканың өсімі жылына 4 пайыздан кем болмауы міндеттелді. Ал егер, өсім 5-6 пайыздан жоғары болса, стратегиядағы көзделген мақсаттарға мерзімінен бұрын қол жеткізетініміз атап көрсетілді. Сол себептен Мемлекет басшысы осы Жолдауда саннан сапаға өту мәселесін ерекше атап өтті. Озық нанотехнологиялар мен инновацияны, ғылыми жетістіктерді барынша кеңінен пайдаланып, барлық салаға енгізу, экономиканың тиімділігін арттыру мәселесіне басымдық берілді. Ғалымдарды қуантатын үлкен жаңалық – Елбасының ішкі жалпы өнімнің 3 пайызын ғылымға бөлінетін қаржыға жеткізу керектігі жөнінде айтқаны. Бүгінге дейін ғылымға 0,16 пайыз бөлініп келген болатын. Ал енді есептеп көріңіз, 20 есеге көбейеді. Яғни бұл отандық ғылымға ғаламат серпін беретін фактор. Оған әзір тұрған ғалымдарымыз, талантты жастарымыз жеткілікті: әртүрлі ғылыми орталықтарда, үлкен университеттерде отандық ғалымдардың тамаша жобалары бар.

Біздің инновациялық парктеріміз, түрлі ғылыми жобаларымыз ғылымның қатысуын қажет ететін ірі мәселелердің шешімін табуға бағытталған. Міне, осыған өнеркәсіп орындары мен индустрия өкілдері келіп, өздерінің қажетін алып жатса, одан екі жақ та ұтады. Себебі ғылым араласпаған жерде өсу де, ілгерілеушілік те жоқ. Оны Президент қарапайым да ұғынықты түрде айтып берді. Егер ғылым араласатын болса, кез келген өндірістің шығаратын өнімінің саны да, сапасы да артады. Мемлекет басшысының алға қойып отырған басты талаптарының тағы бірі – өркениеттің көшінде бәсекелестікке қол жеткізу үшін білім мен ғылымды өндіріспен ұштастыру, отандық инновация жүйесін қалыптастыру. ЕҰУ Инновациялық парк пен Қызылорда облысы әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойылған. Қазіргі күні сол құжаттың шеңберінде бірнеше ғылыми жоба жүзеге асуда. Ал Шығыс Қазақстан облысында карбид кремний өндіріс зауыт жобасын салудан бөлек, Бесқарағай ауданында ағаш қалдықтарын кәдеге жарататын шағын зауыттың қанатқақты жобасы жүзеге асуда. Сонымен қатар Көкшетауда «Шучинск-Бурабай-Зеренді» демалыс аймағының энергетикалық инфрақұрылымын «жасыл технологияларға» көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл ғалымдарымыздың ғылым жолындағы ізденістері мен қайнар бастаулары ғана.

Соңғы жылдары ғылыми-зерттеу жобаларымыздың көлемінің өсімі байқалады. Білім ордамызда ғылыми саланы қаржыландыру 2012 жылы – 1,1 млрд теңгеге, ал 2013 жылы – 1,6 млрд теңгеге дейін өсті. Еуразия ұлттық университетінде негізгі 5 бағыт бойынша жүзеге асырылып жатқан 180 ғылыми жоба қаржыландырылды. Олар энергетика, өнім мен шикізатты тереңдетіп қайта өңдеу, ақпараттық және телеком­муникациялық технология, өмір, әлемнің ғылыми интеллектуалды әлеуеті. Оған ЕҰУ-дің 660 ғалымы тартылды. Бұл орайда біз үшін ең басты бағыт-бағдар беретін «Назарбаев университеті» болса, екі оқу орны арасында қол қойылған меморандум шеңберінде ғалымдарымыз жыл сайын біліктілігін арттырып келеді.

– Жастарды ғылымға тарту мен ғылым мен бизнестің кооперациясы қалай жүріп жатыр?

– Елбасымыз 2050 жылға дейінгі стратегиялық бағдарымызды анықтаған тарихи Жолдауында: «Біздің ендігі міндетіміз – егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру» деді. Осы тұрғыдан келгенде, біз үшін ғалымдар мұрасына байланысты шараның бәрі де ел абыройы мен ғылым беделін көтеру, жастарды жаңа биіктерге жұмылдыру. Саладағы серпіліс аясында біз жастарымызды бакалавр – магистр – докторантура жүйесіне сәйкес ғылымға тартып отырмыз. Мемлекет бөлген қомақты қаржы олардың шетелге шығып, әлемдік тәжірибені меңгеруіне, зертханаларда жұмыс істеп, рейтингі жоғары ғылыми журналдарда мақала жариялауына мол мүмкіндік туғызды.

Қазіргі кезеңде халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті жоғары оқу орнына айналу үшін ғылыми-инновациялық даму бағытын алға қойып, университет ғалымдары маңызды жаңалықтар ашуда. Бүгінде университетте 13 факультет бар. Факультеттер мен кафедралардың негізгі міндеті жоғары білімді мамандар даярлау, оқу үдерісі мен ғылымды біріктіре отырып, ғылыми мектептер мен инновациялық инфра­құрылымдардың жұмысын жолға қою болып табылады. ЕҰУ профессор-оқытушылар құрамы білім берудің ең жаңа технологияларын игеруіне айрықша маңыз беріп отыр. Бұл ретте қазіргі таңдағы қазақстандық жоғары оқу орындарына үлгі болып отырған «Назарбаев Университетіндегі» оқытудың жаңа технологиясы мен инновациялық жобалардың өзіндік үлгісінен үйренеріміз көп. Ғылыми қызмет­керлердің біліктілігін жетілдіру, тәжірибе алмасу, қазіргі заманғы әдістемелер мен технологияларды меңгеруде аталмыш оқу орны бізге бағыт-бағдар болады деген сенімдеміз.

Жастарды ғылымға тарту бойынша біз университетте «Start-up» жобасын іске қосуды бастадық. Жас ғалымдарға конкурс жарияланды. Олардың жаңалықтарынан 15 жобаны таңдап, қаржыландыруды өз мойнымызға алдық. Бұл мақсатқа университет тарапынан 1 миллион АҚШ доллар қаржы жұмсалу көзделіп отыр. Яғни ол ғалым өзінің тапқан жаңалығының бәрін сол жерде шағын өндіріс ретінде елге көрсетеді. Содан кейін инвестор келеді ме, отандық өнеркәсіп басшылары келіп сатып алады ма, пайдалана ма, оның барлығы сол кезде шешіледі.

– Республикамыздың маңдайалды университеттерін академиялық және басқарушылық автономияға біртіндеп көшіру жоспары тыңғылықты дайындықты қажет етеді. Бұл заман талабы десек те, осыған орай жеке пікіріңізді білгіміз келеді.

– Бұл өте дұрыс мәселе: білім, ғылым, қаржы, халықаралық және басқа қызметті жүзеге асыруда жоғары оқу орнына еркіндік беріледі. Қағазбастылық жойылады. Жоғары оқу орындарының академиялық, қаржылық және басқару қызметінде дербестік ұстанымдары іске асырылады. Негізінен елімізде 2015 жылдан бастап ұлттық ғылыми-зерттеу университеттеріне, 2016 жылы ұлттық жоғары оқу орындарына, 2018 жылдан бастап мемлекеттік жоғары оқу орындарына дербестік берілу жоспарланған. Жоғары оқу орындары автономиясының жетілдірілген қағидалары «Назарбаев университеті» моделіне негізделген: білім беру, ғылым, қаржы, халықаралық және өзге салалар да дербестікке ие. Демек, Қазақстанның білім беру мен ғылым жүйесі халықаралық деңгейге жеткізіледі деген сөз.

Зерттеулер нәтижесіне сүйенсек, қазіргі күні қазақстандық жоғары білім беру жүйесі институционалдық автономияның деңгейі төменгі көрсеткішке ие. Ал мұндай көрсеткіш халықаралық стандарттар бойынша ілгері жылжуға кедергі келтіреді. Дегенмен жоғары оқу орындарын автономияға көшірудің болжамы мен нақты жүзеге асырылуы белгіленген шарттар орындалған жағдайда нәтиже береді. Бұл орайда, ең алдымен, ұйымдастыру мәселесін шешу керек, содан кейін қаржылық жағдайы маңызды. Мысалы, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге ұзақ мерзімді бюджеттік қаржыландыру қарастырылып, оған келісімшарт жасалуы тиіс. Осы жағдай түпкілікті шешімін тапса, менің ойымша, университет автономиясының қаржылық деңгейі көтеріледі. Міне, сол кезде біздің елден атақты Нобель сыйлығының лауреаттары шығып, әлемдік білім беру кеңістігі мен ғылым саласында өз орнымызды ойып тұрып алатын боламыз.

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ автономияға алғашқылардың бірі болып көшетініне сенім мол. Өйткені университеттің білім беру кеңістігінде алар орны айрықша және интеллектуалдық, құқықтық, материалдық-техникалық базасы талапқа сай келеді: оқу орнымыз Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының иегері. Екі жыл қатарынан тәуелсіз Қазақстан агенттігінің білім беру саласы сапалық көрсеткіші бойынша ұлттық рейтингте алдыңғы орында тұрмыз, яғни бұл Қазақстан мен Орта Азияны былай қойғанда, ТМД елдері ЖОО-лары арасында озық жетістік болып саналады. Оған қол жеткізу үшін университет ұжымы бір кісідей жұмылып, қыруар еңбек еткенін айтуға тиістіміз. Жалпы, біздің университет үшін өткен жыл табысты болды: тарих факультеті, этникааралық және дінаралық толеранттық бойынша ЮНЕСКО каферасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы ашылды.

Автономияға көшкен жағдайда жауапкершілік екі есе артады. Мәселен, университеттерде корпоративті басқаруды енгізу мақсатында бақылау кеңестері құрылады. Кеңес құрамына білім саласындағы өкілетті орган мен жергілікті билік өкілдері, әлеуетті жұмыс берушілер, бизнес құрылымдары мен жастар ұйымдарының өкілдері кіреді. Кеңестің негізгі міндеті – жоғары оқу орнының стратегиялық даму бағыты мен жоспарын жасап, жүзеге асыру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мен материалдық-техникалық базасын дамытуға ықпал ету. Сондықтан, корпаративтік басқаруды енгізу, бақылау кеңестерін құру жоғары оқу орындарының заман талабына сай дамуына оң ықпал етеді.

– Университет дамуының негізгі қағидаты деп нені айтар едіңіз?



– Университет дамуының негізгі қағидаты – тәлімгерлерімізді жоғары сапалы біліммен қамтамасыз ету, қоғамның көкейкесті сұранысына сай білікті маман даярлау, интеллектуалды, отаншыл орта қалыптастыру. Жыл сайын ЕҰУ-ге мектеп бітіруші «Алтын белгі» иегерлерінің басым көпшілігі оқуға түседі. Бұл жөнінен және мемлекеттік білім грантын жеңіп алған студентеріміздің саны бойынша біз Қазақстанда бірінші орындамыз.

Бұдан түйетін қорытынды, ЕҰУ–да білім сапасын арттырудың бір кілті сапалы талапкерлерді оқуға қабылдаумен байланысты. Профессор-оқытушылар құрамының тәлімгерлер мен ата-аналардың жоғары талапқа сай сұранысын қанағаттандыру мақсатында барынша құлшыныспен қызмет етуі– білім сапасына оң ықпал ететін екінші бір тетік. Тәуелсіз Қазақстанда туған жас ұрпақтың білімге деген махаббатын бәсеңдетіп алмас үшін әлемнің кез келген түкпіріне жол ашып, байланыс құрып, дамыған елдердің жастарымен терезесі тең түлектер ұшыруды алдына мақсат етіп ұстаған оқу ордамыз бір сәт те қарқынын баяулатпақ емес. Еліміздің әлемдік бәсекелестікте жеңіске жетуі үшін жоғары технологияларды игерген, инновациялық жобаларды іске асыруға қабілетті отаншыл да білікті мамандар қажет. Жоғары технологиялар, инновациялар негізінде жүзеге асырылатын жаңа ойлардың салалануы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму дәрежесін және азаматтардың әл-ауқат деңгейін айқындайды. Бұл ретте дамыған елдердің білім жүйесінен үйренеріміз көп. Елімізде осы бағытта атқарылған жұмыстар жетерлік. Нақты айтсақ, ЕҰУ көп жылдан бері Еуропалық Одақтың білім мен тәжірибені жетілдіруді мақсат ететін Эразмус Мундус бағдарламасының академиялық алмасу жобасына қатысып келеді. Бұл бағдарламаның грантын жеңіп алу бойынша да ЕҰУ Орталық Азия университеттері арасында алдыңғы шепке шығып, отандық ЖОО арасында оқ бойы озық тұр. Оған шетелдік бағдарламаларға қатысушылар тапсыратын ағылшын тілі сынақтарын шетелге шығындалып бармай-ақ, аз шығынмен университетімізде тапсыруына жағдай жасау мүмкіндігін туғызуымыз оң ықпалын тигізуде. Олар ғылыми зерттеу бағыты мен білім алу мақсатында Италия, Польша, Германия, Португалия, Түркия, Испания, Литва сияқты елдерде тәжірибе жинақтап, біліктіліктерін жетілдіруге мүмкіндік алды. Сонымен қатар бұл жоба бойынша біздің оқу ордамыздан тағылымдамадан өтуге шетелдік азаматтар да қызығушылық танытуда. Сондай-ақ университетіміздің халықаралық бағдарламалар және магистратура бөлімдері Болгария, Литва, Румыния, Словакия, Оңтүстік Корея, Малайзия, Түркия және ТМД елдерімен академиялық алмасулар жүйесі шеңберінде жұмыс істеп келеді. Осы жүйе бойынша бүгінгі таңда магистрлеріміз білімдерін шетелдерде жалғастыруда. Бұл жұмыстардың барлығы Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына арналған студенттер мобильдігі тұжырымдамасына сәйкес іске асырылуда. Бұдан былай білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көрсетілгендей, ЕҰУ студенттері ұлттық университет студенттері мәртебесіне сай мемлекет есебінен кемінде бір семестр үздік еуропалық ЖОО-да білімін жетілдірулеріне мүмкіндік алды. Әрине, ол үшін олардың шет тілін жетік білуі тиіс. Тағы бір атап өтуге тұратын жетістігіміз оқу ордамыздың білім алушылары мен оқытушылары «Болашақ» стипендиясы байқауына да белсенді қатысып келеді. Соның нәтижесінде соңғы жылдары «Болашақ» грантының ең көп иегерлері де – біздің оқу орнынан. Оқытудың жаңа жүйесіне көшу, халықаралық қарым-қатынасты нығайту, озық технологияны меңгеріп, білікті маман даярлауды дамыту – Елбасы Жолдауының негізгі өзегі болса, біз сол үдеден шығу үшін бар қарым-қабілетімізбен еңбек етуге даярмыз. Ал білімді ұрпақ – болашақ кепілі.

– Жыл сайын Еуразия ұлттық университетін таңдайтын студенттер қатары артуда. Университетте Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған дарынды да білімді студенттер оқитыны бәріне белгілі. Осындай студенттерге қандай жағдай жасалынған?

– Қазіргі таңда, әлемдік білім беру үрдісіндегі қарқынды жүріп жатқан өзгерістерде бәсекеге қабілетті болу үшін, Қазақстанның жоғары білім беру бағыттары мен саясаты қайта қарастырылып, университеттерде шетел тәжірибелері кеңінен қолданылуда. Еліміздегі жоғары білім беру жүйесіндегі реформалар мен жетілдірудегі кездесетін мәселелерді шешу жолдарының бірі, университеттердегі жеке тұлғаға бағытталған оқыту ортасын қалыптастыру және университет студенттеріне барынша қолдау көрсету болып табылады. Себебі жоғары білім беру жүйесінің әртүрлі салаларындағы өзгешеліктерге қарамастан, білім алушылардың қажеттіліктері мен мүмкіндіктері ескерілуі қажет. Бүгінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде студенттерге азаматтық және құқықтық сауаттылықтарын ашу, рухани және адамгершілікті дамыту шаралары, патриоттық сезімді арттыру, этносаралық төзімділік пен қоғамдық келісім және діни экстремизмге қарсы жұмыстар жүргізіледі. Жетім және дарынды балаларға, көп балалалы отбасынан шыққан және әлеуметтік жағдайы төмен студенттерге барынша қолдау көрсетіледі. Мысалы, тұл жетімдер университет жатақханасында тегін тұрып, жәрдемақы алса, «Бөбек», «Бота» қайырымдылық қорлары грантымен тегін білім алып жатқан студенттерге стипендия төленеді. Мүгедек және отбасы жағдайы қиын студенттерге де ай сайын шәкіртақы тағайындалған. 2000-ға жуық студент ай сайын қалалық әкімшілік тарапынан жол жүру билеттерін тегін алады. Ғылыми олимпиадаларға, халықаралық дебаттық турнирлерге қатысатын дарынды студенттерге және спортта, шығармашы­лықта жетістікке жеткен балаларға материалдық көмек көрсетіліп, сыйақы төленіп, ішкі гранттар немесе оқу ақысына жеңілдіктер қарастырылған.

– Елбасы Жолдауында жас ұрпақты бабалар өсиетімен тәрбиелеу мәселесіне де ерекше маңыз берілді. Білім мен тәрбие – егіз ұғым. Бұл екеуін бірінен-бірін бөліп алып қарастыруға мүлдем болмайды. Ал адамгершілік негіздерін қатаң сақтау үлкен мәдениеттілікке алып баратын жол екені әлімсақтан белгілі. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– ЕҰУ-де студенттер тәрбиеcі дұрыс жолға қойылған. Жастардың патриоттық сезімдерін, мәдени-эстетикалық деңгейлерін арттыруға арналған іс-шаралар жиі ұйымдастырылып, тағылымы мол кештер, ел қадірлеген тұлғалармен жүздесулер үздіксіз өткізіліп тұрады. Бұл ретте университетімізде «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігі тиімді жұмыс істеп келеді. Еркеғали Рахмадиев, Кәкімбек Салықов, Илья Жақанов, Исрайыл Сапарбай, Көпен Әмірбек, Серік Тұрғынбек, Ақұштап Бақтыгереева секілді әдебиет, мәдениет, өнер қайраткерлерімен өткен кездесулер студенттеріміз үшін рухани байлық дер едім. Жастар саясаты орталығы мен оның факультеттегі бөлімдерінің, студенттердің «Сенім» атты кәсіподақ ұйымының, алғаш біздің білім ордамызда ашылған «Алтын белгі» иегерлері қауымдастығының бел­сенділігін де атап өткен орынды. Мемлекет басшысы үнемі айтып жүргендей, жастарымыздың саламатты өмір салтын ұстанып, ширақ та шымыр болып қалыптасуына барынша мүмкіндік тудыру біздің міндетіміз. Осы орайда, «ЕҰУ Студенттік медицина орталығы» жұмысы көңілге қуаныш ұялатады. Бір білім ордасының жанынан мұндай дәрігерлік орталықтың ашылуы ТМД елдері бойынша алғашқы екенін ескерсек, оның мән-маңызы еселене түсері даусыз. Бұл емхана университет студенттері денсаулығының жақсаруына белгілі деңгейде оң әсерін тигізсе, университетіміздің «Студенттер үйінен» алғаш ашылған «Студенттік кинотеатр» да студенттердің бос уақытын қызықты әрі мәнді өткізуге мүмкіндік берді. Кинотеатр қойылымдары тегін екендігін еске салсақ, бұл да студенттерімізге үлкен жеңілдік әрі эстетикалық тәрбие алуларына оңтайлы жағдай туғызу. Сонымен қатар биылғы жылы жаңа оқу-зертханалық ғимарат, шағын отбасылық үй пайдалануға берілсе, бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жүйелі жалғасын таба беретін болады. Мұның бәрі де, әрине, Елбасы Жолдауы талабымен астасып жатқаны түсінікті. Алда атқарылатын жұмыстар әлі де ауқымды әрі маңызды. Сондықтан біз Президент Жолдауына әр жыл сайын іргелі байыптама, елдік тиянақ ретінде қарап, алдағы әрбір ісімізді жоғары талап деңгейіне сай орындауға ұмтылып келеміз.

Елбасының ойлағаны – еркін елдің ертеңі. Бұл қанатты қамқорлықтың қайтарымы қомақты болуға тиіс.

– Сұхбат соңында әріптестеріңізге не айтар едіңіз?

– Менің әріптестерім – білім және ғылым саласының қызметкерлері. Ақыл-ой еңбегінің адамдары. Абай атамыз бізге «Ғылым таппай мақтанба» деп өсиет қалдырды. ХХІ ғасырда ғылым – жай қағаздағы, кітаптардағы ғылыми жаңалықтар емес, халықтың әл-ауқатының деңгейі, сапасы. Сондықтан біздің бірлесе атқарып келе жатқан жұмысымыз қызықты да жауапты. Меніңше, Қазақстан ғылымы мен білімі қазір тарихи кезеңді бастан өткеріп отыр. Оның тарихилығын халқымыз бен Елбасымыздың «мәңгілік ел» мұратына қызмет ету анықтайды. Қазір біздің саламыз түбегейлі жаңару, жаңғыру үстінде. Бізде білікті мамандар, жақсы жетістіктер мен әлемдік деңгейдегі зертханалар бар. Ендеше Мемлекет басшысының сенімімен жаңа биіктерді бағындыруға жұмылуымыз керек. Осы жолда әріптестеріме сәттілік тілеймін!

//Айқын.-2014.-25 сәуір.-6 б.

Қазақстан Президенті Мәскеу мемлекеттік

университетінде дәріс оқыды
АСТАНА. 28 сәуір. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазір ғана М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіндегі дәрісін аяқтады. Мемлекет басшысы онда еуразиялық ықпалдастық тақырыбында сөз қозғады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» агенттігі хабарлады.

Еске сала кетейік, 2001 жылы Астанада ММУ-дың Қазақстандық филиалы ашылған болатын. Осы оқиғаға түсіндірме жасай келіп, Н.Назарбаев «соның рқасында бұрыннан тарихи байланысы бар Қазақстан мен Ресейдің ғылыми білім абайланыстары бүгінде жаңа мазмұнға ие болды», — деп атап өтті.

«Осының өзі ММУ ұзақ мерзімді перспективада Қазақстанның зияткерлік және білім үдерісінде елеулі рөл атқаратынын білдіреді», — дегенеді қосты бұған Елбасы.

Ақорданың баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, 29 сәуірде Қазақстан Президенті Ресей және Беларусь басшыларымен бірге Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің жұмысына қатысады.

//Егемен Қазақстан.-2014.-28 сәуір.-1 б.

21




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет