Мазмұны беттер І. Жаңалықтар хроникасы


Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік Кеңес туралы



бет2/12
Дата15.11.2016
өлшемі4,58 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік Кеңес туралы
Сан ғасырлық тарихтың куәсі болған Сыр өңірінің ұлтымыздың ұйысып мемлекет болып құрылуында да, тарихымыз бен мәдениетіміздің қалыптасуында да алар орны ерекше. Сондықтан ұлттық мәдениетіміздің алтын қоры саналатын тарихи-мәдени мұраларымызды дәріптеудің маңызы зор.

Жуырда облыстың тарихи-мәдени мұраларын зерттеуге, насихаттауға, оларды қорғау және пайдалану мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижесінің ғылыми маңыздылық деңгейін көтеру, археология, этнография, тарих және мәдениет ескерткіштерін зерттеудің дәйектілігін және ғылыми-логикалық жүйесін анықтауды көздейтін облыс әкідігі жанынан ғылыми-әдістемелік Кеңес құрылды. Оның құрамына тарих, археология, этнография мәселелерін жетік меңгерген білікті мамандар енгізілді.

Үстіміздегі жылдың 16 маусымында Кеңестің алғашқы отырысы өтті. Оған арнайы шақыртумен Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі, халық жазушысы Олжас Сүлейменов, кеңестің мүшелігіне енген еліміздің танымал тарихшылары, әдебиеттанушы-ғалымдары мен сәулетшілері қатысты. Олардың қатарында Мұрат Әуезов, Карл Байпақов, Тынысбек Қоңыратбай, Бек Ыбыраев, Бауыржан Байтанаев, Мадияр Елеуов, Зейнолла Самашев, Жандарбек Мәлібеков тағы басқалар бар.

Кеңесте белгілі тарихшылар мен этнограф-ғалымдар Сыр өңірінің ежелгі және ортағасырлық қалашықтарын туристік орындарға, рухани орталықтарға айналдыру мәселелері жөніндегі пікірлерін ортаға салды.

Қазақ музыкасының, әдебиетінің, этнографиясы мен тарихының дамуында айрықша орны бар дара тұлға – Қорқыт бабамызды ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік Мәдени және Табиғи мұра тізіміне енгізу үшін қандай жұмыстар жүргізілуі қажеттігі жөнінде айтылды.

Кеңесте Ә.Марғұлан атындағы археология институтының құрметті директоры, тарих ғылымдарының докторы Карл Байпақов, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Археология ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сәйден Жолдасбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі Бек Ыбыраев баяндама жасап, ұсыныстарын жеткізді.

Басқосуға келген кеңес мүшелерінің бірі, мәдениеттанушы ғалым Мұрат Әуезов өңірдің археологиялық-этнографиялық мұраларын зерттеуде материалдық құндылықтармен қоса рухани жағына да көңіл бөлуге шақырды. «Қорқыт бабаның серігіне айналған қобыздың үні де ерекше. Сыр бойы – жыраулардың мекені, Көшеней, Нұртуған, Нартай, шығыстың дүлдүл шайыры Тұрмағамбеттің кіндік қаны тамған жер екенін естен шығармауымыз керек»,– деді ол. Кеңес мүшелеріне алдағы уақытта қаралатын мәселелер бойынша мәлімет таратылып, олардан 1 қыркүйекке дейін пікірлері алынатын болды.

БІЛІМНІҢ БАСТЫ КӨРСЕТКІШІ ҰСТАЗ БІЛІКТІЛІГІН КӨТЕРУДІ ТАЛАП ЕТЕДІ

12.06.2013
Облыс әкімдігінің мәжіліс залында аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен «Биылғы жылғы Ұлттық бірыңғай тес­тілеудің қорытындысы туралы» мәжіліс болып өтті.

– ҰБТ көрсеткіші – білім саласында атқарылған жұмыстардың ең басты көр­сеткіші. Биылғы жылдың қорытын­дысы­мен республикадағы 16 өңірдің ішінде 11-ші орындамыз. Алайда, бұл бізді қанағат­тандырмайды,– деді облыс әкімі өз сөзінде.– Оның ішінде Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудандарындағы ҰБТ нә­тижесі біз күткен­дегіден көп төмен. Өмір­дің алғашқы сынағы саналатын ҰБТ-дан сүріну биылғы түлектерге оңай бол­мады. ҰБТ қорытындысы не көрсетті, алдымен сол жайында толық мағлұмат алайық.



– Облыста ҰБТ 3-6 маусым аралы­ғында 8 тестілеу пункттерінде өткізілді,– деп бастады өз хабарламасын облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлна­зарова. – Биыл облыс мектептерін 7755 түлек бітірсе, оның 5178-і ҰБТ-ға қатысу­ға өтініш берген болатын, 2577 түлек мектеп қабырғасында қорытынды аттес­тат­таудан өтіп, мемлекеттік емтихан тап­сыруда. Өтініш бергендердің 5040-ы, яғни түлектердің 65 пайызы тестілеуге қатысты. Тест аудиторияларына енбей қалған 139 түлектің 33-і ҚР Білім және ғылым министрлігінің шешімімен алдын ала грант иегері танылған дарындылар болса, 106-сы ҰБТ-ға қатысудан өз еркімен бас тартқан түлектер, олар мектепте емтихан тапсыруда.

Хабарламашының мәлімдеуінше, ҰБТ қорытындысымен орташа балл 73,4-ті құра­ды, бұл өткен жыл көрсеткішінен 9,38 балға жоғары. «Алтын белгіге» үміткер 196-ның 62-сі, «Үздік аттестатқа» үміткер 79-дың 20-сы өз білімдерін дәлелдеп шықты. Ең жоғарғы балл –121, ең төменгі балл –20. Биылғы «2-лік» саны – 270, бұл былтырғыдан 3,5 есе төмен, шекті балдан өтпегендер саны – 681, бұл өткен жылғыдан көп төмен. Сонымен қатар ҰБТ-ға облыс бойынша мектеп түлектерінің 66 пайызын құраса, Арал ауданы – 50, Шиелі 55 пайыз­ды құрайды. Ең жоғары қатысу деңгейі қазақ-түрік лицейлері мен дарынды бала­ларға арналған мектеп-интернат, Қызыл­орда қаласына тиесілі. Қызылорда қаласы бойын­ша орташа балл – 76,83, Жалағаш ауданы бойынша 76,2 болса, бұл көрсет­кіш Қазалы ауданында 67,2 балға тең. Облыстық дарынды балаларға арналған №4 мектеп-интернат, №9,10 қазақ-түрік лицейлерінің орташа балы 88, 98,7 және 103,6 болды, демек өткен жылмен салыс­тырғанда ілгерілеушілік байқалмайды. Сондай-ақ бұл білім ордаларында «Алтын белгіні», «Үздік аттестатты» ақтағандар саны екі есе төмендеген. Барлығы 7 «Алтын белгі», 7 «Үздік аттестат», бұл осы үш дарынды балаларға арналған мектеп түлектерінің 5 пайызы ғана.

Өткен жылы 42 мектеп діттеген межеге жете алмай, төменгі көрсеткіш көрсетсе, биыл да бұл мектептер көрсеткіші көңілден шықпады. Хабарламашының мәлім­деуінше, ҰБТ-ның төменгі көрсеткішінің негізгі себебі мынада: Сыр өңірінде жоғары санатты мұғалімдер саны аз, ұстаздың білімін жетіл­діруде қалыптасқан жүйе жоқ, мұғалім жүктемесінің аздығы, облыстық әдістемелік орталығы мен білім басқармасының жұмысты өз деңгейінде ұйымдастыра алмауы және ең бастысы, заманауи технологиялардың енгізілуі мен пайдалану деңгейінің төмендігі. Облыстық білім басқармасы, қалалық, аудандық білім бөлімдері мұғалімдердің біліктілігін арттыруға немқұрайлы қараған. Негізгі бөлік бастауыш сынып мұғалімдері мен мектепке дейінгі мекемелерге бағыт­талған. Мәселен, математика пәнінен рес­пуб­лика бойынша ең төменгі көрсеткішті иеленсек те, осы пән мұғалімдері біліктілігін арттыру тізіміне енбей қалған. Сонымен қатар пән мұғалімдері санаттарының төмендігі оқуға кері әсерін тигізуде. Атап айтқанда, жоғары санатты мұғалімдердің үлес салмағы еліміз бойынша орташа 15,1 пайызды құраса, облыс бойынша 3,2 пайыз. Ал санаты жоқ мұғалімдер Сыр бойында 31,9 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш республика бойын­ша 25,1 пайыз. Мұның бәрі бізде кадрлармен жүйелі жұмыс жүргізілмейтінін көрсетеді.



Облыс мұғалімдерінің жүктемелері қалалық, аудандық білім бөлімдерінің ба­қылауынан тысқары қалған. Яғни, штаттық бірліктен нақты адам саны жоғары болуда. Мысалы, Сырдария ауданы бойынша мұғалімдердің 70 пайызының оқу жүктемесі 1,0 ставкадан төмен болса, 15 пайызы 0,5 ставкамен жұмыс істейді. Қазалы ауданында 0,5 ставкамен жұмыс істейтін мұғалімдер үлесі 23 пайызды құраса, Шиелі ауда­нындағы 2633 мұғалімнің тек 28 пайызы 18 сағаттан және одан жоғары жүктеме алып отыр. Тағы бір айта кетерлігі, кей мұғалімдердің педа­гогикалық білімдері сабақ беретін пәндеріне сәйкес келе бермейді. Білім саласындағы бақылау департаментінің мәліметі бойынша үстіміздегі жылдың 1- наурызына дейін осындай 864 жағдай орын алса, оның 30 пайызы Қазалы ауданының үлесіне тиеді.

Хабарламашы облыс әкімінен биылғы ҰБТ қорытындысымен Арал ауданы бойынша 5 мектеп, Қазалы ауданынан – 10, Шиелі ауданынан – 7, Жаңақорған ауданынан – 2 және Қызылорда қала­сынан 3 мектеп басшысының қызметтік жауапкершілігін қарауды ұсынды. Мемлекеттік сынақта төменгі нәтиже көрсеткен мектеп дирек­торларының басшылық қызметтегі еңбек өтілі 4 жылдан 27 жылға дейінгі мерзімді құрайды.

Мәжілісте облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймақта жоғары санатты мұғалімдердің саны республикадан 5 есеге аз екендігін, мұғалімдердің жоғары, І және ІІ санаттарына үстемеге бөлінген қара­жаттың жылда игерілмей, кері қайтары­латынын қынжыла жеткізді.

– Биылғы жыл қорытындысымен 27 мектеп басшысына сенімсіздік білдіре­мін,– деді аймақ басшысы. – Баланың обалына қалып, мектепті күнкөріс көзіне айнал­дырған директорлармен қош айтысатын боламыз. Жеке басының пайдасы үшін мемлекеттік мекемеде халықтың баласының обалына қалуға жол берілмейді.



Аймақ басшысы биылғы ҰБТ-да төмен нәтиже көрсеткен Арал, Қазалы, Шиелі аудандары әкімінің орынбасарлары мен дарынды балаларға арналған №4 мектеп-интернат директорының уәжін тыңдады. Білім саласының басшыларына білім беруді дамытудың іс-шарасын әзірлеуді, ҰБТ қорытындысымен жақсы көрсеткішке жеткен ұстаздарды марапат­тауды, нашар нәтиже көрсеткен мұғалім­дерге шара көруді, оқушылардан сынама тест алуды төменгі сыныптардан бастауды тапсырды. Осы мәжілісте айтылған кем­шіліктердің жойы­лып, тапсырмалардың орындалуы келер жылғы білім сапасын көтеруге негіз қалайтынын баса айтты.


КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ 12.06.2013
Сыбайлас жемқорлық –өте қауіпті, жағымсыз әлеуметтік көріністердің бірі. Ол– ел экономикасының көтерілуіне үлкен кедергі келтіретін, халықтың мемлекеттік билікке деген сенімін азайтатын қатерлі қоғамдық дерт. Сондықтан оның алдын алу, жолын кесу бүгінгі күннің міндеті болып отыр. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысында бірқатар мемлекеттік органдарда қоғамның жегі құрты болып отырған құбылыспен күрес жүргізу жағдайы талқыланды. Онда сыбайластықтың, жемқорлықтың туындауына қолайлы жағдай туғызатын мәселелер кеңінен сөз болды. Аймақ басшысы комиссия отырысына қатысушылар алдында күн тәрбіндегі мәселе бойынша келелі пікірлерін ортаға салды.

Облыс әкімі атап өткеніндей, аймақ экономикасын дамыту, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту жөнінде ауқымды жұ­мыстар атқарылып жатқан уа­қыт­та коррупциялық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың өсу деңгейі өте қатты алаң­дау­шылық туғызады. Өйткені, ол көптеген жақсы істерді жоққа шығарып, қоғамның тұрақты­лығына қауіп төндіреді. Бүгінгі күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жауапты барлық органдар жұмыстарына қара­мастан, оң көрсеткіштерге қол жеткізе алмай келеміз.

Статистика мәліметтері үсті­міздегі жылы сыбайлас жем­қорлық бағытындағы тәртіптік құқықбұзушылық көрсеткіштері – 40, жемқорлық қылмыстар 36,5 пайызға өскенін көрсетіп отыр. Өкінішке орай, алдын алуға болатын қателіктер мен заң бұзушылықтар сол күйінде жыл сайын қайталана түсуде. Кейбір мемлекеттік органдар бас­шы­ларының принципті көзқарасы жоқтығынан оларға тоқтам болмай келеді.

Соған байланысты облыстық әкімдік аппаратының мемле­кеттік құқық бөліміне жарты- жылдық қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардағы сы­байлас жемқорлық бағытындағы құқықбұзушылықтарға терең және жан-жақты сараптау жүр­гізу, олардың іске асуына жағдай туғызатын нақты себептер және қай лауазым иесінің кінәсінен олардың жолы кесілмегенін анықтау тапсырылды. Мұндай жағдайға тіпті төзуге болмайды.

Ең маңыздысы мемлекеттік қызметкердің адалдығы ғана емес, сонымен бірге оның болайын деп жатқан құқықбұзушылықтың жолын кесуі. Әрбір ұжымда парақорларға, бас пайдасын ойлаушыларға, біреудің мүддесі үшін жұмыс істейтіндерге, ар-ұяты жоқ, адалдықтан ада жандарға төзбеушілік атмосферасын қа­лыптастырудың жолдары жетіп артылады. Осыған орай, барлық әкімдер мен басқарма бас­шыларына өздерінің қарамағында істейтін қызметкерлерде сыбай­ластыққа қарсы стандарттардың қалыптасуына жеке жауапкер­шілік жүктеліп отыр. Сыбайлас жемқорлықтың көптеген оқи­ғалары кейбір шенеуніктердің «құқықтық нигилизммен» ауы­ратыны салдарынан пайда бо­лады. Олар заңның кез келген лауазым иесіне берілген өкілеттік пен әкімшілік ресурстардан жо­ғары тұратынын ұмытып кетеді. Қателіктерді қайталамас үшін не керек? Әрине, тек қана мүлтіксіз орындау тәртібі мен қатаң жауап­кершілік қажет. Ал егер бір қызметкер сыбайластық құқық­бұзушылық жөнінен жүйелі түрде жазаланып келсе, мейлі ол ескерту не сөгіс болсын, неліктен мұндай адам мемлекеттік қыз­метте қала бер­мек? Бұл жағдайда оның басты­ғының жауапкершілігі жайлы мәселе көтерген дұрыс.

Жыл сайын мектеп дирек­торлары, мектепке дейінгі меке­мелер басшылары, есепшілері қаржы тәртібін бұзып келеді, лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалана отырып, сол бір заң бұзушылықтарды қайталай түсу­де. Құқық қорғау органдары кіріспегенше кінәлілерді сылап-сипап жазалайды, бірақ ол ешкімге сабақ болмауда.

Оған мысалдар жетіп арты­лады. Шиелі ауданында бюджет қаржысын заңсыз жұмсағаны үшін оқушылар үйінің дирек­торы Г.Әбжәмиева сотты болды, ал аудандық оқу бөлімінің бас­шысы Э.Тәкенге үш мектеп дирек­торын конкурссыз қызметке та­ғайындағаны үшін атқарып отыр­ған қызметіне толық сәйкес емес­тігі айтылды. Жаңақорған ауда­нында кешкі мектеп дирек­торы Е.Кемелбеков мек­тепке келмеген адамдарға аттес­таттар сатқаны үшін сотталды. Ал 2012 жылдың басынан бүгінге дейін білім меке­мелерінің 12 басшысы мен есеп­шісі сотталса, тағы 24-не қатысты қылмыстық іс қозғалған. Мүмкін, бұл ретте білім басқармасында ашық қылмыс­тық процесс өткіз­ген дұрыс болар, сонда ғана барлығы әрбір басшыға қандай жауапкершілік жүкте­летінін және заң бұзған жағдайда оны не күтіп тұрғанын түсінетін болар. Басқа-басқа емес, бала­ларға тәрбие беретін жерде сыбай­ластық құқық бұзушылықтың көп орын алуы ойлан­дыруы тиіс. Мектеп директорлары тарапынан корруп­циялық құ­қық­бұзушылық орын алған аудандардың әкімдеріне оқу бөлімдерінің жауапкершілігін қарау тапсырылып отыр.

Неліктен бұлай болуда? Оның бірнеше себебі болуы мүмкін, бірақ соның бірі бақылаудың және жауапкершілік деңгейінің жеткіліксіздігі. Егер де әрбір мұғалім бес жыл сайын кәсіптік аттестациядан өтіп тұрса, мектеп директорларына қатысты мұндай тәртіп қаралмаған. Білім және ғылым министрлігі Қызылорда облысы бастамасын қолдап, бү­гінгі күні мектеп дирек­торларын әрбір үш жылда аттестациядан өткізіп тұру туралы қаулы дайын­дады. Мұнан бөлек, 1-қыр­күйек­тен бастап білім мекемелерінің орталықтандырылған бух­гал­териясы жұмыс істей бастауы керек. Ол жұмыста тиімді ұйымдастыруды және жұмсалған бюджет қаржысына бақылау жасауды қамтамасыз етеді.



Сыбайлас жемқорлықтың ең бір көп көрініс тапқан ортасы мемлекеттік сатып алу болып отыр. Бас прокуратура тарапынан болған тексерулер мемлекеттік сатып алулар бойынша 2008-2012 жылдар аралығында құрылыс басқармасында, жолаушылар көлігі және автомобильдер жол­дары басқармасында, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында, Қызылорда қаласы әкімдігінің кейбір бөлімдерінде елеулі заң бұ­зу­шылықтар орын алғанын көр­сетті. Оларға кейбір заңды тұл­ғалардың мүддесі үшін жұмыс істеу, орындалмаған жұмыстарға бюджет қаржысын босату, жұмыс сапасына бақылаудың жоқтығы, орындалмаған жұмыстарды қа­был­дап алу секілді басқа да заң бұзу­шылықтар жатады. Және бұл жағдайда мемлекеттің қаржысы ары таза емес мердігерлердің қал­тасына кетіп жатқаны белгілі бол­ды. Мысалы, жолдарға күрделі жөн­деу жүргізуде соңғы бес жыл­да бюджеттен 4,5 млрд. теңге алған «Қыран» ЖШС-нің мүддесі қор­ғалып келген. Оның басшысының жеке есебіне осы қаржыдан айлық жалақысы ре­тінде 667 млн. теңге аударылыпты. Облыс орталығын­дағы «Сырдария» мөлтек ауда­нында құны 1,6 млрд. теңгелік мектеп құрылысын жүргізіп жатқан «Асар Холдинг» ЖШС 263,5 млн. теңгені қолма-қол ақшаға аударып алған және 263,5 млн. теңгені қаржылай көмекті қай­тарған ретінде құрыл­тай­шы­сы мен оның бала­сы­ның есе­біне ауда­рады. Бү­гінде аталған фак­тілер бойынша құқық қорғау ор­ган­дары жұ­мыс істеп жатқаны белгілі.

Сыбайлас жем­қорлық іскер­лік ор­таны бүлдіріп, пара беруге, төлем жа­сау­ға, өзіне артық­шы­лықтар жасау үшін саудаласуға мәж­бүр­леп қана қой­майды. Сонымен бірге, ол адамдардың билікке деген сені­міне селкеу түсіреді. Шенеунік билікті майлы жі­лік­ке қол жеткізудің шек­сіз мүм­кіндіктері ретінде емес, кері­сінше асқан жауапкершілік ретінде қабылдауға міндетті.

Өкінішке орай, өз міндетін теріс түсініп жүргендер аз емес. Қорғаныс істері департаментінің қызметкері Н.Құдайбергенов әскери билет сатса, ОІІД қаржы бөлімінің бастығы У.Абжалов бюджет қаржысын үнемдеудің орнына талан-таражға түсіреді, Қызылжарма ауылдық округінің әкімі жер учаскесін бөлгені үшін ірі көлемде ақша талап етеді. Бірақ ол оны пайдаланып үлгермеді, ақшаны алу барысында қолға түсті. Жаңа­қорған ауданы Бесарық ауы­лының әкімі Ж.Кәрібаев жер учаскесін алып берем деген кәсіп­кермен кездесуінде еш қысыл­мастан 100 мың теңге сұрауын Наурыз мерекесінде қонақ күтуге қажет деген өтініш ретінде түсіндіреді. Арал ауданының Атанши ауыл­дық округінің әкімі Н.Минажов өз ақшасын бюджет қаржысын жұмсағандай етіп жұмсай коймас, сірә. Нақты бағасы 3,6 млн. теңгелік толық салынып бітпеген ғимаратты клубқа айналдыру үшін жалған құжаттармен 6 млн. теңге қаржы жұмсайды. Ол онымен қоймай, өзінің қылмыстық ісіне жеке кәсіпкер ретінде тіркеген жүргізушісін де тартады.

Коррупцияның қаупі артып отырған саланың бірі салық салу жүйесі. Экономикалық құқық­бұзушылықтар бірінші кезекте бюджетке тікелей зиян кел­тіруі­мен ерекшеленеді. Ал бюджетке халықтың әлеуметтік жағдайы тәуелді екені түсінікті. Өкінішке орай, салық органдарындағы кемшіліктердің залалы көп болып жатады.

Мәселен, отбасында аз ғана салық төлемдерін жасайтын шағын дүкені бар. Алайда, отбасы мүшелері үш джип мініп жүреді. Демек, табысты жасыру тәсілдері бар. Сонда салықтық бақылау мен салық инспекторы қайда қарап жүр деген заңды сұрақ туын­дайды. Шамасы, мұндай жағ­дайға салықшылардың келісімі­мен жол берілетін шығар? Салық орган­дары қызметкерлерінің арасында сыбайластық құқық­бұзушы­лықтың артып отырғанын назарға алсақ, оған күмән­данудың да қажеті жоқ. 2011 жылы ондай оқиғалар орын алмаған екен. Ал 2012 жылы бір қыл­мыстық іс қозғалса, ағымдағы жылдың бес айында олардың саны сегізге жеткен. Олардың арасында алаяқ­тық, пара алу және қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану бар.

Президент пен Үкіметтің тапсырмасы бойынша бизнес саласын бақылаушы органдар тарапынан болатын заңсыз әрекеттерден қорғау, рұқсат беру қағаздарын және негізсіз тексеруді азайту жөнінде жүйелі шаралар қабылдануда. Әйтсе де, кейбір мемлекеттік бақылаушы органдар мұны басқаша түсініп, есесін алып қалуға тырысады. 2011 жылдың басынан бастап сани­тарлық-эпидемиологиялық қыз­метте жұмыс атқаратындардың еншісіне 35 сыбайлас жемқорлық қылмыс жазылыпты, оның ішінде тоғыз қызметкер сотталған. Тек Қызылорда қаласының сани­тарлық-эпидемиологиялық бақы­лау басқармасының басшысы А.Бисембаевқа ғана қатысты 19 қылмыстық іс қозғалған. Кәсіп­керлерден жүйелі түрде пара алып отырған ол сот үкімімен 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Үстіміздегі жылдың өзінде қоз­ғалған 71 қылмыстық істің 12-сі немесе 17 пайызы санэпид­қада­ғалау қызметкерлерінің үлесінде. Оның ішінде Жаңақорған және Шиелі аудандық бөлімдерінің басшылары бар. Ал Сырдария ауданында 3 қызметкер сыбай­ластық құқықбұзушылық үшін тәртіптік жазаға тартылды. Заң бұзушылықтардың жолын кесіп, адамдардың мүддесі мен ден­саулығын қорғауға тұрған қыз­меткерлеріміздің істеп отырғаны осы.



Иә, кәсіпкерлерді жұмысына кедергі келмесін деп және өздеріне «қамқоршыны» табу үшін төлем жасап тұруға мәжбүрлейтіндер қандай құйтырқылықтарға барады десеңізші. «Бармақ басты, көз қысты жасау» кейбір адамдар санасына дерт болып жабысуда. Ал енді бір азаматтарда заңмен «келісуге болады, кез келген мәселені белгілі бір көлемдегі ақшамен шешуге болады» деген ұғым пайда болған.

Біз нарықтық кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Өзінді қам­тамасыз ету қалыпты құбылыс және адал еңбекпен тапқан байлығың үшін ұялудың қажеті жоқ. Бірақ, шенеунік мемлекетке берілген адал адам болуы тиіс және «Немен өмір сүріп жатыр­сың?» деген сұрақтан қорық­пайтын болуы қажет. Сыбай­ластық болған жерде адамдардың құқығы бұзылады. Осы тұрғыдан алғанда жемқорлықпен күрес ол бірінші кезекте азаматтық бақылау екенін жете түсінуіміз керек, өкінішке орай осы қасиеттер жетіспей жатады.

Неліктен жыл сайын белгілі бір мекемелерде заң бұзушылықтар қайталанады да тұрады? Комис­сия отырысында бұл турасында келесі ойлар айтылды. Оған себеп, сыбайлас жемқорлықпен күрес жоспарларына жалпылама си­патқа ие бір тектес шаралар кір­гізіледі, олар ұжым жұмысының нақты бағытын ескере бермейді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әре­кеттердің негізін жазалау тә­жіри­бесі ғана құрамау керек, кор­руп­циялық фактілердің алдын алу, жолын кесіп, болдыртпау аса маңызды. Жемқорды ұстап алып, жазалау оңай. Бірақ мұнымен қоғамдық дерттің тамырына балта шаба алмайсың. Адамдарды қан­дай да бір заң бұзушылықтарға, мейлі ол тіпті елеусіз болса да нем­құрайлы қарамауға үйрету керек. Кез келген ұжымда заңға сәйкес жұмыс істеу қалыпты түсінікке айналуы тиіс, одан аттап өту өте қауіпті екенін сезіне білгені абзал. Әрбір мемлекеттік қызметкер барлық уақытта мы­наны жадын­да ұстағаны дұрыс – мейлі қандай да бір қателесу үшін жұмыстан шығармауы мүмкін, бірақ қызмет баспалдақтарымен жоғары­лаудың жолын кесетіні анық.

Облыс басшысы коррупция­ның табысты әділ бөлмейтінін, іскер ортаны бұзып, пара беру, ақшамен сатып алу, саудаласу секілді жағымсыз әрекеттерімен ғана ерекшеленбейтінін, сонымен бірге қоғамның бөлінуіне әкеп соғатын қауіпті құбылыс екенін жеткізді. Бүгінгі таңда қоғамдағы көптеген жағымсыз жағдай­лардың орын алуына адамдардың патриоттық сезімін жоғалтып алуы себеп болуда. Ал мемлекеттік қызметкер, ол қандай лауазым иесі болмасын, біздің ертеңгі күні қандай болатынымыз – табысты, жауапкершіл, өз бетінше шешім қабылдай алатын адам болу не­месе жеке басын күйттеген эгоист бола ма соларға байланысты. ХХ ғасыр басында Поль­шаның ұлы патриоты Юзеф Пилсудский «Мемлекетті ұлт құрмайды, кері­сінше мемлекет ұлтты құрайды» деп тегіннен-тегін айтпаған.

Аймақ басшысы басшы адам­дар есіне сақтап жүрер мәселеге назар аударды. Егер ұжымда қызметкердің жағымсыз әрекет­теріне деген төзбеушілік жағдай қалыптасса, онда қарамағын­дағылардың әрекеттері үшін бас­шы­ларының жауап беруіне тура келеді. Бұл тұрғыда біздің зама­нымызға дейінгі 4 ғасырда Рим философы Сене­каның «Кімде-кім қылмыстың алдын алу мүмкін­дігіне ие бола тұрып, оның жолын кеспесе, демек, оған мүдделі болғаны» сөзін келтіріп өткен артық болмас.



Алдағы кезеңде ауылдық округ­тер әкімдерінің өкілеттілігі кеңейіп, қарамағындағы қызмет­керлер саны артады. Облыс әкімі осы ретте сауатты, жан-жақты дайындалған кадрларды таңдау қажеттігін айтып, жеке басына ұнаған немесе туыс адамдарды қабылдаудан аулақ болуды ес­кертті. Барлық ауылдық округтер әкімдіктерде басшысын қателік­тер мен заң бұзу­шы­лық­тарға жібермейтін тәжірибелі есеп­шілер мен заңгерлер болуы қажет. Ауылдық округтер әкімдіктерге берілетін он бес бюджеттік бағ­дар­ламалар білікті мамандардардың болуын қажет етеді.

Комиссия отырысында сы­бай­лас жемқорлыққа күрес мәсе­лелерінің БАҚ-та берілуі қана­ғаттанарлықсыз жағдайда екені атап өтілді. Тек қана анықталған құқық бұзушылық пен өткізілген шаралар туралы ақпараттардың берілуі жеткіліксіз және олардың әсері де жоқ. Жаппай ақпараттық шабуыл жасау қажет. Күн сайын адамдарды пара беру мен алудың, ар-ұятты ұмытудың, заң бұзушылықтың қауіпті екенін ескертіп отырған жөн. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы насихаттық ақпараттар толығымен жоқ деуге болады. Ең болмаса, көзге ұрып тұратын: «Пара алсаң да, пара берсең де, барар жерің – түрме!» деген сөз жазылған баннер ілініп тұрар болса, соның өзі бірер адамды осы жолға барудан бас тартқызар еді.

Комиссияда әрбір ұжымда сыбайлас жемқорлық құ­қықбұзу­шылықтардың алдын алу, жас мамандармен жұмыс жүргізетін мамандар мен басшылардың жеке жауап­кершілігін арттыру бағы­тындағы жұмыстарды жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар жүк­телді. Комиссия отырысында болып өткен талқылаулар мемлекеттік биліктің беделіне тікелей әсер ететін қоғамдық қарым-қатынастарға жаңа серпін қосады деген сенім ұялатты.



Балық консорциумының байыпты қадамдары 01.06.2013
Тұрғын үй құрылысы
По остальным пунктам
Ответственные исполнители по показателям рейтинга кызылординской области по динамике социально-экономического развития

Каталог: sites -> default -> files -> documents -> akimat -> Zharshi
documents -> Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын орындау бағытында 2012 жылы атқарылған жұмыстар
documents -> Қызылорда облысы көлемінде жұмыс жасайтын бұқаралық ақпарат құралдары
akimat -> Қазақстан республикасының президенті н.Ә. Назарбаевтың
documents -> БАҚ Атауы Меншік иесі
documents -> «Қызылорда облысы әкімдігінің 2012 жылғы «28» желтоқсандағы №722
Zharshi -> Мазмұны беттер І. Жаңалықтар хроникасы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12


©www.engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет