Меңдігүл Бұрханқызы Шындалиева



Дата02.07.2018
өлшемі47 Kb.
#45729
Меңдігүл Бұрханқызы Шындалиева
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

баспасөз және баспа ісі кафедрасының профессоры,

филология ғылымдарының докторы

Астана
«Елтұтқа» кітабының ғылыми-әдіснамалық ерекшелігі

1999-2000 жылдары Астана қаласында жаңадан бой көтерген Қазақстан Президенттiк Мәдени орталығы директорының ғылым жөнiндегi орынбасары болады. Ақселеу Сейдiмбек 2000 жылдың шiлде айында Л.Н.Гумелев атындағы Еуразия ұлтттық университетi журналистика кафедрасының меңгерушiлiгiне және осы университеттiң профессорлығына қызметке шақырылған еді. Ол бірнеше жыл өз бойындағы мол бiлiмi мен тәжiрибесiн болашақ журналист-қаламгерлердiң шыңдалып шығуына жұмсап, “Журналистика және публицистика жанрлары”, “Журналистiк шығарма-шылық психологиясы”, “Журналистiк шеберлiк” жалпы курстары бойынша, сондай-ақ өзi негiздеп, оқу жоспарына енгiзген “Журналистика және ұлттық дiл: теория мен практика” арнаулы курсынан дәрiс оқыды.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiнiң ғалымдары Мырзатай Жолдасбеков, Қойшығара Салғарин және Ақселеу Сейдiмбек үшеуi бiрлесе отырып жазған “Елтұтқа” [1] атты толымды еңбек Қазақстан Республикасы тәуелсiздiгiнiң 10 жылдығына орай, 2001 жылы “Күлтегiн” баспасынан жарық көрдi. “Елтұтқа” кiтабында соңғы екi жарым мың жыл аясында Қазақстан топырағында ғұмыр кешкен 120-ға тарта тарихи тұлға туралы ғылыми очерктер берiлген. Сөйтiп, алғаш рет Қазақстан тарихын, адамзат тарихының құрамдас бөлiгi ретiнде, жеке тұлғалар арқылы зерделеуге талпыныс жасалған еді. Бұл кiтап айғақ-дерегiнiң молдығымен, тарихи тұлғаларға берiлген бағасының және ғылыми ой-тұжырымдарының сонылығымен назар аудартады.

«Елтұтқа» кітабы мынадай ғылыми-әдіснамалық ерекшеліктерді ескерген. Біріншіден, қазақ даласындағы соңғы екі-үш мың жыл аясында өткен шежірелі тарихты алдыңызға жайып салады. Әйгілі тұлғалар әр ғасырда, әр заманда өмір сүрсе де ел мен жер көсегесінің көгеруін аңсап өткендігін, рух тұтастығын көксегендігіне жүздеген айғақты көлденең тартады. Екіншіден, тарих ғылымында жаңа мойындала бастаған «жаңаша әлеуметтік тарих», «тарихи анропология» деп аталатын соны ізденістер негізінде жеке тұлғалар арқылы тарихты зерделеуді басшылыққа алған. Яғни, адам тарихтың негізгі тұлғасы, адамның сапасы тарихтың қозғаушы күші деген әдіснамалық ұстаным бұл кітаптың өзекті арқауы деуге болады.

Авторлар «Тарих және тұлға» атты кіріспе бөлімінде: ел тарихын әйгілі тұлғалар арқылы зерделеу - қазақтың дәстүрлі таным-түсінігінде ертеден қалыптасқан үрдіс деп пайымдайды. Бұл туралы публицист Ж.Әбдіхалық былай ой өрбітеді: «Қазақтың қария сөздерінде, яғни шежірелік зердесінде тарих ұдайы жеке тұлғалар болмысы арқылы танылып отырады. Қоғамның саяси-әлеуметтік, мәдени, рухани ахуалы ұдайы жеке тұлғалар болмысы арқылы көрініс табады. Содан болу керек, қазақтың дәстүрлі философиялық пайымдауында өмірді өзгертуден бұрын, алдымен адам санасын шыңдауға көбірек мән беріледі. Дәл сол сияқты шежірелік дәстүрде де қоғам дамуының жалпы ахуалынан бұрын алдымен адам туралы мағлұмат беру – басты нысана» [2,5-б]. Расында да дала төсіндегі тарихи еңбектердің барлығы дерлік жеке тұлғалардың өмір дерегін негізге алу арқылы жазылған.

Бұл кітап арқылы ғұмыр деректері баяндалатын тарихи тұлғаларды көз алдыңа елестете отырып, бүкіл Еуразия алабында өмір сүрген түркі тектес қазақ этносының, ұлтының қандай қиын-қыстау өмірді басынан кешкенін, әр тұлғаға арналған деректемелер мен шежіре баяндаулардан сезіп отырасың. Қазақ этносы мен ұлтының тарихи тұрағы, болмысы, әлеуметтік жағдайы, енді ғана жүйеленіп келеді. Басы сонау байырғы заман тұлғаларынан бастап, ғұн, түркі, Алтын Орда, қазақ хандығы, жаңа заман тұлғаларын шежірелеп, саралайды. Кейбір тұлғалар туралы кейінгі кезде күмәнді бағалар етек алып, олардың тарихи орнын айқындауға келгенде әртүрлі пікірлер туындап ғалымдарымыз ымыраға келе алмай жатқан жақтары да бар. Мысалы, Сәкен Сейфуллин туралы пікірлер әралуан. Оны авторлар қазақ ұлтының перзенті ретінде сіңірген еңбегін оң бағалап, тияқнақты байыптаған деуге толық негіз бар.

«Сәкен қазақ маңдайына біткен біртуар дара тұлғалардың бірі. Ол өз ұлтын қалтқысыз сүйіп, халқына жойдасыз еңбек сіңірді. Бұл жолда Сәкен социалистік жүйені, оның идеялық дем берушісі коммунистік партияны халықтарға бақыт пен бостандық әкелуші деп санады. Тіпті, сенбеген күнде, сөз жүзінде мейлінше тартымды коммунистік партияның саяси платформа-сын ұлттың көгеріп-көктеуіне пайдаланбақшы болып жан-тәнімен қимылдады. Алайда мемлекеттік төңкерістер мен идеологиялық өзгерістерге қарамастан Ресейде өзгеріссіз қалған империялық озбырлық Сәкеннің де Сәкен сияқты жүздеген, мыңдаған боздақтардың да, керек десеңіз, мүлде басқа жолдарды таңдаған ұлтжандылардың да армандарын қиялға айналдырып, өмірлерін қасіретке тап қылды»[1, 292-б],-дей келе, тарихи тұлғалардың тағдырын оларды таңдаған жол бойынша бағаламай, қаншалықты еңбек сіңіргендігіне қарап бғалау керек екенін ескерткен авторлар: «Тарихи әділдіктің де, ғылыми-әдіснамалық обьективті ұстанымның да қисыны осы»- дей келе, «Бұл тұрғыдан келгенде Сәкен халқымен мәңгі бірге жасайтын, халқының мәңгі сый-құрметіне лайық біртуар тұлға» [1, 292-б],- деп баға береді.

Әдебиетіміз бен тарихымызда Қорқыт ата туралы пікірлердің де қайшылықты екені аян. Мұнда Қорқыт ата бейнесі Сыр бойы өлшемінен асып, Сарыарқа алабына дендеп енгенін көреміз. «Қорқыт (ҮШ-ІХ ғғ.) – оғыз-қыпшақ тайпаларының ұлы ойшылы, батагөй абызы, дәулескер күйшісі, келер күн болжайтын көріпкел данасы. Оның өмірінде болғаны Сыр бойы мен Сарыарқа алабында ғұмыр кешкені, нақтылы тарихи тұлға екені бүгінгі күнге дейін жинақталған ғылыми деректер бойынша күмән қалдырмайды. Ата жағынан Қорқыт оғыз тайпасының Қай (Қайыспас) дейтін атасынан тараса, анасы жағынан қалың қыпшақ нағашы жұрты болып келеді. Қорқыттың әкесі оғыз тайпасына белгілі Қара (Қарақожа) деген кісі болса керек» [1, 44-б]. Содан кейін барып Қорқыт ең алдымен күй атасы екені, күй шалу дәстүрін алғаш орнықтырушы, ел қамы мен халық тағдырын болжайтын көріпкел болғандығын жазады. Шын мәнінде Қорқыт туралы аңыз-әңгімелердің барлығы күймен сабақтасып, «Қорқыттың күйі», «Қорқыт сарыны», «Қорқыттың елмен қоштасуы» сияқты сарындар бүгінгі күнге жеткен. Түркі халықтарының ішінде Қорқыт күйлерін сақтап, бүгінге жеткізген халық қазақ болып отыр.

«Елтұтқа» деректілігімен құнды еңбек. Бұл сүбелі дүниеде қазақ ұлдары мен қыздарының жалаң тізбесі емес, олардың мәртебесі, ұлттық және әлемдік өркениетке әкелген жаңалығы деректік негізде баяндалған.

Ақселеу Сейдiмбек ел iшiне кең тараған “Сарыарқа”, “Дәурен-ай”, “Ақтамбердiнiң толғауы”, “Алтын асық”, “Арарай”, “Арман-ай”, “Есiңде бар ма жас күнiң”, “Гагигай” сияқты көптеген әндердiң авторы. Бұл әндер Жәнiбек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, Бекболат Тiлеуханов сияқты әншiлердiң репертуарларынан орын алған. Оның қазақ ән өнерi туралы Жәнiбек Кәрменовпен бiрлесiп жүргiзген сегiз телехабары қазақ теледидарының алтын қорына қосылған рухани қазына. Бұл хабарлар сериясында ол Жәнiбек Кәрменовке қазақтың жүзге тарта классикалық әнiн айтқызып, тарихи-эстетикалық түсiнiктер берiп отырады.

А.Сейдімбектің тарихи-танымдық, этно-мәдени мұраларынды зерттегенде түйінді мәселелерді қозғай отырып, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің мәселелерін кең ауқымда көтере отырып, қазақ елінің даму жағдайларына жаңа көзқарас орнықтыруда құнды пікірлер айта білуімен ерекшеленеді. Ол өзiнiң ғылыми-шығармашылық iзденiстерiнде ұдайы ұлттың рухани дәулетiн еселеп, бұрын iз түспеген соныға құлаш ұрып, жаңалыққа жаршы болып, әсiресе, халық мұрасының еленбей жатқан қырларын түгендеп отыруға айырықша құштар. А.Сейдімбек өзінің тарихи-танымдық шығармаларында қазақ даласындағы соңғы екі-үш мың жыл аясында өткен шежірелі тарихты сөз етеді. Әйгілі тұлғалар әр ғасырда, әр заманда өмір сүрсе де ел мен жер көсегесінің көгеруін аңсап өткендігін, рух тұтастығын көксегендігіне жүздеген айғақты көлденең тартады.

Мырзатай Жолдасбеков, Қойшығара Салғарин және Ақселеу Сейдiмбек үшеуi бiрлесе отырып жазған “Елтұтқа” атты толымды еңбегінде тарихи-танымдық шығармаларында қазақ даласындағы соңғы екі-үш мың жыл аясында өткен шежірелі тарихты сөз етеді. Әйгілі тұлғалар әр ғасырда, әр заманда өмір сүрсе де ел мен жер көсегесінің көгеруін аңсап өткендігін, рух тұтастығын көксегендігіне жүздеген айғақты көлденең тартатын құнды оқу құралы.


Пайдаданған әдебиеттер тізімі

1. Жолдасбеков М., Салғарин Қ., Сейдiмбек А. Елтұтқа. - Астана: Күлтегін. 2001.



2. Жұртбай Т. Руханият пернесі. // Столичное обозрение. 11.12.1998.
Меңдігүл Бұрханқызы Шындалиева

Филология ғылымдарының докторы, профессор

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

Баспасөз және баспа ісі кафедрасының профессоры

Астана қаласы, Қордай көшесі, №77үй, 115 пәтер.

Үй телефоны: 8-717-2-52-97-88, 8-701-552-30-13

Mendigul@list.ru

«Елтұтқа» кітабының ғылыми-әдіснамалық ерекшелігі
Каталог: bitstream -> handle -> data
data -> Шындалиева М. Б
data -> Бейсенбай Кенжебаев алаш туы астында (мақалалар мен зерттеулер)
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор
data -> Олжабай Нұралыұлының шығармашылық мұрасы хаһында
data -> Оқулық Астана, 2012 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
data -> Қазақ очеркі
data -> Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия
data -> -
data -> МЕҢдігүл шындалиева қазақ очеркінің поэтикасы (монография)
data -> МЕҢдігүл бұрханқызы шындалиева уақыт және суреткерлік шеберлік: жанрлар поэтикасы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет