МЕҢдігүл шындалиева қазақ очеркінің поэтикасы (монография)


ОЧЕРКТЕГІ ОЙДАН ШЫҒАРУ ПРОБЛЕМАСЫ



бет4/7
Дата05.11.2016
өлшемі2,16 Mb.
#398
1   2   3   4   5   6   7

1.5. ОЧЕРКТЕГІ ОЙДАН ШЫҒАРУ ПРОБЛЕМАСЫ

Очерк жанрының проблемасы туралы журналдарда алғашқы өрбіген пікірталас 1930 жылдардан басталса да, содан бері очерктегі ойдан-шығару (қиял) туралы пікірлер қайшылығы, талас-тұжырымдар толастамай келеді. Қазір ол қайшылықтар саябыр тапқан, бірақ келіспеушіліктер уақыт өткен сайын бой көрсетіп қалады. Өйткені, жалпыға ортақ, барша жұрт мойындаған тұжырым әлі де айқын емес. Қиялды қорғаушылар қиялсыз очерк жанрын елестету мүмкін емес деп өз тұжырымдарынан таймаса, ал қарсыластары очеркке ойдан шығаруды кіргізуге болмайды деп үзілді-кесілді қарсы пікір айтады. Очерктегі ойдан шығарылған оқиғаларға ең алдымен очеркшілердің өзі қарсы шығады. Мәселен, Б.Полевой өзінің журналистік тәжірибесіне сүйене отырып, “очеркке қиялды кіргізуге болмайды” [60], - дейді. Осы тәріздес тұжырымға К.Симонов [61], В.Ставский [62], Е.Кригер [66] және тағы басқалар да тоқтайды. Кейде очеркшінің өзі “бұл очеркте тек шынайы деректер жазылған”,- деп мәлімдейді. Бірақ кейбір қырағы сыншылар бұл мәлімдемеге кереғар келетін үзінділерді тауып алып та жатады.

1920 жылдары пролетарлық әдебиет деректілігінің лефовтық теориясы ойдан шығарушылық пен қиялдың (жалпы және жекелеп алғанда) очеркте болуын жоққа шығарған еді. Рапптықтар (РАПП – Российская ассоциация пролетарских писателей /1925-1932 / ) қиялды қорғаушыларды оны өздері қозғаған тақырыпты толық білмегендіктерін бүркемелейтін қару қылмақшы деп кінәлаған. Бірақ соңғылары өз позицияларын нық ұстану арқасында қазір қатарын көбейтіп отыр, қиялды қорғаушылар айғақ ретінде М.Горький пікірлерін келтіреді.

В.Максимов 1954 жылы өткен Бүкілодақтық очеркшілер кеңесіндегі есебінде М.Горькийдің очерк жанрындағы көркемдік қиял, ойдан шығару, болжам-жорамал, әсірелеу заңдылықтары жайындағы кейбір ойларын еске алған: “қиялсыз көркемдік мүмкін емес, шынайы өнер әсірелеу құқығына ие. Поэтикалық әсірелеу мен көркемдік қиял негізінен қоғам дамуы заңдылықтарын терең сезіну, білу және социалистік теорияны меңгеру жататындығын үнемі қайталап отыратын» [67], - дейді. Ойдан шығару жоқ жерде жалпы әдеби шығарма болуы мүмкін еместігі туралы Гегель былай дейді: «... суреткердің творчестволық фантазиясы – ұлы ақыл мен жүрек фантазиясы» [68,43],- дейді.

1956-1957 жылдары жарық көрген очерк жайындағы кітаптарда (“Соғыстан кейінгі кеңестік очерк” және “Очерк өнері”) В.Росляков пен Е.Журбина өз позицияларын дәлел-дерекпен бекіте отырып, очерктің қиялға деген құқығын қорғайды. Алайда, осы кітаптарға рецензия жазған В.Никонов олардың осал жерін тауып алған: “Е.Журбина очеркте “курскілік, тамбовтық” образдарды біріктірген Лесковтың “қиындылардан құрап, тігілген шындығына” жүгінеді. Бұл бағытқа қадамын, әсіресе, В.Росляков батылырақ басады...” [69],- деп жазады. Деректің нақты болмауы осалдық, бірақ бұдан роман, өлеңдер, пьесалар жойылып жатқан жоқ. В.Росляков қиялды, ойдан шығаруды дерек бұрмалануымен араластыруға болмайды деп нақтылайды. “Бастық шашын алады десең, ал оның таз екенін бүкіл зауыт білсе – бұл деректі бұрмалау, ал ол айтпаған сөзді, пікірді оның сөзіне қосып жіберу – ойдан шығарушылық”, - дейді ол. Сонда критерий қайда?” [61]. Расында да, қай жерде шығармашылық қиял өмір шындығын тереңдетіп, аша алатындығын, ол қай жерде шектен шықса, очеркші өзі де аңғармай өмір шындығын бұрмалай бастайтындығын және ол үшін біз белгілеуге тиіс критерийді қалай анықтауға болады? В.Никонов мысалға алған шебер – Б.Полевойдың очерктерінің қаhарманы. Автор оның бас киімсіз жүргенін көрмепті, сондықтан оның айна алдында шашын салалай тараған жерін кіргізеді. Ал шындығында, шебер таз болатын, ол шашын тарауы мүмкін емес. Немесе мүмкін болатын танымал басқа оқиға: бір журналист алыс ауданда өтетін мерейтой туралы алдын-ала очеркін жазып қояды. Онда ашық аспан, тамаша табиғат пен ауа-райы жайындағы дәстүрлі фразалар болған. Ал мерейтой күні телефон арқылы редакцияға мәтінді хабарлап береді. Ал бұл күні алыс ауданда тынымсыз ақ жауын жауып тұрса ше?. Кейін куәгерлер автордың табиғатқа мадағын теріске шығарып хат жазуы мүмкін ғой. В.Росляков осындай мысалдарды қиял деп есептемей, деректі бұрмалау ретінде қарастырып, назарға алмайды. Бірақ бір нәрсені ұмытуға болмайды, очеркшілер деректерді ойдан шығарғандықтан, шындықты бұрмалады десек қателескен болар едік.

Очерктегі шындық пен ойдан шығару (қиял) проблемасы басқа мәселелермен: типтеу тәсілдерімен, жанр түрлерін топтау, очерктегі автор рөлі және тағы басқалармен де тығыз байланысты. Оны жеке бөліп алып қарастыру қиын, ал барлық аспектілерін толық талдау тіптен қиын, сондықтан очерктегі қиял мәселесін қарастырғанда басқа проблемаларды тек өте қажет болған, не онсыз мүмкін болмаған жағдайда ғана қозғаған жөн. Алайда оларды атап өтуден толық құтылу мүмкін емес. Енді таласушылар пікірі белгілі, қорытынды тұжырым айтсақ, егер екі жақтың дәлелдерін дұрыстап қарасақ, онда олардың қазіргі заманғы материалдарға, не газеттегі, журналдағы алған тәжірибесіне сүйенетіндіктерін байқаймыз. Бірақ олар өздерінің қисындық қорытындысын жалпы очеркке негіздейді. Енді жанрдың даму тарихын еске түсіріп, өзімізге сауал қойсақ: бізді қызықтыратын очерктегі қиял проблемасы тұрғысынан алсақ, адрессіз және деректі очерктер арасында қандай айырмашылық бар? Суреткер қиялы тудырған кейіпкерлер немесе аты өзгертілген шынайы адамдар қатысатын “адрессіз” очерктерде әңгіме, повестегідей қиял еркіндігі бар. Автор қаhарман мінезі мен келбет-сымбатына өзіне қажетті белгілер, қасиеттер қосуға (не алып тастауға), сипаттау барысында ойдан шығарылған деректер, не детальдар кіргізуге ерікті. Егер Б.Полевой “Динамо зауытының шебері” (қожайыны) жайындағы очеркті “адрессіз” түрде жазғанда, ол өз қаhарманын таз, қасқабас, не бұйрашаш түрінде суреттесе де, оны ешкім адам бейнесін бұрмалады деп кінәламаған болар еді.

“Адрессіз очерктердің басқа көркем жанрларға, әсіресе, әңгімеге жақындығына байланысты оларды осы категория санатына қосып жүр. ХХ ғасырдың екінші жартысындағы жазушылар тәжірибесінде журналистің алғаш өз очерктерін газет, не журналда жариялап, кейін кейіпкерлер аттарын өзгертіп, кейбір деректер қосып, не керісінше, алып тастап, “әңгіме” деген айдармен жинақ етіп шығаруын көп кездестіруге болады. Әрине бұл тек “адрессіз” очерк пен әңгіменің ұқсас белгілері көп болып келген жағдайда ғана мүмкін. Очерктегі қиялды қорғаушылар оның қажеттігін айтқанда, ең алдымен “адрессіз” очеркке арқа сүйейді. Очерктің дәл осы түрінде жоғарыда Е.Журбина еске алған Лесковтың “Курск және Тамбовтық образдар” жайындағы “қиындылардан құрастырған шындығын” туғызды. Очерктегі қиялдың болуын қолдаушылар: очерк-үлкен әдебиет, көркем-публицистикалық жанр, оған көркем шығарманы жазуға қажетті барлық элементтер тән, әрине, ол элементтер ішінде қиял, ойдан шығару да кездеседі. Ал очерктегі қиялға қарсылар, “нақты адреске бағытталған” очеркке арқа сүйейді.

Сонымен мәселенің шешім таппай шиеленесу себебі, көбінесе пікірталасушылар очерктің көптүрлілігін ескермей, оны біртұтас алып қарастыруында болса керек. Өкінішке орай, тек кейбіреулер ғана оның мүмкін, не мүмкін еместігіне жауап берумен шектеле отырып, очерктегі қиялдың характерін көрсете алған, ал осыны очерк түрлерін ажырата отырып жүзеге асыруға тырысқандар тіпті бірен-саран ғана. Мәселен, В.Росляков өз көзқарасын былай көрсетеді: “Мен очеркшіге шынайы өмір дерегіне терең бойлауға, деректі бұрмалауға жол бергізбейтін, оның мәнін шығармашылықпен ашып көрсетуге көмектесетін қиялдың болуын қуаттаймын” [69,260]. Зерттеушінің айтуынша бұл “анықтама” – “негізгі принцип” болып табылады, одан әрі бару, яғни, одан әрі қиял характерін анықтау мүмкін емес. Бірақ принципке берілген тұжырым мағынасы дұрыс болса да, әртүрлі түсіндірулерге жол ашады. М.Шошин очерктің екі түрін шектей отырып, қиял характері жайында өз көзқарасын білдіреді. Рас, оның пікірі “адрессіз” очерк тұрғысынан қарастырсақ дәлелді де, нақты “адресті” очерк тұрғысынан дәл емес, “нақты адресті” очеркте қанша, қалай ойлауға болады?,- деп жиі сұрайды. Бұл көргенділіктің, әдептіліктің, талғамның және автордың өзінің жеке ісі, мәселесі” [70,319],- деп түйіндейді.

Бұл анықтама тым түсініксіз, өйткені, әр адамның өзіндік әдебі мен талғамы бар. Сондықтан негізгі принципті нақтылау керек. Қателеспеу, үстірт қорытынды шығармау үшін тәжірибеге арқа сүйеу қажет, яғни, баспасөз, кітап беттерінде жарық көрген нақты адресті очерктерге жүгіну арқылы олардың көбінде кейде қаз-қалпында, ал кейде нақты көркем детальдарымен қаhарманның өткен өмірі суреттеледі. Толығымен өткенді суреттеуге арналған очерктер де кездеседі. Мысалы, Оралхан Бөкейдің Шара Жиенқұлова туралы көркем очеркінде бишінің сұрапыл соғыс жылдарында жауып тұрған оқтың астында өнер көрсеткен батылдығын, дүниенің төрт бұрышын аралағанын қаһарман сөзімен былай суреттейді:

“ – Мен мінбеген көлік бар ма, тәйірі,- дер еді,- түйе, өгіз арба, отарба, самолет, тіпті жаяу-жалпылап барып концерт қойған кезіміз болды. Сонда ауыл адамдары қайта тұрғандай бір жасарып қалушы еді. Адамдарды қуантудың өзі бір бақыт” [71,227]. О.Бөкей бұл очеркте өткенді суреттейді, алайда өз көзімен көрмесе де, куәгер естеліктеріне сүйеніп, өмір шындығын әдемі әдіптеген.

F.Мүсіреповтің Амангелді туралы көркем очеркінде мынадай үзінді бар:

“Себелеге дейін Амангелді Ғазизовпен жақындасып алды. Тапсырған жұмысты бұлжытпай тындырды. Түнде малға тиген ұрыларға мал бермейді. Екі ұрыны ұрып жығып, ұстап та берді. Өзі әнші, өлең айтады. Өзінің өмірін сөйлеп кетсе – ертегідей қызық” [58,439]. Мұнда да Ғ.Мүсірепов өзі көрмеген оқиғасын бейнелей отырып, кейде қажет емес нақтылықтарды алып тастап, ал кей жағдайда, керісінше, әңгімеші ауызға алмаған детальдарды қосып отырған да болуы мүмкін. Бұл ойдан шығарушылық па? Шынында, очерк қисыншылары қиял, ойдан шығарушылық осы өткенді дәл суреттеу мүмкін дегенді айтады. Алайда, бір қиял мен екінші қиял арасы жер мен көктей. Дерек, оқиғаны ойдан шығару, басқа да куәгер әңгімесін өз сөзімен дәл суреттеумен де жетуі мүмкін.

Адам ойларын берудегі қиял мүмкіндігін қандай? Ой-құжат емес, адам ол тұста олай ойламаған деп дәлелдеп көрші. Егер дәл солай ойламаса, соған жақын, не дәл сондай мазмұнда ойлауы мүмкін екені тағы бар. Адам ойын сипаттау көп очеркте кездеседі. Бірақ бәрін автор қиялы деуге болмайды. Қаhарман ойын очеркшіге айтуы да әбден мүмкін. Ойдан құрастырушылықты қаhармандар тым көп “ойға беріле берген” жағдайда ғана оңай табуға болады. Кейде қаhарман қысқа уақытта және тым қолайсыз жағдайда өте қажетті (әрине авторға) мәселелер жайында ойға батуы да мүмкін ғой.

Ә. Нұршайықовтың мына бір очеркіндегі басты кейіпкердің ойлауы былай берілген: “Дегенмен менің баяндамам жаман болған жоқ, - деп ойлады бөлмеде жалғыз қалған Әбілқасымов. Бұл арада ол өз-өзінен сәл жымиып та алды. Егер баяндама нашар болса, сын мұндай өрістемес еді ғой. Демек, мен олардың жанды жеріне дәл тидім...

Бар абырой болғаны маған бір де дауыс қарсы болған жоқ әйтеуір деді” [72,124]. Шынында бұлардың бәрі қаhарманның емес, автордың ойы болса керек. Мүмкін Әбілқасымов бұл ойларды ойлаған болар, бірақ басқа уақытта болған және жоғарыдағыдай канцелярлық сөздерімен емес. Көркем очерктегі қаhарман ойын берген тұсын, ойдан шығаруды анықтау қиын. Сондықтан очеркшілер осыған жиі жүгінеді. Кейде адам сол кездері не туралы ойлағанын есте сақтамайды да, автор қаhарманның не туралы ойлауы мүмкіндігін өзі ойлап табады. Бірақ осы “мүмкіндік” адастырмауы керек.

Егер очерк қаhармандары сөздеріне жүгінсек, кейбір жағдайда одан ойдан шығарушылық пен қиялды байқаймыз. В.Росляков адам сөзін стенографиялық түрде беру мүмкін еместігін айтып, мұндай тәжірибені құптамайды. Бірақ бұл ойдан құрастыруға, тұтас бір диалогты ойдан шығаруға құқық бере ме?. Біздің очерктеріміздің қаhармандары, яғни, біздің заманымыздың шынайы кейіпкерлері әрқашан өздері айтқандарын айта бермейді, керек жерінде айтып, тіпті автор ойластырған ойларды айтады. Бұл түсінікті нәрсе, алайда очеркші үшін қосымша қиындықтар да осында жатыр. Очеркшілер өз кейіпкерлерін романдағы кейіпкерлерден кем шықпауын қадағалау керек сияқты.

Ойдан шығарушылыққа, деректі ойдан құрастырушылыққа қарсы шығатындар қатары қалың. Бұл баспасөздің шынайылық, нақтылық туралы ұстанымына қарама-қайшы. Жанр табиғаты очерк авторларынан үнемі ақпараттың нақты, ондағы деректің тексерілген болуын талап етеді. Неге шынайы адам аттары келтірілетін очерктің осы ұстанымдардан таймауын талап етпеске? Очерк жай ғана публицистикалық жанр деген түсінік оны дерек берудегі нақтылық сақтау жауапкершілігінен босатпайды. Сонымен “нақты адресті” очеркте ойдан шығарушылық кездеседі. Очеркшілер қаhармандардың ойларын, әңгімелесулерін, кейбір деректерді ойдан шығарады. Бұл қиялдың орын алған тұрақты орны емес, бірақ ол дәл осы жерлерде айқын көрініс береді. В.Росляков, Е.Журбина, В.Солоухин секілді орыстың әдебиет сыншылары очерктегі ішінара ойдан шығарушылықты қолдайды. Бірақ “нақты адресті” очерктегі ойдан шығарушылықты қиялдан ажырата отырып, оқырман деректерді тексеруге, қаhармандар мен куәгерлер сөзіне жүгінбей-ақ, оқу үстінде бірден аңғаруға болатын сияқты.

Егер очерктің ірі шеберлері – М.Әуезов, С.Мұқанов, F.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин т.б. шығармашылығына жүгінсек, онда шынайы адамдар жайын да “ол ойлады” формуласы болмағанын көреміз. Шеберлер қаhарман ойы жайында болжам жасамайды, жазушылар адамдардың ішкі әлемін, мінез-құлқын, оның сыртқы кейпі, түрі, сөзі, қол қимылы, әсіресе іс-әрекеті арқылы ашады. Олардың адам ойы жайында жасаған болжамы осындай.

Ойдан шығарушылықтың түбі неге соғарын С.Залыгин дұрыс бағалаған: “Кей очерктерде көбінесе автор емес, сонда суреттелген қаhарманды кінәлап жатады. Автор дәріптеймін деп кейіпкерін мақтаншақ, мадақшыл етіп көрсетеді. Қаhарман кейін өзін достары алдында да, жұмыстас қызметкерлері арасында да ыңғайсыз сезінеді” [73,384]. Қаhарманның ыңғайсыз жағдайда қалғаны аз болғандай, жапсырылған ойлар мен сөздер оның образын, мінезін бұрмаламайды, өйткені ол сол адамның аузымен емес, автордың өзіндік тілімен берілген. “Нақты адресті” очерктің мақсаты – үйреншіктіні шынымен өмір сүріп жатқан жекелік тұрғысынан көрсету екендігін ұмытпаған жөн. Сондықтан адамның жекелік (өзіндік) қасиеттеріне ерекше сақтықпен қараған жөн.

Егер ойдан қосылған кескін адамның портретін бұзатын болса, онда неге шығармада кейіпкерге бөтен ойлар мен сөздер қосып, оның характерін бұрмалауға құқық берілуге тиіс? Адамдар бұл жағдайда очеркті автордың өз идеяларын жариялауға қолданатын рупорға айналдырды деуі мүмкін. “Нақты адресті” очеркте ойдан шығарылған кішкентай (бөлшек) үлкен қателіктерге ұрындыруы мүмкін.

Очеркте бір-екі рет сәттілік әкелмеген формулировкасы, түптің-түбінде жарға жығады, ойдан шығарылған бөлшектер өмір шындығынан ажырап, жалған жария болады. Олай болса, нақты адресті очеркке М.Горькийдің ойдан шығарушылық “қиялсыз көркемдік жоқ” деген сөзі орынды себебі, очерк – көркем публицистикалық жанр. “Нақты адресті” очеркте қиял болуы мүмкін. Ол аз десеңіз, қиял-бар, бірақ ол адрессіз очеркке қарағанда басқаша көрініс береді. Қиялды сипаттау тәсілдері әртүрлі.

“Адамның қиялындай жүйрік не бар?! Сол мезетте ұлы құрылыстың ертеңгі сәулетті болашағын алып келеді. Сізге жел қанат қиялыңыз ақиықтай шырқап, сіздің көз алдыңызға сол-ақ екен осыдан үш-төрт жыл кейінгі мұржалары көк тіреген неше алуан керемет заводтары, самаладай әдемі үйлері салтанат пен сән түзеген тамаша Теміртау елес береді. Бұл құрылысты салынып жатқан кезінде көріп едіңіз, енді сіз жаңадан орнаған жас қаланы таумен бірге тамашалап кете барасыз” [74,17],- деген үзінді Қ.Сатыбалдиннің “Қазақстан магниткасы” очеркінен алынып отыр. Бұл суреттелген болашақ М.Горький сөзімен айтсақ “үшінші шынайылық”, “шынайы өмір”, бірақ, қиял “нақты адресті” очерктегі қиялдың көрінуінің және кіргізілуінің басқа да анықтамалары бар. Мәселен, Б.Агапов қиялдың көрінуін былай дәлелдейді: “Авторда санды өзгертетін ерік жоқ, оның фактіні өзгертуге құқығы жоқ, кейде өзі кейіпкер аттарын өзгерткісі келмейді, оның тіпті қаhарманының көзінің түсін өзгертіп жазуға да құқығы жоқ... Бірақ ол сипаттау элементін таңдауда, оларды орналастыруда, түсіндіруде, сол идеяны дәлелдеуге пайдалануда толық еркіндікке жолдама алып, кеткен есесін толтыра алады. Бұл жерде ол беллетрист өзінің қаhарманы мен өзінің сюжетін құрауда қандай қожайын болса, сондай еркіндікке ие” [75].

“Нақты адресті” очерктегі автордың шығармашылық қиялының бәрін тауыспайды. Кейбіреуге басты тақырыптан – очерктегі қиялдан ауытқығандай, негізінен жай салыстыру жайында, метафора, не көркем сөздің образдық құралдар жайында сөз болып жатқандай көрінуі мүмкін. Бірақ метафора да, салыстыру да қиялмен іске аспай ма?! Егер ойдан шығару - қиял мағынасында тек ойдан құрастырылған деректерді, сюжеттерді, әдеби типтерді түсінсек, ол тек “адрессіз” очерктерге ғана тән болуын мойындауға тура келеді. Ал егер әдеби қиял ойдан шығару мағынасында автордың шығармашылық қиялы тудыратын барлық нәрсені алсақ, онда ол кез-келген көркем шығармада айқын көрінеді. Бірақ “адрессіз” және “нақты адресті” очерктерде оның саралық айырмашылығы байқалады. Очерктің бір-бірінен ерекшеленетін бірнеше түрі болуы заңды. Оларда ойдан шығарушылық - қиял характері әртүрлі, сондықтан очерк жанрындағы қиял жайында емес, әр түрдегі ерекшеліктерді анықтауға тырысуды сөз еткен жөн. Автор қиялы, шығармашылық ойдан шығарушылық шығарма идеясында айқын көрінеді. Оралхан Бөкейдің “Салт атты” очеркі жиырма үш жасар бригадир Әбілқанның тынымсыз еңбек күнін, ел өмірін, ауылдың әсем табиғаттын құбылтып әшекейлейді. Ауыл шаруашылығы саласында жүрген Әбілқан сияқты жастардың өмірге құштарлығы, еңбекте үздік болғаны жан-жақты ашылады. Әбілқан қатты талықса да, сыр алдырмай тағдыр тәлкегін қанжығасына бөктеріп алып, бар өмірін салт аттың үстінде өткізіп келе жатқан қазақ жасы деп бейнелеген очеркші оны былай мінездейді: “Түнді бетке ала шыққан салт атты торы биені соза аяңдатып келеді. Көңілі бейжай. Тылсым тау түнінің тынысына қызыққандай қамыс құлағын кезек қайшылап, жіті аяңдап келе жатқан тобылғы торы да әрі-беріден соң бүйірін соғып, бұрлыға бастады. Сыралғы көлігінің күйін бірден аңдайтын сұңғыла жігіттің секіріп түскенін күтіп тұрғандай жата кетті.

Бригадир торыны арқандап, қойлы ауылға жаяу тартты. Оның ойында бір-ақ нәрсе бар. Ол ертең шөпшілер етсіз қалады-ау деген ой. Оның көңілін бір-ақ нәрсе мазалайды. Ол – осы түнде бес қойды қайтсе де қосқа жеткізу” [71,161]. Бұл эпизодтағы – салт атты Әділқанның түн ортасындағы әрекетін Оралхан Бөкей өз очеркінің орталық идеясын ашып көрсетуге пайдаланады. Бәріне түсінікті, оқырман сезінетін көрнекі образдың іс-әрекетін көрсете отырып, автор салт аттының ғана өмірін емес сол кездегі ауыл жастарының жай-күйінен хабар бере әңгімелейді.

Өкінішке орай, ірі шеберлердің өзінде шығарма тудыру кезінде шығармашылық ойдан шығару, қиялы жетіспеген очерктер кездеседі және бұл ең алдымен очерктің негізгі идеясының образды көрінісінде байқалады. Очеркші көп ретте соны тұжырымдама, мағынаның образды ашылуын іздеуге уақыт кетірмей орталық идеяны очерктің шешуші фразасында қалыптастырады. Әрине, шығарманың басты идеясы әр түрде, соның ішінде публицисттік түрде көрінуі мүмкін, бірақ бұл жағдайда да очеркшінің шығармашылық қиялы көшірме, үйреншікті тұжырымдамалармен шектелмей, соны, жарқын фразамен кескіндеуі қажет. “Осылай өмір сүріп, еңбек етуде немесе осылай еңбек даңқын өсіруде ” және ағы басқа сөздерді қай жерден де кездестіруге болады. Бұл-стандарт. Сөзіміз дәлелсіз болмас үшін, бірнеше мысал келтірейік:

Белгілі очеркист Ә.Нұршайықов “Панфиловшылар” очеркінде мынадай фразалар бар: “Міне, мен тағы да жолға шықтым. Тағы да журналистік қызметіме кірістім.

Үйде жазушы болғанмен, түзде журналист болу менің өзгеше міндетім іспетті. Сапарда келе жатып, журналистік жолым есіме түсті” [76,133]. Немесе Қапан Сатыбалдиннің туындысындағы мына үзіндіде: “Міне, біз қиын күнде, майдан даласында қанды шайқастарға осы сезіммен кіріп, жауға осы сезіммен атой салған едік” [ 74,265],-дейді.

“Кезекші” фразалардың соңында очерктің негізгі идеясын беретін басқа түрлері де бар. Мәселен “иә” формуласы.

“Иә, Советтер одағынанмын, - дедім” (Ғ.Мүсірепов. “Аспанда болған жекпе-жек” очеркінен)

“ - Иә, орыс емес, қазақпын (сонда)

“ - Иә, - дейді “аташкасы”, - растағандай”

“ - Иә, қиын-қиын сұрақтар да береді. Бұлардың заманы біздің жас кезімізден көп ілгері кетті ғой” [58,273-276].

Бұл тұжырымдамалардың стереотиптілігі (көшірмелілігі) көзге ұрып тұр және бұндай “қорытынды” фразалардың үйлесімсіздігі байқалады.

Авторға осы жерде ол өзінің шығармасының негізгі идеясын публицистік тұрғыдан түсіндіріп тұрғандай көрінгенмен, бұл фраза – артық.

Сонымен ойымызды түйіндесек, очерктегі шындық пен ойдан шығару проблемасы басқа мәселелермен тығыз байланыста және типтеу тәсілдерімен, жанр түрлерін топтау, очерктегі автордың рөлі тағы басқалар бір-бірімен қатар өріледі. Оны жеке бөліп алып қарастыру қиын, ал барлық аспектілерін толық талдағанда очерктегі қиял мәселесін басқа проблемалармен қоса қарастырсақ артық болмайды екен.

1.6. ҚАЗАҚ ОЧЕРКІНДЕГІ ХАРАКТЕРЛЕР ЖҮЙЕСІ
Қазіргі қазақ әдебиетіндегі очерк жанрында характерлер жүйесі бірнеше саладан тұрады. Бірі – қарапайым еңбек адамдары, екіншісі - өнер адамдары, үшіншісі - әйелдер образы, төртіншісі – батырлар образы болып кете береді. Осылардың қайсысын алсақ та ертеден келе жатқан әдебиеттен басталып, дамып, жетіліп бүгінгі заман адамдары характерлерімен ұштасып жатады. «Әдебиет адамды тану өнері деп танылғанда, әр шақта, әр дәуірде адамды оның жан дүниесінің, жаратылысының барынша шарқына жеткен шағына апара түсіп суреттеу керек болатын» [77,395],- дейді М.Әуезов. Оларға мысал етіп М.Әуезовтің “Жолдас Жанайындағы” Жанай, М.Иманжановтың “Аякөздің Айқызындағы” Айқыз, Қ.Қайсеновтің “Баукеңді іздебіндегі” Бауыржан Момышұлы, Ғ.Қайырбековтің “Шәмілдің шамындағы” Шәміл Әбілтаев, С.Мәуленовтің “Ауған барған Айгүл қызындағы” Айгүл Тұманова, Ж. Молдағалиевтің “Қос жұлдызды қыранындағы” Л.И.Беда, Ш.Мұртазаның Т.Рысқұлов туралы очерктеріндегі Тұрар характерлерін алуға болады. Бұл образдардың бірі – еңбек адамы, бірі – батыр, бірі – малшы, бірі - өнерпаз болғанымен тұтас алып қарағанда қарапайым еңбегімен танылған жандар. Демек, характерлер мінезіндегі кездесетін ерлік, ірілік, қарапайымдылық, еңбекқорлық, ойламаған оқиғаларға кездесіп, оны жеңіп шығу, жеңілу, артық-кем түсіп жатушылықтың бәрі бар. Бұл характерлердің ойы мен арманы халық тағдырымен ұштасып жатса ғана көкейге қонымды шығады.

Көркем очерктегі характерлер – кейіпкерлердің мінезі, ой-сезімі, өзіне ғана тән психологиялық, моралдық, әлеуметтік сипат ерекшеліктері, яғни, очерк жанрындағы әдеби характерлер адамның өмірдегі мінез, қимыл-әрекет ерекшеліктерін жинақтап, сомдап бейнелеу арқылы жасалады. Сондықтан да оны жекелеген қасиет, мінез, әрекет қосындысы деп түсінбей, жоғарыдағылардың бірлік-тұтастығы деп қараған жөн.

Кез келген көркем очеркте жеке адам, басшы, коллектив, халық – негізгі тақырыптардың бірі болса, онда жаңа әлеуметтік жағдайлар, саяси-экономикалық жаңалықтар да қамтылады. Көркем әдебиеттегі очерк жанры қоғамда болып жатқан жаңалықтарды, жеке адамдардың өсу, өркендеу, жетілу жолдарын көрсету арқылы өз міндетін толық атқарады.

“Характер белгілі бір қоғамдық жағдайда қалыптасады, сол ортаға, өз уақытына сәйкес болады. Адамның мінез-құлқы, оның әрқилы кездерде, әсіресе адамшылық қасиеттер сынға түсетін екідайда өзін қалай ұстап, қандай әрекет ететіні ой-өрісіне, сана-сезіміне байланысты” [78,221].

Көркем шығармадағыдай көркем очеркте де мәселенің қойылуы мен шешілуі тұрғысынан қарағанда жеке адамның кесек характері дараланбаса, көптің ішінде көрінбей қалып жатса, очеркші өзінің діттеген мақсатын орындай алмағаны. Талантты очеркші қашан да ірі мен ұсақты, үлкен мен кішіні, жақсы мен жаманды айыра алғанда ғана олардың айырмашылықтарына нақты және дәлелді талдау жасай алады. Демек, көркем очерктегі характерлер мынадай жағдайларда ашылады:

- күрес-тартыс диалектикасы бүге-шүгесіне дейін жан-жақты ұғылғанда;

- кейіпкердің іс-әрекеті, ой-ниеті, мақсаты кесек болған жағдайда;

- сондай-ақ іс-әрекетін суреттеу барысында психологиясы, жан дүниесі, мінез-құлқы, сыртқы түр-тұлғасы, бет-әлпеті, сөйлеу мәнері жан-жақты қамтылса ғана очерк кейіпкерінің характері толымды шығады және ашылады.

Әдебиет әлемінде көркем очерктерді өндіріп жазған С.Бақбергеновтің 1950 жылғы “Талғат” очеркінің тақырыбы да идеялық бітімі де дара. Олай дейтініміз, автор кейіпкер характерін ашуда оқиғаларды тыңнан талғап, композициялық тұтастыққа қол жеткізген. Совет Одағының батыры атағын екі рет алған Талғат Бегилдиновтың ерлік істерінің негізгі эпизодтарын қаперге ала отырып, жазушы очеркті Талғаттың Чкалов қаласында ұшқыштар мектебінде оқып жүрген кезінен бастап баяндай келе очерктің алғашқы беттерінде бейбіт өмірдің көңілді кештерін суреттейді. Соғыс басталған соң ұшқыштар мектебінде курсант болып, бітірген соң сыннан өткен кейіпкер алғашқы жауынгерлік тапсырманы ойдағыдай орындап, көзге түседі. Өзінің негізгі тапсырмасын орындап қайта оралғанда, біздің жаяу әскерге қарсы келе жатқан жау танктерін бомбалап, қалғандарын кейін қайтарған жас жауынгер алғашқы ерлігімен көзге түседі.

Очеркші Талғат Бегилдинов 305 рет жауынгерлік тапсырма орындағанын баяндай келе, оның ішіндегі ерекше ерліктерін қимыл-әрекет, іскерлік пен тапқырлыққа бастайтын ішкі дүниесіндегі тамаша қасиеттерді даралап суреттеу арқылы шеберлікке қол жеткізген. Батырдың алғашқы екі ұрыстағы қимылдарын бастан-аяқ баяндамай, қысқа, жинақы сөздермен кестелейді.

Т.Бегилдинов тарихи адам, осы тарихи адам өмірінің реалды шындығын жазушы өз ортасынан оқшаулау адам екенін танытар қаһармандық қасиеттерімен әрлейді. Ол жаудың қоршауында қалғанда да, самолеті құлап, өзі парашютпен секіріп, орманға түскенде де, алғырлығы, тапқырлығы, байсалды мінезімен көрінеді. Адам бойындағы ақылдылық, сабырлылық деген ұғымның шекарасы, ақиқат мәні қандай деген сауалға осы бейне орнықты жауап бере алатындай. Автор Талғатқа өзі мінездеме беріп жатпай, басқа геройды сөйлету арқылы оқиғаларды ұтымды дамытады. Мысалы, полковник Митрофановтың сөзі: “Ол жерде көзге түспейтін, қандай елеусіз адам, ал аспанға көтерілсе болғаны-ақ өзгеріп жүре береді. Өзі авиация үшін туған сияқты” [79,95],- деп үшінші біреуге әңгіме айтқызу арқылы геройдың қиыншылықтарды жеңу жолындағы ерлік істерін суреттейді.

Талғаттың самолетіне жау оғы тиіп, құйрығы зақымданғанын, оны қондыруға мүмкіндік тауып ұшқыштың аман қалғаны қызғылықты баяндалады.

Ұшқыштың осы ерлігі тарихи шындық, очеркист шығарманың негізгі арқауы етіп осындай эпизодтарды сәтті алған және аспандағы ұрыс пен жердегі жаудың күшін талқандау, ұшқыштың бомбалау, шүйіліп ату әрекеттері де бірсыпыра көрініс табады. Бұл очеркте Талғаттан кейін көп көрінетін – Николай Чепелев. Ол ұшқыштар мектебінде Талғатпен бірге оқып, тәрбиеленген, жақын досы. Автор бұлардың шын достығын қиыншылық кездерде бір-біріне қол ұшын беріп, көмектесуін, майданға авиация бөліміне келгенде Талғат машина ала алмай қиналғанда Николай ақылшы, көмекші болғанын айтады. Батырдың самолеті қона алмай зақымданғанда, қауіп төнгенде де Николай досының өлімін көргісі келмей, бетін басып, теріс айналып кетуінің өзі қимастық, досына деген терең сезімді білдірсе керек. Бұл очерктің қымбат ғибратының өзі өмірде осындай оқиғалардың кездесетінін және аты-жөні, мамандығы бар кейіпкерлер арқылы нағыз жаңа характерлер туғызған тұстары да баршылық.

С.Бақбергенов «Талғат» очеркінде ұшқыш Бондаренконың әкесі қарт партизан Мотвей Бондаренконың характерін сәтті ашқан. Мотвей өмірдің небір қиын мектебінен өткен, ісі мен ойы, мінезі жарасымды суреттелген кейіпкер характері де жан-жақты ашылған. Көпті көрген ұстамды қарт өз деревнясына оралғанда үйі өртеніп, кемпірін немістер өлтіріп кеткенде де егіліп жылай бермей, бойын тез жиып, партизандар тобына қайтып қосылуы, жауына кекті, қайғыға қайыспайтын, қиыншылыққа бүгілмейтін батыр адам екендігін дәлелдейді. Сонымен С.Бақбергеновтің «Талғат» көркем очеркіндегі характерлер бірін-бірі толықтырып, кейде орын ауыстыра отырып дамыған. Өмірдегі талас-тартыс сырт көзге түрлі-түсті болып көрінгенімен, шын астары адамдар мінезінде, көзқарасында, бағытында екендігін осы очерктен анық аңғарамыз.

Жазушы, азамат, қайраткер Әбіш Кекілбаев очерк жанрын көп жазған және онда көтерген әлеуметтік проблемалар аз уақыт ішінде шешімін таба қоймайтын күрделі мәселелер төңірегінде тереңінен ой қозғайды. Қазіргі жастар Ә.Кекілбаевты оқымай, білмей тұрып, елдік, ұлттық, мемлекеттік тұрғыдан ойлауы мүмкін емес сияқты. Себебі, бұл жазушы өткенді бүгінгі күнге көркемдік жағынан танытушы ғана емес кейінгі ұрпақты ойландырушы, бүгінгі арқылы болашаққа ой салуға күш жұмсап келе жатқан публицист. Жазушының өте өзекті мәселелерді батыл көтерген «Заманмен сұхбат» аталатын әдеби және көсемсөз шығармалар жинағы терең де тың ойларға толы.

«Заманмен сұхбаттағы» өнер адамдары туралы жазған очерктеріндегі кейіпкерлерді автор өз көзімен көрген, қызық жылдарын бірге өткізген. Қ.Аманжолов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, С.Қожамқұлов, А.Жұбанов, Ә.Нүрпейісов, Ж.Нәжімеденов туралы көркем очерктерінде қазақ мәдениетінің ақиық тұлғаларының жай бейнесін ғана жасамай харктерлерін шеберлікпен ашқан.

«Мұратына жеткен адам» очеркінде автор Серке Қожамқұловтың өнердегі, өмірдегі жолын, жетпіс жасының елу жылын өнерге арнаған әртістің ентелеген қарапайым халықтың көзін шындыққа жеткізу үшін қызмет етіп жүргенін, оқырманды «күлкінің құдіреті» атанған Серке Қожамқұлов характеріне, болмыс-бітіміне ой жүгіртуге жетелеп, оған деген аңсарды бұрынғыдан да аудыра түскендей күй кештіреді. «Міне, бүкіл есіл-дерті сол сүйікті өнердің соңында жүргенде жетпіске қалай жеткенін де сезбей қалыпты. Жүрісі тың, жүрегінің дүрсілі де, баяғы Әміре досының даусындай еш ақаусыз, аңқып тұрған сияқты. Күнде гримделгенде айнадан көріп жүр, бетінің де әжімі өрмек құрып, айғыздап тастағаны шамалы, өңінен қаны таймағандай, бойынан қайрат қашпағандай. Бірақ, жұрт жетпіске келдің, тойыңды тойлаймыз деп желпініп жүр» [80,304],- деген үзіндіден таныс-бейтаныс Серке Қожамқұловтың болмыс-бітімін көріп, қарға адым, қысқа ғұмырында көп іс тындырғанын суреттеген тұстарда талант иесінің характері ашылған үстіне ашыла түседі. Серкенің күлкісінің мақсаты – тек күлдіру ғана емес, күлдіру арқылы өмірдің қат-қабат шындығының талай сырын білдіруді көздегенін көреміз.

Ұлы әртіс өзінің комиктік талантын өмірдегі мәнді мен мәнсіз, құнды мен құнсыз, ізгі мен ерсі, жаңа мен ескіні ажыратқанда ғана түсінетінін топшылаған очеркші ойлары көңілге ерекше көрік береді.

Соңғы жылдары тарихи адамдар өмірі туралы көркем очерктер біршама жазылып жүр. Белгілі қоғам қайраткері, ақын, әнші, композиторлар туралы жазу немесе тарихымыздағы соқталы, өзекті оқиғаларын көркем шығармаға айналдыру заңды құбылыс. Бірақ бұл тақырып тек «жазып тастау» ниетінен туындамай, керісінше тарихты терең жіктеп, фактілерді терең зерттеп білмей игерілмейтіні тағы бар. Жазушы Әбіш Кекілбаевтың тек өз замандастары туралы ғана емес, тарихи тұлғалар туралы да біраз көркем очерктер саласын толықтырғаны тарихи тақырыпты игерудегі табысымыз десек болғандай.

Жәнібек Тархан, Құрманғазы Садырбайұлы, Әйтеке би т.б туралы көркем очерктерінде осы тарихи тұлғалар характерін жасау үшін сол кезеңдегі тарихи жағдайды, әлеуметтік ортаны терең зерттеп, әрқилы тарихи материалдарға үңіліп, осы қоғам қайраткерлерінің толық бейнесін жасап шығарған. «Әйтеке би» тарихи очеркінде бидің азаматтық, күрескерлік, мәмлегерлік рухына қатысы бар, саяси-әлеуметтік оқиғаларды жинақтап, іріктеп алу жағы сәтті шыққан. Әйтекенің ұлы замандастары Төле, Қазыбек билер туралы да мәліметтер очерктің өн бойында көп кездеседі. Очеркист әрқилы тарихи оқиғаларға, халық аузындағы аңыз-әңгімелерге сүйене отырып, Әйтекенің ішкі жан-дүниесі, адамгершілік парасаты, мәмлегерлік саясатындағы қалтарыстарға қатысты тұстарды орынды және осы әлеуметтік оқиғаларды іріктеп, жинақтауда да ұқыптылық байқалады. Очерктің соңында: «Төле, Қазыбек, Әйтеке есімдерінің әлі күнге ауыздан түспейтіндігі де сондықтан. Замандастарымен сүйек сындырысып, жаға жыртысуды емес, бірі жең, бірі жаға, бірі іні, бірі аға болуды, өзара теңдік арқылы елдікке, елдік арқылы өзгелермен теңдікке жетуді үйреткендіктерінде» [80,116],- деп қорытындылап, халқының бүгінгі рухани өміріне қатысты өткен замандағы тарихи шындықты жастарға айтып, түсінікті етіп бедерлеген.

Қазақ көркем очерктерінің ішінде әйелдер тағдырын айрықша суреттеп, ішкі – жан дүниесімен қоса әйел өмір сүріп отырған қоғамның әлеуметтік, моральдық, саяси қайшылықтарын да тереңірек ашуға талпыныстар жасалған. Қазақ тарихында өзіндік орны бар Дина Нүрпейісова, Күләш Байсейітова, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Кәмшат Дөненбаева тәрізді көптеген қазақ әйелдерінің өзі өмір сүрген кезеңдегі әлеуметтік орны, өнері, тағдыры, тартыстары біраз очерктерге арқау болған. Бұл әйелдердің бейнесі ішкі ой-сезімі, көрік-келбеті, жан сұлулығы, ерен еңбегі, қайталанбас өнері әр алуан болып келеді, бірі от басында қарапайым тіршілік кешсе, бірі өнерімен елге танылған, қайсыбірі ел басқару ісіне қызу араласқан қайраткер әйелдер.

Жекен Жұмақановтың «Нәйлә» очеркіндегі Нәйлә Базанова ішкі жан-дүниесінің байлығымен, рухани күш-қуатының молдығымен айрықша көзге түседі. Очерктегі басты кейіпкердің тек өзіндік ерекшеліктері ғана алынбай тұрмысы, тіршілігі, өмірі, қоршаған ортасы, айналасындағы адамдар тағдырымен сабақтаса суреттеледі. Еңбек етпей қарап отыру Нәйлә мінезіне жат, ол өз балаларының ғана анасы емес, жас буын студенттердің де анасы, ұстазы, тәрбиешісі ретінде көрінеді.

«Үстіне ақ халат киіп, институттың лабораториясында тәжірбие жасауды, өзінің өткізіп тұрған пәнін жастарға көрнекті мысалдармен, даусыз дәлелдермен түсіндіруді Нәйлә Базанова ерекше жақсы көреді. Бұл – оның өнері, ғылыми мамандығы. Институт – Нәйләнің үлкен ордасы, өз үйі. Өйткені, мұнда ол студент болды, аспирантурада оқыды, биология ғылымдарының кандидаты деген ғылыми дәрежені 1936 жылы осында жүріп алды. Осында жүріп ол ғылым докторы дәрежесіне, профессор атағына, Академияның мүше-корреспонденттігіне дейін көтерілді» [81,22]. Бұл үзіндіден қаһарман өміріне ғана емес алғашқы қазақ қыздарының ғылым саласына араласуына да куә боламыз. Шетелге бірнеше рет барып қайтқан Нәйлә Базанованың тек ғылым туралы емес ел, отан, туған жер туралы толғаныстарының суреттелуі кейіпкер характерін сомдаудағы оңтайлы әдіс десек артық болмас.

Бұл очерктен Отан сүюдің сырын, өмір сүрудің мән-маңызын, жеке адамның қоғамдық жұмысқа араласуының маңызы сөз болады. Жазушы Нәйләні ғылыми қызметінде де, депутаттық міндетін атқару үстінде де халықпен, күнделікті өмірмен тығыз байланыста суреттеп, мінез-құлқы мен ой-парасатын, адамгершілік қасиеттерін жан-жақты және іс әрекет үстінде көрсету арқылы характерін терең ашқан. Очерктің басты қаһарманы ерін қадірлеген, ер қабағына қараған шығыс әйеліне тән инабаттылық, ізеттілік қасиетін де үлгі ете отырып көрсеткен. «Адам - әдебиеттің жүрегі, адам өмірін бейнелеу - әдебиеттің түбегейлі мақсаты... Сондықтан әдебиеттің дүние танытқыш және тәрбиелік құны адам өмірін қаншалықты толық, терең нәзік суреттеуімен өлшенбек» [82,194],- дейді әдебиет зерттеуші, профессор М.Қаратаев. Әр дәуірде көркем очерктердегі адамдарды аса биік талапқа сай терең, толық бейнелеген кезде ғана олардың жан–дүние, адамгершілік қасиеттері толық ашылып, замандастарымыздың жаратылысы жан-жақты танылып барып характерлер толық айшықталады.

Қоғамдағы адам характерінің көркем очерктерде қаһарман характеріне айналдыру үшін өмір шындығын өнер шындығына көшіру керек. Жекен Жұмахановтың «Нәйлә» очеркіндегі қазақ әйелі халық ортасынан шыққан нағыз кісілікті, азаматтық аса құнды қасиеттерімен құнды. Очерктің алғашқы беттерінде бас қаһарман Нәйлә Базанова Будапештке барған сапарында басқа елдерден келген құрбы-құрдастарымен танысып, қарым-қатынас орнатып, Будапешттің Парламент сарайы артындағы паркке барғанда Совет Одағы батыры атағын алған қазақ қыздары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова есімін оқығанда, портреттерін көргенде көзіне жас алып, қуанып, мақтан тұтқаны, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін, ішкі толғанысын очеркист сәтті суреттейді.

Шындығында да адам характерінің, бүкіл ішкі болмысының, дүниеге көзқарасының қалыптасуы күрделі процесс. Сондықтан мұнда қоғам, әлеуметтік жағдай, өскен орта шешуші рөл атқаратыны белгілі. Характерден қаһарманның тек психологиялық болмысы ғана емес, белгілі қоғамдық жағдай қалыптастырған қоғамдық құлық та көрініс табады, оған өмірде болған, кейін көркем шығармаларда бейнеленген адамдар тағдыры айғақ бола алады.

Нәйлә Базанованың Будапештте, Семейде, Баянауылда болып, қарапайым халықпен қоян-қолтық араласып, көп қордаланған проблемаларды шама - шарқынша шешуге үлес қосуы қоғамдық белсенділік және бұл тұстарда кейіпкер характері шыңдалып, өршіл рухымен, нағыз адамгершілік қасиетімен ерекшеленеді. Шығыс әйелдері арасынан шыққан алғашқы ғалым қыздардың бірі – Нәйлә Базанова мінезіне тән басты белгілердің бірі – еңбек сүйгіштігі, өз ісіне жауапкершілігінің молдығы, рухани жан-дүниесінің байлығын жазушы молынан қамту арқылы кейіпкер характерін тереңірек ашуды көздейді. Кез келген қарапайым адамнан көмегін аямайтын Н.Базанова елге, жұртқа көмектесу басты борышы деп санайды. Сонымен, «адамның образы оның характерін ашу арқылы» [83,364] жасалады десек, қаһарман тұлғасы ішкі жан-сыры, психологиясы, мінез-құлқы, сыртқы әлемге қарым-қатынасы жан - жақты қамтылғанда ғана характер ашыла түседі. Көркем очеркте де басқа әдебиет жанрларындағыдай барлық көркемдік құралдар қамтылады және осы көркемдік құралдар мен тәсілдер бірлікте шебер қоданылса ғана адам характері ойдағыдай шығады, бұл жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне, жастардың адамгершілік әлемін байытуға пәрменді әсер ететін фактор.

Сонымен очерктің жанрының жасақталуы және композициялық құрылымының ерекшеліктерін жинақтай келгенде, мына мәселелер тұрлаулы болып көрінеді:

- очерктің басқа әдебиет жанрларынан айырмашылығы авторлық

идеяға тұтас бағынбайды және автор жеке тұлғаның болмыс-бітімін ойдан шығара алмайды;

- көркем очерк әдебиеттің де, публицистиканың да күрделі, көп қырлы жанры және елдің әлеуметтік-мәдени өмірін молынан қамти отырып, көркем очерк өзінен кейін дүниеге келетін көркем шығармалардың (роман, повесть, әңгіме т.б.) негізгі көзі болып саналады;

- қай жазушы болсын өз шығармасында өмірдегі жағдайлар, адам тағдырын суреттегенде өзінің сол мәселеге немесе құбылысқа көзқарасын аңғартып отырады. Кез келген очерктің мазмұн байлығы, көркемдік қасиеті мықты болғанда ғана идеясы терең, шыншыл шығарма деп танылады;

- адамдардың өзара қарым-қатынасы, байланыстары, қайшылықтары, жек көру, жақсы көру, әр алуан мінездің өсу, жасалу жолы көркем очеркте де сюжет арқылы көрінеді және очерктегі үлкенді-кішілі бөлім-бөлшектерінің бір-бірімен қисынды байланысуы, жазушының айтпақ болған идеясымен ұштасып жатса ғана көркем очерктегі сюжет пен композиция өз міндетін толық атқарады;

- көркем очерктегі ойдан шығару мәселесі типтеу тәсілдерімен, жанр түрлерін топтаумен, автордың өз рөлімен де тығыз байланысты және жазушы халық тағдырын алға тарта отырып, сол қоғамның әралуан оқиғаларын, құбылыстарын, өзгерістерін, тыныс-тіршілігін, іс-әрекеттерін жинақтап, көркемдік шындыққа қол жеткізсе ғана өзінің діттеген міндетін орындағаны;

- очерк жанрындағы характерлер – кейіпкерлердің мінезі, ой-сезімі, өзіне ғана тән психологиялық, моральдық, әлеуметтік сипат ерекшеліктерінің жиынтығы арқылы жасалады.


ЕКІНШІ ТАРАУ


Каталог: bitstream -> handle -> data
data -> Шындалиева М. Б
data -> Бейсенбай Кенжебаев алаш туы астында (мақалалар мен зерттеулер)
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор
data -> Олжабай Нұралыұлының шығармашылық мұрасы хаһында
data -> Оқулық Астана, 2012 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
data -> Қазақ очеркі
data -> Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия
data -> -
data -> МЕҢдігүл бұрханқызы шындалиева уақыт және суреткерлік шеберлік: жанрлар поэтикасы
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет