МЕҢдігүл шындалиева қазақ очеркінің поэтикасы (монография)


ҚАЗАҚ ОЧЕРКІНІҢ ТАРИХИ НЕГІЗДЕРІ



бет5/7
Дата05.11.2016
өлшемі2,16 Mb.
#398
1   2   3   4   5   6   7

ҚАЗАҚ ОЧЕРКІНІҢ ТАРИХИ НЕГІЗДЕРІ




2.1. БАЙЫРҒЫ ЖАЗБА ЕСКЕРТКІШТЕРДЕГІ ОЧЕРКТІҢ

ДЕРЕКШІЛДІК НЫШАНДАРЫ

Публицистика – ақиқат өмірдің суреті және оның негізгі арқауы- шындық. Публицистикалық шығармада өмірлік фактілер мен құбылыстардың бәрі де бірдей талғаусыз алынбайды, белгілі бір мақсатқа қызмет ететін айғақ-деректер ғана кәдеге жарайды. Қай заман публицистикасы болсын өмір құбылыстары мен оқиғаларды сол дәуірдің әлеуметтік көзқарасы тұрғысынан саралайды. Ғалым Бауыржан Жақыпов қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдарына арнаған монографиясында публицистикаға былай анықтама береді: “Публицистика да сөз өнерінің үлкен бір саласы. Ол көркем әдебиетпен бірге туып, қалыптасып, өсіп, өркендеп келе жатқан шығармашылықтың ерекше бір тармағы” [84,3]. Бұл тұрғыдан келгенде, публицистика жанрларының ішіндегі көркем де мазмұндысы очерк жанры болып табылады. Очерк дегеніміздің өзі – өмірде орын алған шынайы деректер мен құбылыстарды дәл, нақты сипаттайтын, қысқа, әрі жедел, көркем публицистикалық жанр. Қазақ әдебиетінде бүгінгі талғам-талап өресіндегі очерктің жанр ретінде пайда болуы, қалыптасуы ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастау алады.

Қазақ халқының этникалық түп-тамыры мен азаматтық тарихы қай дәуірден басталып баяндалса, бұл халықтың әдебиеті мен тілі сол кезден бастау алуға тиіс деген тұжырымдаманы ұстансақ, онда байырғы жазба мұраларды да ертедегі әдебиеттің қайнар көзі ретінде қарастыруға әбден болады. Ал, қазақ топырағында туындаған ежелгі жазба мұралардың жанры туралы бүгінгі күнге дейін пікірталас толастамай отыр. Бұл ескерткіштер түркі халықтарының тарихын қысқаша баяндаған шежірелер болып табылатынында дау жоқ. Ертедегі жазба ескерткіштерді зерттеуші ғалым И.В.Стеблева: “Бұл дәуір жазбалары – тұтас күйінде поэзиялық туынды” [85,15] деген пікір айтады. Профессор М.Жолдасбеков бұл туралы: “Орхон жазбаларын кейбір зерттеушілер тарихи деректер жиынтығына жатқызса, енді біреу оларды тарихи ерлік жыры деп тануда. Қалай десек те, өте ертеде жасалған бұл ескерткіштердің түркі халықтары тарихынан, мәдениеті мен әдебиетінен, санасынан, әдет-ғұрпынан, дәстүрінен құнды деректер беретін бағалы мұра екендігі даусыз” [86,17], - дейді.

Ежелгі Түркі қағанатының руникалық жазбаларына жанрлық және мазмұндық тұрғыдан назар аударса деректік мәні, публицистикалық сарыны айқын аңғарылады. Очерктің кейбір көркемдік элементтері: портрет, диалог, авторлық пайымдау, деректік нышандар да бар. Өткен замандарда болған тарихи жағдайларды баяндау барысында очерк нышандарының дүниеге келгенін ескерткіштерді оқи отырып саралауға болғандай.

Орхон өзенінің бойынан табылған ескерткіштер мәтінінде зерттеу тақырыбымызға қатысты белгі-нышандарды аңғаруға болады. Біріншіден, мәтіндерде ру, тайпалар атаулары бар, түркі халықтары аталады. Оларға: қырғыздар, оғыздар, қарлұқтар, түргештер, төлістер, қаңғарлар /қаңлылар/, басмылдар т.б. жатады. Бұл рулардың тарихта аты сақталып, бүгінгі күнге жеткен. Екіншіден, осы көне жазбалардағы аты аталған батырлар, қағандар тарихта болған, әрі өмір сүрген адамдар. Күлтегін, Тоңұқық, Йоллық-тегін төңірегінде болған тарихи оқиғалар VІІІ ғасырдағы іргелі мемлекет Түркі Қағанатында болғаны аян. Үшіншіден, бұл жазбаларда публицистикалық сарын бар, онда басты кейіпкерлер хандар мен бектер болғанымен, қарапайым халық тіршілігі ұмыт қалмай, олардың олардың басынан өткен алуан түрлі жағдайлар ашық жазылғандығы айқын байқалады.

Орхон-Енисей ескерткіштерінде поэзияға тән сипаттар бар екенін жоққа шығаруға болмас. Алайда, бұл ескерткіштерден тұтас поэзия жанрын ғана емес, публицистикалық жанр сипаттарын да байқауға болады. Байырғы дәуір келбетін тасқа түсірген автор түркі қағандары мен батырларының ерлік жорықтарын баяндау барысында көптеген очерктік талғам-талаптарды пайдаланған. Баяндау үлгісіндегі тарихи әңгімеде автордың “мен” деп бірінші жақтан айтып отыруының өзі очерктік сипат береді.

Ілгері – Шантұң жазыққа дейін жауладым,

Теңізге сәл жетпедім.

Түстікте – Тоғыз ерсенге дейін жауладым,

Тибетке сәл жетпедім.

Батыста – Інжу өзенін кеше

Темір қақпаға дейін жауладым,

Терістікте–Байырқы жеріне дейін жауладым,

Осыншама жерге дейін жорыттым [87,43-44].

Тасқашау жазуындағы негізгі стильдік ерекшелік - бірінші жақтан баяндалуында. Бұл мәтіндер Күлтегін мен Тоңұқық атынан баяндалған, яғни басты кейіпкерлер – айтушының өзі. Осы ескерткіштердегі жазбалар Күлтегін, Тоңұқық сияқты батырлар атынан айтылғанымен, оны тасқа жазған екінші авторлар бар. Сол қағандар жайындағы шежірешілер – хат иелері. Мысалы:

Сол аялдама жерге

Мәңгі тас қалаттым, жаздырдым,

Бұған қарап мынаны біліңдер –

Ол тас... тым

Бұл жазуды жаздырғанның

аты – Йоллық-тегін [87,46].

Білге қағанның жарлық сөзін, шежіре – тарихын жазған оның өз туысы Йоллық, яғни тарихшы шежіреші.

VІІІ ғасырда жазылған бұл ескерткіштер жазба әдебиет нұсқалары болып есептеледі. Авторлар сол замандағы оқиғалар мен құбылыстарды баяндай келе, типтік фактілерді жинақтап бере білген.

Әкем қаған осынша...

Қырық жеті рет аттанады,

Жиырма айқас жасады.

Тәңірі жарылқағандықтан

Елдігін елсіретті,

Қағандығын қағынсыратты.

Жауын бейбіт етті.

Тізеліні бүктірді,

Бастыны еңкейтті [87,49].

Тарихи деректерді, оқиғаларды дәлме-дәл, ұсақ-түйек бөлшектеріне дейін тізіп баяндаған тұстарын очерктік нышандардың белгісі деуге боларлық. Күлтегіннің ерлігін сипаттаған жолдарда оның жеті жасынан қырық жеті жасқа дейінгі, одан дүниеден өткенге дейінгі өмірі сатыланып, әр жастағы жетістіктері баяндалады. Автор тек жетістіктерді ғана емес, түркі елінің басынан кешкен сәтсіздіктерді де, қиыншылыққа ұшыраған кезеңдерін де айқын көрсетеді:

“О, қасиетті Өтүкен қойнауының

халқы, бардың.

Біресе ілгері шаптың,

Біресе кері шаптың,

Барған жерде не пайда таптың?

Қаның судай ақты,

Сүйегің таудай жатты.

Бек ұлдарың құл болды,

Пәк қыздарың күң болды” [87,51].

Күлтегіннің басқа елге бағынышты болған түркі халқын біріктіріп, ел-жұрты үшін істеген ерліктерін баян етеді. Баяндау барысында дәлдікті сақтау мен ойды толық беру үнемі ескеріліп отырғаны байқалады. Түркі Қағанатының тұсында жазылған ескерткіште хан-Білге қаған, әскербасы-Күлтегін, ақылшы-Тоңұқықтардың қызметтері туралы баяндалған тұстары - таза деректерге негізделген шежіре – тарих. Бұл жазуларда түркі халықтарының белгілі бір кезеңдегі оқиғалары суреттеледі. Осы оқиғаларды баян еткен автор фактілерді іріктеп, екшеп, сұрыптауда мақсатына жеткен деуге болады. Түркі тайпаларының белгілі бір бөлігін билеп отырған қағандардың ел басқаруын, көрші тайпалармен қарым-қатынасын, соғысы туралы көзбен көргенін, естігенін тізе бермей, тарихи-әлеуметтік мәні бар, типті құбылыстарды әңгіме етуге тырысқанын байқаймыз.

Бұл ретте автордың өмір шындығын публицистикалық тұрғыдан баяндап көрсетуге талпынғанын көреміз. Ескерткіштерде түркі халықтарының басынан өткен оқиғаларды жәй ғана тізу мақсат етілмеген. Керісінше, автордың қабылдауындағы, түйсігіндегі, бейнелі суреттеуіндегі оқиға туралы әңгімелер жазылған. Л.Н.Гумилевтің “Түріктер сөз күшін реалды күшке санағанға ұқсайды. Өзінің 200 жылға созылған тарихында түріктер мифологиялық белестен өтіп, образды ой түйіндеуден бірте-бірте тарихи реалды ойлауға ойыса бастағаны байқалады” [88,68], – деген пікірі жәй айтылмаған. Күлтегін, Тоңұқық жазбаларынан сол заманда өмір сүрген ел билеушілердің дүниетанымын, қоғамдық, әлеуметтік көзқарастарын байқауға әбден болады. Бұл ескерткіштерге тән ортақ қасиеттер: түркі ұлыстарының өмір жолдары ұқсас, ел билеуде, жорықтарда, қолбасшылық еткенде бірдей тәсілдер қолданғанын байқаймыз. Күлтегін, Тоңұқықтардың басынан кешкен оқиғалары бастан-аяқ баян етілмей, болған оқиға, құбылыстарға баға беру жағы басым. Тарихи, деректі оқиғаларды соншалық дәлме-дәл, кейде ұсақ детальдарына дейін тізе баяндайды.

Күлтегін ескерткішінің авторы Йоллық өз заманының қайраткері ғана емес, ірі идеологі және публицисі десе артық болмас. Себебі, Йоллық Түркі Қағанатының қалай құрылғанын, батыр ұлдарының өмірбаянын, ерлік жорықтарын ғана баян етіп қоймайды. Қытай мен Табғаш билеушілерін, олар ұстанған саясаттың құйтұрқы әрекеттерін сынап, түркі халқын бірлікке шақырады. Өз қоғамында өмір сүріп отырған бектерінің алауыздықтарын ашына көрсетіп, келешегіне көз жүгіртуін сұраған тұстары түркі халқына деген қамқорлықтың айқын көрінісі екені даусыз.

“Түркі бектері, халқы, мұны тыңдаңыздар. Түркі халқын жинап, Ел еткендеріңді мұнда бастым, Барлық сөзімді айтар, Мәңгі тасқа бастым” деп автор өсиет етіп қалдырып отырғанын ескертеді. Автордың тарихи-саяси оқиғаларға баға беруі, оның себептерін жан-жақты ашуы, келешек жайлы терең толғануы - мәртебелі құбылыс.

Күлтегін ескерткішінің авторы VІ ғасыр ортасынан Тумын қаған билік құрып, Түркі ордасын құрған дәуірден бергі 200 жылдық тарихты сөз ете отырып, шындықты танудың, өткенді ой елегінен өткізудің жолдарын сілтейді. Тумын мен Естеміс қағанның ерліктерін екі-үш ауыз сөзге ғана сыйғызады. Автор 553 жыл мен 630 жылдар аралығында: “...ұлдары да қаған болды, Соңында ағасы інісіндей болмады, ұлдары әкесіндей болмады” дей келіп, табғаш халқының алдау, арбауына сеніп, түркі халқы елдігін жойғандығын өкіне баяндап, түркілердің жер-су үшін, халық болу үшін соғысқа аттанғанын сенімді баян етеді. Елтіріс қағанның халықты жинап, бірлікке шақырғанын, балалары Білге қаған мен Күлтегіннің белсенділігін де жан-жақты жинақтап көрсетеді. Автордың Күлтегін ескерткішінде өз заманының қоғамдық пікірінен шықпай, болып жатқан оқиға, құбылыстарға баға бергенде Түркі Қағанатының мүддесін көздейтіндігін ескерткіштің әр жолынан көреміз. Сол кезеңнің қоғамдық ой-пікіріне әрқашан ортақтасып отырған авторды өз дәуірінің публицисі деуге әбден болатын сияқты.

Бұл ескерткіштердегі очерктің деректік нышандары айрықша назар аудартады. Біріншіден, түркі қағандарының туған, өскен ортасы, жылдары нақты берілген. Екіншіден, жер-су аттарының нақты деректері бар. Мысалы: Орхон өзені, Өтүкен қойнауы, Алтай мен Жоңғар, Алатау сілемдері, Іле бойы, Хуанхэ өзені, Ордос жайлаулары. Үшіншіден, бұл ескерткіштердің нақты қаhарманы бар. Ол – халық. Түркі халқының белсенді әрекеті, қимылы негізгі обьекті болып алынады. Төртіншіден, түркі ордасының тарихын баяндаған Йоллық өз заманының белсенді публицисі. Демек, Орхон-Енисей ескерткіштері - сол кездің тарихи проблемаларын көтере білген, өн бойында очерктің деректік нышандары бар публицистикалық тарихи шығарма деп қорытынды жасауға негіз мол.




2.2. ШЕЖІРЕЛІК ЕҢБЕКТЕРДЕГІ ОЧЕРКТІК БЕЛГІЛЕР
Қазақ очеркінің тарихи тек-тамыры мен қалыптасу жолдарына ден қойғанда дәстүрлі шежірелік сипаттағы еңбектерді айналып өтуге болмайды. Ал, қазақ топырағында туындаған шежірелік сипаттағы еңбектердің сан ғасырлық тарихы бар. Бұл ретте, Захираддин Бабыр, Дулат Мұхаммед Хайдар, Әбілғазы Баһадүр-хан, Ұлықбек, Жалайыр Қадырғали би, Құрбанғали Халид, Өтеміс қажы, Шәкәрім қажы, Мәшһүр Жүсіп Көпей, Мұхаметжан Тынышбай сияқты тарихшы-қаламгерлердің бәрі де өз еңбектерін шежірелік сипатта жаза отырып, өмір дерегінің нақты болуына бірінші кезекте мән береді. Сондай-ақ бұл еңбектерде тарих жеке тұлғалардың өмірі арқылы зерделеніп отырады. Сөз жоқ, бұл қасиеттер тарихи очерк жанрының негізгі қасиеттері екеніне ден қойдырады.

Ғұлама тарихшы Қадырғали Жалайырдың “Шежірелер жинағы” [89,19] ХІІІ-ХVІ ғасырлардағы Қазақстан, Орталық және Орта Азия тарихына қатысты маңызды тарихи дерек көзі екені талассыз. Жалайыр руынан шыққан Қадырғали Қосымұлының бұл шежіресін Шығыстану ғылымының көрнекті өкілі И.Н.Березин “Библиотека восточных историков” деген атпен шығарған жинағының екінші томының бірінші бөлімінде 1854 жылы бастырған. “Жами-ат-тауарих” деген атты И.Березиннің өзі шартты түрде қойған. Ғалымның пікірінше, кітаптың негізгі бөлімі Рашид-әддиннің “Жами-ат-тауарих” деп аталатын, парсы тілінде жазылған шежірелік еңбегінің ықшамдалып аударылған түрі делінген.

Қадырғали Қосымұлы – ХVІ ғасырдың екінші жартысы мен ХVІІ ғасырдың бас кезінде өмір сүрген. Ол тарихтан белгілі Тәуекел ханның жиені, Қасым қаласының ханы болған Ораз-Мұхамедтің әрі тәрбиешісі, әрі биі.

Автордың бұл тарихи еңбегі сол замандағы ортаазиялық жазба дәстүрде жазылған. Шежіренің басындағы жеті беті автордың өзі және өзінің ханы Ораз-Мұхамед тәуелді болған орыстың сол уақыттағы патшасы Борис Годуновтың әскери күшін және салтанатты байлығын дәріптеуге арналған. Бұл тұста автор баяндау тәсілін пайдалана отырып, бірнеше шағын сюжеттер кірістірген. Кітаби тілде жазылған және автор очеркке тән көркемдік компоненттерді кеңінен пайдаланғанын байқау қиын емес. Оған дәлел, біріншіден, автор шығармаға өзек етіп, тарихта болған адамдарды алған. Екіншіден, автор өз атынан сөйлеп отырады. Үшіншіден, бұл шежіренің деректемелік маңызы да айтарлықтай деуге болады.

Мағынасы мен құрылымы жағынан алғанда бұл еңбек те өзіне дейінгі еңбектерге ұқсас. “Шежірелер жинағы” үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімі - Ресей патшасы Борис Годуновқа арнау. Екінші бөлімі - “Жами-ат-тауарих” атты Рашид-ад-Диннің еңбегіне сүйене отырып жазылған тарих. Үшінші бөлімі - түгелдей Шыңғысхан әулеті ұрпақтарының шежіресі болып табылады.

Осы шежірелер жинағының очеркке жақындығын автордың өзі туралы аз да болса мәліметтер беріп кеткен тұсынан байқауға болады. Автор өзінің шыққан тегі, өмірбаяны жөнінде деректер бергенде Шыңғыс хан заманынан бергі ата-баба шежіресін таратады. Қадырғали Тәуекел ханның ордасында жасынан қызмет істеп келе жатқанын баса айтады.

Қадырғали Жалайырдың шежіре жазудағы басты мақсаты Ораз-Мұхаммедтің өмір тарихын жазу болған сияқты. Нақты деректерге сүйенсек, Ораз-Мұхаммед - атақты Тәуекел ханның інісі Ондан сұлтанның баласы. Арғы аталары Өріс (Орыс) хан, Барақ хан, Жәнібек хан, Шығай хандар - Алтын Орда, Ақ Орда және Қазақ хандығындағы беделді тарихи тұлғалар. Қадырғали Жалайыр кітабының басты кейіпкері – автордың замандасы, шәкірті Ораз-Мұхаммед. Демек, шежіре очерктің басты кейіпкері – Ораз-Мұхаммедтің өмір тарихы төңірегінде өрбиді. Ораз-Мұхаммедті Қасым патшалығына хан етіп тағайындап, таққа отырғызғандығы бүге-шүгесіне дейін айтылады.

Б.Годуновқа арналған бөлімнің тілінің түсініктілігі, жатықтығы туралы Ш.Уәлихановтың айтқан пікірі құнды: “Язык Жами-ат-тауарих совершенно джагатайский, очень близкий нынешнему киргиз-кайсацкому, имеет, впрочем, несколько слов и оборотов не совершенно ясных. По своему изложению она (книга) также замечательно. Здесь басен менее, нежели в Абулгази и Шейбани-намэ. Начало, или слово Борису, написано языком очень понятным и довольно витиевато, во всяком случае это замечательный памятник татарской панегирики” [90,158 -159].

Шежіренің екінші бөлімі Рашид-ад-Диннің “Жами-ат-тауарих” кітабынан алынған және автор басқа кітаптардан да материалдар алып отырғандығын “бұл туралы кезінде көп жазылған”, “айтылған” деген сөз тіркестерін қосқан тұстардан аңғаруға болады. Автор екінші бөлімде жан-жақты зерттелген материалдар негізіне сүйене отырып, сілтемелер жасайды. Тарихи оқиғаларды баяндап отырған автордың көптеген, әсіресе, иран, түркі тілдеріндегі тарихи материалдарға сүйенгенін байқау қиын емес. Қадырғали Жалайыр Рашид-ад-Диннің еңбегін пайдалана отырып, түркі халықтарының мәдениеті тарихында ерекше орын алатын мұра жазып қалдырған, түркі халықтарының бұрынғы тарихы мен қазақ хандығының ХVІ ғасырдың аяғына дейінгі шежіресін жасаған.

Екінші бөлімде түркі-монғол тайпаларының тарихын қысқа көлемде баяндап, ары қарай Шыңғыс хан аталары мен ұрпақтарын жіктеп шыққан. Үшінші бөлімде қазақ тарихына қатысты тың дерек-мәліметтер көп кездеседі. Осы бөлімде қазақ фольклоры нұсқалары Едіге, Тоқтамыс туралы жазылған халық мұралары кеңінен пайдаланылғаны байқалады. Автор өзі туралы айтқан тұстарында: “Дүниеде көп елдерде болып, көп оқыдым”,-деп жазады. “Жаhан ішінде дүниенің әр бұрышын кездім мен. Көп кітаптар оқып, көпті білдім мен. Әділдік пен ынсаптың хабарын да көрдім мен.

Бұндай қымбат сихауат падишах көргенім жоқ. Сенің қайырың таусылмас, қазынаңда малың түгемес. Төрт тарапқа тарқатып берсең де, еш кемімес. Кімде кім сенің шапағатыңа ұшыраса, өлсе де өкінбес” [89,19], - деп жазған. Қадырғали орыс патшасын ерекше мадақтап, өз елінің оған түгелдей тәуелді болып отырғанынан хабардар етеді. Осы орыс патшасын мақтап отырған сөздерінен автордың саяси-әлеуметтік көзқарасын айқын байқауға болады.

Құрбанғали Халидтың “Тауарих хамса” (Бес тарих) кітабы он тараудан тұрады. Ол - араб, парсы, түркі, қытай жазбаларына сүйене отырып, ғылыми тұрғыда түркі халықтарының тарихын жазуды нысана еткен. Әсіресе, қазақ халқының әдет-ғұрыпы, салт-санасы, “қазақ” этнонимінің шығуы, қазақ жерінде мекендеген рулардың шығу тарихы жөніндегі деректері құнды деуге болады.

Автордың ескертуіне қарасақ, “Тауарих хамса” еңбегін жазғанда тек естіген, көрген-білгендерін ғана жазып қоймай, әртүрлі ғылыми еңбектерге де сүйеніп, пайдаланғанына көзіміз жетеді. Оның ішінде: Ат-Табари (ІХ ғ.), Жүсіп Баласағұн (ХІ ғ.), Ибн-Халдун (ХІV ғ.), Мирхонд (ХVғ.), Әбілғазы (ХVІІ ғ.) т.б. озық ойлы ғалымдардың еңбектеріне сүйенген. Қ.Халид көп оқып, ізденіп барып, бес тарихты жазып шыққан. “Тауарих-хамса” – өмір шежіресі. Бұл еңбектің құндылығы - ол қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен, этнографиясынан жан-жақты мағлұмат береді. Әсіресе, қазақтың өзімен бірге жасасып келе жатқан ауыз әдебиеті мен мәдениетіне ерекше көңіл бөліп, олардың тәрбиелік, танымдық арналарына тоқталған тұстары да бар. Бұл жерде ескере кететін жайт, Қ.Халидтың бұл еңбегінде очеркке тән қасиеттер мол. Қазақстан мен Орта Азия жерін мекендеген тайпалар мен рулардың көне, бағзы тарихына үңілтетін тұстары тарихи очерктің еншісі деуге болады. Соның ішінде Алтын Орда, Көк Орда, Қараханид, Ақ Орда, Қазақ хандығы, Қоқан хандығы т.б. елдер тарихы мен жоңғар шапқыншылығына талдау жасалған.

Батыс Қытай, Шығыс Түркістан елінің қалыптасу кезеңі жөніндегі мәліметтер толығымен беріліп, сол қоғамдағы әлеуметтік жағдай жан-жақты қамтылған. “Алты шаhар ахуалы”, “Қашқардағы ақсақалдар билігі” атты бөлімдерді қызықты деректермен түйіндеген. Қашқар шаhарының тарихы, ондағы өмір сүрген билер, патшалар, әкімдер туралы нанымды ойлар баяндалған. 1839 жылы алғашқы Қашқардағы ақсақалдар билігіне қол жеткізген Абдул Ғафур дегеннің сайланғанынан бастап, Шоқан төренің ақсақалдар рұқсатымен қалаға қалай кіргенін тартымды әңгімелейді.

Қ.Халидтың “Тауарих хамса” тарихи еңбегінде қазақ халқының әдет-ғұрыпы, діни-нанымдары, салт-санасы туралы нақтылы дерек-мағлұматтар мол. “Қарқара дуаны” деген тарауда “Қарқара” сөзінің шығу тарихына терең бойлай отырып, қазақ келіндерінің басына киетін сәукеленің бағалы киім екенін, қалыңдыққа келген күйеудің арнайы киім киетінін де бейнелі түрде бедерлейді. “Осынша нәрсені жазудағы мақсатымыз сол заманның әдет-ғұрыптарымен кейінгі буынды таныстыру, хабардар ету. Олар тұрмақ кешегі болғанның бүгін ұмытылып тұрғанын біз де көріп отырмыз” [91,178], - деп автор келешек ұрпақтың бойына жақсы қасиеттер дарыса, өмір көшінің алдыңғы сапында болса деген тілек білдіреді. Құрбанғали Халидтың өткен мен бүгінді салыстырып, өзгерістерді жіті байқауы типтік құбылыстарды іздеп, таба білгендігінің, өз заманының жаршысы болғанының куәсі.

Осы тұста С.Сейітовтің “Очерктің бір ерекшелігі – өмір құбылыстарына дереу араласып, оларды бұрын көруге, бұрын көрсетуге тырысады” [13,78] деген тұжырымы осы шежіре-тарихтың жазылу үрдісіне қатысты айтылғандай. “Тауарих хамсада” очеркке тән көптеген көркемдік элементтерді авторлық пайымдау, диалог, ойдан қосу т.б. тәсілдер арқылы шебер көрсете білген. “Қазақта мәйіт шығару” деген бөлімінде де дүниеден өткен адамға жасалатын жөн-жоралғыларға жан-жақты тоқтай отырып, ас беру, қазақ тайпаларының ең көне тағамы - қымыз туралы, қазақ тіршілігіндегі құдаласу мен қалың малдың өзіндік орындары жайын қызықты баян етеді.

“Тауарих хамсадағы” шежірелік очеркке тән сипаттарының бір дәлелі ретінде географиялық атауларға, жер-су аттарына кеңінен түсінік беріп, таратып жазу әдісін пайдаланғанын айтуға болады. Мысалы, Арқа атауының этимологиясы мен тау, өзен, көл атауларына тоқталғанда, автор өз қорытындыларын тұжырымды, әрі нанымды бере білген. “Менің таң-тамаша болатыным қазақ оқымаған халық деген лақап айтылады. Ал жағрафия, астрономия сияқты арнаулы пәнді оқымай, білуге қиын соғатын жердің белгілерін айырып, соған дәлме-дәл ат қойып сөйлейді” [91,177] деп халықтың көрегендігіне оқушының көзін жеткізеді. Қазақ халқының жыл санау, түнде жұлдызға қарап жол табу, ауа райын алдын-ала болжау, қазақтағы сақтық күндерін дәл, қызықты мәліметтер келтіру арқылы көз жеткізген тұстары очерк жанрының деректік, танымдық сипаттарын аңғартады.

Осы бөлімде автордың қажыдан қайтқанда жазған қағидалары да берілген. Бұл жол-сапар очеркіне ұқсас келеді. Бұл тұста “Тауарих хамсаның” авторы өзі басты кейіпкер ретінде көрінген. Автор өз атынан сөйлеп, “мен”, “біз” деп отырады. Құрбанғали Халид көрген-білгендерінің бәрін тізе бермейді. Автор өзі өткен жолда кездескен Варшава, Будапешт, София, Стамбул, Бейрут. т.б. қалалардағы халықтың тіршілігін, тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын зерттей келе, типтік фактілерді жинақтап беріп отырған. Мысалы, поляктардың ұстаған діні, табиғаты, түркі жұртшылығына мүлде беймәлім жағдайларды ғана Құрбанғали өзінің шығармасына өзек етеді. “Бейрут сұлу жерден орнап, ірілігі Димшаққа жақын. Таулары мен сарайлары елден бос емес, көбі носоролар мен христиан, тілі араби. Түрлі жеміс ағаштарымен тола, құрманы осында көрдік. Папурмен жүріп, жолшыбай бірнеше қалашықтар мен қос обаларға тоқтап, Хайфаға бір жарым тәулік аялдадық. Алты сағаттық жол артымызда қалды, тағы алты сағатта Яфаға тоқтадық. Айнала апельсин, лимон, мандарин сияқты жемістер, бүкіл Еуропа мен басқа елдерге апельсин осы жерден жіберіледі екен” [91,213] деген сияқты көрген-білгенінен мағлұмат беру, автордың алған әсерін білдіруден тұрады. Алған әсер мен ой-толғамдарын жеткізуде очеркке тән баяндау элементтері бел алып жатады. Бұл шежіредегі тек тарихи жағдай ғана емес, автордың жүріп-көрген жерлерінің өсімдіктер, хайуанаттар дүниесі жөніндегі ғылыми-зерттеу деректері очерктің сипатын таныта түседі.

Құрбанғали бұл еңбегінде шығыс елдерінің ішінде қазақ халқының тарихын толық қамтып, жан-жақты ғылыми тұжырымдар жасайды. Әсіресе, “Қазақ” атауының шығу төркініне дәйекті түсініктеме берген тұстары қызғылықты. “Қазақ” атауына байланысты халық арасындағы көптеген пікірталастарды ортаға сала отырып, бұрын-соңды жарияланған ғылыми кітаптарға, аңыздарға, қиссаларға сүйеніп, өз пікірін, көзқарасын білдіреді. Автор бұл шежіре тарихын баяндауда очерктің кейбір элементтерін пайдалана отырып, Қазақстан, Орта Азия халықтарының тіршілігін, қалыптасу кезеңдерін, басқа тарихта баяндалған кем-кетіктерді де түзетуге талпынған.

2.3. ХІХ ҒАСЫР МЕН ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ОЧЕРКТЕРІ
Қазақтың аса көрнекті ғалымы Ш.Уәлихановтан мол әдеби мұра қалған. Қысқа өмірінің ішінде Шоқан Азия және Қазақстан халықтарының тарихы, тілі, әдеби мұрасы, этнографиясы, географиясы туралы бірсыпыра еңбектер жазып, қоғамдық-саяси тақырыпта бірталай публицистикалық туындылар бере алды. Шоқан Уәлихановтың осы еңбектерінің ішінде Ыстықкөл, Тянь-Шань, Түркістан, Қашқария сияқты елді мекендерге арналған тарихи-географиялық шолуларының маңызы бүгінгі күнге дейін өзінің ғылыми күшін жоймаған мазмұнды дүниелер. Сонымен қатар, қазақ халқының тарихына, этнографиясына, әлеуметтік-саяси қарым-қатынастарына байланысты мақалаларының да маңызы орасан зор. Мысалы, “Қырғыздардың ата-тегі”, “Сахарадағы мұсылмандық туралы”, “Қырғыздағы шамандықтың қалдықтары”, “Көне дәуірдегі қырғыздардың қару-жарағы және әскери жабдықтары” тағы басқа еңбектері ғалымның тек тарихшы емес, әдебиетші, публицист екенін толық танытады.

Ш.Уәлихановтың орыс жазушыларымен, ғалымдарымен жазысқан хаттары қазақ әдебиетінің тарихы үшін ерекше маңызы бар дүниелер. Оның хаттары мен күнделіктерінен де публицистік дарынын толық аңғарамыз.

Сібір, Қазақстан, Моңғолия мен Орта Азия зерттеушісі орыс ғалымы Г.И.Потанин Шоқан еңбектері туралы: “Егер қырғыз халқының арасында Шоқанды оқи алатын орта болса, онда халқының кемеңгері, өз елі әдебиетінің қайта өркендеуінің басы болар еді” [92], – деп дұрыс бағасын береді.

Қазақ әдебиетінде очерк жанрында алғаш қалам тартқандардың бірі - Шоқан Уәлиханов екенінде дау жоқ. Себебі, бұл жанр Шоқан шығармашылығынан кең орын алған. Ғалым өз еңбектерінде очерктің сол кезде қалыптасқан дәстүрін жалғастыра отырып, “Жоңғария очерктері”, “Қырғыздар туралы жазбалар”, “Алтышаhардың немесе қытайлардың Нан-лу провинциясының (кіші Бұқараның) Шығыстағы алты қаласының жайы”, “Шығыс Түркістан, саяхат күнделігі” атты жазбаларында байқампаздық танытады. Қазақ, қырғыз, ұйғыр, қытай тағы басқа халықтардың тұрмыс-тіршілігін, саяси ахуалын, сол халықтардың өмірін жеңілдету жолын іздеу үстінде тебірене жазады.

1856-1858 жылдар арасында Шоқан Ыстықкөл, Құлжа, Қашқар саяхаттарына шығып, сол сапары туралы тарихи-географиялық очерктер циклын өмірге алып келді. Батыс Европа мен орыс әдебиетін жетік білген ғалым өзінің осы сапарларындағы еңбектерін очерктер деп бекер атаған жоқ. “Жоңғария очерктері” туралы академик Әлкей Марғұлан: “Шоқан күнделіктері көркем очерк мәнерінде жазылған, кейінгі шығармалары тіпті лирикалық шегіністерімен келіп отырады (“Құлжа сапарының күнделігі”, “Қашқария сапарының күнделігі”) [93], -дейді. Шоқанның өзі “очерк” деп атаған шығармаларының кейбірі оқулықтар мен зерттеу еңбектерде “ғылыми мақала” делініп жүр. Шын мәнінде жоғарыдағы еңбектердің мазмұнында, құрылысында, көркемдік компоненттерінде, жазылуында очерктік қасиеттердің басым екені еш күмән туғызбайды. Бұлар очерк ішіндегі жол-сапар очеркіне жатады. Шоқан Уәлихановтың 1856 жылғы “Құлжа сапарының күнделігі” атты жолсапар очеркіндегі болған оқиғалар өте қызғылықты баяндалған. Мұнда ғалым көрген-білгендерін көркем тілмен толғана жазып отырып, сол елді мекендеуші халықтардың тұрмыс-тіршілігі, тарихы, табиғаты, сол жердің ой-қырлары, өсімдіктері мен хайуанаттарына дейін тәптіштеп суреттейді. Жоғарыдағы екі очеркте де басты кейіпкер – Шоқан. Ол көрген-білгендерін өз атынан баяндайды. Мұнда Шоқанның өз көргенін өз атынан баяндауының себебі, оқушыны болған оқиғаға иландырып, дәлелді әрі әсерлі жеткізуді көздегендіктен.

Саяхат жанрының анықтамасын Н.Г.Чернышевский: “Бұл жанр тарих, санақ, ғылым, жаратылыстану элементтерін өз бойына сіңіреді, сонымен қоса автор өзінің басынан кешкендерін, ойлары мен сезімдерін, басқа адамдармен дидарласқанда алған әсерлерін ортаға салады. Саяхат – бұл өзі ішінара роман, ішінара анекдоттар жинағы, ішінара тарих, ішінара саяхат, жаратылыстану” [94], – дейді.

Ш.Уәлиханов өзі көрген халықтардың тіршілігін, тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын терең зерттей келе мол фактілер мен деректер жинақтауға алдымен ден қойып отырады. Мысалы: “Қашқарлық дәстүрдің жақсы жақтарының бірі әйел басына берілген бостандық деп білуіміз керек. Әйелдер жиылыс атаулының баршасына да қатысып отырады, тіпті әйелдерсіз мәжіліс шақырылуы да мүмкін емес. Ал енді қытай мәдениетінің сырттай тигізген ықпалы әрбір тараншының қолына ас жейтін екі шыбық ұстатып, беліне шашақ байлатып, басына шашақты қытай бөркін кигізіп, безендірумен ғана тыныпты. Бұл халықтың басына еш уақытта да бостандық тиіп көрген емес; осы құлдық пен тәуелділіктің әсерінен бұлардың жүздеріне бір түрлі бір жабырқап мұңайғандықтың, қайғылы үмітсіздіктің ізі түскен” [19,366],- деп тұжырымдайды. Мұнда автор қашқарлық салт-дәстүрдің жақсы жақтарымен қатар қытай мәдениетінің тигізген ықпалына тоқталған тұста Іле ұйғырларының басындағы ауыр халді, қайғылы үмітсіздікті жіті аңғарғанына куә боламыз.

Қытай офицерлерінің тәңірге табынатын жерлерін көрсеткендегі әсерін ғалым былай суреттейді: “Ғибадатхананың ішінде перде тұтқан үш есік бар, ортада тұрған столға бір аяқ тұз қойыпты. Қабырғадан үңгіп салған қуыстағы оюлаған сөренің үстінде былшиып, мол жібек шапан киген, қытай пішіндес, шұбатылған ұзын мұрты мен сақалы және самай шашы беліне түскен, алтын жүзді Гуань-Лая деген семіз құдайы отыр екен. Кеудешесі ашық” [19,373]. Шоқанның адамдар арасына діннің таралуы туралы ой-пікірлері назар аударарлық. Жол-сапар очеркінде дінге ғылыми тұрғыдан терең талдаулар жасауы, діннің танымдық төркінін дәлелді түсіндіруі ғылыми зекрдесінгің сергектігін көрсетеді.

Очерктің көркемдік элементтерінің бірі – портрет жасау шеберлігі. Шоқан очеркінен адам портретінің авторлық баяндаумен астасқан әсерлі де, әрлі үлгісін кездестіруге болады. З.Қабдолов: “Портретте адамның анатомиясын түгел қамтып, жіпке тізе беруі шарт емес. Әр портретте әр адамның ең бір ерекше сипаты ғана нақты, затты, қысқа, қызық суреттелгені жөн. Портрет сонда ғана ұтымды шықпақ” [95,152 ],- деп атап көрсетеді. Демек, портретті оқығанда суреттеліп отырған адамның ең айрықша белгілері ұрымтал әрі дәл бедерленуге тиіс. Шоқан очерктеріндегі портреттер кейіпкерлердің іс-әрекетіне орай суреттелген. Жоғары мәртебелі ұлықтардың ішінде назар аударуға тұратын екі адамның портретіне тоқтала отырып, қалғандарының кейіптері назар аударуға тұрмайтын ғажайып бір топас, кещелердің сиқы сияқты деп ескерте кетеді. “Туғолдайдың өзі бір дәу көзілдірік кисе де, сықсиған көзі шала көретін, қаршыға тұмсық, арық шал екен. Сәл қисықтау жаралған аузының үстіңгі еріні құдды бір үшбұрыш тәрізді екі шеті екі езуіне тіреле төмен түсіп, орта дені жоғары қарай көтеріліп, шошайып тұр. Сол ернінің үстінде қылтиып, бірнеше тал мұрты көрінеді, сүйірлеу келген кеуік иегін тақырлап қырып қойыпты. Бірі көк, бірі қоңыр кішкентай тістері жарыса құбылып, ақсиып тұр. Жасына қарағанда өзі өте ширақ, тым сөзуар жан екен. Үстіне жібек шапан киіп, қара белбеумен буынып, оған шылым дорбасы мен желпуішін іліп алыпты” [19,378], – деп очеркші Туғолдайдың кескін-келбетін, сөйлеу мәнерін, мінез құбылысын суреттеу үстінде кейіпкердің көңіл-күйін, мінез-бітімін толық аңғарта алғанын көреміз.

Ұлы саяхатшы шай ішіп отырған адамдар ішінде тағы бір кейіпкер Когалдайдың портретін де шынайы даралаған. “Когалдай бір құба жүзді кісі, желке жағы тақтайдай теп-тегіс боп жаралған, жұмыр басының алдыңғы жағына біреу көз бен ауыз, мұрын салып, арт жағына бұрымын жапсырып қойған тәрізді. Әзі де әлденеден шошып, әлі есін жия алмай отырған сияқты. Көздері күйзелген жанның көзіндей жайнай түсіп, үй қабырғасында ілулі тұрған ескілікті сағаттың әшекей мысықтарының көзіндей біресе оң жағына, біресе сол жағына қарай ойнақшып, шарлап жүрді...” [19,378],- деп бейнелейді. Бұл үзінділерден байқайтынымыз Туғолдайдың да, Когалдайдың да өз ортасында назар аударарлықтай оқшау, тұлға екендігін байқауға болады. Осы екі адамның көп қырлы қасиетін ғалым мейлінше шеберлікпен әсерлі бейнелеп көрсеткен.

Очерктегі шынайы образдарға қатысты “Әдебиет туралы заметкалар” деген мақаласында А.Фадеев былай дейді: “Тек әңгімеде, повесте немесе романда ғана емес, очеркте де шынайы характерлер мен олардың қақтығыстарын беруге болатынын еске салғым келеді. Тургенев жазған “Аңшының әңгімелері” очерк екені даусыз, ал осында Тургенев бір топ шаруалардың, оларды қанаушы помещиктердің образын жасаған жоқ па?” [96,58]. Очерктің басты кейіпкері ретінде Шоқан көбіне “мен”, “біз” деп отырады. Бұл әдіс оның жол-сапар очерктеріне тән: “Біз оларды есікке дейін шығарып салдық”, “Біз жолшыбай өңкей бір ханымдар мінген дәу арбаларға әлсін-әлсін кездесе бердік”, “Біз қонған қалмақ үйінің ішіне ошақ қазып, қазан орнатыпты”, “Мен бостан-бос қарап отырған соң, бөлменің ішіне көз салдым”, “Соңғы күндері менің тісім қақсап ауырып, қатты азап шегумен болдым”, “Мен тым көп сөйлеп лағып кеттім ғой деймін” т.б. тұрғыда өз атынан баяндалатын оқиға өрістеулері, қызықты сюжеттер көп кездеседі. Осы жерде көркем шығармадағы автордың “мені” туралы айтқан М.Қаратаевтың: “Автордың парасатты “мені” көзбен көргенін философиялық және публицистикалық жағынан жинақтап, оған лирикалық әр береді де, аталмыш құбылыс атаулыны бір-бірімен байланыстырып тұратын кіндік тамыр қызметін атқарады” [97,131] деген пікірі өте орынды.

Очеркші қытай қоғамындағы әйел бейнесін суреттеу үшін образ боларлық адамдар іздеп, сол ортаның типтік қасиеттерін танытуға тырысады. Бұл очерктің тағы бір қаhарманы - қытай әйелінің мінезін, рухани дүниесін, ой-сезімін шыншылдықпен суреттей алған. Очеркші бейнелеген қытай әйелі бір топ адамның жиынтық бейнесі сияқты оқырманның көз алдына елестеп, есінде қалады.

Қытай елінің келген қонақтарға көрсететін дәстүрлі сыйы “қала ойраншыларының” өнерін тамашалату екен. Бұл қытайдың оқыған, мәдениетті адамдарының салты көрінеді. Шоқан қытайдың қала ойрандаушы сылқымының жан-дүниесімен, келбетімен оқырманды былай таныстырады: “Әдептілікке ұзақ шыдамай, әлгі әйел біздің үсті-басымызды көзбен тінтіп әбден қарап шықты. Қытайша жұрдай болғандықтан, біз қолмен көрсетіп, ымдап түсініскенсідік, бұған ол мәз болды. Біздің ерсілігімізге рахаттана күліп, көңілге алмаған сыңай білдірді. Бұл бойжеткеннің жасы жиырмаларда, бірақ сол жастығына қарамастан реңі солғын, былайша айтқанда, тозығы жеткендей екен. Қытай талғамымен қарағанда, бет-әлпеті келісті, әдеміше келген еді” [19,420]. Автордың бұл сөздерінде астарлы әжуа бар. Атына заты, әрекетіне түрі сай, бітім, мінез, қылық - қимылының бәрі “қала ойраншыларының” типтік тұлғасына түгел сыйып тұр. Ғалым қытай қоғамының әлеуметтік ортасындағы кедергі - кеселді, кесапат - келеңсіздікті ащы да болса ашық жазады. Қытай қалаларындағы “аздырушы әйелдердің” сол кездің өзінде мыңдап саналатынына нақты мысалдар келтіре отырып, осы құбылысқа публицист ретінде өз көзқарасын білдіреді. “Пекин түбіндегі бір қалада жыл сайын өтетін жәрмеңкеге сондай әйелдің жеті жүзі жиналады екен. Хуанхэ өзенін бойлай жүрген адам жолаушылардың рахатына жаралған нәзік жандар тұратын лашықтарды он шақырым сайын кездестіруге болады. Әйелдің ар - ұяты деген мәселе қытай заңында жолға қойылмаған, олар ашықтан - ашық азғындыққа салынуға мүмкіндік табады. Қытай қыздары он беске толысымен - ақ кәрі-құртаң күнәhәрлардың жан рахатына садақа болады” [19,424], – деп очеркші көзбен көрген шындықтарды іріктеп, екшеп, шығармашылық електен өткізіп, оның әлеуметтік астарын ашып, қоғамдағы кері әсеріне назар аударады. Сол заманның өзекті мәселесі “жезөкшелік” бүгінгі күннің айтарлықтай күрделі проблемаларының бірі ғана емес, бұл қауіпті дерт - бүкіл қоғамның алға басуына үлкен кедергі болып отырған, күн тәртібінен түсіп көрмеген күрделі әлеуметтік кесел. Шоқанның ой-зердесі мен қаламгерлік қарымы бұл мәселелерге салмақ дарытып, сол ортадағы әлеуметтік-саяси және мәдени-рухани жағдайдың тарихи болмысын дәл бедерлейді.

Шоқан Уәлихановтың Орта Азия мен Шығыс Түркістанды зерттеуші ретінде сіңірген еңбегі ғылым жүзінде толық мойындалған. Оның еңбектері сол кездің өзінде орыс, ағылшын, неміс, француз тілдерінде жарияланған. Ғалым еңбектерінің ғылыми маңызы, байқампаздығы мен білімпаздығы туралы атақты орыс ғалымдары П.П.Семенов-Тянь-Шанский, М.М.Венюков, Н.А.Аристов, И.В.Мушкетов, т.б. өте жоғары баға берген. Ғалымның Жоңғарияға қалай барғанын елестететін күнделігінде “Июньнің 28 күні мен Қапал қаласынан 30 шақырымдай орналасқан Қарамса деген жердегі керуенге барып қосылдым. Бұл Семейде тұрушы азиялықтар жабдықтап, жолға салған жеті адамның меншікті керуені болатын. Оның жорық құрамында бір керуен басы, жеті приказчик, отыз төрт қызметшісі бар еді. Керуеннің алты киіз үйі; 101 түйесі; 65 аты және күміспен есептегенде 18.545 сомдық тауарлары бар болатын. Керуен басымен мәслихаттасып алғаннан кейін мен Әлімбай атанып, әкем марғыландық, өзім Қоқан хандығының қол астына қарайтын кісімін деп таныстым” [19,433],- деп бастайды. Ғалымның Қашқарға бару себебі, оны жан-жақты зерттеп, саяси және экономикалық ахуалымен кеңінен танысып, бұл елді ерте замандардан бері мекен етіп келе жатқан халықтардың тарихы, этнографиясы жөнінде материалдар жинауды мақсат етуінен туған. Шоқан Уәлиханов Қашқарда алты айдай тұрып, сол уақыттың ішінде Қашқар қаласымен жақын танысып және Алты шаhар елін де жақсы біліп алады. Алтышаhар деп Солтүстік Тянь-Шань таулары мен Оңтүстігі Куэнь - Лунмен қоршалған қалалар: Ақсу, Үш-Тұрфан, Қашқар, Янышар, Жәркенд және Хотан қалаларын атаған. Қоқан хандығындағы бұл қалалар Азия халықтарымен сауда-саттық жасасып, саяси байланыстары үзілмеген күйде өмір сүрген.

Шоқанның “Қашқария сапарының күнделігіндегі” бір ерекшелік – табиғат көріністерін сол күйінде көз алдыңа елестетіп, оны халық өмірімен тығыз байланыстыра білуі. “Шынында да Зауқы шатқалының жоғарғы жағы, әсіресе соның дәл басталар жеріндегі үстірті өте суық екен, онда күні-түні бірдей қар жауып тұрды, түнге қарай сәл аяздатып, су бетіне қабыршықтанып мұз қатты, кейбір жерлер тоңазып қалды. Айнала мәңгі қар жамылған асқар таулар. Бұл жерде біз ауасы ауыр болып, тынысымыз тарылғандай еш нәрсе сезе қойғанымыз жоқ” [19,440]. Бұл - Шоқан очеркіндегі табиғат көрінісі адам көңіл-күйімен астасып, оның өзі мәнерлі сөз, көркем суреттемелер арқылы әсерлі баяндалып отырады.

Саяхатшылар керуеннің Зауқы асуында қарақшылар шапқыншылығына ұшырау сәтін толық сюжет деуге болады. Очерк өмір шындығын оқушыға көркем құралдар арқылы жеткізеді десек, соның бірі – сюжет болып табылады. Осы жерде М.Горькийдің сюжетке берген классикалық анықтамасына тоқталсақ: “Сюжет деген – адамдардың өзара қарым-қатынасы, байланысы, қайшылықтары, жек-көруі, әр характердің, типтің өсу, жасалу тарихы болып табылады” [98,215]. Керуен Қызылсу өзенінен шығып, Зауқы шатқалына кіргеннен кейін екі күн өткен соң қырғыздармен тұңғыш рет айқасып қалады. Керуеннен бір ат жоғалып, ізге түсіп, тауға қарай өрлегенде қалың орманның мылқау түкпіріндегі ұрылардың үстінен шығады. Бірнеше адам ішінде Жанеттің інісі қолға түсіп, басқалары қашып кетеді. Жанеттің өзі керуен ішінде болады. Жанет қатты қынжылып, інісін аманатқа тастап, ұрланған керуен атын жеткізіп беруге уәде етіп кетеді. Бұдан кейінгі оқиғаны Шоқан былай өрбітеді: “Арада екі күн өткеннен кейін қос таңбалы Жанет жетпіс шақты қарулы қарақшыларын бастап келіп, керуенге тар шатқалда атой салып, тап берді. Бірақ қырғыздар мылтықтың оғынан серпіліп, кейін шегінді. Бұл айқаста үш қырғыз өздерінің бір таңбалы батырымен бірге біздің қолға түсті де, біз жақтан екі татар қарақшылардың қолына түсті және біздің екі жұмыскеріміздің басы мен қолына соққы тиіп, жеңіл жаралы болды. Ақыры бұл оқиға қолға түскен тұтқындарды айырбастаумен аяқталды. Керуенімізге қара болсын деп ертіп келе жатқан Борсық биіміз бұл оқиғадан қатты ұялып, бермек болған сыйымызды да сұрамастан жөніне тайып отырды, кейін ол Жанетке шабуыл жасапты деп естідік...” [19,439]. Мұнда очеркші өмірлік оқиғаның өрбуін, өрістеуін қимыл-әрекет үстінде көрсету арқылы суреткерлік шыншылдық танытып отырғаны айқын аңғарылады. “Қашқария сапарының күнделігінде” Шоқан қашқарлықтардың тұрмысына, мәдениетіне, дәстүріне, тарихына тоқталған қызықты тұстары да баршылық. “Қашқарда, асылы, алты шаhардың қайсысында болса да мынадай бір дәстүр бар, ол дәстүр бойынша жат жерден келген шетелдіктердің бәрі де сол қалаларда тұрған кезінде бір әйелмен неке қиып, соған уақытша үйленуі парыз болып есептеледі. Кіші Бұқараның тұрғындары уақытша некелесуге рұқсат етпейтін Ханафия имамның қағидаларын ұстанғанымен де, бұл дәстүр онда үстем болып отыр. Үйленушілер заңды түрде икемдеседі және күйеуден тек өзінің әйелін киіндіріп отыру ғана талап етіледі” [19,450] дей келе, жалпы тәртіптен шықпау үшін саяхатшылар осы дәстүрге бағынғандықтарын мойындайды.

Шоқан күнделіктерінен ерекше аңғарылатын нәрсе – оқиға аяғы белгілі бір жағдайға бейімделіп отырады. Автор өзі жүріп өткен жерлердегі халықтың тіршілігі мен тұрмысына бей-жай қарамай, сол тұста болып жатқан оқиғаларға, құбылыстарға баға беріп, оның тарихи-әлеуметтік мәнін ашып отыруға тырысқан. Бұл күнделіктердің публицистикалық жағымен қоса тарихи-танымдық тұрғыдан да құнды екенін атап өту керек. Жол-сапар күнделіктерінде Ш.Уәлиханов көзге көрінгеннің бәрін тізе бермеген, өмір құбылыстарындағы типтік фактілерді іріктеп алады да, соларға өз көзқарасын білдіре отырып, ой елегінен өткізеді. Мысалы, жаңадан келген Қоқан үкіметі туралы: “Қоқанда үкімет жаңарған сайын жаңа бастықтар өздерінен бұрынғы ескі бастықтарды әрқашан да осылай алдап, жер-жебіріне жете жәбірлеп, қорлаумен болады, қоқандықтардың бұрынғы ақсақалы мен оның баласына шетінен теріс айналып, қарым-қатынастарын кілт өзгерте қойғаны бізді кереметтей таң қалдырады, бұған дейін көп араласып, ең жақын боп жүрген адамдары енді оны танымай кетті, баласы, тіпті, өзінің ұсақ керек-жарағына, қажетті ақшаға да зар боп қалды” [19,452], - деп жаңа сайланған басшының тыңшылары Нәсіреддиннің дүние-мүлкін тәркілеуге дейін барғанын айтады. Нәсірединнің елге басшы болған тұсында Қашқарда тыныштық орнағанын, оның батыл адам болғандығын баяндай келіп, очеркші өмірдің шындығын бүкпесіз ашып көрсетеді.

Шоқан Қашқариямен жапсарлас Жоңғарияны да жан-жақты зерттеп, оның тарихына, этнографиясы, саясаты мен экономикасына ден қойып, жергілікті саяси қайраткерлермен, ғалымдармен, ақындармен таныс болған [19,397].

Шоқан Уәлихановтың түркі халықтарының тарихы мен этнографиясына, қазақ даласындағы әлеуметтік-саяси қарым-қатынастарға арналған ғылыми еңбектерінің маңызы зор. Бірқатар еңбектерінде Шоқан тарихшы, этнограф қана емес, публицист ретінде де айқын танылып отырады. Ғалымның әлеуметтік жағдай туралы пікір айтуы, күнделікті өмірге, өткен тарихқа байланысты біліктілікпен үн қосуы, жұртшылықты белгілі бір оқиға мен құбылысқа еліктіре білуі, оның очерктік еңбектерінің басты сипаттарының бірі.

Ш.Уәлихановтың “Қырғыздар туралы жазбалар” очеркі - аяқталмаған шығарма. Ертеден қалыптасқан мәдениеті бар қырғыз сияқты елді зерттеудің маңызы зор. Бұл очерктен Шоқанның тарихи, саяси-әлеуметтік, философиялық көзқарасы сол кездің өзінде-ақ қалыптасып үлгергені айқын аңғарылады. Шоқанның бұл очеркі он екі тақырыпшадан тұрады.

Шығармада автор қырғыз халқының өмірін, тұрмысын, тарихы мен этнографиясын, халық поэзиясын жетік білетіндігі, соның арқасында қырғыз халқы туралы тарихи-этнографиялық толымды еңбек жазылғандығы назар аудартады. Шоқанның бұл еңбегін “очерк” деуге жазылуы, композициялық құрылысы, көркемдік компоненттері дес береді. Қырғыз халқының тарихы, күн көрісі, тіршілігі, тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы терең зерттеліп барып, типтік фактілерді жинақтау негізінде жазылғандығы айқын байқалады. Шоқан халықтың жақсы-жаман жақтарын байқампаздықпен көре білген, әрі ерекше зеректік танытқан.

“Рақымсыздық пен тәкәппарлық манаптардың беделін көтеріп, даңқын шығарады. Мейірімсіз қаталдықты олар қайырымдылық деп атайды да, соның өзін әрбір әміршінің асқан ізгілік қасиеті деп дәріптейді” [19,216],- деп автор қырғыз халқының өмірін терең барлап, оның тағдырына жаны ашып, ниеттестігін танытып отырады. Очерктің кіріспесінде “қырғыз” деген атауға жан-жақты тоқтала отырып, этно-генеологиялық тарихына да кең мағынада терең түсінік береді. “Генеологиялық аңыз бойынша, қырғыз-қайсақтар екі түрлі нәсілден жаралған деп есептеледі: бірі – күн нұрынан жаралған асыл текті ақсүйектер де, екіншісі – құдай тобасы жоқ, басы жұмыр пендеден туған құл-құтандар деп аталатын қара халық. Төрелер, яғни, ақсүйектер қауымы болып отырған сұлтандар өздерінің түпкі нәсілін табиғаттан тыс, күн нұрынан жаралған десе, жай халық өзінің түпкі атасы ажалды пенде Алаш деп есептейді. Алатау қырғыздарының билеушілері де, жай қырғыздары да түпкі атасы бір және тегі жағынан да ажырағысыз бір нәсілден шыққан халық болып саналады” [19,203], - деп очеркші халықтың ескіден келе жатқан наным-сенімінің қажетті тұстарын өз еңбегінде шебер пайдаланған.

Алатау қырғыздарының мекен-жайы, шекарасы мен жер кеңістігі туралы тараушада қырғыз тайпасының Орта Азияның орасан көп жерін алып, Оңтүстікке қарай созыла мекендегенін баян етеді. Сонымен қатар ғалым қырғыздардың жерінің шалғайлығының салдарынан бүкіл қырғыз тайпасының халық санын анықтау тіпті мүмкін емес екендігіне көз жеткізген. Очеркте Ш.Уәлихановтың типтік фактілер мен құбылыстарды жинақтап, тақырыпты алдын ала зерттеп, көркем жаза білгенін аңғару қиын емес. Шоқан Орта Азиядағы басқа халықтармен қырғыздарды салыстырып, ылғи ортақ белгілерін алып отырған. Мысалы: “Алатау қырғыздары Азиядағы мал баққан басқа халықтар сияқты бір-біріне тәуелсіз бірнеше руға бөлінеді. Олардың жайлаулары бүкіл Куэн-Лун қыратын алып жатады, яғни, Орта Азия жотасы деп аталатын Бадахшан мен Памир үстіртінен бастап Шу өзені және Ыстықкөлге дейін, одан әрі Ілеге құятын Текес өзеніне дейін көсіліп жатады. Осылай болғандықтан да Алатау қырғыздарының мекен-жайын дәл анықтап шығу қиын, тіпті мүмкін емес десе де болғандай” [19,205],- дейді. Бұл очерктен Ш.Уәлиханов қырғыздардың ерте заманғы тарихымен терең шұғылданғанын көреміз. Әсіресе қырғыздардың Енисей, Тянь-Шань тауларын, Памир мен Алтайды бір уақытта мекендеу фактілерін тауып, тарихын анықтауға талпынғандығының маңызы зор. Ғалым тек жазба мәліметтерге ғана сүйенбей, аңыз әңгімелер мен шежірелер негізіне жүгіне отырып, Фишер мен Левшин деректерінің кейбір тұстарын теріске шығарады. Сөйтіп, очеркші қырғыздар туралы очеркінде айтылар тың ой-тұжырымдарын өзі жинаған мәліметтер негізінде орнықтырып отырады.

Ш.Уәлиханов өз очерктерінде табиғат көріністерін суреттеуде жітілік танытып, өзіндік сезім-әсерін білдіріп отырады. Табиғат көріністерін мейлінше дәл бейнелеуге мән береді. “Ыстықкөл-Алатау ордасының қыстауы” тараушасында: “Олар мұнда бидай сеуіп, сосын егін жинайтын кезге дейін маса-шыбыны аз салқын аңғарларға көшіп барады. Жырғалаңнан Ақсу мен Қызылсуға дейін бұғы, солтүстігінен сарыбағыш жайлайды. Жырғалаң өзенінің бойының шөбі шүйгін болғандықтан, мал қыстауға қолайлы деп есептеледі. Көл маңындағы тегістіктер, әсіресе Жырғалаң аңғары қысқы мал тебіндетуге сақталады. Ал көктемгі жайылым ретінде малды жүдетпейтін, шыбын-шіркейі жоқ салқын тау асулары пайдаланылады. Әрине, құрғақ, шөбі жоқ, қыста ықтасын болатын қамысы да жоқ жерде жазғы жайлауы тек қана тау асулары болатыны түсінікті” [19,206],- дей келе, алыс жайлаудағы, қыстаудағы қарапайым халықтың өмірін очеркші көркемдік нақышпен оқырман алдына тартады. Ғалым Ыстықкөл маңындағы табиғат құбылыстарын ғана танып-біліп қоймай, Алатау қырғыздарының тілі, әдет-ғұрыпы жөнінен де мол дерек жинаған.

Ерте заманның ескерткіштері тараушасында көшпелілердің күн көрісінің көзі – мал екенін баса айтады. Ыстықкөл маңы ерте замандардан бері көшпелілердің мекені болғанын, Үйсін әулетінің пайда болуын қытай деректеріне сүйене отырып, “Чигу” деген астанасының болғанын айтады. Шоқан қырғыздардың ХVІІ ғасырға дейін Тянь-Шань мен Енисей арасында көшіп-қонып жүргендігі, ежелгі жолдарын жоңғарлар басып алғаннан кейін, көшіп-қону қиындағаны туралы нақтылы деректер келтіреді. Очеркте әр елдің сәлемдесу дәстүрі туралы автордың қызықты пікірлері бар. Әр халықтың сәлемдесу дәстүрі, сол халықтың төл сипатының айқын белгісі ретінде танылады.

“Жалқау, енжар түрік сәлемдескенде – кәйфіңіздесіз бе?” –деп сұрайды. Түрік өзінің жалқаулығымен әйгілі болған ел. Бүкіл Азияға мінезінің жайдарылығымен, сөз тапқырлығымен аты шыққан парсылар астарлап қана “Қош иісті әлеміңіздің хал-жайы қалай?”, – деп сұрайды. Орталық Гүлістанның немесе ішкі Қытай жұртының, яғни, өмір сүру ішіп-жеу үшін ғана өмір сүріп отырған жұрттың сәлемдесуі де ерекше қызық. Аспан асты патшалығының бітік көз баласы сізге күндіз кездессе де, түнде кездессе де, бәрібір: “Чели фани маю?”, яғни, “Қарныңыз тоқ па?”,- деп сұрайды. Қазақтардың сәлемдесіп, амандық сұрасуы да ерекше: мал-жаның аман ба?, – дейді олар” [19,211-212]. Бұл тұстан автордың әртүрлі халық туралы терең білімі, тұрмысын, салтын, психологиясын жіті аңғара алатындығы және сол аңғарғанын көркем тілмен, нәзік юмормен жеткізгені байқалады. Бұл очеркте қырғыздар мекендеген жерлердің географиялық қасиеттері тұңғыш рет суреттеліп, табиғаты, ауа райы, жыл мезгілдері, өзгешеліктері, орографиясы, тау-тасы, хайуанаттары мен өсімдіктер әлемі шебер тілмен жеткізілген. Әсіресе, төрт түлік мал, оның жейтін шөптерінің атаулары, Алатау қырғыздарының аңшылық, балық аулау сияқты кәсіптің басқа түрлерінен хабары жоқ болғандығы нанымды баяндалған.

“Әлеуметтік топтарға бөліну: манаптар және олардың маңызы” деген тараушада манаптардың беделін көтеріп, даңқын шығаратынын, қаталдық әрбір әміршінің асқан ізгілік қасиеті деп дәріптелетіндігін ашына жазады. Ол өз ұлтының да, өзге ұлттың да дарындылығы мен қабілетін зор сүйінішпен жазса, мешеулігі мен артта қалушылығына шын қынжылып, одан құтылудың жолдарын да іздестірген. Осы туралы Ядринцев: “Шоқан өз халқын сүюден айныған жоқ, ол европалық ағартушылық пен өз халқының ұлттық қасиетін ұштастыруды армандады” [99,39] – деп жазады.

Жұртын сүйген Шоқан өз халқының ауыз әдебиетін де жалықпай зерттеумен болды. Академик З.Қабдолов: “Ш.Уәлихановтың сөз өнері жайлы ғылымға қатысты еңбектері екі сала (ауыз әдебиетін жинау және жинаған нұсқаларын өзінше парықтау) екені мәлім” [95,73], - деп тұжырымдайды. “Қырғыздар туралы жазбалар” очеркінде Шоқан көп аңыздар мен өзінің жинаған халық ауыз әдебиетінің нұсқаларын талдап-тексеріп, оларды басқа елдер әдебиеті нұсқаларымен салыстырғандығы игілікті құбылыс. Аталған очеркте “Бұғы тайпасының аңызы” атты шығарманы қырғыз халқының өз ішінен жазып алып, қызық топшылаулар жасаған. Бұғы жануарына сипаттама бере келіп, халық арасында кеңінен таралған аңызды аса нәзік, сезімталдықпен баяндайды. Ру анасы болған мүйізді ана Ыстықкөлдің қамқоршысы деп саналады екен. Халықтың пікірінше оның рухы Ыстықкөл аймағын қорып, шарқ ұрып, ұшып жүреді екен деп аяқтайды. Аңыздың негізінде шындыққа жанасымды, көбіне тіпті өмірде болған, халық жадында сақталған оқшау оқиғалар жататыны белгілі. Аңыз болғандықтан мүйізді ана туралы аңыздың кейбір тұстарында әсіре қиял, фантастикалық хиқаялар қосылатыны заңды құбылыс.

Шоқан очерк жазу барысында фактілерді іріктеп, екшеп, сұрыптап ала білуге шебер. “Тарихи дерек” атты тараушада публицистикалық элементтер автордың баяндауларынан, толғаныстарынан анық сезіледі. Автор өзі баяндап отырған оқиға, құбылыстарға баға беріп, оның әлеуметтік мәнін ашып отырады. “Қырғыздар – Шығыс Түркістанның байырғы тұрғындары” тараушасында қырғыздардың алғашында Оңтүстік Сібірді мекендеп, ХVІІ ғасырдың аяғында қазіргі қоныстарына жер аударылып келгендігін, барша тарихи мәліметтерді, ғалымдардың қарама-қарсы пікірлерін саралай келе, халықтың өз аңыздары бойынша да қорытынды шығарған.

“Алатау қырғыздары үздіксіз соғысумен болыпты, яғни, дұрысын айтсақ, қазақтармен және қалмақтармен үнемі, өзара шабуылдасып отырған. Зюнгарлар тұсында қалмақтардың күші әр уақытта да басым болған және қырғыздардың Шу өзенінің бойынан Ғиссар мен Бадақшанға, ал енді қазақтардың Бұхараға үдере көшіп, қашып кетуіне себеп болған Галдан-Цереннің сұмдық қырғыны 1723 жылы болған. Қазақтар өз хандығының астанасы Түркістаннан айырылады” [19,251],- деп көшпелі қазақ, қырғыз елінің басынан кешкен оқиғаларды нақты тарихи деректер негізінде түйіндейді. Абылай ханның қырғыз ұлыстарына жасаған шабуылдары, Барақ сұлтанның Алатау қырғыздарын ойсыратқанын нақты да мол материалдар арқылы жеткізеді. Автордың ұлан-ғайыр тарихты зерттеп, өмірдің тынысын тап басып, сол кездегі түркі тектес халықтардың тұрмыс-тіршілігінен қыруар мағлұматтар бергенін аңғарамыз.

Шоқанның Ыстықкөл мен Тянь-Шанда саяхатта болған кезіндегі қыруар еңбегі туралы А.К.Гейнс былай дейді: “Шоқан қырғыз ақындарына барып, бұғы, сарыбағыш, солты руларының өмірімен және тұрмысымен танысады. Шоқан барған сайын солардың арасында ұзақ тұрып, ескі қырғыз уақиғаларына ден қойып, өткен-кеткенді жақсы білетін адамдармен әңгімелесіп, қырғыз ырчыларының жырлары мен әңгімелерін, ертегілері мен эпостық дастандарын мұқият жазып алып отырады” [100,353].

“Сөз өнері” деген тараушада қытай және мұсылман жазушыларының пікірлеріне сүйене отырып, қырғыздардың ертеде жазу-сызуы болғанын, мәдениеттің жоғары сатысына көтерілгенін ескертеді. Қырғыздардың рухани дамуының ескерткіштері проза және поэзия түріндегі ауызша эпикалық аңыздар дей келіп, халық поэзиясын бірнеше түрге бөледі. Олардың бас қаhармандарының ортақ сипаттарына нақтылы тоқтап, тарихи аңыздарының өзі фантастика элементтерінен құралақан еместігін дәлелдейді. Қырғыз халқындағы эпикалық жырларындағы өлшем және ұйқас мәселелеріне нақты мысалдар келтіре отырып, танымдық күшін көрсете білуі Шоқан очеркінің өзгеше сипаты деуге болады.

“Манас” эпосындағы Манастың, хан қызы Қаныкейдің портретін “Манас жыл санап емес, күн санап өседі де, он алты жасқа келгенде аты шулы батыр болады. Манастың жүрегі ерекше сезімтал, сұлу әйелдерді сүйгіш-ақ. Сезімталдығы, тіпті, барлық шектен асып кетеді. “...Ақ жүзі ақша қардай, алқызыл екі беті қарға тамған қызыл қандай...” хан қызы Қаныкейді алғанына місе тұтпайды” [19,248],- деп батырдың іс-қимылын, мінез бітімін, сезімін аша түседі. Шоқан өз очеркінде бұл портретті қиялынан шығарып жазып отырған жоқ, керісінше, эпикалық жырды тыңдап, оқып барып көңілге түйгендерінің негізінде баяндайды. Осы очеркінде Ш.Уәлиханов қырғыздың атақты эпосы “Манасқа” ерекше көңіл бөліп, ғылыми жолмен талдап, жырдың тарихи-этнографиялық мәнін терең зерттеп, халық даналығының жарқын айғағы екенін дәлелдеген. “Манас” – бір кезеңге және бір адамның – Манас батырдың төңірегіне топтастырылған барша халық ертегілерінің, хиқаялары мен аңыздарының, география, дін және салт-сана, әдет-ғұрып жөніндегі түсініктерінің энциклопедиялық жинағы” [19,248], - дейді автордың өзі.

Ш.Уәлиханов Манастың “Көкетай ханның өлімі және оның асы”,- деген үзіндісін орыс тіліне аударған. Осы үзіндіде тарихи, этнографиялық, тұрмыс-салтқа қатысты қызықты мәліметтер мол. Шоқанды бай мағлұматтардың ағыны әсте бейтарап қалдырмайды. Белгілі фольклор зерттеушісі Ә.Қоңыратбаев: “Шоқан “Манастың” негізгі кейіпкерлерін де халық батырлары ретінде бағалайды” [101,52], - деп тұжырымдаған. Қазақтар мен қырғыздардың халық шығармашылықтарын салыстыра келе, қазақтардың суырып салма сахара ақындары қырғыздарда жоқ деп қорытындылайды. Қазақ арасында батырлар жырының, аңыздардың, ертегілердің көп болатынын, музыканы жақсы көретінін айта келе, Алатау қырғыздарында өлең айтылмағанын, тек “Манас” поэмасы ғана өзінің тілі мен сипатына қарай халықтың төл шығармасы деп тұжырымдайды. Бұл шығармаға тарихи және әдеби тұрғыдан талдау жасап, қысқаша мазмұндайды. Осы тараушаның соңында Шоқан қырғыз халқының “Дала Илиадасы” деп бағалаған әйгілі “Манас” эпосын: “Тарихи жағынан алғанда бұл поэма Алатау қырғыздарының өткендегі әдет-ғұрыптары мен ұғымдарын дұрыс бейнелейтіндігімен және Таластан Ілеге дейін, одан әрі Қашқарға дейінгі жерлерде мекендеген түрлі халықтардың кездесіп отыратындығымен құнды” [19,250], - дейді.

“Очерк – эпикалық, суреттеушілік әдебиеттің бір түрі, ол басқа түрлерден (роман, повесть, әңгіме) айқын мағлұматтылығымен ерекшеленеді, яғни очеркте нақты өмірде болған оқиғалар белгілі дәрежеде дәлірек бейнеленеді, оған қатысушылар өмірде болғандар” [17,231],- деген анықтамаға Шоқанның қырғыздар жайындағы очеркіндегі нақты мағлұматтар сәйкес келеді. Мысалы, 1723 жылғы Галдан-Цереннің қырғыны, 1360 жылдары өмір сүрген Есім ханның өміріне байланысты деректер, 1770 жылғы Абылай жорығының даңқы, 1851 жылғы қыпшақтар билігінің мүлдем жойылуы туралы деректерді бергенде очеркші өмір шындығын біртұтас нақтылы айғақ-деректер арқылы бейнелеп, көркемдік тегеурін көрсетеді. Әлеуметтік, экономикалық астары терең фактілерді очеркке негізгі тұғыр етіп алған.

Очерктерінде мол да терең мағлұматтар жинаған ғалым кейбір оқымыстылардың, қырғыздар туралы тарихи мәліметтерді көрсетудегі қателіктерін, К.Риттер, Шотта мен Клапроттың еңбектерін сынаған тұстары да баршылық. Бұдан Ш.Уәлихановтың қырғыздар жөніндегі тарихи мәліметтерді жақсы білгендігін, ғылыми өресінің биіктігін көреміз. Шоқан Уәлихановтың осы очеркіндегі ғылыми тұжырымдарының бүгінгі күнге дейін өзінің маңыздылығын жоғалтпай отырғандығы да осындай қасиеттеріне байланысты болса керек.



Біз әңгіме еткен Шоқан Уәлиханов очерктері - ғалымның терең білімділігін, образды көркем тілін, асқан публицистикалық қабілеттілігін танытатын шығармалар. Автор осы очерктерінде зерттеу өрісіне жол аша отырып, қазақ әдебиетінің тарихында очерк жанрында алғашқылардың бірі болып қалам тартқандығы даусыз және очерк жанры нышандарының тарихы қазақ әдебиетінде бұрыннан барын дәлелдей түседі. Шоқан Уәлиханов очерктеріне тән ортақ қасиеттер - қоғамның әлеуметтік типтері мен мінездерін суреттеу. Шоқан өз очерктерінде нағыз өмір шындығын, өмірде, қоғамда бар реальды адамдарды кейіпкер етіп алады. Оқиғаның болған жері, уақыты, кейіпкер есімдері дәлме-дәл берілгендігімен құнды және саяхат тақырыбындағы очерктерінің толыққанды нұсқасына жатады.

Очерктік элементтерді қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының прозалық еңбектерінен де байқауға болады. Абайдың қарасөздері әрқайсысы оқшау жазылған қырық алты бөлек шығарма. Бәрі де қысқа-қысқа, мұнда өз заманының зор шындықтарын сөз еткен Абай моральдық, тәрбиелік ойларын көпшілікке ұсынған. Осы барлық қарасөз дейтін мұралары көркем прозаның бөлек түрі. Мұнда сюжет, оқиға атымен жоқ, ертегі, мемуар да емес. Ақынның өзі ойлап тапқан көркем сөздің түрі. Мұнда сыншылдық, ойшылдық, адымгершілік, мораль мәселелеріне арналған толғаулар десе болғандай. Абай Құнанбаевтан қалған публицистикалық мұраның маңызы туралы профессор Б.Жақып былай дейді: “Батыс және Шығыс мәдениетінің қайнарынан қанып ішкен ғұлама Абай шығармалары да – қазақтың жазба публицистикасының көрнекті үлгілері болғандығы айқындалған. Абай өлеңдерінде сол заманның – ащы шындығы, қоғам көрінісі, дала қазақтарының бүкіл тұрмыс-тіршілігі көрініс табады” [102,18]. Ғұлама Абайдың қарасөздеріне публицистика мәселелерін әр жылдары зерттеген ғалым Х.Бекхожин: “Стиль, идеялық мазмұн жағынан алғанда Абайдың қарасөздері – нағыз публицистикалық шығарма” [103,21],- деп баға береді. Расында да Абай қарасөздерінде өнегелі ақыл сөздер айтумен бірге, салғырттық, берекесіздік, қоғамдағы орнын таптай жүрген адамдарды қатты сынау жағы басым түсіп жатады және де осы әлеуметтік мәселелер күні бүгінге дейін өз шешімін таппаған күрделі проблема. Қарасөздер қазірдің өзінде жастарға өте қажет ақыл, данышпандық сөздер, тәрбие жүйесінің негізгі қағидалары десек қателеспеспіз. Барлық қарасөздерінің ішінде Абайдың қырық алтыншы сөзінің шоқтығы биік тұрады. Ол туралы М.Әуезов былай деп қорытынды жасаған: “Жалпы қарасөздерден мазмұн, тақырып жағынан өзгешерек тұратын – қырық алтыншы сөз. Ол тарихтық мақала-очерк тәрізді. Қазақ халқының қайдан шыққандығына арналған дәлелді, деректі қысқа зерттеу сияқты” [104,209]. Шынында да қырық алтыншы сөзінде Абай қазақтың арабтардан шыққанын құптап, біраз дәлелдер келтіреді. Адам баласының екі тараптан тарағаны туралы былай дейді: “... бірі - Үндістан тарапынан; ол жақтан келген жұрттардың көбі білімді жұрт болып, еретерек ғылымға үйір болып, қайдан шыққандарын білгендер; екінші – маңғұл жағынан келген; олар заманның көбін ғылымсыздықпен өткізіп, тауарихларын терең білмей, түбі ескерусіз қалып, ата-бабаларын ақсақалдарының айтуымен, ауыз хабарынан білгеніне қанағат қылып жүріскен. Соның бірі, яғни сол маңғұлдан шыққан халықтың бірі – біздің қазақ. Біздің қазақтың маңғұлдан шықпақтығы бізге ұят емес, бірақ біздің білімсіз, ғылымсыз қалмақтығымыз ұят” [105,165]. Осыдан кейін автор қалмақтың төрт атасынан тарайтынын, әр жердегі қалмақтардың жағдайы, арабтардың көшпелі халықтарды “хибаи” деп атау себептерін егжей-тежейімен түсіндірген. Исламның көшпелілер арасында таралуына, тағдыр талайлары бір халықтардың ортақ діні, салты, тұрмысы турасында тұшымды пікірлер айтқан. Осы Абайдың мақаласы туралы ғалым Тұрсын Жұртбай былай дейді: “Білген біліміне қанағат етпесе де Абай өзінің “Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы” атты мақаласында исламның көшпелілер арасындағы таралу жайынан хабардар еткен. Әуелде тәңіріге табынған қазақтың сенімін өзгерткен заманда да, сахабаларды тұңғыш көшпелілер даласына бастап келген қолбасшыны да дәл басқан” [106,176]. Абай Құнанбаев бұл шығармасында ертеректе болған, өз тұсындағы тарихи шындықты, қоғамдық құрылысты, сан алуан жағдайды сол қалпында бұлжытпай танытып беруімен тәнті етеді. Абайдың басқа қарасөздерінде де өзі өмір кешкен тарихи ортаның күнделікті өмірмен байланысын ашып көрсетіп қана қоймай, тәрбиелік ойларға жетелейді. Сондықтан да Абай қарасөздері қай кезеңде болмасын бағасы жоғарылай беретін мол қазына.

Баспасөз дәуірдің талабына ілесе, замана ағымымен жарыса отырып дамиды. Әр дәуірдің әдеби нұсқалары – мұның айқын дәлелі.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстан жерінде қазақ тіліндегі алғашқы газеттер шыға бастады. Бұл газеттердің негізгі мақсаты жергілікті халықтың мұң-мұқтажы, ел тіршілігіндегі маңызды оқиғалар мен құбылыстарға дереу үн қосу болды. Қай елде болсын әдебиеттің дамуында баспасөздің рөлі зор. Алғаш шыққан газет-журналдарда ауыз әдебиетінің нұсқалары, этнографиялық материалдар, атақты ақын-жазушылардың шығармалары да жарияланып тұрған.

Қазан төңкерісіне дейін шыққан баспасөзде қазақ жеріндегі саяси, экономикалық, шаруашылық, мәдени жағдайлар жан-жақты дәйектермен баяндалады. Бұл газет-журналдардың негізгі мақсаттарының бірі – патша үкіметінің отарлау саясатын күшейте түсу, оның бұйрық-жарлықтарын қарапайым халыққа жеткізу.

Қазақ баспасөзінің тұңғышы “Түркістан уалаятының газеті” екені белгілі, ол сол кездегі Түркістан генерал-губернаторлығының орталығы - Ташкент қаласында 1870 жылдың 28 сәуірінен бастап, орыс тілінде шығатын “Туркестанские ведомости” газетіне қосымша ретінде айына төрт рет, екі саны өзбекше, екі саны қазақша шығарыла бастады” [107,6],- дейді “Әлем баспасөзінің тарихы” атты кітапта.

“Түркістан уалаяты газетінің” ресми емес бөлімінде қазақ халқының шаруашылығы, мәдениеті, әдебиеті, өнері туралы материалдар басылып тұрды. Ол туралы: “Газет беттерінде жарияланған “1731 жылы Қазақстан Россияға өз еркімен қосылды ма?”, “Қазақ жеріне жоңғар, қоқан шапқыншылығы”, “Орыстардың орта жүзді жаулап алуы”, “Оңтүстік Қазақстанның Россияға бодан болуы” туралы мәселелермен қатар, қазақ даласындағы Кенесары хан, Сырым, Исатай-Махамбет батырлар бастаған азаттық көтерілістің жазылуы да куә” [108,8]. Бұл газетте тек қазақ халқының ғана емес, орыс, батыс елдерінің өнері, мәдениеті, тұрмыс салты, дәстүрі, ғылым салаларына байланысты материалдар да жазылып, басылып отырды.

Жазба деректерінің дамуында баспасөздің рөлі үлкен десек, соның ішінде очерк жанры да жаңалықтың жаршысы, өмір шежіресі екені даусыз. “Түркістан уалаятының газетінде” де осы әдеби жанр үлгілері көрініс тапқан. Жоғарыда аты аталған мақалалардың көпшілігі очерк үлгісінде жарияланған. Газет беттерінде очерктің портреттік, жол-сапар, проблемалық түрлері алғаш көрініс береді.

Қазақ қоғамының өмір-тіршілігінен жан-жақты мағлұмат беріп отыруды нысана еткен келесі бір басылым - “Дала уалаятының газеті” - Омбы қаласында 1888 жылдың бірінші қаңтарынан бастап 1902 жылдың он екінші сәуіріне дейін шығып тұрған. Бұл “Акмолинские областные ведомости” газетіне қосымша ретінде орыс және қазақ тілдерінде жарық көрген.

“Дала уалаяты газетінде” басылған көркем шығармалардың жанрлық түрлері көп болған. Оның ішінде халық ауыз әдебиетінің үлгілері, жазба әдебиеттің алғашқы қарлығаштары осы басылымда шыққан. Осы орайда: “Дала уалаяты газетінде” басылған шығармалар түрі, құрылымы, жанры жағынан алуан болып келеді. Оларды ХІХ ғасырдың аяқ шеніндегі қазақ әдебиетінің тарихы, идеялық мотивтері, тақырыптары, көркемдік ерекшеліктері және орыс әдебиетінің әсері тұрғысынан алып жан-жақты зерттеуге болады” [11,15],- деп Б.Кенжебаев орынды пікір айтқан.

Қазақ публицистикасының бастаулары осы алғашқы баспасөз қарлығаштарынан көрінеді. Көркем публицистикалық жанрдың бір түрі - очерк те осы ХІХ ғасырда шыққан газет-журналдарда кеңінен жазылып, ілгері дамыды. Қазақ очеркі осы кезде орыстың классикалық очеркінің озық дәстүрлерін өзіне үлгі ете отырып, жетіліп, дамығанын аңғаруға болады. Орыс очеркі қоғамдық-саяси күреске белсене қатысқан жауынгер жанр болып есептеледі. Орыстың көркем очерктері ХІХ ғасырдың беделді басылымдары “Отечественные записки”, “Современник”, “Русское слово” журналдарынан берік орын алып, бірінші болып замана оқиғалары мен құбылыстарына өз үнін қосып отырған. Орыс очеркі сапалық жағынан басқа әлеуметтік-тарихи жағдайларда өсіп-жетілгеніне қарамастан, қазақ басылымдарына жазатын очеркшілерге өзінің игі ықпалын тигізгені даусыз. Қазақтың ХІХ ғасырдың екінші жартысында шыққан баспасөзінде сол замандағы әділетсіздік пен өтірік-өсек дүниесін жою, әділдікті, шындықты орнықтыруға ат салысу ниеті басым тұрды.

Қазақ оқырманы тұңғыш рет “Дала уалаяты газеті” арқылы В.Жуковский, А.С.Пушкин, Л.Н.Толстой, Г.Н.Успенский, т.б. шығармаларымен танысқан. Осы жазушы-ақындар ішінде Глеб Успенскийге ғана тоқталар болсақ: “М.Горький “очерктің шебері” деп бағалаған жазушы бірде-бір роман жазбаса да, ХІХ ғасырдағы орыс әдебиетінің тарихынан классик жазушы қатарында орын алады. Сонда ол атаққа қандай шығармаларымен жеткен? Әрине, очерктерімен, публицистикалық толғауларымен, жоғарыда айтылған “Растеряев көшесінің ғұрпы”, “Жанды цифрлар”, “Жирен ат” және басқа очерктерімен жеткен. Г.Успенский осы туындыларында “жер билігін”, “капитал билігін” көркем суреттеп, реформа дәуіріндегі қайшылықтарға жазушы ретінде өз көзқарасын білдіреді” [10,17], - дейді очерк теориясын зерттеуші ғалым Төлеубай Ыдырысов.

“Дала уалаяты газетінің” беттерінде жаңадан қалыптаса бастаған жазба әдебиетінің нұсқаларының бірі - очерк жанры кеңінен көрініс тапты. Очерк жанрында оқу-ағарту, жаңа өмір салты, әйел теңдігі, ғылым, білім, тарих туралы көптеген материалдар басылып тұрған. Бұл очерк нұсқаларында қазақ халқын ізгілікке баулу, өнер мен білімге, адамгершілікке тәрбиелеу, жалқаулық, жаман әдеттерден арылуға шақыру жағы басым болды. Авторлар қазақ даласын жан-жақты зерттеп, танысып, ондағы көзі ашық, оқыған азаматтардың атқарған істерін үлгі ретінде ұсынуға талпынды. “Дала уалаяты газетінің” 1895 жылғы 25-ші санында басылған очерк Г.Н.Потанин мен А.В.Потанина туралы “Бір әйел адамның тіршілігіндегі ғылым үшін мехнаты” деп аталады.

Тарихтан белгілі, А.В.Потанина - орыс әйелдерінің арасынан шыққан тұңғыш саяхатшы, Орталық Азияны зерттеуші Г.Н.Потаниннің зайыбы. Г.Н.Потанинмен бірге Солтүстік Батыс Моңғолия, Қытай, Тибетке саяхат жасаған. Бірнеше еңбектер, оның ішінде “Буряттар” атты еңбегі үшін орыс географиялық қоғамының алтын медалін алған әйел. Бұл очерктің тақырыбы - орыс әйелінің ғылымдағы қол жеткізген табысы.

Осы газет “Айя-София мешіті” [109] деген В.Ивановтың очеркін 1895 жылғы 34-ші санында аударып басқан. Стамбулда салынған мешіттің салыну тарихы, архитектуралық ерекшеліктері туралы мәліметтерді мол берген.

“Дала уалаяты газетінің” 1896 жылғы 31-32 сандарында “Қазақ тілінде жазу турасынан” [109,316] деген ғылыми очерк жарияланған. Мұнда қазақ тілінің ерекшеліктері айтылып, араб алфавитінің қазақ тілінің дыбыстауына келмейтінін, орыс әрпімен жазылса келісімді болатынын ортаға салған. Очеркте автор қазақ халқының ауыз әдебиетінің нұсқалары - “Ер Тарғын”, “Нұртау”, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырларының Илья Николаевич Березин шығарған хрестоматиясына енгендігінен хабардар етеді. Қазақ тілінде араб, парсы сөздерінің көбейіп кеткендігін де тілге тиек етеді. Сол кездің өзінде қазақ тілінде өзгеріп кеткен сөздер көп, соларды қай жұрттан алғандарын жылдам таба қою қиын екендігін автор қынжыла жазады. Автордың “Едіге”, “Тоқтамыс-хан” жырларын талдағаны, Шортанбайдың “Зар заманы” туралы айтқан пікірлері мен түйіндері құнды. “Бөтен бір түркі лұғаттарыменен қазақтарға жазып, оқу қиын болады, оның бір жаман жері қазақтар баяғыдан қалған мысал сөздерді, ертегі жырлардың әдет рәсімдерін ұмытуға да себеп болады” [109,319] деп тұжырымдайды. Очерк соңында “Дала уалаяты газетін” “Қырдың қазақ газеті” деп өзгертуді ұсынған. Очерктің авторы осы газеттің шығарушыларының бірі – Д.Сұлтанғарин.

“Дорджи Банзарұғлы” деген автобиографиялық очеркте де көркемдік компоненттер мол кездеседі, танымдық, эстетикалық қызметі де айтарлықтай деуге болады. Бұл очерк газеттің 1896 жылғы 22-санында басылған. Буряттың атақты ғалымы Д.Банзарұлының дүниеден қайтқанына 40 жыл толуына орай берілген. Мұнда автордың очерк жанрының образ жасау тәсілін дұрыс меңгергендігін байқаймыз. Дорджи Банзарұлының жастайынан ұқыпты, оқуда зерек, алғыр болғандығын шыншылдықпен суреттеген. 1846 жылы “Моңғол халқының қара діні турадан” деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғағанын, ғылымға көп пайда әкелгенін, ғалым еңбегінің жемісі деп бағалайды. Очерктің авторы “Н.К.” деп қол қойған. Бұл жерде біз автордың өз очеркіне кейіпкер етіп алған Д.Банзарұлының ісімен, тағдырымен жете таныс болғанын, оны шын ұнатып барып тәуір очерк жазғанына куә боламыз. “Банзарұғлы ашық еді, елдің бәрімен жылдам жақындасып, бірінің-бірі мінезін, ойын жылдам біліп кетуші еді де, оған аналар, оларға бұл пайдалы еді” [109,287]. Очеркист бұл кейіпкерді оқырманға таныстыру барысында үлгі-өнеге, жаңаның жариясы, үлгілі істі қостаушы деп ұсынып отырған сияқты.

1896 жылғы 30-шы санында басылған А.Е.Алекторовтың “Торғай газетінің бір нөмірінде” [109,313] сыни очеркі А.В.Васильевтің “Исторический очерк русского образования в Тургайской области и современное его состояние” деген кітабына арнағандығын, оның ұғымсыз тілмен жазылғандығы, мектептердің ішкі жағдайын емес, сыртқы түрін ғана айтқанын сынайды. А.В.Васильевтің очерк кітабының құны өте қымбат екенін, ішіндегі мазмұны мұндай құнға тұрмайтынын автор өз очеркіне арқау еткен. Мұндай сыни очерктер қазақ арасында оқу-ағарту мәселесінің дұрыс шешілуіне игі ықпалын тигізді десек артық болмас.

ХХ ғасыр басындағы қазақ басылымдарының белсенді авторларының бірі – Міржақып Дулатовтың “Хан Абылай” тарихи очеркінің де маңызы зор. Бұл тарихи очеркте автор Абылай хан туралы ел аузынан жиналған деректерге сүйене отырып, Абылайдың ХVІІ ғасырда өмір сүргендігін, 48 жыл хан болып, қазақ халқын бірлікке шақырып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған заманды әкелгенін шыншылдықпен баяндайды. М.Дулатов Абылайдың игілікті істеріне ғана тоқталмай, Абылайдың тегі, оны елдің хан көтеруі, жаугершілік заманда ел басқаруы, батыр атануы, оның көрген түсі, бұл түсінің жорылуы, Абылай өлімі, одан қалған ұрпақтардың жайына жан-жақты тоқталып, жүйелі, нанымды суреттеп бере алған.

“Қазақ” газетінің 1913-1918 жылдар аралығында 265 нөмірі жарық көріпті. Редакторы – Ахмет Байтұрсынов. “Қазақ” газетінде М.Дулатов пен А.Байтұрсыновтың қазақ әдебиеті, мәдениеті, тарихы, экономикасы, әдет-ғұрыпы, заңдары туралы еңбектері жиі-жиі жарияланып тұрған.

М.Дулатов Абай Құнанбаевты “қазақ әдебиетін қалыптастырушы” деп Ломоносовпен салыстырады. “Қазақ жайы” деген очеркінде Міржақып қазақ халқының өткені мен бүгінін салыстыра отырып: “Бұрын бізге ғылым да, өнер де қажет емес еді. Кең далада еркін жүріп, еркін тұрып, мал бағып, бар керегіміз малдан табылып, басқа нәрселерді керек қыла қоймаушы едік” [110,31] дей келе, ‘‘дүние-бәсеке, жарыс’’, ‘‘дүние – бәйге үлестіруші деген түйін жасайды’’. ‘‘Қайтсек түзелеміз’’ деген сауалға жауап іздеп, оқырманды ойландырады. Бұл очеркінде автор белгілі бір жайды ортаға салып, сол жағдайдың мәнін ашуға талпынған. Осы орайда ғалым С.Байменшиннің мына пікіріне жүгінуге болады: “Очерктің публицистиканың басқа жанрларынан айырмашылығының өзі ең алдымен образдылығында. Екінші жағынан, очерк - әңгіме мен зерттеудің аралығындағы жанр. Үшіншіден, очерк белгілі бір жағдайға негізделіп, сол жағдайды дамытып, соның мәнін ашуға ұмтылып отырады” [111,32]. «Қазақ жайының» авторы сол кездегі қазақ өмірін зерттей келіп, тығырықтан шығудың жолын іздейді.

М.Дулатов “Шoқан Шыңғысұлы Уәлихан” деген өмірбаяндық очеркті жазып, ғалымның еңбектерін оқырманға таныстырғысы келген ниетін айтады. Автор Шоқанның туғанынан бастап, ата-бабасы, өскен ортасы, оқыған жерлері, достары туралы нақтылы деректерге сүйене отырып, өмірбаяндық очеркті өмірлік айғақ-мысалдар негізінде жазғандығын байқаймыз. Міржақып очеркте Шоқанның достарының пікірлерінен үзінді келтіріп, өзінің ой-толғамын да түйіндеп, нықтап отырады. Ұлы ғалымның өз халқын риясыз жақсы көргендігінің дәлелі ретінде өз сөзінен үзінді келтірген тұсы, кейіпкердің жан-дүниесін ашқан тұстары еңбекке айқын очерктік сипат дарытқан. “Мен әуелі қазағымды жақсы көремін, онан кейін Сібірді, онан кейін Россияны, онан кейін бүкіл адамзатты жақсы көремін... Орыс қазақты сабап жатса, мен қазаққа болысамын. Егер орысты француз сабап жатса, менің жүрегім - орыс жақта” [110]. Осы тұста очеркші халық рухын көтеретін тұсты дөп басып, бүкіл халықты жігерлендіріп, өз елін, жерін сүюге шақыратынын пайымдауға болады.

«Қазақ» газетінің 1917 жылғы 212-санында шыққан М.Дулатовтың “Тарихи жыл” [110,357] атты қысқа очеркінің мәні зор. Автор тек көрген-білгенін жалаң баяндап қоймай, очеркке жаңа мазмұн бере білген. Публицистикалық элементтерді жинақтап, құжат, цифрларды орын-орнымен жеткізе отырып, қазақ халқының өткен дәуіріндегі тарихы зор оқиғалар: қазақ-қалмақ соғысы, ақтабан шұбырынды, Ресейге бағынған шақ, Кенесары кезеңі, қазақ заманы, 1868 жылғы жаңа заңның шығуы - осының бәрінен де 1916 жылғы оқиғаның өзгеше болғанын ашып жазады. Ашынған автор енді өткен жылдардың үлкен сабақ болғанын айта келіп, қазақ ұлтын оянуға шақырады. ‘‘Қазақ’’ газетінің екінші редакторы болған Міржақып Дулатов тек очерк жанрында қалам тартпай, көптеген публицистикалық мақалалар жазып, қазақ баспасөзінің дамуына елеулі үлес қосқан қайраткер.

Міржақып Дулатовтың “Қазақ” газетінде 1913 жылы жарияланған “Қазақ жайы” очеркі қазақ халқының сол кезеңдегі басынан кешіп отырған қиындығын, ұлт дамуындағы кемшін түсіп жатқан тұстарын, келешекте керек ғылым мен өнерді игеру жолдарын сөз етеді. Автор осы очеркінде қазақтың төл мақал-мәтелдерімен өз ойын дәлелді түсіндіруді жөн деп тапқан. Мысалы: “Tіршілік – бәсеке, жарыс”, “Дүние – бәйге үлестіруші”, “Басыңның сауында бер садақасын”, “Ұша алмас салсаң бүркіт томағасын”, “Жығылған күреске тоймас” [110,31] т.б. Бұл очеркінде Міржақып мақал-мәтелдерді көркем құрал ретінде пайдалана отырып, сол кезеңдегі қазақ халқы басынан кешіп отырған күйді жан-жақты көрсетіп, одан шығу жолдарын іздестіреді.

Міржақыптың “Г.Н.Потанин жанында” деген қысқа очеркінде орыс оқымыстысының бұрыннан атына қанық болып, әдейі іздеп барып кездескендегі әсерін жазады. Қазақ фольклорын жинау керек екендігін орыс ғалымы үйреткендігін айта келіп, автор Петроградта ашылған Сібір қауымы, Омбыда Потанин партиясының құрылғанын, оның қарапайым халыққа қызмет етіп отырғанын егжей-тегжейімен жазады. Бұл очеркінде М.Дулатов Потаниннің өмір жолына тоқталып, оның қоғамдық қызметіне Сібірдегі әлеумет басшысы, білгір саясатшы деп баға береді. “Қазақ” газетінде “Пайғамбар заманы” [110,213] атты сыни очеркінде Міржақып бұл кітаптың тілі сұлу, түсінікті, айқын қазақша жазылған деп баға береді. Сол кездегі қазақ әдебиеті жайына тоқтала келе, газет, журнал, кітап шығаруда қазақ халқы әлі де баяу қимылдап отырғанының себептерін санамалаған очеркист, басылымдарды шығару мен тарату мәселесін қойған.

“Пайғамбар заманы” атты кітабын Мәкен Тұрғанбайұлы жазып, оның жарыққа шығуына Қалжан Қоңыратбайұлының көмектескенін қолдаған автор халық әдебиетінің, қиссаларының қазақ жерінде басылып шыққандығына оң ниетін білдіреді. Қазақта баспахана, кітап бастыру, кітап саудасының жоқтығы кері әсерін тигізіп отырғандығын М.Дулатов таратып айтып, осы жайларға кедергі келтіріп отырған кемшіліктерді мінеп, әлеуметтік, қоғамдық ойларын ортаға салған.

М.Дулатов “Абай” атты очеркін ұлы ақынның дүние салғанына 10 жыл толуына байланысты жазған. Абай Құнанбаевтың шығармалары тірі күнінде басылмау себебіне, Абай өлеңдерінің жазбасымен алғаш қалай танысқандығына тоқталып, ұлы ақынның қадірін қазақ халқы танымай болмайтынына байыпты талдау жасайды. Бұл очеркінде Міржақып қазақтың төл әдебиеті, тарихы төңірегінде өрбіткен ойларын, өзін толғантып жүрген қоғамдық проблемаларға орай іріктеп алып, әлеуметтік кеселден шығу жолдарын сілтейді. Міржақып Дулатов “Қазақ” газетінде жарияланған очерктерінде сол қоғамның өмір шындығы жағдайында қарапайым халықты жақсы өнеге, келелі міндеттерге тәрбиелеуді көздеген. Міржақып очерктерінің өзекті мақсаты – жаңалықты, әділеттілікті, жағымды істерді насихаттау.

Ахмет Байтұрсынов – “Қазақ” газетінің бас редакторы, көрнекті ғалым, дарынды ақын, қоғам қайраткері. Публицисттің “Қазақ” газетінде жер туралы, қазақ елінің шет елдермен қарым-қатынасы туралы, соғыстарға қатысқан мемлекеттер туралы, оның қазақ халқына тигізген әсері туралы мақалалары жарыққа шықты. “Қазақ” газетінің 1913 жылғы 40-43 сандарында “Қазақтың бас ақыны” атты очерк рецензиясы басылды. Бұнда Абайдың туғаннан бастап, ақын болып қалыптасқан өмір жолы, өскен ортасы, өлеңдерінің мәні, орыс әдебиетінің Абайға әсері жан-жақты талданған. Абай өлеңдерінің алғаш қолына қалай түскенін қызықты әңгімелеген автор Абайдың өлең сөздің неше түрлі үлгісі мен өнегесін ойлап тапқандығын, aқыннaн өлеңінің жақсы болуына керек шарттардың бәрін білуге болатынын ғибратты фактілермен түйіндей білген.

«Очерктің негізгі арқауы – автордың өмірден түйгендері мен байқағандары» [113,122] - дейді Төлеубай Ыдырысов. А.Байтұрсынов Абай өміріндегі өнегелі мысалдарды тілге тиек ете отырып, Абайдың орыс достары Михайлис, Гросстармен қалай танысқанын, орыс әдебиеті классиктерінен алған өнегесі мен сыншылдығын сенімді баяндай білген. Абайдың жалғыз өлең ғана емес, әр нәрсенің асылын танығанын алғашқылардың бірі болып Ахмет Байтұрсынов көрсетеді. Автор ұлы ақынның өлеңдеріне баға беріп қана қоймай, оның әлеуметтік терең мәнін де ашады. Автордың очерк рецензиясына өзін, Әлихан Бөкейхановты араластыруы фактінің, оқиғаның нақты шындықтан алынғанына, тұп-тура растығына оқушының көзін жеткізеді.

А.Байтұрсынов «Бастауыш мектеп» проблемалық очеркінде қазақ бастауыш мектебі қандай болуы керек деген сұраққа жауап іздейді. Ауыл мектебінің жайсыз, күйсіз қалыбын ашына жазады. Бастауыш мектептен үйренген білімнің оқимын дегендерге негіз боларлық жағын көздеу керек екендігін дәлелдейді. Автор болыс мектебін, қала мектебін, ауыл мектебін салыстыра отырып, кейбір келеңсіз жайларды нақты фактілермен дәлме-дәл көрсете білген. “Қазақ” газетінің белсенді авторларының бірі Әлихан Бөкейханов бұл газеттің негізін қаласып, бағыт-бағдарын анықтаушы. “Қазақ” газетінде Ә.Бөкейхановтың екі жүзге жуық мақаласы жарияланған. Оның очерктерінің мазмұны қазақ елінің жері, отырықшы болуы, патша үкіметінің қазақ еліне жүргізіп отырған саясаты, сот, әкімшілік туралы бай мағлұматтар береді.

“Қазақ” Ә.Н.Бөкейханов көздегендей, өз маңына кең сахараға тарыдай шашылған ұлт зиялыларын жинады, оларды бір кісідей қазақтың ұлттық тілін, әдебиетін қалыптастыру, ұлттың мәдениетін көтеру, ұлттық сана-сезімін ояту ісіне жұмылдырды. Сөйтіп, қазақтың ұлттық тілі мен әдебиетін, мәдениетін сақтап, өркендетуге ұмтылды. Оны газеттің екінші санында жарияланған бас редактор А.Байтұрсыновтың бас мақаласынан [114,11], Түрік баласының жазған “Қазақ тарихы” атты тарихи очеркінен, Ә.Н.Бөкейханның және т.б. қазақ зиялыларының көсемсөз материалдарынан айқын көруге болады [115]. Осы тұста әңгіме болған, қазір белгісіз болып отырған Түрік баласының тарихы туралы очеркі алаш азаматтарын ойландыруға бағытталған. Қазақ халқының тарихы жазылмағандығын тілге тиек ете отырып, Азия картасының төрттен біріне ие халықтың тарихы көмескі қалыптан шығу жолдарын қарастыруды автор ашық ұсынады.

Арабша, түрікше, орысша жазылған қазақ тарихында шындықтан гөрі өтірік басым болып келгендігін очеркші ашына ортаға салған. Тарих жазу үшін қазақ пен қырғызды айырып алуды ұсынады. Автор өз ойын “Қазақ” газетін үзбей оқыған адам қазақ тарихын жете білуге болады деп аяқтайды.

Әлиханның “Бас қосу турасында” деген очеркі “Қазақ” газетінің 1913 жылғы №21 санында жарияланған. Мұнда Европа жұрты мен қазақ жұртын салыстыра отырып, жұртқа пайда қылатын жұмыс болса, қазақ баласының басын қосу оңай шаруа емес екенін автор баса айтады. Біздің бейшара қазақ жер, жер дегенде мұжық алған жерді қолға ала жылайды. Мұжық қазақ жеріне келмей тұрып, жерді тып-тыныш әділдікпен пайдаланып жүргендей! ... Қазақ жұрт болатын болса өз ішіндегі екі қазақ жер дауын құрту керек қой! [110,109] дей келе, отырықшы болуға ниет білдіріп отырған қазақтарға жағдай жасалмай отырғандығын, орыс патшалығының адам болып отырғаны мұжықтың ғаділдігі деп түйіндейді. Бұл жерде бірінші орынға әлеуметтік-таптық емес, ұлттық, демократиялық мәселелерді елдің алдына тартады.

“Кабинет жеріндегі қазақтар” очеркі “Қазақ” газетінің 1913 жылғы №10 санында басылып, онда Том губерниясы, Алтайск округінде тұратын халықтар өмірі мен тұрмысы әңгіме болады. Абылай хан мен жоңғар ұрысы, Қошқарбай батыр, Тілеуберді батырлардың сол мекендерде ұрпақтары тұрып жатқандығын фактілер арқылы дәлелдейді. Мысалы, Құлынды, Қарасуықта отырған қосайдар қыпшаққа 15 десятинадан ер басына есеп қылып жер береді екен. Томда жер алып, Семей хатында боламыз деу қазақтардың адасушылығы, заңсыз деп түсіндіреді автор. Бұл очеркінде қаламгер Кабинет жеріндегі қазақтардың бәрінің басын біріктіріп, бір болыс қылса деген ниет білдіреді. Ә.Бөкейхановтың пікірі ғылыми негізге сүйенген, халықты психологиялық тұрғыдан даярлап алу мақсатын ұстанған сияқты.

“Екі жол” очеркінде Әлихан әр заманның өз рәсім, салтына тоқтай отырып, қазіргі заманда халықты өз құқын талас-тартыспен қорғауға шақырады. ХVІІІ ғасырда Ертіске қазақ Түркістаннан қайта келгенін тілге тиек ете отырып, қанжығалы, бәсентейін, қыпшық руларының қалай жылжығанын тарихи шежірелерге сүйене отырып дәлелдейді. Осы очеркінде автор қазақтарды Ертістен айырылмауға, көшпеуге үгіттеп, Сібір казак-орысына батыл наразылық білдірген. “Қазақ” газетінің 1915 жылғы 118-інші санында Ә.Бөкейхановтың “Рухани мәдениет қарауылынан” атты проблемалық очеркі басылған. Рухани мәдениеттің бір белгісі жұрт баласына жалпы оқу, газет, кітап оқып, ғылым жолын тану, солар арқылы адам баласына жақсылық жол ашу деп түсіндіреді. Америка, Европа, Ресейді салыстыра отырып, қазақ халқының көш кейін қалып келе жатқанын тілге тиек етеді. Автор бастауыш мектептен бастап университеттерге дейінгі білім саласының деңгейін саралай келе, әлі де көп жағынан артта келе жатқандықты әділеттілікпен атап көрсетеді. “Моңғол хан” очерктер циклі газеттің 13,20,28-інші сандарында жарияланған. Моңғол елінің ұлы көршілері, жер көлемі, сол кездегі ұстанған саясаты, адам саны, малы туралы нақты мәліметтер келтіре отырып, Қытай шежіресінде моңғолдар туралы, Шыңғыс хан тарихы, Хублай ханның оқымысты, жүйрік ғалым болып, жұлдыз көретін аспаптар ойлап тапқандығы жайында кеңінен жазады. Жүре-жүре қытай моңғолды қалай қаратып алғандығын жүйелеп түсіндіреді. Моңғолдың бөлек патшалық болуға ниеттенгенін орыс патшасы өзіне пайда көріп отырғанының арты жақсылыққа айналмайтынын автор көрегендікпен меңзейді.

«Егер Ә.Бөкейхановтың “Қазақ” газетінде жарияланған публицистикалық мақалаларына зер салсақ, Батыстың, Ресейдің демократиялық дәстүріне жақын болғандығын ажырату қиынға соқпайды» [114,17],- дейді тарихшы М.Қойгелдиев. Шындығында да В.Г.Короленко, Г.Н.Потанин, А.Бебель туралы очерк, мақалаларында автор халық пен халықты жақындастыратын мәдениет және дәстүр екендігіне әрдайым оқырманның есіне салып отыруға тырысқан.

“Қазақ” газетінде басылған қазақ халқының саяси өмірі, мәдениет, әдебиет, тарихы туралы очерктерге тоқталу барысында көз жеткені - әртүрлі дерек көздерінің құндылығы. Бұлар ғылыми, тарихи, әдеби зерттеуді талап ететін мол материалдардың тасқыны екені даусыз. Ұлттық әдебиет пен тарихта орны бар авторлардың очерктік шығармаларына тоқтала отырып, қай мәселе төңірегінде әңгіме қозғаса да бай мағлұмат беретін материалдар баршылық. “Қазақ” газетінде жарияланған очерктер ағынының негізгі идеясы қарапaйым халықтың ізгі мұратымен сабақтас болып отыратынын атаған абзал.

“Айқап” ХХ ғасырдың басында, яғни, 1911 мен 1915 жылдар аралығында Троицк қаласында қазақ тілінде шығып тұрған журнал. Бұл журнал қазақ халқының әлеуметтік, саяси, мәдени, әдеби өмірін кеңінен насихаттаған. Оның шығарушы редакторы ақын, әрі жазушы Мұхаметжан Сералин болды. “Айқап” журналы осылай аталуының себебін түсіндірген бастырушылар алқасы атынан, Бақытжан Меңдібеков (“Газеталарымыз туралы” 1912, №6,) Халиолла Ғабдижалилов (“Айқап” мағыналары” 1911, №2) Мұхаметжан Сералиннің (“Айқап” журналында” 1911, №1) “Айқап” деген ұғымды айқындап берген, тұжырымды ой түйген материалдары жарыққа шығыпты. “Айқап” журналының материалдары - қазақ публицистикасының үздік үлгісі бола білді. Қазақ жеріндегі саяси-әлеуметтік, мәдени шаруаның жайларынан көптеген очерктер жариялап, сол кездегі көкейкесті мәселелерді хал-қадірінше насихаттауға, қарапайым халыққа түсіндіруге тырысты. «... Енді тек бірлі-жарымды қысқа өлең, мақаламен түк өндіре алмасына анық көзі жеткен жұрт арасынан әңгіме, дастан, очерк жазатын жазушылар бой көрсете бастады. Бұлар нағыз қаламгер болмағанымен, көктемнің алғашқы лебізін бұқараға сездіретін, көктемнің алғашқы бәйтерегі іспетті қаламгерлер» [116,31],- дейді “Айқап” журналындағы материалдарды құрастырушы авторлар.

Филология ғылымдарының кандидаты Асқаров Нұрлан Әуезханұлы “Айқап” журналындағы саяси-әлеуметтік, әдеби-мәдени мәселелер төңірегінде біраз пікір білдірген: “Айқап” бетінде көркем прозаның шағын жанры – әңгімеге, сан жағынан едәуір, біршама қомақты туындыларға орын берілді. Бұлардың басым көпшілігі фельетон айдарының аясында, кейбір әңгіме, очерктер ішінара, хабаршыларымыздан, басқармаға келген хаттар рубрикаларында басылған» [115,15],- дей келе, “Айқап” журналының прозалық туындаларын шартты түрде әңгімелер, сапарнама және аудармалар деп үш түрге бөледі. Осының ішіндегі сапарнама очерктерінде сол дәуірдің саяси-әлеуметтік, тарихи-экономикалық жағдайын, өмірдің шындығынан туған оқиғаларды жүйелі баяндау жолында сәтті ізденістер молынан көрініс тапқандай.

“Айқап” журналының белсенді авторларының бірі Кәшімов Мұхаметсәлім - ақын, әрі журналист, көптеген мақала, очерктердің авторы. М.Кәшімов “Верныйдағы көрген-білгендерім” атты жол-сапар очеркінде (“Айқап”, 1913, №7, 142-150-б.) Алматының халқы, мәдениеті, шаруашылығы, әдет-ғұрпы туралы кеңінен әңгімелеп берген. Онда өз атынан баяндалатын оқиға өрістеулері жиі кездесетін тұстар автордың көрген- білгендерін өз очеркіне қазық еткен. «Түркістан шаhарында» (“Айқап”, 1912, №9, 194-200-б, №10, 217-221-б.) жол-сапар очеркі ретінде жазылып, Түркістан халқының шаруашылығын, тұрмысын зерттей келіп, типтік фактілерді жинақтап суреттейді. “Тоқмақ ақуалдары” (“Айқап”, 1913, №4-5, 74-78-б.) очеркінде де Піспек уезінің халқы, шаруашылығы, мәдениеті туралы мол мәлімет береді.

“Әулиеата мен Шымкент арасы” (“Айқап”, 1912, №5, 98-104-б.) жол-сапар очеркінде Әулиеата маңайында өмір сүріп жатқан қазақ-қырғыз, сарт, ноғай халықтары тұратынын, сол кездегі мешіттер жағдайы, жергілікті халықтың қала болуға ықыласы туралы зерттеу пікірлер айтады. Шымкент маңындағы қазақтардың салт-сана, әдет-ғұрыптарының басқа аймақтардағы қазақтардан еш айырмашылығы жоқ екенін тілге тиек етеді.

И.Арабаевтың “Орынбордан – Тәшкентке” деп аталатын (“Айқап”, 1912, №1, 16-18-б, №2, -26-28-б.) жол-сапар очеркінде Орынбор оқу орындары, оқыту жағдайына өз пікірін, көзқарасын білдіреді. Осы очеркінде автор қазақ тарихы, шежіресі туралы Қытай ғалымдарының еңбектерінде көп мағлұмат барлығын, орыс, француз тіліндегі тарихи еңбектерде қазақ елі туралы жазылғандығын айтқан тұстары автордың білімдарлығы, ой-өрісінің кеңдігін көрсетеді. Оның орыс, қытай, Европа тарихынан хабары бар екендігі байқалады. Юсіпқожыұғлы Ғабдолрахман “Семейден Камышловқа дейін” (“Айқап”, 1913, №33, -22-23,456-457-б.) деген жол очеркінде де Семей халқының өмір тынысын тап басып, ел тіршілігінен қыруар мәліметтер береді. Бұл очеркінде автор тәрбиелік, танымдық, эстетикалық ой-толғамдарын бір арнаға тоғыстырған.

“Айқап” журналының көп көңіл бөлген мәселесінің бірі – әдет-ғұрып, салт-дәстүр, сана мәселесі еді. Қазақ өміріндегі әдет-ғұрыптың артықшылық, кемшілік жақтарын тәптіштеп, сынай отырып, елді озық ой, жарқын болашаққа шақырған очерктер ағыны да баршылық. Соның ішінде қазақ әйелдерінің қоғамдағы орнына жан-жақты тоқталған материалдарда Тілеубайқызы Сақыпжамалдың (1911, №7, 11-12-б, 1911, №9, 7-8-б.) әйел мәселесін көтерген очеркі бар. Бұнда қазақ әйелдерінің еркіндікке, білім алуға ұмтылуы туралы жазылған. “Айқап” шу дегеннен-ақ қазақ әдебиетіне қатысты дүниелерге ерекше назар аударды. Өлең-жыр, әңгіме, жолжазба очерк, сыни-танымдық мақала, портрет, ғұмырнамалық шығармаларға өз бетінен үнемі орын беріп отырады [117,16], - дейді. “Айқап” журналындағы очерктер ағыны мәдениет, ғылым, тарих, өнер жайын көбірек қозғайтындығымен құнды.

М.Сералиннің публицистикалық мұрасын зерттеп жүрген ғалым С.Ергөбеков: “Айқап” журналы сол кезеңдегі қазақ өмірінің бар саласын қамтиды. Соған орай оның әрі бастырушысы, әрі басқарушысы болған М.Сералиннің журнал бетінде жарияланып тұрған мақалалары да табылып жатты. Демек, журнал бағытымен басқарушы бағыты бір болды. Бұл “Айқаптың” бағытын қай мәселеде болмасын М.Cералин анықтап отырды деген сөз. Ал, оның журнал көтерген қазақ өміріне қатысты қандай мәселе болса да өзінің ұстанған бағыт-бағдары, айқын ойы болды” [118,16],- дейді. Шындығында да М.Сералин жер мәселесін көп көтеріп, өз ойларын халық талқысына ұсынып “Айқап” бетіне көптеген материалдар жариялады. Оның қазақ жері туралы жазған очерктері қатарына «Қазақ халқының мұқтаждығы», “Біздің бұрынғы hәм қазіргі халіміз”, “Жер әңгімесі”, “Отырықшы болған қазақтар туралы” т.б. жатады. Осы жер туралы публицистің мақалаларын талдаған филология ғылымының кандидаты С.Ергөбековтің пікірі бойынша: “Айқап” журналының да, М.Сералиннің де көтерген басты проблемасы жер мәселесі болды. Өйткені, ғасырлар бойы найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғалып, атадан балаға мұра болып келе жатқан, халық тіршілігінің, құты-қазақ жері Ресейге бодан болғалы алғашында біртіндеп, соңынан үлкен қарқынмен қолдан шығып бара жатты. Сондықтан да оқыған, көзі ашық әрбір қазақ азаматы бұл жөнінде толғанбайды, сөз етпейді десек қателескен болар едік» [118,17], – дейді. Автор “Жер әңгімесі’ (“Айқап”, 1913, №17,361-366-б.) очеркінде қазақ арасындағы 1870 жылдан бергі жер-су құқықтарына тоқтала отырып, қоныс аударушылар мен отырықшы болу мәселесін кеңінен сөз етеді. Бұл очеркінде Мұхамеджан Сералин отырықшылықты, қалалық тұрмысты қостап, оның қазақ халқына қолайлы жақтарын ашып көрсетіп береді. “Отырықшы болған қазақтар туралы” очеркінде автор қазақ елінің салт-санасы, әдет-ғұрпы отырықшы болуға сәйкес еместігін сөз ете отырып, отырықшы болудың пайдасын көрсетіп, қазақтың заңын, әдет-ғұрпын өмірге пайдалы жағынан икемдеу керек деген тоқтамға келеді. М.Сералиннің қазақ елін басқару, билеу мәселелеріне арналған очерктерінің де маңызы зор. «Келешек заманымыздың қамы» атты очеркінде (“Айқап”, 1913. №6, - 117-118-б.) әкімшілік, ел басқару ісін шешу керектігін сөз еткен.

“Айқап” журналы - қазақ халқының экономикалық, саяси-әлеуметтік жағдайы, әдебиеті, мәдениеті, әдет-ғұрпы, салт-санасы туралы жан-жақты жазу барысында очерк жанрындағы шығармаларды көптеп жариялаған ХХ ғасыр басындағы бірден-бір басылым. “Айқап” журналы ірі-ірі әлеуметтік мәселелерді халық алдына өткір қоя білген, сол кезеңдегі қоғамдық пікірді қалыптастыруда үлкен үлесі бар журнал деуге толық болады.




Каталог: bitstream -> handle -> data
data -> Шындалиева М. Б
data -> Бейсенбай Кенжебаев алаш туы астында (мақалалар мен зерттеулер)
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор
data -> Олжабай Нұралыұлының шығармашылық мұрасы хаһында
data -> Оқулық Астана, 2012 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
data -> Қазақ очеркі
data -> Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия
data -> -
data -> МЕҢдігүл бұрханқызы шындалиева уақыт және суреткерлік шеберлік: жанрлар поэтикасы
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет