МЕҢдігүл шындалиева қазақ очеркінің поэтикасы (монография)


ҚАЗАҚ ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ ОРЫС ОЧЕРКТЕРІ



бет6/7
Дата05.11.2016
өлшемі2,16 Mb.
#398
1   2   3   4   5   6   7
2.4. ҚАЗАҚ ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ ОРЫС ОЧЕРКТЕРІ

Қазақстан Ресей құрамына енгеннен кейін патшалық Ресей саналы түрде қазақ қоғамындағы әлеуметтік-саяси топтарды өз ара біріктірмеу саясатын ұстанды. «Бөлшекте де билей бер» саясатын жүргізіп, саяси бірлік атаулыны ылғи ыдыратып немесе тұншықтырып отыруды көздеді. Ресейдің ұстанған саясатына тарихшы М.П.Вяткин былай деп баға береді: «Түптеп келгенде бұл саясат... анархияның, мемлекеттікті күйретудің, яғни, қазақ қоғамын әлсіретудің сойыл соғар саясаты болды және патшалық үкіметтің қазақ жүздеріне кең көлемді өктемдік жүргізуіне жол ашты» [119,62].

Қоныс аударушылардың көп бөлігі қазақ жеріне ұмтылды. Мемлекет тарапынан артық жерлерді анықтап, ол жерге ішкі Ресейден орыс шаруаларының көшіп келіп орналасуына жағдай жасай бастауы қазақ шаруаларының күрес жүргізуіне, наразылықтың туындауына әкеліп соқтырды. Ал ел билеуші шенеуніктер халыққа Ресей мемлекеті тарапынан жақсылықтың барлығы жасалып жатыр деген пікір туғызуға талпынды. Барлық шұрайлы жерлерді иемденген қоныс аударушылар заң біткенді бұрмалап, қазақ аудандары Ресей патшалығының ішкі бөлігіне айналып шыға келді. Қазақ даласын Ресейдің отарлау саясатын әшкерелеп жазған орыс журналист-жазушылары Е.Карпович, К.Губарев, А.Гейнс, Е.Ковалевский т.б. қазақтарға хат таныту, әдебиетін, мәдениетін қолдауға көңіл бөлу керектігін жазды.

Ресей басылымдарында қазақстандық тақырып сонау 1755 жылдары құрылған және академик Г.Ф.Миллердің редакторлығымен шыққан орыстың ең алғашқы ғылыми-әдеби журналдарының бірі - «Ежемесячные сочинения, к пользе и увеселению служащие» атты журналының беттерінде жарияланады. Бұл журнал Петербургте 1764 жылға дейін әртүрлі өзгертілген атаулармен жарық көріп тұрған. Осы журналда А.И.Рычковтың мақалалары мен еңбектері «Топография или описание Оренбургской губерний», «Письмо о земледельстве в Казанской и Оренбургской губерниях» деген атпен жарияланған. ХVІІІ ғасырдағы қазақ-орыс қарым-қатынастарының қандай дәрежеде болғанын зерттеген А.И.Рычковты «Орынбор губерниясының Ломоносовы» деп атаған екен. 1772 жылы оның «Дневные записки путешествия капитана Николая Рычкова в киргиз-кайсацской степей в 1771 году» атты публицистикалық очерктер циклі жарық көрген.

ХVІІІ ғасырдың соңына қарай қазақстандық тақырып М.И.Новиков пен А.Н.Радищевтің публицистикалық ой-тұжырымдарынан да орын алды.

Қырқыншы жылдары Егор Петрович Ковалевскийдің қазақ тақырыбындағы терең мазмұнды публицистикалық очерктері көпшіліктің назарын аударған. Кейін ол Шоқан Уәлихановтың жақын досы, әрі аты шулы Қашқар ғылыми экспедициясының қолдаушысы болды. Е.П.Ковалевскийдің 1843-1845 жылдар аралығында жазылған «Странствователь по суше и морям» атты еңбегін В.Г.Белинский өте жоғары бағалаған. Бұл публицистикалық очеркінде қазақ халқының көшпелі өмірінің қиын тұстары шынайы суреттеліп, Қазақ халқының тарихи тұлғаларының бірі–ақын, хан езгісіне қарсы шыққан Махамбет Өтемісұлына ыстық ықыласын білдірген тұстары шынайы суреттелген. Е.П.Ковалевскийдің сапар барысында алған әсерлерін терең мазмұнды публицистикалық шығармаға айналдыру дәстүрін А.К.Гейнстің 1897-1899 жылдары жазған «Әдеби еңбектердің жинағы» атты екі томдыққа кірген «Қырғыз очерктері» туындысынан көруге болады. Дәл солай көпшілікке ұнаған, қазақстандық тақырыпты өз очерктеріне арқау еткен революционер – ақын М.И.Михайлов пен жазушы, әрі суретші Н.Карамзин еді. Сол кезеңдегі публицистикалық шығармалардың үздігі деп тануға болатын А.И.Макшеевтің тарихи шолулары мен мақалалары, очерктері. Кейіннен екі томдық жинағына енген мына очерктері: «Түркістанға тарихи шолу және орыстардың оған басып кіруі» (1890), «Түркістан өлкесі мен қырғыз далаларына саяхат» (1896) деп аталады.

Қазақ тақырыбы әрқилы мәселелер бойынша Ф.М.Достоевскийдің, М.Б.Буташевич-Петрашевскийдің тағы басқалардың публицистикалық еңбектерінде орын алады. Бұл тақырып академик П.П.Семенов Тянь-Шанскийдің мемуарларының беттерінде де публицистік көрініс тапты. Қазақ халқы туралы көптеген нақты себептерге байланысты революционер-демократтар: В.Г.Белинский, Н.Г.Чернышевский, А.И.Герцен, Н.А.Добролюбов, И.И.Михалков, Н.А.Некрасов, М.Е.Салтыков-Щедрин және басқалары қалам тартып, ой қозғаған. Қазақстанға қатысты мәселелер мен тақырыптар атақты «Современник», «Искрада» жарық көріп тұрған.

«Современник» журналында 1864 жылы мамыр айында К.Губаревтің «Қырғыз даласы» атты очеркі жарияланды. Очеркші қазақ аулында таптық қарсылық бар екенін, сонымен бірге, қазақтардың ислам дініне деген көзқарасы, басқа азиялық халықтарға қарағанда үлкен айырмашылыққа ие екенін іштей сезіп жазғандығы очерктің әр жолынан көрініп тұрады.



А.Гейнстің очерктері мазмұнды, күнделіктері мен басқа да публицистикалық материалдары қазақ халқының өмірін тура, әрі шынайы суреттеп, сол халықтың тағдырына қызығушылық пен алаңдаушылық танытып отырғандығымен құнды. Автор қазақтармен тіл табысып қана қоймай, баспасөз беттерінде солардың жағында болып, сенімді досына айнала білді. Оның публицистикасы әлі күнге дейін тарихшылар, экономистер, әдебиетшілер, этнографтар және фольклоршылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырып келеді. «Киргизские очерки» авторының демократиялық көзқарасы оның шығармасында қазақ ауылындағы тұрмысы нашар, ахуалы мүшкіл көріністерді айқын суреттегенінен байқауға болады. Жетісуға сапары кезінде Есенқұл Саржемтіков болысындағы бір ауылды А.Гейнс былай суреттейді: «Ат үстінде шамамен он сағаттай болып, әрең дегенде ауылға жеттік-ау. Иттер - қырғыздардың сақшылары мен құлыптары бізді жан-жағымыздан қоршап алды. Қазақ даласының әдебіне орай киіз үйден шығып бізді ешкім қарсы алмады. Біз енді бір киіз үйге ене бергеніміз сол, біреу алдымыздан бөгеп: «мұнда кіруге болмайды, горячечный» ауруымен сырқаттанған деп қайтарды. Келесі екінші, үшінші киіз үйлерде де дәл осындай жағдай екен. Жамау-жамау, жырым-жырым үйлердің ішінен өкпесі сырылдаған қарттардың, сәбилердің жылағандары, ауру адамдардың күрсінгендері анық естіліп жатты. Әзер дегенде ауруы жоқ, бірақ тіршілігі нашар үйді таптық. Сол үйдің пысық әйелі үстіне жұлым-жұлым көйлек киіп, бізге еш нәрсе ұсына алмайтынын айтып, ақталып жатыр. Бұл үйдің тақыр кедей екенінен киіз үйдің ішіндегі қырық жамау, құрақталған заттардан-ақ аңғару оңай еді. Біз олардан қой сатуды сұрадық. Бірақ бұл ауылда бірде-бір қой жоқ екен. Себебі, бұл ауылда жатақтар мекен етеді екен. Жатақтар – тұрмысы нашар болғандықтан көшпелі мал шаруашылығымен айналыса алмайтындықтарын айтады. Олар көбінесе тек егін шаруашылығымен күн көреді, сондықтан қой сатып алу үшін көрші ауылға адам жібердік» [120,111-112], - дейді. Содан очеркші кедей Төлебай Игіліковтің киіз үйінде бірнеше жатақтар жиналып, әңгіме құрғанын, ешбір қазақтың нашар жағдайына шағым айтып, көңілдерін білдірмегендеріне таңданады. А.Гейнс өзі қазақ халқының ішкі ауыр жағдайын терең түсініп, мұндай жағдай басқа халықтарда кездесетінін айтып, тұжырым жасайды. Оны мына жолдардан байқауға болады: «Кейбір адамдар ойлауы мүмкін, егер қырғыздар жазық далада тұрса, онда оларға қажеттілікті өтейтін көп мүмкіндіктер қажет емес. Жоқ, олай емес. Париждің, Лондонның көшелеріндегі кедейшіліктен басқа емес, бәрі бірдей. Сол қырғыздың салмағы ауыр – байлары әрдайым жарлыларға өктемдігін жүргізеді. Жекеменшік туралы мәселелер, ешқандайда біреудің көмегінсіз, кедейдің қиын жағдайдан сүйрелеңдеп шығуы секілді жайттар аз емес» [120]. Әртүрлі халықтардың кедей шаруалардың мүшкіл жағдайын Төлеубай Игіліковтің тағдырымен қатар қояды. Оның жастайынан әке-шешесінің көмегімен ұлтарақтай жерді өңдеп, бидай, тары егіп, оны жинап алғаннан кейінгі өмірі, астығы жиналып алынған өнім отбасын көктемге дейін алып шығуға жетпейтінін әңгімелейді.

А.Гейнс қазақтың бұрыннан бері келе жатқан ру ішіндегі, әсіресе байлардың кедейлер мен жарлы-жақыбайлардың үстінен жүргізген шексіз билігі туралы да жазады. Қазақ арасындағы «жақсы адам, бай адам, беделді адам» деген синонимдік сөздерді тек байларға ғана тағылатыны, қазақ байлары мен орыс патшасының чиновниктерінің арасындағы жақсы қарым-қатынас та очеркшіні ойландырады.

«Менің байқауымша, жақсы қырғыз адамдары өздерінің ортасында әке рөлін ойнайды. Олардың бойында ескілікке, консерватизмге деген бетбұрушылық басым екенін айта кету керек және діншіл келіп, тіпті фанатизмге дейін барса да өздерін жақсы сезінеді. Әкімшілік алдында жақтаушы болып, кейде өз пайдасы үшін пара беретін болса, кейде қарсы шығып жататыны да бар. Ал кейбір жағдайларда өз қандастарын да елемей, мансапқа басы айналып жататыны баршылық. Ол әрине өздерінің әкімшілік билігі мен беделіне байланысты» [121,645]. А.Гейнс көптеген бай-шонжарлардың езуші, үстемдік етуші және кейбір моральдық іс-әрекеттері қазақ ағартушы – демократтарының тарапынан үлкен ашу-ыза туығызып отырғанын да тілге тиек етеді. Ру аралық қақтығыстар жөнінде, оның ішінде барымта мәселесіне очеркші тек сын көзбен қарап қана қоймай, публицист ретінде де осының алдын алу жолдарын ұсынып, былай дейді: «Торғай облысындағы бұл келеңсіздіктің бетін қайтару үшін, төрелікті, билікті халыққа беру, оларға әділ шешім қабылдауы керек» [121,646].

А.Гейнс қазақ даласындағы сайлау науқанында болатын пара берушілік, тамыр-таныстыққа жол беру, қайтсе де сайлауда жеңіп шығуды мақсат тұтқан адамдармен де жеке сұхбаттасқанын осы очеркінен көреміз. Олардың бойынан билікке, мансапқа деген құштарлықты байқаған автор бұл құбылысты шыншылдықпен суреттей отырып, мынадай диалог ұсынады: «Күшектің шыққаны сол еді, бөлмеге прапорщик кіріп сәлем берді. Бұл – Абылай ханнан тараған Жанаев Жантөре еді. Соңынан ерген бес қырғыз және арасында тілмашы бар.

- Не, ертең сіздерде сайлау ма?

- Ия. Қазір ғана губернатор бізден сұлтандыққа үш кандидаттың аты – жөнін сұрады. Айтпақшы, кандидаттыққа Кішкентаев пен мен аталдым. Кішкентаев бүгін станцияның арғы бетіне екі киіз үй құрып жіберіп, екі жылқы сойып, болыстық басшыларды қонақ етіп күтіп жатыр. Өзіне дауыс жинау үшін әрқайсысына 1200 сомнан берді.

- Бұл ассигнациямен бе?

- Ия.


- Кішкентаев соншалықты бай ма?

- О, о! өте бай, - деп қырғыздар Кішкентаевтың байлығын мимика-ларымен аңғартып жатты.

Үнсіздік.

- Біз, - деп бастады. Жантөре – губернаторға Кішкентаевтың халықты насихаттап, пара беріп жатқаны жөнінде шағым айтқымыз келеді. Барлық сұлтандар бізді жақтайды, ал ол болса волостной страшиндарды ашық түрде сатып алып жатыр. Кішкентаевтың айтуына қарағанда қаралар ақсүйектерден биік тұруы керек. Және халық сайлау кезінде тек сұлтандардың ордаларынан ғана емес, сонымен бірге қаралардың ішінен де сайлануын талап етеді» [121,273-274], - дейді.



Қазақ даласының дәл осындай сайлау жүйесінің келеңсіз көріністеріне Шоқан Уәлиханов та куә болған. Жоғарыдағы А.Гейнс очеркінен келтірілген үзінді өмірден алынған шынайы көріністер. Мұндай қазақ даласындағы келеңсіздіктер туралы Ы.Алтынсарин, А.Құнанбайұлы шығармаларында да жазған болатын. Дәл осы тақырыпты қозғаған қазақтың да, орыстың да публицистері идеялық жағынан пікірлес, әрдайым қара халықтың жағында бола жүріп, билеуші топтарға шара қолдануды ұсынған, осы келеңсіздіктен құтылудың жолдарын көрсетеді. Әсіресе, қазақ ортасындағы мұсылманшылдықты насихаттаушылардың рөлі туралы қазақ ағартушылары мен А.Гейнс көзқарастары сәйкес келіп жатады. «Мұхамедшілдік қырғыз арасында аз уақыт ішінде жоғалып кетуі мүмкін еді», - деп ой толғайды А.Гейнс. Бірақ Орта Азиядағы мұсылмандардың қайнар көзі және орталығы болып саналатын Бұқарадан молдалардың ағылып келуі тек қырғыздарға ғана емес, көрші жатқан хандықтар мен Бұқараның иелігіндегі елдерге де өздерінің әсерлерін тигізуде. Бұл молдалар қырғыздарға мұсылмандықтың алғышарттарын түсіндіріп, дұға етуді, сүрелердің түсініктемесіне сүйенуді ұсынады. Әртүрлі айла-тәсілдер мен өздерінің сенімдерін қырғыздардың әдет-ғұрпымен, нанымдарымен ұштастыра байланыстырғысы келді» [120,275], - дейді. А.Гейнс қазақтардың ішіндегі мына бір жайтқа кеңінен тоқталады: «Қазақ халқы күнделікті өмірдің күйбелең тіршілігіне қарамай, әрдайым талант иелерін өте жоғары бағалаған. Болып жатқан құбылыстар мен жағдайларға ерекше байыппен, ақылмен, парасаттылықпен қарап, тынымсыз еңбек етумен өмір сүреді. Сонымен бірге, өзінің төлтумалық мәдениеті мен ауыз әдебиетіндегі поэтикалық лиро-эпос жырларын көзінің қарашығындай қастерлеп, сақтайды. Көп жылдар бойғы қазақтармен қарым-қатынас барысында көзімнің жеткені - қазақтардың өте зерделі, зерек халық екені. Бұл қасиеттер халықты болашақта үлкен жетістіктерге жеткізетініне кәміл сенемін» [119,685]. А.Гейнс қазақтардың мінезіндегі қасиеттер қатарына: кеңпейілділік, шыншылдық, мейірімділік, қонақжайлылықты жатқызады. Сырт көзге бір қарағанда көшпелі халық әлеуметтік-мәдени артта қалушылықты бастан өткізе тұра, бірнеше ғасырлар бойы қалыптасқан поэтикалық өнерін сақтағанына таңдана отырып, автор тіл өнері қазақ халқына туа біткен қасиет екенін ашық мойындайды. Әсіресе, А.Гейнстің қазақтың шешендік өнері туралы пікірі қызғылықты. «Қазақтар бір-бірімен әңгімелескенде ақыл-нақыл, қанатты сөздерді жиі қолданады. Ол бір әдеппен, мәнерлеп, екпінмен айтылады. Үлкен адамдар соны бір нақышына келтіре сөйлегенде, барлық адамдар тыңдауға ынтызар болып тұратыны байқалады» [119,79]. Очеркші кейде тіпті, бұл сөз өнерінің әртүрлі құрылымын, көлемін қарастыра келе, қазақтың қара өлеңін шексіз қазақ жеріне теңеп, қазақ даласынан алған әсерін ерекше бір шабытпен суреттеп береді. А.Гейнстің «Киргизские очерки» шығармасын қазақ халқының ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарындағы тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік жағдайынан біраз мәліметтер беретін, Ресейдегі сол кезеңнің демократиялық публицистикасының жағымды құбылыстарына жатқызуға болады.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында пайда болған Н.М.Ядринцевтің «Восточные обозрения», И.И.Ефим-Мировицский «Оренбургский лист», «Сибирская газета», «Тургайская газета», «Русский Туркестан», сынды мерзімді басылымдарда жүйелі түрде публицистикалық тұрғыда қазақ халқының тарихи даму мәселелері мен өзекті проблемалары қарастырылып келген. М.М.Ядринцевтің «Восточные обозрения» газеті қазақ халқының жағдайын, олардың ішкі мәселелеріне терең түсіністікпен қарап, орыс патшасының отарлау саясатына қарапайым халықтың көзқарасы туралы материалдарды ерекше қызығушылықпен жариялады. Сонымен қатар, Орыс Географиялық қоғамының басылымдары мен бөлек жинақтарында қазақтар туралы әртүрлі мәселелер бойынша публицистикалық материалдар көптеп жарық көрді. Н.Г.Чернышевский мен оның пікірлестері мұны өте жоғары бағалады. Себебі, бұл мақалалар мазмұнында көп ұлтты Ресейдің келеңсіз, қиын, күнделікті өмір құбылыстарын ашық түрде көрсетіп, үлкен мәселелер көтеріп отырғаны мәлім.

Ұзақ уақыттар бойы қазақ тақырыбын әртүрлі аспектілерде, әртүрлі формаларда беріп келген Н.Г.Потанин, Н.М.Ядринцев, М.И.Венюков және В.Г.Короленконың публицистикасынан да орын алып, өзі басқаратын «Русское богатство» журналында жарық көрді.

1860 жылғы «Русский вестникте» айтуға тұрарлық Павел Небольсиннің «Путешествующие киргизы» шығармасына қатысты сыни мақаласы болып есептелді. Мұнда бір автордың екінші бір авторға сын айту мәселесі емес, керісінше, олардың неғұрлым оқырманды қазақтың талантты, білімді өкілдерімен жақынырақ таныстыру еді. П.Небольсин мен А.Плотников бұдан бұрын көшпелі қазақтар туралы жағымсыз, дұрыс емес, жалған мәліметтерді жойып, олардың білімге, өркениетке деген зор құлшыныс байқататынын баса айтып, бойларында табиғи туа біткен қасиет бар екенін көрсетті.

П.И.Небольсин Санк-Петербург университетін бітірген, Ресейде жоғары лауазымды қызметтер атқарған этнограф, ғалым, публицист. Қазақ баспасөзінің тарихын зерттеуші профессор Қ.Алдаберген: «ХІХ ғасырдағы Ресей басылымдарында жарияланған П.И.Небольсиннің еңбектеріне ден қойғанда әсіресе, бұл автордың қазақтар мәселесін ерекше зерттегендігін айқын аңғаруға болады. Ол қазақ халқының тарихын, әдет-ғұрпын, ұлттық мәдениетінің даму жолдарын көрсету мақсатында сол кездің өзінде дұрыс, әрі батыл пікірлер айтқан» [121,118], -деп тұжырымдайды. Шындығында да П.И.Небольсиннің «Волганың төменгі сағасындағылар туралы» , «Жиhангер қырғыздар» [122] деген очерктерінде қазақтардың шығу тегі, халықтың жалпы тұрмысы жайында көптеген құнды мәліметтер бере отырып, казактардың қазақ халқына жасап отырған зорлық-зомбылығына ашынып, қарсылық білдіреді. Қорытындылай айтқанда, ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы Ресей басылымдарында қазақ тақырыбына кеңінен орын беріліп, отарлау саясатының жүгенсіздігін, жергілікті халықтың нашар тұрмысын, әдет-ғұрпын, салт-санасын зерделей жазып, осы проблемаларды шешу жолдарын ашып көрсету үшін көп очерктер жарияланғанына куә боламыз.

2.5. ҚАЗАҚ ОЧЕРКІНІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ТҮР РЕТІНДЕ ДАМУЫ
Көркем очерктерден дәуір, уақыт тынысы аңғарылып отырған жағдайда ғана кейіпкерлер бейнесі даралық қасиеттерімен танылып, өзі өмір сүрген ортасының ішкі қайшылықтары айқын көрінгенде ғана өз межесіне жетпек. Жазушы өз заманы мен халық тағдырын алға тарта отырып, сол қоғамда болған әр алуан оқиғаларды, құбылыстарды, өзгерістерді, болмысты, тіршілік іс-әрекеттерін жинақтағанда көркемдік шындыққа қол жеткізеді. Мұны Б.Майлин, І.Жансүгіров, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Нұршайықов, М.Иманжанов, Ғ.Сланов, Х.Ерғалиев сияқты әйгілі суреткерлер шығармаларының қай-қайсысынан да айқын көруге болады. Бұл дәстүр әдебиеттің кез-келген жанрында қанат жайған және дәуір тынысымен замана жайын әр ақын-жазушы шығармаларында әр қырынан көрсетуге күш салады. Яғни, жазушының өмірге деген көзқарасы ашық бояумен суреттеліп, озық идеяларға жол ашса ғана бұл шығармалардың оқырманға берері, тәрбиелік мәні зор болады. Қазақ әдебиетіндегі көркем очерк ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы дербес жанр ретінде көрініс бере бастады. Жиырмасыншы жылдарда туған көркем очерктің түрлерін ақын-жазушыларымыз белгілі бір мәселелер төңірегіндегі әсерлері мен көргендерін қағазға түсіріп, очеркпен көмкерген. Ең алғаш рет 1930-1933 жылы “Социалистік Қазақстан” газетінде “Жолдан” деген айдармен очерктің жол-сапар түрі туа бастады. “Жолданмен” қоса “Жазушының қойын кнежкесінен” деген суреттемелер қазақ әдебиетіндегі көркем очерк дәрежесінде жазылған алғашқы очерктер болып саналады. Кейіннен осы “Жолдан” айдары орнына “Очерк” деген ат қойылған.

Бейімбет Майлиннің “Жолдан” айдарымен берілген жол жазбаларының барлығы дерлік көркем очеркке жатады. 1928 жылдары Қазақстан даласын аралаған Ілияс Жансүгіров Түрксиб темір жолы құрылысында атқарылған істер туралы “Түрксиб” деген атпен очерк кітабын жазған. 1920-1930 жылдары “Социалистік Қазақстан”, “Лениншіл жас”, “Жаңа әдебиет”, “Әдебиет майданы” басылымдарында М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, С.Ерубаев, Ш.Құсайынов, С.Шарипов, Ә.Қоңыратбаев, т.б. қаламгерлер қазақ жері, елі туралы көптеген очерктік шығармаларын жариялаған. Қазақ әдебиетіндегі көркем очерк дамуына, жаңа сапалық дәрежеге көтерілуіне орыс классикалық әдебиетінің тегеурінді ықпалы болғандығын жоққа шығаруға болмайды. Очерк жанрының қазақ әдебиетіндегі табыстарын қарастыратын болсақ, орыс әдебиеті классиктерінің жазу техникасы мен композиция құрудағы, сюжет табу, образ жасаудағы шеберлік тәсілдерін меңгерудегі жетістіктерден көп үйренгендігі де шындық. ХХ ғасырдағы замана шежіресін жасау, сол кезеңнің қаһармандарының тұлғасын мүсіндеу еншісі очеркистерге тиген. Өмірмен өкшелесіп отырған жазушыларымыз, Қазақстан тарихында мән-маңызы мол бесжылдық жайлы көп жазып, өмір дүбірінен шет қала алмайды. Осы алғашқы бесжылдықтарда еңбек еткен адамдардың басынан кешкен оқиғалардың жаршысы да очеркшілер. Бірінші бесжылдық тұсындағы салынған завод, фабрика, электр станциялары, темір жолдар очерк жанрының басты тақырыбы болды. Алғашқы бесжылдық жылдарында Қазақстанда Қарағанды, Балқаш, Қарсақбай, Текелі сияқты қалалар, жүздеген мектеп, аурухана, кітапханалар салынып, осы жаңалықтарды жазушы – публицистеріміз очерк арқылы жұртшылыққа жеткізіп отырды.

1930 жылдарда Б.Майлин шығармаларында очерк жанрының алатын орны ерекше. Ол туралы профессор Темірғали Нұртазин: “1920-1930 жылдары Б.Майлин очеркті де көптеп жариялап, қаламгерлердің көбінен көш бойы озық отыра, оның алпыс шамалы очеркі газеттер мен журналдардың бетінде көпшілікке жетіп, оқушы қалың бұқараға игі әсер жасады, советтік рухта тәрбиелеуге көмектесті, очерк жанрын дамытуда мол қор болды, очерктік дәстүр құрап, ол саладағы талаптылардың талай буынына үлгі, өнегелі мектеп секілді болды” [124,308],- деп жоғары баға береді. Шынында да Б.Майлин 1933 жылы очеркті өндіріп жазып, ел-жерді көп аралап, қазақ даласындағы өндіріс ошақтарының қал-күйін тереңнен толғады. Осы жылдың өзінде жазушының “Социалистік Қазақстан” газетінде жиырмадан астам очеркі жарық көрген. Шымкентті аралап жазған очерктерін жазушы 1934 жылы “Алыптарды аралағанда” деген атпен жеке кітап етіп шығарды. Тек оңтүстік өңір ғана емес көмірлі Қарағанды туралы да “Қарағанды”, “Борамбайдың бірінші адымы”, “Бәстескенде байқалды”, “Қайла қайралды”, “Болат құстың кеудесінде”, “Екінші күн”, “Оқытушылар” деген туындыларын ұсынды. Осы очерктеріндегі Мірсұлтанов, Хамит, Борамбай Қонысбаев образдары арқылы Б.Майлин дәуір қаһармандарының озық қасиеттерін ашатын саяси, интелектуалдық, адамгершілік сипаттарын терең пайымдап, сан тұлғалар жасаған. 1935 жылы Балқаш мыс қорыту зауыты туралы да біраз туындыларын ұсынып, Қоңырат өңірі байлығын игерген адамдар ерлігін, сауатсыздықты жою жолындағы күресін, сол кезеңдегі қарбалас еңбек дүбірін, тіршілік тынысын барынша шыншылдықпен көрсетеді. Жазушы кез келген қаһарманын өз ортасында, қарым-қатынас жасау кезінде көрсете отырып, сол қоғам шындығын, уақыт тынысын ішкі-сыртқы жағдайлармен астастырып, қою бояумен бере білгендігі Б.Майлин очерктерінің артықшылығының бір қыры.

Ғабит Мүсіреповтің 1933 жылы жазылған “Шұғыла” [125] очеркі жолжазба түріндегі очеркке жатады және сол кезеңдегі зорлықпен құрылған “Алып” колхозы туралы бұл туындыда елдің тұрмыс тапшылығы, төтенше өкілдердің қарапайым елге тізе батырып, өз тұрмысын жөндеп алған ұлықтары туралы жазылады. Қазынаның халыққа деп жіберген азын-аулақ бұйымы қарапайым жұртшылықтың қолына тимей, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп отырғаны кеңінен әңгіме болады. Жүз пайызға колхоздасып болсын деген бұйрықтан кейін Смағұл деген азамат алдындағы жалғыз сиырын өткізіп, ортаға түсіп кеткен сиырын кері қайтарып алған Смағұлдың басынан кешкен оқиғалары шындықпен суреттеледі. Киіз үйден қала тұрғызу үшін бұрын бөлек-бөлек отырған ауылдарды біріктіріп “қала” атай салған басшылар ісі сынға алынады. Автор ол қаланың көшелерінің аттары мен нөмірлері бар екенін былай баяндайды: “... Қала Шокін көшесі, Елтай көшесі, Құрамыс көшесі... Үйлердің маңдайшасында қағазға жазып жапсырып қойған нөмірлері де бар” [126,34],- дейді. Осында қазақ арасындағы өткінші, тұрақсыз “уақытша қала”, ықтырма-пана “шұғыла” сияқты құбылыстарды, орын алған жайсыз жағдайлардың бәрі халықтың төзімділігін бітіріп, жолсыздық, сорақылықтардың ұзаққа бармайтынын автор көрегендікпен жазған. Бұл очерктің басына автор эпиграф ретінде “Көркем сөз шебері Би ағама арнаймын” деуінің себептері жоқ емес. Біріншіден, бұл очерктің Б.Майлиннің “Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры” сарынымен жазылған, екіншіден, жазушы Б.Майлин шеберлігін өмір бойы үлгі тұтып өткен.

1930 жылдары очерктен көбірек қалам сілтеген Ілияс Жансүгіров Түрксиб тақырыбына бірнеше очерк жазған “Жол аузында”, “Шоқпардың шоқтығында”, “Төрт жолдың торабы” деген туындыларында жаңа құрылыс ерлерін, қиыншылықтар, қақтығыс, ықылас, өштіктерді терең суреттеген. 1931-1934 жылдары жазылған “Октябрь”, “Сталин колхозы”, “Жарыс”, “Төменнен толқын”, “Бейсетай бригадасы”, “Соқашылар”, “Қоян-құс” деген очерктеріне колхоздастыру кезеңінің қиыншылықтары, жетістіктері, жаңалықтары мен сол кезеңдегі социалистік жарыстың мәні арқау болады. Мұнан жазушының обьективті өмірдің ағыстарын бар даусымен насихаттағанын, қарапайым халық әрдайым жасампаздық, жаңалық, игілік, отаншылдық жағына бейім, жақын болатынын публицистік тілмен шебер жеткізе білген. 1933-1934 жылдардағы баспасөз беттерін ақтарсақ Е.Ысмайыловтың “Жетінші штрек”, Ш.Құсайыновтың “Донбасс- Қарағанды”, С.Ерубаевтың “Күрестің түйісінде”, М.Әуезовтің “Қарғалы совхозындағы өткен төрт күн”, “Жуалы колхозшысы”, Ғ.Мұстафиннің “Алыптың кереметтері” деген очерктерін табуға болады. Алдыңғы екі автор да өз шығармаларын Қарағандыға арнап, ондағы шахтерлер еңбегін, өмірін қамтып жазады. Сонымен 1930 жылдары очерк жанры мықтап бой көрсетіп қана қоймай, адамтану, өлкетану, еңбектану қызметтерін атқарған, бірінші бесжылдық шежіресін, Қазақстанда өркен жайған өнеркәсіп орындарын, онда жұмыс жасаған еңбек адамдарының өмірін молынан қамтыған, шежіреге айналдырған деуге болады. Бұл кезеңде очерктің көркемдік сапасы әлі де жетілдіруді талап ететін деңгейде болды. Оған С.Мұқановтың мына пікірі: “Революциядан бұрын жаңа туа бастаған еді” деген қазақ прозасы советтік дәуірдің алғашқы жылдарындағы материалдар күнделік өмірдің тақырыбынан алынды да, қысқа очерктер мен әңгімелер түрінде жарыққа шығып отырды. Бұл очерктер мен әңгімелер советтік құрылысты насихаттау жағынан бағалы болғанымен, көркем әдебиет тұрғысынан қарағанда әлсіз еді” [127,304],- деген пікірі орынды. Бұл очерктерде көбінесе өмір фактілері жадағай баяндалып, жалпылама көрсетіліп, адамның ішкі жан-дүниесі, психологиясы ашылмай қалып отырған. Қазақстан өмірінде болып жатқан экономикалық, саяси өзгерістер, яғни завод, фабрика, өнеркәсіп орындарының пайда болуы, көбеюі, салынуы, туралы очерктердің көпшілігінің мәнсіз-мағынасыз бос, жылтыр сөздерді көп пайдаланып, ұзақ сонар әңгімелеп кеткен тұстары көп-ақ.

Жұмысшы табы туралы алғашқылардың бірі болып очерк кітап жазған Хамза Жүсіпбеков. Ол 1900 жылы Қарағанды облысының Нұра ауданында туған, кейіннен Омбыда оқып, С.Сейфуллин, А.Асылбеков, Ә.Досов сияқты көзі ашық, көкірегі ояу жастармен бірге елдік істерге араласып, өз қоғамының мұңын мұңдаған, алғашында Көкшетау уездік, Ақмола, Бөкей губерниялық партия комитеттерінің төрағасы, кейінірек Кеңес заманында да жауапты қызметтер атқарып, 1933-1937 жылдардың репрессия құрбаны болғанға дейін Қазақстан Заң халық комиссары, Қазақстан көркем әдебиет баспасының директоры болған. Ж.Жүсіпбековтің 1936 жылы «Қарсақбай» атты очерктер жинағы жарық көрген. Бұл очерктер жинағының негізгі тақырыбы – Жезқазған мен Қарсақбайдағы қазақ жұмысшыларының ерен еңбегі, сол замандардағы адамдардың характері, іс-әрекет, мақсат-мүддесі шыншылдықпен суреттелген. Бұл очерктер жинағының құндылығы - алғашқы жұмысшы табының қалыптасуы мен уақыт тынысын, дәуірдің үнін, қалыптасқан психологиялық ахуалды түп-түгел көз алдымызға алып келеді.

Қазақ әдебиетінің басқа жанрлары сияқты 1930 жылдардың екінші жартысында очерк сан жағынан да сапа жағынан да бір саты көтерілді деуге болады. Бұл очерктерде көркем түйіндеу мен жинақтап көрсету әдістері ілгері дамыды. Сол кездегі “Социалистік Қазақстан”, “Әдебиет майданы” басылымдарында шыққан очерктер 1940 жылы жинақталып “Қазақстан” деген атпен кітап болып шықты. Бұл очерктердің тақырыбы да әр алуан. Очеркшілер шахталарға, заводтарға, фабрикаларға, ауыл шаруашылығына, оқу орындарына барып, әр саладан ой толғады. Мысалы, Ә.Әбішевтің “Қарағанды қарттың сыры”, І.Жансүгіровтің “Байыған Балқаш”, Ғ.Мүсірепов пен А.Тоқмағамбетовтің “Қорғасын алыбы”, “Дәнді толқын”, “Жеңілген сыр”, И. Шуховтың “Дән туралы дастан”, Ж.Есбатыровтың “Ақсу алқабында”, С.Омаровтың “Кереге тас”, А.Лекеровтің “Егінші әйелдер”, М.Әуезов пен Қ.Бекхожиннің “Мәдениетті Қазақстан” т.б. очерктерін атауға болады. Ә.Әбішевтің “Қарағанды қарттың сыры” мен “Көмір батыры” очерктері Қарағандының өндірістегі озық адамдарын көрсеткен өміршең шығармалар. Олай дейтініміз, басты кейіпкер Түсіп Күзембаевтың өмірі арқылы очеркист сол кезеңдегі қарапайым жұмысшылардың рөлі, мәдениеті, тұрмысы, саяси көзқарасы туралы кеңінен толғап, саналы азамат, үлкен тәрбиеші дәрежесіне көтереді. Очерк жанрының өзіне тән стилі, композициясы бар және онда басты рөл атқаратын жанды сөз, іс-әрекет, қимыл толық көрінуі тиіс. Демек, очеркші кейіпкерлерді іс-қимыл үстінде көрсете отырып, өз сөзімен баяндай бермей, сондағы істеп жүрген адамдардың өздерінің әңгімелеуі және іс-әрекеті үстінде көрсетуі тиіс. Ә.Әбішевтің “Қарағанды қарттың сыры” деген очеркі өндіріс тақырыбына арналған, самолетпен ұшқан автордың қартпен әңгімелесуі, қарттың аты белгісіз болуы, очеркке біраз бөгде әңгімелер еніп кетуі, Қарағандыға барғаннан кейінгі жайды автор тек жалаң цифрлар арқылы баяндаған тұстары сәтсіз шыққан. Жазушы Қарағандының сол күндердегі жетістігі, табыстарының сыры, игілікті істерге қозғаушы күш болып отырған себептерді ашпай, керісінше, бұрыннан мәлім ертеректе Қарағандының 250 сомға сатылғаны, орыс, ағылшын капиталистерінің жұмысшыларды қанағаны туралы, сол кезеңде 22 шахта болғанын жалаң баяндап өте шығады.

М.Әуезов пен Қ.Бекхожиннің “Мәдениетті Қазақстан” очеркінде сол кезге дейін сауатсыз болған қарапайым халықтың білім-ғылымға ұмтылысы, мәдениетке талпынысы, қараңғылық картинасы шебер публицистикалық толғаулармен берілген. 1938 жылы Ғабдол Слановтың “Өмірдің асқар биігінде” очерктер жинағы шыққан. Бұл жинаққа әр жылдары, әртүрлі тақырыптарға жазылған көркем очерктері енгізілген. “Көктің көркі”, “Ертісті жоғары өрлегенде”, “Алыптың даңқы”, “Өмірдің асқар биігінде”, “Қара тон”, “Темір”, “Мақат”, “Масленщик Қамқа” т.б. егіс даласы, ауыл жұртшылығының еңбегі, Ембі жұмысшыларының тұрмысы мен демалысын өзек еткен. Осы очерктердің ішіндегі шоқтығы биігі “Жер жаннатына сапар” деп аталады. Жазушы Есентуки курортында демалғандағы әсерін, Кавказдың сұлу табиғатын, А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов аттарына байланысты тарихи орындарды сәтті суреттеген. Очеркші Орынбордан келген қазақ жұмысшысы Қабидың өткені мен бүгіні, тұрмысы, еңбектегі ерлігін публицистикалық сарынмен әсерлі жазған. 1930-1940 жылдар аралығында қазақ әдебиетінде көркем очерктің жол-сапар, портретті түрлері кең қанат жайды. Бұл осы кезеңде ел ішінен озаттар, еңбек ерлері күнбе күн топ жарып шығуына байланысты еді. Металлургтер Б.Ықыласов, Ә.Мұрынбаев, көмірші Т.Күзембаев, сауыншы С.Оңғарбаева, қызылшашы Н.Досқожанова туралы очерктер көптеп жазылды. Сол кезеңдегі Қазақстан мәдениет қайраткерлерін бейнелейтін портрет-очерктердің өзі бір төбе. Спандияр Көбеев, Қаныш Сәтбаев, Күләш Байсейітова, Дина Нүрпейісова, Жамбыл Жабаевтың қазақ даласын аралауы, жұмысшы қауымға жолығып, жаңа заманды мадақтаған мәдениет қайраткерлерінің келбеті бұл очерктерде жан-жақты бедерленген. 1930-1940 жылдары қазақ көркем очерктері қалыптасып, дамуында үлкен белес болды және ел өміріндегі елеулі оқиғаларға да жедел үн қосып, шындықтың шын мәніндегі жаршысы бола білді.

1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы кезінде қазақ очеркінде халқымыздың асқан ерлігінің шежіресі жасалды. Барлық ұлт өкілдері бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, фашист басқыншыларымен шайқасқан заматтағы біздің очеркистеріміз майдан даласындағы батырлық, табандылық, қайсарлық туралы жазып қана қойған жоқ, өздері де насихаттық, үгіттік жұмыстармен майдан даласында жүріп айналысты. Ұлы Отан соғысы кезінде қазақ әдебетінің тарихында тұңғыш әскери очерк пайда болды. Жазушыларымыз баспасөзге белсене араласып, майдан, тыл батырларын көркем публицистиканың арқауы етті. “Социалистік Қазақстан”, “Лениншіл жас” басылымдарында ақын-жазушылардың барлығы дерлік очерктерін жариялап, Отан қорғау ісіне өз үлестерін қосты. Әсіресе әскери очерк жанрының қалыптасуына майдан газеттері елеулі үлес қосып, әскери тілшілер Ә.Сәрсенбаев, Ж.Молдағалиев, Қ.Әбдіқадыров, С.Сейітов, С.Омаров, Д.Әбілов, А.Лекеров, Ж.Жұмақанов, Ә.Нұршайықов, А.Тоқмағамбетов, Б.Момышұлы, М.Ғабдуллин, Б.Бұлқышев, Қ.Аманжолов т.б. ұрыс шебінде жүріп, көрген-білгендерін реалистік тұрғыда, патриоттық сезімге толы туындылар берді. Олардың очерктері соғыстың шынайы қалпын суреттеп, қазақ жауынгерлерінің қайсарлығын, жау жүректілігін өз көздерімен көріп жазғандықтан қарапайым халықтың жүрегінен бұл очерктер бірден жол тауып, үлкен үгіттік, насихаттық рөл де атқарды.

Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, А.Тоқмағамбетов, Ә.Әбішев, Ғ.Сланов, Ә.Тәжібаев, Ғ.Орманов, М.Иманжановтар әскери публицистикаға ойысып, қан майдандағы жауынгерлердің батырлығы қарапайым халыққа өнеге етіліп, ел-жұртты сын сағатта бірігуге шақырады. Барлық жазушының публицистикасында жеңіске сенім, батыр жауынгерлерді өнеге тұту басым. Ұлы Отан соғысының батырлары сериясымен “Жазушы” баспасынан Н.Әбутәлиевтің “Боран Нысанбаев”, Е.Әлімқұловтың “Әбдуәлиев Қарақозы”, Ә.Әбішевтің “Үрмеш Түктібаев”, Қ.Құрманғалиеваның “Қайырғали Смағұлов”, С.Мәуленовтің “Сұлтан Баймағамбетов”, Ә.Нұршайықовтың “Махмет Қайырбаев”, Т.Тобағыловтың “Сағадат Нұрмағамбетов”, т.б. очерктер кітабы “Жазушы” баспасынан шыққан. Бұл батырлар туралы очерктерде соғыс өмірі көрсетіліп, майдан даласындағы қиян-кескі ұрыстар, батырлардың қаһармандық келбеті жинақталып жазылған. Демек, Ұлы Отан соғысы кезінде қазақ әдебиетінің жанрлары ішінде көркем очерк абыройлы борышын атқаруға, прозаның үлкен жанрларынан гөрі очерктің алға шығуы заңды құбылыс. Жоғарыдағы жазушылар қысқа, ерекше қимылдар арқылы көкейде қонымды етіп, Ұлы Отан соғысы қаһармандарының ішкі жан дүниесінің терең ашып бере білді. Осы қысқа очерктер соғыс кезеңінің шындығын кейініректе ірі шығармалардың арқауына да айналдырды. Ғ.Мүсіреповтің “Қазақ солдаты”, С.Мұқановтың “Сұлушашы”, Ә.Нұршайықовтың “Ақиқат пен аңыз” романдары қаһарлы жылдардың қатал шындығын көз алдымызға елестететін үздік шығармалар болып тарихтан өз орындарын алды. Соның ішінде Ғ.Мүсіреповтің “Социалистік Қазақстан” газетінде жарияланған очерктер циклінің маңызы мен көркемдігі жоғары. 28 панфиловшылардың ерлігі туралы “Ел үшін туған ер”, “Нұрсұлтан Есболатов”, “Манастың ұрпағы”, М.Ғабдуллиннің “Шыныменен рас па?”, “Менің майдандас достарым” деген очерктер циклында атақты 8-ші гвардия дивизиясының жорық жолы туралы жазған. Бұл жазушылар очерктеріндегі кейіпкерлер бейбіт өмірде көптің көзіне түсе бермейтін қарапайым адамдар, жау келгенде батырлық, ерлік қасиеттерімен көрінеді. Аты аңызға айналған Василий Клачков, генерал-майор И.В.Панфилов, полковник Б.Момышұлы т.б. жарқын бейнесін жасаған Мәлік Ғабдуллин өзі туралы сараң әңгімелей отырып, майдандас жауынгерлердің жарқын бейнесін сомдаған.

Ұлы Отан соғысы кезінде талантты жас публицист Баубек Бұлқышев өз очерктерін өрнекті сөз кестесімен жазды. Баубек очерктеріне тән қасиеттер. Отанына, туған жеріне деген деген махаббат, жау жендеттеріне деген ашу-ызаға толы болды. Мұнда жас очеркистің рухани жан дүниесі, биік мәртебелі моральдық бейнесі толық ашылған, яғни оның күнделік, ашық хат формасында жазған туындылары жалпы жастардың атынан айтылып, сол қиын-қыстау кезеңдегі жастардың арман-мұратын білдірді. Б.Бұлқышевтың публицистикалық мұрасы туралы Ғ.Мүсірепов былай дейді: “Жазушының өмірі тым қысқа болған, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан Баубек Бұлқышев аз да болса айқын да өткір еңбектерімен прозамыздың публицистикалық саласын едәуір көтеріп кетті” [128,324]. Публицист көп очерктерін орыс тілінде жазып, “Комсомольская правда” газетінде жариялаған, оны ана тілімізге аударған Ғабит Мүсірепов еді. “Өмір мен өлім туралы”, “Мен өмір сүргім келеді”, “Жауыздық пен махаббат”, “Тыңда, Кавказ!” [129], атты очерктерінде соғыс жағдайы, ондағы ерлік жайында толғады. Б.Бұлқышевтың “Шығыс ұлына хат”, “Заман біздікі” шығармаларында үлкен философиялық толғаныс, тебіреніс бар. Очеркист өз басынан кешкендерін, қарулас достарының ерлігін, жаумен кескілескен шайқастардағы жас жауынгерлердің бүкіл әлемді таңдандырған идеялық-саяси, моральдық қасиеттерін, Отанына, халқына деген адалдығын, қажыр-қайратын, асқан ерлігін жан-жақты және бар қырымен көрсете алды.

Талантты публицист Баубек Бұлқышев туралы Мұқан Иманжанов: “Қош бол, Шығыс ұлы” атты публицистикалық очеркін жазды. Өмір мен өлім арасында, оқ пен бомба арасында жүріп қаза болған аяулы досының өліміне арналған очерк – нағыз адамгершілікке толы, шынайы да шыншыл шығарма еді. Алдымен ескеретін бір жай соғыс тұсындағы көркем очеркке бір өлшеммен қарауға болмайды. Алғашқы жылдарға қарағанда очерк жанры да іштей түлеп, өзгеріске ұшырап жаңа кезеңдерді басынан кешіріп отырды. 1941 жылғы соғыстың алғашқы айларында жауынгерлердің моральдық рухын көтеруге шақырса, одан кейінгі жылдары майдан мүддесіне, жеңіс мүддесіне қызмет ету мақсатын көздеген сарын байқалады. Әсіресе жауынгер жазушылар оқ астында жүріп, өз шығармаларын жазуы, қалай жазсам деп ойлауға мұршасы келмеген очеркшілер шығармаларында өздерінің бар болмысымен көрінген. Алғашқы кезеңдегі очерктер қалың жұртты соғысқа жұмылдыруға қызмет атқарса, 1943-1944 жылдары әскери очерктер дамуы тағы бір сатыға көтерілді. Бұл кезеңде ұрандық, үгіттік очерктерден гөрі адамды, жауынгерлерді суреттегенде оның ішкі жан-дүниесі, психологиясы, достық, адамгершілік, махаббат турасындағы ойларын ортаға салатын көркем очерктер өрістеді.

Ұлы Отан соғысының батыры Мәлік Ғабдуллин 1941-1945 жылдар аралығында соғыс туралы “Майдан очерктері”, “Алтын жұлдыз” т.б. очерктер жинағын шығарды. Батыр жазушының очерктерін оқыған сайын майдан өмірінің қатал да қытымыр шындығына қанығасың. “Ел намысы – ер намысы” очеркінің басты қаһарманы кіші сержант Черкасов барлаушылар тобында істеп, жау туралы хабар әкелудегі ептілігі мен ерлігі келістіріле суреттеледі. Фашистердің бір офицері мен тоғыз фрицін ұстап алып келген. Ертай Жетеков атты жігіт сауықшыл, үнемі көңілді жүретін, ұрыс шебінде де әзіл-қалжыңы қалмайтын Ертайдың мінез-құлқы, жан дүниесі жан-жақты ашылған. Майдандық журналистердің талай-талай очерктері мерзімді баспасөз беттерінде көптеп жарияланған. Оларға Жұбан Молдағалиевтің “Халық қаһармандары” очеркінде қан майданда туған елінің намысын қорғаған бір топ қазақ жауынгерлерінің ерлігі әңгімеленеді. Мерген Есқайыр Халықов, қобызшы, қазақ филормониясының артисі Ысқақ Уәлиев, зеңбірекші Құттыбай Ерғалиев, дәрігер Роза Момынова туралы көркем очерктері реалистік кең толғанысқа бастайтын шығармалар.

Жекен Жұмақановтың “Қанға қан”, “Қыр қыраны”, “Батыр даңқы”, “Марияның мекені” очерктерінде әртүрлі мамандық иелері тағдыры мен қаһармандық істері көрсетіліп, шын мәніндегі өз елінің патриоттары ретінде көрінген. Сырбай Мәуленовтің “Қанға боялған блокнот” атты очеркі өз жерлесі, соғыс шебінде ерлікпен қаза тапқан аға лейтенант Зейнолла Әбеновке арналған. Қанға боялған блокнот – шығарманың негізгі өзегі. Майдан өткелдерін басынан кешкен Асқар Лекеров “Туысқан”, “Қарапайым қазақ”, “Адамның жүрегі”, “Жалғыз оқ”, “Қарындас”, “Кездесу” деген очерктер жазып, сол кездегі адамзаттың жеңіске деген құштарлығын, жеңімпаздықты аңсаған Кеңес адамдарының ой-ниетін паш еткен бұл шығармаларда оқиғалар қорытылып, өнеге етіп ұсынылған.

Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен Совет Одағының батырлары Сергей Луганский, Леонид Беда, Талғат Бегилдинов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова ерліктерінің толық картинасы жасалып, сом тұлғасымен етене таныстырған авторлар әскери очерктің дамуына мол үлес қосқан деуге болады. С.Бақбергеновтің “Талғат”, С.Мәуленовтің “Ер Естай”, Ж.Молдағалиевтің “Хасан батыр” көркем очерктерінде де бұл атақты батырлардың ерлік істері, шағын оқиға тізбектерімен баяндалып, көркем де әсерлі бедерленеді. Бұл қаһармандар соғыс кезінде өздерінің өр тұлғасымен, өршіл мінезімен, алдына қойған мақсатын әрдайым орындап шыққандығымен құнды.

Сәбит Мұқановтың “Батыр қыз” очеркі Совет Одағының батыры М.Мәметова туралы 1944 жылы жазылған. Сұрапыл соғыс үстінде туған бұл очерк өз еркімен майданға аттанған қазақ қызының бір-екі күнгі басынан кешкен оқиғасын баяндайды. Жазушы Мәншүктің ұрыс даласындағы үгітшілік міндет атқарып жүрген сәтін, жауынгерлер борышын ұғындыруда үлкен міндетті мойнына алғанын шыншылдықпен сенімді көрсеткен. Ондағы М.Мәметова сөзі былай беріледі: “Өзің өлме, жауыңды өлтір, ал мерт бола қалсаң, дұшпанға кек жібермей, жастығыңды ала кет!” деп, осы сертте өзі тұрған қазақ қызының жарқын бейнесі, айбыны, қажыр-қайраты жан-жақты ашылады. Очерктегі әсіресе Мәншүктің соңғы арпалысы, батырлық өлімі көрсетілген тұстары өте әсерлі, батыр қыздың ақтық демі біткенше жаумен шайқасып кеткен қайсар мінезі шебер ашылған. Ұлы Отан соғысы туралы әскери очерктер өмірдің қатал шындығынан алынған, қиын кезеңнің тарихы, жеңіс жолында қаза болған азаматтарымызға жасалған рухани ескерткіш деуге толық болады. Бұл очерктердің мынадай ерекшеліктерін атауға болады: біріншіден, бұл очерктегі оқиғалар көзбен көріп, бастан кешкен оқиғалардың елесі, екіншіден, соғыста болған ақын-жазушылар өз көргендерін өз бояуы, өз мәнері дәрежесінде суреттеген, үшіншіден, оқ пен оттың арасында асығыс жазылғандықтан суреткерлік шеберлік жағы жетіспей жатқан тұстары да жоқ емес, төртіншіден, бұл әскери очерктер уақыт сынынан өтіп, тәуірлеу дегендері арнаулы жинақтарда (“Ол күндердің өшпес даңқы”, “Майдан”, “Жеңімпаздар”) жарық көрді. Бұл көркем очерктер соғыстан кейінгі кезеңде адамдарды отансүйгіштікке, ерлік рухында тәрбиелеуге көп септігін тигізгені ақиқат.

Ұлы Отан соғысының батырлары мен олардың қаһармандық ерліктері әлі күнге дейін қаламгерлерімізді қызықтырып, дәстүрлі жалғасын тауып әлі де жазылып келе жатыр және жазыла бермек.


Каталог: bitstream -> handle -> data
data -> Шындалиева М. Б
data -> Бейсенбай Кенжебаев алаш туы астында (мақалалар мен зерттеулер)
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор
data -> Олжабай Нұралыұлының шығармашылық мұрасы хаһында
data -> Оқулық Астана, 2012 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
data -> Қазақ очеркі
data -> Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия
data -> -
data -> МЕҢдігүл бұрханқызы шындалиева уақыт және суреткерлік шеберлік: жанрлар поэтикасы
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет