Мектептегі оқыту процесінің тәрбиелік бағыттылығын дамыту



бет1/3
Дата09.12.2016
өлшемі1,55 Mb.
#3548
  1   2   3
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы




Мектептегі оқыту процесінің тәрбиелік бағыттылығын дамыту
Әдістемелік құрал

Астана


2013

Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Ғылыми кеңесімен баспаға ұсынылды (2013 жылғы 15 сәуірдегі № 2 хаттама).

Мектептегі оқыту процесінің тәрбиелік бағыттылығын дамыту. Әдістемелік құрал. – Астана: Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2013. –
81 б.

Бұл әдістемелік құралда мектептегі оқыту процесінің тәрбиелік құрамдасын күшейтудің психологиялық-педагогикалық негіздері, жолдары мен әдістері қарастырылған, отандық және шетелдік тәжірибе талданып, ұсыныстар берілген.

Әдістемелік құрал мектеп басшылары мен мұғалімдерге, әдіскерлер мен педагог-зерттеушілерге арналған.

© Ы.Алтынсарин атындағы

Ұлттық білім академиясы, 2013

Кіріспе
Әлемдік қауымдастықтың заманауи даму кезеңінде адамзат факторын жандандыру әлемдік прогрестің бір шарты ретінде талап етіледі.

Бүгінгі білім берудің мақсаты – дүниетанымы кең, интеллектісі дамыған, білім деңгейі жоғары индивид қана емес, сонымен қатар, көп жағдайда қоғамның болашағы зияткерлік, саяси, мәдени деңгейінің дамуымен байланысты рухани тұлғаны қалыптастыру.

Білім беру – оқыту мен тәрбиенің тығыз байланысы.

Бүгінгі күні біздің елімізде қоғам мен мемлекеттің заманауи сұранысына бағдарланған білім берудің тұтас жүйесі құрылған. Өскелең ұрпақ тәрбиесіне қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 1997 жылғы «Қазақстан−2030: барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» Жолдауында [1], Қазақстан Республикасының «Білім туралы», «Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары туралы», «Қазақстан Республикасындағы жастар саясаты туралы» заңдарында [2-4] көрініс тапқан. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген «Барлық білім беру ұйымдарында оқыту процесінің тәрбиелік құрамдасын күшейту жөніндегі үлгілік кешенді жоспар» [5], Білім және ғылым министрлігі қабылдаған «Қазақстан Республикасы үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасы» [6] басшылыққа алынған.

Қазақстандық білім беруді жаңғырту тәрбиені білім берудегі маңызды басымдық ретінде оқыту мен дамыту процесіне кіріктірілген педагогикалық іс-әрекеттің құрамдасы болуын көздейді.

Оқытудың өмірмен байланысының күшейтілуі оқыту әдістерінің тәрбиелік ықпалын күшейту туралы, тәрбие және білім беру жұмыстарының бірлігі жайындағы мәселені алдыңғы орынға шығаруда.

Тұлғаны қалыптастыру – өзін-өзі ұйымдастыру, отбасы және қоғамдық тәрбиелеу мен ағартудың ұзақ, табанды және мақсатты процесінің нәтижесі.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2012 жылғы


27 қаңтардағы халыққа Жолдауында: «... оқыту үдерісінің тәрбиелік құрамдасын күшейту қажет. Олар – патриотизм, мораль мен парасаттылық нормалары, ұлтаралық келісім мен толеранттылық, тәннің де, жанның да да­муы, заңға мойынұсынушылық. Бұл құндылықтар, меншіктің қандай түріне жататынына қарамастан, барлық оқу орындарында да сіңірілуге тиіс», − деп атап көрсетті [7].

Тәрбиенің басты міндеті – оқушыларда азаматтық жауапкершілігі мен құқықтық өзіндік санасын, руханилығы мен мәдениетін, ынталылығын, дербестігін, толеранттылығын, қоғамда табысты әлеуметтену қабілеттілігін қалыптастыру.

Тұлғаның өзін өзі билеуін, өзін өзі жүзеге асыру, отбасы және білім беру мекемелері педагогикалық ұжымдарының өзара іс-әрекеті үшін жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында тәрбиенің нақты мақсаттары мен міндеттерін анықтау, тәрбие кеңістігін модельдеу – рухани тұлға қалыптастырудың негізі болады.

Заманауи оқу бағдарламалары мазмұнының айтарлықтай тәрбиелік әлеуеті бар. Оның іске асырылуы оқушыларға адамгершіліктің, патриоттықтың, руханилықтың, азаматтық және гумандықтың шынайы үлгісін ұсынатын оқу материалының мазмұнын мақсатты іріктеуге байланысты. Сабақтағы оқу пәнінің мазмұны – оқушы тұлғасының құрылымына әсер ететін күшті құрал. Алайда, білім алушылардың санасына баянды, берік білім негізінде тұтас қабылдау арқылы жеткізілген жағдайда ғана мазмұн тәрбие құралы бола алады.

Жүйелі білімді және олар арқылы сенім мен көзқарастар жүйесін қалыптастыруға ықпал ететін пәнаралық байланыстарды, кіріктірілген курстарды кеңінен қолдану керек. Өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу процесінде адамгершілік сезімдерді қалыптастыруға көмектесетін, тұлғаның құндылықты бағдарын қалыптастыратын – тарих, мәдениет бойынша материалдар жеткілікті қолданылмайтынын атап көрсету қажет. Жастарға қазіргі заманғы іс-әрекет принциптері мен өзекті проблемаларында өткеннің прогрессивті, гумандық идеяларының тарихи тамыры бар екендігін көрсетудің маңызы зор.

Білім беру процесінің маңызды құрамдасының бірі ретінде оқытумен қатар тәрбие процесі жай-күйінің талдауы және зерттеуі көрсеткендей, қазіргі оқушылардың тәрбиесі біздің қоғамда болып жатқан әлеуметтік жүйенің дағдарысы: өмірдің қылмыстануы; экологиялық жағдайдың нашарлауы; адамгершіліктің төмендеуі және т.б. көптеген келеңсіз процестермен күрделендірілген.

Негізгі әлеуметтік институт – отбасының өзінің тәрбиелік қызметін орындауы жеткілікті емес. Көбінде ата-аналар мен балалар арасындағы қарапайым рухани жылулық жетіспейді. Соңғы жылдары мектептің тәрбиелік қызметі төмендеді. Әр баланың бойында адамгершілік, қайырымдылық, азаматтық, еңбекке шығармашылық қатынас, тіршілік атаулыға ұқыпты қарау, өз халқының мәдениетін сақтау қасиеттерін тәрбиелеу – мектептің педагогикалық ұжымы басшылыққа алуы қажет және оқу-тәрбие жүйесі толығуы тиіс басты құндылықтар.

Заманауи жағдайларда білім беру мекемелеріндегі тәрбиені дербес түр ретінде емес, кез-келген педагогикалық қызметке тән іс-әрекет ретінде қарастыру қажет. Оқу процесінің тәрбиелік бағыттылығын арттыру қажеттілігіне орай, мектептегі оқу пәндерінің тәрбиелік бағыттылығын күшейту бойынша мектеп мұғалімдері үшін нақты практикалық басшылықтар, құралдар, әдістемелік ұсыныстар қажет.

Сондықтан, әдістемелік ұсыныстардың мақсаты – тәрбие процесін білім берудегі маңызды басымдық ретінде жетілдіру және қазіргі мектептегі оқу процесінің тәрбиелік бағыттылығын күшейтуге ықпал ету.

1 «Оқыту процесінің тәрбиелік компоненті» үғымының мәні
Қоғам дамуы процесінде тәрбие мазмұны өзгереді, алайда педагогика тәрбие субъектісі ретінде үнемі адамды қарастырады, ал тәрбие әсері оны жетілдіруге бағытталады. Бұл педагог-тәрбиешілердің тұлғаның сапалы өсуіне және жетілуіне ықпал ететін санасын, психологиясын, құндылықты бағдарын, білімі мен қызметінің әдістерін өзгертуіне мүмкіндік беретін тәрбие феноменін түрлендіретін іс-әрекеті ретінде анықтауына негіз береді.

Демек, барлық білім беру процесін екі компонент ретінде көрсетуге болады: оқыту және тәрбиелеу. Өз кезегінде оқыту да, тәрбиелеу де белгілі бір аяқталған және құрастырылған процесті білдіреді.

Біздің пікірімізше, оқыту мен тәрбиелеу процестерінің мәнін төмендегіше ұсынуға болады:

Оқыту деп шығармашылық қабылдау мен практикалық қызметтер, мәдени және моральдық-этикалық идеялардың түрлі тәсілдері мен деңгейлері арқылы білім, білік және дағдыға ие болу түсіндіріледі.

– Бұл жағдайда тәрбие этностық, эстетикалық, моральдық, әлеуметтік және т.б. түрлі қарым-қатынастардың, сол сияқты мінез-құлық, дағдылар мен сезімдердің әртүрлі деңгейлерінің туындау және қалыптасу процесін білдіреді.

Оқыту және тәрбие процестерінің өзара ортақ және бір-бірінен ерекшеленетін қасиеттері бар. Келесі кестеде оқыту және тәрбие процестеріне ортақ және бөлек қасиеттерді көрсетуге болады (1-кесте).

Оқу процесі – бұл тек белгілі бір білім, білік және дағдыларды меңгеру ғана емес, оқушы тұлғасының жан-жақты дамуы мен қалыптасуы. Оқушылардың оқу процесі барысында меңгерген білімі олардың дүниетанымы қалыптасуының негізін қалайды, түрлі табиғи, қоғамдық, техникалық және мәдени құбылыстар мен оқиғаларды дайындаудың маңызды құралы болады.

Оқушылардың танымдық қызметі олардың интеллектуалдық, эмоционалдық және еріктік дамуын ескереді. Оқу процесінің тәрбиелік мәні – оқыту барысында оқушылардың білім, білік және дағдыларды меңгеруі мен оларда әлемге, бір біріне, игерілетін оқу материалына эмоционалды-құндылықты қатынас қалыптасуы арқасында табиғи байланыс орнайтындығында.

Білім берудегі тәрбие компонентінің мұғалімдер мен оқушыларға бірдей дәрежеде қатысты құндылықты басымдықтарын нақтылау қажет:


  • тұлғаның жалпыадамдық гумандық құндылықтарға бағдарлануы;

  • демократиялылық және толеранттылық;

  • космизм және ұлттық идеяның үйлесуі;

  • тұлғаның маңызды креативті қабілеттіліктерін ашу;

  • өз шығармашылық әлеуетін елін көркейтуді іске асыру

қажеттіліктерді қалыптастыруға бағытталған тәрбиенің аймақтық аспектісі.

Пәнді оқыту процесінде тәрбие қызметін іске асыруда мұғалім ең алдымен сабаққа тәрбие міндеттерін қоюы тиіс. Мұғалімдердің көпшілігіне осы кезең қиындық тудырады. Нақты нені және қалай тәрбиелеу керек? Жеке оқушының және тұтас алғанда сыныптың тәрбие деңгейінің диагностикасы қажет, ол тәрбиенің проблемалы тұстарын бірден байқауға және тәрбие мақсаттарын мақсатты түрде құрылымдауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, сабақта қозғалатын тұлға қасиеттерін балалармен талқылауға міндетті. Ол баланың процестен шеттетілмегенін, мұғалімнің оған тәрбиеде көмектескісі келетінін және ең бастысы бұл өзіне қажет екенін түсінуі үшін қажет. Бұл жағдайда бала өз қылықтары мен іс-әрекеттерін ойлана талдайды және мұғалімге сабақтың тәрбиелік міндеттерін түзету жеңіл болады.


1-кесте − Оқыту және тәрбие процестерінің ерекшеліктері, оларға тән ортақ және бөлек қасиеттер


Оқыту және тәрбие процестерінің

ортақтығы



Оқыту және тәрбие процестерінің ерекше өзгешеліктері

1. Оқыту және тәрбие процестерінің өзара бірлігі мен қайтымдылығы, себебі оқыту процесі тәрбие қызметі де болып табылады, сонымен қатар тәрбие процесі оқытумен тығыз байланысты

1. Ерекше өзгешеліктер мазмұн деңгейінде байқалады: оқыту мазмұны – бұл, ең алдымен, қоршаған шынайылық туралы ғылыми түсініктер мен білімдер. Өз кезегінде, тәрбие мазмұнында алдыңғы орынға нормалар, ережелер және идеалдар шығады.

Тұлғаның санасына, мінез-құлқына, эмоциясына екіжақты әсер ету

2. Ерекше өзгешеліктер, сонымен бірге міндеттерді іске асыруға және алдыға қойған мақсаттарға қол жеткізуге көмектесетін жаңа формалар мен әдістерді анықтау деңгейінде жақсы байқалады. Оқытуда негізінен сол уақытта сабақ жүргізудің тек нақты да қатал белгіленген сыныптық-сабақтық жүйесі ғана қолданылса, тәрбие – түрлі сипаттағы барынша еркін формаларды, қоғамдық пайдалы еңбекті, спорттық, көркемөнер қызметін, мақсатты ұйымдасқан қарым-қатынасты, шамасына лайық еңбекті қолдану процесін білдіреді.

Сонымен, тәрбие міндеттерінің шеңбері анықталды, одан ары қарай жұмыстың ең күрделі де жауапты кезеңі тұр: ойға алғанды қалай іске асыруға болады? Сабақ жоспарын жасауда қойылған тәрбие міндеттеріне байланысты сабақтың әр кезеңіндегі баланың қызметін ойластырудың маңызы зор.

Тәрбиелік көзқарас тұрғысынан сабақтың кейбір сәттерін талдап көрелік. Сабақтың басталуы – бұл өте маңызды кезең, себебі осы кезеңде қажеттілік-мотивациялық аяға ықпал етіледі және көп жағдайда сабақтың ойдағыдай өтуі оның іскерлікпен ұйымдастырылуына байланысты. Сабақтың тәрбиелік қуаты болуы үшін оны қалай ұйымдастыруға болады? Әр мұғалімнің тәжірибесінде сабақты бастаудың түрлі әдістері мен тәсілдері жеткілікті.

Мысалы, профессор Г.Н. Волков сабақты қандай да бір тәрбиелік сипаттағы қысқа аңыз, ертегі, мақал, жұмбақтармен және т.б. бастауды және бірте-бірте сабақ тақырыбына көшуді ұсынады. Г.Н. Волковта тәрбие құралдарының көптігі сондай, бір сабақтағы ауызша халық шығармашылығының пайдалану формасы, не болмаса қолдану әдістері екінші сабақта қайталанбайды.

Павлодар облысы Баянауыл ауданының мұғалімі И.С. Кузекова Ш.А. Амонашвилидің «Здравствуйте, дети!» кітабындағы постулаттарды өз жұмысында шығармашылықпен пайдаланады. Жаңашыл-мұғалім өз ойымен былайша бөліседі: «Бұл кітап көптеген мұғалімдер үшін мектеп өмірін, баланың міндетін және мұғалімнің рухтандырушылығын сезінуде жаңа кезең болды. Кітаптың педагогикалық тілі ғажап, ол баршаға түсінікті және жақын. Педагог-классиктер өз оқырмандарымен осындай ұғынықты да шығармашыл айқын тілде сөйлескен. Шалва Александровичтің барлық еңбектері сөйлеу мәнері және сөзді сезіну білігімен ерекшеленеді. Оның қарапайым болып көрінетін «Күлкім менің, қайдасың?» немесе «Жүрексіз нені сеземіз?» кітаптарының мазмұны бірден түсіне бермейтін ұлы даналықтан тұрады. Мен өз сабақтарымда Ш.А. Амонашвилидің әдістемесін жиі қолданамын. Мысалы, сабақты келесі ұйымдастыру сәттерімен бастаймын: математикада – оқушылар назарын сандардың симфониясына аударамын. Математикада симфония болады ма? Келіңдер, ойланайық. Немесе, бір рет кесу үшін неше рет өлшеу қажет? Неге дәл 7 рет және т.б.».

Рухани өмір – бұл ішкі, сондай-ақ сыртқы материалдық ақиқатты туғызатын болмыстың жоғары жоспары, жасырын, заттандырылмаған шынайылығы. Рухани өмірдің құлазуы адам дамуының эволюциясын тежейді, ал рухани өмірдің өсуі оның өркендеуі мен дамуын анықтайды. Дәстүрлі, сонымен қатар көптеген инновациялық мектептердің адам рухани өмірінің маңызын бағаламайтындығына және баланың өз рухани әлемін жасауда еркіне жіберіле салғандығына өкінуге болады. Бұл бала үшін үлкен қиындық туғызады, және ол үнемі жақсылықпен аяқтала бермейді.

Баланың жанында да жүрегінде де жарқын бейнелер, ой-армандар – әсемдікті сезіну мен шексіздікті ұғыну, өз ойы үшін жауапкершілік пен жақсылыққа, ерлік пен батырлыққа ұмтылу, қамқорлық жасау және ренішке ортақтасу сезімі орын алуы тиіс. Жарқын да биік бейнелердің ортасында осындай байлыққа ие болып жүріп, адам жаны еңбек ете бастайды, өз әлемін туғызады, жаңа бейнелерді жасайды және өзіне тартады.

Мұндай сабақтарды қалай өткізуге болады?

Ең негізгі әдіс – мұғалімнің әңгімесі, еркін пікір алмасулар, аңыздар оқу. Сонымен қатар, алыс әлемдерге ұшу, өз қалалары мен мемлекеттерін салу туралы армандар; өзінің, жақындары мен туыстарының, адамдардың өмірін жақсарту туралы ойлау; өз жүрегіне үңілу, жүрегімен көру білігін өздігімен дамыту бойынша жұмыс істеу де бар.

Сол сияқты, тәжірибе де бар: жақындары мен туыстарына, ғаламшар адамдарына, Жер бетіндегі балаларға ізгі ойлар жолдау, көрген түсті жазу, өз жан құбылыстары туралы күнделік жүргізу, философиямен шұғылдану.

Мұндай сабақ тіпті бала үйіне келген соң да бітпейді: мұғалім оның жадында, ізгілік – ойында қалады.

Осындай білім беру процесінде бала өмірдің қалыптасқан жағдайларына бейімделместен, оның талаптарын өзгертуді, жақсартуды, жетілдіруді, оның сапасын арттыруды үйренеді.

Одан ары, келесі – «тақырыпты тұжырымды етіп тарқату» процесін ұсынуға болады. Тақтада сабақтың тақырыбы жазылады және оқушыларға түсініп оқу және өз пайымын айту ұсынылады. Талқылау «оқушы – мұғалім» «оқушы – оқушы» сұхбаты принципінде құрылады. Нәтижесінде бірнеше педагогикалық міндеттер шешіледі: біріншіден, оқушылар шығармашылық ойын, батыл пайымын, сөз мәдениетін тәрбиелеуге мүмкіндік беретін сабақтың міндеттерін өздері ұсынады; екіншіден, олардың алдында сабақ үстінде шешуге тура келетін, сыни ойын, жігерлілік қасиеттерін тәрбиелеуге мүмкіндік беретін проблемалар туындайды; үшіншіден, оқушылар өзектендіру қажет етілетін сұрақтар шеңберін (бұл кезеңде ақыл-ойға тәрбиелеу, өз күшіне сенуге тәрбиелеу жүреді) өздігімен белгілейді; төртіншіден, дауыстап пікір білдірудің осы бірнеше минуты оқушылардың қызметіне қозғау салады және жұмыс күйіне келтіреді, сол арқылы мотивациялық-сұраныс аясын дамытады. Тақырып атауын тарқатуда көп жағдайда олар осыған дейін кездескен түсініктер қайталанып қалатындықтан, талқылауда «күшті» және «орташа» оқушылармен қатар, үлгерімі төмен оқушылар да белсенділік танытады. Мұндай тәсіл сабақта жетістік ахуалын туғызуға мүмкіндік береді, адамгершілік тәрбиені іске асырады.

Сабақты проблемалық жағдаят тудыру мүмкіндігіне жетелейтін жаттығулар орындаудан бастауға болады.

Қай тәрбиелік әлеуеттің осындай тәсілі бар? Ақыл-ой, шығармашылық дербестік, ерік күші, еңбексүйгіштік, жауапкершілік тәрбиесі беріледі.

Сабақты зерттеу сипатындағы практикалық жұмыстан бастауға болады. Мұндай жұмысты жүргізу сыни ойлауға тәрбиелейді, қызығушылық туғызады, тақырыпты зерттеуге деген дәлелдерін қарастырады. Сол сияқты, бағалаудың түрлі тәсілдері балаға жетістікке жеткен және сәтсіздікке ұшыраған сәттерінде де оң әсер етеді.

Сабақта міндетті түрде бағалаудың әртүрлі жолдарын қолдану қажет. Мысалы, бақылау жұмысынан кейін біз оқушылармен «жетістік сатысын» құруды ұсынамыз. Бұл тәсіл өте тиімді, себебі балалар өз жетістіктері мен сәтсіздіктерін талдай отыра, сын, өзара сыйластық сияқты қасиеттерді көрсетеді, өзгелердің жетістігіне қуануға үйренеді, өзіне және сыныптастарына қатысты сынды дауыстап айтады. Кейбір сабақтарда бағалау жетондарын пайдалану тиімді, балалар олардың көмегімен дұрыс жауаптары үшін өзін өзі бағалайды.

Бұл жағдайда сабақтағы белсенділік артады. Сабақтың соңында қорытынды жасап және тиісті бағаны журналға қою жеңіл болады. Бұл тәсіл жауапкершілік, адалдық, парасаттылық, өзара сыйластықты тәрбиелеуге мүмкіндік береді.

Әрине, сабақтың барысында міндетті түрде мұғалімнің ауызша бағалауы – ұстаздың мақұлдаулары, кей іс-әрекет түрлерінде сыныптастары тарапынан бағалаулар болуы тиіс. Сабақ соңында немесе аралық кезеңдерінде рефлексия кезеңі болуы шарт. Дәл осы кезеңде балалармен бірге сабақты тәрбиелік көзқарас тұрғысынан бағалау мүмкіндігі туады. Бұл жерде мұғалімнің, оқушылардың талдауы және өзіндік талдау болады. Адамгершілік критерияларына, еңбектегі жетістіктерге немесе сәтсіздіктерге акцент жасалады, ақыл-ой тәрбиесі аспектісі қозғалады.

Кез-келген сабақтың үлкен тәрбиелік әлеуеті бар, сондықтан да мұғалімге балаға зиян келтірмеу жауапкершілігі жүктеледі. Әдістемелік дұрыс құрылған сабақ өзінің әрбір сәтімен тәрбиелейді, материалды өзекті, қажет және қызықты етеді.



Педагогикалық процесс деп көздеген мақсатқа қол жеткізуге бағытталған және жағдайдың алдын ала көзделген өзгерісіне, тәрбиеленушілердің қасиеттері мен сапаларын түрлендіруге жеткізетін тәрбиешілер мен тәрбиеленушілердің дамытушы өзара іс-әрекеті аталатыны белгілі.

Тұтастық пен ортақтық негізінде оқыту, тәрбиелеу және дамыту бірлігін қамтамасыз ету педагогикалық процестің басты мәнін құрайды.

Педагогтар, тәрбиеленушілер, тәрбие жағдайлары – педагогикалық процесс жүретін жүйенің компоненттері болып табылады.

Процестің мақсатты компоненті педагогикалық қызметтің мақсаттары мен міндеттерінің алуан түрлілігінен: басты мақсаты – тұлғаның жан-жақты, және үйлесімді дамуынан бастап – жекелеген қасиеттерден, немесе олардың элементтерін қалыптастырудың нақты міндеттерінен тұрады.

Мазмұндық компонент жалпы мақсатқа, сол сияқты әрбір нақты жеке міндеттің мәнін, педагогтар мен тәрбиеленушілердің өзара іс-әрекетін, олардың шығармашылығын, процесті ұйымдастыру мен басқаруын көрсетеді, бұларсыз соңғы нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Педагогикада бұл ұйымдастырушы, немесе ұйымдастыру-басқару компоненті деп аталады.

Процестің нәтижелік компоненті оның қарсылығының тиімділігін көрсетеді, қойылған мақсатқа сәйкес қол жеткен өзгерістерді сипаттайды.

Педагогикалық процесс атқарымдағы педагогикалық жүйені көрсететінін айта кету қажет. Кез-келген педагогикалық жүйенің құрамына енетін компоненттер: педагог, оқушылар, білім мазмұны, педагогикалық процесті ұйымдастыру формасы, педагогикалық процестің әдістері (оқыту әдістері және тәрбие әдістері), педагогикалық процестің құралдары, мақсаты және нәтижесі. Басқаша айтқанда, өзара бір-бірімен байланысты оқыту және тәрбиелеу – ең ірі құрамдас, педагогикалық процестің процессуалды компоненттері болып саналады. Олар өз кезегінде, басқа, анағұрлым ұсақ құрамдастарға бөлінеді. Мысалы, оқыту процесі – оқытуға және оқуға т.б. Оқыту және тәрбие атқарымдағы педагогикалық жүйенің жүйеасты құрылымы ретінде қарастырылуы мүмкін. Олардың қызметі ортақ (білім беру, тәрбиелеу, дамыту), бірінші жағдайда – білім беру, екінші жағдайда – тәрбиелеу басымдықта.

Оқыту процесі атқарымдағы дидактикалық жүйе болып саналады. Онда педагогикалық жүйенің барлық компоненттері іске қосылған. Олардың әрқайсысы қарастыру заты болуы мүмкін, берілген жағдайда бұл оқыту құралдары. Тұтас педагогикалық процестегі барлық компоненттер бір-бірімен өзара байланысты. Егер процесс қандай да бір теория немесе тұжырымдама негізінде ұйымдастырылған жағдайда олардың тиімділігі жеке алғанда, сондай-ақ жүйе ішінде артады. Оқыту, атқарымдағы дидактикалық жүйе ретінде, білім алушылардың оқу қызметін ұйымдастыру жүйесін білдіреді. Осы тұжырымды тұрғы оқыту процесіне, сонымен қатар оның әрбір құрамдасына таратылады.

Тәрбие, оқыту және дамыту білім берудің тең құрамдастары болып саналады. Соңғы компонентке назар аудару қажет, ол алдыңғы екеуінің шегінде тұрып, соларға тән сипаттарға ие болады, себебі дамыта оқыту процесінде білім алушылардың жаңа тұлғалық қасиеттері тәрбиеленеді. Бұл шартты түрде бөлу, өйткені практикада білім беру салаларының барлығы өзара тығыз байланысты. Оқыту мен тәрбиенің ұйымдастыру, түрлері мен әдістері өзіндік ерекшеліктері болғандықтан, тәрбие мәнін, оның мағынасын, мақсаты мен міндеттерін біздің елдегі қазіргі әлеуметтік-экономикалық түрленуі контексінде сезінуін түсіндіру үшін осы педагогикалық категорияны жеке қарастыру қажет.

Білім беруді реформалауға және білім беру парадигмаларының алмасуына байланысты тәрбие проблемасы білім берудің барлық сатыларында ерекше өткір тұр. Мектеп өмірінің заманауи шынайылықтары кеңестік дәуірден кейінгі білім беру кеңістігінде тәрбие компоненті ескі жүйенің рудиментті қалдығы сияқты ретінде өз маңыздылығын жойғанын дәлелдеп отыр, ал тәрбиенің жаңа парадигмасы енді ғана құралуда және жаңа аксиологиялық мәнге ие болуда. Осы шектес жағдаятта тәрбие процестері негізінен педагогтардың, кураторлардың еріктері мен шеберліктеріне, әкімшіліктің бастамасы мен нақты оқу орнының дәстүрлеріне байланысты.

Алайда, тәрбие құндылықтары, оның деңгейі, өлшемдері баянды құндылықтар болып табылатынын баса айту қажет.

Біз келесі жағдайлар адамның тәрбиелілік өлшемдері болып қызмет етеді деп санаймыз:

– жалпыадамдық гуманистік доминанттарды меңгеру деңгейі;

– әлеуметтік және кәсіптік қызметтің, тұлғалық бағалау мен қылықтардың негізі ретінде қоғамның этикалық нормалары мен этикалық құндылықтарын меңгеру;

– тұлғаның тәрбие процесінде алған қасиеттерінің деңгейі мен иерархиясы.

Тәрбие, екіжақты процесс (тәрбиеші – тәрбие субъектісі) бола тұра, тәрбие субъектісінің немесе субъектілерінің дербес бастамалары өзін өзі тәрбиелеу әрекеті арқылы нәтижелі болған кезде тәрбиеші бастамасы акценттерінің серіктестік арқылы өзін өзі тәрбиелеуге ығысуын болжайды.

Е.В. Бондаревскаяның пікірінше тәрбие мақсаты – тұтас мәдениет адамын қалыптастыру (А қосымшасы).

Мәдениет адамы – мәдениет әлемінде өз тағдырын өзі шешуге қабілетті, еркін адам. Мұның педагогикалық аспектілері оқушыларда өзіндік сананың жоғары деңгейін, өз қасиетін бағалау, өзін өзі қадірлеу, өзгелердің пікірін құрметтей отыра, өз пікірінің еркіндігі сияқты қасиеттерді тәрбиелеуден тұрады.

Мәдениет адамы – адамгершілікті тұлға. Адамгершілікке тәрбиелеудің педагогикалық аспектілері тәрбие қарым-қатынасының барлық әдістерін және барлық жүйесін ізгілендіруден тұрады.

Мәдениет адамы – рухани тұлға. Мәдениет адамының руханилығы мәдени сәйкестендіру және мәдени-лайықтылық өмір салтын таңдау қабілетінде байқалады.

Мәдениет адамы – әрі шығармашыл, әрі бейімделген тұлға. Адамның заманауи жағдайлардағы өмір сүру қабілеті екі блоктан: мінез-құлықтың меңгерілген алгоритмдерінен және өзгерген жағдайларға сәйкес олардың өзгергіштігіне, яғни шығармашылыққа даяр болуынан тұрады.

Тұжырымдама авторы тұлғалық тәжірибенің келесі компоненттерін бөліп көрсетеді, оларды меңгерген тұлға мәдениет адамы ретінде қалыптасты деп саналады:



аксиологиялық (құндылықты-мағыналы), санамен «берілетін» және адамның әлемге, адамдарға, өзіне қатысты тұлғалық мәнге ие болатын әмбебап жалпыадамзаттық құндылықтардан тұрады;

мәдениеттанушылық тұлғаның өмір сүру әрекеті өтетін түрлі мәдени орта; жалпымәдени қабілеттер, мәдени шығармашылық туындылар; ұлттық мәдени құндылықтар мен дәстүрлер және оларды сақтау, жаңарту, жаңғырту бойынша іс-әрекет және т.б.;

өмірнамалық (жағдаяттық) өмір жағдайлары, оларды ұйымдастыру мен ғұмыр сүру әдістері, өз тұрмысын өзгерту жолдары, өмір сүру ортасын түрлендіру және т.б.;

моральдық-этикалықадамгершілікті, өнегелі мінез-құлықтың эмоциялы мазмұнды жағдаяттарына төзу тәжірибесін жинау және т.б.;

азаматтыққоғамдық пайдалы еңбекке қатысу, азаматтық сезімдерді көрсету, адам құқықтарын қорғау және азаматтық мінез-құлық тәжірибесін дамытатын басқа жағдайлар;

тұлғалықбалалардың өмір сүру әрекеті келесі жағдаяттармен маңызды: шынайы жауапкершілігі, таңдау еркіндігі, шешім қабылдау, өзіндік бағалау, өзін-өзі түзету және өзін-өзі тәрбиелеу, өз тәртібін жобалау, тұлғалық даму және т.б.;

дербес-шығармашылық – қабілеттерді дамыту құралы, өмір сүру әрекетінің түрлі стильдерін, өз-өзіне сенімділік, дербестік, креативтілікті қалыптастыру.

Тәрбие мазмұны балалардың дамуына қарай олардың тәжірибесімен, өмірлік және тәрбиелік жағдаяттармен толығады [8].

Педагогика ғылымында дәстүрлі түрде ақыл-ой, адамгершілік, эстетикалық, еңбек, дене тәрбиесін бөліп көрсетеді, қазір оның азаматтық, құқықтық, экономикалық, экологиялық бағыттарымен толықтырылуда. Тәрбие процестері толық және жеке бір бағыт аясында түрлі: қауым, әлеуметтік институттар, жеке әлеуметтік топтар, интердербестік (тұлғааралық) және интрадербестік (өзін өзі тәрбиелеу) деңгейлерінде іске асырылуы мүмкін.

Ғалымдар тәрбиенің тарихи қалыптасқан түрлері соған сәйкес мәдениет ішінде дамығанын атап көрсетті. Алғашқы қауымдық құрылыс үшін балаларды ересектердің іс-әрекетін жаңғырту бағдарына негізделген және міндетті, ұжымдық сипаттағы тәрбиенің бірінші тарихи түрі сәйкес келеді. Өркениеттің пайда болуы тәрбиенің өзге, әлеуметтік және экономикалық теңсіздікпен, еңбек бөлінісімен, яғни түрлі педагогикалық міндеттермен туындаған түрінің пайда болуын ескерді

Тәрбие модельдерінің тарихи алуан түрлілігі жергілікті өркениет ерекшеліктеріне, мәдениеттің типологиясына, ұлттық өзгешелікке байланысты.

Мәдениеттің шығыстық түрі қоғамның тұлға алдындағы басымдығына, дәстүрлер мен қағидаларды қатаң сақтауға, ойлау мен жеке бас бостандығының тәуелсіздігін шектеуге негізделген тәрбиенің шығыстық түрін анықтады. Сонымен қатар, Шығыстың педагогикалық дәстүрлері адамды қоғамдық және діни нормаларға бағынышты сезім, ерік және сананың бірлігі ретінде қарастырады.

Көне дәуірде туындаған және заманауи еуропалық мәдениеттің түп тұлғасы болған мәдениеттің батыстық түрі шығыстық мәдениеттен түбірімен ерекшеленетін және батыстық тәрбие түрін анықтайтын педагогикалық дәстүрлерді тудырды. Оған тән сипаттар – адамның еркі мен парасатының дамуына бағдарлану, адамда дара және шығармашылық бастауларды, тұлға мен қоғамның қарым-қатынасының үйлесімін, осыдан барып – тәрбие проблемаларын шешуде мақсатты және құндылықты-тиімді тұрғыларды бекіту.

Қазақстандық тәрбие дәстүрлері экономикалық және саяси катаклизмаларды бастан өткерген Қазақстанның ұлттық ерекшеліктері мен әлеуметтік-тарихи ерекшеліктерімен қабаттаса жіктелді, ол алайда, біздің елімізде ең жақсы білім беру жүйелерінің бірі қалыптасуына кедергі болмады.

Тәрбие міндеттері педагог-тәрбиешілердің әдіс-тәсілдерін құрайтын белгілі бір тәрбие әдістері арқылы шешіледі.

Тәрбие әдістерінің жіктеуі шартты және ол тәрбие моделіне, оның түрлері мен бағыттарына, тәрбие ортасына, тәрбиеленушілердің жасына және тәрбиешінің тұлғасына байланысты. Осыған орай тәрбие процестерін мәнмәтінде қарастыру қажет, ол алға қойылған тәрбие міндеттеріне қол жеткізуде әдістердің тиімді жүйесін әзірлеуге мүмкіндік береді.

Мемлекеттік құжаттарды талдау барысында білім берудің заманауи парадигмасына қаланған білім беру процесінің тәрбие міндеттерін естен шығармау керек.

Мазмұн тиянақты білім негізінде білім алушылардың санасына оларды тұтас қабылдау арқылы таратылған кезде ғана тәрбие құралы болады. Жүйелі білімді, олар арқылы – пікір, көзқарастар жүйесін қалыптастыруға ықпал ететін пәнаралық байланыстарды, кіріктірілген курстарды кеңінен қолдану керек. Түсінікті, белсенді түрде меңгерілген білім ғана тұлғаның жаңа қасиеттеріне ауысып, рефлексияға, бағалау пікіріне қозғау салады.

Оқу пәндерінің прцессуалды сипаттамалары бір мезгілде дидактикалық және тәрбиелік мақсаттарға қол жеткізуде жиі қолданылады. Негізінде тұлғаға бағдарланған дамыта оқыту білім беруді ізгілендіру, тәрбиемен тығыз байланысты болып оқушы өмірінің барлық жағынан қамтитын процесс бола отыра, оның тұлғасының үйлесімді дамуына ықпал етеді. Балалардың бірлескен іс-әрекетте өзін көрсете алуына, бағалау шешімін қабылдауына түрткі салатын тәрбие әдістері педагогикалық қарым-қатынас, белсенді оқыту әдістері (семинар-пікірталастар, мәнмәтіндік оқыту, проблемалық оқыту және т.б.) процестерінде іске асырылады. Тәрбиеде педагог тұлғасы, оның педагогикалық шеберлігі, оқушылардың психологиясын білуі үлкен рөл атқарады.

Соңғы мемлекеттік құжаттарға сәйкес, «білім беру» түсінігі кең мағынадағы тәрбие ұғымына теңестіріледі және ұрпақтар жинақтаған білім, тәжірибе мен мәдени құндылықтарды жеткізу процесі болып табылады. Ендеше, тәрбиені қоғамдық құбылыс ретінде қарастыруға болады, ол бір мезгілде әлеуметтік-мәдени бағыттың міндеттерін де шешеді. Атап айтсақ:

– тәрбие – адамды әлеуметтендірудің және ұрпақтар алмасуы арасындағы өзара байланыс құралы болып табылады;

– тәрбие – дүниежүзілік мәдениет, ғылым және техникамен қарым-қатынас және танысу орнатылатын ая болып табылады;

– тәрбие – тұлғаның тиімді дамуы мен адамды индивид, қоғамның маңызды бірлігі ретінде анықтайтын тәсілі болатыны күмәнсіз;

– тәрбие – сонымен қатар, адамда руханилық және оның дүниетанымын, құндылыққа бағдарлануын, адамгершілік принциптерін анықтау мен қалыптастыру міндетін атқарады.

Сонымен, мектептің оқу процесінде тәрбие ортасын құру оқу процесіне өзгеріс енгізуді, барлық оқу пәндерінің тәрбиелік бағыттылығын күшейтуді көздейді. Әрбір баланың рухани дамуына бағытталған тәрбиелеу мен білім беру оқу және сыныптан тыс сабақтарда тәрбиелік міндеттерді іске асыруды, сабақтан тыс уақыттағы тәрбие ортасын құруды, сыныптан тыс жұмыс жүйесін құруды көздейді.

2 Мектептік оқу пәндерінің тәрбиелік компонентін іріктеудің ерекшеліктері.
2.1 Қоғамдық-гуманитарлық циклы пәндерінің тәрбиелік бағыттылығын күшейту
Мектептегі оқу ісіне қойылатын бүгінгі заман талабы – өзіндік ой-тұжырымы бар, логикалық ойлау қабілеті дамыған, өз көзқарасы мен пікірін ашық айта алатын, ақпараттар ағымынан қажетін іріктеп ала білетін, қоғамдық ортаға икемді, өз жолын дұрыс таңдай алатын жас ұрпақ тәрбиелеу. Бұл міндетті жүзеге асыруда барлық оқу пәндерінің, оның ішінде, қоғамдық-гуманитарлық циклы пәндерінің, қосар үлесі аз болмауы тиіс. Әсіресе, адам дүниетанымының кілті, ойлаудың формасы, қарым-қатынастың ең басты құралы ана тілі болғандықтан, мектеп пәндерінің ішінде ана тілінің атқарар қызметі ерекше.

Жаңа кезеңнің талабына сай білім берудің негізгі сатысында «қазақ тілі» пәнін оқытудың мақсаты – ана тілінің қоғамдық-әлеуметтік мәнін түсінген, тілдің қызметін жүйелі меңгерген, коммуникативтік құзыреттілігі, қарым-қатынас жасау біліктілігі дамыған дара тұлға даярлауға мүмкіндік туғызу болып табылады. Бұл кез келген грамматикалық ереже тек білім қоры қалпында қалмай, баланың өмірлік танымының, айналамен тіл табысуының басты базасына айналуы қажет екендігін көрсетеді. Тіл арқылы баланың логикалық ой жүйесін дамытудың жолдарын белгілеудің маңызын айқындайды.

Тілдің ғылыми негізін меңгеру оның қоғамдық-әлеуметтік мәнімен, рухани құндылығымен қоса берілгенде ғана жас ұрпақ бойында пәнге деген шынайы құрмет сезімін тәрбиелеуге болатыны бағымдалған. Өз ана тілінің даралық ерекшеліктеріне көз жеткізу ғана тілдің эстетикалық талғамын арттыруға негіз қалайтыны дәйектелді. Тілдің адам болмысымен байланысы, санаға қатыстылығы туралы тұжырымдарының білім жүйесінен орын алуы – коммуникативтік біліктілікті қалыптастырудың тетігі. Міне, осы түйіндеулер қазақ тілін оқытудың тұғырнамалық негізі етіп алынған.

Осы мақсаттан туындайтын міндеттер:

– оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту;

– оқушылардың әдеби тіл нормасына сай сөйлеу дағдыларын жетілдіру.

Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі – басқа ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілде қарым-қатынасты жүзеге асыруы. Осы мәселені іске асыру барысында жалпы білім беретін мектептерде мемлекеттік тілді жаңаша әдіс-тәсілдермен, технологиялармен оқыту жолдары қарастырылуда. Қазақ тілін жаңа технологияларды ұтымды пайдалана оқыта білсек, біз оқушының бойында тілге деген қызығушылықты арттыруымыз сөзсіз. Бүгінгі күні бұл бағытта көптеген технологиялар бар. Олардың ішінде проблемалық оқыту, интерактивті оқыту, ойындық технологиялық оқыту, қатысымдық оқыту, т.б. технологиялар қазақ тілін екінші тіл ретінде оқушылардың белсенділігін арттыруда қолайлы болып табылады [9].

Қоғамдық-гуманитарлық циклы оқу пәндерін оқытуды жақсарту талабы жастарды патриотизмге, өз Отаны – Қазақстан Республикасына сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрлерін қастерлеуге, Конституцияға қайшы және қоғамға қарсы кез-келген көріністерге төзбеуге тәрбиелеу; әлемдік және отандық мәдениеттің жетістіктеріне баурау, қазақ халқы мен республиканың басқа да этностары мен этностық топтарының тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін зерделеу, мемлекеттік тілді, орыс, шетел тілдерін меңгеру міндеттерінен туындады.

Көпұлтты және көпконфессиялы Қазақстан мемлекетінде жаңа сипатқа ие болып отырған патриотизм мәселесін Қазақстан Республикасының ұштұғырлы саясатымен ұштастыра жүргізу қажет. «Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі», − деген Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған жолдауы қазіргі кездегі патриоттық тәрбиеде тілдерді меңгерудің маңыздылығын көрсетеді [10].

Тілді үйрену – өз ұлтыңды тану. Ұлттық тілді білу ұлт ділін, қасиетін, мінезін, ой, жан-дүниесін, сырын білу, халықтық мәдениет пен дәстүрді жаңғырту. Бай қазынаны игеру қазақ тіліндегі көркем әдебиеттерді оқу, ғылыми еңбектермен танысу, жазба жұмыстарын жүргізу, күнделікті оқу, үйрену арқылы ғана орындалады.

Жеке тұлғаның өзіндік мінез-құлқы мен оның жеке психологиялық ерекшеліктерін, көптеген басқа да әлеуметтік факторлардың ықпалын ескере отырып, жеке тұлғаның бойында патриоттық сезімді қалыптастырудың негізі ретінде оқыту-тәрбиелеу аясында қазақ әдебиеті пәнінің рөлінің, атқаратын қызметінің маңызы зор.

Халық ауыз әдебиеті үлгілерінің кез келген жанрын оқу-тәрбие процесінде пайдалану оқушылардың тілін дамытудың, дүниетанымын қалыптастырудың, оларға ұлттық тәрбие берудің бірден-бір жолы болып табылады.

Жас ұрпақты ұлттық бірлікке, Отанын, елін, жерін сүюге, тәуелсіз мемлекетті нығайтуға өз үлесін қосуға тәрбиелеуде көркем шығарманың маңызы зор. Көркем шығармаларда патриоттық сезімді ардақтап, батырлық, ерлікке мадақталып, ақылдылық, парасаттылық, достық тәрізді адамгершілік игі қасиеттер дәріптелген. Бұл тақырыпта әңгіме, ертегі, өлең, жырлар туғанын, оларда халықтың батырлық, ерлік істерді және оны жасаушыларды ардақтағанын білуге болады.

Халық ауыз әдебиетінің бір саласы болып табылатын ел қорғау, батырлық істер жайында туған мақалдар халықтың ой-тілегі, арман-мүддесі, ұлттық мақтанышы қандай екенін көрсетіп отырады. Осы тақырыптағы мақалдар, ең алдымен кімге болса да, туған жер, өсіп-өнген ел-отан аса қасиетті, қадірлі қымбат, ыстық деп көрсетеді. Мысалы “Ел іші - алтын бесік”, “Туған жердің тауы да ыстық”. Ал сонымен қатар туған елді, жерді басқа елдермен салыстырып, әркімге өз елінен артық ел жоқ екенін аңғартатын мақалдар да баршылық. Оған дәлел: “Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол”, “Кісі елі -күміс, өз елің –алтын” т.б. мақалдар. Өз елін жаудан қорғау үшін қасықтай қаны қалғанша, ақтық демі біткенше алысу, сөйтіп дұшпаннан елін, отанын қорғап қалу халқын сүйген әрбір азаматтың міндеті болатындығын көрсеткен. Оны мына мақалдардан: “Ер жігіт елі үшін туады, елі үшін өледі”, “Елін сүйген ер болар” т.б. көруге болады. Оқушыларға тәлім-тәрбие беруде сабақта осындай мақал-мәтелдердің мазмұнын түсіндірудің маңызы зор.

Сабақтың тәрбиелік бағыттылығын дамытуда ауыз әдебиетінің тағы бір жанры – жұмбақтардың рөлі үлкен. Олар оқушылардың ой-өрісін, дүниетанымын кеңейтеді, халықтың қоғамдық тұрмысының, кәсіп-тіршілігіненкөп мәлімет береді, тапқырлықты, білімділікті керек етеді. Ол айналадағы өмірді тани білуге үйретеді.

Ауыз әдебиетінің ертеден келе жатқан көлемді саласының бірі – ертегілердің оқыту процесінің тәрбиелік компонентін әлеуетін арттыруда алатын орны ерекше. Ертегілер халқымыздың тарихын, тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын, нанымын, дүниетанымын білдіреді, өскелең ұрпақты зұлымдық әрекеттерден сақтандырып, адамгершілікке үндейді, оқушылардың қиялын дамытып, жақсы мінез-құлық қалыптастырады, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге шақырады, өзінің елін, жерін қорғауға, сүюге тәрбиелейді.

Әдебиеттегі шығармалар ойды да, сезімді де тәрбиелейді, мінез-құлықты қалыптастырады. Оқушылар жағымды кейіпкерлерге еліктейді, одан үлгі алады. Мектеп оқушылары осы пән арқылы өз бойына патриоттық сезімді ұялататыны анық. Ең бірінші әсер Тәуелсіздікке қол жеткізген аға ұрпақтың ерліктері болса, туған жерге деген сүйіспеншілік, ерлік жасауға негіз болатын оқиғалар барлығы әдеби шығармаларда беріледі. Әдебиетіміз тікелей тарихпен байланысты, ал тарихымыз біздің осы күнге жеткен қиын да, аңсаған жолымыз. Сан ғасырлық ұлттық тәрбиенің этнопсихологиялық және этнопедагогикалық негіздерін бір арнаға түсіріп, қазақ ойшылдары мен ағартушыларының, қоғам қайраткерлерінің еңбектеріндегі ұлттық тұлға тәрбиесі туралы ой-пікірлерін, үлгі-өнегесін сабақтың тәрбиелік құрамдасын дамыту мәселесінде кеңінен пайдалану қажет.

Мектеп оқушыларына қазақ әдебиетін оқыту арқылы жеткіншек ұрпаққа ел тарихынан, мәдениетінен, халықтар достығынан білімдер беріп, олардың күнделікті өмірде елтану білімдері, іскерліктері мен дағдыларын игертуге бағытталған мұғалімнің педагогикалық іс-әрекеттері өзара байланыста болуы керек [11].



«Орыс тілі» оқу пәні ретінде жалпы орта білім беретін мектептің негізгі орта деңгейінде топтамалық, сабақтастық, жүйелілік ұстанымдары негізінде оқытылады. Мұнда негізінен тілдік білім арқылы оқушының лингвистикалық дүниетанымын қалыптастыру көзделеді. Мәтіннің қызметі танытылады. Мәтіндер арқылы танымы кеңейтіледі, тілі дамытылады. Сонымен қатар, олардың тіл мәдениетін игеруіне көңіл бөлінеді. Мектептің негізгі орта деңгейінде оқытылатын «Орыс тілі» пәнінде тілдің танымдық сипаттары мен коммуникативтік, эстетикалық қызметтері бірлікте танытылады.

Негізгі орта деңгейде тілдің ойлаудың формасы, танымдық әрекеттің негізгі құралы ретіндегі қызметімен қатар адамның өзін-өзі тануы мен өзгені тануының, қоғамдық құбылыстар мен қоршаған ортаны, сондай-ақ табиғат құбылыстарын танып білуінің бірден бір қайнар көзі екенін пайымдауға үйрету мақсат етіледі.

Орыс тiлi сабағы баланың ой-өрiсiн өсiрiп, оның дүниетанымын қалыптастырады. Бұл оқу материалдарының, жалпы бiлiм мазмұнының iшкi байланыстарынан туындап, оқушының шығармашылық бағыттағы жұмыстарымен ұштасқанда ғана жүзеге асырылады.

Шет тілін оқыту мен оқып үйренудің маңыздылығы және тәрбиелілік мүмкіндіктерін анықтауда Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауындағы «Тілдердің ұштұғырлығы» мәдени жобасы басшылыққа алынды. Шет тілін оқытудың жетекші мақсаты коммуникативтік, білім беру, тәрбиелік және дамыту қызметтерін жүзеге асыру.

Оқушылардың туған елді тануға, қазақстандық патриоттық сезімін қалыптастыруға бағытталған: эмоционалдық-мотивациялық, мазмұндық және іс-әрекеттік компоненттер, сонымен қатар олардың қалыптасуының өлшемдері мен көрсеткіштері, өздерінің жиынтықтарымен қосылып ағылшын тілін оқыту арқылы мектеп оқушыларының елжандылығын қалыптастырудың құрылымдық-деңгейлік моделін құрайды (2-кесте).

Ағылшын тілі сабағында оқушыларға елжандылық, рухани-адамгершілік және көркем-эстетикалық тәрбие беру оқытудың дидактикалық принциптерін бұзбастан тіл материалының мазмұнын ұтымды түрде қолдану арқылы жүзеге асады.

Шеттілдік білім беруді жаңарту және дамыту келесідей мәселелерге бағытталуы мүмкін:

– үлкен тұлғалық-дамытушы басымдылыққа ие мәдениетаралық парадигма аясында шетел тіліне үйретуге;

– шеттілдік мәдениетаралық қарым-қатынас жағдайында туған елін және оның мәдениетін, сондай-ақ тілін үйреніп жатқан елдің мәдениетін таныстыра алу біліктерін дамытуға;

– оқушыларды шетел тілін меңгеру саласында өзін-өзі бақылау және өзін-өзі бағалау негіздерімен таныстыруға;

– тілді үйрету және ұлттық мәдениетпен және тілін үйреніп отырған елдің мәдениетін үйрету процесінде өзіндік білім алу потенциалын, интеллектуалдық және шығармашылық қабілеттерін дамытуға [12].



«Өзін-өзі тану» пәнінің оқушының жеке басын қалыптастырудағы мiндеттердiң бiрi − адамгершiлiк туралы ұғымдар, түсiнiктермен байыту болып табылады. Оқушылар бұларды әр түрлi дәрежеде игередi, ол баланың жалпы дамуына, оның өмiрлiк тәжiрибесiне байланысты. Бұл тұрғыдан алғанда оқу сабақтарының ролi үлкен, соның iшiнде дүниетану сабағы. Оқу арқылы бала қоршаған өмiрмен, табиғатпен, адамдардың еңбегiмен, достарымен, олардың қуаныштарымен, сәтсiздiктерiмен танысады. Оқушылар ең алдымен iзгiлiк, қайырымдылық, сезiмталдық, әдептiлiк туралы ұғымдарды түсiнуi, оларды айыра бiлудi үйренуi керек.
2-кесте – Шет тілін оқыту процесінде оқушыларды патриоттыққа тәрбиелеу моделі


Компоненттері

Өлшемдері

Көрсеткіштері

Эмоционалдық-мотивациялық


Елжандылық сипаттағы ағылшын тіліндегі мәліметтерге оқушылардың жағымды эмоционалдық көзқарасы


  • патриоттық қасиеттерін үйренуге талпынысы,

  • елжандылық сипаттағы ағылшын тілі пәнінің мазмұнын эмоционалдық сезіммен қажетсінуі;

  • елжандылық сипаттағы ағылшын тілінің елжандылық қасиеттерді қалыптастырудағы әлеуметтік мәнін түсінуі;

  • ағылшын тіліндегі елжандылыққа баулитын бейнелерге қызығушылығы және аялы көзқарасы;

- ағылшын тіліндегі мәдени мұра құндылықтарын елжандылық сезіммен қабылдауы.

Мазмұндық


Ағылшын тіліндегі елжандылық білімінің мазмұндылы-

ғы және


толықтығы

  • ағылшын тілін оқып үйренудің елжандылық мүмкіндіктерін білуі және түсінуі;

  • елжандылық сипаттағы ағылшын тіліндегі объектілердің мазмұнымен таныс болуы;

- ағылшын тіліндегі елжандылық мазмұндағы бейнелердің өзіндік ерекшеліктерін көре, түсіне білуі.

Іс-әрекеттік


Өзінің білімін практикалық іс-әрекеттерде пайдалана білуі және пайдалануға талпынысы


  • бейнелердің ағылшын тіліндегі елжандылық мазмұнына талдау бере білуі;

  • ағылшын тіліндегі елжандылық бейнелерге еліктеуі, үлгі тұтуы;

  • елжандылық мазмұндағы ағылшын тіліндегі шығармаларды талдағанда өзінің елжандылық көзқарасын көрсете білуі;

  • ағылшын тіліндегі елжандылық көріністерді дәлелді әңгімелей білуі, оған деген өз ойын жеткізе білуі.

Мысалға, бірінші сыныпта «Көмектесе білейік», «Тіл табыса білейік», «Менің досым», «Шаңырақ шуағы», «Сыйласаң – сыйлы боласың», «Қайырымды бола білейік», «Шыншылдық – адамдықтың белгісі», «Өтірік өрге баспайды», «Әдеппен сөйлеп әдеттен» т.б. сабақтардың негізі баланы ойлануға, талдауға, қарым-қатынас жасай білуге, өзі шешім қабылдауды үйренуге, адамның адамгершілік жағынан қалыптасу процесінде адамгершілік сезімдер арқылы жетуге бағытталған.

«Өзін-өзі тану» пәні әлемдегі ең басты құндылық – адамның өмір сүруі үшін, бақыт үшін, қуаныш үшін жаралғандығына негізделеді. Өмірдің осындай қарапайым ақиқатына – жақсы адам болуға баланы жастайынан үйрету керек. Бұл тұрғыда мұғалімнің рөлі аса зор. Өйткені ол оқыту мен тәрбиелеудің қазіргі әдістемесін жеткілікті меңгеріп, балалар психологиясын терең талдай отырып, белгілі бір жастағы балаларға бағытталған педагогикалық процесті ұйымдастыра алады [13].

«Адам. Қоғам. Құқық» оқу пәнінің мазмұны 9-сыныпта оқушыларының жас ерекшелігіне сәйкес, шығармашылық, денсаулық сақтау, тұлғалық-бағыт және құзыреттілік тұрғы негізінде орындалған, нәтижеге бағытталған, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жалпыға міндетті негізгі орта білім беру стандартында көрсетілген, білім алушылардың құзыреттілік жетістіктеріне бағытталған.

Құқықтық білім беруде Бала құқықтары туралы конвенция мен Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары туралы Заң баптарымен жұмыс барысында бала құқықтары туралы жан-жақты тәсіл ретінде балаларға арналған кітаптар, анимациялық фильмдер, мақалдарды пайдалануға болады.

Сабақ жүргізу барысында ең алдымен оқытушы мен оқушының қарым-қатынасына, оқушылардың интеллектуалдық, эмоционалдық, шығармашылық әлеуетін көтеруге негізделген оқытудың интерактивті әдістері қолданылады. Мұндай бірлескен жұмыстың нәтижесі қабылдауға (ақпаратты жай есте сақтау) негізделген дәстүрлі әдістемеге қарағанда анағұрлым жоғары. Балалардың өз бетінше қызмет ету, эмоционалдық толғаныстары арқылы оқытудың интерактивті әдістері сабақты түсіну, білімді меңгеру, қабілеттер мен дағдыларды, құндылықтар мен қарым-қатынастарды қалыптастыруға зор ықпал етеді.

Оқушы адам құқықтарының рухани жақтарын түсіну, «Бала құқықтары туралы конвенцияда» және «Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында бекітілген бала құқықтарының негіздерін білу, балалардың дамуға және қорғауға ерекше құқықтарының барын білу, бала құқықтарының бұзылу салдарын түсіну, өз құқықтарын қорғау тәсілдері туралы білуге тиіс.



«Құқық негіздері» пәнінің мазмұны құқықтанушылық білімнің әр азамат игеруге мiндеттi білім топтарын құрайды. Қазіргі замандық құқықтық шынайылық және құқықтық мемлекет құру ниетін көздеп отырған жағдайында әр азаматтың жеткілікті құқықтық білімі болуының, сонымен қоса, ол білімдерді олардың іс жүзінде қолдана білуінің маңызы зор. Жастар өздерінің құқықтық мәдениетін көтере отырып, сол білімдері негізінде, қай тараптан болмасын, өзін қорғай алуы керек. Пәнді оқытудың басым бағыты адам құқықтары мен еркіндіктері, олардың қоғамдық практикада жүзеге асырылуы болып табылады.

«Құқық негіздері» пәнiнiң мақсатына орай, жалпы орта мектептi бiтiрген оқушы мынадай түпкiлiктi нәтижелерге қол жеткiзуi керек:

– өзінің саяси, әлеуметтік құқықтары мен еркіндіктерін біледі, оларды қоғамдық практикада жүзеге асырады, міндеттерін орындайды;

– саяси-құқықтық кеңістікте қалыптасқан ахуалдарда дұрыс бағдар ұстанады.

Мысалы, мектептің 10-сыныбында құқық негіздері пәні бойынша «Қазақстан Республикасының Конституциялық құқығы туралы түсінік және оның мәні» тақырыбы бойынша оқушылар төменгі сыныпта алған білімдерін еске түсіріп, тиянақтай отырып, жаңа сабақпен байланыстырып конституциялық құқық нормалары мен қайнар көздерін аша білуге қол жеткізеді. Сабақта оқушылар тірек сызбаларды пайдалана отырып баяндап, өзара белсенділікті арттырады. Сабақтың мазмұны заңдық сауатты адам ретінде заңды үнемі орындап, заңға қайшы іс-әрекет жасамауға тәрбиелеуді көздейді [14].

«Тарих» пәнінің тәрбиелеушілік мүмкіндігі өте мол. Тарих сабақтарында оқушылардың дүниеге ғылыми көзқарасы қалыптастырылады, адамгершілікке, имандылыққа, ізгілікке тәрбиеленеді, отаншылдыққа, халықтарды құрметтеуге, сыйлауға тәрбиелейді; еңбекке, аға ұрпақтың еңбек және жауынгерлік дәстүріне тәрбиеленеді; діннің қызметін дұрыс түсінуге, оны дұрыс бағалауға, бейбітшілікті сақтауға үлес қосуға, адамзат жасаған кұндылықтарды құрметтей білуге тәрбиеленеді; эстетикалык, экологиялык, экономикалық т.б. тәрбие алады.

Қазақстан тарихын оқыту оқушыларға Казақстан жерін көне заманнан бүгінге дейін мекендеп келген халықтың, адамзаттың жүріп өткен тарихи жолын, адамдар жинаған әлеуметтік, рухани, адамгершілік тәжірибелерді баяндайтын тарихи білімдер негізін игеру, оқушылардың Отанға, туған жерге, өз ұлтының тарихы мен мәдениетіне, дәстүрлеріне сүйіспеншілік сезімін тәрбиелеу және басқа халықтардың тарихын, мәдениетін құрметтеу, жеке түлғаның қалыптасып дамуында ерекше орын алады.

Қазақстан тарихы оқулығындағы маңызды идеялар, ұғымдар мен түсініктер нақтыланғанда көптеген кұбылыстар мен оқиғалардың ішінен білімдік, танымдық-тәрбиелік жағы ең маңызды фактілер мен идеялар: Отан, туған өлке, Қазақстан – менің Отаным, халықтар арасындағы татулық пен келісушілік, ізгілік, мейірімділік, адамгершілік, өркениеттілік, ұлт-азаттық қозғалыс,тәуелсіздік, т.б. ұғымдарын қалыптастыруға ерекше назар аударылады.

Оқулық компоненттерінің (мәтін, игеруді ұйымдастыру аппараты, иллюстративтік материал, бағдарлау аппараты) үйлесімділігін сақтау, оларды мейлінше тиімді пайдалану отандық тарихты оқытуда жастардың қызығушылығын арттыруға, өзіндік жұмысын ұйымдастыруға негіз бола алады.

Бұл пән көп ізденуді, қосымша деректермен толықтыруды талап етеді. Мұғалім тақырыптың мазмұнын кеңейтіп және толықтыратын қосымша материалдарды қолдану арқылы дәстүрлі емес сабақ түрлерін өткізіп оқушылардың тарих пәніне деген қызығушылығын үнемі арттырып отырғаны жөн.

Тарих – өткен шақ туралы білімдердің жинағы емес, тарих – ойлау жүйесі, қазіргі әлемде өз жағдайында нақтырақ түсінуге бастайтын жол. Оқушылар өздігінен тарихи деректер мен құбылыстарды сұрыптап, оларды тиісті дәуір және аймақпен байланыстыра алуы, меңгерген білімдерін жаңа жағдайлармен сабақтастыра білулері керек.

Тарих пәнін оқытудағы негізгі мақсат – ұрпақтарды өз елінің тарихымен таныстыру. Оқушылардың танымдық қабілетін өсіруде адамгершілік қасиеттерін дамытуға әсер ету. Еліміздің әр азаматы тарихтан біз келешекте қандай қоғам құруды мақсат қыламыз, өткеннен қандай үлгі, өнеге алуымыз керек деп сұрақ қойып, жауап алуымыз қажет. Ана тілімізді, мирас болған тарихымызды білу, тану, табиғатын сақтау тәуелсіз еліміздің әрбір азаматының борышы. Осындай үлкен істі жүзеге асыруда тарихшы ұстаздардың атқаратын рөлі ерекше зор.

Қазіргі кезеңде қоғамдық пәндерді жаңа бағытта оқытуға, тәрбие және білім беру жүйелерін осыған сай жаңа деңгейге көтеруге көп көңіл бөлінуде. Еліміздің тарихын оқытуда шәкірттердің ой-өрісін кеңейту қажет. Тарихымыз жаңашыл шын көзқараспен таразыланып, ескерілмеген деректер қайта бағаланып жатыр.

Тарих пәнін оқытуда оны ұрпақтар бойына дарыту әлі де көп ізденістерді әдістемелік тәсілдерді қажет етеді. Оқытудың тиімділігін арттыру үшін тарихи материалдардағы қосымша деректерді пайдаланудың зор мәнісі бар. Мектепте тарих пәнін оқытуда, қосымша материалдарды, деректерді әсіресе баспасөз материалдарын пайдалану оқушылардың ұғымдарының терең жүйелі болуына әсер етеді. Оларды ретті, жүйелі қолдану оқушының адамгершілігін, эстетикалық танымын, сезімін байытады, өзіндік ізденістерге мүмкіндік береді.

Кейінгі кездері білім беру саласында жүйелеу тәсілін қолдануға баса назар аударылуда. Бұл проблемаларға бірқатар ғалымдар арнап еңбек жазды. Қазіргі ғылымда жүйелеу тәсілін қолданудың, теориялық білім жасаудың жолдарын объектідегі таным қозғалысының схемасын зерттеу пәнін және оны баяндау тәсілін, пән туралы білімнің құрылымын, ғылыми ойлаудың және оқытуға жүйелік тұрғыны пайдаланудың, оқушылардың оқыту процесін оңайландырудың қажетті шарты, ол педагогикалық процестің мәнін ашып көрсетеді.

Егер оқушылар оқылатын материал бойынша сызбаны өздері жасаса, жаңа мағлұматты меңгеру дәрежесі жоғары болады. Сабақтарда тірек сызбаларды жиі пайдалану керек.

Мысалы, 7-сыныпта «Шыңғыс хан империясы» туралы тақырыпты өткізу барысында «Моңғол империясының қоғамдық құрылысы», «Хронологиялық кесте», «Моңғол дәуіріндегі Шыңғыс хан. 1218-1225 жж.» атты тірек сызбаларын пайдалануға болады. Оқушыларға сызбаны жасап, электронды оқулықты пайдалана отыра «Отырардың күйреуі», «Моңғолдың құпия шежіресі» атты баяндама жазып келуге тапсырма беріледі. Бұлардың барлығы оқушылар шығармашылығын дамытады. Сабақ барысында ойын элементтері қолданылады. Картамен жұмыста басып алынған жерлер көрсетіледі. Сабақты түсіңдіру барысында «Шыңғыс хан империясы туралы» электронды оқулықтан және интернеттен алынған мәліметтерді пайдаланған жөн. Оқушылардың қызығушылығын арттыру мақсатында Шыңғыс ханның өмірбаяны, ұрпақтары, оның ішіңде Абылай, Әзім хан, Кенесары туралы, Шыңғыс хан жерленді деген болжаммен 2001 жылдан бастап қазба жұмыстар жүргізіліп жатқандығы жөніндегі материал үлкен қызығушылық тудырады. Сабақ «Кім тез?», «Кім жылдам?» деген ойынмен бекітіліп, үй тапсырмасына «Шыңғыс хан туралы осы сабаққа дейін не білдің?», «Сабақ барысында не білдің?», «Болашақта не білгім келеді?» деген қысқаша хабарлама жасауға тапсырма беруге болады.

Бүгінгі таңда елімізде жүріп жатқан жаңару процесі өткен тарихымызды объективті тұрғыдан дұрыс бағалауға, оны мектептің оқу-тәрбие процесінде күн талаптарына сай тиімді пайдалануға қолайлы жағдай жасауда. Ата-баба мұралары негізінде тәлім-тәрбие барысында жеткіншектерді елжандылыққа, өз халқына деген сүйіспеншілікке, ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетіне, еңбек сүйгіштікке, адалдыққа, кішіпейілдікке, елінің мүддесін өзінің мүддесінен жоғары қою сияқты қасиеттерге тәрбиелеу міндеті басты назарда тұрғандығы белгілі [15].


Каталог: images -> normativi -> okyshilardin
images -> Мазмұны Қазақстандағы жоғары білім, Ғылым және МӘдениет
images -> Үлгілік оқу жоспары
images -> Сембі Жансая Хасанқызы Қазақ тілі мен әдебиеті
okyshilardin -> 12 жылдық жалпы орта мектептің базалық білім мазмұнын анықтау әдістері
okyshilardin -> Қоғамдық-гуманитарлық бағытта бейіндік оқытудың әдістемелік ерекшеліктері
okyshilardin -> 12 жылдық негізгі орта мектептің базалық білім мазмұнын анықтау әдістері
okyshilardin -> Орта мектепте оқыту процесінде көптілділікті дамыту мәселелері
okyshilardin -> Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі
okyshilardin -> Мектептегі оқыту процесінің тәрбиелік бағыттылығын дамыту


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет