Мұстафа Шоқай – қазақ эмигранттық журналистикасының негізін қалаушы



Дата08.06.2018
өлшемі147,24 Kb.
ӘОЖ 07:809.434.2(574)

Ғ.Ә.Тұяқбаев

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының меңгерушісі,

филология ғылымдарының кандидаты,
Мұстафа Шоқай – қазақ эмигранттық журналистикасының негізін қалаушы
Түйіндеме: Мақалада қазақ эмигранттық журналистикасының қалыптасуы мен тарихы туралы сөз болады. Автор саяси ғылымдардағы зерттеулерді негізге ала отырып диаспора, эмигрант, ирридент ұғымдары аясында қазақ эмигранттық журналистикасының қалыптасуы мен даму тарихын зерттеудің өзектілігіне тоқталады.  Шетелдерде жарық көрген және шығатын қазақ тілді басылымдарды шығу тарихын, ұстанған бағыт-бағдарын саралай отырып, эмигранттық басылымдар және шетелдердегі қазақ тілді басылымдар деген мәртебе тұрғысынан қарауды ұсынады.

Ұлттық тарихымызда ерекше орны бар қоғам және саяси қайраткер Мұстафа Шоқайдың редакторлық, публицистік еңбектеріне талдау жасай келе, М.Шоқайды қазақ эмигранттық журналистикасының негізін қалаушы ретінде көрсетеді. Мақалада оның түркі халықтарының бірлігі мен азаттығы үшін күрес жолында ақпарат құралдарын басты саяси құрал ретінде пайдаланғандығы, өзі де бірнеше эмигранттық басылымдардың өмірге келуіне бастамашы болғандығы дерек көздерін негізге ала отырып ашылған.



Түйін сөздер: журналистика, радио, мерзімді басылымдар, эмигрант, диаспора, ирридент, тәуелсіздік, тіл, мәдениет, дәстүр, азаттық, күрескерлік.

 

 Зерттеушілердің пікірінше қазіргі кезде әлемнің 40-тан астам мемлекетінде үш жарым миллиондай қазақ өмір сүруде. Олардың тарихи Отанынан қоныс аударуының әр түрлі жолы, себептері бар. Саяси ғылым шетелдердегі қазақтарды қоныстану, тарихи отанынан көшу себептеріне байланысты диаспора, ирридент және эмигрант деп қарастырады. Диаспора – белгілі бір халық бөлігінің экономикалық, географиялық және саяси факторларға байланысты басқа елге күшпен көшірілуі [1.239]. Ал эмигрант - өз Отанынан саяси, экономикалық, діни т.б. мәселелерге байланысты еріксіз қоныс аударушы болса [2.162], ирридент – өзінің тарихи Отанында, яғни атамекенінде өмір сүріп жатқан, бірақ белгілі бір саяси жағдайларға байланысты өзге мемлекет құрамында қалып қойған халық бөлшегі. Осы анықтамаларды қазақ халқына байланысты айтар болсақ, Ресейдің Астрахань, Орынбор, Қорған, Омбы, Таулы Алтай автономиялық облысы, Қытайдың Алтай, Тарбағатай, Іле, Құлжа, Монғолияның Баян Өлгий аймағындағы, Өзбекстанның Сырдария, Шыршық, Қызылқұм, Мырзашөл аудандарында өмір сүріп жатқан қазақтарды ирриденттер деуімізге болады. Ал басқа шетелдердегі қазақтарды, сонымен бірге Қытайдан, Монғолиядан, Орта Азия мемлекеттерінен Еуропа елдеріне саяси, тарихи немесе басқа да жағдайларға байланысты қоныс аударуға мәжбүр болған қазақтарды эмигранттар деп атағанымыз дұрыс болар еді.



Ресей ғалымдары диаспора мен миграция мәртебесін де бөле қарастырып жүр. Тишков: «Диаспора – саяси ықпалдың әсерінен қоныс аударушылар болса, миграцияда – әлеуметтік жағдай басым»,-дейді [3.42-63]. Ал А.Зеленин: «Ресейден 1917 жылға дейінгі қоныс аударғандар мигранттар болса, 1917 жылдан кейін қоныс аударғандар эмигранттар. Бұлар ХХ ғасыр басындағы орыс диаспорасын қалыптастырды»,-деген пікір білдіреді [4.30].

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 20 жылдам астам уақытта тарих, мәдениеттану, этнография, философия, әдебиеттану, лигвистика ғылымдарында шетелдердегі отандастарымыздың өмір сүру салты, этнографиясы, тілі, әдебиеті т.б. зерттеле бастады. Ұлттық ғылымдағы мұндай өзекті мәселеден журналистика тарихын зерттеушілер де шет қалған жоқ. Р.Ш.Нуриденнің (Халықаралық радиожурналистика. Алматы. 2012.), Р.Шәріпқызының (Қазақша хабар тарататын шетел радиолары. Алматы. 1997.), Д.Баймолданың («Азаттық» радиосы. Тарихы мен тәжірибелері. Алматы. 2009.), Н.Омашев пен Ш.Бегімтаеваның (Қазіргі шетел журналистикасы. Алматы. 2000.) еңбектерінде шетелдерде шығатын және жарық көрген қазақ басылымдары туралы еңбектерін жаңалығы мол зерттеулер деп атар едік. Сондай-ақ, бірнеше кандидаттық диссертациялар да қорғалды. Дей тұрғанмен, бұл шетелдерде жарық көретін қазақ басылымдары толыққанды зерттеліп болды дегенді білдірмесе керек. Журналистика тарихында әлі де жете зерттеу мен зерделеуді қажет ететін мәселелер жоқ емес. Соның бірі - қазақ эмигранттық журналистикасы. Бұл бағыттағы алғашқы және тұшымды іргелі зерттеу тарих ғылымдарының докторы, профессор К.Есмағамбетовтің «Әлем таныған тұлға» атты монографиясы (Алматы, 2008).

Саяси ғылымдар шетелдерде өмір сүріп жатқан отандастарымызды диаспора, эмигрант, ирридент мәртебесі тұрғысынан қарастырып отырған кезде, шетелдерде шыққан, шығатын қазақ тілді басылымдардың шығу тарихын, ұстаным-бағыттарын зерделей отырып, эмигранттық басылымдар және шетелдердегі қазақ тілді басылымдар тұрғысынан қарастырып, мәртебелерін анықтау бүгінгі ғылым, соның ішінде журналистика тарихы үшін қажеттіліктің бірі. Өйткені шетелдерде шығатын, бұрын жарық көрген барлық басылымдарды бірдей эмигранттық басылымдарға жатқыза алмаймыз.

Қазақ эмигранттық баспасөзінің тарихы Мұстафа Шоқайдың есімімен тікелей байланысты. Ол эмиграцияға дейін-ақ саяси-күрескерлік жолда газет-журналдардың маңызын түсінді. Сондықтан ол «Бірлік туы» газетін шығаруға және оның бағытын айқындауға ат салысты. Өкінішке орай, 1917 жылы Ташкентте шыққан газет бір жылдан соң 1918 жылдың сәуір айының ортасында жабылып қалады [5.75]. Сонымен бірге М.Шоқай Түркістан өлкесі мұсылмандары Ұлттық орталығының бастамасымен 1917 жылдың сәуір айынан бастап шыққан «Улуғ Түркістан» газетінің редакция алқасында болып, газеттің жұмысына белсене араласады. Газет бетінде түркі халықтарының бірлігі, жаңадан орнаған Кеңес үкіметінің отаршылдық саясаты, жер, ұлттың азаттығы мен бостандығы мәселелеріне байланысты бірнеше мақалалары жарық көреді. Газеттің редакторы - Қазан татары Фатих Керими болғанмен, басылымның негізгі ұстанымын айқындауда М.Шоқай пікірінің басым болғанына көз жеткіземіз. Осы екі басылымның өзінен-ақ М.Шоқайдың журналистік, публицистік шеберлігін, редакторлық-ұйымдастырушылық қабілетін танимыз.

Алғаш орнаған күннен бастап Кеңес өкіметінің ешқандай демократиялық қозғалыстарға жол бермейтіндігін, жаңа мемлекеттің патшалық Ресейдің заңды жалғасы екендігін түсінген Мұстафа Шоқай амалсыз елден кетуге мәжбүр болады. Ол шетте эмиграцияда жүріп саяси күрес жолы мен публицистік-редакторлық қызметті қатар алып жүреді. Ұлт азаттығы жолындағы күресте ақпарат құралын ең басты қару ретінде пайдаланады.

1919 жылдың сәуір айында Тбилисиге келген М.Шоқай, орыс тіліндегі «На рубеже», түрік тіліндегі «Шафак» атты газеттердің шығуына ат салысады. Бірақ бұл екі басылым да кавказда Кеңес үкіметі орнағаннан кейін жабылып қалады. Бұдан әрі кавказда қалудың қауіпті екендігін сезгендіктен М.Шоқай 1921 жылдың мамыр айында Парижге қоныс аударады. Бірақ Батыс Еуропаның қай елінде тұрақтауы не болмаса Америка Құрама штаттарына қоныс аударуы жөнінде екіойлы болып жүрген тәрізді. 1922 жылы ол Италияға да барып қайтады. 1923 жылдың алты айын Германияда өткізеді. Ақырында Мұстафа саяси эмиграцияның астанасы саналатын Парижде қалуға шешім қабылдайды [6.225].



Ол кезде Түркия мен Париж эмигранттар көп шоғырланған мемлекеттер болатын. Және Орта Азиядан келген эмигранттар мен татар, башқұрт эмигранттарының Түркиямен байланысы жақсы жолға қойылған еді. «ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында, 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін мыңдаған татарлар Түркияға қоныстанған болатын. Татар зиялылары – Ю.Акчуры, Г.Исхаки, С.Максуди, Г.Баттала, А.-З.Валиди, Р.Рахмати, Х.Зубайра т.б амалсыздан өзге елдерге қоныс аударды. Түркия олардың екінші отанына айналды»,-дейді татар эмигранттық журналистикасын зерттеушілердің бірі А.И.Галямутдинов [7.]. Шоқайдың Парижді таңдаудағы басты мақсаты өзімен ниеттес, бағыттас саяси эмигранттармен тізе қосып күрес жолын жалғастыру және Түркиямен тығыз байланыс жасау болғаны анық.

М. Шоқай Парижге келген өзінің осы саяси мақсатына қол жеткізді деуімізге болады. Жоғарыда айтқан татар зиялыларымен, басқа да түркі халықтары эмигранттарымен байланыс орнатты. «1923 жылдың күзінде Г.Исхакидың бастамасымен С.Максуди, Г.Баттала, Г.Терегулов, Ф.Тоқтаров, И.Акчурин, А.Шафеев, З.Валиди, М.Бөкейханов тағы да басқа татар, башқұрт және қазақ эмигранттары Берлинде жиын өткізіп, жиында татар тілінде «Милли юл» журналын шығаруға шешім қабылдануы»,-осы сөзімізді дәлелдей түседі [8]. Бір айта кетерлік мәселе, мақала авторының «М. Бөкейханов» деп отырғаны М.Шоқай болуы керек. Өйткені татар, башқұрт, қазақ зиялыларының арасында М.Бөкейханов есімді саяси қайраткердің болмағаны тарихтан белгілі. Ал оның айтып отырғаны Әлихан Бөкейханов болса, оның эмиграцияда Түркияда, Берлинде, Парижде болғандығы туралы деректер жоқ. Керісінше М.Шоқайдың татар, башқұрт эмигранттарымен, оның ішінде Г.Исхаки, С.Максуди, И.Акчуриндермен пікірлес болғанына мұрағат құжаттары мен тарихи естеліктер арқылы көз жеткіземіз.

Париждегі орыс эмигранттары да Мұстафаның жан-жақты білімдарлығын, қаламгерлігі мен саяси көрегендігін мойындайды. Сондықтан да газет редакциялары оған есіктерін ашық ұстайды. 1922 жылы Мұстафа Шоқайды Берлиндегі 2-3 баспа жұмысқа шақырады. Оған М.Шоқайдың 1922 жылдың 12 мамырында Н.П.Архангельскийге жолдаған хатындағы: «орыс тілінде өзім редакциялап, өзім журнал шығарумен айналыстым, түрік тілінде екі газет шығардым, орыс тілінде шығатын тағы бір газетте редакция меңгерушісі қызметін атқардым», - деген сөздері дәлел [6. 281].

Шоқай қай жерде жүрмесін, баспасөзден қол үзген жоқ. Өзінің ұлтшылдық, түркішілдік идеяларын мерзімді басылымдар арқылы жүзеге асыруға күш салды. Француз тіліндегі мақалаларын «Прометей», «Ориен е Оксидан» журналында жарияласа, ағылшын тіліндегі мақалалары «Азиятик Ревью» журналында жарыққа шығып жатты. Ал орыс тіліндегі мақалаларын, орыс эмигранты, өзімен бірге оқыған Керенскийдің «Дни», Милюковтың «Последние новости» газеттерінде жариялады. Алайда аз уақыттан соң-ақ М.Шоқай орыс демократиясының да Түркістан ұлттық қозғалысына сенімді одақтас бола алмайтынына көзі жетеді [6.229]. Сондықтан түркі халықтарының мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын, тұтас Түркістан идеясының шын жанашыры бола алатын дербес басылымның қажеттілігін айқын сезген Мұстафа татар зиялысы, өзінің идеялас серігі А.-З.Валидимен бірге Түркістан Ұлттық Одағы ұйымының басылымын ашу мәселесін көтереді. 1925 жылғы 12 мамырда Түркістан Ұлттық Бірлігі ұйымының жиналысында газет шығару, оның тілі, бағдарламасы туралы шешім қабылданады [6.281]. Ал сол жылдың қазанында бұл мәселе түпкілікті талқыланып, басылымды ұйымдастыру, оған қаржы табу мәселесін Түркістан Ұлттық Бірлігі ұйымы А.З.Валидиге тапсырады [9]. Осы шешімге сәйкес 1927 жылдың маусым айында Стамбулда «Йени Түркістан» журналының алғашқы саны жарыққа шығады. Журналды шығарудағы М.Шоқайдың еңбегі туралы А.-З. Валиди: «Иени Түркістан» журналын ұйымдастырудағы М. Шоқайдың рөлі ерекше болғандығын мойындап, Шоқаев бірінші болып қаржы тапты, журнал шығару жөніндегі пікір де бәрімізден бұрын Шоқаевтың басына келді» – дейді [10].

Журнал Түркістан халықтары мен Түркия халқы арасында тіл және діл бірлігін нығайтуды көздеді. Ең бастысы шетте жүрген түркістандықтардың өмірімен, олардың алға қойған арман-мүддесімен, эмигранттардың өздерін Түркістан ұлт-азаттық қозғалысымен, әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайымен, түрік мәдениетімен таныстыруды мақсат тұтты [6.282].

«Иени Түркістан» ұлт азаттық идеясы мен түркішілдік ой-пікірлерді таратуда, түркі халықтарының рухани бірлігін насихаттауда маңызды рөл атқарады. М.Шоқай журналға «Большевиктердің Түркістандағы ұлттық саясатының идеялық және практикалық қырлары», «Кеңестердің Түркістандағы аштық саясаты», «Түркістанға аштық төніп келеді», «Ұлттық мәселе жөнінде», «Тұран мемлекеті жайында» және басқа да тақырыптарда мақалалар жариялады. Бұл мақалалар сол кезде кеңестік идеологияның шынайы келбетін ашуымен құнды болды.

Түркістандықтардың саяси белсенділігінің артуы, ұлттық басылымдарға сұраныстың күшеюі Түркістан Ұлттық Бірлігі ұйымына «Иени Түркістан» журналымен бірге, қатарлас қызмет ететін жаңа басылымды қажет етеді. Оны ұйымдастыруға М.Шоқай үлкен дайындық жүргізеді, өз қаражатына Түркістанға бір өкілін жіберіп, Ауғанстан мен Ирандағы адамдармен байланыс орнатады. Қаражат жинау үшін өзі екі жұмадан астам Франциядан тыс жерлерде болып қайтады [11]. 1926 жылы 2 желтоқсанда М.Шоқай Варшавадағы пікірлестеріне жаңа басылым ашу туралы жазған хатында: «Жүзеге асырыла қалған жағдайда журналдың жарық көруі менің қолымның бос болуын талап етеді. Бұл іске мен үлкен мән беремін… Біз енді ғана ұлттық күрестің практикалық жолын іздеуге шықтық. Біз бірден нәтиже күтпейміз және ондай уәде бермейміз де… Бірақ ұзақ мерзімге арналған мемлекеттік мүдде тұрғысынан алғанда, біздің бұл жұмысымыз қазірдің өзінде пайдалы» [12] дейді. Осындай қажырлы еңбектің нәтижесінде 1929 жылдың желтоқсан айында Берлинде «Яш Түркістан» («Уаs Тürkistan») журналының алғашқы саны жарық көреді. Түрік-шағатай тілінде араб қарпімен шыққан журналды «Прометей» қоры қаржыландырады.

Көлемі 40 бет шамасында шыққан журналдың алғашқыда екі-үш айдары ғана болды. Бірақ әр айдар басылымның мазмұнын ашып, мәнін арттыруға қызмет еткендігі байқалады. Мысалы журналдың алғашқы санындағы «Саясат» айдарында «Біздің жол», «Яш Түркістанның» редакциялық алқасынан» тақырыбындағы редактор М. Шоқайдың бас мақалалары, «Әдебиет» айдарында Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері, «Жаңалықтар» айдарында Түркістаннан алынған хабарлар жарияланады. М. Шоқай «Біздің жол» атты бас мақалада журналдың басты ұстанымы туралы айта келіп, большевиктердің Орта Азия мен Қазақстанда «түрі – ұлттық, мазмұны – социалистік» республикалар құруды мақсат ететіндігін, ал оның түрлі ұрандармен бүркемеленіп отырғанымен, бұрынғы патшалық отарлық жүйенің, орыстық шовинизмнің жалғасы екендігін ашық айтады. Бұл шын мәніндегі М.Шоқайдың саяси көрегендігі болатын.

«Яш Түркістанның» бес жылдығына (1934 ж.) орай жазған мақаласында М. Шоқай: «Қазір «Яш Түркістанды» оқымайтын Түркістан эмиграциясының бірде-бір ошағы жоқ. Араб елдерінен, Түркиядан, Персиядан, Үндістаннан, Ауғанстаннан, Қытайдан, Қиыр Шығыстан және басқа да елдерден түсіп жатқан хаттар «Яш Түркістанның» таралым ауқымына, оған үлкен құрметпен қарайтынына толық дәлел бола алады»,-дейді [13]. Ал мұрағат деректері Франциядағы Түркия елшісінің М. Шоқайға «Яш Түркістан» журналының Түркия астанасында зор қызығушылық туғызып отырғаны туралы пікірін, журналды елшілікке үнемі жіберіп тұруын сұрағандығын көрсетеді [14]. Біз келтіріп отырған осы екі мұрағат деректерінің өзі-ақ журналдың бірнеше мемлекеттерге тарағандығын, сан мыңдаған оқырманы болғандығын дәлелдейді.

Жалпы «Яш Түркістан» журналы М. Шоқайдың публицистік-редакторлық, ұйымдастырушылық қабілетін танытқан ең көрнекті туындысы болды.



Шоқайтанушы-ғалым К.Есмағамбетов М.Шоқайдың жоғарыда аталған журналдардан басқа «Түркістан» журналын шығарғандығын мұрағат деректерімен негіздейді. Журналистика тарихында бұрын белгілі бола қоймаған журнал Германияда жарық көрген. Журналда шетелдерде жүрген түркі халықтары эмигранттарының өмірі, Орта Азия республикаларының әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайы, түркі халықтарының бірлігі, Кеңес билігінің отар ұлттарға деген көзқарасы мен ұстанымы туралы мақалалар жарияланды. Журналдың басты жаңалықтарының бірі Түркістан тарихы мен мәдениетінің француз, неміс әдебиетіндегі көрінісі туралы тың материалдарды жариялауы еді. «Кеңес отарлары», «Берлинде өткен Түркістан хақындағы бір конференция» сынды саяси шолулар да өзінің мән-мазмұнымен ерекшеленді.

Өкінішке орай, бұл журналдың да ғұмыры ұзаққа созылмады. 1934 жылдың қазан айынан 1935 жылдың ақпан айына дейін небары 5 нөмірін жарыққа шығарған журнал жабылып қалады. Біздің қолымызда деректер болмағандықтан аталған басылымның қандай жағдайларға байланысты жабылғандығы туралы айта алмаймыз. Бір белгілісі, Түркия мемлекеті бұл басылымды өз территориясында таратуға құлықты болмаған. Оған: «Түркістан» журналын еліміз туралы зиянды жазбаларға орын беруіне байланысты «Баспахана туралы» Заңның 51 бабына сәйкес Түркияға кіргізуге тыйым салу жөніндегі Сыртқы істер өкілдігінің 11.12.1934 ж. № 805 хатындағы ұсынысы Атқарушы өкілдер делегациясы тарапынан 20/12/1934 ж. бекітілді»,-деп Президент қол қойған құжат куә болады [15]. Бұл Түркияның КСРО-мен арадағы байланысын жолға қойып, байланысты нығайтқан кезі болатын. Сондықтан да Түркия мемлекеті эмигранттық баспасөздегі Кеңес үкіметіне қарсы айтылған пікірлерді таратудан қаймыққаны белгілі.

Өзінің журналистік-публицистік жолын «Бірлік туы», «Улуғ Түркістан» басылымдарынан бастаған М.Шоқай «Иени Түркістан», «Яш Түркістан», «Түркістан» журналдарының негізін қалап, олардың қалыптасып, дамуына барынша еңбек сіңірді. Журнал бірнеше түркі тілдес және мұсылман мемлекеттеріне тарады. Бір көңіл аударарлық мәселе, М.Шоқай негізін қалаған журналдардың барлығы Түркістан атауымен байланысып жатқандығы. Бұл шын мәнінде, оның түркішілдік арман-мұратының публицистік-редакторлық қызметіндегі көрінісі деуімізге болады. Ең бастысы Шоқай түркі халықтарына ортақ мемлекет құру, түркі халықтарының бірлігі мен одақтастығы, ұлттық, күрескерлік сананы ояту туралы мақалалары арқылы саяси публицистиканың, мұғажырлық өмірді бастан кеше жүріп қазақ эмигранттық журналистикасының негізін қалады.

М.Шоқай шығарған басылымдардың шығу тарихы мен ұстанған бағыт-бағдарларын зерделей отырып, эмигранттық журналистикаға тән төмендегідей қасиет-ерекшеліктерге көз жеткізуімізге болады: біріншіден, жоғарыда атап көрсетілген ақпарат құралдарының барлығы эмигранттардың бастамасымен, тіптен олардың өздерінің қаржыландыруымен жарыққа шықты; екіншіден, эмигранттық басылымдар қай мемлекетте шықса да ол сол мемлекеттің идеологиясын насихаттаған емес, керісінше тек қазақ ұлттық идеологиясын немесе түркішілдік идеологияны насихаттауды басты бағыт етті; үшіншіден, эмигранттық басылымдар тек қазақ тілінде шыққан жоқ, қай тілде шыққанына қарамастан ақпарат құралдарында негізінен ұлттық мәселелер: тіл, дін, әдет-ғұрып, салт-дәстүр басқа да ұлттық құндылықтар дәріптелді, ең бастысы Кеңес үкіметінің орыстан басқа ұлттарға жасап отырған отаршылдық, шовинистік ұстанымы ашық көрсетілді; төртіншіден, мұндай басылымдар ұлттық сананы оятуды, отар ұлттарды азаттық жолындағы күрескерлікке үндеуді басты мақсат тұтты.

Қорыта айтқанда М.Шоқай негізін қалаған қазақ эмигранттық журналистикасы тәуелсіз, азат мемлекет құруға, ұлттық сананы рухтандыруға қызмет етті деп бағалауымызға болады.


Қолданылған әдебиеттер:


  1. Советская энциклопедия. 8-том. Москва. Издательство. БСЭ. 1972.

  2. Советская энциклопедия. 30-том. Москва. Издательство. БСЭ. 1972.

  3. В.А.Тишков. Исторический феномен диаспоры//ЭО. №2.С42-63. 2000.

  4. А.Зеленин. Язык Русской эмигрантской прессы. (1919-1939). 2007.

  5. Қ.Алдабергенұлы. Ж.Нұсқабай. Ф.Оразай. Қазақ журналистикасының тарихы. Алматы. Рауан. 1996.

  6. Мұстафа Шоқай шығармаларының толық жинағы. 12 томдық. 1 том. «Дайк-Пресс» ЖШС. Алматы-2012.

  7. Журнал «Милли Юл» (1928-1939гг.) в системе татарской эмигрантской прессы». Автореферат диссертаций на соискание степени кандидата филологияческих наук. Казань, 2012 г.

  8. Т.Насыров. Татарская эмигрантская пресса.

  9. ЦГА Республики Башкортстан. Ф.4917. Опись 1-А.44.Л.8.

  10. БРОММ 4917- қор. 1- тізбе. 44- іс. 8-парақ

  11. РГВА. ф. 1358 к. оп.3.д,45 б. л.44

  12. РГВА. ф. 1358 к. оп.3.д,45 б. л. 45

  13. РГВА.ф.461к.оп.1.д.431.л.174

  14. М. Шоқайдың Франциядағы жеке мұрағаттық қоры. Carton 5. Dossier 2. Р. 36

  15. Turkiye Gumhuriyet Basbakanlik Gumhuriyet Arsivi. Arsiv 080. Dolap 18. Goz 01. Klasor 1197. Dosya 50. Fihrist 57. S.6.



ӘОЖ 07:809.434.2(574)
Г.А.Туякбаев

Заведующий кафедрой «Казахский язык и литература и журналистика» Кызылординского государственного университета имени Коркыт Ата, кандидат филологических наук
Мустафа Шокай – основатель казахской эмигрантской журналистики
Резюме: В статье рассматривается история формирования казахской эмигрантской журналистики. Автор подчеркивает актуальность исследования истории формирования и развития казахской эмигрантской журналистики в рамках понятий диаспора, эмигрант, ирредент.

Анализируя историю создания, идейную направленность периодических изданий на казахском языке, выпускаемых и выпускавшихся за рубежом, автор предлагает определять их статус, исходя из понятий «эмигрантская журналистика» и «зарубежные издания на казахском языке».

В статье отмечается особая роль видного общественно-политического Мустафы Шокай в основании казахской эмигрантской журналистики, рассматривается его деятельность редактора и публициста.

Опираясь на документальные источники, автор показывает, что М.Шокай использовал информационные издания как главное средство борьбы за единство и свободу тюркских народов, также отмечается, что по его инициативе и при его активном участии издавались ряд эмигрантских изданий.



Ключевые слова: Журналистика, радио, периодические издания, эмигрант, диаспора, ирредент, независимость, язык, культура, традиция, свобода, борьба.

ӘОЖ 07:809.434.2(574)
G.A.Tuyakbayev

Chair of the department “Kazakh language and literature and journalism” of Korkyt Ata Kyzylorda State University, candidate of philology
Mustafa Shokay - the founder of the Kazakh emigrant journalism
Summary: The article discusses the history of the formation of the Kazakh emigrant journalism. The author emphasizes the relevance of studying the history of the formation and development of the Kazakh emigrant journalism in the framework of concepts a diaspora, emigrant and irredenta.

Analyzing the history of creation, the ideological direction of periodicals in the Kazakh language that were manufactured and produced abroad, the author proposes to determine their status, based on the concepts of "emigrant journalism" and "foreign editions in the Kazakh language."

The article notes the special role of prominent social and political Mustafa Shokay at the base of the Kazakh emigrant journalism, his work as an editor and publicist is considered.

The author based on documentary sources shows that M.Shokay used informational publications as the main resources of struggle for the unity and freedom of the Turkic people; also by his initiative and with his active participation number of emigre publications were drawn the first breath.



Key words: Journalism, radio, periodicals, emigrant, diaspora, irredenta, independence, language, culture, tradition, freedom, struggle.



Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:


©www.engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет