Намыс алаңы елекеев, ерімбетов, ертілесова, ЖҰмалы және кім? Балжан МҰратқызы



Дата27.12.2016
өлшемі124,4 Kb.
#5598
Намыс алаңы

ЕЛЕКЕЕВ, ЕРІМБЕТОВ, ЕРТІЛЕСОВА, ЖҰМАЛЫ

ЖӘНЕ КІМ?..

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

Көрермен – мектеп оқушысы, Теледидар – ұстаз сияқты. Ұлтты теледидар тәрбиелеп жатыр. Міне, бүгінгі теледидардың күші! Бірақ, сол теледидарыңыздан қайдағы бір дәлдүріш сөйлеп тұрса қайтпексіз? Кейде шаласауатты әріптестеріміз де жынымызды келтіреді. Өз телеарнамыздан өзгенің телеарнасына ауыса салу оңай, әрине. Кейде ақпарат майданында күнде жеңіліп жатқандай көрінеміз. Енді не істемек керек? Бас қатты!..



Бір күні қарасақ, атақты Елекеев хабар жүргізіп отыр. Енді бір күні қарасақ, Ерімбетов білек сыбана кірісіп кетіпті. Тағы бірде Ертілесова шыға келді. Ол аздай Расул Жұмалы да жарқ етті. Үйреншікті теледидарымызда әңгіменің көрігі қызып, тіпті әрі де кіріп қалды. Теледидар дегеніңіз құр ғана беттің жылытыры емес екен-ау деп ойладық. «Ауыз өтірік айтса – мұрт күледі, журналист өтірік айтса – жұрт күледі» деген қайран Шерағамыз! Міне, саясат сайыпқырандары өздері шыға бастапты эфирге, ал өтірік айтып көрсін!

Асанәлі Әшімов көгілдір экранды да, тойды да «тоздырып», жылтыңдай беретін бір актер інісін ұялтып тастапты: «Үйде үтікті қосуға да қорқатын болдық, ішінен сен шыға келер ме екен деп»...Асанәлі ағамыздың осы сөзінен кейін жаңағы актер қатты ойға қалғанын айтыпты бір сұхбатында. Сірә, жүргізген хабарын онша-мұнша келістірмеген-ау, әйтпесе қай қазақ көсем мен шешеннің алдына шығыпты. Біздің айтпағымыз да сол, соңғы бір-екі жыл көлемінде қазақ теледидарында елді елең еткізген бір бастама орын алды:кәсіби журналистермен жарысып, белгілі қоғам қайраткерлері түрлі бағдарлама жүргізе бастады. Әуелгіде әнші мен актерден мезі болған көрермен үшін бұл үлкен жаңалық сияқты көрінді. Жүре келе міне, оған да бой үйреттік. Олардың кейбірінің танымалдылығы осы тұста ашық саясатта жүрген кездерінен де күрт көтерілді.

Өздерін бұл салада «жұлдыз» санай бастағандардың басында экс-депутат Ирак Елекеев тұр. Білетіндердің айтуынша, ол кісілер телестудияға аттап басып кіргеннен-ақ мерейлері арта жөнеледі. Әуелі күзетші: «О, аға, келіп қалдыңыз ба? Сіз тележүргізушісіз ғой, иә? Құжатыңызды тексермей-ақ өткізе берейін», – дейді.Сол сәттенбастап-ақ оның белгілі қайраткер екенідалада қалады. Одан әрі продюсер, режиссер, редакторлар қаумалай қоршап, кәукілдетіп әкетеді. Визажист қыздар бетіне опа-далап жағып, шашын түзеп, олар әлек. Қаптаған камераларды өзіне бағыттап төрт-бес оператор, екі-үш жарық беруші, дыбыс редакторы, қала берді телеарна басшылары, бәрі зыр жүгіреді. Сірә, оларға парламент,үкімет, партиялардағы жұмыстарында да бүйтіп қызмет көрсетілмеген шығар.Соның арасынша: «Сізді экраннан ғана көретін болдық», – деп студияға шақырылған қонақтар да келіп қалады. Енді «жұлдыз» болмағанда несі қалды? Міне, теледидардың құдіреті!

Несін айтасыз, бүгінде сөйтіп саясаткерлігі тарс ұмытылған Ирак Елекеев «Хабар» телеарнасынан «Көзқарас» бағдарламасын жүргізеді.Жо-жоқ, қайраткердің телебағдарлама жүргізгеніне біз еш қарсы емеспіз, қайта қолдаймыз. Бірақ, бұл кісінің бағдарлама жүргізу стилі орашолақ, кейде тіпті салдыр-салақ. Сұхбаттасуға келген қонағына ұрсып тұрғандай кейде түсінікті, кейде түсініксіз тарс-тұрс сөйлейді. Сұрақ қояйын деп телефон шалған көрерменге: «Айналайын, бол тез!», – деп жекіп тастайтыны да бар. Телеарнада сұхбат емес, шаруашылық адамдарымен селектор өткізіп отыр ма деп қаласың.

Әрине, тікелей эфирдің жүгі ауыр, кейбір тұсына кешіріммен-ақ қарағыңыз келеді. Дегенмен, ағамыз кәсіби тележүргізушілік жөнінен сабақ алса жақсы болар еді. Өйткені, сөйлеген кезіндегіарсың-гүрсіңдігі, эфирдеөзін-өзі қолапайсыздау ұстауы Ирак Елекеевтің білімділігі мен біліктілігін жоққа шығарып тұрғандай. Мәселен,Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы,бас мүфти Ержан Малғажыұлына: «Ержан казы...» деп қарап отыр. Көбіне «нетіп» деген сөзді жиі қолданады екен. Жо-жоқ, Ирак Елекеевтің тележүргізуші ретінде талқыланып отырған мәселені бес саусағындай білетініне еш шүбәміз жоқ. Бірақ, экранға салдыр-гүлдір етіп осы кісі шыға келгенде біртүрлі ыңғайсызданып қалатынымыз рас. Осының да салдары ма екен, қанша өзекті тақырыптарды көтеріп жүр десек те, оның бағдарламасын қадағалап көрген ешкімді байқамадық.Сәті келмей жүр, әйтпесе кезінде одан мықты, одан ашық депутат болды десе сенбейміз.

Ал, белгілі саясаттанушы Нұрлан Ерімбетовтің телебағдарлама жүргізгені аса үлкен жаңалық бола қойған жоқ. Ол бұған дейін «Айт-парк» қоғамдық-интеллектуалдық клубын өзі ұйымдастырып, өзі жүргізетін. «Астана» телеарнасындағы «Открытая студия» бағдарламасының «тізгінін» ұстағанына жылдан асты. Ерімбетов мысқылдап, шенепсөйлеудің шебері. Бағдарламасы сонысымен де қызық.

Ерімбетовтің студия қонақтарын көбіне мысы басып тұрады.Ортаға тасталған тақырыбын өте жақсы біледі.Қойған сұрағына нақты жауап алмай қоймайды. Арасында ақыл айтып кететін жерлері де бар.Сөйлей алмай тұрған адамның аузына сөз салып жібереді. Жаңылыстырғысы келсе жаңылыстырып та тастайды. Сұрақты төпелеткенде, бас көтертпейді. Шындықты айтқыза алмай қор болатыны болмаса, басқасының бәрі жақсы. Кейде төбелесе кететін адамдай қодыраңдай бастайтыны да аса сөлекет емес. Артықшылығы сол, осының бәрінде мәдениеттің шегінен аспайды.

Тележүргізушілік ісінеэкс-депутат, экс-вице-министр Мұрат Әбенов те өз үлесін қосып жатыр. Бұған дейін эфирге қонақ ретінде жиі шығып жүретін Мұрат Әбенов, енді өзі «24.kz» арнасынан 10 минуттық «Ашық әңгіме» бағдарламасын жүргізе бастады. Қоғам қайраткерлерін, саясаткер, саясаттанушыларды, арасында өнер адамдарын да шақырып, қысқа да нұсқа сұхбаттасады. Бірақ айтпасқа болмайтын бірер кемшілігі бар. Қоштасарда: «Бүгін керемет әңгіме болды деп есептеймін», – деп қытығыңызға тиеді. 10 минуттың ішінде қандай кереметтің болғанын өзі біледі, әрине. Дегенмен, бағдарламасында Нұрлан Ерімбетовтікіндей шынайылық бар. Білгісі келіп, сұрағысы келіп тұратыны да жарасымды. Таңғалған, мақұлдаған эмоциясын жасырмайды. Шатасатын кезі де болып қалады. Мысалы, Бекболат Тілеуханды «ақын» деп таныстырғанда ол емес, біз сасып қалдық. Мұрат Әбеновке де біраз тіл ұстарту керек және кәсіби тележүргізушілердің бірінен сабақ алған да артық емес. Тілінің тұтығып қалатыны Мұрат Әбеновтің тап сол сәттегі болмысын шынайы етіп көрсеткенімен, кәсіби етіп көрсете алмайды.

Осы үштіктің «қайсысы мықты?» десе, бірінші орынға ойланбай Нұрлан Ерімбетовті қояр едік. Екінші орын енді «керемет» сұхбатын ынты-шынтысымен өткізетін Мұрат Әбеновке бұйырып тұр. Баяғы Бигелді Ғабдуллиннің «Астана» телеаранасындағы «Серьезный разговор» бағдарламасы тоқтап қалмағанда, Ерімбетовке бәсекелес табыла кетер еді, әрине. Телебағдарлама жүргізуге, Ирак Елекеевті емес, Ерімбетовтермен қатар Ерлан Қариндерді шығарса, экран гүлдеп кетер еді,мысалы. Сонда міне, сол арнаның рейтингісі бірден көтерілмесе, бізге келіңіз.

Осы арада, белгілі саясаттанушы Расул Жұмалының «Жасыратыны жоқ» бағдарламасы туралы әңгімені әдейі соңына сақтап отырмыз.. Шындығында Ерімбетовтерді кейбір жылтырағына қызығып айтып жүрміз ғой. Ал, Расул Жұмалының «Алматы» телеарнасынан шығарған «Жасыратыны жоқ» бағдарламасы салмақты, салиқалы, саяси тұрғыдан өтімді, өткір болып еді. Тақырыпты ішінен білетін, нені айту керек екенін ажырата алатын. Бос әңгімеге еш орын қалтырмайтын. Өкінішке қарай, ол бағдарламаның жабылып қалғанына бір жылдай уақыт болды. Бірақ, Расул Жұмалы қарап жатпады. Exclusive.kz сайтынан «Айтарым бар» бағдарламасын жүргізіп жүр. Сол баяғы сабырлы, байыпты қалпымен, өзекті мәселелерді қозғап жүр.

Салыстыра айтсақ, мәдениет қайраткерлері жүргізетін бағдарламалар үйреншіктілеу, жатықтау шығады. Мәселен, «Хабар» арнасындағы «Жансарай» бағдарламасының форматы көрерменге жаттанды болғанымен, оны жүргізетін театр сыншысы, профессор Әшірбек Сығайдың эфирге шығуы жаңалық болды шынымен. Бағдарламаны сауатты жүргізеді. Ешқандай дискуссияға, пікірталасқа құрылмаған бағдарлама бірсарынды болып көрінеді, әрине. Алайда әдеби тілмен мәдениетті түрде батымды сөйлейтін жүргізуші келген қонақты да аша алады.Кісілік келбетіне үңілтіп, ойлы әңгімелер қозғағаны үшін де бұл бағдарламаны сүйініп көруге болады.

Сол сияқты, «Хабар» телеарнасынан «Көзкөрген» бағдарламасын да тұщынып көреміз. Белгілі сатирик Көпен Әмірбек пен танымал әртіс Бауыржан Ибрагимовтің арқасында шығып жүрген бағдарлама. Бір, әттеген-айы, Бауыржан Ибрагимов кейде тым еркінсіп кетеді, эфирді «бөтен сөзбен былғап» алады. Мысалы, Құдайберген Сұлтанбаев туралы болған бағдарламада «психовать етіп», «почерк», «отвлекать етейін», «именно», примерно», «находкасы» деген сөздер айтылып кетіп жатқанын өзі де аңғармаған сияқты. Бірде жинақы, бірде шашыраңқы өтетін бағдарлама қайткенде деесті көрермен үшін көретін дүние. Міне, осы соңғы екі бағдарламаны алдыңғыларына үлгі ретінде ұсынса да болғандай. Тек дастархан басында отырғандай жайыла сөйлегенді шектесе дейсіз. Біздің айтқанымыздай бола бере ме, бірақ. Десе де өздеріне сөз беріп көрелік.



Көпен Әмірбек:

ТАНЫМАСАҢ, БІЛМЕСЕҢ НЕ АЙТАСЫҢ?

  • Жалпы бұл бағдарламаны ұйымдастыру қиын. Астанада түсірілетіндіктен, Алматыдан көп адам шақырамыз. Кейбіреулер: «Бізді неге шақырмадыңыз, аналардан да жақсы айтатын едік», – деп жатқанда, өкініп қалып жатамыз. Бауыржан өзі білетін адамдар туралы бағдарламаларға ғана қатысады. Өзі білмейтін кейіпкерлер туралы бағдарлама болғанда: «Танымасам, білмесем не айтамын? Сыртынан қалай айтамын?», – деп, қатыспай қояды. Қазір түрлі шоулар қаптап кеткенде, қазақ мәдениетіне, әдебиетіне қызмет етіп, үлес қосқан осындай ұлы адамдар болған деп, өткенді еске салып отыратын бағдарлама біздікі. Өмірде жоқ тұлғалардың көзін көрген адам ғой деп, бағдарламаға мені жүргізуші етіп таңдады. Бағдарлама өз мақсатын орындап жатыр. Бір қызығы, басқалар жас кезінде бағдарлама жүргізіп, Пайғамбар жасына келгенде жүргізушіліктен кетіп жатса, мен Пайғамбар жасына келгенде жүргізуші болып жүрмін. Неғылса да көрермен үшін, қазақ үшін ғой.

Нұрлан Ерімбетов,

саясаттанушы:

АДАМ ТҮСІНЕТІН ТІЛМЕН СӨЙЛЕЙІКШІ

  • Осыдан төрт жарым жыл бұрын жұмыссыз жүргенімде Нұрлан Нығматулин шақырды. Ол кезде ол кісі «Нұр Отанның» төрағасының орынбасады еді. Менің белсенділігімді көрген-ау, сыртымнан білетін болуы керек. «Осы сен неге бір телебағдарлама ашпайсың? Неге бастамайсың? Сені депутаттар, басқа да саясаткерлер сыйлайды. Сондықтан ұйымдастырып көрсеңші. Бірақ, оның формасы қандай болады, сипаты қандай болады, ол жағын өзің шеш», – деді. «Астана» телеарнасы «Нұрмедиаға» қарайды ғой. Сол кездегі басшылармен кездесіп, өзімнің ойымды айтттым. «Бізде бірнеше адам жиналып, бетпе-бет дискуссия жасайтын бағдарлама аз. Маған басын шұлғып тұратын адамдар керек емес. Біреуі «дұрыс», біреуі «бұрыс» дейтін адамдарды жинап, неге ортаға шығармасқа? Сосын көрермен өзі шешім қабылдайды?», – дедім. Сөйтіп, бағдарламамды бастадым. Ең бірінші бағдарламам қызық болды. Бір жағында депутаттар, екінші жағына Болат Әбілов, Әміржан Қосанов, сосын Жармахан Тұяқбайларды шақырдым, «ұрыс-соғыс» болды ғой сол жерде. Саясат, табиғат жөнінде, өмір туралы, отбасы жайындағы тақырыптарды қозғап, біраз адам шақырдым. Үкіметті сынап жүрген адамдарды да шақырдым. Бірақ, оларға қарсы биліктің адамдарын қойдым. Осыдан кейін бағдарламаның рейтингісі өсті. Көп адам қоңырау шалды. «Айналайын, біз тек қана қол шапалақтайтын бағдарламаларды көруші едік, «уралап» жүретін адамдарды көруші едік, қазір қып-қызыл дау-дамайдың арасында жақсы пікірлер айтылып жатады», – дейді. Содан кейін мен тақырыптарын өзгерте бастадым. Айталық, денсаулық жөнінде, әскердегі әлімжеттік туралы, тіпті түрмеде отырған адамдардың жағдайы жайында да бағдарлама жасадым. Түрмеде 30 жыл отырған біреулерді де шақырып едім, олар да келді. Рейтингсі осылай өсе берді. Бір жылдан кейін сол үшін сыйлық алдым. «Астана» телеарнасының басшылары мені қабылдайды. Мен тақырыпты дәлелдей аламын.«Осы мәселені неге көтермеске? Осы мәселені елдің бәрі айтып жүр ғой», – деп, көндіріп, бағдарламаны жасап жүрміз. Шынын айту керек, көшеде жүру қиындады. Бәрі таниды. Жас балалар келіп, «суретке түсейік» дейді. Маған ұнайтыны, үлкен кісілер мені көрсе: «Нұрлан, айналайын, сенің бағдарламаңды көреміз. Бірақ, сен мына мәселені неге көтермейсің?», – дейтін болды. Дін мәселесін көтеріп, әртүрлі діннің өкілдері келіп қатысқан бағдарламса түсірдік. Ол да жаман болған жоқ. Жалпы өзіме ұнайды. Бірақ, келген қонақтарымның бәрі бас шұлғып тұрған кезде, мен ол бағдарламадан кетемін. Маған дискуссия керек. Бір байқағаным, менің бағдарламама биліктің адамдары қатты дайындалып келеді. Себебі, олар биліктің атынан сөйлейді ғой. Дұрыс сөйлемесе ертесі таяқ жейді. «Сен неге билікті қорғай алмадың? Неге дұрыс айтпадың?», – дейді ғой оларға. Кейбіреулері келуге қорқады. Депутаттардың арасында жиырма шақты депутат өте белсенді. Жақында Халықтық ІРО туралы бағдарлама түсірдік. Сол бағдарлама эфирге шыққаннан кейін біраз адам қоңырау шалып: «Әй, осылай бізге қарапайым сөзбен неге түсіндіріп айтпайсыңдар?», – дейді. Мен бағдарламада: «Мынау менің ІРО-м. Мен енді мұны не істеймін? Қазір сізге мың теңге бердім. Ертең қанша аламын? Ертең сіздің компанияңыз жабылып қалса немесе ақшаны ұрлап кетсе не істеймін?», – деп сұрадым ғой. «Үйде қойылатын қарапайым сұрақтарды сен студияда қоясың. Әйтпесе бізде эфирге оқымысты адамдар жиналып алады да, олардың айтқан әңгімесінің жартысын түсінбейміз», – дейді.

  • Бағдарлама жүргізуші ретінде өз кемшілігіңізді сырттай байқадыңыз ба? Не жетпейді? Қай жері кемшін сияқты?

  • Менде бәрі – экспромт. Студия қонақтарына алдын ала қандай сұрақ қойылатынын айтпаймын. Жиырма шақты сұрақты қағазға жазып қоямын. Негізі көңілшекпін. Үйдегі жағдайға байланысты, жеке басымдағы жағдайға байланысты жүргіземін кейде. Сондықтан кейбір кезде сүмірейіп қалам, кейде сөйлеп жатқан адамдардың сөздерін бұзамын. «Тоқтаңыз. Бұл маған қызық емес!», – деп қатқыл сөйлеймін. Қазір осының бәрін түзеуге талпынып жатырмын. Бірақ, өтірік күліп, өтірік қайғырып тұрмаймын. Шынайымын.

  • Иә, студия қонақтарына жекіп тастайсыз немесе ақыл айтып кетесіз?..

  • Иә, ондай болады. Кейде әзілмен түсіндіруге тырысамын. Дегенмен депутаттар, саясаткерлер келмей қалмайды, келеді. «Неге мені шақырмайсың?», – дейтіндер де көп. Бағдарламада өзекті мәселелерді ғана қозғаймын. Мысалы, мектепте оқитын 20 мың оқушы қыздың аяғы ауыр екен. Сосын кейбір оқымысты жастар елден кетіп жатыр. Кейбірі жат діндерге арандап жатыр. Осындай әңгімені көтергім келеді. Неге біз осындай болып бара жатырмыз? Неге осыған үндемейсіңдер? Былтыр Қарағандыда екі қыз бір-біріне үйленді. «Ал сендер үндемей жүрсіңдер», – дедім депутаттарға. Көбі «дұрыс, сен айтпасаң, кім айтады?» дейді. Өсіп, қызып кетемін. Өзімді ұстай алмай қаламын.

  • Сіздің бұл салада азды-көпті тәжірбиеңіз бар ғой енді. Сіз сияқты Мұрат Әбеновтің «Ашық әңгіме» деген бағдарламасы бар, Ирак Елекеев бағдарлама жүргізіп жүр. Көріп тұрасыз ба? Пікіріңіз қандай?

  • Көріп тұрамын, әрине. Мұрат Әбеновтің де, Елекеевтің де бағдарламасына қатыстым. Оларға ешқандай ақыл айта алмаймын. Әркім өзінше жүргізеді ғой. Мен қонақтарға алдын ала «егер көп сөйлеп кетсеңіз немесе қуып кетсеңіз, мен сізді тоқтатамын» деймін. Оны өзіңіз де білесіз ғой. Сұрағыңызға қысқа жауап береді де, басқа бірдеңені айтып, аспан астын шарлап кетеді. «Сосын қарапайым тілмен сөйлеңіздер», – деймін. Бізді көбіне ауылдағылар көреді. Мұрат Әбеновтің де, Ирак Елекеевтің де бағдарламасы қарапайым халық көретін бағдарламалар. Сондықтан айтатыным, тележүргізушілер бағдарламаны ғылыми конференцияға айналдырмай, адам түсінетін тілмен сөйлеуі керек.

Расул Жұмалы,

саясаттанушы:

  • «Жасыратыны жоқ» бағдарламасының тоқтап қалғанына бір жылдай уақыт болды. Алдымен «Алматы» телеарнасына осындай мүмкіндік бергені үшін алғысымды айтып алайын. Бүкіл елге таралмаса да, біршама көрерменнің қызығушылығына ие болды. Рейтинг көтерді. Өткен жылғы жаңа жылдың алдында жабылды. Бәлкім телеарнаның өзінде бір жоспарлар болған шығар, оның үстіне басшылығы ауысты. «Алматы» телеарнасы толықтай тәуелсіз арна деп айта алмаймын. Муниципалды арна, әкімшілікке, билікке тәуелді. Сондықтан бағдарлама барысында айтылған кейбір сыни пікірлер ұнамаған болар. Бұл өзімнің болжамдарым. Дегенмен, «алматылық» әріптестеріме рахмет, жарты жылдан астам уақыт ашық, бүкпесіз әңгімелерді айтуға мұрсат берді.

  • Содан кейін телебағдарлама жүргізу туралы басқа ұсыныс айтылған жоқ па?

  • Жоқ. Бірақ, «Эксклюзив» сараптамалық журналының негізінде exclusive.kz деген сайтта сараптамалық мақалалармен қатар, кішігірім «Айтарым бар» деген бағдарламам шығады. Оған белгілі қоғам қайраткерлерін, экономистерді, түрлі саланың мамандарын шақырып, сұхбаттасамыз. Бұл интернет желісінде жүріп жатқан бағдарламам.

  • Саясат пен қоғам қайраткерлерінің,экс-шенеуніктердіңбағдарлама жүргізгеніне қалай қарайсыз жалпы? Пікіріңіз қандай?

  • Жақсы қараймын. Қай мемлекетті алып қарасаңыз да, бұл бар үрдіс. Телеарна, радио дегендер тек қана көңіл көтеруге арналған нәрсе емес. Ой салатын, түрлі мәселелерді ашып айтатын, соған өзінің түсініктемесін, сараптамасын беретін бағдарламалар болу керек. Америкада, Еуропада, көрші отырған Ресейде де мұндай бағдарламалар бар. Мәселе ашық айтылатын, сыни бағдарламалар оларға қарағанда бізде әлдеқайда аз, әрине. Соңғы кездері жаңа телебағдарламалар көбейді. Бірақ сапасы мен көлемі жағынан жоғары дәрежеде деп есептемеймін. Ондай бағдарламаларға саясаттанушылар, тарихшылар, тағы да басқа сала мамандарының тартылғаны дұрыс еді.

  • Маман журналистердің бағдарлама жүргізгеніне көңіліңіз тола ма?

  • Енді ол қай арнада, қандай журналистің жүргізетініне байланысты ғой. Сөйлеуге келгенде, жазуға келгенде мықты журналистер бар. Мысалы, «Таң» арнасындағы Қасым Аманжолды айтар едім. «Қазақстан» тереарнасында да батыл журналистер бар. Жалпы ондай мамандар бізде жеткілікті. Басшылары олардың ашылуына кедергі жасамаса, мүмкіндік туғызатын болса жақсы болар еді. Өкініштісі, ақпараттық кеңістігімізде Ресейдің үлесі біршама. Осындай жағдайда ұлтшыл азаматтарға жол берудің орнына, кейде кедергілер жасалып жатқанын байқап қаламыз. Мұндай әрекеттер ұлттық мүддемізге қайшы екенін былай қойғанда, Конституциямызға да қайшы, керек десеңіз... Конституциямызда сөз бостандығы бар екені, цензураның жоқ екені айтылған. Мемлекетшіл, ұлтшыл мамандарымыз аз емес. Соларға көмек көрсетпесек те, кедергі жасамауымыз керек...

РАСУЛ РАС АЙТАДЫ...

Белгілі саясат және қоғам қайраткерлерінің телеарналарда бағдарлама жүргізуі қандай қажеттіліктен туындағаны өз-өзінен түсінікті нәрсе деп ойлаймыз. Олардың бұл белсенділігі көрермен көңіліне сенім ұялататынын мойындағанымыз жөн. Түрлі шоуларды да, интеллектуалды бағдарламаларды да, спорт туралы хабарларды да әнші-әртістер жүргізе бергеннен кейін: «Осылардан басқа адам құрып қалды ма? Неге сауатты адам жүргізбейді?», – деп шулаған өзіміз едік кезінде. Соны елеп-ескерген телеарна басшыларына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бірақ, енді олар: «Нұрлан Ерімбетовтен басқа ешкім жоқ па?» – дейтін күнге де жеткенімізді білсе екен дейміз. Бір мемлекеттің пәленбай телеарнасына расында да Ерімбетов, Елекеев, Жұмалы, қала берді Жанат Ертілесовалар аздық етсе керек.Бүгінгі заманның басты ақпарат құралы болып отырған телеарналардың көрігін журналистермен бірге, қайраткерлеріміз де қыздырып жүрсе, одан еш ұтылмаймыз.«Бүгінгідей ақпарат майданы атойлап тұрған заманда бізге не керек, бізге бәсекелестікке қабілетті телеарналар керек!» дегіміз келеді.Елдің бәрі көретін теледидардан миыңды су қылып жіберетін көр-жер емес, көкірегіңді көтертетін қайраткердің әңгімесі айтылғаны дұрыс, қысқасы!

Расул рас айтады...
Каталог: wp-content -> uploads -> 2014
2014 -> Сәлім меңдібаев армысың, алтын таң! Журналист жазбалары Қостанай – 2013 ж
2014 -> Қазақ тілі мен латын тілі кафедрасы Қазақ Әдебиеті пәні бойынша әдістемелік өҢдеу мамандығы: Фельдшер Мейірбике ісі Стамотология Курс: І семестрі: ІІ
2014 -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
2014 -> Жақсыбай Мусаев шығармашылығы және көркемдік Зерттеуші оқушы: Мұратбаева Назерке
2014 -> Тақырыбы: Ақындықты арман еткен жерлес Талапбай Ұзақбаев
2014 -> М.Ә. Хасен төле би әлібекұлы
2014 -> «Қостанай таңының» кітапханасы Сәлім меңдібаев
2014 -> 3-деңгейлерге: а/берілген сөздерді аударыңдар
2014 -> Жақсыбай Мусаев шығармашылығы және көркемдік Зерттеуші оқушы: Мұратбаева Назерке
2014 -> Тақырыбы: Ақындықты арман еткен жерлес Талапбай Ұзақбаев


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет