Негізгі орта білім беру деңгейінің «Тіл және әдебиет» білім саласы пәндерінің



бет4/16
Дата26.06.2018
өлшемі1,23 Mb.
#44383
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16

3. Оқу пәнінің 6-сыныптағы базалық білім мазмұны


  1. Пәнді оқыту үшін шығармаларды оқып талдауға 56 сағат, шығармашылық жұмыстар мен тіл ұстартуға 8 сағат, сыныптан тыс оқуға 4 сағат, барлығы 68 сағат бөлінген.

  2. Оқу пәнінің базалық білім мазмұны төмендегідей тақырыптардан тұрады.

    1. «Кіріспе» (1 сағат). Көркем әдебиеттің адам өмірінде алатын орны. Әдебиеттің өнердің басқа түрлерімен (музыка, бейнелеу өнері, театр, кино) байланысы. Оқулықпен жұмыс істеу дағдысын дамыту (көркем шығарма, автор туралы материал, портрет пен безендірілуі, т.б.).

  3. «Халық ауыз әдебиеті» (6 сағат):

    1. «Батырлар жыры туралы түсінік. «Қобыланды батыр» жыры» (3 сағат). Батырлар жырының тақырыбы мен идеясы. Батырлар жырының өзіндік ерекшеліктері. Жырдағы халықтың тарихы мен салт-санасының көрініс табуы. Елдік идея мен ерлік сипаты. «Қобыланды батыр» жырының тақырыбы мен мазмұны. Жырдың кейіпкерлері. Қобыланды бейнесі, оның ерлік істері мен адамгершілік тұлғасы. Жырдағы Құртқа бейнесі. Тайбурыл образы. Әдебиет теориясы: эпостық жырлар. Тіл дамыту: жырды оқу мақамы (аудио/бейне таспалардан үзінділер тыңдату), жоспар құру, баяндау, кейіпкерлерге салыстырмалы мінездеме беру. Пәнаралық байланыс: театр (М.Әуезов. «Қарақыпшақ Қобыланды»). Өзіндік ізденіс жұмыстары: мұғалімнің ұсынуы бойынша;

    2. «Алпамыс батыр» жыры (3 сағат). Жырдың ерекшелігі, тақырыбы мен идеясы. Жыр тақырыбының ел бірлігін, тыныштығын, елді сыртқы жаудан қорғау, халық қамын ойлайтын батырды армандау мүддесінен туатындығы. Сол арманның Алпамыс бейнесі арқылы көрінуі. Ұлтан образының көркем жинақталуы. Жырдағы асыл жар бейнесі. Қарагөзайымның айнымас достығы, Байшұбар тұлпардың иесіне адалдығы. Әдебиет теориясы: әсірелеу (гипербола), шендестіру (антитеза). Тіл дамыту: мәнерлеп оқу, жатқа оқу, толық және қысқаша мазмұндау. Пәнаралық байланыс: бейнелеу өнері, театр, т.б. Өзіндік ізденіс жұмыстары: «Жоямерген» жыры.

  4. «XIX ғасыр әдебиеті үлгілері» (6 сағат):

    1. «Дулат Бабатайұлы. «О, Ақтан жас, Ақтан жас» (1 сағат). Өмірі мен шығармашылығы туралы қысқаша мәлімет. Ақтамберді жырауды ұстаз тұтуы. Ақынның қазақ поэзиясындағы орны. «О, Ақтан жас, Ақтан жас» өлеңінің жеке адамға арнау үлгісінде айтылуы. Ақынның ел болашағы – жастарға деген бата-тілегі, үміті мен сенімі. Ақын арманының риторикалық сұрау арқылы берілуі, өлеңнің көркемдік ерекшелігі. Әдебиет теориясы: риторикалық сұрақ. Тіл дамыту: өлеңді мәнерлеп оқу, шығармашылық жұмыс – ата-әже, ата-аналарының тілек-баталарын жазу. Өзіндік ізденіс жұмыстары: Дулат Бабатайұлы. «Тегімді менің сұрасаң»;

    2. «Сүйінбай Аронұлы. «Жақсы мен жаман адамның қасиеттері» (1 сағат). Ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы қысқаша мәлімет. Жетісу ақындарының көшбасшысы және Жамбылдың пір тұтқан ұстазы екендігі. «Жақсы мен жаман адамның қасиеттері» өлеңінде адам бойындағы қайшылықты қасиеттерді суреттеуі, адамгершілік ізгі қасиеттерді жоғары тұтып бағалауы. Тіл дамыту: өлең мазмұнының желісі бойынша адам бойындағы жақсы қасиеттер мен жаман әдеттер туралы әңгімелесу. Пәнаралық байланыс: «Өзін-өзі тану». Өзіндік ізденіс жұмыстары: Сүйінбай Аронұлы. «Болыстарға баға»;

    3. «Абай Құнанбайұлы. «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ», «Құлақтан кіріп бойды алар», «Әсемпаз болма әр неге» өлеңдері, отыз бірінші қарасөзі» (4 сағат). Абай – ұлы тұлға, кемеңгер ақын. Абайдың қазақ әдебиеті мен мәдениетіндегі орны. Ақынның туып-өскен, тәрбие алған ортасы. Шығармашылық жолы. «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ» өлеңіндегі жүйрік аттың портреті. Ақынның жылқы малын ұлттық таным тұрғысынан бағалауы. «Құлақтан кіріп бойды алар» өлеңіндегі Абайдың ән мен күй, жалпы өнер құдіреті туралы толғанысы. Ән мен күйдің жанға ләззат беретін, көкейге ой салатын эстетикалық мәні. Өлеңнің көркемдік, философиялық ерекшелігі. «Әсемпаз болма әр неге» өлеңіндегі жастарды өнер, білім үйрену арқылы өмірде өз орнын табуға үндеуі. Отыз бірінші қарасөз. Абайдың прозалық үлгіде жазылған шығармалары туралы түсінік. Ол шығармаларының жазылу себептері. Қарасөздеріндегі философиялық ой. Әдебиет теориясы: қарасөз туралы түсінік. Тіл дамыту: аттың мүсінін өлең жолдарымен салыстыра отырып, ауызша суреттеп беру. Мәнерлеп оқу. Пәнаралық байланыс: музыка, бейнелеу өнері. Өзіндік ізденіс жұмыстары: Абайдың «Күз», «Интернатта оқып жүр» өлеңдері.

  5. «XX ғасыр әдебиеті» (38 сағат):

    1. «Шәкәрім Құдайбердіұлы. «Адамдық борышың» өлеңі» (1 сағат). Шәкәрім – Абайдың рухани ізбасары. Ақынның өскен ортасы мен шығармашылығы. «Адамдық борышың» өлеңі. Ақын – ұлы гуманист. Ақынның адамгершілік идеяларының өлеңдегі көрінісі. Өлең арқылы шын бақыттың сырын ұғындыруы. Абай шығармаларымен үндестігі. Өлең құрылысындағы ерекшелік. Әдебиет теориясы: өлең құрылысындағы жаңалық (ұйқас, буын, тармақ өлшемі). Тіл дамыту: мәнерлеп оқу, түсінгенін әңгімелеу, елі мен ата-ана алдындағы міндет пен борыш туралы эссе жазу. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, кино («Шәкәрімнің соңғы күзі» көркем фильмі, авторы әрі режиссері Б.Қанапиянов);

    2. «Сұлтанмахмұт Торайғыров. «Шығамын тірі болсам адам болып», «Мен қазақ» өлеңдері» (1 сағат). Ақынның өмірі мен шығармашылығы. Сұлтанмахмұт поэзиясындағы ел мен жер тағдыры, өнер, білімге деген құштарлығы және оның ақын поэзиясында көрінуі. Өлеңге арқау болған ақын арманы, өмірлік мұраты. Оның өз шығармаларында надандық пен қараңғылықты сынауы. «Алаш» ұранын ту етуі. Әдебиет теориясы: лирикалық қаһарман. Тіл дамыту: өлеңді жатқа оқу, туған жерге деген сезімді шағын ойтолғау арқылы беру. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, география;

    3. «Ахмет Байтұрсынұлы. «Қара бұлт», «Анама хат» өлеңдері» (1 сағат). А.Байтұрсынұлы – ақын, тіл және әдебиет зерттеушісі, педагог, қоғам қайраткері. «Қара бұлт» өлеңінің мазмұны. Тақырыбы мен идеясы. Өлеңнің аллегориялық сипаты. Өлең мазмұнының мысал жанрына жақын екендігі. Мақсатсыз, қайырымсыз еңбектің пайдасыз екендігі туралы. «Анама хат» өлеңіндегі ұлының анаға деген сағынышы. «Оқ тиіп, он үшінде ой түсірген жүрегіндегі жара» сырын ақын өмірімен байланыстыру. Автордың «тайпалған талай жорға, талай тұлпар» деп тұспалдап айтып отырғаны алаш ардақтылары екендігі. Өлеңдегі ұйқас ерекшелігі. Әдебиет теориясы: астарлау. Тіл дамыту: мәнерлеп оқу, ата-ана алдындағы міндетін түсіндіре алу. Пәнаралық байланыс: музыка, бейнелеу өнері, кино, театр туындылары, электрондық оқулық (А.Байтұрсынұлы мұражайы). Өзіндік ізденіс жұмыстары: Ахмет Байтұрсынұлы. «Жиған-терген» өлеңі;

    4. «Мағжан Жұмабаев. «Мен кім?», «Қазақ тілі» өлеңдері» (1 сағат). Ақынның өмірі мен шығармашылығы. «Мен кім?» лирикасының тақырыбы мен идеясы. Өлеңдегі алаш ұланының сөзбен сомдалған портреті. Жыр жолдарындағы метафоралық қолданыстар. Эпитет пен теңеу. «Қазақ тілі» өлеңіндегі ақынды толғандырған ана тілі тағдыры. Туған тілге деген құрмет, болашаққа деген сенімі. Тіл тағдырының ел тағдырымен біртұтас бірлікте екендігі. Өлеңдегі оптимистік асқақ үн, метафоралық шендестірулер, олардың өлең идеясын ашудағы мәні. Әдебиет теориясы: метафоралық шендестірулер. Тіл дамыту: мәнерлеп, түсініп оқу, ана тілі туралы шағын шығарма жазу. Пәнаралық байланыс: қазақ тілі, Қазақстан тарихы. Өзіндік ізденіс жұмыстары: Мағжан Жұмабаевтың «Күншығыс» өлеңі;

    5. «Сәбит Дөнентаев. «Заман кімдікі?», «Бозторғай», «Ой» фельетондары» (2 сағат). С.Дөнентаевтың өмірі мен жазушылық қызметі (өткен сыныпта оқылған деректерді толықтыру). Өлеңдерінің тақырыбы мен идеясы. Ақын шығармаларындағы аллегория және астарлау. С.Дөнентаев шағын сюжетті өлеңнің шебері, көсемсөз шебері. Әдебиет теориясы: аллегория, сатира туралы ұғымдарды кеңейту. Тіл дамыту: шағын шығарма жазу. Пәнаралық байланыс: тарих, қазақ тілі. Өзіндік ізденіс жұмыстары: С.Дөнентаевтың мысал өлеңдері;

    6. «Сәкен Сейфуллин. «Далада» (арнау өлең)» (1 сағат). Сәкен туралы сөз. Туған жерге деген махаббат. Бостандықтың, азаттықтың оңай келмейтіндігі, оған тек қана күрес арқылы қол жеткізуге болатындығы. Ақынның кең далаға, бабалар салған ерлік дәстүріне деген мақтаныш сезімі. Асаудың символдық образ екендігі. Романтикалық көңіл күй. Жастарды еркіндік, әділдік үшін күреске шақыруы. Әдебиет теориясы: дамыта суреттеу. Тіл дамыту: ақынға еліктей отырып, өз еліңнің бүгіні мен болашағы туралы ойтолғау жазу. Пәнаралық байланыс: география, бейнелеу өнері. Өзіндік ізденіс жұмыстары: С.Сейфуллин. «Тау ішінде», «Біздің жақта»;

    7. «Бейімбет Майлин. «Түйебай» әңгімесі» (2 сағат). Жазушының өмірі мен шығармашылық жолы туралы қысқаша мәлімет. «Түйебай» әңгімесінің тақырыбы мен идеясы. Тәрбиелік мәні. Қаламгердің ескіше оқуды сынауы. Әңгімедегі Түйебай образы. Әңгіменің реалистік сипаты, көркемдік ерекшелігі. Әдебиет теориясы: әңгіме туралы түсінікті дамыту. Тіл дамыту: түсініп оқып, жоспар құру, жоспар бойынша мазмұндау, талқылауға арналған сұрақтар әзірлеу. Өзіндік ізденіс жұмыстары: М.Әуезов. «Жетім» әңгімесі;

    8. «Ілияс Жансүгіров. «Анам тілі», «Домбыра» өлеңдері» (1 сағат). Ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы. Ана тілінің адамның дүниені танып, азамат болып қалыптасу жолындағы рөлі туралы. Домбыра өлеңінің мазмұны. Күй құдіретінің поэзия тілінде бейнеленуі. Әдебиет теориясы: градация. Тіл дамыту: мәнерлеп оқу, ана тілі / домбыра / күй өнері туралы өзіндік пікірі бар ойтолғау жазу. Пәнаралық байланыс: қазақ тілі, музыка (күй өнері). Өзіндік ізденіс жұмыстары: І. Жансүгіров. «Жетісу суреттері» өлеңі;

    9. «Мұхтар Әуезов. «Біржан сал Абай ауылында» («Абай жолы» роман-эпопеясынан үзінді) (3 сағат). Жазушының өмірі мен шығармашылығы. «Абай жолы» роман-эпопеясы туралы қысқаша мәлімет. Ұлы ақын Абай мен атақты әнші Біржан сал туралы оқушыларға хабардар ету. Қазақтың екі ұлы өнерпазының кездесуі. Шығармадағы өнер тақырыбы. Өнердің адам өмірінде алатын орны. Оны Абайдың ән тыңдау, әсем сазды иірімдерді терең талғаммен түсініп, қабылдауы арқылы түсіндіру. Жазушы сомдаған образдар жүйесі. Әдебиет теориясы: типтік образ туралы. Тіл дамыту: жоспар құру, жоспар бойынша мазмұндау. Пәнаралық байланыс: электрондық оқулық («Бөрліге саяхат» телесабағы), музыка (қазақ сал-серілері, олардың кино өнерінде көрінуі). Өзіндік ізденіс жұмыстары: І. Жансүгіров. «Әнші» өлеңі;

    10. «Ғабит Мүсірепов. «Автобиографиялық әңгіме» (1 сағат). Жазушының өмірі мен шығармашылық жолы туралы қысқаша мәлімет. «Автобиографиялық әңгіме» - жазушының өз өмірінен алынып жазылған шығарма екендігі. Бекет Өтетілеуовтің ұстаздық тағылымының жазушыға өмірлік өнеге болуы. Шығарманың тақырыбы мен идеясы. Жанрлық ерекшелігі. Әңгіменің баяндау тілінің көркемдігі. Әдебиет теориясы: автобиографиялық шығарма. Тіл дамыту: түсініп оқу, мазмұндау, өзара пікір алмасу, шағын шығарма жазу. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, электрондық оқулық (Ғ.Мүсірепов мұражайы), театр: деректі фильмдер. Өзіндік ізденіс жұмыстары: Ғ.Мүсіреповтің «Талпақ танау» әңгімесі, Б.Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» повесі;

    11. «Әбу Сәрсенбаев. «Туған жер», «Сен құрметте оны, қарағым» өлеңдері» (1 сағат). Ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы қысқаша мәлімет. «Туған жер» өлеңінде ақынның туған жерге, елге деген сүйіспеншілік сезімі. Азаматтық борышы. Өлең мазмұнындағы отаншылдық рух. «Сен құрметте оны, қарағым» өлеңі арқылы ақынның кейінгі ұрпақты соғыс ардагеріне құрмет көрсетуге шақыруы. Өлеңнің тақырыптық, идеялық ерекшелігі, құрылымдық сипаты. Өлеңдегі сөз орындарының ауысу себептері. Өлеңнің тәрбиелік мәні. Әдебиет теориясы: лирика туралы. Тіл дамыту: түсініп оқу, мазмұндау, өзара пікір алмасу, шағын шығарма жазу. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы;

    12. «Бауыржан Момышұлы. «Жауынгердің тұлғасы» («Қанмен жазылған кітаптан» үзінді)» (2 сағат). Жазушының өмірі мен шығармашылық жолы туралы қысқаша мәлімет. Үзіндіде суреттелген соғыс кезіндегі жауынгерлердің табандылығы, батырлығы. Батыр Бауыржан Момышұлының өз бейнесі, батырлық тұлғасы. Ұлы Отан соғысындағы қазақ жауынгерлерінің ерлігі. Үзіндінің деректілік сипаты. Жазушының стилі. Әдебиет теориясы: деректі шығармалар туралы алғашқы түсінік. Тіл дамыту: түсініп оқу, мазмұндау, ерлік, батырлық туралы пікір алмасу. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы (Қазақстан екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында), электрондық оқулық («Ерлер есімі – ел есінде»), халық батырының өз даусы жазылған үнтаспа, «Қазақтың Бауыржаны» деректі фильмі. Өзіндік ізденіс жұмыстары: Бауыржан Момышұлы. «Ұшқан ұя» повесі (үзінді);

    13. «Сансызбай Сарғасқаев. «Тәмпіш қара» повесінен үзінді» (1 сағат). Соғыстан кейінгі жылдардағы ауыл тұрмысы, ондағы балалар өмірі. Повестегі Ертай, Шаншатай, Бейсекүл образдары. Шаншатайдың бойындағы батылдық, әдептілік, ұстамдылық, ұйымдастырушылық қасиеттері. Балалардың білімі мен күш-қайратын пайдалы еңбекке бағыттауы. Иманбектің мінезіндегі жағымсыз қасиеттер. Шығарманың сюжеті мен композициялық құрылымы. Идеясы. Әдебиет теориясы: балалар әдебиеті. Тіл дамыту: түсініп оқу, мазмұндау, әдептілік, ерлік, батырлық туралы пікір алмасу. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы. Өзіндік ізденіс жұмыстары: С.Сарғасқаев. «Біз төртеу едік» повесі;

    14. «Мұзафар Әлімбаев. «Ана тілім ғажап деп айта аламын», «Биіктер» өлеңдері» (1 сағат). Өмірі мен шығармашылығы. Ақынның балаларға арналған жырлары. Ақынның «Ана тілім ғажап деп айта аламын» лирикасындағы ана тілінің қадірі мен қасиеті туралы ойлары. «Биіктер» өлеңіндегі бала танымы, адам ойының өсуі, тереңдеуі туралы толғаныстары, оны М.Әлімбаевтың қарапайым тілмен әсерлі баяндауы. Әдебиет теориясы: қара өлең ұйқасы. Тіл дамыту: өлеңді түсініп оқу, жаттау. Пәнаралық байланыс: қазақ тілі. Өзіндік ізденіс жұмыстары: қазақ тілі туралы айтылған ұлы адамдардың сөздері;

    15. «Бердібек Соқпақбаев. «Менің атым – Қожа» (хикаяттан үзінді)» (2 сағат). Жазушының өмірі мен шығармашылық жолы туралы қысқаша мәлімет. Оқиға және характер. Шығарманың бас кейіпкері Қожа мінезінің қалыптасуына мектептің, өскен ортасының, отбасының әсері. Қожаның қиялшыл, сезімтал, зейінді бала екендігі. Хикаятта бала табиғатына тән мінездердің көрінуі. Кейіпкер сана-сезімінің өсіп, өзгеруі, рухани жан дүниесінің баюы. Қаламгердің баяндау тілінің жасөспірім бала психологиясына сай екендігі. Хикаят оқиғасының тартымдылығы, шынайылығы. Шығармадағы юмор. Әдебиет теориясы: хикаят туралы. Тіл дамыту: түсініп оқу, жоспар бойынша әңгімелеу. Пәнаралық байланыс: кинофильм («Менің атым – Қожа»). Өзіндік ізденіс жұмыстары: Бердібек Соқпақбаев. «Жекпе-жек» хикаяты;

    16. «Мұқағали Мақатаев. «Қайырлы түн», «Қара өлең», «Елім барда», «Анау – аспан, мынау – бақ» өлеңдері» (2 сағат). Ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы қысқаша мәлімет. «Қайырлы түн». Ақынның бейбіт өмір мен гуманизмді насихаттауы. Ақын пайдаланған бейнелі сөздер. Өлең тілі. Арнау, оның поэзиядағы рөлі. «Қара өлең». Қазақ поэзиясының негізі жыр және қара өлең екендігі. Өлеңдегі мазмұн мен пішін. Ақынның қара өлең үлгісін пайдалана отырып өлеңмен тың ой, айшықты соны сурет сала білуі. «Анау – аспан, мынау – бақ» өлеңіндегі қыс көрінісі. Табиғатты адам кейпінде суреттеу – көріктеудің бір түрі екендігі. Әдебиет теориясы: қара өлең ұйқасы туралы түсінік. Тіл дамыту: мәнерлеп оқу. Пәнаралық байланыс: ақынның өз даусы жазылған үнтаспа. Музыка (М.Мақатаев өлеңдеріне жазылған әндер). Өзіндік ізденіс жұмыстары: М. Мақатаев шығармалары (мұғалімнің ұсынуы бойынша);

    17. «Шерхан Мұртаза. «Тұтқын бала» («Қызыл жебе» романынан үзінді)» (3 сағат). Жазушының өмірі мен шығармашылық жолы туралы қысқаша мәлімет. Шығармадағы мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың балалық шағы. Тағдыр асулары. Бала Тұрардың қиындыққа төзімділігі мен қайсарлығы, алғырлығы мен зеректігі. Жазушының бала образын жасаудағы ізденістері. Кейіпкер бейнесін ашып тұрған көркем детальдар, тіл көркемдігі. Жазушының әңгімелеу, баяндау шеберлігі. Әдебиет теориясы: диалог. Тіл дамыту: шағын шығарма жазу. Пәнаралық байланыс: «Асуда атылған оқ» фильмінен жеке көріністер;

    18. «Әбділхамит Марқабаев. «Ғарыштағы қымыз» әңгімесі» (2 сағат). Жазушының өмірі мен шығармашылық жолы туралы қысқаша мәлімет. Шығарманың тақырыбы мен идеясы. Тәрбиелік мәні. Автордың фантастикалық шығармада қазақтың ұлттық сусыны қымыздың қасиетін сипаттауы. Фантастикалық әңгіменің жанрлық сипаты, образ жасаудағы ерекшеліктері. Әдебиет теориясы: фантастикалық шығармалар туралы ұғым. Тіл дамыту: фантастикалық шығармалардағы кейіпкерлер бейнесін, олардың ерекшеліктерін сипаттау. Пәнаралық байланыс: география, биология. Өзіндік ізденіс жұмыстары: Ә.Марқабаев. «Күнге тағы дақ түсті», М.Гумеров. «Жұмбақ сәуле» фантастикалық әңгімелері;

    19. «Сайын Мұратбеков. «Қылау» әңгімесі» (2 сағат). Жазушының өмірі мен шығармашылық жолы туралы қысқаша мәлімет. Әңгімедегі балғын сезімнің алғашқы ұшқындары. Өмір шындығын көркем бейнелеудегі жазушы шеберлігі. Образдар жүйесі. Шығарма тілі. Шығармадағы нәзік лиризм мен жылы юмор. Әдебиет теориясы: кейіпкер туралы ұғымды кеңейту. Тіл дамыту: кейіпкерлерге мінездеме беру. Пәнаралық байланыс: қазақ тілі. Өзіндік ізденіс жұмыстары: С.Мұратбеков. «Жусан иісі» повесі (үзінді);

    20. «Әбіш Кекілбай. «Шыңырау» повесі (үзінді) (3 сағат). Жазушының өмірі жайлы қысқаша мәлімет. Шығармадағы адам өмірінің сыр-сипаты. Қаламгердің табиғат суреттерін бейнелеудегі ізденістері. Көшпелі тұрмыс бейнесінің көркем жинақталуы. Жазушы стиліне тән адам психологиясының терең қатпарларын ашу әдістері. Диалог пен монолог. Әдебиет теориясы: мінездеу түрлері. Тіл дамыту: кейіпкер іс-әрекетіне қатысты шағын шығарма жазу. Пәнаралық байланыс: тарих. Өзіндік ізденіс жұмыстары: Ж. Молдағалиев. «Құдық» өлеңі;

    21. «Мұхтар Мағауин. «Бір атаның балалары» (хикаяттың жеке тараулары)» (3 сағат). Жазушының өмірі туралы қысқаша мәлімет. Повестің тақырыбы мен идеясы. Шығармадағы образдар жүйесі. Соғыс қасіретінің ауыл тіршілігіне, адамдар психологиясына әсері. Ұлттық қасиетімен ерекшеленетін Ахмет секілді адамдардың панасыз қалған балаларды ұлтына, тіліне, түріне қарамай, жатсынбай қамқорлыққа алуы. Қазақ халқының кеңпейіл, мейірімді, қонақжай қасиеттері. Әңгіме негізіндегі шындық, тарихи деректілік. Әдебиет теориясы: көркем шығарманың тақырыбы мен идеясы. Тіл дамыту: повестегі әр кейіпкерге мінездеме беру. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы. (М.Қозыбаев. «Соғыс жылдарындағы ұлтаралық қатынастар»). Өзіндік ізденіс жұмыстары: М.Мағауин. «Тазының өлімі» повесі (үзінді);

    22. «Дулат Исабеков. «Ата үміті» повесі (үзінді)» (2 сағат). Жазушының өмірі туралы қысқаша мәлімет. Повестегі табиғатқа қиянат жасаған Омаш қылықтары. Жазушының ондай жат әрекеттерден жас ұрпақты сақтандыратыны. Әңгімедегі ізгілік, адамгершілік мәселелері. Табиғат пен адам арасындағы қатынас. Әдебиет теориясы: әңгіме құрылысы. Композиция. Пәнаралық байланыс: өзін-өзі тану. Өзіндік ізденіс жұмыстары: Мұғалім қалауымен шығармаға үндес басқа көркем әдебиет үлгілері.

  6. «Әлем әдебиеті үлгілері» (4 сағат):

    1. «Манас жыры». «Манастың балалық шағы» (үзінді) (2 сағат). «Манас жыры» көлемі жағынан аса ауқымды, қырғыз халқының фольклорлық мұрасы, дүниежүзілік мәдениеттің алтын қорына енген шығарма екендігі. Жырдың жеңімпаз Манас бастаған қырғыз батырларының шетел басқыншыларына қарсы жорықтарын сөз етуі. Іштен шыққан жау көзқамандардың (түркілерге күйеуге шыққан қытай әйелдерінен туған балалар) сатқындығы. Өз халқының бақыты мен бірлігі үшін ішкі, тысқы жаулармен аянбай күрескен Манас бейнесі. Манас – халық даналығы, арманы, қиялы туғызған кейіпкер екендігі. Әдебиет теориясы: жыршы туралы ұғым. Тіл дамыту: қазақ батырлар жырының кейіпкерлері мен Манас бейнесін салыстыра суреттеу; аудио/бейне таспадан жыр тыңдау. Пәнаралық байланыс: қаһармандық эпос. Өзіндік ізденіс жұмыстары: «Алпамыс батыр» жыры;

    2. «Джек Лондон. «Мексика ұлы» әңгімесі» (2 сағат). Жазушы туралы қысқаша мәлімет. Әңгіменің сюжеті мен негізгі кейіпкерлері. Әңгімедегі өмірге деген құштарлықтың берілу сипаты, ерлік пен жігер. Шығарманың тәрбиелік мәні. Әңгімеде көзге ашаң, әлсіз көрінген Ривераға қуат, күш берген өзі сияқты қара нәсілдер намысы, ана үміті екендігі. Ривераның атаққа, ақшаға сатылмаған биік тұлғасы. Ривера мен Денни портреті. Рингтегі айқас суреті. Тіл дамыту: жоспар бойынша әңгімелеу, талқылауға арналған сұрақтар әзірлеу. Пәнаралық байланыс: Қазақстан спорты.

  7. Қорытындылау (1 сағат).



4. Оқу пәнінің 7-сыныптағы базалық білім мазмұны


  1. Пәнді оқыту үшін шығармаларды оқып талдауға 56 сағат, тіл ұстарту, шығармашылық жұмыстарға 8 сағат, сыныптан тыс және қосымша оқуға 4 сағат, барлығы 68 сағат бөлінген.

  2. Пәннің білім мазмұны төмендегідей тақырыптардан тұрады:

    1. «Кіріспе» (1 сағат). Көркем әдебиет туындыларының қоғамдық, эстетикалық, тәрбиелік мәні және маңызы туралы. Көркем әдебиеттегі суреттеу тәсілдерінің алуан түрлілігі.

  3. «Халық ауыз әдебиеті» (5 сағат):

    1. «Лиро-эпостық жырлар туралы. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры» (3 сағат). Лиро-эпостық жырлардың тақырыбы, өзіндік ерекшеліктері және олардың қаһармандық эпостан айырмашылығы. Лиро-эпостық жырлардағы халықтың тұрмыс-салты мен әдет-ғұрпының көрінісі. Жырдың көне дәуір мұрасы екендігі. Тақырыбы, мазмұны мен идеясы. Көркемдік ерекшеліктері. Қозы мен Баянның адал махаббаты. Қарабай мен Сарыбай – типтік образдар. Қарабайлар мен Қодарлар әлемі. Жырдағы ауыз әдебиеті үлгілері, тарихи жер-су аттары, олардың шындыққа үйлесімділігі мен үндестігі. Әдебиет теориясы: лиро-эпостық жыр. Типтік образ. Тіл дамыту: жырды оқу мақамы, сценарий жазып рөлдерге бөліп, қысқа үзінділер көрсету. Пәнаралық байланыс: театр (Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасы). Өзіндік ізденіс жұмыстары: «Айман-Шолпан» жыры.

    2. «Шешендік сөздер» (2 сағат). «Билер сөзі – нақылдың көзі». XIX ғасыр әдебиеті үлгілерінен. Шешендік сөздердің мәні мен маңызы. Шешендік сөздердегі астарлы ой, көркемдік таным мәселелері. Қазақ билерінің қоғамдағы қызметі. Олардың айтқан сөздерінің өмірлік ұстанымдармен бірлігі. Әдебиет теориясы: шешендік сөз туралы ұғым. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, қазақ тілі, электрондық оқулық (сандық білім беру ресурсы).

  4. «ХІХ ғасыр әдебиеті» (6 сағат):

    1. «Дулат Бабатайұлы. «Аягөз, қайда барасың?» толғауы» (1 сағат). Ақынның өмірі мен шығармашылығы. Ақын шығармаларының тақырыптары. Аягөз өзені, туған жер табиғатының өлеңде көркем бейнеленуі. Әдебиет теориясы: өлең туралы. Тіл дамыту: мәнерлеп жатқа оқу, өлең мазмұнының желісі бойынша «Жер тағдыры – ел тағдыры» деген тақырыпта шағын шығарма жазу. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы. Өзіндік ізденіс жұмыстары: Д.Бабатайұлы. «Ата қоныс Арқадан» толғауы;

    2. «Махамбет Өтемісұлы. «Тарланым» өлеңі» (1 сағат). Ақын жырларындағы Исатай бейнесі. Өлеңде Исатайдың батырлығымен қоса, оның сабырлы, парасатты азаматтық бейнесінің көрінуі. Өлеңдегі көркемдегіш құралдар. Әдебиет теориясы: теңеу. Тіл дамыту: өлеңнен теңеулерді табу, оларға түсінік беру, эпиграф таңдап алу, «Туады ерлер ел үшін» деген тақырыпта ойтолғау жазу. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы. Өзіндік ізденіс жұмыстары: М.Өтемісұлы. «Мен едім» өлеңі;

    3. «Абай Құнанбайұлы. «Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» өлеңдері, жиырма тоғызыншы қарасөзі» (4 сағат). «Қансонарда бүркітші шығады аңға». Өлеңдегі саятшылық өнер туралы ақын толғанысы. Бүркіттің түлкіге түсу шағындағы суреті, олжалы аңшы салтанатының суреті. Өлеңдегі ақынның адам мен аң психологиясын суреттеудегі шеберлігі, портреттік суреттер (кұстың, аңшының, түлкінің). Өлеңдегі бейнелі сөздер: эпитеттің ұлғайған түрі, антитеза. «Қараңғы түнде тау қалғып». Өлеңнен көрінетін ақын көңіл күйінің көріністері. Абайдың аудармашылық шеберлігі. «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа». Ақынның ән мен күй өнері жайындағы ой толғаныстары. Жиырма тоғызыншы қарасөзі. Абай қарасөздерінің мазмұны мен тәрбиелік мәні туралы. Қазақ мақалдары туралы ақынның өзіндік тұжырымдары. Әдебиет теориясы: портреттік суреттеу, антитеза. Пәнаралық байланыс: шетел әдебиеті. Лермонтов-Гете шығармалары. Бейнелеу өнері (Қ.Телжанов. «Бүркітпен аңға шығу»). Өзіндік ізденіс жұмыстары: Абайдың он төртінші, он тоғызыншы қарасөздері.

  5. «ХХ ғасыр әдебиеті» (42 сағат):

    1. «Ахмет Байтұрсынұлы. «Ақын ініме», «Екі шыбын» мысал өлеңі» (2 сағат). Ақынның оқу-ағарту, ғылым, әдебиет саласындағы орны. «Ақын ініме» өлеңіндегі ақынға қойылатын талап пен оның халық алдындағы парызы жөнінде айтылуы. Өлеңде айтылған ақынның өзекті ойы. Автор көрсеткен ирониялық сарын. «Екі шыбын». Мысал жанры туралы түсінікті кеңейту. Мысалдың тәрбиелік мәні. Әдебиет теориясы: мысал жанры туралы ұғымды кеңейту. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы (XX ғасыр басындағы Қазақстанның саяси-әлеуметтік ахуалы және Алашорда өкіметінің құрылуы);

    2. «Сұлтанмахмұт Торайғыров. «Бір адамға», «Шәкірт ойы» өлеңдері» (2 сағат). «Бір адамға». Өлеңнің реалистік сипаты, сюжетке құрылуы. Патшадан шен таққан ел билеуші бай арқылы халық үстінен байыған дүниеқоңыз, шенқұмар жандарды сынауы. Ақынның оқиғаға көзқарасы. «Шәкірт ойы». Шәкірттің болашақ бақытты өмірге жету жолындағы алдына қойған мақсаты: білім алу, елі үшін аянбай еңбек ету, елін өркениетті елдер қатарына қосу. Өлеңнің өмірбаяндық сипаты. Әдебиет теориясы: ирония, сатира туралы ұғым;

    3. «Жүсіпбек Аймауытұлы. «Әнші» әңгімесі, «Күн менікі» (3 сағат). «Әнші» әңгімесінде қазақ арасындағы өнер адамы бейнесінің сомдалуы. Халықтың өнерге деген ынта-ықыласының көріністері. Әнші Әмірқанның бейнесі. Тип және прототип. Әңгіменің эстетикалық, тәрбиелік маңызы. «Күн менікі». Үзіндіде суреттелген көш. Күнікей салған әннің көпшілікке ұнауы. Әдебиет теориясы: әңгіме жанры туралы ұғымды кеңейту;

    4. «Жамбыл Жабаев. «Аттандыру», «Алғадай туралы әрбір ой», «Атаның әлдиі» өлеңдері» (2 сағат). Жамбылдың өмірі мен шығармашылығы. Жамбыл өлеңдерінің мазмұны, өлеңнің мазмұнындағы ерекшелік, ақынның халық поэзиясына тән сөз қолданыстары, тіл өрнектері, шешендік толғау, дидактикалық сарын көріністері. Әдебиет теориясы: толғау туралы. Тіл дамыту: өлеңдерді сазына келтіріп оқу, жаттау. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы. Өзіндік ізденіс жұмыстары: Ж.Жабаев.«Алатау» өлеңі;

    5. «Мағжан Жұмабаев. «Сүйемін», «Толқын» өлеңдері» (2 сағат). «Сүйемін» өлеңінің негізгі арқауы – туған жер, атамекенге деген елжандылық сезім. Өлеңдегі ақынның адамгершілік биік тұлғасының көрінуі. Өлең композициясының ерекшелігі. Өлең құрылысы, қайталаулардың өлең мәнін ашудағы рөлі. «Толқын» өлеңі. Өлеңдегі толқын – табиғаттың үнемі қозғалыста болып тұратын құбылысы. Осы құбылысты ақынның суреттеу шеберлігі. Ақынның дыбыстан сурет жасауы. Әдебиет теориясы: өлең құрылысы. Тіл дамыту: өлеңді мәнерлеп оқу, жаттап алу, бейнелі сөздерді теріп жазу және оны есте сақтау. Пәнаралық байланыс: қазақ тілі. Өзіндік ізденіс жұмыстары: М.Жұмабаев. «Мен кім?», «Туған жер» өлеңдері;

    6. «Сәкен Сейфуллин. «Сыр сандық», «Біздің жақта» өлеңдері» (2 сағат). «Сыр сандық» өлеңінде жырланған ақынның достық, адамгершілік, адалдық туралы ұғым-түсінігі. Өлеңдегі лирикалық кейіпкер бейнесі. Өлең мазмұнындағы түйінді ой. «Біздің жақта» өлеңіндегі туған жер, ондағы адамдар туралы толғаныс. Ақынның сазгерлік өнері. Әдебиет теориясы: өлең туралы түсініктерін молайту. Тіл дамыту: мәнерлеп оқу, әншінің ән салу шеберліктерін бейнелейтін сөздерді дәптерге жазу, сөздердің синонимдік баламаларын табу. Пәнаралық байланыс: география (Қазақстанның жер-су аттары). Өзіндік ізденіс жұмыстары: І.Жансүгіров. «Желді қарағай», «Жанды сөз» өлеңдері;

    7. «Ілияс Жансүгіров. «Әнші», «Арынды менің Ақсуым», «Бөбек бөлеу» өлеңдері» (2 сағат). «Әнші» өлеңіндегі әнші Әсет Найманбаев образы. Ақынның өнер тақырыбын меңгеру шеберлігі. Музыка тілін суреттеу үшін қолданылған бейнелі сөздері. «Арынды менің Ақсуым». Өлеңдегі табиғат суреті. Өлеңнің динамикалық қуатын арттырып тұрған тіл шеберлігі, ұйқастары. Өлеңдегі ақын бейнесі. Ақын патриотизмі. Өлеңдегі жер-су аттары туралы пікір алысу. Әдебиет теориясы: өлең құрылысы туралы түсінікті дамыту. Тіл дамыту: әншінің ән салу шеберліктерін бейнелейтін сөздерді дәптерге жазу, сөздердің синонимдік баламаларын табу. Пәнаралық байланыс: география (Қазақстанның жер-су аттары). Өзіндік ізденіс жұмыстары: І.Жансүгіров. «Желді қарағай», «Жанды сөз» өлеңдері;

    8. «Мұхтар Әуезов. «Көксерек» әңгімесі (үзінді)» (3 сағат). Әңгімеде қолға үйреткен түз тағысы Көксеректің ауыл иттеріне ұқсамайтын жат мінездері. Мұның әсіресе қасқырлар үйіріне қосылғанда айқынырақ білінуі. Қасқырлар апанын бұзу арқылы адамдардың табиғатқа жасаған қиянаты. Табиғаттың бір бөлшегі – түз тағысы қасқырдың адамнан өш алуы. Қасқыр мінезін, тіршілігін суреттеудегі жазушы шеберлігі, терең білімділігі. Шығармада адам мен табиғаттың бір-бірімен жарасымды тіршілік ету қажеттігі басты идея ретінде алынуы. Әдебиет теориясы: тақырып және идея туралы ұғымды дамыту. Тіл дамыту: әңгімені мәнерлеп оқу, түсінгендерін өз сөзімен әңгімелеу, шығарманың идеясын ашу, оқығанды әңгімелеп беруге төселу. Пәнаралық байланыс: «Көксерек» фильмі. Өзіндік ізденіс жұмыстары: М.Әуезов. «Кешкі дөң басында» әңгімесі;

    9. «Сәбит Мұқанов. «Балуан Шолақ» (үзінді), «Есіл бойында», «Саятшы Ораз» (4 сағат). Жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы қысқаша шолу. «Балуан Шолақ» повесінің тақырыбы мен идеясы. Сюжеттік желісі. Нұрмағамбеттің «шолақ» атануының себебі. Балуан Шолаққа тән жүректілік, қажырлылық. «Алып анадан туады» деген сөздің мәні. Әңгіменің баяндау тілінің көркемдігі. «Есіл бойында». Жазушының Есіл өңірінің көркем табиғатын суреттеудегі сөз қолдану ерекшелігі.Мырзатай әншінің ән тарихын айту шеберлігі. Әңгіменің көркем тілі және идеялық маңызы. «Саятшы Ораз». Ораздың құсбегілік өнері мен мергендігі туралы. Ораз бен Мұқан үйінің береке-бірлігі. Ораздың аңшылық, әңгімешілік, адамгершілік қасиеттерінің бейнеленуі. Әдебиет теориясы: пейзаж. Өзіндік ізденіс жұмыстары: С.Шәймерденов. «Битабар балуан» повесі;

    10. «Ғабит Мүсірепов. «Ананың анасы», «Боранды түнде» (әңгіме)» (2 сағат). Әңгіменің кейіпкер атынан баяндалуы. Боранды түннің сипаты. Әңгіменің сюжеттік желісі. Әңгімедегі негізгі кейіпкер – Қайсар және оған тән қажырлылық, табандылық, биік адамгершілік қасиеттер. Әңгімедегі салт-дәстүр көріністерін, бала мінезін, іс-әрекетін сипаттаудағы жазушы шеберлігі. Шығарманың реалистік сипаты. Жазушының тіл шеберлігі, жеңіл юмор. «Ананың анасы» әңгімесі. Әйтілес қарттың ескі күндердің әңгімесін шертуі. Жалпақ балуанның жорығы. Ананың баласы үшін араша тілеп, ерлікке бел бууы. Ана бейнесі. Жазушының көркем баяндаудағы тіл ерекшелігі. Әңгіменің негізгі идеясы. Әдебиет теориясы: романтикалық образ. Пәнаралық байланыс: «Ғ.Мүсірепов мұражайы» электронды телесабақ;

    11. «Иса Байзақов. «Құралай сұлу» поэмасы (үзінді)» (2 сағат). «Құралай сұлу» поэмасының тақырыбы мен идеясы. Поэманың экспозициясы (басталуы). Келдібек батырдың есінен кетпей жүрген өкініші, арманы. Поэманың сюжеттік даму желісі. Шығармадағы Келдібек пен Құралай сұлу образдары. Шығарманың көркемдік сипаты. Әдебиет теориясы: эпитет, теңеу, қайталаудың түрлері;

    12. «Қасым Аманжолов. «Өзім туралы», «Дүниеге жар» өлеңдері» (2 сағат). Өлеңдегі ақын тұлғасы. Өз заманы туралы ой толғанысы. Келер ұрпаққа айтылған ақын өсиеті. Өлеңдегі ақын сезімі, суреткерлік шеберлігі. Ақынның «өртке тиген дауылдай өлеңімен» бірге жасай беретіндігі туралы. Өлеңдегі ақынның отансүйгіштік, патриоттық сезімінің көрінуі. «Дүниеге жар». Ақынның туған халқын мақтанышпен жырға қосқан өр үні. Отаршылдардың қазақ даласынан кен байлығын іздеген сұм-сұрқия саясатының бет пердесін ашып беруі. Қазақ елінің күллі әлемге тәуелсіз ел ретінде танылуға тиістілігін жар салып айтуы. Әдебиет теориясы: өлең құрылысы, лирикалық кейіпкер. Пәнаралық байланыс: музыка (Қ.Аманжоловтың әндерін тыңдау);

    13. «Әбділда Тәжібаев. «Сырдария» өлеңі» (1 сағат). Шығарманың тақырыбы мен идеясы. Ақынның өзінің туған жерге деген махаббатын ерекше шабытпен жырлауы. Поэтикалық тәсілі. Сырдария ағысының қуатын халық игілігіне айналдыру идеясы. Өлеңнің көркемдік ерекшелігі. Әдебиет теориясы: кейіптеу туралы ұғымды тереңдету;

    14. «Қалижан Бекхожин. «Ақсақ Темір мен ақын» балладасы» (2 сағат). Балладаның жанрлық ерекшелігі. Аңызға негізделген қысқа сюжетті өлеңде ақындық өнер құдіреттілігінің көрінуі. Өлеңдегі әлемді тітіркенткен ақсақ Темір мен ақын Хафиздің мінез сипаты, көркем бейнесі. Лирикадағы сюжет пен композиция. Әдебиет теориясы: баллада. Пәнаралық байланыс: тарих (Ақсақ Темірдің жорықтары туралы), музыка (Ақан серінің «Әмір-Темір» әні);

    15. «Сафуан Шаймерденов. «Ит ашуы» повесі (үзінді)» (2 сағат). Жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы қысқаша шолу. Повестің тақырыбы мен идеясы. Сюжеттік даму желісі. Шығарманың образдар жүйесі. Марғау образы. Жазушының адам характерін ашу жолында ит әрекетін салыстыра пайдалану әрекеті. Әдебиет теориясы: тақырып, сюжет туралы;

    16. «Қалихан Ысқақов. «Қоңыр күз еді» повесі (үзінді)» (2 сағат). Өмірі мен қызметі туралы. Ауыл баласы Қасымның мектеп-интернатқа келіп оқуы. Мұғалімнің Қасымның бойындағы әдебиетке деген құштарлықты байқауы, оған ерекше кітап беруі. Қасымның қолжазбаны қастерлеп жасыруы. Әңгімеде бейнеленген күз суреті. Әдебиет теориясы: повесть (хикаят) туралы;

    17. «Қадыр Мырза-Әлі. «Кәрі қыран» өлеңі» (1 сағат). Лирикалық өлеңнің көтерген тақырыбы. Сюжеттік желісі. Өлеңде қартайып, бойында күш-қуаты кеміген қыран өзінің мүсәпірлік күйіне қарсы бар қуатын жиып, шырқау биікке көтеріліп, зулап түсіп, күн қақтаған көк тасқа өзін-өзі соғып мерт етуі. Ақынның ерлікті, өрлікті жырлауы. Өлеңнің аллегориялық сипаты. Әдебиет теориясы: аллегория;

    18. «Сайын Мұратбеков. «Жусан иісі» әңгімесі» (2 сағат). Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі қазақ ауылының ауыр жағдайы, халықтың басына түскен қайғы-қасірет. Соғыс жылдарындағы балалар өмірінің көрінісі. Әңгімедегі басты кейіпкер – Аян. Оған тән ақылдылық, ұқыптылық, мақсаткерлік. Аян айтқан ертегілер, оның тыңдаушыға әсері. Әдебиет теориясы: әңгіме құрылысы. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы (Қазақстан соғыс жылдарында);

    19. «Оралхан Бөкей. «Тортай мінер ақ боз ат» әңгімесі» (2 сағат). О.Бөкейдің өмірі мен шығармашылығы туралы. Әңгіме тақырыбына негіз болған қарапайым ауыл тіршілігі. Жайлау көрінісі, туған жер көркінің суреттелуі. Сезімтал да ақылды балалар тірлігі. Жетім Тортай. Оның адами қасиеттері. Әңгіме негізіндегі мұң, тағдыр салмағы, орындалмаған арманның басты себептерін ашудағы жазушы қаламының қарымдылығы. Әдебиет теориясы: кейіпкерге мінездеме. Пәнаралық байланыс. Қазақстан тарихы. Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақ халқының тылдағы ерліктері;

    20. «Марат Қабанбаев. «Бауыр» әңгімесі» (2 сағат). Тақырыбы мен идеясы. Әңгіме кейіпкері Қалидың тәлім-тәрбиесі. Манап пен Қалидың мінез-құлқындағы, өмірге деген көзқарастарындағы өзгешеліктерді сипаттау. Манап пен Қалидың бейнесін (образын) сипаттау. Әдебиет теориясы: образдар туралы түсінік;

  6. «Әлем әдебиеті үлгілері» (2 сағат):

    1. «Александр Пушкин. «Ескерткіш» өлеңі» (1 сағат). Орыстың ұлы ақыны А.Пушкин туралы әңгімелеу. Өлеңдегі ақын ойы, оның келер заманға деген сенімі. Өлеңде аты аталған халықтар. Әдебиет теориясы: өлең құрылысы;

    2. «Расул Ғамзатов. «Ана тілі» өлеңі» (1 сағат). Ақынның туған жерге, ана тіліне деген сүйіспеншілігі, ақындық сезімі. Өлеңнің идеялық мазмұны. Әр адамға өз ана тілінен құрметті, өз ана тілінен артық ұлы тілдің жоқтығы. Ұлттың ең басты белгісі – ана тілі.



Каталог: files -> blogs
blogs -> Тақырыбы: Ленинград қорғанысы Мақсаты: Білімдік
blogs -> Программа по предмету «Русский язык»
blogs -> Сабақ түрі : Аралас сабақ Әдіс-тәсілдері : баяндау, түсіндіру, сұрақ-жауап, ой туғызу, қызығушылығын ояту,топпен жұмыс
blogs -> «Мұрагер»» бағдарламасы жайлы
blogs -> Негізгі орта білім беру деңгейінің «Өнер» білім саласы пәндерінің
blogs -> Оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін ұйымдарында ғылым негіздерін оқытудың ерекшеліктері туралы
blogs -> Национальная академия образования им. Ы. Алтынсарина
blogs -> Бастауыш білім беру деңгейінің «Өнер» білім саласы бойынша
blogs -> Сабақ тақырыбы: Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа»
blogs -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет