Нұргүл ЖӘнібекова, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 1-курс магистранты



Дата25.01.2017
өлшемі121,8 Kb.
#7716
Нұргүл ЖӘНІБЕКОВА,

қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының

1-курс магистранты

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда

мемлекеттік университеті

СЫР СҮЛЕЙЛЕРІНІҢ МЫСАЛ АЙТЫСЫ
Қазақ айтыстары туралы жазылған зертеулердің бәрінде дерлік айтыстың әдеби ірі жанрдың біріне (драма, роман, поэма) теліп талдау жиі ұшырайды. Б.Кенжебаев «Біржан-Сара айтысын» өлеңмен жазылған роман десе, Е.Ысмайылов жалпы қазақ айтыстарын түгелдей сюжетті поэмаға қосуды құптайды. Ал М.Әуезов қазақ айтыстарының екіұдай тыңдаушысы, сыншы жұрттың алдында туып, орындалатын ерекшеліктеріне орай оның театрлық сипатын баса айтады.
Айтыс жанрын зерттеушілер С.Сейфуллин, С.Мұқанов, М.Әуезов, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, М.Қаратаев, Ә.Тәжібаев, М.Ғабдуллин, Р.Бердібаев, Т.Нұртазин, Ы.Дүйсенбаев, Б.Кенжебаев, И.Смирнова тағы басқалар болды. Міне, осы ғалымдар пікірлерін, айтыстың түрлерін топтастырғанда айтыс жанрының даму, қалыптасу кезеңдерін арнайы зерттеген ғалым М.Жармұхамедов әдебиеттану ғылымындағы жанрлық өлеңдерін: 1.Тұрмыс-салт айтысы: а) бәдік, ә) жар-жар, б) қыз бен жігіт қайымдасулары, в)төрт түлік мал туралы айтыс, г) дидактикалық (тәлім-тәрбие айтысы). Ақындар айтысы: а)жұмбақ айтысы, ә)мысал айтысы, б)ру айтысы, в)дін айтысы, г)жазба айтыс деп топтастырып бөледі.

Сыр сүлейлері қалыптастырған жазба айтысы ұлттық болмыс, бітіміміз, діліміз бен тілімізді тануға мүмкіндік береді. Жазба айтысының талабы басым, айтыскер ақындардың сауаты, білімі, жан-жақты болуы шарт. Сыр елінде ХІХ-ХХ ғасырда қалыптасып, дамыған жазба айтысы мазмұны мен стилі жағынан бірнеше топқа бөлінеді: жұмбақ, мысал, дастан, көңіл қосу айту. Сыр сүлейлерінің ауызекі айтылған мұраларынан гөрі жазба нұсқалары көп сақталған. Осы тұрғыда Сыр сүлейлері қалдырған мысал айтыстары көлемі шағын, тілі өткір болып келеді. Мысалда аң, хайуанаттар, өсімдіктер, адам бойындағы кейбір жағымсыз әрекеттер сыналады, адамгершілік уағыздалады, ғибрат айтылады. Біз сөз етіп отырған Сыр сүлейлерінің әдеби ортасында ерекше сипатқа ие – мысал айтыстары. Бұл әсіресе ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Сыр сүлейлері шығармашылығынан анық байқалады. Т.Ізтілеуовтің «Көкқұтан мен шымшық», Шораяқтың Омарының «Қара шекпен мен қасқыр», Жұманазардың «Жұманазар мен домбыра», «Темірбай жырау мен сиыр», «Бұдабайдың атымен айтысқаны» шығармалары мысал үлгісінде жазылған. Тіпті осы ақындық ортада мысал айтысы дәстүрінің қалыптасқанын айта кетуіміз керек. Оның жақсы үлгісін «Кете Жүсіптің етігімен айтысы», Жұманазар Үрімқұловтың «Жұманазар мен домбыра», «Бұдабай мен аты», Т.Ізтілеуовтің «Дарақ пен сая», «Өгіз бен есек» сияқты мысал айтыстың тамаша үлгісін жасаған.

Сыр сүлейлерінің мысал айтысы жазба айтысына жатады. Бұл өнердің бір қиын саласы онда сөз саптау, ойды нақты жеткізу, қиялмен жарысу, пернелеп сөйлеу барлығы сараланады. Сыр сүлейлерінің мысал айтыстары – мәні, мазмұны, түрі жағынан да ерекше.

Мысал айтыс – жазба айтыстың бір саласы болғандықтан, ақындар кейде өмірдегі оқиға, жаңалықтарды мысал етіп жеткізіп отырады. «Айтыс» жинағында «Қара шекпен мен қасқыр» (авторы Шораяқтың Омары 1878-1924), «Жұманазар мен домбыра», «Тоқты мен қасқыр» (авторы Жұманазар Үрімқұлов 1890-1958), «Темірбай жырау мен сиыр» (авторы Біржан сал Қожағұлұлы), «Салпық пен ат», «Ыдырыс пен Тайлақ» деген мысал айтыстар бар. Зерделеп, зерттей бастасақ, Сыр сүлейлерінің мысал айтыстары әлі де толық зерттеуін күтіп тұр.

Мысал айтысының ерекшелігі автор өз ойын персонаждар арқылы жеткізуінде. Мұнда ақындар жануарлар мен құстардың атынан сөйлеп, ойын тұспалдап, мысал арқылы береді. Кейде төрт түлік мал мен жануарларды айтыстырады. Мысал айтысының тамаша үлгілері қазақ фольклорында көп. Бұл айтыстың табиғатына үңілсек, өте ерте заманнан бар екені дәлел. Ғалым М.Ғабдуллин: «мысал айтысында адам мен хайуанат, құстар арасындағы қарым-қатынас, тіршілік жайы әңгіме етіледі», - дейді[2].

Мысал айтыста авторлар адам тіршілігінде кездесетін әртүрлі жағдайлардағы адамгершілік, досқа адалдық, қайырымдылық, мейірімділік т.б. жақсы қасиеттердің үстем болуын сөз етіп, кедергілерді салыстыра сипаттайды. Жақсылыққа жаманшылық жасаушыларды әжуалайды, келемеждейді. Жалпы әрқашан әділдік пен шындық жолынан асқан тазалық жоқ екенін ұғындырады.

Мысал айтыстардың көлемі кең емес, әрі сюжеті де қарапайым, тақырып аясы әртүрлі болып келеді. Мәселен, Сыр еліне кең тараған мысал айтыстардың бірі – Омар Шораяқұлының (1878-1924) «Қара шекпен мен қасқыры». «Дүр» атанған Омар ақынның бұл мысалын Сыр халқы айтыс деп емес, шағын дастан ретінде қабылдайды. Оны шығарма деп біледі. Олай болуының себебі де жоқ емес. «Айтыс» жинағында алғаш жарияланғаны бұл шығарманың мәтіні емес. Екіншіден, мұнда тікелей айтыс нормативті сақталмай, баяндау түрінде жазылған. Сондай-ақ онда «Қара шекпен мен қасқыр» деп аталса, кей әдебиетте «Қара шекпен» дастаны деп беріледі. Дегенмен шығарма негізінен мысал түріндегі қара шекпен мен қасқыр, түлкі арасындағы әрекет пен диалог болып өрбігендіктен, біз мұны мысал айтыс жанрына қосамыз.

Жазбаша айтыста сөз болып жатқан жағдайға байланысты мысал келтіріледі, сол арқылы ақын өз ойын салмақтай жеткізеді. Тек оның ұйқасы, сөз қолданысы ақынның өз шеберлігіне байланысты және ол ақындардың ойы мен өрісін таныту үшін қолданылатын әдісі. Бұл туралы ғалым Т.Тебегеновтің «Мысал-хикаятты сөз арқауына алу – жазбаша айтыс жанрының дидактикалық насихатты қуатын күшейте түсетін эстететикалық, сыншылдық, тәрбиешілдік мұрат бағдарындағы көркемдік тәсіл...»[1, 301б.] деген пікірі бар. Әдетте ақындар жазбаша айтыстарда өз дүниетанымын, тереңдігін таластырса, оның айбаты – осы мысал. Әрине, ол мысал айтыстан бөлек.

Әдебиет зерттеуші ғалым Өтеген Күмісбаев: «Жазбаша айтысу дәстүрі жазу сауаттылығы, хат танумен байланысты айтыс жанрының жаңарған түрі. Яғни, жанры бір түрі – дәстүр жаңашылдығы жазба әдебиетіміздің ауыз әдебиеті дәстүрін дамыта отырып жаңаруы, жалғастық табуы. Бұл дәстүр қазақ поэзиясында ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қалыптаса бастады, оның ішінде Сыр бойы ақындар арасында ерекше сипатқа ие болды. Ендеше жаңара отырып жалғастық тапқан, сол арқылы телегей теңіздей қазақ әдебиетінің үлкен бір арналарының бірі – Сыр бойындағы ақындық мектеп дәстүр еткен ұлттық төл өнерімізді өзгеге апарып телудің еш қисыны жоқ», - деп пікірі айтқан[3, 64б].

Мысал айтысын кеңінен сипаттап, тілдік ерекшелігіне көңіл аудару үшін жоғарыда айтылған Ө.Күмісбаевтың жаңара отырып, жалғастығын тапқан мысал айтыстарына дәлел ретінде Б.Қабылұлының «Бұдабайдың сиырымен айтысы», «Бұдабайдың атымен айтысы» айтыс өнеріндегі өмір шындығын мысалмен, пернелеп өрген айтыстары деуге болады.

Айтысқа қатысқан ақындар көркемдік нақыш, ұйқас пен ырғаққа мән береді. «Бұдабай мен аттың» айтысында сиыр иесі Бұдабайды қу кедей деп кемітеді:

Бұдабай:
Сиырым, мұнша қашып не қылғаның?

Білмедім еліңізді сағынғанын,

Шамасы, бес-алты айдан бері қарай

Батты ғой атша байлап бағылғаның.

Обығып суға-дағы кетеді-ау деп,

Сандалып, сені іздеп сабылсам да,

Ақыры болды қайыр табылғаның.


Сиыр:
Сонда да сөз сөйлейді қара сиыр,

Қасында тыңдап тұр ғой ана сиыр.

Кем емес бізге берген от пен суық,

Әйтеуір жаман емес сенің үйің.

Ұрғаның қабырғама жаман батты,

Көңіліме содан беру болды түйін.

Дағдысына келмейтін мал бола ма,

Жыршым-ау, қайда кеткен сенің миың?

Тамсанып тағы бір сөз айтайын деп

Тұрсың-ау, күні қараң «қу кедейім?»[4, 75-77бб].


Айтыста қашып кеткен сиырын іздеп тапқан иесінің малына өкпесі сөз болады. Иесіне сиыр кедейлігін, дарақылығын бетіне басып жауап қайтарады. Айтыстың астарлы мәні Бұдабайдың берекесіз тіршілігін сиырын сөйлету арқылы ашады. Бұдабайдың атымен айтысы да осы мәндес. Атының арықтығы, мініс атқа ет бітпейді деп өкпе айтады. Бұл екі мысал айтыстың негізгі түйіні мынада сияқты. Ол – кедейшілік, шаруа адамның басындағы күйді көрсетуге құрылған.

«Темірбайдың сиырымен айтысы» да жоғалып кеткен сиырын іздеп табуына байланысты шыққан екен. Сиырын сөйлету арқылы авторлық байыпты баяндауға құрылған. Айтыста малдың күнкөріс үшін пайдалы екенін диалог арқылы береді. Ақын өз басының кемшіліктерін сиырды сөйлету арқылы әшкерелейді. Қандай мысал айтысын алып қарасаңыз да, оның тәлімдік, тәрбиелік үні бар. Мысал айтысында ешқандай кейіпкер дәйекті талдауды керек етпейді.

Мысал айтысындағы тағы бір ерекшелік – бұл айтыста көбінесе сатиралық әрекеттер үлкен философиялық ой-түйіндеулер жасайды.
Бұдабайдың атымен айтысында:
Ей, құла та, ілген жемді жемеймісің,

Иә, жеймін, иә жемеймін демеймісің?

Саламын тағы торы ат дорбаңа,

Босатып ат дорбамды бермеймісіз?

Аты:

Бұдеке, маған сірә, сенбеймісің,



Беріпсің шыныменен жем деймісің?

Дедің де «домбырамды бер» дірілдедің,

Тұрғаның жегім келмей көрмеймісің?
Айтыста айтарлықтай көркемдік жоқ, дегенмен халықтық ұғымға жақын сөздермен поэзиялық туынды жасайды.

Жұманазар Үрімқұловтың «Тоқты мен қасқыр» мысал айтысында қасқыр сияқты қара жүрек, залымдардың соңында пәлеге жолығатынын, момын тоқтының дегеніне жететінін мысалға айналдырып, сөйлеу мәнерімен де өзгеден дара көрсеткен. Мысалды оқи отырып, кейіпкерлер ісінен де, мінезінен де хабардар боласың.


Тоқты:
Қасқыр-ау, аузың құрсын ырбаңдаған,

Жол таппай қараңғыда тұрсам жаман.

Ер болсаң, тайлақ пенен тайда жеші,

Тоқтының несін жейсің тырбаңдаған.


Қасқыр:
Тоқтышақ, не десең де құтылмайсың,

Ішінде шым қораның құтымдайсың.

Әдейі сені жеймін, сонсоң тайды,

Ешбірің біздің ойдан ұтылмайсың.


Қазақ фольклорында жинақталған мұралардың тарихына үңілгенде мысал жанрының жекелей жинақталмай, өлең-жырлармен бірге топтастырылып келгенін түсіндік. «Қабан мен қоянның айтысы» Қабанның ақынның қаршыға салып жүріп, қоянмен айтысынан қалған деп айтады. Ал шын мәнісінде қоянның сөзі де Қабан ақындікі. Айтыстан ақынның қолға түскен қоянға деген аңшылық сезімді аңғарамыз. Алғашында:
Қасыңа, көкем қоян, барамын-ақ,

Қаршығамды көрсетіп аламын-ақ.

Қалың қара шеңкеге кіргеніңмен,

Қаныңды судай ағызып аламын-ақ, -


деп аңшылық құмары басым болып көрінгенімен, қорқақ қоянның бейшара халін көріп, ақын жүрегі жібіп кетті. Осыдан кейін Қабан ақынның екіұдай халі, екі жақты пікірі тартысқа түсіп, айтыс туады. Аңшылық сезім ақын тілі арқылы қоян болып тартысқа түседі.
Жеген теріскен кетпейді тісімдегі,

Қызыққаның терім бе үстімдегі.

Ішімде жеті қоян көжегім бар,

Мен өлсем ол да өледі-ау ішімдегі[4,12б].


Мысал айтысының енді бір тобының дамып қалыптасуы ол автордың қатысуынсыз болатын жанды-жансыз заттардың бір-бірімен өзара айтысқа түсуінен жасалған мысал айтыстар («Тоқты мен қасқыр», «Ашу мен ақылдың айтысы» т.б.). Әрине, бұл айтыстардың баршасы бір ақынның шығармасы. Автор өзінің көзқарасын, өмірдегі бір құбылысқа моральдық тұрғыдан ой-пікірін білдіруде осындай айла-тәсіл қолданып, ақындардың мысал айтысын осылайша дүниеге әкеледі. Мысал айтыс кеңес дәуірінің алғашқы жылдарында жазылған. Баспа бетін көріп отырған бұл мысал айтысының авторы - Жұманазар Үрімқұлов. Айтыс 1962 жылы Мұзарап Жүсіповтің аузынан жазылып алынады.

Сонымен айтыс соңында автордың қорытындысы арқылы жамандықтың, залымдықтың да өз жазасы бар екендігін әркім өз істеген ісіне жауапты болатындығын суреттейді. Аш қасқыр ештеңені пайымдамай, қораға секіре бергенде, құрылып тұрған қақпанға аяғы сарт етіп түседі де қалады.


Қақпанмен қасқыр қашты айдалаға,

Қасқырды қумай адам жай қала ма?

Залымды соғып алды қуып жетіп,

Сатса да ықтияры қай қалаға, -


деп қасқыр мал иесінің қолына түсіп, ол қасқырдың терісін сыпырып алуымен бұл айтыс аяқталады.

Қасқырдың зұлымдығы өзіне ажал боп келген оқиғаны баяндау арқылы ақын:


Көреді тек жүрмеген сондай істі,

Бағасын білмейтұғын жез бен мысты.

Олар да «өліп қалам» деп ойламас,

Етсе де жүрек айныр небір істі.


Торайғыр мен Телпекбай айтысы 1928 жылы шығарылған. Бұл айтыс малдың жай-күйін түсінбейтін, керегіне жаратуды білмейтіндерді қатты сынға алып, сол себепті Торайғыр иесі Телпекбаймен айтысы туындайды.

Есепші Телпекбай Торайғырмен қыс айында түлкі қуамын деп, атын болдыртып алады. Ашу мен ызаға булыққан Торайғыр бар наласын жайып салады:


Аң десем ұқсамайсың аңға-дағы,

Мал біткен мінезіңе таң қалады.

Қоян қас қасқырдан кем соқпайсың,

Көпшілік сені кім деп аңғарам?

Көптен сенің сырың маған мәлім,

Қит етсе сабалайсың келгенше әлің.

Маңдайдан тұрған жерде тебейін бе?

Татар су сонда, бәлем, таяқ дәмін!


Телпекбай атқа жаны ашымақ түгіл, өзіне тарпа бас салып ұрғылауға көшеді:
Ой, хайуан, тіліңді кеп кесесің бе,

Тепкілеп бүйіріңді тесейін бе?

Ұялмай адамзатқа сөз айтасың,

Жауырыңнан таспа тіліп есейін бе?!

Кәрі ит жақсылықты біле алмайсың...
Айтысқа түскен басты нысана – орамды ой, ұтымды дәлел, бұлтартпас шындықтан тыс, тыңдаушының жүрегіне жол табатындай кестелі сөз, суретті образ да қажет. Бұл – мысал айтыс өнерінің ауытқымас басты шарты болып табылады. Сөйтіп поэзиядағы қарапайым сөз жарысының келе-келе ақындық үлкен өнер бәсекесіне ұласып, халықтың ғасырлар бойғы эстетикалық талғамын тәрбиелеуде елеулі қызмет атқарып келгенін көреміз.

Көркемдік ерекшелігі жағынан ауызша айтысқа қарағанда, жазба айтыста өлеңнің ұйқасы мен ырғағы қатаң бірқалыпты сақталады. Бұдабайдың жауабында тиісе сөйлеген, қуақы астармен қапталған «қызық» оралым, тіркес мол. Берекесіз тіршілігін, кедейлігін Бұдабай осылайша сиыр болып сөйлеп көрсетеді. Бұл - сатиралық сарында жазылған мысал айтысы.

Айтыстың 11 буынды қара өлеңге құрылған, ұйқасы қара өлең ұйқасы.

1 жол – а

2 жол – а

3 жол – б

4 жол – а

Айтыста ауызекі сөйлеу тілінің көрінісі де байқалып тұр. Мысалы, сабылу – іздеп шаршау, қайыр – шүкірлік ету т.б.

Ақынның сөзі орынды, салмақты сыпайы, өлшеп-пішілген. Бір желіден аумайды, ауызша айтыстағыдай ауа жайылып, әр жайды өлең қылмайды. Жазба айтыс адамның ой-өрісін кеңітерлік тарихи, мәдени мағлұматтарды да ала келеді. Ауызша айтыста екі адам қастысса, жазбаша айтыста екі немесе бірнеше адам қатысып, мысал ретінде жан-жануарлармен өнер жарысына түседі.

Мысал айтысындағы тағы бір ерекшелік – бұл айтыста көбінесе сатиралық әрекеттер үлкен философиялық ой-түйіндеулер жасайды. Мысал айтысы Сыр сүлейлерінде кеңінен орын алған Төлеубай Үркімбаевтың «Ат пен трактор» атты мысал айтысында трактор мен атты айтыстыра отырып, техника мен ат күшін салыстырады.


Ат:

Тракторым қалайсың?

Па, күшіңе жарайсың!

Күннен-күнге үдей түс,

Бізден бейнет азайсын!
Трактор:

Сөзің болса, жүріп айт,

Жылап айтпа, күліп айт!

Менің пайдам тиді ма?

Өтірік айтпа, шынын айт, - дейді[4, 195-196бб].
Айтыс 7-буынды жыр үлгісінде жазылған.

1 жол – а

2 жол – а

3 жол – б

4 жол – а

Айтыстың көркемдігі анау айтқан мықты емес, десек те трактор мен атқа тіл бітіру арқылы кеңес дәуіріндегі техниканың өсуіне үн қосқан.


Автомобиль, комбаин,

Жұмыстардың қолдайын.

Атқаратын аппарат,

Келіп жатыр дап-дайын, - деп тракторды сөйлету арқылы елдің жетістіктерін, техниканың алып күшін көрсетеді.



Қандай мазмұнда жазылса да, жеке автордың өздері туралы сөз қозғап, өз басын бағалап жан-жануарлар, техниканы сөйлету арқылы замана ағымына үн қосуы мысал айтысына тән ерекшелік десек, бұл жазба айтысқа тән. Сыр сүлейлерінің мысал айтыстарында дидактикалық сарын мол. Айтыс заман талабына сай өзгеріп, жаңарып отырады. Олай болса, мысал айтысы заман талабына сай тақырып, идея, мазмұн жағынан өзгеріп отырады.
Пайдаланылған әдебиеттер:


  1. Тебегенов Т. Халық ақындары шығармаларындағы әдебиет пен фольклор. – Алматы: Жазушы, 2001. -288б.

  2. Ғабдуллин М. Халық ауыз әдебиеті. –Алматы: Мектеп, 1974. -215б.

  3. ХІХ-ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті. –Алматы: Әдебиет және өнер институты. -2005. 84б.

  4. Айтыс. - Алматы: Жазушы, 1988. 1-том / жауапты шығ. Ә.Алманов./ - 288б.

Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет