Нұрышева Г. Ж. Философия ғылымдарының докторы, профессор Әл-Фараби атындағы ҚазҰу философия кафедрасының меңгерушісі егемен ел философиясы



Дата15.09.2017
өлшемі53,18 Kb.
#33166
Нұрышева Г.Ж.

Философия ғылымдарының докторы, профессор

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Философия кафедрасының меңгерушісі
ЕГЕМЕН ЕЛ ФИЛОСОФИЯСЫ
Дүниежүзілік Философия күні қарсаңында отандық философия ғылымының Тәуелсіздіктің жиырма бес жылындағы даму барысына назар аударғанды жөн көрдік.

Отандық философия мектебі Кеңестер одағының озық философиялық мектептерінің қатарында болғаны белгілі. КСРО-ның ыдырауы ғылымның басқа да барлық салаларымен қатар бұл салада да уақытша дағдарыс туғызғанымен, отандық философтардың тынысын кеңейтіп, дамудың жаңа бір жарқын жолдарын ашты десек, қателеспейміз. Ең бастысы – бұрынғы идеологиялық өктемдік жойылды. Тәуелділік, еркін ойлауға тиым салу философияны ешқашан да көркейтпегені тарихтан белгілі. Саяси бостандықпен қатар келген ойлау еркіндігінің арқасында отандық философия жаттанды ұрандарды, партия съездерінің материалдарын насихаттаудан құтылып, таза философиялық мәселелерді зерттеуге бет бұрды.

Осы бағытта қолға алынған ең бірінші жұмыс – ұлттық философиялық ойлауды зерделеу мәселесі еді. Бұл оңайға соқпады. Қазақта философия болмаған, сондықтан зерттейтін де ештеңе жоқ, «қазақ философиясы» деп бөліп айтуға болмайды деп қарсы шыққандар жеткілікті болды. Осы бағыттағы орасан зор еңбектің нәтижесінде қазақтың халықтық философиялық дүниетанымы жан-жақты зерттелді деп бүгін сенімді түрде айта аламыз. Ғалымдарымыздың бұрын амалсыздан тежеліп, құрсауға салынған, енді еркіндік алған ойларының негізінде жазылған туындылары бірінен соң бірі дүниеге келіп, ұлттық ойлаудың көкжиегін кеңейтті. Отандық философтар халқымызға өзінің философиясын өзіне түсіндіріп, саралап, реттеп, жинақтап берді, сонау көне заманнан бергі вербалдық мәдениеттегі, оның қара өлең, мақал-мәтел, аңыз, ертегі, жыр және тағы басқа түрлеріндегі, ақын-жыраулар шығармашылығындағы, қазақ ағартушылары мен зиялыларының еңбектеріндегі философиялық ойларды айқындады. «Қазақ философиясы» деген ұғым ғылыми айналысқа толық еніп, орнықты. Кәсіби философтардың ұлттық философияны зерттеуге, не бар, не жоқ деп түгендеуге жаппай атсалысуы олардың өз халқының алдындағы рухани, адамгершіліктік және азаматтық парызын орындауға ұмтылысы деуге болады және олардың ұлан-ғайыр еңбегі болашақ ұрпақтың әділ бағасын алады деп сенеміз.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында туындаған тағы бір кезек күттірмейтін міндет – әлемдік философияның озық үлгілерін қазақ тіліне аудару еді. Философияның мазмұны әрқашан да ұлттық және ұлттық тілдің ерекшеліктері оған тікелей әсер етеді. Ұлттың тілі бай да көркем болған сайын нақты өмірді бейнелеу де соншалықты толық және дәл болмақ. Сондықтан да адамзат дамуының барлық кезеңдерінің философтары өз ұлтының тілін философиялық ұғымдар мен терминдерді қолдану арқылы дамытуға ұмтылып отырды. Қазақ тіліндегі философияның бодандық заманда қандай күйде болғаны айтпасақ та белгілі. Осы мәселенің маңыздылығы Елбасының бастамасымен жүзеге асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасына негіз болды. Оның аясында атқарылған жұмыс ұшан-теңіз. Бір ғана философия саласы бойынша «Әлемдік философиялық мұра» сериясының жиырма томы, «Қазақ халқының философиялық мұрасы» сериясының жиырма томы, Әбу Нәсір әл-Фараби шығармаларының он томы дайындалды. Әлемдік философияның көрнекті өкілдерінің еңбектері алғаш рет қазақ тіліне аударылып, қалың көпшілікке кітапханалар арқылы таратылғанын ерекше атап өткен жөн. Осы айтуға ғана оңай, ал шындығында қиын да күрделі іске отандық философтар бір кісідей жұмылып, оны табысты атқарып шықты. Бұл қазақ философиясының зерттеу кеңістігін кеңейтіп, данышпандықтың әлемдік үлгілерін тереңдеп игеруге, қазақша философиялық ұғымдар мен терминдерді қалыптастыруға да ықпал еткені сөзсіз және осы бағыттағы ізденістер Философия, саясаттану және дінтану институты мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философтарының ғылыми жобалары аясында қазір де жалғасуда.

Философияның жоғары оқу орындарында қазақ тілінде толыққанды оқытыла бастауы да егемендікпен тығыз байланысты. Философия пәнін оқыту үдерісіне қажетті қазақ тіліндегі оқулықтар мен оқу құралдары бұрын өте аз болса, қазір сапалы, сауатты, мазмұнды оқулықтардың саны көбейіп, оқыту бағдарламалары қайта жасалып, қазақ балалары «ғылымдардың ғылымы – философияны» өздерінің ана тілінде меңгеру бақытына ие болды. Бақыт деген сөзді кездейсоқ қосып отырғаным жоқ. Шынында да, өз тіліңде оқып, өз тіліңде сөйлеу – үлкен бақыт. Ол да тәуелсіздіктің арқасында келген жетістік, кейде оны бағаламай жатамыз. Дәрістер оқу барысында немесе алқалы жиындарда ана тілімде сөйлеген сайын осы ой санама ылғи да оралады.

Сонымен қатар, еліміздегі жалғыз философия факультетінде болашақ философтарды дайындау кеңес заманында тек орыс тілінде ғана жүргізілсе, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бастап тағы екі университетте философтар дайындала бастады, оларда қазақ топтары ашылды. Қазақша ойлап, оны орысша жеткізуге мәжбүр болып қиналған заманмен қош айтысқанымыздың өзі бір ғанибет. Қазіргі таңда «Философия» мамандығының студенттері, магистранттары мен докторанттары философия ғылымын қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілінде табысты меңгеруде. Мамандар дайындау ісінің ғылым мен білімнің интеграциясының негізінде жүргізіле бастауын жақсы жаңалық ретінде атап өткен дұрыс.

Философия тарихына көз жіберсек, даналық ғылымының дамуы қоғам мен биліктің көзқарасына тікелей байланысты болғанын көреміз. Философияның адам өміріндегі маңызды орнын, оның жан-жақты көзқарасқа ие тұлға болып қалыптасуындағы анықтаушы ролін ҚР Білім және Ғылым Министрлігі жақсы түсініп отырғаны қуантады. Қоғамдық ғылымдардың арасында «Философия» ғана («Қазіргі заманғы Қазақстан тарихын» қоспағанда) білім берудің биылғы мемлекеттік стандарты бойынша міндетті пән ретінде сақталып отыр. Әрине, бұл біз үшін үлкен қолдау және зор жауапкершілік. Осындай қамқорлықты біз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, оның ректоры, академик Ғ.М.Мұтановтың тарапынан да үнемі сезініп келеміз. Философияны жақсы білетін және жоғары бағалайтын ғалым университеттің ғылыми-зерттеу статусын ескеріп, студенттерге «Ғылыми таным философиясы» міндетті курсының және «Әл-Фараби және қазіргі заман» таңдау пәнінің жүргізілуін жүзеге асырды. Әл-Фараби бабамыздың философиялық мұрасын әлемдік деңгейде кеңінен насихаттау мақсатында қазіргідей қиын заманда биыл үшінші рет Фараби оқулары өткізіліп, оған Грекия, Иран, Түркия, Франция, Финляндия және тағы басқа елдердің фарабитанушы ғалымдары қатысты.

Қазақстан философтарының басын біріктірген Философиялық Конгресс құрылып, оның философтардың қоғамдық Халықаралық федерациясына мүше болып қабылдануы да ауыз толтырып айтарлық жетістік. Жақында ғана өткен екінші Конгресте қазақ философиясының дамуы сараланып, жаңа мақсаттары мен міндеттері айқындалды.



Философ мамандар қоғамның идеологтары ретінде жалпы қоғамдық сананы қалыптастыру, оны өзгерту, өзіндік санамен байланысын күшейту ісіне белсене араласып келеді. Олар биліктің жаңа идеяларын, ұстанымдарын дайындауға қатысумен шектелмей, кеңінен талқылап, жер, тіл, дін, адам құқығы сияқты күрделі мәселелер бойынша сыни пікірлерін ашық айтып отырады және оның оң нәтижесін бұқаралық сананың мазмұнынан байқауға болады. Сананы өзгерту оңай іс емес, ол болмыстағы өзгерістерден баяу жүретіні белгілі. Десек те, жалпы халықтың, әсіресе жастардың, қоғамның зиялылары мен көзі ашық топтарының философияға қызығушылығы артты. Тарихта қараңғылық жайлаған Орта ғасырдан кейінгі жарқыраған Ренессанс дәуірінде осындай құбылыс болған. Дәл сол кездегі секілді ұзақ уақыт тиым салулар шеңберінен аса алмаған, ұрандар мен қағидалар көлеңкесінде қалған адам тәуелсіздік заманында халқының дүниетанымы, өзі, өмірі, қоршаған ортасы, басқа адаммен арақатынасы секілді сұрақтардың жауабын философиядан іздей бастады. Түбінде бұл ізденістер бүкіл қоғамның өзгеруіне игі әсерін тигізері күмәнсіз.

Әрине, философия саласындағы жағдай керемет деуден аулақпыз. Жоғарыда қысқаша шолу жасаған жұмыстың сыртында қоғамның аз ғана тобын құрайтын, ғылыми көзқарастары мен өмірлік ұстанымдары әртүрлі болғанымен өз істеріне адал, ұйымшыл философ ғалымдардың тынымсыз еңбегі жатыр. Қордаланған мәселелер де жеткілікті, бірақ олар біртіндеп шешімін тауып келеді.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет