Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»



бет10/58
Дата15.12.2016
өлшемі6,93 Mb.
#3880
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   58

ҚОРҚЫТ АТАНЫҢ НАҚЫЛ СӨЗДЕРІ


Тәңіріне  сиынбаған адамның тілегі қабыл болмайды. Тәңірісі құрамаса, ешкімнің бәрі екеу болмайды. Тәңірі пендесінің маңдайына не жазса, сол болады. Оның жазуынсыз адам жамандық көрмейді, ажал келіп, өлмейді. Өлген тірілмейді, кеудеңнен жаның кетсе, ол қайтып келмейді.

Ажал уақыты жетпейінше, ешкім де өлмес. Өлген адам тірілмес. Ер жігітке қара таудай мал бітсе, жияр, көбейтер, талап етер, бірақ несібесінен артығын жемес. Көңілі пасық ерде дәулет болмас.

Менмен, тәкаппар адамды тәңірі сүймейді. Басқалардан өзін жоғары ұстаған адамға тәңірі бақ бермейді. Өзіңнен тумаса ұл өгей: қаншама бағып, қаққанмен ол саған ұл болмайды. Ер жетіп, ат жалын тартып мінген соң өз жөніне кетеді, бәлки ол тәрбиеленген адамға көрдім-білдім деген сөзді де айтпас.

Жат баланы қанша сақтасаң да ұл болмас. Ол  ішіп-жер, киер де кетер, бірақ көрдім демес. Мыңғырған мал жиғанмен адам жомарт атанбас. Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман. Ондай бала ел басын құрап, үйінен дәм беруге де жарамайды.

Жол қиындығын көрмеген, жабы мінген жігітке Қап тауының арғымағын мінгізуден пайда жоқ. Су тарам-тарам болып қаншама тасып аққанымен, теңіздерді толтыра алмайды.

Адам ішпес ащы судың жылға қуып ақпағаны жақсы. Атаның атын былғаған ақылсыз баланың әке омыртқасынан жаралып, ана құрсағында шырланып, тумағаны жақсы. Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді. Өтірік сөз өрге баспайды.

*** *** ***

Әйел төрт түрлі болады. Оның бірі - ниеті қураған әйел, екіншісі - ынсапсыз әйел, үшіншісі - үйдің құты болған әйел, төртіншісі - кесір әйел. Әйел біткеннің ең жаманы осы.

Отбасының құты (тірегі) болған әйел даладан бір қонақ келсе, үйінде ері болмаса да, оған сусын беріп, бар дәмін алдына қояды, сыйлап аттандырып салады. Бұлар - Айша мен Фатимадан бата алған әйелдер. Хан ием, мұндай әйелдер өссе де көп емес, бәлки аз. Сіздің ошағыңызға да сондай әйел кез болсын.

Одан соңғысы - ынсапсыз, қанағатсыз әйел. Ондай әйел таңертең төсегінен тұрып, беті-қолын жумастан тоғыз тоқаштың бәрін аударыстырып, ең тәуірін таңдап жейді, аузын томпайтады, бір шелек айранды басына көтеріп, қарынды қампитады, содан соң маңдайын сабалап, жылана бастайды да: «Қараң қалғыр, осы күйше мен қайдан душар болдым. Бір күн қарным тойып ас ішпедім, жүзіме күлкі келмеді, аяғыма ілген кебісім болмады, бетімнан перде түспеді. Ерім өліп басқаға тисем, бағым ашылар еді, сол үмітім өшпесін», - дейді. Хан ием, ондай әйел мың болса да, өсіп-өнбесін, сіздің ошағыңызға кез бола көрмесін.

Одан соңғысын салақ әйел дейміз. Ондай әйел төсегінен тұрған соң беті-қолын жуады, үйдің ол шеті мен бұл шетіне қарайды да, күбіні абыл-құбыл пісіп, көрпе-төсегін жинайды. Содан соң «шуу!»  - деп ауыл кезіп, түс қайта үйіне оралады. Келсе үйі ұрланған, қазан-аяғын ит жалаған, бие-бұзау сүйкеніп, үйдің қорадағы байлаулы қалған сиыры мөңірейді. Келе сала әйел көршілеріне барып, шаптыға бастайды: «Ау, қыздар-ау, Зылихам, Зүбайрам, Руғейдам, бикештерім. Уа, азамат туған жігіт-желеңдерім, Айна-Мәлік, Құтлы-Мәлік қайда едіңдер? Ойбай-ау, үйім құлап қалыпты, түнде қайда жатамыз? Мені ерігіп жүр дедіңдер ме? Зәру жұмыс болған соң кетіп едім ғой. Үйіме неге көз қырын салмадыңдар? «Көрші ақысы - Тәңір ақысы деген қайда? - деп, безек қағады. Хан ием, ондай әйел мың болса да өсіп-өнбесін, сіздің ошағыңызға кез болмасын.

Ең соңғысы - адам тілін алмайтын кесір (қырсық) әйел. Үйге түзден бір ұятты қонақ келіп, ері оған: «Орныңнан тұрып, нан әкел, желік, қонағың да жесін» - десе, әйелі еріне: «Үйде піскен нан жоқ», - дейді. «Барыңды бер», десе, әйелі: «Не сандалып отырсың, үйіңнің әлдеқашан қу молаға айналғанын білмейсің бе? Үйде ұн жоқ, диірменге кеткен түйе қайтқан жоқ, оның не әкелері белгісіз. Дастарханымды жемесе, берерім жоқ», - деп бармағын көрсетеді, еріне сыртын беріп, дастарханды кісі алдына лақтырып тастайды. Ондай әйелге мың сөз айтсаң, соның бәріне жауап қатады, бірақ ерінің айтқанын құлаққа ілмейді. Ондай әйелді Нұх пайғамбардың көз жасынан пайда болғандар дейміз. Хан ием, сізді Алла осындай әйелдерден сақтасын, ондай әйел сіздің ошағыңызға кез болмасын». (Қорқыт ата кітабы. Алматы, «Жазушы», 1986, 7-10- беттер)


ШАЛКИІЗ ЖЫРАУ

(1465-1560))

Жақсының жақсылығы сол болар

Жаманменен бас қосып,

Сөйлемекке ар етер;

Жаманның жамандығы сол болар,

Сөйлесе дәйім бетін қара етер.

Бір жаманға басың қосып сөз айтсаң,

Сол жаман сырын сақтамай,

Әрдайым дұшпаныңа әр ісіңді қор етер.

*** *** ***

Атаның ұлы жақсыға

Малыңды бер де басың қос,

Бір күні болар керегі...

Ақылсыз достыдан

Ақылды дұспан артық-ты...

Жаманға сырыңды қосып сөз айтпа,

Күндердің күні болғанда

Сол жаман айғақ болар басыңа...

*** *** ***

Жауынды күні көп жүрме,

Жар жағасы тайғақ-ты.

Жаманға жақыным деп сөз айтпа...

Күндердің күні болғанда

Сол жаман сөз өз басыңа айғақ-ты!..

Бір жаманға сөз айтсаң,

Есікті кетер сарт ұрып...

Батыр жігіт жау бастар,

Аға жігіт қол бастар,

Шешен адам сөз бастар...


*** *** ***

Бір жақсымен дос болсаң,

Азбас, тозбас мүлкі етер...

Жақсылардың өзі өлсе де, сөзі сау.

Ойлап тұрсам жаманның

Жалаңдаған өз басына тілі жау...

Ағайынның ішінде

Бір жақсысы бар болса,

Қоңқалаған көп жаман

Сол жақсыны көре алмас.

Сол жаманның басына

Қиын қыстау іс келсе,

Бағанағы жақсысын

Қос арғымағын қолға алып,

Күнінде іздесе де таба алмас...

Атаның ұлы ерлерге

Малыңды бер де басың қос,

Басыңды қос та бек сыйлас,

Күндердің күні болғанда

Басың жауда қалар ма!..



(Бес ғасыр жырлайды: 2 томдық/Құрастырған М. Мағауин, М. Байділдаев. Алматы: Жазушы, 1989.-Т.1.- 384 бет. 39, 43,44,46 –беттер)
АСАН ҚАЙҒЫ

(15 ғасыр)

Еділ бол да, Жайық бол,

Ешкімменен ұрыспа.

Жолдасыңа жау тисе,

Жаныңды аяп тұрыспа.

Ердің құны болса да,

Алдыңа келіп қалған соң,

Қол қусырып барған соң,

Аса кеш те қоя бер,

Бұрынғыны қуыспа.

Ақың болса біреуде

Айыбын тап та ала бер,

Ерегесіп ұрыспа.

Сенікі жөн болса да

Атың шықпас дұрысқа.

Мінезі жаман адамға

Енді қайтіп жуыспа.

Тәуір көрер кісіңмен

Жалған айтып суыспа.

Өлетұғын тай үшін,

Көшетұғын сай үшін,

Желке терің құрысып,

Әркімменен ұрыспа.

Ашу – дұспан, артынан

Түсіп кетсең қайтесің

Түбі терең қуысқа.



(Бес ғасыр жырлайды: 2 томдық/Құрастырған М. Мағауин, М. Байділдаев. Алматы: Жазушы, 1989.-Т.1.- 384 бет. 26-бет).

АҚТАМБЕРДІ ЖЫРАУ

(1675-1768)

Балаларыма өсиет:

Қылмаңыздар кепиет,

Бірлігіңнен айрылма,

Ббірлікте бар қасиет.

Татулық болар береке,

Қылмасын жұрт келеке,

Араз болсаң алты ауыз

Еліңе кірген әреке.

Талпынып салдым егінді,

Ішсін деп әркім тегінді.

Ақылың барың ұғарсың,

Ойың болса сезімді.

Бар арманым, айтайын,

Батырларша жорықта

Өлмедім оқтан, қайтейін!

Ел аман болсын ылайым,

Тілегім берді бәрін де,

Разымын, құдайым!

(Бес ғасыр жырлайды: 2 томдық./Құрастырған М. Мағауин, М. Байділдаев. Алматы: Жазушы, 1989.-Т.1.- 384 бет. 68-бет).
БҰҚАР ЖЫРАУ

(1668-1781)

Әлемді түгел көрсе де,

Алтын үйге кірсе де,

Аспанда жұлдыз аралап,

Ай нұрын ұстап мінсе де –

Қызыққа тоймас адамзат!


Ілімді түгел білсе де,

Қызығын қолмен бөлсе де,

Қызықты күні қырындап,

Қисынсыз күйге түссе де –

Өмірге тоймас адамзат!
Жақындап ажал тұрса да,

Жанына қылыш ұрса да,

Қалжырап, көңлі қарайып,

Қарауытып көзі тұрса да –

Үмітін қоймас адамзат!

(Бес ғасыр жырлайды: 2 томдық./Құрастырған М. Мағауин, М. Байділдаев. Алматы: Жазушы, 1989.-Т.1.- 384 бет. 106-бет).
ШАЛ АҚЫН

(1748-1819)

Жігіттер, жау алмайды ақылдасаң,

Білгішке көп білетін жақындасаң.

Қарап жүрген кісіге адам тимес,

Сабыр қып өз бойыңды мықты ұстасаң.
Жақының жат болады алыс болса,

Жат та жақын болады таныс болса.

Сыртыңнан жаман туыс табалайды,

Аяғың бір нәрседен шалыс болса.

Әйтсе де жақсы туыс шыдамайды,

Бір жерде айғайласқан намыс болса.


*** *** ***

Жақсының жүрген жері той болады,

Ақыл жоқ, кей адамда бой болады.

Көрмеге қандай жаман болса-дағы,

Парасат кей шабхазда ой болады.
Жамандар тыңдамайды жақсы сөзін,

Сүйресең де жақсы іске бұрмас өзін.

Надандар асыл білес сутас көрсе,

Гауһардай-ақ айырмас сонан көзін.


Адамды жөн білетін дана деп біл,

Істерін жалқау жанның шала деп біл.

Құр жасы елулерге келсе-дағы,

Білімсіз сондай жанды бала деп біл.


*** *** ***

Жамандар өзін-өзі зорға балар,

Бір өзінен басқаны төмен санар,

Жақсылар ағын судай, асқар таудай,

Жаймалап қайда жақсы орын алар.
Жігіттер, сақтаныңыз жаман достан,

Досыңның жаманынан артық дұшпан.

Өштескен жаудан адам сақтанады,

Тиеді «достық» оғы қапылыстан.

*** *** ***

Жаманға дәулет бітсе ауа айналар,

Жақсыға дәулет бітсе бақ айналар.

Басыңа жазатайым бір іс түссе,

Арасы дос пен дұшпан абайланар.
Жақсыны алыс, жаманды жақын деме,

Жақсы атансаң біреудің қақын жеме.

Жақсымын деп біреудің қақын жесе,

Жаман адам сол болар, мақұл деме.

*** *** ***

Жігіттер, жаман сөзді кәсіп етпе,

Құрбыңды өзің теңді басып өтпе.

Басыңа бір уақытта жұмыс түссе,

Дұшпан түгіл досың да қашар шетке.
Жігіттер, мал мен басым көп демеңіз,

Киім бүтін, тамағым тоқ демеңіз.

Дәуіттің отыз ұлын бір күнде алған,

Біздерге жала-қаза жоқ демеңіз.


Жігіттер, жалған дүние бізден қалар,

Бір күні ажал келіп жаныңды алар.

Жан шығып, дүниеден көшкеннен соң,

Мал-мүлкің, қатын-балаң бәрі қалар.



(Бес ғасыр жырлайды: 2 томдық./Құрастырған М. Мағауин, М. Байділдаев. Алматы: Жазушы, 1989.-Т.1.- 384 бет. 118-120, 124, 148-беттер)
АҚМОЛЛА МҰХАМЕДИЯРҰЛЫ

(1831-1895)

Болмайық төрт аяқты мал секілді,

Қуарған жапырақсыз тал секілді.

Бақшадай жігіт адам көркейеді,

Ғылыммен сөз сөйлесе бал секілді.
Жаз шықты бақшаларда бұлбұл сайрап,

Атылып шашақтары гүл-гүл жайнап.

Салалық сол бақшаға көзімізді,

Қойған жоқ қараңғыға бізді байлап.


Қар кетті, сулар ағып, мұздар еріп,

Бар құда рақыметін көптен беріп.

Киімсіз үйде отырған жетім бала,

Жайылды ормандарға шешек теріп.


Жүгірді жас балалар жалаң аяқ,

Қосылды шұрқырасып әрбір саяқ.

Жан бар ма әрекетсіз, қараңызшы,

Жадырап жаз шыққанда жасыл бояқ.


Көз салып қараңдаршы әр тарапқа –

(Дүниенің ашылғандай темір қақпа.

Сен де енді ілгері ұмтыл, әрекет қыл,

Талпынып өнер үйрен мұндай шақта!



(Бес ғасыр жырлайды: 2 томдық./Құрастырған М. Мағауин, М. Байділдаев. Алматы: Жазушы, 1989.-Т.1.- 384 бет. 118-120, 124, 349-беттер)

Каталог: upload -> Book
Book -> «Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты
Book -> Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі
Book -> Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі
Book -> Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»
Book -> Өмірді бағалап үйренейік балалар суицидін алдын-алу бойынша ата-аналарғА, педагогтерге арналған қҰрал алматы
Book -> «Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты
Book -> Рухани-адамгершілік білімге байланысты әндер


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   58




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет