Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»



бет11/58
Дата15.12.2016
өлшемі6,93 Mb.
#3880
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   58


АҒАЙЫН-ТУЫС


Аманыңда елжіреп мақтайтын да ағайын,

Алыстамай айналып жақтайтын да ағайын.

Ауырыңды жеңіл ғып жоқтайтын да ағайын,

Еркелетіп бетіңнен қақпайтын да ағайын.

Жаман атақ бойыңа тақпайтын да ағайын,

Ашыққанда рақым ғып сақтайтын да ағайын.

Сабыры қалмай сағынып жүретін де ағайын,

Есіне алып елжірей білетін де ағайын.



(Мәшһүр Жүсіп. http://www.kuttybolsyn.kz/)

Ш Е Ш Е Н Д І К С Ө З Д Е Р

АТАЛАР СӨЗІ

«Ақ сауыт» деген сол болар,

Атқанда оқ өтпесе.

«Ақберен» деген сол болар,

Тигені тұяқ серіппесе,

Алмауыт деген сол болар,

Артынан қуған жетпесе.

Ер жігіт деген сол болар,

Жасқанбай жауға беттесе.

Қайырымсыз жан сол болар,

Жетімнің бетін өппесе.

Қатыгез жан сол болар,

Жеткіншекке тек десе.

Қайырымды жан сол болар,

Керегеңді көктесе.

Ақ көңіл жан сол болар,

Айтар сөзін бүкпесе.

Жан жолдас деген сол болар,

Жалғыз тастап кетпесе.

Адал дос деген сол болар,

Абыройыңды төкпесе

Адал жар деген сол болар,

Білдірмей жоқты ептесе.

Туысқан деген сол болар,

Сетілгенді септесе.

Жан аяр жалқау сол болар,

Жан қинап еңбек етпесе.

Қас жаман қабақ түйеді,

Шаруасы бітпесе.

Бітпейтін сірә іс болмас,

Жұрт жұмылып көптесе.

Ерлердің ісі еленбес,

Халқы үшін терін төкпесе.

(Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясы: Бірінші том (VI ғасырдан ХХ ғасырдың басына дейінгі кезең / Ред. алқасы Шаяхметов Ш.Ш. т.б. Құраст. Қ. Жарықбаев, С. Қалиев. – Алматы, Рауан, 1994. – 320 бет.49-50 - беттер)
ЖАҚСЫ ҰЛ – ЕЛДІҢ ТУЫ БОЛАДЫ

Бір күні Қаражігіт би Қазыбектің үйіне келіп қонады. Әңгімелесіп отырғанда Қазыбек:

- Уа, жігіт, атадан жақсы ұл туса, елдің туы болады деп еді, атадан жаман ұл туса, көштің соңы болады деп еді. Соның қайсысы боласың? – дейді. Сонда Қаражігіт:

- Ораздының кәрісі қартайғанда қазына болады деп еді, шиырлының кәрісі қартайғанда қазба болады деп еді. Сіз өзіңіз соның қайсысы боласыз? – депті.

- Еншалла, қазынамыз ғой, - дей беріпті сонда Қазыбек.

- Еншалла, біз елдің туымыз, - депті Қаражігіт.



(Ел аузынан: Шешендік сөздер, ақындық толғамдар, аңыз әңгімелер. Құраст. Б. Адамбаев, Т. Жарқынбекова.- Алматы: Жазушы, 1989.-368 бет. 63- бет.)
ҚАЙТЫП КІРЕР ЕСІКТІ ҚАТТЫ СЕРІППЕ

Орта жүз Қошқарұлы Жәнібек он үш жасқа келгенде ұлы жүзде Қараби деген аузы дуалы, өзі білімді би бар деген даңқын естіп, содан барып бата алуға жолға шығады. Ол қазақ пен қалмақтың жауласып жатқан кезі болса керек. Бұлардың барар жолын қалмақтар басып алып, олар өте алмай үйіне қайтып келіп үш жыл жатады.

Төртінші жылда жол ашылып, Жәнібек он алты жасында Қарабидің еліне келеді.


  • Шырағым, кімнің ұлысың?- дейді Қараби.

  • Қошқарұлы Жәнібекпін, - деп жауап береді бала.

  • Мен сені осыдан үш жыл бұрын күтіп едім, неге кешіктің?

Жәнібек себебін айтады. Қараби қонақасын беріп, ертеңіне:

  • Не қалайсың, шырағым?- дейді.

  • Сізден бата алайын және өсиет боларлық өз аузыңыздан сөз естиін деп келіп едім, - дейді Жәнібек.

Сонда Қараби батасын беріп былай деген екен:

Бедері жоқ қамқадан,

Берік тоқылған бөз артық.

Берекеті жоқ ағайыннан,

Берік сөйлескен жат артық.

Пайданы алыстан қылғайсың,

Залалды жақыннан қылғайсың.

Тышқан да інінің айналасына оттамайды,

Оны да есіңе алғайсың.

Қайтып кірер есікті

Қатты серпіп жаппағайсың.

Қайтып көрер досыңа

Қайрылмастай сөз айтпағайсың.

Осыны есіңе ала жүрсең, ешкімнен

Кем де, қор да болмайсың.

(Ел аузынан: Шешендік сөздер, ақындық толғамдар, аңыз әңгімелер. Құраст. Б. Адамбаев, Т. Жарқынбекова.- Алматы: Жазушы, 1989.-368 бет. 68 - бет.)
БІЛГЕНДЕРДЕН ҒИБРАТ АЛ

Абыз жүз жиырма жасқа келіп отырған шағында, Әсер би көрісе кеп былай деген екен:

- Е, Абыз, жасыңыз келіп қалды. Абыз айтушы еді деп айтып отыратын бір сөз айтыңызшы, - депті.

Сонда Абыз былай дейді:

Ата-ананың қадірін

Балалы болғанда білерсің.

Ағайынның қадірін

Жалалы болғанда білерсің.

Балалықтың қадірін

Саналы болғанда білерсің.

Асыл менен жасықты

Бағалы болғанда білерсің.

Бостандықтың қадірін

Жабылғанда білерсің.

Қалтаңдағы ақшаңды

Қағылғанда білерсің.

Денсаулықтың қадірін

Ауырғанда білерсің.

Ақ бекетіңнің қадірін

Қан кеткенде білерсің.

Ақ білектің қадірін

Әл кеткенде білерсің.

Жиырма бестің қадірін

Жас өткенде білерсің.

Қара көздің қадірін

Нұр кеткенде білерсің.

Татулықтың қадірін

Дос кеткенде білерсің.

Жақсы әйелдің қадірін

Өлгенінде білерсің.

Жақсы туыс қадірін

Көмгенінде білерсің.

Аяқ-қолдың қадірін

Ақсағанда білерсің.

Отыз тістің қадірін

Қақсағанда білерсің.

Қызыл тілдің қадірін

Тоқтағанда білерсің.

Білгеніңді сөйлеп қал,

Білгендерден ғибрат ал!



(Ел аузынан: Шешендік сөздер, ақындық толғамдар, аңыз әңгімелер. Құраст. Б. Адамбаев, Т. Жарқынбекова.- Алматы: Жазушы, 1989.-368 бет. 69- бет.)
БАЛА БОЛСАҢ - БОЛҒАНДАЙ БОЛ!

Бала болсаң – болғандай бол,

Ағайынға қорғандай бл.

Досыңа майыспа,

Дұшпаныңа қайыспа.

Жаман болсаң көп жақсы

Жақсы болсаң еп жақсы.
Арғымақ мінген байлардың

Тайға мұқтаж күні бар.

Май шайнаған билердің

Нанға мұқтаж күні бар.

Елден безген залымның

Елге мұқтаж күні бар.


Басқа бақ жарасады,

Батырға жақ жарасады.

Аталы ерден би тұрса,

Халықтың пайдасына жанасады.


Жақсы адамға мал бітсе,

Ағайынның жоғына қарасады.

Жаман адамға мал бітсе,

Көрінгенмен итше таласады.



(Ел аузынан: Шешендік сөздер, ақындық толғамдар, аңыз әңгімелер.Құраст. Б. Адамбаев, Т. Жарқынбекова.- Алматы: Жазушы, 1989.-368 бет. 80- бет.)
ЖАҚСЫ ЖІГІТ БЕЛГІСІ

Жақсы туған жігітті

Жаным десе жарасар.

Жақсы ұл туған қатынды

Ханым десе жарасар.

Жақсы туған жігітке

Бүкіл елі таласар.

Жаман туған жігіттер

Қара жолдан адасар.
Арғымақ аттың құйрығы-

Сатса жібек, кессе қыл.

Жақсы жігіт белгісі

Түзде мырза, үйде құл.

Қошқар болар тоқтының

Маңдай жері дөң болар.

Адам болар жігіттің

Айтқан сөзі жөн болар.


Би болатын жігіттің

Төбеде болар жұмысы.

Мерген болар жігіттің

Жебеде болар жұмысы.

Батыр болар жігіттің

Көбеде болар жұмысы.

Қызық көрер жігіттің

Бүркітте болар жұмысы.

Жаман болар жігіттің

Жалаң аяқ, жалаң бас,

Итте болар жұмысы.

(Ел аузынан: Шешендік сөздер, ақындық толғамдар, аңыз әңгімелер. Құраст. Б. Адамбаев, Т. Жарқынбекова.- Алматы: Жазушы, 1989.-368 бет. 83- бет.)
ҚОНАҚЖАЙЛЫҚ БЕЛГІСІ

Сырттан келген мейманға,

Сәлем беріп, қол алсаң –

Бірінші еткен құрметің.

«Түсіңіз» деп түс беріп

Шылбырына оралсаң,

Екінші еткен қызметің.

Есік ашып енгізіп,

Көрпе төсеп құп алсаң –

Үшінші еткен құрметің.


Мейман риза болмағы

Құрметпен үйге қонғаны.

Кешіктірмей шай берсең,

Ұмыт болар тоңғаны.

Тысқа шықса қария,

Қолында болсын құмғаны.

Ірікпесең барыңды,

Қонақжайлық сол-дағы.



(Ел аузынан: Шешендік сөздер, ақындық толғамдар, аңыз әңгімелер. Құраст. Б. Адамбаев, Т. Жарқынбекова.- Алматы: Жазушы, 1989.-368 бет. 84 - бет.)
БАЛА БИ

Сонымен бұл жолғы Төбе би Тоғастың өз адамы Сасан болды. Жиын тым-тырыс. Төбе би айтарын жалғай түсті:

- Қызыл тіл қыршын басты сергелдеңге салады. Дүниені бүтіндейтін де, бүлдіретін де – тіл. Тиексіз тіліңе, тізілген тісіңді қамал етсең осы бәле шықпас еді. Жоқ, олай етпейсің, жарты ауыз сөзден есең кетсе, кегің, құның кеткендей боласың. Жесір әйел жүз қой айдап, жетім қыз жез түйме қадап, қотыр қыз қола қоза тағынған мына тыныш, беқұт заманыңның қадірін білмейсің, жақсылығын көтере алмайсың. Қашан айттың деме, нені қорласаң, ненің бағасын білмесең, соның зарын тартасың. Жан-жағыңда ойық тұмақ орысың, қиық тұмақ қытайың аман болса, әлі бұл күніңе де зар боларсың, - дей келе тізе бүгіп орнына қонды.

Ал енді екі би осы дауды әділдікпен шешіңдер. Ең бірінші өзімшілдікке салма, өзімшілдіктің аяғынан бұзақылық шығады. Екінші күншілдік, іштарлыққа салма, күншіл мен іші тар адамды көр ғана түзейді. Күншілдіктен жек көрушілік, одан қаскөйлік туады. Үшіншіден, пайдакүнемдікке салма. Пайдакүнемдіктен ашкөз, арсыздық шығады. Нәпсіқорлық шығады. Иттей нәпсі айдай ажарыңды тоздырады. Төртіншіден, сөзуарлық, мылжыңдыққа салма. Көп сөздіге, артық сөздіге құрмет болмайды. Бесінші, менмендікке, тәкаппарлыққа салма. Ашу меңдеген жерде ақылың ғайып болады. Ашушаң адамның ант-серті бұзылады. Оны «ант ұрған» дейді.

Соңғы айтарым – мына отырған ел-жұртыңды сыйласаң, есерлікке, есірік-тентектікке салма. «Екі есер бір кетсе, есен барып, сау қайтпас» деген. Ал «есірікке есе берсең, ойнап жүріп кісі өлтіреді» дегенді де атаң қазақ айтқан. Енді тентекке келсең, екі тентек бір келсе, бірінен-бірі аса алмай, саудай болады. Бір тентекпен бір ақылды қосылса, ымыраға келе алмай жаудай болады. Ал енді даугер мен жауапкер бидің екеуінен бұрын ел ағасы Ұлтарақ бидің де көпке айтар нақылы болса, алдымен оны да тыңдайық, - деді.

Сасанның маңайында отырған Ұлтарақ жауапкер жақтың ел ағасы ретінде қазылық айтып:

- О-оу, жарандар! Сасан би айтқандай, кеңесті жерде кемдік жоқ, кеңессіз жерде теңдік жоқ. Мен көз құнына құныкер адаммын. Қазақ атаң айтқан жолмен «жаман құл жазар, жақсы би кешер» дер едім. Бірақ қарсы жақтан соған лайықты жақсы би табылса. Құлдың тапқаны – бидікі, біздің тапқанымыз - айыптылығымыз үшін сенікі дер едім, сол сөзіме тоқтауы бар әділ би табылса.

Кінәлінің тілі қысқа – тілім қырқылып отыр, дер едім, мойным бар, құшағың болса, қойным бар, деп мойнымды алдыңа тосар едім, соған тұрарлық рақымы бар би болса. «Иілген басты қылыш кеспейді» деп сөзімді сыйлап азат етер би болса. Ашуыңды көтере алмасаң - әділ бола алмайсың, дер едім, ашуынан ақылы көп би болса.

«Құс жаңылып торға түседі, адам жаңылып қолға түседі», не істесең де қолыңдамын дер едім. Қолымда екенсің деп білгенін істемейтін би болса. «Қойныңа кірген киікті өлтірмес болар», пананы өз қойныңнан іздедім, дер едім, соныма сай шапағаты түсер би болса. Қолы қанды ұры жоқ емес, аузы қанды бөрі жоқ емес, соның бәрін жау етіп, өлімге қисаң, тірі адам қалмас, дер едім, онымды ұғар би болса. Жазығым үшін алсаң міне бас, алмасаң алдияр бас, дер едім, шаш ал десең, бас алмайтын, байырқалы би болса.

Жүйрік шабан болады, мойынына жалы кетсе, жақсы жаман болады, қолайынан елі кетсе, дер едім, қолайымды сақтар би болса. Сойып жесең – бір күндік, сауып ішсең – мың күндік болатын ағайыныңмын дер едім, сонымды бағалай білер ер болса. Менің айтарым осы,- деп тоқтағанда отырған қауым гуілдесіп:

- Ой, бәрекелді! Осыдан артық не десін!

- Береке тап, десеңші. Көздің құны емес, ердің құнын кешіретін сөз айтты емес пе, мың жасағыр.

- Апырмай десеңші ... Бірақ, жан ашуы – мал ашуы емес қой. Жай сөз жыртық жамар деймісің?

- Е, жәбірлі жақ жан ашуын айтпай тоқтар дейсің бе? Тыңдайық, қызығы енді болады, - десіп жатты.



(Ахмади Ж. Бала би /Жалын, № 4, 2011. 38-39 беттер)
ӨМІРДЕ ОЗЫҚ БОЛ
Жалқау болған жігіттің

Ақ таяғы ат болар.

Безер болған халыққа

Ағайыннан жат болар.

Салақ болса қатының,

Жағаң болар құрымдай.

Тәрбиесіз жігіттер

Жүрер белін буынбай.


Сөзінде бір тұрлау жоқ,

Ащы судың буындай.

Түрлі сөзін тыңдасаң,

Жыланның зәрлі уындай.

Екі достың арасын

Шағыстырар от жағып,

Мергеннің шақбақ-қуындай.

Кері кеткен керенау –

Сасып кетер маңайы.

Ғұмырда бір жуынбай,

Насихат айтсаң «былай» деп

Сөзіңді қалар ұғынбай.


Ақылсыз бас, жармес,

Дамыл бермес аяққа.

Білгеннен сұра білмесең,

Түбі соғар шатаққа.


Ақыл айтсаң ақымаққа,

Қас көреді сөзіңді.

Айыбын айтсаң бетіне,

«Жоғалтам» дер көзіңді.

Түсініп, ақыл ұғатын

Ұл туған жоқ, без енді.



(Шешендік сөздер/Құраст. Адамбаев Б.- Алматы: 1992.- 167 бет. 158- бет)
БАЙЛЫҚ, БАҚЫТ, АҚЫЛ

Ерте заманда Байлық, Бақыт, Ақыл үшеуі бас қосады. Олар өзара өткен-кеткен әңгімелерді айтысады. Сөз кезегінде үшеуі адам баласына тигізетін пайдасы жайында таласып қалады.

Алдымен Байлық сөз алып: - Менің арқамда ғана адам баласының төрт түлігі сай, үйі дүние-мүлікке бай, ішіп-жемі мол болады. Сондықтан маған тең келер ештеңе жоқ, - деп кеудесін қағады.

Сонда Бақыт былай дейді: - Мен бақпын, кімнің басына қонсам, соның атақ-даңқын шығарамын, мансабын аспанға көтеремін, «ақ-дегені- алғыс, қара дегені - қарғыс» дөкей етемін. Қарсы келген дұшпанды жер етемін.

- О, достарым, мен сендердің таластарыңа қосылмаймын. Үшеуміз тең тудық. Бірақ мен бірер ит жейдені сендерден бұрын тоздырдым. Айтыстарың көңіліме қонбайды. Мен – Ақылмын. Сондықтан бекер даурығып, менменсіп сөйлегенді жақтырмаймын. Үшеуіміз де адам баласына қажетпіз. Көңілдеріңе келсе де айтайын, екеуің де маған бағыныштысыңдар. Адам баласы менсіз өмір сүре алмайды. Келіспесеңдер Данышпанға жүгінейік. Төрелігін сол айтсын, - дейді Ақыл сабырлы түрде. Сөйтіп үшеуі Данышпанға келеді.

Үшеуінің таласын тыңдап алған Данышпан:

- Өмірдің өзі сабақ: «Байлық – бір жұттық». «Бақыт - баянсыз». Ақыл бар жерде ғана Байлық та, Бақыт та, бірлік те, тірлік те, ынтымақ та түгел. Ақылмен бәрін ойдағыдай басқаруға, атқаруға, тындыруға болады. Ақылдың еңбек деген сүйеніші, тіреуі, тұтқасы бар. Оның алмайтын қамалы, қолы жетпейтін ырзығы жоқ. Сондықтан ақылды болып еңбек ете білген адам баласы байлыққа да, бақытқа да кенеліп, мәнді де сәнді өмір сүре алады, - деген екен.

(Ел аузынан: Шешендік сөздер, ақындық толғамдар, аңыз әңгімелер. Құраст. Б. Адамбаев, Т. Жарқынбекова. – Алматы: Жазушы, 1989. – 368 бет. 290-бет)
БАЙЛЫҚ ПЕН АҚЫЛ

Бір шалдың төрт ұлы болыпты. Бір күні шал ұлдарын жинап алып, былай депті:

- Мен қартайдым. Біреуіңнің үй иесі болатын уақыттарың жетті. Кімнің ақылы мен байлығы сай болса, сол мұрагерім болады. Әрқайсыларың маған байлықтарың мен ақылдарыңды көрсетіңдер, - депті.

Үлкен ұлы асыл тасты жүзік салған қолын көрсетіп:



  • Міне, менің байлығым. Ал кім бай болса, сол ақылды, - депті.

Екінші ұлы асыл киімдерін киіп, әдеміленіп келеді де:

- Мені осы түрімде көргендер ақылым мен байлығымның алдында бас иеді, - дейді.

Үшінші ұлы күміспен және тастармен әшекейленген белдігін буынады да:

- Бұндай белдікті, - дейді, - ешкім ешқашан буынып көрген жоқ ...

Әкесі үлкен балаларына қарап басын шайқайды да, ең кіші ұлына қарап:

- Сен неге үндемейсің? Сен қандай байлығыңмен мақтанасың? – дейді. Сонда кенжесі былай депті:

- Менде асыл тасты жүзік те, сәнді киім де, қымбат тастармен әшекейленген белдік те жоқ. Тек еңбек сүйгіш екі қолым, қайрат-жігерге толы жүрегім ғана бар.

Шалға кенже ұлының жауабы ұнайды. Ол өзінің мұрагері болады деп, кіші ұлын айтыпты. Үлкен балаларына інісінің айтқанынан шықпауды өсиет етіпті.



(Ел аузынан: Шешендік сөздер, ақындық толғамдар, аңыз әңгімелер. Құраст. Б. Адамбаев, Т. Жарқынбекова. – Алматы: Жазушы, 1989. – 368 бет. 298-бет)

ӘНЕТ БАБА ӘҢГІМЕЛЕРІ

Шебер шешім, көркем сөздерімен халық арасында шешен атанған Қазыбек би жыл сайын қасына жолдас-жораларын ертіп, өзінің даналық, тапқырлық сөзімен мәлім Әнет бабаға сәлем беріп, кәрі құлақ қариядан тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге, тағлым алады екен.

Бірде сол әдетімен Әнет бабаның үйіне келіп түседі. Қарт бұрынғыдан әжептәуір қартайып қалса да, сыр білдірмейді. Қазыбектің жора-жолдастарын, өзін жақсы қарсы алып, мал сойғызып, қазан көтертеді. Сол ауыл маңындағы қариялар, жайсаңдар жиналып, әңгіме-дүкен құрады.

Ертеңіне Қазыбек жол жүруге қам жасап, сапар алдында Әнет бабадан бір ауыз өсиет айтып беруін өтініпті. Бірақ Әнет баба:

- Қазыбекжан-ай, жасы келіп, қартайған, қасынан жар тайған, басынан мал тайған адамнан не кеңес, не өсиет сұрайсың? - деп ештеңе айтқысы келмейді. Бірақ бірбеткей Қазыбек шешен Әнет бабаның бір ауыз ақылын тыңдамай еш жаққа кетпейтінін білдіреді. Сонда Әнет баба Қазыбек шешеннің бұл қылығына күле қарап:

- Болмадың ғой, айтайын,- деп сәл ойланып, - «әкім» деген сөзді жадыңда сақта, - депті. Қазыбек Әнет бабаға ризашылығын білдіріп, жора-жолдасын қасына ертіп еліне қайтады. Ол жол-жөнекей өзімен еріп келе жатқан нөкерлерінен:

- Әнет бабаның қандай өсиет айтқанын ұқтыңдар ма? – дейді. Бірақ бұл сұрағына ешкім үндемейді. Сонда Қаз дауысты Қазыбек Әнет бабаның айтқан өсиетін былай деп шешіпті:

- «Ә» дегені - әділ бол,

- «К» дегені – күншіл болма, көпшіл бол,

- «І» дегені – ілтипатты бол,

- «М» дегені – менмен болма, мейірбан бол,- дегені.

Әнет бабаның сол өсиеті ел арасына кең тарап, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалыпты.



(Ел аузынан: Шешендік сөздер, ақындық толғамдар, аңыз әңгімелер. Құраст. Б. Адамбаев, Т. Жарқынбекова. – Алматы: Жазушы, 1989. – 368 бет. 18-19 - беттер)
МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕР
Отбасы туралы

Ата- балаға сыншы,

Балаңа байқап сөйлесең, ақылыңа көнер.
Есер баладан ерке бала жаман.
Балаң жаман болса, көрінгеннің мазағы.

Бала – ананың бауыр еті.

Бала қадірін, балалы болғанда білерсің.
Талабы жоқ жас ұлың

Жалыны жоқ шоқпен тең.


Бала- көңілдің гүлі, көздің нұры.
Талапты бала – талпынған құстай.

Құмары қанбас – аспанға ұшпай.


Әдепті бала – арлы бала,

Әдепсіз бала – сорлы бала.


Қарға тамырды қазақпыз.

Сұраса келе қарын бөле болып шығамыз.

 

Өз жұрттың  - күншіл,



Нағашы жұрттың – сыншыл,

Қайың жұрттың  міншіл келеді.

 

Қартың болса, жазып қойған хатпен тең.



 

Немере етін жеп, сүйегін қалдырады.


Өз балаңды өскенше бағасың,

Немереңді өлгенше бағасың.


Екі аяқтыда бажа тату, төрт аяқтыда бота тату.

 

Еркек сергек ұйықтаса, ырыс бітеді,



Әйел сергек ұйықтаса, жұмыс бітеді.

 

Ағасы бардың жағасы бар,



Інісі бардың тынысы бар.

 

Ұлың өссе, ұлы жақсымен ауылдас бол  



Қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол.

 

Келінің жаман болса, ұлыңнан көр.



Күйеуің жаман болса, қызыңнан көр.
Адам және оның қасиеттері туралы
Атаңның баласы болма,

Адамның баласы бол.


Жақсы адам – елдің ырысы,

Жақсы жер – жанның тынысы.


Адам болатын бала

Алысқа қарайды.


Кісі болар баланың

Кісіменен ісі бар.

Кісі болмас баланың

Кісіменен несі бар.

Әдептілік, ар-ұят –

Адамдықтың белгісі.

Тұрпайы мінез, тағы жат –

Надандықтың белгісі.


Ақылсыз адам айқайлай келеді,

Жан-жағын жайпай келеді.

Ақылды адам жай-жай келеді,

Жан-жағына байқай келеді.


Бар барын жейді,

Ұятсыз арын жейді.


Адамгершілікке арналған үш сауал бар:

Шөлге құдық қазған бір сауап,

Өзенге көпір салған бір сауап,

Жолға ағаш еккен бір сауап.

 

Еңбек - адамның көркі,



Адам - заманның көркі.

 

Ат жақсысын мақта,



Адам жақсысын жақта.

 

Жасық адам жасына жетпей қартаяр,



Асыл адам жасына жетпей марқаяр.

 

Он адам жүрген жерде із қалады,



Жүз адам жүрген жер - соқпақ,

Мың адам жүрген жерде жол қалады.

 

Қағазға тіл бітірген - қалам,



Жансызға жан бітірген - адам.

 

Адам ойға тоймас,



Бөрі қойға тоймас.

 

Темір сырын отта танытады,



Адам сырын жоқта танытады.

 

Жаман адам кетсе,



Дүние кеңіп қалғандай.

Жақсы адам кетсе,

Дүние кеміп қалғандай.

 

Жақсы сыйлағанның құлы,



Жаман қорыққанның құлы.

 

Жақсының соңынан көп ереді,



Жаманның соңынан шөп ереді.

 Бітер істің басына,

Жақсы келер қасыңа.

 

Сырласуға дос жақсы,



Сыйласуға жат жақсы.

 

Өзін ғана ойлаған,



Жамандықтың белгісі.

Өзгені де ойлаған,

Адамдықтың белгісі.

 

Ақылды өзінен көреді,



Ақылсыз ағайыннан көреді.

 

Ақымақ ішкен-жегенін айтады,



Ақылды көрген-білгенін айтады.

 

Көргенді кісі, көргенін айтар.



Көргенсіз кісі, бергенін айтар.

 

Біреуге ор қазба, өзің түсесің.



 

Басыңа іс түссе,

Жақсы көмек етеді,

Жаман күліп кетеді.

 

Жақсы өз басынан көреді,



Жаман жолдасынан көреді.

 

Жақсылыққа жақсылық, әр кісінің ісі.



Жамандыққа жақсылық, ер кісінің ісі.

 

Жақсыға қылған жақсылық



Өміріңде тозбайды.

Жаманға қылған жақсылық

Бір күнгідей болмайды.

 

Құдықтан су ішкен,



Қазғанға рахмет айтады.

Ағашты көлеңкелеген,

Еккенге рахмет айтады.

 

Тәлім-тәрбие туралы

Өз білмегеніңді кісіден сұра,

Үлкен жоқ болса, кішіден сұра.


Біліп тұрсаң да, сұрап ал.
Ойын түбі – от, ой түбі – алтын.
Көзі соқырдан көңілі соқыр жаман.
Ақылдассаң – шешерсің,

Ақылдаспасаң – кем кесерсің.

Әдептілік белгісі – иіліп сәлем бергені.
Сыйлассаң сыйымды боласың.
Ұлық болсаң кішік бол.
Өзін-өзі мақтаған

Өліммен тең.


Талап – талмас қанат.

Өнер-білім туралы
Оқу – білім бұлағы,

Білім - өмір шырағы.


Оқу – білім азығы,

Білім – ырыс қазығы.


Ақыл – тозбайтын тон,

Білім – таусылмайтын кен.

Оқу түбі – тоқу.

Ойна да күл, оқы да біл.


Ақыл көпке жеткізеді,

Өнер көкке жеткізеді.


Өнерлінің қолы алтын,

Өлеңшінің сөзі алтын.

Өнерлі бала сүйкімді.
Өнер – ағып жатқан бұлақ,

Ілім – жанып тұрған шырақ.


Бой жетпеген жерге ой жетеді,

Қыран жетпеген жерге қиял жетеді.


Өнерлі жігіт өрде озар,

Өнерсіз жігіт жер соғар.



(Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясы: Бірінші том (VI ғасырдан ХХ ғасырдың басына дейінгі кезең / Ред. алқасы Шаяхметов Ш.Ш. т.б. Құраст. Қ. Жарықбаев, С. Қалиев. – Алматы, Рауан, 1994. – 320 бет.50-54 - беттер)


ҚАЗАҚЫ ТЫЙЫМДАР МЕН ЫРЫМДАР
Адамның іс-әрекетіне қатысты

тыйымдар мен ырымдар

  • Адамға қарап қолды шошайту әдепсіздік болып саналады.

  • Саусақты, қолды орынсыз ауызға салуға болмайды, бұл да әдепсіздік белгісі.

  • Жуған қолды сіліксе, ырыс-несібе кетеді.

  • Тізені, табанды тартуға болмайды. Ауруға шалдыққанда ғана тізе мен табанды тартады.

  • Аяқ-қолды жіппен байлауға болмайды. Себебі бұл қол-аяғы байланған тұтқынды еске салады.

  • Басты шайқауға, тісті қайрай беруге болмайды. Жүйке ауруына шалдыққан адам ғана осылай істейді.

  • Таңдай қағуға болмайды. Үй ішінде таңдай қаға беру – жаманшылық (өлім-жітім) шақыру белгісі.

  • Біреуге қарап ерін шығаруға, үлкен адам алдында аяқты созып отыруға, адамға қарай түшкіруге, түкіруге, үлкен кісінің жолын кесіп өтуге болмайды, бұл қылықтардың бәрі де әдепсіздік болып саналады.

  • Адамға қарап керілмейді, әдепсіздік болып саналады.

  • Жатқан кісінің үстінен аттамайды.

  • Кемтар адамға күлуге болмайды. Кемтар адамға күлсең, өз басыңа келеді.

  • Екі езуді керуге болмайды, себебі бұл әдепсіздік болып саналады.

  • Ішекті тартуға болмайды, жаманшылық шақыру белгісі болып саналады.

  • Түнде айнаға қарамайды. Адам түнде айнаға қарағанда қатты шошынуы мүмкін.

  • Итті, мысықты тебуге болмайды. Өйткені әрбір жан-жануардың киесі болады.

  • Жақын адамға пышақ, мылтық сыйламайды.

  • Басты маңдайдан бастап жуады. Өйткені жақсылықтың бәрі адамның маңдайына жазылады.

  • Өтірік жылауға болмайды. Бұл қайғы-қасірет шақыратын жаман ырым.

  • Адамға мылтық оқтануға болмайды.

  • Шелектегі суға ауызды батыруға болмайды.



Ырымдар

  • Ұртын не тілін тістеп алған адамның үйіне ашыққан адам келеді.

  • Адамның оң көзі тартса – қуанады, сол көзі тартса – ренжиді.

  • Үйге кешке немесе түнде «кеш жарық» деп келу керек.

  • Жиенін ұрған адамның қолы қалтырайды деп саналады.

  • Қазақ басымыз көбеймей қалады деп адам санамайды.


Балаға қатысты тыйымдар мен ырымдар

  • Нәрестенің бетіне ай сәулесін түсірмейді. Ай сәулесі бетіне түссе, ол ауруға шалдығады.

  • Баланы ожаумен ұрса, ырыс-несібе кетеді.

  • Баланы сыпырғышпен ұрмайды. Сыпырғы тиген бала жаманшылыққа ұшырайды.

  • Балаға үлкен адамның алдын кесіп өтуге, үлкендердің сөзіне араласуға болмайды. Бұл әдепсіздік болып саналады.

  • Қыздардың ұлдарды тебуіне болмайды. Бұл көргенсіздік болып саналады.

  • Үлкен кісіге бірінші сәлем беру керек.

  • Үйге келген кісінің аяқ киімін тазалап, ол кетерде алдына қою керек.

  • Үйге келген үлкен кісіге төрден орын беру керек.



Ырымдар

  • Шөбересінің алақанына су құйып ішкен қарт жұмаққа барады.

  • Сәбидің аяғын тез басып жүріп кетуі үшін тұсауы кесіледі.

  • Үйге кіріп келе жатқан бала есік алдына құлап қалса, үйге береке, ырыс, байлық келеді деп қуанады.

  • Бала тілін шығарса, тіл келеді яғни хабар келеді деп жориды.

  • Бөбек алақанын шапалақтаса, қуанышты хабар келеді.

  • Сәби қолындағы заттарын «шашу» деп шашса, ол үйде той болады.


Киімге қатысты

тыйымдар мен ырымдар

  • Киімді оң қолдан бастап киіп, сол қолдан бастап шешеді. Оң қолдан бастап кию жақсы ырым саналады.

  • Киімді желбегей жамылмайды, өйткені екі қолы жоқ адам ғана киімді желбегей жамылып жүреді.

  • Кір киімді киюге болмайды. Киімді әрқашан таза және ұқыпты ұстаған жөн.

  • Көпшіліктің алдында жалаңаш-жалпы жүруге болмайды. Бұл әдепсіздік болып саналады.

  • Өте ұзын немесе қысқа киім киюге болмайды. Бұлай киіну адам жұмыс істеген кезде қолайсыздық тудырады.

  • Шалбар мен етікті тұрып киюге болмайды. Оларды соғыс кезінде ғана тұрып киетін болған.

  • Киімнің жағасын басуға болмайды. Киім жағасын басу жаман ырым саналады.

  • Жастық орнына шалбарды жастанбайды. Шалбарды жастану настықтың белгісі.

  • Бас киімді тебуге, лақтыруға, теріс киюге болмайды. Жақсылықтың бәрі адамның маңдайына жазылады, сондықтан да бас киімнің орны ерекше. Бас киімді әрқашан таза, ұқыпты ұстап, босағаға емес, төрге ілу керек.

  • Аяқ киімді төңкеріп қоюға, теріс киюге болмайды. Өйтсе, адамның жолы болмайды, жаманшылыққа ұшырайды.

  • Қыз басына ақ, қара орамал тартпайды. Ақ – жаулықтың, қара –қайғының белгісі болып саналады.

  • Бөтен адамға бас киім бермейді және айырбастамайды. Адам басы кемиді деп санайды.

  • Садақаға киім берсе, оның түймесін қиып алады.


Нанға қатысты

тыйымдар мен ырымдар

  • Нанды шашуға, жерге тастауға, басуға, рәсуа етуге болмайды. Нан –дәм басы, онсыз өмір жоқ. Сондықтан да дастарқанға алдымен нан қойылады. Жерде жатқан нан болса, алып, адам баспайтын жерге қою керек.

  • Таңертең нан ауыз тимей үйден шығуға болмайды. «Асығыспын, нан ауыз тиейін», «Ең құрыса, нан ауыз ти» деген сөздер бекер айтылмаған.

  • Нанды төңкеріп қоюға болмайды. Нан – қасиетті дәм. Нанды бір қолмен сындыруға болмайды. Кемтар адам ғана нанды бір қолымен сындырады.

  • Нанды басып Құранды алуға болмайды, ал аяқтың астына Құранды қойып нанды алуға болады.


Тамаққа қатысты

тыйымдар мен ырымдар

  • Қолды жумай тамақ жеуге болмайды. Қол жуғанда қолдың әрбір саусағын жеке-жеке жуады.

  • Дастарқан басында адамдар жасына қарай отырады. Тамақ әуелі үлкен кісінің алдынан бастап қойылады.

  • Ыстық тамақты, шайды үрлеп суытпайды. Тамақтың құты кетеді.

  • Тамақты және шайды өте ыстық немесе салқын күйінде ішуге болмайды. Тамақты аз-аздан алып, асықпай шайнап жейді.

  • Тамақты шынтақтап жатып, түрегеп тұрып немесе тым еңкейіп отырып жеуге болмайды. Тамақты отырып жеген дұрыс.

  • Дастарқан басында мағынасыз әңгімелер айтуға болмайды. Тамақтану кезінде әрбір адам өзін-өзі ұстай білуі, мүмкіндігінше аз сөйлеуі керек.

  • Тамақты, нанды қалдырмай, тауысып жеп қою керек. «Жаманнан жарты аяқ ас қалады» деген сөз бекер айтылмаған.

  • Тамақ ішіп болған соң тұрып кетуге болмайды. Өйткені тамақтану соңынан ас қайырылып, бата беріледі. Үй иесіне жақсы тілек айтылады.

  • Ас ішіп болған соң, «тойдым» демейді, «қанағат» деген жөн.

(Қазақы тыйымдар мен ырымдар / Құрастырушы авторы Құралұлы А. – Алматы:

Өнер, 1998. – 64 бет. 5-6,25-26,30-33 - беттер)


Каталог: upload -> Book
Book -> «Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты
Book -> Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі
Book -> Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі
Book -> Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»
Book -> Өмірді бағалап үйренейік балалар суицидін алдын-алу бойынша ата-аналарғА, педагогтерге арналған қҰрал алматы
Book -> «Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты
Book -> Рухани-адамгершілік білімге байланысты әндер


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   58




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет