Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»



бет13/58
Дата15.12.2016
өлшемі6,93 Mb.
#3880
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   58

ЖІГЕРЛЕНДІРУ


(Немесе өзін бақытсызбын деп есептеген жігітке жауап)

Сен жыладың, жігітім,

Көп көрдім деп тұрмыстың тапшылығын,

Қайтпады деп жұртқа еткен жақсылығым.

Сен жыладың,

Сезімің жасып ағып,

Кіп-кішкентай балаңды қасыңа алып.

Қырмызы күнім өтті деп.

Сенгенім сатып кетті деп.

Сен жыладың:

Аңғармай қалдым орды деп,

Қадамым сәтсіз болды деп,

Бір қатты соққы алдым деп...

Бақытсыз болып қалдым деп.

Сен жыладың:

Мен бірақ селт етпедім,

Білем сені тағдырдың ерке еткенін,

Білем сені өр көңіл, жомарт едің,

Енді бүгін... қалай бұл кер кеткенің?

Жо, жә, жарар,

Өткен күн оралар ма?

Қарау керек, бауырым, саған алға.

Басыңдағы бөрік пе

Орамал ма?

Бөрік болса, ауыс тез басқа күйге,

Көз жасыңды көрсетпе жас сәбиге.

Көз жасыңды көрсетпе, сұранамын,

Әй, әй жігіт, сен маған ұнамадың.

Жас нәресте көруге тиісті емес,

Әкесінің еңкілдеп жылағанын,

Әкесінің тым күйреп құлағанын.

Ерлік пенен ездіктің жолы қатар

Екеуінің арасы бір-ақ адым.

Көз жасыңды көрсетпе сұранамын.

Көтер, кәне, басыңды,

қалай бұның,

Мұз боп еріп кеткен бе бар айбының?

Көтер, кәне, басыңды,

Күніңді босқа өткізіп пе едің,

Тағдырың неге сыр айтты сараң?

Өмірдің барлық сәтсіздіктерін

Бақытсыздық деп, кім айтты саған?

Кім айтты саған?

Тұлпарды сүрінбейді деп,

Асауды мінілмейді деп,

Ақ көйлек кірлемейді деп,

Қара ешкі мүжіген ағаш

Қайтадан гүлдемейді деп.

Кім айтты саған

Жұрттың бәрі мейірбан, арайлы деп,

Жұрттың бәрі шындықты қалайды деп,

Биікті ардақтайды деп,

Асылды қорлатпайды деп...

Тоқырау білмес айбыны

Адалдық деген әлемнің ұлы байлығы

Бетіне жиған ұятты

Әйтсе де, кейде ол кінәмшіл бала сияқты.

Тірлікте осы баланы

Өкпелететіндер бар да,

Жұбататындар бар.

Жек көретіндер бар да.

Ұнататындар бар.

Арын сатып қорлайтындар бар да,

Жанын сап қорғайтындар бар.

Қиналып бекер алаңдадың-ау.

Ойынды шығар өріске.

Өзің-ақ айтшы ғаламда мынау.

Жеңудің бәрі жеңіс пе?

Жігітке арман жеткізіп пе еді

Өз сорын өзі жеңбесе.

Өмірдің барлық сәтсіздіктері

Бақытсыздық емес, ендеше!



(Шаханов М. Таңдамалы жырлар. Алматы: «Шарапат», 1992.- 63 бет. 38-40 - беттер)


ТУЫСҚАНДАР


Туысқандар, аяулы туысқандар,

Бір анадан туғандай туыс жандар.

Бір-біріне бүйрегі бұрысқандар,

Бір-бірін шын жүректен ұғысқандар.

 

Сәл нәрсеге бұртиып суысқандар,



Сәл нәрсеге мәз болып ұғысқандар.

Жиі-жиі көрмесе сағынғандар,

Туысқандар ежелден әділ жандар.

 

Үлкеніне кішісі бағынғандар,



Ақылына ағаның табынғандар.

Бірін-бірі даттамай, мақтағандар,

Бір-біріне есігін жаппағандар.

 

Той думанда шаттанып шабылғандар,



Қайғыда да бір жерден табылғандар.

Бір-бірінің сенімін ақтағандар,

Бір-біріне көңілін сатпағандар.

 

Болса-дағы мінезі қилы адамдар,



Бір-біріне жақсылық жинағандар.

Өмір бойы бір-бірін қимағандар,

Өмір бойы бір-бірін сыйлағандар.

 

Туысқандар, армысың, туысқандар,



Жанарынан жарқылдап нұр шашқандар.

Бірлік болса, тірлік бар жалғасатын,


Ынтымақтың жалауын тік ұстаңдар!

(Шорманов Ж. http://www.kuttybolsyn.kz/)



ҚЫЗҒАНЫШ

Зәуре кешкі ас әзірлігіне кіріспек болып, алжапқышын байлады. Әжесінің сұрауы бойынша бүгін бір дәмді етіп палау баспақ ойы бар. Тоқпақтай бұрымын төбесіне төңкеріп, шаршы орамалмен әдемілеп буды да, ас үйге қарай бет алған Зәуре кілт тоқтап қалды. Іштен ері Әлібектің салмақты да баяу үні естілді:

- Балам, бері қарашы, өзің ойлап көрші! Мен саған ол ақшаны шаңғы сатып алу үшін бермеп пе едім. Ал сен шарф сатып әкелгенсің. Сенде шарфтың бірнешеуі бар ғой. Шаңғыны ауыстырмағалы көп болды, тозды емес пе ол? «Түсіне қызықтым» дейсің. Көрсеқызар болмау керек, балам. Шаңғы тебу денсаулыққа пайдалы екенін саған қайталай беруім керек пе? Әке айтса, біліп айтады. Ендігәрі арамызда мұндай келіспеушілік болмасын, ұқтың ба, балам?

Сәбіз қырып, төмен қарап отырған Жандос:

- Ұқтым, папа, жарайды, - деді басын көтеріп. Көзінен ытқып кеткен мөлдір моншақты әкесіне көрсеткісі келмей, есік жаққа қарай бергенде, әйнек сыртынан байқап қалған Зәуре атылып ішке кірді.

- Болымсыз нәрсе үшін баланы ренжіткенің не,- деді кейістік білдіріп.

- Жандос, екеуміз келістік қой, балам. Ал, енді барып сабағыңа кіріс, - деді Әлібек жұмсақ дауыспен. Жандос төргі бөлмеге кетісімен Әлібек әйеліне бұрылып:

- Әй, Зәуреш-ай, сені ешкім ақылсыз әйел дей алмайды. Бірақ балаға деген ерекше ықыласың мен мейіріміңнен зиян тауып жүрмесең жарады. Неге орынсыз қорғаштайсың? Сенде бар жүрек менде жоқ деп ойлайсың ба әлде? Қазірден дұрыс бағыт сілтемесең, келешегі не болмақ оның? Баланың жақсылығы бақыт та, жамандығы қасірет екенін неге кеңірек ойламайсың?

- Бәрін де түсінем, Әлібек. Бірақ ана жүрегін қайтерсің, езіледі де тұрады бар болғыр… Өзіңді апам әлі күнге еркелетіп отырады ғой.

- Иә, еркелетіні бар. Бірақ өмірі бұрыс ісіме кешірім жасап көрген жан емес. Соның арқасы шығар, менің өз басымды дұрыс алып жүргенім. Зәуре мойындағандай үнсіз тұр. Бұл әңгіме салғыласу емес, салиқалы кеңес екенін екеуі де іштей түсінулі…

Зәуре тездетіп ас пісіруге кірісті де, Әлібек балаларының сабағын қадағалауға төргі бөлмеге кетті. Асханада жалғыз қалған Зәуреш Әлібек туралы ойлады. Шынында да ол әр нәрсеге байыпты қарайтын жігіт. Әлібектің дұрыс қарым-қатынасы, шынайы жанашарлығы болмағанда, Зәуренің алып-ұшпа бала мінезі әлденелерге апарып тіреген болар еді-ау. Енді, міне, біреуге ақыл айтар байсалды ана. Бұл Әлібектің адал да жанашыр жар бола білгендігінен емей немене?!

Алғаш осы үйге келін болып түскендегі бір оқиға ойына оралып, Зәуре қып-қызыл болып кетті. Жас келін үйдің ішін реттемек оймен, алдымен ортада тұрған аласа ас столын жинап, бір бұрышқа қойды. Алаша-сырмақтарды шиыршықтап, оларға да орын тапты. Еденді жуып, ортаға биік стол, жағалай орындықтар тізіп тастады.

Көрші кемпірдің халін білуге кеткен Алтын әжей қайтып келіп, мына жаңалыққа аң-таң болды.

- Е, шырағым, біздің үй көшіп кеткен екен десем, мұнда екенсің ғой, - деп қабағын шыта төргі бөлмеге барып төсегіне жатып қалды. Әжейдің бұл мінезі Зәуреге тіпті ұнаған жоқ. Үйді тазалағынама айтқан рахметі ме?- деп ол да бұртиып асханадан шықпай қойды.

Жұмыстан шыға сала асыға үйіне жүгірген Әлібек те лезде келіп қалды. Үйдегі жаңалыққа қуанып кетіп:


  • Апа, Зәуреш, - деп дауыстап еді, үн жоқ.

Болған жайды әбден түсініп алған Әлібек жайдары жүзбен күліп жүріп, келіншегін апасының бөлмесіне әкелді.

- Қане, Зәуреш, апамнан кешірім сұра, рұқсатсыз неге жинап тастадың бәрін? – деді күліп.

- Кешіріңіз, апатай, мен білмей қалдым, - деп Зәуреш енесінің мойнына асылды.

- Шырағым-ай, мынауың жақсы ғой. Бірақ кәрі адамға сол жер үстел ыңғайлы емес пе еді? – деп келінін бауырына тартты әжей.

Әлібек пен Зәуре жүгіріп жүріп, үйдің бір жағына алаша-сырмақты қайта төсеп, аласа столды қойды.

- Ал, апатай, қайсысын қаласаң, соған отыр, - деп Әлібек келіп апасының бетінен еркелей сүйді. Ана реніші сонымен тарқап еді-ау …

Күрішті демдеп жатып, Зәуре оқыс мырс етті. Иә, мен ақымақ одан да зорғы не түрлі өнерлерді көрсеттім емес пе Әлібекке.

Екеуі қосылған жылы Зәуре жұмыс істемей, үйде отырды. Аяғы болса күн санап ауырлап келеді. Бірақ қолы бостық Зәурені ұсақ ойларға жетелеп, жарына деген шынайы махаббаты күйіп-пісер қызғанышқа айналып, іштей берекесіз жайға душар етті. Өзіне білдірмей, ол Әлібекті аңдитын әдет тапты. Ештеңе шығара алмаған соң, қалтарыста қалтасын ақтарып, қойын дәптердегі телефон номерлерін, арлы-берлі жолға пайдаланылған билет сандарын тексеріп әлекке түсті.

Осындай күдіктер кеудесін кеулеп алған Зәуренің қолына бір күні сол жақ қалтадан тілдей қағаз іліге кетпесі бар ма. Жұлып алып қараса, арасы жыртылмаған екі билет. Ішін қызғаныш өрті жалап өткен келіншек екі көзі жасаурап, Әлібектің жатақ бөлмеге енуін асыға күтті. Жайбарақат кіріп келген күйеуіне:

- Мынау не нәрсе, түсіндірші маған, іштей құсаланып өлетін болдым, - деп билетті қолына ұстатып, еңіреп жылап жіберді Зәуре.

- Зәуреш, аурып тұрсың ба, жаным, саған не болған? Бұл билет қой, автобустың билеті.

- Ол неге екеу? – деп шаңқ ете түсті өксігін тия алмаған Зәуре. Сен кіммен, қайда бардың? – дегенде тіпті өктем шықты дауысы.

- Кіммен, қайда барғаны қалай? – деп Әлібек қарсы сұрақ қойды да, жауабын өзі қайырды.- Жұмыс бабында кіммен, қайда бармаймыз. Менің жолдасым, қызметтесім жоқ па? Коллективтен, қоғамнан тыс өмір сүреміз бе әлде? Ол не дегенің, Зәуреш?

- Жаттап алған жауабыңның дайын екенін өзім де сезіп едім. Арамдыққа төзе алмаймын, Әлібек, не де болса, ағыңнан жарыл … - Келіншектің дауысы дірілдей шықты.

Әлшібек маңдайына бұрқ еткен суық терді орамалымен сүртіп тастап, төсекке сылқ етіп отыра кетті. Айтатын жауабы дайын тұрса да, әйелінің мұншама шолақ ойлайтындығына іштей қапаланды. Бірақ істі осымен тындыруға хақысы бар ма оның. Білмегенін түсіндіріп, қатесін түзетпесе, жанашыр жар болғаны қайсы? Сол түні Әлібектің айтқан үш ауыз сөзі Зәуренің есінде әлі сақтаулы.

- Зәуреш, мені шын сүйген болсаң, өз анаңдай етіп анамды сыйла. өзіңді менен еш уақытта бөлме. Бір бүтіннің екі жартысымыз деп ойла. Адамдық құнымызды түсінер күдіктерден мүлде арыл. Қызылға қызығар нәпсінің құлы мен емес. Ақ махаббатымыздың лайланбайтындығына адамдық арым куә. Ертең ана боласың, «балалықты» тастағаның дұрыс.

-Ал қазір Зәуре жары Әлібектің осы айтқандарын дұрыс түсініп, бұлжытпай орындай алғанына шекіз қуанышты. Қаймағы бұзылмаған нағыз ұйтқылы отбасы – сол бір ақылға, парасатқа жетелеген кісіліктің жемісі. Әжесі осы үйдің қожасы. Жандосы мен Назымы қандай! Әлібек екеуі жұмыста да абыройлы. Қолдарындап тұратын інісі Ғазиз институтта оқиды.

Зәуре асты апасының аласа столына әзірледі. Дөңгелек столды жағалай жайғасқан отбсаы мүшелерінің төрт көзі түгел екен. Ғазиз да жаңа сабақтан келіп, ыстық асқа үлгерген.

Буы бұрқыраған сары палауға Алтын әже бастап қасық салды.


  • Зәурешжан, палауың дәмді болыпты, қарағым, - деді әже еміреніп.

- Апа, оның сәбізі мен сарымсағын, етін біз жаедос екеуіміз турадық емес пе, сосын дәмді болған шығар, - деп әзілдеді Әлібек.

- Сарымсақ пен сәбізді мана назым екеуіміз әкелгенбіз базардан, - деп Ғазиз жездесін қостай жөнелді.

- Менен басқаңның бәріңнің де еңбегің бар бұл палауда, бәріңе де рақмет, өңкей құлыншақтарым, - деп әжей кең жаулығының етегімен көзін сүртіп қойды…

Иә, әрі ана сыйлаған бала, қамқор әке әрі адал да ақылшы жар, жақсы аға бола білген парасатты азамат Әлібектің біз бір күнгі тірлігін ғана сөз еттік. Бірақ осы бір күн оның барлық мағыналы тіршілігінің айнасы іспетті. Бұл айтылғандапр тым ұсақ та болып көрінуі ықтимал. Бірақ азамат алдымен азғантай отбасынан шашау шығармай, дұрыс басқара білуі керек қой. Көп нәрсе отбасынан басталмай ма?

Не ана қадірлей алмаған, әке болып та жарытпаған, не жарын жарылқай білмеген, аға болуды ойына да алмаған, бастаған ісін божыратып, пышыратып тастап кетіп жүрген жігіттеріміз аз ба?!

Ошақ басын оңды ұстаған адам, отбасында беделді болмақ. Ол үшін жігіттер өзінің анаға – бала, балаға - әке, сүйгеніне – жар, кішіге - аға екенін бір сәт те есінен шығармағаны абзал.



(Әдептен озбайық: Мақалалар/Құраст. Ж. Бейсенбаев. – Алматы: Қазақстан, 1984. – 184 бет. Сексенбаева Әлия. Қызғаныш. 172-177 беттер)
*** *** ***

Үлкен бөлме іші адамға лық толы. Кең пейілділіктің белгісі – мол дастарқан. Тойға келген қонақтардың дені жастар. Орта буындары да бар.

Думанды кеш. Бақыт баспалдағын аттағалы отырған екі жатың үйлену тойын көңілді өткізуге әркім-ақ өз үлесін қосқысы келгендей, бәрі де білген өнерін көрсетуге асығулы.

Би биленіп, ән соңынан тасқындап жыр туды. Біреулер өзінің өткір де тапқыр тілімен әртүрлі қызық әңгіме, әзіл айтып, жұртты күлкіге көмуде. Қыз-келіншектердің сыңғырлаған әсем күлкісі, жігіттердің сыпайы әзіл-қалжыңы – бәрі де кешке ажар беріп, бөлмені тамаша бір күйге бөлеп тұрғандай...

Қуаныш кешін басқаруды жұрт аудандық мәдениет бөлімінің қызметкері Айдарға тапсырған. Ол әркімге орынды сөз беріп, үлкенді-кішілі дос-жарандардың жақсы лебізін білдіруіне мүмкіндік жасап отыр. Бір кезде Айдар жанарын төр жаққа: кең маңдайлы, ет-женділеу, әдеміше жігіт, осы ауданның белді қызметкері, орта буын өкілі Мұхит пен үлкен қара көзді, аққұба, сұлу келіншек Нұрсұлуға аударды.

Айдар еппен ғана езу тартты да:

- Ендігі сөз кезегін құрметті мұғалім, Мұқаңның сүйікті жары, жаны сұлу, жанарынан нұр төгілген, атына заты сай аяулы құрбымыз Нұрсұлуға бергім келеді, - деді.

Жұрттың бәрі Нұрсұлуға қарады. Әлгіде жайдары отырған Мұхиттың жүзі бұлтты күнгі аспандай түнеріп шыға келді. Ерінің сыры өзіне мәлім Нұрсұлу қысыла-қысыла нұрлы жүзі алаулап, орнына қозғала бергенде, Мұхит атып тұрып:

- Мұндай бейбастақтықты қою керек, доғарыңдар қылжақты, сөз бергеннің жөні осы екен деп, біреудің әйелін соншама сипаттап, аялап, әлпештеудің керегі не? – деп бұрқ-сарқ етіп, киіне бастады. Еш нәрсенің байыбына жетіп, түсіне алмаған жұрт аң-таң. Айдар да екі алақанын жайған күйі, таңырқап тұрып қалды.

Мұхит үш-ақ аттап есікке жетті. Қатты ұялғаннан еңсесін көтере алмай, төмен қараған Нұрсұлу да жұбайының артынан шығып бара жатты ...

- Міне, қызық, бұл не ғажап?! - Тамсанған жұрттың ендігі әңгімесі Мұхит пен Нұрсұлу жайлы болып кетті. Мұхиттың жодас-жоралары:

- «Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме» дегендей, ойбай-ау, оның әйеліне сөз беріп нең бар еді. Әйелінің бетіне көз қырын салған, ол туралы бір ауыз жылы сөз айтқан адам – оның қас жауы, - деп қысқаша түсіндіріп жатты.

- Апыр-ай, мынасы ұят болды-ау. Тіпті қисынсыз қызғаныш қой. Нұрсұлудай асыл жанды жәбірлеу қып-қызыл қиянат емес пе?

- Саналы азаматтың бірі, беделді қызметкер. Ал мына қылығы ақылға сыйымсыз-ақ. Қашан да болса осы. Өз үйінде де, бөгде ортада да жұрт бас қосқан жерде Нұрсұлуды еркек атаулыдан қызғанып, күйіп-піселдді де жүреді. Өзіне талай айттық та. Тіпті түсінбейді, «жұмыстарың болмасын, әйел менікі, бетімен жіберетін ақымағың мен емес», - деп тойтарып тастайды.

- Жарар енді, тойдың шырқы бұзылмасын, Айдар, жалғастыра бер, - дегенде өзі әрең отырған ол орнынан тұрып сөйлеп кетті:

- Иә, аздап ыңғайсыздау болды, оқасы жоқ. Кінә кімнен екенін өздеріңіз де байқадыңыздар. Біз, мәдениет майданының адамдары, ондай мінездерге сыңаржақтық, мәдениетсіздік деп қараймыз. Қайта мұның өзі жастарға, бүгінгі той иелеріне де ғибрат болсын. Сүйіп қосылған жарын балалы-шағалы болғанда, жеңіл ойдың жетегіне қосарлау – ақымақтың ісі. Ал, көңілді кешті көлеңке баспасын, томсырайып отырмайық, қыздар, жігіттер, ән бастаңдар! – Айдар жұртты бір серпілтіп тастады.

Той думаны әрі қарай жалғаса берді.

... Мұхит үйге жеткенше Нұрсұлуға тіл қатқан жоқ. Одырайған күйі алда жүріп отырды. Табалдырықтан аттай бере-ақ:

- Ал сіздің қиқағыңызға жол болсын, жұрт алдында менің беделімді түсіріп, қайдағы бір «жалаңаяқтың» сөзіне мән беріп, емеурін білдіргенің не? Тойтарып тастамайсың ба?! Менің көзімше жасағаның мынау, жоқ жерде не істеп жүргеніңді кім білсін сенің?- деп бастырмалата жөнелді.

Нұрсұлу үшін бұл жаңалық емес еді. Бас құрағалы сегіз жыл. Қазір бес балалы болды. Үйленген жылдың алғашқы айларын ғана олар тыныштықпен өткізді. Келе-келе Мұхит «қызғаншақтық» атты ауруға шалдықты. Енді өзінде де, Нұрсұлуда да маза жоқ.

Алғашында үйіне келген жолдас-жораларынан, кейін тіпті көшеде, транспортта, кинотеатр сияқты көпшілік арасында Нұрсұлуға біреудің көзі түсіп кетсе, не біреу тіл қатса, Мұхиттың жаны аз-ақ шықпай қалатын болды. Досты қадірлеу жоқ, үйленді сыйлау, кішіден ұялу керек емес пе? Еркек біткеннің бәрін өзіне таңа бергеніне Нұрсұлудың жаны жараланып, әбден ызасына тиіп, қарсы дау айтқанда:

- Е, жаның ашып, арашалап алғың келеді ғой, - деп, ал үндемесе: «мойындап тұрсың» деп пәле салады Мұхит. Қызмет бабымен де Нұрсұлу үйден бір минут ерте кетіп, жұмыстан кеш қайтып көрмеген шығар. Күндіз мұғалімдер бөлмесінің телефоны дүркін-дүркін безілдейді де тұрады. Оған үйреніп алған жұрт: «Е, Мұхиттан басқа кім дейсің?» деп, телефонды Нұрсұлудың еншісіне тапсырғалы қашан ...

Міне, абзал ана, адал жардың кінәдан пәк жаны осылай жараланып жүр.

Қызғануды біреулер шын сүйіспеншіліктің белгісі дейді. Бұл пікірді құптамақ түгіл, сүю мен қызғануды қатар айтудың өзі ұят. Қызғану – сенімсіздіктен туған соқыр сезім. Ал, сенбеген адамды қалай сүйеді? Демек, махаббат пен қызғаншақтықты бір тұтас сезім деу мүлде қате.

Адамның өз жарын, балаларының анасын, қоғам қызметкерін соншама төмендетіп, қол жаулық етуі, қисынсыз қызғанып, оның әрбір қимылына тек күдікпен ғана қарау - оны көпе-көрнеу қорлау, намысын аяққа басу. Ондайлар өз басының қадірін кетіреді, бейшаралығын, дәрменсіздігін көрсетеді. Адамгершілігі, жалпы білім дәрежесі, ақыл-ойы, сыртқы келбеті әйелінен не ерінен кем адамдар ғана «қызғаншақтық» қияметіне душар болуы ықтимал.

Біздің қоғамда бейбастақтыққа, ұстамсыздыққа онсыз да жол жоқ. Саналы, тәрбиелі адамдардың өздері де ондай суық жолға түспейді. Бірақ қызмет бабымен әйел мен еркек жолаушы жүрсе, жұмыстан әңгімелесіп бірге қайтса, бір-біріне жарасымды, зілсіз әзіл айтса, қолпаштап мақтап жатса, әйелді сыйлап қолтығынан демеп жіберсе, пальтосын киюіне жәрдемдессе, онда тұрған не бар?

Мұның бәрі біздің өмір салтымызда әдетке айналған, жан-жақты дамыған жаңа тұрпатты адамдар арасындпағы қарым-қатынастың қалыпты нышаны. Әйел ерінің еркіндегі жеке меншік мүлкі емес, отбасының берекесі, алтын қазығы, ақылшысы, күйініш-сүйінішіне ортақ жанашыры. Сондықтан қисынсыз, дәлелсіз күдік-күмәнмен әйелдің жан-дүниесін жаралап, рухын түсірмей, аялай білу – ер-азаматтардың кісілік парызы. (Әдептен озбайық: Мақалалар/Құраст. Ж. Бейсенбаев. – Алматы: Қазақстан, 1984. – 184 бет. Сексенбаева Ә. Қызғаныш. 177-181 беттер).
ЖАҚСЫЛЫҚ ПЕН ЖАМАНДЫҚ

1.

Жақсылық пен жамандық егіз дейді,

Біреулер тек жамандық неге іздейді?

Мен жаза алcам, жазам тек жақсылықты,

«Жарым ырыс, -ел,- жақсы лебіз» ,- дейді.
Жақсылықты айт, жақсылық болсын аян,

Бір жақсылық естісем жұртқа жаям.

Жамандықтың аты өшсін, айта көрме,

Жақсылықтан құралсын өмірбаян.


Жақсылықты айт, көз жұмба көрмеген боп,

Жақсылыққа қанықсын шөлдеген көп.

Жақсылықты ізде, тап, ол белгісіз, -

Жамандықша тұрмайды көлденеңдеп.



2.

Жақсылық –аз, жамандық – көп,

Жақсылық – гүл, жамандық шөп.

Ауыз сүртпей қу шөппенен,

Рахаттан гүл иіскеп.
Жақсылықтыжарла, қолда,

Көтер, көрсін оң мен сол да.

Жамандықты сүйреме алға,

Шаң қапсын да қалсын жолда.


Жамандық – көп, жақсылық –аз,

Асыл шыққан жерлерді қаз.

Жоя алмайсың жамандықты,

Бола алмасаң жақсыға мәз.


Әрнені елге жаяр хабар,

Нені іздеген, соны табар.

Жұқпалы ауру секілді әр не,

Айтқан сайын ажарланар.



(Асқар О.//Қазақ әдебиеті, 07.05.2010)
МЕЙІРІМ МЕН ЖЫЛЫЛЫҚ

Тар жол тайғақ кешуде,

Бұралаңда,

Мұңайғанда,

Оңаша жылағанда.

Сөздіртпейтін салқынын

Сол сәтінің

Бір жылылық керек пе бұл адамға?

Керек, бірақ іздерсің қай маңайдан,

Жан емессің іздеуді ойға да алған.

Бұрын да әлде солай ма кім біліпті

Ызғар есіп кетеді айналаңнан.

Өзің болып бәрінен құрғалған жан,

Және үміт күтесің бір қолдаудан.

Құтылуға септігін тигізетін

Бір мейірім іздейсің бұл жалғаннан.

Сол тұтқиыл тағдырға болып босаң,

Есің ауып,

Ауытқып шалықтасаң,

Кездестіру қиындау асыл жанды

Өзіңе ұқсас біреуге жолықпасаң.

Басыңа іс түспесе не қыласың?

Қысылғанда қиналып,

Тарығасың.

Пенделердің түңіліп сықпытынан

Жақсыларды армандап,

Сағынасың.

Кімге керек біреудің ұлылығы,

Кімге керек біреудің ірілігі.

Қырсыққанда жетпейді,

Дәл сол кезде

Адамдардың адамға жылылығы.


Сені де елеп жүретін,

Мені де елеп,

Солар жайлы ойлайық көбіне-көп.

Адамдарды бөлмеймін адамдардан

Жаны жомарт жандардың жөні бөлек.
Өткенімді қалайша жамандармын,

Мен де талай мазақтан аман қалдым.

Бәрінен де қымбаты

Адамдарға

Жылылығы жетпей жүр адамдардың.

(Стамбекұлы Д. Жұмағым мен тамұғым: Жыр кітабы. – Алматы: Сөздік-Словарь, 1999.-304 бет. 127 - бет)

СЕНІМ ТУРАЛЫ ЖЫР
... Сенемін! Сенемін мен!

Сенемін мен

Сенбесең, оқып қара өлеңімнен.

Мына жер, ана аспанның тереңінен

Сенделіп, сенімді іздеп келемін мен.

Сенемін,


Мейлі аңсарым табылмасын,

Сенімім тек сертінен жаңылмасын,

Сенімсіз тұңғиыққа табынбасын.

Тынымсыз қозғалыстың барлығын да,

Тынысым сенімменен қабылдасын:

Сенемін, сенемін деп дамылдасын,

Сенімнің ақ көрпесін жамылғасын...

Сұрама.


Неге сенем, кімге сенем,

Мүмкін мен мына жарық Күнге сенем,

Жанамын, жанамын да бірге сөнем.

... Күннен де өткен жарықты білмесем мен,

Бір минут өмір сүріп жүрмес ем мен.

Сенемін...

Сенем Жердің Серігіне,

Бұған және сендірем сені міне.

... Ей, дүние!

Тағзым ет, басыңды иіп,

Адамның құдіретті сеніміне!

(Мақатаев М. Өлеңдер, поэмалар. – Алматы: Жазушы, 1982. – Т.2. Соғады жүрек. – 384 бет. 143- бет)

БАҚЫТ ДЕГЕН НЕ?

1.

Бақыт, бақыт ...

Бары-жоғы бес әріптен тұратын сөз, бірақ мағынасы ұлан-ғайыр. Әрбір адамның бақыт жайлы бір-біріне ұқсамайтын өзіндік бір түсінігі бар. Бақыт жайлы сұрасаң, әртүрлі пікір естіп, терең ойға қаласың.

«Мен үшін бақыт деген ортамнан ерекше көріну, яғни соңғы сәнмен киіну, оның үстіне дәл мен киген киімді өзгенің үстінен көрмеуім»,- деген жауапты жасанды қылықты ұнатар арудан алған болар едік ...

«Егер менің машинам мен үйім болса, ең бақытты жан болар едім»,- деп жауап қатар еді жеңілтек бикештің бірі ...

Үш әйел алсам, бірі кірімді жуып, бірі асымды дайындап, бірі көңілімді тауып, әрбірі асты-үстімен түсіп, жағдайымды жасап жүрсе, шіркін. Онда өмірде менен асқан бақытты ешкім болмас еді»,- деген жауапты қарнын сипаған, өз басын ғана ойлайтын месқарын жігіттен еститінімізге еш күмән жоқ...

«Осы ғажап таңның атқанын көріп, тамашалап тұрғаным мен үшін бақыт, тәуба»,- деп алақанындағы бақытты қанағат тұтарлық жандар да аз емес...

Сонымен бақыт деген не? Кейде адам өз қолындағы бақытты бағалай алмайтыны рас. Бақыт қолдан ұшқан соң өкінеміз. Өткенге өкінгеннен не пайда...

Түс кезі. Студенттер аябаққа ағылуда, бір қолдарында тандыр нан, екінші қолдарында «3 желания» майонезі бар. Бақ ортасында екі аяғынан арбаға таңылған жас жігіт отыр. Осы кейпіне қарамастан, жан-жағына қуана көз тастайды. Егер қос аяғы коляскаға таңылмағанда, мына құрбыларымен бірге екінші курс студенті атанар еді ...

Мүгедек жігіттің қасынан темекі түтінін ішіне сорғанды мақтаныш көретін құрбысы өтіп бара жатты. Ол жәй кетпей: «Қауқары бітіп сарғайған жапырақтардан бақыт іздеп отырмысың?» - деп миығынан күліп, мысқылдап өтті. Мүгедек жігіт ашуға бой алдырмай, сабырлылықпен ақырын ғана: «Әрбір таңның атқанын көру – мен үшін үлкен бақыт. Сол бақытты мен көрдім. Әлемде менен бақытты жан жоқ шығар», - деді жүзі күлімдеген қалпы.

Осы көріністен менің түйгенім: өзіңе бұйырған бақытты уақтылы байқап, бағасын түсіне білу. Мұның өзі – Бақыт.

(Бөрібай М.//Алматы ақшамы, 18.10.2010)


Каталог: upload -> Book
Book -> «Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты
Book -> Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі
Book -> Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі
Book -> Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»
Book -> Өмірді бағалап үйренейік балалар суицидін алдын-алу бойынша ата-аналарғА, педагогтерге арналған қҰрал алматы
Book -> «Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты
Book -> Рухани-адамгершілік білімге байланысты әндер


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   58




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет