Қоңырат тайпасының екі бірлестікке бөлінуі



Дата22.10.2019
өлшемі16,93 Kb.
#50502
Байланысты:
Қоңырат-Құлшығаш туралы мәлімет

Қоңырат тайпасының екі бірлестікке бөлінуі.

Қазақ шежіресі Қоңыратты оның Сеңке биінен таратады. Шыңғыс хан ұлы хандыққа көтерген он екі бидің бірі Сеңке биге қарап: «Əй, Сеңке, сенің ұраның — «Қоңырат», құсың — сұңқар, ағашың — алма, таңбаң — босаға «┌┐» болсын»— деген екен.

Сеңке биден — Нағанай батыр. Оның жеті əйелі болған. Олардан отыз ұл жəне Емен, Семен деген екі құлы болған. Нағанай ол екеуін де өз балалары санағандықтан, отыз екі баласы бар делінеді. Шежірелерде ескі жыл санағы бойынша 616 жылы Отырардағы Ноғайлының елі жаугершілік заманға тап болып, Нағанай балаларымен алыс-алыс жерлерге көшіп жүріп, тарыдай шашылып кетеді. Нағанайдың бір баласы (есімі Орын би) жоғалған малдарын іздеп кеткен екен, қайтып келсе ел орнында жоқ. Орын би Əзіреті Түркістанға барып, үйлі-жайлы болып, одан Мелде би туады. Мелде би ер жетіп, Түркістанда елшілік, билік қызметін атқарған.

Орын бидің екінші баласы Жығалы Жиделі-Байсында тұрғанда ерте қайтыс болады. Одан Құлшығаш, Қаракөсе деген екі ұл жас қалып, анасы Жезбикені əмеңгерлікпен Мелде би алып, соның қолында өседі.

Сондықтан шежіреде оны Мелде бидің баласы етіп көрсетеді де, Көктің ұлы (Тəңірберді) тармағына жатқызады. Мелде бидің бірінші əйелі Орынбибіден — Құдайберді, лақап аты — «Көтенші», екінші əйелі Жезбикеден — Тəңірберді, лақап аты — «Көктің ұлы». Барлық Қоңырат елі негізінен осы екі атадан өрбиді.

Сонымен, шежіре деректері бойынша, Қоңыраттар екі үлкен бірлестікке бөлінеді. Бұл екі бірлестікті əйгілі ғалым В.Радлов «жеті ата Көктің ұлы, алты ата Көктің құсы» деп атаған. Қазақ шежірелері Қоңырат тайпасын «алты ата Көтенші» (аузы дуалы Мелде би бұл «Көтіне сенген бəйбішенің баласы, аты «Көтенші» болсын» депті); «жеті көше Көктің ұлы» (жұртта қалған Жезбике аман босанып, баласын орайтын жөргек мата таба алмай, көк шөпке орап алып, көштен бұрын ауылы қонатын жеріне келіп жетіпті; осыған орай Тəңірберді көк шөпке оранған «Көктің ұлы» деп атаныпты — деп екіге жіктеп, олардан 13 руды таратады.

Қоңыраттың бəйбішесінен — Орын би мен Жығалы мырза. Жығалыдан — Қаракөсе (Қожахмет), Құлшығаш. Жығалы мырза жастай қайтыс болғандықтан, Қаракөсе (Қожахмет) мен Құлшығаш Мелде бидің (Орын бидің баласы) қолында өсіп, тəрбиеленіп, Көктің ұлына қосылып таратылады.

Құлшығаштар. Жығалы мырзаның екінші перзенті Құлшығаштың үш баласы болған. Олар: Өтеулі, Жорытпас, Сары. Осы үш ұлдан тараған ұрпақтар ауқымды елге айналып «Құлшығаш» атанған. Құлшығаштар Ташкент жəне Шымкент уездерін мекендеген. Ұрандары — Алатау, таңбасы Босаға.

Қоңырат тайпасынан шыққан ұлы тұлғалар

Қазақ халқының қалыптасуында тарихи тұлғалардың, ірі көсемдер мен шешендердің, ақындар мен батырлардың алар орны айырықша. Бүкіл халықтың намысын жыртқан олар бір рудың немесе бір тайпаның уысына сыймақ емес. Жалпы ұлттарымыздың мақтанышы болған соң бабалардың арқасы — бүгін мынау ұлан-байтақ жерді жайлап жатқанымыз. Қасиеттеп айтар ірі тұлғаларымыздың бірі де бірегейі — Алпамыс батыр жəне де XVI–XVII ғасырлардың тоғысында өмір сүрген Алатау батыр.



Алатау батыр. Есімі қалың Қоңырат тайпасына ұран болған бұл кісінің шын аты — Жиенəлі. Алатау батыр (Жиенəлі) — Қоңырат ішіндегі Құлшығаштан (Көктің ұлына жатады).

Құлшығаштан — Жортпас, одан — Досай, Өтей, Аллаберді, Түйеші, Əжікей. Досайдан — Есайдар, Өтемі, Жиенəлі (Алатау батыр). Жиенəліден (Алатаудан) Құлтайлар тарайды. Сонымен, Алатау батырдың Құлшығаш руының Жортпас атасынан тарайтын Құлтай ұрпақтарының бабасы екені ақиқат шындық. Жазушылар одағының мүшесі М.Ерімбетов «Ұлы тұлғалар» деген мақаласында Алатау батырдың ерлігін былай суреттейді: «Бірде Хазар теңізі жақтағы Кіші жүз елінен «Жау тиді» деген хабар келеді. Алатау Қоңыраттың батырларын жинап, жорыққа əзірленеді. Өздері қарамағында отырған Ташкенттегі Тұрсын ханға жағдайларын, «Елімізге, жерімізге, малымызға бас-көз болыңыз. Қараулық жасамаңыз» дегенді айтады. Хан уəдесін береді. Кіші жүз еліндегі соғыстан жеңіспен оралса, елі аңырап отыр. Хан Тұрсын антын бұзып, жарамды жігіттердің жоғын пайдаланып, елін шауыпты.Алатау батыр сарбаздарын аттан түсірмей, Ташкентке тартады. Хан ордасын «Хан Тұрсынды — ант ұрсын!» — деп шабады. Хан Тұрсын қашып кетіп, оның айдай сұлу қызын олжалайды. Қызды жайдақ нарға мінгізіп алып келеді. Ол сүйекке таңба екен. Асқан сұлу қызға Қоңыраттың батырлары көз тігіп, таласып қалардай халге жетеді. Сол кезде Алатау батыр: «Кешегі Хазар теңізі маңындағы соғыста асқан ерлік көрсеткен найзагер жігіт болды. Жекпе-жекте де, қалың қол соғысында да жан шыдатпады. Осы қызды Шанышқылы атанған батырға берелік» дейді. Қалың Шанышқылы елі осылайша пайда болған деседі» . Өкінішке орай, Алатау батыр туралы деректер тым аз.

Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет