Өнерде, ғылымда қастерлі ұғым!



Дата08.07.2018
өлшемі22,02 Kb.
#48574
Өнерде, ғылымда қастерлі ұғым!

Әрине, ұстаз да, шәкірт те өз орындарында болғанда, аттарына лайық іс атқарғанда ғана. Өмірде адам баласы алдынан алған тәлім-тәрбиені кейінгі ұрпаққа аманат етіп қапысыз беріп кетуге тиісті. Ол үшін дәстүрдің озығы бар, тозығы бар дегендей ағалардан алған тәлімді өз тәжірибесімен ұштап, байытып, іріктеп, сұрыптап, тазалап кейінгі ұрпаққа қажеттісін қалдыру абзал.

Осы орайда, біз аға буын ға­лым­­­дар өнегесін өздері шәкірт ре­тінде қабылдап алып, уақыт талабына орай байытып барып шә­кірттеріне ұзатып салар бір азамат жайында айтуды жөн көріп отырмыз. Ол кім?

Ол – еліміздің іші-сыртына кең таны­мал профессор Тұрсынбек Кәкіш­ұлы.

Біреудің табиғаты (жаны) – ұс­таз, біреудің кәсібі – ұстаздық. Ал­ғашқысын туа бітті ұстаз, соң­ғы­сын жүре келе қалыптасатын ұстаз ретінде мінездеуге болады.

Алған біліміне қарасақ журналист Тұрсекең туа бітті мейірімнен жаралғандай шынайы ұстаз. Ұс­таз­­дықтың бір өлшемі – жүрек гүлі – мейірім болса, екінші өлше­мі – адал­дық. Адалдығы жоқ адам ұс­таз емес, ұстаз атын жамылған әлдекім. Өзінің шәкірттерінен саясат жасап жүретін, өзі біртүрлі, сөзі біртүрлі ұстаздарды да көр­генбіз.

Ал біздің ұстазымыз шәкірт алдында адал, өзіне де, өзгеге де әділ. Көңілге түйгенін жалған дипломатиясыз ағынан жарылып ал­ғаусыз сөйлеп тұрғаны шәкірт алдында! Жеке басымызға қалай тиер ұстаз сөзі, оған қарап жатқан біз жоқ. Өйткені, ұстаз – бір кісі, шә­кірт мың кісі. Бізге керегі – бірге жақ­қан сөз емес, мыңға жаққан сөз! Ұстаз – бірдің тілекшісі емес, мың­ның тілекшісі!

Бір қызық жәйт болған.

Студент кезіміз.

Студенттердің ғылыми кеңесін құру қамына кірісті Тұрсекең ұс­таз. Мен – Бейсембай Кенже­бай­ұлының кенже баласы, әрі Тұрсе­кеңдей ұстаздың ықыласты шәкір­ті. Іште бұғып жатқан мансап­қорлық ұшқыны ма, әлде дандайсу ма, білмеймін, өзімді іштей әлгі қоғамға төраға «сайлап» қойдым. Байқаймын, айналам маған қарсы емес. Олардың ойында да мен тұр­ғаныма күмәнім жоқ. Тіпті, Тұр­секең ұстаз да сондай емеурін танытқандай.

Жиналыс жүріп кеп берді.

Ойларымызды ортаға салып әуреміз. Көрініп қалайынымыз да болуы керек. Мойны қылқиып сөй­леп тұрған курстас дос Жанғара­ның ойы көбімізден озыңқырап кетпесі бар ма?! (Соңғы кезде көбірек кітап қараңқырап жүрген). Мен дегенде жанып түсіп отырған Тұрсекең ұстаз бұған дейінгі ойын кілт бұрып, тосын шешім жасады. «Студенттердің ғылыми кеңесінің төрағасы – Жанғара Дәдебайұлы!»

Ұстаз айтты. Бітті!..

Қазақстан Республикасына ең­бе­гі сіңген ғылым қайраткері, көр­некті ғалым, профессор Т.Кәкіш­ұлын біз, әсіресе, тәлімгер ұстаз ретінде жақсы білеміз. Күні бүгін­ге дейін ол отызға тарта талап­кердің кандидаттық, әлденеше ға­лымның докторлық жұмысына жетекшілік етіп, тұсауын кесіп, ба­ғын ашыпты. Сонымен қатар, Тұр­сынбек Кәкішұлы бүгінде бел­гілі ғалым, сыншы санатында еркін аталып жүрген Ш.Ыбыраев, Б.Әбіл­­қасымов, С.Негимов, Ж.Дәде­баев, Б.Әбдіғазиев және осы жол­дардың авторы секілді бір­сыпыра дарынды жастарды сәтінде жоғары оқу орындарын бітірген кезінде Алматыға қызметке алып қалып, айрықша қамқорлық етке­нін жақ­сы білеміз. Олар да ұста­зына дән риза шығар.

Қадірменді ұстаздың шәкірт­теріне деген көңіл шуағы, жан жомарттығы қайдан бастау алып отыр? Біздің ойымызша, бұл ізгі­лік бастауы оның ұстаздарына барып тіреледі. Әрине, әркімнің жанына тәңіріден түскен қадір-қа­сиет­тің орны бөлек қой. Оған еш­кім талас­пас. Дегенмен, мен ұстаз тәр­бие­­сінің рөлі айрықша болса керек.

Профессор Т.Кәкішев өзі есте­ліктерінде айтып, жазып келе жат­қандай М.Әуезов, С.Мұқанов, Е.Ыс­майылов, Б.Кенжебаев, Қ.Жұ­ма­лиев, М.Ғабдуллин, Т.Нұртазин сынды рухани байлығымыздың бағдаршысы болып өткен ірі тұл­ғалардан тәлім алған. Қайсы-бірінен тікелей дәріс тыңдаған. Қазақша айтқанда «алдын көрген». Ол жөнінде ғалымның өзі: «Бізге әдебиет тарихын журналистика бө­лі­мінде Бейсембай Кенжебаев, филология факультетінде Есма­ғамбет Ысмайылов оқыды. Уни­верситеттік білімді осы кісілердің білік-таным деңгейінде игердік.

1947 жылдың қысында «Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының өрес­кел саяси қателері туралы» қаулы шық­ты. Идеология мәселелері жа­йында бірнеше қаулы-қарарлар қабылданып, маркстік-лениндік д­­­ниетаным жөнінде айбынды күрес жүргізіліп жатқан шақта, қа­зақ әдебиетшілерінің ғылыми кем-ке­тіктерін көрсетіп, қателік­терін түзету қажет болды. Осындай мақ­сатты көздеген қаулыны қайсы­біреулер ұйымдастыру шараларымен жалғастырғанда М.Әуе­­­зов, Е.Ысмайылұлы, Қ.Жұ­малиев, Б.­Кен­­­­­жебайұлы, Т.Нұртазин сынды ұс­таз­дарымыздан көз жазып та қал­дық. Олардың лекцияларында, жазған еңбектерінде, оқыған лекцияларында кеткен қателіктерді әшкерелеуге талаптанған шәкірт­тер де кездесті. Жеке адамға табы­нудың ықпалымен қазақ әде­биет­тануы мен сынында жайсыздау соққан желдің лебі ұзаққа бармай басылды». («Ескірмейді ес­телік», 312-313-беттер) деп жазады шә­кірт­тік бейілден.

Демек, бүгін тоқсанға тура тартып бара жатқан ғалым алдындағы ағаларын ұстаз тұтып, тәлімін алыпты. Сөйтіп, ұзақ жолда кі­сілік, азаматтық, ғалымдық, ұстаз­дық тұлғасын қалыптастырыпты.

Ұстаз бен шәкірт арасында сабақтастық жүреді. Тұрсекең өне­гені ұстаздарынан алады, оны өз тәжірибесімен байытып, кейінгі ұрпаққа береді. Біз айрықша қа­дір­леп ұстаз тұтар Т.Кәкішұлы алдында тұрған ұрпақ, яки оның ұс­таздары өнегесі, сөйтіп, кейінгі буынға жетеді. Бұл орайда Тұр­секең бұл кезде көзі кеткен аға буын әдебиетшілер мен бала буын арасына сабақтастық орнатып отыр­ған рухани көпір секілді.

Тұрсекең ұстаздарынан көзі тірі кісі жоқ қазіргі таңда! Солай. Қазақ әдебиеттану ғылымына еселей-еселей үлес қосқан кәрі тарландар бірінен соң бірі мынау жа­рық жалған дүниені тастап, бақи­лық дүниеге көшіп алды. Ендігі аға буын – профессор Тұрсынбек Кәкіш­ұлы және оның тұрғылас­тары.

Алайда, әлгі аталған аға буын өздері дүниеден өткен соң, аты да, заты да өшті демейміз. «Ақынның аты, ғалымның хаты өлмейді» дегі­зіп аты арамызда, еңбегі қолы­мызда жүр. Айтуға оңай осы іс өмірде жүзеге оп-оңай аса қой­майды. Профессор Т.Кәкішұлы жә­не оның тұрғыластары алдындағы буынның ғылымдағы аманат еткен тақырыптарын, проблемаларын ғана алып қалған жоқ, олардың азаматтық тұлғасын да кейінгі ұр­паққа жеткізе насихаттап жүр.

Т.Кәкішұлының ұстаздарына жасап отырған қызметі үш салалы.

Бірінші, ұстаздары бекітіп бе­ріп кеткен, кейбірін бірге нұсқа­ла­ған тақырыптарды жалғастыра жазып келеді. Үлкен ғалым Е.Ыс­майылұлы 1917-1929 жылдар ара­лығындағы қазақ әдебиеті проблемаларын өзінің шәкіртіне кан­дидаттық, сын тарихын докторлық диссертация тақырыбы ретінде ұсынған екен. Тұрсекең ұстаз аманатын адал атқарып, тақырыпты тұрақты жазып келеді. Бұл – бір.

Екіншіден – шәкірт ұстаз ең­бектеріне тікелей қолқабыс жасап, алғысөз жазып, жариялату, еңбек­терін қайта бастырумен жүйелі айналысып келеді. Нақты мысал керек пе? Профессор Бейсембай Кенжебайұлының «Асау жүрек» /1975/, «Жылдар жемісі» /1984/ се­кілді еңбектері көзі тірі­сінде-ақ шәкірті – Т.Кәкішұлы алғысөзімен жарық көрді. Профессор Е.Ысма­йыл­ұлы дүниеден өткен соң оның С.Сейфуллин, Қ.Аманжолов, Т.Жароков, Ж.Саин өмірі мен шығар­машылығы жайында жазған толымды туындыларының басын қо­сып «Ақын және революция» /1983/ деген атпен құрастырып, алғысөзін жазып, кітап етіп шы­ғар­ды. С.Ерубаев, Ж.Тілепберге­нов, Е.Бекенов сынды өмірден ерте кеткен дарындардың әдеби мұ­расын жинақтау, жариялату, зерт­теуін де Есағаң аманат еткендей адал­дық­пен айтып жүреді, тайынбай атқарып жүреді. Бұл – екі.

Үшіншіден, өзі азды-көпті үл­гісін алған ұстаздары жайында дәл Тұрсекеңдей өндіріп көп жазған, алғаусыз ақтарылып ақиқат сөй­леген шәкірт оның құрбы-құрдас­тары арасында аз. «Қазақ әдебиеті тарихына» – Б.Кенже­байұлы, Е.Ысмайылұлы жөнінде тараушалар жазуы, Т.Нұртазиннің жетпіс, сексен жылдық мерейтойларын өткі­зуге мұрындық болуы, мақалалар жазуы, осындай шә­кірттік бейілді Е.Ысмайылұлына да қапысыз көр­сетуі шәкірттің ұстаздар рухына тағзымы, жасап отырған үшінші сала қызметі.

Бұл ретте, әсіресе, Т.Кәкіш­ұлының шынайы ұстазы – Есағаңа жасаған еңбегін ерекше бөле-жара атар едік. «Есмағамбет Ысмайылов» аталатын тақырыпқа Т.Кәкіш­ұлы ғалым ретінде де, публицист-жазушы ретінде де сан рет оралып отыруы ризалық бейіл туғызады. «Солардың бәрінің басын қосып, жалғап, жүйелеп», толтыра таразылап, өңдеп жіберсе Есағаң жайында «Өнегелі өмір» сериясының кітабы дайын болып шыға келер еді. Ұлғайған жас мұрша берер ме, бермес пе? Кім білсін?

Кездескен жерде:

– Бейсекең еңбектерін үш-төрт том етіп шығарып қоймайсың ба? Диссертацияға тақырып етіп бер­сең де теріс болмас еді. Біз бәріміз де сол кісінің шәкіртіміз ғой, – деп бастап бірсыпыра сырдың тиегін ағытады Тұрсекең. Естелігі Қаз­МУ-дің екінші курсында оқып жүрген шәкірт Тұрсынбекке Бей­секеңдей ұстаздың 1947 жылы «Сұлтанмахмұттың публицистикасы» аталатын тақырып беріп, ғы­лым­ға баулуынан басталады. «Қыр­­­сыққанда қымыран іридінің» кебі келіп, ұзамай біз жоғарыда атаған қаһарлы қаулы бұрқ ете түсіп, Бейсекең қызметтен шет­тетіліп, ол жетекшілік еткен сту­денттің ғылыми жұмысы қалалық ғылыми конференцияға жіберіл­мей қиналғанына ұласады. Ұста­зының: «Қайтесің Тұрсынбек, бү­гінде Сұлтанмахмұт пен Бейсембайдан нашар кісі болмай тұр. Шыда! Уақыт оңғарылар» деген үні құлағында тұрғандай сағы­ныш­пен сөйлейді.

Көп томдық дегеннен шығады-ау, бұл өзі әдебиет сыншыларына бұйыра бермейтін ырыс. Ілгері­ректе Қажым Жұмалиевтің екі, Мұхаметжан Қаратаевтың үш том­дығы ғана жарық көрген. Әлі күн­ге Есмағамбет Ысмайылұлы, Бейсембай Кенжебайұлына бұйыр­май келеді көп томдық. Осы ба­ғыттағы қадамды шәкірті ретінде Тұр­сын­бек Кәкішұлы жасаған екен уа­қытында. Аталған Есағаң М.Әуе­зовтің аузымен «еңбек торысы» қайтыс болған соң әдебиеттану саласында өндіре еңбектенген ұстаз мұрасын табиғатына орай жи­нақ­тап, бес томдық шығармалар жи­нағы райында межелепті. Академик-жазушы Сәбит Мұқанұлы басқаратын комиссия құрғызыпты. Е.Ысмайылұлының әр томына қан­дай шығарма енетінін ойлас­тырған жоспар жасапты. Оған Есмағамбет Ысмайылұлының Ор­та­лық мемле­кеттік архивінде сақталатын жеке қорын ақтарып қарағанда тап болдым. Өкініші – уақытында тиісті орындар қол­дамаған.

Ұстаздық – ұлық ұғым.

Ұстаздық – ұлы міндет.

Француз ағартушысы Жан Жак Руссо қаламынан туып, ұстазымыз Зейнолла Қабдол төгілдіріп қазақ­ша­лағандай «Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өз уақытыңды аямау, өзге­нің бақытын аялау!».

Профессор Тұрсынбек Кәкіш­ұлы – өнегені алдындағы ұстаз­дарынан адал шәкірт ретінде алып, өз тәжірибесімен байытып, кейінгі ұрпаққа өміршең етіп беріп келе жатқан шынайы ұстаз. Өмірде де, ғылымда да сабақтастық – үлкен ұғым.

Сабақтастық – пенде тіршілікте өмірдің мәні.

Сабақтастық – өнер, ғылымда шығармашылық сәні.



Ал Тұрсекең сол сабақтас­тық­ты өмірдің мәні, шығарма­шылық сәніне айналдырып, шәкірт бақы­тын аялаумен келе жатқан ғажа­йып азамат, шынайы ұстаз!


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет