Қорқыт Ата атындағы



бет1/2
Дата28.01.2018
өлшемі0,97 Mb.
  1   2
Қорқыт Ата атындағы

Қызылорда мемлекеттік университеті
Ғылыми-техникалық кітапхана


Сыр елінің ғалымдары

Кәрібозұлы бағдат

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

филология ғылымдарының докторы, профессор

Қорқыт Ата атындағы

Қызылорда мемлекеттік университеті
Ғылыми-техникалық кітапхана

Анықтама-библиографиялық бөлім



КӘРІБОЗҰЛЫ БАҒДАТ

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

филология ғылымдарының докторы, профессор

60 жас

Биобиблиографиялық көрсеткіш

Қызылорда, 2016

Редакторы: Абенова Ж.А.

Құрастырушылар: Ахметбек Б.М.

Бисенова У.Ш.

Оқырманға

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ғалымдарының «Сыр елінің ғалымдары» атты өмірбаяндық биобиблиография сериясының жалғасы болып табылатын көрсеткіш, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы бiлiм беру iсiнiң үздiгi, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Құрмет орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Кәрібозұлына арналады.

Биобиблиографиялық көрсеткіште ғалымның өмірі мен еңбек жолын сипаттайтын мәліметтер, ғылыми, оқу-әдістемелік, публицистикалық еңбектерінің және ол туралы әдебиеттер тізімдері жинақталған.

Көрсеткіш төмендегідей бөлімдерден тұрады:



  1. Ғалым Бағдат Кәрібозұлының өмірбаяны;

  2. Ғалым жайлы лебіздер;

  3. Ғалымның өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдері;

  4. Ғалымның марапаттары;

  5. Ғалымның ғылыми, оқу-әдістемелік еңбектері;

  6. Ғалымның мақалаларының библиографиясы;

  7. Ғалымның еңбектерінің хронологиялық көрсеткіші;

  8. Ғалымның жетекшілігімен қорғалған диссертациялар;

  9. Ғылыми басылымдар және жинақтарды редакциялау саласындағы қызметі;

  10. Конференцияларда жасалған баяндамалары;

  11. Ғалымның өмірі мен еңбектері туралы әдебиеттер.

Көрсеткіште материалдар хронологиялық тәртіппен орналасқан, әрбір жылдың көлемінде жарияланған еңбектері әліпби ретімен беріліп отыр.

Көрсеткіш ғылыми-техникалық кітапхананың электронды, дәстүрлі каталогтары мен картотекаларынан, ғалымның жеке архивінен алынған материалдар негізінде құрастырылған.

«Бүгінде бұл мектептен (Әдебиет теориясымен айналысатын ғалымдар мектебі) Р. Нұрғалиев, Ж. Дәдебаев, Б. Майтанов, Б. Кәрібозұлы т.б. секілді суреткер-ғалымдар тәрбиеленіп, өнеге алып шығып, әдебиет теориясын жаңа қоғамдық жағдайдағы жаңаша ойлау талабына сәйкес дамытып, зерттеп, оқытып жүр»

Академик З.Қабдолов



Филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы бiлiм беру iсiнiң үздiгi, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Құрмет орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Кәрiбозұлы Бағдаттың ғылыми, педагогтік және қоғамдық қызметі туралы қысқаша очерк
Кәрібозұлы Бағдат 1956 жылы 18 мамырда Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келген, 1963-66 жылдарда №100 Кеңтүп, 1967-73 жылдар аралығында №92 Құмжиек орта мектептерінде оқыған. 1975-1979 жылдарда Қызылорда педагогикалық институтында оқып, оны қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша үздік бітірген. Студент Б.Кәрібозұлы 1978-79 жылдары Лениндік стипендиант атанды.

1979-1985 жылдарда Қызылорда пединститутында оқытушы қызметін атқарғаннан кейін Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында 1985-1988 жылдар аралығында аспирантурада, 1994-1997 жылдары докторантурада оқып, академик Зейнолла Қабдоловтың ғылыми жетекшілігімен, кеңесшілігімен 1988 жылы кандидаттық, 1997 жылы докторлық диссертацияларын қорғаған.

Кәрібозұлы Бағдат 1989-1994, 1998-2000 жылдары Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде филология факультетінің деканы, 2000-2002 жылдары филология, тарих және өнер институтының директоры, 2002-2008 жылдарда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде тәрбие жұмыстары, ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор қызметтерін атқарған. Қазір «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының директоры.

Ол әдебиеттану ғылымы, қазақ поэзиясының жанрлық, ұлттық сипаты, өлке тарихы, ел өміріндегі тұлғалар туралы жан-жақты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.



Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті 2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджетте қарастырылған қаржы шегіндегі ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобаларды гранттық қаржыландыруға арналған конкурста Б.Кәрібозұлының «Сыр бойы ақын-жыраулары шығармаларының әдеби, мәдени, тілдік, тарихи және танымдық сипаты» тақырыбында ұсынған ғылыми-зерттеу жұмысы конкурс жеңімпазы болып табылды. Аталған жұмыс бойынша зерттеулер Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жанындағы «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институты базасында жүргізілді. Профессор Б.Кәрібозұлының басшылығымен «Менің Отаным-Қазақстан» сериясы бойынша «Сырдария» («Фолиант», 2011), «Қазалы» («Фолиант», 2013), «Қызылорда» («Фолиант», 2015), «Жаңақорған» («Фолиант», 2015) және «Отан үшін от кешкендер» («Фолиант», 2015) кітаптары жазылды.

Ол – филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағының, Журналистер Одағының мүшесі. Негізгі еңбектері:

«Қазақ совет лирикалық поэзиясының жанрлық спецификасы» (А, 1989, 3 б.т.), «Қайран сөз» (А, 1997, 8 б.т.),3 «Сырлы сөз сипаты» (А, 1997, 18 б.т.), «Өркениетке өріс» (Қызылорда, 2001, 10 б.т.), «Беталыс» (А, 2005, 14 б.т.), «Ынсап» (А, 2006, 17 б.т.), «Дидар» (А, 2007, 10 б.т.), «Ыждағат» (Астана, 2009ж. 22б.т.), «Ырыс» (Астана, 2009ж. 18 б.т.), «Ераға» (А.2010, 20 б.т.), «Сырдария» (Астана, «Фолиант», 2011, 17 б.т.), «Сыр еліндегі діни-ағартушылық ой-сана» (Алматы: «Інжу-Маржан», 2012. – 404 б.),«Қазалы», (Астана: «Фолиант», 2013, 19 б.т.), «Қызылорда» (Астана: «Фолиант», 2015, 19 б.т.), «Жаңақорған» (Астана: «Фолиант», 2015, 19 б.т.),«Отан үшін от кешкендер» (Астана: «Фолиант», 2015, 14 б.т.).

«Қазақ совет лирикалық поэзиясының жанрлық спецификасында» қазақ өлеңінің жанрлық мәселелері ғылыми тұрғыдан зерттелді. «Қайран сөзде» қазақ өлеңі туралы әр түрлі бағытта жазылған мақалалар жинақталып берілді. «Сырлы сөз сипаты» монографиясында қазақ өлеңінің ұлттық сипаты кең көлемде салыстырмалы-тарихи типологиялық әдіспен зерттелді. «Өркениетке өрісте» Сыр сүлейлерінің әдеби мұрасы, Сыр елінде дүниеге келген тұлғалар туралы мақалалар жинақталып берілген. «Беталыста» Сыр сүлейлері шығармашылығы, әсіресе, Базар жыраудың әдеби мұрасы зерттелген. «Ынсап» 50 жылдық мерейтойға арналып шығарылған. Алғашқы бөлімінде автордың толғаныстары берілсе, екінші бөлім мерейтой иесі туралы естелік-ой-пікірлерге құрылған. «Дидар» Қорқыт Ата атындағы ҚМУ жанынан құрылған «Дидар» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің шетелдік, өз еліміздегі гастрольдері, жалпы өнер туралы жазылған. «Ыждағат» «Сырдария кітапханасы» құрамында берілген автордың эссе, мақалалар, естелік, пікірлерінен тұратын кітап. «Ераға» Қазақстан Республикасының «Еңбек сіңірген гидротехнигі», марқұм Бозғұлов Ержігіт туралы жазылған кітап. «Ырыс» - «Сырлы сөз сипаты» монографиясының қысқартылған, жаңартылған нұсқасы мен ғылыми мақалалар топтамасы. «Сырдария», «Қазалы», «Қызылорда», «Жаңақорған» - «Менің Отаным - Қазақстан» сериясымен шыққан тарихи, ғылыми-танымдық кітаптар. «Отан үшін от кешкендер» Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына арналған, Қазалы ауданының материалдары негізінде жарияланған кітап. «Сыр еліндегі діни ағартушылық ой-сана» - Қалжан ахун Бөлекбайұлының 150 жылдығына орай шығарылған ғылыми-танымдық кітап.

Б.Кәрібозұлы 2 ғылым кандидатын, 30 магистр дайындаған. Ол 2007 жылдың маусымынан бастап 200 томдық «Сырдария кітапханасын» жарыққа шығарумен айналысып, осы кітапхананың жауапты редакторы болды.

«Сырдария кітапханасы» - Сыр елінің кешегі, бүгінгі көркем әдеби шығармаларының антологиясы. «Қорқыт Ата кітабы» «Сырдария кітапханасының» құрамында түпнұсқа, орысша және қазақша берілді, қазақшасы ғұлама ғалым Ә.Қоңыратбаевтың аудармасы.

«Сырдария кітапханасында» бүкіл Шығыс халықтарына ортақ құнды әдеби-мәдени мұралар Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани Хикметі» мен (аударған Әбибулла Мұхамеджанов, Қалтай Мұхамеджановтың ағасы) Нәсіреддин Рабғузидің «Қиссасул-әнбиясы» (арабшадан аударған Сыр бойылық молда Әшім Әріпбайұлы), сондай-ақ «Мың бір түннің» Қалтай Мұхамеджановтың аудармасымен 8 томы берілді.

«Сырдария кітапханасының» құрамында Сыр сүлейлерінен Базар жырау, Шораяқтың Омары, Қарасақал Ерімбет, Нұртуған Кенжеғұлұлы (2 том), Тұрмағамбет Ізтілеуұлы (2 том), Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Таубайдың Жүсібі, Тұрымбет Салқынбаев, Мұзарап Жүсіпұлы, Нұрмағамбет Қосжанұлы, Сәрсенбай Бөртебайұлы, Бұдабай Қабылұлы, Шегебай Бектасұлы, Оңғар Дырқайұлы, Жорықбай Табынбайұлы, Молдахмет Дабылұлы, Сейітжан Бекшентайұлы, Қуаныш Баймағамбетов, Әлібек Бәйкенов т.б. шығармалары берілді.

Сыр сүлейлері шығармаларының дәстүрін Кеңес дәуірі кезіндегі жаңа, жазба, кәсіби әдебиет жағдайында жалғастырушылар: Байназар Өтепұлы, Нұрсұлтан Жұбатұлы, Әбзәли Егізбаев, Бейсенбай Қасқырбайұлы, Әлімбай Әлиасқар, Төлеутай Үркімбаев, Қали Шыңғысов, Нартай Бекежанов, Манап Көкенов, Асқар Қожахметов т.б. кітаптары мен бұрын баспа бетін көрмеген шығармалары “Сырдария кітапханасының” құрамына енді.

Әбділда Тәжібаев, Асқар Тоқмағамбетов, Қалмахан Әбдіқадіров, Айтбай Хангелдин, Әбдіжәмил Нұрпейісовтер бастаған ақын-жазушылардың бүгінгі өкілдерінің барлығының шығармалары «Сырдария кітапханасында» бар.

«Сырдария кітапханасын» жасау барысында өмірден озған жерлестеріміздің: Әуелбек Қоңыратбаев, Қалжан Қоңыратбаев, Әлібек Қоңыратбаев, Әлішер Тоқмағамбетов, Жүсіп Қыдыров, Сақтапберген Әлжіков, Әли Есмамбетов т.б. шығармалары бар. Бұл қатардағы Ә.Есмамбетов, Ә.Тоқмағамбетов, С.Әлжіков, Ә.Нарымбетов, Е.Кішкенеев, Ә.Ботпановтар т.б. шығармалары жарияланды.

«Сырдария кітапханасының» құрамында «Жанқожа батыр туралы тарихи жырлар» деп аталатын ғылыми-зерттеу еңбек те берілген.

“Сырдария кітапханасының” құрамында Сыр елінің ақын қыздарының, аналарымыз бен апаларымыздың:Сәнімкүл Желдербаева, Рахат Наурызбаева, Рысты Бекбергенова, Қатира Жәленова, Нағима Торманова, Қаршыға Есімсейітова, Несібелі Рахмет, Ділдахан Торғаева, Бибігүл Жаппасбаева, Қазына Өзденбаева, Үміт Тоқмағамбетовалардың т.б. шығармалары бар.

Кәрібозұлы Б. 2009-2011 жылдар аралығында Қызылордадан республикалық ғылыми-танымдық «Базар жырау» журналын шығарды.

Ол докторанттар мен магистранттарға: Б.Оспанов «Сыр сүлейлері шығармаларындағы сопылық дүниетаным», А. Өтегенова «Қазақ баспасөзіндегі әдеби эстетикалық, сыни ой-пікірлер», А.Жолмаханова «Қазақ эмигранттарының естеліктері: поэтикасы және тарихи маңызы», Ж.Жалмағанбетова «Көрұғлы эпосының мифологиялық-поэтикалық сипаты», Н.Нұрғабылова «Қазақ эпостары және Қорқыт ата жыры арасындағы тарихи-генетикалық байланыс», Ж. Серік «Қазіргі жастар поэзиясындағы ұлттық сипат» тақырыптарында ғылыми жетекшілік жасайды.

Ол Облыстық ономастикалық комиссияның мүшесі.

Оның марапаттаулары:«Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» (1995ж.) , «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері» (2006ж.), Облыс әкімінің Құрмет грамотасы (2006 ж.), «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төс белгісі (2007ж.), Облыс әкімінің стипендиаты (2008ж), «Құрмет» ордені (2009 ж.), «Үздік оқытушы» ҚР бойынша (2012ж), «Ел ардақтысы» медалі (2013ж.), «Элита» медалі (2013ж), «Үздік оқытушы» университет бойынша (2013ж.), Қазақстан Республикасының Президентінің «Алғыс хаты» (2015 ж.), «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» (2015ж.).

Жұбайы Касенова Салтанат Қызылорда қаласындағы «Күнікей» балабақшасының меңгерушісі, үлкен қызы Айнұр Лондонда Қазақстан Республикасы Елшілігінде 1 хатшы, кіші қызы Бағнұр Н.Назарбаев атындағы университеттің алғашқы түлегі, қазір Лондон экономика және әлеуметтік ғылымдар университетінің магистранты, Бегімана, Інжу, Аянат есімді 3 немересі бар.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрібозұлы Бағдат 2016 жылдың 18 мамырында 60 жасқа толып отыр.






ҰЛТ РУХАНИЯТЫНЫҢ ҚАЙРАТКЕРІ
Әр дәуірге өзіндік идея, жол-жосын, өмір-өлшемі тән. Әлемдік тарих осылай дейді. Ал, қандай да бір дара тұлғаны қажеттілігіне сай дәуірдің өзі тудыратыны, мінез-құлқын, бітім-болмысын қалыптастыратыны, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар шыққандарын бетке ұстап, беделін көтеретіні табиғи нәрсе. Сол саңлақ тұлғалар халқының мүддесін қорғап, мақсат-мұратын іске асыру жолында ақыл-ойын, білім-білігін, күш-жігерін, қажыр-қайратын, жан-жүрегін аяған емес. Яғни, мойнына артылған жауапкершілік жүгінің ауырлығын айқын сезінген бұл пассионарлар, туған халқының көшін өркениет өрісіне қарай бастай білді.

Қазақ қара сөзінің көсегесін көгертіп, ұлт руханиятының жасампаздығына олжа салған, адалдық пен пәктікті азаматтық арына ту ете білген Бәкеңдей зиялы тұлға бұрынғы өткен ғасырларда өмір сүрсе, қоғамдағы орны мен рөлі қандай дәреже-деңгейде болар еді деген сұрақ үнемі көкейімде жүреді. Бағзы замандардан бермен қарай саралап, салыстырып-салғастырып қарасақ, рухтың өміршеңдігіне қапысыз сенген грек ойшылы Платондай, Грекияға деген өз махаббатын, оның дәстүрі, даңқы, ар-намысы мен абыройын жалынды сөздерімен асқақтатқан шешен Демосфендей, ел бірлігін нығайтқан кемеңгер, данагөй, өмірді мәңгілік ету идеясын өз ұстанымының темірқазығына айналдырған Баба Қорқыттай, халқының болашақ қамы үшін Ұлы даланы шарлап «Жерұйықты» іздеген данышпан, абыз Асан Қайғы да, қазақ жыраулар поэзиясының алыбы, ұлт-азаттық қозғалысының күрескері Балқы Базардай болар ма еді, бәлкім.Жұмыс орным Бәкеңмен бір қабатта орналасқандықтан қызмет бабымен немесе амандық-саулық сұрау ниетімен кабинетіне жиі бас сұғып тұрамын. Қай кезде барсам да Бәкеңнің креслода отырысы құдды жақпар тасқа сәл дамылдау үшін қонақтаған қырандай көрінеді маған. Ақыл-ойы кемелденген, парасат-пайымы биік, айналасындағыларға жоғарыдан барлай әрі ойлана қарағандай болып отырады.

Бәкеңнің шығармашылығы, өмірлік ұстанымдары мен тұлғалық қырларына кеңірек тоқталсақ. Ол қазақ әдебиеттану ғылымына қомақты үлес қосқан ғалымдардың бірі. Атап айтқанда, қазақ лирикалық поэзиясының жанрлық сипатын кандидаттық диссертация деңгейінде, қазақ өлеңінің ұлттық сипатын докторлық жұмыс көлемінде зерттеді. Бұл бағыттар аясында бірнеше құнды монографиялары, жүздеген мақалалары жарық көрді. Бүгінге дейін Бәкеңнің жетекшілігімен екі кандидаттық, отыздан астам магистрлік диссертациялар қорғалды. Оның дәрісін тыңдап, тағылымы мен өнегесін көрген мыңдаған маман ел экономикасы салаларында қызмет етуде. Бәкең-қырық жылға жуық білім беру саласында тер төккен ұлағатты ұстаз. Жоғары мектепте дәріс оқу әдістемесінің қыр-сырын меңгерген аса жоғары білікті педагогтің шебер стиль, шұрайлы тілмен өрілген дәрістері тыңдаушыларын еліктірмей, баурамай қоймайтынына сан рет куә болдық. Бәкең дәріс оқу шеберлігіне сусындатқан ұстазы З.Қабдолов туралы: «Зекең лекцияны өзінің жанға жайлы қоңыр дауысымен асықпай бастап, көп ұзамай бауыры жазылған сәйгүліктей шабыттана түседі.Теориялық деңгейі шексіз терең, ойлары өте салмақты, жаныңды өсіріп отырады. Тыңдай бергің келеді, айта берсе дейсің... Таңданып, тамсанып отырғанда 90 минуттың қалай бітіп қалғанын байқамай да қаласың...»-деп ағынан жарылады. З.Қабдоловтың аталған қасиеті, әрине, тақыр жерден пайда болған жоқ. Ол кісінің ұстазы М. Әуезовтің оқыған лекцияларын (қазақ тілінде, орыс тілінде) Қазақ мемлекеттік университетінің ғана емес, М.В. Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университетінің студенттері де аузы ашылып тыңдағаны туралы айтылып та, жазылып та жүр. Демек, Бәкеңнің дәріс оқудағы хас шеберлігін ұлы ұстаздардың ұрпақтан ұрпаққа жеткен мұрасы деп қабылдауымыз қажет.

Бәкең-сұлулыққа шын ғашық жан. Мейлі ол табиғат сұлулығы, мейлі ол жан-жануар сұлулығы, мейлі сәулет өнері болсын Бәкең үшін айырмашылығы аз. Ерекше әсерленеді. Алған әсерімен әріптестерімен бөлісуге асығады. Оны тыңдай отырып, өзің де сезім тылсымына берілесің. Бәкең, әсіресе, әйел сұлулығына табынатын романтик. Жалаң сұлулықтың емес, жан сұлулығының жаршысы. Әйелдерге (Аналарымызға, сүйген жарға, қарындастарымызға, қыздарымызға) деген адал сезім құдіретін, жасандылықтан ада ілтипаты мен құрметін көркем сөзбен кестелеп, шырайын шығарып, әрін келтіріп жеткізеді. Баршамызға маңызды махаббат атты мәңгілік тақырыпты жүрекпен түйсініп-түсінеді, қастерлейді және сағаттап сөйлеуге пейіл. Бұған Ұлы Абай мен дауылпаз ақын Махамбеттің өлеңдерін жатқа оқитынын қосыңыз. Өзі де тебіренеді, өзгені де тебірентпей қоймайды. Бұл, әрине, екінің біріне бұйырмаған қасиет. Қыздар туралы әңгіме қозғай қалса, Бәкең әрдайым, Желтоқсан көтерілісі кезіндегі олардың көрсеткен жанқиярлық ерліктеріне тоқталмай кетпейді. Алматыда С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасында оқып жүрген кезі. Ұлт мүддесі жолында алаңға шыққандар сапында болған жас өскін қыздарымыздың қарулы солдаттардан желтоқсанның сақылдаған сары аязында тығыларға жер таба алмай қиналғандарын, қолға түскендерінің аяусыз таяқ жегенін көзімен көрген ғой. Оларға өзінің көмектесе алмағаны, сол тұстағы бетке ұстарларымыздың көпшілігінің дәрменсіздігі әлі күнге жанын жегідей жейтін болса керек. Бәкеңнің баянын тыңдаған адамның, егер ол ет пен сүйектен жаралған болса, сай-сүйегі сырқырайтыны хақ. Бүгінгі уақыт биігінен біз көтерілістен шыққан негізгі екі қорытынды бар деп ойлаймыз. Біріншісі-қайғылы: бейкүнә ұл-қыздарымыздың зорлық-зомбылық көріп, қуғын-сүргінге ұшырауы. Екіншісі-қуанышты: еңсені езген отаршылдықтың ұрпақ бойындағы азаттыққа деген рухты өшіре алмауы. Ал, бұл тұрғыда қыздарымыздың орны, еңбегі, ерлігін бағалайтын лайықты өлшем табу қиын.

Бәкеңнің «Шын достар есептеспеуге тиіс. Нағыз достар есептеспесе ғана достықтарын мәңгілікке жалғастыра алады», деген сипаттағы ойлары қай шығармасында да кездеседі. Сондай-ақ, қазақ әдеби тілінің негізі Сырдария өзені төменгі ағысын мекендеген қазақтардың тілінде жасалғанын үлкенді-кішілі басқосуларда немесе аудиторияларда түсіндіруден әсте жалықпайды. Бұл тұрғыда филология ғылымдарының докторы, профессор Сәрсен Аманжоловтың сонау 1950-жылдары ғылыми айналымға енгізген дәлелдемесіне сүйенеді.

Бәкең кімнің болса да сөзін бөлмей, зейін қойып тыңдай біледі. Аталған қасиетті зиялыларымыздың көпшілігіне тән деп айта алмаймыз. Қалай десек те, көп сөйлеген көп білгендік емес қой.

Бәкең сөздің қасиет-киесінен қорқады. Әрбір отбасында мерейлі де азалы сәттер болып тұратыны қандай шындық болса, сондай сәттерге арналған шараларды халықты көп жинап, мейрамханаларда өткізу үрдіске айналғаны да рас. Бәкеңнің әлгіндей жиындарды басқарғанын көріп қаламыз. Жиыннан соң Бәкеңнің оңашада ойға шомып отырғанына бірнеше рет куә болдым. Бірде себебін сұрағанымда: «Үлкендердің немесе дос-жарандардың көңілін қимай келісімімді беремін. Қыза-қыза телпекке лайық жұмыр басқа сөзбен алтын бөрік кигізгендей боламын, ал менің нашар сөйлеуге қақым жоқ, ондай құбылыс маған жат! Құдіреті күшті ұлы сөздің киесінен қорқамын! Осылайша сөйлемпаз асабаға айналып кетпесем болғаны!»-деп, өз қаупін толғана әрі жасырмай жеткізгені еді.

Бәкең біреулердің жағымсыз-ұнамды қылықтарына баға беру немесе суреттеу үшін қазақтың тарих қойнауында қалған көне сөздерін қолдануға шебер. Назарына іліккен персонаждың бар қасиетін бір ауыз сөзге сыйдырғанына қайран қаласың. Қазыналы қазақ сөзінің мүмкіндіктеріне тәнті боласың.

Бәкең өзінің ұстазы, академик Зейнолла Қабдолов туралы: «Зекең жұрттың бәрін алаламай жақсы көреді.Ұлы кісінің сұңғылалығы адам жаратылысындағы нәзік тұстарды тап басып тани алуында, адам психологиясын терең меңгеруінде, сөйте отырып адамдарды аялай, ардақтай білетін үлкен махаббатында жатса керек. Зекең – кешірімшіл, гуманист, етек-жеңі кең пішілген ірі тұлға. Өзінің ақыл-парасатын, биіктігін өзгелердің алдында үлкен мәдениетпен көрсете отырып, жанына жақын тұтқан жандарды риясыз көңілден сыйлайды, қадірлеп - құрметтейді. Майда-шүйдені көзге ілмейтін ірілік, міне, ол кісінің дала тектес табиғатынан танылады...»-дейді. Осы жолдар айна-қатесіз Бәкеңнің өзіне арналғандай. Ағамыздың бітім-болмысын суреттегісі келгендердің бұған алып-қосары көп болмауы тиіс. Бәкең ширек ғасыр Қазақстанның халық жазушысы З.Қабдоловтың ақыл-кеңесін тыңдап, тәлімі мен тәрбиесін бойына сіңіріп, болашақ өміріне бағыт-бағдар алғанын осы күнге дейін үлкен мақтанышпен айтып отырады. Жас Бағдаттың ғылымның қыр-сырына қанығу, жаңа сападағы білімді игеру жолындағы уақытпен санаспай еңбектенгеніне, мінез-құлқына, жүріс-тұрысына, бекзат болмысына шынайы риза болған академик оны өз қанасынан шыққан балаларынан артық көрмесе, кем көрмеген. Бұл Бәкеңнің көпке айта бермейтін жан сыры. З.Қабдолов та иісі Алаштың ұлы перзенті Мұхтар Әуезовтің тап осындай ең сүйікті шәкірті болғанын кейбіреулеріміз біле бермеуіміз мүмкін. Ол ұзақ жылдар бойы өзі дәріс алып, аялы алақанының шапағатын көрген ұстазы-ұлы М.Әуезовтің отандық білім мен ғылымның қарашаңырағы қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі киелі орнын жоғалтпай, Әуезов кафедрасының ісін жалғастырып, отын өшірмеді. М.Әуезовке арнап жазған «Менің Әуезовым» атты роман-эссесі әдебиетіміздің алтын қорындағы аса құнды қазына санатында.

Бағдат Кәрібозұлы да «Әуезов кафедрасында» жеті жыл ізденуші, аспирант, докторант болып ғылыми орта, озық дәстүрмен жете танысты. Орайы келгенде Бәкеңнің ұстазы туралы айтқан тағы бір әңгімесін ортаға салмақпын. 1950-ші жылдардың ортасында комсомол қызметінде жүрген З.Қабдолов Қазақстанның Солтүстік өңіріндегі бір облыстық партия комитетіне хатшылық қызметке бару жөнінде ұсыныс алыпты. Бұл тосын жаңалыққа қатты ашуланған М.Әуезов шәкіртіне коммунистік партияның келешегі жоқтығын айтып, партиялық мансап қууына үзілді-кесілді қарсы болыпты. Және оған ғылымға түбегейлі бет бұруға кеңес береді. З.Қабдолов ұстазының аманатына адал бола білді. Біздің Бәкең де саналы түрде ғылымның ауыр да қызықты жолын таңдады дей аламыз.Билікке жақындап отына күйіп, одан алыстап суығына тоңа қоймағанын уақыт көрсетті. Кейбір шенеуніктер құсап, билігі зорлардың алдында мәймөңкелеу немесе олар сықылды өзіне бағыныштылардың төбесіне әңгіртаяқ ойнату сынды жағымсыз қылықтар Бәкеңнің мінезіне мүлдем сиыспайды.

Талайлы кезеңдерде халқымызға пана болған, сөйтіп Алаштың Анасы атанған Сыр жері бірнеше ежелгі өркениеттер ордасы болғаны баршаға аян. Түркітілдес халықтарға ортақ абыз Қорқыт Баба мәңгіліке байыз тапқан жер кіндігі іспетті бұл өңірде ғарыш айлағының орналасуы да заңдылық. Қонақжай Сыр өңіріне алыс-жақыннан ат басын бұратындар қарасы бұрындары да көп болған, қазір де қалың. Сырт көз сыншыл келеді. Олар «Еліңде зиялыдан кімің бар» дей қалса, алдыңғы қатарда Бағдат Кәрібозұлының есімі аталатыны шүбәсіз. Бұл құрмет Бәкеңнің ел алдындағы абыройы мен беделіне, зиялы бітім-болмысына, тамырын тереңнен тартқан тектілігі мен мінез байлығына, топ алдында тосылмайтын шешен­дігіне тікелей байланысты. Бүкіл зиялы қауым, ғалымдар мен ұстаздардың уақыт сынынан өткен ортақ тұжырымы осындай десек шындықтан алыстай қоймаймыз.

Адамзаттың арғы-бергі тарихында уақыт сынынан өте алмай талай халықтың із-түссіз жоғалғаны туралы мысалдар өте көп. Осынау үдеріске тамыры терең ұлттар ғана төтеп беріп келеді. Демек, тарихымызды тереңдететін, руханиятымызды шегендейтін мұраларымызды зерттеу ісі - ұлтымызды ұлықтауға қызмет етеді. Сыр бойында дүниеге келген жыршы-жырау, ақын-жазушылардың көркем әдеби шығармаларының антологиясын «Сырдария кітапханасы» айдарымен шығару ісінің басы-қасында Бәкең жүргенінің де символикалық мәні бар секілді. Бұрын-соңды жарық көрмеген көптеген тың материалдардан тұратын 200 томдық ғаламат дүниенің екі жылға жетер-жетпес уақытта дайындалып, жарық көруіне жауапты редактор Бәкең орасан зор еңбек сіңірді. Ұлттық руханиятымызға қойылған мәңгілік ескерткіш «Сырдария кітапханасы» ғасырдан ғасыр асып, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып қала бермек.

Б.Кәрібозұлы Қорқыт Ата атындағы ҚМУ жанындағы «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының директоры ретінде аймақтағы тарихи, әдеби, рухани мұраларға кешенді зерттеу жүргізу әрі ғылыми талдау жасауды ұйымдастыру ісіне басшылық жасап келеді. Соңғы жылдары Бәкеңнің тікелей жетекшілігімен «Қорқыт Ата» кітабын кешенді зерттеу бағдарламасы жүзеге асырылуда. «Қорқыт, Көрұғлы» эпостары және ежелгі түркі өркениеті» атты жобасы және Қорқыттың мұраларын ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативті тізіміне енгізу жобасы бойынша жұмыстар жалғасын тауып, Сыр сүлейлерінің әдеби мұрасы жүйелі зерделенуде. «Менің Отаным - Қазақстан» сериясы бойынша Қызылорда қаласы, Қазалы, Сырдария, Жаңақорған аудандарының тарихына арналған ғылыми-танымдық кітаптары да баспадан шығарылды. Бәкеңнің ендігі жоспары қалған аудандардың тарихын, атқамінер азаматтардың қолдауымен, жазып бітіру және ұзақ жылғы іргелі жұмыстарын облыс тарихына арналған кітаппен қорытындылау. Тұтас тарихымызды жазу ісінде әрбір ауылдан бастап, аудандар мен облыстар деңгейінде тарихты түгендеудің маңызы зор. Бәкеңнің өлкетану саласындағы еңбектерінің құндылығының өзі осында. Өзін сыйлай білетін қай мемлекет болмасын қол жеткен жетістіктері мен бағындырған белестерінің түп негіздерін өткен тарихының жарқын беттерімен байланыстырады. Тәуелсіздікті мәңгілік ету мұратын ұстанып отырған Қазақстан үшін де батырлар мәселесі өзекті. Б.Кәрібозұлы бастаған ғалымдардың 2000 жылдардан бастап жүргізген ынталы ізденістерінің нәтижесінде «Сыр өңірі батырлары» және «Сыр-Алаштың анасы» атты іргелі еңбектер, «Сыр өңірінің тарихы» атты оқу құралы дайындалды. Бірақ, қаржыландыру көзі шешілмегендіктен олар әлі жарық көрмей отыр. Кезінде Б.Кәрібозұлы ұсынған бастама - «Батырлар аллеясы» жобасы да аяқсыз қалды. Отансүйгіштік қасиетті ұрпақ бойына сіңірудің бірден-бір жолы бабаларымыздың жанқиярлық ерліктерін паш ету, есімдерін тарих қатпарынан шығарып ұлықтау екені талассыз.

Сыр өңіріндегі діни-ағартушылық ой-сананың қалыптасуын зерттеу- Бәкеңнің ғылыми шығармашылығының маңызды саласы. Орта Азия ғана емес, бүкіл Шығыс мәдениетінде ізі қалған, қазақтың өз алдына дербес ел ретінде құрылуына, рухани мәдениетін дамытуға үлкен үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлері, ағартушы – күрескерлердің өмірі мен еңбегін айшықтау және ұлықтау бағытында Б.Кәрібозұлы ұйымдастыруға мұрындық болған зерттеулер мен ғылыми іс-шаралар көпшілікке жақсы таныс. Бәкеңнің Сыр бойы перзенттері Пір Мүсірәлі Сопы Әзіз, Марал ишан, Қалжан ахун, т.б. діни қайраткерлер туралы байыпты тұжырымдары ғылыми қауымдастық тарапынан жоғары бағалануда. Сыр өңірі ахундар мен ишандар, молда мен мақсым атанған оқымысты – ғұламалардың да елі екенін насихаттауда Б.Кәрібозұлы шығармашылығының орны ерекше.

Жеке тұлғалардың тарихи орны мен елі үшін еткен еңбегін толық танып болмайынша Қазақстан тарихы тұтас жазылады деудің өзі артық. Осыны ескерген Бәкең соңғы жылдары тұлғатану саласына ден қойды. Қайраткер ағамыздың отаршылдық кезеңдегі ағымға қарсы болуы немесе іздеушісі болмауы салдарынан көлеңкеде қалып қойған саңлақтарымызды түгендеу тақырыбына тыңнан түрен салған ғалымдар қатарында екенін мойындау азаматтық парызымыз.

Қазақтың ұлттық ауруы біреудің жетістігін көре алмаушылық. «Батыраштық» дертіне ұшырағандар бізге дейін болған, бола беретін де шығар. Ондайлар Бәкеңнің өмір жолында аз кездеспеді. Өзінің табыстарын қабылдай алмай аяқтан шалғандарға Бәкеңнің қарсы әрекеті қашанда біреу: «таспен атқанды, аспен ату». Құдай берген қуат пен күш, жігер мен намыстың арқасында Бәкең сыртқа сыр бермей, мойымай, мұқалмай, мойындамай арамызда жүр. Десе де, тасадан атылған тастардың із-түзсіз кетіп жатпағанын несін жасырамыз.

Б.Кәрібозұлының бекзат болмысы мен бағындырған биігінің түп негізін келесідей факторлар анықтайды деп санаймын:

Бірінші – әлемдік деңгейдегі данагөй Қорқыт Баба, бүкіл алашқа мәлім дүлдүл ақын - шайырлар, батыр-билер, діни ағартушылардың отаны Сыр топырағында жаралғаны. Тарихы кенен, келешегі кемел қазыналы Қазалы өңірінің тумасы (1956 жылғы 18 мамырда дүниеге келген) Бәкеңнің тектілігінің қайнар бастауындағы тұлғалардан бері қарай шежіре тарқатар болсақ, бірнеше кітапқа жүк болары сөзсіз. Тектілігінің дәлелдерінің бірі ретінде аталас туысы Базар жырауды атасақ та жеткілікті.

Екінші – бәсекеге қабілетті білімі. Бәкеңнің білім биігіне талпынуы бүлдіршін кезінен басталған. Осы құштарлық мектепте озат оқушы, жоғары оқу орнында Лениндік стипендиат, үздік аспирант, озық докторант атандырды.

Үшінші - өмір жолында кездескен ұстаздары. Бәкеңнің өмір жолында және ғылыми-педагогикалық қызметінде тәлім-тәрбие берген ұстаздары аз емес. Алайда, Бәкеңнің басын иіп, рухани әкесіне балайтын ұстазы біреу- ол қазақ әдебиетінің классигі, академик Зейнолла Қабдолов.З.Қабдоловтың кемел тұлғасын қалыптастыруға айрықша еңбек сіңірген халқымыздың ұлы перзенті, бұрынғы Алаш қозғалысының қайраткері, академик Мұхтар Әуезов еді. Ал М.Әуезов өз кезегінде Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы т.б. Алаш идеясының негізін қалаушылармен мұраттас болды. Демек, Б.Кәрібозұлында Алаш идеясын жалғастырушылардың қатарына жатқызуға салмақты негізіміз бар.

Осы жерде еліміздің руханиятын дамытуға мол үлес қосқан белгілі ұлт қайраткерлері Т.Рысқұлов, Т.Жүргенов, С.Қожанұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, т.б. өз уақытында төл идеямыздың жанашырлары болғанын, кейін олардың жолын І.Омаров, Ө.Жәнібеков жалғастырғанын айтқанымыз орынды. Алаш ардақтыларының мемлекет және қоғам қайраткері М.Жолдасбеков бастаған бүгінгі ізбасарларының да шоғыры қалың.

Төртінші – Қастерлі Тәуелсіздік. Азаттықтың ақ таңы Бәкеңнің шығармашылығына ерекше шабыт әкелді, Тәуелсіздік тудырған мол мүмкіндіктер негізінде білім мен ғылымда толайым табыстарға қол жеткізіп, ұлт руханиятын дамытуға өзінің үлесін қосты. Оның ширек ғасыр ішінде атқарған еңбегі мен орындаған жұмыстарының нәтижелері ел игілігіне қызмет етуде.

Бесінші-жан жары, құдай қосқан қосағы Салтанат Рәшитқызы Хасенова. Бәкеңнің өз сөзімен айтсақ: «Сүйген жарым Салтанат-тағдырым». Өмір деген арналы да адуынды өзеннің толассыз ағысының болмай қалмайтын толқындарына төтеп беріп, Бәкеңнің отбасы қайығының ырғағынан жаңылмай жүзіп келе жатқаны, осыдан қырық бір жыл бұрын қосылған жан жары Салтанат жеңгейдің арқасы. Ағамыз бен жеңгейдің арасындағы шексіз махаббат, үйлесімділік, түсіністік кейінгі жастарға үлгі боларлықтай.

Алтыншы- Сыр өңіріндегі білім, ғылым, мәдениет ордасы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті. Құрылғанына 79 жыл толғалы отырған оқу орнымен Бәкеңнің өмір жолы тығыз байланыста өрбуде. Оқу орнының табалдырығын 1975 жылы аттаған Бәкең содан бергі 41 жыл ішінде студенттен ғылым докторы, профессор дәрежесіне көтеріліп, тұғырлы тұлғаларға лайық лауазымдардан көрінді. Университет ректорының бұйрығымен 2002 жылы тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор қызметіне тағайындалып, оны 2008 жылға дейін атқарғаны-соның бір ғана мысалы. Білім ордасы қабырғасында жүріп алғашқы махаббатын кезіктірді, өсті,өнді, беделге ие болды. Университет ұжымы мен ректораты Бәкеңнің ұстаз және ғалым болып қалыптасуына, қызметтік мансабының өсуіне барлық жағдайларды жасады. Осындай қамқорлықтың арқасында қайраткерлік деңгейге көтерілген Бәкең университет басшылығы жүргізіп отырған аймақтағы іргелі жоғары оқу орнын өркениетті қоғам талабына сай қалыптастырып, дамыту және оны халықаралық білім кеңістігіндегі ықпалын арттыру ісіне, қай қызметте болмасын, белсене атсалысып келеді.

Жетінші- қамқоршы ағалары мен қолдаушы достары. Бәкең дұрыс жол сілтеп, айқын бағыт-бағдар берген қамқоршы ағалары, Сыр жұртшылығына танымал азаматтар Н.Жүнісовтің, Е.Бозғұловтың, С.Имандосовтың есімдерін ерекше құрметпен атайды. Бәкеңе қанмен берілген қасиеттің бірі-көпшілдік. Жастайынан халықпен етене араласып, ортасында жүр. Сондықтан болар Бәкеңнің достары да аз емес. Әсіресе, өзіне шынайы тілектес, бастамаларына қолдау көрсеткен Ж.Қ.Түймебаевтың, Қ.Ж.Кәрібозовтің достық сезімдерін қадір тұтады.

Профессор Б.Кәрібозұлы мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еселі еңбегі, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан үлесі, халықтар достығын нығайтудағы белсенділігі үшін «Құрмет» орденімен наградталған, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағының иегері атанған, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен, университеттің «Қорқыт Ата атындағы Алтын медалімен» марапатталған. Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі.



Ұлт руханиятының қабырғалы қайраткерінің асқаралы алпыс жасқа келген торқалы тойы қарсаңында ойымызды қорытындылай келе айтарымыз: Қадірлі Бәке! Бүгінде биік бел-белестердің талайын бағындырдыңыз, әйтсе де ел-халқыңызға береріңіз әлі де мол. Осы жолда қаламыңыз мұқалмай, құлашын кеңге сермеген шығармашылығыңыз рухани қазынамызға айнала берсін!

Қали ОМАРОВ,

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ

Ғылым және ЖОО кейінгі білім департаментінің директоры, профессор



Ғалымның өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдері
Бағдат Кәрібозұлы 1956 жылы 18 мамырда Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келген.
1975-1979ж.ж.- Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының студенті.
1979-1985ж.ж.- Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтында оқытушы.
1985-1988ж.ж.- Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің аспирантурасында оқыды.
1989-1994ж.ж.- Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің филология факультетінің деканы.
1994-1997ж.ж.- Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің докторантурасында оқыды.
1998-2000ж.ж.- Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің филология факультетінің деканы.
2000-2002ж.ж.- Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің филология, тарих және өнер институтының директоры.
2002-2008ж.ж.- Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде тәрбие жұмыстары, ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор қызметтерін атқарған.
Қазіргі уақытта «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының директоры.

айрықша марапаттау белгілері
1993ж.- «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі»
2006ж.- «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері»
2006ж.- Облыс әкімінің «Құрмет» грамотасы
2007ж. - «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі

үшін» төс белгісінің иегері


2008ж.- Облыс әкімінің стипендиаты
2009ж. - «Құрмет» ордені
2012ж. - «Үздік оқытушы»
2013ж. - «Ел ардақтысы», «Элита» медальдары
2015ж. - Қазақстан Республикасы Президентінің «Алғыс хаты»
2015ж.- «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері»
2016ж.- Қазақстан Республикасы Президентінің «Алғыс хаты»

Ғалым Б.Кәрібозұлының ғылыми еңбектері


  1. Асқақ рухты жасампаз жырлар [Мәтін]: Өлеңдер / Бас ред. Қ.Құдайбергенов; Ред. алқа: Қ.А.Бисенов, Қ.Құдайбергенов, Б.Кәрібозұлы және т.б.- Алматы: Арыс, 2005.- 272 б.



  1. Беталыс [Мәтін]: Әдеби зерттеулер, мақалалар / Б. Кәрібозұлы.- Алматы: Арыс, 2005.- 200 б.




  1. Дидар [Мәтін]: Қорқыт Ата атындағы ҚМУ 70 жылдық мерекесіне тарту / Б. Кәрібозұлы.- Алматы: Эверо, 2007.- 165 б.




  1. Ераға [Мәтін] / Б. Кәрібозұлы.- Алматы: Арыс, 2010.- 224 б.




  1. Жанровая специфика казахской советской лирики 10.01.02-советская многонациональная литература[Текст]: Автореферат диссертации на соискание ученой степени кандидата филологических наук /Б.К. Карбозов.- Алма-Ата, 1988.- 23 с.




  1. Жаңақорған [Мәтін] / Б. Кәрібозұлы .Астана: «Фолиант», 2015.- 303б. («Менің Отаным - Қазақстан» сериясы.)



  1. Қазақ өлеңінің ұлттық сипаты. 10.01.02 - Қазақ әдебиеті [Мәтін]: Филология ғылымының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты / Б. Кәрібозұлы.- Алматы, 1997.- 50 б.




  1. Қазақ совет лирикалық поэзиясының жанрлық сипаты [Мәтін] /Б.Кәрібозұлы: әдістемелік талқылама.- ҚазМУ, 1989.- 32 б.




  1. Қазалы[Мәтін] / Б. Кәрібозұлы. – Астана: «Фолиант», 2013. – 305 б. («Менің Отаным - Қазақстан» сериясы)




  1. Қайран сөз [Мәтін]: Зерттеу / Б. Кәрібозұлы.- Алматы, 1997.- 130 б.




  1. Қызылорда[Мәтін] / Б. Кәрібозұлы. – Астана: «Фолиант», 2015.- 299 б. («Менің Отаным - Қазақстан» сериясы.)




  1. Каталог: ntb -> docs
    docs -> Хабарландыру
    docs -> 2016 жылдың қаңтар- ақпан айларында кітапхана қорына келіп түскен жаңа кітаптар туралы ақпараттық мәлімет
    docs -> Қорқыт Ата атындағы
    docs -> 2018 ж. Кітапхана қорына жаңадан келіп түскен әдебиеттер туралы ақпараттық мәлімет
    docs -> Издатель: ип
    docs -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі қОРҚыт ата атындағЫ
    docs -> Қорқыт Ата атындағы
    docs -> 2016 жылдың наурыз- мамыр айларында кітапхана қорына келіп түскен жаңа кітаптар туралы ақпараттық мәлімет


    Достарыңызбен бөлісу:
  1   2


©www.engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет