Орталық Қазақстан



Дата26.06.2018
өлшемі50 Kb.
#44717
Орталық Қазақстан

12 қараша 2011



Әли аға туралы

Сарыарқаның шоқтығы Ақсораң менің туып-өскен аймағым. Сондықтан, мен үшін әлемде Ақсораңнан биік шың жоқ сияқты. Сан ғасырлардың куәгері, тарихтың қарт шежіресі. Ақсораңның күн батысындағы өркешті сілемді таулар арасында Үшқа­раның Бөріктасы деп аталатын жер бар. Ол қалың қаракесектің ішіндегі текті тұқым – қара атасынан шыққан Әмірхан, Әлімхан, Әлихандардың құрметіне ел осылай атаған деседі.

Арғы атасы Жиынбай, оның баласы Ермек өз заманында ел билеп, ақыл жүр­гізген, Қарқаралы өңіріндегі жалғыз Темір­ші болысына ғана емес, Сарыарқаға, Орта жүздің қазағына құрметі өткен, аты әйгілі болған.

Олардың үрім-бұтағы осы күнгі Қы­зыларайды мекендеп, өмір кешіп, ұрпақ өсірген. Аулында тұратын Ермекпен аталас туыстары, көнекөз қариялар Жақанұлы Мұ­қамедия, Шалтабайұлы Нұртаза, Мұста­ғұлұлы Әзіхан қызықты деректер айтқан еді.

Беделді ру басы Жиынбайдың атағы мен абыройына қызғаныш қылғандар оның өз кіндігінен бала жоқтығын көп жағдайда көлденең тарта береді екен. Сонда да отбасының сыйластығын бұзбай, алғашқы қосағымен өмір сүруге бет алғанын байқаған жақын бір құрдасы амал жасайды. Бірде үйінің тұсына келіп:

– Жиынбай бар ма, шығып кетсін, – деп ат үстінен айқай салады. Мұндай тосын жайды тоспаған бәйбіше үйде отырып:

– Кім болсаң да, аттан түс, – деп келте жауап қайтарады.

Соны тосқандай ат үстіндегі жолаушы да:

– Балаң болса жүгіріп шықпас па едің! Біріңнің тізең, екіншіңнің белің кеткен қу бас болдыңдар ғой, – деп атын шапқа бір тартып, шаба жөнеледі.

Осы оқиғадан кейін бәйбішесі ақылына түсіп, Жиынбайға тоқал алып бермек болады. Әлтеке еліне барып, өзінің немере сіңілісіне құда түсіп, оң босаға аттатады.

Жиынбай сол екінші қосағынан жеті ұл көреді. Олардың ең үлкені Ермек, қалғандары – Жалбыр, Байтас, Бәйбек, Көшербай, Кен­жебек. Әкесі ұлдарының ішінен Ермекке ерекше пейіл бұрып, болашақ әулет иесі бо­ларлық тәрбие береді. Оқуға жіберіп, көзін ашып, көңілін оятады.

Жиынбай қайтыс болғанда Ермек үйлі-жанды, Әбдірахман және Әбеу атты ұлдары ер жетіп, ат жалын тартып міне бастаған кезі екен. Әбеу де өз заманының озығы әке орнын басқан шағында, 1911 жылы қайтыс болды. Жоғарыда айтқан Әмірхан, Әлихан, Әлімхан атты үш ұл осы Әбеудің кіндігінен тараған ұрпақтар.

Осы үшеудің ортаншысы Әлімхан 1891 жылы, қазіргі Қызыларай аулының, бұл күнде Әмірхан аталатын қыстақ төңірегінде дүние есігін ашыпты. Әлекең өз қолымен жазған өмірбаянында осы деректерді келтіреді.

Біздің ата-бабаларымыз болыс-би болып, одан кейінгі әкелеріміз Алаш мемлекетін құруда жан аямай еңбек еткендер. Осы себепті қуғын-сүргінге ұшырап, жан-жаққа жер аударылды, азаппен өмір кешті.

Сеңкібай, Найза бабаларымыздың ұр­пағы Жиынбай атамыздың ұлы Ермек қажы хақында естіп-білгендерім, есімде қалғандары мынау: 1840 жылы Омбы се­ми­нариясында оқып жүрген Ермек Жиын­байұлы деген үлкен атамыз жазғы демалыста Қызыларайдағы елге келіп жатқанда болыс сайлауы өткен. Туған-туыстары жиналып, жиырмаға енді шыққан Ермектің оқуын аяқ­татпай, өз қарсылығына қарамастан, Те­мірші болысының болыстығына сайлап жі­берген. Ермек жасынан алғыр, өткір тілді ше­шен, сол кездегі ағымға байланысты қа­зақ, орыс, француз тілдерін жетік меңгерген көзі ашық, көкірегі ояу жан болған.

Қарқаралыда 1850 жылы аға сұлтан Құ­нанбай болыс-билердің үлкен жиынын шақырады. Онда бір мәселе, Қарқаралыда қазақ мешітін салу жайы сөз болады. Негізгі құрылыс жүргізу және ақша қаражатын шешуді Құнанбай өзіне алады. Ал мешіт ішін жабдықтау, оған қажетті діни кітаптар, мүлікті табу Ермекке жүктелген. Мешіт ғимараты 1851 жылы дайын болады. Ішкі жиһаз-мүліктер мен ғылыми және діни кітап қоры шетелдерден жеткізіледі. Халық көптен күтіп, аңсаған Қарқаралыдағы қазақ мешіті сол жылы ашылады. Бұл оқиғаға аталарымның қатысы болғанын айтып отырғаным ғой. 1873 жылы Құнанбай мен Ермек Меккеге қажылық сапар шекті. Ермек өзімен бірге інісі Байтасты бірге ала кетеді. 1874 жылы Меккеден аман-есен аттанып, жолшыбай Ермек ауырып, қажылар үш күндей Мәдинеде еру жасайды. Төртінші күні Ермек дүниеден қайтыпты. Ермекті жәннәтіл-бақиға жерлеп, қажылар елге оралады.

Енді Темірші болысына 1874 жылы Ер­мектің 19 жасар баласы, Семей гимна­зиясының түлегі Әбеу болыс болып сайла­нады. Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы мен Әбеу Қоянды жәрмеңкесінде үш жүздің игі жақсылары бас қосқан төтенше съездерінде, жиындарда мәжілістес болып, небір түйінді мәселелерді бірге шешкен деседі.

Менің үлкен әкеммен бірге туған Әбеу Ермекұлының кіндігінен екі қыз, үш ұл тараған. Ұлдары – Әмірхан, Әлімхан жә­не Әлихан, үшеуі де Қарқаралыда, 2 бас­қыштық орысша мектепте оқыған.


Әкесі Әбеу 1911 жылы қайтыс болуына байланысты Әмірхан Семейдегі оқуын тоқ­татып, шаңырақ шаруашылығын бас­қаруға елге оралады. Әлімхан 1912 жылы Том технологиялық институтының тау-кен факультетіне қабылданады, оны ал­тын медальмен бітіреді. Әлімхан Ермеков 1920 жылы мамыр айында Мәскеу қала­сын­да Ленин төрағалық еткен Үкі­меттің кеңейтілген мәжілісінде «Қазақ Авто­номиялы республикасын құру және оның шекарасын белгілеу» деген тақырыпта баян­дама жасайды. Мәжіліс төрт сағатқа созылған. Қазақстанның қазіргі шекарасы, жері, негізінен, сол кеңесте шешілген.

Осылайша, Қазақстан Республика­сының қазіргі шекарасын белгілеуде халық, тарих алдында Әлімхан Әбеуұлы Ермековтің ең­бегі ерекше. Қазақта «Әкесі достың – баласы дос» дейтін сөз бар. Бір кездегі Құнанбай мен Ермектің жарастығынан басталған дәстүр Абай мен Әбеудің достығына, одан Мағауия мен Әмірханның, Тұрағұл мен Әлім­ханның достығына ұласқан. Кейін Ма­ғауия қайтыс болғанда Әбеу Ермекұлы өз баласы Әмірханды, басқа адамдарды ер­тіп, ұлы ақынға көңіл айтуға барған. Оның жағдайына қарап, кідіріп қалады. Көп кешікпей Абай дүниеден өтіп, Әбеу үлкен досын арулап көмуге қатысқан.

Әлімхан мен Тұрағұл достығының ғиб­раты мол. Әлімханның тұңғышы ол жұбайы Рахиямен арнайы қонақтап келгенде, Тұ­рағұлдың үйінде туған. Тұрағұлдың ұсынысы бойынша жас сәбиге Мағауияның есімін бе­реді. Әлімхан мен Рахия шешей құп алады.

Тұраштың үйінде дүниеге келген Ма­ғауия Әлімханұлы Ермеков – профессор, гео­логия-минерология ғылымының докторы, ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі, Қарағанды қаласында 2006 жылы өмірден өтті. Төлқұжатында Семей облысының Абай ауданында туған деп жазылған.

Ал Әбеудің үлкен баласы Әмірхан мен Бибіш анадан туғандар: тұңғышы Дәмеш Әмірханқызы Ермекова-Жүргенова белгілі мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтің зайыбы; Мүсілім Әмірханұлы Ермеков ҚР ҰҒА академигі; Мұқсын Әмірханұлы Ермеков – Украина ҒА корреспондент мү­шесі; Мүсиіп Әмірханұлы – мұғалім; Бо­пан Әмірханқызы Ермекова – доцент; Мү­сілімнің баласы Төлеген Мүсілімұлы Ермеков – ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, тех­ника ғылымдарының докторы, оның за­йыбы Раиса Кәрімқызы Ермекова - про­фессор, медицина ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері.

Әлімхан Әбеуұлы Ермеков 1938 жылғы айдаудан 1947 жылы босап, Ал­матыда, інісі Мүсілімдікіне түскен. «Алаш арыстарының бірі тірі келді», – де­ген соң сәлемедесуге келген кісілерде шек болмаған. Қорыққан, үріккенді ұмыт­қан Мұхтар Әуезов те бір топ ғалым-жазушылармен сәлемге келеді. Мұхтар есіктен: «Ассалаумағалейкум, Әли аға!» деп кіріп келгенде, сәлемін ал­мастан, Әли аға қабағын суытыңқырап: «Қар­ғашым, Мұхтар, Шәкәрім ондай адам емес еді ғой, неге ғайбат жаздың?» деген екен. Сонда Мұхтар екі қолын кеудесіне басып, бас иіп тағзым етіп: «Ғафу етіңіз, Әли аға! Шәкәрімді олай жазбасам, Абай басылмайтын болды ғой», – депті. Сонда Әли аға: «Ә, ондайы да бар ма еді, онда жарайды», – деп құшақтасып, төс түйістіріп амандасқан екен.

«Жақсы әке – жаман балаға жүз жыл азық» дейді ғой, жалғыз менің ғана атам емес, исі қазақтың қамын жеген Әлімхан Ер­меков сияқты ұлы адамдардың өмірі мен ісі әлі талай ұрпаққа өнеге боларына сенемін.

Әли аға үшінші рет жер ауып, Сібір­ден оралған соң, 1955 жылы Қа­рағандыға тұрақ­тады. Өмірінің соңына дейін Қарағанды политехникалық инс­титутында профессор болып қызмет етті. Осы күні сол Қарағанды мемлекеттік тех­никалық университетінде Әлімхан Ермеков атындағы дәрісхана бар. Адал ұрпақтарының атақты азаматқа қойған бір белгісі – осы. Туып-өскен Ақтоғайында тастан құйылған еңселі ескерткіші бар, еңбектері басылып, келер ұрпақтардың игілігіне жаратылуда.

Айналайын қазағымның қасиетті ата­мекенінің қай өңірі де тарихымызға талай тарландарды берген ғой. Соның ішінде менің шағын ғана Ақтоғайым да асылдарға кенде емес. Ақтоғай ежелден тарихы бай, шежіресі дарынды перзенттерімен әйгілі, жеріне құт-береке ұялаған аймақ.

Аруақты бабаларымыз – әрісі Қара­менде, Жидебай, Жалаңтөс, Шабанбай, одан ке­йінгі ғасырларда Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақ­баев, кешегі ұлттық өнер дүлдүлдері Күләш Байсейітова, Манарбек Ержанов, Мағауия Хамзин, ХХ ғасырда қазақтың абыройын асы­рып, адамзат ғылымының әлденеше са­ласын өсірген әйгілі ғалымдар Хайдар Арыс­танбеков, Орынбек Жәутіков, Мүсілім Ермеков, Мағауия Ермеков сынды тұлғалар қазақ халқының тарихындағы мәңгі өшпес есімдер.



Мәдениет ҚОЖАМБАЕВ.


















Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет