«Қостанай қаласы әкімдігінің білім бөлімінің С. МӘуленов атындағы гимназия»ММ



бет1/4
Дата24.04.2017
өлшемі0,66 Mb.
#15053
  1   2   3   4
«ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ С.МӘУЛЕНОВ АТЫНДАҒЫ ГИМНАЗИЯ»ММ

СЫНЫП ЖЕТЕКШІГЕ КӨМЕКШІ ҚҰРАЛ

Оқушы өміріндегі отбасы тәрбиесінің ролі
(Орта буынға арналаған)

Құрастырғандар: Шауенова Э.С.

Муртазина А.Ж.

2014-2015 оқу жылы



Көмекші құрал: Жалпы білім беретін мектептердегі орта буын сынып жетекшілеріне көмекші құрал ретінде ұсынылады.

Алғы сөз
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Болашақ ұрпағымызды тәрбиелегенде оларға жасайтын имандылық пен сауаттылық қасиеттерді сіңірсек, тәлім-тәрбие берсек, сонда ғана рухы дамыған, Отанның гүлденуіне өз үлесін қоса алатын азамат өсіре аламыз деген сөзін басшылыққа ала отырып, жалпы білім беретін орта мектеп ұстаздарына көмек ретінде ұсынып отырған көмекші құралымыздың мазмұны өте зор. Қоғамымыздың іргетасын нығайту үшін бүгінгі жас ұрпаққа үлгілі, өнегелі тәрбие беру - қазіргі білім беру және тәрбиелеудегі басты міндеттеріміздің бірі. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бала тәрбиелеуді іске асырушылар – мектеп пен отбасы. Бұл көмекші құралымыз арқылы сынып жетекші ата-аналарға отбасылық тәрбиелеудің басымдылығын таныта алады. Ұстаз ата-аналарды педагогикалық үдеріске тарту арқылы бала тәрбиесінің мақсат, міндеттерін түсінуіне, бала тәрбиесін ойдағыдай іске асыруларына ықпал ете алады. Ата-аналардың өз балаларының балабақшадағы өмірін, қалай өсіп жетілетіндігі интеллектуалдық жеке қабілетінің қалыптасатынын көріп, біліп отырғаны абзал. Ата-ана мен балабақша атқаратын істер әрқилы болады да, бірінің жұмысын екіншісі атқара алмайды, сондықтан олардың қарым-қатынасы бірін-бірі толықтыруы, бір-бірімен түсінісуі, бір-бірінің бағытында құрылуы тиіс.

Бала тәрбиесінде қолданылатын басты әдістер, бұл - үлгі - өнеге, бірлікті еңбек, әңгіме - сұхбат, баланы қолдау мен қуаттау және қорғау. Бала ата - аналар арасындағы байланысқа, басқа адамдармен қарым - қатынас орнатуына, отбасы ішіндегі тұрмыс - тіршілігіндегі жағдайларға, барша отбасылық іс - әрекеттерге қатысады. Сондықтан да баланы тәрбиелеу үшін арнайы шарт, жағдайлар жасаудың тіпті де қажеті жоқ, тек қана ата - ана мен отбасы мүшелері тарапынан дұрыс, инабатты, адамгершілік әдебі сақталған қарым - қатынас арқылы баланы тәрбиелеп, өз болашағында осы қасиеттерді басты ұстаным етіп алуын ұғындырған жөн.

Бұл көмекші құралда сынып жетекшілерге отбасындағы тәрбиенің маңыздылығы жайлы ата-аналар жиналыстарына арналған баяндамалар мен тәрбие сағаттарының жоспарлары ұсынылып отыр.


Кіріспе


Отбасы - баланың ең жақын әлеуметтендіру ортасы қатарында өмірдің мақсаты, оның құндылықтарын біліп, өзін қалай ұстау керектігі туралы алғашқы мәліметтерді береді және онда басқалармен қарым - қатынас орнатуына іс жүзінде дағдыланады. Сөйтіп, өзінің «кім» және «қандай» екенін практикада сынап байқап көреді. Отбасында әр түрлі жағдаяттар мен төтенше ахуалдарда өзін ұстаудың нормаларын, мінез - құлқын реттеудің өлшемдерін меңгереді. Ата - ананың үгіт - насихаты, түсіндіруі, олардың үлгі - өнегесі, үйдегі ахуал, отбасының психологиялық тынысы арқылы балалардың әдеті, мінез - құлқы, жақсы - жаманды бағалау критерийлері қалыптасуымен қатар қандай қылықтары үшін сөгіс алып, не үшін жазаланатынын, әділдік пен адалдық туралы ұғынып түсінеді. Перзент үшін дүниеде ең жетілген, білімді де мәртебелі адам - оның ата - анасы. Ал, ең әдемі де жарық үй - оның туылған үйі. Сондықтан да жас баланың дамуына ата - ананың орны ерекше.

Отбасы тұлғаның әлеуметтенуін қамтамасыз етеді, оның тәндік, моральдық және еңбектік тәрбиесіне болған мүмкіндіктерді мейлінше шоғырландырып, іске қосады. Қоғамның азамат мүшесі отбасынан бастау алады, қоғам келбеті отбасынан көрінеді. Отбасының аса маңызды әлеуметтік қызметтері - азамат тәрбиелеу, патриот қалыптастыру, болашақ жанұя игерген кемелдендіру және мемлекет заңдарын мойындап, құқықтарын сауатты пайдалана білетін қоғам мүшесін жетілдіру.

Отбасында баламен қарым - қатынас жасау үшін ата - аналарға мына түрдегі кеңестерді ескерген артық болмайды.

- баланы бар қалпында сүйіп, оны бала екеніне қарамастан құрметтеу қажет;

- баламен қарым - қатынас барысында оның санасына әсер ететін құрғақ сөз емес, керісінше сол сөздің қалай айтылғаны мен шын көңілден шыққанын ескерген жөн;

- баланың не айтқысы келетінін ата - ана түсініп алып, жауап қайтарғаны жөн, ал асығыстық жасаған жағдайда қорытынды жасаудан сақтанған дұрыс;

- бала жасаған келеңсіз іс - әрекеті үшін ата - ана жаза қолдана білгені жөн, ол баланың жауапкершілікті болып өсуіне ықпал етеді. Бірақ еш уақытта баланың намысына тиіп, қорламаңыз, себебі бала жаман емес, оның қылығы жаман.

-бала жөнінде басқалар (мұғалімдер, көршілер) тарапынан айтылған сын пікірлерден қорытынды жасаудан бұрын оның өзімен әңгімелесіп, жасаған іс - әрекетінің себебін анықтап болған соң шешім қабылдаған жөн, жұрт алдынды балам үшін беделімді жоғалтамын деп қорқудың қажеті жоқ, керісінше, өз балаңның сенімінен айырылмағаның дұрыс;

- балаға үйрететініңді алдымен өзің үйреніп, біліп алғаның жөн;

- күнделікті балаға қанша рет «жоқ» деп, бетін қайтаратыныңызға мән беріңіз, шыққан қорытындыдан шешім жасаңыз. Отбасында бала ата - анасына түгелдей тәуелді екенін ұмытпаңыз;

- бала жастығына қарамастан, ата - ана тарапынан қадағалағанды жек көреді, өз өміріне тек шын ықыласпен араласқанды ғана ұнатады. Бала табиғатынан ата - анасын сүйеді;

-ата - ана баланы қиындықтардың құрсауында жалғыз қалдырмауға тырысқаны жөн.

Отбасы қарым - қатынасындағы қуатты күшке ие көзге көрінбейтін ықпал, әсер дегенді бала ақылымен пайымдай алмаса да, сезініп түйсінеді. Ер бала болсын, қыз бала болсын әке - шешесі не істесе де оған үлгі, өнеге, содан үйренеді, көргенін бірде болмаса, бірде қайталайды. Баланың балғын ойы мен сенімі - алдында ең беделді тұлға әке, әлеуетті, ақылды, білімдар әке.

Ата - ананың ықпалы өзінен - өзі бола қалмайды, балалар олардың қылықтарын көздерімен көреді, ал бір көргенін тағы бір, сосын тағы бір рет көрген соң, ол мәңгі есте қалып, санасынан мықтап орын алады. Естігені де осы қағида бойынша бір, екі, үш рет естіген соң құлағында, ойында қалып қояды да, кезінде дереу дайын формула секілді санадан қалқып шығып, іс - әрекетке айналады.


Тәртіптің ең тамаша мектебі – отбасы

Мектептегі тәрбие жұмысының нәтижелігінің бір ұшы ата-аналармен, қоғамдастықпен мектептің бірлескен әрекетінде екені еш уақытта күмән туғызбайды.Бала тәрбиесі мен дамуындағы басты рөл атқарушы отбасы. Тәрбие – алдын ала жасалған арнаулы жоспар бойынша мақсаты бағыттала және ұйымдастырыла жүргізіледі. Бала өмірінің басым бөлігі отбасында өтеді. Отбасы – адамзат бесігін тербеткен ұя болса, баланың бас ұстазы – ата-ана. Сондықтан бала мектеп табалдырығын аттағанға дейінгі оның алғашқы ұстазы – ата-анасы. Отбасы мектеппен бірлесіп оқу-тәрбие үрдісінің не табысты не табыссыз болуын анықтайтын тәрбиелеуші ортаның факторларының маңызды кешенін туғызады.

Мектеп пен отбасының ынтымақтастығын жүзеге асыруда сынып жетекші негізгі рөл атқарады. Жалпы білім беретін мектептегі сынып жетекшісі – сыныптан тыс тәрбие жұмысын ұйымдастыруымен, үйлестірумен және өткізумен айналысатын педагог. Бұл сынып ұжымындағы әр алуан тәрбиелеудің түрлері арқылы мектеп пен бала арасындағы қарым-қатынасты ұйымдастырып, әр оқушының жеке өзіндік ерекшеліктерін көрсете білуіне жағдай жасап, өз қызметін оқу тәрбие жұмысының бірыңғай жүйесінде жүзеге асыратын өз ісінің шебері.Педагогикалық тәжірибеде оқушылар ата-аналармен мектеп пен сынып жетекшісі жұмысының бес түрлі қызметі анықталған.

Олардың 1 – қызметі: Ата-аналарды оқу-тәрбие үрдісінде түрлі әрекеттер арқылы тарту;

• Балалар мен ата-аналардың шығармашылық күні;

• Ашық сыныптар мен сыныптан тыс іс-шаралар;

• Ата-аналардың мектеп кеңесі жұмысына қатысуы;

• мектеп пен сыныптың материалдық-техникалық базасын күшейтуге және сыныптан тыс іс-шаралар ұйымдастыруға көмек көрсету.

2-қызметі: Ата-аналармен педагогикалық – психологиялық ағарту жұмысын ұйымдастыру ;

• Тәрбиенің жекелеген мәселелері бойынша ата-аналарға мектептік, сыныптық конференциялар ұйымдастыру;

• Психологиялық, педагогикалық, медициналық заң туралы кеңестер;

• Тренингтер;

• Қызығушылықтары негізінде (қабілетті балалар, қиын балалар, түрлі үйірмелерге қатысатын балалар т.б.) ата-аналар лекторийлері.

3 – қызметі: Ата-аналарды балаларды бірлескен әрекетке тарту

Оның формалары:

• сынып жетекшісі ұйымдастырған барлық әрекетке қатысу (саяхат, сенбіліктер, жөндеу жұмыстары т.б.);

• Жалпы мектептік дәстүрлі іс-шараларды ұйымдастыруға ата-аналарды қалыптастыру (түлектер кеші, ардагерлермен кездесу т.б.);

• Оқырмандар конференциясы;

• Отбасылық ойын байқаулары;

• Республика және оның шегінен тыс алыс жорықтарға шығуды немесе дайындалуды ата-аналармен бірге жүргізілді.

4 – қызметі: Жекелеген оқушылардың отбасындағы тәрбиеге түзету жұмыстарын жүргізу.

• Тәрбие саласында байланысты психологиялық - педагогикалық кеңестер мен көмектер беру;

• «Қиын» және «катерлі топ» балаларына көңіл бөлу;

• Отбасында жиі кикілжің нәтижесінде психологиялық ахуалды ауыр және қиын бала өсіп келе жатқан отбасына көңіл бөлу.

5 – қызметі: Ата-аналар белсенділіктері мен ата-аналардың қоғамдық ұйымдарымен өзара әрекет ету.

Ата-аналар университеті.

Ережесі:

• Әр оқушының жеке ерекшеліктерін ескеріп, оларды жеке тұлға ретінде қалыптастыруға көмектесі, оқушылардың жеке басын сыйлауға үйрету, дөрекілікке жол бермеу

• Оқушылардың жанұяларымен, ата-аналарымен тығыз байланысты болу, мәдениетті сыпайы қарым қатынас орнатуға оқушыны, ата-ананы жеке тұлға ретінде құрметтеуге үйрету

• Мектеп мүлкін сақтауға атсалысу

• мұғалімдер мен ата-аналар арасындағы тығыз байланысты орнатуға ықпал ету

• мүмкіндік болған жағдайда оқушының, ата-ананың талап-тілектерімен санасу

• Мектептегі түрлі іс-шараларға көмектесу

• Сыныптан тыс іс-шараларға өз пікірін білдіру

• материалдық техникалық базаны көтеруге көмек көрсету

• бақылаушылық қызмет

• бала тәрбиесіне ата-аналарды белсенді қатыстыру

Жас ата-аналар мектебі

Ережесі:

• Балаларды жақсы қасиеттерге баулу, үлкендерді сыйлауға, қамқор болуға үйрету

• оқушыларды имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу

• адам бойындағы ұнамды, ұнамсыз қасиеттерді айыра отырып, оқушылардың әдеп әліппесін бойына дарытуға ықпал жасау

• әдеп - ғұрыпты сақтайтын, дәстүрді жалғастыру мен қайырымды ұрпақ тәрбиелеу.

• ата-бабаларымыздың бізге жеткен көптеген ұлағатты ғибрат аларлық тамаша тәлім-тәрбиесін жас ұрпаққа ұғындыру.

• тәрбие саласына байланысты ата-аналардың сұранысы бойынша түрлі семинарлар, тренингтер өткізу.

• халқымыздың әдет-ғұрпын сақтау, жалғастыру мақсатында ата-аналармен түрлі іс-шаралар өткізуге көмектесі.

• бала тәрбиесіне байланысты түрлі сұрақтар бойынша мұғалімдер және психологтан, әлеуметтік педагогтан кеңестер алу.

• отбасында және мектептегі баланың мәдениетті жүріс-тұрысын тәрбиелеу әдістерін педагогтармен бірлесе отырып талқылау

• отбасының бала тәрбиелеудегі рөлі бойынша тақырыптық жиындар

• ата-аналары педагогикалық-психологиялық білім, біліктер мен қаруландыру

Ақсақалдар кеңесі

Ережесі:


• аталардан қалған ұлағатты,ғибрат аларлық сөздерді балаларға ұғындыру, сол сөздерді өнеге алуға баулу

• жан-жақты дамыған тұлға тәрбиелеуге ата-анаға сынып жетекшісіне көмек беру

• өз елінің патриотын тәрбиелеу

• ата-тегін білуге үйрету

• ата-баба дәстүрін жалғастыру

• оқушыларды мемлекетіміздің достық пен бейбітшілік қарым-қатынасы мен тарихын білуге тәрбиелеу

• оқушы мен мұғалім арасындағы қарым-қатынасты реттеуге ықпал ету

• мұғалім мен ата-ана арасындағы үйлесімді тығыз байланысты орнатуға ақыл кеңестер беру.

Отбасы мен мектеп арасындағы ынтымақтастыққа келесі тірек сызба бойынша ұйымдастыруға болады:

Отбасы – адам тәрбиесі үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы белгілі дәстүрлердің жағымды өнегелердің, мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игеру. Отбасы баланың азамат болып өсуінің негізі болып табылады. Отбасының басты қызметі – бала тәрбиелеу.

Отбасы тәрбиесі – бұл жалпы тәрбиенің ең басты бөлігі.

Мектеп қызметі қазіргі заман талабына сай толық өзін-өзі дамытатын тұлға қалыптастыру үшін тұлғаға бағдарланған болуы тиіс. Демек, оқушыны өзін-өзі дамытатын мәдениет адамы ретінде қарастыратын балаға деген құндылық қатынас орнату керек. Оқушы өзін басқалардың арасынан шығарып, бөлек қарамайынша, өз өмірінің мағынасын, өзін-өзі жете түсінбейінше, толыққанды білім алып, дамуы мүмкін емес.

Өсіп келе жатқан ұрпаққа бұл мәселеде көмектесу, оған қолайлы жағдай туғызып, қолдау көрсету педагог пен ата-ананың басты міндеті болуы тиіс. Балаға қолдау көрсету, біріншіден, оның рухани адамгершілігін, өзін-өзі дамытуын, оның денсаулығы мен, оқуымен, жеке бас ерекшелігімен байланысты мәселелерді шешуді қамтамасыз ету, екіншіден, балалардың дамуы және өзін өзі дамытуы үшін қолайлы жағдай туғызу , қауіпсіз орта құруды білдіреді.

Отбасы – салыстырмалы түрде тәрбиенің тұйық институты, ата-аналардың тәрбиелік күш қуаты мен мүмкіндігінің әр түрлі деңгейде болатынын ескеру қажет. Сондықтан ата-аналармен жұмыста мектеп түрлі амалдар мен әдістерді саралап қолдану керек.




Ата-аналар жиналысына арналған баяндамалар

Баяндама № 1

Отбасы - бала тәрбиесін қалыптастырушы ең алғашқы бесік

Қазақстан Республикасының Конституциясында «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу - ата - ананың табиғи құқығы әрі парызы»деп отбасының міндеті анық көрсетілген. «Қазақстан - 2030» бағдарламасында балаларымызды алыс болашақта қандай сапада көруіміз керектігі туралы айтылған. Сонымен бірге «Отбасы туралы Заң», «Жоғары және орта білім тұжырымдамасында» әрбір отбасында өзінің ұрпағын тәрбиелеп, қатарға қосу міндеті жүктелген. Сөйтіп, отбасының әуел бастан - ақ өзіне тән киелі міндетін орындау қажеттілігі бекемделе түсті.

Балалар өз бойынан ата - анасының бар болмысын көрсетсе, керісінше ата - аналар да өмірінің жалғасын балаларынан көреді. Әсіресе, балаларды жас кезінен бастап тазалыққа, жинақы - ұқыптылыққа, еңбекті сүюге және оның қадір - қасиетін түсінуге, үлкендерді соның ішінде жасы үлкен қарттарды құрметтеуге және оларға мейіріммен қарауға, ал өзінен кішілерге қамқор болуға үйрету ежелден келе жатқан тәрбие құндылықтары болып саналады. Ата - аналар өсіріп отырған ұл - қыздарын жағымсыз қылықтардан сақтандырып отырған. Сондықтан да баланың бойынан көрінген кейбір елеусіз кемшіліктерді дер кезінде түзеп, ескерту жасап тұрудың маңызы үлкен болған. Себебі бүгін еленбейтін болып көрінген кішкентай қателік, ертең үлкен бір даулы мәселеге жол ашып беруі мүмкін. Ал мұның соңы жақсы нәтижеге алып келмейтіні рас.

Отбасында жасы кіші балаларды ұқыптылық негізінде тәртіпке салу, мәдениетті етіп тәрбиелеу, оларды өздерінен үлкендерді құрметтеуге, оларға «сіз» деп сөйлеуге, сәлемдесу ережелеріне мән беруге, жағымсыз қылықтардан өздерін аулақ ұстауға үйретіп бару да өте қажетті маңызды мәселе. Кейбір ата - аналар өз перзенттерін шектен тыс еркелетіп, баланың бетінен қақпай, көңіліне қарап тәрбиелейді немесе отбасындағы өнегелі тәрбие мөлшеріне немқұрайлылықпен қарайды. Ал мұндай көріністер баланың бойында кері қасиет пайда болуына тікелей жағдай тууына себеп болады. Бұндай қолайсыз жағдайларға тап болуына баланың өз ата - анасы кінәлі емес деп қалай айта аласыз. Бірақ осындай ата - аналар өз кемшілігін сезініп, өздері мойындай да бермейді. Бұл тәрізді жағдайлар аз болса да өмірде кездесіп тұратын шындық. Қаншама ата - ана болса, баланы тәрбиелеу әдістері де, түрі де соншалықты болатыны анық жағдай. Оларға: жылы сөзбен көндіру, көнбесе қорқыту, айқайлап үркіту, мақтау мен мадақтау, қаталдық құрсауына салу, жазалау т. б. Әдістер ата - аналар таңдаған тәрбиелік бағыт - бағдарға тәуелді келеді: біреулері өз баласын тіл алғыштыққа тәрбиелегісі келеді, осыдан олардың таңдаған әдісі ересектер талабын мүлтіксіз орындатуға бағдарланады. Екінші біреулері дербес, өз бетінше ойлай білуге негіз болар тұлғалық қасиеттерді орнықтыруды көздеп, осыған сәйкес әдістік жолдары таңдалынып, қолданады.

Отбасылық тәрбие арасында ата - аналар баршаға бірдей ортақ жалпыланған әдістерді пайдалану үрдіске айналған. Мұндай әдістер түрі: сендіру, жазалау, кей отбасыларда педагогтар кеңесі мен тәрбиелік жағдайлар әдейі жасалып қолданылады.

Ал ата - аналар тәрбиесі әдістерін іріктеу мен қолдануда мына жағдайларды ескерген жөн.

1. Әрбір ата - ана өз баласының болмысын жете тани білуі қажет.

2. Ата - аналардың жеке тәрбиесі мен беделі, отбасында орнатқан қатынастар сипаты.

3. Ата - аналардың тәрбиелік істерінің бірлігі, іс - әрекеттер әдістерінің басымдығы болуы.

4. Ата - аналардың педагогикалық мәдениеті, тәрбиелік ықпалдардың қыр - сырларын үйренуі, тұрмыстық қажеттілікке айналдыру.

5. Отбасылық тәрбие ережелері.

Отбасындағы жалпы қарым - қатынас, үйдегілердің бір - біріне деген сый құрметі немесе басқалармен болған байланысы, сөз шеберліктері, яки болмаса, жағымсыз қылықтары жас баланың қалыптасуына үлкен әсер етеді. Әсіресе, отбасындағы ата - аналардың ажырасып кетуі, ортада қалған балаларға қатты әсер етеді. Соның салдарынан анасыз немесе әкесіз тәрбиеленген балалар жасық немесе кекшіл, көңілі жарым болып өседі. Ал ата - анасы ішімдікке салынып, бір - бірімен жанжалдасып, адамның көңіліне дақ түсіретіндей сөздермен бір - бірін балағаттау, осындай кикілжің отбасындағы ұрыстардың кесірінен өз балаларын да ұрып - соғу немесе баланың әрбір сөзіне жеки жауап беру де баланың психологиясына кері әсер етеді. Кейде осы үйдегі ұрыс - керістің салдарынан көрші - қолаңдармен де керілдесіп қалу, сөйтіп олармен де жанжалдасып, айқай - шу көтеруі, сол өздері тұрған жердегі адамдардың да тыныштығын алуы, ол үйге деген өзгелердің де пікірін өзгертіп, балаларын оларды балаларынан аулақ ұстауы сол үйдегі өсіп жатқан баланың мінезіне әсер етіп, бала тұйық, жасқаншақ болып өседі және осы жағдай балаға теріс әсер етеді. Өсіп келе жатқан бала мұны тез және өзіне жақын қабылдайды. Отбасындағы кез келген жағдаятта ата - ана мен үйдің үлкендері бала алдындағы сөздері мен іс - әрекеттерінде әдептілік танытқаны жөн. Мысал ретінде алатын болсақ, ата - ана арақ пен темекінің көптеген зияндығын біле тұра, баланың құлағына соны құя тұра, балалардың көзінше өздері арақ ішіп, үсті - үстіне темекі тартса, одан ешқандай жақсы тәрбие ала алмайтыны анық нәрсе. Мұндай жағдайда бала басқа өмірді аңсайды, не болмаса теріс беріліп отырған тәрбиеге тез бой алдырады. Ал егер осы теріс жолға бала мүлде бет бұрып кетсе, онда бәйтеректің бір бұтағы қисық өскені дей беріңіз. Болашағында бақытсыз қыз бен келешегі жоқ бұзақы ұл осыдан шығады. Сонда кінәні кімнен іздейміз?

Осы жерде тағы бір айта кетерлік жайт, ата - ананың бір - бірімен болған қарым - қатынасы. Мәселен, біздің халықта ер адамды ұлық тұтқан.. Ол – үйдің отағасы, балалардың әкесі. Ата - ананың бала өсірудегі басты мақсаты - қоғамдық өмірге көпшілікпен қатар «түзу кірпіш» қалау. Үйде анасы жұбайын құрмет тұтып, оның абыройын балаларының алдында көтеріп ұстаса, бала да әкесіне ұқсап, беделді болып өсуге ұмтылады. Керісінше, әке де зайыбына жылы сөйлеп, оны «ана» деп құрметтесе, балалар ананың өмірдегі құдіретін түсініп, оның көңіліне қаяу салмауға тырысады. Ал үйдегі ата мен әженің орны ерекше екенін айтып өту орынды. Олардың сөзін жерде қалдырмай, өмірден көрген тәжірибелерінен сабақ алу - таптырмайтын өмір мектебі десе де болады.

«Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді дана халқымыз. Осы айтылған халық даналығына келсек, бала кішкентай кезінен - ақ әр нәрсеге әуестеніп, үлкендерге көмектескісі келіп өседі. Баланың бұл іс - әрекетіне кейбір ата - ананың «жұмысымды бөгейсің, істеп жатқан ісімді бүлдіресің» деп ұрсып жіберетіні бар. Бұл - қате түсінік.

Дана халқымыз: «Адамның бақыты - еңбекте» деп бекер айтпаған. Шынында да, адам өз қадірін, құрметін сол адал еңбегі арқылы алады. Ата - аналар балаларын жастайынан – ақ еңбек етуге, қандай қиыншылықтар болса да төзіп, оны жеңуге үйретіп келген. Олар бірер жұмыс істегенде перзенттерін жанына алып, олар ығыр болып кетпейтіндей дәрежеде жайлап түсіндіріп, үйретіп отырса, балалар жұмысты тындырымды істеуге қалыптасады. «Әкенің кәсібі, ананың рәсімі» деген қағиданы ұмытпауымыз керек екен. Яғни, балаларды жастайынан әке кәсібіне, ал қыз балаларды анасының рәсіміне баулу бұрыннан келе жатқан дәстүріміз.

Балалармен әңгімелесуге де уақыт тауып отыруымыз қажет және олардың сан алуан пікірлерімен санасып, есепке алып отырған орынды. Өз туған баласымен түрлі тақырыпта ашық сөйлесе алмайтын, сырласа білмейтін ата - аналар да жеткілікті. Олар оны «Күндізгі уақытта екеуміз де жұмыстамыз, кешкісін үйдің тірлігінен қол босамайды, баламен отырып сөйлесуге уақыт та, шама да жоқ» деген себеппен түсіндіреді. Бұл дұрыс емес бала тәрбиесіндегі өте дөрекі қателік болып саналады. Баламен ашық сөйлесу үшін арнайы уақыт бөлудің де қажеті жоқ. Ата - ана өз балаларымен үй шаруасында жүріп - ақ әңгімелесуіне болады. Бұл ата - ана жағынан жасалған іс - әрекеттер келешекте ата - ана мен бала арасындағы қарым - қатынастың сенімді деңгейде болатынын болжайды.

Адамзат қоғамының даму тарихында ғасырлар бойы қоғамды құраушы жеке адамдардың мінез - құлық жағынан пісіп - жетілуі, қалыптасуы әр заман, әр ұлт ойшылдарының санасынан терең орын алып, пікір күресін тудырып келген. Жалпы шығыс пен батыс гуманистерінің бәрі де «Дүниенің ең асылы, бағалысы - адам, ал оның бақыты - бала» деп білген.

«Адам бақыты - бала» деген ғұлама ойшылдарының пікірін біздің қазақ былай тұжырымдайды: «Адам бақыты - бала, егер ол саналы болса». Сондықтан қазақ құдайдан бала сұрағанда

«О, құдай, бала бер,

Бала берсең - сана бер!

Санасыз болса,

Қайта өзің ала бер» дегенінен сан ғасыр бойы өз ұрпағын «сегіз қырлы, бір сырлы» өнегелі де өнерлі, адамгершілік ар - ожданы жоғары, намысқой азамат тәрбиелеп келгені - тарихи шындық.

Отбасының басты қазығы, алтын тіреу діңгегі - бала. Дүниеге келерінде де, келген соң да әке - шешесін боямасыз татулыққа, сыйластыққа, ынтымаққа шақыратын, ата - ана көңілін жақындастыра түсетін - бала. Перзентсіз үйдің бар жұбанышы бүгінгісі ғана, оның өзі де өткінші екенін, ертеңгі қуанышы, қызығы қырқылып, үзіліп қалатынын әділетшіл халық ашық та айтады, ашып та айтады. Сондықтан да ол «Бесіксіз үйде береке жоқ» деп түйеді. Бұл - халықтың қамын қарастыру, елдікті ойлау, елдің ертеңгісі жөнінде қам жеу. Осы ойды ертеден келе жатқан «Ата - бәйтерек, бала - жапырақ» деген бейнелі мақал да растайды. Әрине, өсетін, өрбитін ағаш жылда бүршік жарады, жапырақ жаяды. Болашағы бар деп осыны айтады. Келешекке үміт артуды көп балалы болумен де ұштастырады халық.

Балаға отбасы мүшелерінің сөзі, мінез - құлқы ғана емес, ондағы қоршаған заттар да әсер етеді. Үйде кітап көп болса, отбасы иелері - әкесі мен шешесінің ұстағаны қағаз, қалам, оқығаны кітап болса, баланың да көз ашып көргенінің қаншалықты әсерлі болатыны ғылыми - педагогикалық, көркем әдебиеттерде де айтылып келеді. Баланың естігені оқу - ғылым жайлы болса, әке - шешесінің сөзі де сол болса, ондай баланың болашақта таңдап алар жолы да соған сәйкес болмақ, әрине егер ата - анасы соған оны тарта білсе.

Қазақ халқы, әсіресе, өмір гүлін үздіксіз егетін ананың ақ сүтін, адал еңбегін айрықша атайды. «Ажалды ана жеңеді, ана жеңбесе бала жеңеді» деп ана арқылы өмір желісі үзілмейтінін, бала арқылы жалғасатынын парасаты биік, білгір халық бейнелеп білдіріп отырады.

Бұзақылықтың басы – баланың бос жүруінен басталады. Үй шаруасына қол жұмсамай өскен бала өсе келе қолы бостығынан, зеріккендігінен үйден тыс теріс әрекетке беріледі, қисық жолға түседі. Оған қоса кейбір ата - аналар түрлі сылтау айту салдарынан балаларын өтірік айтуға үйретеді. Кейде сабақты жиі қалдырған балаға әр түрлі сылтауды тауып айтуды үлкендердің өзі үйретіп отырады. Бұл жағдайда ата - ана балаға өтірік айтуды үйретіп отырғанын аңғармай да қалуы мүмкін. «Жас шыбықты қалай исең, солай өседі», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мақалдар осыған дәлел. Сондықтан ата - ананың берген тәрбиесі бала өмірінде үлкен із қалдыратынын ескерген жөн. Баланың бойына барлық жақсы қасиеттерді дарытуда оларды дамыту, тіпті жанында жүрген достарына дейін мән беру, баланың бойында табиғат сыйлаған дарыны болса дамыту, дұрыс білім алуына жағдай жасау - ата - ананың басты парызы.

Бала тәрбиесі игілікті іс деп саналады. Бала - табиғатынан өте құмарпаз, әуесқой және тынымсыз айнала зерттеушісі. Әр бала басынан сипағанды, жылы сөйлегенді, аялап еркелеткенді, ертегі мен әңгіме тыңдағанды, ойын ойнағанды ұнатады. Мұның барлығы - баланың бойындағы ересектерден ерекшеленіп тұратын негізгі қасиеттер. Бұл қасиеттер тек балаға ғана тән. Сонымен қатар осы қасиеттерді баланың жастайынан ата - анасы ескеріп тәрбие бергені дұрыс, ескерілмей қалған жағдайда балалық шағынан шыққан ересектің жағымсыз қылықтары мен іс - әрекеті ата - анасына таяқтай тиеді, баланың болашағы болмайды. Осыған қоса баланың сезімі де пәк екенін естен шығармаған жөн. Баланы періштеге теңеу осыдан шыққан ба деген ой келеді.

Ендеше бала тәрбиесінде «ұсақ – түйек » деп атап, мән бермей қалдыра салатын еш нәрсе жоқ және еш қателесуге қақымыз да жоқ. Бала - әр отбасының бақыты. Олай болса, өз бақытымызды бағалауымыз қажат.



Баяндама № 2
Отбасындағы тәрбиенің ерекшеліктері
Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, «Адамның бақыты — балада» деген екен. Кез келген адам өзі өмір бойы қуып жете алмайтын бақыт деген құдіретті сөздің өлшемі өмірінің жалғасы ұрпағымен келетініне мән бермеуі де мүмкін. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреуі даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздестіреді. Мұның бәрі түсінген адамға қолдың кірі сияқты нәрсе. Адамға нағыз бақытты — тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз тегін айтылмаса керек. Олай болса адам өмірінің мәні — өз ұрпағы. Шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап ата-ана алдында нәзік те қиын, қыр-сыры мол үлкен қоғамдық міндет тұрады. Ол — бала тәрбиесі. Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз — ата-ана. Бала үшін үй ішінен, ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер — жанұяда тәрбие балаға сөзбен, теориямен дамымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді халық даналығы. Бала кішкентай кезінен-ақ әр нәрсеге әуестеніп үлкендерге көмектескісі келеді. Бұған кейбір әке-шеше «жұмысымды бөгейсің, істеп жатқан ісімді бүлдіресің» деп ұрысып жіберуі мүмкін. Бұл қате түсінік. Керісінше, өзің жұмыс істеп жүргенде баланың қолынан келетін ісіне жағдай туғызып, оның үйренуіне көмектескен орынды. Тіпті балаға берген тапсырмаңыздың аяғына дейін орындалуына төзімділікпен бақылау керектігін де ұмытпаған жөн. Өстіп баланың бірте-бірте еңбекке деген болашағына жол ашылады. Әрі істеген ісін ұқыпты да тындырымды орындауына бағыт бересіз. Баланың жақсы ісін мадақтап, терісін оң етіп түсіндіріп отырса, ол да ересектерді сыйлап, кез келген тапсырмасын орындауға қарсылық білдірмейді. Орынсыз ұрысу,зеку, сұрақтарына дөрекі, келте жауап беру немесе әділ талап қоя алмау ата-ананың беделін түсіреді.

Баламен сөйлесуге тіпті арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Әке мен шеше ұл-қыздармен үй шаруасында жүріп-ақ әңгімелесіп, ой бөлісуге неге болмасқа. Жанұядағы жанжал, үлкендердің аузына келген сөздерді айтуы, баланың көзінше басқа біреуді сөгуі, біреудің сыртынан өсек айтуы балаға теріс әсер етеді. Бала алдында әке-шеше үй ішінің үлкендердің әдептілік танытқаны жөн. Мысалы, арақ пен темекінің толып жатқан зиянын біле тұра, балалардың көзінше арақ ішіп, үсті-үстіне темекі тартқандар бар. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дейді, ертең-ақ ұл өсіп ер жетеді, қыз өсіп бой жетеді.

Сонда арақ пен темекінің зиянын қалай ұқтырамыз.Негізінен жанұяның шырқы бұзылған, ата-анасы маскүнемдікке салынған немесе жарамдық жағынан азғынданған ортада бала, жасөспірім қашанғы жиренішті көріністі, ондағы айқай-шу мен дау-жанжалға, ұрыс-керіске шыдап жүре бермек. Баланың бойына барлық жақсы қасиеттерді дарыту, тіпті жанында жүрген достарына дейін мән беру, табиғат сыйлаған дарыны болса дамыту, дұрыс білім алуына жағдай жасау — ата-ананың басты парызы. Ендеше бала тәрбиесінде ұсақ-түйек дейтін ешнәрсе жоқ және сол нәрседен де қателесуге қақымыз жоқ. Бала — әр жанұяның бақыты. Олай болса, өз бақытымызды бағалай білейік. Шәкәрім атамыздың «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар барлығынан үстем болатын адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл сапалар адамды дүниеге келген күнінен бастап тәрбиелейді» дегеніндей, құнды қасиеттерге не рухани адамды қалыптастыру - шынында да, оның туған кезінен басталса керек. Ал адамның адам болып қалыптасуында ата-анамен қатар тәрбиеші мен мұғалімнің де рөлі бар.

Қарапайым мысалға жүгінсек, мектепке келген кезінде сондай сүйкімді, тілалғыш, жүрегі таза, сезімі пәк жас бүлдіршін орта немесе жоғары буынға келгенде неге өзгеріп сала береді? Сондықтан мына бала қандай еді, қалай өзгеріп кетті? Мынадай жаман әдеттерді қайдан үйреніп ала қойды? Неге озбырлық жасуға бейім болып алды ?- деген сияқты сауалдар алдыңнан кесе-көлденеңдейді. Әрине, оның себептерін жан-жақтан іздеуге болады. Ата-анасын жүрген ортасын қосқанда оның тәрбиесіне мұғалімнен басқа бірнеше адамның қатысы бар. Балаға жүрек жылуы қашан да қажет және ол ешқашан артық болмайды. Ата-анасынан көрмеген сүйіспеншілікті мұғалімнен көрген бала менің ата-анам да осындай болса, деп армандауы мүмкін. Мұғалімін тек жақсы қырынан таныған оқушы үшін оның айтқаны анық, дегені дәл болып көрінеді. Баласын қалай жақсы көретінін дұрыс білдіру кез келген ата-ананың қолынан келе бермейді. Біреу жақсы киіндіріп қояды, біреу тамағы тоқ болса болды деп, қалтасына ақшасын салып бергеніне мәз. Біреулері өте қатал, айтқанын орындатады. Бала қорыққаннан уақытша тыңдайды, бірақ ата-анасының уысынан шыққан соң өзін - өзі ұстай алмайтын жағдайға жетеді. Мұғалім оқушыға материалдық жағдай жасағанмен, оның өміріне азық болар ең қымбат асыл қасиеттер: адамзаттық құндылықтармен, біліммен қамтамасыз етіп, қаруландырады. Алтын бесік - отбасы болса, алтын ұя - мектеп. Иә, олардың алтынға балануы неліктен? Екеуі де қасиетті, әрі қастерлі. Өйткені, отбасы Адамды дүниеге әкеліп, қалыптастырып, дамытып, жетілдіріп жатса, мектеп ақылы мен білімі адамзаттық құндылықтармен толысқан, жан-жақты жетілген, өз бетімен өмір сүруге бейім, қоршаған ортамен тікелей байланысқа шыға алатын, толыққанды Адам етіп тәрбиелеп шығарады. Осы екі ортаның да мақсаты - ортақ, міндет - біреу.

Демек, мұғалім мен тәрбиеші қауымының қиындықтарға жиі кездесіп, үнемі толғаныста жүретіні де содан. Сондықтан кез келген мұғалім баламен байланысқа шықпас бұрын, оқу-тәрбие жұмысындағы қызметін өзін-өзі танудан бастағаны жөн. Өзіңнің бала болғаныңды, өзіңнің ата-ана екеніңді, өзіңнің ұстаз екеніңді ой елегінен жиі-жиі өткізіп отырсаң, өзге алдындағы жауапкершіліктің сыры бірден айқындала бастайды. Ғұлама Әл-Фараби «Дүниедегі ең оңай нәрсе ақыл айту, ең қиыны өзіңді өзің түсіну» десе, К.Маркс «Өзіңді өзің тану-даналықтың бірінші белгісі» деп ескертеді. Ең бастысы, баланың жан азығына зәру екеніне еш уақытта ұмытуға болмайды. Абай атамыздың жетінші қара сөзінде «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біріншісі - ішсем, жесем, ұйықтасам деп туады. Бұлар тәннің құмары, бұлар болмаса тән жанға қонақ үй бола алмайды, hәм өзі өспейді, қуат таппайды. Екіншісі - білсем екен деп ұмтылып, одан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене ?» «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» «бұл неге бүйтеді ?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі « жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен» деген үлкен пәлсапалық ой жатыр. Яғни, балаға туғаннан тән азығы - тамақ қандай қажет болса, жан азығы - жылулық, сүйіспеншілік те сондай қажет. Ал оның қажетін қанағаттандырмай, түпкі мақсат ешқашан орындалмайтыны белгілі жәйт. Мұны мұғалім де, ата-ана да әсте естен шығармағандары жөн.


Каталог: uploads -> doc -> 10dc
doc -> Ана тілі №2. Тақырыбы: Кел, балалар, оқылық Мақсаты
doc -> Сабақ жоспары «Сәулет және дизайн» кафедрасының арнаулы пән оқытушысы, ҚР «Еуразиялық Дизайнерлер Одағының» мүшесі: Досжанова Галия Есенгелдиевна Пәні: Сурет және сұңғат өнері
doc -> Сабақ Сабақтың тақырыбы : Кіріспе Сабақтың мақсаты : «Алаштану» курсының мектеп бағдарламасында алатын орны, Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі тарихының тарихнамасы мен дерекнамасына қысқаша шолу
doc -> Тәрбие сағаттың тақырыбы: Желтоқсан жаңғырығы
doc -> Сабақтың тақырыбы : Әбунасыр Әл- фараби Сабақтың мақсаты
doc -> Сабақ жоспары Тақырыбы: Үкілі Ыбырай Мектеп:№21ом мерзімі
10dc -> Сабақтың мақсаты: 1 Білімділік
10dc -> Қысқа мерзімді жоспарлау, орта мерзімді жоспарлаудың негізінде, күнтізбе және пәндік бағдарлама бойынша
10dc -> Конспект занятия в старшей группе по фэмп с использованием логических блоков Дьенеша и палочек Кюизенера Тема: «В поисках сокровищ»
10dc -> Тақырыбы: Мінез жайлы теориялар


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет