«Қостанай таңының» кітапханасы Сәлім меңдібаев



бет13/24
Дата04.11.2016
өлшемі4,05 Mb.
#348
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   24

2. Замана қылын дөп басқан
Кейде сенбі, жексенбі демей редакцияға барып, алдын ала уәделескен адамдармен кездесіп, немесе келесі нөмірге беретін шұғыл бір дүниелерді жазып отыратын әдетім бар. Мұндай әдет жалғыз маған ғана емес, көптеген әріптестеріме тән. Қашан барсам да алдымнан Сергей Харченко шығады. Осы сенбіде де солай болды. Жол жүруге дайындалып жатыр екен. Үстіне жолға ыңғайлы киім киіпті.

– Алысқа тарттыңыз ба, Сергей Васильевич? – деймін.

– "Шолақсайға" барамын. Газеттің 100 жылдығына орай оқырмандармен кездесу жоспарланған еді.

– Жолыңыз болсын, Өмірзақ Ыхтиляпов мырзаға сәлем айта барыңыз. "Қостанай таңының" 100 данасын жаздырып алыпты, ризамыз, – деймін.

– Жақсы жігіт, болашақты ойлайды, – деп қостайды ол.

Бұдан бір күн бұрын ғана Астанадан оралған еді. Онда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың журналистермен жүздесуіне қатысқан-ды. Оның алдында Журналистер конгресі жұмысына байланысты Алматыда болған. Енді күннің демалыс екеніне қарамай алыстағы "Шолақсайға" тартып барады.

Өйткені, оның табиғаты солай. Бүгін істейтін істі кейінге қалдыру ол үшін жат дүние. Әйтпесе замана талабына ілесе алмайтынын, оның нәзік қылын дөп баса алмайтынын ол жақсы біледі.

Мұның бәрі оған бала жастан дарыған қасиет дерсің. Журналист Харченконың өмір жолына көз салған адамның кез келгені осындай тұжырым жасары хақ.

... 1945 жыл. Украина. Жаздың бел ортасы. Ұлы Жеңістен кейін екі ай ғана уақыт өткен. Қан-жоса болған, қасірет шеккен Украина халқы енді ғана бойын тіктеп, бейбіт өмірге араласа бастаған сәт. Әркімнің де жүзінде қуаныш, Жеңіс қуанышы. Дәл осындай сәтте қарапайым отбасы Василий Харченконың үйінде, Польеседе осы сары бала Сережа дүниеге келеді. Бейбіт өмірдің, Жеңістен кейінгі қуаныштың белгісіндей жар салған сәбидің дауысы бүкіл хуторды қуанышқа бөлегені хақ.

Сол Сергей жеті сыныпты бітірісімен мамандық алмақ болып, кәсіби-техникалық училищеге жол тартады. Дзержинск қаласындағы оқу орнына бара жатқанда аяғына киген жалғыз ботинкасын біреулер ұрлап кетеді. Сары бала алға жалаң аяқ ұзай береді. Ақыры дегеніне жетіп, тас қалаушы-бетоншы мамандығын алып шығады. Он төрт жасар Сережа үйде қалған анасын сағынып, тіпті кейде көз жасын да сығып алатын. Бірақ алға қойған мақсатына жетпей тынбайтын жасөспірім оқуды аяқтап, қолына куәлік алғанша тырп етпейді.

Соғыстан кейінгі жұпыны тіршілік бөтен жол іздетті. Ол кезде Қазақстан тыңының дүркіреп тұрған тұсы. Сонау Украинадан жүрек қалауымен Қазақстанға келген Харченко мұнда да талай істің басын қайырады. Әскер қатарында болады. Құрылысшы-тас қалаушы болып, талай ғимараттар салады, комсомол жетекшісі болып сайланады. Облыстық партия комитетінде істейді. Баяғы бала жастағы арманы алға жетелеп, Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетін бітіреді. Тағы оқиды, кандидаттық диссертация қорғайды, тағы оқиды, докторлық диссертация жазып, оны Москвада сәтті қорғайды. Ол бүгіндер социология ғылымының докторы, профессор, Қостанайдағы Ахмет Байтұрсынов атындағы мемлекеттік университетінде "Редакциялық менеджмент" пәнінен дәріс оқиды. Өйткені профессор Харченко осы саладағы ең бір білікті мамандардың бірі, теорияны тәжірибеге айналдырып, мүлдем жаңа сипаттағы редакция құрған, ақпарат айдынында ақ кемедей жарқыраған, бәсекелестікке қабілетті, оқырмандары мол газетке басшылық жасап отырған жан.

– Бас редактор қызметінің төрт дәрежелі қиыншылығы бар, – дейді ол. – Бірінші, ұжыммен тіл табыса білу керек. Ал шығармашылық ұжымда тегін адам жұмыс істемейді, әркімнің өз пікірі бар, әркім де талантты, қабілетті, әркімдікі өзінше дұрыс. Ал соның бәрін бір мақсатқа бабымен бағыттау оңай ма, оңай емес.

Екінші қиыншылық, билікпен қарым-қатынас. Тұтқа ұстап отырған қай шенеунік өзі туралы немесе өзі басқарып отырған сала туралы бөтен сөзді жақсы көреді дейсің. Ал өмірдің аты – өмір. Кейде лауазымды адамның бет-жүзіне қарамай, сынауға тура келеді. Өйткені, баспасөздің басты міндеті де сол, кемшілікті ашып көрсету, оны жоюға септесу. Кейде журналистерге қорған болуға, араша түсуге тура келеді. Ал үлкен бастықтар мақала авторын емес, бас редактордың өзін "кілемге" шақырып, сыбағасын беруге жұлқынып тұрады. Тіпті ашу үстінде негізсіз, ешбір уәжге құлақ аспай алысқа кетеді.

Тағы бір қиыншылық – құрылтайшылармен арадағы қарым-қатынас. Бұл дегеніңіз – экономика. Әрбір істі, әрбір шараны, әрбір жобаны дәлелдеу керек. Соған орай қаржы бөлінеді ғой. Бұл ретте ерекше ептілік, экономикалық дәл есеп және дипломатия керек. Бас редактордың бас қатыратын маңызды бір ісі де осы.

Ал енді ең басты қиыншылық – оқырманмен байланыс, соның пікірі, соның қалауы, соның таңдауы. "Оқырман не дейді?", "Оқырман қалай қабылдайды?", "Оқырманның жүрегіне жете ме?" – редакциядағы әрбір журналист осы теңіректе ойлануға тиіс. Бұл енді шығармашылық процесс. Сол жанды үрдіске басшылық жасау, қаламгердің ар-намысына тимей, сағын сындырып, мысын баспай, дұрыс арнаға бағыттап жіберу нағыз редактордың қолынан ғана келетін іс. Біреудің жазғанын қолымда билік бар деп өз қалауыңа икемдеп редакциялау, автордың өзіндік қолтаңбасына қиянат жасау – әбестік. "Жақсы редактор түзейді, жаман редактор күзейді" деген қанатты сөзді ешқашан ұмытуға болмайды.

Міне, шығармашылық ұжым басшысының ұстанған қағидасы, күнделікті ісінің түп-тамыры осындай.

Сергей Васильевич – бүкіл республикаға танымал тұлға. Оның атқаратын қоғамдық жұмыстары да сан-салалы. Солардың кейбіреуін ғана атап өтейікші. Ол Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы бұқаралық-ақпарат құралдары жөніндегі кеңестің мүшесі, Қазақстан Журналистер Конгресінің мүшесі, Қазақстан халықтары ассамблеясының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы... Ол Тәуелсіз Қазақстанның "Құрмет" орденімен, "Астана", "Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 10 жыл" медальдарымен наградталған, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, бірнеше кітаптардың авторы.

Ең бастысы, бас редактор ерекше қамқор, ілтипатты және ішкі мәдениеті жоғары жан. "Костанайские новости" газеті редакциясында әріптестерімнің қай-қайсысы болмасын оған ерекше құрмет, шынайы ықылас-пейілмен қарайды. Керек болса, бас редактор кез келген қызметкерін қорғау үшін шайқасқа да шығады. Көмек керек болса, қолы ашық. Осы редакцияның сектор меңгерушісі, ерекше талантты және еңбекқор журналист Людмила Фефелова аяқ астынан науқастанып, бес ай бойы емделіп, бес аурухананың төсегінде сарғайғанда оның өзі мен отбасына ерекше қамқорлық көрсетіп, қаржы жағынан қиыншылық көрмеуін мұқият қадағалаған да Харченко еді. Редакцияға жаңа келген Олег Гурский, Людмила Круглова, Инна Штыкельмайер сияқты жас журналистерді қанатының астына алып, тәрбиелеп, реті келгенде мәртебелі сыйлықтарға ұсынып, қанаттандырып жүрген де осы Харченко.

Мен өз басым да әріптес ретінде осы Секеңнің ақ көңілі мен риясыз ықылас-пейілін үнемі сезініп жүрген жанмын. Өмір болған соң өлім де болары хақ. Аяулы жарым дүниеден өткенде өзгелерден бұрын келіп, өзекті өртеген қайғыма ортақтасып, үйге келген ағайын-туған, жек-жаттарға көңіл айтып, көңілімді демеген, материалдық та, моральдық та көмек көрсеткен жанның бірі осы азамат еді. Кеше ғана Қазақстан Журналистер одағының сыйлығын алғанда газеті арқылы "С удовольствием поздравляем коллегу" деп шынайы ықыласын жалпақ елге жария еткен де осы азамат еді.

Әжесінің баласы

немесе соғыс зардабынан тумай жатып жетім қалған

бір жалғыздың тағдыры туралы толғаныс
1. "Жалғызымның болсайшы жары құдай"
1942 жыл. Ұлы Отан соғысының ең бір ауыр кезеңі. Торғай төсіндегі Түйемойнақ ауылынан да атпал азаматтар майданға аттанып жатты. Кезек Тасқынбайға да келді. Айы-күні жетіп отырған келіншегі азаматын қиямет-қайымға шығарып салып тұрып, екі көзге ерік берді. Жүрек шіркін бір сұмдықты сезді ме, өксігін баса алмай солқ-солқ етті. Ақыры қан майданнан қасірет арқалап қара қағаз жетті. Екі айдан соң өмірге майдангердің ана құрсағында қалған ұлы келді. Көктем шығып, жер-көктің құлпырып тұрған шағы еді. Мамыр айында ен дала бөтен бір күйге енеді, қыр ассаң болды ен жазықтың қызылды-жасылды гүлдері менмұндалайды. Торғай өзені сылаң қағады. Жас босанған ана құндақтаулы Жақсыбайын алып, сол өзенді жағалай жүріп, сәбиін көкірегіне басады. Іші толған шер-шемен. Он сегізге енді толған жас келіншек Базаркүл сол сәтте не ойлады екен, кім білсін...

Жақсыбайына әжесі Оқадиша жан теңгермейтін. Әкесінің ағасы Қайырбек болса құндақтаулы сәбиді алдына ала отырып, қара домбырасын күмбірлетеді. "Жақанжаным бір төбе, қалғандары бір төбе" деп майдангерден қалған жалғыз тұяқты бауырына басып, күңіренеді. Өйткені оның қалтасында інісінің ұрыс даласында ерлікпен қаза болғаны туралы командирлері жазған хат жатқан еді. Жақын-жұрағатқа, ана мен келінге бұл қасіретті қалай жеткізерін білмей тек домбырасын сарнатудан танбапты-ау қайран бауыр...

Бұл ел ішінің де тым күйзеліске түскен сәті еді. Күш шығаратын ер азаматтар майданда, ауылда кәрі-құртаң, қатын-қалаш, бала-шаға. Титықтатқан тіршілік Қайырбекті де қармаққа түсіреді. Ол қайтыс болған соң баласы болмаған әйелі бөтен біреудің етегінен ұстайды. Жастайынан жесір қалған келінді қанша қимаса да Оқадиша ана рұқсатын беріп, өзге шаңыраққа аттандырады. Екі жасқа енді толған Жақсыбайын бауырына басып, алпыс екіге келген әжесі "Егіз аттан құласа, басын сүйер ағасы, жалғыз аттан құласа, неге келер шамасы" деп аһ ұрып қала береді.

Жақсыбай айтады:

– Әлі есімде, мен бала күнімде жиі ауырсам керек, ондайда әжем Жаратқан иемізге жалбарынып, "Жалғызымды аман сақтай көр" деп егіл-тегіл жылап отыратын. Ақ жүрегін табаныма төсеп, қолына түскен тәттісін аузыма тосып, "Құлыным, қоңыр қозым, боташым" деп еміренетін.

Өсе келе халық ақыны Әсияның:

Маңдайдағы жұлдызым, жарығым-ай,

Жалғызымның бола көр жары құдай.

Жолын ашып көрейін деп кәрі әжем,

Отыратын құмалақ жайып ұдай, – деген жыр жолдарын оқып, өз әжемнің бейнесін жазбай таныған едім-ау...

Әженің сол ыстық құшағы, адал жүрегі шексіз махаббаты бүгіндер жетпіс атты желмая жасқа келген Жақсыбайдың жадынан ешқашан кеткен жоқ. Сол әжесі немересі ешкімнен кем болмасын деп оқуына жетектеді, ат құлағында ойнасын деп арғымақ мінгізді, суда балықтай жүзсін деп Торғай өзеніне шомылтты, дәулескер күйші болсын деп Жақия шеберге қасиетті қара домбыра жасатты.

Сол әже Жақсыбай он екіге келгенде ауырмай, сырқамай дүниеден өтті. Немересінің оң-солын танып, өмірге деген ұмтылысын, жадының мықтылығын, зеректігі мен домбыраға, ән-жырға деген әуестігін көріп, шүкіршілікпен көз жұмды. "Жетім қозы тасбауыр, маңырап жүріп жетілер" дегендей, Жақсыбай да жақсы жігіт болды, жетілді.


2. Орындалған арман
Түйемойнақтағы орта мектепті бітіріп, білім іздеп Қостанайға келген Жақсыбай ауыл шаруашылық техникумына түсіп, мал дәрігері мамандығын алды, кейін Троицк мал дәрігерлік-зоотехникалық институтын бітіріп, ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығында жемісті еңбек етті. Алдымен "Торғай" кеңшарында зоотехник болған ол кейін Алтынсарин ауданы Лермонтов атындағы кеңшарда ширек ғасыр бойы мал дәрігері, бөлімше басқарушысы, жұмысшы комитетінің төрағасы болып, жемісті еңбек етті.

Жәкең өзін ішке тартып, өз баласындай жақсы көрген сол ауылдың үлкен-кішісін әлі ұмытқан жоқ. Сәнәс, Жақия, Рахым, Шайсұлтан, Ғани, Әубәкір, Медет, Исатай сынды ақсақалдар мен ағаларын аузынан тастамай айта жүреді. Өз қатарластары Бағыткерей мен Өміртай марқұмдар да бір төбе еді, соңынан ерген інісіндей Нұрғожа да сондай елгезек-ті...

Жақсыбай осынау тарихи мекенді ән-күйге бөлеген керемет өнерпаз болды. Бірде бір той-жиын Жақсыбайсыз өтпейтін, Жақаң ән де салады, термені де төгілтеді, күйді де шарықтатады. Осы өңірде Барақ батыр, Шоқай әулие, Жазы би туған. Ілияс Омаров, Өмірзақ Сұлтанғазин, Мәлік Фазылов, Жайсаңбек Молдағалиев және басқа жайсаңдар ізі қалған.

Енді сол өлкедегі бүгінгі жастар мен Жақаңның тұстастары ауылдарының абыройын көтерген жандардың бірі ретінде осы Жақсыбай Тасқынбаев есімін де ерекше сүйіспеншілікпен атап жүр. Оның да өзіндік реті бар, осы Жақсыбай ағамыз нағыз ауыл интеллигенциясының қаймағы дерлік тұлға болды. Оны қырық жылдан астам аралас-құралас болып, ағалы-інілі күй кешкен адам ретінде өзім де жақсы білемін.

Жақсыбай мен оның жұбайы Гүлбану жеңгемізді туған өңірге сағыныш арқалап жеткен академик Өмірзақ Сұлтанғазин, оның жұбайы Райхан апа, Алматыдан, кейін Астанадан еркелеп келетін белгілі журналист, қайраткер тұлға Жолбарыс Әбішев пен оның жұбайы Нәзкен және басқалары іздеп тұратын. Өйткені Жақаңмен пікірлесу, сұхбат құрудың өзі бір ғанибет, ерекше білімді, сөзге ұста, терең. Мұқағали өлеңдерін жатқа соғады, Мұхтар Шаханов пен Қадыр Мырза Әліні қастер тұтады, үйінде тіпті жергілікті ақын-жазушылардың да ұрымтал ойлары мен тауып айтқан сөздері жеке папкаға топтастырылған.

Ал Гүлекеңнің қолы ашық, дастарқаны берекелі, мінезі биязы, құдай берген жан. Ағамызбен техникумда оқып жүргенде танысып, қала іргесіндегі шаруашылыққа картоп теруге барғанда түсінісіп, енді міне елу жыл бойы шаңырақтың құт-берекесі болып отырған жайы бар. Құдай берген балалары өсті, өнді, өздерінің ошақтарын құрып, ата-анаға немере-жиен сүйгізді, шөберелер де өсіп келеді.

Оқадиша әжесінің де арманы орындалды. Жалғызына құдай жар болып, жақсы адам кездесіп, үбірлі-шүбірлі шаңырақ шуағын төкті, майданнан қайтпаған қаһарман қазақ ошағының оты қайта маздады.

Лермонтов атындағы кеңшардан кейін Жақсыбай Тасқынбайұлы облыстық ауыл шаруашылық басқармасында, кейін Ауыл шаруашылық министрлігі облыстық инспекциясында абыройлы қызмет істеп, тек былтыр ғана жетпіске жақындаған тұста құрметті еңбек демалысына шықты. Бұл мекемелерде ол Мұхамедқали Айсин, Жақсылық Ғайсин, Молдабай Жүсіпов, Бұзаубай Қалиев, Қайрат Ахметов, Болат Мейірманов, Жауғашты Қалиев сынды облысқа белгілі тұлғалармен бірге еңбек етіп, олардың да ыстық ықылас-пейіліне ие болды.

Жақаң – Торғай тумасы, әйгілі Шақшақ Жәнібек тарханның туысы. Текті жерден шыққан азаматтың кейінгі жастарға, өзінің өсіп-өнген ұрпағына өсиет дерлік әдемі әлемге бойлататын "Қимас көңіл" атты деректі-танымдық кітабы бар. Сол "Қимас көңіл" – автордың таза да пәк көңілі, туған жерге, өскен елге деген шынайы махаббаты, әдемі де аппақ сезімі, жүрек лүпілі, әлди әлемі. Жалғызына жүрегінің жылуын, даланың даналығы мен тазалығын дарытқан әжесі Оқадиша марқұмға, ұрыс даласында қасиетті Отанын қорғау жолында мерт болған қайран әке мен тағдыр тәлкегіне тап болып, толғауы тоқсан тіршілікке мойын сұнған анаға қойылған мәңгілік ескерткіш. Ол күнде шығып жатқан көп кітаптың бірі емес, жетімдік зарын тартқан, соғыстың аса бір қатерлі кезеңінде дүниеге келген көгенкөздің жүрегін жарып шыққан қайталанбас туындысы, қимас көңілі. Мұндай мөп-мөлдір, төгіліп тұрған дүниені жаны нәзік, жүрегі жомарт, ақ тілеулі азамат қана дүниеге әкелсе керек-ті...
3. Құдаларын Құдайдай-ақ сыйлаған
Тасқынбаевтар отбасының тұңғышы – Ләззат атамекен Торғайда туды, ал Жанаты мен Айгүлі, кенжесі Қанат Лермонтов атындағы кеңшарда дүниеге келіп, ата-ана қуанышына айналды. Сол үш қарындасымыз бен бір ініміздің бәрі де жоғары білім алды, өз ошақтарын құрып, ата-ана атына кір келтірмей, еліміздің өнегелі өрендері болып қалыптасты. Жақаң мен Гүлекең Ләззаты мен Жанатынан бүгіндер жиен шөберелер көріп отыр. Немерелері де ел аузына іліккен тәрбиелі түлектер.

Ләззаттың жолдасы Қазбек есімі елімізге танымал ұлағатты ұстаз, өлкетанушы, қайраткер азамат Масғұт (Василий Емельянович) Шалабаевтың баласы. Мәкең кезінде Парламент депутаттығына сайланып, Қазақстан тәуелсіздігі туралы декларация қабылдаған жан. Ұзақ жылдар мектеп директоры болып істеген сол ағамыз ағып тұрған ақын, тарихқа терең бойлайтын сұңғыла зерттеуші, өлке шежіресін ерекше зерделеген білімді де білікті тұлға болатын. Жақаң екеуінің әңгімесі жараса кететін, екеуі де өлеңге, өнерге ғашық-ты. Ағаның "Дорогами жизни" атты жыр жинағының қолжазбасын оқып шығып, пікір жазғаным бар. Сол кітап қасиетті жәдігер ретінде үйімде сақтаулы. Мәкеңнің жұбайы, Жақаңдардың құдағиы Райхан апа да байыпты да байсалды, өнегелі кісі. Әттең Мәкең ертерек дүние салды, жүрек талмасынан көз жұмды. Құдасының, ағасының қазасына Жақаң қатты қайғырды. Көзіміз көрді, өңі боп-боз болып, жанарына іркілген жасты тия алмай, теңселе берді.

Құдайға шүкір, Қазбегі де әкеге тартқан, еліне елеулі азамат. Жанаты мен Сейілханның үш баласы бар, Керекуде тұратын Айгүлі екі көбелегін алақанға салып отыр. Сол қыздарының ата-енелерін мың жылдық құда деп алақанға салған, көкке көтерген де осы Жақаң мен Гүлекең. Ал ұлы Қанаттың орны тым бөлек. Ол бүгіндер белгілі кәсіпкер, "Автовклад" серіктестігінің бас директоры. Серік, Сәбина, Сәлима атты немерелері ата-әжесінің мерейін өсірген, керегесін кеңейткен ұрпақтары.

Жақаң бүгіндер келіні Гүлзираға жан теңгермейді. Оның ата-анасы Мақсат пен Райханды іздеп тұрады. Үйге бір қонақ келсе, сол мың жылдық құдаларына телефон шалып, төрге шығарады. "Құданы құдай қосады" деген рас. Мақсат та Шақшақ Жәнібек тарханның бір ұрпағы, яғни Жақаңа да арғы атадан қосылатын туыс, ал Райхан құдағиы Гүлбанудың жерлесі, өздері ұзақ жылдар аралас-құралас ғұмыр кешкен Ақан ағасы мен Сәку апасының қызы екен.

Сол Гүлзираш келіні босанып, дүниеге ат ұстар немересі Серікжан келгендегі жүрегі нәзік ағамыздың қуанышында шек жоқ еді. Тасқынбай әулетінің жалғас тапқанына, Оқадиша әжесінің арман-тілегінің орындалғанына шүкіршілік айтты. Көптен күткен қуанышты бөлісу үшін сол күні-ақ Бұзаубай, Ғайыпназар, Сағынтай сияқты ағалары жеңгелерімен осы шаңыраққа асығып еді. Сөйтіп бәрі мәре-сәре, шат-шадыман қуанышқа бөленген сәт күні бүгінге дейін ұмытылған жоқ. Өмірдің нәзік қылы жалғасын тапқанына қуанды, шүкіршілік айтты.

...Өмір өтіп жатыр. Әке жүзін көрмеген, ана мейіріміне шомылмаған Жақсыбай аға да, оның Құдай қосқан қосағы Гүлбану жеңгей де жетпіс жасқа келіпті, екеуінің қол ұстасып, өз шаңырақтарын құрып, төңіректеріне шуақ шаша өмір сүргеніне де елу жыл толыпты. Жарты ғасыр жарасқан аға-жеңгеміз болашаққа да сеніммен қарайды. Тәуелсіз елінде, тәрбиелі ұрпағы ортасында дәурен кешіп жатқан жақсы жандардың жүздері жарқын, көңілдері көктем. Лайым, солай бола бергей...



Сайраған жол

немесе танымал тұлға,

абзал азамат Жақсылық Ғазизұлы Ізтілеуов

туралы ақжарма сыр


1.Бастау
Қостанай қаласында бұл кісіні көпшілік біледі. Өйткені оның қызметі үнемі халықтың көз алдында болды. Сол өмір белестерін көктей шолсақ, ол былайша өріледі: 1960 жылдардың аяғы мен 1970 жылдардың басында “Костанайтяжстрой” тресінде аға прораб, сол трестің “Горжилстрой” басқармасында бас инженер, 1974-82 жылдары Қостанай қалалық партия комитеті құрылыс және қала шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, содан кейін “Костанайтяжстрой” тресі партком хатшысы, 1984-88 жылдары Қостанай қалалық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары...

Осы жерден үзіліс жасап, Қостанай қаласында сол жылдары ғажап құрылыстар салынып, пайдалануға берілгенін, мыңдаған қала тұрғындары жаңа пәтерлерге қоныстанғанын, талай бүлдіршіндер жаңа бала бақшаларға, талай оқушылар жаңа мектептерге барғанын, талай науқастар жаңа емханалар мен ауруханаларда қаралғанын, қаланың қақпалары – әуежай, вокзал, автовокзал сияқты тамаша ғимараттар дүниеге келгенін атап өтейік. Мәселені нақтылай түссек, көз аурулары ауруханасы, туберкулезге қарсы диспансер, балалардың стоматологиялық емханасы, қалалық аурухана корпусы, №№ 5, 19, 18, 20, 23 мектептер, нан заводы, кондитер фабрикасы, қалалық сүт заводы, “Текстильщик”, “Юность” мәдениет сарайлары, дизель заводы сияқты аса маңызды құрылыстар бой көтерді.

Осы жылдары қаладағы 78 кішкентай қазандықтар жойылып, жылу беретін үш орталық іске қосылды, тұрғындардың үйіне ыстық су үзіліссіз беріліп, қыста жылу үзілген жоқ.

Құрылыстың қанат жаюына байланысты құрылыс индустриясын өркендету міндеті туындады. Құрылыс панельдерін, блоктарын, басқа да жабдықтарын шығаратын заводтар жұмыс істей бастады. Олардың қуаты жыл сайын артып, қажетті құрылыс материалдарымен толық қамтамасыз ететіндей дәрежеге жетті. Соның нәтижесінде 1977 жылы Қостанай қаласында тұңғыш рет 100 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, көптеген тұрғындар қоныс тойын тойлады.

Осындай қол жеткен табыс үшін бір топ құрылысшылар мемлекеттің жоғары марапаттауына ие болды. Солардың ішінде қалалық партия комитеті құрылыс бөлімінің меңгерушісі осы Жақсылық Ізтілеуов те бар еді. Ол “Құрмет Белгісі” орденін омырауға тақты.

Сол тұста қалалық партия комитетіне келіп, алғыстарын жаудырған талай жандар болды. Өмір бойы жертөледе, барақтарда тұрып келген жандар кең сарайдай пәтерлерге қол жеткізді. Рас, жаңа пәтер алуға кезекте тұрғандар саны әлі де жоғары еді. Сондықтан да болар жұмыс қарқыны бәсеңдемеді. Ендігі міндет тек қана үй салу емес, ондағы пәтерлерді жаңа заман талаптарына сай жоспарлау, еңсесін биік ету, дәліз бен ас үйді кеңейту, балкондарды қолайлы ету, тоғыз, он екі қабатты үйлер салу еді. Жақсылық Ғазизұлы болса осынау қат-қабат жұмыстың бел ортасында жүріп, ұйымдастырушылық қабілеті арқасында көп құрметіне бөленді.

Шіркін-ай, десейші! Кезінде Қостанай қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Шәңгерей Жәнібеков ағамыз күндіз-түні құрылыс алаңында жүрген жас жігіттің қабілет-қарымын бірден байқап, осы қызметке шақырған еді. Алғашқы кезде бұл ұсынысқа таңырқай қараған құрылыс инженері ақыры тәжірибелі аға өтінішін аяқасты ете алмады. Оның үстіне өзі жас коммунист. Шәңгерей аға жап-жас Жақсылықты текке таңдамапты. Ол сол сенімді бүкіл ғұмыр бойы ақтап келеді. Кейін Қостанай қалалық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарғанда да сол сенім үдесінен шықты. Оған төраға С.Бакай да, басқалары да риза еді.

Бірақ өмірде кейде ойламаған жайттар бола береді. Қалалық атқару комитеті төрағасы болып, бұрын қалалық партия комитетінің екінші хатшысы Жақып Бектібаев келген соң, қалалық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Василий Корнев “қырағылық” танытып, атқару комитетінде төраға және оның бірінші орынбасары болып істеп жүрген екі қазақ жігітінің бірін кетіруге әрекеттенді. Әрине, төраға қалады, орынбасар кету керек.

Бұл да сол кездің сұрқия саясатының көрінісі еді. Өзінің елінде, өзінің жерінде отырып, қазақ жігіттерінің екеуінің басын қоспауға тырысқан саясат астарында не бар екенін білмеймін, жалпы бүкіл ен байтақ Қазақстанда осындай жымысқы жұмыс жүріп жатқаны аян еді.

Сөйтіп Жақсылық Ғазизұлы бөтен қызмет іздеді. Іздеді емес, оның қарым-қабілетін бұрыннан білетін тамаша адам, бұл жалғаннан артына сөз ерітпей, кіршіксіз таза өткен Қасымбек Бұхметов ағасы өзіне орынбасарлыққа шақырды. Ол Қостанай облыстық атқару комитеті Бас өндірістік-экономикалық басқармасының бастығы болатын. Содан Жақаң осы салада, осыған ұқсас салаларда 1999 жылға дейін абыройлы еңбек етті.


2. Жолдар, жолдар
Жақсылық Ғазизұлы кезінде Новосибирск темір жол көлігі инженерлік институтының құрылысшы-инженерлік факультетін бітірген. Жол салу және соған байланысты шаралар оған ежелден таныс. Оның үстінде институттан кейін Қарағанды облысында жол құрылысы саласында еңбек етіп, азды-кемді тәжірибе жинақтағаны бар. Сондықтан да болар ол 1999 жылы “Костанайоблавтодор” мемлекеттік коммуналдық-қазыналық кәсіпорнына бас инженер болып тағайындалды. 2006 жылға дейін Жәкең осы жол құрылысы саласында тер төгіп, “Қостанай облыстық автомобиль жолдары басқармасы” мемлекеттік мекемесінің бастығы лауазымынан зейнеткерлікке шықты.

Дегенмен тәжірибелі маманды қайта жұмысқа шақырып, “Қостанай жол зертханасы” мемлекеттік мекемесіне бастық етеді. Бұл мекеме салынып жатқан жол сапасына сараптама жасап, қорытынды беретін бірден-бір құзырлы ұйым еді. Соңғы жылдары жол құрылысының қарыштап өсуіне байланысты бұл мекеменің де рөлі артты, беделі өсті.

Ал бүгіндер Жәкең “Қостанай жолдары” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бас маман болып қызмет істейді.

Жалпы Қазақстанда жол мәселесіне тек осы тоқсаныншы жылдардың аяғында ғана ерекше мән беріле бастады. Бұл уақытқа дейін еліміздің бұған бет бұруға шамасы да шамалы еді ғой. Осы уақыттан бастап жолдар жөнделіп, жаңа жолдар құрылысы басталып жатты. Қаржы да қомақты бөлінді. Осы ретте Астана-Қостанай-Челябинск жолын айтуға болар еді. Оның 400 шақырымы қайта жөнделді. Жыл сайын облыс бойынша 200-220 километр жол ағымдағы және күрделі жөндеуден өтіп жатты. 2004 жылы Әйет өзенінен өтетін бірнеше жыл жөндеу көрмеген, апатты жағдайда тұрған көпір жөнделіп, сән-салтанатымен ашылды.

Жаңадан жол техникасы келе бастады, мамандардың біліктілігі, тәжірибесі артты. Жол сапасын зерттеу зертханаларының жұмыс сапасын арттырудағы рөлі өсті. Сондықтан да болар, Жақсылық Ғазизұлы осындай зертхананы басқарып жүргенде оған “Құрметті жолшы” атағы берілді.

2003-2005 жылдары Алтынсарин-Хромтау темір жол құрылысы қарқынды жүріп жатты. Оның сапасын қадағалауда да Жәкеңнің басшылығымен жігіттер сапалы жұмыс жүргізді.

Жалпы Жақсылық Ғазизұлы жол сапасын тексеру зертханасын төрт жыл басқарды. Тек облыста ғана емес, Ақмола облысында, Қызылорда облысында жол сапасына зер салды. “Батыс Европа – Батыс Қытай” магистралінің жағдайын да қадағалады. Тіпті осы заманымыздың ұлы құрылысына тікелей қатысуға да ұсыныс болды, бірақ денсаулық жағдайына байланысты бұл ұсыныстан бас тартуға тура келді. Денсаулық демекші, Жәкеңнің жап-жас кезінде инсульт алып, төсек тартып жатып қалғаны бар. Бірақ өмірге деген құштарлық оны қайнаған тіршілікке қайта қосты. Отбасының, аяулы жары мен балаларының, ағайын-туғандары мен дос-жарандарының тілегі кешегі Ұлы Отан соғысының қиын күндері дүниеге келген Жақсылық ағамызды сапқа қайта тұрғызды.


Каталог: wp-content -> uploads -> 2014
2014 -> Сәлім меңдібаев армысың, алтын таң! Журналист жазбалары Қостанай – 2013 ж
2014 -> Қазақ тілі мен латын тілі кафедрасы Қазақ Әдебиеті пәні бойынша әдістемелік өҢдеу мамандығы: Фельдшер Мейірбике ісі Стамотология Курс: І семестрі: ІІ
2014 -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
2014 -> Жақсыбай Мусаев шығармашылығы және көркемдік Зерттеуші оқушы: Мұратбаева Назерке
2014 -> Тақырыбы: Ақындықты арман еткен жерлес Талапбай Ұзақбаев
2014 -> М.Ә. Хасен төле би әлібекұлы
2014 -> 3-деңгейлерге: а/берілген сөздерді аударыңдар
2014 -> Жақсыбай Мусаев шығармашылығы және көркемдік Зерттеуші оқушы: Мұратбаева Назерке
2014 -> Тақырыбы: Ақындықты арман еткен жерлес Талапбай Ұзақбаев


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   24




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет