«Қостанай таңының» кітапханасы Сәлім меңдібаев


Майдангер.Қаламгер.Тәлімгер



бет8/24
Дата04.11.2016
өлшемі4,05 Mb.
#348
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   24

Майдангер.Қаламгер.Тәлімгер

Сырлыбай Бүркітбаев туралы сөз


Бұдан қырық жыл бұрын осы қара шаңырақ – «Қостанай таңының» есігін имене ашып, газет редакторының орынбасары Сырлыбай ағаға сәлем бергенім есімде. ҚазМУ-дің журналистика факультетінің үшінші курсын аяқтап, өндірістік практикаға келген мені редактор Бақытжан аға Жангисин де, Сырекең де құшақ жая қарсы алды. Бірден штатқа алып, журналистік қызметтің қыр-сырына бойлатты. Ағат кетсем ағалық ақыл айтып, дөп бассам, өзімнен бетер қуанып жүрді. Жиі-жиі іссапарға шығарып, болашақ мақаланың жоспар-жобасын нұсқады. Күндіз ел аралап, түнімен отырып жазып, алдарына әкелген шимай-шатпағымызды ерінбей-жалықпай оқып, басы артық жерін қысқартып, жетіспей жатқан жерін жетілдіріп, газетке жариялатты. Сырекеңнің қаламы қатты батып кеткен кей кезде, жасыратын несі бар, өкпеміздің қара қазандай болған тұсы да кездесті. «Осы шал-ақ білгішсінеді де жүреді» деп сыртынан даттаған сәттеріміз де болған шығар. Бірақ жазған дүниеңнің жал-құйрығы күзелгенмен газетке шыққанда теп-тегіс, жұмыр болып шыға келгеніне кім қуанбасын. Өкпе-наз ілезде тарап жүре беретін. «Сырекең біледі, білген соң сызады» дейтініміз де сондықтан болар.

Қайсар Әлімов досымыздың: Сырекеңнің сызығы шимай-шимай, мақаламды беремін қимай-қимай, деп өлеңдететіні де осы тұс.

Сондағы «шал» деп жүргеніміз қырық бестегі қыр асатын нағыз дер шағындағы жігіт екен-ау. Содан бері қырық жыл уақыт өтсе де, сол ақылшы ағамыз, ұлағатты ұстазымыз есімнен кеткен жоқ. Ол кісі зейнеткерлікке шыққан соң да бірдеңе жаза бастасақ болды «апыр-ай, олпы-солпы бірдеңесі болып, Сырекеңнің сынына ұшыраймыз ба?» деп жүрексініп те жүрдік. Айтса айтқандай, кейде телефон шылдыр ете қалады. Үйреншікті дауыс “мақалаңды оқыдым” дейді. Содан сәл-пәл үнсіз қалады. Біз үшін сол үнсіздік қиын, шалың қай жағына қисайтады деп алаңдайсың. «Мәселені жақсы көтеріпсің» десе, төбең көкке жетеді. «Ау, тасқа басылатын әр сөзге мұқият болу керек қой» десе, ағаттық жібергенің үшін жер боласың. Бірақ жанашыр ағаның ескертуін де, сынын да ешкім кек тұтпады. Өйткені, ол осы «Қостанай таңындағы» қалам ұстаған бар қыз-жігіттердің ұстазы, ақылшысы, ағасы еді. Айтса, өзі қырық жыл бойы еңбек еткен, соның жиырма жылға жуық уақытында редактордың бірінші орынбасары болған туған ұжымының, халық айнасы – газеттің беделі үшін айтады. Кейде көсілтіп өзі де жазып тастайтын еді. Мақаласын алып келеді. Кезінде жазғанымызды талай шимай-шатпақ қылып сызған Сырекеңнің мақаласын енді өзіміз редакциялайтын дәрежеге жеткенде быт-шытын шығарсақ қайтеді дейсің пендешілікпен. Бірақ бір-бірімен тістесіп, жымдасып жатқан сөйлемдерді балталасаң да ажырату қиын, әр сөзі қаққан шегедей. Шалыңа риза боласың. Кешегі майдангер офицер «жазсаң, менше жаз!» деп бұйрық беріп тұрғандай.

Иә, Сырекең кешегі қанқұйлы соғысқа қатысқан майдангер еді. 1942 жылдың ақпанында әскерге алынып, Калинин әскери училищесінің курсанты болды, оны үздік бітіріп лейтенант шенін алады. Содан қашан Жеңіс туы желбірегенше оқ пен оттың ішінде жүріп, талай жорықтарға қатысады.

1944 жылдың көктемінде ІІІ Украин майданы 266 атқыштар дивизиясы 575 саперлер батальоны құрамында Днестр өзені бойындағы плацдарм үшін кескілескен ұрысқа кіреді. Жау қайткен күнде де оларды плацдармнан қуып шыққысы келіп жанталасты. Әр сүйем жер үшін жан беріп, жан алмақ шайқас жүріп жатты. Бірақ жау мақсатына жете алмады. Өліспей беріспеуге бекінген Сырекеңдер мерейлері үстем болды. Кейін Кишиневті азат етуге, жаудың Яссо-Кишинев тобын қоршап, жоюға қатысты. 1945 жылы 31 қаңтарда Берлиннен бар болғаны 60 шақырым жердегі шағын қала Кинитцті басып алады. Бұл жау үшін тосын, күтпеген оқиға еді. Өйткені, немістер қалада еркін сайран салып жатқан, офицерлер ресторандарда шалқыған. Тіпті Берлин-Кинитц поезы да кесте бойынша ағылып жатыр еді. Солдаттар жау гарнизоны штабын қас пен көздің арасында басып алып, фашистерді естен тандырады. Берлиннен осы бөлімшелерге қарсы адуын күш ағылды. Аспанда ұшақтар қаптады. Плацдарм снаряд, мина, бомба жарылысынан астан-кестен болды. Жау шабуылы үш жақтан жүріп жатты. Плацдарм 800 метрге дейін тарылды. Талай майдандас достар опат болды, бірақ Сырекеңдер қашан негізгі күш келгенше бұл стратегиялық маңызы бар шөкімдей жерді ұстап тұрды. Сол плацдарм Берлинге шабуылдың негізгі трамплині болды.

Сол 1945 жылдың 21 сәуірінде дивизияның бір батареясы Берлинге алғашқы залп берді. 23 сәуірде Силез вокзалын шабуылдады. 24 сәуірде Берлиннің орталығына қадам басты. 27 сәуірде полиция басқармасы мен полиция түрмесіне, Александр–плацқа шабуыл басталды. 29 сәуірде Берлин ратушасы үшін шайқас жүріп жатты. Жаудың қарсылығын жоя отырып, бір топ әскер зәулім ғимараттың купонына жалау қадады. Сол шайқаста К.Г.Громов, П.К.Бутко, Н.П.Киржкин, П.И.Сидоров сынды Сырекеңнің майдандас достары ерекше ерлік көрсетті. Кіші лейтенант Громовқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Содан біздің әскер Берлиннің бас почтампына, үкімет кварталдарына штурм жасап, 2 мамыр күні Фридрихштрассе вокзалын алады, ал кешке қарай Берлин гарнизоны сөзсіз тізе бүкті. Жеңіс туы желбіреді.

Ұлы Отан соғысының қан майданында көрсеткен ерлігі үшін біздің ұстазымыз талай орден-медальдар алды. Жоғарғы Қолбасшы оған сегіз мәрте алғыс жариялаған екен.

Соғыс жеңіспен аяқталғанмен лейтенант Бүркітбаевтың әскери қызметі 1947 жылға дейін жалғасты. Германиядағы кеңес әскерлері тобы құрамында Магдебург қаласы әскери комендатының көмекшісі болды.

Елге оралған соң қазіргі «Қостанай таңы» газеті редакциясына тілшілік қызметке орналасып, осында отыз жеті жыл бойы табан аудармастан қызмет етті. Соның соңғы жиырма жылында редактордың бірінші орынбасары болып, негізін Мұхамеджан Сералин мен Бейімбет Майлин қалаған іргелі басылымның бедел-бедерінің артуына, оның шын мәнінде облыс өмірінің айнасына айналуына сүбелі үлес қосты. Он рет қалалық Кеңестің депутаты болып сайланып, ауқымды қоғамдық жұмыстар атқарды. 1984 жылдан бастап зейнеткерлікке шықты. Бірақ қаруды қаламға айырбастаған тәжірибелі журналист қоғамдық еңбектен қол үзбеді. «Білім» қоғамы облыстық ұйымының референті, облыстық тіл басқармасының жетекші маманы, «Боздақтар» кітабы бас редакторының орынбасары сияқты қызметтер атқарып, жұртшылық ықыласына бөленді. Облыстық ардагерлер кеңесінің жұмысына белсене қатысып, сондағы баспасөз қызметіне жетекшілік жасады.

Жалпы, журналист болып туған адам өмір бойы қолынан қаламын тастамай өтеді. Сырекең де қашан демі таусылғанша талай тақырыптарға қалам тартты. Және екі тілде бірдей жазатын. Орысшасы қазақшадан, қазақшасы орысшадан кем емес-ті. Бұл да оның кейінгі ізбасар іні-қарындастарына көрсеткен үлгі-өнегесі еді-ау...

1998 жылы оның «Марал ишанның нұр шапағаты» атты кітабы шықты. Есімі барша мұсылман әлеміне әйгілі бабамыздың өмірі мен оның әулиелік қасиетін кемел зерттеген және бейнелі тілмен өрнектеген жұп-жұмыр дүние бұл. Сол кітаптың редакторы ретінде мен ұстаздың қалам қарымына, әрбір факті мен штрихқа мұқияттығына тәнті болған жандардың бірі едім. Сол Марал бабамыздың ұрпақтарының бірі Темірхан Үндемесов азаматтық жасап, кітаптың шығуына демеушілік жасады. Сөйтіп іргелі еңбек дүниеге келді. Жетпіс беске толған өз тойына Сырекең осындай тарту жасады. Бұл кітап бәрімізге де үлкен тарту, қуаныш болды.

Сырекеңнің майдангерлік, қаламгерлік еңбегі еліміз тарапынан жоғары бағаланды. ІІ дәрежелі Отан соғысы, Қызыл жұлдыз, «Құрмет Белгісі», тәуелсіз Қазақстанның «Құрмет» ордендерімен, көптеген медальдарымен марапатталды. Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасын, Журналистер одағының әртүрлі марапаттарын алды. Ең бастысы – елдің, оқырмандардың ыстық ықыласына, шәкірттерінің ақ алғысына бөленді.
***

Иә, қайран дүние-ай десеңізші. Сол Сырекең де дүниеден өтті. Ағамызды арулап, ақырғы сапарға шығарып салдық. Шүкір, артында ұрпағы, оның алдын көрген, ағалық ақылын естіп, қамқорлығын сезінген ізбасарлары қалды. Ұлы Жеңістің 55 жылдық тойына бір-ақ күн қалғанда қарт солдат көз жұмды. Оған берілген полковник шені туралы хабар да Сырекең дүниеден өткен күні келді.

Бүгін ұстазды еске алып отырғанымыздың да өзіндік себебі бар. Ортамызда жүрсе, 20 қараша күні 85 жасқа толар еді. Ағаны құттықтап, мәре-сәре болып жатар едік. Бірақ мәңгілік ешкім жоқ. Дегенмен «Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді». Мұның біздің ұстазымыз, майдангер, қаламгер, тәлімгер Сырлыбай Бүркітбаевқа да тікелей қатысы бар.


Алтай мен Арқа арасы,

Ертіс пен Тобыл жағасы

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы,

қайраткер тұлға, абзал азамат

Кенжебек Үкіұлымен сырласу


Құрметті Кенжеке!

Бұдан дәл он жыл бұрын Сіз 60 жасқа толғанда арнайы сұхбат құрып, газетімізге жариялаған едік. Сол “Қасиетті Қостанайдың дәмі жібермеді” атты дүние оқырмандар тарапынан ерекше қызығушылық туғызды. Кейін сол туынды менің “Еменнің айыр бұтағы” атты кітабыма да енді.

Қарап отырсам, содан бері де он жыл уақыт көзді ашып, жұмғанша өте шығыпты. “Алпыс – тал түс” деп жүргенде Шер-ағаң айтқан “Жеттім, пістім” дейтін жетпіс атты желмаяның тізгінін ұстапсыз. Құтты болсын дейміз.
Сіз бен біздің дәуіріміз бір, Кенжеке! “Бір дәуірдің мөлдіреген аспаны едік” деген асқақ әннің бәрімізге де қатысы бар. Сол дәуірде сүрген дәуренге Сіздің өкпеңіз бола қоймас. Оны бұдан он жыл бұрынғы сыр-сұхбат кезінде де айқын сезгендей едік. Оны Сіздің бүкіл өмір жолыңыз да дәлелдегендей...

...1940 жылы 26 шілдеде Асқар Алтай баурайында орналасқан Қойтас деген елді мекенде ел ішінде қадірлі, он саусағынан өнер тамған, мал фермасының меңгерушісі Үкінің шаңырағында дүниеге келіпсіз. Әкеңіз нағыз істің адамы, бос қарап отыра алмайтын, ортақ іс үшін жанын салатын, қолөнерінен де құралақан емес нағыз бесаспап жан екен. Қоғамдық мал шаруашылығын өркендетудегі ерен еңбегі бағаланып, сол кездегі Одақтың асқар астанасы Мәскеуге, Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне барып, одан омырауға медаль тағып оралыпты. Бұл алыста жатқан бұйығы ауыл үшін ерекше оқиға еді, әрине.

Әке жарықтықтың қолынан келмейтін іс жоқ екен, ауыл өміріне не қажет болса, соны Үкі ағамыз үйірілтіп алып кетеді екен. Соған орай ауыл-аймақ оған “Маман” деген лақап ат тағыпты. Сіз де оңды-солды танып, ер жетіп, етек жапқан сәттен бастап қолға балға мен шегені, біз бен тарамысты жиі алатын болыпсыз. Бірде ағаш жонып, сәкі-орындық жасасаңыз, енді бірде пима табандап, етік те тігіпсіз. Сол бала күнгі машықтанған, игерген өнер кейін Сізге талай пайдасын тигізіпті. Жалпы еңбекпен етене болып, өз күнін өзі көруге ерте жастан қалыптасқан жанның жолы да даңғыл болды десек, қате баспаспыз.

Сіз бір жасқа толар-толмаста бүкіл әлемге қайғы-қасірет әкелген Ұлы Отан соғысы басталады. Сол сұрапылға аттанған екі бірдей ағаңыз қан майданнан оралмайды. Арыстарынан айырылған ана қайғыдан қан жұтып, Сіз тоғыз жасқа жетер-жетпесте дүние салады. Әкенің де шығарға жаны жоқ еді. Сырты бүтін, іші түтін ол да Сіз он үш жасқа жеткенде мына жарық дүниемен қоштасады. Бұғанасы бекімеген жасөспірім Сіз апа-жезденің тәрбиесінде болып, сол үйдің он баласымен бірге барды қанағат етіп, күн кештіңіз. Қара жұмысқа жегіліп, 5 сыныптан бастап қысы-жазы отын тасу, шалғымен шөп шабу, пішен дайындау, етік тігіп, пима табандау, мал бағу сияқты қат-қабат жұмыстарды қиынсынбай, қабақ шытпай атқара бердіңіз. Қысқаша айтқанда, нағыз “тесік өкпе” болып, болмысқа сай күй кештіңіз. Жазғы каникул кезінде кәдімгідей ақша төленетін жұмыс істеуге талпынып, алған тиын-тебенді үнемдеп, алда жоғары оқу орнына түсуге керек болар деп жинай бердіңіз. Жетімдік Сізді осылайша ұқыптылық пен ұсынықтылыққа, еңбектің мәнін ұғып, тиынның құнын білуге үйретті.

Сіз күні бүгінге дейін топырағы торқа болғыр апа-жездеңіз Биғайша мен Солтанды аузыңыздан тастамай айта жүресіз. Солардың аялы алақанын, жанашыр сөзін, қамқор көзқарасын сағынасыз. Құдайға шүкір, әлемнің жарығын сыйлаған ата-ананың, үлкен өмірге қанат қақтырған апа-жезденің үміті мен сенімін ақтадыңыз. Ата-ананың ғана емес, елдің ұлы болдыңыз, сол елдің өркендеп, гүлденуі үшін бір кісідей тер төктіңіз, бір кісідей жанашырлық танытып келесіз.

Оқыдыңыз. Алдымен Алматыдағы қара шаңырақ – Абай атындағы қазақ педагогика институтының физика-математика факультетін аяқтадыңыз, кейін ауыл шаруашылық өндірісіне, аудан басқару ісіне араласа жүріп, Семей малдәрігерлік институтын да қызыл дипломмен тәмамдап шықтыңыз. Бертін келе партия органдарының тізгінін ұстағанда жоғары партия мектебінде алған біліміңіз көмекке келді.

Сол жылдары Шығыс Қазақстанның Зайсан, Глубокое, Күршім аудандарын басқарып, туған елдің түлеуіне қосқан еңбегіңіз ұшан-теңіз. Жап-жас шағыңызда сол кезде Күршім ауданында бірінші хатшы болған Ақаш Ибежанов ағаңыздың өзіңізге ерекше сенім артып, “көзінде оты бар екен” деп қамқорлық жасағанын Сіз күні бүгінге дейін ұмытқан жоқсыз. Өйткені, Сіздің бала жастан алған тәрбиеңіз, туа біткен болмысыңыз солай. “Жақсылыққа жақсылық – парыз іс”. Сіздің сол қағидадан ауытқыған кезіңіз жоқ. Сол қасиетіңізге орай Сізбен қызметтес болған үлкен-кіші де өзіңізге үйіріліп тұрады. Өзіміз де Сізді жағалауға, сөзіңізді естіп, әңгімеңізді тыңдауға, анда-санда болса да сыр ақтаруға пейілдіміз.

Құрметті Кенжеке! Сіздің кезінде Торғай, Қостанай облыстарын басқарғаныңызды көпшілік жақсы біледі. Ол бір заманның қиын-қыстау кезі болатын. Бірақ қиыннан жол тауып, осы өңірлерді өркендетуге Сіздің қосқан үлесіңіз ұшан-теңіз.

Әрине, облыс басшысы сол өңірдегі істің жайына, адамдардың тыныс-тіршілігіне, олардың көңіл-күйіне, бір сөзбен айтқанда, барлық болмысына жауап береді. Әлемсақтан белгілі, басшы адам жұрттың бәріне, екінің бірі, егіздің сыңарына ұнай бермейді. Бір кемшілік бола қалса, “басшылар қайда қарап отыр” деп дүрліге тұра келетініміз және бар. Бірақ халық Сіз дегенде жапырыла соңыңызға ерді, сөзіңізді тыңдады, айтқаныңызға көнді, өзіңізге сенді. Сіз ең алдымен Қостанай сияқты іргелі өңірдің тізгінін ұстарда Елбасының алдында болып, кадр мәселесін жалтақтамай өзіңіз шешуге мұрсат алдыңыз. Сонда да мәселені белінен баспай, байыппен, ақылға салып, ақсақалдармен ақылдасып шештіңіз. Сіз әкім болып келгеннен кейін аудандардың басшылығына жоғарылатылған Ризван Мұртазин, Сәкен Төкенов, Төлеубай Ахметов, Орал Таңжарықов, Рахым Жұмақұлов, Қуаныш Әуезбеков, Мұхамеджан Жетпісбаев және басқалары Сіздің де, елдің де сенімін ақтады, ақтап та жүр деп білеміз.

Сол бір тұста облыс басшысы ретінде Сіз өткізген талай кеңес, жиналыстарға бұқаралық ақпарат құралының өкілі ретінде өзіміз де қатыстық. Ә дегеннен қазақша сөйлеп, залға сын көзбен қараған сәттеріңізді ұмытқан жоқпыз. Бүкіл ғұмыр бойы қазағы шамалы Қостанай өңірінің қазақ газетінде қызмет істеп келе жатқан өзіміздің ішіміз жылып-ақ қалатын еді. Несін айтасыз, жиналған жұртшылықтың да мемлекеттік тілге ықыласы ауа бастаған тұс сол кез болатын. Әттең сол үрдісті дамыта алмадық.

Қазақша да, орысша да шешен сөйлейтін адамдар көп емес. Бір тілді жетік білсе, екіншісінен ақсап жатады. Тіпті сол қос қанатың – қос тілді жақсы біле тұра кібіртіктеп, ауызекі сөз мәдениетіне маңыз бермейтін, жұртты мезі ететін басшыларды да көріп жүрміз. Ал Сіз төрт аяғы тең жорғадай жосылтқанда, сөзді мақал-мәтелмен, ақын-жазушылардың ұтқыр бір тіркестерімен тұздықтағанда айызың қанады.

Осыдан төрт-бес жыл бұрын Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенованың 55 жылдық мерейтойына арналған айтыста Сізбен бірге қазылар алқасының құрамында болғаным бар. Реті келген бір сәтте Сіз Біржан мен Сараның айтысын жатқа айта жөнелгенде таң-тамаша қалған жандардың бірі де өзіміз болдық. Өйткені, сол айтыстың біраз тұстарын біз де білетін едік. Бірақ мүдірмей, селдете жөнелетін шама бізде мүлде жоқ екен. Ол ол ма, тағы бір сәті келгенде қолға үкілі домбыраны ала салып, қазақтың құдіретті күйін төгілттіңіз. Сілтідей тынып, қан ұйытар қасиеті бар домбыра үніне балқыдық.

Сізді өз басым қазақтың аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, халқымыздың біртуар ұлы, “үлкендер ішінде кіші емес, кішілер ішінде үлкен емес бір ғажап жан” Ілияс Омаровтың 80 жылдық мерейтойы кезінде жаңа бір қырыңыздан көргендей едім. Сол бір ерекше сән-салтанатымен өткен тойда Ілекең туралы Сіз жасаған баяндама төгіліп тұрған тарихи құжат болды. Сіз бас болып ұйымдастырған сол тойға қазақтың маңдайына біткен ұлы перзенттері Манаш Қозыбаев, Өмірзақ Сұлтанғазин, Ғафу Қайырбеков және басқалары ерекше белсенділігімен қатысып, Ілекеңді ұлықтап еді.

Сол ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдарын топтастырып, оған Ілекеңнің бұрын еш жерде жарияланбаған өлеңдерін қосып, Ілекең туралы естеліктердің басын біріктіріп, екі мың дана таралыммен қомақты жинақ құрастырып, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бағдарламасымен құнды бір кітап шығарғанымды өзім журналистік, жазушылық өмірбаянымдағы үлкен бір белес деп білемін. Сол еңбегім үшін Қостанай меценаттар клубының “Қазына” сыйлығын алғанымда сол сыйлық жөніндегі комиссия мүшесі ретінде қолымды құшырлана қысып, игі тілек айтқаныңызды ешқашан ұмытпақ емеспін, Кенжеке! Еңбекті әділ бағалауға келгенде сол комиссия мүшесі ретінде Сіздің пікіріңіздің басты рөл атқарғанын, Сіздің уәжіңізбен басқалардың да келіскенін мен жақсы білемін.

Енді бір-екі жылда сол Ілекеңнің 100 жылдық мерейтойы болады. Оған осы бастан дайындалу қажеттігін мен жақсы сеземін. Сондықтан да Ілекең шығармашылығына, оның қайраткерлігіне ден қойып, қалам тартып жүрген Сенатор Қуаныш Сұлтановқа осы Қостанайда құрылған “Алдияр” қоғамдық бірлестігі атынан хат жазып, еске салуды жөн көрдік. Бұл жайдан Сіз де хабардар болсын деп әдейі айтып отырмын. Өйткені мен Сіздің іс-әрекетіңізден кейде сол Ілияс аға қолтаңбасын көргендей боламын.

Тарихтан белгілі, Ілияс Омаровтың Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарып жүргенде ел еңсесін көтеретін “Алтай” атты тамаша ән жаздырып, оны орындауға халық әртісі Жамал Омарованы шақыртады.Тіпті қолайлы көлік болмай әнші апамызды қалаға локомотивпен машинистің жанына отырғызып жеткізеді ғой. Бүгіндер, қайран дүние, Ілекең де, Жамал апамызда дүниеде жоқ, бірақ ән бар. Асқақ ән. Асқар Алтайға, өр Алтайға қойылған ескерткіш ол.

Сіздің басшылығыңызбен және тікелей араласуыңызбен дүниеге келген “Ақ желең” ансамблі де белгілі бір кезеңнің тамаша ескерткіші. Өңірімізді жалғанның жалпағына танытып жүрген, қазақтың өміршең өнерін талмай насихаттап жүрген жасампаз ұжым ол. Алыс та жақын шетелдер “Ақ желеңді” жақсы біледі, оның жетекшісі Назымбек Молдахметов ініміз Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын алғанда Сіздің де ерекше қуанышқа бөленгеніңізді айтпай-ақ білемін.

Қазақтың ірілері Абай, Шоқан, Ыбырай десек, ұлы ұстаз Ыбырайдың зираты басына кесене орнатып, сол қастерлі орынға жол тартқан да Сіз едіңіз, Кенжеке! Оны бүгінгідей мерейтой күні шегелеп айтуға тиіспіз. Әйтпесе, Сізге дейін де осы Қостанайда талай басшы болды, солардың бірде біреуі ұлы тұлғаны ұлықтауды еске де алмады. Оны айтасыз, осы Қостанай облысын жиырма жылдан астам басқарған Андрей Бородин атты коммунист тарихи өңір – Торғай төсінде сол жиырма жыл ішінде бір-ақ рет болыпты. Оның өзінде 50 жылдық мерейтойын өткізу үшін жетіпті. Ал Сіз болсаңыз сол Торғай облысын басқарған аз ғана уақытта өңір келбетін танымастай қылып өзгерттіңіз. Жатаған қана саманнан соғылған үйлерден тұратын Торғай селосында 250-дей жаңа да жайлы ғимараттар салынды. Торғай жасарып, жайнап шыға келді. Ол еңбегіңізді Торғай халқы ешқашан ұмытпақ емес.

Жақында осы қолыңыздағы “Қостанай таңы” газетінде бұрын Торғай төсінде құрылыс ұйымдарын басқарған Асқарбек Бектемісов ініңіздің мақаласы басылды. Онда ол халық жадында қалған Торғайдағы екі басшы туралы айтады, оның біріншісі – Еркін Әуелбеков, екіншісі – өзіңіз, Кенжеке! Бұл ойды бірде халық әртісі Досжан Жанботаев та ерекше шегелеп жеткізген еді. Сіздің қадір-қасиетіңізді ерекше жоғары бағалайтын жандар аз емес, ел ағалары да, кейінгі жастар да Сіз дегенде ішкен асын жерге қояды. Мағауия Жүнісұлы, Қазбек Әлжапаров, Ғұмар Ахметчин, Төлеген Шоланов, Өмірзақ Ихтиляпов және басқа да көптеген елге белгілі тұлғалар үнемі шын көңілден сыйластық көңіл-пейілін жеткізіп жатады.

Сіз облыстық экономика және өнеркәсіп басқармасының бастығы, облыстық әлеуметтік сақтандыру басқармасының бастығы, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі облыстық басқарма бастығы, облыс әкімінің кеңесшісі сияқты лауазымды қызметтер атқарып жүргенде де елдің абырой-ықыласына бөлендіңіз. Ұлы Ғабит Мүсірепов Ілияс Омаров туралы былай деген екен: “Ол отырған орнына қарай үлкен де, кіші де көрінген емес. Қайда да жауапкер, қайда да іскер, қайда да заманымыздың үлкен қайраткері, қадірлі азамат қалпынан өзгермей танылатын. Орын оны көркейтпейтін, орынды ол көркейтетін”. Сөз зергері Ғабит ағамыздың осы ойларының түп-түгел Сізге де тікелей қатысы бар екенінде сөз жоқ. Оны өмірдің өзі дәлелдеген. Облыстық ардагерлер кеңесінің басшысы ретінде де Сіз осы қоғамдық шаруаны, жауапты істі жолға қойдыңыз.

Бүгіндер ұл-қыздарыңыз өсті, өмірден өз орындарын тапты. Ұлыңыз Сымбат, қыздарыңыз Әлфия мен Нәйла елге сыйлы өрендер. Құда-құдағи, немере-жиендеріңіз де өрісіңіз. Бүкіл ғұмыр бойы ұстаздық еткен жеңгеміз Сара – Сіздің шаңырақтың ұйтқысы, берекесі, ағайын-туған, жолдас-жораның қамқоры. Осы бақ-береке басыңыздан таймай, халқыңыздың ықылас-пейіліне бөленіп, жасай беріңіз, Кенжеке!

Өткен күнде белгі бар

Кәсіпкер, қайраткер Серікбай Бисетаев туралы сөз


1. Ел ағасына қамқорлық
Облыс жұртшылығы Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, белгілі қаламгер, осы «Қостанай таңы» газетінің ыстығына күйіп, суығына тоңған асыл аға Бақытжан Жангисинді жақсы біледі. Бүгінгі қалам ұстап жүрген үлкен-кішінің көпшілігі сол Бәкеңнің алдын көрді, оның ақыл-кеңесін тыңдады, пәтуалы сөзін естіді. Табаны күректей жиырма жыл уақыт бойы қара шаңырақ – «Қостанай таңының» тізгінін ұстаған ұстазымызға өзіміздің де құрмет-ықыласымыз ерекше. Аяулы аға дүниеден өткенде қабырғасы қайысып, мұңға батқан шәкірттері де аз емес еді. Бүгіндер сол майдангер, тәлімгер, қаламгер тұлғаға редакция ғимараты қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Енді осы «Қостанай таңының» бастауында болған халқымыздың біртуар перзенттері Мұхамеджан Сералин, Бейімбет Майлинге орнатылған мемориалдық тақта олар бастаған істің талантты жалғастырушысы Бәкеңе қойылған қасиетті белгімен толықты. Сөйтіп ұрпақ сабақтастығының белгісіндей редакция ғимаратында үш бірдей ескерткіш тақта жарасып тұр.

Осынау жайтты бүгін тегіннен-тегін еске алып тұрған жоқпын. Бірде жадыраған жаздың тамаша бір кешінде осы Әл-Фараби даңғылы бойындағы редакция ғимаратының жанында белгілі кәсіпкер, қайраткер тұлға Серікбай Бисетаевпен кездесіп қалғаным бар. Газетіміздің жанашыры, өліара шақта ерекше қаржылық қиыншылық көріп, тіпті айлар бойы газет шықпай қалғанда басылымға басқалардан бұрын көмек қолын созған да осы Бисетаев еді. Ең алдымен өзі басқаратын «Биско» Холдинг компаниясында облыстық газетке мүмкіндігінше молынан жаздыруға көмек жасады. Газетіміздің 75 жылдық мерейтойына қуана келіп, қомақты сый-кәдесін жасады және жыл сайын Баспасөз күні қарсаңында «Қостанай таңы» газетінің үш бірдей қызметкеріне берілетін ақшалай сыйлық белгіледі.

Ал жоғарыда аталған Бақытжан аға Жангисин 75 жасқа толғанда, ардагерді мерейтойымен құттықтауға қара шаңыраққа әдейі келіп, бәріміздің де мерейімізді өсірді. Жан жадыратар сөз айтты, әуелетіп ән шырқады, майдангер, қаламгер ағасына арғымақ сыйлады.

Күндердің күнінде сол Бақытжан Хұсайынұлы ұлтжанды інісі Серікбай Жұмабекұлы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат болып тіркелгенде оны ерекше қолдап, «Алау» телеарнасынан: «Бисетаев – біздің кандидат. Ол біздің қазақ халқының басым көпшілігі тұратын ауыл-село өмірін жақсы біледі, оны көтеруге қолқабыс жасайды» деп ағынан жарылды. Ақыры Секең өзімен бірге дауысқа түскен облыстың бұрынғы әкімі Балташ Тұрсынбаевты, Қостанай қаласының әкімі Василий Корневті артқа тастап, сайлаушылардың көп дауысын алды, сөйтіп депутат болып сайланды. Ол халық қалауысы ретінде, расында да, Бәкең айтқандай селоға ерекше қамқорлық жасады. Парламент қабылдаған «Жер туралы», «Өсімдік қорғау туралы», ауыл шаруашылық серіктестіктері туралы және басқа көптеген заңдарда осы Секеңнің де еңбегі зор. Оның депутаттық сауалдары бойынша үкімет пен қоғам назары село проблемаларына талай аударылып, орнықты шешім қабылданды.

Айта кетейік, Серікбай Бисетаевтың халық қалаулысы ретіндегі орасан зор еңбегі мемлекетіміздің жоғары наградасы – «Құрмет» орденімен аталып өтті.


Каталог: wp-content -> uploads -> 2014
2014 -> Сәлім меңдібаев армысың, алтын таң! Журналист жазбалары Қостанай – 2013 ж
2014 -> Қазақ тілі мен латын тілі кафедрасы Қазақ Әдебиеті пәні бойынша әдістемелік өҢдеу мамандығы: Фельдшер Мейірбике ісі Стамотология Курс: І семестрі: ІІ
2014 -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
2014 -> Жақсыбай Мусаев шығармашылығы және көркемдік Зерттеуші оқушы: Мұратбаева Назерке
2014 -> Тақырыбы: Ақындықты арман еткен жерлес Талапбай Ұзақбаев
2014 -> М.Ә. Хасен төле би әлібекұлы
2014 -> 3-деңгейлерге: а/берілген сөздерді аударыңдар
2014 -> Жақсыбай Мусаев шығармашылығы және көркемдік Зерттеуші оқушы: Мұратбаева Назерке
2014 -> Тақырыбы: Ақындықты арман еткен жерлес Талапбай Ұзақбаев


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   24




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет