ОҚулық Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі бекіткен Алматы, 2011 Әож 78(574)(075)



бет8/17
Дата05.11.2016
өлшемі7,09 Mb.
#526
түріОқулық
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   17

Батыс Қазақстаннан: оралдық Көшелек Еламанов (1874-1951), ақтөбелік Нұрпейіс Байғанин (1860-1945), Айса Байтабынов (1875-1955), маңғыстаулық Марабай (1841-1895), Тілеген (Мұрын) Сеңгірбаев (1860-1952), Қашаған (1841-1929).

  • Оңтүстік Қазақстаннан: Құлыншақ Кемелұлы (1831-1892), Мәделі

    Жүсіпқожаұлы (1816-1888), Майлықожа Сұлтанқожаұлы (1835-1898), сырбойылық Жүсіп Ешниязұлы (1871-1927), Базар Оңдасұлы (1841-1911), Омар Шораяқұлы (1878-1924), Жиембай Дүзбембетұлы (1864-1929), Төлеубай Үркімбаев (1898-1956), Рахмет Мәзқожаев (1881-1976). Әлібек Байкенов (1899-1944), Нартай Бекежанов (1890-1955), Сәрсембай Бөртебаев (1900-1961), Рүстембек Жиенбаев (1905-1966), Көшеней Рүстембеков (1946-1973).

    1. Жетісудан: Қабан жырау (1733-1824), Сүйінбай (1827-1895), Майкөт

    (ХІХ ғ. 2-жартысы), Жамбыл (1846-1945), Ертай Құлсариев (1892-1950), Жанақ (ХІХ ғ. 2-жартысы), Қалқа Жапсарбаев (1886-1976), Кенен Әзірбаев (1884-1976) және т.б.


    Әрине, бұл қазақ ақын-жырауларының толық тізімі емес, соңғы легі де болмауға тиіс. Бүгінде елге танымал болған Алмас Алматов, Бидас Рүстембеков, Майра Сәрсенбаева секілді көптеген жырау-жыршылар шығармашылығы соның айғағы. Олардың қатарында өз жанынан шығарып айтатындар да аз емес. Жоғарыда аталған өнер иелерінің арасында жырау да, жыршы да, ақын да кездеседі. Басым көпшілігі жыраулық дәстүр мен ақындық өнерді ұштастырған шеберлер ретінде танылады.

    Жыраулық өнердің сүйенері - дәстүр. Айталық, Маңғыстауда ХV-ХVІ ғасырлардағы ноғайлы дәуірінің оқиғалары басым болса, Сыр бойында оғыз, ноғайлы сюжеттері, Жетісуда ХХ ғасырдың бас кезіндегі тарихи оқиғалар көбірек жырланады. Бірақ әр аймақтың өзіне тән ерекшеліктері әлі күнге зерттелген емес.

    Қазақ фольклортанушыларының көптеген ізденістеріне қарамастан, әлі күнге дейін «жырау», «жыршы», «ақын» атауларының этимологиясы мен семантикасы ғылыми тұрғыдан анықталып болған жоқ. Бұл төңіректе В. Жирмунский, Е. Ысмайылов, Ә. Қоңыратбаев, Қ. Айымбетов, Н. Смирнова, Е. Тұрсынов, М. Мағауин, т.б. ғалымдардың қалам тартып, түрлі пікірлер ұсынғаны белгілі. Алайда бұл мәселені белгілі бір ғылыми жүйеге түсті деп айту қиын. Ғалымдарымыз жыр атауының арғы жерде ыр, бергі жерде жырау сөздерімен байланысын айтудан көп ұзап кеткен жоқ. Кейбіреулер оғыз заманындағы ұзандар мен кейінгі қазақ ақындарының арасындағы өзгешеліктерді аңғармайтын секілді. Ұзан – жырау типінен болса, ақын – кейінгі құбылыс. Бұлар бір ұғымның түрлі стадиялық кезеңдеріне тән атаулар: алғашқысы – суырып салма, соңғысы – жазба мәдениет өкілдері.

    Мұның ізі көршілес өзбек халқында да жақсы сақталған. Біздегі «ақын» сөзін енгізген Абай болса, өзбек ауыз әдебиетінің өкілдері – бахшы (ұстаз, айтушы), жазба әдебиет өкілдері – шайыр деп аталады. «Ақын» сөзін Абай жазба әдебиет өкілдеріне қолданса да, біз оны халық ақындарына, тіпті бүгінгі жырау-жыршыларға қатысты пайдаланып келеміз. Сонда жазба әдебиет – фольклордан, ақындар – жырау типінен бұрын туғандай болып тұрады. Ақындық өнердің арқауын тотемдік ұғымдармен байланыстырып, оны жырау типінен бұрын тудырып жүрген зерттеушілер де жоқ емес. Ежелгі түркі тайпалары мәдениетіндегі айтушылар типінің туу, қалыптасу, даму ерекшеліктеріне қайшы келетін, оның стадиялық сипатын ескермейтін мұндай пайымдауларды қабылдау қиын.

    Осыған орай әр дәуірдегі айтушы типінің негізгі белгілерін саралаудың қажеттігі туады. Айталық, М. Мағауин қазақ жырауларының ең басты белгісі – ақындық десе, Е. Тұрсынов ақындардың даралығы – айтысқа түсуінде деп жазады. Бір қарағанда екі пікірдің де көкейге қонатын тұстары бар. Бірақ алғашқы тұжырымның негізінде жыраулық өнерді музыка мен поэзияның, яғни мақам мен мәтіннің бірлігіне құрылған тұтас синкреттік құбылыс емес, жалаң поэзия ретінде бағалаудың жатқанын аңғару қиын емес. Жыраулық дәстүрдің көлемді эпикалық жырлармен байланысы анық болса, В. Я. Пропптың мына пікірін естен шығармағанымыз жөн: «Признак музыкального, песенного исполнения настолько существен, что произведения, которые не поются, ни в коем случае не могут быть отнесены к эпосу. Отнять от былины ее напев, исполнить ее в форме прозаического рассказа означает перевести ее в совершенно иную плоскость художественного творчества» (Русский героический эпос. М., 1958, 6-б.).

    Демек бұл бағыттың кемшілігі жыраулық өнерді көркем ой көрінісі – поэзия тұрғысынан зерттеп, өлі материал - әдеби мәтін ретінде қарастыруында болып шығады.

    Қазақ фольклортану ғылымындағы айтушылар типіне байланысты пікірлердің бір ізден шыға бермейтіні бар. Бұл жыр, жыршы, жырау атауларының мән-мағынасына қатысты.

    Тарихи деректерге жүгінер болсақ, ежелгі түркі-монғол тайпаларында эпос айтушылары “ұзан” деп аталған. Түрік лұғатын жазған Фарханг Шу, ри “ұзан” сөзін қолына тамбур алып, ел арасында өлең, жыр айтатын адамдарға қатысты қолданған.

    Әйгілі шығыстанушы В. В. Бартольд пікірі де осы ізде көрінеді. “Ұзан” сөзі туралы А. Н. Самойлович те пікір айтқан. Көршілес, Орта Азия және Қазақстан жерімен терең тарихи байланысы бар халықтардың сөздігіне қарап отырсақ, айтушылар “шайыр” (түрік), “бахши” (өзбек), “бақсы” (қазақ), “ашуг” (әзірбайжан), “бөө” (монғол), “үлгерч” (бурят) болып түрліше аталады. Бұл атаулар бірде ұстаз, ел ағасы, ақын деген ұғымды білдірсе, енді бірде айтушы мағынасында қолданылады.

    Бұл мәселелер төңірегінде көптеген орыс ориенталистері де өз пікірлерін айтып кеткен. Мысалы, Н. И. Ильминский “жырау” сөзінің мән-мағынасын жете түсінбей, оны қазақ фольклорындағы “өлеңші” типімен қатар қолданады. В. В. Радлов болса бұл атауға терең мән беріп, “жырау” сөзінің көне жәдігерлерді айтушыларға қатысты екенін көрсеткен. Көп жайда бұл атаулар олардың қоғамдық қызметімен байланысып жатқан. Сонымен қатар үлкен эпопеялық жырларға, оларды насихаттауға байланысты туған атаулар да бар. Тәжік айтушылары – гургулихондар, бурят халқының эпос орындаушылары – олонхошылар, қырғыз поэзиясының алыптары – манасшылар, қазақтың эпос айтушылары – жыраулар да осы салаға қосылады. “Қорқыт ата кітабы” сияқты жырларды айту жыраулар үлесіне тиген. Әрине, мұндай ірі эпос айтушылары барлық халықтарда бірдей байқала бермейді.

    Қазақ фольклортану ғылымында жырау, жыршы, қиссашы, термеші, өлеңші атаулары, олардың өнері мен қоғамдық қызметі біршама зерттелген. Дала поэзиясымен бірге туған бұл дарын иелерінің өнерін М. Ғабдуллин, Ә. Қоңыратбаев, Е. Ысмайылов, Р. Бердібайлар арнайы зерттеген. Қазақ фольклорына арналған үш томдық еңбекте де халық поэзиясының осы саласына тәп-тәуір ой бөлінген. Онда айтушылар типі үш салаға жіктелген: а) өлең-термешілер; ә)ақындық толғау; б) ақын, жырау, жыршылар.

    Импровизация өкілдерін бірнеше сатыларға бөлуге болар еді. Оның бастапқы сатысы – фольклор. Фольклорлық поэзия от басы, ошақ қасында қарапайым айтушылардан басталған. Ұсақ салт жырлары, ертегі, аңыз, жоқтау, бесік және ұлыс жырларының арнаулы музыкалық мақамы, сарыны және орындаушылары болған. Бұл жанрлар жеке орындаушы немесе белгілі бір музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен айтылған.

    Қазақ фольклорындағы келесі саты – эпос. Мұнда поэзия мен музыка күрделене түседі. Эпоста тайпа, ел мүддесі басым жырланады. Бақсылар көбіне культ жырларымен шектеліп қалса, эпос айтушылары азаматтық поэзияға бет бұрады.

    Әрине, бұдан келіп кәсіби айтушылар типі – жыраулар тек бергі жерде (ХV-ХVІІІ ғғ.) туған деуге болмайды. Жыр, эпос ертеден бар болса, жыраулар да арғысы көне түркі, бергісі оғыз-қыпшақ дәуірінен бері бар.

    Эпос айтушыларын сөз еткенде, поэзия мен музыка өнерінің арақатынасын да зерттеу қажет. Өйткені батырлар жыры, романдық-эпос үлгілері немесе тарихи жырлар белгілі бір музыкалық мақаммен орындалатын болған. Оның әр саласы әр түрлі мақаммен жырланатыны тағы бар.

    Сөздің асылын да, музыканың әсемін де халық мұрасынан іздеу керек. Ұйқастың жасағын қойып, асылын іздеген, соған лайық әсем де әсерлі мақам тудырған жырау, шайыр, жыршы, термешілердің өзара айырмасын жете білмеген жерде, өлең-жыр, поэзия, музыка атаулының құны түседі. Бұл мәселелер қазақ әдебиетшілері тарапынан зерттеліп жүрсе де, музыка мамандары жеткілікті түрде ой бөлмей келеді. Ән мен өлең, жыр мен поэзия қазақ даласында өзінің синкреттік формасында туған болса, бұл бірліктің ғасырлар бойы қалыптасқан сырына қаныға түсу керек. Фольклор жанры тұсында бір ғана музыкалық әуен, мақам қуып, поэтикалық ерекшеліктеріне көңіл бөлмеу – музыка зерттеушілерінің еңбектеріне тән кемшілік. Музыкалық мақамның да өзіндік пішіні, композициялық, әуендік ерекшеліктері болады. Оның бәрі поэзиямен тығыз байланыста болады. Осы заңдылықты көре білмеген немесе елемеген зерттеушілер схематизмге ұрынады.

    Ежелгі түркі тайпаларында эпос айтушыларының алғашқы типін шамандар, яғни бақсы-балгерлер атқарған. Олар әрі емші, әрі ақын, әрі сазгер, әрі биші, әрі орындаушы. Поэзияда-7-8 буынды жыр, музыкада - қобыз, кепшік, асатаяқ аспаптары мен қоңыр үнді мақам қолданған. Қолына тамбурын ұстап ел арасында өлең-жыр айтатын адамды ұзан деп атаған. Фарханг Шу`ри, В. Бартольд, А. Самойлович пікірлері осыған салды.

    Сөздің асылын, теңеудің дүрін, мақамның саздысын іздеген жыраулық өнер өкілдері – жырау, жыршы, шайыр, термеші, өлеңші атауларының айырмасы да елеулі.

    «Жыр» сөзі қазақ халқынан бөлек қарақалпақ, ноғай, балқар, татар, қарашай тілдерінде әлі күнге дейін қолданылып келеді. М. Қашқари оның жыр, әуен, саз деген мақам-саздық мағынада қолданылғанын көрсеткен болса, жырды өлең өлшемі ғана емес, музыкалық-поэтикалық жанр аясында зерделеген дұрыс болмақ.

    Жырау - көптен талас тудырып, әр түрлі пікірлерге арқау болып жүрген атау. Ол эпос тудырушы, ел тағдыры, күрделі қоғамдық-әлеуметтік мәселелер туралы толғаулар шығарушы әрі орындаушы. Асылы жырау, жыршы атауларының бір-бірінен пәлендей айырмасы жоқ. Қазақ ғалымдары ұсынып жүрген ұғым бойынша жырау – үлкен имправизатор, суырып айтушы да, жыршы – жаттап алып айтатын кәсіпкер. Осы пікір біршама орнығып қалса да, біз оны мәселенің ғылыми шешімі емес, конвенционизм көрінісі, яғни ымырашылдық деп білеміз.

    «Жырау» сөзін М. Қашқари жазбасындағы йырағу (JЫRАFU) сөзінен тудыру қосымша дәлелдерді қажет етеді (Түрік сөздігі. А., 1998, 3-т., 51-б.). Қашқаридағы иашағу – жасайтын, иамағу – жамалатын болып аударылса, иырағу – жырағу, жырлайтын болып оқылуға тиіс.

    «Жырау» сөзін жыр жырлау әрекетімен байланыстыруға болса да, мұны толыққанды этимологиялық анықтама ретінде қабылдау қиын. Е. Тұрсыновтың жырау (иыр-жыр) – иырағу/жырау формасы арқылы жасалған деген болжамы да мәселені түбегейлі шешпейді. Бұл тұста жырағу сөзінің жырау тұлғасына айналу ерекшелігі назардан тыс қалған.

    Жырау типі көне түркі дәуірінде болса да (Тоныкөк), орхон-енисей жазбаларынан мұндай атауды кездестіру қиын. Дәл осы сөзжасам жүйесінің өзге түркі тектес халықтар мәдениетінен орын алмағанын ескерер болсақ, жырау – хандық дәуірден бергі жерде ауыз әдебиеті аясында туған атау деген пікір сабақтауға болады.

    Эпос айтушыларының келесі бір типі – жыршы. Оның тұлғасын бағалауда көптеген көзге ұрып келе жатқан бір жасандылық бар. Оның мәнісі – жыршы сөзін тек насихаттаушы, орындаушы, таратушы, яғни кәсіпкер ұғымының аясында түсіну.

    Жыршы атауы түркі тайпаларының сөзжасам жүйесіне қайшы келмейді. Сөз түбірі – жыр, шы – белгілі бір кәсіп иесінің сипатын білдіретін қосымша. Осы қос буын бірігіп есім сөз құрап тұр. Бақсы (бахши), жыршы, қобызшы, домбырашы, сыбызғышы сөздерінің бәрі де осы негізде туған болса, олардың бірін тудырушы, екіншісін орындаушы деп бөлу қисынсыз.

    Көлемді жырларды өзгелер шығарып, жыршылар тек насихаттаған деп ұғыну – эпос айтушыларының шығармашылығына тұсау салу болып шығады. Олай болғанда қазақтың ең соңғы жырауы аталып жүрген Бұқардан соң тарихи тақырыпты қаузайтын ірі жыр-дастандар тумай, классикалық эпосымыз циклизацияға түсіп, түрленбеген болар еді.

    Жыршы үшін поэзия мен музыка бір-бірінен ажырамаған, жанрлық сипаты сараланбаған құбылыс. Олар жеке өнер арналары ретінде әлі жіктеле қоймаған. Демек жырау-жыршы атауларын шығарушы, таратушы ұғымдарының аясында түсіну – эпос айтушыларын екіге жіктеудің көрінісі. Қырғыз айтушыларының шоң және шала манасшы болып бөлінетінін кезінде М. Әуезов те айтқан. Мұның өзі эпикалық дәстүрдің импровизаторлық және синкреттік сипатын теріске шығару ма дейміз.

    Олай болса, жыршы – кәсіпкер, жаттап айтушы деп түсіну бергі жерде туған ұғым. Оның бір жағында кейінгі эпикалық дәстүрдің бір ғана көлемді жырларға құрылмай, толғау, терме, желдірме секілді шағын жанрлармен толығу процесі жатады. Оны Р. Бердібай «термин эволюциясы» ретінде атаса, біз тұтас күйінде жыраулық дәстүр эволюциясы деп білеміз. Батырлық, романдық, қисса-дастандық жырлармен бірге көлемі шағын толғау-термелерді орындайтын өнер иелерін жыршы деп атау ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің тоғысуынан туған түсінік. Бергі жерде жыршылар ақындық поэзиямен қоян-қолтық араласып, жазба әдебиет өкілдерінің туындыларын орындаған. Осы негізде жыршы сөзі семантикалық өзгеріске түсіп, қазақ халқының ХІХ-ХХ ғасырлардағы ұғымында айтушы, орындаушы, насихаттаушы мағынасында қабылданатын болған.

    Жыраулық өнер – ғасырлар бойы қалыптасып, дамып, жетіліп, өзіндік музыкалық-эпикалық репертуар тудырған тарихи-мәдени құбылыс. Бұл дәстүрдің тағы бір ерекшелігі - өзіне ғана тән репертуары, сюжеті, мотиві, музыкалық мақамы мен орындау ерекшелігі болуымен қатар белгілі бір этникалық топқа қатысты мәліметтерді сақтауында. Кейде қазақ ғалымдары дәстүрді көркем құбылыс деп білсе, оның негізінде бір ғана сюжет, яғни мазмұн баяндаудың жатқаны анық. Олардың пайымдауынша, сюжет – қозғалмалы категория. Ол үнемі толығып, түлеп, өзгеріп отырады-мыс.

    Өз кезегінде бұл пікірдің көкейге қонатын тұстары жоқ емес. Бірақ біз эпостағы этникалық мәліметтердің тұрақтылығы мен музыкалық мақам-сазының архаикалық сипатын да ұмыт қалдырмауымыз керек. Себебі дәстүр аясында жеткен құбылыстарды эпос айтушылары қаз-қалпында келесі ұрпаққа жеткізіп отырады. Осыған жыраулық өнер аясында жеткен музыкалық мақам-саздардың көркемдігі мен тарихилығын да қосамыз. Поэзиялық бейне мен музыкалық образдың арақатынасынан туындайтын мұндай күрделі проблема қазақ фольклортану ғылымында әлі күнге сөз болған емес.

    Жыраулық өнердің айрықша дамып, қазақ мәдениетінен орын тепкен кезеңі – ХІХ-ХХ ғасырлар. Этникалық санаға негізделген эпикалық дәстүр өкілдері – жырау-жыршыларды кеңестік дәуір саясаты қош көре қоймады. Өткен ғасырдың 20-30-жылдары көптеген эпос айтушыларының тұтқындалып, жер айдалуы тегін емес. Соның салдарынан жыраулық өнер көмескі тартып, оны зерттеу, зерделеу ісі тек ХХ ғасырдың орта шенінен қолға алына бастаған-ды. «Үш ғасыр жырлайды», «Пернедегі термелер» жинақтары, Е. Ысмайыловтың «Ақындар» атты еңбегі соның айғағы. Одан бергі жерде Ә. Марғұлан, Ә. Қоңыратбаев, Р. Бердібаев, О. Нұрмағамбетова, Е. Тұрсынов, М. Мағауин, Қ. Сыдықов, М. Жармұхамедов, т.б. ғалымдардың ізденістері бой көрсетті. Соның бәрін эпикалық мұрамыздың қаншалықты зерттеле бастағанын айғақтайтын белгілер деп қабылдаған ләзім.

    Жоғарыда айтылған жайларды түйіндей келгенде жырауға тән мына қасиеттерді саралауға болар еді.

    Біріншіден, жырау – шығармашылық тұлға, эпикалық дәстүрді тудырушы. Оның бойында ақындық, сазгерлік, орындаушылық қасиеттердің қатар болуы шарт.

    Екіншіден, жырау – эпикалық дәстүрдің негізгі сақтаушысы әрі дамытушысы. Ол қазақ поэзиясына тән 7-8 және 11 буынды өлшемдермен қатар сол өлшемдерге сай музыкалық мақам үлгілерімен де жете таныс болуы қажет. Мақам бұрын туады ма, әлде поэзиялық өлшем бе? - деген сауалдың маңызы зор болса да, әдеби ағымдағы ізденістер оған жауап бере алған емес.

    Үшіншіден, жырау қобыз, домбыра аспабының бірін жете меңгерген, жыр айтуға бейім тұлға болуға тиіс.

    Төртіншіден, жырау өз елінің тағдыры, тарихы мен мәдениеті, әдет-ғұрып, салт-дәстүрінен хабардар тұлға болуы шарт.

    Ал, жырау - өз заманының сыншысы, қоғамдық маңызы бар тұлға деген анықтаманың кезеңдік сипаты басым. Түрлі кезеңде жырауларды әр түрлі мәселелер толғантқан. Оның мәнісі, ХІХ-ХХ ғасырдағы жыраулар майда, әлеуметтік-дидактикалық тақырыптарға да барған. Терме жанрының тууы соның бір көрінісі.

    Жырау – этнограф, яғни қазақ тарихы мен мәдениетінің жарқын беттерін өз өнері арқылы кейінгі ұрпаққа жеткізуші тұлға. Осы шежірешілдік қызметін мүлтіксіз атқару үшін ол халық мұрасының үлкен жанашыры болуы қажет.

    Бір қызығы, ертеде жыраулар өздерін өнер иесі емес, ел жадымен естілігін жеткізуші, ата-баба тарихын кейінгі ұрпақ бойына сіңіруші тұлға ретінде түсінген. Ондағы көркемдік арнаны келе-келе туған құбылыс деп білген ләзім.

    Жыраулық дәстүр – қазақ өнерінің бұлақ-бастауы. Оның тегі мен табиғатын тану арқылы ұлттық өнеріміздің туу, қалыптасу, өсу, өркендеу кезеңдеріне қаныға түсеміз. Мұның өзі жыраулық өнердің генезисін анықтаумен бірге оның ХІХ ғасырда туған әншілік және күйшілік дәстүрлермен сабақтастығын саралауға да жол ашады.

    Жыраулық өнер – оғыз дәуірінің жемісі. Оның басында түркі әлеміне танымал Қорқыт тұлғасы тұрады. Оғыздардың бері келе қазақ, түрікмен, әзірбайжан, анадолы халықтарының этногенезін құрағанын назарға алар болсақ, осы этникалық топтардың тарихи тектестігін анықтау үшін жыраулық өнердің атқаратын қызметі де айқындала түспек.

    Жыраулық өнер – архаизм көрінісі емес, түркі тектес халықтардың эпикалық дәстүріне, әдебиеті мен музыкалық мәдениетіне негіз болған тарихи-мәдени құбылыс. Оны тәжірибелік негізде дамытып, ғылыми бағытта зерделеу арқылы ұлттық өнеріміздің көкжиегін кеңейте түсеріміз анық.

    Жыраулар қолданған негізгі музыкалық аспап – домбыра. Сонау бір жылдары музыка зерттеушілері (Т. С. Вызго) шертпелі аспаптардың тегі жайлы қызықты деректер келтіріп жүр. Қазақ ғалымдары да домбыра аспабы туралы зерттеулер жариялады. Әсіресе, домбыраға арналған күйлер (шертпе, төкпе) жан жақты жиналып, жариялануда.

    Хандық дәуір музыкасы тұсында “күй” сөзінің тегіне де тоқтала кеткеніміз жөн. Бұл мәселенің төңірегінде ең алғаш пікір айтқан ғалым – Қ. Жұбанов. Ол өзінің қазақ музыкасына арналған еңбегінде: “Күй” деп татардың әнді де, күйді де, қысқасы барлық музыка шығармаларын атайтынын біз айтып өткенбіз. Қазақта күй түрінде айтылған сөз шағатай, ұйғыр тілдерінде, анатолия түріктері тілінде “көк” болып айтылуы тиіс… Сондықтан күй деген сөз оларша көк болуы табиғи нәрсе”, - деп жазған-ды.

    “Күй” - XVІІІ-ХІХ ғасырларда қалыптасқан атау. Түркі тілдес халықтарда оның сарын, саз, мақам сияқты баламалары болған. Оның бәрі де лад деген мағына берсе керек. Мысалы, бақсылық үрдіс белгілі бір музыкалық сарынға құрылатын болса, шығыс музыкасының арқауы – он екі мақам. “Саз” – XV-ХVІІІ, “күй” – ХІХ-ХХ ғасырлардығы қазақтың аспаптық музыкасына байланысты туған атаулар. “Саз” көбіне шертпе күй дәстүріне негізделген шағын да мұңды әуенге, “күй” – белгілі бір музыкалық образға құрылған музыкалық шығармаға байланысты атау.

    Сонымен “күй” дегеніміз – белгілі бір музыкалық-образдық ерекшелігі бар ладтық жүйе. Оның шығыстағы үлгісі – он екі мақам. ХІХ-ХХ ғасырларда қазақ халқының аспаптық музыкасының күрт өркендеуіне байланысты бұл атау да семантикалық өзгеріске түскен. Бұрын ол белгілі бір ладтық жүйені білдірсе, енді күй жанрына байланысты қолданылған. Олай болса, “күй” атауын “көкпен” (космологиялық ұғым) байланыстырудың шындығы шамалы.

    “Күй” – ХІХ–ХХ ғасырларда туған атау. Оның мән-мағынасына А. Сейдімбек өте жақын келіп, адамның көңіл-күйімен байланыстырған болатын. Осы пікірді біз де қуаттаймыз. Жеке атаулар семантикасына үңілгенде тарихи-мәдени құбылыстарды да ескеріп отырған жөн.

    Осы жайларды ескере келгенде, “күй” сөзінің семантикасын тарихи негізде былайша жүйелеуге болар еді:



    1. Сарын. Ол V–VІ ғасырлардағы бақсылық үрдіске арқау болған музыкалық-мақамдық жүйе.

    2. Мақам. Орта Азияға араб басқыншыларының (VІІІ ғ.) келуіне байланысты қалыптасқан ладтық құрылым (он екі мақам). “Мақам”- араб сөзі, тұрақ деген ұғымды білдіреді. Олай болса, он екі мақамның әрқайсысы белгілі бір музыкалық басқышты (тұрақты) білдірмек.

    3. Саз. Қазақ даласында XV-XVІІІ ғасырларда жыраулар поэзиясымен қатар қалыптасқан аспаптық музыкаға тән атау. Ол бір жағынан ладтық жүйені білдірсе, екінші жағынан жанрлық ұғымға да бейім. “Саз ” деп көбіне шағын бір музыкалық ойға құрылған сыбызғы немесе шертпе күй үлгісіндегі шығарманы атаймыз.

    4. Күй. ХІХ–ХХ ғасырлардағы қазақтың кәсіби-күйшілік (аспаптық) дәстүріне байланысты туып, пішіндік сипатқа ие болған атау.

    Мұндағы мақам – отырықшы елдерге, сарын – дала поэзиясына тән атау. Сол себепті хандық дәуір музыкасын сөз еткенде бір ғана қазақ ақын-жырауларымен шектеліп қалмай, мәселені бүкіл шығыс деңгейінде әңгімелеу керек. Шығысты біз үшке бөлеміз: а) шаманизм аймағы (алтай); ә) зороастризм зонасы (иран, парсы, араб елдері ); б) буддизм (үнді-тибет) аймағы. Осы үш аймақтың музыкалық мәдениетін салыстыра зерттегенде ғана біз мәселені толық әрі жалпыға ортақ тарихи-мәдени арнада аша алмақпыз.

    Қорыта келгенде айтарымыз, хандық дәуірде айрықша өрістеген эпикалық дәстүр жырау, жыршы, термеші, өлеңшілер бойында импровизациялық өнердің төрт түрлі саласы бірлесіп, синкретизм аңғарында көрінеді.

    Біріншіден, олар асқан жырау-импровизаторлар болған. Екіншіден, теңдесі жоқ күйші (құралы – қобыз, домбыра) болған. Мұны музыкалық импровизация өнері дейміз. Үшіншіден, музыкалық аспапты жетік меңгерген ғажап орындаушы. Бұл - сахна өнері. Төртіншіден, ел тағдырын ойлайтын үлкен ойшыл, ел ағасы болған.

    Бүгінгі ақын-жырауларда алғашқы үш белгі өз орнын жоя бастаған. Айтыс ақындарында ән мен өлең басым болса, жыраулық дәстүр де күй мен поэзия үстемдік еткен. Осыған эпизм стиліндегі мақам сазын да қосамыз. Қазіргі ақындарда көбіне жазып айту өнері қалған. Кейде өлең кестесі, нақышы, өлшеуі мен мақамы ежелгі айтушыларға ұқсап тұрады. Мұны халық поэзиясына тән құбылыс дейміз.

    Осы ретпен поэзия мен музыка өнерінің синкреттік бірлігінен туындаған айтушылық өнерді бірнеше тарихи кезеңдерге бөлуге болар еді. Олар:


    1. Анонимдік салт жырлары. Бұл поэзия атаулының басы, өнердің синкреттік кезеңі.

    2. VІІ-ХІІ ғасырларда анонимдік өнер бақсылар қолына өтіп, культ поэзиясы туады. Өлең мен музыка әлі жіктелмеген. Бақсылар сарыны мистикалық сипатта болған.

    3. ХІІІ-ХV ғасырлардағы оқиғалар негізінде эпос айтушылары қалыптаса бастайды. Олардың музыкалық мақамы бақсылар сарынына жақын болса да, мазмұны бөлек. Бұл кезеңде айтушылар азаматтық поэзияға бет бұра бастаған.



    1. XV-XVІІІ ғасырларда толғау ақындары – жыраулар шығады. Бұқар, Доспамбет, Шалгез шығармашылығы соның айғағы. Олар эпостағы монолог элементін дамыта түскен. Эпостан енші алған толғау ақындарын да жырау деп атаймыз. Толғау, терме ақындары осы жыраулардан тараған.

    2. ХХ ғасырдың басында шайырлар туып, олар шығыс сюжетіне негізделген қиссалар жазды, эпос сюжетін назиралады. Бұларды айтушы емес, жазба әдебиет өкілдері дейміз.

    3. ХХ ғасырдың бас кезінде жыршы, термеші деген атаулар туған. Олар дайын сюжет, дайын мақам, дайын өлеңдерді жаттап алып орындаған. Жыршы – кәсіпкер. Көбіне мақамды да біреуден алатын болған. Мысалы, Сыр бойында Жәмет, Жаңаберген, Кәрібоз жыраулардың мақамы сақталған. Бүгінгі жыршылар өз термелерін сол мақамдарға салып орындап келеді.

    4. ХХ ғасырдағы халық ақындары (Жамбыл, Кенен, Нартай). Бұлардың дәстүрінде импровизациялық өнер сақталған. Ақындар қобыз аспабынан қол үзсе де, домбырамен үнемі бірге.

    5. Айтыс поэзиясы. Бүгінгі айтыс ақындарының шығармашылығында бұл дәстүр одан әрі жалғасын табуда. Оған Әсия, Әселхан, Шынболат, Қонысбай және т. б. көптеген жас айтыскерлердің халық көңілінен шығып келе жатқан өнерлері толық куә.

    6. Бүгінгі әншілік өнер – эстрадалық құбылыс.

    Хандық дәуір – эпикалық дәстүр мен айтушылық өнердің алтын бесігі. Бұл кезеңдегі қазақ мәдениетін нақты музыкалық репертуар негізінде зерттеу қажет. Ол – алдағы күннің міндеті.

    Х1Х ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ МУЗЫКАСЫ

    Қазақ халқының Х1Х ғасырдағы музыкалық мәдениетін сөз еткенде оны екі үлкен салаға жіктеу керек болады. Бірі – әншілік, екіншісі - аспаптық (домбыра, қобыз, сыбызғы) музыка өнері. Мұның екеуі де биік белеске көтерілген, халық музыкасының шарықтау шегін байқататын құбылыстар.
    ХАЛЫҚТЫҚ КӘСІБИ-ӘНШІЛІК ӨНЕР
    Х1Х ғасыр қазақ даласындағы үлкен саяси-әлеуметтік және мәдени өзгерістердің заманы болды. Ғасырдың екінші жартысынан бастап патшалық Ресей отарлау саясатын жүргізіп, жекеленген шетел, орыс ориенталистері қазақ музыкасы туралы мәліметтерді жинап, жариялай бастады. Солардың қатарында Катанов, Левшин, Потанин, Радлов және т.б. есімдерін үлкен ілтипатпен атауға болады.

    Соңғы кезде қазақ ғалымдары (А. Сейдімбек) Х1Х ғасырды қазақ Ренессансы дәуірі ретінде атап жүр. Бұл пікірдің тарихи негізі жоқ емес. Өйткені дәл осы кезеңде қазақ мәдениеті жан-жақты дамып, сан салада дамыды. Қазақ руханияты өзінің алуан қырлылығымен даралана түсті. Атап айтар болсақ, олар мыналарға саяды:

    1. XIX ғасыр поэзиясында ұлы Абай тұлғасы көрініп, қазақтың жаңа, жазба әдебиетінің негізін қалады.

    2. Оқу-ағарту ісінде Ыбырай Алтынсарин шығып, тұңғыш рет оқу хрестоматиясын жасады.

    3. Ғылым саласында Шоқан Уәлихановтың есімі мен еңбектері танылды. Оның қазақ тарихы, мәдениетіне арналған іргелі еңбектерімен қатар музыка өнеріне қатысты пікірлері де кездесіп отырады. Әсіресе қазақ поэзиясының жанрлық жүйесі тұсында бірқатар ойлы пікірлер сабақтаған.

    4. Музыка өнері айрықша дамып, кәсіби сипатқа ие болды. Қазақ тұрмысындағы музыканың рөлі арта түсіп, сал-серілер типі пайда болды.

    5. Кәсіби сипаттағы әншілік өнер саласында Ақан сері, Біржан сал, Мұхит, Жаяу Мұса секілді көптеген өнер саңлақтары көрінді.

    6. Кәсіби негізде дамыған аспаптық музыкада Құрманғазы, Дәулеткерей, Қазанғап, Тәттімбет, Сүгір, Ықылас, Сармалай есімдері танылды.

    7. Ғасыр соңына қарай полиграфия ісі жолға қойылып, көптеген қисса-дастандар жарық көре бастады. Мерзімді баспасөз пайда болды.

    Міне, осының бәрі Х1Х ғасырдың екінші жартысында қазақ даласында ғылым мен мәдениеттің өркендеуінен туған ренессанстық құбылыстың болғанын растайды. Бұл үлкен рухани процесс қазақ мәдениетінің ХХ ғасырдағы даму бағыттарын да анықтаған еді.

    Сан ғасырлық тарихы бар қазақ халқының музыкалық өнері XIX ғасырда ерекше дамып, кәсіби сипатқа ие болды. Енді бұрынғы от басы, ошақ қасында айтылатын тұрмыс-салт әндерінен бөлек авторлығы бар, көркемдігі жоғары, лирикалық мазмұндағы кәсіби әндер туа бастады. Бұл мәдени процесс негізінен Орталық Қазақстан аймағында жүзеге асып жатты.

    Қазақ халқына ежелден мәлім, сүйіп орындайтын лирикалық әндері аз емес. «Қамажай», «Бипыл», «Маусымжан» секілді нәзік сезімге толы әндер қазақ халқының ортақ мұрасы болса, ендігі жерде халық арасынан шыққан кәсіби әнші-композиторлар шығармашылығының жемісі ретінде жаңа сипаттағы лирика пайда болды. Олардың мазмұны күнделікті тіршіліктен алынып, музыкалық әуені жаңа сипатта дамыды. Бұл мәдени-музыкалық құбылысты халықтық кәсіби-әншілік өнер деп атаймыз. Оның өкілдері ел арасынан шықты, жазу-сызуды білмеді. Ән өнерін халық әндерінің ізімен дамытса да, музыкалық әуендерін өз жандарынан шығарды. Осы себепті олардың шығармашылығы кәсіби сипатқа ие болды.

    Сол кезеңдегі қазақ музыка мәдениетінің тағы бір жетістігі - сал, сері типтерінің пайда болуы, олардың әншілік өнермен сабақтастығы. Бұл құбылысты Ә. Марғұлан зерттеген. Өзінің “Әнді ерттеп, күйді мінген серілер” атты мақаласында ғалым сал, сері деген құрметті атауға әншілік өнердің қыр-сырын жетік меңгерген өнерпаздардың ғана ие болатынын жазған болатын. Сал-серілер үшін әншілік өнер тіршіліктің көзі емес, өмір салтының арқауы болған.

    Олар бар өмірін халыққа қызмет етуге бағыштаған. Өз шығармаларының әдеби мазмұны арқылы қоғамдағы түрлі кемшіліктерді, байлардың озбырлығын, сараңдығын мысқылдап көрсеткен.

    Сал-серілер ән музыкасының әсерлі, көркем, мазмұнының мағыналы болуына үлкен мән берген. Ә. Марғұланның айтуынша, олар алыстан көз тартатын түрлі түсті киім киіп, қымбат ер-тұрман тұтынып, жүйрік тұлпар мінген. Ғалым сал мен серіге тән өзге белгілерді де анықтаған. Олардың негізгі қызметі ел аралап, өз шығармалары арқылы көпшілікке әсер ету, ал кең көлемде алғанда қазақ мәдениетін өнердің жаңа белесіне көтеру болды.


    Ақан сері

    (1843-1913)


    Қазақ даласына асқан әншілік өнерімен танылған, әрі ақын, әрі әнші, әрі композиторлық өнер түрлерін қатар меңгерген дарын иелерінің бірі — Ақан сері Қорамсаұлы. Ол Х1Х ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі халықтық кәсіби-әншілік өнердің көрнекті өкілі.

    Ақан серінің өмірі мен шығармашылығы туралы алғаш пікір айтып, жеке әндерін нотаға түсірген А. В. Затаевич болды. Одан соңғы қалам тартқан ғалым – Ахмет Қуанұлы Жұбанов. Өзінің “Қазақстан композиторларының өмірі мен творчествосы” (1942) атты еңбегінде Ақан сері туралы көптеген құнды мәліметтер келтірген болатын. Одан бергі кезеңде ақын-әнші шығармашылығын зерттеу ісі бір толастаған емес. Музыка мамандары композитордың әндерін жинап, нота жазуына түсірумен шұғылданса, Ә. Тәжібаев, Х. Сүйіншәлиев секілді әдебиетшілер әнші-ақындар деген ұғым аясында сал-серілер поэзиясын зерттеді. Композитор шығармалары “Маңмаңгер” (1988) деген атпен жеке жинақ болып басылып шықса, поэзиялық туындылары да бірнеше рет баспа жүзін көрді.

    Ақан жас кезінен ескі білім алған. Әкесі Қорамса оны ауыл молдасына беріп оқытады. Ер жете келе бір басына өнердің бірнеше саласы қонған Ақан ауыл жастарының сәніне айналады; ауыл-ауылды аралап, елге танымал көркем әндерді асқан шеберлікпен орындап, әншілік өнерімен танылады. Сонымен бірге ол ел тұрмысынан көрген-білгендерін, өз басынан өткерген оқиғаларды әнге қоса бастайды. Жігіттік шағында «Қыз өссе – елдің көркі» демекші, әр ауылдың сұлу қыздарына көз тігіп, сөз сала бастайды. Сол пәк сезімдерін көркем ән арқылы сыртқа шығарады.

    Ақан сері өз әндерін орындаумен шектелген жоқ. Қазақ даласына кең тараған халық әндерін де нәзік сезім, асқан шеберлікпен орындаған. Оның авторлық әндерінің тақырыбы сан алуан, көркемдік жүйесі биік, әуені нәзік, көркем болып келеді. Шығармаларының басым бөлігі өзі сүйген қазақ қыздарына арналған. Бір ғана Ақтоқтыға арнап «Ақтоқты», «Ақ көйлек», «Сұлу қызға», «Ақиық пен ақ түлкі» секілді әндер шығарған. Екі жас бір-бірін ұнатса да, түпкі армандарына жете алмайды. Қазақ халқының ежелгі салты бойынша Ақтоқтының қалың малы төленіп қойған еді. Осы сезім Ақан серінің жүрегінен ән болып қалықтады:

    Ақтоқты, кеткенің бе шыныңменен,

    Талай жерде бал бердің тіліңменен.

    Кез болдық дарияның қайраңына,

    Зарлатып ән шырқаймын бар үніммен.

    Әннің лирикалық мазмұны, кең ауқымды музыкалық интонациясы жоғарыдағы поэзиялық мәтінмен ерекше үндесіп жатыр.

    Буырқанған ғашықтық сезім, орындалмайтын арман сүйген қызға деген қоштасу рухындағы әндерді лек-легімен сыртқа шығарды. Олар ел арасына кеңінен тарап жатты. «Ақтоқты», «Ақсаусақ», «Ақ көйлек» «Алтыбасар», «Балқадиша», «Майда қоңыр», «Перизат», «Сырымбет», «Үш тоты қүс», «Шәмшиқамар», т.б. көптеген әндері қазақ даласын еркін аралап кетті. Олар бірде сүйіспеншілік сезімді, бірде қазақ қыздарының тағдырын әнге қосты.

    Бүгінде бір ғана «Балқадиша» әнінің бірнеше нұсқасы жетіп отыр. Әннің музыкалық әуені әрі көркем, әрі мұңды. Төменнен жоғары бағышталған кіші секстамен басталатын әннің бастауы лирика мен эпикалық сипатта қатар көрінеді. Құрылымы өте шағын, секста шеңберінен аспайды; музыкалық әуені алғашқы секірістен соң төмен қарай бағышталып барып аяқталады.

    Әннің түрлі нұсқаларына сай әдеби-поэзиялық мәтіні де өзгеріп отырады. Мысалы, әннің бірінші түрі:

    Қызы едің Ыбырайдың Балқадиша,

    Бұралған белің нәзік тал Қадиша.

    Жиылған осы тойға қалың қыздың,

    Ішінде қара басың – хан, Қадиша, -

    деп басталса, екінші түрінде осы мәтін аздап құбыла түскен. Ал әннің негізгі нұсқасына теңсіз неке тақырыбы арқау болған:

    Дегесін Балқадиша, Балқадиша,

    Күйеуің сексен бесте, шал Қадиша!

    Әкеңе өле-өлгенше қарыздарсың,

    Беріпті теңін тауып, бар, Қадиша!

    Әннің үш нұсқасына тән музыка әуені өзара ортақ интонацияға құрылған. Аздаған өзгерістері де кездеседі.

    Ән мәтінінің құбылуына қарағанда шығарма келе-келе қазақ қыздарының басындағы теңсіздікті жырлайтын туындыға айналып кеткен сияқты.

    Ақан серінің әйел бейнесіне бағыштаған көркем әндерінің бірі -«Сырымбет». Оның музыкалық пішімі өте қарапайым: А-В, А-В1. Сұрақ-жауап принципіне құрылған әннің музыкалық әуені кең тынысты лириканың көркем үлгісін құрайды.

    Ақан серінің осыған жуық әндерінің бірі - «Маңмаңгер». Бұл ән де төменнен жоғары бағышталған квинталық секіріспен басталып, басқыштап баяу өрбиді. Пішімі өте ықшам: А-В. Осы әуен әннің поэзиялық мәтініне орай бірнеше рет қайталанады.

    Ән ақын-композитордың сүйікті сәйгүлігі Құлагерге арналған. Ол жүйрік ат қана емес, ақынның жан серігіне айналған образ. Осы әннің шығуы туралы А. Жұбанов: «Алтай Аққошқар-Сайдалының бес болысқа сауын айтқан асы болатын болып, Орта жүзден небір сәйгүліктер дайындалды. Ақан да Құлагерді дайындады. Үш жүз ат шапқан сол астағы бәйгіде Құлагер жалғыз келді» («Замана бұлбұлдары». – Алматы, 1975. 69-б.), - деп жазған еді.

    Ақан серінің тағдырындағы ең елеулі кезең - Құлагердің қазаға ұшырауы. Бәйгенің алдын бермей келе жатқан Құлагер іші тар пасықтардың қолынан мерт болады. Мұны көрген Ақан сері үлкен қайғы жамылып, атына арнап ән шығарады. Осылайша Ақан сері шығармашылығының биік шыңы – «Құлагер» әні туған.

    Әннің музыкалық әуені төменгі субквартамен басталып жоғары өрлейді де, аздап тыныстайды. Одан соң төменгі тұрақтан аздап жоғары көтеріліп, қайта оралады. Құрылымы өте қарапайым, бірнеше рет қайталанған А-В пішімін түзейді.

    Бұл тұста әннің ладтық-мақамдық арқауы ерекше назар аударады. Ол әдеттегі диатоника емес, III басқыштың құбылуына негізделген жүйе. Әуен жоғары бағышталған кезде иониялық, төмен түскенде эолиялық лад байқалады. Ақан сері әндеріне тән ерекшеліктердің бірі – осы.

    Композитор әндерінің басым көпшілігі баяу, әсерлі, мұңды болып келеді. «Көкшетау», «Сырымбет» атты шығармалары туған жер табиғатын әнге қосса, өзге туындыларының басым бөлігі жастық шақ, сүйіспеншілік сезім, қимастық әсер, өмірдің өтпелігігі тақырыптарына арналған.

    Ақанның келесі бір қыры – айтыскерлігі. Ол ел басы жиналған айтыстарда Әділ, Жүсіп, Қожамбек, Нұрғожа, Тезекбайларды шаң қаптырып кеткен жүйрік ақын.

    Қазірде Ақан сері әндері жиналып, зерттеліп келеді. Оның жекеленген шығармаларына қатысты даулы мәселелер де жоқ емес. Әсіресе әйгілі “Қараторғай” әні туралы пікірлер бір толастар емес. Бұл реттен Ж. Бекеновтің “Қараторғай” әні хақында» (Парасат, 2001, №7), М. Ғалиұлының “Тәңірдей сыйынатын Әлекем-ай” (Парасат, 2001, №11) атты пікірлерін атауға болады.

    Ж. Бекенов бұл шығарманы Үкілі Ыбырай Ақан серінің қолқа салуымен шығарған, ән Құлагерге арналған дейді. Автор “Қараторғай” әнінің халықтық нұсқасын да жоққа шығармайды бірақ өзінің қай ән туралы сөз қозғап отырғанын жете түсіндіріп жатпайды.

    Осыған жуық ойды М. Ғалиұлы пікірінен де аңғарамыз. “Қараторғай” – Ақан сері, ал “Сырдың Қараторғайы” – Үкілі Ыбырайдікі дейді автор. Жазушы қиялынан туған көркем шығармадан үзінді келтіре отырып, ән Әлібек батырдың өліміне орай туған. Ақан сері қолындағы құсын ұшырып, қайта қона алмаған құс Әлібек зиратына құлап өліпті дейді.

    Әңгіме арқауы ел мұрасы, халық қазынасы туралы болған соң, бұл мәселеге арнайы тоқталған дұрыс деп білемін.

    Қазақ халқында “Қараторғай” атты әндер өте көп. Бір ғана А. В. Затаевич оның тоғыз түрлі үлгісін жазып алып, “Қазақ халқының 1000 әні”(1963) жинағында жариялаған болса, жоғарыдағы авторлардың айтып отырғаны қай “Қараторғай”?

    Қазақ ән-күй қазынасында аттас, тақырыптас шығармалар көптеп кездеседі. “Ақжелең”, “Қосбасар”, “Қараторғай” шығармалары соның айғағы. Кезінде “Қосбасардың” иесі Тәттімбет пе, Т. Момбеков пе деген таластың бел алғаны да белгілі. Оның себебі – қазақтың әншілік, күйшілік өнерінің табиғатын түсінбеуде болатын.

    Ендеше М. Ғалиұлының тілге тиек етіп отырғаны қай “Қараторғай”? Біз халық әні ретінде бағалап жүрген “Қараторғайды” Ақан сері шығармасы ретінде танитын дәлел-айғақтары қайсы?

    Бұл пікірдің терістігін дәлелдеу үшін алысқа барудың қажеті жоқ. Ж. Бекенов пен М. Ғалиұлы мақалаларындағы деректерді салыстырып та анық-қанығын аңғаруға болады. Бұл екі автордың “Қараторғайды” екі түрлі оқиғаға бейімдегені өз алдына, олар әннің иесі ретінде екі өнерпазды көрсетеді. Мұндай долбар көбейген сайын дау-дамайдың да қаулай берері анық.

    “Қараторғай” – қазақ ән өнерінде кең тараған шығарма. А. Затаевич оның тоғыз түрін жарияласа, солардың арасында Ж. Бекенов пен М. Ғалиұлы айтып отырған ән үлгісі жоқ. Олардың екеуі Сырдың “Қараторғайына” жуық келсе, өзгелері басқа-басқа болып кете барады.

    Олай болса бұл әндердің қайсысын Ақан сері шығармасы дейміз? “Қараторғай” Ақан серінікі, ол Құлагерге байланысты шықты деген аңыз-хикаяттарды тарихи айғақ ретінде қабылдау қиын.

    А. В. Затаевич “Қараторғай” әнін М. Жылқайдаров, Ә. Оңғаров, Е. Дайрабаев, С. Ысқақов, М. Фаризов, т.б. аузынан жазып алған. №828 ән “Сырдың Қараторғайы” делінсе, А. Затаевич осыған жуық ойын айтып та кеткен. Ал оны Үкілі Ыбырай туындысы ретінде бағалауға қандай дәлелдің болғанын түсіну қиын.

    Бір қызығы, қос автор да А. Затаевич жазып алған “Қараторғай” үлгілерінен хабарсыз. Сол себепті олар “Келеді қараторғай қанат қағып” деп келетін әнді ғана Ақан серінікі санайды. Осыған орай 1959 жылғы Ақан сері әндерінің басылымына сілтеме жасаған. Бірақ “Қараторғай” әнінің одан бұрынғы жерде халық шығармасы ретінде бағаланып келгенін де ескеру керек. Мысалы, 1955-1956 жылғы ән жинақтарында “Қараторғай” халық әні ретінде жүр. Б. Ерзакович соңғы кезге дейін оны халық мұрасы қатарында қарастырып кеткен.

    “Қараторғай” кең тынысты, созылмалы ән, лириканың көркем де керемет бір үлгісі. Құрылымы жағынан Ақан сері шығармаларынан гөрі халық әндеріне жуық. Поэзиялық мәтіні мен музыкалық үн-әуенінің арасындағы асинхрондық байланыс ( А-В, А-В және А-А-В-А) олардың бір мезгілде шығарылмағанын аңғартады. Ал Ақан серінің “Сырымбет”, “Маңмаңгер”, “Ақтоты”, “Үш тоты құс”, “Балқадиша”, “Шамшиқамар”, “Әудемжер”, т.б. әндерінен бұл белгіні таба алмаймыз.

    Ақан сері шығармалары көбіне Арқа әндеріне тән ақындық-әуендік формуламен басталады. “Ей, қалқа” деп тым жоғары шарықтайтын “Алтыбасар”, “Жылқылы бай”, “Көк көбелек”, “Үш тоты құс” әндерінен осы белгіні аңғарар болсақ, мұның бәрі “Қараторғай” әніне кереғар кестелер.

    “Қараторғай” мен Ақан сері әндерінің тағы бір айырмасы – олардың ырғақтық құрылымында. Егер “Қараторғай” баяу, біркелкі орындалатын болса, Ақан сері шығармаларына күрт секірістер, ырғақтық өзгерістер, әуеннің жиі құбылуы тән. “Қараторғай” әніне тән қайырма Ақан сері әндерінде сирек кездесетін құбылыс.

    Қорыта айтқанда, “Қараторғай” ел елегінен өтіп, көпшіліктің орындауына ыңғайланып, әбден түзелген, жонылған туынды. Оның дыбыс көлемі де, мақамдық арқауы да, ырғақтық жүйесі де кез-келген орындаушыға қиындық тудырмайды. Мұның бәрі тек қана халық әндеріне тән белгілер.

    Әрине, мәтініне қарап, оны Ақан сері әні деуге де болар еді. Бірақ ән мәтінінің бұрыннан мәлім халық әуеніне негізделіп айтылуы да мүмкін ғой. Бұл да халық шығармашылығына тән сипаттардың бірі. Сондықтан Ақан сері әнін А. Затаевич жазып алған тоғыз әннің арасынан іздеген жөн сияқты.

    Ән туралы аңыз-әпсана, хикаяттар – тарихи шындық көрінісі емес. Олар өзінше дамып, жанрлық сипатқа ие болған, қазақ фольклорының прозалық тармақтары. Бұл ерекшеліктерді халықтық-кәсіби әншілік өнері тұсында да ескеру қажет.

    Ақан сері 1913 жылы дүние салған. Ол - әншілік өнердің биігіне көтерілген нағыз өнерпаз тұлға. Оның көркем әндеріне терең сезімді лирика, әсерлі әуен тән. Ақан шығармалары арқылы қазақ халқының ән өнері кәсіби сипатқа ие болып, өрісін кеңейте түсті.

    Ақан серінің өмірі, шығармашылығы мен әншілік-поэзиялық өнері, орындаушылық шеберлігі мен мәнері ғылым, әдебиет пен өнер мамандарының көпшілігінің назарын аударды. Алайда, қазақ халқының әншілік мәдениетінің төрінен орын алатын композиторлық және әншілік шығармашылығы өз дәрежесінде зерттеліп болған жоқ. Оның музыкалық мұрасына алғаш көңіл бқлген А. В. Затаевич өзінің «Қазақ халқының 1000 әні» (1925) деген музыкалық-этнографиялық еңбегіне көптеген әндерін енгізді. Ақындығы туралы С. Сейфуллин, I. Жансүгіровтер толғана жазды. Оның бейнесі көркем бейнесі әдебиетке де түсіп, Ғ. Мүсірепов «Ақан сері — Ақтоқты» пьесасын, сол негізде композитор С. Мұхамеджанов «Ақан сері — Ақтоқты» операсын жазды. Жазушы С. Жүнісов әнші-ақын бейнесін өзінің прозалық туындысы – «Ақан сері» романына арқау етті. Ақан серінің көркем әндері кәсіби композиторлар шығармаларында кеңінен қолданылып келеді. Осының бәрі қазақ музыкасының биік белестерден көрінуіне ықпал еткені анық.

    Композитор, әнші, ақын Ақан сері шығармашылығы – XIX ғасырдағы қазақ халқының музыкалық мәдениетінің биік бір белесі. Оның көркем шығармашылығы жан-жақты игерілмейінше қазақ музыка мәдениетінің тарихы да түгелденбек емес.


    Біржан сал

    (1834-1897)
    XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқының әншілік өнерін сөз еткенде Біржан сал есімі айрықша көрінеді. Ол ақын, әнші, композитор ретінде қазақ музыка мәдениетін дамытып, биік белеске көтерген тұлға. Арқа жерінде ақындық-әншілік және композиторлық өнердің көркем үлгісін жасап, айтыс өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан өнер саңлағы.

    Ә. Марғұланның көрсетуінше, Біржан Арқадағы сал-серілердің ұстазы болған. Олар поэзия мен музыканы ұштастырып, қазақ мәдениетін өздерінің көркем шығармашылығымен байыта түскен. Біржанның әндері, айтыс өлеңдері сол кездегі қазақ тұрмысына қатысты күрделі мәселелерді қозғайды. Оның шығармалары қазақ музыкасындағы өрлеу бағытының көрінісі болды.

    Біржанның шығармалары бір ғана көркем ән емес, оларда сол заманның шындығы, тұрмыс ауырлығы мен өмірдің толып жатқан қайшылықтары сөз болады. Мысалы, Жанбота болысқа арнаған әні қазақ қоғамындағы әлеуметтік теңсіздіктің жарқын көрінісі.

    Жанбота, өзің болыс, әкең қарпық,

    Ішінде сегіз болыс шенің артық.

    Өзіңдей Азынабайдың поштабайы,

    Қолымнан домбырамды алды тартып.
    Тартса да домбырамды бергенім жоқ,

    Есерді поштабайдай көргенім жоқ.

    Қамшымен топ ішінде ұрып еді,

    Намыстан уа, дариға, өлгенім жоқ, -

    деген ыза мен намысқа толы жолдар ырғақтық жүйесі еркін, тынысы кең музыкалық әуен арқылы беріледі.

    Ән анық кең ауқымды соқылмалы стильде көрінеді. Кіріспесі әнші-ақындар шығармашылығына тән шарықтаған музыкалық дыбыстан басталып, төмен құлдырайды. Әннің соңында «О-хо-хо, аридай» деп келетін жүрдек қайырмасы бар. Оның көкіректі қарс айырғандай екпіні бірден емес, біртіндеп барып бәсеңдейді. Бастапқы екі жолы секвенция принципіне құрылған музыкалық әуенмен айтылады. Созылмалы әуен бірде әр жолдың аяғында, бірде басында кездесіп отырады. Әсіресе әннің аяқтамасындағы қайырудың құрылымы ерекше бөлек.

    Біржан сал әндері қазірде жиналып, жарық көрген. Оны зерттеу ісі де жүргізіліп келеді. Оны есімі алғаш сал, ақын, әнші, композитор ретінде А. Затаевич, С. Мұқанов, С. Сейфулин еңбектерінде аталады. Біржан салдың өмірі туралы алғаш қалам тартқан қаламгер – Сәбит Мұқанов. А. Жұбанов, М. Әуезов, Е. Ысмайылов, М. Ғабдулин, Т. Нұртазин еңбектерінде де Біржанның өмірі мен шығармашылығы туралы соны деректер кездесіп отырады.

    Біржан 1843 жылы Көкшетау жерінде, Бурабайға жалғасып жатқан Жөкей көлінің жағасында дүниеге келген. Мал бағу кәсібімен айналысқан Қожағұлдың қыстауы осы көлдер болса, жаз жайлауы Майлысар даласы екен. Көкшенің сұлу табиғаты Біржан мен Ақан серілердің ақындық арынына арқау болған.

    Біржанның бірқатар әндері оның өз тағдырына қатысты болып отырады.

    Баласы Қожағұлдың Біржан салмын,

    Адамға зияным жоқ жүрген жанмын.

    Байлыққа, мансапқа да құмар емен,

    Өзім сылқым, өзім сал кімге зармын, -

    деп басталатын «Біржан сал» әні автобиографиялық туынды, Біржан шығармашылығының паспорты десе де болады.

    Біржан Орта жүздегі керей руынан шыққан ақын. Осы деректі ол өз әндеріне қосқан:

    Ақсары, Тоқсарымен екі Сары,

    Үш жүздің болысына болдым дәрі,

    Құдайберді Көшектің баласы едім,

    Қызып кетсем сөйлеймін одан да әрі,-

    деген тұста композитор ата-тегін сөз етумен бірге өзінің ақындық арынын да байқатады.

    Өсе келе Біржан қыз-бозбала ортасының сәніне айналады. Оның әсем де көркем әндері мен ойлы да ұтқыр сөздері кімді де болса баурап алатындықтан, жігіт Біржанның маңайына қазақ жастары топтасады.

    Шәкірт бар жерде ұстаз да болады. Көкше аймағына, қала берді бүкіл қазақ даласына танымал Орынбай, Тоғжан, Шөжелер Біржанның рухани ұстаздары болды.

    Біржанның сал-серілік құруына Қожағұл тиым салмаған. Сол себепті жігіт ағасы болған кезден Біржан сал-серілік жолына түсіп, ауыл арасындағы той-думандардың сәні болады. Оның әсем әндері осы кезеңдерге өмірге келе бастайды. Оларды әншінің өзі орындап, көпшілік құлағына жеткізеді.

    Астымда Кер кекілім бұлаңдайды,

    Сұлу қыз кербезденіп сылаңдайды.

    Ауылын сүйген жардың іздеп бармай,

    Көңілім еш уақытта тына алмайды.
    Жадағай, жайсыз жерден жүре алмаймын,

    Жадырап сенсіз жерде күле алмаймын.

    Жасымнан ғашық болып сүйген сәулем,

    Басқаны бір өзіңнен біле алмаймын, -

    деп келетін «Керкекіл» әнінің басты тақырыбы – сүйіспеншілік сезім, бозбалалық. Осы ерекшелігіне орай әннің құрылымы да лирикалық сипатта көрінеді. Әннің созылмалы әуені, ырғақтық иірімдері Біржан шығармашылығының негізгі сипаттарын бойына жинақтағандай. Әннің дыбыс ауқымы октава көлемін қамтиды, жоғарғы тұрақпен басталып, төменгі тұрақты дыбыспен аяқталады.

    Қызы едің Ақтентектің Ажар атың,

    Ешкімнен кейін емес салтанатың.

    Алыстан ат терлетіп келіп едім,

    Жүр ме кен аман-есен перизатым, -

    деген жолдармен басталатын «Ақтентек» әнінің тақырыбы да осы тектес. Ауыл арасын аралап жүрген Біржан өзінің «жоғын» іздеп, ғашықтық сезімін білдіреді. Сол себепті мұны ақын-композитордың серілік жолына түскен кезінде туған әндердің бірі деп шамалауға болады.

    Әннің музыкалық әуені ерекше көркем, дыбыс көлемі шағын, ырғағы баяу, аздап сағыныш сезімі де сезіліп тұрады. Осы себепті бұл әнді композитор А. Жұбанов пен Л. Хамиди «Абай» операсында Ажардың аузына салған болатын.

    Біржан әндерінің арасында автобиографиялық сипаттағы шығармалар да кездеседі. Жігіт ағасы болған кезінде Біржан Ақмола, Атбасар, Баянауыл, Көкшетау, Қарқаралы, Қызылжар жағындағы ауылдарды аралап, сайран құрады. Тобыл, Торғай, Семей Омбы, Орынбордағы қалың қазақ елінде болып небір көркем әндерін өмірге әкеледі. Олардың мазмұны да әр алуан. Өмір шындығын әнге қосқан ақын әндерінде дос пен дұшпан, жақсылық пен жамандық, араздық пен татулық, махаббат сезімдері жырланған.

    Құрылымы, үн-әуені жағынан Біржан әндері қазақтың халық әндеріне өте жақын, бірақ өзіндік ерекшеліктері де жоқ емес. «Ләйлім шырақ», «Жамбас сипар», «Көкек» сияқты лирикалық сезім мен жастық дәуренді жырлаған әндерінің көркемдігі аса биік.

    Бір қарағанда:

    Аты жоқ құс болады көкек деген,

    Алдында терезенің секектеген.

    Ойымда үш ұйықтасам бар ма менің,

    Айрылып сені, сәулем, кетед деген, -

    деп басталатын «Көкек» әнінің айтары – сүйіктісінен айрылған жанның сағынышы, ыстық сезімі. Осы ынтық сезім жылдам орындалатын әсем музыкалық әуенмен беріліп, «дай-дай, даридай» деген қайырыммен көркерілген. Поэзиялық мәтіннің екі жолы сайын аяқталып отыратын әннің пішімі де тосын: А-А-В. Мұндағы алғашқы екі құрылым (А-А) жоғарғы тұраққа тартылса, соңғысы (В) төменгі тұраққа әкелетін шағын қайырма. Ол әннің ең соңында ұзартылған үлгіде кездеседі.

    «Жамбас сипар» да лириканың керемет үлгісі. Негізгі айтары - өмірдің де, жастықтық да өткінші екендігі. Ән пішімі сұрақ-жауапқа құрылған: төменгі басқыштан басталып, жоғары өрлей жөнеледі де, кері оралады. Соңында «халяляй» деп келетін күрделі де көлемді қайырмасы бар. Оның көлемі әннің негізгі шумағынан да асып жатыр.

    Ғашық жүрек, сүйіспеншілік сезім пернелері композитордың «Ақжорғажан» әнінің де басты нысанасы:

    Шын ғашық бірін-бірі алдамайды,

    Қайғысыз ғазиз жүрек зарламайды.

    Қара тас ұйқың келсе мамық болар,

    Ғашықтық сұлулықты талғамайды.

    Әннің құрылымы композитор шығармаларының ізінде көрінсе де, музыкалық әуені Біржанның өзге шығармаларынан даралау. Әуені ойнақы, ырғағы жүрдек. Ән миксолидиялық мақамның жоғарғы тұрағымен басталып, төменгі тұрақты басқышқа қарай тартылады.

    Ақын-жыраулар поэзиясына арқау болған өсиет пен ғибрат, дидактикалық мазмұндағы әндерді Біржан шығармаларынан да кездестіруге болады:

    Қол берген қиын жерде жолдас артық,

    Бас тартқан жолдасынан оңбас артық.

    Өзіңмен бірдей жанып, бірдей күйген,

    Досыңнан қатын, балаң болмас артық.
    Жігітке сайран етіп жүрген артық,

    Жігіттік бір ктекен соң келмес қайтып.

    Дүниеде үйде жатып босқа өлгенше,

    Жан-тәнің бірдей жанып күйген артық, -

    деген жолдар жастарға бағышталған өсиет пен ғибрат. Ақын-композитор жастықтың қадіріне жете білу керек деген ойды көркем түрде айтып тұр.

    Біздің заманымызға Біржанның барлығы алпыстан астам әндері жетіп отыр. Олардың ішінде әр әннің бірнеше нұсқалары да бар. Сол шығармаларды сұрыптай отырып, композитор Біржан салдың өзіндік қолтаңбасын да анықтауға болады. Оның қайсыбірін жеке әндер тұсында айтып өттік.

    Ғылымда Біржанның Жетісудағы Сарамен айтысқаны жөнінде түрлі пікірлер бой көрсетіп қалады. Бұл туралы алғашқы дерек келтірген С. Мұқанов болатын. Ол Біржан әуелі тобықты елінде болып, кейін Балқаш төңірегін аралап Жетісуға барған дейді. Айтыс әуені ауызша таралып, кейін жеке кітап болып жарияланған. Онда Жүсіпбек қожаның 1897 жылы Біржан мен Сара айтысын Сараның өз аузынан жазып алғаны көрсетілген. Айтыс мәтіні 1898 жылы жарық көрген. Айтыстың келесі бір нұсқасы 1899 жылы басылған. Негізгі дәлел – осы. Зерттеушілер мұның бірін Жүсіпбек, екіншісін Әріптікі дейді.

    Әдебиет зерттеушілерінің арасында айтыстың өткен кезеңі туралы пікірталастар көп. Біржанның ән мұрасы тұсында біз оларға тоқталып жатпадық.

    Композитор Біржан сал әндерінің басты тақырыбы - сүйіспеншілік пен махаббат. Осы сезім оның шығармаларының басым көпшілігіне арқау болған. Тіпті әлеуметтік мәселелерге арналған әндерінен де ғашық жүрек лүпілі естіліп тұрады.

    Біржан шығармалары халық дәстүрінде көрінеді. Бірақ халық әндерінің мазмұны лирикаға толы, дамуы бірқалыпты, әуені әсем де ұғымды, ырғақтық жүйесі біркелкі, интонациясы, дыбыс ауқымы шектеулі болса, Біржан шығармаларында асау лиризм басымдау. Ақынның ғашық жүрегі тағдырға тәуелді емес, ол баяу ғана соқпайды, болашаққа қол созып, жұлқынып тұрады, асқақ сезімге толы болып келеді. Әндері ауқымды, ырғақтық жүйесінде күтпеген күрт өзгерістер жиі ұшырап отырады. Әндердің әуен-сазында да көптеген соны құрылымдар аз емес.

    Сонымен Біржан сал Қожағұлұлы әндері – қазақ музыка тарихынан елеулі орын алатын авторлық шығармалар, Х1Х ғасырдағы халықтық-кәсіби ән өнерінің биік белесі болды демекпіз.

    Біржан – қазақ музыкасындағы дара құбылыс. Оның әндері қазақ музыкасын интонациялық тұрғыдан байыта түскен қымбат қазына.

    Абай Құнанбайұлы

    (1845-1904)


    XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиеті мен мәдениетінен Абай Құнанбайұлының алатын орны ерекше. Ол – үлкен ойшыл әрі ағартушы, жаңашыл ақын, көрнекті композитор. Өзінің көптеген өлеңдеріне ән жазып, қазақ музыкасына елеулі үлес қосқан өнерпаз.

    Оның музыкалық мұрасын алғаш А. Э. Бимбоэс өзінің “Қазақтың 25 әні” (Л., 1926), А. В. Затаевич “Қазақ халқының 1000 әні”, артынан “Қазақтың 500 ән-күйі” музыкалық-этнографиялық жинақтарына енгізген. Соңғы басылымдардың бір кемшілігі - әндердің музыкалық әуені ғана қамтылып, әдеби мәтіндері ескерілмеді.

    ХХ ғасырдың 30-жылдары Абай әндерін жазып алып, нота жазуына түсіру ісімен А. Қ. Жұбанов, Е. Г. Брусиловский, Л. А. Хамиди, Б. Г. Ерзакович, т.б. шұғылданды. В. Дернова мен Г. Шомбалова, Г. Бисенова, М. Ахметовалар Абай әндерінің стильдік, көркемдік ерекшеліктерін зерттеді. Абай әндерінің толықтау басылымы 1954 жылы “Абайдың музыкалық творчествосы” деген атпен басылып шыққан-ды. Одан бергі жерде Абай әндерінің барынша толық басылымы “Айттым сәлем, қалам қас” (А., 1986) деген атпен басылып шықты. Жинақтың кейбір кемшіліктеріне қарамастан мұнда Абай әндері барынша толық жинақталған еді.

    Абай әндері ақынның төл туындылары ғана емес, Пушкин («Татьяна сөзі»), Лермонтов («Қараңғы түнде тау қалғып») шығармаларынан аударған өлеңдеріне де шығарылған. «Татьяна сөзі» әнінің бірнеше нұсқасының болуына қарағанда ол ел арасына кең тараған, халықтың көңілінен шығып, мұң-мұқтажын өткерген туынды болған секілді. Орыс географиялық қоғамы қолжазбаларында «Татьяна сөзін» қайдан білетінін сұраған Әділхан есімді жігіттің орыс халқында Пушкин есімді ақынның болғанын, оның Онегин деген жігітті ұнатып, хат арқылы сүйіспеншілік сезімін білдіргенін айтқаны көрсетілген.

    Бір кездері музыка зерттеушісі В. М. Беляев «Қазақстанның музыка мәдениеті» атты мақаласында Абай әндерін жаңа стильдің көрінісі ретінде бағалап, қала романсының тууына жол ашты деген еді. Осы пікірді Б. Ерзакович одан әрі дамытып, Абай әндері орыстың қалалық романстары ізінде туған, онда гармониялық минор жүйесі кездеседі деп жазған еді. «Замана бұлбұлдары» атты еңбегінде А. Жұбанов: «Өзінің табиғаты, рухы жағынан Абай әндері ұлттық сипатта, қазақ халық музыкасының дәстүрінде шығарылған. Орыс әндерінің және демократиялық, тұрмыстық романстардың кейбір белгілері мен элементтерін қолдану арқылы Абай қазақтың музыкалық «сөздігін» кеңейтіп, байытты», - деп жазды. Осы пікір күн өткен сайын орныға түскендей.

    Дұрысында Абай орыстың қалалы өмірімен жете таныс па еді? Оның көрген-білген орыстары Михаэлис пен Долгополов емес пе? Оның үстіне қара сөздері мен поэзиясында қазақ тұрмысы мен қазақы болмысы бар қайшылығымен аша білген ақынның ән саласында орыс романсына еліктей қоюы екіталай.

    Абайдың “Көзімнің қарасы”, “Айттым сәлем, қалам қас”, “Желсіз түнде жарық ай”, “Көзімнің қарасы”, “Мен көрдім ұзын қайың құлағанын” секілді лирикалық әндері орыстың қалалық романсы емес, халықтық дәстүрде көрінеді. Олардың музыкалық құрылымы мен тілінен гармониялық минорды кездестіру қиын. Ол кейінгі кәсіби композиторлардың Абай әндерін Вена классикалық мектебіне тән гармониялық үндестік жүйесімен өңдеуінен туған өзгерістер болатын.

    Абай әндерінің музыкалық үн-әуені лирика, оның да эпикалық стильмен ұштасқан ауыр түрі. Онда ойнақшыған ырғақ, секірген музыкалық әуен кездесе бермейді. Ақынның лирикасы қазақ тұрмысындағы әлеуметтік-этикалық нормалардан асып кетпейді. Әрбір шығармасының мағынасы терең, бояуы қою, мазмұны шыншыл келеді.

    Абайдың лирикалық тақырыпқа арнаған көркем әндерінің бірі “Айттым сәлем, қалам қас”. Бұл шығарма бізге үш түрлі нұсқада жетіп отыр. Негізгі нұсқасының пішімі шағын, ән төменгі тұрақпен басталып, сол дыбыспен аяқталады. Бұл халық әндеріне тән көрініс болатын. Әннің дыбыс ауқымы өте кең – децима (9 басқыш), ундецимаға (10 басқыш) дейін жетеді. Мұндай белгіні халық әндерінен табу қиын. Ол Абай стиліне ғана тән құбылыс.

    Абайдың махаббат лирикасының поэзиялық мазмұнында да, музыкалық әуен-сазында да әзіл-оспақ, жеңіл ырғақтарға орын жоқ. Ол сүйген жолына бәрін де құрбан етеді, айнымайды, беріле сүйеді:

    Айттым сәлем, қалам қас,

    Саған құрбан мал мен бас.

    Сағынғаннан сені ойлап,

    Келер көзге ыстық жас…


    Асыл адам айнымас,

    Бір бетімнен қайрылмас.

    Көрмесем де, көрсем де,

    Көңілім сенен айрылмас, -

    деген жолдар соны аңғартады. Осы байыптылық, орнықтылық ән әуеніне де тән. Абай асып-саспайды, сабырлы үнмен сазды ән салып, іштегі шерін тарқатады.

    Абай әндерінің көрнекті үлгілерінің келесі бірі — «Көзімнің қарасы». Кең ауқымды, мұңды лирикаға толы ән ғашық жанның ішкі толғанысын жоғары көркемдікпен жеткізеді.

    Көзімнің қарасы,

    Көңілімнің сарасы.

    Бітпейді іштегі,

    Ғашықтық жарасы…


    Жүректен қозғайын,

    Әдептен озбайын.

    Өзі де білмей ме,

    Көп сөйлеп созбайын.

    Абайдың лирикалық әні расында да әдептен озып тұрған жоқ. Мұнда халық әндерінде кездесіп қалатын “ішің білсін, әлуай” деп келетін қулық сөз көріністері мүлде жоқ. Абайдың бұл әні де шын ғашықтық сырлы сөзі, мұңды әні.

    Әннің әуені децима (10 басқыш) көлемін құрайды. Ырғағы баяу, біркелкі дамиды, әуені де бірте-бірте көтеріліп барып, қайта сабасына түседі.

    Абай әндерінің стилі тұсында тағы бір пікірге анықтама беруге тура келеді. Ол - В. Дернованың Абай әндерін речитативті және кең тынысты деп бөлуі. Абай әндерінің Арқа дәстүріне жататыны анық. Оның әндерін музыкалық-эпикалық дәстүрге тән речитатив деп түсіну қате ұғым. Абай әндеріне тән эпизм речитативтік сарынға құрылған эпикалық дәстүрден мүлде өзгеше.

    Абайдың музыкалық мұрасы тұсында көрінген тағы бір жаңалық – ақын-композитор күйлерінің табылуы. Өткен ғасырдың 80-жылдары Ғ. Сармурзин Абайдың “Торжорға”, “Май түні” атты екі күйін орындап жеткізген болатын. Оны белгілі домбырашы У. Бекенов нота жазуына түсірген. 1986 жылы жарық көрген Абай әндерінің жинағына “Абайдың желдірмесі” деген атпен тағы бір күй енген.

    Абайдың күй мұрасы табылып жатса, әрине, оны тек қана құптау керек. Бірақ мұндай істе ақын шығармашылығының негізгі арнасы мен қосалқы, бәлкім өткінші салаларының ара-жігін анық таныған жөн. Осы тұрғыдан келгенде аталған күйлердің пішімі, құрылымы, музыкалық үн-әуені жағынан Абайдың ән мұрасына жақындығы байқала бермейді. Күйлердің көркемдік деңгейі де аса биік емес. Кей тұстары қос ішекті домбырада сыңар дауысты болып келеді. Күй соңында кездесетін гармониялық минор құрылымы да композитор стиліне қонымсыздау көрінді.

    Тағы бір айтарымыз, желдірме – эпикалық дәстүрге тән жанр, терменің кештеу туған бір саласы. Қазақ халқының музыкалық мәдениетіне әзірге Иса Байзақовтың бес желдірмесі ғана мәлім. Олай болса, Абайдың желдірмесі де кейін туған шығарма болуы мүмкін. Музыка зерттеушісі Қ. Жүзбасов бұл күйді бергі жерде - 1977 жылы жазып алған.

    Ғайса Сармурзин орындаған екі күйге келер болсақ, олардың таралу тарихы бізге жетпеген. Орындаушы аталған күйлерді кімнен үйренгенін, қазақ жерінің қай аймағында таралғанын жеткізбеген. Халық шығармаларының дәстүр аясында таралатынын ескерер болсақ, бұл күйлерді қандай дәстүрге жатқызуға болады? Арқа жерінде күйден гөрі ән мәдениетінің басымдау дамығаны белгілі. Абай да артында көбіне ән қалдырған. Оның үстіне үш күймен Абайдың күйшілік өнердегі орнын, стилі мен көркемдік тәсілдерін анықтау да өте қиын.

    Міне, осы жайларды ескере келгенде, Абайдың күй мұрасы туралы сөз қозғау әлі ертерек болып көрінеді.

    Абай әндері қазақтың кәсіби музыкасы аясында да кең қолданыс тауып келеді. Әр жылдары ақын әндерін А. Жұбанов, Л. Хамиди, М. Төлебаев, Е. Рахмадиев, С. Мұхамеджанов, М. Қойшыбаев, К. Күмісбеков, т.б. композиторлар өз шығармаларына енгізіп, пайдаланды. Абай музыкасы С. Шабельскийдің фортепианолық троисына, М. Скорульскийдің фортепианолық квинтеті, В. Великанов импровизациясы мен Ғ. Жұбанова вариациясында, М. Қойшыбаевтың «Абайды еске алу» фортеапианолық сонатасында шеберлікпен қолданылды.

    Абай әндері ірі музыкалық шығармаларға да арқау болды. Бұл реттен А. Жұбановтың «Абай», Е. Брусиловскийдің «Жалғыз қайың» симфониялық поэмаларын, Ғ. Жұбанованың «Татьяна әні» ораториясын, А. Жұбанов пен Л. Хамиди жазған «Абай» операсын ерекше атау керек.

    Қазақ кино мәдениетінде көрінген «Абай әндері» фильмі де ақын шығармашылығына арналған еді. Оның музыкасын жазған Л. Хамиди болатын. Абай әндері қазақ композиторларының көптеген ән-романстарға арқау болып келеді.

    Бүгінде Абайдың ақындығымен қатар композиторлық дарыны да толық мойындалған. Оның әндері XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ музыкасының мөлдір бір бұлағы.




    Каталог: files
    files -> Бастауыш білім беру деңгейінің ОҚу пәндері бойынша үлгілік тақырыптық жоспарлары
    files -> Астрономия Мазмұны
    files -> 1 фантастика жанрыныњ типологиясы
    files -> Қазақстан тарихы 5 сынып. 2013-2014 оқу жылы
    files -> Расул гамзатов
    files -> Жамбыл атындағы республикалық жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
    files -> «№ мектеп-лицей» мемлекеттік мекемесі Күнтізбелік- тақырыптық жоспар
    files -> Ермұхан Бекмахановқа Сыздайды жаным, мұздайды қаным, жан аға!
    files -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, жергілікті атқарушы органдар көрсететін білім және ғылым саласындағы мемлекеттік қызмет стандарттарын бекіту туралы


    Достарыңызбен бөлісу:
  • 1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   17




    ©www.engime.org 2024
    әкімшілігінің қараңыз

        Басты бет