Өзбекстан республикасы жо­Ғары және орта арнаулы бiлiм министрлiгi ө. Байқабылов, Д. Дуйсабаева Қазiргi қазақ әдеби



бет4/16
Дата11.01.2017
өлшемі5,51 Mb.
#6800
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16

Бунақ

Ритм (гр.- өлшем, ырғақ) - кейбір белгілері жағынан өзара бірдей немесе біршама жуық элементтердің қайталануы.

Бунақтар - өзіндік екпін, ритммен айтылатын сөздер тобын айтамыз.

Сөйлеу актінде бір бунақ құрап айтылатындар алдымен күрделі сөздер және әр түрлі жолдармен тіркескен сөздер.

1.Біріккен сөздер: әргім-әркім, Доспол-Досбол

2.Қос сөздер: қора-ғора – қора-қора, жарық-жұрық - жарқ-жұрқ

3.Қысқарған сөздер: КазМУ,ОҚАУ

4.Өзара тіркескен (күрделі) зат есімдер: мал ғора - мал қора, қонағ үй -қонақ үй

5.Күрделі сын есімдер: қарала - қара ала, көг жасыл - көк жасыл

6.Күрделі сан есімдер: ом бір - он бір, 1945, 2005 т.б

7.Есімдік тіркесі: бүл гім - бұл кім, сеңгімсің - сен кімсің

8.Етістік тіркестер : сөйлөп полдұ - сөйлеп болды.


Аккомодация

Аккомодация (лат. бейімдеу) морфемалар жігінде қатар келген дауысты және дауыссыз дыбыстардың бір-біріне ықпал етіп бейімделіп айтылуы. Мысалы: ат, ет, от, өт деген сөздерде бір ғана т фонемасымен төрт түрлі реңге ие болады. Дауыстылар мен дауыссыздардың және керісінше дауыстылардың дауыссыздармен көрші тұруында тарихи дамудың нәтижесінде қалыптасқан заңдылықтар бар.

Аккомодация құбылысында қазақ тілінде негізінен дауыстылар дауыссызға күштілік жасап өз ықпалын жүргізеді.


Фонетикалық құбылыстар

Диэреза көп жағдайда ассимиляцияға негiзделедi. Мысалы, орыс тiлiндегi т, д шұғыл дауыссыздары екi созылыңқы дауыссыздар арасында немесе стк, здк дыбыс тiркестерiнiң арасынан ығыстырылады. Диэреза ассимиляциялық негiзiнде де болуы мүмкiн. Мысалы, орыс тiлiнде чт, чн дыбыс тiркестерi сөйлеуде шт, шн түрде айтылады.

Эпентеза екi дыбыстық аралығынан қосалқы дыбыстың келiп кiруi эпентеза құбылыс деп аталады. Мысалы, метр, литр деген сөздер қазақша метiр, литiр түрiнде айтылады.

Протеза бұл эпентезаның бiр түрi болып саналады. Эпентеза бойынша дыбыс сөздiң ортасына қосылатын болса, протеза бойынша дыбыс сөздiң алдынан қосылады. Мысалы, орыс тiлiндегi шкаф, стакан, стол деген сөздер қазақша дыбысталуында ышкап, ыстақан, үстөл түрiнде айтылады (мысалы, ылай, ылақ, ылайық, ылас, ырай, ыразы).

Эпитеза бойынша дыбыс сөздiң соңынан қосылады. Мысалы, өзбек тiлiнде орыс тiлiнен енген киоск, танк, пропуск, диск деген сөздер киоска, танка, пропуска, диска түрiнде айтылады және жазылады. Ал қазақ тiлiнде орыс тiлiнен енген бұл сөздердiң жазылуы сақталғанмен, олар айтылуда көбiнесе, киоскi, танкi, пропускi, дискi түрiнде айтылып, оларға қосымшалар дауыссыздан басталып жалғанады (мысалы: киоскiден, танкiге, пропускiнi, дискiнiң).

Апокопа. Тiл-тiлде кейбiр сөздердiң соңындағы дыбыстардың түсiп қалу құбылысы кездеседi. Бұл құбылыс апокопа деп аталады. Апокопа құбылысына ұшырайтындар көбiнесе кiрме сөздердiң соңындағы элементтер. Мысалы, иран тiлдерiнен енген тахт деген сөздiң соңғы дауыссыз дыбысы түсiп қалып, қазақ тiлiнде нақ түрiнде айтылады. Араб тiлiнiң бахт сөзi қазақ тiлiнде бақыт түрiнде қолданылуымен бiрге, соңғы дыбысы түсiрiлiп, бақ түрiнде айтылады. Қазақ тiлiнде дос түрiнде айтылатын сөздер иран тiлдерiнен енген. Бұлардың иран тiлдерiндегi дыбысталуының соңындағы т дыбысы қазақ тiлiнде айтылмайды. Сонымен, апокопа сөз соңындағы дыбыстардың қысқартылып ықшамдалуы дегенді бiлдiредi.

Метатеза. Сөз құрамындағы дыбыстардың орны ауысуы метатеза деп аталады. Метатезаға түркi тiлдерiнен көптеген мысалдар келтiруге болады. Өзбекше дераза, татарша терэза, қазақша терезе түрiнде айтылатын сөз башқұрт тiлiнде тәзрә түрiнде айтылады.

Адамның тілі - дыбыстық тіл. Біз өз ойымызды осы дыбыстардың тіркесі, тізбегі арқылы білдіреміз. Алайда дыбыстардың өзара тіркесуінде әр тілдің өзіне ғана тән белгілі бір қалыптасқан заңдылықтар бар. Қазіргі қазақ тілінде түбір мен қосымшаның аралығында қатар келген буындар мен дыбыстардың өзара үйлесімі, яғни тілімізге тән, өзімізге таныс негізгі үндестік заңдар жоғарыдағыдай болып келеді.


?! Тақырыпты бекіту үшін сұрақтар мен тапсырмалар

  1. Үндестік заңы дегеніміз не?

  2. Тіл үндестігінің ерекшелігі неде? Ерін үндестігі дегеніміз не?

  3. Қазақ тіліндегі сингармонизмге бағынбайтын орындарға мысалдар келтіріңдер?

  4. Ассимиляция қандай құбылыс? Ассимиляция құбылысы неше топқа бөлінеді?

  5. Қазақ тіліндегі кейбір фонетикалық құбылыстар жайлы мәлімет бер.

  6. Үндестік заңының жіктелу кестесін жасаңдар.

  7. Көркем шығармадан үзінді алып үндестік заңының түрлеріне мысалдар топтаңдар.


ГРАФИКА, ОРФОГРАФИЯ, ОРФОЭПИЯ
Қазақ тілінде графика, орфография және орфоэпия мәселелері аз зерттелген. Соның күрделісі графика.

Графиканың негізгі зерттейтін мәселесі тілдің алфавитіндегі әріптердің кұрамы болып табылады. Тіл дыбыстары жазуда графикалық таңба әріптермен бөлінеді. Сөз құрамында айтылатын тіл дыбыстарының жазба тілде қағаз бетіне түсіп жазылуы және оған орай оқылу үшін олардың белгілі бір таңбалармен белгіленуі қажет. Сөйтіп, графика белгілі бір тілдегі фонемаларды және олардың тіркесін белгілеу тәсілдерінің жиынтығы дегенді білдіреді.



Графикалық қағида бойынша әр түрлі фонемалар бір ғана әріппен таңбаланбай, олардын әрқайсысының өзіне телінген таңбасы болуы қажет.

Графика белгілі бір фонеманың белгілі бір таңбасы болсын деген қағиданы қолдайды. Рет-ретімен орналасқан әріптердің жиынтығы алфавит деп аталады. Алфавиттің қазақ тілі тарихында өз алдына эволюциясы бар.

Жиырмасыншы жылдарға дейін қазақ алфавиті араб графикасына негізделген алфавит болады. Бірақ араб алфавитінде ұқсас әріптердің көп болуы және ондай әріптердің бірінен екіншісі қосалқы белгілер арқылы ғана ажыратылуы сияқты таңбалар қиындыққа келтірді. Қазақ халқы 1929 жылы латын графикасының негізіндегі жаңа алфавитті қабылдады.Латын алфавитінің сауат ашуында болсын, баспа ісінде болсын араб жазуы негізіндегі алфавитке карағанда әлдеқайда прогрестік маңызы болды. Бұл алфавиттің құрамында 29 әріп бар еді. Біздің елімізде түркі тілдерінде сөйлейтін халықтар орыс графикасына негізделген алфавитке көшуді 39-шы жылдардың аяғы, 40-шы жылдардың басында жаңа алфавитке көше бастады. Қазақ халқы орыс графикасына негізделген жаңа алфавитті 1940 жылы қабылдады. Қазақ халқы орыс графикасына негізделген алфавитті дұрыс түсінді.

Орыс алфавитіндегі 32 әріп түгелдей қабылданып, оған қоса орыс тілінде жоқ, дыбыстарды таңбалайтын 9 әріп алынды да, әріп саны 41-ге жетті. Орыс тілінде жоқ дыбыстың қазақша таңабалары: қ, ғ, ә, ө, у, ү, і, һ. Орыс алфавитіндегі әріптерге мысалы: о, к, г, у, н сияқты әріптерге ұқсас болу жағы ескерілді.

Орыс графикасына негізделген жаңа алфавит бұдан бұрын келген қиыншылықтардан біржола құтқарды. Сондай-ақ графика мен орфография (дұрыс және жазамын деген грек сөзінен алынған) өзара тығыз байланысты болады. Орфография дұрыс жазу ережелерінің жиынтығы дегенді білдіреді. Орфография дұрыс жазудың нормасы мен қағидаларын белгілегенде тілдің әртүрлі жақтарын және олардың байланысын бірдей ескере отырып, нақтылы принциптерге сүйенеді. Орфографияның негізінен мынадай принциптері бар:

1. Фонетикалық принцип. Фонетикалық принцип бойынша әрбір фонема қай позицияда келуіне қарамастан өзіне бекітілген тұрақты таңба бір ғана әріппен белгіленеді.

Фонетикалық принцип сөздің құрамындағы дыбыстардың айтылуын сақтап жазылуын басшылыққа алады. Мысалы: жаздыгүні, қыстыгүні, ашудас дегенде сөздердің айтылуынша жазылуы фонетикалық принцип нәтижесі.



2.Дәстүрлік принцип. Дәстүрлік принцип этимологиялық принциппен төркіндес соған ұқсас принцип болып табылады. Орфографияның бұл принципі тілдің ерте кездегі жазу дағдысына негізделеді де сөздің ертеректегі айтылуы мен жазылуын өзгертпей сақтауды көздейді. Мысалы: дәстүр сөзі дәстір, мазмұн сөзі мазмұн түрінде айтылғанымен бұлар орнығып байланысты жазылуын дәстүрлік принципке жатқызамыз.

3. Морфологиялық принцип. Морфологиялық принцип бойынша жазу сөздердің айтылуына емес сөздердің түбір тұлғасын сақтауға негізделеді. Морфологиялық принцип сөз құрамындағы сыңарлардың жеке тұрғандығы қалпын сақтап жазуды басшылыққа алады. Мысалы: басшы-башшы, ұшсын-ұшшын, сәнқой-сәңқой.

Морфологиялық принцип күллі түркі тілдері үшін қолайлы принциптерден саналады. Өйткені түркі тіліндегі сөздердің морфологиялық құрылысы және олардың түбір тұлғасының сақталуы бірдей келеді. Орфографияда қаралатын әрбір сөздің белгілі бір айтылу нормасы бар, яғни орфоэпия жалпыға бірдей ортақ және қалыптасқан бірыңғай нормаларды зерттейді. Бірыңғай дұрыс айту жайындағы ережелердің жиынтығы орфоэпия деп аталады.

Әрбір әдеби тілдің орфоэпиясы дыбыстар мен дыбыс тіркестерінің дұрыс айтылу ережелерін ғана емес, сонымен бірге сөздер мен фразалардың да дұрыс айтылу қағидаларын қамтиды. Дыбыстардың бір-бірімен үндесіп айтылуы сөз ішіндегі дыбыстарға ғана емес, сонымен бірге сөздің аралығындағы сөздерге қатысты. Мысалы: сақ бол, әкеп бер, қара көз, бара алып едім, үлкен ғалым деген сөздердің тізбегі сөйлеу процесінде сақ пол, әкеппер, қарагөз т.б. түрінде айтылады. Қазақ тілінің орфоэпиялық нормасы бойынша сөздердің аралығында қатар келген екі дауысты дыбыстың алғашқысы сөйлеуде түсіріліп айтылады. Мысалы: торы ала ат, бара алмады, келе алмады деген тізбектер торалат, баралмады, келе алмады түрінде айтылады. Орфоэпияны қарастырғанда оның негізгі мәселесі екпінмен ұштасады. Екпін орфоэпиялық категория. Екпіні тұрақты тілдерде екпін сөздер мен сөз тіркестерінің айтылуына әсер етеді. Мысалы: Сарыарқа деген сөздің Сарарқа болып айтылады, бұл сөздің бірінші сыңарының дербес екпіннен айырылып қалып, соңғы сыңармен екпін жағынан бір топ болып айтылуына байланысты болады. Сондай-ақ, торы ала ат сөзі таралат болып ықшамдалуы, оның сарынының әрқайсысының дербес екпінге ие болу қажетінен айырылып, бір екпінге бағынып айтылуымен байланысты болады. Әдеби тілдің орфоэпиялық нормаларын қалыптастыруда мектеп, радио, телевизор, театр және киноның атқаратын ролі айрықша күшті. Сондықтан да орфоэпиялық қағидаларды үйренуде ірі және көрнекті дикторлардың сөздерін жиі тыңдау қажет.

Графика тілдегі дыбыстардың шын бейнесін дәл таныта бермейді. Қазіргі қазақ тілінде қолданылып жүрген и,у,ю әріптерінің әрқайсысы екі-үш, тіпті онан да көп дыбысты немесе дыбыстардың қосындысын бейнелейді. Мәселен, бір ғана и әріпінің дыбыстық көрінісі мынандай болып келеді:

1.ый : мый, (жазылуы ми), қый (қи), ыйық (иық), таный (тани), қыйа (қия), қыйын (қиын), жый (жи), тыйын (тиын).

2.ій : кій (ки), тій (ти), ійне (ине), ійіс (иіс), бекій (беки), ерій (ери), бійлік (билік), ійір (иір), тійін (тиін)

3.ұй : мұхұйт (мұхит), бұлтұй (бұлти), бұртұй (бұрти), жорұй (жори), мұқұйат (мұқият), құрұй (құри), құпұйа (құпия)

4.үй : мүрүйт (мүрит), мүлгүй (мүлги), түксүй (түкси), үрпүй (үтпи), үсүй (үси), мөлүй (мөли), дүнүйе (дүние)

5.и : интитут, университет, иницатива, физика, кино.

Қысқасы, дыбыс пен оның таңбасы сөздің жазылуы мен айтылуы үнемі бір-біріне сәйкес келе бермейді. Бұлардың арасындағы осы сәйкессіздікті барынша азайтып, дыбыстық тілді мүмкіндігінше дәл беру үшін лингвистикада арнайы жазу - транскрипция (лат. көшіру) қолданылады. Әдетте транскрипцияның екі түрлі жиі пайдаланылады: фонематикалық және фонетикалық. Фонетикалық транскрипцияда бір фонеманың алуан түрлі аллафондары бір-ақ таңбамен бреледі де ,фонетикалық транскрипцияда әр түрлі аллафондар да ескеріледі. Қысқасы, мұның алғашқысы дыбысты (сол арқылы сөзді) айтылуына жуықтатуды, екіншісінде дәл беруді мақсат етеді.Біздің жауымыз - негізінен фонематикалық (фонемаға негізделген) жазу.

Сонда ат, ет, от, өт сияқты сөздердің жазылуы фонематикалық транскрипцияға сәйкес келеді. Бұдан тілімізде сөздердің бәрі де фонематикалық транскрипцияға сай жазылады екен деген ұғым тумау тиіс.

Қазіргі практикалық жазуымызда қолданылып жүрген ә,о,ө,ұ,ү,у,й, л,м,ң,ш,р,т әріптері ғана фонетикалық транскрипцияда өзгеріске ұшырамай, өз бейнесін үнемі сақтап тұрады деуге болады. Ал қалған әріптер сөз ішінде бірде дыбыс, бірде тек әріп қана болып тұрады. Мәселен, өлең, өнер, өзен, үлек, үлкен, түлек, жүрек деген сөздерге е дыбысты да, фонеманы да бейнелемейді, ол тек әріп. Сол сияқты құлын, мұрын, күлкі, түлкі дегендерде ы,і тек әріп. Бұлардың транскрипциясы - өлөң, өнөр, өзөн, үлөк, түлөк, мұрұн, құлұн, күлкү, түлкү. Транскрипциялау кезінде басшы, асшы, жанған, жанбады, көзсіз, завод, педагог, округ сияқты сөздер башшы, ашша, жаңған, жамбады, көссүз, завот, педагок, окрук болып өзгеріске ұшырайды.

Фонетикалық транскрипция дыбыстың (сөздің ) айтылуын неғұрлым дәл біреуді мақсат етеді. Ат, ет, от, өт сөздеріндегі т фонемасы дауысты дыбыстардың ықпалымен әр түрлі реңкке ие болады. Бірінші т(ат дегенде) езулік, жуан; екінші - езулік, жіңішке; үшінші - еріндік, жуан; төртіншісі-еріндік, жіңішке. Оның үстіне о,е дыбыстарының алдынан әнтек у, ал е-нің алдынан әнтек й дыбысы айтылатыны да ескерілуге тиіс.Бұл ерекшеліктерді көрсету үшін фонетикалық транскрипцияда айрықша белгілер қолданылады. Мәселен, о-еріндік; /-жіңішке; v-ұяң; -қатаң; -созылыңқы; -ашық; -қысаң т.б. Сонда жоғарыдағы сөздер былай өрнектеледі ат, ет, от, өт, т.б. Фонетикалық транскрипция фонетикалық заңдылықты терең білуді қажет етеді. Мұның өзі қазақ тіл білімінде толық қолдауын таба қойған жоқ.

Әрбiр халықтың әрбiр тiлiнде айтылудың жалпыға бiрдей ортақ және қалыптасқан бiрыңғай нормалары болады.

Солар жайындағы ережелердiң жиынтығы орфоэпия деп атаймыз. Әрбiр әдеби тiлдiң орфоэпиясы ережелерiн ғана емес, сонымен бiрге сөздермен фразаның да дұрыс айтылуы ережелерiн қамтиды.

Сөз құрамында дыбыстар немесе сөздердiң арасындағы дыбыстар бiр-бiрiмен өзара үндесе үйлесе айтылады. Сөйлеуде олардың үндестiгiн сақтап, нақышына келтiре айту үшiн тiлдiң дыбыстық жүйесiнiң табиғатын, дыбыстардың бiр-бiрiне әсер ету заңдылықтарын жете бiлу қажет. Сөздер мен сөз тiркестерiнiң жазылуы мен айтылуының бiр-бiрiне әрқашан сайма-сай келе беруi, шарт емес.

Тiл-тiлдiң әрқайсысында жазылуы мен айтылуының арасында пәлендей айырмашылық болмайтын сөздердiң де бар екенi рас. Бiрақ әрқашан бұлай бола бермейдi. Мысалы, қанқұрт сөнбедi деген сөздердi жазылуына қарап дәл осылайша оқу орфоэпиялық жақтан болмас едi.

Бұларды айтқанда, ол сөздердiң iшiндегi дыбыстардың бiр-бiрiне әсер ету, соған қарай өзара үндесу ерекшелiктерiн сақтау қажет. Бұл сөздер жоғарыдағыдай жазылғанмен қанғұрт сөнбедi түрiнде айтылады.

Бұлай болатындығы мынадан: қанғұрт деген бiрiккен сөздiң бiрiншi сыңарының басқа дыбысы жасалу жағынан тiл арты дауыссыз болуына қарай, өзiнiң( алдындағы дауыссыздың да тiл арты болуын қалайды.

Осыған орай, тiл алды м дыбысы айтылуда тiл арты қ дыбысына айналады.

Орыс тiлiнде қатаң дауыссыздарды белгiлейтiн әрiптер ұяң дауыссыздардың алдында келгенде айтылуда келгенде ұяң дауыссызға айналады. Мысалы: сделка (айтылуы, зберкасса), сделать (айтылуы, зделать).

Дыбыстардың бiр-бiрiмен үндесiп айтылуы сөз iшiндегi дыбыстарға ғана емес, сонымен бiрге сөздердiң аралығындағы дыбыстарға да қатысты. Мысалы: сақ бол, әкеп бер, қара көз, бара қалып, едiм, ала кел, көк аспан, ақ ешкi, көз сала жүр, сөздердiң тiзбегi сөйлеу процесiнде "сақпол, әкепбер, қарағоз" түрiнде айтылады.

Қазақ тiлiнiң орфоэпиялық нормасы бойынша, сөздердiң аралығында қатар келгенде екi дауысты дыбыстық алдыңғысы сөйлеуде (түрлiше) түсiрiлiп айтылады. Мысалы: ала от, бара алмады, келе алмады, бала iсi, түрiнде айтылады. Орфоэпия мәселелерiнiң iшiндегi ең негiздерiнiң бiрi – екпiн туралы мәселе.

Бiз орфография дегеннен дұрыс жазу ережелерiнiң жиынтығы дегендi түсiнемiз. Тiлдiң дыбыстық жағы оның сөздiк құрамы және грамматикалық құрылысы мен астарласып, өзара байланыста болады. Осыған орай фонетикалық жазу тiлдiң дыбысталу жағын ғана емес, сонымен бiрге лексикасы мен грамматикалық ерекшелiктерiн де қамтиды. Орфография дұрыс жазудың нормасы мен қағидаларын белгiлегенде, тiлдiң әртүрлi жақтарын және олардың байланысын бiрдей ескере отырып, нақтылы принциптерге сүйенедi, соларды негiзi етiп алады.


?! Тақырыпты бекіту үшін сұрақтар мен тапсырмалар

  1. Графика дегеніміз не?

  2. Орфография заңдылығы дегенде не түсінесіңдер? Орфографиялық принциптер жайлы мәлімет бер.

  3. Орфоэпия туралы айтып беріңдер? Орфоэпия мәселелрінің маңыздысы екпін екенін дәлелдеңдер.

ІІ БӨЛІМ


ЛЕКСИКОЛОГИЯ
Лексикологияның нысаны мен салалары
Тiлдегi сөздердiң тұтас жиынтығын тiл ғылымда лексика немесе сөздiк құрам деп атайды.

Сөздердiң мағынасын, оның жалпы лексикалық жүйедегi алатын орнын, шығу төркiнiн, қолдану қабiлетiн, күнделiктi қарым-қатынастағы көрiнiсiн, түрлi стильдiк мәнi мен сипатын тексеретiн ғылым – лексикология деп аталады. Лексикология терминi грек тiлiнiң lexikos - сөз, сөздiк, logos – iлiм деген сөздерiнен алынған. Бiр сөзбен айтқанда, лексикология тiлдегi сөздердiң құрамын қарастырады. Сөздiк құрам дегенде лексикалық единицалар, яғни сөз (лексема) және фразалар түсiнiледi. Сонда лексика және сөздік құрам деген терминдер — бір-бірімен синоним.

Тiлдiң қаншалықты дамып жетiлгендiгi сөздiк құрамдағы сөздердiң санымен де, мәнiмен (көп мағыналығымен) де өлшенедi. Сөздiк құрам неғұрлым бай болса, тiл де соншалықты дамыған болады.

Сөздiк құрам, лексиканың дамуы әрбiр халықтың тұрмыс жағдайы, өсу және дамуымен байланысты болады. Ана тiлiмiздiң сөз байлығы да қазақ халқының барлық өркениет жолын өзiне қамтыған. Лексиканың, сөздiк құрамның дамуы, тұрмыс, мәдениет, пән, техника, тарихпен тығыз байланыста болады. Қоғам өркениетiндегi барлық өзгерiстер тiл өркениетiне де өнiмдi әсер етедi.

Әрбiр ұлт тiлiнiң сөздiк құрамы, лексикасы лингвистикалық және экстралингвистикалық факторларға қарап дамиды. Тiлге байланысты болмаған, қоғам өркениет, пән, техника, мәдениетпен байланысты даму экстралингвистикалық факторлар болып есептеледi. Тiлдiң өзiнде болатын өзгерiстер, яғни түрлi тәсiлдердегi сөз жасалуы (сөздердiң мағынасының кеңеюiнен жаңа мағынаға ие болуы) сөздiктердi сөздiктер құрамды байытушы лингвистикалық факторлар болып саналады.



Лексикологияның негізгі объектісі — сөз. Сөз тілдің лексикалық единицасы деп аталады. Тілдің лексикалық единицасы — сөздің қыр-сыры өте көп.

Сөз атаулы тіл-тілдің бәрінде бар. Рас, бір тілдің лексикасы аса дамыған, бай болуы, екінші бір тілдің, лексикасы кедейлеу болуы мүмкін. Бір тілде бар ұғым, сөз екінші бір тілдерде болмауы мүмкін. Мәселен, қазақ тілі — бірыңғай, дамыған әдеби тіл. Соның өзінде қазақ тілінде сөйлеушілердің бәрі бірі білетін сөзді екіншісі біле бермеуі ықтимал. Күріш, балық шаруашылығымен айналысатындар, бақша өсiретіндер т. б. лексикасымен ондай шаруашылықтармен айналыспайтын жердегілердің сөздік қоры арасында, сөз жоқ айырма болады.



Пәлен тілде пәлен сөз бар деп ешкім де, ешбір ғылым да нақты айта алмайды. Тiлдегі сөз санын шамалап қана айтып жүр. Мәселен, аса жақсы дамыған орыс тілінде миллионға жуық сөз бар деседі. Ағылшын және неміс тілдері де соған каралас (В. Н. Перструхин). Бірақ ешбір тілдің сөздігі сол тілдің барлық лексикасын қамтып, түсінік беріп көрген емес. Олай ету әзірше мүмкін емес. Сөздіктер ең негізгі, көбірек қолданылады дейтін сөздерді ғана молырақ қамтуға тырысады. Сондай сөздіктің бірі — В.И.Дальдың төрт томдық «Толковый словарь живого великорусского языка» (1863—1866 ж.) атты еңбегi. Мұнда екі жүз мыңдай сөз бар. Ал, он жеті томдық «Словарь современного русского литературного языка» (1948—1965) атты еңбекте 120480 сөз қамтылыпты. Қазіргi күндегі «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» (он томдык) 70 мыңдай реестр сөз, 20—25 мыңдай күрделі сөздер мен фразеологизмдер қамтылған.

Бір тілдің лексикасы деген термин мен бір адамның, қайраткердің сөз қоры дегендер — бір нәрсе емес. Бір тілдің лексикасы аса мол, екінші бір тілдің лексикасы кедейлеу болатыны сияқты, бір адам ана тілі сөздерін аса көп білуі, енді бір адам аздау білуі мүмкін. Сондай-ақ, жеке адам лексикасында актив түрде қолданылатын сөз қоры бар да, сол адамның білетін жалпы сөз атаулысы бар. Бұл екеуі — екі бөлек нәрсе. Психологтардың айтуынша, жас балалар — 3600-дей сөз, 14 жасар балалар — тоғыз мыңдай, ересек адамдар 12-13,5 мыңдай сөз қолдана алатын көрінеді. Әрине, мұның бәрі — түбір сөздер ғана емес, дербес сөздер. Бір сөз адам сөйлеуінің ішінде сан рет қайталанып келе береді.

Аса көрнекті ақын-жазушылардың тіл байлығы 20 мың сөзден сәл ғана артады деседі. Мәселен, «Словарь языка Пушкина» — Пушкин тілi сөздігінде 21290 сөз бар екен. Бұдан Пушкиннің сөз қоры — осы-ақ деген ұғым тумайды. Пушкин өз өмірінде одан да көп сөз біліп, колданғаны хақ. Ал, мына келтірілген цифр — Пушкин шығармаларында кездесетіндері ғана.

Қазақ тілінде тарихта тұңғыш рет «Абай тілі сөздігі» 1968 жылы жарық көрді. Оның кіріспе мақаласында былай делінген: Абай өз шығармаларында небары 6 мыңдай ғана жеке дара сөз қолданғандығы айқындалды. Бұдан, әрине, Абайдың барлық білген сөзінің саны немесе сол кездегі қазақ тілінің күллі сөзі осындай ғана екен деген қорытынды шықпайды. Өйткeнi қандай ұлы жазушы болса да, өзінің білген сөздерін орынсыз тықпалап, ретсіз-жөнсiз енгізе бермекші емес, тек өзінің жазып отырған тақырыбына қатысы бар сөздерді ғана орнымен жұмсамақшы... Абай да білген сөздерін тегіс келтіре бермей, өзінің шығармаларына керектілерін ғана жұмсаған. Ал, расында, Абай қазақ сөзін шығармаларындағыдан әлденеше есе көп білiп оларды ретсіз қолданбаған... Мәселен, ал етістігі және оның әралуан түрлері — 614 рет, көр етістігі — 328 рет, де етістігі -1037 рет, да шылауы 769 рет қолданылған. (АТС).

Лингвистикада лексика деген терминнің ұғымы аса кең. Лексика деп белгілі бір мақсатқа байланысты қолданылатын сөздердің жиынтығын да айта береді. Мәселен, ауызекі сөйлеу тілі лексикасы, ауызекі күнделікті тұрмыс лексикасы, кітаби-жазба лексика, ғылыми лексика, өндірістік-техникалық лексика, жалпылама қолданылатын лексика, ресми-іс қағаздары лексикасы, диалектілік лексика, профессионалдық лексика, әскери лексика, терминологиялық лексика, арготивті лексика, экзотикалық лексика, көнерген лексика, актив лексика, пассив лексика т. б.

Лексикологияның негізгi объектісі — сөз, ал сөздің қыр-сыры өте көп дедік. Соған орай, сөз проблемаларын зерттеу мақсат-тәсілдеріне қарай, лексикология үш түрлі болып келеді: сипаттама лексикология; тарихи лексикология; салыстырмалы-салғастырмалы лексикология. Бұлар синхрондық және диахрондық тұрғыдан қарала береді.

Лексикология тілдегі сөздердi жан-жақты, әр түрлі тұрғыдан зерттейдi. Соған орай, лексикологияның, бір-бірімен тығыз байланысты бірнеше саласы мен тармақтары бар. Олардың негізгілері мыналар: семасиология, этимология, фразеология, ономасиология, ономастика, топонимика, антропонимика т. т.

Қазiргi қазақ тiлiнiң лексикологиясын өзiндiк зерттеу объектiсiне, зерттеудiң әдiс-тәсiлдерiне қарай және теориялық ұғымдардың жүйелеуiне қарай негiзiнен екi үлкен салаға: жалпы лексикология және жеке лексикология болып бөлiнедi.

Жалпы лексикология тiлдегi сөздердiң негiзгi мағыналарын, жалпы лексикологияның ұғымдарын, заңдылықтарын және олардың теорияларының байып-дамуларын зерттейдi. Тiлде жалпы қатынас құралы ретiндегi тiл аталуының лексикалық жағынан тән құбылыстармен жалпылама заңды ұғымдар жалпы лексикологияда қарастырылады.

Ал, жеке лексикология жалпы теориялық қағидаларына негiзделедi де нақты бiр тiлдің лексикасын зерттейдi. Лексикологиялық құбылыстар мен заңдылықтардың жеке нақтылы тiлдердiң лексикасына икемдiлiк көрiнiсте болып, әрбiр тiлдiң сөздiк құрамы мен оның дамуы жалпы лексикологияда қарастырылады. Мәселен, қазақ лексикологиясы — қазақ тілінің сөз байлығы туралы ілімі; түркі тілдері лексикологиясы — түркі халықтары тілдерінің лексикасы жөнінде ілім.

Бiз жоғарыда қазақ тiлi лексикологиясының өзiнiң даму тарихы болады дедiк, бiз оны екi салаға бөлiп қараймыз:



1.Тарихи лексикология.

2.Сипаттама лексикология.

Тарихи лексикологияда тiлдiң сөздiк құрамы, шығуы замандар бойында қалыптасуы, дамуы, лексикасын құрастырушы арналар тарихи тұлғалармен зерттеледi.

Тарихи лексикологияның күрделi саласы – этимология.

1.Халықтық этимология.

2.Ғылыми этимология.

Этимология сөздердiң шығу төркiнiн зерттеп, олардың ең алғаш қандай болғанын айтады. Этимологиялық зерттеулер жеке сөздiң шығуын зерттеп қоймай жалпы тiлдiң тарихын танып бiлуге де маңызы өте күштi. Бiз сөздердiң номинативтi қызметi мен қатар грамматикалық қызметi болатынын бiлемiз. Тiл ғасырлар бойы түрлi тарихи оқиғаларды бастан өткiзуiнен тiл дамиды немесе сөздер қолданудан шығып қалады. Яғни сөздерде бiр жағынан грамматикалану процесi жүрiп жатса, екiншi жағынан лесикалану процесi жүрiп жатады. Бұл жағдай сөз жасалған процесiнде айқын пайда болады. Қазiргi қазақ тiлiнде күнiге деген немесе жазға жақын, басында, аяғында, арқасында, күнде, бiрден, түнiмен, бетiмен т.б. сөздер бар. Бұлар шығу төркiнi жағынан есiм сөздер.

Этимология — гректің etymon — шындық деген сөзiнен алынған термин. Этимология — морфемалардың, жеке сөздердің шығу тегін, бастапқы мағынасын, ол мағынаның өзгеру, даму жайын зерттейтін ілім. Этимологияның тіл тарихын жете білу үшін маңызы зор. Өйткені тіл тарихы сол тілді қолданушы халық тарихымен тығыз байланысты болып келеді. Тіл тарихынан сол халықтық өткен жолын аңғаруға болады.

Мәселен, арық адамды қазақ: қылдырықтай болып қатып қалыпты,—- дейді. Қылдырық — о баста бидайдың қабығы деген мағыналы сөз екен. Мұндайды сөздің этимоны деп атайды. Сөз мағынасын бұлайша, бастапқы мағынасын аша түсіндіру ғылыми этимология деп аталынады.

Сөз мағынасын кейбір адамдар өзінше тұспалдап, өзінше топшылау жасап түсіндірушілік те болады. Әсіресе басқа тілден енген сөздерді бұрмалап айтып, оған өзінше мән-мағына берушілік те кездеседi. Мәселен, Сәкен Сейфуллиннің бір кейіпкері «осоавиахамді» — асаубай әкім дейді; жас балалар орыс тілінде молотокты — колоток, кейбіреулер бульвар дегенді — гульвар, поликлиниканы — полуклиника деп атайды. Мұндай құбылыстарды халық этимологиясы деп атайды.

Халық этимологиясы кейде кездейсоқ ұқсастықтар мен байланыстарға, жақындықтарға да негізделеді. Соның нәтижесінде сөз жаңа мағыналы басқа бір сөзге де ұқсап кетуі мүмкін. Семантикалық және формальдық өзгеріске түсуі де ықтимал. Әсiресе сөздің дыбысталуы бұрмалануы мүмкін. Басқа тілден келген сөздің оны қолданушы екінші бір адамның ана тілінің дыбыстық заңдарына бағындырылуы мүмкін.



Сипаттама лексикология қазақ тiлi лексикасындағы бүгiнгi күнгi жалпы мағынасының құрамы лексикасын құрастырушы арналар мен қат-қабаттар, сөздерiң активтi және пассивтi топтары, сөздiк құрамның даму жолдары, лексиканың стилистикалық жақтан қарастырылуы, сөз мағыналарының топтастырылуы сияқты мәселелердi қарастырады.

Қазiргi қазақ тiлi лексикологиясының мынадай зерттеу салалары бар: салыстырмалы және салғастырмалы лексикология.



Түркi тiлдеріндегi сөздердi бiрiмен салыстыруды салыстырмалы лексикология деп аталды, яғни өзара туыс тiлдердiң лексикалық ерекшелiктерiне негiзделедi.

М: қазақ тiлi – он, шөп, үй



саха тiлi – уон, от, дылғ

чубаш тiлi – он, қурак, кил

туба тiлi – он, от, бажын.



Салғастырмалы лексикология өзара туыс емес тiлдердiң лексикалық ерекшелiктерiн салыстырады.

М: колбаса – калбаса

стакан – ыстақан



сумка - сөмке

ботинка - бәтiңке



Семасиология — гректің sета белгі, белгілеу және латынның lоgоs деген сөздерінен алынған термин. Бұл — лингвистикада тілдегі сөздерге тән мағыналарды зерттейтін iлiм. Семасиология сөз мағынасын, сөз мағынасының өзгеру жолдарын, семантикалық заңдарды зерттейді. Лингвистикада семантика деген термин мағына деген ұғымды білдіреді. Сонда семантика мен мағына дегендер — бір-бірімен синоним.

Мәселен, Қаратаудың басынан көш келеді, — дегендегі — бас, Байжан бізге бас-көз болып жүр, Бұлақ басы, — дегендерде бас сөздері түрлі-түрлі мағынада. Ол мағыналар контекст арқылы ажыратылады.



Артымыздан қол жетті; Аз жетпеді, мол жетті, — дегенде, қол сөзі ауыспалы мағынада, әскер деген мағынада қолданылып тұр; Көпей женгемнің қолын сағынып жүрмін, — десек, қол — дәмін, асын, тағамын деген мағынада, қолы қатты адам — десек, қол-ды сараң мағынасында да, қолының күші бар, күшті мағынасында да ұғуға болады; Дина жеңгейдің дастарқаны мол десек, дастарқанның көлемін айтпайды; дастарқаны бай, тағамдарға толы болады, жомарт, мырза, «төгіп тастайды» деген мағыналарда тұр. Сондай-ақ, бір тостағанды, бір аяқты тартып жіберді,— десек, тостағанның не аяқтық я кесенің өзін емес, ішіндегі тағамын (қымызын немесе айранын) ішіп жіберді деген ұғым білдіреді.

Бұл мысалдардан тіл-тілдің, сөз мағыналарының мол екендiгi айқын танылады. Осындай, сөз мағыналарының қыр-сырын зерттейтiн сала—семасиология.



Фразеология — гректік рhrаsаsі — сөйлемше, қалыптасқан сөз дегеннен алынған термин. Фразеология — тілдегі тұрақты тіркестерді, единицаларды зерттейтін ілім. Тілдегі тұрақты сөз тіркестері бүтін бір тұтастық лексикалық бір ғана единица ретінде қолданылады. Ондай тіркестер екі немесе бірнеше сөзден де, бүтіндей бірер сөйлемдерден де құралуы мүмкін.

Қазақ тілінен мысалдар: аттың жалы, түйенің қомында; екі көзі төрт болды; көзіңнен айналайын; өзіңнең айналайын; мен сені жақсы көрем; сенің арқаңда күн көріп жүрмін; үріп ауызға салғандай т. б.

Ономасиология — зат немесе кұбылыс ұғымының нақты бір сөзбен аталу себебін зерттейтін, яғни заттардың атауы мен белгіленуі туралы iлім. Онома — грекше ат, есім, атау деген сөз. Ономасиология диалектологиямен, әсіресе лингвистикалық географиямен қатысты болып келеді. Диалектология —- диалектілер, говорлар, жергілікті тіл ерекшеліктері туралы ілім; ал лингвистикалық география сол ерекшеліктердің қай территорияларда қолданылатынын айқындайды.

Ономасиологияның үлкен бір саласы — ономастика. Мұны ономатология деп те атайды. Бұл екі термин — бір-бірімен синоним. Ономастика, тұтасынан алғанда, ат, есім, атаулардың шығу, қалыптасу жайын тексереді.

Ономастиканың өзi бірнеше тармаққа бөлінеді: топонимика, антропонимика, этнонимика, астронимика, зоонимика, топонимиканың өз ішінде бірнеше тармақшасы бар: гидронимика — өзен, су, көл аттарын, оронимия -— тау, төбе шың, кұз аттарын, ойконимия елді мекен аттарын зерттейді.

Топонимика, тұтасынан алғанда, жер, су, қала, ауыл, елді мекен аттарын зерттейді. Мәселен, қазіргі Семей — семь палат — сөзінен, Кереку (қазіргі Павлодар) —Коряков, Гурьев — Гурий деген кісі аттарынан алынған; Қарағанды облысында Нұра өзені бар. Нуур — моңғолша көл деген сөз. Сонда түпкі мағынасын қуаласақ, Нұра өзені — көл өзен немесе өзен-өзен деген сөздерден шығып, қалыптасқан болады; Алматы облысындағы Түрген өзенiнiң аты жылдам, шапшақ, тез ағатын деген мағынадан алынған. Кейбір топонимдер қазақ тіліне басқа тілдерден енген. Иран тілдерінен: Айдарлы, Бадам, Бетпақдала; араб тілінен: Ғазалкент, Қазалы; моңғол тілдерінен: Байынкол, Баянауыл, Зайсан, Кеген, Мақаншы, Нарынкол; угор тілдерінен: Мұғажар, Өлкейек, Сургут т. б.

Антропонимика — кісінің фамилиясын, әкесінің атын (отчество), кісінің шын аты мен лақап атын (прозвище), бүркеншік аттарды (псевдоним) қарастыратын сала.

Қазақ есімдерінің бірсыпырасы араб, иран тілдерінен енген; ол тілдердегі бастапқы мағынасы ұмытылып, қазақтың байырғы, төл атауына айналған. Орыс есімдерінің бірсыпырасы сол қалпында алынған: Света — Светлана, Роза — Розалина, Розалия, Валя - Бәлия, Дина, Жагор, Марат, Марлен, Замира, Дамира т. б.

Қазақ тіліне араб-парсы тілдерінен енген кейбір есімдердің бастапқы мағынасы мынындай: Хасен — өте сұлу, тым көркем; Раиыс — бастық, басшы; Абдолла, Ғабдолла, Ғабдiлда, Әбдiлда, Әбілда т. т. — құдайдың, алланың құлы; Әубәкір — қыздар әкесі; Азамат — үлкен, зор; Ахмеди — мұсылман; Әдия — сый, сыйлық тарту; Асқат — бақытты, ырысты; Әлима — оқымысты; Мұқтар — таңдалған, іріктеліп сайланған; Сәбит — тұрақты, мықты;Ғабит —бас июші, тағзым етуші; Жамал — сұлу, көркем, әдемі; Марфуға—ұлы дәрежелі, мәртебелі; Мағрипа—білім, таным, мәдениет; Нәзипа — таза, пәк, мұнтаздай; Мәулен — мырза, жомарт; Мүсілім — мұсылман; Қалима —сөз; нақыл; Халида — мәңгі өмір сүретін; ажалсыз; Қамар — ай; Жақия — өмірлі, ғұмырлы т. б. (Т. Жан.)

Астронимика (гректің аstrоп — жұлдыз деген сөзі)—жұлдыздар, әлем аспаны, планета аттарын тексеретін сала. Планета аттары, негізінен, грек, латын мифологиясына байланысты шыққан. Мәселен, Венера (қазақша Шолпан, латынша Venus, Veneris сөзі) — ежелгі Рим мифологиясында махаббат пен сұлулық кұдайы; Марс (латынша) —соғыс кұдайы; Юпитер (қазақша Есек қырған деп те атайды, латынша jupiten) — көк тәңірiсі; Нептун (латынша) —су тәңірісі, су құдайы; Плутон (грекше pluton— рlutos — байлық) —«жер асты патшалығы», жер байлығы құдайы; Жер (орысша Земля, латынша gаіа, gе — жер) — жер тәңірісі; Сатурн (латынша)—кұнарлылық тәңірісі; Уран (грекше аспан)—аспан тәңірісі (көк тәңірісі); Меркурий (латынша)—шешендік, саудагершілік, жол құдайы; құдайлардың хабаршысы.

Зоонимика (гректің zооn, жануар)—жануарлар атауларын тексеретін сала. Зоологиялық атауларға байланысты бірер жәйтке көңіл бөле кетуге болады; орыс тіліндегі бірсыпыра жануарлар атауы түркі тілдерінен алыныпты. Мәселен, орысша ақжилан, ақзилан (змея) — түркі, соның ішінде қазақ сөзі. Ал орыс тіліндегі — змея, змей, латынша serpens,sepo немісше Schlange, ағылшынша snake егендердің бәрінің этимоны (бастапқы мағынасы) — бауырымен жорғалаушы (земляная, ползающая по земле). Сол сияқты, архар (қазақша арқар), барс, барсук, (қазақша борсық), бирюк (қазақша бөрі), джейран (қазакша жирен; орысша әрі антилопа), каракурт (қазақша қарақұрт), киік, қарсақ, құлан, марал, сайғақ, сараншы, таракан, теке (козел), тышқан (тушканчик), шакал т. б. — орыс тіліне түркі тілдерінен енген атаулар.

Тілдің әр түрлі жақтары болады дедік. Олар - тілдiң фонетикалық, лексикалық, грамматикалық жақтары. Бұл үшеуі өзара байланыста, қарым-қатынаста болады. Осыған орай, лингвистиканың әр тарауы, олардың әрбір саласы бір-бірімен тығыз байланысты.

Мәселен, тілдегі әрбір сөз дыбыстардың белгілі бір тіркесімен айтылады. Дыбыс тіркестері — сөздің сыртқы жамылғышы (оболочка), ал сөздің мағынасы — сөздің мазмұны (содержание, значение). Сөз дыбыс тіркестерімен айтылып, белгілі бір мағынаны білдiредi. Фонетиканың лексикологиямен байланысы, міне, осында.

Лексикология грамматикамен де тығыз байланысты болады. Бұл жағдай әсіресе сөз тудыру тәсілінен айқын көрінеді. Мәселен, кейбір грамматикалық форма сөзге жаңа лексикалық мағына туғызуға себепші болады.

Сөздің лексикалық мағынасы мен грамматикалық мағынасының арасында да тығыз байланыс болады; сөз грамматиканың қарамағына түскенде, өзінің мағыналарын үстемелеп, кеңейтіп алады; мағынасын нақтылай, дәлдей түседi.

Мәселен, сай, ауыл, терең, жаны, гүріл, өзен, тасы, — десек, бұл сөздер таза құрылыс материалы ретiнде (қаланбаған кірпіш сияқты) тұр: сай-сәйкес, лайық деген сын есім мағынасында ма, әлде зат есім бе? Қай ауыл? Бірнеше киіз үй ме, село ма? Тасы не? Зат есім бе, етістік пе? Бұл жақтары белгісіз. Бұл қалпында бұлар — таза лексикалық материалдар, нақтылығы белгісіз абстрактылы сөздер. Ал осыларды грамматика заңдары бойынша тіркестірсек, әрі лексикалық мағынасы нақтыланады, әрі сол мағынасының үстіне бірнеше жаңа грамматикалық мағына қосылады.

Ауылдың жаны — терең сай,



Тасыған өзен гурілдеп. (Абай)

Енді сөз мағыналары айқындала түсті: ауыл — кәдімгі, бұрынғы қазақ жеріндегі ауыл; тізілген бірнеше киіз үй; сай — сын есім емес, зат есім; тасы — етістік. Бұл—бір. Екіншіден, ауыл — зат есім, жалпы есім, жекеше, ілiк септікте тұр; жаны деген тәуелдік формасының үшінші жағымен меңгеріле байланысып тұр, сол арқылы бұл сөйлемде күрделі бастауыш (ауылдың жаны — терең сай; бұл жерде ненің жаны? — ауылдың емес; несі? жаны — емес; ауылдың жаны не? — сай; қандай сай? — терең сай; сай — дара баяндауыш, терең — анықтауыш; ал ауылдың бұл жерде анықтауыш емес, жан — көмекші есім; ауылдың жаны тіркесінде жан дербес бастауыш бола алмайды; ауыл жаны — терең сай, — десе, күрделі бастауыш екендігі тіптен, «тайға таңба басқандай» айқындала түседі). Сонда ауыл, сай, тасы сөздерінің осы келтірілген мағыналары — сол сөздерді басқалармен тіркестіргенде, өздерінің дербес мағынасына қосып алған бірнеше үстеме жаңа — грамматикалық мағыналары (сөйлемдегі бұлардан басқа сөздерді грамматикалық тұрғыдан талдасақ та осылайша). Бұл мысал — лексикологияның грамматикамен байланысының тағы да бір көрінісі. Сөйтiп, лексикология сөздi мағынасы жағынан, қолданылу аясы жағынан, экспрессивті-стилі жағынан, қызметі мен сипаты жағынан жан-жақты зерттейді.
Каталог: uploads -> books -> 47828
47828 -> Өзбекстан республикасы жо­Ғары және орта арнаулы бiлiм министрлiгi а. Бектаев, Т. Турткулбаева Қазіргі әдеби процесс
47828 -> Науаи мемлекеттік педагогика институты
47828 -> Ш. юлдошева, А. Нисанбаева
47828 -> Методикасы кафедрасы
47828 -> Низами атындағы тмпу-дың Қазақ тілі және әдебиетін оқыту әдістемесі кафедрасының доценті Е. Абдувалитовтың “Абай халық данасы” тақырыбындағы сабақ үлгісі
47828 -> Науаи мемлекеттік педагогика институты
47828 -> Науаи мемлекеттік педагогика институты
47828 -> Өзбекстан республикасы жо­Ғары және орта арнаулы бiлiм министрлiгi ө. Байқабылов, Д. Дуйсабаева Қазiргi қазақ әдеби
47828 -> Низомий номидаги тошкент давлат педагогика университети


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет