Өзбекстан республикасы жо­Ғары және орта арнаулы бiлiм министрлiгi ө. Байқабылов, Д. Дуйсабаева Қазiргi қазақ әдеби



бет9/16
Дата11.01.2017
өлшемі5,51 Mb.
#6800
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   16

Күрделі сөздер
Аналитикалық тәсіл арқылы екі я онан да көп сөзден кұралып, бір лексикалық мағына беретін сөздер күрделі сөздер деп аталады. Мысалы, бойжеткен, елтаңба, әнұран, үнтаспа, әуежай, жазбапікір (отзыв), жылыжай (теплица), қонақүй (гостиница), ауыз ашар, шағын кәсіп, аш-жалаңаш, бау-бақша, бизнес-жоспар, бизнес-орталық, ғалым-хатшы, Қазақтелеком, АҚ (акционерлік қоғам) т.б. Күрделі сөздер қанша сөзден құралса да, бір сөз болып саналады, бір сөздің қызметін атқарады. Көпшілік жағдайда олар екі сөзден тұрады, яғни күрделі сөздің құрамында екі сыңар болады. Алайда екіден көп сөзден де құрала береді. Мысалы, Екібастүз, Кемпірөлген, Ащысай сияқты мысалдар оның құрамы үш, төрт сөзден құралуы да бар екеніне дәлел.

Қазақ тілінде күрделі сөздер кең орын алады. Күрделі сөздер барлық сөз таптарында бар. Мысалы, Ақ орда (резиденция), ас үй, әуе серігі (стюардесса), жол сілтеуші (регулировщик), кұрбан айт, нағашы жұрт деген күрделі сөздер - зат есім. Түлкі тымақгы, қызыл шырайлы, орта бойлы, қыр мұрынды, кара мұртты, ащы судай, ессіз адамдай - күрделі сын есімдер; жеті-сегіз, жүз алпыс жеті, мың тоғыз жүз тоқсан тоғыз - күрделі сан есімдер; кейбір, бірнеше, әлдебір, әлдекалай - күрделі есімдіктер; алып кел, барып көр, алып бер, көріп шық, келіп кет - күрделі етістіктер; таңертең, жаздыгүні, бірқатар, биыл, бүгін, зорға-зорға - күрделі үстеулер; жалт-жұлт, қылтың-сылтың, қызараң-кызараң, адыраң-адыраң – еліктеуіш сөздер; әйткенмен, сол себепті, не болмаса, сүйтсе де - күрделі шылаулар; бәрекелді (барака аллаһу), жаракімалла (я рақым (бер) злла) - одағай.

Күрделі сөздердің барлық сөз табынан орын алуы оның тілге кең таралғанының көрсеткіші ретінде қаралу керек, яғни тіліміз күрделі сөздерге өте бай.

Бұл-жалғыз қазақ тілінің ерекшелігі емес, дүние жузі тілдеріне тән жалпы құбылыс. Рас, күрделі сөздің қолданылуы әр тілде бірдей деп карауға болмайды. Ол туралы ғалым А.А.Пашковский былай дейді: «Күрделі сөздер түрлі тілдердің лексикалық системасынан орын алады. Кейбір тілдерде сөздерді біріктіру қосымша тәсіл болып, оның нәтижесі елеусіз болады да, сөздіктің периферия бөлімінен орын алады. Келесі бір тілдерде ол өте кең тараған, негізгі тақырыпқа жатады. Соңғы топтағы тілдерге жапон тілі жатады. Лексикадан алатын сөздің типіне қарап, оны күрделі сөздің тілі деуге болады» Ф.А.Ганиев күрделі сөз неміс, ағылшын, жапон және хинди, славян тілдерінде көп қолданылады деп санайды. Түркі тілдерінің ғалымдары, оның ішінде қазақ тілінің ғалымдары да, түркі тілдерін де күрделі сөзге бай тілдер деп таниды. Бұл - осы тілдерде сөзжасамның аналитикалық тәсілінің көне замандардан бастап, күні бүгінге дейін қолданылып келе жатқанының нәтижесі. Түркі тілдерінің ең көне жазба ескерткіштері саналатын орхон жазбаларында кісі аттары мен жер-су атауларында күрделі сөздер жиі кездеседі, ол дәстүр қазір де сақталған. Мысалы, Әубәкір, Бөкейхан, Жантөре, Жанмырза, Қызылорда, Талдықорган, Ақмола, Ақтөбе, Ащысай т.б.

Бұл дәстүр басқа сөздерге де кең тарап, аналитикалық тәсіл арқылы баска атаулар да жасалған, сондықтан ол қазір барлық сөз таптарының сөздерінен мол орын алып отыр.

Қазақ тілінде күрделі сөздердің сыңарларын байланыстыратын басқа тілдердегідей (орыс тілі) арнайы қосымша жоқ. Күрделі сөздердің ішкі сыңарлары бір-бірімен орын, мағына арқылы байланысады. Мысалы, алпыс бес, жүз елу екі, қызыл ала, Алатау, Қаратау деген күрделі сөздердің кұрамындағы сыңарларды байланыстырған қосымша жоқ.

Тілдердің көбінде күрделі сөздер мәселесінде түрлі көзқарас, даулы мәселелер өте көп. Олардың көбі күрделі сөздердің тілдерде танылу-танылмауына байланысты. Бұл мәселенің түп негізі күрделі сөздердің емлесінен туып жатады. Бірсыпыра тілдерде күрделі сөздердің сыңарларын бірге жазылу дәстүрі бар. Ондай тілдерде дау-шар аз, бірақ күрделі сөздер тілге үнемі қосылып отырады. Міне, мұндай күрделі сөздердің танылуы, жазуы калыптасқанша, алалық туып отырады. Ағылшын тілі - жазу мәселесінде де өте консервативті тіл екені белгілі, соның өзінде ғалым О.Д.Мешков: «Ағылшын тіліндегі мерзімді баспасөзбен таныс адам онда күрделі сөздердін бірде бірге, бірде бөлек жазылып жүргенін біледі» деп жазады.

Ал жазуы бір ғасырда бірнеше рет өзгерген тіл білімі кеш дамыған түркі тілдерінде күрделі сөз мәселесі шешілді деп айту мүмкін емес, күрделі сөз мәселесінде пікір алалығы өте күшті, оның ішінде қазақ тілі де бар.

Бұл жағдай күрделі сөз мәселесіне ерекше назар аударуды керек етеді. Сондықтан күрделі сөздердің белгілерін білу кажет.

Күрделі сөзге әр ғалым әр түрлі анықтама береді, бірақ солардың бәрінде күрделі сөздердің екі не онан да көп сыңарлардан жасалатынын бәрі де дәлелдейді. Бұл - ғалымдардың бәріне ортақ пікір. Оны қазақ тілі деректері де растайды. Сондықтан күрделі сөздердің негізгі белгісінің біріне оның күрделі құрылымы жатады, сол арқылы ол дара сөздерден ерекшеленеді. Мысалы, кара торы, отыз екі, келіп кет, елбасы, коян жүрек, аққу (кұс), темір жол, жер серігі, тау жуа, іш ауру, ұшан-теңіз, түн-тотысы, таң намаз, күні кеше, ой-пікір, ата-ана, оқ жылан, май шабақ, қожа-молда т.б. Күрделі сөздердің құрамы оны ажырататын негізгі белгі болып саналады.

Қазақ тіл білімінде болсын, басқа тіл білімдерінде болсын күрделі сөзге берілген анықтамаларда күрделі сөздің құрамындағы сыңарларды сол сөзді құраушы, жасаушы бірліктер деп атай отырып, ол сыңарлардың мағыналары кірігіп, біртұтас мағынаға көшетінін ерекше атап отырады. Атап айтқанда, күрделі сөздердің әркайсысы - біртұтас мағыналы сөз. Сондықтан күрделі сөздің негізгі белгілерінің біріне оның құрамындағы сөздердің мағына бірлігі, тұтастығы жатады.

Күрделі сөз бен дара сөздің екеуіне де ортақ қасиет, белгі бар. Бұлардың екеуі де лексикалық мағына береді. Дара сөз қандай лексикалық мағыналы бірлік болса, күрделі сөз де сондай лексикалық бірлік тобына жатады, өйткені олардың әрқайсысының лексикалық мағынасы бар. Осы мәселеде күрделі сөз дара сөздің әр түрімен тең бола алады. Қазақ тілінде дара сөзге негізгі түбір, туынды түбір сөздер қандай лексикалық мағыналы сөздер болса, күрделі сөздер де сондай лексикалық мағыналы сөздер болып саналады. Тек дара сөздер мен күрделі сөздер құрамы жағынан ғана бір-бірінен ажыратылады. Сөз ретінде дара сөздің де, күрделі сөздің де тілде атқаратын қызметі бірдей, өйткені олардың қайсысы болса да, дербес сөздерге жатады, тілде лексикалық бірлік тобын құрайды. Сондықтан күрделі сөздің лексикалық мағынаны білдіруі оның екінші белгісі болып табылады.

Күрделі сөздердің сыңарлары калай болса солай, кез келген сөзден жасала бермейді, оның өзіндік заңдылықтары бар.

Біріншіден, күрделі сөздің қүрамындағы сыңарлар мағыналық қатысы бар сөздерден құралады. Екіншіден, күрделі сөздердің сыңарлары толық мағыналы сөздерден болады. Күрделі сөздің мағынасын жасайтын оның сыңары толық мағыналы дербес сөздер болуы керек. Бұл мәселе дүние жүзі тілдерінің басым көпшілігінде танылған, тек түркі тілдерінің кейбірінде ғана бірлі-жарым жеке пікірлер кездеседі. Бірақ жалпы тіл білімі көлемінде күрделі сөздер толық лексикалық дербес сөзден жасалады деп саналады. Осы пікірдін, дұрыс екендігін қазақ тілінің деректері де растайды. Мысалға, сан есім негізінен күрделі сандардан тұратыны белгілі.

Бұл барлық басқа сөз таптарына да қатысты. Мысалы, алтыбақан, қайнаға, белбеу, қарлығаш (қара ала құс), бозторғай, ақсақал, жүзбасы, Ақтөбе, Жезқазған, Ақылбай т.б. ерте заманнан келе жатқан күрделі атауыш сөздер. Олардың әркайсысының құрамы дербес сөздерден жасалғаны ешбір талас туғызбайды.

Сол сияқты күрделі сындар мен етістіктердің құрамыңдағы сыңарлар да дербес мағыналы сөздер екенін көру қиын емес. Мысалы, кара ала, күлгін сары, қызыл күрең, ақ боз, кара көк, алып кет, барып кел, көріп бер, алып кайт, көріп кет, т.б. осы сияқты мысалдардың бәрі де толық мағыналы дербес сөздерден жасалған, сондықган да күрделі сөздердің мағыналары оның кұрамындағы сыңарлардың мағынасымен байланысты болады. Мысалға, жоғарыда келтірілген сөздердің кайсысын алсақ та, олардың сыңарларының ізі күрделі сөзден көрініп тұрады. Мәселен, алтыбақан ойынының аты оның құрамындағы алты бақанға байланысты шыққаны, аталғаны белгілі, белбеу алғаш белді буған баудың атынан, қызыл курең түс қызыл, күрең түстердің қосындысынан туған түстің аты, алып кету алу және кету қимылдарынан тұратын күрделі қимылдың атауы екені анық. Күрделі сөздің мағынасы оны жасаушы сөзжасамдық бірліктердің яғни сыңарлардың мағынасынан жасалатын болғандықтан, олармен байланысты болуы заңды құбылыс, сондықтан мағына бере алатын дербес сөздер күрделі сөздерге сыңар бола ала алады. Сондықтан бұл күрделі сөздердің бір белгісі саналады.

Күрделі сөздердің мағына тұтастығы олардың құрамындағы сыңарларға, олардың орналасу тәртібіне байланысты. Әр күрделі сөз тілде белгілі құрамда, олар белгілі тәртіпте түрғанда, бір мағына беретін болып қалыптасқан. Сондықтан күрделі сөздің құрамы мен оның білдіретін мағынасы байлаулы деп санау қажет. Мысалы, ак құба деген күрделі сөздің құрамын өзгертсек, бұл мағына берілмейді: құба ак, сары ак, боз ақ түрінде олар ақ құба күрделі сын есімнің мағынасын бере алмайды. Бұл - жалғыз күрделі сөз емес, сөз атаулыға тән касиет. Дара сөздердің мағынасы оның дыбыстық қүұрамына байланысты. Мысалы, адам деген сөз тек осы дыбыстық кұрамда тұрғанда ғана, өз мағынасын білдіреді, осы дыбыстық құрамда, не оның орналасу тәртібін (адам-атам, мада т.б.) өзгертсек, адам сөзінің мағынасы берілмейді. Күрделі сөздер де белгілі құрамда, құрамындағы сыңарлар белгілі тәртіпте тұрғанда, бір мағына беретін болып қалыптасқан, сондықтан ол мағына берілу үшін, күрделі сөздін құрамы да, құрамыңдағы сыңарлардың орналасу тәртібі де сақталуы қажет. Басқаша айтқанда, бұл күрделі сөздердің құрамы тұрақты екенін дәлелдейді. Тұрақты күрделі құрамда ғана күрделі сөз мағынасы қалыптасқан, сондықтан сол құрамда ғана сол мағынаны білдіреді. Күрделі сөздің құрамы да, олардың сыңарларынын орналасу тәртібі де тұрақты, берік. Ол күрделі сөздердің негізгі белгілерінің біріне жатады.

Тіл білімінде күрделі сөздердің түп төркіні сөз тіркесі саналады. Тілде кейбір сөз тіркестері бірте-бірте мағыналық дамуға ұшырап, құрамындағы сыңарларының мағынасы жымдасып, кірігіп бір мағынаға көшкен. Олардың сыңарлары өзінің алғашқы мағынасынан алыстап, өзінің дербестігінен айрылған, сыңарлардың мағынасының бір-бірімен кірігуінің нәтижесінде олар біртұтас сөзге айналып, белгілі бір ұғымды білдіретін күрделі сөз болып қалыптасқан. Сондыктан күрделі сөздің мағынасы берілу үшін, күрделі сөздің құрамы, құрамындағы сыңарлардың орын тәртібі ол қалыптасқан кездегі қалып сакталуы қажет.

Рас, тілде қалыптасқан күрделі сөздердің үлгісі кейін басқа күрделі сөздер жасалу үшін қолданылған. Ондай үлгілер арқылы жаңа күрделі сөздер әр кезеңде жасалып отырған. Қазір де күрделі сөздер үлгі арқылы жасалып жатыр. Мысалы, әнұран, елтаңба, жалақы, зейнетақы, елорда, елбасы т.б.

Күрделі сөз өзінің сыңарларының мағынасының біртұтас мағынаға кірігіп, бір сөзге көшуінен бастап, бір сөз болып танылатындықтан, ол тілдегі басқа сөздер сияқты дайын тұрған лексемалар болып саналады да, сөйлемге сол дайын тұрған калпында кіреді. Демек, күрделі сөздер сөйлемге дайын тұрған калпында алынатын лексикалық бірліктер болғандықтан, ол сөйлемде бір сөздің қызметін аткарады, сөйлемнің бір мүшесі болады, бір сұраққа жауап береді.

Күрделі сөз бір кездерде жасалғаннан бастап, ол сөйлемге дайын лексема ретінде алынатындықтан, ол әр сөйлемде әр түрлі жасалатын, қай тұлғада қолданылуы сөйлемге байланысты сөздің грамматикалық тұлғаларынан да ерекшеленеді, өйткені күрделі сөз қандай сөйлемде де бір кұрамда қодданылады. Мысалы, Кемпірқосақ өте әдемі. Кемпірқосақ көрінді сияқты тағы басқа сөйлемдерде бұл күрделі сөз осы кұрамда ғана қолданылады, бірақ басқа сөздер сияқты осы құрамда тұрып, түрлі тұлғада тұра береді. Мысалы, Кемпірқосақта неше түрлі түс бар. Кемпірқосақты көргенмін.

Күрделі сөз біртұтас мағыналы болғандықтан, белгілі бір сөз табының мағынасын беріп, бір сөз табына қатысты болады. Қай сөз табына қатысты болса, сол сөз табының грамматикалық мәніне, қасиетіне ие болады. Осымен байланысты күрделі сөздер де басқа сөздер сияқты белгілі сөз табына жатады. Мысалы, Ақмола, Нұрлыбек, ине-жіп, бойжеткен, бойтұмар, бал каймақ, Кұдайберген, Талдықорған т.б. осы сияқгы күрделі сөздер зат есімге жатады. Бұлардың сыңарлары зат есімнен, сын есімнен, етістіктен жасалғаны °ның зат есімге көшуіне кедергі болмаған. Өйткені әр күрделі сөздің сыңарлары қай сөз табынан болғанына қарамастан, олар зат мағынасына, аталымына көшкен. Бұл - күрделі сөздің мағыналастығына дәлел.

Сол сияқты қара ала, ал қызыл, ер жүрек, қоян жүрек, салпы етек, ал қара көк, жай оғындай, мақпал кара, су караңғы сияқты күрделі сөздер сын есімге жатады. Бұл сөздер осы құрамда тұранда, сындық мағынаға көшкен, сын есім мағынасына ие болған, күрделі сөздің калыптасқаннан кейінгі мағынасы сындық мағына болғандықтан, бұлар сын есімге жатады.

Күрделі етістіктер де осы сиякты белгілі бір құрамда тұрғанда күрделі қимыл мәнге ие болған, сондықтан олар күрделі етістікке жатады. Мысалы, келіп кет, кайтып кел, алып бар, жазып бер, келіп көр, сатып ал, кіріп шық т.б.

Күрделі сөздердің құрамындағы сыңарлардың орнының тұрақтылығы, мағынасының тұтастығы арқылы ол еркін сөз тіркестерінен ажыратылады, өйткені еркін сөз тіркестерінің құрамы тұрақсыз.

Еркін сөз тіркесін жасаушы сөздердің әрқайсысы дербес мағыналы сөздер, олардың әркайсысы сөйлемде жеке сұраққа жауап береді, әрқайсысы сөйлемнің мүшесі қызметін атқарады, олар сөйлемдегі бірнеше сөздермен тұрлі сөз тіркесін жасайды. Мысалы, Оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық (Ы.Алтынсарин). Осы сөйлемде төмендегі сөз тіркестері бар: 1) ықыласпен тоқылық, 2) көңілге тоқылық, 3) оқығанды тоқылық. Осы сөйлемде не бәрі 4 сөз бар, олар 3 сөз тіркесін жасап тұр.

Еркін сөз тіркесінің бул белгілері күрделі сөзде жоқ, оның кұрамындағы сыңарлар бөлінбейді, сыңарлары жеке-жеке еркін сөз тіркесін жасай алмайды, ол тұтас тұрып, еркін тіркестің бір мүшесі болады.

Күрделі сөзді тану үшін түрлі белгілер негізге алынады, тілдердің түрлігіне қарай ол белгілерде де түрлілік бар. Дүние жүзіндегі бірсыпыра тілдерде күрделі сөздерді біріктіріп жазу орын алады. Осындай тілдерге жататын француз, испан тілдеріндегі күрделі сын есімдерді зерттеген ғалым О.В.Азарова күрделі сөздердің белгілерінен үш белгіге ерекше мән береді. Олар: фонетикалық бірлік (күрделі сөздің сыңарларын бөліп айтуға болмайтыны), мағыналық тұтастық, синтаксистік қызметі деп атап, емлені белгі етіп алуға қарсы, өйткені ол шартты деп санайды.


Біріккен сөздер мен кіріккен сөздер

Біріккен, кіріккен сөздер деп - екі, кейде үш сөздің мағына және дыбыстық жағынан біртұтас лексикалық бірлікке көшкен сөздер аталады. Құрамындағы сыңарлардың бір-бірімен дыбыстық жағынан тұтасуы, бірге жазылуы арқылы, кіріккен сөздер басқа күрделі сөздерден ерекшеленеді, өйткені күрделі сөздердің басқа түрлерінің сыңарлары бөлек жазылады.

Индоевропа, орыс тіддерінде тек қана біріккен сөздер күрделі сөз саналатыны белгілі. Бұл тілдерде сөздің мағына тұтастығымен бірге, тұлға (дыбыстык құрам) тұтастығы да күрделі сөздің негізгі белгілеріне жатады.

Ал қазақ тілінде ол зандылық күрделі сөздердің бір түрі біріккен және кіріккен сөздерге ғана қатысты. Солай болса да, индоевропа тілдерінде де, қазақ тілінде де бұл мәселеде алалық күшті. Қазақ тілінде бірсыпыра сөздер емлесі қалыптаспай, сөздіктердің өзінде бірде бірге, бірде бөлек жазылып жүр және қаншама сөздер бөлек жазылып, біріккен сөз деп танылмай жүргенін Б.Қалиев анық көрсеткен. Ол орфографиялық сөздікте 360 қана біріккен сөз беріліп, әлі де 950 біріккен сөздің оған ілікпей калғанын дәледдеген .

Ғалым М.Балақаев біріккен сөздің жазылуындағы алалыкган қүтылу үшін, бірде бірге, бірде бөлек жазылып жүрген сөздердін бөрін бірге жазуды үсынады .

Біріккен сөздер де басқа күрделі сөздер сиякгы жай сөз тіркестерінен бастау алған, сондықтан оның кұрамындағы сыңарлары сез тіркестерінің құрамындағы сыңарлармен ыңғайлас келеді. Сондыктан біріккен сөз бен тіркесті күрделі сөз және жай сөз тіркестерінде ұксастық өте көп, бұл осы мәселелерді ажыратуда үлкен қиындык туғызады.

Қазіргі сөз тіркестерінің барлық үлгісі біріккен сөз құрамында барын оны зерттеген Г.Жаркешева дәлелдеген.

Қосымшасыз екі түбір сөздің біртұтас мағынаға көшу үлгісімен жасалған біріккен сөздер тілімізде өте көп: абжылан, абырой, адамата, адамзат, адыраспан, айбалта, айдала, айбақ, айнакөз, айылбас, айырбас, асқабақ, асқазан, атауыз, атқонақ, атқосшы, атқұйрық, атқұлақ, аюқұлақ, бақабас, балақыз, балауыз, балбөбек, балықкөз, басалка, баспана, баспасөз, бәйшешек, бұзаубас, бұаутас, гүлсерік, дәуқабақ т.б.

Изафеттік тіркестің барлық түрінен біріккен сөздер жасалған. Изафеттің екінші түрінен жасалған біріккен сөздерге мысал келтіргенде, олар төмендегідей: отағасы, қолбасы, елубасы, қонакасы, сәресі, отгегі, елбасы, түнеугүні, күсбегі, атбегі, колбасшы, өмірбойы, казоты, киікоты, бакаоты. Мүнда бірінші сыңар қосымшасыз болса, екінші сыңардағы тәуелдік жалғау сақталған.

Изафеттік тіркестегі екі сыңардың да қосымшалары сақталған біріккен сөздер де бар, бірақ бұлар аз. Мысалы, жаздыгүні, қыстыгүні, күздігүні. Бұл біріккен сөздердің бірінші сыңарындағы ілік септіктің соңғы дыбысы сақталмаған, қыскарған, бірақ -ды буыны сақталған, ал екінші сыңардағы тәуелдік жалғауы толық сақталған.

Біріккен сөздердің бір тобы сыңарларының өте ықшамдалуы арқылы жасалған. Мысалы, биыл (бұл жыл), бүгін (бүл күн), сексен (сегіз он), сөйтіп (солай етіп) т.б. Мұндай сөздер ғылымда кіріккен сөздер деп аталады.

Кіріккен сөздер - құрамындағы сыңарлары дыбыстық құрамын толық сақтамай немесе түрлі дыбыстық өзгерістерге ұшырау арқылы бір-бірімен мағына жағынан ғана емес дыбыстық құрамы жағынан да кірігіп, ықшамдалып, біртұтас сөзге айналған сөздер. Мысалы, әкел (алып+кел), өпер (алып+бер), әкет (алып+кет), биыл (бұл+жыл), бүгін (бүл+күн), сәресі (сахар+асы), ағайын (аға+іні), қарлығаш (қара ала құс), білезік (білек+жүзік), сексен (сегіз+он), тоқсан (тоғыз+он), белбеу (бел+бау), қайтіп (қалай+етіп), түрегел (тұра кел), белуардан (бел+буардан), ендігәрі (ендігіден+әрі), ашудас (ашу+тас), сөйтіп (солай+етіп), өйтіп (олай+етіп), бірдеме (бір+неме), біресе (бір+ерсе), қолғанат (қол+канат) т.б.

Келтірілген кіріккен сөздердің сыңарлары үлкен өзгеріске ұшыраған, бұлардың ішінде бір сыңардан бір ғана дыбыс қана сақталып, сөздің құрамындағы дыбыстары өте ықшамдалғандары.

Есімдік+есімдік үлгісі өнімсіз болып табылады, бұл үлгідегі жасалған біріккен сөздер аз. Мысалы, ешкім, әлдекім, әркім әлдеқалай, әлдеқашан, ешқашан, ешқайда, әрқайсысы т.б.

Етістік+етістік үлгісімен жасалған біріккен, кіріккен сөздер санаулы, бұл өнімсіз үлгі. Мысалы, өткел, әкел, епер, әкет, түрегел сияқгы сөздер ғана осы үлгімен жасалған.

Қосарланған күрделі сөздер

Қос сөз деп екі сыңардан тұратын, сыңарлары бір сөздін қайталануынан немесе бір тектес синоним я антоним сөздерден жасалып, бір ырғақпен тұтаса айтылатын сөздер аталады. Мысалы, ойын-сауық, ине-жіп, ыдыс-аяқ, құрал-сайман, қыз-келіншек, жақсы-жаман, ұзынды-қысқалы, үлкен-кіші, ата-ана, әке-шеше, он-он бес, жиырма-отыз, қырық-елу, кеше-бүгін, жоғары-төмен, қызыл-жасьш, кімде-кім, келіп-кетіп, көріп-біліп, айтыс-тартыс т.б.

Қос сөздер тілдің аналитикалық тәсілінің қосарлама тәсіл арқылы жасалады. Қос сөздер - түркі туыстас тілдердің бәрінде бар тілдік құбылыс. Қос сөздер ең көне орхон жазба ескерткіштерден тілінде де болған. Сондықтан ғылымда әбден танылған, сөздіктерде өзіндік орны бар тілдік кұбылысқа жатады.

Тілде қос сөздердің жасалуының өзіндік әбден қалыптасқан заңдылықгары бар: 1. Қос сөздердің екі сыңары да бір сөз табының сөзінен болады. Мысалы, қыз-келіншек, көрпе-жастық, қауып-катер, карым-қатынас, тамыр-таныс, жауын-шашын деген қос сөздердің екі сыңары да зат есімдерден жасалған. Ал үлкен-кіші, қызылды-жасылы, үлкенді-кішілі, жақсы-жаман, кәрі-жас деген қос сөздер сын есім сөздерден жасалған. Сол сияқты алпыс-жетпіс, бес-алты, жеті-сегіз, он бес-он алты, сексен-тоқсан кос сездері сан есімдерден жасалған. Келіп-кетіп, алып-беріп, көре-көре, ішіп-жеп, карғап-сілеп, асыға-үсіге қос сөздер етістіктерден жасалған.

2. Қос сөздердің сыңарлары мағыналық жағынаң катысы, байланысы бар, не синоним, не антоним сөздерден болады. Ешбір мағыналық байланысы, бір-біріне ешбір қатысы жоқ сөздер бір-бірімен қосылып, қос сөз жасай алмайды. Міне, бұл қос сөздердің жасалуында қатты сақталатын зандылық. Ал осымен байланысты қос сөздердің сыңарлары көбіне мағыналас, синоним, антоним сөздерден болады. Мысалы, ыдыс-аяқ, ине-жіп, әке-шеше, аға-іні, аяқ-қол, өкпе-бауыр, етек-жең, сока-сайман, қазан-ошақ сияқты қос сөздер өмірде бір-бірімен байланысы бар заттардың атынан яғни мағыналық қатысы бар сөздерден жасалған. Осы сияқты қос сөздердің көбі құрал-сайман, шақұр-шұқыр, жалтаң-жұлтаң, карғап-сілеп, жүн-жұрқа, тамыр-таныс, кауіп-катер, уайым-қайғы, қырып-жойып, жөн-жоба, күш-қуат, сабыр-тағат, талан-тараж дегендердегі сияқты синоним сөздерден жасалған. Ал үлкен-кіші, жақсы-жаман, жоғары-төмен, ақ-кара, үлкенді-кішілі, жақсылы-жаманды сияқты қос сөздер антоним сөздерден жасалған.

Бұл келтірілген мысалдардың бәрі қазақ тілінде қос сөздердің жасалуы оның сыңарларының белгілі мағыналық қатыстағы сөздер болуын талап ететінін анық көрсетеді. Ол заңдылық ретінде калыптасқан.

3.Қос сөздердің сыңарлары бір сөздің қайталануынан жасалады. Мысалы, айта-айта, тау-тау, жақсы-жақсы, үлкен-үлкен, келе-келе, дір-дір, сарт-сарт, қора-қора, өзді-өзімен, бір-бірімен, бірдең-бірге т.б.

4.Қос сөздердің екі сыңары да мағыналы сөздерден жасалады. Мысалы, қырық-елу, алпыс-жетпіс, әке-шеше, жақсылы-жаманды, ыдыс-аяқ, туған-туысқан т.б.



Қазіргі тілде қос сөздердің кейде бір сыңары, кейде екі сыңары мағынасыз сөз болып келеді. Бұл тілдің қазіргі даму сатысына байланысты, ол жағдай қос сөздердің жасалған кезіне қатысты емес, олардың бәрі алғаш мағыналы сөзден жасалған. Кейін бір сыңары, кейде екі сыңары да тілдік дамудың нәтижесінде лексикалық мағынасы солғындап, не мағынасынан мүлдем айрылып, қазіргі дәрежегеге жеткен, оған сөздің дыбыстық өзгеріске ұшырауы да қосылған. Мұндай қос сөздерге төмендегі мысалдарды келтіруге болады: бала-шаға, жора-жолдас, жүдеу-жадау, жылау-сықтау, әуре-сарсаң, шөп-шалам, ың-жың, арық-тұрақ, некен-саяқ, тырым-тырақай, ұйпа-тұйпа, ту-талақай, әңкі-тәңкі,

5. Қос сөздердің жасалуында тағы бір зандылық бар. Ол - қос сөздердің сыңарларының буын санының үндесіп келуі. Тілдегі қос сөздердің 80-90 пайызы буын саны жағынан тең буынды сөздердең сыңарлардан тұрады. Мысалы, ән-күй, дәм-түз, ың-жың, көш-қон ата-ана, әке-шеше, үлкен-кіші, ыдыс-аяқ, аға-іні, борыш-карыш өрен-жараң, жігіт-желең, егіл-тегіл, өнер-білім, кәкір-шүкір ұзынды-қысқалы, кіресілі-шығасылы т.б. Бұл мысалда бір буыңды екі буынды, үш буынды, төрт буынды сөздерден жасалған қос сөздер берілді. Тілде екі буынды сыңарлардан жасалган қос сөздер ете көп, қалғандары аздап қана кездеседі. Әсіресе, 3-4 буынды сөздердең жасалған қос сөздер өте аз.

6. Буын саны тең сыңарлардан қос сөздің жасалуы олардың айтылуы үнемділігін көздеуден туған. Өйткені қос сөздердің басым көпшілігінде буын үндестігі яғни сингормонизм сақталады. Мысалы, ақыл-айла, сауыт-сайман, ауру-сырқау, жауын-шашын, қырып-жонып, азан-қазан, жатса-тұрса, ағал-жағал, азып-тозу, айла-амал, алай-бұлай, алал-қапас, алба-далба, алда-жалда, әрлі-берлі, бүгін-ертең, елтең-селтең, жеңіл-желпі, ине-жіп, кейіп-кескін, келіп-кетер, көйлек-көншек, көріп-білу, күйініш-сүйініш, күйіп-пісу, күдік-күмән, немере-шөбере, іркес-тіржес т.б.

Алайда қос сөздердің жасалуындағы бұл заңдылықтарда қайшылықтар жоқ емес, бірақ олар негізгі заңдылықтарға карағанда, әлдеқайда аз. Қос сөздердің сыңарларының буын саны тең болмайтындары да бар. Олардың іштей ерекшеліктері бар: 1) Таза мағыналық байланыстан туған сыңарлардың буын санының теңсіздігі: қыз-келіншек, ат-шапан, бау-бақша, ар-ұждан, ар-ұят, бек-сұлтан, бай-патша, бес-алты, есік-терезе, жай-жағдай, жиын-той, той-думан, жөн-жоба, жын-пері, кір-қожалақ, кайғы-қасірет, қайғы-зар, қарым-катынас, қас-қабақ т.б. Мұндай қос сөздер сыңарларының мағына байланысының күштілігі негізінде жасалған. 2) Қос сөздердің бір сыңарының қосымшамен келуі арқылы сыңарларының буын саны теңдігінен айрылады. Мысалы, бетпе-бет, қолма-қол, ауызба-ауыз, өз-өзінен, бірден-бір, үй-үйден, бостан-бос, он-ондап, бес-бестен т.б.

7. Қос сөздердің екі сыңары да не бірыңғай жуан сөздерден, не бірыңғай жіңішке сөздерден жасалады. Мысалы, сауыт-сайман, ақыл-ой, ата-ана, көрген-білген, тәлім-тәрбие, өнеге-үлгі, үлкен-кіші, уайым-кайғы, өнер-білім, жаман-жаксы т.б. Осы заңдылықтың біраз жағдайда бұзылатыны -. бар құбылыс. Мысалы, азық-түлік, үсті-басы, карғап-сілеп, сүріне-жығьша, іші-сырты, ойнап-күліп, алты-жеті, сексен-тоқсан, буып-түйіп, жүн-жұқа, жөн-жоба, ойын-күлкі, қыз-келіншек, көшіп -қонып, дәм-түз, көш-қон, ұрыс-керіс, ерсілі-қарсылы, өштік-қастык, үздік-создык, ауыр-жеңіл, жоғары-төмен, оқта-текте, сатыр-гүтір, жүдеу-жамау, жаман-жәутік, көрші-қолаң т.б.

Қос сөздердің сыңарлары буын үндестігіне бағынбай, жуан, жіңішке сөздердің аралас келуі арқылы жасалуы мағынаға тікелей байланысты. Қос сөздердің бұл түрлерінің бәрінде олардың сыңарларының мағына байланысы өте күшті. Мұндай қос сөздер мағыналық байланыс негізінде жасалған. Сөйтіп қос сөздердің сыңарларының мағынасы жақын, мағынасы байланысты сөздерден жасалатынын тағы да өзі дәлелдеп, көрсетті.

Қос сөздер тілде екі түрлі тәсіл арқылы жасалады: 1) екі түрлі сөздін. қосарлануы арқылы, 2) бір сөздің қайталануы арқылы жасалады. Осымен байланысты қос сөздерді қазақ тіл білімінде екі түрге бөлу калыптаскан: 1) қосарлама қос сөздер, 2) қайталама қос сөздер. Қос сөздерді осылай жіктеу, топтауды ғылымға кіргізген А.Ыскақов. Қос сөздердің бұл түрлері ғылымда танытған және ол қалыптасқан.

Қосарлама қос сөздер тілде өте көп, олар мағынасы жақын екі сөзден жасалып, біртұтас лексикалық мағына береді. Мысалы, аяқ-табақ ыдыс деген мағынаны білдірсе, ине-жіп іс тігуге қажет заттардың жалпы аты, туған-туысқан деген қос сөз туыс деген мағынаны білдіреді, шай-кант-шай ішуге керек заттардың аты, қой-ешкі-ұсақ малдың аты, қыз-келіншек-әйел текті жастардың жалпы аты, өрік-мейіз-шайда қолданлатын жеміс атаулының жалпы аты.

Қосарлама қос сөздердің мағынасында жинақтау, жалпылау мән болады. Мысалы, апа-қарындас-әйел туыстың жалпы аты, ол сіңіліні де, апаны да, қарындасты да бәрін қамтиды, қару-жарақ деген құруға жататын құралдардың (мылтық, қылыш, найза т.б.) бәрінің ортақ, жиынтық аты, көрпе-жастық-төсекте қолданылатын заттардың бәрінің аты. Бұл қосарлама қос сөздердің бәріне тән жалпы қасиет.

Қосарлама қос сөздердің сыңарлары екі түрлі сөз болғанымен, олар міндетті түрде бір сөз табына жататын сөздерден болады. Мысалы, аға-іні, көйлек-көншек, бас-аяқ, аяк-кол, өнер-білім, ән-күй зат есімдерден жасалған, қызыл-жасьш, ақ-қара, қызылды-жасылды, үлкенді-кішілі, аумалы-төкпелі сын есімдерден, үш-төрт, бес-алты, қырық-отыз, елу-алпыс сан есімдерден, әне-міне, анау-мынау есімдіктерден, келіп-кетіп, көрген-білген, алу-беру, келген-кеткен, алып-беріп етістіктерден, бүгін-ертең, жоғары-төмен, аңда-санда, окта-текте, ерте-кеш үстеулерден, тарс-тұрс, бұрқ-сарқ, жалт-жұлт, шақыр-шұқыр, сатыр-сұтыр еліктеуіш сөздерден, ах-ух, уһ-оһ одағай сөздерден жасалған.

Келтірілген қос сөздердің екі сыңарлары да бір сөз табынан жасалумен бірге, сол сөз табының аясында қалған. Сонымен бірге осы мысалдар қосарлама қос сөздердің барлық сөз табында бар тілдік құбылыс екенін дәлелдейді. Барлық сөз табының құрамынан орын алатын, барлық сөз табына кдтысты қосарлама қос сөздер тілдің сөздік қорынан да үлкен орьш алады, бірақ олар сөздіктерде қазір толық қамтылмай жүр.

Қайталама қос сөздер де тілге кең тараған, жиі қолданылатын сөздер тобына жатады. Кайталама қос сөз бір сөздің екі рет қайталануы арқылы жасалады. Мысалы, елең-елең, тарс-тарс, қора-қора, қалш-қалш, келе-келе, айтып-айтып, сөйлеп-сөйлеп т.б.

Тілде қайталама кос сөздер түрлі құрамда кездеседі: 1) түбір қалпында қосымшасыз қайталану: тау-тау, өркеш-өркеш, жол-жол мая-мая, үйір-үйір, құшак-құшақ; 2) бір сыңары қосымшасыз, бір сыңары қосымшалы кайталама қос сөздер: өз-өзінен, бетпе-бет, кімде-кім, қолма-қол; 3) екі сыңары да қосымшалы: біріңе-бірің өзіңнен-өзің, қолдан-қолға, ұйден-үйге т.б.

Түбір сөздің ешбір қосымшасыз қайталануы арқылы жасалған кайталама қос сөздер тілде көп қолданылады. Мысалы, тау-тау үйілген бидай, қора-қора малы бар, өркеш-өркеш таулар, құшақ-құшақ бумалар, мая-мая шөп т.б. Осы қос сөздердің ешқайсысы түбір сөздің дара қолданысындағы мағынаны білдіріп тұрған жоқ, бұларда тау, қора, өркеш, күшақ мағыналары мүлдем жоқ. Осы сөздерден жасалған кайталама қос сөздердің бәрі олармен тіркескен, бидай, мал, тау зат есімдерінің көлемін, аумағын білдіріп тұр. Бұл осы қайталама қос сөздердің сыңарларының негізгі мағынасынан басқа мағынаға көшкенін білдіреді. Осы жағдай мұндай қос сөздердің сөзжасам үрдісінің нәтижесінде басқа мағынаға көшкенін білдіреді.

Кайталама қос сөздердің екінші сыңары белгілі бір дыбыстық өзгеріспен қолдану да тілде жиі кездеседі. Мысалы, шай-пай, ет-мет, сүт-мүт, ешкі-мешкі т.б. Бұл қолданыс та мағынаға әсер етеді. Мысалы, шай ішейік, ет жейік, сүт бер, ешкі ал деген мен шай-пай ішейік, ет-мет жейік, сүт-мүт бер, ешкі-мешкі ал дегендердің мәні бір емес, соңғыларда нағыз шай, ет, сүт, ешкі мәні сақталып тұрған жоқ, осылар сияқты бірдеме деген эмоционалдық мән косылған. Анық айтсақ, бұларда да мағыналық өзгеріс бар.

Бір сыңары қосымшасыз, бір сыңары қосымшалы кайталама қос сөздер тілде екі түрлі: 1) бірінші сыңары қосымшалы, екінші сыңары қосымшасыз қайталама қос сөздер; 2) бірінші сыңары қосымшасыз, екінші сыңары қосымшалы қайталама қос сөздер; 3) екі сыңары да қосымшалы қос сөздер.

Бірінші сыңары косымшалы, екінші сыңары косымшасыз қайталама қос сөздер мыналар: бетпе-бет, қолма-қол, жүзбе-жүз, көзбе-көз, ауызба-ауыз, бостан-бос.

Қайталама қос сөздердің бірінші сыңарына -ма/-ме қосымшасы қосылу арқылы қос свздің жасалуы әбден қалыптаскан тәсілге айналған. Бұл тәсіл арқылы қимыл-әрекеттің екі субъектінін тікелей қатысуы арқылы жасалғаны білдіріледі. Зат есімнен осы тәсіл арқылы жасалған кайталама қос сөздердің мағынасы өзгеріп, үстеуге айналады. Мысалы, көзбе-көз сөйлесті, қолма-қол тапсырды, жүзбе-жүз кездесті, ауызба-ауыз пікірлесті т.б. Бұлардың бәрі де кайталама қос сөз қимылдың калай жасалғанын білдіріп тұр.

Кайталама қос сөздердің бірінші сыңары қосымшасыз, екінші сыңары қосымшалы түріне бес-бестен, он-оннан, он-ондап, бес-бестеп, үй-үйге, үй-үйден сияқты мысалдар жатады. Бұлардың ішіндегі сан есім қос сөздер есептік саннан топтау санына көшкен, бұл осы қос сөздерде мағыналық өзгеріс болғанын білдіреді. Ал зат есімнен болған қайталама қос сөздердің мағынасы езгеріссіз калмаған онда әр үй деген мән бар.

Екі сыңары да қосымшалы кайталама қос сөздер тілде көп емес. Олар: қодды-қолына, өзді-өзіне, үйден-үйге, баладан-балаға т. б. Бұл қос сөздерде де мағыналык өзгеріс бар. Мысалы, өзді-өзінен сөйлеп отыр, қодды-қолына таратты, үйден-үйге жүгірді. Осылардың мағынасын мына қолданыспен салыстыруға болады: өзінше сөйлеп отыр, әр кімнің қолына таратты, әр үйге жүгірді. Бұл мағына қос сөздің жеке сыңарының мағынасымен тең емес, олай болса, сөз мағынасында өзгеріс бар. Сондықтан бұларды да сөзжасам нәтижесі деп қарау қажет.

Күшейтпелі буынды сын есімнен жасалған қос сөздер де қайталама қос сөздерге жатады, бірақ олар сөзжасам нысанасына жатпайды. Күшейтпелі буынды сын есім қос сөздер сын есімнің шырай категориясына жатады, шырайдың бір түрін жасайды, оның мағынасын білдіреді. Атап айтқанда, олар шырай категориясының грамматикалық мағынасьш білдіретін сөз түлғаларға жатады.

Тіркескен күрделі сөздер

Тіркескен күрделі сөз деп екі не одан да көп мағыналы сыңарлардан жасалып, біртұтас лексикалық мағына беретін сөздер аталады. Олар - сөйлемге дайын лексема кызметінде алынып, бір сұрақка жауап беріп, сөйлемнің бір мүшесі қызметін атқаратын, арасы бөлінбей бір ырғақпен айтылатын сөздер. Тіркескен күрделі сөздердің де сыңарлары және олардың орны тұрақты. Тіркескен күрделі сөздер құрамы, мағынасы, атқаратын қызметі жағынан біріккен және қос сөздермен бірдей, сөзді тануға қойылатын белгілерге толық жауап береді, айырма емлемен байланысты. Біріккен сөздің сыңарлары бірге жазылады, қос сөздің сыңарлары дефис арқылы жазылады. Тіркескен күрделі сөздердің сыңарлары бөлек жазылады.

Қазақ тілінде (түркі тілдерінде де) тіркескен күрделі сөздердің бірде бірге, бірде бөлек жазылуы да кездеседі. Мысалы, ақ құба- ақұба, бір тоға-біртоға, ақ құла-аққұла, он күндік-онкүндік т.б.

Бұл қазақ тілінде жазудың бірнеше рет өзгеріп, емленің калыптасып үлгермеуіне байланысты. Ғалым Б.Калиев мақаласында 950 тіркескен күрделі сөзді біріктіріп жазуды ұсынған. Бұл - өте пайдалы ұсыныс, бірақ ол іске асырылған жоқ. Бұдан тіркескен күрделі сөздер емлесінің шешілмеген мәселе екені байқалды.

Тіркескен күрделі сөздер сан алуан. Мысалы, бала бақша, бал қаймақ, бал қурай, ала ауыз, ауыз әдебиеті, ауыл шаруашылық, бел омыртқа, бұзау балық, жалаң аяқ, он бес, отыз екі, жүз елу, екі жүз, алты мың, күні кеше, ала жаздай, жаз бойы, жаз күні, алдын ала, ертең ерте, әлі күнге, таң сәріден, қысы жазы, қара көк, ал қызл, қызыл күрең, күрең қоңыр, келіп кет, алып бар, айтып бер, көріп кет, алып шық, кіріп шық, тарс етті, құрмет ет, жақсылық қыл, көмек ет т.б.

Бұлардың ішінде біразының сөз тіркестік қасиеті байқалып тұратындары бар: бала бақша, бал қаймақ, жалаң аяқ сияқтыларды алғаш анықтауыштық қатыстағы сөз тіркестерінің біртұтас лексикалық мағынаға көшкен тіркескен күрделі сөздер екені анық. Бірақ күрделі сөз атаулының бәрі осындай деп карауға келмейді. Оған мысал ретінде күрделі сан есімдерді келтіруге болады. Күрделі сан есімдердің сыңарлары синтаксистік байланысты көрсетпейді. Күрделі сан есімдердің өзіндік жасалу жолы бар. Ол екі түрлі: 1) сыңарлардың мағыналарының косылуы арқылы күрделі сан жасалады: он+бір=11, отыз+бес=35, қырық+алты=46 т.б. 2) күрделі сандардың сыңарларының көбейтілуі арқылы күрделі сан атауы жасалады: екі х жүз-200, бес х жүз=500, үш х мың=3000, алты х мың=6000.

Күрделі сын есімдердің жасалуының да өзіндік ерекшелігі бар. Мысалы, қара көк, қызыл күрең, күрең қоңыр сияқты күрделі сындар құрамыңдағы сыңарларының түсінің қосыңдысынан шықкан үшінші түсті білдіреді. Бұлардың да күрделі санның жасалуының алғашқы түріне ұқсастық бар. Күрделі үстеулердің жасалуы да осы жолға аздап жақын. Мысалы, күні кеше, таң сәріден, әлі күнге, ертең ерте, ала жаздай дегендерде негізгі мағына екінші сыңарда деуге болады. Бірақ екінші сыңардың жеке тұрғандағы мағынасы оның күрделі үстеудегі түрған мағынасымен тең емес екені айдан анық. Олай болса, күрделі үстеулер де сыңарларының мағына қосындысынан жасалған, бірақ олардың сыңарларында синтаксистік байланыстың ізі сақталмаған.

Ал күрделі етістіктер алғаш пысықтауыш сөз бен етістіктің тіркесінен жасалғаны белгілі. Бірақ бұл қазір мүлдем байқалмайды, қазір олар тең етістіктердің тіркесі ретінде тұрып, біртұтас күрделі қимыл ұғымын білдіреді. Сөйтіп күрделі етістіктердің жасалуында өзіндік ерекшелік бар. Ол күрделі етістікгің сыңарларының көсемше жұрнағы арқылы байланысуына да қатысты. Қазақ тілінде күрделі сөздерді байланыстырушы қосымшалар жоқ екені белгілі. Тек күрделі етістіктер құрамында қазір байланыстырушы қызметінде сақталып калған көсемше жұрнағы күрделі етістіктерді басқа қосымшасыз байланысқан күрделі сөздерден ерекшелендіреді.

Күрделі сөздер тобындағы құранды етістіктердін, басқа күрделі сөздерден өзіндік бірсыпыра ерекшелігі бар. Алдымен бұл құранды етістіктердің құрамындағы сыңарларына байланысты. Күрделі сөз атаулы толық мағыналы дербес сөздерден жасалатынң белгілі. Құранды етістіктер қазір негізінен дербес мағыналы есім сөз бен көмекші етістіктен жасалады. Мысалы, құрмет ет, жәрдем ет, қызмет қыл, жақсылық қыл, көмек ет, телефон соқ, т.б.

Құранды етістіктің құрамыңдағы көмекші етістіктер есім сөзге қимыл мағынасын қосып, есімнен етістік жасайтын жұрнақтардың қызметін атқарады. Мысалы, жәрдем ет - жәрдемдес, көмек ет -көмектес, табыс ет - тапсыр, әуре ет - әуреле, айып ет - айыпта, баян ет - баянда, баж етті - бажылдады, еңбек ет - еңбектен, талап ет - талаптан, жарқ-жарқ етті - жарқылдады, айғақ ет - айғақга, әңгіме ет - әңгімеле, арман қыл - арманда, қабыл қыл - кабылда, сыйлық қыл - сыйла, мазақ қыл - мазақта, жыр қыл - жырла, әдет ет - әдеттен, дәме ет - дәмелен, қабыл қыл - қабылда, қор ет -қорла, сылтау қыл - сылтаула, талқын қыл - талқанда, тамаша қыл -тамашала, уәде ет - уәделес, үміт ет - үміттен, құмар бол - құмарлан, жария бол - жариялан, әсем бол - әсемден, алаң бол -алаңда, ауыр бол - ауырлан, құштар бол - құштарлан, шығын бол -шығындан т.б.

Келтірілген мысалдар есім сөзден көмекші етістік арқылы күрделі я құранды етістік жасалғанын сол мағынадағы туынды түбір етістікпен салыстыру анық көрсетіп тұр.

Жұрнақ есім сөзге қосылғанда, қалай оған қимыл мағынасын қосып, оны етістікке көшірсе, көмекші етістік те сондай есім сөзге қимыл мағынасын қосып, одан етістік жасаған.

Есім сөзге қосылған көмекші етістіктің оған қимыл мағынасын қосып, оны етістікке көшіргенін құранды етістіктің етістікше түрленуінен көруге болады. Мысалы, қызмет еттім, қызмет етерсің, қызмет еткен, қызмет етпек, қызмет еткісі келеді, қызмет еткейсің, қызмет етпесе, қызмет етесің т.б. Құранды етістік атаулының бәрі де осылай етістік тарамдары, жүйесі бойынша сөйлемде түрленіп қолданылады. Бұл - көмекші етістіктердің есім сөзден етістік жасалғанының толық дәлелі.

Құранды етістіктер қазір күрделі сөз толық мағыналы дербес сөзден жасалады деген қағидаға қайшы көрінеді. Шындығында бұл кұбылыс көмекші етістіктердің толық мағыналы дербес сөз кезінде басталып, кейін олардың етістік сыңары алғашқы мағынасынан айрылып көмекшілікке көшкен. Бара-бара ол есім сөзден етістік жасаудың бір үлгісіне айналып, сол арқылы басқа да құранды етстіктер жасалатын болған.

Күрделі сөздің құрамы тірек сыңар және ауыспалы сыңар болып бөлінеді.

Тірек сыңар деп түрлі сөздерден күрделі сөз жасаушы кызмет атқаратын сөз танылады. Мысалы, көріп бер, алып бер, әкеп бер жинап бер деген күрделі етістіктерде бер деген сыңар түрлі етістікке тіркесіп, одан күрделі сөз жасап тұр. Қара торғай, боз торғай дегеңде торғай сөзі тірек сыңар болып, бірнеше сөздерден күрделі сөз жасап тұр.

Тірек сыңардың қызметі түрлі сөзден туынды түбір жасайтын жұрнақтың қызметіне ұқсас. Әр тірек сыңар кандай сөздерден күрделі сөз жасаса да, бәрінде ол бір мағына береді. Осы ерекшелік түрлі туынды түбір жасаушы жұрнақта да бар екені белгілі. Мысалы, мал қора, сиыр қора, кой қора деген түрлі заттың атын жасаған күрделі сөздердің бәрінде соңғы сыңардың мағынасы бірдей. Ал жұмысшы, етікші, малшы, оқытушы, егінші деген туынды түбірлердің бәрінде —шы /-ші жұрнағының мағынасы бірдей. Тірек сыңар да, жұрнақ та түрлі сөздерден туынды сөз жасап тұр.

Тірек сыңардың күрделі сөздердегі орны тұрақты, әдетте ол күрделі сөздің екінші сыңары болады. Мысалы, тоқпақ жілік, асықты жілік, ортан жілік, кара көк, күлгін көк, ашық көк, алып кайт, келіп кайт, көріп қайт, екі мың, үш мың, бес жүз, сегіз жүз, тоғыз жүз т.б.

Дегенмен бұл кағидаға кайшы жағдай да кездеседі. Сан есімнің бірінші жасалу жолында тірек сыңар бірінші орында тұрады. Мысалы, он бір, он екі, он үш, отыз төрт, отыз бес, қырық алты, қырық жеті т.б. күрделі сандарда тірек сыңар бірінші сыңарда тұрады. Күрделі сөздің ауыспалы сыңары - олардан тірек сыңар арқылы күрделі сөз жасайтын түрлі сөздер.

Ауыспалы сыңарларға тірек сыңар тіркесу арқылы күрделі сөз жасалады. Мысалы, екі+жүз, үш+жүз, төрт+жүз, бес+жүз т.б. Тілде күрделі сөздің ауыспалы сыңары қызметіндегі сөздердің саны тірек сыңарлар санынан әлдекайда көп. Өйткені бір тірек сыңар арқылы түрлі сөздерден бірнеше күрделі сөз жасалады, сондықтан тілдегі ауыспалы сыңар қызметіндегі сөздер мен тірек сыңар қызметіндегі сөздердің саны тең бола алмайды. Бұл туынды түбірде негіз сөз бен жұрнақтың санының арасындағы айырмашылы - сияқты.
Қысқарған сөздер

Сөзді қысқартып, ықшамдап айту, жеңілдетіп қолдану тілде көне замандардан бар. Бұл тілде кең орын алатын ықшамдау заңдылығымен байланысты. Ол заңдылық дүние жүзіндегі барлық тілдерде бар, оның түрлері, қатысты салалары да мол. Соның бірі - қысқарған сөздер.

Кеңес дәуіріне дейін сөздерді әдейі қысқарту адам аттарымен байланысты тілден орын алған.

Қазақ тілінде адам атын қысқартып қолданудың түрлі жолы бар: 1) үлкен адамды сыйлау, құрметтеу мақсатында кісі атын қысқарту: Жұмабай-Жұмеке, Бейсен-Бәке, Өмірзақ-Өмеке, Асқар-Асеке т.б. 2) бала атын еркелету ретінде қысқарту. Мысалы, Айнагүл-Айнаш, Қалихан-Қанаш, Қожабек-Қожаш, Сағынғали-Сағынжан, Өмірғали-Өміртай т.б.

1.Кеңес үкіметі кезінде бірнеше сөзден тұратын мекемелер, ұйымдар аты көбейді. Оларды бір мәтінде, сөйлеу кезінде қайталау қажет болғанда, сөз көп орын алады, уақыт кетеді. Сондықтан оны қысқарту кажеттігі туды. Осымен байланысты оларды қысартып қолдану пайда болды.

2.Бұнымен бірге тар көлемде де қысқартулар қолданылды. Бұл ғылыми еңбектерден көп орын алды. Ғылыми диссертацияларда, монографияларда зерттеу мәселесіне қатысты күрделі атаулардың еңбекте жиі қайталануы бар, ол - занды құбылыс. Ондай күрделі атау еңбекте жиі қолданылатын болғандықтан, автор көп орын кетірмеу үшін, оны қысқартып қолданады. Мысалы, ТЖ - топтық жұмыс, ЖЖ - жұптық жұмыс, ӨзЖ - өздік жұмыс, ҚТМО - казақ тілін модульмен оқыту.

3. Кісі атын, әкесінің атының басқы әрпін алып фамилиясын толық жазу. Мысалы, Р.Ғ.Сыздыкова, А.Ысқақов, А.С.Аманжолов.

Ондай сөздерді кысқартуда орыс тілінің заңдылығын пайдалану қалыптасты. Олар төмендегідей:

1.Күрделі атаудың әр сөзінің бірінші әрпі алынды. Мысалы, ҚҚС - қосымша құн салығы, ОСК, - Орталық сайлау комиссиясы, УҚК - Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ;

2.Күрделі атаудың бірінші сөзінің бас буыны, қалған сөздердің басқы әрпі. ӨзМҰУ - Өзбекстан Мемлекеттік Ұлттық университеті, АлМУ - Алматы Мемлекетгік университеті.

3.Күрделі атаудың басқы буындары алынады. Мысалы, Кармет - Карағанды металлургиясы, Сеймар - (концерн) Сейсенбаев Марғұлан, Санбат - санитарлық батальон.

4.Күрделі атаудың 1-сөзінің басқы буыны, келесі сөзі толық. Мысалы, педколледж – педагогикалық колледж, қазпочта –қазақ почтасы.


Каталог: uploads -> books -> 47828
47828 -> Өзбекстан республикасы жо­Ғары және орта арнаулы бiлiм министрлiгi а. Бектаев, Т. Турткулбаева Қазіргі әдеби процесс
47828 -> Науаи мемлекеттік педагогика институты
47828 -> Ш. юлдошева, А. Нисанбаева
47828 -> Методикасы кафедрасы
47828 -> Низами атындағы тмпу-дың Қазақ тілі және әдебиетін оқыту әдістемесі кафедрасының доценті Е. Абдувалитовтың “Абай халық данасы” тақырыбындағы сабақ үлгісі
47828 -> Науаи мемлекеттік педагогика институты
47828 -> Науаи мемлекеттік педагогика институты
47828 -> Өзбекстан республикасы жо­Ғары және орта арнаулы бiлiм министрлiгi ө. Байқабылов, Д. Дуйсабаева Қазiргi қазақ әдеби
47828 -> Низомий номидаги тошкент давлат педагогика университети


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   16




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет