«Қозы көрпеш – баян сұЛУ» эпосы көне дүниенің кескіндемелі қолданбалы өнерінде



Дата15.09.2017
өлшемі216,22 Kb.
#32807
ӘӨЖ 821.512.122+75.04(574)

Б.Нұрмұханбетов

аға ғылыми қызметкер,

А.Ж.Амаргазиева

ғылыми қызметкер

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени

қорық-мұражайы

Есік қаласы

Тел: 8747 064 07 85

«ҚОЗЫ КӨРПЕШ – БАЯН СҰЛУ» ЭПОСЫ КӨНЕ ДҮНИЕНІҢ

КЕСКІНДЕМЕЛІ ҚОЛДАНБАЛЫ ӨНЕРІНДЕ
«Замана толқыны – тарих теңізінің

жағалауында көркемөнердің

баға жетпес меруерт-

маржандарын қалдырады»

М.Әуезов.
Біздің заманымызға дейінгі бірінші мың жылдықта бүкіл Евразия даласын ерте көшпелі тайпалар мекендеді. Оларды парсы жазба деректері бойынша жалпы «сақтар» деп атаса, гректер «скифтер» деп атаған. Ал тарих атасы Герадот (б.з.д. V ғ.) Орта Азия мен Қазақстан территориясын мекендеген тайпаларды «азиялық скифтер» деген. Себебі, Қара теңіздің солтүстік далалы аудандарында тұратын скифтер мен сақ тайпаларының өмір тірішілігі ұқсас және бір тілде сөйлесе керек. Дегенмен, сақтар өздерін нақты қалай атағандарынан бейхабармыз.

Жазба деректерге қарағанда сақтардың құрамында бірнеше тайпалар болған: массагеттер, сарматтар, дайлар, аландар, үйсіндер және т.б. Бұл тайпалардың өнері, әсіресе алтыннан түйін түю, қола құйма әдістері шеберліктің шыңына жеткен. Оған археологиялық қазбалар мен кездейсоқ табылған жәдігерлер куә. Бұйымдарға салынған бейнелерде сақ-үйсін өмірінен қысқаша көріністер айшықталады. Осындай әшекейлер мен ыдыстарға салынған көріністердің үзіндісі бедерленіп бейнеленген тақтайшалар ретінде «Есік» қорық-мұражайының экспозициялық зал қабырғаларының жоғарғы қатарында орналастырылған. Қазіргі таңда бұл бұйымдардың басым бөлігі І-ші Петрдің Сібір жинағына кірген құнды заттар.

1718 жылы I-ші Петр жарлығы бойынша, кімде-кім патша коллекциясына көне бағалы бұйымдар тапсырса, сол марапатталып, патшадан сый-сияпат алған. Осындай жарлық аясында әр өңірден жиналған 250 дана, 30 кг-дай құнды бұйымдар Ұлы Петр атындағы Антропология және этнография музейіне (Кунст камераға) беріледі. Кейіннен 1859 жылы Сібір жинағы Эрмитажға ауыстырылған. Сібір жинағының көбі Шығыс Қазақстан, Алтай өңіріндегі далалық аймақтардан табылған әшекей бұйымдар. Солардың бірі – саф алтыннан құйылған қос ілгекті, біздің заманымыздан бұрынғы ІV-ІІІ ғасырларда жасалған белдік тоғасы (сурет № 1).

Белдік тоғасындағы бейнеленген көріністер есте жоқ ескі заманнан сыр шертерлік философиялық ойға бай. Бұйымның сыртқы сипаты оның ішкі рухани құпияларын ашуға сұранып тұрғандай әсер етеді.

Алтын белдік тоғасында жапырақтары төмен қарап тұрған биік ағаш. Ағаш астында екі ер адам, бір әйел адам және ерттелген аттар бейнеленген. Мәселен, қарсы қарап малдасқұрып отырған ер кісі – ұзын мұртты, қапсағай денелі, кескін-келбеті егде тартқан жанға ұқсайды. Басында сенсең бөрік, үстінде қапсырма шолақ тон, қолында аттың шылбыры. Теректің екінші жағында қарсы қарап отырған әйел адам. Басында шошақ сәукеле, иығында қамзол, белін буған. Бұрымын сәукеле сыртына қайырып төбесіне бекіткен. Саукеле ұшы о дүние мен бұ дүниенің шекаралық белгісі – Шоқтерек бұтағына оралып көкке созылуы тегін емес. Ежелгі дәуірдің нысанасына айналған, мәңгілік өмір символы – Бәйтерек, Шоқтерек аңыздың түп қазығы болып қалғаны бізге мәлім. Сондықтан шебер оқиғаның философиялық ойын бұзбай мүсіндеген. Ал екінші ер адам жатқан күйде бейнеленген. Оның басын әйел ұстап отыр да, аяқтары қарттың тізесінде. Басына кигені – сенсең бөрік, үстіне – етек жеңін қайырған шолақ тон (тондар оң жаққа қарай қымтырылған, қапсырылған), белін жалпақ белдікпен буынған. Ұзын мұртты, дөңгелек жүзді. Жалпы тұлғасы жас жігітке лайық.

Кісілерден арырақта теректің түбінде ерттеулі екі ат тұр. Кекілдері салаланып, маңдайларын жапқан. Жалдары жатыңқы. Тірсекке түскен ұзын құйрықтары тарамдалып өрілген.

Ат толық әбзелденген, онда бәрі бар – жүген, өмілдірік, құйысқан. Ерге жетіспей тұрған жалғыз ғана – үзеңгі. Бұл жай тегін емес, себебі, ердің мұндай бөліктері көп кейініректен белгілі бола бастаған, шамамен біздің заманымыздың IV – V ғғ.

Ат жүгендері өте қарапайым. Одан сағалдырық, кекілдік, кеңсіріктік және сулық нысандарын анық ажыратуға болады. Сағалдықтың мінер жақтан салынатыны да айқын көрініп тұр.

Ері жұқа, қастары жатағандау, белі жайдақ. Аттың шоқтығынан сауырына дейін жауып тұр. Ер үстілік, терілік (тоқым) айыл-тартпалары көрінеді. Төс айыл да, шап айыл да тебінгі тоқымның астын ала тартылған. Қызығы, құйысқан қазіргідей ат құйрығына қыстырылмаған. Тілерсектен сәл жоғары, жегілген аттың шілия ағаш тұратын тұсында. Аттың ер-тұрманы Пазырық қорғандарынан (б.з.д V-II ғғ.) шыққан ат әбзелдеріне жақын (сурет № 2).

Қарт пен қыздың ортасында, терек бұтағында ілулі тұрған бұйым – садақ қабы мен қорамсақ. Садақ қабының тек сүйір бұрышы ғана көрінеді. Қорамсақ толы оқ. Оларды жебе жағын ішке қаратып салыпты.

Белдік сабында бейнеленген көрнекті көріністердің түрлік тұрпаттары осындай. Бұлар, көне дүниенің көзі, халқымыз күні бүгінге дейін жасап та, ұстап та келе жатқан бұйымдарына ұқсас. Сөз етіп отырған белдік тоғасының бірінші ғажабы осы.

Шынайы өнер туындысы ой саларлық әсерде. Оның барлық келбетінен тұнған тыныштықты көресіз. Өмірде қайталанбайтын ғажайып бір сәтті аңғарасыз. Елбіреп иілген жапырақтар, құлақтарын түріп, қалт тұрған аттар, адамдардың жай-күйі бәрі де кенеттен келетін бір кереметті күтетіндей немесе куә болғандай.

Байырғы шебер, дәл осылай, кімді көрсетіп, нендей ойын, қандай оқиғаны бейнелемек болған. Мұндай күйдің сарынын халықтық эпостан іздегеніміз жөн.

Ерте көшпенділер заманы фольклорынан жеткен эпикалық дәстүрі, асыл мұрасы аз емес. Қазақ халқының әдеби туындылары, оның ішінде аңыз-әңгімелерінің желісіндегі жырлары архаикалық болып келеді. Сондай ең бір көне де көркем жыр – «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры.

«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын зерттеуші ғалымдар жырдың шығу төркіні өте ертеде екенін айтады.

Бұл ретте зерттеушілердің басым бөлігі орта ортағасырмен межелеп, әрі кетсе ерте ортағасырмен шектеледі. Ә.Марғұлан эпостың сюжетінің қалыптасқан уақытын б.з.д. бірінші мыңжылдығына апарды.

Алайда, «Фольклор мұраларын зерттеуде кездесетін үлкен қиыншылықтың бірі оның қай кез, қай дәуірде туған шығарма екендігін тап басып, дәл айту мүмкіншілігінің жоқтығы» – дейді фольклористер бір ауыздан. Сондықтан әңгімемізге ұйтқы болған археологиялық ескерткіштің мерзімдік-деректік мәні ерекше. Белдік басы б.з.б. IV ғасырда жасалған бұйым болса (археологтар арасында оған күмән жоқ) және ол өзінің барлық бейнесімен халық эпосымен үндес шықса (жоғарғы суретте көргеніміздей) – екі пікір болуы мүмкін емес. Ендеше, күні бүгінге дейін ел аузында сақталып келген «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» бұдан 2400 жыл бұрында ел арасында кең тараған оқиға екені даусыз. Бұл бір. Екіншіден, белдік сабында бейнеленген адамдар ажары, ерте көшпелілер кезеңінен (б.з. VI-VII ғғ.) қалған тас мүсіндердің бет-әлпетіне қатты ұқсас. Ендеше олардан мың жыл бұрын жасаған тегі де, жері де бір адамдар ұқсас тілде сөйлеуі мүмкін ғой. Олай болса, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырының бұдан 2400 жыл бұрынғы нұсқасы да түркі тілінде жырланған шығар...? екі түрлі ғылым – археология мен фольклористика, өзара ұштаса келе тарихи шындықтан сыр шертеді. Сөз етіп отырған белдік тоғасының екінші ғажабы осылар.

Ал енді «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жыры арқылы белдік бейнесін сөйлетейік. Аталмыш эпос қазақ баласына ана сүтімен бірге сіңген. Сондықтан, эпостың әңгімеміздің желісіне арқау болар тұстарын, үзінділер ретінде алсақ та жеткілікті. Жырдың мына бір шумағына көңіл бөліңіз:
Қодар өліп құдықта қалды, – дейді,

Баян жары қасына (Қозының) барды, – дейді

Баян жары қасына барып тұрып,

Басын (Қозының) бұрып, мойнына салды, – дейді [1. 96].


Бұл ойды көне бұйымның қалған көріністері де растап тұр.

Ендеше, Шоқтеректің түбінде жатқан –Қозы да, оның басын ұстап отырған –Баян.

Жырдан тағы бір мысал: «Баянның Қозысын жоқтағаны»:
Жатырмысың-ай, жалғызым, жер бауырлап,

Қарға жүнді қамыс оқ оны ауырлап.

Құдай қосқан қосағың Баян келді,

Тұра кетсең нетеді күліп-ойнап [1.96].


Мұндағы «қарға жүнді қамыс оқта» суреттегі терек бұтағында ілулі тұр.

Біз жоғарыда, «ат шылбырын қолына ұстап отырған егде тартқан ер адам қыз бен жігіттің үстіне келген тәрізді» дедік. Сонда, оның кім болғаны? Оған кейінірек тоқталамыз.

Қазақ археологиясының негізін қалаушы, академик Ә.Марғұлан «Ежелгі жыр, аңыздары» атты еңбегінде аталған жыр жайында: «Қазақ әдебиетінде ғасырлар бойы жарқын түрде жырланып келе жатқан «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры – ең ескі аңыздардың бірі... Бұл аңыздың ең ескі дәуірдегі ( б.э ІІІ ғасыр бұрын) бейнесі – жарқын өрнек, алтынан құйылған ескерткіш ретінде сақталған» – деп жазды [2. 301]. Эпостағы оқиғалар көне дүниенің кескіндемелі қолданбалы өнеріненде орын алғанын алға тартады.

Ә.Х.Марғұланың айтуынша жырда сөз болатын Шоқтерек қос ғашықтың мұнарасының маңайында 8 шақырымдай жерде, солтүстік батыста болған. Осы Шоқтерек алтын ілгектің суретінің негізгі фоны. Оның түбінде отырған: жас әйел мен сақа кісі. Отырған кісі орта бойлы, басына кигені елтірі бөрік үстінде қысқа бойлы кебенек, қолында екі атты ұстаған. Жатқан ер өлген, соны жөқтаған екеуі ұлы қайғыда. Теректегі садақ өлген ерге тән. «Оның іші толған жебе, олардың қауырсын басы көтеріліп, жоғары тұр» – дейді ғалым. Жатқан ердің киімі толығымен отырған ерге сәйкес екенін және олардың мұрттары тас мүсіндердегідей екі жағына созыла түскенін ескертеді. Әйелдің басында ерте замандардағы қарқара төбесі жоғары көтеріліп биікке шығып тұр, үстіне кигені кебенек, бір қолымен өліп жатқан ердің басын сипап отыр. Әйелдің бейнесі, киген қарақарасы Пазырықтан шыққан қарқараға өте ұқсас [2. 301]. Сонымен қатар 2012 жылы Батыс Қазақстан облысы, Орал өңірінен табылған б.з.д VI-V ғасырлармен мерзімделетін Тақсай кешенінен табылған Сармат ханшайымының (абызының) бас киіміде бүл екеуі тәрізді жоғары созыңқы. Жанңырпашы Қ.Алтынбековтің айтуынша бас киімді қалпына келтіргенде, оның формасын шығаруда негіз болған бас киімдегі архардың бейнесі бар алтын кескін [3. 44] (сурет № 3, 4, 5).

Ғалым ат әбзелелдері қарапайым, Пазырық қазынасына ұқсас болғаны және ер-тоқым үзеңгісіз екенін айтады, сол дәуірдегі көшпелі халықтың тұрмысынан алынғаны, эпикалық кейіпкерлердің бейнесі екеніне таңқалыспен қараған. Белдік тоғасын: «Бұл Шоқтеректі суреттеген алтын ілгектің Пазырық дәуірі мен (V - III) замандас болуы өте қызықты. Ол сол дәурдегі тарихи-мәдени жағдайды еске түсіретін сирек белгі» – деп бағалады Ә.Х.Марғұлан. Археолог 1928-38 жылдар аралығында Ленингратта болды, асперантурада оқып жүріп сонда қызметте атқарды. Осы жылдары ол белдік тоғасын өз көзімен көрген, әр элементін мұқият қарап, табылған жері мен сол өңірге тән эпостың сюжеттерімен салыстыра отырып жоғарыдағыдай тұжырымға келеді. Талай жылдар өз жауабын таппай жүрген сұрағына да жауап алады. Яғни «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының түп төркінінің басталған уақытына барады.

Алтынмен айшықталған бұл жұмбақ бейнелер кезінде орыс ғалымдарының да назарын өзіне аударған. Мәселен, М.П.Грязнов (1961), М.И.Артамонов (1973) сияқты зерттеушілер де белдік тоғасындағы бейнелерге сипаттама беріп, ғылыми тұжырымдарын айтқан.

Сібір жинағына кірген құнды бұйымды зерттеп, егжей-тегжейлі жазған археолог М.П.Грязнов болды. Бұл зерттеушінің тоға туралы ғылыми пікірлері Ә.Марғұланның ойымен сабақтасып келеді.

М.П.Грязнов зерттеуі бойынша бейнедегі ат әбзелдері, адамдардың киген киімдері, қыздың шаш өру үлгісі, жалпы түр-тұлғалары жергілікті Алтай өңіріне тән. Бұл пікірді нық ұстануы 5-ші Пасырық қорғанының артефактыларымен салыстырмалы түрде қарастырып, еш айырмашылық жоқ екенін байқаған. «Жәдігер – ерте кошпелілер және түркі мен моңғол елдеріне тән эпикалық кейіпкерлердің қайта жандану (тірілу) сәтінің иллюстрациялық бейнесі. Бейнеге ең жақын сюжет Алтайлықтардың «Қозын Эркеш», «Қозыке және Баян» поэмасы. Бұл екі поэмада қазақ халқының шығармашылығының інжу-маржаны– «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» поэмасының бір нұсқасы» [4. 27-28].

Ғалым өзінің өмірінің тең жартысын осы Алтай, Сібір өңірін зерттеумен өткізген. Ол жергілікті халықтың салт-санасымен, дәстүрімен жалпы тұрмыс-тіршілігімен етене таныс. Сондықтан да ол алысқа бармай бұйымның негізі тақырыбын табылған жердің маңайынан іздеген.

Қазақ тарихына қиянат жасап, бұндай пікірлер мен дәлелдерді жоққа шығарушылар да аз емес. Ойткені біздің тарихымыз хақында жазғандар сонау ертеден жергілікті мәдениетті жетік білмейтін, ұлттық болмысы жат ғалымдарымен мен зерттеушілер болды. Осы үрдіс әліде тиылар емес.

Мәселен, тарихшы, археолог М.И.Артамонов «Сакровищи саков» атты еңбегінде Сібір жинағының осы бір жәдігерін былайша сипаттаған: «Здесь представлено высокое дерево с ветвями, заканчивающимися опущенными листьями. Под ним расположилась на отдых группа людей, состоящая из двух мужчин и одной женщины.... представляющей эпизод какого-то популярного сказания, может быть, романтической истории о похищении героем, сопровождаемым другом или слугой, возлюбленной, о схватке его с преследователями и, наконец, о благополучном спасении и отдыхе в приютившем их лесу.... Возможны и другие истолкования этой сцены, к сожалению, столь же произвольные, как изложенное, поскольку они не подкреплены соответствующими литературными памятниками следы которых, кстати сказать, нужно искать прежде всего в иранаязычном эпосе, а не в сказаниях тюркских народов1» [5. 146]. Автор қазақ жерінен табылған бұйымды, ондағы сюжетті ирандықтармен байланыстырады. Әрине мұндай жаңсақ пікірлер тарихты бұрмалау, өз еншімізді өзгенің ұысына салып беру болып табылады.

Сондықтан бейненің маңызды мәліметтерін зерттеуші дұрыс түсінбеген немесе назарынан тыс қалған элементтері болғандықтан осындай тұжырым жасаса керек. Алтын құйма жергілікті шеберлердің қолымен сомдалғанын бүгінде табылып жатқан архелогиялық қазба жұмыстары дәлелдей түседі, сол себептен де ондағы бейнелер аттары аңызға айналған ғашықтардың бейнелері екені күмән тудырмайды.

М.И.Артамонов ертедегі Александыр Македонскийдің тарихшысы Харит (Харес) Митиленскийдың баяндауы бойынша иран тілдес халықтарда сақталып қалған Зариадр мен Одатида жайындағы эпикалық романың кейіпкерлерін келтіреді.

Ғалымның паймдауындағы Иран эпосына тоқталайық. Иран эпосын баяндаушы, әрі түпнұсқасын жеткізуші Харес Митиленскидің нұсқасында ағайынды билеушілердің бірі Зариадр Танаистен (Сырдария) басталатын жердің билеушісі – сақ патшасы Омарттың қызы Одатидаға құда түсіп келіп, әкесінің келісімін ала алмай кеткен. (Ағайындының бірі – Гистасп Мидия (Иран) мен Каспий қақпасына дейінгі елдің билеушісі. Зариадр сол қақпаның шығысы, Танайіске дейінгі жерге иелік еткен). Кос ғашық Одатида мен Зариадр бір-бірін түстерінде көріп ғашық болған. Омарттан еркек кіндік ұрпақ болмаған, сол себепті қызы Одатиданы өз туысының біріне бергісі келді. Бірде ол жас жігіттердің басын қосады. Сол жиын-тойда қызы алтын тостағанды болашақ жарына сыйлау керек болған. Алайда Одатида бұл жайында Зариадрге құпия тұрде жеткізеді. Зариадр болса бір ғана атқошысын алып арбамен жолға шығады. Ол Сырдариядан өтіп патшалыққа жетеді. Той үстіне түскен сақша киінген жігіт Одатидаға өзінің Зариадр екенін және алып кетуге келгенін жәймен білдіреді. Қалыңдық алтын тостағанды Зариадрге ұсынады, сол сәтте күйеу жігіт қалыңдығын арбасына отырғызып алып кетеді. Халық патшаға наразылықтарын білдіріп дуылдасады. Алайда патша олардың артынан құғыншы жібермейді.

Фердауси нұсқасында бұл эпикалық оқиға басқаша баяндалады. Күйеу жігіт Зариадр емес ағасы Гистасп (Гуштасп) болады да, шығысқа емес ол батысқа аттанып, скиф емес Рим императорының қызына үйленеді [6. 385-386].

Ендігі кезекте бейнеге берілген сипаттамалар мен оқиға желісіндегі эпикалық сюжетті салыстырып көрейік.

Сібір жинағының жәдігеріндегі бейне жайында айта келе: «Утомлённый битвой герой снял оружие и спит на коленях возлюбленной, а она и их спутник — мужчина берегут его покой, готовые в любой момент вновь вскочить на стоящих наготове осёдланных коней» – деп жазады М.И.Артамонов [5. 146]. Ал келтірген Зариадр мен Одатида романында (Харес Митиленский нұсқасы) жоғарыда айтқандай олардың соңынан құғыншылар ілеспеген, шайқасып шаршап шалдықпаған. Демек бейне мен оқиға сәйкеспей тұр. Автор өз сөзіне өзі қарсы келгендей. Тағы бір ескерер жағдай билеушнің мінген атының әбзелі өзіне сай, бай болады. Эпикалық бейнедегі аттар өте қарапайым әбзелденген.

Сонымен, алтыннан құйлған белдік басындағы көрініске шығармалардағы оқиғаның қайсы жақын, Иран эпосы ма жоқ «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпосы ма? Біріншіден Ирандық эпоста Шоқтерек жоқ. Екіншіден скиф патшасының қызына (Одатидаға) келген жігіт (Зариадр) арбамен келген. Онда тек екі ат, арба жоқ. Фердауси нұсқасында бейнеге келетіндей оқиға жоқ. Ал енді алтын белдік басындағы көрініске «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры дөп түсіп тұр десек артық айтпаймыз (біз жоғарыда осы белдік тоғасындағы көріністі «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырынан үзінділер алып цитат келтіргенбіз). Себебі белдік басындағы эпикалық бейнеде теректің болуы жәйдан жәй емес. Ол қос ғашықтың махабаттарының символына айналған, махаббаттарына куә болған терек. Түзу өскен жуан бітімді ағаш. Сабаққа біткен көп тармақты бұтақтар. Бұтақтарға мәуелеп өскен жапырақтар. Ағаш, Шоқтерекке ұқсайды. «Сақ, ғұн, үйсін дәүірінде «Шоқтерек» – эпикалық поэма шығарудың бір негізгі орны, ...сүйюдің, махабаттың мекені, ...алып ердің күш жиып шынығатын жері, ...атыныңда тынығатын жері» [2. 302]. «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырында Шоқтерек жайлы, оның түбіндегі оқиғалар көп жерде айтылып, сұлу суреттелген.

Жерімізден байырғыда, бүгінгі табылған мұралардың түп төркінін «артамоновша» ирандық текке теліп таныту аясы кеңімесе, тарылар емес. Солардың арасынан тек біреуінің зерттеу тақырыбынан-ақ ұғуға болады. Мәселен, С.А.Яценконың еңбегінің атауына тоқталсақта болсақ «Знаки-тамги ираноязычных народов древности и раннего средневековья». Автордың байырғы және ортағасырлық иран этностары ретінде таныйтындары «кімдер екен?» – деген сұрақ туындайды. Бұны анықтау үшін еңбектің мазмұнына тоқталсақта жеткілікті: «Раздел 3. Тамги Сарматии (хронология и региональная специфика)», «Раздел 7. Знаки бассейнов Амударьи и Сырдарьи», «Раздел 9. Тамги Южной Сибири и Монголии" [7], басқада таруларында сарматтардың ен-таңбаларын толығымен ирандықтарға телиді.

Мұның ойынша «бүкіл Еуразия акумағын ирантілдес халықтар мекендеді» деген жаңсақ пікірді алға тартады.

Тағы бір мысал: «Скопление клановых знаков-nishan позднеантичного времени на камнях святилищах в районе Мерке Жамбылской области». Байқасаңыз ру таңбасы емес иранның «нышаны» деу керек екенбіз [8].

Аталған зерттеушінің тағы бір ғылыми жұмысы – «Эпический сюжет ираноязычных народов древности кочевников в древностях Евразии». Ендігі кезекте жыр дастандарды теліп отыр. «Мәдениет пен салт-дәстүр – халықтың генетикалық коды» демекші, Еуразия аумағынан табылған жәдігерлер және ру-таңбаларда ирандық, бұйымдардағы көріністердің сыр-сыпаттары ирандықтарға тән болса, ал қазақтың арғы атасы түркі тілдес сақ-үйсін халқының мәдениеті қайда сонда? Асыл мұра жауһарларымызды, тарихымызды басы бүтін өзгеге беріп қойсақ ертеңімізге не қалмақ?

Соңғы келтірген еңбегінде зерттеушіміз көтеріп отырған тақырыпқа тоқталып өткен: «Со слов Хареса Митиленского (Аthen. Deipnosoph. XII) (конец IV в. до н.э.) известно, что не только у персов, но и у других «живущих в Азии варваров» в V-IV вв. до н.э. в храмах, дворцах и частных домах изображались эпизоды эпического сказания кочевнического происхождения, центральной темой которого была любовь царя массагетов Зариадра и Одатида – дочери царя засырдарьинских саков Омарта. В семье персидской знати при Ахеменидах было популярно и имя главной героини сказания, часто даваемое дочерям (см. Бартольд В.В. К истории персидского эпоса // Бартольд В.В. Сочинения. Т. VII. М., 1971. С. 385-387)» [6. 102].

Автор бұл тұста В.В.Бартольдтың келтірген мысалын біраз бұрмалап жібергені көрініп тұр. Негізінен Бартольдтың еңбегінде Зариадр мен Одатида жәйлы әңгіме Харестің айтуы бойынша осы көрініс парсылар арасында емес сақтар (среди «живших в Азии варваров») арасында кең тарап «олар қыздарының есімін Отадита деп атады» – дейді [6. 386.].

Тіпті, В.В.Бартольдтың өзінде де Зариадр мен Одатида жайлы шығарманың шығу төркіні «ирандықтарға тән ба өзі?» – деген сұрақ та туындаған. Мысалы, зерттеуші: «Более сомнений возбуждает вопрос о месте происхождения иранско го эпоса вообще и отдельных эпических мотивов, так же вопрос, в какой степени отдельные области Ирана имели свою эпическую традицию и в какой степени иранский эпос был достоянием всего народа...» – деп ой түйген [6. 383, 386].

Ал, тарихи тұлғалар жайлы аңыздың кең тараған жерін нақтылай түскеннің өзінде «...как в мусульманский Персии, так и в домусульманский период начиная с эпохи Ахеменидов, эпические творчество, литературная обработка эпических мотивов и приручение их к определеным историческим лицам сосредоточились в восточный часть Ирана» [6. бұлда сол жер], Иранның шығысы әрине сақтар мекендеген аумақ екені белгілі жағдай (Амаргазиева А)

«Как Ахемениды, так и Сасаниды распространяли свою власть долеко за пределами своей родины, и нет никакого основания полагать, что предания о них возникали и распространялись преимущественно в Фарсе...» [5. 383-384].

Демек, сол заманда ықпалы жүрген жерлерде олар жайындағы аңыз-әңгімелерді жергілікті халық айтуыда мүмкін, оның бәрін басы бүтін ирандікі деуге болмайды

Тағы бір ұққанымыз бұндай жалпы әлем халықтарына тән аңыз-әңгімелер мен шығармаларды меншіктеп, таралу өрісін тарылтудың қажеті жоқ. Кейбір оқиға адамзат тарихында өте ертеде болып, кейіннен әркім өз еншісін алғанда оны түрлендіріп, жаңартып, жаңғыртып отырады, содан барып меншіктей бастайды.

Дегенмен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» оқиғасы қазіргі қазақ жерінде өрбіп, кейіннен аңызға айналып біраз жерге таралған.

Шығарманың шығу төркіні хақында тағы бір ой: «ол Зариадр мен Одатида жәйіндағы әнгіме мотиві ирандықтарға емес, иондықтарға тән болуыда мүмкін» [6. 384,387]. Бұл дегеніңіз Шығыс Қазақстаннан табылған бұйым Зариадр мен Отадита романының желісінде жасалмаған деуімізге негіз болалады.

Ғалымдардың белдіктің алтын тоғасын сипаттауларында өзара сәйкеспейтін тұстары кездеседі: М.П.Грязнов «бас киімі жоқ, жастары шамалас орта жастағы ер адамдар және отырған ер мен әйел малдасқұрып отыр» – дейді [4. 22]. М.И.Артамонов: «Мужчина и женщина сидят с поджатыми ногами по сторонам дерева» – деп жазды [5. 146]. Ер адам баскимі жәйлі мәлмет бермеген. Ә.Марғұланның айтуынша бұл жерде екі ерде бас киім бар, бірі отыр, бірі жатыр. Ғалым отырған сақа кісі мен жас әйелдің тізе бүкендері жайлы нақты жазбаған. «Олардың тізелерінің үстінде өліп жатқан алып ердің бейнесі» [2. 301]. Демек ер адам жас.

Негізінен (біздің пайымдауымызда) отырған әйел – қазақша тізесін бүгіп бір жағына отырған. Сақа (егде тартқан) ер – малдасқұрып отыр. Ерлердің екеуініңде басында тымақ.

Аттарға келер болсақ, «екі аттың шылбырынан отырған кісі ұстап отыр» – дегенге келеді. Алайда, бейнеге анығырақ қарасақ бір шылбырды ғана көреміз. Бергі аттың жүген тізгіні желкелігіне түрулі де, шылбыр қарт қолында. Екінші, арғы ат байлаулы.

Әлкей Марғұлан бейнедегі үшінші адам, ол – Баянның ағасы Айбас дегенді айтады, алайда отырған ер адамды біз жалпы түркіге ортақ желеп-жебеуші, пір ретінде бейнеленетін архаикалық жырларда кездесетін – Баба түкті шашты Әзіз дегіміз келеді. Ол кейінірек қыз бен жігіттің үстіне келген тәрізді. Оның қолында бір-ақ аттың шылбыры болуы сондықтан.

Ислам діні енгеннен бастап Қазақстанда ескі шамандық пен ислам діні қатар өмір сүрді. Кейбір шамандық кейіпкерлер мен әдет-рәсімдер исламдық сипат алды. Міне, бұл процесс қазақ фольклорында да көрініс тапты [9]. Яғни ертедегі тотемдік ата-бабалары ендігі жерде мұсылман әулиелеріне айналды, дін таратушы аулие болған деп дәріптеле бастайды. Сондай кейіпкерлердің бірі Баба түкті шашты Әзіз болса керек.

«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырынан үзінді:
Баянның барады енді дәурені өтіп,

Құдай қойды байқұсты әуре етіп.

Күні-түні зар қылып тілегенде

Баба(й) түкті шашты Әзіз келді жетіп.


Шоқтерек түбіндегі Баянның қайғылы халін көріп ол:

...


– Қандай адам далада зар қақсаған?

Тілегенді тілеші, жаным балам,

Бір тілек берейін енді саған.
Баян сонда:

...


– Налыс қылсам һауадан пірім келер,

Таяғы бар түбінде аса темір, – деп, Козыға жеті ай өмір беруін сұрайды [1. 97-98]

Сол кезде Баба түкті шашты Әзіз Қозыға алты ай өмір сыйлаған екен. Алтын бейнеде жатқан ердің көзі ашық, бұл дәл сол сәт болса керек. Яғни, жырдың ең шарықтау шыңы, оқиғадағы ерекше жағдай.

Мамандар (Эрмитаж, ғылыми сипаттамасы) «батырды қайта тірілтіу барысы сахналанған көрініс, бұл түркі-моңғол эпостарында сақталған мотив» – дейді. Кейіпкерлердің түр-тұлғалары, киген киімдері толығымен жергілікті халыққа тән. Бұған дәлел келесі археологиялық ескерткіш – ол, мүсін тас (сурет № 6). Қазақ даласында табылған тас мүсіндер сақ, сармат, үйсіндер кезеңінде жасалып, кейінен түркілерде жалғасын тапқан. Ал Орталық Қазақстанның Қола дәуірінің соңғы кезеңі Биғазы-Дәндібай мәдениетінде жерлеу, ғұрыптық орындарында тұрғызылған жақпар тастар мүсін тастардың прототипі деугеде болады.



ҚОРЫТА АЙТҚАНДА біздің міндет жәдігердің ғалымдар берген сипаттамалардың нұсқаларын келтіре келе, қай нұсқаның шындық екенін келешек ұрпаққа нақты айқындап беру. Алтыннан құйлған белдік басындағы кескін кейіпкерлері – көркем образды эпикалық кейіпкерлер. Халық эпосының бір көрінісі, яғни қыз алып қашқан батырлардың демалыс сағаты. Жатқан жігіт, қатерлі сапардан шаршап шалдыққан жас күйеу де, қасыңдағылар – оның ұйқысын күзетіп отырған жебеушісі мен қалыңдығы болар? Сәл сыбыс шыққан бойда, атып тұрып атқа қонбақ қой шамасы. Бірақта, жол азабын қатар тартқан, оңашаға оңай шықпаған қалыңдығын да, ұмытып ұйқыға кету күйеу жігітке лайықпа? Аяқтарын отырған абыздың тізесіне артуы еркелікке де ерсі емес пе? Демек ол хал үстінде жатыр, немесе қайтыс болған. Алайда жоғарыда айтқанымыздай қайта жанберу, тірілту процессі орын алған кез.

«Қозы Көрпеш – Баян сұлу»эпосының шығуы уақытын ерте темір дәүірімен (б.з.д. V-IV ғғ.) мерзімдеуге арқау болған жідігерлер:



  • Белдік басы: ер-тұрмандар, кейіпкерлердің киімдері

  • Мүсін тастар

  • Қос ғашықтың кесенесі

«Қозы мен Баянның» оқиғасының өте ерте заманда өткенін айшықтап көрсететін белгінің бірі – қос ғашықтың кесенесі (сурет № 7). Ескерткіш архитектурасы ерекше, ғұндар салған дыңға келеді. Дыңның ерекшелігі ислам діні тарағанан кейін салынған шығыстық үлгідегі күмбез емес. Кешен төрт қырлы пирамида тәріздес. Биіктігі 16 м, арасы саз балшық құйылған тастан қалаған. Осындай дыңды, үйлерді ғұндар Еуропа жерінде де салса керек.

Бірақ, «Қозы көрпеш – Баян сұлу» күмбезінің салынған уақыты ғұн, не түрік заманына қатысты болды да, зерттеушілер, соның ішінде Ә.Марғұланның өзі де, алғашқы хронологиялық межеге тым табан тіреп тұра алмады [10]

Тоға көненің көзі, сол заманның бейнесі болса, ол тіпті эпостың заттай нұсқасы болса, демек шыныменде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» – оқиғасы «Тұрандар» (тұр) кезеңінен келе жатқан алып фольклерлық мұра болғаны.

Алтын бұйымдағы көріністер түгелімен «Қозы Көрпеш – Баян сулу» жырының желісіне құрылған. Оған қарап жырды оқысаңыз айдан анық байқайтындарыңыз:



  1. Көне бұйымдағы ағаш – жырдағы Шоқтерек

  2. Іліулі тұрған садақ пен оққа толы қорамсақ Қозынікі

  3. Арғы ат – Баяндікі. Ол оң жақта отыр. Қозының Қодар шауып алған басын алып келіп Қозының мойнына тағып отыр. Қартқа қарап, үлкен үміт күткендей

  4. Атынан түсе сала, шылбырын қолына ұстаған бойы отырған қарт – Баба Түркі Шашты Әзіз

  5. Көзі ашық жатқан – Қозы

Эпос оқиғасы түркі тілдес халықтың басы бір тұтас, бір ел кезде болған. Жырдың нұсқалары қазақтан басқа, түркі тілдес – башқұртта, татарда, алтайлықтарда және сондай-ақ ойрат тілінде де сақталған. Сол себепті жоғарыда айтылып өткен халықтар эпосты меншіктеуі де осыдан. Мұның өзі де, эпостық архаикалық екенін көрсетеді.

«"Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырының идеясы, композициясы түрлі вариантта әр түрлі өзгеріп отыратыны бар» – дейді М.Әуезов [11].

«Қозы Көрпеш –Баян сұлу» эпосының сюжетінің тууы мен жәдігердің жасалған мерзімі бір уақыт – б.з.б. ІV-ІІІ ғғ. Бұған археологиялық дәлел жоғарыда келтіргендей белдік басындағы ер-тұрман арасында үзеңгінің болмауы, Пазырық қазынасының қатарындағы ер-тұрманға өте ұқсас болуы. Пазырық дәуірі – б.з.б V – III ғғ. Ал жырдың шығуы кейініректе болуы мүмкін. Себебі, тарихта өткен ұлы тұлғалар не бір елеулі оқиғалар төңірегінде айтылған әңгімілер уақыттың өтуімен, жаңғырып, ауқымы кеңейе келе, ел арасында аңызға айналады. «Аңыз астарында шындық жатады» дейтін халық нақылы да осыны дәлелдесе керек.

Кейінгі дәуірде халық арасынан шыққан ақын-жыршылар осы аңыз-әңгімелерді негізге ала отырып жырлар шығарған.

«Білім ауысады, ырыс жұғысыды» – дейді халық даналығы. Сол айтқандай, кез келген археологиялық ескерткіштерді әсіресе олардың көне дәуірлерге жататын түрлерін, белгілі бір елге немесе ұлтқа басы бүтін теліп қарауға тарихи негіз жоқ (ондай әрекеттер жасанды, «патриоттық сезіммен» бүркемеленген ой тарлығының көрсеткіші). Байырғы белдік сабы да қазіргі «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жыры да осындай мұралар.

Болашақ ұрпаққа қалдырар мұрамыз мол, ұлттық идеологиямыз нық болуы үшін тарихымыз бен мәдениетімізді, жалпы ұлттық болмысымызды сипаттап беретін осындай фольклорлық мұраларды археологиялық жәдігерлерімізбен салыстыра зерттеуіміз қажет.


ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

  1. Ш.Ш. Уалиханов. Бес томдық шығармалар жинағы. III Том. ҒА КазССР. –Алматы, 1964. 663 б.

  2. Ә. Марғұлан. Қозы Көрпеш – Баян сұлу жыры // Ежелгі жыр, аңыздары. – Алматы, 1985. 284-352 бб. 365 б.

  3. Қ.Алтынбеков. Возрожненная из пепла. – Алматы-Уральск. 2013, 63 с.

  4. М.П. Грязнов. Древнейшие памятники героического эпоса народов Южной Сибири.// АСГЭ, вып. 3. – Ленинград, 1961. С. 7-31.

  5. М.И.Артамонов «Сакровищи саков». (Серия: Памятники древнего искусства) – Москва, «Искусство». 1973. 280 с.

  6. В.В.Бартольд. Сочинения. 7 том. Работы по исторической географии и истории ирана. – Москва, 1997. С. 385-387.

  7. С.А.Яценко. Знаки-тамги ираноязычных народов древности и раннего средневековья. – Москва, Издательская форма РАН, 2001. 190 с., ил.

  8. С.А.Яценко. Скопление клановых знаков-nishan позднеантичного времени на камнях святилищах в районе Мерке Жамбылской области. //Казахстан и Евразия сквозь века (история, археология, культурное наследие). Алматы, 2010. 483 с.

  9. Қазақ фольклорының типологиясы. –Түркістан, «Тұран» баспаханасы, 2009. 367 б.

  10. Ж.О. Артықбаев. «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» - жаратылыс құпиялары туралы жыр. http://repository.enu.kz/bitstream/handle/123456789/3666/zharatylys_kupiyalary.pdf

  11. М.Әуезов. Әр жылдар ойлары. – Алматы, 1959. 272-300 б.б.

  12. Б.Қанарбаева. Қазақтың наным-сенімдерінің фольклорындағы көрінісі. –Алматы, 2004. 287 б.

  13. Бабалар сөзі. Жүзтомдық, 26 том Қытайдағы қазақ фольклоры ғашықтық дастандар. – Астана, “Фолиант”. 2006. 325 б.

  14. Қазақстан ұлттық энциклопедия. 6-том. Р – Алматы, 2004. 22 б.

  15. Қозы Көрпеш – Баян сұлу / Құрастырып, алғы сөзін жазғандар: М.Жолдасбеков, С.Қасқабасов. – Астана, Фолиант. 2002. 365 б.

  16. Қозы Көрпеш – Баян сұлу. – Астана, Фолиант. 2000. 369-435 бб.

  17. Ш.К. Беркімбаева. Кіріспе сөз. //«Қозы Көрпеш – Баян Сулу» эпосы және түркі әлемі: Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. – Алматы, Интепринт. 2003. 328 б.

  18. С.А. Қасқабасов. «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жыры және түркі эпостық дәстүрі. //«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» эпосы және түркі әлемі: Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. – Алматы, Интепринт. 2003. 328 б.

Резюме

Статья посвящена к выявлению связи между археологическими артефактами и мотивами эпических сказаний. Предметы изучения - золотые пряжки сакской эпохи и казахский лирический эпос «Козы Корпеш – Баян сулу».


Summary
The article is devoted to revealing the relationship between the archaeological artifacts and stories of epic tales. The object of study - the gold buckle of Saka era and Kazakh lyrical epic " Коzi Korpesh - Bayan Sulu".


1 Автордың жоғарыда тоқталған Ә.Х. Марғұлан мен М.П. Грязнов пікіріне қарсы айтылған көзқарасы.


Каталог: edu.history -> media -> upload -> 2215 -> 2015
upload -> Ханкелді Әбжанов, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры
upload -> Боранбаева б. С
upload -> А. А. Оралова ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері жеңіс үшін күрескен азаматқа тағзым
upload -> Кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты
2015 -> Мақалада Мәскеу мұрағаттарында және Санкт-Петербор шаһарларында жинақталған Қазақ халқының тарихи-этнографиялық жәдігерлері туралы деректер сөз болады
upload -> Сапакова К. Н. 2 курс магистранты ХХ ғасыр басындағЫ Ұлттық элитаның Қалыптасу тарихынан
upload -> Мақалада қимақ қағандығын құрған тайпалардың шығу тегінің тарихы және осыған орай ғалымдардың әртүрлі пікірлері талданған. Махмут Қашқаридің «Түркі тілдерінің сөздігіндегі» яғма сөзі талданады
2015 -> Ресейдегі қазақтардың мәдени мұраларының сақталуы мен өзгерісі Т.ғ. д профессор Б. К. Қалшабаева мен А. К. Бейсегулованың «Ресейдегі қазақтардың мәдени мұраларының сақталуымен өзгерісі»


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет