Павлодар облысы «Ақтоғай ауданының жалпы білім беретін Нығманов атындағы орта мектебі» кмм жоба



Дата27.03.2018
өлшемі367.55 Kb.





Павлодар облысы

« Ақтоғай ауданының жалпы білім беретін

Нығманов атындағы орта мектебі » КММ

ЖОБА
Қазақ әдебиетіндегі символизм

/М.Жұмабаевтың лирикасындағы символизм/

Орындаған :

ТІЛЕУҚАБЫЛ БЕКМҰХАМЕД ОЛЖАБАЙҰЛЫ

7 – сынып оқушысы

Ғылыми жетекшісі :

АДУОВА АЙГҮЛ ТӨЛЕШҚЫЗЫ

« Ақтоғай ауданының жалпы білім беретін

Нығманов атындағы орта мектебі » КММ-нің

қазақ тілі мен әдебиет мұғалімі


Жаңабет , 2016

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ.....................................................................................................4-5

1. Символизм ағымының тууы, қалыптасуы.............................................6-7

2. Орыс символист ақындардың әсер-ықпалы.......................................... 8-9

3. Қазақ әдебиетіндегі символдың көрінісі............................................10-12

4. М.Жұмабаевтың лирикасындағы символизм элементтері............. 13-21



ҚОРЫТЫНДЫ.....................................................................................22-23

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ......................................24

Аңдатпа:

Қазақ әдебиетіндегі символизмді қарастыру – бүгінгі күннің өзекті мәселелердің бірі.

Применение символизма в литературе является одной из важных проблем развития современной казахской литературы.

КІРІСПЕ

Жұмыстың өзектілігі.

Қазақстанның егемендік алып, тәуелсіздігіміздің белгісі ретінде аспанымызда туымыз желбіреп, мәдениетіміз бен әдебиетіміз дамып, ұлттық салт-санамыз жаңғырып тұрған ғасырда өткен тарихымызды зерттеп, әділ бағалау парасатты іс болып табылады. Қазір біз өз тарихымызды жалтақсыз зерттеп, әдебиетіміз бен мәдениетімізді де жалтақсыз оқып, талдауға, әділ бағалауға, тіліміздің, өнеріміздің терең тамырларын тануды алдымызға міндеттеп қойдық. Енді ғылым мен білімге өресін жайдырмайтын темір құрсау жоқ. Мәдени өмірімізге қара таңба салған, ұлы азаматтарымызды қиянаттап ластаған, пәле-жала жабу арқылы қырғынға ұшыратқан сұмдықтар жариялануда.

Кеңестік дәуірде зерттеп тануға мүмкіндік болмаған қазақ әдебиеті тарихынан белгілі орын алатын, ХХ ғасыр басындағы ағымдар мен бағыттарды тануға, сол бағытты ұстанған өнер иелерін тануға бүгінде мүмкіндік туды. Кезінде сыңар жақты зерттеліп келген бағыттарда қайта қарап әділ баға беруге болады.

Сондай ағымдардың бірі – символизм ағымы. Символистік суреттеулер әдебиетімізден өзіндік орны бар тәсіл.


Мағжан Жұмабаев өлеңдері көп жылдар бойы халқымен қауыша алмай келген еді. Мағжан Жұмабаев өлеңдері символға толы, сезімді жаулап алатын ұлы қасиетке ие. Сонымен бірге өлең-жыры халқымен қайта қауышты. Кезінде жазықсыз жалаға кезіккен ақындар жыры оқырмандарына ұсынылғандықтан көптеген жырларды зерттеп тануымызға мүмкіндік туды. Ғылыми жұмыста Мағжан Жұмабаев лирикаларындағы символдардың қолданысы , көркемдік ерекшелігі талданды. Қазақ әдебиетіндегі символизмді қарастыру - бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Символды образ ретінде танып, образдылық сипатын аталған ақындар поэзиясы арқылы көрсету.

Жұмыстың жаңалығы. Символизм бағытын қолдаушы ақын-жыраулар еңбегінің әдебиетімізден алатын орнын айқындаудың маңызы зор. Қазіргі күнде ата-бабамыздан қалған асыл мұраны тану, әділ бағасын беру, өткен тарихымызды бұрмалаусыз, тура қорытудың бірден-бір жолы, халқымыздың болашағы үшін бар ғұмырын күресте өткізген зиялыларымыздың артында қалдырған мұрасын тану, соның ішінде Мағжан Жұмабаевтың поэзиялық туындыларын оқу, көркемдік ерекшелігін тану, зерттеу – маңызды. Мағжан Жұмабаевтың поэзияларына арналған зерттеу еңбектері, диссертациялар баршылық, бірақ символдардың қолданысы, көркемдік ерекшелігі болашақта толығырақ талдауды, зерттеуді қажет етпек.

Зерттеу жұмысының мақсаты. Қазақ әдебиетіндегі символизм бағытын талдау, осы бағытта жазылған шығармаларға әдеби талдау жасау, сондай-ақ, символдың жалпы сипаты, қазақ әдебиетіне тигізген әсері, ақын жырлары мен дастандарындағы символдың берілуі, символдың шындықты дәл нақты суреттеу, сезімді нақты жеткізу, оқырманын баурап алу үшін маңызды екендігін көркем туындылар арқылы дәлелдеу. Символизм бағытындағы ақындар поэзиясын талдау, көркемдік ерекшеліктерін айқындау жұмыстың мақсаты болып табылады.

Зерттеу жұмысының міндеттері:

- ХХ ғасыр басындағы әр түрлі ағымдардың бағыт-бағдарын саралау;

- орыс символист ақындарының қазақ әдебиетіне ықпалын зерттеп,тану;

- Қазақ әдебиетіндегі символизм элементтерін айқындау;

- М.Жұмабаев лирикаларындағы символизм айшықтарын көрсету;

Қорғауға ұсынылған тұжырымдар:

-символизмнің әдебиетімізге еткен әсер-ықпалы анықталды;

-символизмнің тұспал, ишара түрі екендігі зерделенді;

-М. Жұмабаев поэзиясы символизмнің шыңы екені айшықталды.

Зерттеу нысаны. Қазақ әдебиетіндегі символизм бағыты. Символизм бағытын ұстанған ақындар поэзиясы. Мағжан Жұмабаев шығармасындағы символизм нышандарын айқындау. Әр ақынның символ мәселесіндегі даралық тұлғасын тану.

Зерттеудің әдістері мен әдіснамасы. Алға қойған мақсат-міндеттерді шешу үшін, негізгі дереккөздерді жинау барысында сұрыптау, жүйелеу, сипаттау, әдеби талдау тәсілдері басшылыққа алынды. Зерттеу барысында Блок А, Белый А, Жұмабаев М.еңбектері назарда болды.

Зерттеудің құрылымы. Ғылыми жұмыс кіріспеден, екі тараудан және қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Зерттеудің теориялық маңызы. Зерттеу жұмысында қарастырылған тұжырымдар мен мәселелер әдеби талдаудың теориялық тұрғыдан толығып жетілуіне мүмкіндік береді.

Зерттеудің тәжірибедегі маңыздылығы. Қазақ әдебиетіндегі символизм бағытын тануға, осы бағыттағы ақындар шығармаларын талдауға көмекші құрал болады. Жұмыста ұсынылған символдардың зерттелуі мен анықтамасын мектеп оқушыларына символ тақырыбын меңгертуде қолдануға болады.

Символизм ағымының тууы, қалыптасуы.
Символизм бағытының әдебиетке енуі Бірінші дүние жүзілік соғыс пен Қазан төңкерісі аралығы болып саналады... Орыс әдебиетіндегі символизм бағытының басында А.Блок пен А.Белый есімдері аталады.

Көптеген батыс зерттеушілерінің пікірінше орыс модернизмі жаңа ғасырдың эстетикалық ойларының дамуына үлкен үлес қосқан. Антипозитивистік көтеріліс толқынында әдебиетке жаңа ағым – модернизм кіре бастайды. Ғасыр басында реализмге символизм қатты соққы берген. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басында орыс әдебиетінде «символистік реализм», «реалистикалық символизм» деген екі жарыспалы ұғым пайда болды. Символистік реализмде күнделікті өмір арқылы басқа өмірдің, яғни о дүниенің барлығы көрініп тұрады.

Ал реалистік символизм туралы Ф.Достоевский: «адам адамды толық реализмде ғана тани алмақ» [4,65] ,-дейді. Сонымен қатар, символист ақындардың шығармалары жайлы «Оның ойынша адамның жаны, санасы, рухы, әр түрлі ішкі феномендер, тәннің құрылысы – бәрі жиналып келіп «символистік тәңір тануға жол ашқан» [4, 102] ,-дейді ғалым.

ХХ ғасыр әдебиетінде пайда болған «символизм» ұғымы сол кезеңде үлкен жаңалық болып табылды. Бұл - әдебиеттегі ХХ ғасыр басында келген жаңа ағым болды. Осы жаңа ағым туралы көптеген әр түрлі көзқарастар туып, түрлі пікірлер қалыптасты. Александр Блок: «Символизм, өткен, болатын оқиғалар жөніндегі нақты ақиқат әлем, символизмге обьективтік пен ақиқат тән – жалғыз осы ақиқаттығы менің өмірімнің мәні, әлем мен өнерді ақиқатты түрде тануыма мүмкіндік береді» [5, 142],-дейді.

Символизм бағыты туралы Ш.Р.Елеукенов: «Шындықты интуициямен, емеурінмен сезіп, белгілі символмен жеткізе алатын суреткер ғана нағыз ақын болмақ» [8,12] ,- деген пікір айтады.

Символизм бағытындағы ақындардың пікірі бойынша қоршаған орта сағымдай жұмбақ, жалған, ал нағыз өмірдің шындығы құпия деген тезиспен шығады. Олардың шығармаларында сол дәуірдің кризистік сыңайы, буржуазиялық қоғамның ережесіне бағынбай, оны жоққа шығару, қиял мен шынайы өмірдің арасында алас ұру, ұлы тарихи өзгерістердің табандап қалғанын сезу – барлығы көрініс тапқан. Символистердің пікірінше ақынның міндеті – басқа өмірлер туралы адамдар санасына түсінік енгізу, соқыр кеуделерді ояту. Бұл ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында әдебиетте күтпеген жаңалық болды.



Символизм ағымының зерттелуіне жан-жақты тоқталып қарастырған Р.Мүталиеваның еңбегінде символизм ағымының әлемдік маңызы туралы оксфордтық профессор С.Бауренің «Наследие символизма», 40-жылдардың соңында Парижде К.Мочульскийдің А.Блокка қатысты кітабының орыс тілінде басылып шыққандығы жөнінде, 1952 жылы О.Масленников «Безумные поэты, Андрей Белый и русские символисты» атты еңбегінің жарық көргендігі жөнінде, 1957 жылы германдық Й. Хольтхузен «Исследования по эстетике и поэтике русского символизма» атты жарияланымдар талданады.

Символизм бағытының негізін қалаушылардың бірі – В.Брюсовтің көзқарастары Д.Максимов еңбектерінде талданады. В.Брюсов: «символизм – тұспал, ишара поэзиясы. Ал символдық поэзия,-ең алдымен, идеялық поэзия тұспалымен, символмен жеткізуге тырысады» [13 ,151],- деген тұжырымы бар.

Романтизмнің қандай түрі болса да, негізінен, бостандық, тәуелсіздік, азаттық идеяларымен сабақтаса көрінеді.

Символизмді зерттеуде әр түрлі көзқарастар қалыптасқан. Мысалы, бірі символизмге қоғамдағы күштер қатты әсер етті десе, кейбірі символизмді «қорқынышты контраданс» ескі биге ұқсатқан. «Бұл биде адамдар бір-біріне басын иеді, содан кейін раушан гүл қызға басын иеді. Сонда қыз оған «ешкім мұнда өз-өзіне ұқсағысы келмейді» [13, 136],-деп жазады.

Символизмде сөздің ешқандай мағынасы жоқ және рөл атқармайды, тек қана сыртқы келбетінің ғана мағынасы бар деп есептеушілік те кездеседі. Символ, сонымен қатар поэтикалық троп. Символ көбінесе ауыспалы мағынада кездеседі.

Символ мәселесі ғылым нысанасына ежелден-ақ енген. Адам санасының дамуымен байланысты, дүниетанымының терендеуiнiң нәтижесi болып табылатын ерекше танымдық белгi eкeні белгiлi. Символ- грек сөзi (symbolon) – таңба. Алғашында бұл сөз құпиялы, шартты мағынаға ие кез-келген заттық мағынаны білдірген. Көне дәуiрдегi символ «жеке куәлiк» ретiнде қолданылған.

Энциклопедияда символға: «Символ белгілі бір нәрсені өз қалпынан өзге жанама сипатында алып көрсетуден туатын эстетикалық категория. Символданған образ көбінесе айқындықтан айырылып, бұлдыр түсінік береді. Символ – жалпы адам санасының даму тарихына сай өpбіген көне категорияның бiрi. Алғашқы қиялдау, болжау, ертедегi түсініктер, наным-сенiмдер – символдың шығуына әсер еткен құбылыс»,- деген анықтама берiледi [13, 157]. Яғни символдың шығу төркіні тереңде жатқанын аңғаруға болады. Алайда символдың қалыптасу тарихы тым арыда жатса да, бүгiнгi күні «символ» ұғымының ауқымы кеңейіп фольклористика, әдебиеттану, мифпоэтика, лингвистика, философия, семиотика, психология, мәдениеттану, т.б. ғылым салаларының негізгі зерттеу нысанына айналған.

Біздің алдымызға қойған мақсатымыз әдебиеттегі символдың қолданылуы, образдылығы, поэтикалық табиғатын тану болмақ. Сондықтан, біз символдың әр ақын қаламындағы қолданысын, табиғатын айқындауды мақсат тұттық.




Орыс символист ақындардың әсер-ықпалы
ХХ ғасыр басында орыс әдебиетінде декаденттік ағым күшейді. Оның көрнекті өкілдері К.Бальмонт, В.Брюсов, Ф.Сологуб, А.Блок, А.Белый өз туындыларына символизм айдарын тақты. Символистер ақиқат ауылын реалды дүниеден іздеу адасқандық деп жар салды. Олардың пікірінше көркем шығарма шындықтың құпия сырын ашуға тиісті. Ол үшін мистикалық о дүниені ой көзімен елестетуің керек. Жалт берген тылсым түйсіктерді ұстап, тілін тауып, сөз кестесіне түсіре алсаң, - міне нағыз поэзия осы. Осындай сипат, әсіресе Александр Блок шығармашылығынан көрінеді.

Открыли дверь мою метели,

Застыла горница моя,

И в новой снеговой купели

Крещен вторым крещеньем я.

Я так устал от ласк подруги

На застывающей земле...

И гордость нового крещенья

Мне сердце обратила в лед.

Ты мне сулишь еще мгновенья?

Пророчишь что весна придет?

Но посмотри как сердце радо!



Заграждена снегами тверь.

Весны не будет и не надо-



Крещеньем третьим будет -Смерть [4,22].

Бұл өлеңінде А.Блок ең алғаш өмірдің тәтті жемістерін татып көріп, солардан көңілі қалып, аяусыз көзден перде түсіп, өмірдің тұрпайы көріністері аяусыз жанын жегідей жеп, жаны жараланып төменге, ылдыйға құлдырап, сонда жылап, жаралы болса да сол төменде рахат табатынына сенім, өлімді аңсайды. Соны жұбаныш санайды. Бұл барлық символистерге тән түсінік.

Қазақ әдебиетінде осындай символизм элементтернің барын кеңестік дәуірде айтпай келдік. Оның басты себебі, атеистік ұғыммен байланысты болатын.

Зерттеу жұмысымыздың екінші бөлімінің бір тармағын Мағжан Жұмабаев шығармаларын талдауға арнадық. Дегенмен, А.Блок шығармашылығымен сабақтастығын салыстыру мақсатында Мағжан Жұмабаев шығармасына шолу жасауды жөн көреміз.

...Өлім күйі тәтті күй,

Балқиды жаным бұл күйге.

Мені де өлім әлдиле,

Әлдиле, өлім, әлдиле...

Мағжан Жұмабаев өлеңдері ХХ ғасырдағы символистер поэзиясымен тең түсіп, ортақ тақырыптарға жарыса қосылды. Сонымен, орыс әдебиетінде қалыптасып, дүниеге келген символизм Мағжан Жұмабаев шығармаларында қазақша шарықтады.

«Мағжан Жұмабаев романтизміне сөз жоқ, өз дәуірінің азаттықты аңсаған әдебиетінің де ықпалы болды» [11 , 10].

ХХ ғасыр басында ақын-жазушыларымыз қазақ поэзиясын әлемдік деңгейге көтерді. Сонымен қатар Батыс пен Шығыстың классикалық әдебиетін аудара бастады. Аударма төл әдебиетімізге де өзінің ықпал-әсерін тигізіп отырды.

ХХ ғасыр басында орыс әдебиетін, батыс әдебиеті үлгілерін аударып қана қоймай, ақындарымыз соны бағытта шығармаларын әкелді. Аударма арқылы жанр түрлері қалыптасып, дамыды. Сол кезеңде Мағжан Жұмабаев сынды ақындарымыз сентиментализм, символизм ағымдарының элементтерін енгізді. Кеңес дәуірінде қатты сынға алынған ақын өлеңдері негізінен сол кезеңде әдебиетке әкелген жаңа туындылар еді.

Қазақ символизмі жайлы: «Символ Ахмет Байтұрсынов тарапынан бернелеу, Қажым Жұмалиев тарапынан психологиялық егіздеу түрінде әдебиетімізде ежелден келе жатқан көне ұғым екендігі айтылғанмен, ағым ретінде Ж.Аймауытов көрсеткендей, қазақтың өз ішінен шықпайды. Мағжан Жұмабаев пен Бернияз Күлеевке орыс символизмі арқылы «аударылады» және ол, бірқатар автор тұжырымдайтындай, кеңес тұсындағы тұрпайы социологияға наразылықтан тумаған. Схемалық түрде Мағжан Жұмабаев поэзиясы ағартушы реализм, сыншыл реализм, романтизм, символизм жаңа заман әуеніне көшу сатыларын өткерген»,- деп пайымдайды Ш.Елеукенов[12, 55].




Қазақ әдебиетіндегі символдың көрінісі

Қазақтың ғасырлар бойы жасалып, молығып келген тіл байлығын, халқымыздың бай ауыз әдебиетін жете меңгеріп және оны өз шығармаларында мейілінше мол қолдана отырып ақын, жырау, жазушыларымыз оны әрі дамытты, байытты. Соның бірі осы символдар төл әдебиетімізден алғаш бастау алып, кейінгі қаламгерлер шығармаларынды дамыды. Халықтың рухани байлығы – шын мәніндегі көркем әдебиетті жасайтын тек қана табиғи ұлы дарындар екені талассыз шындық. Қазақ халқының ХХ ғасырдағы өскен әдебиетін бүкіл әлемге танытқан да сол алып дарындар болатын.

Символ – сөзді қолдану шеберліктің бір қыры. Символды қолдану ақынның айтпақ ойын дөп басып, шығарманың бейнелілігін арттыру үшін қажет. Қазақ халқының ауыз әдебиетінде де символ жиі қолданылғандығы белгілі. Қазақ әндерінде жусан деген шөп символ ретінде жұмсалады.

Н.Арутюнованың пікірінше: «образ өзінің нақты мағынасының шегіне шығады, бірақ одан кеңімейді де, жалпылаудан аспайды, символмен салыстырғанда жаңа мазмұнды бейнелейді». «Символ бүкіл шығарманың идеясын арқалай отырып, өз мазмұнын кеңітеді, бірақ оны (шығарманы) толық дәрежесінде айқындамайды [13,149]. Образдың бәрін символ деп тануға болмайды. Образды белгілі бір шарттар негізінде ғана символ деп тануға болады.

Абай өлеңдерінде қыз бейнесі – шолпы символы арқылы берілген.

Абай:


Білектей арқасында өрген бұрым,

Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын.

Кәмшат бөрік, ақ тамақ қара қасты.

Сұлу қызды көріп пе ең мұндай түрін? [14, 156]-деген өлең жолдары «Абай жолы» эпопеясында қара сөзбен өрнектеледі: «Сылдырлаған шолпысы әлдеқандай былдырлаған тілмен Тоғжанның келері мен кетерін паш етеді. Шолпы әуелі жиі сылдырлап, аздан соң баяулай басып, тағы біраздан соң анда-санда ғана бір ғана шылдыр ете түсіп ұзап барады. Абай өз жүрегінің аттай тулап соққан дүрсілін естіді. Шолпы үнін сол басып барады. Өзгеше ыстық қымбат шолпы ең соңғы рет бір шылдыр етті де, білінбей кетті. Түн тыныштығы ұрлап кеткендей, жұтып кетті» [14, 313]. Шолпы- махаббаттың символы ретінде танылған.

Мағжанның «Шолпы» өлеңіне назар аударайық,

Сылдыр, сылдыр, сылдыр...

Қанымды қайнаттың құрғыр

Шық-шық жүрекке тиеді,

Күлпара талқан боп сынғыр!

Сылдыр, сылдыр, сылдыр...

Өзекті өртеді құрғыр

Әдейі іргеден жүреді

Сұлу қыз санадан солғыр [15,22] -

Қазақ қызының бейнесін сомдауда, сүйген жүректердің сезім иірімдерін ажарлауда үш қаламгер – Абай, Мағжан, Мұхтар – шолпы сөзін қазық етіп, соның айналасында әркім өз қаһарманының образын жасайды. Сонда Абай мен М.Әуезов шолпыны қыз бейнесін танытатын, толықтыратын деталь ретінде алса, Мағжан Жұмабаев образдың өзі ретінде қолданған. Десек те, осы үш автор да шолпыны – сұлулықтың, сымбаттылықтың символы ретінде қолданған, ол сұлулық тек сыртқы тән сұлулығы еместігін ерекше сезімталдықпен тап басып көрсетіп, сүйіспеншілік сезіммен астастырған.

Жүрегін жаралаған алғашқы махаббатты Тоғжанның бұрымына тағылған шолпы, шолпының сылдырына дейін Абай өз ынтықтығын білдіреді. Жүрек дүрсілі шолпының сылдырымен үндеседі. Мағжан Жұмабаев шолпы арқылы терең сүйіспеншілігін, өзекті өртердей махаббат сезімін суреттейді. Асау сезім тек шолпының сылдырына ғана бағынып, табына түседі. Демек, символ образ ретінде танылады, сондықтан оған образдылық сипат тән. Бірақ кез келген сөз әрі символ, әрі образ ретінде танылу үшін, ол осы екеуіне тән сипаттқа ие болуы тиіс.

Абайдың отыз жетінші қарасөзінде адам баласының биік мансапқа жетуінің әр түрлі жолдарын өзіндік ой толғаммен көрсетеді. «Биік мансап, биік жартас, ерінбей еңбектеп жылан да шығады, екпіндеп ұшып қыран да шығады. Жікшіл ел жетпей мақтайды, желөкпелер шын деп ойлайды» [14, 467].

Ол биік мансапты кез-келген адамның қолы жете бермейтін биік жартасқа балап, ал адамның оған қалай қолы жететінін астарлап, жыланға, қыранға балап, адам әрекетінің астарымен көрсетеді. Мансаптың символы – биік жартас. Дәл осы символ да М.Әуезовтің көркем шығармасында сол қалпында қолданылған. Көркем прозада: «Биік – мансап, биік – жартас. Оның басына, екпіндеп ұшып қыран да шығады, ерінбей еңбектеп жылан да шығады! Міне, осының қайсысы болдың, осы отырғандар? Қыран болмасаңдар, халқың үшін жылан болдыңдар емес пе!? – деді де қабағын түйіп, өзге сөзден тыйылып отырып қалды» [15, 284]. Ұлы жазушы да биік мансаптың символы ретінде биік жартасты орынды қолданған.

Қазақ әдебиетінде жүрек сөзі де символ қызметінде жұмсалады. Мысал ретінде тағы ұлы Абай шығармаларын мысалға алайық,

Жүрегім менің қырық жамау,

Қиянатшыл дүниеден

Қайтып аман сау

Қайтқаннан соң әрнеден [14, 172].

«Жүрегім менің қырық жамау», «Адамның кейбір кездері» өлеңдерінде жүрек сөзі адам дегеннің орнына жұмсалған символ болып табылады.

«Ызалы жүрек, долы қол

Улы сия ащы тіл» [14, 158].

«Адамның кейбір кездері» атты өлеңінде «ызалы жүрек» - деп өзінің ақындық тұлғасын ашып көрсетеді. М.Әуезов прозасында да Абай бейнесі осы ұғыммен ауыстырылып, оның өлеңінің бір қиын сәтін суреттейді. Мысалы, «Оспанның қимас қасиетін есіне алады. Оны олай отырып, бүгінгі тіріде, қатарда қалған кейбір туыстарды алғанда, көңілге медеу таппай ызалы жүрек ащы шындықты атап кетеді» [15, 170].

«Құлақтан кіріп бойды алар» т.б. өлеңдерінде символ қолданылған.

Тағы сене бастаймын

Күнде алдағыш қуларға.

Есім шығып қашпаймын,

Мен ішпеген у бар ма? [14, 172].

У – сөзі символ қызметінде. У – қиындықтың, азаптың символы ретінде алынған. Қиыншылықты у мен алмастыра отырып, ақын ауыртпашылықты образды түрде бейнелеп, әсірелілігін артырған. Бұл символдың образдылығын, әсерлеу қызметін көрсетеді.

Абайдың зарлы күйігін, қайғы қасіретін эпопеяда суреттегенде М.Әуезов те осы у сөзін символ ретінде қолданған.

«... Ей, сорлы заман, менен аяған қай қастығың қалды. Мен ішпеген у бар ма!..Жүрегімді көрші міне, жарадан сау жер қалды ма? Мұнша ғазап шеккендей не азап, не айыбым бар?» [15, 596].

Абай өлеңдерінде жүрек, көңіл, ой деген сөздер адамның символы ретінде алынып қолданылса, М.Әуезов эпопеясында ақын образын сомдау үшін сол қалпында ақын тұлғасының ішкі жан дүниесін, санасын, рухани толғанысын беру мақсатында осы символдарды сол қалпында қолданады.

Қазақ әдебиетінде түлкі – қулық, алдамшы мінезді беретін символ. Қазақ халқы символ ретінде түлкіні көбіне қу деген ұғымның орнына жұмсайды. Мағжан өлеңдерінде түлкі осы мағынада қолданылған. «Алданған сұлу» өлеңінен мысал келтірер болсақ,

Ал бүгін ол көріктің бәрі де жоқ,

Ақмарал аяғыңа дәл тиген оқ.

Өкіндің, жастық, мастық ісің өтті.

Аһ ұрдың, сыртың – жалын, ішіңде шоқ.

Тіліне қу түлкінің тез алдандың,

Ойламай таңдағаны, тез құп алдың.

Тап-таза ат, көркем көрік – бәрі кетіп,

Өміріңше құтыла алмас атта қалдың [11].



М.Жұмабаев лирикасындағы символизм.
Символизм – поэтикалық образ жасауда ақындар пайдаланған тәжірибеден өткен өнімді тәсілдердің бірі. Символизм – поэтикалық суреттеу құралы. Қазақ әдебиетінде М.Жұмабаев, С.Дөнентаев, Б.Күлеев, т.б. ақындар символды көркемдеу амалы ретінде қолданады. Көркем әдебиетте кейде автордың еркімен, кейде еріксіз тұрмыстық константаның (тұрақталған тақырып) тақырыптық өрісі маңызды орын алады. Яғни бұл әлемдік және табиғи бастаулардан, униврсалийден тұратын өмір құбылыстарының онтологиялық (өмір, ажал, жарық пен түнек, от пен су) және адам тіршілігінің антинологиялық, рухани бастауларын қозғайтын онтропологиялық негіздері болып табылады. (Жатсыну мен кірігу, тәккапарлық пен бас иіу, жасампаздық пен күйреткіштік, күнаһарлық пен тақуалық)

Қазақ лирикасында бұл негіздер Мағжан Жұмабаев поэзиясында жарқырай көрінді. Көркем әдебиеттің негізін құрайтын бұл мәңгілік тақырыптар мен қатар мәдени-тарихи және экзистенциалдық көңіл-күйді қозғайтын жеке авторлық таным аспектілерін атауға болады. Аталмыш ақындарда әсіресе жеке авторлық таным ретінде көрінетін экзистенциалды көңіл күйді білдіретін жырлар ерекше көрініс табады. Сонымен бірге Мағжан жырларында мәдени тарихи құбылыстардың да айырықша өрнек табатындығын баса айтуға болады. Қазақ әдебиетіне өлеңінің сыршылдығы мен сыры мол, суреткерлігі мен ойшылдығы қабаттасып келіп жататын поэзиясымен соны жаңалық әкелген, әдебиетімізге өлмес мұра қалдырған ақындарымыздың бірі- Мағжан Жұмабаев.

Ж.Аймауытов: «Қазақ әдебиетінде Мағжанның кіргізген жаңалығы аз емес, орыстың символизмін (бейнешілдігін) қазаққа аударды, өлеңді күйге ( музыка) айналдырды, дыбыстан сурет туғызды, жаңа өлшеулер шығарды. Романтизмді күшейтті, тіпті ұстартты»[17, 26],-деп бағалағанындай Мағжан Жұмабаев қазақ әдебиетіне орыстың символизм мен сентаментализм ағымдарының нұсқаларын әкелді. Аудармалары арқылы ғана жаңалық енгізген жоқ. Сонымен қатар өлеңдері арқылы, бейнелілік, әуезділік, образдылық, өлеңінің құрылысы т.б. арқылы қазақ әдебиетін жаңа белеске көтерді. Абайдан кейiнгi қазақ поэзиясына соны әдіс-тәсіл енгізген, сыршыл өлең әкелген Мағжан Жұмабаев болды.

Мағжан Жұмабаев поэзиясының көркі мен сұлулығы, сыршылдығы мен жыршылдығы, суреткерлiгi мен ойшылдығы талай рет оқырманын тамсандырып, талай дуалы ауыздардың iлтипатына иелендiрiп, бәрін өзiне тәнті еткен. Мағжан Жұмабаев поэзиясының осынау құдiрет күшiн өз замандастары толық мойындап, кейi ашық, кейi жұмбақтап болса да жазып та, айтып та кеткен. Жүсiпбек Аймауытов пiкiрлерi Мағжан Жұмабаевтың сыршыл өлеңдерінің құпиясын ашып берді. Талантты ақынды Ж.Аймауытов Пушкинге теңеген. Мағжан Жұмабаевтың ақындығын нақ танып, дұрыс та әділ бағалаған.

М.Әуезов Мағжан туралы: «Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемiн. Бұдан соң Мағжанды сүйемiн. Европалығын, жарқыраған әшекейiн сүйемiн. Қазақ ақындарының қордалы ауылында туып, Европадағы мәдениет пен сұлулық сарайына барып, жайлауы жарасқан арқа қызын көрiп сезiнген боламын. Мағжан культурасы зор ақын. Сыртқы кecтeciнен келiсiмi мен күйшiлдiгiне қарағанда, бұл бip заманның шегiнен асқандай. Сезiмi жетiлмеген қазақ қауымынан ертерек шыққандай, бipaқ, түбiнде әдебиет таратушылар газетпен қосақталып, күндeгi өмірінің тepeңiн терген ақын болмайды, заманнан басып озып, iлгерiлеп кеткен ақын болады. Әдебиет үшін деген таңба айқын болмай нәрлi әдебиет болуға жол жоқ. Сондықтан бүгiнri күннің бар жазушысының iшiнен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәрiмiздi күмәндi, өте сенiмсiз деп бiлемiн» [1], - деген ой айтады. Мағжанның шығармашылық өмір жолы бүгінгі таңда әдебиетші ғалымдарымыздың зерттеу тақырыбының нысаны болды. Ақынның еңбегі, өмір жолы жайлы зерттеу еңбектер бар. Қазақ поэзиясына өзінің символдық поэзия өнеріне тән шығармасын әкеліп, қайталанбас ерекшелігімен, сырлы дүниесімен Мағжан ақын халық жүрегінен орын алды.

Мағжан Жұмабаев шығармаларына ғалымдарымыз бүгінде әділ бағасын беруде. Мысалы, ғалым Б.Ыбырайым: «М.Жұмабаев творчествосы – отаршылық кезеңінде күйзелген қазақ әдебиетін әлем әдебиетінің деңгейіне көтерген, психологиялық- көркемдік иірімдер мен әлем поэзиясына жаңа өрнектер мен бояулар қосқан эстетикалық құбылыс, көркемдік жаңалық. Ол поэзиямыздың эстетикалық әлемін тың бояулармен, күрделі сезімдік әлеммен байытып, жаңа биікке көтерді»[25,6]. Анығында Мағжан Жұмабаев поэзиясындағы лирикалық қаһарманда қазақ өлеңдеріндегі кейіпкерлерге ұқсамайды. Сезім-толғаныстарын, жан сырын, сезім арпалыстарын шынайы түрде жайып салады.

Б.Ыбырайым Мағжан Жұмабаевтың поэзияға әкелген жаңалығы «бейнелеу мүмкіндіктерін молайтатын, көркемдік әлемді байыта түсетін эстетикалық конструкцияны, көркемдік концепцияны жеткізуге шебер пайдалануы»[ 17, 7] ,-деп атап көрсетеді.

Оның « Мені де өлім әлдиле», «Жел», «Ой», «Күзді күні», «Алдамшы өмір», «Альбомына», «Сағындым», «Сарғайдым», «Түс», «З-ға», «Бүгінгі күн өмір, өлім менікі» т.б. өлеңдері ақынның түңілу сарынында жазған шығармалары. «Қазақ өлеңі тарихының ХХ көгінде Мағжан Жұмабаев поэзиясы Шолпан жұлдыздай оқшау тұр... Мағжан Жұмабаев – қазақ өлеңіне абайдан кейін дүбірлі өзгеріс әкелген ірі реформатор ақын. Мағжан Жұмабаев өлеңге романтикалық өң береді. Адам мен табиғатты қатар алып араларынан өзгеше байланыс іздейді...»[ 6, 73-74 бб].

«Қысқы жолда», «Жазғы жолда» өлеңдерінде ақын жаздың жайдарлы, жадыраңқы суретінен де, қыстың қытымыр, қатыгез түрінен де жаны жай таппайды. Табиғат құбылысын суреттеу арқылы ақын ел тағдырын салыстыра бейнелі сурет жасайды.

Ызғарлы жел долданып,

Екі иіннен дем алып,

Ішін тартып осқырып,

Кейде қатты ысқырып,

Аңдай ұлып бір мезгіл,

Екі санын шапақтап,

Біресе сақ-сақ күледі.

Кейде кенет баяулап,

Жер бауырлап жаяулап,

Аузы-басы жыбырлап,

Асып-сасып сыбырлап,

Жерді жапқан кебінді,

Сүйіп ақырын құшақтап,

«Әпсүн» оқып үреді.

Табиғаттың қаталдығын кейіптеу арқылы бере отырып, қорғансыздыққа ұшыраған, күйзелу үстіндегі халықтың тағдырын бейнелейді. Поэзияда жалпы айтқанда әдебиетте адам болмысына қатысты от пен су, жарық пен түнек, өмір мен ажал мәселелері мәңгілік тақырып болып табылады. Арғы тамыры ғарыштық болмыспен астасқан адам рухының тәжірибесі бұл мәселелерді өз болмысының көркемдік көкжиегінде терең игерген. Жан-жақты сипатын, оның иірім-қайырымдарын нәзік тұспалдаған.

Осы бір онтологиялық сипатты Мағжан Жұмабаевтың мына бір жырынан көруге болады.

«Есіл жазым өтті!» -деп,

«Бәйшешегім кетті!» -деп,

«Санадан жүз сарғайып,

Қасіретті мол жас зайып

Қараңғы ұзын түндерде

Үстіне қара жамылып

Күрсініп жер жылайды.

Бұзылып түсі аспан көк,

Ашуы ауыр үһілеп,

Бүркеніп сұр бұлттар,

Жүрегі жара алыс жар

Қайғы басып қиналып,

Жерге қарап жарына

Көзінің жасын бұлайды...»

Ғарыштық субстанциялар ретінде табиғат құбылыстары мен жыл мезгілдері жел, боран, дауыл, бұлт, тұман, жаз, қыс, күз алынады. Әлемдік антиномиялар адам ғұмырының қайшылықтарымен қатар алынады. Жарық пен түнек, өмір мен ажал бірінің орнын бірі алмастырып жатады. Ертеден келе жатқан сарқылмас сыры мен құпиясы мол мәңгілік табиғи құбылыстар.Табиғи құбылыстар қиналып, қайғы басым, ауыр күрсініп жылайды. Адамға тән қимыл-әрекеттерді дерексіз ұғымдарға телиді. Сол арқылы ақын қоғамдағы қайшылықтарды, теңсіздік пен әділетсіздікті, халықтың ауыр тұрмыс - тіршілігін бейнелейді.Тағы бір өлең жолдарына назар аударсақ,

«Құласа күшті қара ағаш,

Қыс өтіп тағы жетсе жаз,

Жас балапан - қайыңдар,

Оларда не уайым бар,

Өткендерді еске алып,

Бұралып жас сұлудай,

Қосылып ән салар»

Ақын шығармаларынан көрінетін әрбір жаңаны іздеу үрдісі жанда қайшы сезім күйлерін тудырып, ішкі конфликтіні шешуде ақынның бар күш жігерін сарқып тауысардай күйге жеткізеді. Ал ішкі тартысты жеңетін бірден бір күш – мұң. Мұң – ақын үшін жанды тұншықтырып, қайтадан күш, қуат беріп, сергітетін құрал. Ыза араласқан өлеңдерінде көбіне мұңмен күресу секілді көрінетін сезім көлеңкелері бар. Мұң мұндай сәттерде ақын жаны үшін әрекетсіздікті көрсетеді де, ыза, керісінше, жан күйін шиыршық аттырып, еріксіз әрекетке итермелейді. Ақынның ішкі дүниесінде қайшылық бітпегендіктен, ызаның мұңнан үстем тұратын сәттері көп. Ақын өлеңдерінде ішкі тартыс бейнесі көрінеді. Мағжан Жұмабаев өлеңдеріндегі түпсіз дария, қара түн, түн баласы, сап-сары бел, күн, от, дала, толқын, көк, қара көк дария, тұңғиық, өлім, қайғы мен қан, тұрмыс тылсым, сөнген шоқты үрлеген бала, от басында мөлт-мөлт еткен беймәлім жан т.б. тілдік бірліктер ритм арқылы бейнеге айналған. Мағжан Жұмабаев шығармаларының бейнешілдігінің мәнін жан күйлерін білдіретін атаулар (торығу, жалығу, тылсым рахаты, ызалы мұң т.б.) айқындайды.

Мағжан Жұмабаевтың «Қысқы жолда», «Жазғы жолда» өлеңдеріндегі образдарға назар салайық, қалың тұман, толқын, қар, боран,долы жел, суық кебін, адасу, «әпсүн»,оқып бетке үрген әлдене, жапандағы жалғыз қара, сар дала, өлік, тылсым, тұншығу, сары шаш пері, жібектей жетпіс оралған тылсым, көл –бәрі өлі, есін жия алмай аңсап өлу, жасын төгіп өлу, бел, жол, т.б. Бұның бәрі адамды сырттан қоршаған дүние емес, ішкі түкпірден жасалып, тереңнен түзіліп, тылсымнан құралып келе жатқан адам жаны. Бұл ақынның ішкі жан сезімі, ішкі дүниесі.

...Жас балапан жүрегім

Десе де табам керегін

Көріп теңіз тереңін

Қайғыға батты тұнжырап.

Алтын үміт үзілді,

Тәтті қиял бұзылды,

Көкке тіктім көзімді,

Жұлдыздардан жол сұрап.

Көгінде бір – қара көк

Тұңғиық теңіз түбі жоқ.

Ойнап тұрған көзі көп,

Не деп жауап береді?

Көк – бір дария қара көк,

Жұлдыздардан әлі жауап жоқ,

Іште жалын, жүрек жоқ,

Дария жаным өледі.

Өлеңде ақын беймәлім дүниені іздейді, тылсымды іздейді. Жас балапан жүрек, алтын үміт, тәтті қиял үзіліп қайғыға батады. «Дария жаным өледі»,- дейді ақын. Қайғысының қалың екендігі терең теңіз, тұңғиық теңіз деген эпитетті тіркестер арқылы беріледі. Беймәлім дүние, белгісіз құпия, жасырын ішкі сыр, жұмбақ жан, түпсіз әлем т.б. ұғымдарды қолдану арқылы ақын ішкі сырын бейнелейді. Осымен үндес өлеңдері «Жұмбақ», «Өмір», «Жұлдыздарға», «Жиіленді қара орман», «Мені де, өлім, әлдиле» т.б.

Сап-сары бел,

Еседі жел, еседі.

Еседі жел,

Көшеді ел,

Көшеді.

Дала – жұмбақ



Бала жұмбақ

Шешусіз.


Сап-сары бел,

Еседі жел, еседі.

Дала бұйық, бала тұйық –

Екі үнсіз.

Дала – жұмбақ

Бала – жұмбақ

Кім шешті.

Мағжанның «Жұмбақ» типтес өлеңдерінен аңғарылатын сыр: шетсіз-шексіз жапан далада беймәлім тәтті үрей туғызады. Жапан дала, жаһан жер ішінде жалғыз қалған адам алақандағы ойыншық қана. Оны тылсым шыр көбелек айналдырады. Жаның тыпыршып, ішкі дүниеде тиянақсыздық туады. Құла түзде, жаһанда дәл аяғыңның астынан беймәлім, үрейлі біреудің ауыр тынысын сезесің. Алып дене қозғалып көшуге дайындалғандай. Өлім исі келе бастайды. Мұндайда адам жанын құрдымға жібермей, орнынан түсіретін пайым мен парасат қана.

Қараңғылық қоюланып келеді

Қараңғылық қоюланып келеді,

Пеш ішінде шоқ ақырын сөнеді.

Күлімсіреп жанымдағы жас бала

Қызық көріп сөнген шоқты үреді.

Шоқ үстінен кішкене ұшқын ұшты да,

Біразырақ шоқ қызара түсті де,

Дереу сөніп, тезірек күлге айналды,

Астындағы ыстық күлді құшты да.

Пеш ішінде шоқ ақырын сөнеді,

Сөнген шоқты үріп бала күледі.

Ой басты ма? Әлде көзім талды ма,

Мөлт-мөлт етіп көзіме жас келеді.

Ішкі дүниеден беймәлім үн келгенде, шоқ та, оны үрген бала да, от басында отырған жан да құпияға айналып, өз кейпін өзгерте бастайды. Беймәлім белгісіз ұғым пайда болады. Осының барлығы – қасірет деген ұғымның ішкі белгілері. Сонымен бірге өлең арқылы ақын өнерінің биіктігі көрінеді. Қасіретке қарсы дәрмені, қайғының барлығы, адамның ішкі күйзелісі - көзіне жастың келуі арқылы аңғарылады. Ақынның шеберлігі, ақынның құдіреттілігі ешқандай қайғы, қасірет, қиыншылық, ауыртпашылық деген сөздерді қолданбай ақ бейне арқылы жеткізуі. Мағжан Жұмабаевтың мистикалық бейне сөздері – сыртқы дүниені тануға бағытталған белгілер емес, ішкі дүниенің тылсым сырларын іздеуден, жан дүниенің тереңінен үңілуден туған бейнелер.

Символистермен сабақтас болып, орыс поэзиясының көркемдік жағынан ашқан жаңа бигіне еркін самғап, өз өмірі мен өз халқының шындығын жырлай білген Мағжан Жұмабаевтың ерекше дара тұлға екендігін танытатын сырлы да бояулы өлеңі «Мені де өлім әлдиле» өлеңі. Символизмнің өкілінің бірі Бальмонттың «Әлдиле, өлім әлдиле» деген өлеңімен өзектес сол бағытта жазылған шығарма. Бұл шығарма - Мағжан Жұмабаев символизмінің шыңында тұрған өлең. Нәзік жанды ақынның ішкі сыры, қайғыдан күйзелген сәті бейнеленген. Ақынның даралығын, даналығын танытатын шығармада қаламгер адамның ішкі сезім иірімін символистік тәсілдің құдіреттілігінің арқасында бейнелеп берген.Ақын Бальмонттың өлеңінің сыртқы құрылысын ғана алып қоймаған, ішкі мәніне терең бойлап, өз қайғы-қасіретін терең ашып бере білген.

Бетінен алма қан тамған,

Тілінен тәтті бал тамған

Бұйра толқын шашы бар,

Күлкісі меруерт шашылған.

өзі-гүл жаңа ашылған,

дәл 15-те жасы бар.

Сұлу көп жас төгіпті,

Тұншығып жасқа өліпті...

Талпынған жас нәресте,

Ақ қанатты періште,

Балдырлаған бұлақтай

Көрінген жанды күлдірген,

Жаңа піскен бүлдірген,

Балауса нәзік құрақтай,

Қайтыпты қозы көз тиіп,

Бетінен кейде жел сүйіп...

Балқиды жаным бұл күйге

Мені де, өлім, әлдиле...

Әлдиле, өлім әлдиле.

Меруерт күлкісі бар, бетіне қан тамған жас сұлуды өлімге қия алмаймыз, ал өлеңдегі лирикалық қаһарман жас сұлу көз жасына тұншығып өледі, яғни қайғының жасына тұншығып өледі, жас нәресте қозы да көз тиіп үзіледі. Жасты өлімге қию мүмкін емес. Жас өлім лирикалық қаһарманның күйзелісін туғызудың орнына жанын балқытуы – қорқыныш үрей сезімдерін туғызады. Мағжан Жұмабаев жырларында осындай сырлы да жұмбақ, түйсік-түсінігімізді «жер шетіндегі дариядай» тартатын тылсымы терең сырлар мол-ақ.

Ақын:


Тұңғиықтың түбі толған тамаша

Дарияның сыры жоқ қай жария- дей келіп:

« Дария астында – алпыс ақ отау,

Ақ отаулар алтын уық, жібек.

Отау сайын судай сұлу толқын шаш

Толқын тербеп: «Әлди-әлди!»- деп тұспалы мол жұмбақ әлемге сана болмысыңды терең иірімдей тартады. Осы терең иірімдер мол сыр айтқысы келгендей. Сана қабаттарының түкпіріндегі ішкі бір түйсігіңіз арқылы ақын жырларының архитиптік болмысына үңілгің келеді.

Ақын жырларындағы «түс көретін мәңгі мылқау кәрі арман», «әпсүн ақын үшкірген жел» мифопоэтикалық астарларға шақырып тұр.

Мәңгі мылқау қара орман

Былқ етпейді түс көрер

Жел мінезді ессіз жан –

Маған түрлі ой келер.

Әлемнің өзіндей мәңгілік, көктегі күнмен шамалас мәңгі мылқау кәрі орман ұшы-қиырсыз шексіздіктен жалыққандай талығып қалың ұйқыға батады. Табиғаттың бір бөлшегі мәңгі мылқау кәрі орман әлемнің өзіндей мәңгілік, әлемнің өзіндей шексіз. Өзінің осындай ұлылық қалпын сезінген, ол тыныштық құшағын жөн көргендей. Қалың ұйқы құшағына берілген, оның түс көруі де заңдылық. Бір мезгіл тыныш құшағына берілген оны мазасыз желдің «әпсүн» оқып үшкіріп, азалауы да заңдылық. Ұйқыға кеткен материяның, әлемнің азашысы – жел. Оның «әпсүн» оқып үшкірген ызыңы тыныштық идиллиясын үстемелеп тұр. Мынау баяны жоқ ащы өмірден әбден запы көріп, жаны да, тәні де жалыққан лирикалық қаһарман жанға жайлы бір тыным, тыныштық іздегендей. Мәңгі мылқау кәрі орман мәңгілік әлемнің тыныштық құшағына кіргісі келсе, табиғаттың ол да бір бел баласы болғысы келген лирикалық кейіпкердің жаны да тыныштық аңсайды.

Ұйықтасам мен орман боп,

Тәтті-тәтті түс көріп.

Бетімнен тұрс

Өмірден, алдамшы өмірден жел жүріп,

« Әпсүн » оқып үшкіріп

Өмірден, алдамшы өмірден безінген, тыныш іздеп аласұрған ақын көңілі ұйықтаған орманға айналып, өмірдің тәтті қызықтары түс боп көрініп, жанын әлдилесе, ал «әпсүн» ақын үшкірген жел жанын азаласа, ақын мұраты тыншу табатындай.


Мөлдіретіп көз жасын,

Жасымен жуып жартасын,

Сүйіп сылқ-сылқ күледі.

Жылағаны – күлгені,

Күлгені оның өлгені,

Жылай, күле өледі.

Сылдыр-сылдыр сылдырлап,

Бірінің сырын бірі ұрлап,

Толқынды толқын қуады.

Жарына бал береді,

Береді де өледі,

Өледі толқын тынады.-

деген өлең жолдарындағы астарлы мазмұн қиырдағы тылсым сырды ішіне бүгіп тұр. Сырдың ұшығына жетіп, толымды жауап айта қою қиын.

Келші, көзім күн бетіңді көрейін,

Сүйші, сәулем тұншығып мен өлейін.

Жет, жұлдызым жылжып қана жібектей,

Жұлдызды – жүзік, айды алқа ғып берейін.

Өлең көркемдік сырға толы. Халық ауыз әдебиетінде де, өзіне дейінгі ақындарға ұқсамайтын даралығы Мағжан Жұмабаевтың осындай сырлы өлеңдерінен көрінеді. Жоғарыдағы үзіндіде өлең құдіреттілігін ондағы аллитерация мен ассонанс тудырып тұрған жоқ. Өлең мағынасы оқырман сезімін қозғап, көңіліне әлдене бір күйді ұялатады.

Қиын кезеңнің, ел басына қайғы әкелген зұлмат заманның келбеті ақын шабытына әсер етіп, өлеңдерінде бейнелілікпен беріледі.

Сандалдық, алдың - боран, артың - тұман,

Түк көрмей сәуле бере шырақ шамсыз.

Білімсіз ит наданның жеңгені ме?

Буының қалтырайды болып әлсіз,- деген жолдарда қоғам келбеті ақынның көзқарасымен қоса өрілген. Ақынның жан күйзелісі, жан түкпіріндегі жүрек сөзі боямасыз шынайы беріледі. Өлеңде ақынның сезімі ақтарылып, назарын өзіне бірден тартады.

Жаппай халықтың сергелдеңге түсуі, ақынның жеке басына туған сергелдең, қазақтардың жазықсыз құрбандыққа шалынуы ақынды күйзелтпей қойған жоқ. Ақынның қоғамдағы жайды былай қынжыла жеткізеді:

Еділ кездім, шөл кездім,

Кезгенімде не көрдім:

Қайда барсам көр көрдім.

Айдарлысы құл болып,

Тұлымдысы тұл болып,

Еңіреген ел көрдім.

Қаралы көштің ішінде

Қара салып басыма

Елмен бірге еңіредім.

Патшаның отаршылдық саясаты ақынды бей-жай қалдырмады. Ақынның жүрегіне жара салды. Ол өлеңдерінде анық байқалады. Мысалы, «Жаралы жанда» өлеңіне назар салсақ,

Сар дала бейне өлік сұлап жатқан,

Кебіндей ақ селеулер бетін жапқан.

Тау да жоқ, орман да жоқ, өзен де жоқ,

Сәуле емес, қан шашып тұр күні батқан...

Өлік, өлім – лексемалары символ ретінде жұмсалып, сол арқылы ақын сезімі, лирикалық қаһарманның жан күйзелісі берілген.

Символистердің пікірінше ақынның міндеті – басқа өмірлер туралы адамдар санасына түсінік енгізу, соқыр кеуделерді ояту.



ҚОРЫТЫНДЫ

ХХ ғасыр басында қазақ әдебиетінде күрделі бетбұрыс болды. Ғасыр басындағы орыс төңкерісі қазақ өлкесінде бүкілдей өзгеріс туғызды. Бірінші - қазақ жерін патша үкіметінің отарлау саясаты күшейді. Екінші - қазақ өлкесінде патша өкіметіне қарсы ұлт бостандық қозғалысы туды. Бостандыққа ұмтылу бұқара көпшілігінікі болды. Бірақ мұны өзі жүйелеп басқара алмай, жаңа туып келе жатқан буржуазия өкілі – ұлтшыл оқығандар өз мақсатына қарай бұрып, пайдаланып отырды. Қандай да болмасын әдеби бағыт, ағым, көркемдік әдіс белгілі бір тарихи жағдайлардың, әлеуметтік құбылыстардың жемісі екендігі мәлім.

ХІХ ғасырдағы орыс ойшылдарының еңбектері, көзқарастары ХХ ғасыр басында ғана бағаланды. Ресейде қайта өркендеу дәуірі осы кезеңде басталды. ХІХ ғасырда орыс әдебиетін шың басынан көрсеткен Ф.Достоевский мен Л.Н.Толстой болды. Орыс әдебиетіне күрделі өзгерістер енгізілді. Философияға деген қызығушылық қарқынды түрде дамып, философиялық орталар пайда болды. Н.Гроттың редакторлық басқаруымен «Вопросы философий и психологий» атты журналы маңызды рөл атқарды. А.Волынскийдің «Северный вестник» журналы жарық көріп тұрды. Аталған басылымдарға орыс символист ақындарының Д.Мережковский, Н.Минский, К.Бальмонт т.б. еңбектері жарияланып отырылды. Өнерге көп көңіл бөліне бастады.

Символдың тiл мен әдебиет, мәдениет сабақтастығында зерттелу жайына шолу жасай келе, символды әр ақынның қолданысындағы ерекше құбылыс ретiнде қарастыру, әр ақынның өзіндік қолтаңбасын танытатын, айқындайтын да символ екендігін зерттеу әлi де толыққанды сипатта емес деген корытындыға келуге болады. Сондықтан бұл бағыттағы зерттеу жұмыстарының болашағы зор. Мұның өзi әрі символдың күрделi табиғатын жан жақты және терең зерттеуге мүмкiндiк жасайды., әрі қазақ әдебиетінің алыптарының еңбегін тануға мүмкіндік тудырады.

Жалпы символизм ХХ ғасырға дейін де болған, ол символизм деген терминмен аталмаса да, символизм элементтерінің қолданылғандығын әдеби туындыларымыздан байқауға толық болады. Мысалы осындай өлеңдер негізінде шығыс әдебиетінде де болды. Шығыс әдебиетінен де қазақ поэзиясына символизмнің элементтері енді. Бұл сарынның негізін салушы ақындар Әбдірахман Жәми, Рами, Науаи сияқты көрнекті шығыс классиктері.

Қазақ ақындары орыс шығармаларын аудара отырып, қазақ әдебиетіне соны сипат, европалық үлгімен астасқан өзгеше өрнек әкелді. Қазақ әдебиетіне сентиментализм, символизм сарынының енуі осы аударма әдебиетімен бірге келді. Аударма жасау арқылы ақын-жазушыларымыз орыс символистерінен өздеріне жаңа сипат іздеген. Әдебиет - халықтың ұлы мұрасы, ұлтымыздың тарихи жетiстiгi. Әдебиет бiр жағынан - ұрпақтан-ұрпаққа жеткен мұра болса, екiншi жағынaн ұрпақтан-ұрпаққа жеткен көркем туындылар, рухани байлық. Рухани байлығымыз әр түрлі сипатта көрінеді. Яғни әдебиетте суреттеу тәсілдері әр қилы болып келеді. Ақындарымыздың бірі - романтистикалық тәсілмен қаруланса, енді бірі - символистік тәсілдің шебері.



Символизм бағытының әдебиетке келген кезі Бірінші дүние жүзілік соғыс пен Қазан төңкерісі аралығы болып саналады...

Көптеген батыс зерттеушілерінің пікірінше орыс модернизмі жаңа ғасырдың эстетикалық ойларының дамуына үлкен үлес қосқан. Антипозитивистік көтеріліс толқынында әдебиетке жаңа ағым – модернизм кіре бастайды. Ғасыр басында реализмге символизм қатты соққы берген. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басында орыс әдебиетінде «символистік реализм», «реалистикалық символизм» деген екі жарыспалы ұғым пайда болды. Символистік реализмде күнделікті өмір арқылы басқа өмірдің, яғни о дүниенің барлығы көрініп тұрады.

Шығыс әдебиетінің дәстүрлі дидактикалық сарынынан тез арылып, орыс әдебиетіндегі А.Блоктың мектебін әрі қарай дамытып, қазақ әдебиетіне алғаш енгізген М.Жұмабаев болды. Зерттеу жұмысымыздың екінші бөлімі тұтастай Мағжан Жұмабаев шығармаларын талдауға арнадық.

Мағжан Жұмабаев шығармашылық өмір жолы бүгінгі таңда әдебиетші ғалымдарымыздың зерттеу тақырыбының нысаны болды. Ақынның еңбегі, өмір жолы жайлы зерттеу еңбектер бар. Қазақ поэзиясына өзінің символдық поэзия өнеріне тән шығармасын әкеліп, қайталанбас ерекшелігімен, сырлы дүниесімен Мағжан Жұмабаев ақын халық жүрегінен орын алды. Символистермен сабақтас болып, орыс поэзиясының көркемдік жағынан ашқан жаңа бигіне еркін самғап, өз өмірі мен өз халқының шындығын жырлай білген Мағжан Жұмабаевтың ерекше дара тұлға екендігін танытатын сырлы да бояулы өлеңі «Мені де өлім әлдиле» өлеңі. Символизмнің өкілінің бірі К.Бальмонттың «Әлдиле, өлім әлдиле» деген өлеңімен өзектес сол бағытта жазылған шығарма. Бұл шығарма - Мағжан Жұмабаев символизмінің шыңында тұрған өлең.

Мифологиялық символиканы поэзиядағы көрнекті көркемдік тәсіл деп танимыз. Мифопоэтикалық ойлау нышандарының бір ұшығы Бернияз Күлеевте жатыр. Ал символикалық ойлаудың негізгі құрылым нысанына, тіректеріне архитиптер жатады. Көркем шығармадағы, поэзиядағы архитиптер образдық мағына-мәннің ядролары, негізгі тудырушысы, алғашқы болмысы болып табылады.

Символизм бағытындағы ақындардың пікірі бойынша қоршаған орта сағымдай жұмбақ, жалған, ал нағыз өмірдің шындығы құпия деген тезиспен шығады. Олардың шығармаларында сол дәуірдің кризистік сыңайы, буржуазиялық қоғамның ережесіне бағынбай оны жоққа шығару, қиял мен шынайы өмірдің арасында алас ұру, ұлы тарихи өзгерістердің табандап қалғанын сезу – барлығы көрініс тапқан. Символистердің пікірінше ақынның міндеті – басқа өмірлер туралы адамдар санасына түсінік енгізу, соқыр кеуделерді ояту. Бұл ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында әдебиетте күтпеген жаңалық болды.


ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1. Әуезов М. Уақыт және әдебиет. Алматы, 1962. – 55 б.



  1. Сүтжанов С.Н .Фил. ғыл. док. дисс. авторефераты. Алматы,-2006. -63б.

  2. Достоевский Ф.М. Полное собрание сочинений. Т.27.-Л.,Наука,1984,

  3. Блок А. Собрание сочинений. Т 4. –М.., Просвещение, 1982.- 360 с

  4. Елеукенов Ш. Мағжан Жұмабаев. –А.,Жазушы, 1990, - 361 б.

  5. Мүталиева Р.Мағжан Жұмабаев,Павлодар, 2002, - 56-124 б.

  6. Максимов Д. Русской поэты начала века -Л. 1986, -408 с

  7. Литературно-эстетические концепции в России конца ХІХ – начала ХХ века. М., 1975, -349 с.

  8. Белый А. Символизм как миропонимание. М., 1994 528 с.

  9. Келімбетов Н. Ежелгі дәуір әдебиеті. Алматы, 1992, -208 б.

  10. Жұмабаев М. Шығармалары. Алматы, 1989, -446 б.

  11. Елеукенов Ш.Мағжанның шығармашылығындағы психологизм // Жұлдыз №6, 1992, - 55 б.

  12. Арутюнова Н . От образа к знаку / / Мышление, когнитивные науки, искусственный интеллект. - М. Наука, 1988, 178 с.

  13. Құнанбаев А. Шығармаларының бір томдық толық жинағы. Алматы, 1961, -692 б.

  14. Әуезов М. Абай жолы, Алматы, 1990, Т-1, -604 б.

  15. Ыбырайым Б. Жиырмасыншы жылдардағы қазақ лирикасы. Павлодар, 2007, 10 б.

  16. Сейітов С. Сөз зергерлері. Алматы, Жалын, 1966, 254 б.

Каталог: sabaq-kz -> attachment
attachment -> Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі, филология магистрі Амирханова Сара Бекетқызы Коучинг жоспарының тақырыбы: «Lesson study – сабақты зерттеу әдісі»
attachment -> Сабақ тақырыбы: Химияның негізгі түсініктері мен заңдары Сілтеме
attachment -> Сабақтыңтақырыбы: 3 4
attachment -> Сабақ: Алкандардың қасиеттері. Алкандардың жеке өкілдері және қолданылуы
attachment -> Сабақтың түрі: Аралас сабағы Сабақ уақыты: 90 мин. Сабақтың педагогикалық мақсаты
attachment -> Сабақ Алматы қаласы Алатау ауданы «185 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Бастауыш сынып мұғалімі Курманова Маржан Сеилхановна
attachment -> Сабақтың тақырыбы Сағат саны Мерзімі Оқып-үйренудің негізгі мақсаты
attachment -> Сабақтың мақсаты: оқушыларға алжапқыштың және бас орамалдың сызбасын есептеуді және құрастыруды үйрету


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет