«Педагогика тарихы» пәнінен дәрістер тезисі №1 Дәріс тақырыбы: Педагогика тарихы пәні мен міндеттері. 2 сағат Дәріс тақырыбының мақсаты



бет2/12
Дата05.11.2016
өлшемі2,81 Mb.
#769
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

Дәріс тақырыбының мақсаты: Студенттерге «Шетел педагогикасы мен мектептерінің тарихы. Алғашқы қауымдағы тәрбие. Тәрбиенің пайда болуы туралы түсінік беру, анықтамаларды талдау.

Қарастырылатын негізгі сұрақтары: Алғашқы қауымдағытәрбие генезисі тұжырымдамасы.Тәрбиенің әрекеттің ерекше түрі ретінде пайда болуы. Жанұяның пайда болуы. Жанұядағы бала тәрбиесі. Тәрбиенің ұйымдасқан формасының пайда болуы.
Жер бетінде алғашқы адамдардың қалай, қай жерде, қай заманда пайда болғаны туралы ғылыми пікірталастар әлі де жалғасып келеді. Бұл жөнінде бірқатар монографиялар, ғылыми-зерттеу еңбектер жазылғанымен, белгілі бір түйінді тұжырым жасалған жоқ. Дегенмен ХІХ-ХХ ғасырларда іргелі зерттеулер жүргізген палеонтология ғылымы саласында аталған мәселелерге байланысты көптеген деректер жиналды.

Палеонтология ғылымының дамуына Молекулярлық биология мен археологиялық ғылымдардың табыстары бұл ғылым саласының деңгейін көтеруге, жер шары халықтарының мәдени мұраларының эволюциялық даму жолдарын анықтауға көп септігін тигізді.

Жалпы палеонтология оқулықтары бүгінгі күндері адам баласының құрлықтағы пайда болуы осыдан 1 миллион 600 мың жыл бұрын шамасында шыққан деген түсінік береді. Кейбір деректерде адамның жер бетінде пайда болуы 9 миллион жылдарға тең деген болжам айтылады.

Белгілі археолог Кемел Ақышевтың басшылығымен шәкірттерінің зерттеу нәтижелері көрсеткендей, Ұлы даламыздың төсінде палеолит дәуірі кезеңіндегі Алматы облысындағы Қарғалы және Шығыс Қазақстан облысындағы Тарбағатай елді мекендерінде алғашқы адамдардың жатақтары табылған.

Еуразия даласында жақын арада табылған ең ежелгі алғашқы адам тұрақтаған мекен анықталды. Қазба жұмыстары дәлелдегендей қазақстандық белгілі археолог В.Волошин ашқан жаңалық адамзат тарихы жөніндегі бірқатар теориялардың қайта қаралуына мүмкіндік туғызады. Аты аталған археологтың басқаруындағы экспедиция соңғы 30 жылдың ішінде Сарыарқа өңірінен палеолит кезеңінен 20-дан астам адам қоныстарын ашқан.

Ежелгі адамдардың қоныстарында еңбек құралдарымен қатар, осы заманғы жылқының арғы тегі – гиппарионның тістері табылды. Соңғы деректер бойынша Еуразия даласында жабайы жылқыны қолға үйреткен тайпаның Нұра-Есіл аумағынан табылуы әлем палеонтологтарының назарын аударып отыр.

Сонымен алғашқы адамның мекен еткен жері Африкада ғана емес, Еуразиядағы Ұлы далада алғашқы адамдар тұрағы болғандығын айқындайды.

Тарихи деректер Еуразияның Ұлы Даласында б.з.д. соңғы 5-6 мыңжылдықтың ішінде халықтардың қоныс аударуы бірнеше рет қайталанғандығын көрсетуде. Бірақ, тарихшы Қ.Салғариннің үш рет қоныс аудару болған деген пікірін шартты түрде қабылдауға болады. Айтылған тұжырымды нақтылай түсуге байланысты белгілі орыс академигі А.П.Окладников бастаған ғалымдар “Сібір мәдениеті” деген атпен археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген. Қазба жұмыстары көрсеткендей, Алтай тұрғындары тұрмыс-тіршілікте пайдаланған тас-құралдардың мезгілін радиоактивтік құралдар арқылы анықтау олардың жүз мың жылдардан бұрын қолданылғандығын дәлелдеген.

Сібір археологтары анықтағандай энолит (мыс, тас) дәуірінде-ақ солтүстіктің қалың орманының күнгей жағынан Алтайды Еуропаға байланыстырған дәліздің болғандығы байқалады.

Еділ мен Жайық бойынан табылған заттар, құралдар мен бұйымдар ертеде Сібір төңірегінде жасалынғанын, Еуропа аумағында табылған бұйымдардың оларға ұқсастығы ежелгі адамдардың қоныс аударуына байланысты екендігін айқындайды.

М.Аджидің деректерінде “…біздің жыл санауымыздан бұрынғы ҮІ-Ү мыңжылдықтан кейін өздерін угор, фин, литван, эстон, кельт және викингпіз деп атап жүрген жұрттың көпшілігі жоғарыда айтқан дәлізбен Азиядан Еуропаға жол тартып, сол жерлерде өздеріне қоныс тауып, тұрақты мекендеп қалған. Сол кездерде олардың бір-бірінен айырмашылықтары да жоқ болатын, бір-біріне ұқсас өзен бойын, орман ішін мекендеп, аң аулап, балық ұстап, бірге көшіп жүретін. Халық болып ұйымдасып қалыптасса да, ұлы қоныс аударушылардың көш басы осылар болатын”,- деп баса көңіл бөлінген. Бұл жасалған тұжырым шындыққа сәйкестеу. Өйткені Шығыс Еуропа елдерінің негізін қалағандар, яғни Скандинавия түбегі мен Балтық бойындағы угор, фин, эстон, литван және кельттер б.з.д. бірінші мыңжылдықтың ортасында бүкіл Галлияны иемденіп, ҮІ-ІІІ ғасырларда қазіргі Испания, Британия, Италия, Германия, Чехия және Венгрия жерлерінде орнығып қалғаны тарихтан белгілі.

Ал, Ұлы Далада мекен еткен көшпенділерге қатысты тарихи деректерге сүйенсек, Ұлы қоныс аударудың қарбаласында үнемі екі бағытпен, яғни солтүстік және оңтүстік бағыттар аралықтарында көшіп–қонғандығын байқаймыз. Мысалы, жоғарыда айтқандай орман тайпалары солтүстік бағытпен Еуропаға өтсе, дәл сол шамада оңтүстік бағытпен Батысқа қарай қозғалғандардың ішінде орта азиялық тайпалар да болған, кейінірек ежелгі түркілер (мықтар – сақтарға дейінгі елдің аты, ол туралы деректер аз) мен сақтар аталып, олардың бір бұтағы атақты шумерлер Кіші Азияға қоныс аударады. Олар дүниежүзі тарихында белгілі болғандай, Таяу Шығыста алғашқы өркениетті құрған елдер қатарында аталады.

Екінші қоныс аудару – дүниежүзілік су тасқынынан кейінгі, б.з.д. екінші мыңжылдықтан кейінгі, Батыстан Шығысқа қарай бағытталған қоныс аударуға байланысты тарихи деректер жоқтың қасы. Сонда да, халықтың санасында сақталған ауызша тарихи шежіре ретінде айтылатын аңыздар бар. Ол аңыздардың бірінде дүниежүзілік су тасқынынан кейін Нұх пайғамбар аман қалған үш баласын үш тарапқа – Хамды Үндістанға, Самды Иранға, Иафетті Солтүстікке жібергендігі. Иафет қоныс іздеп жүріп, Еділ мен Жайықтың арасын мекендегені айтылады.

Әбілғазының “Түрік шежіресі” кітабы Иафет 250 жыл өмір сүріп, қайтыс болғанда оның артында Түрік, Хазар, Сақлап, Орыс, Мең, Шын, Кеймар, Тарих атты сегіз баласы қалған, олардың ең үлкені Түрік елге патша болған делінеді.

Атадан балаға жалғасқан мирастық дәстүр шежіреде Алансуоның балаларына келгенде бұзылып, Алансуо өлерінде елде егіз туған екі баласына – Татар мен Монғолға бөліп берген деп жазылады.

Адамзат тарихының әр кезеңдерiндегi тарихи-мәдени үрдiстердi талдауда археологиялық және этнографиялық зерттеу нәтижелерiне сүйенемiз. Шамамен үш миллион жыл бұрын жануарлар дүниесiнен гоминид тармағы бөлiнiп шығып, адам ұрпағының бастауы – австралопитек және алғашқы адамдар архаентроп және палеонтроптар тарихы қалыптасу барысында қазiргi адамдарға ұқсау нышандары байқалынады.

Адамның пайда болуы мен даму кезеңдерiн геологиялық хронологияларға негiздеу - тарих ғылымында берiк қалыптасқан жай. Геологиялық танымда жердiң тарихы төрт дәуiрге бөлiнедi. Олар: архей, палеозой, мезазой, кайнозой деп аталады.

Жер бетiндегi тiршiлiк сiлемi кайнозой дәуiрiнен басталады. Кайнозой өз кезегiнде екi кезеңге, бiрi шамамен 60 миллион жылға созылған геологиялық үштiк кезең, екiншiсi шамамен 1 миллион жылдан бүгiнгi күнге дейiнгi кезең болып ажыратылады.

Сонымен саналы адамның тiршiлiгiнде тұтынылған тастар “тас дәуiрi” шартты атаудан бастау алады. Адам танымы ғылыми тұрғыдан тас дәуiрiн ең ежелгi кезең – палеолит, екiншiсi – мезазой (орталық кезең), үшiншiсi – неолит (ең соңғы кезең) деп үш кезеңге бөледi.

Ал азиялық аумақта алғашқы адамдардың пайда болуы 9-7 мыңжылдықтар шамасындағы ең ежелгi палеолит кезеңiнде Сiбiр, Қырым, Кавказ, Орталық Азия және кейiннен Днестр, Дон жағалауларында пайда болған деген пiкiрлер бар. Бұл тұжырым әлi де нақтылана түседi.

Сол деректерге қарасақ, палеонтроптар еңбек және аң аулау құралдарын жасап, әртүрлi топтық-шаруашылық қарекеттермен айналысқан, үңгiрлерге, жер үйлерге паналап алғашқы от жағу, тағам дайындау, жемiс-жидектердiң дәнiн, тамырын жинау, сақтау, т.б. iстердi атқаруға үлкендермен қатар балалар да қатыстырылған. Мұндай жағдайларда тәрбиенiң пайда болуы - заңды құбылыс. Жас ұрпақты тәрбиелеуде күнделiктi тәжiрибелерi жинақтала келе, тұрмыс-тiршiлiгi тәрбиенiң қажеттiлiгiне және оны жетiлдiрiп отыруға талаптандырды. Үлкендер мен балалардың бiрлестiк еңбектерi бағдарлы үйрету қарекетiмен ұштасты. Тұрмыстық тiршiлiктiң барысы, алғашқысында аң және балық аулау қауымдастықтарын қалыптастырса, егiн және мал шаруашылығымен (8-5 мыңжылдықтан жаңа дәуiр аралығы) айналысуда адамдар өмiрiне мол өзгерiстер енгiздi.

Осы аралықта аналық-рулық матриархат қауымдастығы өрбiдi. Балаларды тәрбиелеу тайпа көсемдерiне, ақсақалдарға жүктелiп, ертегi айту, ойын ұйымдастыру және өлең айту түрлерi, сол дәуiрдегi тәрбиенiң мазмұндық құрамына айналды.

Кейiнгi алғашқы қауымдағы аңшылық шаруашылықтары адамдардың өндiрiстiк формадағы егiншiлiк пен шаруашылық еңбектерiмен ұласты. Алғашқы қоғамдағы шаруашылық және әлеуметтiк байланыстардың күрделенуi және өзгерiске түсуi өндiрiс құралдарына иелiк ету, отбасының пайда болуына жағдай жасады.

Қоғамдағы билеушi топтар, көсемдер, ақсақалдар, дiн басылары балаларды еңбекке баулу тәрбиесiне, есеп-шотты пайдалануға үйрету, тәрбие мазмұнын кеңейтуге назарларын бөле бастады. Жер өлшеу, ауа райын, су тасқындарын болжау, адамды емдеу, т.б. бiлiмдердi үйрететiн арнаулы мекемелер (мектеп типтес) ашылды. Онда балалардың практикалық iскерлiктерi мен дағдылары жетiлдiрiлдi.

Қауымдастықта қалыптасқан жағдайларға байланысты аңшыны, бақташыны, диханды тәрбиелейтiн бағдарламалар белгiленiп, жасөспiрiмдердiң бiлiм, практикалық дағдыларын дамытуға ат салысты. Қыз балаларға арналған бағдарламаларда оларды үй шаруашылығына, үй кәсiбiне: жемiс-жидек жинау, ас дайындау және сақтау, қолөнер, бейнелеу өнері, сурет салуға үйретiлдi.

Жастардың денесiн шынықтырумен бiрге ежелгi дәстүр-салттарын сақтауға бейiмдеу қауымдық тәрбиеде басым болды, жастарды өмiрдiң жалпы ұстанымына қажеттi бiлiмдердi, практикалық iскерлiк пен дағдыларды меңгеруге, рулық аңыздар, мифтердi және ертегiлердi есте сақтауға ынталандырды. Қорыта айтқанда, неолит дәуiрiнде тiршiлiк қажеттiлiгiн өтеу шаруашылығынан өндiрiстiк өнiм шығаруға көшу адамзат тiршiлiгiне өзгерiстер ендiрiп, бала тәрбиесiне тiкелей ықпалын тигізді.

Алғашқы қауымдастықта күнделікті өмір-тіршілікке, шаруашылыққа, елді қорғауға қыз балалар да қатыстырылды. Қазақстанның территориясындағы таулы-тасты жерлерде бедерленіп сызылған жүкті, балалы әйелдердің бейнелері, садақ ұстап нысананы көздеген қыздардың мүсіндері салынған деректер ұшырасады.

Рулық қоғамдастықта көсемдердің, жасы келген қариялардың, ақсақалдардың жас ұрпақты тәрбиелеуге қатысқандығын археологиялық және этнографиялық зерттеу жұмыстары нақты деректермен дәлелдейді.

Жас ұрпақты тәрбиелеуге қауымдастықтың барлық мүшелері қатысқан, оларды қауымдастықтың жалпы өмір тіршілігіне үйрету, балаларды ересек адамдардың өмір қарекетіне даярлау мәселелері ортақ болған. 10-12 жасар балалар үлкендер қатарына қосылу үшін тіршілікке қажетті іскерлік пен дағдыларды игеруге тиіс болған. Ал бала 13-ке толғанда отбасы иесі деп саналып, үлкендер қатарына жатқызылып, дене күшін дамыту және шаруашылық іс-әрекеттер тәжірбиесін жинақтауға тәрбиеленген. Жастар тұрмыстық құралдарды жасауға және қолдануға дағдыландырылған. Мәселен, балалар арасында қасиетті аң-құстарды, үй жануарларын, адамдарды бейнелейтін ойыншықтар жасау кеңінен тараған. Дон дариясының жанындағы Костенка ауылындағы ертедегі балалар жасаған ойыншықтар палеолит дәуіріндегі қорғаннан табылған. Үлкендердің бірлесіп аң аулағандарын көргендерін, білгендерін, оған қатысқаннан алған сезім-күйлерін балалар осындай ойыншықтарды жасау арқылы өзіндік ой-саналарын арттыруға мүмкіндік алған.

Сонымен қатар Тәңірге табыну сияқты тотемдік ырым-салтқа байланысты балалардың магиялық ойлау бейнесін дамытқан. Былайша айтқанда, тотемдік сенім, адамның қабілет-қасиеттілігі хайуанаттың қимыл-әрекеттеріне ұқсау арқылы дамытуға болады деп есептеді. Тотемдік ырымдарға айырықша мән берілді, балалар ол ырымдарды игеруге үйретілді.

Балалардың үлкендердің басшылығымен атқаратын жұмыстарында олардың талғам-сезімдерін, ептіліктерін тәрбиелеуге көңіл бөлінеді. Балаға арналған ер-тоқым, киім-кешек, садақ, т.б. құрал-жабдықтар оның күш-қуатына, жас шамасына қарай бейімделіп жасалды.

Рулық қауымдастықта балаларға бостандық және әр істі өз бетінше орындауға ерік берілді. Балалардың іс-әрекеттерінде ойын элементтерін пайдалануы, сюжеттік, рөлдік ойындарды орындауы мінез-құлықты, жүріс-тұрысты дамытудың пайдалы құралдары деп есептелді.

Сонымен үлкендердің еңбектеріне балаларды қатыстыру, балалардың құрбылары арасындағы үлкендерге ұқсау, т.б. тәрбиелік орта құрау ойындары алғашқы қауымдастықтағы тәрбиенің ерекшеліктеріне жатады. Сол кездегі сұранысқа сай қарым-қатынас нормаларын белгілеу қауымдастық алдындағы күрделі мәселенің бірі болды. Күнге, айға, отқа табыну және қауымдасаралық салт-дәстүрге, жыл мезгілдеріндегі ырым-жоралғыларды орындауға жасөспірімдерді қатыстыруға, балаларға лайықты іс-шараларды ұйымдастыру, ересектердің өмір тәжірибелерін игеруге, бір-бірімен адамгершілік қарым-қатынас жасауға мүмкіндік туғызатын. Балаларды тәрбиелеуде ертегілер мен аңыздар арқылы күшті, ержүрек адамдар бейнелеріне ұқсау, олардан үлгі-өнеге алу насихатталды.

Сонымен ертедегі алғашқы қауымдастықта тәрбие өндірістік және тұрмыстық қарым-қатынастарда рулық ұжымның табиғи өмір тіршіліктеріне байланысты бір-бірінен бөлінбеген.

Ертедегі еңбек, дене және адамгершілік тәрбиесі, балаларды өмірге дайындауға олардың санасын өсіріп, дүниетанымдық ой-сезімін дамытуға бағытталды.

Жас ұрпақты тәрбиелеуде үйрету бағытындағы іс-әрекеттер, амалдар сандық жағынан да және тарихи мәні тұрғысынан да өзіндік ерекшелігімен сипатталынады. Ертедегі алғашқы қауымдастықта, оның қарапайым тұрмыс-тіршіліктерінде қол жеткізген нәтижелерді бағдарлай білуге, одан әрі дамытуға үйрету, балаларды жануарлар мен адамдардың бейнелерін жартастарға салу, мал сүйектеріне түсіру немесе бояумен бояу сияқты әрекеттерге дағдырландырды.

Кейін, шамамен б.з.д. 8-5 мыңжылдықтарда, шаруашылықтың күрделенуіне орай адамның жеке басының қамын қанағаттандыру әрекеттерін (жеміс-жидек, аң аулау) сақтаумен қатар, өндірістік іс-әрекет формалары (егін егу және мал өсіру) қалыптаса бастады. Қауымдастықтардағы шаруашылық және әлеуметтік байланыстардың күрделене түсуі мен өзгерістеріне байланысты жаңа жағдайлардың туындауы, отбасының пайда болуына себепші болды. Отбасын құруда үйлену үрдісін жүйеге келтіруде, бір рулық топтан тыс тұрмыс құруға рұқсат беру, кейінірек келе екі ру қауымдастықаралық тұрмыс құру (экзогамия) тәжірибесі рулық қауымдастықтардың қарым-қатынастарын жаңа негізде ұйымдастыруға себепші болды. Сонымен кейінгі рулық қауымдастықтардағы тұрмыс құрудағы топтық форма бертін келе екеуара некелесуге ұласты. Бұл өз кезегінде рулық қауымдастықтағы қарым-қатынасқа өзгерістер әкеліп, тәрбиенің жеке отбасылық формасын дүниеге келтірді. Осы кезеңнен бастап тәрбиенің мазмұны баланың дене және рухани дамуына отбасының тікелей жауапкершілігімен толықтырылды.

Қыз баланы анасы, әкпелері және рудың басқа да әйелдері тәрбиелесе, ұл баланы тәрбиелеуге ата-анасы және олар жағынан туысқан ер адамдар тәрбиеге қатысты. Әрине, ол кезде ананың (матриархат) тәрбиедегі рөлі жоғары болатын. Ер бала 5 жасқа дейін отбасының ықпалында болса, сонан кейін қауымдастықта өзі қатарлас балалармен бірге ортақ тәрбие алады.

Шаруашылық және әлеуметтік байланыстардың жаңа жағдайларында үлкендердің өмір тіршілігіне жас ұрпақты қатыстыру өмірге дайындау нәтижелеріне қоғамдық талап қойылды. Сөйтіп, тәрбиенің қоғамдық мәні бар алғашқы элементтері қалыптаса бастады. Жеткіншек қыздар мен бозбалаларды үлкендер қатарына қосу ырымдары орныққаннан кейін, тарихи маңызы бар алдын-ала мақсатқа сай ұйымдастырылған тәрбиелеу мен үйретудің алғашқы қоғамдық институты аяғына тұрды. Адамдардың өмір тіршілігін археологиялық ізденіс пен этнографиялық зерделеу көрсеткендей, алғашқы қауымдастықтығын балаларды өсіру, тәрбиелеудің кейбір элементтері осы күнге дейін сақталып (баланы бесікке салу, отпен аластау, май құю) қалды.

Жастарды өмірге, рулық-салтқа дайындауда ұл және қыз балаларды жеке-жеке тәрбиелеу рулық қауымдастық тұсында белгілене бастады. Қауымдық орталықтарда арнайы “үйлер”, мысалы, “бойдақтар үйі” сияқты ұйымдар болды. Мұндай орталықтарда жастарды өмірге дайындау мектептің міндетін атқарған болатын.

Қауымдастықтағы өмір тіршіліктердің қалыптаса бастаған үйрету бағдарламаларын белгілеу, жасөспірімдерге өмірге қажетті білім беру, мысалы, аңшы, егінші және әскери адамдарға қажетті тәжірибелік дағдыларын тәрбиелеу іске асырылды.

Қыз балалар болса үй жұмыстарына: тоқу, өру, қол өнерлеріне (қыштан ыдыстар жасау) үйретілді. Олардың денелерін шынықтыру, рәсімдік дайындықтар жасау сияқты қыз балаларға әлеуметтік-адамгершілік тәрбие берілді. Балалар өмірдің жалпы заңдылықтарын білуге үйретілді, өмірге қажетті практикалық іскерлік пен дағдыларды игерді. Мәселен, рулық аңыздар мен салт-дәстүрлер өмір заңдарын білуге ынталандырады. Кемелденудің аяқталу кезінде жастардың шыдамдылықтарын анықтау ұйымдастырылды, жасөспірімдердің дене күші, практикалық икемділіктері, әлеуметтік-адамгершілік және ерік күйлері тексеруден өткізілді, олардың ересектер өмір-тіршілігіне жеткендігі бағаланды.

Сонымен қатар, сөйлеу мәнеріне, биге үйретуде, есте сақтау, жаттықтыру, қайталау элементтері қолданылды, кейбір кемшіліктері үшін баланы жазалау әдістері (ескерту, зекіру, ұру) кеңінен пайдаланылды.

Балалардың бойында тапсырмаларды есте сақтау, оларды тиянақты орындау тәртібін білу, қауымдастықтағы өз орнын сезіну дағдылары қалыптастырылды. Ал, егер тапсырмалар жеткіліксіз орындалса, баланы жазалау және жастардың кемелге келу жүйесін басқару рулық қауымдастықта арнайы айналысатын қарт адамдарға жүктелді. Осыған байланысты рулық қауымдастықта сол ақсақалдар тәрбие жұмыстарын ұйымдастырудың жаңа әдіс-тәсілдерін ойластырды. Бұл үрдіс кейін келе мазмұндық жағынан мәдени-тарихи, тұрмыстық және шаруашылық дәстүрлермен сабақтастырыла дамытылды, сөйтіп педагогикалық қызметтің бастапқы түрлері сұрыпталып шыға бастады. Сонымен, алғашқы қауымдастықтың ыдырау жағдайында тәрбиенің дербестенуі басталды, оған басты себеп неолит дәуірінде шаруашылықтың өнім өндіру түріне көшу, адамдардың өмір тіршілігіне ауқымды өзгерістер енгізіп, тәрбие ісіне де елеулі ықпал жасады.

Ұлы Далада тас, қару-жарақ пен құралдардың орнына қоладан жасалған өндіріс құралдары (қола дәуірі б.з.д. 4-3 мыңжылдықтарда, қалайы дәуірі 3-2 мыңжылдықтарда және темір дәуіріндегі 1 мыңжылдықта) жетіле келе, темірдің шаруашылықта қолданылуы өндіріс сапасын арттырудағы еңбек бөлісуі, егіншіліктің мал шаруашылығынан бөлінуі, қолөнердің қалыптаса бастауы шаруашылық қызметінің өрбуіне ұйытқы болды.

Алтайдан Днепрге дейінгі Ұлы Даладағы тайпалар мал шаруашылығымен айналысса, қазіргі Кавказ таулары етегі мен Орталық Азия, Украина, Молдава, Еділ бойлары, Сібір территорияларында егіншілікпен шұғылданды.

Рулық қауымдастықта еңбектің түрлерімен айналысатын арнайы адамдар тобы қалыптаса бастады. Мысалы, мал және егін, аң аулаумен қатар, жіп иіріп, мата тоқу, металл өңдеу, қыш ыдыстар жасау дамыды. Рулық қауымдастықтары араларында тұрмысқа қажетті заттарды айырбастау, сауда-саттық элементері туа бастады.

Әлеуметтік шаруашылық жағдайларда жеке меншіктік бастау алып, өндірістік құралдар мен өнімдер бір қолға жиналып, ру-тайпалық ауқатты (көсем, тайпа басшылары, т.б.) адамдар шыға бастады.

Неолит дәуірінде Ұлы Дала территориясында б.з.д. 8-6 мыңжылдықта ертедегі жазба, яғни пиктографикалық (тасқа сурет салу) таңбалар жартастарға түсіріле бастады.

Археологтар мен этнографтардың зерттеу материалдары бойынша Алтайдан Дунайға, Қиыр Шығыстан Балқанға дейінгі аралықтағы өмір сүрген тайпалар, тұрмыс-тіршіліктен түйген сезімдерін пиктографикалық жазбалармен тасқа, мал терісіне, сүйектерге, қайың қабықтарына жазып келген.

Сонымен қатар еңбекті бөлісу қажеттілігі әртүрлі қолөнерге арнайы үйретуді талап етті. Сол себептен материалдар, заттар мен бұйымдардың жекелеген отбасының қолында шоғырланғандықтан, кәсіби мамандыққа балаларды даярлау отбасының мүмкіндіктеріне байланысты болды. Кәсіби мамандық икемділік пен қабілеттілікті дамытуға, сақтай білуге талпыныс тудырды. Өйткені, бұл қажеттілік жеке отбасы мен кейбір әлеуметтік топтарға өте қажет болды. Сондықтан қолөнерлі шебер отбасы – кәсіби ұстаздық пен қабілетті шәкірттерді дайындайтын орталыққа айналды. Ал, жасөспірімдерді еңбекке, жауынгершілікке, дене шынықтыруға және әлеуметтік-адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеу, өмірге дайындау оларды арнайы үйретудің бастамасы деп айтуға болады.

Демек, алғашқы қауымдық қоғамдағы тәрбиенің пайда болуы антропосоциогенетикалық атты анайы кезеңінде пайда болды, социобиогенетикалық деңгейде әлеуметтік қызмет атқаратын жабайылық деңгейде қалыптасты. Алғашқы қауымдық өркениетте тәрбие рационалды-әлеуметтік деңгейде болды. Алғашқы педагогикалық дәстүрлер адамның балалық шағына ерекше назар аударды.



Сұрақтар: Алғашқы қауымдастықтың әр кезеңдеріндегі тәрбие мазмұны. Алғашқы қоғамдағы тәрбиенің ерекшеліктері. Алғашқы қоғамдағы тәрбие мазмұны мен формалары. Алғашқы қоғамның ыдырау жағдайындағы отбасы тәрбиесінің мазмұны
3 Дәріс тақырыбы: Ежелгі мектеп пен тәрбие. 2 сағ

Дәріс тақырыбының мақсаты: Студенттерге Ежелгі мектеп пен тәрбие туралы түсінік беру.

Қарастырылатын негізгі сұрақтары: Ежелгі Шығыс өркениеті жағдайындағы тәрбие мен оқу. Ежелгі Египет мектебі. Ежелгі Үндістандағы мектеп пен тәрбие. Ежелгі Қытайдағы мектеп ісі мен педагогикалықойлардың пайда болуы. Жерорта теңізіндегі Антикалық әлем тәрбиесі мен мектеп. Ежелгі Грециядағы мектеп пен тәрбие Эллин дәуіріндегі тәрбие мен білім беру. Ежелгі Римдегі мектеп пен тәрбие.
Одан әрі тарихи дамудың нәтижесінде алғашқы қауымдық құрылыс жаңа қоғамдық формация – құлдық қоғаммен ауысты. Ертедегі Шығыста алғашқы таптық қоғам пайда болды, материалдық және рухани мәдениеттің негіздері қаланды. Шығыс мәдениеті белгілі дәрежеде ертедегі Греция мен Рим мемлекеттеріне әсерін тигізді. Ертедегі Шығыс елдерінде арнаулы мекемелер (мектептер) бірте-бірте ашыла бастады. Ал мектептерде негізінен үстем тап өкілдерінің балалары оқыды. 
Ертедегі Индияда мектеп ашыла бастады. Мыңдаған жылдар бойы қарапайым жер шаруашылығымен айналысатын қауымдардың ұйымдастыруымен қауымдық мектеп өмір сүрді. 
Сонымен қатар Кіші Азияда және Египетте мектептер дами бастады. Адамдар табиғат құбылыстарына бақылау жүргізе бастайды, су тасқынын алдын-ала анықтауды үйренеді, астрономия, геометрия, арифметика, медицина сияқты ғылымдардың негіздері қалана бастады. Осы мәліметтердің барлығы үстем тап өкілдерінің қолында жинақталған. 
Ертедегі Қытайда төменгі және жоғары мектептер жұмыс істейді. Жоғары мектептерде үстем тап өкілдерінің балалары күрделі пероглиф тәсілімен оқуға және жазуға үйренді, философия және мораль жазушылар мен ақындардың шығармаларыноқып үйренді. Онда астрономиядан кейбір мәліметтер берілді. Ертедегі қолжазбаларда (Қытай, Индия, Мысыр және т.б.) тәрбие туралы мұғалім мен тәрбиеге қойылатын талаптартуралы құнды ойлар кездеседі. Бұл мектептерде қатаң тәртіп, дене жазалауды кеңінен қолданылады. 
Ертедегі Шығыстың, Греция мен Римнің құлиеленуші мемлекеттерінде тәрбиенің алғашқы жүйелері қалыптаса бастайды, алғашқы педагогикалық теориялар дүниеге келеді. 
Ертедегі Египетте мектепте оқыту туралы алғашқы мәліметтер б.э.дейінгі 3 мың жылдықтарға жатқызуға болады. Мыңдаған жылдар бойы Нил сағасында белгілі психологиялық жеке тұлға қалыптасты. Ертедегі египеттіктердің идеялы көзге сараң, дағдырдың қиындығы мен соққысына шыдай білетін, табанды адам болып табылады. Осындай адамды оқыту және тәрбиелеу мақсатын қойды. 
Ертедегі Египетте жанұя тәрбиесі мен оқыту әйелдер мен ерлердің өзара қарым-қатынасының сипатын бейнелейді. Бұл қарым-қатынас тепе-теңдік негізінде құрылды. Сондықтан да ер балалар мен қыз балаларға оқытуға бірдей көңіл бөлінді. 
Ертедегі Египетте қолданылған әдістер мен тәсілдер тәрбие мен оқытудың мақсаттары мен идеялына сәйкес келеді. Оқушыға ең алдымен тыңдай білуге үйретті. “Тыңдай білу – адамның ең негізгі қасиеті” қанатты сөзі кеңінен қолданылды. Мұғалім күнделікті өз шәкіртіне мынадай сөздерді жиі қолданды: “зейінді бол және менің сөзімді тыңда, менің саған айтқан сөзімнің ешқайсысын да ұмытпа”. 
Египеттіктер дене жағынан жазалауға ерекше мән берді. Дене жағынан жазалау табиғи және қажетті деп есептеді. Көп ғасырлар бойы Египетте әкенің, тәлімгердің ерекше беделін қастерледі. “Әруақытта да әкенің және ата-бабаңның адалымен жүр” деген дәстүрмен тұқым арқылы мамандықты беру дәстүрі тығыз байланысты. 
Ертедегі Индия тарихы ені дәуірге бөлінеді: дравид-арийлік және будда дәуірі. Индия жартыаралының б.э.2-мыңыншы жылдықтың бірінші жартысына дейін жергілікті халықтың давид тайпаларының өркениеті Екі өзеннің арасындағы алғашқы мемлекеттердің мәдени деңгейіне сәйкес келеді. Тәрбие мен оқыту жанұялық-тектілік сипатта болды, жанұяның ролі ерекше болды. 
Ертедегі Индиядағы тәрбие мен оқытудың дамуына касталық құрылыс өзіндік із қалдырды. Тәрбие мен оқытудың инезисінің екінші негізгі жағдайларының біріне діни идеологияның (буддизмнің) әсері болды. 
Индияда әлеуметтік жағынан үстемдік еткен каста-брахмандар болды. Әрбір адам өзінің адамгершілік, ақыл-ой және дене сапаларын дамыту қажет болды. Брахмандарда ең негізгі сапалар интеллеутуалдық артықшылыққа, екінші каста – кшатрийлер – мықтылық пен ерлікке, вайшьилер – еңбек сүйгіштікке және шыдамдылыққа, ал шудралар – құлшылық етуге ерекше мән беріледі. 
Идеялық тәрбие беруге тек ғана жоғарғы касталардың мүмкіндігі болды. Тәрбиенің мақсаты - ақыл-ой дамуы, рухани тәрбие, дене жағынан жетілу, табиғатқа, сұлулыққа сүйіспеншілік, өзін-өзі меңгеру және ұстамдылық. 
Ертедегі Индияда ерекше қасеитті және сонымен бірге оқу кітабі болып табылатын “Бхагавадгита” (б.э.д. 1-мыңжылдықта) ерекше атауға болады, шәкірттерді тәрбиелеу және оқыту мазмұны мен жолдарының үлгілері ұсынылды. 
Басқа да алғашқы адамзат өркениеттері сияқты Ертедегі Қытайдың бай және өзіндік педагогикалық дәстүрінің негізіне түбірімен алғашқы қауымдық құрылысқа кететін жанұялық-қоғамдық тәрбие тәжірибесі жатады. 
Әрбір жанұядағы өмір ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлер мен түсініктердің белгісімен іске асты. Барлық жанұя мүшелері белгілі ережелерді және шектеушіліктерді сақтау қажет болды, мәселен, жаман сөздер айтуға, үлкендерге және басқа да туысқандарға зиянды қылықтарға тиым салу. 
Қытайда ғасырлар бойы педагогикалық идеал қалыптасты, ол көп білетін, “өзінің жандүниесінде бейбітшілік пен үйлесілімділікті қалыптастыратын адамды тәрбиелеу” мақсатын қойды. Тәрбиелік қатынастардың негізіне жастардың үлкендерді сыйлай білуін жатқызды. 
Ертедегі кітаптар бойынша, бірінші мектептер Қытайда б.э.д. 3-мыңжылдықта пайда болды. Олар сян және су сюй деп аталды. Оқытудың негізгі мақсаты пероглифті жазуды меңгеру болды. Оқыту және тәрбиелеу бағдарламасына 6 өнердің түрі кіреді: мораль, жазу, санау, саз, садақ ату, атқа міне білу. 
Қытай – ертедегі өркениеттің негізін қалаған мемлекеттің бірі ретінде тәрбие мен білім беруді теориялық тұрғыдан пайымдауға алғашқы қадамдар жасалды. Ертедегі Қытайда педагогикалық ой-пікірдің дамуына Конфуций және оның ізбасарлары ерекше ықпал етті. 
Конфуций (551-479жж. б.э.д.) өзінің мектебін құрды, онда 3 мыңға тарта шәкірт даярлады. Конфуций Ертедегі Қытайда тәрбиелеу және оқыту тәрбиесін жинақтады және өзінің тамаша ойлары мен идеяларын ұсынды. Конфуцийдің айтуынша, идеялдық тәрбиеленген адам адамгершілігі жоғары, шындыққа ұмтылу, әділдік, рухани мәдениеті бай адам болу керектігін ерекше жоғары бағалады.

2. Ертедегі Грециядағы тәрбие жүйесі.



Ертедегі Греция – көптеген құлиеленуші мемлекеттерді- полистерді біріктіретін ел. Греция тарихында екі мемлекеттің (полистің) – Афина және Спартаның ерекше мәні, ықпалы зор болды. Олардың әрқайсысында ерекше тәрбие жүйесі қалыптасты, оның ерекшелігі мынадай жағдайларға байланысты болды: бір жағынан, құлиеленуші құрылыстың жалпы заңдылықтарымен, екінші жағынын, сол елдің даму ерекшеліктерімен байланысты. 
Ертедегі Грецияда тәрбиенің екі жүйесі қалыптасты: спартандық және афиналық. Кейбір жалпы ерекшеліктерімен қатар бір-бірінен елеулі айырмашылықтары да болды. 
Спартандық тәрбие жүйесі. Спарта мемлекеті Ертедегі Грециядағы ең алғашқылардың бірі болды. Спартандық құл иеленушілік мемлекеттің негізгі шаруашылығы егіншілікпен айналысты. Құлдар бұл мемлекетте мемлекеттің жекеменшілігіне айналды. Спартандық және афиналық жүйенің айырмашылығы бұл мемлекеттердің экономикалық және саяси дамуының және мәдениеті жағдайының кейбір ерекшеліктерімен байланысты. Бұл екі мемлекетте құлиеленуші мемлекеттер болды, қоғамдық тәрбие жүйесі тек ғана құлиеленушілердің бағаларын оқыту және тәрбиелеу ісімен айналысты. Бұл мемлекеттерде құлдар барлық адамзат құқықтарынан айырылған болатынды. Сондықтан да Спарта мемлекетінде құлдардың көтерілісі жиі болып тұрды. Осы жағдай спартактарды қарудың күшімен өздерінің үстемдігін орнатып отырды. 
Осындай жағдайда ерекше спартандық мемлекеттік тәрбие жүйесі қалыптасты, оның мақсаты-спартиат балаларының әскери даярлығы күшті, шыныққан, табанды болашақ құлиеленушілерді дайындау болды. Мемлекет балаларды туғаннан бастап, жанұя тәрбиесін бақылап отырды. Ақсақалдар жаңа туған баланы тексеріп, тек ғана дендері сауларын ғана әкесіне қайтарып берген ал аурулары мен әлсіздерін жоққылып өлтіріп отырған. 
Осы аталғандар спартандық тәрбие жүйесінің ерекшеліктерін білдіреді. 7 жасқа дейін спартиаттар – балалар (спартиаттар деп аристократтар-құлиеленушілерді атады) үйде тәрбиеленді. 7 жастан бастап мемлекеттік тәрбие мекемелерінде дене тәрбиесі және әскери жаттығуларға ерекше мән берілді. 
Балалардың денесін шынықтыру, аштыққа, суықтыққа, шөлге, қиындыққа шыдамды етіп үйрету. Жас спартиаттарды жүгіруге, секіруге, найзаласуға, күресе білуге, жекпе-жек тәсілдерін меңгеруге, әскери әндер айтуға үйретті. Дене тәрбиесімен қатар саз, ән айту және діни билер қатар жүргізілді. Саз және ән айту әскери сипатта берілді. 
18-20 жаста жастар эфебия деп аталатын ерекше топқа аударылды, онда әскери қызметін атқарды. Спартада қыз балаларға да әскери дене тәрбиесі берілді. Оның мақсаты – ерлер әскери жорықтарға қатысқан кезде әйелдер ерлердің орнына әскери міндеттерін атқару үшін қажет. 
Афиналық тәрбие жүйесі. Афинаның географиялық жағынан ыңғайлы орналасуының арқасында ертедегі Шығыс елдерімен сауда-саттық ісі ерте дамыды. Егін шаруашылығынан басқа онда кейбір қолөнер кәсібі жан-жақты дами бастады. 
Афинада мәдениет өз дамуының жоғары дәрежесіне жетті. Афина мемлекеті Спарта мемлекетінен өзінің қоғамдық құрылысы, мәдениет деңгейі жағынан өзгешелігі бар. Сонымен қатар тәрбие және білім беру жүйесінде де ерекшеліктер кездеседі. Афина тәрбиесі мен білім беру жүйесі әскери жауынгерді дайындау емес, одан гөрі білімді, қабілетті жан-жақты үйлесімді дамыған жастарды тәрбиелеу. 
Афиналық тәрбие жүйесі Ү-ҮІ ғғ.б.э.д.төмендегіше қалыптасты: 7 жасқа дейін ер балалар мен қыз балалар анасының басшылығымен үйде тәрбиеленді және бекітілген құлдар тәрбие ісіне араласады. Қыз балалар 7 жасқа толғаннан кейін ананың басшылығымен үйде жанұя тәрбиесіне жалғастырады (олар негізінен үй шаруашылығына үйретіледі). Ер балалар 7 жастан бастап үйде жеке меншік мектептерге қатынасады (мемлекеттік мектептер болмады): 7 жастан 14 жасқа дейін грамматист мектебіне (оқу, жазу, санау) және кифарист мектебіне (саз, ән-күй, тақпақ айту), 14 жастан полестра-мектебіне (күрес мектебі) қатынасады, онда 2-3 және жаттығулармен айналысады. Полестра мектебінде жаттығулардан басқа оқушылармен саяси және адамгершілік тақырыптарында әңгімелер өткізіледі: Ауқатты жанұялардан шыққан жастар кейіннен мемлекетте басқару лауазымдарына даярланады, гимназияда білімдерін жалғастырады, онда философия мен саясатты оқып үйренеді. 
18 жастан 20 жасқа дейін жастар әскери қызметке даярланады, онда әскери даярлығын арттырумен қатар, өздерінің саяси білімін жалғастырады, елдің заңдарын оқып үйренеді. 
Афиналық тәрбие жүйесінде дене тәрбиесі ақыл-ой, адамгершілік және эстетикалық тәрбиемен қатар ерекше роль атқарды. Сонымен қатар Спартада да, Афинада да құлиеленушілердің балалары дене еңбегіне жеккөрушілікпен қарады. 
Қарапайым ата-аналардың балалары өз әкелерінен қандай болмасын қолөнердің түріне үйренді. Спартада да, Афинада да құлдардың балалары білім алуға мүмкіншілігі болмады.

3. Ертедегі Грецияда педагогикалық 


теорияның пайда болуы.

Ертедегі грек ғалымдары мен философтары еңбектерінде тәрбие және оқыту мәселелеріне ерекше мән берді. Педагогика ғылымы алғашында философия ғылымының құрамында дамыды. Ертедегі ғұлама грек ойшылдары Сократ, Платон, Демокрит, Аристотель және т.б. Грецияда педагогикалық теориялардың пайда болуында және қалыптасуында ерекше орын алады.

Демокриттің педагогикалық теориясы.

Ертедегі грек философиясының шыңы, ғұлама философ-материалист, атомистік теорияның негізін алушы Демокрит (460-370 жж.б.э.д) болды. Оның бізге жеткен көптеген шығармаларының үзінділерінен біз Демокриттің ғылымының барлық салаларында қолтаңбасын қалдырғандығын аңғаруға болады, оның философия, педагогика, математика, физика, биология, медицина, психология, өнер салаларында қалдырған ғылыми мұралары белгілі. Оны К.Маркс Демокритке былай деп баға берген болатынды: “Гректердің арасынан шыққан бірінші әмбебап ақыл-ой”. 


Демокриттің тәрбие туралы ойлары педагогикалық ой-пікірдің тарихында ерекше мәні зор. Өзінің атомистік теориясының негізінде Демокрит жеке тұлға дамуының материалистік тұжырымдамасын ұсынды. Ол дүние материалдың, бір-бірінен түрі, қатарға және жағдайы жағынан ерекшеленетін атомдардан тұрады. Ақзалардың өмірі мен өлімі атомдардың бірігуіне және ыдырауына алып келеді. 
Демокрит жанның өлмейтіндігін жоққа шығарды. Демокрит адамның қалыптасуы оның табиғатына және тәрбиесіне байланысты деп түсіндірді. Мәселен, Демокрит еңбектерінен кейбір үзінді келтіретін болсақ; “Егер де оқымаса, ешкімнің де өнерді де, даналықты да меңгермеген болар еді”, “Табиғаттан гөрі, жаттығудың арқасында көптеген адамдар жақсылық қасиеттерді меңгереді”, “Кейде жас адамдарға ақыл, ал қарттарға ақылсыздық тән болса, ақылға үйрететін уақыт емес, ол дұрыс қойылған тәрбие және табиғат”. 
Демокрит ортаға, үлкендердің үлгі-өнегесіне (“Әкенің жағымды ойы-балаларға ең жақсы өсиет”), сөздік әсеріне, сендірумен тәрбиелеуге, еңбекке үйретуге ерекше мән берді. 
Демокриттің бізге жеткен еңбектерінің үзінділерінде балаларға кішкентай кезінен бастап талаптар қою туралы жан-жақты айтылды. 
Демокриттің материалистік таным теориясы бойынша, білімнің басы түйсіктер екендігін, ал шындық ақыл арқылы іске асатындығын (теориялық ойлау), дәлелдеу, ақыл-ой тәрбиесінің мәселелерін шешуде мәні ерекше болды. Демокрит ойды, ақылды дамыту туралы мынадай мәнерлі сөздермен аяқтады: “Көптеген көп білетіндер (білгіштер) – ақылсыз (ойсыз)” деген болатынды.

Сократтың педагогикалық теориясы.

Сократ (469-399жж.б.э.д) философ-идеалист болды, өзінің демократиялық шығу тегіне қарамастан (кедей қолөнершінің баласы), оның консервативтік жер аристократиясының идеологі болып табылады. Болғандығы оның философиялық және педагогикалық көзқарастарында бейнеленді. Оның түсіндіруінше, дүниенің құрылымы, заттардың физикалық табиғатын тануға болмайды, адамдар тек ғана өзін-өзі тануы мүмкін, жалпыға бірдей, мәңгілік және өзгермейтін адамгершілік ұғымдар өмір сүреді. 
Тәрбиенің мақсаты, Сократтың көзқарасы бойынша, заттардың табиғатын зерттеу емес, ал өзін-өзі танып білу, адамгершілікті жетілдіру болу керек деді.

Платонның педагогикалық теориясы.

Платон (427-347 жж.б.э.д) белгілі грек философы, идеалисі, Сократтың шәкірті болды. Оның айтуынша, тәрбиені мемлекет ұйымдастыруы қажет, өзінің мақсаты, мазмұны, әдістемесі бойынша үстем таптың мүддесіне толықтай сәйкес келуі керек. 
Платон философияда идеялар туралы іліммен белгілі. Оның пікірінше, тек ғана идеялар нағыз шындық ретінде өмір сүреді. Олар мәңгілік және өзгермейді. Бізді қоршаған заттар иек ғана идеялардың әлсіз бейнеленуі, көленкесі болып табылады. 
Өзінің педагогикалық жүйесінде Платон спартандық және афиналық тәрбиенің кейбір белгілерін біріктіруге ұмтылды. 
Платонның пікірінше, тәрбие дегеніміз үлкендердің балаларға әсер етуі, балаларда адамгершілікті, қайырымдылықты қалыптастыруы. Ол “оқу” ұғымына ғылымдарды оқып-үйрену арқылы білімді меңгеруді жатқызды, ол “шындық үшін ойлауды пайдалануда жанды ояту” деп түсінді. Кішкентай балалардың ішкі негізі Платон айтуынша, эмоциялар болып табылады деді. 
Ол тәрбие құралы ретінде ойындарға сонымен қатар әдеби шығармаларды, мифтерді балаларға оқу және айтып беруге ерекше мән берді. 
Көптеген шығармалардың авторы ретінде Платон тәрбие мәселелеріне ерекше мән берді. Тәрбиені ұйымдастыруда өзінің көзқарастар жүйесін “Мемлекет” және “Заңдар” сияқты трактаттарында қарастырды. 
“Мемлекет” атты еңбегінде Платон кішкентай жас кезінен бастап балаларға қоғамдық тәрбие беру идеясын ұсынды және ооны ұйымдастырудың белгілі жүйесін қарастырды. 
3 жастан 6 жасқа дейін барлық балаларды мемлекеттің тағайындаған тәрбиешілердің басшылығымен алаңдарда ойын ұйымдастыруға ерекше мән берді. Кішкентай балаларды тәрбиелеудің негізгі құралы ретінде ойынның ролін жоғары бағалады. 
7 жастан 12 жасқа дейін балалар мемлекеттік мектепке барады, онда оқуға, жазуға, сынауға, саз өнеріне және ән-күйге үйренеді. 12 жастан 16 жасқа дейін дене тәрбиесімен жан-жақты айналысатын мектепке – полестраға қатысады. Онда гимнастикалық жаттығулармен айналысады. 
16 жастан бастап ғылым негіздерін арифметикалы, геометрияны, астрономияны, практикалық мақсатта оқып-үйренеді. 18 жастан 20 жасқа дейін эфебияда аранулы әскери-дене даярлығын алады. 20 жастан бастап, ақыл-ой сабақтарына ешқандай қабілеттілік аңғартпаған жастар әскер қатарына алынады. Ал жастардың аз ғана бөлігі, қабілеттілері 30 жасқа дейін білім берудің жоғары үшінші сатысына өтеді, онда философияны, арифметиканы, геометрияны, астрономияны және саз теориясын философиялық-теориялық негізде оқып-үйренеді. Олар мемлекеттік қызметке даярланады. Ерекше дарындылық аңғартқан кейбіреулері философиялық білімін тағы да 5 жыл жалғастырады (35 жасқа дейін) одан кейін 35 тен 50 жасқа дейін мемлекет басқару ісімен айналысады. 
Платонның тәрбие жүйесі дене тәрбиесіне деген жеккөрушілікке негізделеді, құлдардың балаларына білім алуға тыйым салынады. 
Бірақ, Платон мектепке дейінгі тәрбие туралы, тәрбиенің бірізді мемлекеттік жүйесі туралы, жағымды үлгі-өнеге арқылы тәрбиелеу талаптарын және т.б. ұсынды.

Аристотельдің педагогикалық теориясы.

Аристотель (384-322 жж.б.э.д), Платонның шәкірті, көрнекті философ-идеалист және ертеден Грецияның ғұлама ғалымы. Ал Платонның шәкірті бола отырып, өз ұстазының көзқарасымен келіспеді. Аристотель Платонның екі түрлі ерекше дүние туралы ілімін сынға алады: идеялар дүниесі және құбылыстар дүниесі. Аристотель дүниенің бірлігін мойындады, заттар идеяларын заттардың өзінен бөлуге болмайды. Кез-келген зат материямен түрдің бірлігі болып табылады. 
Аристотель өзінің даму туралы теориясына сүйене отырып, жанның 3 түрі туралы айтты: тағамда және көбеюде байқалатын өсімдік түрі; түйсіктерде және қажеттілікте байқалатын жануар түрі; ойлау және таным тән ақыл-ой түрі жатады. 
Жанның 3 түріне сәйкес олардың әрқайсысы ерекше әсер етуді қажет етеді. Аристотель тәрбиенің 3 түрін бөліп көрсетті – дене, адамгершілік және ақыл тәрбиесі. 
Аристотель адамда тәні мен жаны болатындығы, материя мен түр сияқты бөлінбей өмір сүреді. Тәрбиенің мақсаты табиғатпен тығыз байланысты жанның барлық жақтарын үйлесімді дамыту. Аристотель баланың табиғатына сәйкес дене, адамгершілік, ақыл-ойтәрбиесін ұйымдастыру, сонымен қатар балалардың 1 жас ерекшеліктерін ескеріп атқаруды ұсынды. 
Аристотель педагогикалық ой-пікірдің тарихында алғаш рет балаларды жас кезеңдерге бөлуді ұсынды. Балалардың өмірін үш кезеңге бөліп қарастырды: 
1) туғаннан бастап, 7 жасқа дейін кезең; 2) 7 жастан 14 жасқа дейін; 3) 14 жастан 28 жасқа дейін. Аристотельдің пікірінше, бұл жас кезеңдері табиғатына сәйкес келеді. 
Аристотель жанұя тәрбиесіне ерекше мән берді. Ал 7 жасқа дейін балалар жанұяда тәрбиеленуі тиіс дей келіп, өзінің табиғатқа сәйкес тәрбиелеу қағидасына сүйенеді. 
7 жастан бастап балалар мемлекеттік мектептерге барады (ерлер сияқты әйелдерге ондай білім берудің қажеттілігі жоқ екендігін Аристотель атап көрсетті). Аристотель мектептер мемлекеттік болу керек, жеке меншік болмау қажет, себебі бала тәрбиелеу ісі мемлекеттің қамқорлығында екендігін атап өтті. Мектептерде дене тәрбиесіне ерекше мән берілді, басқа мектептерде балалар оқуға, жазуға, санауға, сурет салуға және саз өнеріне оңай үйренеді. Ал одан жоғары жас кезеңінде жастар әдебиетті, тарихты, философияны, математиканы, астрономияны оқып-үйренеді. Аристотель эстетикалық және адамгершілік тәрбиесінің құралы ретінде саз өнеріне ерекше мән берді. 
Аристотель бойынша, балаларды адамгершілікке тәрбиелеу адамгершілік мінез-құлықтағы жаттығуларға негізделеді – қажетті әрекеттері жиі қайталау. Балалардың адамгершілік тәрбиесімен негізінен ата-аналар айналысуы қажет. 
Өзінің педагогикалық теориясын дамыта отырып, Аристотель құлиеленуші аристократияның өкілі ретінде ерікті туған азаматтарды тәрбиелеу туралы, құл иеленуші мемлекет туралы қамқорлық жасағаны белгілі. 
Аристотельдің көзқарасы антигнал педагогикаға және педагогика ғылымының кейінгі дамуына ерекше ықпал етті.

4. Ертедегі Римде тәрбие мен педагогикалық 


ой-пікірдің дамуы.

Ертедегі Римде көп ғасырлық тарихының, дамуында жанұя және мектеп тәрбиесі мен білім берудің өзіндік тәжірибесі қалыптасты. 


Ұзақ уақыт Рим жанұясында рулық қауымның тәрбие дәстүрі сақталған болатын-ды, соған қарамастан үй тәрбиесінің сипаты ең алдымен Рим қоғамының әлеуметтік баспалдағынан жанұяның қандай орын алатындығына байланысты. 
Римде әйел белгілі құққа ие болады (мәселен тұқым қуалау саласында), бірақ ерлер өз балалары мен әйеліне толық үстемдік ете, басқара білді. 
4-5 жасқа дейін балалар мен қыздар жанұяда бірге тәрбиеленді, содан кейін оларды бөліп тәрбиеледі. Қыздар анасының, қызметшілердің бақылауында болды. Қыздардың негізгі жұмысы тігіншілікпен айналысады, оларды сонымен қатар саз өнеріне, биге үйретті, ауқатты жанұяларда – грек тілін оқыды. Ер балалардың тәрбиесімен ерлер адамдар шұғылданды: әкелері, тәрбиешілер, кейде Грециядан шақырылғандары. Ер балаларды ерлердің айналысатын кәсібіне үйретті, ең алдымен қаруды қалай ұстай білуге үйретті. 
Бастауыш білімді ауқатты емес балалар элементарлық мектептерде алды, олар ақылы, жекеменшік мектептер болды, оларға қыздар да қабылданды. Ауқатты ата-аналардың балаларын, тәртіп бойынша, үй мұғалімдері оқытты, ең алдымен грек тілі мен әдебиетіне үйретті. 
Грецияның әсерімен грамматикалық мектептер пайда болды, онда 12 жастан 16 жасқа дейін бай, ауқатты ата-аналардың балалары оқыды. Оларға грек тілін, шешендік өнерін, әдебиет пен тарихтан кейбір мәліметтер берілді. 
Римде шешендік мектептер ашылды, онда ауқаттылардан шыққан жастар жоғары ақыға грек тіліне, шешендік өнеріне, заңтануға, математикаға, философияға оқыды. Оларды жоғары мемлекеттік қызметке даярлады. 
Рим империясының пайда болуымен (ІІ ғ.б.э.д) императорлар грамматикалық мектептер мен шешендік мектептерді мемлекеттік мектептерге айналдырды, олардың міндеті – императорлық өкіметке берілген чиновниктерді тәрбилеу. 
Христиан діні мемлекеттік дінге айналған кезде мұғалімдік қызметке дін өкілдері тағайындала бастады. Жанұядағы және мектептердегі тәрбие бірте-бірте діни сипатқа ие бола бастады.

Квинтилианның педагогикалық көзқарасы.

Марк Фабий Квинтилиан – белгілі Рим шешені және педагог, Римдегі ең таңдаулы шешендік мектептердің бірінің негізін салушы, көп кешікпей оның есімі кеңінен таныла бастады және мемлекеттік болды. 
Өз мектебінің тәжірибесі және античный дүниенің педагогикалық ой-пікірінің жетістіктері негізінде Квинтилиан “Шешеннің тәрбиесі туралы” алғашқы арнаулы педагогикалық еңбекті жазды, онда кейбір жалпы педагогикалық мәселелер сөз болды. 
Квинтилиан адам табиғатының оның дамуындағы ролі туралы мәселені түсінуге өз үлесін қосты. Ол адамның табиғи көрсеткіштеріне үлкен мән берді, балалардың табиғи қабілеттерін өте жоғары бағалады, ерте жас кезінің өзінде қабілеттіліктердің дәрежесін анықтауға болатындығына ешқандай күмән келтірмеді (кішкентай балалардың ойының алғашқы белгілері – есі, тез және дәл қабылдауы және қабылдағанды ұзақ сақтау, балада еліктеуге ұмтылудың ерте дамуы) сонымен қатар тәрбие арқылы көп нәрсеге қол жеткізуге болатындығын түсінді. 
Квинтилиан Рим қоғамының билігінің жоғары деңгейіндегі жанұя тәрбиесін сынға алды, балалардың жағымсыз адамгершілік қасеиттерін және үлкендердің жағымсыз мінез-құлқын қатты сынаған болатынды, жеке тұлғаның қалыптасуында балалардың жас ерекшеліктерін бағаламағаны үшін ата-аналарға ескерту жасады. 
5-тен 7 жасқа дейін Квинтилиан Аристотель сияқты мектепке даярлыққа ерекше мән берді. Оның айтуынша, балалар 7 жасқа дейін екі тілді меңгеруге тиісті – ана тілін және грек тілін, әуелі грек тілін содан кейін ана тілін. Квинтилиан балаларды мадақтап отыруға кеңес берді, өз құрбыларымен бірге оларды жарысқа шақырып отыруға, марапаттардың қажеттігін айтты. 
Рим педагогі балалардың сауаттылығын дамыту үшін оқытуға әдістемелік кеңестер беріп отырды. Ол оқыту үрлісін көрнекті құралдар арқылы өткізуге ерекше мән берді, оқытуда біржүйелік және бірізділік қағидаларды сақтап отыруға құнды кеңестер берді. 
Квинтилиан болашақ шешенге дамыған ес, көркем сөз, жақсы дауыс ырғағы және интонация, мәнерлі сөз, мимика қажет деген болатынды. 
Шешенді тәрбиелеудің негізгі құралы Квинтилиан өлеңдерді жаттау екенін, оның адамгершілікке тәрбиелеуге көмектесетіндігіне тоқталды. Логикалық ойлауды, ойдың бір жүйелігін, бірізділігін тәрбиелеу мақсатында ол математиканы оқытудың қажеттігіне тоқталды, оқытуды теориялық үйретуге, еліктеуге және жаттығуларға негіздей отырып, құру керектігіне мән берді. 
Педагогикалық ой-аікірдің даму тарихында Квитилиан дидактика мен әдістеменің негізін қалаған, мектепке дейінгі жастағы балаларды тәрбиелеудің талаптарын біржүйеге келтірген алғашқы арнаулы педагогикалық еңбектің авторы ретінде ерекше орын алады

Құлдық қоғамның ыдырауы және құлауы оны жаңа феодальдық құрылыспен өзгертуге алып келді. Ал, сөзсіз оның алдындағы құлдық қоғаммен салыстырғанда прогрессивтік сипатта болды (себебі негізгі өндіргіш күш-шаруаның өз шаруашылығы болды, сондықтан да еңбекте құлдарға қарағанда кейбір ынталылық танытты), бірақ феодальдық құрылыстың негізіне феодалдардың, діниелерінің жерге жекеменшігі жатты.


Феодалдық құрылыстың идеологиялық тірегі және ірі саяси күші католиктік шіркеу болды. Ол орта ғасырлық батысевропалық қоғам өмірінде ерекше роль атқарды. Шіркеу бұқара халықты басты-даншуды жақтап отырды.
Католиктік діниелері ертедегі мәдениетке қарсы болды: ғылымға, өнерге, мектепке;
Манастырлардың жанында манастырлық мектептер, шіркеулердің – приходтық мектептер ашылды. Ең алдымен ол мектептер діни адамдарды дайындады. Бұл мектептердің мұғалімдері – монахтар мен діниелері оқитын ер балаларды христиан дінінің және адамгершіліктің рухында тәрбиелеуді, оларды оқуға және жазуға олар үшін жат латын тілінде оқытты, құдайға құлшылық ету латын тілінде жүргізілді. Бұл мектептерде оқыту өте қиын, әрі ұзақ болды. Балаларды үлгермегені және аз-кем тәртіпті бұзғаны үшін шәкірттерді өте ауыр дене жазасын беріп отырды.
Епископтің соборы мен кафедрасының жанынан кафедралық немесе собор мепктептері жұмыс істеді. Бұл мектептерде “жеті еркін өнер” деп аталатын пәндер жүргізілді: грамматика, риторика (шешендік өнері), диалектика (діни философияның алғашқы негіздері), арифметика, геометрия, астрономия, саз өнері. Собор мектептерінде жоғары лауазымды діниелері даярланды.
Феодалдар (рыцарлар) ерекше тәрбие мен білім алды, олар жеті “рыцарлық қасиеттерді” меңгерді: атқа міне білу, суға жүзу, найзалау, садақ ата білу, аңшылық, шахмет ойнай білу, өлең шығару және орындай білу. Оқып, жаза білуміндетті болмады.
Феодалдардың қыздары білімді үйде және әйелдер монастырларында алды, оны оларды діни рухта тәрбиеленді, оқуға, жазуға және қолөнеріне үйретті.
ХІІ-ХІІІ ғ.ғ. Батыс Еуропада қолөнердің, сауданың дамуы және қаланың өсуі қалалық, негізінен светский мәдениеттің пайда болуына көмектесті. Қалалықтар феодальдық езгіге және католиктік шіркеуге қарсы күресті.
Қалаларда қолөнершілер өз балалары үшін цехтық мектептер аша бастады, ал купецтер – гильдейлік мектептер ұйымдастырды. Қала халқының күшімен ашылған бұл мектептерде ана тілінде оқуға, санауға және жазуға ерекше мән берілді. Ал мектептерде дін үстемдік ете алмады. Цехтық және гильдейлік мектептер кейін қалалық бастауыш мектептерге айналды, оқыту саласында шіркеудің үстемдігін әлсіретті және бұзды.Referatkaz.kz - Тегін қазақша

Каталог: wp-content -> uploads -> 2016
2016 -> Дәріс №1 Тақырыбы: Саясаттану ғылым және оқу пәні ретінде
2016 -> ОҚУ Әдістемелік кешен пәН «Қазақ Әдебиетін жаңа технология бойынша оқыту әдістемесі» мамандық
2016 -> Қазақстанның ірі мемлекет қайраткері, ұлт жанашыры, ел қамқоры, халқымыздың біртуар перзенті
2016 -> Сабақтың тақырыбы Үш бақытым. Мұқағали Мақатаев Туған тілім. Дихан Әбілов Жалпы мақсаты
2016 -> «Алаштану негіздері» таңдау курсы Түсінік хат «Алаштану негіздері»
2016 -> Сабақтың атауы Н.Әлімқұлов Қоңырау Мақсаты
2016 -> Силлабус Пән: Педагогика тарихы Курс: 4 Мамандық: 5В010200 «Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» Кредит саны: 2 Экзамен: 7 семестр Семей-2015 «Педагогика тарихы»
2016 -> Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
2016 -> Сабақтың атауы Бейнелеу өнерінің түрлері Сілтеме Сабақтың жабдығы
2016 -> Сабақтың тақырыбы: Менің Отаным Қазақстан


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет