Публицистикалық шығармашылық негіздері


Батырлар жыры – ауызекі публицистика үлгісі



бет4/25
Дата31.12.2019
өлшемі2,01 Mb.
#53907
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25

Батырлар жыры – ауызекі публицистика үлгісі
Публицистика түрлі пішінде ерте заманнан пайда болды. Бір ескеретін жайт – публицистика өмірдің өзінен, қоғамдық пікірге, қоғамдық санаға, оны басқаруға ықпал етуге қажет-тіліктен туды. Бұл тұрғыдан қарағанда, публицистика ғылым-мен, өнермен бірге дамып келеді деуге де болады.

Қазіргі публицистиканың қайнар көзі жазба әдебиетінен де бұрын пайда болған. Белгілі бір тайпаның көсемі өз сарбаз-дарының алдында сөйлеп тұрып, оларды ерлік көрсетуге шақырды, батырлық пен батылдықтың нұрын септі, яғни жауынгерлерінің жеңіске деген пікірін қалыптастырды. Елді, жерді қорғауға публицистикалық тұрғыдан әсер етті. Бұл әрине әлдеқайда кешірек пайда болған, кәсіби публицистика емес. Бірақ бүгінгі публицистиканың бастау алған тұстары – сол кездер деп айта аламыз. Дәлірек айтқанда публицисти-каның бастауы – фольклорда жатыр. Фольк – Folk – (халық), Lore – білім, даналық деген мағынаны білдіреді. “1846 жылы ағылшын Вильям Томс ұсынған “Фольклор” (ағылшын Folk –- халық, Lore – білім, даналық) сөзі ауыз әдебиеті атауы үшін халықаралық ғылыми атау ретінде орныққан” [71, 547 б.].

Ауыз әдебиетін теориялық, тарихи тұрғыдан зерттеуде А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин, Ә.Қоңыратбаев, Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев, Х.Сүйіншәлиев, М.Дүйсенов, Н.Төреқұл, С.Садырбаев, Р.Бердібаев, С.Қасқабасов, М.Мағауин, Ш.Ыбыраев, т.б. ғалымдардың іргелі еңбектері жарық көрді.

М.Әуезов өзінің 1927 жылы Қызылордада жарық көрген “Әдебиет тарихы” кітабында қазақ ауыз әдебиетінің мән-маңызын ашып берді. “Қазақ әдебиеті барлық жұрттың әдебиеті сияқты, екіге бөлінеді: біріншісі – ауызша әдебиет, ел ақындығы. Екіншісі – жазба әдебиеті. Ел ақындығы не ауызша әдебиет: елдің жазу өнерін білмей жүрген кезінде шыққан сөздер… Ондай елдің өнер, білімі бір ауыздан екінші ауызға көшіп, сонымен сақталады” [72, 20 б.], – дейді ол.

Қазақ халқының ауыз әдебиеті әлемдегі аса бай, мазмұн-дылығы мен көркемдігі жағынан жоғары деңгейдегі асыл мұра болып саналады.

Ауыз әдебиетінің бір үлкен саласы – батырлық жырлар. Эпос немесе батырлар жыры ерлікті, батырлықты аңыздап жырлайды [73, 294 б.]. Оны әдетте жыраулар қобызға, домбыраға қосып, белгілі бір мақаммен немесе күй сарынымен орындайды. Эпикалық жырларда бірнеше ерлік ісімен көзге түскен және жауын жеңіп шыққан батырлар жайы әңгімеле-неді. Бұл жеңістер арқылы батыр өз руын және көршілес рулар мен тайпаларды басқыншылардың зорлығынан босатып, халықты ауыр халден құтқарады. Эпоста халықтағы ең жақсы қасиеттер жырға қосылады.

Эпоста халықтың өмірдегі арманы, күткен мақсаты өте көтеріңкі рухта жырланады, ондағы суреттелінетін батыр өз руының мүддесін жүзеге асыру жолында қандай бөгеттер болса да жеңіп шығады. Өз жерін қорғау, халыққа зорлық көрсетушілерді жазалау, бейбітшілік орнату – эпикалық жырлардағы батырдың ең басты міндеті болып табылады. Халық өміріндегі батырлықты көрсету-эпикалық жанрдың ерекшелігі. Онда халық тарихы еске алынып жырланады. Алайда, эпостың тарихқа байланысы өзінше болып келеді. Эпос тарихи фактіні дәлме-дәл етіп айтып беретін мұрағат құжаттары емес. Эпикалық жырларда жыршылар көркем тілмен халықтың өткен өмірін баяндайды. Тарих “эпостағы әр дәуірден құралған кезең” деп аталатын шеңберде ғана сурет-теледі. Басқаша айтқанда, жырларда әр ғасырлардағы тарихи оқиғалар (фактілер) араласып келеді.

Мәселен, Қалмақ-монғол шапқыншылығы қазақ эпосында ерекше із қалдырған. Сол күреске дейін айтылып келген аңыз-өлеңдерге қалмақ жаугершілігі тың тақырып болып қосылады да, ол күрестегі қазақ батырларының ерлігі жырланады.

Ертедегі қазақ рулары мен тайпаларына қарайтын елдерге жәбір көрсетушілерге қарсы тұрғанда, өз ара таласы, елді “найзаның ұшымен, қылыштың күшімен” билемек болған хандарға қарсылық көрсеткендер және қалмақ басқыншыла-рымен күресіп, тамаша ерлік жасағандардың батырлық істе-рінен есте қалғандары жиналып біртұтас образ жасалынады. Сөйтіп, эпоста “әр дәуірден құралған кезеңнен” алынған батырлар бейнесі туады.

Ш.Уәлиханов, В.Радлов, Г.Потанин және Ә.Диваев пікір-леріне қарағанда, қазақ эпосы ертеде Қазақстан жерінде болған тайпалардың өзара таласы кезеңіне байланысты шыққан [74, 289 б.].

Мәселен, Ш.Уәлиханов эпос жырының шығу тарихын XІV-XVІ ғасыр, Алтынорда дәуірімен байланыстырады: “Қазақ, қырғыз, өзбек, ноғайдың ауыз әдебиеттерінің бір түрі батырлар туралы жырлар. Бұлардың көбі Алтынорда дәуірінде болған тарихи адамдар туралы. Соған қарағанда бұл жырлар XІV ғасырдың ақырында, XV-XVІ ғасырларда жасалған сияқты” [75, 30 б.], – деген тұжырым айтады.

Эпос туралы салмақты ой айтқан академик М.Әуезов. Мұхтар Омарханұлы қазақ халқында батырлар жайындағы поэмалардың мол екендігін аңғартады. Бұл поэмалар көбіне, нақты, тарихи оқиғамен байланысып, қатарласып келетінін, мәселен, қазақ пен ноғайлының аралас рулары XVІ ғасырда тізе қосып, жау шапқыншылығына қарсы біріге күресуінің нәтижесінде, “Алпамыс” жыры туғандығын атап көрсетеді.

М.Әуезов батырлар жырын екі үлкен топқа бөліп қарастырған: “Қазақтағы батырлар әңгімесінің осы кездерде шыққаны бір жік болып, кейінгі замандағы шыққандары екінші жік болды. Алғашқы жіктегі ұлы батырлар. Бұлар көшпелі елдің шабынгерлік, жауынгершілік, құба қалмақ заманында жүргендегі батырлары. Ол кездегі тыныштық, амандық, түгелдік ылғи найзаның ұшы, білектің күшімен алынатын, қара күштің ғана дәуірі жүрген заман…

Бұдан кейінгі жікке кіретін – кіші батырлар. Бұлар қазақтың тіршілігі тыныштық дәуіріне қарай ауысып, асау ханның жуасыған кезінде шыққан батырлары” [72, 56-57 бб.].

Эпостың тарихи тамыры жайлы мәселелерді академик Ә.Марғұлан [76] одан әрі дамытып, тереңдете түседі. Ол қазақ эпосының шығу төркіні жөнінде және оның тарихпен байланысы жайында себепші болған мәселелерге көңіл аударады. Ел арасында туған эпоста бір кезде жұрт басынан өткен тарихи шындық оқиғалар жырланып, семьялық салт, рулық қарым-қатынас көрсетілетінін аңғартады. Әлкей Марғұланның тұжырымынша, қазақ эпосы нақты тарихи шындықты ақындық тілмен – өлеңмен жырлап беретін әңгіме іспеттес. Ел есінде қалған, ертедегі халықтың хал-ахуалын көне тұрмысын ұрпақтан-ұрпаққа ауыздан-ауызға ауыстырып келе жатқан шежіре сияқты. Ә.Марғұлан эпоста тарихи шындықтың елесі бар деп есептейді. “Шынында да, қазақтың қандай батырлар жырын алсаңыз да, одан белгілі бір шынайы тарихи оқиғалардың үні айқын сезіледі. Ал бұл оқиғаларды қазақ халқы немесе ертедегі тайпалар бір кездері бастан кешірген. Мәселен жырларды халық өздері жылап қоштасқан туған жер туралы қайғылы әуенмен әңгімелесе (“Ноғайлының босқаны”), ертедегі батырлардың шет жердің басқыншыларына қарсы қиян-кескі күресі туралы үлкен толғаныс үстінде сыр шертеді. (“Алпамыс”, “Көруғлы”, “Қобланды”, “Ер тарғын” және басқалар) [76].

Эпос халықтың тарихи естелігі екенін көрсете отырып, Ә.Марғұлан қазақ эпосы (“Алпамыс”, “Ерсайын”, “Қобылан-ды”) оғыздар мен қыпшақтардың тұсында, яғни бұл тайпалар Орталық Қазақстан даласы мен Сырдария арасында көшіп жүрген кезде (VІІІ-ІX ғасырларда) негізінен алғанда қазақ жерінде шығарыла бастады деген тоқтамға келеді.

А. Байтұрсынов батырлар жырын – ертегі жыр деп атаған. “Ертегі жыр деп бұрынғы өткен батырлар турасында шығарған өлеңдерді, әңгімелерді айтады. Батырлар әңгімесі өтірік – шыны аралас қойыртпақ әңгіме болады. Шын жағы (астын сызған біз – Б.Ж.) бұрын батырлар болуы. Батырлар заманында соғыс болуы, батырлар халық үшін қайрат қылуы, жұртын қоруы…

Батырлар әңгімесінің құны қандай деген мәселеге келсек, мұнда айту тиіс. Бұрынғы жаугершілік заманда халық тән есебінде болған да, батырлар жан есебінде болған. Сондықтан батырлар турасындағы әңгіме – халықтың жаны, рухы турасындағы әңгіме. Батырлары қандай болса, халықтың рух жағы да сондай болған” [1, 236 б.].

Батырлар жырында ой орамдарының поэзиялық шұрайлы тіл кестесінің үзілген жерлері әдетте қара сөзбен жалғас-тырылады. Осы қара сөздер бір оқиға мен екінші оқиғаны, бір кезең мен екінші кезеңді, бір шайқас пен екінші шайқасты жалған ыдырататын дәнекерлік рөлін атқарады. Батырлар жырындағы публицистикалық белгінің біріншісі – Батырлар-дың өмірде болған адам екендігі, екіншісі – тарихи шындық оқиғалардың баяндалуы; үшінші – қазақ ру-тайпаларының, жер аттарының айқын көрінуі. Осымен қоса, біз публицистикалық сарынды батырлар жырындағы қара сөздерден іздестердік.

Ал публицистикалық сарын дегеніміз – екінші сөзбен айтқанда көне замандарда жазылған шығармалардағы публи-цистикалық белгілер жиынтығы екенін айта кетуіміз керек.

“Қобыланды батыр” жырының бастауында-ақ Қобыланды-ның өмірде болған адам екендігін, Тоқтарбай атты бай әкесінің болғандығын, қалың қыпшақ елінің жаз жайлауы – Көзді көл, қыс қыстауы – Қараспан тауының баурайы екендігін көрсе-тетін жолдар бар. Айқаста жеңіп шыққан Қобыланды ер әкесі Тоқтарбайдың қасына келіп отау тігеді. Сонда:

“Әлқисса, Қобыланды батыр әкесі Тоқтарбайдың жанына отауын тігіп жатып әкесіне келіп:

Мен кеткелі жылқыдан біраз айлар болды.

Сонан бері тоқсан құл мен малдан хабар бар ма? – деп сұрады.

– Жоқ, шырағым, құлдан да, малдан да хабар жоқ, – деді. Құйған шайдан ішпей, ашытқан балдан ішіп, “мен малдың хабарын біліп келейін”, – деп жүріп кетті [77, 27 б.]. Осы үзіндінің өзінен бірнеше публицистикалық белгілерді аңғару қиын емес. Қобыланды өмір сүрген уақыт – жаугершілік заман болғандығы, көшпелі қазақ тіршілігі, малға қараған қазақ тұр-мысы – жырдағы әлеуметтік ойды, публицистикалық сарынды байқатады. Ал Қобыландының сауал қоюы, оған әкесінің жауап беруі, яғни сұрақ-жауап, диалог пішіні де публицисти-калық сұхбаттың шағын көрінісі іспеттес. Жырдағы публи-цистикалық пафос бәсеңсімей, айтушының атынан келесі қо-ғамдық маңызы зор оқиғаны жеткізеді: “Әлқисса, ол кезде Қызылбастың елінен Қазан деген ер шығып, Ноғайлының жерін, Қырлы қала, Сырлы қала деген екі қаласын тартып алды. Қырлы қалаға бектерін, Сырлы қалаға жендеттерін жатқызып жатып алды дейді” [77, 29 б.]. “Қызылбастың елінен, Қазан деген ер шықты” – деген Қазанның өмірде болған адам екендігіне Әлихан Бөкейханов мынадай дәлелдер ұсынады: “Қобыланды жырындағы қалмақ ханы Қазан Жошыдан төрт-ақ ата төмен. (Шәкәрім шежіресінен алған – Б.Ж.) Бұл Қобылан-дыдан бұрын болған. Хазіргі Түркияның ескі патшасы Ғұсман-мен замандас. Ғұсман 1299-ыншы жылы патша болған. Шың-ғыс ұлы Толыға алты ата, орысты алған тағы екінші Қазан хан бар. (Шәкәрім шежіресінен алған – Б.Ж.) Бұ да Қобыландыға замандас болатын көрінбейді. Қобыландыны Қазанмен ақын соғыстырып қойса керек. Шағатай ұлысында Шағатайға алты ата бір Қазан хан болған. Бұл 1332-інші жылы таққа отырды. Бұл мықты, қатты, жұртқа зәбірлі болған. Шағатай ұлысын жалғыз қаратып алам деп, көп жаһид қылған. Шағатай, Жошы, ұлысы жанжалсыз болған емес. Қыпшақ Жошы ұлысында, Қобыландымен соғысқан Қазан хан осы болуы ықтимал. Бұл Қазан офат болған 1347-ші жылы” [78]. Ә.Бөкейхановтың бұл дерек, болжамдары Қазан ханның ғана емес, Қобыланды ба-тырдың да өмірде болған жан екендігі туралы ойға жақындата түседі. Ал шындық ауылына жақындаған сайын, батырлар жырындағы публицистикалық белгілер де молая түседі.

Қобыланды жырындағы тағы бір назар аударарлық мәселе – сол замандағы жер-су атауларының келтірілуі.

“Қызғыштының Қызды көл,// Құмра, Қотан қос көлден…// …Күдерінің белінен// –Бесінде өтті дөңінен…// …Барлы – барлы, барлы тау.// Басы биік қарлы тау,// Хан жайлаған Қаратау,// Би жайлаған Алатау.// …Атасу мен Манашы// Мал оттауға оты ащы…// …Емпей-Күмпей қасынан,// Жем, Темірдің басынан…// …Тобылғылы Нұрадан,// Сексеуілді жырадан,// Баялышты құмайттан,// Бүлдіргенді шыңайттан,// Жалғыз шауып жол шекті” [77, 58-59 бб.].

Жырдың басынан аяғына дейін қазақ даласындағы жер, су, тау аттары кездесіп қалып отырады. Бұл жырдағы оқиғаның қазіргі қазақ даласының ауқымында өткенін дәлелдейтін-бұлтартпайтын айғақтар. Дәл осы мәселеге Ә.Бөкейханов та ерекше көңіл бөлген: “Қара қыпшақ Қобыландыда” мынау жер-су аттары бар: Қараспан тау, Ындулы тау, Алалай һәм Сың-Сылам өзендері, Жүнтөбе, Арыс, Азулы, Елек өзендері, Есенбай, Борсықбай, Аманбай (Тікен), Күдері, Қара дөң, Ембе, Жем, Темір өзендері, Тобылғылы Нұра, Барлы-барлы, Барлы тау, Қарлы тау, Алатау, Атасу, Манасшы, Күнгилі, Азулы көл, Сары өзен, Есіл, Ақсай, Мұштан (қала), Балалы тау, Жайық…

“Қобыланды” қайта басқанда мұндағы жер, су һәм кісі аттары әліпби тәртібімен кітаптың аяғына басса һәм олар шыққанда кітаптың қайсы бетінде сөз бар екені көрсетілсе, бірінші – кітап тәрбиелі болар еді, екінші – бұл жырдан қазақ тарихына жем іздеген адамдарға оңай болар еді” [78],– деп көрсетеді. Шын мәнінде осынша географиялық атаулардың кездесуі де – “Қобыланды” жырындағы публицистикалық сарын деуге негіз бар.

“Қалмақтың ханы Алшағыр// Аламын деп тұр екен.// Қалмақтың ханы Алшағыр// Алтынды таудың алдында,// Тастан соққан қорғанды,// Бүгін үш күн болады.// Шауып кетті еліңді,// Сындырып кетті беліңді…” [77, 101 б.] – деген жолдарда да қазақтың қалмақпен соғысқан дәуірінен, Алша-ғыр атты ханмен Қобыландының ұрысқандығынан белгі бере-ді. Ал Алтынды тау – Алтай тауы екендігі тарихтан белгілі.

“Әлқисса, Қазанның бұл хабарын төменгі қырық мың үйлі Қиятта Сейілдің ұлы Қараман батыр естіп, аттың жалын тартып, атадан ер болып туғасын, қондырып қоюымыз сүйекке таңба емес пе деп, елінен аттанып шықты” [77, 30 б.],– деген қарасөзде де сол дәуірдің шындығы жатыр. Атадан ер болып туғасын, жауды туған жер төсінде сайрандатып қою – шынын-да да сүйекке таңба. Бұл аксиома – ғасырдан-ғасырға жалғасын тауып келе жатқан тарихи шындық. Оның әлеуметтік түйіні – ер болып туған соң елді, жерді қорғау. Батыр үшін, ел үшін туған ер үшін одан асқан мәртебе жоқ.

“Әлқисса, Қобыланды, Орақ, Қарлыға, Қараман төртеуі басын қосып көңілдері шат болып, бүгін шәһәрға тимей, жатып тынығалық деп, ертең ерте тиемін деп жатты…” [77, 129 б.] немесе “Әлқисса, енді бұлар бұл жерде тұра тұрсын, ендігі сөзді Көбіктінің жиені Шошай ханнан естіңіз. Шошай дейтін батыр қырық мың әскер алып Қыпшақты шабамын, нағашымның кегін аламын деп іздеп келген жері”[77, 152 б.] – деген сияқты қара сөздер арқылы “Қобыланды” жырының эстетикалық қуаты, рухани қарымы арта түседі. Мәселе, қара сөздің жырдағы дәнекерлік рөлінде емес, оның бүгінгі публицистиканың қайнар көздерінің бір саласы екендігінде. “Қобыланды батыр” жыры ғасырлар бойы қазақ даласының территориялық тұтастығын сақтауда, елді қорғауда, қазақ рухын күшейтуде зор әлеуметтік ой қалыптастырды.

Қобыландының өмірде болған батыр екендігі туралы жорамал, болжамдар аз емес. Әсіресе Ә. Бөкейхановтың мына пікірінің мәні зор: “Едіге би Тоқтамыс ханға өкпелеп, Еділдің күншығыс жағына өткен… Сондағы Тоқтамыс ханның тоғыз батырының біреуі қара қыпшақ Қобыланды.

Тоқтамыс хан Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы нәсілінен. Бұл Ақсақ Темірмен соғысып, жеңіліп қашқан. Бұл Қобыландының ісі XІV ғасыр ортасы болуға лайық (Шәкәрім шежіресінен – Б.Ж.) Тоқтамысқа болысқан Литва князь Витовты Воркесла өзені бойында Ақсақ Темірдің қолбасшысы Едіге алған. Бұл соғыс 1399-ыншы жылы болған. Бұған қарағанда Едіге Тоқтамыстан кеткен соң Ақсақ Темірге қолбасшы болған болса керек. Мұнан көрінеді: Қобыландының Тоқтамыс, Едігелермен замандас екендігі” [78].

Қобыландының өмірде болғандығы туралы деректерді Мұхтар Әуезов те келтіреді: “Орынбор архив комиссиясының мағлұматы бойынша, Елек қорғанынан Ойылға қарай жүретін қара жолдың үстінде, Қобыланды деген бекет бар. Соның жанында Қобыландының бейіті деген бейіт бар дейді. Сол маңайдың қазағы Қобыланды жайынан ескілікті әңгіме айтады. Бұл Қобыландының болған адам екеніне бір дәлел. Екінші, Шәкәрім ақсақалдың шежіресінде, ескіліктен қалған әңгіменің ретінде Қобыланды батыр Жәнібек пен Әбілқайыр ханның тұстасы делінеді. …Әбілқайырға Қобыландымен қадірі тең түсіп жүретін арғын Дайырқожа деген ел жақсысы болады. Қобыланды мен Дайырқожа кектесіп жүргенде далада кездесіп, батыр Дайырқожаны өлтіріп кетеді… Қобыланды өлтірген Дайырқожаның әкесі-Қыдан тайшы (ақын) өлеңі деп мына өлең айтылады:

“Қара қыпшақ Қобыландыда

Нең бар еді, құлыным?”. Бұл сияқты ескілікті сөздер Қара қыпшақ Қобыландының болған адам екенін анық, айқын білдіргендей болады” [72, 64-65 бб.].

Сонымен Қобыланды батыр жырындағы оқиғалардың тарихи шындықпен қабыса өрілуінің өзі – жырдың тұтас публицистикалық сарынға құрылғандығын, ақиқат өмір құбылыстарынан бастау алғандығын айғақтайды.

“Қара сөз үлгісі мол кездесетін – “Алпамыс батыр” жыры. Алпамыс жайлы эпикалық шығарма түркі тілдес өзбек, қарақалпақ, татар, башқұрт, алтай халықтары арасында да көп кездеседі. “Алпамыс батыр” қазақ елінде де кең тараған. Оған жырдың бірнеше нұсқаларының бар екендігі дәлел. Ә.Диваев, С.Сейфуллин, С.Мұқанов жинақтап баспаға әзірлеген нұсқаларынан басқа Майкөт Сандыбаев, Сұлтанқұл Аққожаев, Келімбет Серғазиев, Рахат жырау, Айнабек Нысанов, Әбдірайым Байтұрсынов, Сүйіншәлі Жаңбыршин нұсқалары белгілі. Соның ішіндегі ең көлемді деп танылған жыр – Майкөт – Сұлтанқұл нұсқасы [79, 284-285 бб.].

Профессор Р.Бердібай: “Мұнда түркі қағандығы дәуірін-дегі (5-7 ғғ.) азаттық үшін күрестің сарындарынан бастап, 17-18 ғасырдағы қалмақ шапқыншылығына қарсы қаһармандық ұрыстардың нақтылы елестері де сезіліп отырады… Жырда көрсетілген жер, мекен, адам аттары, елдің шаруашылық кәсіп-тері, салт-ғұрыптары эпостың қазақ халқының төл туындысы екендігін дәлелдейді” [71, 296-297 бб.], – деп атап көрсеткен.

Жырдың бастауындағы: Жиделі Байсын жерінде,

Байбөрі деген бай шықты [79, 88 б.] – деген жолдарда оқиғаның қай жерде, қай елде өрбитіні айқын көрініп тұр. “Қаһармандардың туып-өскен, өмір кешкен елі – жиделі-байсын тайпасының нақты аты – қоңырат болып көрсетілгені көптеген ғалымдардың, соның ішінде Жирмунскийдің дастанды қоңыраттардың тайпалық эпосы деп айтуына мүмкіндік берді. Дегенмен, эпоста сипатталатын оқиғалар, адамдардың іс-әрекетінің молдығы, сан дәуірдің наным-сенім ерекшелігін танытатын тұстары эпостың шеңберін бүкілқазақтық көлемге көтереді” [71, 297 б.].

Жырдағы қара сөз үлгілеріне назар аударсақ та ақиқат қа-зақ өміріне жанасатын тұтас көріністер көз алдымызға келеді.

“Әлқисса, Шекті деген елінде Сарыбай деген бай бар еді, онда да перзент жоқ еді, Байбөрімен екеуі сөйлескенде арман қылар еді. “Біреуімізден ұл, біреуімізден қыз туса, екеуміз құда болсақ, қыз бен баланы кемеліне келтіріп, екеуін қосып бұл дүниеден өтсек, арманымыз қалмас еді-ау” [79, 99-100 бб.], – деп, жылайтын еді.

Сол уақытта Сарыбайдың қатыны бір қыз туып, оның атын Гүлбаршын қойды. Екі бай бірінен-бірі сүйінші сұратып, құда болды. Құйрық жеп, бетке ұн жағу солардан қалды. Және ірге басып, қалыңдық ойнау осылардан қалды. Сонымен Алпамыс бір жыл қалыңдық ойнады.

Сол кезде күндерде бір күн Сарыбай: “Менің күйеуім Алпамыс жалғыз болды, егер жазатайым өліп кетсе, қызым Ұлтан құлға қор болар, қызымды бермей, жер ауып көшейік”, – деп ойланып, Шекті елімен көшіп кетті” [79, 100 б.] – осы үзіндідегі баяндаудан қазақ халықының әдет-ғұрпының, салт-санасының өмірде болған кейпін көреміз. Бұл туралы М.Әуезов: “…Алпамыстың жайынан айтылатын сөз: бұл бұрынғы батырлар әңгімесінің ішінде қазақ иісін көбірек сездіретін әңгіме болады… Алпамыс әңгімесіне келгенде ғана біз елдің салт-санасын көргендей боламыз. Бүгінгі қазаққа таныс, жақын әдет-ғұрыпты көреміз” [72, 105 б.], – деп жазыпты. Профессор Р.Бердібай да осы пікірді қуаттап: “Алпамыс батыр” жырының халықтың есінен мәңгілік ұмы-тылмастай орын алу себебі – тарихи әлеуметтік шындықтың биік көркемдікпен жырлануында. Мұндағы бейнеленетін көріністердің бәрі де – қазақтың көшпелі өміріне тән мейлінше етене жайттар. Байбөрі мен Байсарының бір-бірімен уәде байласып құдандалы болуы – қадым замандағы нағыз қазақтың шындығы” [71, 297 б.], – деп көрсетеді. Расында да Алпамыс жырындағы екі байдың құдаласуы, құйрық жеп, бетке ұн жағуы, қалыңдық ойнау рәсімі – қазақтың ата дәстүріндегі ақиқат болмыстың нышандары.

Алпамыс қалың қалмаққа ұрыс салуға жалғыз өзі келіп, аруақ шақырады:

“Жүз жиырма төрт пайғамбар,// Бәріңе жылап қылам зар…// Тақсырлар көрсет панаңды.// Ғайып-ерен, қырық шілтен// Қауыс-қияс жанабы!”// Бұларды тегіс санады,// Әрқайсысын бір айтып// Көзінің жасын тарады.// “Түркістанда Қожахмет,// Самарқанда палуан Ахмет,// Бабай түкті шашты Әзиз,// Қолыңа ал берген балаңды!” [79, 106 б.] – деп қиналған шақта, қиын-қыстау сәттерде, басына іс түскенде аруақтарға сыйыну-дүйім қазақ ішінде бүгінге дейін тамыр тартып келе жатқан қасиетті ақиқи рәсім. Алпамыс пен Гүлбаршынның кездесер сәтіндегі:

“Самаурынды қайнатып,// Дастарханды жайнатып,// Қыздарменен шай келді,// Шырын, шекер, бал келді,// Алтын леген үстінде// Әртүрлі тағам ішінде// Қазы-қарта, жал келді” [79, 116 б.], – деген жолдарда бейнеленетін дастархан мәзірі той, қуаныш кезіндегі қазақ тұрмысын шынайы көрсетеді. Келесі бір қара сөздегі:

“…Алпамыс батыр аман-есен еліне келсе, әкесі Байбөрінің жылқысын Тайшық хан деген қалмақ шауып әкетіпті. Онда Байбөрі: “мал ашуы мен жан ашуы бір дегендей тағат тұтып тұра алмай, баласы мен келініне қуанбай, келген дүниеге көңілі алданбай, ашуға шыдап тұра алмай, Алпамыстың алдынан шығып Байбөрінің айтып тұрған сөзі еді…” [79, 117 б.] – деген үзіндіден Байбөрінің қалың жылқысынан айырылып қалған-дығы, сол кездегі өмір шындығының суреті екендігі айқын. Өйткені қазақтың малжандылығы Байбөрі бейнесінен көрініс тауып тұр.

Оқиға әрі қарай өрбиді. Алпамыс кек алуға аттанардағы қара сөз үлгісі де публицистикалық сарынға құрылғандығын аңғару қиын емес.

“Онда халық жиналып келіп, Алпамыстың кететінін біліп: “Ей, шырағым Алпамыс, жалғыздық құдайға жарасқан, жалғыз өзің барма, еліңді жинап көппен бар”, – деді. Онда Алпамыс айтты: “Жұртым, жалғыздың жары бір құдай болсын, сіздер маған жандарың ашыса, көрсеткен көмектерің болсын, атам менен анамның қабағына қараңыздар”, – деді. “Әйелімнің ішінде жеті айлық бала қалып барады, ұл туса атын Жәдігер қойыңыздар”, – деді.

Осыны айтып Алпамыс батыр Тайшыққа қосын шығарған күні, түнде жатып қалмақтың ханы Тайшық түс көріп, түсінен шошынып, ел-жұртын жинап алып, өзі мұнараға шығып: “Түсімді жорыңдар!” – деп, халқына айтып тұрған сөзі еді” [79, 118 б.]. Бұл қара сөздің ерекшелігі мұнда Алпамыс пен Тайшық, әділдік пен жауыздық арасындағы параллелизм бар. Әділетті ұрысқа аттанған Алпамыстың тас-түйін, болаттай беріктігі мен оңай жолмен олжа тауып, кемпір-шалды зарлатып мал тауып, мол жылқыны қуып кеткен Тайшықтың түсінен шошып оянуы арасында да психологиялық байланыс, үзілмес желі көрініс табады. Ең бастысы – қашан да әділеттің жеңіске жететінін меңзейтін публицистикалық сарынның бой көрсетуі. Алпамыстың ата-анаға, туған жерге деген махаббаты, болашақ ұрпағына деген ынтызар көңілі – жырдағы оптимистік әлеуметтік ойды аңғартады.

Мұнан кейін жырда қалмаққа барып, тұтқынға түсетіні баяндалады. Терең ордың ішінде жатқанда: “…Онда Кейқуат ашуланып: Жеті қабат жердің астында жатып, мақсатқа жеткіземін дейсің, сенің бұл күніңді өзіңе көп қылайын”, - деп, бір диірмен тасты дөңгелетіп әкеліп үстіне тастап жібереді. Алпамыс тасты қағып алып салмақтап тұрып қайта лақтырып жібереді. Тас басынан асып кетті, Кейқуаттың зәресі қашып кетті…” [79, 137 б.]. Алпамыстың мұндағы “егерде, ордан аман шықсам, өзімнен бұрын сені мұратқа жеткіземін”, – деген сөзінде сол кездегі батырдың қара басының қамынан, халықтың арман – мүддесін биік қоятындығы көрініс береді. Ер тілегі – ел тілегін орындау, қарапайым халықты мұратына жеткізу екендігі де жырдың публицистикалық бір белгісі.

Ал Қаракөзайым мен Тайшық бейнелері арқылы өмірде бар қайырымдылық пен зұлымдықтың әлеуметтік қайшылығы көрініс табады.

Жыр ішіндегі сүйінші сұрау, көкпар, той, Алпамыс пен Бадамша сақаудың айтысы, Алпамыс пен Гүлбаршынның айтысы,,, жаз-жайлау, қыс-қыстауда қой баққан қоңыр тіршілік, Алпамыстың алдымен елдің жайын сұрауы, ата-ана мен бала, немере арасындағы ғұмырлық жалғастық – қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен, салт-дәстүрінен хабар беретін шынайы көріністер. Бұл туралы М.Әуезов те: “Екі байдың достығы, достың үстіндегі ежеқабыл, той, көкпары, жылқышы суреті, бәйгеге ат қосу. Қайын ата мен қайын енені қадірлеу, барлығы да қазақ иісін білдіреді. Алпамыс әңгімесінің бұрын-ғы әңгімелерден бөлек бағасы осы жерінде” [72, 105 б.], – деп жырдың нағыз қазақ тіршілігін, өмірде бар құбылыстарды қамтитындығын, тарихи шындыққа негізделгенін дөп басып көрсетеді.

Жырдағы Қоңырат - қазақ руының аты екендігін жоғарыда айтып өттік. Осы туралы В.Жирмунский мен Х.Зарипов былай дейді: “Қазіргі ауыз екі дәстүрде негізгі ерекшеліктері сақталған “Алпамыстың” Қоңырат версиясының өзі де рулық-тайпалық қатынастар мен көшпенділік тіршілік жағдайында, қалмақтар мен Орта Азиядағы түрік тайпаларының жалпы тарихи жауласу қақтығыстары кезінде (XV-XVІІІ ғасырларда), Шейбанихан жаулап алғаннан кейін (XVІ ғасырда) Қоңыраттар Терме және Байсын көлі төңірегіне қоныстанған дәуірде Қоңырат тайпасының ішінде пайда болған…” [80, 72 б.]. Мұның өзі Алпамыс жыры – белгілі бір тарихи кезең оқиғаларын жинақтаған, көтеріңкі публицистикалық пафоста жазылған шығарма екендігін дәлелдейді. Алпамыс жырындағы кейіпкерлер аттары – Алпамыс, Гүлбаршын, Байбөрі, Аналық, Сарыбай, Ұлтан, Құлтай, Қарлығаш, Жәдігер, Кейқуат, Тортай, Домбай, Бадамша, Мапия – кейбірі қазақта қазір де бар есімдер. Қараман, Тайшық, Қаракөзайым, Таймас, Жүрметүз – қалмақ аттары. Жырда жер-су аттары аз көрсетіледі: Жиделі Байсын, Қаратау, Қарахантау. Қазақ, қалмақ халықтарының, Қоңырат, Шекті, Арғын руларының да аты аталады.

Эпоста қазақ жұрты қазір де бек сыйынатын әулиелер аттары көп аталады: Самарқанда Сансыз бап, Отырарда Арыстан бап, Сайрамда бар сансыз бап, “Әзіреті Қаратау, Әулиенің кені еді”, Әзіреті Сұлтан, Әзіреті Ысқақ бап, Бабата, Баба түкті Шашты Әзіз, Ғайып ерен Қырық шілтен, “Мәдинада Мұхаммет, Түркістанда Қожахмет, Самарқанда палуан Ахмет…” [79, 288 б.]. Осы келтірілген мысалдардың өзі “Алпамыс жырының” өмір болмысына жақындығын, публицистикалық сарынның молдығын көрсетсе керек.

Қара сөз үлгілері көп ұшырасатын батырлар жырының бірі – “Ер Тарғын”. Бұл эпостың үш версиясы бар. Соның көп тараған нұсқасы – Марабай жыраудың айтуынан 1859 жылы жазып алған Н.И. Ильминский версиясы [81, 297 б.]. “Соңғы жыршының бірі Марабай. Тарғынның Марабай айтқан жырлары ескіліктегі ең ірі жырдың бірі. Бұнда ескінің желдіртпелі, аққан өзендей алып ұшқан өлеңі өзінің толқындатып, тасқындатқан қуатын айқын көрсетеді. Жыр араласқан жердің бәрінде Қобландыдағы Тайбурылдың шабысын айтқандай, тасты боратқан екпін бар. Кәрі қазақтың қиялы мен ескі ақынның еркін сұлу тілі найзағайдың отындай жалтылдап, ойнап шыққандай болады. Тарғындағы Марабай жыры өзгеден бөлек үлгімен, өзгеден жат құралғандай…” [72, 82 б.] – деп М.Әуезов те бұл нұсқаға ерекше тәнті болған, ондағы сұлу жыр кестесіне сүйсініс білдірген.

Жырдың басындағы қара сөз үлгісінде сол кезеңдегі саяси ахуал баяндалады.

“Ол уақытта Қырымда қырық мың мешіт бар еді, қырық ханы бар еді… Ол уақытта Қырым жұртының арғы жағында бір жауы бар еді, он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыт деген. Олалай, Бұлалай деген екі ханның елі…” [81, 109 б.] – деген сөздерде Тарғын заманындағы тарихи шындық баяндалады. Жылдар бойы ауыздан-ауызға көшіп, халық қиялы қосылып жыр өзгеріп отырғанымен эпос түбінде бір ел басынан өткерген шындық оқиғаға негізделгенін арғы – бергі әдебиет зерттеушілері де қуаттайды. М. Әуезов: “Түрік жұртының ескілігінде осы айтылғандай батырлар жорығын көп әңгіме қылған, көп көтеріп, қызықтаған кез Алтын орданың кезі сияқты деп едік. Сол кездегі ұсақ руларды құрастырып бір тілеу, бір ниетке жалғастырған үлкен ұйым, ұлы шеңбер сол Алтын орданың бірлігі болуға лайық” [72, 79],– деп көрсеткен. Бұлай болғанда, тарихтан мағлұм, “Алтын орда (1243-1503) – орта ғасырларда Шыңғыс хан империясының құрамында Дешті Қыпшақта құрылған түрік мемлекеті. Экономикалық және әскери күш-қуаты толысып, мәдениеті өркендеген кезеңде (13-14 ғ.) мемлекет жерінің көлемі 10 млн км2 – ден асты…” [71, 114 б.] “Тәрбие, білім, әдебиет жайындағы мақа-лалардан терме” (Ташкент, 1925) жинағындағы Мұхамбетжан деп қол қойған автор (М.Тынышбаев болуы мүмкін) “Едіге бидің тұқымы” деген кестеде Дінахметтің ұлдары Естерек, Дінмұқамбет, Ормамбет би деп көрсетеді. Ол: “Ормамбет өлген соң ноғайдың көбі қазаққа қосылды. Қалған ноғайды Естерек биледі. Еңсегей бойлы Есім ханның замандасы Естеректің баласы – Тарғын батыр. Тарғын қазақ пен ноғай айырылған заманда болды. Сондықтан Тарғынды ноғайлының батыры деп атауға болады” деп білген. С.Сейфуллиннің 1932 жылғы “Қазақ әдебиеті” кітабында да Тарғын тарихи тұлға ретінде аталған [82, 403 б.].

“Осы мәліметтер жырдың туған дәуіріне де анықтық енгізеді. Оймауыт, Торғауыт, хойт, хошоут, дөрбет – ойрат-тардың іргелі одағына кірген тайпалардың атауы. Олар қыпшақ даласына 1452-55 ж. еніп, Сырдарияның бойымен Ташкентке дейін барған… Тарғынның ноғайлы дәуірінің батыры екені шындыққа сай келеді” [82, 404 б.]. Тарғынның өзі өмірде болған-болмағандығы жөнінде әр қилы пікірлер бар. Бірақ болған адам екендігіне жоғарыдағы айтылғаннан басқа, қазірге дейін сақталып келе жатқан мекен аттары да қосымша дәлел бола алады. Халықтың жадында Тарғын батыр есімімен сақталған жер-су атаулары бар. Батыс Қазақстан облысының Орда ауданында Үш Тарғын деген жер, Самара (Ресей) мен Батыс Қазақстан облысының шегінде Тарғын деген өзен бар. Орталық ғылыми кітапхананың қолжазбалар қорында “Ер Тарғын” жырын жырлаған Малтақан Биқитұлы нұсқасының қолжазбасы сақталған. Ол өзін батырдың туған елінде туып-өстім деп есептеген. Тарғын мекен еткен жер – Батыс Қазақстан облысы Орда ауданының батыс жағындағы Савинка ауылының маңы 1918 жылға дейін “Тарғын қысымы” деп аталған” [82, 403-404 бб.].

Жырдағы публицистикалық сарынды көрсететін қарасөз үлгілеріне назар аударайық: “…Хан онымен көрісіп, жөнін сұрайды. Тарғын: – Мен қырғызбын, – дейді. Хан айтты: – Сен қырғыз болсаң біздің жұртқа неге келдің, не жұмысқа келдің? – Тарғын айтты: – Мен ханымыздың бір жақсы бегін шейіт еттім, онан соң жұрт мені тынымсыздады, сол себепті сіздің қол астыңызға қашып келдім, – деді. Сонда хан айтты: – Сен кешегі жауды бұзған қайратыңды сені тынышсыздаған жұртыңа көрсетпедің бе? – деді. Тарғын айтты: Нахақтан өз жұртымды жылатуға шариғат қоспайды, – деді. Онан соң Ақшахан үкім жүргізіп, Тарғын батырды әскербасы қылды…” [81, 110 б.]. Бұл үзіндідегі хан мен Тарғын арасындағы диалог, сұрақ-жауап үлгісінде өрбиді. Және бұл сауал, жауаптарда үлкен әлеуметтік ой жатыр. Мәселен, батыр сөздері оның жұрт қамын, ел қамын ойлайтындығын, оған залал тигізуді шариғатқа қарсы іс деп білетінін, батыр қай рудан шықса да, сол кездегі саяси жаугершілік заманға байланысты, жалпы бірліктің қорғаны болатынын, жалпы тыныштық пен тұтас-тықтың сақтаушысы болатынын көрсетеді.

“Қыз бұл үш күннің ішінде Тарғын батырды шақыртып алды да Тарғынға айтты: – Міне, мені бір хан баласына айтты-руға жаушы келіп жатыр екен, әкем мені сол ханның баласына бермекші болып, менен рұхсат сұрап, маған кісі жіберіпті. Мен ондай хан баласына таңсық емен, өзім де хан баласымын, сұлуға таңсық емен, өзім де сұлумын, мен сондай кісіге барамын кімнің бақыты зор болса, – депті. Егерде батыр екенің рас болса, мені осындай кісіге қор қылғанша сен мені алып қаш, мен саған тиемін, сенен басқа еш кісіге тимеймін, көңілім саған ауды, егерде маған келмесең, мен шыдап тұра алмай сенің қайғыңнан өлемін, – дейді. Онан Тарғын бұл қызды Ақшаханның Қанатты қара дейтұғын бір жорғасына мінгізді де, алды да қашты. Үш күн кетті, үш күннен соң ханның қызының қараушы құлдары Ақшаханның бір қазысына барып хабар берді: – Ханның қызы Ақжүніс сұлу сарайда жоқ, қашып кетіпті, кіммен қашқанын білмейміз, – дейді” [82, 111-112 бб.].

Бұл қара сөзден сол дәуірдегі әйел теңдігі мәселесінің көтерілгендігінің куәсі боламыз. Өз сүйгеніне қосыла алмай, ата-анасының айтқанынан аспай талай қыз тағдыры теңіне қосыла алмай бұзылған күндер де болған. Ал Ақжүністің әділетсіздік шекарасынан аттаған мына ерлігі – бүкіл қазақ әйеліне үлгі сияқты. Сол замандағы әлеуметтік теңсіздік мәселесіне Ақжүніс әрекеті арқылы тойтарыс берілуінің өзі – ауыз екі публицистиканың нағыз үлгілерінің бірі. Бұл турасында: “Тарғын әңгімесіндегі Ақжүністі алсақ, бұл түгелімен намыс, жігер иесі… Бұл сипатын сынасақ Ақжүніс, Тарғындай батырдың пірі пішінді, жігер намысы… Ерінің абырой атағын сақтауды, соның күзетшісі болуды міндеті деп біледі” [72, 84-85 бб.], – деп жазыпты ұлы М.Әуезов.

Жыр соңында Тарғынға жер беріледі, сонда өзі билік құрады. “Қара ноғайдың хан, халқымен татуласып табысты да Жанарыстан, Үш Тарғын деген тауды барып жайлады әм қыс-тады…” [82, 142 б.] Батыс Қазақстан облысы Орда ауданын-дағы қазіргі Үш Тарғын деген жер атауы содан қалса керек. Аңыз түбі – ақиқат екендігін айғақтайтын бұл да бір дәлел.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Рабиға Сыздықова: “Жазба алдындағы әдеби тіл негізінен көркем поэзия мен ішінара әдет-ғұрып заңдары (билер сөздері, немесе шешендік сөздердің дені қазақтың әдет-ғұрпы заңының жазылмаған “статьялары” іспетті түрінде (стилінде) ғана өмір сүріп келеді, оның көркем проза, публицистика, қоғамдық-саяси, ғылыми стилдері болмады” [83], – деген тұжырым айтады. Профессор Е.Жұбанов ауыз әдебиетінің тілі “әдебиетке түсіп қалыптанған, халық тілі екендігін, яғни “әдеби” екендігін” [84, 58 б.],– дәлелдейді. “Қазақ әдеби тілінің тарихында ауыз әдебиет тілінің өз орны бар екенін мойындамасқа болмайды” [85, 148 б.] – дейді профессор С.Исаев. Біздің пікірімізше, белгілі бір дәуірдің шындығын көз алдымызға әкелетін батырлар жырындағы қара сөздер үлгісін публицистиканың ауызша сөйлеу тілі ретіндегі пішініне жатқызуға болады. Басқаша айтқанда, батырлар жырындағы дәнекерлік рөл атқаратын қарасөз стилі – публицистикалық стилдің ауызекі түрі. Олай дейтініміз біз талдап, таразылаған батырлар жырындағы қара сөздердің мазмұны халық өмірінің шындығына құрылатындығымен ерекшеленеді. Сонымен бірге батырлар жырындағы қара сөз үлгілері көпшілікке мына бағыттарда әсер етеді:

Біріншіден, қара сөздер тыңдаушылардың ақыл-ойына тікелей әсер етіп, оларды белгілі бір қимылға шақырады, іс-әрекетке үндейді. Бұл ең алдымен – ел қорғау, туған жерді сүю, ата-ананы қадірлеу, әділдік үшін күресу, әлеуметтік теңдік мәселесі, бірлікке, ынтымаққа, бейбіт өмірге үндеу;

екіншіден, тыңдаушылар үшін қара сөз анағұрлым түсінікті болады;

үшіншіден, публицистикалық баяндау тәсілі қолданылады, сөз қайталаушылық көп кездеспейді. Мұның өзі ауызша айтқандықтан болса керек;

төртіншіден, батырлар мен басқа да кейіпкерлер өмірде болған адам екендігі де жырдағы публицистикалық сарынды күшейтеді;

бесіншіден, қазірге дейін сақталған жер-су, тау аттары кездеседі;

алтыншыдан, қазақ халқының бүгінгі күнде сақталған әдет-ғұрып, салт-дәстүр, діни наным-сенімдерінің нақтылы көріністері орын алады;

жетіншіден, белгілі бір нақты тарихи кезеңде болған саяси оқиғалар тізбегі кездеседі;

сегізіншіден, тыңдаушылардың күш-жігерін негізгі айты-латын әлеуметтік ойға бағындырып, оларды белсенді іс-қимылға біріктіріп, қатаң бақылауға алып, реттеп отыру байқалады.

Барлық жырларда да өз елін терең сүю сарыны басым. Сондай-ақ жеке бастың қамынан гөрі әлеуметтік, жалпы-халықтық мүдде алдыңғы шепке шығады. Тыңдаушыға сол кездегі әлеуметтік маңызы зор мәселелерді қарапайым да түсінікті тілмен, жылдам, тез арада жеткізуге ұмтылу да – публицистиканың басты белгілерінің бірі. Сонымен бірге, ел аузына қараған батырлар сөзі, ойы арқылы батырлар жыры өз кезеңінде қоғамдық пікірді қалыптастырып отырған. Қара-пайым халық ішінде белгілі бір елдік мәселелер туралы қоғамдық пікір қалыптастырудың өзі – публицистиканың негізгі ерекшелігі екендігі белгілі. Орыстың ауыз әдебиетін зерттеуші, академик Б.А.Рыбаковтің: “…жылнама да, батырлар жыры да шындық өмір” [86, 83 б.], – деген пікірі де ойымыз-дың дұрыстығына тіреу болады. Сонымен өз заманында ауызша айтылып, ел өміріндегі көкейкесті мәселелерді сөз еткен батырлар жырындағы қара сөздерді публицистиканың ауызша пішіні деуге батыл негіз бар.

“Ауызекі публицистика”, яғни өмірдің өзекті мәселелерін арқау етіп, сол заман адамдарын белгілі бір әлеуметтік ой, идея төңірегіне топтастыра білген батырлар жыры – қазіргі публицистиканың нағыз бастау, бұлақтарының бірі деп батыл айта аламыз.


Каталог: wp-content -> uploads -> 2018
2018 -> Комутова Айгуль Сериковна, кмм
2018 -> Комутова Айгуль Сериковна, кмм
2018 -> Сабақтың мақсаты: а/ Оқушылардың сөздік қорын молайту. Білім, білік дағдыларын қалыптастыру
2018 -> Сабақтың тақырыбы: Физика-табиғат туралы ғылым
2018 -> Сабақ мақсаты Тұздар гидролизін түсіну және тұздардың суда ерігенде қандай процестер жүретінін анықтау
2018 -> Сабақтың мақсаты: Білімділік: Көміртек және оның қосылыстары туралымәлімет алады
2018 -> 5В011700- Қазақ тілі мен әдебиет мамандығы бойынша 3-курс студенттердің элективті пәндер каталогы 2017-2018 оқу жылы
2018 -> Сабақтың тақырыбы Салынған циклдер. Мақсаты Қайталау операторлары туралы білімнің кеңеюі
2018 -> Сабақ тақырыбы: Теңдеулер жүйесін қолданып есептер шығару Мерзімі
2018 -> Даулетиярова Зауре Ермаханқызы А. Пушкин атындағы №41 көпсалалы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тараз қаласы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет