Реферат kz Қазақша рефераттар сайты Абайтанушы



Дата05.11.2016
өлшемі107,69 Kb.
#483
түріРеферат

Абайтанушы
Әркімнің пешенесіне жазылған мөлшерлі ғұмыры бар. Пенделік пайымдау бойынша бұл — әліптік ақиқат. Осы негізден шығарсақ, Қайым Мұхаметханұлының ғұмыры сексен сегіз жылды қамтыды.
Осы орайда Абай сөзіне ден қойсақ:

Ақыл мен жан – мен өзім, тән менікі,

Мені мен менікінің мағынасы екі.

“Мен” өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,

“Менікі” өлсе өлсін, оған бекі, – дейді ақын.
Осы санаттағы ажалсыз “Меннің” иесі ең алдымен Абай ағаның өзі десек, ақын жолымен жүрген ізбасарлары мен рухани мұрагерлері де уақыт пен кеңістікте әлдебір межемен шектелмей, өмірлерін жалғастыра бермек. Сондай бірегейлердің бірі – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайым Мұхаметханұлы.

Қалың жұртшылық бұл кісіні көбінесе кеңестік Қазақ республикасының мемлекеттік әнұранына мәтін жазған ақын ретінде біледі десек, екі тармақ өлең туындыгерді шынайы абырой шыңына шығарған. Қазақ жанының ұлы қасиетін жанартау жалынындай лапылдатып, асқақтата танытқан:


Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған,

Бостандық өмір мен ар үшін қиған жан.


Ары мен азаттығының жолында қазақтың бары мен жаны құрбан екендігін кеңестік билікке (Ұлы Отан соғысы аяқталғанға дейінгі он сегіз жылда Кеңес одағының әнұраны жоқ еді) алдын-ала ескерткен деп ұғынуға лайықты осы сөздердің ақиқа­тына 1986 жылғы желтоқсанда бүкіл адамзат көз жеткізді. Намысына тиген, еркіндігін құрсаулаған империяның оспадар өктемдігіне бостандықсүйгіш қазақтың ұлдары мен қыздары бұратаналар ішінде қаһармандықпен бірінші болып қарсы шығып тәуелсіздікке жол ашты. Ақын Қайым желтоқсан қасіреті мен құдіретіне арнаған ғибратты тұжырымын сол кезде жырға айналдырып айтудан тайсалмаған болатын:
Қызыл қыршын қазақтың ұл-қыздарын,

Адал жүрек, ар-намыстың құлдарын,

Мәңгі бақи ел есінен кетер ме

Сөгіп, соғып, қанын төгіп қырғаның!


Ақын сөзінің азаматтық арқауы босаңсыған сәті жоқ. Елдік, адамшылық мұраттарды қозғайтын жайлардың баршасына қолма-қол үн қатудан айнымағандығын желтоқсаншыларға бағыштаған дұға-батасы, жендеттерге лағнет-қарғысы дерлік жоғарыда келтірілген үзінді дәлелдеп тұр емес пе?! Әрдайым ізгілікті көксеген жүрегінен бұрқ етіп атылған жыр шумақтары аз емес. Жариялану жайы, әрине, бөлек әңгіме. Коммунистік аңсарға кереғар өлең-жырға өріс берілмеген дәуірде әлгі тәрізді шығармалар, әлбетте, оқырманға беймәлім қала беретін. Сондай өзгеше бағалы суырыпсалма өнердің үздік бір мысалын жұрт назарына ұсыналық. Қасым Аманжоловпен және тағы бірер ақынмен отырған кезде бұлардың қасына жүзі жадау, ұлты чешен ақсақал келе қалады. Сол мезетте Қайым орнынан ұшып тұрып, қартты құшағына ала, былай деген екен:
Ат болсаң, тұяқтының тұлпарысың,

Құс болсаң, қияқтының сұңқарысың,

Бұл күнде азып-тозып қаңғып жүрген

Кешегі ер Шәмілдің ұрпағысың!


Осының өзі саналы оқырманды тебірентетін, бір дастанға бара-бар жеке шығармадай мейлінше әсерлі. “Халықтар көсемі” депортациялап, тирандық әңгіртаяқ соққысына ұшыратқан чешен ұлысының мүшкіл халге түсуімен байланысты бауырмалдық күйінішке қоса, мұнда Абылай мен Кенесары заманынан бері отарлық езгіден құтыла алмай, “коммунизм жұмағына” жұтылу қатерінде мұң шегіп отырған қазақтың да өңменін найзағай жарқылындай шарпып өтерлік серпін бар ғой.

Ақындық дарыны мен шеберлігін Қайым Мұхаметханұлы Карамзиннің “Сормаңдай Лиза” хикаясын өлеңмен қазақшаға аударуында таң қаларлықтай етіп көрсетті. Лермонтовтың “Вадим” хикаясын өлеңмен аударған Абай үлгісін, Пушкиннің “Дубровский” хикаясы мен “Боран” әңгімесін өлеңмен аударған Шәкәрім үлгісін жаңғыртты.

Ақын Қайым дүние азабынан ширыққан, түңіле дал болған, қайсарлана жігерленген көңіл әуенін де жеріне жеткізе жырлай алған. Мысалы:
Жай жүрсем, табалады “ұтылды” деп,

Қатты жүрсем, күндеді “құтырды” деп,

Орта жүрсем, онда да көре алмады,

“Бұл өзі ақылды адам сықылды” деп.


Мұхаметханұлының көркем шығармашылық талантының бір қыры драматургия саласында ашылған. Оның “Майданнан майданға”, “Перне”, “Комиссар Ғаббасов”, “Ер Білісай” драмалары бойынша спектакльдер әлденеше маусым бойы театр сахналарынан түспей қойылып, көрермендер ықыласына бөленген. Бұлармен қатар татардың классик драматургы Шәріп Камалдың “Қажы әпенді үйленеді”, әзірбайжанның атақты қаламгері Үзейір Ғажыбековтың “Аршын мал алан” комедияларын қазақшаға аударып, талай жыл бойында тұрақты репертуарлық қорға енгізді.

Алайда, тағдыр билігі солай шығар, ақын және драматург ретінде Қайым Мұхаметханұлының ықтимал әлеуеті барынша жарқырап, толық жүзеге асты десек, шындыққа обал болар еді. Мұның есесіне жазмыш Қайымға тауқыметі де мол, бақыт-зейнеті де қайырлы ғалымдықты сыбағалады. Бұл кісінің есімі мен ісінің жасампаздық, өміршеңдік кепілі – абайтанушылық, мұхтартанушылық, шәкәрімтанушылық ілімдері, барлығын жинақтағанда, алаштанушылық тарихы.

Ұлт рухының өзегін құрайтын осы аталған әдеби-мәдени-саяси құбылыстар Қайымды жарық дүниеге келген сәттен-ақ жөргектеген. Әкесі Мұхаметхан кезінде ілгерішіл көзқарасы мен әрекеті сайма-сай абзал азамат бейнесінде жұртқа кең танылған. Абай мұрасын қастерлеген. “Айқап”, “Абай”, “Қазақ”, “Шолпан”, “Сана”, “Сарыарқа”, “Таң” сияқты басылымдарды үй кітапханасына алғызып, жан азығы еткен. Оның шаңырағындағы меймандос көңіл құрметін Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Көкбай Жанатайұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Аймауытов, Қажымұқан Мұңайтпасов, Халел Ғаббасов, Мұхтар Әуезов сан мәрте көрген. Сондай ахуалда өскен зерек, зейінді бала Қайымның ойы мен сезімі елшіл, отаншыл, қазақшыл болып, табиғи үрдісте қалыптасқан.

Әуезовті тұңғыш рет көргенде Қайым жеті жастағы бала екен. Бұл – 1923 жыл. Келесі жылы Әуезовті сегіз жастағы Қайым екінші рет көреді. Мұхаңның бастамасы және ұйытқылығы арқылы Семейде Абайды еске түсіру кеші өткізіледі. (Қайтыс болуының жиырма жылдығына орай). Бұл оқиғаның мәнін Мұхаметханұлының өз сөзімен білдіру жөн шығар: “Осы кешке үлкендермен бірге барып, Мұхтар Әуезовтің баяндамасын тыңдап, Көкбай ақынның Абай туралы естелік әңгімесін естіп, ұлы ақын жайында ең алғаш мағлұмат алғаным сол жолы еді”. Үшінші көруі – 1925 жылы: Әуезовтің сахналық бір шығармасын “Ес аймақ” труппасы қоюға дайындап, Мұхаметхан ақсақалдың үйінде репетиция жасаған. Семейтаумен жалғасатын Көкен тауына 1926 жылы Мұхаң демалысқа келгенде он жастағы Қайым оны төртінші рет көрген. Тоғыз жылдан соң, яғни 1935 жылы, Мұхтар Әуезов өзінің болашақ роман-эпопеясын жазуға материал жинау мақсатымен Семейге келгенде, он тоғыз жастағы балғын жігіт Қайым даңқты жазушыны бесінші рет көреді, біршама еркін әңгімелесуіне мүмкіндік туады. Бұл кезде Қайымның әкесі таптық жау ретінде қудаланып, қамауға алынып, атылып кеткен. Бай баласы Қайым қауіп-қатерден әупірімдеп өтіп, мұғалімдік курсты аяқтап, институтқа түсуді ойластырып жүрген. Абай шығармаларына біржола ден қойып, Ыдырыс Мұстамбаевтың нағыз тарихилық маңыздағы мақалаларымен ынтыға танысуда еді. 1939 жылы мұғалімдік институтты аяқтаған тұста Қазақстан Жазушыларының екінші съезіне қатысу үшін Алматыға барады. Міне, осы алтыншы кездесуден кейін жиырма төрт жасында Қайым Мұхаметханұлы кемеңгер Әуезов үшін сенімді шәкірт-әріптеске, сүйікті ініге айналды. Мұхаңның ақыл-кеңесімен ғылыми ізденіс жолына түседі. Зерттеулерінің басты нысаны етіп Абай шығармашылығын алады. Семейдегі пединститутта оқытушылық қызметке кірісіп, Әуезовтің бағдарлы пікірлерінің қанаттандыруы арқасында 1940 жылы “Абайдың әдеби мектебі” айдарымен Ақылбай Абайұлы, Мағауия Абайұлы, Әубәкір Ақылбайұлы, Әріп Тәңірбергенов шығармашылығы туралы ғылыми мақалалар топтамасын жариялайды. Содан бастап соңғы демі таусылғанша абайтану мәселелерінің жүйесінен қаламы босаған емес.

Абайды тану үстіне таныған сайын қазақты танудың саналуан проблемаларына да тереңдей түсті. Қаракерей Қабанбай мен Қанжығалы Бөгенбай батырлар туралы халықтық поэмаларға тарихи-ғылыми, әдеби-ғылыми талдау жүргізген еңбегін “Қазақ әдебиеті тарихының” бірінші томына енгізіп, 1943 жылы әзірлеп береді.

Қайым Мұхаметханұлының ғалымдық тұлғасында орта ғасырлардағы оқымыстыларға тән әмбебаптық көріністері мол еді. Сондай кең қарымдылығына өз еңбектерінің ғана шеңберінде назар салайық. Өзекті желісі мен үзілмес тіні абайтану екені белгілі. Мұнда іргелі және қолданбалы сипаттарды тоғыстырушылық жөнімен, талдаулардың түбегейлі орнықтылығы жөнімен, жаңа бағытқа қарышты қадам жасағандығы жөнімен “Абай заманының ақындары” (“Абай айналасының ақындары”), “Абайдың ақындық мектебі”, “Абай шығармаларының текстологиясы” сияқты монографиялары менмұндалап көзге бірден түседі. Әдебиет тарихына Ақылбай Абайұлы, Мағауия Абайұлы, Әубәкір Ақылбайұлы, Мұқа Әділханұлы, Әсет Найманбайұлы, Әріп Тәңірбергенов, Көкбай Жанатайұлы, Тұрағұл Абайұлы, Уәйіс Шондыбаев, Кәкітай Ысқақов, Тайыр Жомартбаев, Иманбазар Қазанғапұлы, Баймағамбет Айтқожаұлы сияқты дарындардың мұраларын тікелей жалғыз өзі әкеп қосты. Абайдың оншақты өлеңі Қайым Мұхаметханұлының жинап тапсыруымен академиялық басылымда жарық көрді.

Бұлардан тыс Құсайын Файызханов, Ілияс Бораганский, Бұқар жырау, Үмбетей, Махамбет, Шөже, Жанақ, Сәдір, Ақылбек Сабал, Ілияс Молдажанов шығармашылықтары туралы мақалалары мен Мұхтар Әуезовтің өмірбаяны хақындағы очеркі және Қазақ кеңес энциклопедиясының он екі томдығына жасаған сыни саралау қорытындылары – зерттеушіліктің үздік үлгілері.

Осы дәрежедегі туындылардың үлкен шоғыры “Абай мұрагерлері” жинағын құраған. Алаш ардагерлерін ақтаңдақтардан арылтып, мәртебелі орындарына оралту ісіне Қайым Мұхаметханұлының қосқан үлесі қандай екендігін осы жинақтағы ғұмырнамалық, өнернамалық очерктер куәландырады. Мысалы, ол Шәкәрім шығармашылығын ақтау мәселесіне қозғау салып, 1987 жылы Колбинге дәйекті негіздемелік материал жолдаған болатын. 1960 жылдан бастап Шәкәрімнің баласы Ахат екеуі бірлесе атқарған жанқиярлық қимыл-әрекеттер аз болған жоқ.

Қайым Мұхаметханұлының зерттеушілік ізденістері нәтижесінде әдебиет пен көркемөнердің және қоғамдық-саяси тарихтың мазмұнын байытқан өлшеусіз қымбат қазыналар, мұрағаттық құжаттар – өз алдына бір төбе. Мысалы, атақты қиссашы, ақын Ақылбек Сабалдың 43 мың жолдық өлеңмен жазылған өмірбаянын, 376 дәптерге толтырылған қарасөздерін тауып, Әдебиет және өнер институтында ғылыми хабарлама жасағаны мәлім. Академик Ахмет Жұбанов өзінің “Замана бұлбұлдары”, “Ғасырлар пернесі” монографияларында Мәди Бәпиұлы мен Естай Беркімбаев туралы құнды деректерді Қайым Мұхаметханұлы бергендігін ризалықпен атап көрсеткен. Кезінде Мұхтар Әуезовтің тапсырмасы бойынша “Абай жолы” романына да қажетті деректерді тауып, Мұхаңның көңілінен шығып отырғандығы және бар. (Мысалы, төртінші кітапта Сармолланың қастандықпен өлтірілу уақиғасына байланысты “табыт қағу”, т.б.). Бұл жайды айғақтайтын ондаған хат 1951 жылы Қайым Мұхаметханұлы тұтқындалғанда тергеушілердің қолында кетіп, кейін қайтарылмай мүлде із-тозсыз жоғалған.

Ақын, драматург, ғалым Қайым Мұхаметханұлы жарты ғасыр бойы Семей мемлекеттік педагогикалық институтында ұстаздық етіп, Әзілхан Нұршайықов, Кәмен Оразалин сияқты бүгінгі ақсақал қаламгерлерден бастап, бір қауым шәкірттеріне ілім құтын дарытып, адамгершілік тәлімін берген.

Иә, өзгесін былай қойғанда, Қайым Мұхаметханұлы Абай шығармаларының аса беделді мәтінтанушысы екенін білікті мамандар түгел мойындаған. Ал, бүтіндей абайтанушылық еңбегіне Мұхтар Әуезов, Зоя Кедрина, Ысқақ Дүйсенбаев, Митрофан Сильченко, Ханғали Сүйіншәлиев, Рәбиға Сыздықова, Әбіш Жиреншин, т.б. әр кезде оңды пікірлер білдірген.

Бәрін айт та, бірін айт, Қайым ағаның ең зор бағасы, Абай сөзіндегідей, “Адам деген даңқы бар” екендігінде. Ұлтын сүйген, ұлтының ардағы Абай мен Мұхтар үшін отқа түскен, сталиншілдік зұлматқа қарсы тұра білген,


“Тусаң ту!” дейтін Азаматтығында!

Атақ емес, ғылым үшін жаралған...


Көрнекті ғалым Қайым (Ғабдұлқайым) Мұхаметханұлының туғанына 90 жыл. Ол – алаш арыстарының соңғы тұяғы, білімдарлығымен ғұламалыққа жеткен жан. Көзі ашық, көкірегі сәулелі, елшіл әкесі Мұхаметханның дастарқаны мен қаржы-қаражаты мол болған. Ол ырыс-дәулетіне мастанбай, ұлт мүддесіне жан байлығын да, мал байлығын да бүтіндей арнап, ерекше байсалды, өте мәдениетті ақсақал ретінде танылған.

Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы, Көкбай Жанатайұлы, Мұхтар Әуезов тағы басқа тарихи тұлғалар мұнда елдік істердің сан қилы мәселелерін талқылап, емін-еркін мәслихат құрған. Мұхаметханның үйіндегі жеке кітапханасында «Дала уәлаяты», «Айқап», «Қазақ», «Абай», «Сары Арқа» тігінділері мұқият жинақталып сақталған. Қазан төңкерісінен соңғы астан-кестен кезеңде байларды қудалау науқаны Мұхаметханға да ызғарын тигізген. Көреген, қамқор әкесі педагогтық курста сабақ беретін Ғалиақбар Төребаевқа баласын әкеліп, қанатының астына ала жүруді өтініш етеді. Қайымның Абай туралы тырнақалды ой-пікірлері осы курста оқып жүргенде білінген. Өлең жаза бастайды. Пединститутты үздік аяқтап, кафедрада оқытушылық қызметке қалдырылған соң, Қайымның зерттеушілік және ақындық шығармашылық ұмтылысы жаңа екпін алады. Ақылбайдың «Дағыстан», «Зұлыс», Мағауияның «Медғат-Қасым», «Еңлік-Кебек» поэмалары туралы, Әубәкір Ақылбайұлы Абай немересі, Әріп Тәңірбергенов өмірі мен шығармалары туралы мақалалар жариялайды. Пединститутта аға оқытушылық қызметке тұрады, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастырады.

1943-1944 жылдары Қабанбай батыр мен Бөгенбай батыр туралы халықтық тарихи дастандарды зерттеп, «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томына енгізілетін материал ретінде дайындап бітіреді. Абай шығармашылығын зерттеулері үздіксіз жүргізіледі. Соның нәтижесінде, Абайдың туғанына жүз жыл толуына арналған 1945 жылғы мерекелік басылымда Мұхаметханов іздеп тапқан тоғыз өлең енген. «1945-1950 жылдарда Мұхаметханов Абай мұражайында, пединститутта, Жазушылар одағының Семей бөлімшесінде қызмет істеп жүріп, өзінің зерттеу тақырыбы бойынша он бір мақала жариялайды. «Абайдың әдеби мектебі» бойынша кандидаттық диссертациясын жазып, тәмәмдайды. 1951 жылғы сәуірдің 7-сі күні академик М.О. Әуезов жетекшілігіндегі сол диссертацияны Ғылыми кеңесте қорғап шығады. Өкінішке қарай, көп ұзамай, әйгілі зобалаңға ұшырап, сталиншіл зұлмат биліктің қанды шеңгеліне ілінеді. Сол жылғы желтоқсанда 25 жылға бас бостандығынан айырылып кете барады. Айып – ұлтшылдық. Ал ұлтшылдық өзегі не десеңіз, ол – Абайды қорғау, Әуезовты қорғау. Алматыдағы әркімге мәлім сұр ғимараттың ыстық-суық камераларындағы тамұқтық азаптардан соң Қарлагтың дәмін татып, үш жылдан соң 1955 жылы толық ақталып, Семейге оралды. 1955-1959 жылдарда Қайым Мұхаметханұлы абайтану бойынша он бір мақала, екі жеке басылымдық кітап («Мағауия Абайұлы Құнанбаев», «Абай шығармаларының текстологиясы») баспадан шығарды. 1959 жылғы маусымның 12-сі күні «Абай заманының ақындары» («Абай айналасының ақындары») деген тақырыппен бұрынғы қорғалған кандидаттық диссертацияны қайтадан қорғады. Жетекшісі Мұхтар Омарханұлы еді.

1960 жылдардан бастап Қайым Мұхаметханұлы Шәкәрім шығармашылығын зерттеуге бел буып кірісті. Докторлық диссертация нысаны ретінде ыңғайлады. Шәкәрімді ақтау бойынша 1959 жылғы «Қазақ әдебиетіндегі» белгілі жарияланымнан соң аудан, облыс көлемінде ширек ғасырдан астам уақытқа созылған игі ниеттегі қимыл-әрекеттердің басы-қасында жүрді. Ең соңғы Колбинге жолданған материалдың сірескен қалың сеңді қозғаған ықпалына қазір әдеби-мәдени орта тегіс қанық. «Қазақ әдебиеті» газетінде Бұқар жырау, Үмбетей, Махамбет, Сәдір, Шөже, Жанақ, Ілияс Молдажанов, Ақылбек Сабал т.б. туралы зерттеулері жарияланды. Қазақ кеңес энциклопедиясының он екі томдығына сыни сараптамалық әдеби-мәдени-тарихи ғұмырнамалық очерктері – ғылыми мынандай дәрежені, анандай дәрежені көксеп жүргендер орындай алса ғой дерлік дүниелер.

Ғұлама ғалым, Ұлы Абайдың 150 жылдық әлемдік тойы қарсаңында «Абайдың ақын шәкірттері» деген үш томдық монографиясын жазды. Ол нағыз ұстаз, шын педагог еді. Қаншама шәкірт алдында отырса, соның ең озық-зерегіне арнап, соған лайықтап сөйлейтін. Қызыл сөзді, қысыр сөзді жек көретін. Бұқпантайламай тура жүрген адамды ұнататын ағаның қасиеттері айта түскен сайын арта беретіні шындық.
Қадірбек Кәкімұлы,

Қинаят Шаяхметұлы,



Семей Педагогикалық институтының доценті, профессор
Каталог: wp-content -> uploads -> 2015
2015 -> Реферат kz Қазақша рефераттар сайты Талғат Амангелдіұлы Мұсабаев Қазақстанның ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы. Ғарышкер, техника ғылымдарының докторы
2015 -> Реферат kz Қазақша рефераттар сайты Жердегі сұлулықтың мекені
2015 -> Реферат kz Қазақша рефераттар сайты Жердегі сұлулықтың мекені
2015 -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
2015 -> Абай және кітапхана
2015 -> Абайдың ақын-шәкірттері Ақылбай Абайұлы
2015 -> Реферат kz Қазақша рефераттар сайты
2015 -> 1961 жылы 12-сәуiрде Юрий Гагарин «Восток» кемесiмен ғарышқа ұшты Юрий Гагарин
2015 -> Абай және кітапхана
2015 -> Реферат kz Қазақша рефераттар сайты рухани мәдениеттің негізін салған қазақ ҒҰламалары


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет