Сабақтың тақырыбы : «Шоқан ғалым, этнограф, жазушы, саяхатшы, суретші» Сабақ эпиграфы : «Шоқанның ұлылығы соншама, біз оны енді ғана толық түсіне бастағандаймыз»



Дата25.01.2017
өлшемі172,01 Kb.
#8083
түріСабақ
Сабақтың тақырыбы: «Шоқан – ғалым, этнограф, жазушы, саяхатшы, суретші»

Сабақ эпиграфы: «Шоқанның ұлылығы соншама, біз оны енді ғана

толық түсіне бастағандаймыз».

Ғ. Мүсірепов

Сабақтың мақсаты: а) білімділік

Қазақ халқының ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың

өмірі, өмір сүрген ортасы, ғылымға қосқан үлесі жайлы

оқушылардың шығармашылық жұмысы арқылы кең

түрде мағлұмат беру
ә) дамытушылық

Шоқан еңбектерінің құндылығы, ғылымға қосқан үлесі

жайлы талдау
б) тәрбиелік

Оқушылардың бойында еліміздің біртуар ұлы ғалымы

Шоқанның өміріне деген қызығушылық сезіміне

тәрбиелеу


Сабақтың түрі: портрет-сабақ
Сабақтың типі: жаңа материалды меңгерту сабағы
Сабақтың әдіс-тәсілдері: ізденушілік, зерттеушілік іс-әрекеттері, баяндау,

талдау, сұрақ-жауап,


Көрнекі құралдар: Ш.Уәлихановтың шығармалар жинағы, слайдтар, баспасөз

материалдары, тарихи шығармалардан үзінді, буклеттер,

схемалар, карта, суреттер, сөзжұмбақ, үлестірме қағаздар,

эпиграф, нақыл сөздер


Пәнаралық байланыс: тарих, география, бейнелеу өнері, орыс тілі мен әдебиеті
Нақыл сөздер: «Намысқойлық – қазақ халқының қозғаушы ұлы күші»

Ш.Уәлиханов

«Халықтың кемеліне келіп, өркендеу үшін,

ең алдымен азаттық пен білім керек»

Ш.Уәлиханов

«Шоқаны бар ел – шоқтығы биік ел».


Сабақтың барысы:

І. Ұйымдастыру бөлімі

а) Оқушылармен амандасып, көңіл-күйлерін сұрау;

ә) Оқушыларды тізім бойынша түгендеу;

- Балалар, бүгінгі сабағымыздың – күнделікті сабақтардан өзгешелігі бар. Бүгін біз «Шоқан – ғалым, этнограф, жазушы, саяхатшы, суретші» атты тақырыпта портрет-сабағын өтеміз.

Бұл сабақтың өзіндік ерекшелігі оқушыларға алдын ала тапсырма беріліп, ізденіс жұмыстарын сабаққа пайдаланып, оқушы пікірі тыңдалады.
ІІ. Үй тапсырмасын сұрау

- Балалар, өткен сабақта біз ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы қазақ әдебиетін өтіп, алдын ала үй тапсырмасы ретінде ұлы ғалым Ш.Уәлиханов жайында баспасөз материалдарынан, қосымша әдебиеттерден мәліметтер іздеу керек болды. Сабаққа дайынбыз ба? Дайын болсақ сабағымызды бастайық.



ІІІ. Сабақ жоспары

  1. Шоқанның өмірбаянына, ата-тегіне тоқталу

  2. Білім алған ордасы

  3. Ш.Уәлихановтың қоғамдық қызметі

  4. Шоқан - әдебиетші (халық ауыз әдебиетін, ертегілерді, мақал-мәтелдерді, эпостық жырлар мен ғашықтық жырларды зерттеуі)

  5. Шоқан – саяхатшы

  6. Шоқан – суретші

  7. Шоқан – жазушы

  8. Шоқан – «Манасты» зерттеуші

  9. Шоқан Уәлихановтың мемориалдық кешені

  10. Шоқанның орыс достары мен туыстары

  11. Шоқан есімі берілген мекен-жайлар

  12. Шоқан жайлы естеліктер




  1. Өмірбаяны

Шоқан (Мұхаммед-Ханафия) Шыңғысұлы Уәлиханов 1835 жылдың қараша айында қазіргі Қостанай облысы, Құсмұрын бекінісінде дүниеге келіп, 1865 жылдың сәуір айында Кербұлақ ауданы, Алтынемел жотасының етегінде Көшентоған мекенінде дүниеден өтті.

Шоқан есімі қайдан шықты? Қазақ арасында өте көп оқыған адамдар шағатай, яғни ертедегі түрік тектілердің әдеби тілімен сөйлеген. Олар хат жазса «шұ», «ұшбұ» деп жазған. Шоқанның ата-анасы оның мінезіне қарап осы хан болады деп біліп, баласын еркелетіп «Шағатай тілі мәнерімен»: «Шұ-хан» деп атаған. Сол Шоқан болып кеткенге ұқсайды.

Мұхаммед – Ханафия – кей ресми құжаттарда ғана жазылатыны болмаса, ол бүкіл ғұмыр кешкен ортасына, заманына Шоқан есімімен танылды, жаһан ғылымының биіктеріне, туған халқының жарқын болашағына ұлы Шоқан болып, Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов болып атанды.

Балалық шағы Құсмұрында (әкесі Шыңғыс сұлтан болған кезде), кейін ата қонысы Сырымбет тауының бауырында Көкшетауда өткен. Тегі төре тұқымынан шыққан. Арғы атасы – Абылай хан. Оның үлкен ұлы Уәли – Шоқанның бел атасы.

Жастайынан халықтық тарихи өлең-жырларды, аңыз-әңгімелерді қызыға тыңдайды.

Білім алған ордасы

1847 жылдың күзінде әкесінің аралас-құралас орыс достарының жәрдемімен

Омбыдағы кадет корпусына қабылданды. «Осы әскери, әмбебап білім беретін оқу орнында Шоқан жетілді, орыс жолдастарын басып озды. Екі-үш жылдан соң Шоқан өз класындағылардан ғана емес, өзінен екі жас үлкендердің де идея жағынан басып озды» деп жазды естелігінде бірге оқыған досы Г.Н.Потанин.

Шоқан 12 жасында Омбыдағы кадет корпусында оқиды. Оқуға әкеліп түсірген адам сол кездегі қазақ істерін басқарушы комиссияның тілмашы В.И.Добшинский деген кісі болады. Корпустың оқушылары 2 топқа бөлінеді: бірі рота, онда тек чиновниктердің, жаяу әскер офицерлерінің балалары оқиды. Екіншісі эскадрон деп аталады. Онда тек қана казак-орыстардың балалары оқиды. Шоқанды хан тұқымы болса да эскадронға алады. Эскадронға қара халық баласы деп кемсітушілік болған. Қандай қиын болғанмен, Шоқанға білім берген ғалымдары: орыс әдебиеті пәнінің мұғалімі, ориенталист Николай Федорович Костылецкий (1818-1867), жергілікті Сібір казактарынан шыққан, қазақшаны ана тіліндей білген. Шоқанның әкесі Шыңғыспен казак училищесінде бірге оқыған. Н.Ф.Костылецкий әскери училищеден кейін Қазан университетінің шығыстану факультетіне түсіп, араб, парсы, түрік тілдерін оқып үйренуде ерекше көзге түскен. Н.Ф.Костылецкий Шоқанға Пушкин мен Низами, Гоголь мен Фирдоусидің есімін таныстырды, шығыстанушы дәрежесіне жеткізді.

Мәдениет курсы тарихынан дәріс оқыған Глярий Васильевич Гонсевский, ұлты поляк. Қазан университетінде оқып жүріп студенттер қозғалысына қатысқаны үшін жазаланған, бірақ білімділігінің арқасында кадет корпусына жұмысқа алынған. Жас ұстаз Гонсевскийдің бай (ғылыми) кітапханасы болған. Гете, Шиллер, Расин, Мольер, Шекспир, Байронды Шоқан қуана-қуана оқыған. Шоқан французша сөйлеуді үйреніп алған. Старков қазақ даласының географиясын оқытатын. Азияның жер-суын жетік білетін, ұлы географтардың кітаптарында жоқ, тіпті, Бас штабтың өзінде жоқ деректерді айтып беретін. Старков станицада туып-өскен, Омбы әскери училищесінде оқыған, сахараны түгел шарлап шыққан, сауда керуендерін алып жүрген казак қарауылшыларын басқарып, Азияның алыс түкпірлерінде болып қайтқан.

Әдебиетші В.П.Лободовскийдің (Н.Г.Чернышевскийдің досы, мұраттасы) т.б. ықпалы зор болды.

Белгілі ғалым И.Н.Березиннің тапсырмасы бойынша Шоқан Тоқтамыстың «Хан жарлығына» талдау жасап, ғылым әлеміне қадам басты. 14-15 жасар кезінен Шоқанға ұстаздары «болашақ ғалым, зерттеуші ретінде қарайтын еді» деп жазады Потанин.

Шоқан Уәлиханов 1853 жылы Омбы кадет корпусын бітіріп, «атты әскер

корнеті» атағын алған соң Шоқан сібір казак-орыс әскерінің 6-атты әскер полкіне қызметке қабылданды. 1861-1862 жылдары Санкт-Петербург университетінің тарих-филология факультетінде дәріс тыңдаған.

Құсмұрындағы ауыл мектебінде оқып, хан тұқымының дәстүрі бойынша араб, шағатай тілдерін жақсы меңгереді.




  1. Қоғамдық қызметі

1854 жылы Батыс Сібір мен Қазақстанның солтүстік-батыс аймағын басқарған генерал Г.Х.Гасфорттың (1792-1874) адъютанты болып тағайындалады. Бұған қоса Батыс Сібір өлкесінің айрықша тапсырмаларды орындайтын офицері міндетін атқарады.

Семенов Тянь-Шанскийдің ұсынуымен 1857 жылы 27 ақпанында Шоқан Орыс географиялық қоғамының толық мүшелігіне сайланады.


4. Шоқан - әдебиетші

Шоқан уәлиханов әдебиет теориясының кейбір мәселелерімен де шұғылданады, қазақ поэзиясының жанр, түр, өлең құрылысын зерттеген. Қазақ өлеңдерін ол 5 түрге бөлген, олар: жыр, жоқтау, қара өлең, қайым өлең, өлең. Бұл жөнінде Т.Н.Потанин: «қазақ халқы оның жазғандарын оқыса, Шоқан өз халқының данышпаны болар еді және өз елінің әдебиетін өркендетуге негіз сала алар еді» деген пікір айтқан еді.

Әдебиет теориясы:


  • Поэзия жанры, түрі

  • Өлең құрылысы

  • Аңыз - әңгімелер


«Ш.Уәлихановтың халық ауыз әдебиетін,

ертегілерді және мақал-мәтелдерді зерттеуі»
Шоқан жас кезінен-ақ аңыз-әңгімелерді, жыр-дастандарды тыңдап, оны жинақтай білді. Қазақ халқы аңыз ертегілерде ешкімге зияны жоқ сарыбас жыланды, пәк аққуды, үні әдемі көкекті, сыланған тотыны, сайраған бұлбұл мен сандуғашты қазақтар ешқашан балаға жәбірлетпеген. Шоқан Қашқарға барған сапарында ауыз әдебиеті үлгілерінің бірнеше түрлері мен аса сирек кездесетін кітаптар алып қайтқан. Қашқарда жүргенде қолына «Тазкиряи Ходжагян» деген жазба түскен, ол жазбада қожалар әулиетінің тарихы баяндалады. «Қожалар тарихы», «Тарихи-Рашиди» кітабының жалғасы екенін анықтай түседі. Қазақ халқының ұлы перзенті Қашқардан «Сұлтан Бұғрахан тарихы», «Тоғылық Темірхан тарихы», «Қожалар тарихы» т.б. сирек кездесетін шығыс қолжазбаларын жеке қаржысына сатып алады. Бұларға қосымша ұйғыр, иран тілдеріндегі тарихи жазбалар, шежірелер алып қайтады.

Тәрбиелік мәні зор асыл мұра, әдебиетіміздің көне бай салаларының бірі – мақал-мәтелдер. Мақалдарда халық ойының ең түйінді,ең қысқа, дәл тұжырымдалған мәуелі жемісі жинақталған. Шоқан мынадай мақал-мәтелдерге көңіл аударған. «Не ексең, соны орарсың», «ексең егін, аларсың тегін», «Еңбегі көптің - өнбегі көп» тәрізді тәрбиелік маңызы зор пайымдаулар, халқымыздың еңбекті қадір тұтқанынан сыр тартады.

«Ақыл сақалда емес», «Құл князьдан артық біледі, бірақ айтуға дәрмен жоқ», «Өткір пышақ қынға қас, өтірік сөз жанға қас», «жақсымен жолдас болсаң, жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң, қаларсың ұятқа», «Ақыл – дария екен, көңіл – дүлдүл екен», «сусыз жерде қамыс жоқ, азған елде намыс жоқ» т.б. мақал-мәтелдердің ұтымды, ұтқыр жақтарына ерекше зер салған.
«Шоқанның эпостық жырлар мен ғашықтық жырларды зерттеуі»

Ауыз әдебиетінің інжу-маржандары: «Ләйлі-Мәжнүн», «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», «Қыз Жібек», «Қыз Назым», «Жүсіп-Зылиқа», «Еңлік-Кебек» сияқты ғашықтық дастандарды ұзақ таңға Шоқан сан рет тыңдаған және бала кезінен-ақ қағаз бетіне түсірген. Соның ішінде, әсіресе, халыққа өте кең тараған «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» жырына ерекше ден қойған.

«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» дастанын орыстың ақыны А.С.Пушкин Оралға келгенде орыс тіліне аударып жазып алған. Қозы мен Баянның құрметіне қойылған ескерткіш Аягөз бекінісінен тоқсан шақырым жерде тұр. Дастанға 1500 жыл. Шоқан әсіресе Шөже ақынның айтқан нұсқасын жазып алған. Шоқанның эпостық жырына Иманбеков қосымша мынадай мәлімет жасады. Шоқан «Едіге туралы аңызды» 1842 жылы Арыстанбай деген ақынның айтуымен жазып алған. Шоқанның осы еңбегін 1905 жылы профессор П.М.Мелиоранский Петербургте бастырып шығарған. Шоқан бұдан басқа «Ер Тарғын», «Қобыланды», «Алпамыс» т.б. эпостық жырларды зерттеген. Шоқанның ұзақ зерттегені «Едіге батыр».
5. Шоқан – саяхатшы

Ішкі Азияға барған 4-ғалым, бұның алдында:

1-рет 1278 жылы Марко Поло;

2-рет 1603 жылы Иезуит Гастен;

3-рет неміс ғалымы Шланинтвейт;

4-рет Шоқан Уәлиханов 1858 жылдың 28 маусымында.

Шоқанға осы еңбегі үшін 4-дәрежелі «Ізгі Владимир» ордені мен 500 сом күміс ақша берілді.

1855 жылы Шоқан Орталық Қазақстанды, Жетісу мен Тарбағатайды аралайды. Қазақ халқының тарихы мен әдет-ғұрпы, діни ұғымдары жайында материал жинап қайтады. Кейін ол: «Тәңірі», «Қазақстандағы шамандықтың қалдығы» деген еңбек жазады.

1856 жылы Шоқан Қырғыз елін зерттеу экспедициясына қатысады. Бұдан кейін Құлжа қаласында болып, Жоңғария тарихымен шұғылданады.

1858-1859 жылдары Шоқан өзінің Қашқарияға барған атақты саяхатын жасайды. Ол сол өлкенің жаратылысы, тарихы, этнографиясы жайлы көп мәліметтер жинайды. Бұл мәліметтер Шоқанның дүниежүзілік география ғылымына қосқан зор жаңалығы болып есептеледі.


6. Шоқан – суретші

1856-1858 жылдары Жетісуда Алматы, Қойлық, Алмалық қалаларының ескі жұртын зерттеп, көне заманның теңге ақшаларынан коллекция жасаған; Іледегі Таңбалы тас мекенін, Шолақтау мен Жоңғар қақпасындағы жартас жазуларының көшірмесін жасап алған және Аягөз бен Ыстықкөл жағасындағы тастардың суретін қағазға түсірген.

Шоқан Уәлиханов қалдырған мұраның бір алуаны – бейнелеу өнері саласындағы еңбектері. Шоқан жастайынан сурет салуға құмар болады. Оның алғаш суретке еліктеуіне Уәлихановтардың үйінде ұзақ тұрып, жұмыс істеген орыс ғалымдары әсер етсе керек. Шоқан Уәлихановтан 150 шақты сурет қалған, ол көбінесе қарындаш, акварель, майлы бояумен, ал кейде тушь, қалам, сиямен жұмыс істеген. Оның қолынан шыққан суреттердің біразы ХІХ ғасырдың 60-жылдарының басында «Всемирная иллюстрация», «Искра», «Русский художественный лист» журналдарында жарияланған.
7. Шоқан - жазушы

Еңбектері:


  • “Жоңғария очерктері”

  • “Манас”

  • “Ыстықкөл сапарының күнделігі”

  • “Алты шаһарға сапар”

  • Қырғыздар туралы жазбалар

  • «Шығыс Түркістан»

  • «ХҮІІІ ғасырдың батырлары туралы тарихи аңыздар»

  • «Қырғыздың ата-тегі» және тағы басқа еңбектері ғылыми тереңдігімен қатар,

оқырманды баурап алатын көркемдік қасиеттерімен де құнды.
8. «Шоқан – Манасты зерттеуші»

Шоқан дүние жүзі әдебиеттерін көп оқыған шығармаларына пікір айтқан, зерттеген. Ағылшын, француз, неміс, орыс және түрік тілін жетік білген. Шоқан француз халқының ҮІІІғ. Роланды туралы жырын, Грецияның «Илладасы» мен «Одессеясын», үндінің «Рамаянасын», кавказдың «нарттарын», қарақалпақтың «Қырық қызы» мен қырғыздың «Манасын» зерттеп, олардың мазмұнымен толық танысқан.

Шоқан 1856ж. М.М.Хоментовский басқарған экспедицияға қосылады. Экспедиция қырғыз елінің географиялық жағдайын зерттеп, Ыстық көл аймағын картаға түсіруге тиіс болды. Ғалым осы сапарында Манасқа назар аударады. Іленің басындағы Манас жорық жасады деген қаланың орнын барып көреді. Кейінірек «Манасты» айтушылардан негізгі нұсқасын жазып алып, «Көкетай ханның асы» деген тарауын алғаш рет орыс тіліне аударады.

«Манас» - бүтін бір халықтың шығармасы, соның көп жылдық творчествосының жемісі – дала «Иллиядасы» десе де болғандай деп Шоқан бұл жырды жоғары бағалаған.

Шоқанның айтуынша, Манас ноғайлының Талас пен Шу бойында көшіп-қонып жүрген бір руының биі Жақып байдың баласы. Манас жыл санап емес, күн санап өседі, он алты жасқа келгенде аты шулы батыр болады. Ақ жүзі ақша қардай хан қызы Қаныкейді алғанына місе тұтпайды. Қалмақ ханының шашы өкшесіне жететін сұлу қызы бар деген хабарды естіп, Манас өзінің қарт әкесін сол сұлуға айттырып келуге жұмсайды. Хан бұған намыстанып: «Менің қызыма ханның ұлы лайық, сенің ұлыңа бидің қызы лайық» - деп жауап қайтарады. Жақыптың ұлы жас Манас қалмақтың ханынан қорқып тайсалмайды, сөйтіп ол қолына қару алып, соғыс бастайды да, ұзын шашты сұлуды күшпен тартып алады. Поэманың жалпы сипаты міне осындай.
9. Мемориалдық кешені

1958 жылы Ш.Уәлихановтың Алтынемелдегі қабірі басына биік обелиск орнатылды. Генерал К.П.Кауфман қойғызған мәрмәр тас соның қабырғасына өріліп жымдастырылды. 1969 жылы Алматы қаласында мүсінші Х.Наурызбаев, архитектор Ш.Уәлиханов, 1971 жылы Көкшетау қаласында мүсінші Т.Досмағанбетов, архитектор К.Әбдалиев Ш.Уәлихановтың мүсіндік ескерткіші орнатылды.

1985 жылы Алтынемел баурайында (Кербұлақ ауданы) ұлы ғалымның туғанына 150 жыл толу құрметіне Ш.Уәлихановтың мемориалдық кешені ашылды. Авторлары: архитекторлар Б.Ибраев, С.Рүстембеков, Р.Сейдалин, суретшісі А.Ермекбаева.

Мемориалдық кешен ғалымның бейітіне қойылған құлпытастан, ескерткіштен, музейден, қонақүйден және хауызды алаңнан тұрады. Музей үйінің сыртқы пішіні қазақ халқының мемориалды архитектурасының дәстүрінен («төрт құлақ») туындаса, ішкі кеңістігі киіз үйді, жолаушының шатырын елестетеді. Интерьердің негізінен үш түсті – еденнің қара, қабырғаларының қызыл, төбесінің шымқай ақ болуы дәстүрлі көркемөнер мәдениетіндегі үшкіл әлем символын білдіреді. Ш.Уәлихановтың мемориалдық кешенінің жобасы 1987 жылы Софияда өткен «Интерарх» халықаралық байқауында 2-орынды алып, күміс медальға ие болды. Ш.Уәлихановтың мемориалдық кешеніне Алматы-Шеңгелді-Қоянкөз-Матай-Жаркент және Семей-Аягөз-Қапал-Алтынемел маршруты бойынша сапар шегуге болады. Кешенге автокөлік жолдары барады. Сарыөзек-Жаркент тас жолының бойында орналасқан. Ол негізгі жолдан 20 км қашықтықта, Шоқан ауылында орналасқан.


10. Шоқанның нағашы жұрты, достары

Ш.Уәлихановтың өзі хан тұқымынан болса, нағашы жұрты атақты Шорман би.

Судың таза болуы сағасынан,

Нудың жақсы болуы ағашынан.

Адамның жақсы болуы нағашыдан, дегендей нағашысы Шорман 7 жасында ауылына келген Шоң биге жұттан әрең шыққан ауылда беретіні болмай, Шорманның анасы қатты қысылады. Әкесі ерте өліп, анасы екеуі ғана қалған Шорман:

- Неге қысыласың? Мен-ақ апарып берейін депті де, сүт құйған ыдысты алып, би алдына келіп:

Бетке күйе жағылды,

Қаптың түбі қағылды.

Мынау міне ыстық сүт,

Суытпай тақсыр, тез жұт, - деп ұсыныпты. Жеті жастағы қаршадай баланың сөзіне әбден риза болып:

- Уа, бәйбіше! Құдай берген адам екенсіз. Тіфә-тіфә! Мына балаң болайын деп тұрған азамат екен, маған бер. Өзім тәрбиелеп адам қылып, өзіңе қайтарамын деп алып кеткен. Шоң би 13 жасында Шорманды би атандырып қайтарған екен. Ал Шоқанның анасы Зейнеп Шорман Күшіковтың қызы.

Шоң бидің шәкірті Шорман халық алдында ұшан-теңіз беделге ие болған. 1836 жылы 37 жасында кенеттен қайтыс болған. Шорман би мен Топай бәйбішеден 5 бала өмірге келген қызы – Зейнеп Шоқанның анасы, ұлдары: Мұса, Мұстапа, Иса, Әбу-Әли Ибн Сина.

Шоқан жас кезінен-ақ ғылымға ден қойған. Әкесі Шыңғыстың алдынғы қатарлы орыс ғалымдарымен тығыз байланыста болуы Шоқанға үлкен әсер еткен. Академик А.И.Шренк, желтоқсаншылар С.М.Семенов, А.И. Штеингель, айдаудағы ақын С.Ф.Дуров, саяхатшы ғалым Семенов-Тянь-Шяньский, Г.М.Потанин Шоқанның білімділігін өте жоғары бағалаған. Шоқанның достары ішінен аса көрнектісі орыс жазушысы Ф.М.Достаевский еді. 1854 жылы Омбыда танысқан, кейін Семейде жалғасқан бұл достық – ғалым өміріндегі ірі оқиға.

Ф.М.Достаевский Шоқанға 1856 жылы Семейден жазған хатында: «Мен еш көлгірсусыз сізге ғашық болғанымды ашық айтамын. Мен өзімнің туған бауырыма да мұндай ыстық сезімімді білдірген жоқ едім» - деп жазды.

Шоқанды жақсы білген жазушы Н.М.Ядринцев: «Қазақ халқын орыс халқына таныту, осының негізінде өз халқын Европа мәдениетіне жетілдіру Шоқан өмірінің мақсаты еді» дейді.

Тарихшы-ғалым Н.И.Веселовский: «Шоқан күншығысты зерттеу ғылымының жарық жұлдызы болып көрініп еді, тек жарқ етті де сөнді» дейді.


11. Шоқан есімі берілген мекен-жайлар

- Көкшетау облысында бір аудан, ауыл, педагогикалық институт;

- Алматы облысында бір ауыл Ш.Уәлиханов есімімен аталады.

- Қазақ Ұлттық Ғылым Академиясының тарих, археология және этнография институтына;

- Алматы қаласында №68-мектепке, бір көшеге Ш.Уәлиханов аты берілді.

- Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлықтарының біреуі (Бейнелеу өнері және архитектура саласындағы сыйлық) Ш.Уәлиханов атымен аталады.


12. Естеліктер:

«Ш.Уәлиханов өз халқын зерттеуді және онымен орыс жұртшылығын таныстыруды бірінші міндет етіп қойды. Ш.Уәлихановтың екінші ойы халықты оқыту болды»,- деп толғана жазады Н.М.Ядринцев.


«Шоқанға Байрон, Гейне, Лермонтов шығармалары күшті ықпал жасаған. Шоқан өзінің орыс жолдастарынан озып, жедел жетікті. Шоқан екеумізді бір-ақ нәрсе – қазақ даласы мен Орта Азия қызықтыра берді»,-дейді Г.Н.Потанин.
П.П.Семенов-Тяншанский: «Г.Н.Потанинмен қатар Омбыда менің, әсіресе көңілімді аударған екінші бір адамым Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов болды. Ерекше қабілетті Шоқан Уәлиханов Омбының кадет корпусын зор табыспен бітірген.Кейін менің ықпалыммен Петербургтегі университетке лекция тыңдап, француз және неміс тілдерін жақсы меңгерді. Шығыстың тарихы жөнінде көп білетін тамаша оқымысты болып шықты».
И.И.Веселовский: «Шоқан Уәлиханов шығыстану әлеміне құйрықты жұлдыздай жарқ етіп шыға келгенде, орыстың шығыс зерттеуші ғалымдары оны ерекше құбылыс деп түгел мойындап, түркі халықтарының тағдыры туралы одан маңызы зор, ұлы жаңалықтар ашуды күткен еді. Бірақ Шоқанның мезгілсіз өлімі біздің бұл үмітімізді үзіп кетті»,-деп жазды.
ІҮ. Жаңа сабақты бекіту

І. Үлестірме карточкаларымен жұмыс. Хронологиялық кестені толтыру


№1- карточка


Уақыты

Іс-әрекет

1856-1858 жылдары

Жетісуда Алматы, Қойлық, Алмалық қалаларының ескі жұртын зерттеп, көне заманның теңге ақшаларынан коллекция жасады

1835 жылдың қараша айында

Қазіргі Қостанай облысы, Құсмұрын бекінісінде дүниеге келді

1857 жылы

27 ақпанында

Семенов Тянь-Шанскийдің ұсынуымен Шоқан Орыс географиялық қоғамының толық мүшелігіне сайланады

1971 жылы

Көкшетау қаласында Ш.Уәлихановтың мүсіндік ескерткіші орнатылды

1853 жылы

Шоқан Уәлиханов Омбы кадет корпусын бітіреді

№2- карточка




Уақыты

Іс-әрекет

1861-1862 жылдары

Санкт-Петербург университетінің тарих-филология факультетінде дәріс тыңдаған

1855 жылы

Шоқан Орталық Қазақстанды, Жетісу мен Тарбағатайды аралайды

1854 жылы

Батыс Сібір мен Қазақстанның солтүстік-батыс аймағын басқарған генерал Г.Х.Гасфорттың (1792-1874) адъютанты болып тағайындалады

1842 жылы

Шоқан «Едіге туралы аңызды» Арыстанбай деген ақынның айтуымен жазып алған

1987 жылы

Ш.Уәлихановтың мемориалдық кешенінің жобасы Софияда өткен «Интерарх» халықаралық байқауында 2-орынды алып, күміс медальға ие болды.

ІІ. «Артығын тап!» (ауызша орындалатын тапсырма)




Шоқан Уәлиханов ...

Ғалым

Құрылысшы

Саяхатшы




Шоқан Уәлиханов саяхат жасаған жерлер...

Қашқарияға

Ыстықкөлге

Текеліге




Шоқан Уәлиханов шығармалары

«Абай жолы»

«Манас»

“Алты шаһарға сапар”





Шоқан Уәлихановтың ескерткіші орнатылған жер

Алтынемел

Астана

Алматы




«Аққан жұлдыз» романының авторы

С.Дөнентаев

С.Мұқанов

С.Мәуленов

ІІІ. «Шоқан Уәлиханов» сөзжұмбағын шешу.

1. Шоқанның әкесінің аты (Шыңғыс)

2. Шоқанның орыс досы (Ф.М.Достоевский)

3. Шоқанның атақты саяхаты (Қашқар)

4. Шоқанның арғы атасы (Абылай)

5. Шоқан зерттеген қырғыз жыры («Манас»)

6. Шоқанға ықпалы тиген орыс ақыны (Дуров)

7. Шоқанның Қашқарға барғандағы есімі (Әлімбай)

8. Кеңес дәуірінде Шоқан жайлы жазған ғалым (Ә.Марғұлан)

9. Шоқанның шешесінің аты (Зейнеп)

10. Шоқанның азан шақырып қойған аты (Мұхаммед-Ханафия)

11. Шоқан жайлы пікір айтқан орыс ғалымы (Потанин)

12. Шоқан 1856ж. қай ақынмен кездесті? (Сүйінбай)

13. Шоқанның немере інісі, елтаңба авторы (Шот-аман)

14. Шоқан жайлы пікір айтқан тарихшы-ғалым (Веселовский)


Ү. Қорытындылау

«Шоқаны бар ел – шоқтығы биік ел»


ҮІ. Үй тапсырмасы:

1. Ш.Уәлихановтың өмірбаяны мен шығармашылығын сатылай кешенді талдау арқылы талдап келу



2. Саяхаттары жайлы оқып келу
ҮІІ. Бағалау

Сабаққа белсене араласып отырған оқушыларға баға қою.
Каталог: ld
ld -> Шпаргалка на казахском языке по истории Казахстана 100 м қашықтыққа ұшатын, орақ тәрәздә құрал-бумеранг
ld -> Қош келдіңіздер!
ld -> Қазақ әдебиет пәніне тест сұрақтары
ld -> Сабақ: ана тілі Тақырыбы: Ахмет Байтұрсынұлы «Әліпенің атасы»
ld -> Қазақстан тарихы бойынша Ұбт шпаргалкалары а а. Иманов көтерiлiс отрядтарын қаруландыру үшiн – қару-жарақ шығаруды ұйымдастырды
ld -> Ақтқбе облысы Байғанин ауданы №3 Қарауылкелді орта мектебі
ld -> Сабақтың тақырыбы: Ы. Алтынсарин "Өзен" Мұғалімі: 3 "
ld -> Әнші- ақындар шығармашылығы
ld -> Есмағамбет Ысмайлов Баласы Қожағұлдың Біржан салмын, Адамға зияным жоқ жүрген жанмын
ld -> Өмірбаяны Хронология Қорытынды пайдаланған әдебиеттер


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет