Сабақтың тақырыбы: Ғ. Мүсірепов. «Ұлпан» романы. Сабақтың мақсаты: Білімділік



Дата22.01.2017
өлшемі134,32 Kb.
#7607
түріСабақ
Айы, күні______ Сынып: 11 Пәні: әдебиет

Сабақтың тақырыбы: Ғ.Мүсірепов. «Ұлпан» романы.

Сабақтың мақсаты:

Білімділік: Ғ.Мүсіреповтің өмірінен мәлімет беру, шығармалары жайында әңгімелеу, жазушының шығармаларындағы халықтың тарихи оқиғаларының суреттелуіне тоқталу;

Дамытушылық: оқушылардың танымдық деңгейін көтеру, ауызекі сөйлеуге, әңгімелей білуге үйрету;

Тәрбиелік: Туған жерін сүюге, Отанын қорғауға тәрбиелеу, бірлікке, татулыққа шақыру. Адамгершілік қасиеттерді әрқашан жадында ұстауға тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: Аралас сабақ

Сабақтың типі: Жаңа материалды меңгерту

Сабақтың әдісі: Баяндау, түсіндіру, сұрақ – жауап

Көрнекілігі: Интерактивті тақта, слайд презентациялары, планшетпен жұмыс.

Сабақтың барысы: I. Ұйымдастыру кезеңі

II. Үй тапсырмасын сұрау.

Үй тапсырмасын сұрау мақсатында планшет арқылы «Зымыран сұрақтарына» жауап алу.



1) Ғ.Мүсірепов қай жерде туылған?

2) Ғабит кім?

3) Қандай шығармаларын білеміз?

4) Шығармаларындағы аналар бейнелері туралы

5) Ғ.Мүсіреповтің шығармаларындағы «Ана» тақырыбына романтикалық сарынды кімдерден үйренді ?

6) Қандай әңгімелері мен повесті, романдарын білесің?

7) Шығармашылық жолдары туралы қосымша материалдарын қорғату. (реферат немесе слайд)

III. Жаңа сабақ. Жазушының «Ана» тақырыбындағы шығармаларының жиынтығы ретінде 1974 жылы «Ұлпан» романы дүниеге келді. «Ұлпан» – ел шежіресінің мазмұнына құрылған роман. Романда қазақ аулының жүзжылдық тұрмысы, әдет-ғұрпы, барымта, қалыңмал беріп қыз айттыру, бай мен кедей арасындағы, ел арасындағы жер дауы, жесір дауы кең көлемде сөз болады. Романдағы басты кейіпкер Есеней қалың керей-уақтың билігін қолына мықтап ұстаған аузы дуалы би, атақты бай. Ерекше кейіпкер бірі – Ұлпан. (Романды қысқаша түрін мәнерлеп оқу және талдау)

Талдауға арналған тапсырмалар мен сұрақтар:

1. Романның басты кейіпкері кім?

2. Ұлпанның бойындағы адамгершілік ұлы қасиеттерін мысал келтіре талдау.

3. Романдағы Есеней бейнесін, өзіндік ерекшеліктерін талда.

4. Шығармадағы ана тақырыбы, өмір шындығы қалай суреттелген?

5. Кейіпкерлердің психологиялық ерекшеліктерін суреттеу шеберлігіне мысал келтіре отырып талдау

6. Шығарманың тілдік ерекшелігін ажырату.



7. Романды оқып шығып, ирония, сарказмға құрылған сөз тіркестерін теріп жазу, мазмұндау

Есеней


Есеней – тарихи тұлға, атақты Сырым батырдың жиеншары. «Сырымның кісесі Есеней үйінің бір қара сандығында жетпіс жылдай жатты. Есеней – ауыр сүйекті, балуан денелі адам. Бар өмірі ат үстінде өтіп келе жатқандықтан, үсті-басы қол батпайтын білеудей-білеудей бұлшық ет, қарны шыққан емес». 
Заманда болған ер Есе­нейдің әділ­дігі ә дегенмен айқын болды. Жас жігіт кейпінде келген Ұлпан Қаршығалы шұбарын паналап қонып қалған үш ауыл кірме Күрлеуіттің арызын қыр шонжарына жасқанбай, тік айтқан аталы сөзіне дән риза болып тыңдайды. Қос ұлы тірі болғанда жігіт болып өсер еді-ау деп балаға зәру би іштей сүйсініп, қызыға қарайды. Оның қыз екенін білгенде көңілі өзгеше құйқылжиды. Өзін өлімнен құтқарған Артықбай батырдың қызы Ұлпан. Нышан табылды, жүрек бұлқынды, енді өмір өрбиді. Автор тіршілікті, құс жолындағы, жер бетіндегі мәңгілік тартылысты, айналысты түйсік, ибамен береді. 

«Есеней қазір діндар адам болғанымен бір кезде аса адуын, озбыр би болатын. Орыс шекарасын паналай отыратын Нұралы деген момын елдің барлық жерін тартып алып, далаңқы жайлауға айдап тастағаны бар-ды. Момын ел қарғап-сілеп кеткен екен – келер жылы Есенейдің екі ұлы қара шешектен бір күнде, бір сәттің ішінде бірге өліп кетті». 

Ғабит Мүсіреповпен елдес, жерлес, заманы бір көрнекті жазушы – Сәбит Мұқанов. Сәбеңнің «Халық мұрасы» атты кітабында: «Біздің елде «бес мың жылқы болыпты» деген Есеней сабаны алты айғырдың терісінен тіктіріп, атын «Тай жүзген» қойған екен. Сол сабаны ысқа қойғанда, ауыз жағы қурап кетіп, бұған ашуланған Есеней ыс салған адамның үйірге түсіп тұрған айғырын сойғызып, терісін сабаның құрғаған аузына жаматқан» – делінген. 

Билік иесі болу – зорлықшылдық. Сәбең мен Ғабең айтқан осы екі эпизод Есенейді ақтап тұрған жоқ. Оның қатыгез, момынды ренжіткен озбырлығын танытады. Қазақ ұғымында киелі мал болады. Бір елдің күнкөріс жерін тартып алу, үйірге түсер ата малды рәсуа қылу – күнәһар зорлық. Оның қарғысы болады. Бірақ сол кездегі қазақ дәстүрлі қоғамында бұл үйреншікті қалып болған. Бұл қатігез мінез аламандық, абадандық саналған. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» атты роман-эпопеясындағы ру арасы түгілі, ру ішіндегі сұмдық тартыс, ағайын араздығы қашаннан қазақ әлеуметінде болып келеді. Өйткені, ол өктемдік айдан түскен жоқ, тегіс адамзат қоғамына тән теңсіздік идеологиясы, зорлық-зомбылық. 

Есеней бейнесі романның өне бойы біртіндеп ашыла береді. Қартайған сәтінде жолыққан Ұлпан – оның бақ құсы, әрі қорғаушы періштесі. 

Романда Есенейдің інісі Емен­алы образы жан-жақты ашылған. Ұлпан адуын сарықарын бәйбіше, жалғыз қайнысының әйелі, абысыны Айтолқынды ә дегеннен орнына қойып, мүйіздеп алады. Оның үлкен үйді өзі билеп-төстеп қалғанын біледі. Қазақ салтында жап-жас Ұлпанның ересек Айтолқыннан жолы үлкен болып саналады. Мұны ол билік, байлық үшін істемейді. Ұлпанның статусы – ел анасына айналу: «Ұлпан Сибанның ең үлкен әйелі, ел бәйбішесі!». 

«Жабағы сұрайды, қыл сұрайды, сүт сұрайды, ұн сұрайды, киіз сұ­райды, шай сұрайды, бөрікке тыстық, көйлекке түйме сұрайды, жайлауға көшетін көлік сұрайды... 

Ұлпан ешкімнің қолын бос қай­тармай бере берді. Мырза келін атанғысы келіп берген жоқ, әлденеге іштей наразы, әлденеге іштей намыстанып үлестірді. 

Қандай әдемі қыз-келіншектер қайыршыдай жалаңаш, қайыр­шы­дай сұраншақ. Шешелері әдейі ертіп әкелетін балалар өңкей мес қарын, ши борбай, ірің көз... бұ­ларға өмір тілеу, бақыт тілеу мазақтау сияқты сезіледі». 

Кедейлік, жігерсіздік, жоқтық шегіне жеткен зардабын Ғабит Мүсірепов «Этнографиялық әңгі­ме» атты шынайы суреттеулерге толы әңгімесінде ашып көрсетті, сатиралық образ жасады. «Ұлпан» атты романындағы кедейлік басқаша сипатта. Елге жаңару керек. Заман лебі солай соғады. Ұлпан соны түсініп, Есенейдің бес мың жылқысының жартысын қол астындағы елге бөліп береді. Туған жұртының әл-ауқатын көтеруге ол жанын салады. Артынан тұрмысы түзелген, тоғайған ел Есенейден ештеңе дәметпейтін болып кенелді. Бұл Ұлпандай дана әйелдің арқасы екенін Ғабең сүйсініп суреттейді. 
«Бұл араның қазағына егін салдырды, шөп шаптырды, қыстау салғызды. Бұл елді қазір жартылай отырықшы дей аламыз», – дейді жазушы ұлық орыстың аузымен. 

Ұлпанның қайраткерлігі кісі ақысын жемеу сияқты имани ұғымда тіпті жарқырап көрінді. 
«– Есеней-ау, мына қараша ауылды сен неғып көрмей жүрсің? Өзіңе ұят қой! – деді. 
– Осы қырық үй малшы-жалшылардың қырық жылдан бергі жалақылары сенің мойныңда кете беріпті... обал ғой, – деді. 
– Айналайын Ұлпанжан, соны маған ендігәрі айтпайтындай болып, өзің тындыршы, екеумізге екі айғырдың үйірі жылқы қалдырсаң болды. Менің ендігі байлығым жалғыз сен... асырарсың бірдеңе қылып...». 

Ерлі-зайыпты екі адамның арасындағы осы диалогтан айқын, елге тұтқа Есеней мен оның сүйіп алған қосағы Ұлпанның жаны таза жан екендігі. «Еркексің ғой сен, еркексің, Есенейжан!» дейді ол әйеліне, билігін ғана емес, өзінің Есеней атын қоса қиып. 

«Қатын қайраттанса қазан қай­натады» деп түсінген қазақ қоға­­мын­дағы стеротипті Ға­бит Мүсіре­пов бұзып отыр. Сүйіс­пен­ші­­лік хисса-дастандарында дәріп­­те­летін қыз-келіншекті әлеуметтік биік­ке көтерді. Өйткені, Ұлпан атаме­ке­нінің елге сыйлы, аяулы адамы. 

«Жас әйел Ұлпан асқан ақылды адам еді. Өз айтарын әуелі Есенейге айтқызып алып, өз байламын әуелі Есенейге байлатып алып жүр. Есеней де «мына қатын былай деп еді» деп Ұлпанның атын шығара сөйлейді». 

Жазушы Есеней мен Ұлпан екеуінің арасындағы шынайы жарасымды дәл бейнелейді. Ол тіпті өз атасы «түркпен» Мүсіреп пен әжесі Шынардың алғаш шаңырақ көтерген кезін бейнелейтін тұстар­ында мол. Ұлпан Шынарға еркін­дікті уағыздайды, бірақ ол лағып кету емес. 

Ұлпан әйел бақытын сезіне алған жоқ. Ол басқа бір құдіретті сезінді. «Ерте тоқыраған аналық» дейді автор, бір қыз туған Ұлпан, сол жарығынан ерте айырылып, мерзімінен бұрын ажал тапты. Қара ниетті адамдардың көре алмаған, қызғаншақ кесірі тиген шығар, романда бұл сарын, сүйікті қызы Біжікеннің қаза болуының сыры ашық айтылмайды, астыртын беріледі. 

Ұлпанның айналасы


Еменалы ескілікті тұрмысқа әбден үйренген, кертартпа. «Ата-бабамыз киіз үйде туған, сонда өлген» деп ол қасарып жалғыз оты­рады. Ұлпан оны елмен бірге көші­реді. Соған ақылы жетеді. Есе­нейдің інісі болған соң ол басын­да әйелі Айтолқын екеуі «ана жалаң бұт келген тоқал» деп бұй­рығына шамданатын Ұлпанды жек көрді, бірақ беделі, мәртебесі зорая түс­кен жеңгесінің адамшылығын, ел қамын ойлаған даналығын мой­ындауға мәжбүр: «Сенемін, Ұлпан, сенемін. Сен бір әулиедей адал адамсың ғой. Бірақ, мен Есенейдің малын талап жатыр деген атаққа қалмаймын. Бір лағыңды алмаймын. Өзім де сотқар едім, балаларым менен ұзап қайдан барсын». 

Бұл кісілік, жөн білгендік емес пе! Еменалы жаман адам болса, ең әуелі Есеналы өлген соң артында қалған үйір-үйір малға талас қылар еді. Ол тіпті, Ұлпан үш ұлдың еншісі деп бөліп берген тиесілі малды алмай қояды. Онысы бекер болды, Есенейден қалған тұяқ Біжікенді аман сақтай алмаған күшік күйеу, қайырсыз Торсанның игілігіне айналды. Еменалы Абай өлеңдерінде шенеген малдан басқада ісі жоқ сасық бай емес. Иманы түзу. 

Еменалыны ықтырған Ұлпан тік айтқан шындық. Ұлпан қандай батыр, ірі сөйлейді! «Сибан сені Есенейдің алдында айыпты санайды. Айыпты екенің өтірік пе? Тыжырынбай тұра тұр! Сен Есенейдің өліміне де ортақсың! Есенейге ең соңғы тиген қара шоқ­пар сенікі болатын, содан кейін Есеней бір күн төсектен тұра алды ма? Тұра алған жоқ! Енді сен сол Есенейдің қатыны Ұл­пан­ға әмеңгер болып Есенейдің төсегіне жатқың келетін көрінеді. Есің бар болса, енді Есенейдің төсегіне ешкім жақындамасын деп ағаңның аруағын қорғай жүрер едің-ау! Оны ойлаудың орнына өзің жатқың кепті. Әмеңгерлік хайуандықтың бір түрі емес пе? Ұялсаңшы! Есенейдің жалғыз мұрагері менмін деп дауласқалы отыр екенсің. Өзіңе керегі мал ма? Қанша керек өзіңе? Күні ертең үш балаңды ертіп кел де қанша мал керек болса, соншасын айдап жүре бер. Маған мал керегі жоғын неғып түсінбей жүрсің? Биыл Есенейге ас беремін депсің. Беріп көрші, бір Сибан қатынасар ма екен! Сонда қандай масқараға ұшырайтыныңды білемісің сен! Есенейдің асын биыл өз үйі берді, келер жылы сен бер. Ашпа аузыңды, жықтыр үйіңді! Көш жайлауға!». 

Сөйтіп, Еменалыға Сибанның қалаған жерінен қоныс берген Ұлпан оның тоңторыс қырыстығын жеңді. Ұлпанның небір ділмәр шешенге лайық аталы сөзінде ескі қазақ тұрмысының бүкіл айқын белгілері тұр: рулық, әмеңгерлік, ағайын араздық, малға талас, жерге талас, ас беру, көш, мал ашуы, мораль мәселесі. Аталы сөзге арсыз тоқтамайды. Еменалы Ұлпанның ақ сөзіне тоқтайды. 

Еменалы түгілі Есеней кеткен соң жесір әйелді талап алғысы келген болыс-билерді ақылымен жеңген Ұлпан. 

Романда этнографиялық деректер мол. «Балалар бай, кедей деп алаламай көш бойында кетіп бара жатқан барлық әйелдерден бәйге алады». Алтыбақан, бастаңғы, т.б. 

Жазушы өз атасы Мүсірепті ерекше сүйіспеншілікпен сурет­тейді: сыбызғышы, күйші, атқұмар, әдемі киімді ұнататын, сері. Авто­портрет сияқты. 

«Түркпен» Мүсіреп пен Шынар­дың ауылындағы сауық-сайранды суреттейтін тұстарында жазушы қазақ мінезін, үлкендерден ығысып, жастардың булығып тұратын сәтін шебер суреттейді. «Отау үйлерде жас келіншектерге бір теңдік тиіп қалады. Өз үйлерінің төріне шыға алмайтын жас келіндер төрге шығады. Еркектермен бірдей құрметтеледі. Қыз күнінде бар өнерлері, келін болып түскен соң құмығып қалатын өнерлері осындайда бұзып-жарып шыға келеді». 

Романдағы Торсан Тілемісов бейнесі жаңа низаммен бірге қазақтың тұрмысында көп өзгеріс болғанын ашады. «Ел биледі бір сымпыс» деп Абай осындай типті жырлайды. Зар заман ақындары: Шортанбай, Дулат («Қазақтан шыққан кәпір») бұлардың образын өлеңмен таңбалап кетті. 

Бұлар әуелі орысша оқып келеді, тілмәш, ауылнай, болыс болады. Сосын қара халықты ақ патша үкіметімен қосыла қанаудың, баюдың жолына түседі. 

Торсан Тілемісов И.А.Гонча­ровтың «Обломов» атты романын­дағы Андрей Штольц образын еске салардай. Пысық. Әкесі Тіле­містің Есенейде кеткен кегі бар. «Бұдан он жеті жыл бұрын Есеней Тілемістің әкесіне шошқа бақтың деп дүре соқтырған еді». Мұсыл­маншылықты ел ағасы басқаша қалай қорғайды?! Соны білер-білмес, бірақ Есенейге өштіктің уытын осы күйеу бала Торсан алады. Ол Есенейдің шаңырағын ортасына түсіріп, отын сөндіріп тынды. 

«Талпақ танау» атты керемет әңгімесінде Ғабең қазақ же­рі­не шошқа әкелінген сәтін траги­комедияға айналдырып, сатира, юмормен көркем суреттейді. Сондықтан, Есенейдің бір момын қазаққа шошқа бақтың деп дүре соқтырғаны қорлық-зорлық емес, ашынудан туған әрекет деп жазушы ақтап тұрғаны  
айқын. 

Керей-Уақ туыс ел. Құдалық сөй­лес­кен Шайғөз-Уақ руының кісілерін тың­дап, Ұлпан Есенейден туған жал­ғыз қызы Біжікенді Торсанға қосуға қи­ды. Торсанды қызының теңі деп білді. 

Торсан тектілік таныта алмады, ақыры қызы кенет қайтыс болған Ұл­панның сорына Есенейден қалған қара шаңырақты мал-мүлкімен, жерімен қоса иемденіп, Жәуке деген ұятсыз әйелі екеуі бұл әулеттің түбіне жетті. 

Жәуке тұрмыста аз кездеспейтін шайпау әйел. Ақылы өзінен аспайтын нашар, әйтпесе, Жәуке де Күрлеуіттің қызы. Ұлпанды апалап сыйлап тұрса, байлық иесі Ұлпан екенін білсе, бұндай сорақы сұмдықты жасамас еді. Ұлпан ана өз үйін өзінен қызғанып, құзғынша тартып алған Торсан мен Жәукенің тексіздігін, жалғыз қызы Біжікеннің беймезгіл ажалы салған күйікті көтере алмай мерт болады. 

Романның басы мен аяғында кездесетін бір жаңылтпаш сөйлем арқылы Ғабит Мүсірепов «апама жездем сай», пейілі теріс Тор­санға дәл табылған тоғышар, дүниеқоңыз, қаты­гез жартысы Жәукенің характерін білдіретіндей: 

«Ұлпанды кіші баласы Мыр­заш­қа айттырып қой­ған Тү­лен­нің әкесінің әкесі Тілепбайдың ше­шесінің сіңлісі Ақбайпақтан туған Қарабайдың Қайыркелдісінің жиені Игембердінің немере қызын алып отырған Ырым­бектің Жәуке деген қызы бар еді. Торсан соған үйленді. 

Ырымбек Ұлпанның жылқы­сын баға жүріп, бұл кезде байші­кештеніп алған еді». Алпамыс батыр жоқта елді билеген Ұлтан құл, оның сақау қатыны Ба­дамша еске түседі. Біреу­дің басындағы құдай берген ба­ғын күндейтін адамдар жарық дүниеде аз емес. «Біреу өлмей біреуге күн жоқ» деу сондай қара ниет­ті адамдардың философиясы. 

Торсанның сол елде ұзақ жыл бай, әкім болғанын Сәбең көркем шығар­маларында жазады. 
Романда қазақтың әлеуметтік өміріне үлкен өзгеріс ене баста­ға­ны Ұлпан Есенейдің қырық жыл­қысын саттырып, сауда жаса­ған Тобыл базары, орыс, татар сау­дагерлері, жерге қатысты ұғым­дар арқылы ашылады. Қабан мен Жетікөлдің арасында әйелдер мо­нас­тыры салынғанын жазушы Тұр­лыбек бидің аузына салады: «Сондағы екі жүз он тоғыз қыз­дың бәрі жесір қатын емес пе? Әйелді жарылқағаның осы ма?». Бұл қазақы танымнан бөлек целибат, некесіздік ұғымы жат мұсылмандық ұғым. 

«Шынына қалғанда Байдалы он бес десятина дегеннің қанша жер екенін дәл шамалай алмайтын адам еді. Тек өлшеп берілгендікке қарсы. Ол өлшеуі жоқ жерге, өлшем-шегі жоқ, ата қуалаған билікке үйренген адам». 

Жазушы дәл осы ойды қан­дай мақсатпен айтып отыр?! Шынту­ай­тында, ол Байдалы биді жақтап отыр. Өлшеуі жоқ кең далаға ие болу бүкіл қазаққа тән сана. Ол ішпей-жемей көңілді тоқ қылатын кеңдік, азаттық. Ғасырлар бойы сол кеңдікке әбден үйренген, жау­дан зұлымдық келмесе құдай өлтірмейді деп дүние танитын таза ел. Оның қарадай тарылғанын қай қазақтың жаны қалайды. Бұл өзі қанмен, текпен берілетін қасиет. 

Романдағы колоритті образ – Қожық қарақшы. Қасқыр қуып, көлдегі жылымға ат-матымен құлап кеткен Есеней суық далада дерт жабыстырып оралды. Ақыры, сол апат оның түбіне жетті. Олар түнде бір жылқышы қосына кездесіп, Қожықтың қосы екенін білген соң қонбай кетеді. «Қожық ұры, атақты сотқар еді. Жүз жігіт баукеспе ұры ұстайды. Жолаушы тонайтын жолбасарлары да бар. Талай кедей ауылдарының жылқысын тал түсте тартып әкетіп, теңдік берген емес». Ол Есенейдің қас дұшпаны. Қожық барымташылықты ұстанған, бұ­рынғы дәуірде әр елде, әр руда кездескен қанішер ұры. Қазіргіше мафиоза басшысы, «крестный отец». Аламандық адамзатта өзгермейтіні қайран қалдыратын құбылыс. 
Роман кейіпкерлері Ғабеңнің рулас, аталас туыстары шыққан ортасы. Ғабең өз ортасының шындығын жазып отыр. Психологиялық портрет жасауда деректі тұлғалар болған соң жазушы қаламына оңайға соқпасы анық. 

Романдағы Шыңғыс төре, Кене­са­ры сұлтан тұлғасына, оның ұлт-азаттық қозғалысына жазушы салқындық танытады, оны билікқұмарлық деп бағалайды. Төре тұқымынан кілең жа­ғым­сыз бейне жасайды. Қазақтың елді­гін бекіткен, басын қосып, жоң­ғар­дан теңдік әперген, Бұқар жырау, Үмбетей жырау, Тәтіқара жырау артқы ұрпаққа аманат қылып, ұмы­тылмас бейнесін жырға қосқан ер Абылай ханның тұқымы Кенесарыны Мағжан сүйіп жырға қосқан, қазақтың талай ақындары дәріптеген. Советтік дәуірде өмір сүрген жазушы бұл ретте идеологияның әсерін бастан кешкен жоқ па, сол ісіне артынан өзі өкінген жоқ па? – деген күрделі сауал туындайды. 

Ғабең діни білімі жетік ғұлама Науан хазіретті Ақан серіге қарсы қылып суреттегенмен, өмірде бұл екі тұлға бір-біріне қарсы болмаған деседі. Шығармашылықта рухани қай­шы­лықтар жүрмесе, жазушы қоғам­ды өз ырқымен бағаламаса, онда тіршіліктің жұмбағы оңай, қитұрқысы жоқ, бір клеткалы инфузория сияқты арзан болар еді. 

Еліміз тәуелсіздік алған соң қазақ баспасөзінде Сәбит, Ғабит, Ғабиден сияқты ірі жазушыларды сынап, олар советтік социалистік әдебиетті жасады, күні өтті, енді олардың бізге керегі жоқ деп жар салып жүргендердікі теріс, әбестік, ұят қылық. «Өлі арыстаннан тірі тышқан артық» деген шала ес ұғым әдебиет пен өнерге мүл­дем жүрмейді. Мұны айтып жүрген топ негізінен прозаға үмітті. Бұлай жер өртеп ат шығарудың қажеті қан­ша? Әдебиет кең әлем. Мықты болсаң жерде қалмайсың. 
YI.Сабақты бекіту. Венн диаграммасы арқылы кейіпкерлерге мінездеме.

Есеней Ұлпан Торсан



Аузы дуалы би, өте бай, қисық, қыңырлығымен бірге сөзге тоқтайтын, өр өктемдікті ұстайтын, айбатты жан.

Ерке өскен, жалғыз қыз, өз қалауымен тұрмыс құрды, орта жүз руын басқарған әулие ана, халық құрметтеген, ақылгөй, адал жар, ел қамын ойлайтын қайраткер

Тойымы жоқ, адамгершіліктен жұрдай, озбыр, дүние қоңыз, қара басының қамын ойлаған күшік күйеу, залым адам.


YII. Сабақты қорытындылау.

ҮІІI. Үйге тапсырма: «Ұлпан» романын толық нұсқасын оқу және кейіпкерлерге мінездеме беру, салыстыра отырып талдау.

ІX.Бағалау.

 


Каталог: 1E7973318117C007
1E7973318117C007 -> Сабақтың тақырыбы: Ыбырай Алтынсарин әңгімелерінің тәрбиелік мәні. Сабақтың мақсаты: білімділік
1E7973318117C007 -> «Әділет қашанда жеңеді, ол кешіксе де келмей қоймайды»
1E7973318117C007 -> Сабақтан тыс іс шара Тақырыбы: «Ғажайып сурет әлемінде»
1E7973318117C007 -> Сабақ тақырыбы: Қосмекенділердің көптүрлілігі
1E7973318117C007 -> Тақырыбы: «Жемқорлықпен күресу басты міндетіміз»
1E7973318117C007 -> Сабақтың атауы Тақырыбы: «Менің атым Қожа» повесіндегі Қожа бейнесі Сілтеме
1E7973318117C007 -> Сабақтың тақырыбы Күні уақыты Сынып Екі өрнектің квадраттарының айрымының формулалары
1E7973318117C007 -> Сабақ тақырыбы: §28 Адамның шығу тегі туралы алғашқы және қазіргі кездегі көзқарастар
1E7973318117C007 -> Сабақтың барысы: Үй жұмысын сұрау. Эссе. «Менің досым»


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет