Сабақтың тақырыбы: Интернет. Интернет маған не үшін керек? Тілдік бөлім



Дата25.01.2017
өлшемі327,15 Kb.
#7631
түріСабақ
Әдістемелік нұсқау

Сабақтың тақырыбы: Интернет. Интернет маған не үшін керек?


Тілдік бөлім: Интернационалдық терминдер. Интернационалдық терминдердің орфографиясы.

Лексика: Интернетке кіру, интернет сайттары, ақпарат табу, қызық мәлімет, қызықты ойындар, хат алмасу, танысу, достармен хабарласу, қазақша сайттар, кодтары, электронды пошта жасау, көшіру, жұмыс үстеліне ауыстыру, көшіріп әкелу, қайта қалпына келтіру, өшіру.

Айтылым.

Жаңа сабақты бастағанда оқушыларды тақырыптың ішіне ендіру мақсатында өтілетін тақырып бойынша «Ой шақыру» тәсілімен сұрақтар беріледі. Сұрақтар жалпы сыныпқа айтылады.

1. Сен интернет қолданасың ба?

2. Интернетті қайда (үйде/сабақта) қолданасың?

3. Сен интернеттен не іздейсің?

4. Интернет оқушы үшін пайдалы ма?

5. Интернетпен жұмыс істесең қанша сағат жұмыс істейсің?

6. Интернетпен жұмыс істеген қымбат па?

7. Интернеттің қандай пайдасы бар?

8. Интернеттің қандай зияны бар?




  • Ұсынылған сұрақтар бойынша топтық жұмыс түрлерін ұйымдастыруға болады. Сұрақтарға жауап беру барысында қиындық туындаса, мұғалім ол сұрақты жеңілдетіп қайта сұрауы керек. Мысалы, «интернет зиянды ма?» сұрағына оқушы жауап бере алмаса, «интернет кітап оқуға кедергі келтіре ме?» немесе «интернетті қолданып кітап оқығын келе ме?» деп, «интернетпен жұмыс істеген қымбат па?» сұрағын «интернет қызметіне айына қанша теңге төлейді?» деп өзгертуге болады.

  • Осы сұрақтарға топпен жауап беру барысында жұмысты түрлендіріп ұсынуға болады: сұрақтар ішіндегі жаңа сөздердің кейбіреуін тақтаға не карточкаға жазып жұмыс істетеді. Мысалы тапсырма түрлері:

1-карточка: Қолдану сөзін жікте. Мен қолданамын. Сен ... . сіз ... . Ол ... .
2-карточка: Қолдану сөзін көпше түрде жікте. Біз қолданамыз. Сендер ... . Сіздер ... . Олар ... .
3-карточка: Дұрыс сөйлемді тап: Мен интернеттен нан іздеймін. Мен интернеттен ақпарат іздеймін.

Сол секілді зиянды, пайдалы, кедергі сөздерімен өз ойын айтады.



  • Ой шақыру сұрақтарымен жұмыс кем дегенде 7-10 минут уақыт орындалады. Өйткені осы сұрақтағы ақпараттар мәтін ішінде болуы тиіс. Әр мұғалім осы сұрақтарды басшылыққа алып мәтін құрауына болады.



Оқылым. Мәтін.

Менің ата-анам үйге интернет желісін қосты. Ай сайын интернет қызметін төлеп тұрамыз. Интернет қымбат.

Мен интернетті жиі қолданамын. Интернеттің пайдасы көп. Интернеттен өзіме қажет көп ақпарат табамын. Ақпараттарды сабаққа дайындалғанда пайдаланамын. Онда оқушыларға арналған сайттар: Энциклопедиялар, анықтамалар, географиялық карталар, тарихи деректер жинақталған интеллектуалдық сайттар бар. Интернеттен өзімді қызықтыратын кез-келген тақырыпты табамын.

Кейде интернеттен қызықты онлайн-ақпараттарды оқимын, кино көремін. Интернетте көп отырмаймын. Ата-анам рұқсат етпейді. Денсаулыққа зиян келтіреді. Интернетте жұмыс істегенде 40 минут отырамын.
1. Мәтін бойынша тапсырма.

1. Әр оқушыға мәтінді ішінен 1 рет оқу ұсынылады.

2. Осы кезде мұғалім тақтаға оқушылардың мәтінді түсінгендерін тексеретін сөйлемдер жазады. Мысалы: Интернеттің пайдасы көп. Интернет өте зиянды. Оқушы осы сұрақтарға нақты жауап берсе, мәтінді дұрыс түсінгені.

2. Лексикалық не грамматикалық бірліктерді игеруге бағытталған жұмыстар ұсынылады.

1. Мәтіннен интернетке қатысты сөздерді тап.

2. Мәтіннен пайдалы деген сөзге мағынасы қарама-қарсы сөзді тап.

3. Қазақ және орыс тілдеріне ортақ сөздерді тап.


3. Диалогтік сөйлесім. Жазылым.

Мұғалім оқушыларға сұқбаттасу мақсатында 5 сұрақ жаз деп тапсырма береді. Бұл сұрақтар ой шақырудағы сұрақтарға ұқсас болуы керек.



  • Мұғалім әр оқушыны тексереді.

  • Қазақ мәдениеті арқылы сұқбаттасуды үйретеді. Мысалы,

  • Сәлеметсіз бе, апай/ағай, атай/әжей!

  • Сізге 1-2 сұрақ қоюға бола ма?

  • ... .... .

  • Рахмет, ата!


4. Диалогтік сөйлесім. Жұптық жұмыс. Тілдесім.

Қатар отырған оқушыларға сұрақ-жауап әдісі арқылы бір-бірінен «сен интернетті қолданасың ба?», «сен интернетті қайда (үйде, мектепте, интернет клубта) қолданасың?» деген сұрақтар арқылы диалогтық сөйлеуге мумкіндік туады.


5. Рөлдік ойын. Тілдесім.

Қатысушылар: интернет-клуб операторы және оқушы.



Тапсырма. Оқушыға: клубка келіп, әдеп нормасын сақтай отырып, оператордан интернетке 30 минут отыру қанша тұратынын және балаларға арналған қандай сайттар бар екенін сұра. Операторға: оқушыға интернет қызметінің ақысын айт. Оқушыға қандай ақпарат қажет екенін сұра.
Сұрақтар:

1) Интернетке 30 минут отыру қанша теңге тұрады?

2) Балаларға арналған сайт бар ма?

3) Қазақ тілінде қандай сайт бар?
Нәтиже: Жұмысты орындау барысында оқушылардың өздерінің проблемаларын шешуде қазақ тілін пайдалану біліктері қалыптасып, әлеуметтік рөлдерді меңгеру дағдылары дамиды.
6. Жағдаяттық тапсырма. Тілдесім.

Қатысушылар: оқушы және интернет-сервис қызметкері. Олар телефон арқылы байланысады.


Тапсырма.

Оқушыға: Үйіңе интернет қызметін орнату керек. Ауладан «интернет қызметін» қосамын деген хабарландыруды алып кел. Байланыс телефонына қоңырау шалып, қазақ мәдениетіне тән әдеп нормасын сақтай отырып интернет орнату ақысы қанша екенін сұра. Өз үйіңе орнатуын өтін. Қай уақытта келетінін сұрап біл.

Сервис қызметкеріне: интернет орнатудың қанша тұратынын және оқушының үйіне қай уақытта келтініңді айт.

Сұрақтар:

1) Үйге интернет орнату қанша теңге тұрады?

2) Модемның бағасы осы ақшаға кіре ме?

3) Модем қанша тұрады?

4) Маған интернет орнатасыз ба?

5) Қай кезде келесіз?
Нәтиже: Жұмысты орындау барысында оқушылардың өздерінің проблемаларын шешуде қазақ тілінде телефон арқылы сөйлесу біліктері қалыптасып, әлеуметтік рөлдерді меңгеру дағдылары дамиды.


  • Топтағы балалардың бәрі бір-бірімен тілдеседі, пікір алмасады, диалогтік сөйлеуді жүзеге асырады, , рөлдерде ойнайды, жағдаяттық тапсырмаларды орындайды. Ең соңында мұғаліммен сөйлеседі.



7. Монологтік сөйлесім. Жазылым. Әр оқушы өз сұқбаты туралы мұғалімге айтады, үлгермесе, өз сұқбаты туралы жазады. Мұғалім әр оқушымен қатар отырып, жеке-жеке тексереді.
«Интернет. Интернет маған не үшін керек?» тақырыбының келесі сабағында мұғалім айтылым, жазылым әрекеттерімен қатар тыңдалым әрекетіне мән беруі керек. Ол үшін қысқа мәтіндерді тыңдау (интернеттің пайдасы, зияны) ұсынылады. Тыңдалым әрекетінің мақсаты – естіген ақпаратты түсіну.

  • Тыңдаған мәтінмен жұмыс жасалмайды. Мәтінді жазып беру керек. Әңгімені, ақпаратты түсінгенін тексеру үшін дұрыс/бұрыс сөйлемдер не тест тапсырмалары беріледі. Осындай жаттығулар арқылы оқушылардың тыңдап түсіну қабілетін арттыру көзделеді. Міндетті түрде уақыт берілуі тиіс. Мәтінді оқушы жарты минут не 1 минут қана тыңдауы керек.

  • Үй жұмысы дәптерінде (оқулықтың бөлігі) осы бағыттағы жаттығулар берілуі керек. Жұмыс дәптерін оқулық шыққанға дейін мұғалімдердің өздері дайындауларына тура келеді.

1. Үйге тапсырма. Шығармашылыққа бағытталған тапсырма. Үйде/сыныпта интернетке кіріп, қазақ тілінде Қазақстан туралы ақпарат табыңдар.

2. Интернетке кіргенде/жұмыс істегенде қандай терминдердің қызметін көрдің, соларды жазып кел. Сыныпта сол терминдерді қазақ тіліне аударасың. Бұл жұмысқа мұғалім көмектеседі.


Мәдениетаралық қарым-қатынас бөлімінде оқушылар бір-бірімен интернеттегі өздері білетін және қазақ тіліндегі сайттар туралы пікірлеседі.

Әдістемелік нұсқау

Сабақтың тақырыбы: е-пошта
Тілдік бөлім: Қимыл есімдері. Қимыл-сын үстеулері

Лексика: электронды пошта, ақпарат алу, тез, жылдам жеткізу, бірден жіберу, уақыт үнемдеу, қолайлы, тиімді, е-поштаны тіркеу, тегін ашу, жасырын нөмір, поштамен ақпарат жіберу, хатты алғаны туралы мәлімет алу, пошта арқылы достасу, 10 Мб-дейін ақпарат қабылдау немесе жіберу.

Айтылым. Ой шақыру сұрақтары арқылы тақырыпқа ену:

  1. Е-пошта дегеніміз не?

  2. Сенің е-поштаң бар ма?

  3. Е-поштаның тиімділігі неде?

  4. Е-поштамен сөйлесетін достарың көп пе?

  5. Олардың е-поштасында қандай ақпараттар бар?

  6. Е-поштамен қандай жұмыстар атқаруға болады?

  7. Е-пошта арқылы сыйлықтар жіберуге бола ма?

  8. Е-поштадағы фото суреттерді бағалайсыз ба?

  9. Әр фотаға түсініктеме жаза аласыз ба?

  10. Е-поштадағы өзің туралы сауалнаманы қазақша толтыра аласыз ба?

  11. Е-поштамен хабарласып тұратын достарың қанша?

  12. Е-пошта арқылы сөйлесетін шетелдік достарың бар ма?

  13. Видио хабарламаны қолданасыз ба? Оның тиімділігі неде?

  14. Е-поштаның тарихы туралы не білесіз?

«Миға шабуыл» тәсілімен жоғарыдағы сұрақтарға жауап алу көзделеді.

Мұғалім сұрақтарды жеке оқушыға немесе топқа қоюына болады. Кейбір сұрақтарға жауап беру қиындық тудырса, сұрақты жеңілдетіп қоюға болады.

Мұғалім алдын ала дайындаған үлестірме қағаз арқылы әр түрлі жұмыстар орындатуға болады. Мысалы. Қимыл-сын үстеулерін қатыстырып сөз тіркесін, сөйлем құрату, оларды басқа сөздермен ауыстырып қолдану, дұрыс не бұрыс сөйлемдерді тапқызу.



Оқылым. Мәтін арқылы тақырыпты меңгерту (Үлгі. Мәтінді мұғалім сынып оқушыларының білім деңгейіне байланысты жеңілдетіп не қиындатуына болады).

Электронды пошта тарихы 1965 жылдан басталады. Массачусет технологиялық институтының қызметкерлері Ноэль Моррис пен Том Ван Влек CTSS операциялық жүйеге негізделген MAIL бағдарламасын ойлап тапты. Бұл бағдарлама IBM 7090/7094 компьютеріне орнатылған болатын. .Ең басында қарапайым ғана қызмет атқаратын бұл бағдарлама қазір үлкен қолданысқа ие болды. Е-поштаның қызметін көптеген адамдар қолданады. Е-пошта арқылы тез ақпарат алуға болады. Достарыңмен де байланысқа жылдам шыға аласың. Олардың фотосуреттерін де көре аласың. Мереке кезінде сыйлықтар да жібере аласың. Е-поштамен жұмыс істеген тиімді.


  1. Мәтін бойынша жұмыс. Оқушылардың мәтінді дұрыс түсінгенін

тексеру үшін мәтінді іштерінен оқу тапсырылады. Мұғалім олардың мәтінді түсінгендерін тексеру үшін тапсырмалар орындатуына болады.




Сөйлемдер

дұрыс

бұрыс

1

Электронды пошта тарихы 1975 жылдан басталады.







2

Е-поштаны қолдану тиімді.








3

....









2. Лексикалық не грамматикалық бірліктерді игеруге бағытталған жұмыстар ұсынылады.

  • Мәтіннен термин сөздерді табыңыз.

  • Мәтіннен қимыл-сын үстеулерін табыңыз.

  • Тез сөзінің синонимдік қатарын түзеңіз.

  • Е-пошта арқылы тез ақпарат алуға болады сөйлеміндегі тез

сөзінің орынына басқа сөз қойып жазыңыз.


  1. Диалогтік сөйлесім. Жазылым.

    • Мәтін бойынша бірнеше сұрақтар жазғызу.

    • Топтық жұмыс. Сұрақтарды пайдалана отырып, сұқбат құрау.



  2. Жазылым. Жеке орындалатын жұмыс.

  3. Е-поштаны ашу үшін төмендегі сауалнаманы толтырыңыз:

Аты:

Фамилиясы:

Туған жылы, күні, айы:

Жынысы:

Қаласы:

Е-поштаның аты:

Паролі:

Ұялы телефон №:

Құпия сұрақ:

Жауабы:

Қосымша е-пошта:
5. Диалог. Тілдесім. Жұптық жұмыс.

Қатысушылар: оқушылар.

Тапсырма. Бір-біріңнен е-пошта ашуға көмек сұраңдар. Пошта ашу кезінде орындайтын іс-әрекеттеріңізді рет-ретімен айтыңдар.

Сұрақтар:

  1. Сен е-пошта аша ласың ба?

  2. Маған е-пошта ашуға көмек бересің бе?


Тапсырма: Досыңыз туралы бес сөйлем жазыңыз.

Тапсырма. Туған қалаңыз туралы қысқаша баяндаңыз.


  1. Диалогтік сөйлесім. Рөлдік ойын.

Қатысушылар. Мұғалім және оқушы (мұғалімнің рөлінде оқушы).

Тапсырма. Мұғалімге: Е-пошта арқылы ақпарат хатты жіберуді өтініңіз

Оқушыға: өтінішті қабылдап, қандай ақпарат жіберу керек екендігін сұра.
Сұрақтар:.

  1. Дарын, сен Е-пошта жібере білесің бе?

  2. Маған хат жіберуге көмек берші.


Нәтиже: қазақ мәдениетіне сай үлкен адаммен сөйлесу әдебі

қалыптасады. Оқушылардың өз проблемаларын шешуде бір-бірімен өзара қазақ тілінде сөйлесу дағдысы дамиды.


7.Жағдаяттық тапсырмалар.

  1. Жағдаят. Досыңыз е-пошта ашуды білмейді. Досыңызға Е-пошта

ашуға көмектесіңіз. Қажетті ақпараттарды сұрап, сауалнаманы толтырыңыз.


  1. Жағдаят. Мұғалім Е-пошта арқылы ақпарат хатты жіберуіңізді

өтінді. Қандай әрекеттерді орындайтыныңызды айтып көріңіз.


  1. Жағдаят. Досыңыз е-поштасына өзінің жаңа фото суреттерін

салыпты. Суретті сын есімдерді қатыстыра отырып, сипаттауға тырысыңыз.
4-Жағдаят. Мерекеге қарсы досыңыз е-пошта арқылы сізге сыйлық жіберді. Қалай қуанғаныңызды қимыл-сын үстеулерін пайдалана отырып, айтыңыз.
Е-поштамен істелетін әрекеттерді рөлдік ойындар, топтық немесе жұптық жұмыстар арқылы орындатуға болады.

Тыңдалым әрекетін жүзеге асыру үшін қысқа ақпаратты тыңдатып, қысқаша мәтін жазғызып, е-пошта арқылы қалай жібересіз? деген тәрізді тапсырмаларды орындатуға болады.


Мәдениаралық қарым-қатынас бөлімі бойынша мерекеге арналған қысқа мәтіндер жазғызып, пошта арқылы жібертуге, қысқа өлеңдерді оқытып, мазмұнын баяндатуға болады.

Қазақ халқының ұлттық этикетіне сай қысқа хат жазғызуға, амандық сұрастыруға жетелеу қажет.

«Алтын сандық» айдары бойынша басқа ұлт өкілдерінің бір-бірімен хабар алмасуындағы ерекшеліктер туралы өздеріне ақпарат жинатуға немесе қазақша мақал-мәтелдер, жұмбақ жинатуға болады. Мысалы: Қашық жердің сәлемін, Тез-ақ алып келемін (телеграмма).Аяғы жоқ жүреді, Аузы жоқ сөйлейді (хат).

Оқушылар өздерінің жинаған материалдарын портфолиоға сала береді. Тоқсан соңында әр оқушының жинаған материалдары сарапқа салынады.



Әдістемелік нұсқау
Сабақтың тақырыбы: Қалта телефоны
Тілдік материалдар.

Грамматика: Қазақ тіліндегі калька сөздер.

Фонетика: Неологизмдердің емлесі.

Лексика: байланыс аясы, жаңа толқын, ұялы телефон, халықаралық байланыс желілері, қызмет құны, таралу аясы, өзара қатынас, сөйлесу уақыты, жоғары сапа, үздіксіз жетілдіру, жүйелі даму, қарқынды даму, телефон сымы, тұтқалардың жаңа түрлері, сатып алу/жіберу, айырбастау, жаңаға алмастыру, нөмірін жазып алу, орталыққа хабарласу, тапсырыс түсіру, байланысты жылдамдату, қызметке ақы төлеу, суретке түсіру, дыбысын жазып алу, бейнекамера, бейнетаспаға түсіру, фотокамера, сабақта өшіріп қою, қалта телефонының пайдасы мен зияны, радияциялық кері әсері, денсаулыққа қауіпті, ретсіз мазалау, кездейсоқ қоңыраулар, музыка тыңдаудың шектен тыс әсері.

Айтылым.

Жаңа сабақты бастағанда оқушыларды тақырыптың ішіне ендіру мақсатында өтілетін тақырып бойынша «Ой шақыру»тәсілімен сұрақтар беріледі. Сұрақтар жалпы сыныпқа айтылады.


1. Сен ұялы телефонды пайдаланасың ба?

2. Саған ұялы телефонның қандай пайдасы бар?

3. Ұялы телефонды қай кездері пайдаланасың?

4. Ұялы телефонның қызмет құны қанша?

5.Ұялы телефонға бірлікті қалай саласың?

7. Ұялы телефонның қандай зияны бар?


  • Ұсынылған сұрақтар бойынша топтық жұмыс түрлері ұйымдастырылады. Сұрақтарға жауап беру барысында қиындық туындаса, мұғалім ол сұрақты жеңілдетіп қайта сұрауы керек. Мысалы, «ұялы телефонның қызмет құны қанша?» сұрағына оқушы жауап бере алмаса, «ұялы телефонмен сөйлесудің 1 минуты қанша теңге?» немесе «1 бірлік қанша теңге?» деп өзгертуге болады.

  • Осы сұрақтарға топпен жауап беру барысында кейбір оқушыларға жеке тапсырмалар ұсынуға болады: сұрақтар ішіндегі жаңа сөздердің кейбіреуін тақтаға не карточкаға жазып жұмыс істетеді. Ұсынуға болатын тапсырма түрлері:

1-карточка: Берілген сөздерден сөйлем құра: ұялы телефонды, жиі, мен, пайдаланамын; хабарласамын, арқылы, ұялы телефон, достарыммен.
2-карточка: Берілген сөздерден сөйлем құра: сабақ уақытында, пайдаланбаймын, ұялы телефонды; сөндіріп қоямын, сабақ уақытында, ұялы телефонды.
3-карточка: Дұрыс сөйлемді тап: Саламын ұялы телефонға бірлік. Ұялы телефонға бірлік саламын. Тұрады 500 теңге 500 бірлік. 500 бірлік 500 теңге тұрады.
4-карточка: Дұрыс сөйлемді тап: 1000 теңге 1000 бірлік тұрады. 1000 бірлік 1000 теңге тұрады.
5-карточка: Диалогты қажетті сөздермен толықтыр:

  • Сен ... байланыс түрін пайдаланасың?

  • Мен актив/билайн байланыс түрін ... .

Қажетті сөздер: қандай, пайдаланамын.


  • «Ой шақыру» сұрақтарымен жұмыс 7-10 минут орындалады. Бұл

сұрақтарға жауап берген соң оқушылар мәтінді жеңіл игереді.
Оқылым. Мәтін.

Мен ұялы телефонды сабақ уақытында сөндіріп қоямын. Себебі кездейсоқ қоңырау түсуі мүмкін. Ондайда мұғалім ескерту жасайды.

Менің ұялы телефонымның фотоаппараты және бейнекамерасы бар. Әдемі сәттерді суретке түсіремін, бейнекамераға жазамын.

Телефонмен достарыма смс, ммс жіберемін. Ұялы телефонмен кейде интернетке кіремін. @ mail-ды жазып, өз «Әлеміме» де кіремін. Электронды поштамды тексеремін. Ұялы телефонның қызметі қымбат. Сондықтан мен ұзақ сөйлеспеймін. Жақында телефоныма агент орнаттым. Ал агент аркылы сөйлескен арзан. Телефон арқылы достарымды кез-келген жерден тауып аламын.

Ұялы телефонды ұзақ пайдалануға болмайды. Себебі оны ұзақ пайдалану уақытыңды алады, шаршатады. Уақыттың қалай өткенін байқамай қаласың.

1. Мәтін бойынша тапсырма.

1. Әр оқушыға мәтінді ішінен 1 рет оқу ұсынылады.

2. Оқушылардың мәтінді түсінгендерін тексеретін жұмыстар орындалады. Тақтаға мынадай сөйлемдер жазылады: Ұялы телефонды сабақ уақытында сөндіріп қоямын; Жақында телефоныма агент орнаттым; Ұялы телефонды ұзақ пайдалануға болмайды. Оқушы осы сұрақтарға нақты жауап берсе, мәтінді дұрыс түсінгені.

2. Лексикалық және грамматикалық бірліктерді игеруге бағытталған жұмыстар:

1. Мәтіннен мағынасы қарама-қарсы сөздерді тап.

2. Мәтіннен неологизм сөздерді тап.

3.


3. Диалогтік сөйлесім. Жазылым.

Әр оқушыға сұқбаттасу мақсатында 5 сұрақ жаз деп тапсырма беріледі. Бұл сұрақтар ойға шақырудағы сұрақтарға ұқсас болуы керек.



  • Мұғалім әр оқушыны тексереді.



4. Қазақ мәдениетіне тән әдеп нормасын сақтай отырып, ұялы телефонмен қоңырау шалуды үйретеді. Мысалы,

  • Сәлеметсіз бе, апай/ағай, атай/әжей!

  • ....!

  • Мен Данамын.

  • Иа,... .

  • Сізге қоңырау шалған себебім ... .


4. Диалогтік сөйлесім. Жұптық жұмыс. Тілдесім.

Қатар отырған оқушыларға сұрақ-жауап әдісі арқылы бір-бірімен «Сен ұялы телефонды пайдаланасың ба?», «Сен қандай байланыс түрін (актив, билайн) пайдаланасың?», «Сенің нөмірің қандай?» деген сұрақтар арқылы диалог құрастыру тапсырылады.


5. Диалог. Тілдесім.

Диалогті қажетті сөздермен толықтыр:

- Сен ұялы телефонды пайдаланасың ба?

- Иә, мен ... ... пайдаланамын.

- Сенің телефон ... қандай?

- Менің телефон нөмірім ..... Жазып ал.
Әңгімелесушімен келіспей, өз ойыңды білдір.

- Сен ұялы телефонды жиі пайдаланасың ба?

-Жоқ, мен ... .

- Сен ұялы телефонды сабақ уақытында қосып коясың ба?

- ... , ...

- 1000 бірлік 500 теңге тұрады ма?

- ..., ... 1000 теңге ... .

- Сен ұялы телефонмен ән тыңдайсың ба?

- ..., ... .

- Сен актив байланыс түрін пайдаланасың ба?

- ..., билайн ... .

5. Рөлдік ойын. Тілдесім.

Телефонмен сөлесу этикетін дамытуға бағытталған жаттығу.

Қатысушылар: оқушы және сабаққа келмеген сыныптасы.



Тапсырма. Оқушыға: сабаққа келмеген сыныптасыңның ұялы телефонына қоңырау шалып, келмеген себебін біл. Сабаққа келмеген оқушыға: сабаққа келмеген себебіңді айт (ауырып қалдым, емханаға бардым және т.б.). Диалог қазақ тілінің сөйлеу әдебіне сай орындалуы қадағаланады.

Сұрақтар:

1) Сен сабаққа неге келмедің?

2) Қалай ауырып қалдың?

3) Емханаға бардың ба?

4) Дәрігер қандай ем берді?

Нәтиже: Жұмысты орындау барысында оқушылардың телефон арқылы қазақ тілінде сөйлеу біліктері қалыптасады.

6. Диалог-үлгі. Тілдесім.

Қатысушылар: оқушы және басқа қаладағы нағашы атасы. Оқушы атасына ұялы телефон арқылы қоңырау шалады.



  • Ата, сәлеметсіз бе?

  • Сәлеметсің бе, балам!

  • Айналайын, сен қай баласың?

  • Ата, мен Алматыдағы Асыл немереңізбін ғой.

  • Айналайын, Асыл, сабағың қалай?

  • Жақсы, ата.

  • Демалысқа шықтың ба?

  • Иа, ата. Ертең поезбен сіздерге шығамын.

  • Қандай поез?

  • 16-шы Алматы – Қарағанды поезы.

  • Сағат нешеде шығасың?

  • Кешкі сағат 7.30-да Алматыдан шығамын.

  • Қарағандыға қашан келесің?

  • Түсте, 12.30-да. №1 вагон.

  • Жақсы, балам. Мен күтіп аламын.

  • Сау болыңыз, ата.

  • Сау бол, балам, жолын болсын!




  • Бұл диалог-үлгі оқушылардың өз диалогтарын құруына негіз болады.

Бұл жұмыс кезеңмен жүргізіледі. Алдымен диалог-үлгіні оқушыларға рөлге бөліп оқуға тапсырма беріледі. Оқушылардың назары меңгертуге арналған үнқатымдарға (репликаларға) аудартылады. Оқып болған соң, оқушылар диалогты рөлге бөліп қалпына келтіріп айтады. Оқушыларға осыған ұқсас диалог құруға тапсырма беріледі. Бірақ ол басқа жағдаяттағы қарым-қатынасқа құрылады. Ол 7-тапсырмада берілген.
7. Диалог. Тілдесім.

Қатысушылар: оқушы және терміржол вокзалындағы анықтама бюросының қызметкері. Оқушылар жоғарыдағы (6-тапсырма) диалог-үлгідегі үнқатымдарды пайдаланып өз диалогтарын құрайды.

Тапсырма. Оқушыға: теміржол анықтамасына қоңырау шалып, ертең Қарағандыға қандай поезд бар және ол қашан жүретінін, Қарағандыда сағат нешеде болатынын сұра. Анықтама бюросының қызметкеріне: Қарағандыға баратын поезды, оның Алматыдан жүретін және Қарағандыға келетін уақытын анықтап айт.

Сұрақтар:

1) Қарағанды қаласына қандай поезд барады?

2) Ол поезд Алматыдан қай уақытта жүреді?

3) Қарағандыда ертең сағат нешеде болады?

Нәтиже: Жұмысты орындау барысында оқушылардың телефон арқылы қазақ тілінде сөйлеу дағдылары дамиды, өмірде осыған ұқсас жағдаяттарда қазақ тілінде тілдесімге түсу біліктері қалыптасады.
8. Жағдаяттық тапсырма. Жазылым.

Қатысушы: оқушы.

Тапсырма: Ертең досыңның туған күні. СМС арқылы құттықтау жазып жолда.

Нәтиже: қазақ тілінде құттықтау сөздер жазу, сауатты жазу дағдысы дамиды.
9. Жазылым.

Қатысушылар: сыныптас екі оқушы.

Тапсырма. Ұялы телефондағы агент арқылы ертең неше сабақ және қандай сабақтар бар, олардан не бергенін сұрап, жауап жазыңдар.

Нәтиже: оқушылардың өзара қазақ тілінде сауатты жазу әрі жазбаша түрде тілдесу біліктері қалыптасады.

Сұрақтар:

1) Ертең неше сабақ болады?

2) Ертең қандай сабақтар бар?

3) Қазақ тілі/Қазақстан тарихы сабағынан не берді?

10. Монолог. Үйге тапсырма.

Оқушыларға өз ұялы телефондарының маркасы туралы жарнама дайындауға тапсырма беріледі. Өз ұялы телефондарында қандай қызмет түрлері бар екенін айтады, сонымен қатар ақпарат көздерінен табылған материалдарды пайдалануға болады.

«Қалта телефоны» тақырыбының келесі сабақтарында ұялы телефондардың зияны мен пайдасы туралы мәтіндер құрастыруға болады. Ол мәтіндерді құрастыруға шартты түрде ұсынылған лексикалық бірліктерді пайдалану қажет. Ұялы телефондарды жарнамалаған газет-журналдардың мәтіндерін, интернеттегі қазақ тіліндегі сайттардағы жарнамаларды тапсырма дайындауда пайдалануға болады.

Әдістемелік нұсқау
Тақырып: Компьютердің пайдасы мен зияны

І.Тілдік материалдар.

Грамматика: Сабақтас құрмалас сөйлем.

Фонетика: Ақпараттық технология терминдерінің емлесі.

Лексика: Ақпараттық технологиялар, компьютерлік бағдарламалар, ойын түрлері, ақпараттарды таңдап алу, жылдамдық, дүниетанымын кеңейту, техникалық мүмкіндіктер, тез түсіну, жылдам игеру, бағдарламалар құру, Интернет желісіне қосу, жұмысты жеңілдету, танымдық қабілетті дамыту, тетіктерін ауыстыру, компьютердің нұсқаулықтарына сүйену, күрделі тапсырмаларды орындау, компьютердің тілін таңдау, түрлі бағдарламаларды салу/ауыстыру, тәуелділік, қызығушылық, денсаулыққа қауіпті, көру қабілеті, есте сақтау, кері әсер, зиянды әдеттер, өзін-өзі жеңе білу, т.б.
Бұл тақырып оқушы үшін қиындық туғызбайды. Өйткені компьютер – ол үшін үйреншікті, күнделікті өмірде өзі қолданып жүрген етене таныс зат. Сондықтан басты мақсат: компьютердің жаңа мүмкіндіктерімен байланысты жаңа терминдерді игерту, оларды қарым-қатынас кезінде пайдалануға төселдіру. Компьютердің пайдасы мен зияны, жалпы оның өз өмір-тіршілігіндегі рөлін жатық тілмен айта алуға баулу.

Кіріспе сабақта оқушылардың компьютерге қатысты терминдерді меңгеру деңгейін байқау мақсатында аутентикалық мәтіндермен жұмыс жүргізу тиімді. Осы кезде оларға жаңа терминдерді де біртіндеп игерту бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыруға болады. Өздеріне қызықты компьютерлік бағдарламалар туралы диалог құратуға болады. Ал келесі сабақтарда Интернет жүйесіндегі сайттар туралы жазбаша және ауызша тапсырмаларды орындату арқылы қазақ тілін коммуникативтік тұрғыдан меңгертуге, оқушының өз ойын, пікірін, көзқарасын еркін, дұрыс, нақты жеткізе білу дағдыларын дамытуға мүмкіндік беріледі. Бұл бағытта орындалатын жаттығулардың да мақсаты оқушылардың компьютер жайлы қазақша дұрыс, түсінікті сөйлеуі мен сауатты жазуын қалыптастыруды көздейді.

Ал, тыңдалым түрінде ұсынылатын мәтіндер мен диалогтардың мазмұнында компьютердің пайдасы мен зияны туралы мағлұматтар қамтылып, оларға қатысты тапсырмаларда онда кездескен сөз тіркестерін, сөйлемдерді талдатуға назар аударылуы оқушының тілдік дағдыларын дамыта түспек.

Келесі сабақтарда жұптық, топтық жұмыс формасында жарыс сабақтар өткізуге болады. Онда компьютер терминдеріне қатысты сөзжұмбақтар, түсіндірме сөздік түріндегі тапсырмаларға көбірек көңіл бөліну қажет. Олар оқушылардың жаңа сөздерді өзінің сөздік қорына берік орнықтыруға ықпал етеді әрі логикалық ойлау қабілеттерін жетілдіреді.

Одан кейінгі сабақта жағдаяттық тапсырмалар бойынша жұмыс жасату тиімді. Оны рөлдік ойын түрінде жүргізуге де болады. Өйткені оқушылар өздері игерген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін, түрлі сөз оралымдарын өмірде қолдануға төселеді. Мысалы: 1-жағдаят: «Сенің компьютерің бұзылып қалды. Оны жөндету үшін компьютер жөндейтін шеберге телефон шалып, жағдайды түсіндір». 2-жағдаят: «Сендердің достарың жаңа компьютер сатып алғысы келеді. Оған кеңес беріңдер: қандай компьютер несімен артық?» 3-жағдаят: «Электроникалар әлемі» дүкеніне барып, несиеге компьютер алғың келетінін айтып, кеңес сұра. Қандай компьютерлердің зияндылығы аздығына да көңіл бөл».
Тақырыпқа қатысты ұсынылатын жұмыстардың үлгілері:
Тыңдалым: Мәтінді мұқият тыңдаңыз.
Ақпараттар әлемі
ХХ ғасырдың 50-70 жылдарында адамзат техниканың, оның ішінде компьютердің, қарыштап дамыған жаңа кезеңіне батыл қадам басты. Компьютерлік технологияның дамуы қоғамның ғылым, мәдениет, білім беру, өндіріс, басқару секілді салаларында жылдам жүріп жатқан интеграциялық үдерістермен байланысты ақпараттандырудың ғаламдық мәселелеріне алып келді. Қоғамды ақпараттандыру – жаңа микропроцессорлар мен есептеу техникаларының, сондай-ақ ақпараттық өзара әрекеттесу мен ақпарат алмасудың әр түрлі құралдары негізінде жүзеге асатын, қоғамдық өндіріс саласында жетекші рөл атқаратын ақпараттарды жинақтау, қор жасау, өңдеу, сақтау, жіберу, пайдалану, ақпаратты сүзу сияқты қызметтерден құралатын ғаламдық әлеуметтік үдеріс. Адам мен жалпы қоғамның интеллектуалдық мүмкіндіктерін күшейтуде маңызды рөл атқаратын компьютер кез келген ақпаратты өңдейтін әмбебап техникалық құрал болып саналады.

Компьютерлердің пайда болуы мен дамуы – қоғам мен білім беру саласын ақпараттандыру үдерісінің құрамдас бөлігі. Қоғамды ақпараттандыру кезінде басты назар адам қызметінің барлық түрін сенімді, нақты, пайдалы біліммен қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар кешеніне аударылуы керек. Сондықтан да бұл ұғым «қоғамды компьютерлендіру» дегеннен әлдеқайда кең, онда ақпаратты жылдам алуға жол ашатын компьютерлік базаны ендіру мен дамытуға басымдылық беріледі. Интернетке, телекоммуникациялық желілер мен интеллектуалдық компьютерлік жүйелерге негізделген ақпараттық технологиялар болашақ ұрпақтың өз білімін, түрлі мәліметтер мен материалдарды еркін таратуына мүмкіндік береді. Оның қоғамның әлеуеті мен оның даму болашағын анықтауда маңызды фактор болып саналатын ақпараттар мен ғылыми білімдер үстемдік құратын жаңа әлеуметтік ортаға бейімделуіне тура келеді. Әлемдік ортақ ақпараттық жүйелерді қолдану білім саласына ақпараттық технологияларды енгізуді қамтамасыз ете отырып, бірыңғай білім кеңістігін құруға қол жеткізіледі, адамдардың қарым-қатынас жасауға, ортақ материалдық емес ресурстарға қолжетімділікке және көп ақпараттар алуға, оны түсінуге деген қажеттілігін арттырады.


Блиц-турнир. «Иә» немесе «жоқ» деген сұрақтарға жауап беріңіз.


Сұрақтар

Иә

Жоқ

1. ХХ ғасырдың 50-70 жылдарында компьютер қарыштап дами бастады.







2. Интеграциялық үдерістер қоғамның ғылым, мәдениет, білім беру, өндіріс, басқару секілді салаларында жылдам жүрмеді.







3. Компьютерлердің пайда болуы мен дамуы – қоғам мен білім беру саласын ақпараттандыру үдерісінің құрамдас бөлігі.







4. Компьютер адам мен жалпы қоғамның интеллектуалдық мүмкіндіктерін күшейтуде маңызды рөл атқармады.







5. Қоғамды ақпараттандыруда басты назар адам қызметінің барлық түрін пайдалы біліммен қамтамасыз етуге бағытталмауы керек.







6. Интеллектуалдық компьютерлік жүйелерге негізделген ақпараттық технологиялар болашақ ұрпақтың өз білімін еркін таратуына мүмкіндік береді.







7. Ақпараттар мен ғылыми білімдер қоғамның әлеуеті мен оның даму болашағын анықтауда маңызды фактор болып саналады.







8. Әлемдік ортақ ақпараттық жүйелерді қолдану білім саласына ақпараттық технологияларды енгізуді қамтамасыз ете алмайды.







Сөз тіркестерінің дұрыс не бұрыс екенін анықтаңыз:


Сөз тіркестері

Дұрыс

Бұрыс

1. дамудың жаңа кезеңі







2. батыл қадам басты







3. интеллектуалдық атқару







4. Компьютер адамдар қоғамы







5. Адамның барлық түрі







6. ақпараттық технологиялар







7. қамтамасыз етуге бағыттау







8. әлемдік ортақ







9. еркін тарату







10. ғылыми білімдер







11. болашағын анықтауда фактор







12. қоғамның әлеуеті мен оның даму







13.телекоммуникациялық желілер







14. компьютерлік жүйелер







15. материалдық емес ресурстар









Жазылым: Жақшаның ішінен керекті сөзді тауып, сөйлемдерді толықтырып жазыңыз.
ХХ ғасырдың 50-70 жылдарында техника .............(жүйесі, саласы, негізі) қарыштап дамыды. Компьютерлік технологияның .......... (дамуы, өсуі, кеңеюі) ақпараттандырудың ғаламдық мәселелеріне алып келді. Қоғамды (интеграциялау, дамыту, ақпараттандыру) жаңа микропроцессорлар мен есептеу техникаларын қажет етті. Қоғамдық өндіріс саласында ........... (кейінгі, бұрынғы, маңызды) рөл атқаратын ақпараттарды жинақтау, қор жасау, өңдеу, сақтау, жіберу, пайдалану, ақпаратты сүзу сияқты қызметтер жүзеге асты. Компьютерлер адам мен жалпы қоғамның интеллектуалдық мүмкіндіктерін ...........(жеткізуде, күшейтуде, азайтуда) маңызды болып саналады.

Компьютерлердің пайда ........... (келуі, жүруі, болуы) мен дамуы – қоғамды ақпараттандыру үдерісінің құрамдас .........(негізі, бірлігі, бөлігі). Қоғамды ақпараттандыру кезінде басты ............(ой, назар, сала) адам қызметінің барлық түрін пайдалы ............(жүрекпен, біліммен, ақылмен) қамтамасыз етуге бағытталады. Сондықтан ақпаратты .......(терең, ерте, жылдам) алуға жол ашатын компьютерлік базаны .........(ендіруге, беруге, әкелуге) басымдылық беріледі. Әлемдік ортақ ақпараттық ........... (салаларды, жүйелерді, елдерді) қолдану арқылы бірыңғай білім кеңістігін құруға қол .......... (береді, әкеледі, жеткізіледі).

Оқылым: Мәтінді оқыңыз.
Қалта компьютерлерінің тарихы
Өмірге еніп жатқан жеке электронды органайзерлер мен қалта компьютерлеріне деген қызығушылық артып келеді. Нарықтың бұл түріндегі бәсекелестік аса үлкен жылдамдықпен дамып келеді. Ал ол сонау 80 жылдары басталған болатын.Ол кезде Psion Computing деп аталатын британдық компания кішігірім қалта компьютерлері мен ұялы құрылғыларға арнайы дайындалған операциялар жүйесін жасаумен айналысты. Сол 1984 жылдары ол Organaiser 1 деген қызық атауға ие болған құрылғы шығарды. Бұл электронды органайзер сырттай қарағанда кәдімгі калькуляторға ұқсайтын. Сөйтсе де ол қазіргі қалта компьютерлерінің атасы болып саналады.

Psion компаниясы өзінің алғашқы жұмысының ізін ала малогабариттті клавиатура салынған қалта құрылғыларын дамыту идеясын жалғастырып, өзінің мини-құрылғыларының Organaiser ІІ, HC және WorkAbout секілді жаңа модельдерін шығарады. Одан сәл кейінірек, 1991 жылы Psion өзінің Psion Series 3 атты тұңғыш клавиатуралы мини-компьютерін шығарады. Ол қазіргі барлық клавитуралы мини-компьютерлердің ататегі болды. Осындай құрылғылардан кейін handheld-компьютер деген атау берік орнықты.

Тек бір жыл өткен соң, 1992 жылы мамырда Apple компаниясының директоры Джон Скалли көпшілікке, Apple-нің пікірі бойынша, құрылғының прототипі, адамға барлық жерде және кез келген уақытта қолдануға қолайлы электронды көмекші дүниеге келді. Apple сәбиі Newton NotePad деп аталды да, кейінірек оның аты Newton MessagePad деп өзгертілді. Оның туған күні барынша шулы және асқан секіріс ретінде тойланды. Ал қазір алғашқы қалта компьютерін жасаған Psion компаниясы екенін біреу біліп, біреу білмейді. Сол секілді MessagePad-тың да компьютерлік технологиялардың жаңа дәуірінің бетін ашқан тұңғыш құрылғы екені де ұмыт бола бастады. Apple компаниясы Psion өнімдері дамытылған жолдан бөлек арнаға бет бұрды. Кішкентай Newton клавиатураның орнына сенсорлық экраны бар алғашқы қалта компьютеріне айналды. Бұл тұрғыда да Apple клавиатурасыз құрылғылардың талассыз алғашқы бастамасы болып қалды. Бұл да Appleнің өзін нағыз жаңа дәуірдің көшбасшысы ретінде сезінуіне мүмкіндік берді. Newton-ға ешқандай бақталас жоқ еді. Ондай даму әлі болып көрген жоқ. 1993 жылғы Masworld Expo атты тамыз көрмесінде санаулы ғана сағатта алғашқы бес мың дана түгелдей 800 доллардан сатылып кетті.

90 жылдардың ортасында аренаға Palm Computing компаниясы шықты. Ол Palm OS жеке операциялық жүйелерді құрумен айналысты. 1995 жылдың қыркүйегінде Palm Computing компаниясын U.S.Robotics компаниясы иемденді.

Мәтін бойынша тапсырмалар:

1. Сұрақтардың дұрыс жауабын таңдаңыз:


1. Қазір электронды органайзерлер мен қалта компьютерлеріне не артып келеді?


а) мүмкіндік

ә)беріктік

б)қызығушылық


2. Нарықтың бұл түріндегі бәсекелестік қай жылдары басталды?

а) 80

ә)40


б)90

3. Қазіргі қалта компьютерлерінің атасы қайсысы?

а) Psion Computing

ә) Organaiser 1

б) WorkAbout


4. Psion Series 3 деген не?

а) клавиатуралы мини-компьютер

ә) клавиатурасыз мини-компьютерін

б) қалта телефонының қабы


5. Organaiser ІІ, HC және WorkAbout дегендер ненің атауы?

а) компаниялардың

ә) желілердің

б) құрылғылардың


6. Кішкентай Newton-ға клавиатураның орнына не қойылды?

А) сенсорлық экран

ә) ) сенсорлық жүйе

б) ) сенсорлық білім


7. 1993 жылғы Masworld Expo атты тамыз көрмесінде қанша Newton сатылды?

А) 800

ә) 2500


б)5000

8. 90 жылдардың ортасында аренаға қандай компания шықты?

а) Palm OS

ә) Palm Computing



б) U.S.Robotics


Жазылым: 2. Мәтіндегі тірек сөздерді теріп жаз.

Диалог: 3. Мәтінге сүйеніп, ақпараттар жүйесінің маманы мен журналистің диалогын құраңдар.

Оқылым: Мәтінді оқыңдар.
Компьютердің адам психикасына әсері
Компьютерде ұзақ жұмыс істеу біздің ағзамыздың көп қызметіне: орталық нерв қызметіне, эндокринге, иммундарға, репролуктивтік жүйелерге, көзге, және адамның сүйек-бұлшық ет аппараттарына кері әсер етеді. Бұл қарапайым адам үшін қандай мәнге ие? Әрине, барлық жеріне әсер етеді! Көздің қызметінің бұзылуынан аяқтағы күретамырлардың варикоздық кеңеюіне дейінгі аралықтағы барлық нәрсеге әсер етеді. Шынын айтқанда, мұндай ауруларға Сіз компьютерсіз-ақ, дұрыс емес өмір салтына байланысты да шалдығуыңыз мүмкін. Компьютер сол кері әсердің тағы бір арнасын толықтыра түсері сөзсіз: аз демалу, аз қозғалу, дұрыс тамақтанбау, т.б.

Жоғарыда аталған нәрселер, сөзсіз, Сіздің психикалық күйіңізге ықпал етеді. әйтсе де, бүгінгі әңгіме компьютердің сіздің психикаңызға тікелей әсері туралы болмақ. Егер көзіңіз, есту қабілетіңіз клавиатураның, «тышқанның» немесе монитордың әсерінен бұзылса, психикаға, бірінші кезекте, ойындар мен интернет қатты ықпал етеді. Бұлар Сізді компьютерге «байлап, матап» тастайды да, одан қол үзіп кете алмай қаласыз. Сондықтан біраз адамдар онсыз өз өмірін көзіне де елесстете алмайды. Оны тіпті Интернет-мания, ойын-мания деп те атауға болады.

Алдымен, әңгіме компьютер алдында ұзақ отыру туралы болып жатқандығын бірден айту керек. Екіншіден, біз интернеттен ақпараттар іздейтін жандар туралы емес, өз уақыттарын чаттарда, форумдарда, ойындарда өткізетіндер жайлы айтып отырмыз. Айтпақшы, компьютер алдында ұзақ отыратындардың 90 пайызын солар құрайды. Осы жерден үшінші жағдай: осы аудиторияның портреті шығады. Дәл осылардың салдарынан компьютердің зияндылығы туралы мәселелер қозғалады.

Интернетке өз өмірлерінің басым бөлігін арнайтындарға әлеуметтік қолдау жасау қажет, өйткені олар адамдармен қарым-қатынасқа шорқақ болады, өзіне көңілі толмайды, өзін-өзі төмен бағалайды, ұяңдыққа, тұйықтыққа бой алдырады. Осы проблемалардан ол Интерент құтқарада деп ойлайды! Интернт оларға: «Чатқа кір де, өзңіді кім деп таныстырсаң да болады, ештеңеден қорықпай өзіңнің қалауыңды істей бер!» дейтіндей сезімде болады. Сондықтан да олар өздері үшін ешқашан ешкімге тәуелді етпейтін сол ортаны қауіпсіз санайды. Осылайша олар, біріншіден, өздері қашып құтыла алмай жүрген жағымсыз қасиеттерін, одан сайын көбейте береді; сонымен қатар жаңа «қасиеттерге ие болады: өзінің психикалық өзгерту арқылы шындық өмірден алаыстайды, өзінің жынысын, жасын өзгертуге бейімделеді... Сөз жоқ, мұндай өмір салты, ойлау жүйесі олардың өмірінің барлық жағын қамтиды. Адам басқаша ойлап, басқаша әрекет етеді. Ол күнделікті тұрмыстағы, отбасылық, жеке, кәсіби, серіктестік, т.б. мәселелерді басқаша шешеді. Егер ол интернетке-тәуелді адамдар қатарына кіре бастаса оның бойында мынадай симптомдар пайда болады:

  • компьютерге отырғанда өзін жақсы сезінеді;

  • тоқтай алмайды;

  • компьютерде отыратын уақытын көбейте береді;

  • отбасы мен достарынан алшақтайды;

  • компьютерге отырмаған кезде депрсессияға түседі, ашуланшақ болады, өзін айдалада қалғандай сезінеді;

  • өзінің қызметі жайлы жұмыс орнында да, отбасы мүшелеріне де өтірік айта бастайды;

  • жұмыс мен оқуында түрлі проблемалар туындайды.

Қауіпті белгілер ретінде мыналарды да атауға болады:

  • өзінің электронды поштасын қарауға құштарланып тұру;

  • он-лайн сеанстарының келесісіне деген асығушылық;

  • он-лайнда отыратын уақытын үстемелеу;

  • он-лайнға көп ақша шашу.


Сіз мұндай симптомдарды басқа да нәрселерге, атап айтқанда,

ішімдікке, есірткіге немесе жағымсыз іске әуес адамдардың бойынан да кездестіресіз. Егер дер кезінде алдын алмаса, жағдай ушыға түседі. Компьютерге ессіз берілу олардың тепе-теңдігін бұзады, шашыраңқылыққа, бей-жайлыққа, тұйықтыққа әкеледі, құндылықтарға қатынасын, ішкі бағдарларын бұзады, өзінің жақындарына жат секілді қарайды. Бұл оның өз ортасындағы адамдарға қатты ықпал етеді, олар интернетке тәуелді адамның мұндай күйіне өзін кінәлі сезінеді, оларды «тәртіпке шақырғысы» келеді. Шындап келгенде, бұл қатты адасу. Ол адамдар ауру, олардың аурулары жеке басы қасиеттерін өзгертіп, мінезіндегі жағымсыз өзгерістерді тудырады. Сонымен, компьютер досыңа да, қауіпті жауыңа да айналуы мүмкін; ол қиналғанда көмек те бере алады немесе проблемаңды одан әрмен көбейтеді; пікірлестерді табуға да көмектеседі, сол сияқты жалғыздыққа итермелеуі де ғажап емес...

Южный Корней Ильич


Мәтін бойынша тапсырмалар:

  1. Мәтін мазмұны бойынша жоспар түзіңдер.

2.Түзген жоспар бойынша мәтін мазмұнын өз сөзіңмен баянда.

3. Мәтіндегі сөздерді берілген сұрақтар бойынша іріктеп жазыңдар




Кім?

Не?

Қандай?

Не істейді?

Адам,

ағза,

қарапайым,

әсер етеді,

Монолог: Мәтінді негізге алып, өз ойыңызды айтыңыз.

Диалог: Рөлдік ойын: Психолог пен интернетке тәуелді адамның туысы ретінде диалог құраңыз.

Жазылым: Компьютер теітктерінің атын қазақ тілінде жазып, түсінік беріңдер.
ҚОРЫТЫНДЫ САБАҚ:
11-сынып болғандықтан, олардың тілді меңгеру деңгейі ортадан жоғары дәрежеге жетеді деп күтіледі. Сол себепті компьютерге қатысты қорытынды сабақты ойкөкпар (дебат) түрінде өткізген ұтымды. Ол үшін пікірталасқа негіз болатын резолюция анықталады. Оны «Компьютерді пайдалану адамға зиянды ма?» деп алуға болады. Ойкөкпардың тақырыбы алдын-ала айтылып, оқушылар оған дайындалып келуі керек. Онда бір-біріне қарама-қарсы пікір айтатын топтар сайысқа түседі. Ойкөкпардың мақсаты – қарсы топтың пікірін жоққа шығара отырып, өз пікірлерін дәлелдеп, дәйектеу арқылы жеңіске жету. Сондықтан компьютерге қатысты алдыңғы сабақтарда айтылған мәліметтерді пысықтау, басқа да қайнар көздерден: газет-журналдардан, Интернеттен статистикалық деректер, нақыл сөздер, ой пікірлерін дәлелдеуге қатысты материалдар жинау үй тапсырмасы түрінде беріледі. Алдын ала қатысушы топтардың спикерлері анықталады. Сонымен қатар ойкөкпарды жүргізуші мен тайм-кипер (уақыт өлшекші) тағайындалады. Сарапшылар (3 оқушыдан құралған) құрамы белгіленеді. Өзге оқушылар көрермен ретінде белсене қатыса алады.

Ойкөкпарда топтар бір-бірінің ойын, пікірін жоққа шығаруға, өз пікірін қорғауға мүдделі болғандықтан, қарсыластарына соққы жасаудың, тойтарыс берудің амал-тәсілдерін қолдануға мәжбүр болады. Ойкөкпарда оқушылардың сөйлеу біліктері, ұтымды жауаптары бағаланады. Оған сарапшылар баға береді. Көрермен ретінде қатысушылар да өз пікірін айта алады. Қатысушы топтардың жеңісі аудиторияның дауыс санымен есептеледі.

Нәтижесінде жеке, жұптық, топтық жұмыс түрлерін өзара сабақтастыра жүргізу арқылы және қоғамдық-әлеуметтік, бағдарлы бағыттағы жағдаяттарды жан-жақты ескере отырып, қазақша тілдік қатынасты бағдарлы түрде жүзеге асыруға қол жеткізіледі.
ІІІ. Мәдениетаралық қарым-қатынас бөлімі

Компьютердегі мәліметтердің қазақша жазылуы.







Каталог: arm -> upload -> umk
umk -> Пән бойынша оқыту бағдарламасының (Syllabus) титулдық парағы
umk -> Методические указания по прохождению учебной практики для студентов специальности 5В020400 «Культурология»
umk -> Пән бойынша оқыту бағдарламасының (Syllabus) титулдық парағы
umk -> Әдістемелік ұсыныстар мен нұсқаулардың; әдістемелік ұсыныстардың; әдістемелік нұсқаулардың титул парағы
umk -> Бағдарламасының титулдық пму ұс н 18. 4/19 парағы (syllabus) Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
umk -> Бағдарламасы Нысан пму ұс н 18. 2/06 Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі
umk -> Программа Форма ф со пгу 18. 2/06 Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі
umk -> Пән бойынша оқыту бағдарламасының (Syllabus) титулдық парағы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет