Сабақтың типі: жаңа сабақты түсіндіру. Сабақтың түрі: дәстүрлі сабақ. Сабақтың әдіс-тәсілі



Дата10.11.2016
өлшемі267,95 Kb.
#1433
түріСабақ
Сабақтың мақсаты: 1. Білімділік: оқушыларға Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы әдеби білім беру,  дастанның     тақырыбы, идеясы мен мазмұнын меңгерту.

2. Тәрбиелік: оқушыларды адамгершілікке, ізгілікке баулу, ұлтжандылыққа тәрбиелеу.

3. Дамытушылық: оқушыларды  пікірлерін  ашық  айта білуге, бір – бірімен  пікір  алыса  білуге,  талдауға , ой – өрістерін  дамыта  отырып өздіктерінен  қорытынды  жасауға  машықтандыру..

Сабақтың типі: жаңа сабақты түсіндіру.

 Сабақтың түрі: дәстүрлі сабақ.



Сабақтың әдіс-тәсілі: түсіндіру, мәнерлеп оқу, әңгімелеу.

Сабақтың көрнекілігі: портрет. Сызба - нұсқалар

Пәнаралық байланыс: тіл, тарих.

Сабақтың барысы:

І. Ұйымдастыру кезеңі: 1.Оқушылармен сәлемдесу.

                                           2. Оқушылардың сабаққа қатысын тексеру.

                                           3. Оқушылардың зейіндерін сабаққа аудару.

 ІV  Жаңа  сабаққа  дайындық

   1.Сабақ  тақырыбын  тақтаға  жазу

2.Сабақ  мақсатын  түсіндіру



V. Жаңа тақырыпты түсіндіру.

  1. Қызығушылықты  ояту кезеңі.

«Ой қозғау» стратегиясы.

А) Суырып салмадегенімізне?

Ә) «Өлең сөзің даналығы» сөзіне талдау жасау

 Жамбыл -  жылдан ұзақ жасаған ақын.

3. «Топтастыру» стратегиясы

Ақынның  ақындық,  тұлғалық  бейнесін  жасау.                            

 

2. Жамбыл  Жабаевтың өмірі  мен  шығармашылығы туралы  мәлімет  беру.

     Жамбыл Жабаев (28.02.1846ж. Жамбыл облысы, Хан тауының етегі -22.05.1945ж.) –халық ақыны. Балалық шағы Жетісу өңірінде – осы күнгі Алматы облысының Жамбыл ауданында өткен. Анасы Ұлдан мен нағашысы Қанадан әнші, күйші өнерпаздар екен. Жамбыл жастайынан осындай өнерлі ортада өсіп, ер жеткен. Ол нағашысының соңына ере жүріп, қобыз, домбыра тартуды үйренеді. Жабай  баласының бұл беталысын ұнатпай, оған тоқтам салуға тырысқан. Өнерге ұмтылған жас малшы, жалшылар бас қосқанда, түнгі күзет кезінде батырлар жыры, ертегі, аңыз әңгімелер тыңдап, оның кейбірін өзі өлеңдетіп жүрген. Сүйінбай ақынға шәкірт болып, одан бата алған, бірқатар өлең, дастандар үйренген. Содан былай ол: «Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» деп, жырды өрбіте түскен.  Басқа да көптеген атақты ақын-жыршылармен кездесіп, достасқан. Жамбылдың енді бір үлкен мектебі – қазақ фольклор қазынасы болды. Ол жастайынан-ақ «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» және қырғыздың «Манас» эпосынан үзінділері, Шығыстың «Рүстем» дастанын, «Көрұғлыны», «Жүсіп – Зылиқаны» жатқа жырлады. Сүйінбай ұстазынан Сұраншы, Өтеген батырлар туралы аңыздарды үйренеді. Айтыс өнеріне Жамбыл жастайынан араласқан. Шілдехана, жиын-тойларда қыз-жігіттермен түре, сүре айтысқа түсіп, қарсыластарын көбінде жеңген. 16-17 жасынан-ақ ел аузына ілігіп, «ақын бала» атанды. Бұл жөнінде «Менің өмірбаяным» деген өмірбаяндық  толғауында былай деген. «Топ десе он жетімде тартынбадым, семсердей майдандағы жарқылдадым». Жамбыл – көптеген ақындармен айтысып, жеңіске жеткен, халқымыздың ақындық өнерін дамытуға үлкен үлес қосқан ақын. Өзінің айтуынан, шәкірттерінің жадында сақталғандарынан жазылып алынып, хатқа түскендері мыналар:Жамбыл мен Айкүміс, Бақтыбай мен Жамбыл, Бөлектің қызы мен Жамбыл, Жамбыл мен Сара ақын, Майкөтпен дидарласу, Жамбылдың Шыбыл шалға айтқаны, Жамбыл мен Бөлтірік, Жамбыл мен Сарыбас, Құлмамбет пен Жамбыл, Жамбыл мен Доспанбет, Жамбыл мен Шашубай. Бұлардың бәрі жинақтарына еніп, зерттеулер мен мақалаларда талданып келеді.

       Жамбылдың ақындық, айтыскерлік даңқын шығарған – Құлмамбетпен айтысы.


  1. «Талдау» стратегиясы.

  2. Шығарманың  тақырыбы- жайлы қоныс,  шұрайлы жер.

  3. Оқиғаның  басталуы – Алып  келсем  елімді Жиделібайсын  еліне  қалмас  еді – ау  арманым.

  4. Оқиғаның шиеленісуі – Егер де  айтқаныма  көнбесеңдер бұл  жерді  ақырында  алар  орыс.

  5. Оқиғаның  шарықтау  шегі – Жиделібайсын  дегенн жерге  көшелік  тіл  алсаңдар жерден  ауып.

  6. Оқиғаның  аяқталуы – Жұрт Өтегеннің  тілін  алмады, Өтеген  еліне  өкпелі  болып Түркістанға  кетті.

  7. Шығарманың идеясы – Ел ертеңі халық  қамы.

VІ. Түсінік  тексеру:

Сұрақ  жауап



  1. Батырдың  арманы не?

  2. Батырдың  ренжіп,  қапалануы неліктен?

  3. Өтеген  батыр өз  басын  ойласа  қиналар ма еді?

  4. Мал  жайылымына  неліктен ерекше  мән  беріді?

VІІ. Жаңа сабақты бекіту:

Шығарманы  салыстыру. 



VІІІ. Сабақты қорыту:

  1. Бағалау:

  2. Үй тапсырмасын беру.

  1. Оқулықтан Жамбылдың өмірі мен шығармашылығы туралы мәліметті 

   2.«Өтеген батыр»  дастанының  ұнаған шумақтарын  жаттау.

 

Сабақтың тақырыбы: Жамбыл Жабаев “Менің өмірім”


Сабақтың мақсаты: Оқушылар Ж.Жабаевтың өмірі туралы білімдерін арттырады. 

Міндеттері: 


1.Ж.Жабаев туралы, оның өмірі мен шығармашылығы туралы біледі. 
2. Теориялық білімді практикада қолданады. Білім, білік, дағдыны қалыптастыру. 
3.Топтық жұмыс кезінде бір-бірімен пікірлеседі,алған білімдерін бекітеді.

Бағалау: 


1. Мәтінмен жұмыс кезінде тапсырмаларды орындауы. 
2. Өз бетімен жұмыс жасауы. 
3. Талқыланып отырған мәселе жөнінде өз ойын еркін жеткізе білуі. 

Қолданылған әдіс-тәсілдер: “Болжау” стратегиясы, “Дөңгелек үстел” стратегиясы, эссе. 


Көрнекіліктер: “Сахараның ұлы жыршысы” мәтіні, ақ парақтар. 
Сабақтың барысы: 
Ұйымдастыру кезеңі. 
Мұғалімнің кіріспе сөзі.

І. Қызығушылықты ояту. 


“Болжау” стратегиясы 
“Сахараның ұлы жыршысы” деген мәтін не туралы деп ойлайсың?

ІІ. Мағынаны тану 


Оқушыларға мәтін таратылады. 
І бөлікті оқыту. 
Сахараның ұлы жыршысы 
1-бөлік 
Шу өзенінің бойымен жүре берсеңіз, Хан және Жамбыл деген екі тауға кез боласыз. Менің әкем Жапа бір кезде осы тауларда көшіп-қонып жүрген. 
Жамбыл тауының етегінде, қақаған қатты боранды күні мен туыппын. Маған сол көне Жамбыл тауының есімі ат болып қойылыпты. 
Бұл – 1846 жылдың ақпан айы екен. 
Менің әкем Жапа шоқпыт шапанды көшпелі кедей болған. 
Тапсырма: 
1. Әр топтан 1 оқушы шығып мәтіннен түсінгендерін айтады. 
2. Сұрақ қою. (Мәтіндегі асты сызылған сөйлемдерді оқытып, сол бойынша өз ойларын айттыру.)

ІІ бөлікті болжау. 


Келесі бөлік не туралы деп ойлайсың? 
ІІ бөлікті оқыту. 
2 - бөлік 
Тұрған жеріміз құлазыған кең, жазық дала еді. Сондықтан да мен балалық шағымда егісті де, бақты да, арықты да көрмедім. Жазық кең дала менің Отаным болды. 
Мен киіз үйде өстім. Сол кездегі барлық қазақ балаларындай мені де көшкенде бесігіммен алып жүрді. 
Менің ағам, әкемнің інісі, белгілі домбырашы еді. Мен домбыра тыңдауға әуес едім. Он екі жасымда одан домбыраны үйрендім. Домбыра қолыма тигенде, бүкіл жан-жүйем елжірегендей болатын еді. 
Менің қой баққым келмеді. Домбыра тартып, ән салу мені қатты қызықтырды. Табиғат маған күшті де жуан дауыс берді. Мен далада ән шырқағанда даусым бүкіл даланы күңіренткендей сезінетін едім. 
Он төрт жасымда әкемнен қол үзіп, өзімше күн көруге мықтап бел байладым. 
Үй-үйді аралап, жарапазан айтатын болдым. Менің өлеңім жұртқа ұнап, маған сый-сыяпат көрсете бастады. 
Тапсырма: 
1. Әр топтан 1 оқушы шығып мәтіннен түсінгендерін айтады. 
2. Сұрақ қою. (Мәтіндегі асты сызылған сөйлемдерді оқытып, сол бойынша өз ойларын айттыру.) 
ІІІ бөлікті болжау. 
ІІІ бөлікті оқыту. 
3-бөлік 
Он беске толғанда мен атақты ақын Сүйінбай тұратын ауылға келдім. Домбырамды ұстап, оның үйіне таяп келдім де, әндете бастадым. Өлеңіме риза болған Сүйінбай мені үйіне шақырып алып: 
- Сенің ақындық дарының бар екен, даусың да жақсы, ұнайсың, жігітім,-деді. 
Қарт ақынның тілегі бойынша мен көптеген әндерді құйқылжыта айтып бердім. Оның біреуін сол үйде отырып шығардым. Сүйінбайдың ақындық шеберлігіне бас иіп, оны аспан әлемін нұрға бөлеген таң шапағына, жарық жұлдызға теңеп, өзімді ақынның інісімін деп атап, көмегін, қолдауын сұрадым. Ол уәде берді. 
Бұл менің өмірімдегі ең бақытты минуттардың бірі еді. Сүйінбай түні бойы ақындық шеберлік жайында әңгімеледі. Сөйтіп мен оның шәкірті болдым, өлеңдерін жұртқа тараттым. 
Тапсырма: 
1. Әр топтан 1 оқушы шығып мәтіннен түсінгендерін айтады. 
2. Сұрақ қою. (Мәтіндегі асты сызылған сөйлемдерді оқытып, сол бойынша өз ойларын айттыру.) 
ІY бөлікті болжау. 
ІY бөлікті оқыту. 
4-бөлік 
Тек он алты жасымнан бастап қана мен өз бетіммен жырлауға бел байладым, бірақ көрнекті ақындармен айтысқа түспедім. Алғашқы кезде тек жас ақындармен сөз таластырып жүрдім. 
Ғасырлар бойы қалыптасқан жайт: суырып салма ақын рулар мен тайпаларды, ру ақсақалдарын, атақты адамдарды, оқиғаларды жетік біліп, барлық жаңалықтарға үн қосып, жағдайды ескере білуге тиіс еді. Ақын тілінің өткірлігі, қысылтаяңда тапқырлығы, тез де ұтқыр жауап беруі арқылы бағаланады. Ол әріптесін күлкі, сықақ уытына бөлеп, өзі байсалды, ұстамды болуға тиіс еді. 
Мен осының барлығын үйрендім. 
Қазақ және қырғыз даласының көптеген қарт та даңқты ақындарымен кездестім. Оларды мұқият тыңдадым, үйрендім, солар сияқты болуға әзірлендім. 
Кедейшілікті көре жүріп, мен халықты жақсы түсіндім. Ақынның жалған айтып, екі жүзді болмауға тиіс екенін ұғып, тек шындықты жыр еттім. Мен өзімнің тапшылық көрген, қасірет шеккен халқым туралы, зәбір шеккен Отаным жайында, даңқты батырлар жайлы жырладым. Менің өлеңім самғаған құстай бүкіл Жетісуды шарлады. Түні бойы өлең айтып, сыйға тиын-тебен алған күндерім де болды. 
Осылай бір кезде мен Жетісудың атақты ақыны Құлмамбетті жеңдім, сөйтіп Жетісудың үздік ақыны атандым. Құлмамбетті жеңгендігім туралы хабар бүкіл Жетісудың шегінен шығып, тіпті бүкіл қазақ ауылына тарады. 
Осыдан кейін мен көптеген үлкен айтыстарға қатынастым, бірақ жеңіліп көрген емеспін. 
Сахарадағы жыр – үлкен күш. Дауылды тоқтата алмайтындай оны еш нәрсемен тоқтата алмайсың. 
Тапсырма: 
1. Әр топтан 1 оқушы шығып мәтіннен түсінгендерін айтады. 
2. Сұрақ қою. (Мәтіндегі асты сызылған сөйлемдерді оқытып, сол бойынша өз ойларын айттыру.) 
(Мәтіндегі ерекше қарамен берілген сөйлемге тоқталу) 
Ойашар. 
2. “Дөңгелек үстел” стратегиясы 
ЖАМБЫЛ – 
3.Ой толғаныс. 
Эссе. “Жыр алыбы” 
Қорытындылау. Бағалау.

 Жамбыл Жабаев 


(1846-1945) 

Жамбыл– өмірімен де, шығармашылығымен де екі ғасырды молынан тұтастырып жатқан ұлы жырау. Ақынның XX ғасырдың басына дейінгі шығармашылық өмірбаяны туралы деректер аз, өлеңнен ауыз жаппаған кісінің ұшан-теңіз жыр-толғау, айтыстары да түгел сақталмаған. Әйтсе де бала Жамбылдың дүмше молданы мысқылдап шығарған "Шағым", ақындық жолына рұқсат сұраған "Әкеме", "Менің пірім Сүйінбай" деген өлеңдері, бозбала кезінің мұңды да шуақты көркем жыры – "Айкүміспен айтысы", сылқым бойжеткен Кәмшат сұлуға шығарған құрбылық наз өлеңі сияқты дүниелер сақталған. Одан бертіндегі Жетісуды, Қаратау, Сыр өңірін өнеріне тәнті еткен, қырғыздың шалқар "Манасын", Шығыстың әйгілі қиссаларын жырлаған ақын мұрасынан бірталайының аты ғана белгілі. "Кедей күйі", "Пұшықтың ұрыға айтқаны", "Әділдік керек халыққа", "Кәрібайдың төбеті", "Жылқышы", "Мәңке болыс" тәрізді тегеурінді де өжет ақындык мінезден, халықтық даналықтан туған өлеңдері, әйгілі Құлмамбет, Сарбас, Нұрмағанбет, т.б. ақындармен айтысы, Өтеген, Сұраншы батырлар туралы ұзақ дастандары – даңқты шайырдың төңкеріске дейінгі шығармашылығынан сақталған қомақты мұрасы. Осылардың өзінен-ақ, Жамбылдың халықтың ақындық қазынасын жете, зерделей меңгеріп, жаңғырта, жаңарта дамытқан, өмір-тіршілік даналығын көкірегіне тоқыған, елдің арғы-бергі тарихын әділдік, шындық сөзін ешкімнен де тайсалмай айтатын, өлеңі тау өзеніндей тасқынды үлкен дарын иесі екенін танимыз. 
Өмірбаяны 
Болашақ акын 1846 жылы ақпан айында казіргі Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының бөктерінде дүниеге келген. Ол жайында ақынның өзі “Менің өмірім" – деген өлеңінде: 
Қақаған қар аралас соғып боран, 
Ел үрей — көк найзалы жау торыған. 
Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын, 
Жамбыл деп қойылыпты атым содан, – 
дейді. Әкесі Жапа кедей болғанмен, ат үстіне мығым, найзагер кісі екен. Ел ішінің дау-дамайына бітімгерлік сөзін айтқан кездері де болыпты. Шешесі Ұлдан мінезі байсалды, абысын-ажын арасында беделді, орайы келгенде өз жанынан қиыстырып өлең шығара беретін, әдемі дауысты әнші екен. Жамбылдың аталарынан әріректе өнерпаз, сері, палуандар, ділмар шешендер шыққан. Ал оның руы – Екейлер туралы айтылатын ел ішіндегі: 
Екейде елу бақсы, сексен ақын, Жаратып мінеді екен ерттеп атын. Қобызы, домбырасы үнін қосып, Гулейді жын қаққандай кешке жақын, – деген әзіл сөзде мол шындық бар. Жамбылдың ұстазы – әйгілі Сүйінбай ақын да осы Екей елінен шыққан. Бала Жамбыл ақындық жолын қууға рұқсат сұрағанда, әкесінің: "Екейде елу бақсы, сексен ақын" деген сөз де жетер, сен сексен бірінші болмай-ақ қой. Акынның түбі – қайыршылық, бақсының түбі – жын, жын жиып, бақсы болып ел кезгенше, мал бақ!" – дейтіні де Екей елінің өнер дарыған жұрт екенін көрсетеді. 
Жамбыл өмірге келген кезде Қазақстанның оңтүстігі, оның ішінде ақынның туған өлкесі – Жетісу өңірі Қоқан хандырына бағынышты болатын. Ал Қоқандықтардың халыққа жасаған зорлық-зомбылығы айтып жеткізгісіз ауыр еді. Ақынның өзі ауылдары солардан қашып бара жатқанда, қақаған аязды қыс айында көш-жөнекей туыпты. 
1864 жылға дейін Қоқан хандығы, онан соң Ресей империясы билеген замандағы халықтың мүшкіл тірлігі, өз отбасының жұтаң тұрмысы, мықтының әлсізге зорлық-зомбылығы тумысынан талантты, намыскер Жамбылдың ішіне қайғы болып байланады. Ақын жыр, айтыстарының уыттылығы, адамдықты, әділдікті, батырлықты көксеген аңсары, кедейді жақтап, қайырымсыз бай, төрелерді ызалы шенеуі сол күйік-наладан бастау алып жатқан-ды. "Менің бақытым" деген бір сөзінде өзі де: "Мен өзімнің барлық өмірімде қыр қожайындарының бетіне шындықты қорықпай айтып, шайқасумен өттім", – дейді. 
Жамбылдың өлеңге, ақындыққа құмарту сезімі ерте оянған. Өзінің айтуынша, 13 жасынан бастап ақын болуға бекем бел байлайды. Дүмше молдадан оқығанша, "домбыраны қолға алам" деп, әкесінен рұқсат сұрайды. 
Жас талаптың Жетісу өңірінің даңқты ақыны Сүйінбаймен кездесіп, батасын алуы оның ақындық бағын ашқан айтулы оқиға болады. Бірде 14-15 жастардағы Жамбыл жарапазан айтуды сылтауратып, Сүйінбай ауылына келеді. Үйінің сыртында ат үстінде тұрып, жарапазанға жалғастыра өз жанынан өлең шығарып, ұзақ жырлайды. 
Ардақты үйдің иесі, 
Бата бер менің жырыма. 
Қуат бітіп үніме, 
Көңілін тапсын елімнің. 
Жар бол да, өзің жәрдем ет, 
Жібер мені бір демеп, – 
деп өтінеді жасөспірім ақын. Айтқандарына сүйінген Сүйінбай Жамбылды үйге шақырып, ұзақ отырып, өлеңін зор ықыласпен тыңдайды. Бала ақынның болашағынан үлкен үміт күткен көреген жырау: "Осы шабысыңнан тайма! Өлең-жырыңды дауылдата бер! Жолың болсын! Бақытың ашылсын, балам! Шындықты айт, әділдікті жырла! Кәне, тозығы жеткен жолға түспе, жаңа жол, даңғыл жолға түс! Өлеңің бүкіл халық сүйсініп, көңілімен иіліп тыңдайтын өлең болсын! Сенің көңіліңнің асылы патшаның қазынасынан да бай болсын!" – деп бата береді. Жамбыл да: 
Менің пірім – Сүйінбай, 
Сөз сөйлемен сиынбай. 
Сырлы сұлу сөздері 
Маған тартқан сыйындай. 
Сүйінбай деп жырласам, 
Сөз келеді бұрқырап, 
Қара дауыл құйындай, – 
деп, Сүйінбайдың өсиетін өмір бойы есінде сақтап, ұстазының есімін ардақтаумен өтеді. 
Жамбыл ақындық айтысқа 17-18 жасында араласып, "Көрұғлы", "Өтеген" сияқты дастандарын да сол тұстарда жырлай бастаған. 
Ақын "Менің өмірім" шығармасында: 
Топ десе он жетімде тартынбадым, 
Семсердей майдандағы жарқылдадым. 
Ақынды ауылға ермек басып озып, 
Жұлдыздай көзге түсіп, жалқындадым, – 
дейді. 
Ел таныған ақын болу үшін, әрине, сол өңірдің ақындарымен түгел танысып, өнер сынасу керек. Жамбыл да бұл жолды өтіп, ақындық сайыстарда үлкен табыстарға жетеді. 
Байдың қойын бағып жүргенде он үштегі кезінде ұйықтап қалып, түсінен ақын болып оянған Сүйінбай ұстазы сияқты, Жамбылға да ақындық түсінде аян беріп қоныпты. Ол туралы Жамбылдың өзі: "Бір күні Жетісай жайлауында жылқы бағып жүріп, түс көріппін. Түсімде ақсақалды қария келіп: "Өлең аласың ба, көген аласың ба?" – деген. Мен: "Өлең!" – деппін. Оянып кетсем, түсім екен, көкірегімді бір толқын кернеп, алқымыма тығылғандай, дереу үйге жетіп, домбыраны ала салдым да, оңды-солды төгіп-төгіп жіберіп едім, кеудем ашылып, орта түскендей болды", – деп еске алады. 
Жамбыл жиырма жасында сол кездің атақты ақыны – Жаныспен айтысып, оны жеңеді. Әлгі "Менің пірім – Сүйінбай" деген өлеңін Жамбыл осы Жаныспен айтысқанда айтады. Жамбылдың "Жылқышы", "Пұшықтың ұрыға айтқаны" сияқты белгілі өлеңдері сол шамада шығарылады. Атақты "Айкүміспен айтысы" да осы тұста болады. 
Одан кейін "Сәт сайланарда", "Жалғызбын деп жүрмесін", Алматыда Абайдың баласы Әбдірахманның қайтыс болуына байланысты көңіл айтуы, "Өсиет", "Әділдік керек халыққа", "Кәрібайдың төбеті" тәрізді белгілі өлең, толғаулары туады. 
Жамбыл 35 жасында, яғни 1881 жылдың күзінде Іле бойында өткен бір үлкен жәрмеңкеде сол кезде орта жастардағы атақты ақын Құлмамбетпен айтысып, жеңіске жетеді. Сөйтіп, Жамбыл осыдан былай Жетісу өңірінін нөмірі бірінші ақынына айналады. Бірақ, айтыстан кейін де екі ақын бірін-бірі құрметтеп, ардақтап өткен. Атақты Бақтыбай ақынмен кездескенде де: 
Қаздай қалқып, ерінбей, 
Өлең тердім жасымнан. 
Майкөт ақын, Құлмамбет 
Орын берді қасынан, – 
деп, Жамбыл аға ақынның есімін құрметтеп, ардақтай ауызға алады.

“Батаңды маған бер, әке!”



Табиғатынан ақындық дарыған жас талаптың көкірегін өлең кернеп, он төрт-он бес жасында біржолата ақындық жолына түседі. Әрине, жас ақынның алғашқы қадамы өзі қалаған өнердің оң-солын бағамдау, үйрену кезеңінен басталады. Жамбылдың туа бітті алғырлығы, тапқырлығы, өжет-өткірлігі, тілге шеберлігі мен әзіл-оспаққа бейімділігі, сондай-ақ бір естіген өлең-жыр, ұзақ толғауларды есінде сақтағыш зерделілігі ел өмірінің кез келген тақырыбына еркін баруына жол ашады. Сондықтан арынды талант бұрқыратып өлең де шығарып, құйқылжытып күй де тартып, киіп-жарып айтысқа да түседі. 
Алғашқы "Шағым", "Әкеме", "Сарыбайға" деген өлеңдері қайсар да батыл Жамбылдың ақындыққа барар жолдағы кедергілерді жеңуге деген жігерлі талпынысын да, ақындық айтқыштығын да танытады. "Шағым" деген өлеңінде "бала келсе сабаққа, жем аңдыған дорбадан", "айтқаны ішке қонбаған", не оқытарын өзі де білмейтін молдадан құтқаруды әкесінен қиыла өтінеді, енді зорлаудан ештеңе шықпайтынын да ескертеді. 
Шып-шып етіп молданың 
Қолындағы тобылғы, 
Қозғалтпайды жон жағым, 
Талай дүре соғылды. 
Торсылдатып танадай, 
Жыртар болды тонымды, – 
деп шағынады "молдадан" күдер үзген жасөспірім. "Әкеме" деген өлеңде бала Жамбыл әкесіне: "Батаңды бер, ақын боламын", – дей отырып, әкесінің әлденендей іс-әрекетін астарлап сынап та өтеді. 
Батаңды маған бер, әке, 
Тіліме менің ер, әке. 
"Жапаның ұлы ақын боп, 
Жақсы істепті" дер, әке. 
Домбыра алып сөйлейін, 
Күнде жасап мереке. 
Мерекелі болған соң 
Елде болар береке. 
"Ұрлық түбі – қорлық" деп, 
Болармыз құр келеке. 
Екі өлеңдегі де он бес жасар баланың тауып айтқан шеберлігі, сөзінің суреттілігі, өлең құрылысының жатық, әуенділігі сүйсіндіреді. "Торсылдатып танадай" деген теңеу, "Ұрлық түбі – қорлық" – деген нақыл, соғылған дүренің сипаттамасы, "күн ұзаққа боздаған" – деген эпитет, "мереке", "береке", "келеке" – деген ұйқастардың тілге жеңіл әдемілігі болашағы үлкен ақындықтың нышаны іспетті. Ал, он тоғыз жасында шығарған "Сарыбайға" – деген өлеңі ойлы сарынын, жиырма жасында айтқан "Жаныс ақынға" дейтін өлеңі төпеп айтатын арынын танытады. 
Сарыбай – Сүйінбай мен Жамбыл шыққан Екей елінің атақты болысы. Кезінде қоқандықтарды жеңген ұрыстарға қатысып, ерлік көрсеткен, кейін ел басқарған абыройлы кісі. Жас жігіттің осындай кісіге тілегін әдемі ойлы өлеңмен білдіріп, кішілік пен кісілікті қатар танытуы "осал ақын" еместігін көрсетеді. 
Біреулер малмен бәрін бөктіріп жүр, 
Айтқанды ақыл, нұсқа жек көріп жүр. 
Көтеріп дүниенің кең-қоқырын, 
Апарып қай шұқырға төккелі жүр? 
Көңілі кейбіреудің бұлтта жүр, 
Ұстауға күн мен айды жуықтап жүр. 
Біреулер қара сөзді қамшы қылып, 
Қуды мініп, құланды құрықтап жүр. 
Қайсысын маған соның еп көресіз? 
Әкетсем өзім таңдап, өкпелерсіз. 
Сүйекемнің сүйгенін ойласаңыз, 
Өлең болсын серігің деп берерсіз. 
Өлеңнен айналадағы өмір мен адамдар туралы түсінігі айтарлықтай терең, ойының өресі биік, ақындыққа төселген, тілі кестелі өнерпазды тану қиын емес. "Көңілі көкте, басы жердегі – жаман; өзі кішік, ойы биік – жақсы; Ұстауға күн мен айды жуықтау; қара сөзді қамшы қылып, қуды мініп, құланды құрықтау" сияқты нәрлі оралымдар анау-мынау өлеңшінің аузына түспесе керек. "Дүниенің кең-қоқырын апарып қай шұқырға төккелі жүр?" – деген риторикалық сұрақтың философиялық жауабы тіпті тереңде жатыр. 
Кемелденген кездегі өлеңдері 
Жамбыл өлеңдері мен айтыстары әуелден халықтық арнадан бастау алады. Сондықтан оның туындыларынан әлеуметтік сарын молынан байқалады. Оның өмір қайшылықтарын ерте танып, олардың сырына ой жүгіртіп өсуі шығармаларын мәнді, салмақты етеді. Жамбыл – ұстазы Сүйінбайдың үлгісімен кім болса да: мейлі болыс-би, мейлі бай, манап болсын, мінін бетіне айтып, кедей-кемтардың, әлсіздің жоқшысы болуды ақындық мұраты еткен ақын. Жамбыл ақындық өнер жайында: 
Ақын деген ат болмас, Қытығын таппай сұратпай. 
Қандырмай мейір суаттай, Досың болса, күлдіріп, 
Жыры болмай бұлақтай. Сүйсіндіріп жұтатпай. 
Тұнығы болмай сынаптай. Жауың болса, бүлдіріп: 
Алатаудан арындап, Домбыраң – берен, 
Асқан судай құлатпай. Жырың – оқ, 
Қыбыршыған көңілден Дәл тигізіп, сұлатпай, – 
дейді. Жамбыл өзінің шығармашылық ұзақ ғұмырында осы ұстанымынан танған емес. 
Ақынның көп жырлаған тақырыбы – "Туғалы сөзі өтпеген, қолы есеге жетпеген, құлшылықтан кетпеген" жарлы мен жалшының азапты өмірі, кедейдің күйі. 
Жаман көйлек жыртылып, 
От басында итініп, 
Әрі дімкәс, тамақ аш, 
Әрі тұттай жалаңаш, 
Аш бұралып, күн суық – 
Жұрт соңынан жоқшылық 
Көшке ілескен итше ұлып. 
Аш, жалаңаш, ауру, суықта қалтыраған кедейдің аянышты тағдыры бар болғаны бір-ақ шумақ – жеті жол өлеңге сыйып кеткен. Жоқшылықтың көшке ерген итше ұлуы туралы образ әрі түсінікті, әрі өте әсерлі. Бұл жерде ұлыған ит емес, жоқшылық. Демек, сөз көшке ілесіп ұлыған ит сияқты, жұрттың соңынан қалмай ұлып ілескен жоқшылық жайында. Ақын кедейдің күйін ұлыған аш иттің күйіне теңестіріп отыр. 
"Кедей күйі" – деген өлеңінде жоқшылық тауқыметін тартқан кедей балаларының аянышты халі, кедей басындағы жоқшылық, шарасыздық шынайы бейнеленген. 
Қайтіп жаның ашымас, 
Неткен заман қатыбас. 
Еткен еңбек, төккен тер 
Қалай түкке татымас, – 
дейді ақын күйзеліп. Жамбыл қысы-жазы тыным көрмей, бай малының соңында жүрсе де, ауыр азап, жоқшылықта өмірі өтіп жатқан кедей туралы "Жылқышыға" деген өлеңінде де қабырғасы қайыса, ашына айтады. 
Сары түнге сарылып, кірпік ілмей, 
Салқын күзде бір жылы үйді білмей. 
Сахарада салақтап күндіз-түні 
Бұралқы ит пен малшының сиқы бірдей. 

Әрідегі Дулат, Сүйінбай, берідегі ұлы Абай сияқты, Жамбыл да өз кезінің билік басындағыларының халық қамын ойламайтынын, әділетсіздігін, парақорлығын, екіжүзділігін әшкерелеп, көптің алдында беттеріне басады. Мұндай өлеңдерінің тілі уытты, мысқыл, сатираға толы болып келеді. Мұндайда ақын талантының сыншылдық қыры ерекше күшті сипаттарымен көрінеді. Жамбылдың "Сәт сайланарда", "Шалтабайға", "Мәңке туралы", "Қалиға" сияқты өлендері – сондай шығармалар. Сәт болыстың елдің сорын қайнатқанын ел көзінше бетіне басса, старшина сайланып келген Көкімге: 


Әлде бекіп келдің бе, 
Арын сатып бетіңнің? 
Бір тояйын дедің бе, 
Ақысын жеп жетімнің? – 
деп, жетім-жесір, жарлының ақысын жегіш, жемір етіп көрсетеді. Жамбыл дәлел, факт келтіріп жатпайды. Мұнысымен қиянатшылдық билік басына келгендерге ортақ сипат, даусыз шындық екенін білдіреді. Ал Қали байға: 
Сойылыңды соғып тұр, 
Болысың мен орысың, – 
деуінде көп мағына, үлкен шындық бар. Отаршылдар мен атқа мінерлер ауыз жаласып, екі жағы пара үшін байдың сөзін сөйлеп, сойылын соғады дегенге меңзейді. 
Ұлық пен төренің, бай-болыстың халыққа көрсетіп отырған зәбірін Жамбыл "Әділдік керек халыққа" деген өлеңінде кеңінен айтады. Өлеңнің шығу тарихы былай екен. Ақын Ұзынағаш базарында Қиысбай деген бай бастаған ұлық, төрелермен кездесіп қалады. Олар Жамбылды жақтырмаған сыңай танытады. Ұлық, төреге бұрыннан ызалы ақын олардың мына астамшылығына өлеңмен жауап береді. Бай мен ұлық, төрелердің әлсіздің ақысын жеп, халықты жоқшылыққа душар етіп отырғандарын, кедейлігі болмаса, олардың ешкімнен кем еместігін, олардың арасында неше алуан асыл азаматтар барын айта келіп, билік пен байлық иелеріне деген өзінің қатынасын былайша білдіреді. 
Болыс төре жүрген жоқ, Болыс төре, билері, 
Халықты қорлап, жылатпай. Кедейлерге теңдік бер 
Шабарманы шаптығып, Қысы-жазы шулатпай!.. 
Барады елді шыдатпай. 
Жырдың келесі бөлімінде билеуші әкімдерге халық мүддесін қорғап, сөзін сөйлейтін ақын тұлғасы қарсы қойылады. 
Иттей көрем төрені 
Тамаққа тойса үретін. 
Халықтың ақын — перзенті 
Ақтарып сырды беретін... 
Айтқандары өтірік – 
Ұлыққа кім бар сенетін. 
Сыздауық жара секілді. 
Денені сыздап керетін, 
Жамбыл ақын сөйлесе, 
Жарасы қалар жарылып, 
Ел аңғарып көретін... 
Үзіндіде халық сөзін сөйлейтін ақынға, оның өнеріне менсінбей қарайтын ұлықтың қылығы, оған деген өзінің жек көру сезімі ұтымды да әсерлі айтылған. Ұлықты денені сыздап керетін сыздауық жараға теңеп, ұлық қанша сызданғанмен, "Жамбыл ақын сөйлесе, жарылып", масқара болатынын ащы мысқылға айналдырады. 
Араны байдың ашылған, 
Барды жоқ деп жасырған. 
Тебеген есек секілді 
Тепкілеп орын бермеді, 
Бос жатқан жер қасынан. 
Көңілі қалды халықтың, 
Хан, төре, ұлық, тақсырдан. 
Қысым жасап халыққа, 
Ары болды қанішер 
Қойға тиген қасқырдан. 
Өмір бойы осылар 
Аяусыз елге қас қылған... 
Жуан білек қамшымен, 
Нашарларды қорқытып, 
Мазалаған, састырған. 
Мұнда хан, төре, ұлықтардың бейнесі, олардың халыққа көрсетіп отырған зәбірі, замана сыйқы көрініс тапқан. 
Байлықтың түбі пайдадан, 
Өтірік-қулық айладан. 
Ұрлық-зорлық талаумен 
Жүздеп жылқы, мыңдап қой 
Байлар судай айдаған. 
Жарлының көз жасынан 
Жиналған малы зұлымның. 
Тұншығып босқа тұманда, 
Адасып талай халықтар 
Төте жол таппай жасыған, – 
деген жолдарда сол кездің өмір шындығын суреттей отырып, әлеуметтік қорытындылар шығарады. 
Ақынның "Мәңке туралы" әйгілі өлеңінің шығуына мынадай жағдай себеп болыпты. Бір үлкен тойда Жамбылдың сәйгүлік аты күміс ер-тұрманымен жоғалады. Бұған Қаржау дегеннің қатысы бары анықталған соң, Жамбыл ол елдің болысы Мәңкеге шағынады. Болыс ұрыны жақтап, ақынға теңдік бермейді Сонда ыза болған ақын елдің алдында осы өлеңді айтады. 
Жанғойлық болысы пысық келеді, 
Мұрындары пұшық келеді. 
Екі арадан ептеп жерінде 
Көздерін қысып келеді. 
Сөздерін ұзарта келеді, 
Өңешін қызарта келеді. 
Өнімі азырақ жерде 
Үстіне тұз арта келеді. 
Ыңыранып отырып алады, 
Әр алуан қырға салады. 
Ақыры, Құдай жарылқап, 
Қалталарын толтырып алады. 
Мұнда болыстың әділетсіздігі, екіжүзділігі мысқыл, ажуамен психологиялық шебер талдау түрінде бейнеленген. 
Айкүміспен айтысы 
Жамбылдың жастық шағының мұңды да шуақты сырына толы ақындық өнерін танытатын сұлу жыры – Айкүміспен айтысы. Жамбыл Айкүміске "әуелден-ақ, болдың ойда", "құмары басылмаған албырт едім" – дей отырып, өзінің жүрек сырын, іңкәр көңілін астарлап жеткізеді. "Жасшылық ұрындырды талай жарға" – деп, өкінішінен де хабардар ете сөйлейді. Жігіттің арманға, сұлу сезімге бөлеп айтқан сөзіне қыз да: 
Асылға арсыдағы қол жетпей ме, 
Ақылмен қимылдасаң аспай-саспай, – 
деп, Жамбылға жөн, жол сілтей сөйлейді әрі өзінің де ішкі, жүрек тереңінде жатқан асыл сырынан хабар бергендей қалып танытады. Айтыс үстінде Жамбыл бойжеткен қыз тағдырының ауырлығын, бағы ашылмаса, бір жаманға қор болып кете барарын айта келіп: 
Сол үшін жатсам, тұрсам арманым көп
Жем болып кете ме деп жамандарға, – 
дегенде, Айкүміс, айтыс салтына орай, әріптесіне тиісе сөйлейді: 
Жамбыл-ау, күпсінесің неге сонша, 
Құтқарып қыз біткенді қалған жанша. 
Қолдағы қаршығаңнан неге айырылдың, 
Тұтқасы дүниенің сенде болса?! 
Айкүмістің "қолдағы қаршығаң" – 
деп отырғаны Жамбылдың сүйген, ғашық болған құрбысы – Бұрым сұлу. Бұрыммен Жамбыл бір тойда танысып, айтысады. Бұрым өте сұлулығының үстіне тамаша әнші де, ақын да екен. Екеуі бұдан кейін де талай кездесіп, айтыса жүріп, бірін-бірі шын сүйіп, ғашық болады. Бұрым өзін айттырып қойған жаққа ұзатылатын күн тақағанда, Жамбылға білдіреді, Жамбыл қызды алып қашып, ағайындарына барып паналайды. Бірақ, екі ел арасы бұзылатын болған соң, Жамбылды өзіне жақын ұстайтын елдің беделді басшысы – Сарыбай болыс ақынды зорлап көндіріп, Бұрымды әкесінің үйіне қайтарады. Айкүміс "қолдағы қаршығаңнан неге айырылдың?" дегенде, осы жағдайды меңзеп отыр. Бірақ, бұл үшін Айкүміс Жамбылды табаламайды, кінәламайды, "тұтқасы дүниенің" Жамбылдың қолында еместігін, жастардың теңіне, сүйгеніне қосыла алмайтын еріксіздігін айтады. Жамбылға: "Дітіңді білтелемей, білдіре айтшы", – деп қалжыңдайды. Жамбылдың ойнақы әзіліне орай 
"Жақсы сөз жан семіртер" – деген бар ғой, Әдепті мінездерің жүрсін ойда, –деп, өзі де сыпайы ұстамдылықпен құрбының жан семіртер сөзін айтады. Бұл жауап тебіренткен Жамбыл толғанып: 
Айкүміс, амалым жоқ, хош, ендеше, 
Кетелік сыр білдірмей жат пендеше. 
Атыңды, ақ жүзіңді ұмытпаспын, 
Кеудемнен қашан менің от сөнгенше, – 
дейді. Жамбыл мен Айкүмістің бұл айтысын екі ақынның салғыласқан нағыз айтысы деуге болмайды. Сол себепті профессор М.Жолдасбеков: "Тіптен Жамбыл мен Айкүміс айтысқаннан гөрі, сырласқанға көбірек ұқсайды. Сондықтан да айтыста драмадан гөрі, лирикалық сыр басым", – дейді. 
Аңызға айналған айтыс 
Жамбылдың XIX ғасырдың 80-жылдарында жыр сайыстарында талай рет сыналып, арындап тұрған кезі еді. Бұл кезде егде тартқан, Арқаны, Жетісуды, Сыр бойын аралап, талай айтыста жеңіп, атағы шыққан Құланаян Құлмамбет ақын байтақ өлкенің айтыста алдына жан салмайтын жүйрігі саналатын. Жамбыл мен сол құдіретті Құлмамбетті бір айтыстыру қызық құмар елдің елегізе күткен арманындай еді. Ақыры соның сәті түседі. 1881 жылы Іле бойындағы үлкен бір жәрмеңкеде тоғыз ақынды жеңіп: мерейі асқан Құлмамбет: "Әлгі Жамбылдарың қайда, шақыртыңдар" – дейді. Жамбыл табалдырықтан аттай бергенде, домбырасын қолына ала салып: 
Болғанда мен ақсұңқар, сен – бір тауық, 
Сен – әтеш айғайлағыш ауық-ауық. 
Болмаса аты шыққан Сүйінбайың, 
Басқасын қою керек жылы жауып. 
Ажал түртіп жүрмесін аңдамастан, 
Оқтаулы ақ перенге қарсы шауып, – 
деп, Жамбылды біржолата тұқыртып тастамақ ниетімен тұрпат-тұрқынан бастап, кем-кетігін санамалай жөнеледі. Одан әрі майталман жырау таныс даңғылға түсіп, елінің атқа мінерлерін, бай-манабын мадақтап, Жамбыл жағын жамандап, сөз нөсерін төгеді-ай келіп. 
Жамбыл-ау, Албан да ағаң, Дулат та ағаң
Не қылса да артық тұр сенен бағам. 
Қасқарау Нұрқанның жылқысын мен қаптатсам, 
Қырылар, Шапырашты, бұзау, танаң. 
Бұлбұл қабақ бастанған Екейім-ай, 
Жұлып алып басыңды кетейін бе-ай! 
Не деп айтқалы отырсың бұл өлеңді, 
Түбіңе, таза тақыр, жетейін бе-ай! 
Айтыс дәстүрінде мұндай "психологиялық шабуыл" кешірімді, сыйымды саналады. Анық дарынды, алғыр ақын әріптесінің айбатынан қаймықпай, қарсы жауап әзірлеп, алып ұратын сәтін күтеді. Құлмамбет өзінің тегеурінді екпінін байқатқан соң, елінің байлығын тізбелеп мақтауға көшеді. 
Мұндайдың талайын көрген өжет те дарынды Жамбыл бойын тез жинап, аға ақын күтпеген, әрбір ақын өз руын мақтайтын үйреншікті, ескі сүрлеуге қарсы жаңа – халықтық сарынға көшеді. Өлеңнің түрі мен ырғағын сан құбылта, құйқылжыта келіп: 
Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт, 
Ел бірлігін сақтаған татулықты айт. 
Қарынбайдай сараңдар толып жатыр, 
Оны мақтап әуре болмай жөніңе қайт, – 
дейді. Адамдық, батырлық, елдік жоқ жерде адам мен мал басының көптігінде ешқандай қасиет болмайтынын дәлелді, қисынды етіп алға тартады. Осылайша қарсыласын тыңдаушылардың көкейіне қонымды, салмақты уәжбен тұқыртып алған соң, оның мақтаған байлары мен саудагерлеріне қарама-қарсы елдің тәуелсіздігі үшін күрескен Сұраншы, Сауырық батырларды нағыз ерлер, халық қалаулылары етіп көрсетеді. 
Батыр Сауырық, Сұраншы жауда өлген, 
Халық үшін шайіт болып, жанын берген. 
Елді қорғап өлгеннің арманы не, 
Қалың қазақ құрметтеп, соңына ерген. 
Қажылық қып кетті ме Мақсұт ағаң, 
Ағайынмен ұрысып, даудан өлген. 
Мақтаған байларыңның оңғаны жоқ, 
Төңіректің төрт бұрышын жалмап өлген... 
Жамбылдың сынауы мен мадақтауының тағы бір ұтымды артықшылығы – олардың ел-жұртқа, мына тыңдаушылардың бәріне мәлім шындыққа, нақты деректерге негізделуінде. Екі батырдың есімі де, олардың Жетісуды қоқандықтардан азат етудегі басшылық және қаһармандық ерліктері де баршаға белгілі жайт. Бұған қарсы қисынды ештеңе таба алмаған Құлмамбет айтысты доғаруға мәжбүр болады. 
Сөйтіп, Жамбылдың Құлмамбетпен айтысы өз кезінің әлеуметтік өткір мәселелерін көтеруімен, халықтық, гуманистік сипатымен, образды өлең өрнегімен, идеялық-мазмұндық жақтан айтыстың жаңа өрісін ашуымен бағалы да мәнді. Жамбыл айтыстарынан оның қиыннан қиыстырып сөз табатын, үлкен қоғамдық мәселелер көтеретін, халық мүддесіне табан тіреген хас шеберлігі сезіледі. Ол айтыстардың әрқайсысы табанда сөз тапқыштық, халықтың көңіліндегі арман, мұратты тауып айтқыштық сияқты сипаттарымен ерекшеленеді.

 
Каталог: uploads -> doc -> 0f31
0f31 -> Сабақтың тақырыбы: Тұйық етістік
0f31 -> Сабақ: №50 Мектеп: №6 орта мектебі Күні: 11. 01. 2017 Мұғалімнің есімі: Б. С. Сүлейменова
0f31 -> Сабақ жоспары Сабақ Мектеп: Ы. Алтынсарин атындағы №10 мектеп лицей
0f31 -> Сабақ: Спорттың пайдасы Күні: 16. 02. 17 Мұғалімнің аты-жөні: Мыржикова Ажар Төлепбековна
0f31 -> Ақтау қаласы ‹‹№21 жалпы білім беру орта мектебі›› коммуналдық мемлекеттік мекемесі
0f31 -> Көктау жалпы білім беретін негізгі мектебінің физика пәні мұғалімі Қостанай облысы. Арқалық қаласы. Көктау ауылы
0f31 -> Сабақ түрі Сабақ әдісі Көрнекілігі Кіріспе (1 сағат) 1
0f31 -> Сабақтың тақырыбы «Ар-намыс керек адамға»
0f31 -> Сабақтың тақырыбы: С. Шаймерденов «Ит ашуы» повесінен үзінді
0f31 -> Сабақтың тақырыбы: «Патша және жер қазушы»


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет