Сахиев Жүніс. Су әлемінің саздары. ғылыми-фантастикалық роман. «Фолиант» баспасы, Астана – 2008



бет1/39
Дата26.01.2018
өлшемі9,74 Mb.
#34042
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   39
Сахиев Жүніс.


Су әлемінің саздары.
ғылыми-фантастикалық роман.

«Фолиант» баспасы, Астана 2008
Белгілі жазушы-фантаст Жүніс Сахиевтің «Кеңістік көшпенділері» сериялы ғылыми-фантастикалық романдарының жалғасы - «Су әлемінің саздары» ғылыми-фантастикалық романы бұған дейін Астанадан шығатын «Сүмбіле» ғылыми-танымдық басылымында жарияланып, ғылым көкжиегін көзге елестетуге құштар, келешек келбетін ішкі рухани сезімімен қабылдауға қабілетгі, зейіні зерек оқырмандардың ынталы мүддесінен шыққан. Ғылыми-фантастикалық романның басты кейіпкерлері: океанолог Айдынбек, жұбайы Раушан, өзге ғалам- шарлық Сәуле және мұхит зерттеушісі Жебеуші. Автор шығармада осы кейіпкерлерінін тағдырлары арқылы жеріміздің, еліміздін болашағы ғана емес, халқымыздың демографиялық, әуенді-саздық көкей- кесті мәселелерін де қозғайды. Сәуле келген ғаламшарда жалған махаббатқа, коғамда тек өз жағдайын ойлап, ұрпақсыз дәурен көшуге жол жоқ. Оларда неке түнінде махаббат сезімінің жалғандығы ашылған жігітте, қыз да одан әрі қарай өмір сұрмек емес. Айдынбек қызға өз махаббатының шынайы да табиғи екенін дәлелдеумен тірі қалады, ұрпақты болады.

Ғылыми-фантастикалық романдағы қым-қуыт оқиғалар мұхит тереңінде де, қазақ елінде де өтеді. Оқырманын құпия сыры ғарыштам кем түспейтін мұхит тереңіне бойлатып, оның көптеген ашылмаған құпияларын көз алдына жаяды. Шығарма тілі көркем, оқуға жеңіл, ой-толғамға толы.


Бірінші Бөлім

ТҰҢҒИЫҚТАҒЫ ТАҢҒАЖАЙЫПТАР

Күрделі жоспар

Соңғы кездері Айдынбектің мінез-құлқы көп өзгерген. Оның жүріс-тұрысы да бұрынғыдай емес. Ұзын сымбатты денесі онан сайын ширап, мүсінденіп кеткендей.

Қос жауырыны кақпақтай, аяқ-қол бұлшықеттері бұлқынып тұрады. Қой көздері кейде от шашқандай әсер береді. Адамға тік қарағанда оған ешкім төтеп бере алмайды. Бұрылып, я көзін тайдырып әкетеді. Айдынбектің сұстылығы да туылғаннан су астына жаралғандайтын. Егер оны өзінің ғажайып комбинизонымен көрсе, жұрт су астынан шыққан тіршілік иесі ме деп ойлап қалар еді.

Сол Айдынбек енді шынымен-ақ су асты сапарының маманы болып алған. Тек маманы емес, бүгінде оның қарамағында бір топ адам бар. Осы кезге дейін ол сол топпен бірге қаншама су тұңғиығында болды десеңізші?! Бұлар бармаған көл, теңіз қалды ма? Бұдан бұрынырақ адам баласы оны игере алмай, бара қалса да кібіртіктей жөнелетін. Шарлайтын, зерттейтін аймақтары да шектеулі болатын. Ал бүгінде су астында кұрылықтағы сияқты мың сан шекараларға бөлінген.

Бірақ ғылым ортақ болғандықтан зерттеуге ғалымдар үшін жол ашық. Тек ықылас болса жеткілікті. Мұхит әлемінің құрылықтан әлдеқайда үлкен екені әуел бастан белгілі. Содан да болса керек, оны ғалымдар екінші ғарыш деп атайды. Сонда да адам баласы судан гөрі жыпырлаған жұлдызды әлемге көп көңіл бөледі. Бар ғажайыпты сонан іздейді. Ал, шалқып жатқан теңіз бен мұхит, оның мың сан жұмбақ әлемі назардан тыс қалып та жатады. Оның бір себебі - адам баласының ашық далаға, оңтайлы ортаға қоныстанғанынан болса керек-ті. Иә, теңіз бен мұхит астында ұзақ жүзген адамға құрылықтағы өмірдің де оғаштанып қалатыны бар. Соңғы кездері Айдынбекті су асты әлемінің тартып тұратыны да осыдан-ды. Мінез- құлқы да соған сай келгендей. Үйде ол океанариум жасаған. Онда су асты тіршілік иелерінің небір түрлері бар. Өзінің ма- мандығы да теңіз экологы. Су астын зерттеушілердің клубына қатысып, кейін арнайы институтын да сырттай бітіріп алған. Енді су астының нағыз маманы. Маман ғана емес-ау, сондағы тіршілік иелерінің бір мүшесі іспетті. Жүріс-тұрысы, сөз саптауы, ойы - бәрі-бәрі де сол су әлеміне ауып кеткен! Кейбіреулер оны ерсін деп қайрап қойса, енді біреулер тіпті, оның өз ісіне берілгенін қаламай, мазақ еткісі келеді. Бірақ Айдынбек олардың біріне де құлақ асқан жан емес. Қайдан құлақ ассын? Оған уақыты да жоқ. Бар сана-сезімін «теңіз», «мұхит», «су әлемі», «су астындағы тіршілік » деген ұғым жаулап алған.

Бүгін ол ерте тұрды. Әдеттегінше тысқа шығып, серуен құрып, үйге қайта оралды. Содан кейінгі ісі жаттығу жасаумен, жуынып-шайынумен жалғасты. Күнделікті тіршілігі осы. Күні кеше ғана болған су асты әлемі көз алдынан кетер емес. Кемедегі дыбыс қабылдағыш кұралдар арқылы жеткен небір дыбыстар қайран қалдырған. Тек таңдандырып қоймай, құлағынан кетпей қойған. Су астының тіршілігі қашан да қайнап жатады. Айдынбек оны есіне алды. Содан соң алғашқыдағы автомат жүйеге тапсырма берді. Оны Раушан екеуі сатып алған. Оған енді әйел баласының араласуы артық. Тамақ дайындау, табақ-аяқ жуу, тағы басқадай әрекеттің бәрін «автомат асхана» атқарады. Тек оған қажетті азық-түлікті жеткізіп тұрса болғаны.

Айдынбек өзі қалайтын тамақты жасауға тапсырма берген. Онда ет қамырмен, шәй, сары май, нан және тағы басқа тағам түрлері бар. Жұбайын оятқан жоқ. Демалсын дегені.

Содан кейін кең бөлмедегі океанариумға келді. Бір қабырғаны түгелдей алып түрған оның ішіндегі ірі-ірі балықтар да олай-бүлай бүлғақтап, кіріп келген Айдынбекті олар су астынан көретін сияқты. Бұл кірген бетте балықтар бұлт-бұлт бұралып, су астындағы қолдан жасалған тас індерге кіріп кетті. Айдынбек осы бір сәт өзін үй ішінде емес, бейне бір су астында келе жаткандай сезінген. Ол тіпті, айнала қабырғаға, төбеге де карап алған. Қабырғаға ілінген су асты бейнесінің небір үлкен суреттері океанариуммен астасып, расында да, осы opтаны мұхит астына айналдырып жібергендей көрсетеді.

Айдынбек мұны күнделікті көріп жүрген соң оншалықты таңданбайды. Ал, сырттан келген кез келген адам шыныменак өзін су астында қалғандай сезінер еді. Айдынбектің мұны аквариум емес, океанариум деп атайтыны да сондыктан. Оның бойын енді бір желікпелік билеп алған. «Мұхитқа, тек мұхитқа» деп соғатындай жүрегі. Оның қайсыбір әңгімесі де сол мұхитпен байланысып жатады. Оған жұбайы Раушан да әбден үйреніп алған. Түсінсе де, түсінбесе де, білседе, білмесе де оның әңгімесін жалықпай тыңдап, басын шұлғып, мақұлдап отырады. Ерінің сүйікті кәсібі болған соң қайтсін?!

Айдынбек те оны біледі. Бойы аласа, денесі нәп-нәзік, дөңгелек жүзді, қысыңқылау көзді, жұка ерінді, әдемі келген жұбайының өзінің әңгімесін солай тыңдағанын калайды. Ал, қолдаған кезде керемет бір рахаттанып қалатынын қайтерсің! Айдынбек білетін әріптестерінің әйелдері оның мамандығын қаламайды. Көңіл аудармайды. Сонда да ол достары өз жұбайларынан айырылысқан емес. Қайтсін калап қосылса?! Жүрек қалауы мамандыкка қараған ба? Махаббат сезімі адамды отқа да, суға да түсіреді емес пе? Су астын зерттеушілер мен әскери қызметкерлердің жұбайлары да ара-тұра өз өкініштерін айтып қоятынын қайтерсің. Раушан үшін де Айдынбектің мұхит тереңіне жиі кеткені қолайсыз. Бірақ оның негізгі арманы мен кәсібі болған соң не шара? Мұның да қызықты жақтары көп. Әсіресе, ол түсіріп әкелген бейнефильмдерден су асты әлемін көргенде, Раушанның өзінің де сол мүхит астына түсіп кеткісі келетіні бар. Бірақ оған барудың еш реті келген емес. Барған күнде де қорқынышты. Су астының үлкен қысымында келе жатқан кеменің кенеттен не жағдайға ұшырайтынын кім білсін? Осыны ойлағанда Раушан өзінің ерінің аман-есен оралуын тілеп, уайымдап кетеді. Мұхиттан қатерлі табиғат ортасы жок. Бүгінде ғарышқа ұшатындар да кәдімгі ұшқыштар сиякты елеусізденіп кеткен. Ұшып жатыр, келіп жатыр. Ал, үлкен қысымдағы, өзі тастай қараңғы әрі суық су асты әлеміне түсу өз өміріне балта шапқандай. Айдынбек асхана жақтан арнайы дабыл берілген кезде солай қарай жүрді. Бірақ сәлден соң кідіріп, ұйқы бөлмесіне карай бұрылды. Әйелі әлі ұйқыда сияқты. Ол жаймен келіп, қасына отырып, жайылып жатқан қараұзын шашынан сипады. «Су перісіндей ғой, менің әйелім» деп іштей күбірлеп қойды. Артынша: «Өз әйелімді су перісіне теңеп кайтемін? Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу» демейтін бе еді, Раушаныма тең келетін әйел заты жоқ қой бұл жарық дүниеде», — деп бір койды. Осыны естіп, сезіп қалғандай Раушан да қырын жатқан қалпынан бері бұрылып, сағынышты көзімен еріне қадала қарады.

- Тамақ дайын болды ма? - деді содан соң қарлығыңқы даусымен.

- Әлдекашан. Автомат жүйе жанын қоя ма? Дабыл беріп шақырғалы қашан. Саған келіп отырмын, жаным.

- Тұрайын онда.

Айдынбек түрегеп кетті. Раушан да түн көйлегімен үлкен айна алдына барып тұрды. Осы кезде Айдынбектің бойын бір қызғаныш сезім билеп өтті. Ол әйелін қаншалықты еркелетсе де, алысқа жол жүрер алдында қызғаншақтанып кететін. Раушан да онысын сезеді. Мүмкіндігі болса, оны су асты сапарына жібермес те еді. Бірак амалы жок. Айдынбек сапардың бірде-бірінен қалған емес. Оның әрбір сапары өзіне жылдык азық болатын жұмыс. Үйде болған кездерінде сол зерттегендерін одан әрі қарай дамытып, қазбалап, толықтырып жатқаны. Мамандық деген - осы. Раушанға қалатын нәрсе, енді оған тек сенімді жар болу ғана. Оның жолын күтіп, аман-есен оралуын тілеп отыру.

Раушан Айдынбек шығып кетісімен киімін ауыстырып, төсегін жинап, жуынып-шайынды. Айнаға қарап, шашын түзеді. Содан соң асханаға барып әлдеқашан автомат қолдар дастарханның үстіне койған тағамдардан бір-бір татып, тексеріп шықты. Автомат қолдар жасай алмайтын кейбір күрделі істерді өзі атқарды. Сөйтіп, дастархан басына Айдынбекті шақырған. Ерлі-зайыптылардың бүгінгі істері де осы таңғы астан басталды. Жаңағыдан гөрі ұйқысын ашқан Раушан енді басқаша көрінеді. Бет-әлпетінің домбыққаны да басылып, жуғаннан кейін кәдімгідей жылтырап тұр. Арқа тұсына тарқай төгілген шашы да өзіне жарасымды. Бұл тағы да Айдынбектің көзіне су перісін елестеткендей болған. Ол қаншама рет осылайша елестетті. Өйтпейін десе де болар емес. Кәсібі сол болған соң қиын-ақ... Әйеліне онысын айта алмайды. Әдетте сұлу деген әйелді су перісіне теңегеніне қуанар ма еді, енді олай дегеніне Раушан шамданып қалмақ. Сондықтан да Айдынбек бар көргенін ішінде сақтайды. Көз алдынан елес беріп өтетін сол бір өзі көрмеген бейнеден тағы арыла алмайды. Сондай бір қиял аралас ойдан кейін, Айдынбек манағы әңгімені жалғады.

- Бұл жолы тереңірек барамыз, — деді ол әйеліне ойлы жүзін бұрып.

- Қандай қоркынышты. Тек аман болыңдар. Соншама тереңдеп не бар?

- Тіршіліктің біз білмейтін түрі бар болар?

- Әйтеуір күдер үзбейсіңдер. Мұхит астына зерттеу жүргізіліп келе жатқалы кашан?

- Мұхит түгілі Жер бетінің құпиясы да таусылған емес. Ал, бұл дегеннің шын мәніндегі ғажайып ғарыш қой!

- Оны білемін.

- Қаншама уакыт өтсе де, Жер жұмбағы таусылар емес. Ғарышқа қарағанда мұхит түбінің қызығы да, қиындығы да көп. Былайша қарасаң, қашықтығы да мардымсыз. Он бір, он екі шақырым деген не? Бірак, оның есесіне түбіндегі қысым ғаламат. Тас қараңғы. Ал, ғарышта жұлдыздардың, тұмандықтар мен жұлдыз аралдардың жарықтары бар. Былайша айтқанда, «бір жол бар қысқа, қысқа да болса алыс, бір жол бар алыс, алыс та болса жақын» дегеннің өзі. Ғарышпен салыстырғанда мұхит түбі қол созым жер. Ал, бірақ оған жету ғарыштан әлдекайда қиын. Адам баласының мұхит түбінен гөрі киыр ғарышқа қарай жиі ұшатынының мәні де осында болса керек...

- Мұның рас, Айдынбек.

Раушан ерінің суыңқырап қалған шайын жаңалады. Ері енді ыстық шайдан ұрттап, автомат жүйенің епті қолдары қойған түрлі дәмді тағамдардан алды. Ерлі-зайыптылар осылайша біраз отырды. Әңгіме арасында Айдынбек бұл сапарының қызықты болатынына сендірді. Сапардың негізгі мақсаты да мұхит түбіндегі әлі адам аяғы тимеген аймактарын зерттеу болатын. Мұхит бетіне шығып, айналып жататын ері тәрізденген жарық сәулелер, небір құпия дыбыстар, түрлі әрекеттерді ашатын мезгіл де жеткен-ді. Жақында шыққан жетілдірілген су асты кемесінің іші де соған лайықты етіліп жасалған-ды. Бұлар сонымен аттанбақ. Ал, Раушанның бір куанышы - бұл сапардың мерзімі аз болатын. Көп қарсыласпауының себебі де сонан-ды. Айдынбектің аман-есен тезірек оралуын ішінен тілеп, отбасында қала бермек.


Аралдағы дайындық
Көзделген мұхит, көзделген арал мен оның үстіндегі шағын елге келгеннен кейін зерттеуші ғалымдар қызу дайындыққа кірісіп кеткен болатын. «Білмейтін жердің ой -шұқыры көп» дегендей, ғалымдар арал тұрғындарымен өз туыстарындай сөйлесіп, ананы-мынаны сұрап жүрді. Мұнда олар өздері мінетін «Жайын» атты үлкен су асты кемесінде түрлі жаттығулар жасады. Су асты сапарына каншама рет қатысып жүрсе де, ғалымдардың қай-қайсысы да барлы жаттығуларды басынан қайталады. Қазак жерінен келген бұларды жергілікті тұрғындар үлкен кұрметпен қарсы алып, жылы сөйлесіп, білгендерін үйретумен болған. Олар үшін сырт меймандар таңсық емес. Жер шарының түкпір-түкпірінен құрамдар келіп, су астына түсіп, зерттеп жатады. Оларды қалай қарсы алу, арал тарихымен, ел тарихымен таныстыру, орналастыру жергілікті тұрғындарға жаңалық емес. Оған әбден машықтанып алған.

Бір елдің тұрмыс-тіршілігі екінші бір елге таңсық көрінеді.

Өз еліндегі кейбір келеңсіз жағдайлардан жалыққан адам басқа елді, ондағы жақсы өмірді көз алдына елестетеді. Соған кеткісі келіп тұрады. Кейбір қиялы ұшқырлары тіпті, ғажайып өмірді жұлдыз әлеміндегі мың сан тіршілікті ғаламшарлардан іздейді. Ал, осы ғалымдар құрамының ішінде жеңіл өмірді мұхит астынан көз алдына елестететіндері де жоқ емес. Мұндай аңсау екі жаққа бірдей нәрсе. Қазақ ғалымдары аралды, мұхитты, аралдағы елді қызык, таңсык көрсе, олар да мұхит атаулыны күнделікті көрмейтін, кұрлықта тіршілік кешетін, шөл далаларды жақсы-жақсы білетін халықты көргілері келеді. Айнала көгілдір әлемнен жалыққан олар кең, құрғақ далада емін-еркін жүргілері де келеді. Шектеулі арал да оларға бейне бір Жер шарын тартылып жібергендей көрінеді. Арал тұрғындары қазақ жерінде өсетін жемістерді, көкөністерді сұрайды. Аңдар мен құстарды көргілері келеді. Ғалымдар «Жайын» кемесінің ішіне құстардың бірнеше түрін ала барған. Бұрын соңды көрмеген арал тұрғындары құрлық құстарына қайран бола қарасады. Ал, өздеріндегі қазақ ғалымдарына таңсық нәрсеге назар да аудармайды. Осылайша қызықты өтіп жатқан өмір. Адам баласы ұшуды үйреніп, Жер шарының ана жері мен мына жеріне әп – сәтте жетіп барып жатса да, оның көре алмайтын нәрселері көп. Өйткені, олар белгілі бір аймақта ғана өмір сүруге жаралған. Оның үстіне оның өмірі де шектеулі. Ол сол өмірінде Жер шарының барлық жерін көріп шыға алмайды.адам баласының бір әлсіз жері сол болса керек.

Дегенмен, бұл тіршіліктегі ең алғыр, ең еңбекқор, ең ақылды адам болып табылады. Сондықтан да оның билігі басым. Айдынбек бастаған ғалымдар тобы аралдағы «Қазақ» делінетін арнайы дайындық жүргізетін шағын қалашыққа орналасқаннан кейін, іске кірісіп кеткен. Соның арасында, қолдары босаған сәттерде арал тұрғындарымен әңгемелеседі. Бұрын – соңды мұхит жанында тіршілік кешіп көрмеген адамға оның қыр – сырын білу де оңайға соқпайды. Қазақ ғалымдары өз жерінде де аз дайындық жүргізген жоқ-ты. Енді мұхитқа жақын келген соң, оның кейде буырқанатын асау толқынын көрген соң, кезекті зерттеуге деген жауапкершіліктері де арта түскен.

Соңғы техникалық жетістіктерді пайдалана отырып жасалған жаңа кеменің ішкі жүйесі де өзінше бір әлем еді. Оны басқаратын да қазақ жігіттері. Олардың су астының қыр – сырын білуден тәжірибелері мол. Талай сыннан өткен. Талай дүниежүзілік су асты кемелері жарысына қатысып, жүлде де алған. Сондықтан да ғалымдар оларға сенеді. Сол сенім су астында кездесетін түрлі қиындықтардан да қорқытпайды. Айдынбек бастаған ғалымдар тобы уақыт таяған сайын қарбаласқа түсті. Жергілікті тұрғындар мен мұхит сапарында жүзушілер айтқан түрлі көріністер мен дыбыстар оларды онан сайын елендетіп, жігерлендірген. «Қандай да бір жаңалық ашамыз ба» деген үміт оты да маза берер емес. Айдынның жанында окенолог Есбатыр Сайлауұлы, гидрокартограф Рахымжан Әбуханұлы, гидропалентолог Күмісбай Тілеуханұлы, уфолог Сұраған Жанкелдіұлы және басқа ғалымдар мен көмекшілер бар. Бәрі де өз мамандықтарының білгірі. Мұхит мәселесімен көптен айналысып келе жатқандар Қазақ жеріндегі Гидробиология институтының белді кызметкерлері.

Аралда болған бірнеше күннің ішінде ғалымдар көп нәрсені білді. Халқымен, олардың тарихы, тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрімен танысты. Олардың да ғалымдарға жасаған құрметтері аз болған жоқ. Ғалымдар мұхит жағдайының небір құпия сырларын түсіндірген. Жаңадан жасалынған кеменің ішіндегі компьютерленген күрделі жүйелерге қосымша құралдар да берді. Айдынбек Асқарұлының өтініші бойынша осы құрамға арал ғалымдарының біреуі енді. Бірі — құрылықта, екіншісі — мұхит үстіндегі алақандай аралда өмір кешетін екі елдің ғалымдары аз уақытгың ішінде бір-бірімен тез тіл табысып кетті.

Әркайсысында кішкене белгі сияқты тілмаш болған соң, сөйлесу де қиындық тудырмаған. Ара-тұра бір-біріне әзіл айтатынын қайтерсің. Құрамға қосылған денелі, дөңгелек жүзді, көзі бадырайған, реңі қаралау ғалымның мамандығы да теңіз биологы екен. Айдынбек екеуі әріптес болып шықты. Оған Айдынбек Жебеуші деп ат қойып алды. Өйткені, ол мұхит сырын жақсы білетіндіктен сол жебеушідей көрінеді барлық ғалымға. Ғалымдардың өздері де бұл есімді қол соға құптаған.

Сөйтіп, дайындықтың да аяқталар сәті туды. Ғалымдар дәстүр бойынша ғарыштағы Жер серігі арқылы жүргізілетін телебайланыс үйлерімен сөйлесті. Айдынбек те мүхит тереңіне сүңгір алдында Раушанның жүзін көрді. Раушан үйіндегідей емес, шамалы жүдепті. Байланыс қосылып, экраннан Айдынбекті көрген бетте-ақ ол көзіне жас алған. Екеуі де сөз бастай алмай бір сәтке үнсіз отырып қалды. Содан кейін Айдынбек өзінің сұстылығы мен қатаңдығына салып:

- Босаудың қажеті жоқ, Раушан. Маған да оңай емес. Сапарым да қауіпті. Бірақ уайымдама. Жаңа техникаға сен, бірге алып бара жатқан осы арал ғалымына сен. Жаратушыға сен. Басқа айтар не бар? Сапар біткен бойда елге ораламын. Содан соң бәз-баяғы екеуміз қол ұстасып алып, калаған жерімізге қыдырамыз. Солай емес пе?

- Иә...


Раушан көз шараларындағы мөлт-мөлт жасты жіңішке сұп-сұр сүйір саусақтарымен сүртіп тастады. Әлі де өз-өзіне келе алмай тұр. Сөз айтуына көз шарасына лек-лек келіп тығылған жас мүмкіндік берер емес. Бар болғаны жасын сүртіп, Айдынның жүзіне қадала қарайды. Енді біраздан соң қанша мықты болса да Айдынбек те босаңсиын деген. Бірақ ол өзін - өзі жігерлеп, қатая түсті. Сөйтті де:

- Раушан, мен сені мықты әйел ме десем...

- Қазір. Кешірші, Айдынбек. Мен әншейін... Иә, жағдайларың қалай? Дайындықтарың бітті ме? Қашан мұхитқа түсесіңдер? - деп жалғап кетті сөзін Раушан.

- Е, бәсе. Өстісейші. Әйтпесе, босап, соншама... Құдайға шүкір, дайындықты аяқтадык.

Енді бір -екі күннен сон мұхит астына түсеміз. Негізгі мақсатымызды өзің білесің. Талай айттым емес пе. Ал, айтатын бір жаңалык, мұндағы арал тұрғындарының әңгімелеріне қарағанда су астында қандай да бір мәдени даму бар сияқты. Бірақ олардың тұрақты, не көшпенді халық екенін ешкім біле алмаған.

- Сонда олармен жүздескендер болған ба?

- Жүздескен. Бірақ тілдеспеген. Қайда тұратындарын да білмейді ешкім. Ол бізге үлкен жаңалык болды. Жалпы, су астының құпия тұрғындарының болу мүмкіндігі о бастан айтылып келе жатқан болжам емес пе? Тек солармен жүздесу, жүздесіп қана қоймай тілдесу, өмір тарихтарымен танысу өзінше бір ғажап нәрсе емес пе?

- Ол маған да қызық, Айдынбек, - деді Раушан құрғайын деп қалған көз жиегін сұқ саусағымен тағы да сүртіп қойып, - бірақ тек сақ болыңдар. Қанша дегенмен су асты ғой. Олар құрылықта қалайша тіршілік ете алмаса, сендер де су астында солайша тұншығасындар. Онын үстіне су кысымы ше? Қараңғылық тағы бар?

- Ол жағынан еш қам жемей-ақ қой, жаным. Құдай жол берсін, сәтін берсін деп тілеп отыра бергейсің. Енді не айтамыз тағы да?

- Не айтатыны бар, - деді Раушан тағы даусы өзгеріп, - күні-түні күтумен боламын да. Басқа не шара?

- Жолдас әйелдерің бар емес пе? Солармен бірге театрларға барарсың. Жалыға қоймассың. Артык уайымға салынудың кажеті жоқ. Өзің де аман бол. Тек жақсылықпен аман-есен жолығайық.

- Киімің жылы ма? — деді осы кезде Раушан әңгіменің бағытын мүлдем басқа жаққа бұрып жіберіп.

- Жылы.

- Әйтеуір жылы киін. Қанша дегенмен су асты ғой. Кеменің жылу жүйесі істен шығып қалып жатқандай болса дегенім де. Қазір түріңе карап шошып та отырмын. Шамалы жүдепсің. Жаттығу ауыр болды ма?



- Әрине, солай. Мұнда маған онан баска ауыр нәрсе бар ма? Ғалымдығымды, білімімді бәрі де мойындайды. Ал, сол ғылым мен білімді жүзеге асыру үшін деңсаулық керек. Аман – сау жүру қажет. Бізді жіберіп отырған Қазақ Ғылым академиясы да сол саулығымызды ойлайды емес пе. Біздің ғылымнан көрі кеменің ішкі жағдайына, кездейсоқ оқиғаларға төтеп бере алатындай болуымыз жағына көп көңіл бөлінеді. Дайындык барысында тіпті, біз өзіміздің ғалым екенімізді де ұмытып кетеміз.

- Оның рас, Айдынбек. Менің бар ойым да сонда емес пе? Сендердің не ашып, не қоятындарыңды біле бермеймін. Бірақ сенің деңсаулығың мен амандығың бірінші керек нәрсе. Ештеме ашпасаңдар да, ешкімді таппасандар да амандықпен оралыңдаршы. Тілегім сол.

- Рахмет, Раушан. Сөйлесетін уакыт та бітуге таяп барады. Алда әлі жұмыстарымызда толып жатыр. Енді амандық болса, мұхит тереңінен шыққан соң хабарласамын. Ал, басқа не айтамыз. Жақсы, бетіңнен сүйдім. Аман бол!

- Cay бол, Айдынбек! Аман-есен орал! Мен асыға күтемін!

- Күт мені, Раушан!

Айдынбектін сұқ саусағы басқысы келсе де, келмесе де видеотелефонның өшіретін түймесіне тиді. Екі жақтың экраны да лып сөніп, жаңа ғана бір-бірінің жан сезімін түсінісіп, қимай сөйлесіп, қиыла қоштасып жатқан екі сүйгеннің бейнелері де ғайып болды, сөздері де күрт үзілді. Айдынбек отырған шағын кабина іші тым-тырыс. Сыртындағылар онын жан-дүниесін іштерінен сезгендей сөз айтпайды. Айдынбек сыр берген жок. Сыр берер болса, топты баскара алмас еді. Ол өзінің сұстылығын сақтап, сырттағылармен ыммен тілдесіп, күту дәлізіне барды. Бүл кезде басқа ғалымдар да өздерінің жанұяларымен сойлесіп жатқан. Жаңағы өзін қарсы алғандары - сөйлесіп біткендері. Айдынбек қаншалықты қатаң, каншалықты суық болғысы келсе де, Раушанмен сөйлескеннен кейін өстіп біршама ойға батып қалатын жайы да бар-ды. Соны білгендей дәлізде отырғандар да тіл қатпаған. Басшыларының жаңағы ыстық әңгімеден кейін біршама уақыт ой түтқынында болатынын да сезеді олар. Өйткені, мұндай сәт пен сезім қай-қайсысының басында да бар.

Бірак Айдынбек ой тұңғиығынан тез оянды. Раушанның жаңағы жабырқаулы жүзі қаншама көз алдында тұрып алса да, енді серпіліп тастап орнынан түрегелді. Содан соң барып масаң адамдай айналасын барлап, кімдердің отырғандарын қараған. Бірі - Рақымжан, екіншісі - Есбатыр, үшіншісі - Сүраған екен. Қалғандар кабина-кабинаның ішінде сөйлесіп жатыр. Ғалымдардың мұндай арнайы байланыс үйіне келгеніне осы аралдың тұрғындары жауапты еді. Олардың әрқайсысы қажет кезде өзді-өзді пәтерлерінен де сөйлесе беруге тиісті болатын. Бірақ арал тұрғындарының дәстүрлері бойынша пәтерлерден сөйлесуге рұқсат етілмейді. Байланыс жүйесі бірақ жерге жинақталған. Ол байланысшы қыздар арқылы қадағаланып отырылады. Қазак жерінде мұндай байланыс жүйесі әлдеқашан дәстүрден қалған. Онда бәрі автоматтандырылған.

Арал халкының неге мұндай жүйені ұстанып отырғанын ғалымдардың ешқайсысы біліп бола алмады. Ең бастысы, қай-қайсысы да өздерінің көздеген жерлерімен жүзбе-жүз анық сөйлесті. Одан артық ештеңенің қажеті жоқ еді.

Айдынбек кабиналардан қалғандар шыққан соң қысқа әңгімелесіп, кімнін қалай сөйлескенің, жанұяларының аман- есендігін сұрады. Ол қарамағындағылардың көңіл-күйіне ерекше мән беретін. Ғылымның да, жұмыстың да адамның өз көңіл-күйіне, деңсаулығына, жанұясының жағдайына байланысты болатынын жаксы біледі. Соңдыктан да ол жұмсақ орындыққа отырған күйінде әуелі өзін күтіп алғандардың, сонан соң кейін шыққандардың үй жағдайларын білді. Ең соңында барып қана өзінің Раушанының жағдайын айтып, шамалы толқыды. Бірақ уақыт аз еді. Мына жарық дүниемен біршама уақытқа қоштасуларына тура келеді. Өйтпеске шара жоқ. Әуелде келісерін келісіп алып, кейіннен мұхитқа келген кезде толқып, іштей өкінгендер де болмай қалған жок. Оларға Айдынбек аса назар аудармады. Өзі де егер мүмкіндігі болса, мына мұздай, асты қараңғы мұхит суының астына түсуден бас тартып, кейін қайта салар еді. Бірак ғылым жолы, оның ісі ғалымның арын оған апармаған. Айдынбек ғылымға мейлінше берілген адам. Оны достарының бәрі біледі.

Егер оның орнында басқа біреу болса, бәлкім, Раушаннан әлде қашан айырылысып, басқа бір қызбен отау тігіп, балалы-шағалы болып кетер ме еді. Достары да Айдынбектің бір ісіне қуанса, екінші ісіне ренжитін. Тек айта алмайды оған. Қазір осында отырғандардың ішінде де перзентсіз жүрген жалғыз өзі. Қалған ғалымдардың бәрі де бірі — кызымен, екіншісі — ұлымен, үшіншісі — немересімен сөйлесіп шаттанып, көңілденіп калған. Жалғыз Айдынбек қана үш бөлмелі пәтердегі жарымен тілдесіп, соның аман-саулығын тілеп шықты. Ол өзі де перзенсіздіктің не екенін жақсы сезінеді. Іштей қина- лады, кейде іштей тығылып, көшеге шығып кететін кездері де кездеседі. Айдынбектің жылы сөйлейтінінің бір себебі де сонда жатқан-ды. Бірақ ол жұбайын ұнатады. Әзірге онан ыстық жан жоқ. Перзент көрмегендіктен әкелік махаббаты да оянбаған. Көп балалы жанұялардың қалай өмір сүріп жатқанын ойлап, кейде екеуі қайран қалады. Өздері бала өсіріп көрмеген соң бәрі де бір қиямет сияқтанады.

Осындай сәттер Айдынбекке жеңіл соқпайтын. Бірак білдірмеуі керек. Егер өзі ыңғайсыздық танытса, басқалардың көңіл-күйлері не болмақ. Айдынбек жаңағы көңіл-күйін өзгертіп, сәл жадырап, әзіл араластыра сөйлейді.

- Иә, жанұяларыңмен, перзенттеріңмен жүздесіп, тілдесіп бір орнығып қалдындар? Қалай, бәрі жақсы ғой? Енді су асты корқынышты емес шығар-ау!

Отырғандар жымиысып койды. Айдынбек оларды көзімен шолып өтті. Кім не дер екен деген ой да мазалай бастаған-ды.

Мұндайда әңгімені жалғастырмаса тағы болмайды. Рақымжан Әбізенұлы шашын он алақанының саусақтарымен оңға қарай тарап өтіп, жұмсақ орындығына шалқая түсті де:

- Көңіліміз орнықты. Бәрі аман-есен. Біздің сапарымыздың сәтті болуын тілеуде, — деп жеңіл күрсініп қойды.

- Менің жанұямның жағдайы да жаман емес. Сапарға алаңсыз аттануыма болады, — деп Күмісбай Тілеуханұлы да ойындағысын білдірді.

- Басқалар да солай шығар? - деді Айдынбек.

- Солай.


- Бәрі жақсы.

- Аман-есен.

- Бәрі де сапарға қатысушыларға сәт сапар тілеуде! - деп ғалымдар бірінен соң бірі бір-бір сөзбен жауап қатты.

Жағдай түсінікті болды. Айдынбекке керегі де осындай көңіл демеушілік еді. Жанұясымен сөйлескеннен кейін әрбір ғалым жадырап, бұрынғысынан ширап, жүздеріне қан ойнап шыға келген. Енді су асты түгілі, онан да қиын іске кірісіп кетуге даяр. Жастар жағы ұзак әңгімені ұнатпай, асығып- желігіп отыр. Үлкен ғалымдардың өздері де қызықты сапарға аттанып кетуді, ертерек оралуды қалайды. Қысқа-қысқа жауап қатып жатқандары да содан-ды. Айдынбектің күткені де сондай қысқа әңгіме болғандықтан елмен байланыстырған қыздарға өзінің, ғалымдардың аттарынан мол алғыс білдіріп, сыртқа бет алды.

Байланыс үйінің алдында өздерін арнайы күтіп тұрған-ды. Ол өзі аса үлкен емес, ішіне отыз адам сиятын жеңіл көлік-ті. Бұлар сыртқа шығысымен онын дыбысы да гүр ете түсті. Ғалымдар бір-бірлеп мінді. Көлік жүргізуші бұларға қарап, басын изеп, рұқсат сұрады да, Айдынның келісімін алған соң көлікті жүйткітіп жөнелді. Көп уақыт өтпей шағын аралдағы елдің үлкен көшесін басып өтіп, қайтадан мұхит жағасындағы өздері орналасқан зәулім үйдің алдына тоқтады. Ғалымдар жүргізушіге алғыстарын айтып, көтерме жәшікке отырып, әркім өздерінің пәтерлеріне кетті.

Үлкен қабырғасында «Жайын» деген ірі әріпті жазуы бар су асты кемесі арал тұрғындарын алыстан шақырып түргандай еді. Ол мүхиттың жуас толкынында аздап тербеліп қояды.

Жайын десе жайын. Түрі де соған ұқсайды. Алыстан, я аспаннан қараған адам оны шынымен-ақ мұхит бетінде бір жайын жатыр деп ойлап қалады. Ал, ішіне кірген адамға ол мүлдем басқаша әлем. Жайынның каюталары да көп. Егер осы сапарға лайықталған болмаса, оған талай жолаушылар сыйып кеткен болар еді. Сол жолаушылар отырады деген орындардын бәрі де мұнда басқаша жабдықталған. «Жайынның» ішінде оранжерея да бар, хайуанаттар мен кұстар да алынған. Бұл ұзақсапарға шыққандарға керекті нәрсе. Ғалымдардың өздерінен басқа автоматты жүйелі асхана, оранжерея, хайуанаттар бағы, бассейн, спорт залы, кинозалы, кітапхана және тағы басқа көптеген залдардың иелері де бар. Олар өздерінің істерімен айналысады. Балық үстаушылар мен олардан дәмді та- ғамдар жасайтын мамандар өз алдына. «Жайынның» арнайы үлкен бөліміне Айдынбектін жақсы көретін нәрсесі — океанариум бар. Онда осы мұхитта өмір сүретін және басқа көлдер мен теңіздерде болатын түрлі су асты жәңдіктері жүзігі жүр. Су асты әлемі өзінше қызық. Ғалымдар оларды қолдары босаған сәттерінде қызықтайды. Тек қызыққап емес, балықтардың су астындағы қимыл-қозғалыстарын, дыбыстарын, мінез - құлықтарын зерттейді. Океанариумдағы балықтар бұрыннан зертелгендер. Соған қарамастан оларды «Жайынның» бортына алу ұйғарылған.

Бәрі дайын болғаннан кейін ғалымдар арнайы комбинезон киіп, кемеге өтті. Кеме аралға жақын тұрғандықтан екі араға жалғама көпір салынған. Қазақ жерінен келген ғалымдарды аралдағы Ғылым ордасының негізгі өкілдері шығарып салған. Олар бір-бірімен кол бүлғасып қоштасты. Содан кейін- ақ кеменің жоғарғы люгі жаймен жабыла берді. Әбден нығыздалып, іштегі ескерту шамдары жанған кезде ол салмақ ауырлатқыш цистерналарына су жинай бастады. Бұл процестің біршама уақытқа созылатыны белгілі. Бірақ ғалымдар оған ес бөлген жок. Ол кемені басқарушылардың ісі еді. Айдынбек өздері отыратын бөлмеге келісімен-ақ айналадағы иллюминаторлардың перделерін сырып ашатын гүймені басты. Артынша айналадағы су бейне бір ыдысынан асып бара жат- қандай болып көрінді. Енді біраздан соң иллюминаторлардағы жарық азая берді. Өздері бейне бір ауа аквариумының ішінде қалғандай. Егер мұхит астында саналы ел болса, олар- дың өкілдері енді өздерін аквариумнан қызықтар еді.

Бірақ әзірге ол жоқ. Айналада жүргендердің бәрі де санасыз су асты тіршілік иелері. Кеме төмен деген сайын судың салқындығы арта берген. Ғалымдар әзірге әуе көлігінде Жерден көтеріліп бара жатқан сәттегідей жұмсақ орындықтарында қозғалмай отыр. Бір-бірімен жай сөйлеседі. Қатты сөйлессе біреу естіп қоятындай. Бұл мәдениетті адам баласына тән әдет еді. Оның үстіне алапат су асты кемесінің қуатты айнал- дырғыштарының дыбысы да бүкіл қабырғаны қозғағандай болады. Оған қоса жұмыс істеп тұрған күрделі жүйелер қаншама десеңізші?! Олардың көпшілігінің кызметін ғалымдар- дың өздері де түсіне бермейді. Ғалымдардың мамандықтары басқа, мақсаттары басқа. Әркім өз саласын жақсы біледі. Ал кемені басқарушылар үшін ол жүйелердің бәрі де саусақпен санарлықтай көрінеді. Әркім өз саласын жақсы біледі. Ал кемені басқарушылар үшін ол жүйелердің бәрі де саусақпен санарлықтай көрінеді. Әрбір оғаш дыбыс, әрбір артық жанған, я сөнген шам оларға ерекше әсер етеді. Аландатады. Кеме басқарушылардың отыратын бөлімдері басқа. Ғалымдардан алыс орналасқан. Ал, олармен байланыс видеотелефон арқылы жүзеге асады. Тікелей шақыратын түймелер де баршылық. Ондай түймелер әрбір ғалымның желке тұсында тұр. Ғалымдар дөңгеленіп келген шағын бөлменің қабырғасына жағалай қойылған жұмсақ орындықтарда бір-біріне қарап отыр. Әзірге айналысатын іс жоқтай. Өйткені, кеме қашан төмендеп, көлденең жүргенше осындай тәртіп қабылданған. Әрбір ғалымның белінде белдік те бар. Ол су асты кемесінің кездейсоқ қозғалысынан, тағы басқадай күтпеген әрекеттерден сақтайды.

Айдынбек те су асты сапарын сағынып-ақ калыпты. Адам неге үйренсе, соған құмар болады. Мұндай сапарға қалыптаспағандар кемеге міңгісі де келмес еді. Ал, Айдынбек үшін бұл үйреншікті көрініс. Тек кемеге отырар алдында болашақ қиын сапарды еске алған кезде шамалы тартыншақтайтыны бар. Ол кез келген адамда болатын қорқыныш, сактану сезімі. Оның үстіне құрылықта жүрген кезде су астында болып жатқан небір келеңсіз жағдайларды естиді. Сөйтіп, қоркыныш сезімі туады. Сәтсіз жағдайлар тек су астында ма екен, ондай оқиғалар түп-түзу асфальт жолда ағып кетіп бара жатқан жеңіл көлікте де, аспанда ұшып бара жатқан әуе кемесінде де, түзу екі темірдің бойымен жүйткіп зырғыған поезда да болып жатады. Ең бастысы, сапардың сәттілігін тілеу. Ал, ондайларға керісінше, небір адам жаны шошитын қиын жағдайлардан аман-есен өтетін көліктер де бар. Жалпы, Айдынбектің өз түсінігінше, сол оқиғаның бәрі де адам баласының маңдайына жазылған тағдырына байланысты. Болайын дегенде де, болмайын дегенде де шара жоқ. Қазіргі сәтте де әркім өзінше бір ойға батқан. «Кемедегінін жаны бір» деген халық сөзі де енді өздеріне арналып айтылғандай. Көбісі осыдан шамалы уақыт бұрын ғана сөйлескен жанұяларының мүшелерін, жұбайларын, перзенттерін еске алады. Адамның бір-біріне деген сағынышы да осындай алыстаған кезде, киын жағдайда жүрген сәтте арта түседі. Кеме мұхит тереңіне бойлаған сайын сол сағыныштар әрқайсысында күшейе түскен тәрізді. Мұнда ешбір уайымсыз, алаңсыз отырған бір ғана адам бар. Ол - Жебеуші. Айдынбек оған жиі-жиі қарайды. Соның бет мимикасына, көңіл-күйіне, отырысына қарап өзі де қатаяды. Шыр етіп дүниеге келгенінен бастап мұхитты көрген, есі кіріп, жігіт болғаннан бері мұхит суында шомылып жүрген адамға бұл сапар әдеттегі көріністей болса керек-ті. Жебеуші талай сапарға қатысқан, тәжірибе алған, өз елінің әйгілі биолог-ғалымы. Оның осы сапарға келісім беріп, бірге келе жатқанына Айдынбек ішінен тәубе етіп те қойған. Етпей қайтсін, «білмейтін жердің ой-шұкыры көп» дейтіндей, мұхит асты өзінше бір әлем.

Біраздан кейін Жебеуші орнынан түрегеп кетті. Тіке жүріп барып үлкен иллюминатордан сыртқа қараған. Бүл кезде кейбір үлкен балықтар сол иллюминаторға үйкеліп, кейбірі соқтығысып та жатқан-ды. Жебеуші оларды қызықтап түр. Су астында, үлкен қысым құрсауында келе жатқаны оған әсер ететін емес. Ал, ғалымдар болса, әлі де сол орындарынан қозғалмаған-ды. Бірақ Айдынбек шыдамады. Өзінің бұдан бұрынғы сапарларын есіне алып, батылданып кетті. Ол да орнынан ширақ тұрып, Жебеушіге қарай жүре берген. Бірақ осы кезде кеменің қабырғалары шытырлап сына бастағандай болды.

Жебеуші оған да селт еткен жок- Ғалымдарға қарап жымиып қойды. Айдынбек тұрып қалған орнынан енді ілгері басты. Жаңағы шытыр күшейе түскендей. Оның су қысымының артып бара жатқанынан екенін әрбірі біледі. Бірақ оған қарсы жасар шаралары бар ма?



Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   39




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет