Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жануарлары



Дата25.03.2020
өлшемі125 Kb.
#60703
Байланысты:
жануарлар

Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жануарлары
Сайрам-Өгем МҰТП-нің аумағында сүтқоректілердің 59 түрі мекендейді. Олар қасқыр (Canis lupus), түлкі (Vulpes vulpes), жабайы шошқа (Sus scrofa), борсық (Meles meles), тянь-шань қоңыр аюы (Ursus arctos isabellinus), қар барсы, архар, Сібір тауешкісі (Capra sibirica), Мензбир суыры (Marmota menzbieri), сібір елігі (Capreoius pygargus), үнді жайрасы, түркістан сілеусіні, тас сусары, толай қоян, қарсақ, күзен т.б. 10 түрі Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген: ақбауыр жарқанат(Otonycteris hemprichi), жиыререн кеңқұйрық, жарқанат (Tadarida teniotis), тянь-шань қоңыр аюы (Ursus arctos isabellinus), ақтөс сусары (Martes foina), шұбар күзен (Vormela peregusna), ілбіс (Uncia uncial), түркістан сілеусіні (Lynx lynx isabellina), Тянь-Шань архары (Ovis ammon karellini), мензбир суыры (Marmota menzbieri), үнді жайрасы (Hystrix indica). Соңғы он жылдың көлемінде жабайы шошқаның, архардың, тауешкінің, қар барысының, еліктің, Тянь-Шань аюының, Мензбир суырының саны күрт кемігендігі байқалады.

Қар барысы (Uncia uncia) – соңғы 3 жылда барыстың немесе оның іздері өте сирек ,бірен-саран ғана кездесуде.


Мензбир суыры
Біздің тауларымызда кішкентай әрі сүйкімді аң (жануар)-Мензбир суыры мекендейді (ол кеміргіштер отрядына, тиіндер тұқымдасына жатады). Мензбир суыры - Батыс Тянь-Шань эндемигі, яғни тек осы аймақта тіршілік етеді. Қазіргі таңда Мензбир суыры Оңтүстік Қазақстанның солтүстік-шығыс бөлігінде Қаржантау жотасында Сарыайғыр, Қасқасу, Бадам, Ұлыжұрт, Шағыртас және Тікенекті өзендерінің бас жағында, 2000-3000м биіктікте қарлы жылға бойында мекендейді. Жұптасып өмір сүреді. Басқа суыр түріне қарағанда Мензбир суыры баяу көбейеді. Қысқы ұйқысы 7-8 ай (қыркүйек-сәуір айлар аралығында). Ол халықаралық Қызыл Кітапқа енген. Осыдан 50 жыл бұрын суырдың саны 50 мыңға жуық болса, қазіргі таңда шамамен 3,5-4 есе кеміп, 14 мыңнан астам ғана данасы қалған. Мензбир суыры санының күрт төмендеп кетуіне аяусыз браконьерлік, шамадан тыс мал жайылуы әсер етуде. Оны қорғау және өсімін молайту маңызды іс шара болып табылады. Қазіргі таңда Сайрам-Өгем МҰТП-ң мемлекеттік инспекторлары суыр мекендейтін аумақта үнемі бақылау жургізеді.

Мензбир суырын келер ұрпақтар үшін сақтайық!
Таутеке немесе Сібір тауешкісі
Таутеке едәуір ірі (ұзындығы 1.5 м ,салмағы 130 кг) тұяқты жануар. Азия континентінің тауларын мекендейді. Қазақстанда Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы және Оңтүстік Алтайды мекендейді. Таутеке таудың тік жарларында шың-құздары мен тасты шөгінділерге бай жерлерде тіршілік етеді. Қыста төмен түседі, таудың баурайындағы қар еріген жерлердегі шөптерге дейін көтеріледі. Жазда таудың жолы қиын жерлеріне көтеріледі, өте ыстық кезде құз көлеңкесінде болады. Аталығының басында ұзындығы бір жарым метр, ұзын иілген мүйізі болады,онда жануарлардың жасын анықтауға болатын көлденең жұмыр бөліктері бар. Аналығының мүйізі қысқа, 40см. Мамыр- маусымда бір, кейде екі лақ туады. Аналығы лағын күздің соңына дейін сүтпен асырайды.Таутеке спорттық және кәсіптік аң аулау нысаны. Төлеби ауданының таулы аймақтарында кездеседі. Бұл ауданда тауешкінің саны 370 ке жуық. Аң аулау соның ішінде сұғанақтықтың әсерінен кемігендігі байқалады.
Үнді жайрасы
Кемірушілердің ішіндегі ең ірісі. Дене тұркы 90 см, кұйрығынын ұзындығы 13 см, салмағы 12-15 кг дейін жетеді. Денесінің алдынғы бөлігін қыл қаптайды да бүйірлері мен арқасына сояулар өсіп шығады. Бір жайраның денесіндегі сояулардың саны 30000 ға дейін жетеді екен. Ал олардың қысқа және жуантық та үшкір сояулар өте өткір, олар тіпті етіктің былғарысын да оп-оңай тесіп өтеді. Жайра денесіндегі сояулар түлейді, ол кезде сояулар бірден толық түсіп, қалдайды, жарым-жартылай үзіліп түсіп, түскендердің орнына жаңа сояу өсіп шығады. Сояуларының іші қуыс болғандықтан ондағы ауа жайра денесін жеңілдендіреді, сондықтан ол суда жақсы жүзіп, жауынан қашып құтыла алады. Сояуларының тағы бір ерекшелігі бар: оның ұшында кері қарап орналасқан ұсақ ісшелері болады. Бұл да жайраның жауанын құтылып кетуіне септігін тигізеді. Негізінен шөлейтті және таулы жерлердегі тасты сатыланған қойнауларын және қалын бұталардың арасында мекен етеді. Күндіз ұзындығы 10 метрге дейін жететін індерінде немесе үңгірлерде жатады. Үйреншікті мекен жерінде тұрақты қоныстайды. Үясын көбінесе тау баурайының күнгей бетінде орналастырады, себебі қыста күнгей беткейлерде қар аз болғандықтан көрегін табу оңай болады. Жайралар негізінен түн жануары. Қысқы ұйқыға жатпайды, бірақ белсенділігі төмендейді. Күйге ерте көктемде түседі, жылына бір рет қана көбейеді. Жайралардың буаз болу мерзімі 110-115 күнге дейін созылады. Жылына бір рет, 1-5-ке дейін бала табады. Азықтарын кешкі қараңғылық түсе іздейді. Негізгі қоректері: балауса шөп, өсімдіктердің жуашығы, түйнектері, жемістері және ағаштер мен бұталардың тұқымдары: долана, итмұрын, өрік, қарбыз, асқабақ, жүгері де олардың сүйіп жейтін жемі. Қыста бұталардың қабығы мен өсімдіктердің тамырсабақтарын кеміреді.

Үнді жайрасы Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген.



Жабайы шошқа (Қабан)
Ірі тапал денелі (денесінің ұз 130-175см, биіктігі 100см) тұяқты жануар. Салмағы 60кг-нан 150кг-ға дейін болады, тіпті кейде 275кг-ға жетеді. Жабайы шошқа өзен-көлдердің жағалауларында, тоғайларда, теңіз деңгейінен 3 метр биіктекте тіршілік етеді. Аналығы және 1 жасқа дейінгі балалары аталықтарынан бөлек жүреді. Ересек аталықтары оларға тек қараша желтоқсан айларында күйлеу кезеңдерінде ғана қосылады. Аналықтары 4 айдан кейін 3-9 –дай балалайды. Жабайы шошқа тамақ талғамайды. Ол өсімдіктердің тамырларымен, жуашықтармен қореқтенеді. Жыл маусымдарына қарай қоректері де өзгеріп отырады. Көктем, жаз айларында жеміс-жидектермен, күзде жәндіктермен қоректенеді. Көктем және жаз айларында белсенділігі баяулап, қыс айларында артады.

Еліміздің барлық аймақтарында дерлік кездеседі.


Қар барысы Unica unica Shreber - снежный барс (ирбис)

Қар барысы жыртқыштар отрядының мысықтар тұқымдасына жататын аң. Дүниежүзілік және Қазақстан фауналарында осы туыстың жалғыз өкілі. Ұлттық паркте Төлеби және Өгем филиалдарының тасты құздарында, негізінен таудың субальпі және альпілі белдеулерінде мекендейді.

Қар барысы жыныстық жағынан екі жасында жетіледі. Күйге ақпан-наурыз айларында түсіп, балаларын мамыр-маусым айларында туады. Әдетте 1-5, жиірек 2-3 жас барыстар туылады. Балалары туылғанда соқыр, жүнді, салмағы 320-567гр болады. Балалары 5-6 аптадан соң індерінен шығып жүре бастайды. Қар барысының тұрақты үңгірі жоқ, аналығы балаларын тамақтандыратын кезде уақытша үңгірлерді пайдаланады. Қар барысының қорегі сібір тау текесі, елік, жабайы шошқа, архар, қоян, кекілік, ұлар, анда - санда үй жануарлары қой, ешкі, жылқыға шабуыл жасайды. Шөлін сумен немесе қармен қандырады. Қар барысының қарсыласы жәнеде олжасының негізгі бәсекелесі - қасқыр.
Түркістан сілеусіні Lynx lynx isabellinus – рысь Туркестанский

Түркістан сілеусіні – бұл мысық тәрізділер тұқымдасының сілеусін туысына жататын жыртқыш сүтқоректі аң. Қазақстан фаунасында сілеусіннің үш түршесінің бірі. Түркістан сілеусіннің таралуы Орталық Азия тауларын қамтиды. Қазақстанда Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы, Тарбағатай тауларында таралған. Түркістан сілеусіні тау етектеріндегі қылқан жапырақты және жапырақты ормандар, бұталар көп шоғырланған жерлерінде мекен етеді. Бір жерде тұрақты тіршілік етеді, бірақ қар қалың түсіп, азық қоры жетіспегенде маусымдық қоныс аударады. Тіршілігі қараңғы түсе түнде өтеді. Күйлеуі ақпан-наурыз айларында, 60-75 күндей буаз болады, 2-3 өсім береді. Негізгі қоректері – қояндар, ұсақ кеміргіштер, суырлар, еліктер, жабайы шошқалар мен тау текелердің балалары, құстар. Негізгі жаулары мен бәсекелестері – қасқыр мен қар барысы. Жыныстық жағынан екінші жылының аяғында жетіледі.



Сайрам-Өгем МҰТП-нің құстары
Құстар (Aves) құрамында 18 отрядтан, 49 тұқымдастан тұратын 300 түрі кездеседі, соның ішінен 30 түрі Қазақстан Республикасының Қызыл Кітабына енген: бұйра бірқазан (Pelecanus crispus Bruch), қалбағай (Platalea leucorodia L.), ақ ләйлек (Ciconia ciconia L), қара ләйлек (C. nigraL ), алакөз қарала үйрек (A. nyroca Guld), балықшы тұйғын (Pandion haliaetus L), жылан жегіш қыран (Circaetus gallicus Gm), бақалтақ қыран (Hieraaetus pennatus Gm), дала қыраны (Aquila nipalensis Hodgson), могильник (A. heliaca Sav.), бүркіт(A. chrysaetos L.), сақалтай (Gypaetus barbatus L), стервятник (Neophron percnopterus L.), алтай ақ сұңқары(Falco altaicus (Menzb.), ителгі (F. cherrug Gray), бидайық ( F. pelegrinoides Temm), лашын (F. peregrinus Tunstall), сұр тырна (Grus grus L.), ақбас тырна (Anthropoides vigro L), дуадақ ( OtistardaL.), безгелдек (Tetrax tetrax L.), жек дуадақ (Chlamydotis undulata Jacquin), қарабас өгіз, шағана (Lams ichthyaetus Pall.), қарабауыр бұлдырық (Pterocles orientalis L.), ақбауыр бұлдырық (P. AlchataL.), қарабауыр шіл (Syrrhaptes paradoxus Pall.), қоңыр кептер (C. eversmanni Bonap), үкі (Bubo bubo L), Синяя птица (Myophonus caeruleus Scop), Большая чечевица (C. rubicilla Guld).

Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде

көп кездесетін дәрілік өсімдіктер
Өсімдіктер арасындағы дәрiлiк өсiмдiктерден емге кepeктi дәрi алумен қатар, құрамында ар түрлi витаминдер, микроэлементтер, ақуыз, көмipсy, май, соның iшiнде эфир майы болуына байланысты оларды тағамдыққа жане басқа да халық қажетiне пайдаланады. Дәрілік жабайы өсімдіктерді зерттеуші аса көрнекті ғалымдар өсімдіктің құрамындағы бағалы заттарды тауып, зерттеп жаңа дәрілік препараттар шығаруды ұйымдастыруға мүмкіндіктер туғызған. Атап айтсақ кеңестік ғалым П.С. Массагетов дәрілік өсімдіктердің негізі-көптеген бағалы алкалоидтарды ашты.

Ұлттық паркте табиғатымыздың жасыл байлығы – асыл қазынасы, тіршілік негізі өсімдіктердің 1600 – ден аса түрлері кездеседі. 200 түрден астамы эндемик өсімдіктер. Парк аумағында дәрілік өсімдіктердің көптеген түрі өседі. Бірқатарына тоқтала кетсек:



Зеравшан аршасы (Juniperus seravschanica Kom) – мәңгі жасыл қылқан жапырақты ағаш өсімдігі. Ұлттық парктің ормандарының негізін құраушы. Емге аршаның жемісі пайдаланылады. Бұл өсімдіктің жемісінде кадинин, калифен, дипентен, сабинен, терпинел, борнеол, изобор, цидрол сияқты эфир майлары, 40 процентке жақын инвертті қант, 9,5 процент смола сияқты заттар бар. Арша жемісінен жасалған тұнба зәр айдауға, бүйрек және зәр жолдары ауырғанда қолданады.

Бөріқарақат (Вerberis) – биіктігі 2-2,5метр көп сабақты бұта. Мамыр-маусым айларында гүлдеп, жемісі шілде-тамызда піседі. Бұл өсімдіктің емге жапырағы пайдаланылады. Жапырағында С, Е, дәрумендері, алкалоидтар бар. Осы өсімдік тұнбасы гепатит, холецистит ауруларына, өттегі тасты жоюға қолданылады.

Долана (Crataegus) – сабақтары тікенекті кішкене келген бұта. Долана мамыр-маусым айларында гүлдеп, жемісі тамыз-қыркүйек айларында піседі. Емге долананың жемісі мен гүлі пайдаланылады. Жемісінде гликозидтер, органикалық қышқылдар, холин тағы басқа заттар бар. Долана гүлі мен жемісінен дайындалған тұнбалар қан тамырының қысымын бәсеңдетуге, адам ұйқысын реттеуге пайдаланады.

Шырғанақ (Hippophae rhamnoides L.) – биіктігі 1,5-6 метр бұта ағаш. Жемісі сары, шырынды бұта басында тізбектеліп жабысып өседі. Сәуір-мамыр айында гүлдеп, қыркүйек-қазан айларында жемістері піседі. Емге шырғанақты, жемісі пайдаланылады. Жемісінде аскорбин қышқылы, В1, В2, В6 дәрумендері, ал дәнінде май (12,5%), каротин В1, В2, Е дәрумендері болады. Дәнінің майы сыртқы жараларды, күйікті емдеуге пайдаланады. Жемісінен әр түрлі тосап, кисель тағы басқа тәтті, витаминді заттар дайындауға болады.

Қылша (Ephedra) - биіктігі 1,5 метр шамасындағы тамыры жайылып өсетін бұта. Бұл өсімдікті біздің эрамыздан 1500 жыл бұрын қытайлықтар «Му-гуанг» деген атпен әр түрлі ауруларды емдеуге қолданған екен. Дәрілікке қылшаның шөбі пайдаланылады. Эфедрин препараты алынады. Қылшаның улылығы күшті, сондықтан өте сақтықпен пайдаланған жөн.

Итмұрын (Rosa) –көп сабақты, тікенді кішілеу бұта. Дәрілікке жемісі, гүлі, жапырағы пайдаланылады. Жемісінде С, А, В, К, Р витаминдері, ал дәнінде Е витамині бар. Парк аумағында итмұрынның 9-ға жуық түрлері бар. Халық арасында кеңінен тараған.

Қожақат (Rubus caesius L.) – биіктігі 1-3 метрге жуық жартылай бұталы өсімдік. Маусым-мамыр айларында гүлдейді. Дәрілік мақсат үшін өсімдіктің жапырағын гүлдеген кезінде, ал жемісін піскен кезде жинап алады. Құрамында фруктоза, глюкоза, сахароза, аскорбин қышқылы, Е дәрумені бар. Тер шығаруға, қабынуға қарсы әсер ететін қасиеттері бар.

Жөтел шөп (Betonica) – көп жылдық, шөп тектес өсімдік. Жөтел шайдың күшті иісі бар. Дәрілік мақсатта өсімдіктің жер бетіндегі бөлігін гүлдеген кезінде жинайды. Құрамында илік заттар бар, стахирин, бетоницин, холин және басқа да алкалоидтар бар. Жөтелшәйды халық медицинасында жоғарғы тыныс жолдары қабынғанда, құяң, бауыр, асқазан ауруларына қарсы қолданады. Бұл өсімдіктен жасалған дәрілер қан қысымын төмендетеді, жүйкені тыныштандырады, денедегі зат алмасу процесін жақсартады.

Кәдімгі жұпаргүл (Киікшөп) (Origanum) - биіктігі 70см-ге дейін жететін, көп жылдық, шөп тектес өсімдік. Ол тік өседі, сыртын түк басқан, төрт қырлы сабақтары қызыл, бұтақтары көп. Гүлдеген кезде жинап алады. Құрамында илік заттар, эфир майлары, аскорбин қышқылы, пигменттер бар. Медицинада киікотын жоғарғы тыныс жолдарының қабынуына қарсы, қақырық түсіретін дәрі ретінде қолданады. Оның несеп жүргізетін, өт айдайтын, тамаққа тәбетті қоздыратын және басқа да қасиеттері бар.

Самарқан салаубасы (Helichrysum maracandicum M. Pop. ex Kirp.)- көпжылдық, нашар бұтақталған қысқа тамырлы шөп өсімдігі. Мамыр маусым айларында гүлдейді. Емге салаубастың гүлі пайдаланылады. Бұл гүлдерде флавоноидтар, оның гликозидтері, стериндер, смолалар бар. Көбіне өт айдауға тұнба күйінде қолданылады. Біздің ұлттық парктің аумағында Самарқан салаубасы көптеп кездеседі. Халық арасында бұл өсімдікті «өлмесшөп» (бессмертник) деп атап кеткен.

Термопсис (Thermopsis altermiflora Regel et Schmalh.) – биіктігі 40 см шамасында, тамыры тарамдалып өсетін көпжылдық шөп өсімдігі. Маусым айында гүлдеп, қыркүйекте қара қоңыр түсті дәні піседі. Дәрілікке шөбі пайдаланылады. Шөбінде алкалоидтар, смола, шырын, эфир майы, С дәрумені, ал дәнінде алкалоидтар 2-3 процентке дейін болады. Бұл шөптің тұнбасы бронхит ауруын, өкпеге салқын тигенде пайдаланады.

Шашыратқы (Cichorium intybus L.) - жуан тамырлы тарбиған бұтақты көпжылдық өсімдік. Дәрілікке тамыры пайдаланылады. Онда цикорин гликозиді және қант, инсулин, смола бар. Шашыратқыны тамақ ішу қабілеттігін арттыру үшін қан азайғанда, асқазан жарасын емдеуге, демікпе болғанда қолданады. Қан азайғанда цикорий сөлін күніне 3-4 мезгіл бір ас қасықтан ішеді.

Сәлбен (Salvia) – биіктігі 70см көп жапырақты хош иісті өсімдік. Маусым –шілде айларында гүлдейді. Дәрілікке жапырағы пайдаланылады. Тұнбасымен тамақ қызарып, ісінгенде шаяды. Парк территориясында мускатты сәлбен және дала сәлбені көп кездеседі.

Шілтер жапырақты шәйқурай (Hypericum perforatum L) - биіктігі 30-100см көп жылдық өсімдік. Шілде айында гүлдейді, тұқымы тамыз-қыркүйек айларында пісіп жетіледі. Дәрілікке бұл өсімдіктің шөбі пайдаланылады. Ұлттық парктің барлық жерінде дерлік кездеседі.

Жалбыз (Mentha) – биіктігі 20-60 см, тік өсетін көпжылдық өсімдік. Маусым айынан қыркүйекке дейін гүлдейді. Дәрілікке жалбыздың жапырағы пайдаланылады. Жапырағында 2,5-3,0%, гүлінде 4-6%, сабағында 0,3% эфир майы болады. Осы эфир майынан дәрілік қасиеті бар ментол препаратын жасайды.

Нағыз қызылбояу (Galium verum L.) – кішілеу келген көпжылдық шөп. Дәрілікке шөбі пайдаланылады. Онда асперулозоид гликозиді, лимон қышқылы, С витамині бар. Бұл шөптің тұнбасы сары ауруды, асқазан ауырғанды емдеуге қолданады.

Мия (Glycyrrhiza) – биіктігі 150см көпжылдық өсімдік. Мамыр-шілде айларында гүлдейді. Бұл өсімдік тамырының дәрілік қасиеті бар. Тамырында глицирризин және флавон гликозидттері, с дәрумені, аспаргин, крахмал заттары бар. Тамырынан жасалған тұнба қақырық түсіруді жеңілдетіп, тыныс алу жолдарын емдеуге қолданылады.

Иван шәй (Chamaenerion) - Биіктігі 150 см ұзынша қоңыр –жасыл жапырақты көпжылдық шөп өсімдігі. Жас жапырақтары, өркендері С дәруменіне өте бай келеді. Олардан щи, салат әзірлеуге болады.

Итошаған – Bidens(күрделігүлділер тұқымдасы) – біржылдық шөптесін өсімдік, биіктігі 85 – 100 см болады. Шілде – қыркүйек айларында гүлдейді. Дәрілікке шөбі пайдаланады. Шөбінде эфир майы, аскорбин қышқылы, флавоноидтар бар. Итошаған зәр және тер шығарады, сонымен қатар асқорыту, зат алмасуды жақсартады.Шөбінен балаларға емдік ванналар дайындайды.

Кәдімгі мыңжапырақ – Achillea millfolium L. – (күрделігүлділер тұқымдасы) – биіктігі 20 – 65 см – ге жететін көпжылдық шөптесін өсімдік. Жапырақтарында ахиллеин алкалоидтары табылған, жапырақ және гүлдерінде - эфир майлары, смолалар, инулин және аспарагин, нитраттар, органикалық қышқылдар, каротин, дәрумендерден С, К. Ахиллеин алкалоидының қан тоқтататын, тыныштандыратын әсері бар.

Үлкен жолжелкен – Рlantago major L. – (бақажапырақтар тұқымдасы) - көпжылдық шөптесін қысқатамырлы (15 -20 см,) мамыр – шілде айларында гүлдейтін өсімдік. Өсімдік жапырақтарында - аскорбин, лимон қышқылы, смолалар, сапонин, калий көптеп кездеседі. Жапырақ сөлі – өткір асқазан – ішек жолдары ауруында (гастрит), жапырақ тұнбасы - ең жақсы қақырық түсіргіш бронхитте, туберкулездің жеңіл формасында қолданылады.

Өгейшөп (Tussіlago L.) – күрделігүлділер тұқымдасына жататын көпжылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанның барлық жерінде кездеседі. Өгейшөптің жапырағының құрамында глюкозид, эфир майы, инулин, илік заттар, аскорбин қышқылы болады. Халық медицинасында өгейшөпті Гиппократ пен Авиценна заманынан бері қолданып келеді. Оны қолқа демікпесін, созылмалы бронхитті, ларингитті, жоғары тыныс жолдарының қабынуын емдеуге пайдаланады. Тұнбасын жөтелді басу үшін ішеді. Гүлінен ара бал жинайды.

Түймедақ – Matricária) құрамында эфир майы бар, қышқыл, аскорбин қышқылы, каротин  бар дәрілік өсімдік. Дәрі үшін өсімдіктің гүлдерін сабағынан үзіп, жинап алады. Түймедақтың гүлінен жасалған дәрілердің  жел  шығаратын, қабынуға қарсы әсер ететін, тер шығаратын, ауырған жерлерді тыныштандыратын қасиеттері бар. Сонымен қатар қан тоқтататын, микробты жоятын,  өт айдайтын дәрі ретінде де қолданады. Халық медицинасында өсімдік гүлдерінің тұнбасынан жасалған дәрілерді асқазанның, тоқішектің қабынуын,бауырдың, бүйректің, қуықтың  ауруларын емдеу үшін пайдаланады.

Северцов қырлышөбіPolygonatum severzovii Rgl. – Купена Северцова – көпжылдық шөптесін, биіктігі 50 – 70см болатын, мамыр – маусым айларында гүлдейтін өсімдік. Дәрілікке тамыры пайдаланылады. Тамырында алкалоидтер, аллантоин, стероидтер, стероидті сапониндер, сөл, крахмал бар. Тамыр қайнатпасы жөтелде, бронхитте, өкпе қабынғанда, асқазан- ішек жолдары ауруларында (сөлдің болуына) қолданылады. Тамыр тұнбасының ауруды тыныштандыратын әсері бар. Ұлттық паркте Өгем өзенінің жағалауында кездеседі.

Қос үйлі қалақай – Urtica dioica (крапива двудомная). Биіктігі 1,5 метрге жететін көп жылдық шөптесін өсімдік. Сабағы мен жапырақтары түктермен жабылған. Денеге қадалса, ашытатын бұл түктердің құрамында құмырсқа қышқылы болады. Сол себепті денені тітіркендіреді.

Құрамында С, К витамині, каротин болғандықтан авитаминозға, қан толтыру мен тыныс жолдарының жұмысын жақсартуға көмектеседі.



Жұмыршақ – Capsella Medic. (пастушья сумка). Биіктігі жарты метрге дейін жететін бір жылдық немесе екі жылдық шөптесін өсімдік. Жұмыршақ шөбінің экстраты қан тоқтату үшін және қан қысымын төмендету үшін пайдаланылады.

Қара андыз – InulaL. (девясил). Шоқтығы 2 – 2,5 метрдей келген көп жылдық шөптесін өсімдік. Жапырағы ірі, қатпарлы, әрі оның ернеулері ара тісті болып келеді.

Оның тамырын дәрі жасау үшін ерте көктемде, яғни сәуір – мамыр айларында қазып алады. Одан дайындалған препараттар тыныс жолдарының, асқазан ауруларын емдеуге пайдаланылады.



Су бұрышы немесе су қалампыры - Polygonum hydropiper L.(водяной перец). Биіктігі 30 – 60 см-дей келген бір жылдық су қалампыр өсімдігі көбіне арық жағалауларында өседі. Су бұрышының дәмі ащы болып келеді. Оның жер бетіндегі бөлігінен дайындалған препарат қан тоқтату үшін пайдаланылады.

Усарғалдақ – Chelidonium L. (чистотел). Сабағында қызғылт сары түсті сөлі бар көп жылдық шөптесін өсімдік. Усарғалдақ тұнбасы немесе өсіп тұрған кезінде сығып алынған сөлі сүйелді жоюмен қатар, ішкен кезде бауыр және өт қабы ауыратындарға шипалы әсер етеді. Бұл шөп араласқан су тері ауруларын жазуға жақсы көмектеседі.



Бақбақ - Taraxacum Wigg. – (одуванчик обыкновенный). Биіктігі 5-50см болатын, тамыры жуан, көп жылдық шөптесін өсімдік. Сәуір айынан бастап күзге дейін гүлдейді. Құрамында стигмастерин, тараксастерол, инулин, каучук, майлар бар. Өт айдайтын, несеп айдайтын, іш жүргізетін, қақырық түсіретін, орталық нерв жүйесін тыныштандыратын дәрі ретінде қолданады.

Тікенді сарысояуXanthium L. - (дурнишник игольчатый) – биіктігі 30 - 50 см, тікенді, бір жылдық өсімдік. Шілде – тамыз айларында гүлдейді. Отандық және шетелдік медицинада тәжірбие жүзінде анықталған, бұл өсімдік микробқа қарсы, тер шығаратын, қызуды түсіретін, орталық нерв жүйесін тыныштандыратын қасиеттері бар.

Атқұлақ (қымыздық) – Rumex L.- (щавель конский) – биіктігі 1,5 метрге дейін жететін, көп жылдық, шөптектес өсімдік. Маусым – шілде айларында гүлдейді. Құрамында илік заттар, антраглюкозидтер, смолалар, эфир майлары, К витамині, темір бар. Бұл өсімдіктен жасалған дәрілердің қабынуға қарсы әсер ететін, іш жүргізетін, өт айдайтын, қан тоқтататын, құрқұлаққа ем болатын қасиеттері бар.

Хвощ полевой - Equisetum arvense L.- Дала қырықбуыны - Көкбұлақ орман айналымының Көкбұлақ өзенінің жағалауында ылғалдылығы жоғары қышқыл топырақта өсетін, биiктiгi 20 см аспайды, бұтақтанбаған болып келедi. Жапырақтары буындарында қабыршақ түрiнде қалыптасады. Дала қырықбуыны – дәрiлiк өсiмдiк. Ол халық медицинасында ертеден қолданылып келедi. Дәрiлiк шикiзат ретiнде жасыл сабақтарын жинап, кептiредi. Дәрiлiк шикiзаты қан айналымының әлсiздiгiнен болатын iсiкке, несеп жүргiзуге қолданады.

Псоралея костянковая - Psoralea drupacea Bge. - Сүйекті аққурай - құрғақ топырақты дала Арыс қаумалында кездескен, биіктігі 150см, сабағы түзу, бұтақтанған, жуан тамыры жерге 4 м-ге жуық тереңдеген, гүлдері майда, ақшыл-көк, көпжылдық өсімдік. Сүйекті аққурайдан алынған псорален атты дәрі дәріханаларда сатылады, денедегі ақ таңдақты емдеудегі дәрілік қасиеті жоғары.

Жабник полевой - Filago arvensis L. (=F. montana L.) - Дала қазқұрты -Көкбұлақ орман айналымының құрғақ далалы баурайында өсетін, биіктігі 10-30 см, сабақтары бұтақтанған, жапырақтары майда, бүкіл өсімдік қалың ақ киізбен көмкерілген, гүлдері майда, ақ түстібір жылдық өсімдік түрі. Дала қазқұрты – суыққа, микробқа қарсы, ауруды басатын және тыныштандыратын дәрілік өсімдік түрі.

Сонымен қатар парк аумағында шүйіншөп, жалбызтікен, жанаргүл, жиде, қазтабан, мыңжапырақ, шетен кездеседі.

Дәрілік өсімдіктердің адамдардың денсаулығын нығайтудағы маңызы ескеріліп, парктің ғылыми қызметкерлері мен мемлекеттік инспекторлары тарапынан олар өсіп жатқан учаскелерге мониторингтік бақылаулар жүргізіледі. Олардың өсіп өнуіне, дамуына зияндық жасамай сақталуына қамқорлық жасау жөнінде жергілікті тұрғындар арасында жыл сайын үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде.

Ұлттық паркте негізгі кездесетін Қазақстанның Қызыл кітабына енген омыртқасыз жануарлары

Отряд Mantoptera - Дәуіттер

Manteidae (Mantidae) – Дәуіттер тұқымдасы

Hierodula tenuidentata Saussure, 1869 Богомол древесный, Ағаш дәуіті

Саны қысқарып бара жатқан түр. Түркіменияның оңтүстігі, Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан (Шардара), сонымен қатар Индияда таралған. Тораңғы мен жиде өсетін жайылма тоғайларда тіршілік етеді, бақтарда да кездеседі. Ағаштар мен бұталарда тіршілік етеді. Өзгеріске ұшыраған тоғайда өте аз кездеседі. Қазақстанның оңтүстігіндегі (Жетісай) бақтарда саны едәуір көп: бір ағашта 30-40 данаға дейін кездеседі. Ағаш пен бұтада қозғалмай отырып, жемтігін аңдиды. Жұмыртқаларын оотекаға салады, оны аналықтары бұтақтарға бекітеді. Жұмыртқасы қыстайды. Өте ашқарақ дәуіт. Бірінші кезеңдегі дернәсілдері өсімдік биттерімен, ересектері қандалалармен, жарғаққанаттылармен, қосқанаттылармен және тікқанаттылармен қоректенеді. Ересек даралары 55-60 күн тіршілік етеді. Аталықтары ерте өледі, аналықтары қазан айының соңына дейін кезедеседі. Түрді сақтау үшін Сырдария өзенінің жайылымындағы тоғайларды қорғауға жағдай жасау керек.

Сайрам-Өгем ұлттық паркінде Қаржантау, Қасқасу, Біркөлік шатқалдарында, (1200-1400 м теңіз деңгейінен жоғары), тау етегіндегі жазықтықта 25.06.2008 күні 6 данасы кездесті. Ырғайты, Қарабау өзен жайылмаларында 26.06.2008 күні 2 данасы кездесті.

Отряд Mantoptera - Дәуіттер

Manteidae (Mantidae) – Дәуіттер тұқымдасы

Bolivaria brachyptera Pallas, 1773 Боливария короткокрылая, Қысқақанатты Боливария дәуіті.

Саны азайып бара жатқан дәуіт түрі. Қырымда, оңтүстік далалы аймақта (Поволжьеден Ертіске дейін), Кавказда, күнгей Кавказда, Орта Азияда, Батыс және Оңтүстік Қазақстанда, Кіші Азияда, Сирия, Иран, Крит аралында, шығыста Оңтүстік-Батыс Моңғолияға дейін таралған. Жусанды-астық тұқымдасты, сортаңды шөлдер мен шөлейттер, сирек ксерофитті өсімдіктері бар құрғақ тау етегінде тіршілік етеді. Тұран ойпатының оңтүстігіндегі тоғайдан белгілі. Бұл жыртқыш жемтігін іздеп, сирек өсімдіктер арасымен жерде белсенді қозғалады. Дамуы және қорек құрамы туралы мәліметтер жоқ. Кең көлемді жусанды жазықтықтарда сирек кездеседі. Тау баурайында бір сағаттық жолда 3 данадан артық кездеспейді. Малды шектен тыс бағатын жерлерде саны азайып отыр. Қазақстанда түрдің таралған жерлеріне онша қатты әсер етпесе, онда ерекше шаралар қолдану керек емес. Жыртқыш.

Сайрам-Өгем ұлттық паркінің Қаржантау, Қырыққыз шатқалдарында өзен жайылмаларында 24.06.2008 күні 5 данасы кездесті. Қасқасу, Біркөлік шатқалдарында (1200-1400 м теңіз деңгейінен жоғ), тау етегіндегі жазықтықтарда 25.06.2008 күні 3 данасы кезедсті Ырғайты, Қарабау өзен жайылмаларында 26.06.2008 күні 4 данасы кезедсті.

Отряд Odonata - инеліктер

Cordulegasteridae тұқымдасы

Cordulegaster insignis coronatus (Morton, 1916)) Булавобрюх заметный, Көрнекті шоқпарқарынды инелік

ТМД шекарасындағы таралу аймағы шектеулі, сирек кездесетін түр. Қарқынды түр өзгергіш туысының өкілі. Эволюциялық зерттеулер үшін – қызықты нысана. Қазақстан жерінде C.i. coronatus Morton, 1916 (кей авторлар мұны жеке түр деп есептейді) тіршілік етеді. Түр күнгей Кавказда, Орта және Алдыңғы Азия тауларында таралған. Дернәсілдері таза сулы тау өзендері мен жылғаларында дамиды. Дамуы 2-3 жылға созылады. Ересектерінің ұшуы маусым басынан тамыз соңына дейін созылады. Жазықтықта белгісіз, тауда теңіз деңгейінен 2700 м биіктікке көтеріледі. Су қоймаларының ластануынан түр саны қысқарды. Ақсу-Жабағылы қорығында және Сайрам-Өгем ұлттық паркінде тіршілік етеді. Қатаң тәртібі бар қорғалатын жерде сақталады деген үміт бар. Бұл ірі де ашық түсті инелікті ұстауды мүлдем тоқтату керек.


Отряд Orthoptera - Тікқанаттылар

Tettigoniidae шекшектер тұқымдасы

Ceraeocercus fuscipennis Uvarov, Кузнечик темнокрылый, Қоңырқанатты шегіртке.

Сирек кездесетін түр, Орта Азия мен Қазақсатан жергілкті түрі. Бұл ірі шегіртке сары сұр немесе қоңыр түсті, қанаттары жақсы жетілген. Орта Азия мен Қазақстанда таралған. Жазықтықта су жағалауы ландшафтында, аласа тау сайларында және үстіртте мезофильді және гигрофильді өсімдіктер арасында кездеседі. Таулы аудандарда негізінен ұсақ өзендердің жоғарғы жағында тіршілік етеді. Тауда ағашты-бұталы өсімдіктер (бадам, баялыш және т.б.) арасында кездеседі. Өсімдіктермен де (итмұрын гүл күлтелерімен, югана және андыз жапырақтарымен), жануарлармен де (Conophyma туысы шегірткелерімен) қоректенеді. Таралу аймағының жазықтық бөлігінде саны төмен (жинау кезінде 1-2 дана), тауда шамалы жоғары (5 данаға дейін). Түрдің сасының азюына жердің шөлге айналуы, яғни мезофильді өсімдікті жерлердің азаюы әсер етеді.

Оңтүстік Қазақстан, Талас алатауы, Иірсу шатқалында 14.07.2009 күні 2 данасы кездесті.

Отряд Orthoptera – Тікқанаттылар

Decticus verrucivorus, кузнечик серый- Сұр шегіртке

Сирек кездесетін түр, Орта Азия мен Қазақстан жергілікті түрі.Орта Азия мен Қазақстанда таралған.Жазықтықта су жағалауы ландшафтында, аласа тау сайларында және үстіртте мезофильді және гигрофильді өсімдіктер арасында кездеседі.Өсімдіктермен де (итмұрын гүл күлтелерімен, югана және андыз жапырақтармен), жәндіктермен де (Conophyma туысы шегірткелерімен) қоректенеді.Түрдің санының азаюына мезофильді өсімдікті жерлердің азаюы әсер етеді.

Оңтүстік Қазақстан, Талас алатауы, Иірсу шатқалында кездеседі.

Отряд Lepidoptera – Қабыршаққанаттылар немесе көбелектер

Zygaena turchmena Eversmann, Пестрянка туркменская – Түркімен ала көбелегі

Саны азайып бара жатқан ала көбелек түрі. Барлық жағынан аз зерттелген, Zygaena алдыңғыазиялық туыс өкілі. Иран мен Ауғанстанда кездеседі. Қазақстанда Сырдария өзенінің орта және төменгі ағыстарында тіршілік етеді. Шөлдің әр түрлі биотоптарында, шұрайлы жерлерінде де кедеседі. Тоғайлы ормандардың алаңқайларында кәдімгі түр. Жұлдызқұрты сәуірден бастап, маусым басына дейін жантақпен, жүзгінмен, шеңгелмен, жыңғылмен, сексеуілмен қоректенеді. Жұлдызқұрты қыстайды. Ересектерінің ұшу және жұмыртқа салу мезгілі бір жердің өзінде ауытқиды. Көбіне ұшуы мамыр соңынан шілдеге дейін созылады. Қазіргі кезде саны туралы нақты мәліметтер жоқ, бұрын ала көбелек тоғайдың кәдімгі түрі болатын. Өзен жайылымдарының кебуі, өрттер түр санына кері әсерін тигізіп отыр. Жайылма биотоптарын қорғау керек.

Сайрам-Өгем ұлттық паркінің Өгем, Бақшелпек шатқалдарында Өгем өзенінің жағасындағы 5 км жол бойында (1300-1500 м теңіз деңгейінен жоғары) 25.08.2011 күні 10 данаға дейін кездесті.

Отряд Lepidoptera – Қабыршаққанаттылар немесе көбелектер

Colias wiscotti draconis Grum-Grzhimailo,Желтушка Вискотта- Вискотт сары көбелегі

Ақ көбелектерге жатады.Тек Батыс Тянь-Шаньда тіршілік етеді. 2500-3000 м биіктіктегі солтүстік баурайындағы түрлі шөпті-шалғынды жерлерде кездеседі. Жылына бір рет ұрпақ береді.Көбелектер шілдеде ұшады. Жұлдызқұрты Acantolimon, Oxytropis, Onobrychis echidna тұқымдасына жататын өсімдік жапырақтарымен қоректенеді.Түршені қорғау үшін таралуын, тіршілік ортасын және биологиясын жете зерттеу қажет.

Сайрам-Өгем ұлттық паркінің Сайрамсу, Сарыайғыр шатқалдарында өзен жайылмаларында кездесті. Ақсу-Жабағылы қорығында және Сайрам-Өгем ұлттық паркінде тіршілік етеді.

Phyllorgerius jacobsoni Oshanin.1913, Филлоргериус Якобсона- Якобсонның филлоргериясы

Таралу аймағы тар, жеке типті туыстың өкілі. Саны қысқарып бара жатқан түр. Бұталы-шалғынды тау баурайларында, түрлі шөпті-астық тұқымдасты тау етегі далаларында, жапырақты және қылқан жапырақты орманды белдеудегі биік шөпті шалғындарда кездеседі. Ересек насекомдар мамыр соңынан тамыз басына дейін белсенді. Көп қоректі. Түр тауда 2000 м биіктікке көтеріледі.



Отряд Перепончатокрылые (Hymenoptera)

Сколии тұқымдасы (Scoliidae)

Scolia maculata Drury, 1773 – Алып сколия

Саны азайып бара жатқан түр. ТМД-дағы жарғаққанаттылар отрядының ең ірі өкілі. Оңтүстік Еуропа, Солтүстік Африка, Оңтүстік-Батыс Азия, Орталық Азияның оңтүстігінде таралған. Қазақстанда солтүстік Каспий маңында кездеседі. Орман шетінде, алаңқайында, жыра беткейлерінде, дала бұталары мен өзен жайылмаларында тіршілік етеді. Бір рет ұрпақ береді (таралу аймағының оңтүстігінде екі рет). Ересектері мамырдан қыркүйекке дейін ұшады. Ересек аралар әр түрлі өсімдік гүлдерінің тозаңымен және шырынымен қоректенеді. Аналақтары жұмыртқаларын шаншарымен жансыздандырған мүйізтұмсық қоңыздың дернәсіліне салады. Жұмыртқадан шыққан дернәсіл, алдымен гемолимфамен, одан кейін майлы денемен, бұлшық еттермен және жемтігінің денесінің басқа да ұлпаларымен қоректенеді. Көктемде дернәсілдері қуыршаққа айналады, кешікпей ересек аралар пайда болады. Түрді сақтау үшін иелері мен олардың тіршілік ортасын қорғау қажет, сонымен қатар, аралардың өзін ұстамау керек. Ұлттық табиғи парк территориясында Түлкібас филиалының Шүрен орман айналымында кездеседі.



Отряд Lepidoptera – Қабыршаққанаттылар немесе көбелектер

Papilio alexanor voldemar Kreuzberg- Алексанор көбелегі

Саны азайып бара жатқан түр. ТМД-да орта Азия мен Күнгей Кавказдан белгілі. Қазақстанда қазіргі кезде тек оңтүстікте, Қаратау тауында ғана нақты белгілі. 1100-1400 м биіктіктегі ұсақ тасты күнге жақсы қыздырынатын баурайларында кездеседі. Жылына бір рет ұрпақ береді. Жұлдызқұрттары Ferula ugamica-да қоректеніп, сонда тіршілік етеді. Көбелектер шілдеде ұшады. Арнайы биотопқа ғана бейімделуі және бір ғана өсімдік түрімен қоректенуі, бұл әдемі көбелектің жекелеген топтарының жойылып кету мүмкіндігін арттырады. Тіршілік ортасының бұзылуы, қоректік өсімдіктердің жойылуы- түрдің мүлдем жоғалуына әкеліп соғады.

Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет