Сейдімбеков А. Жүрек жылуы / А. Сейдімбеков // Орталық 2005. 19 наурыз



Дата17.06.2018
өлшемі42,5 Kb.
#42730
Сейдімбеков А.

Жүрек жылуы / А. Сейдімбеков // Орталық 2005.- 19 наурыз.
30.11.73. Евней Бөкетовте болдым. Қаныш Сəтбаев туралы ғылыми-өмірбаяндық дүние жазбақшы екен. Тіптен бастап та қойыпты. Менің топшылауымда, Қанаң туралы Евнейдің калам тартуы өте құптарлық жағдай. Мені таңғалдырғаны - Евней Арыстанұлының əдебиетке деген сезімтал-cepгектігі. Қанаң туралы жазғанының кіріспесін окып берді. Мұның өзі əсерлі, сəтті үлгіде, Қанаңның үйіндегі шешемізге хат түрінде жазылыпты. Сәттіліктің бip атасы табиғилық болуы керек.

Осы жолы Евнейдің В.Маяковскийді аударып жүргенін білдім. Өзі айтты. Көзінде қуаныш, жүзінде рахат нұры ойнап отырып айтты.

03.12.73. Евнейдің үйінде болдым. Қаныш Сəтбаевтың, өмірі мен еңбек жолы туралы жазып жатқан еңбегінің алғашқы тарауларын оқып берді. Салмақты, ойлы. Ұлы адамның туған, өскен ортасын мейілінше байыптылықпен баяндапты. Көркемдік əсерден ада. Осыған орай, Евней мынадай бір пікір айтты:

Қанаңның көзін көріп, тəрбиесін алған біздердің міндетіміз - шындықты қағаз бетіне түсіріп кету. Келешекте туатын көркем туындының ірге тасын қалап, кірпіш құйып кетуіміз керек. Бұл оңай міндет емес сияқты.

Мұнан əрі жазу азабы туралы сөз өрбіді. Евней көп сызып көп өшіріп жазады екен. Сонсоң қолға түскен деректі жүйелеудің де ұлкен маңызы бары айтылады. Қанаң туралы жиналған материалдың бес-алты папканы толтырғанын көрсетті.

Əлден уақытта В.Маяковскийдің «Жақсы!» поэмасының аудармасын оқыды. Евней поэманың орысша нұсқасын жатқа біледі екен. Алдымен орысша бір аузын жатқа айтып, сонсоң қазақшаға аударғанын оқып отырды. Eipep жеріне пікір-түзету айтып көріп едім, онымды еш қарсылықсыз, елпілдеген көңілмен қабыл алды.

Meні таңғалдырғаны, Евней күнде таңертең ерте тұрып жүгіреді екен. Жүгіріп жүріп, жатқа білетін поэманың күніне екі-үш шумағын аударып қайтады екен. Сонсоң, келген бетте қағазға түсіреді.

- Осының өзі менің əдетіме айналып бара жатыр, - деп Евней кеңк-кеңк күліп алды. - Жəне де қолыма алып, отырып аударғанымнан да жүгіріп жүріп аударғаным əсерлі шығатын сияқты.

Тағы да əңгіме арасында Евней өзінің жазуымен бел шеше айналысқанда жап-жақсы жазушы болатынын айтты. Мұны бір түрлі сеніммен, тіптен жүзінен өкініш көлеңкесі біліне отырып айтты.

Мен поэманың, соңғы тарауын «Лениншіл жас» газетіне ұсынсам қайтеді деп едім, Евней қуана келісім берді. Соңғы тарауды аударған қолжазбасын алып кеттім. Соңғы тарау демекші, Евней бұл поэманы аударуды соңғы 19-шы тараудан бастапты.

Евней маған Әбдіжәміл Hүpпейicoв пен Әбіш Кекілбаевқа құттықтау телеграмма жазып беріп, почтаға салуымды өтінді. Əбдіжəміл мен Əбіш «Лит. Газетаның» очерктер үшін жарияланған конкурсының жүлдегерлері болған екен. Евней шын көңілімен қуанып отырды.

22.03.75. Евней Бөкетовтің 50 жасқа толуы университеттің Ғылыми кеңесінде аталып өтті. Алматыдан Ə.Тəжібаев, Ш.Есенов, Ш.Уəлиханов, З.Қабдолов, Х.Наурызбаев, К.Сегізбаев келді. Шын ықыласты əдемі кездесу болды. Кəдірбектің, ұтқыр əзілдеріне Евней балаша мəз болды. Зейнолланың, сөзі Евнейдің ғалымдық, жазушылық, азаматтық қырын өз деңгейінде ашқан салиқалы сөз болды.

23.12.79. Евнейдің Ақсұлу деген қызы тұрмысқа шыққан екен. Тойы болып кетсе керек. Бірақ ол тойда Евней бола алмай, құдаларын көрудің орайы енді келіпті. Құдалары Шелек ауданында тұрады екен. Евней, Ғадолла Құлқыбаев, Африкан Андреевич Бальбуров бастаған жеті-сегіз адам сау ете қалды. Əрине, құдалар да күтініп, тосып отыр екен. Мейлінше көңілді, шынайы тілеулестік-туыстық қауышу болды.

Дəмге отырарда Ақсүлудың енесінің сексеннен асқан əкесі бар екен. Бата берді. Сөз арасында:

- Біз асарымызды асап, жасарымызды жасадық, Алла ендігі ғұмырды сендерге берсін, - деді. Сонда Евней бір əңгіме бастады:

Біздің елде бір алты ағайынды жігіттін карт əкесі ауырыпты Сонда əлгі азамат болған алты жігіт қолдарына бір-бір шоқпар алып, əкесін қоршай отырыпты дейді. Онысы əкелеріне өлім жібермейміз деп қамқорсығандары болса керек. Егер өлім тақала берсе болды, өздерінше шоқпармен қағып тастамақ дейді. Содан ұзақ таңда кішілеу біреуі қалғып отырғанда əкесі жүріп кетіпті.

Сөйтсе бес ағасы ең кішісін төмпештеп жүр дейді, «өлімді сен жіберіп алдың» деп. Сондай-ақ, тілеулес ұрпағыңыз көп екен, қабыл алсаңыз, мен де бір шоқпар ұстар болып қатарларыңызға қосылсам деймін. Ал ұйықтамай күзететініме уəде беремін...

Қария риза болып, жұрт күліп жатыр.

Кешкі отырыста ауылдың алты ауызы айтылып, күй тартылды. Кезек Евнейге келгенде Пушкиннің «Евгений Онегинін» қазақ қысасының мақамымен айтып, отырғандарды шексілесін қатырды. Сөйтсе, студент кезінде Евней орыс құрдастарына əзілдеп: «Пушкин атақты поэмасын жазуда «Қозы Көрпеш.- Баян Сұлудан» үлгі алып, еліктеген. Оның бұл эпос туралы жазбалары соның куəсі. Нанбасаңдар, тыңдаңдар!» деп, «Евгений Онегин» мен «Қозы Көрпеш - Баян сұлуды» салғастыра, бір мақаммен айтып шығады екен.

Мұнысы расында да ғажап əзіл еді.

27.12.79. Африкан Андреевич Бальбуров буряттың халық жазушысы, республика мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Бұл кісімен осы айдың бас кезінде Алматыда таныстым. Ғабдолла Құлқыбаев арқылы Евней Бөкетов хат беріп жіберіпті. Ғабдолла екеуіміз сол хатты алып барып бермекші болдық. Оның үстіне Евнейдің: «Сол азаматтың жағдайы да мəз болмау керек, мен аздаған тиын-тебен салып жібердім» деген сөзі бізді Африкан Андреевичпен кездесуге асықтыра түскендей болды.

Сонымен Ғабдолла екеуіміз түс кезінде Горький көшесіндегі 100 үйдің 30 пəтерін қақтық. О, ғажап, тек қана шығыс топырағынан жаралған, мейлінше сүйкімді бір жас келіншек есік ашты. Есік ашты да болмашы таңырқағандай бас-аяғымызды бір шолып өтті де, жымиып қана: «Кіріңіздер!» деді. Келіншектің күлкісі қазақы қонақжайлылықты аңғартқандай болды. Бұл кісіні кейін Африкан Андреевич «менің құтқарушым» деп таныстырды. Бурят қызы екен.

Ішке кіргенімізде оң жақ есіктен машинка тықылы естілді. Іле «Бұл кім?» деген Африкан Андреевичтің даусы естілді. Біз:

- Тілеулесіңіз боламыз! - деп ұн қаттық.

Осы кезде орындық жылжып, іле Африкан Андреевичтің өзі көрінді. Орта бойлы, толық денелі, маңдайы шалқасқаланған, қазақ сияқты кісі күлімсіреп келіп қол берді.

Жаңағы машинка тықылы естілген бөлме осы үй иелерінің маңдайына біткен жалғыз бөлме екен.Оң жақ қабырғада жалғыз диван тұр, онда əп-əдемі үш-төрт жасар бір қыз бала отыр. Бөлме ортасында жазу столы, үй іші толы ретсіз жатқан кітап, газет қиындысы, машинкаға басылған қағаздар.

Біз Евнейдің хатын табыс ете отырып, жөнімізді айттық. Африкан Андреевич Ғабдолланың дəрігер екенін білуі-ақ мұң екен, əңгіме тиегі ағытылып жөнелді. Өзінің дəрігерлер өміріне арналған кітап жазып жүргенін, көптеген дəрігерлермен сөйлескенін айта келіп, көне Тибет медицинасына ойысты. Осы кезде оның сыбырлы реңі нұрланып, шабыт буғандай желпіне түсіп шешіле сөйлегені тыңдаушысын еріксіз баура-ғандай еді. Мен ол кісінің медицинаны, əсіресе, шығыс медицинасын, оның ішінде Тибеттің көне медицинасын терең білетіндігіне қайран қалдым. Менің алдымда шығыс медицинасының білгір маманы əңгіме айтып отырғандай əсерге бөлендім.

Бір мезгілде Евнейді еске алды, ол кісінің адамгершілігіне, дарынына тəнті болып отырды. Евней туралы очерк жазбақшы екенін айтты. Сөз арасында мынадай бір бурят даналығын келтірді:

- Егер сен алыс сапардан оралсаң, - деді, - сол сапарыңнан мол қазына əкелсең, сенің сəт сапарың үшін бір той жасайды. Егер сен сол алыс сапардан ақылды өсиет əкелсең, екі той жасайды. Ал, егер сен алыс сапардан дос əкелсең, онда дүрілдетіп тұрып үш той жасайды. Сондай-ақ, мен алыстағы қазақ елінен Евней сияқты асыл дос таптым, бұл менің елімнің, дəстүрі бойынша ең зор қуаныш.

Африкан Андреевич бұл сөзді шыншылдықпен толқи отырып айтты. Африкан Андреевичтің бурят даналығы деп айтқан мына сөзі де есімде:

- Егер, - дейді, - сен алыс сапарға аттанар болсаң, жат елдін алдымен əйелдеріне назар аудар. Егер əйелдері көңілсіз болса, ол елдің отбасында қызық жоқ. Сонан соң қарттарына назар аудар. Егер қарттары қамқорлықсыз болса, ол елдің басында қайғы болғаны. Ал егер балалары панасыз-бассыз болса, онда ол елдің болашағы болмағаны...

...Арада төрт-бес күн өткенде Африкан Андреевичтің Мұхтар Əуезов туралы очеркін аударып, «Социалистік Қазақстан» газетіне жарияладым. Африкан Андреевич: «Бұл мен үшін паспорт болды!» деп қатты қуанды.

...Тағы да бір орайлы шақта біздің үйден түстік ішеміз деп кіріп, Ғабдолла, Африкан Андреевич үшеуіміз таңғы үшке дейін əңгімелестік.

Африкан Андреевич көпті көрген, сол көргенін мейлінше ойлылықпен көкейге түйе білген ақылды адам.



Қазір Алматыда екі жүздей бурят азаматы бар екен. Бəрі де бурят жүртының, ұлтжанды, білікті азаматтары. Алайда солардың бəрі де өз еліндегі жат жұрттық экспансиядан зардап шегіп, тіл табыса алмай келгендер көрінеді. Африкан Андреевич Бальбуров та осындай нəубетпен беттескен азамат...
Каталог: download -> DBases -> E A Buketov -> Files
Files -> Амантаев, Ө. Жарты ғасырда жаһан жаңа / Ө. Амантаев // Орталық Қазақстан. 2013. 21 мамыр (№79-80).
Files -> Каренов Р. Өмірі де, өзі де өнеге еді / Р. Каренов // Орталық Қазақстан. 2005. 3 наурыз
Files -> Куандыкова Д.Қ. Е. А. Букетов прозасындағы бейне жасау шеберлігі/Д.Қ. Қуандықова //Қазақст. Респ. Ұлттық Ғылым акад хабарлары, Тіл, Әдебиет сер.=Известия нан рк сер филолог. – 2006. №5. – 16-19 б
Files -> Көбеев Е. Қазақтың біртуар азаматы / Е. Көбеев // Орталық Қазақстан. 2005. 19 наурыз
Files -> Жойқынбектегі, Қ. Айнымас серік / Қ. Жойқынбектегі // Орталық Қазақстан. 2014. 5 шілде
Files -> Салықов К. Евней Бөкетов дарынды аудармашы / К. Салықов // Орталық Қазақстан. 2005. 19 наурыз
Files -> Оразалықызы, Г. Тұғырлы тұлға / Гүлсім Оразалықызы // Ақиқат. 2006.№11-12. 98-105 б


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет